Back to corpus

Жолбарыс пен бақа

Күндердің бірінде бір жолбарыс жем іздеп өзен жағасына келе жатыпты. Бір бақа оны көріп қатты сасыпты. Ол жолбарыс мені жегелі келе жатыр ғой деп ойлаған екен. Сонымен қашуға үлгіре алмағандықтан, бір жертомардың үстіне секіріп шығып алып, жолбарыстың келуін күтіпті. Ол әбден таяғанда, онан: – Ей, қайда барасың? – деп...

ATU 78 ATU АТ125 ATU СУС275
Kazakh
Жолбарыс пен бақа
Күндердің бірінде бір жолбарыс жем іздеп өзен жағасына келе жатыпты. Бір бақа оны көріп қатты сасыпты. Ол жолбарыс мені жегелі келе жатыр ғой деп ойлаған екен. Сонымен қашуға үлгіре алмағандықтан, бір жертомардың үстіне секіріп шығып алып, жолбарыстың келуін күтіпті. Ол әбден таяғанда, онан: – Ей, қайда барасың? – деп сұрапты. – Бір нәрсе ұстап жейін деп бара жатырмын. Екі-үш күннен бері тұмсығым қызылға тимей, аштықтан өлуге жеттім, сені жейін деген ойымда бар, сен тым құрдым екенсің, бірақ басқа жейтін нәрсенің қисыны жоқ. Өзің кім едің? – депті жолбарыс. – Мен бақалардың патшасымын, әрқандай жерден секіріп өте алатын, әр жұмыстың қандайын болса да істей білетін өнерпазбын. Кел, қане, алдымыздағы мына өзеннен қайсымыз бұрын секіріп өте алар екенбіз, – депті бақа, күжілдей сөйлеп. – Жарайды, – депті жолбарыс секіруге оңтайланып. Бақа жер томардан секіріп түсіп, оның құйрығының ұшына жабыса кетіпті. Өзеннің ар жағына секіріп өте шыққан жолбарыс қайырылып бақаны арт жағынан қарапты. Жолбарыс артына бұрылып қарай бергенде аузын босатқан бақа: – Жолбарыс, арт жақтан немене қарап жатырсың? – депті. Жолбарыс тағы бір айланып алдында тұрған бақаны көріп таң қалыпты, сонда бақа: – Бұл реткі жарыстан ұтылып қалдың, біз енді басқа нәрседен жарысып көрейік. Қайсымыз көп құсар екенбіз? – депті. Ашығып қарыны қабысқан жолбарыс бір тамшыдай қара судан басқа ешнәрсе құса алмапты. Ал бақа жолбарыстың жүні аралас көпіршік құсыпты. Бұған таңданған жолбарыс: – Бұл құсқан қыл-қыбырларың не? – деп сұрапты. – Кеше бір жолбарыс өлтіріп етін жеген едім, бұл сол жолбарыстың жүні ғой, қорытылмай қалған, – деп жауап беріпті бақа. Бұл кеше бір жолбарысты жалғыз жалмапты. Ал бүгін алысқа секіруден менен асып түсті. Ахуалға қарағанда, бұл бір дию болды, аман шағымда тайып тұрғаным жөн сықылды» деп ойлаған жолбарыс артына бұрылып тауға қарай зытып беріпті. Жолбарыс қашып келе жатқан жолында бір түлкіге кез болыпты. Түлкі одан: – Нендей іс болды? Неге мұнша жінігіп қашып келесіз? – деп сұрапты. – Ана-ана жерде, бақалардың патшасына кез болдым. Ол тым жоян екен. Жолбарыс жейді екен. Екеуіміз өзеннен секіріп едік, менен озып өтті, – деп жауап беріпті жолбарыс. Түлкі мырс етіп: – Ол не дегеніңіз, шынымен-ақ құртымдай көл бақасынан қорқып жаныңызды қоярға жер таппай келесіз бе? Ол қолынан түк келмейтін әлжуаз неме еді, түлкі басыммен мен де табаныммен таптап мылжа-мылжа етемін, жүріңіз оның әуселесін мен-ақ көрейін, – депті. – Бұл бақаның жөпшеңкі бақа емес екеніне көзім әбден жетті. Сен оны көргенде мені тастай қашпасаң болды, – депті жолбарыс. – Қашып кетеді деп қорықсаңыз, мені өз құйрығыңызға байлап алыңыз, – депті түлкі. Сонан олар құйрықтарын бір-біріне байлап алып, бақаға қарай бет түзепті. Жер томардың үстіне шығып шоқайып отырған бақа олар таяп келгенде түлкіге құжырлана дауыстап: – Ей, түлкі, сен менің құзырыма не алман-салық тапсырмадың, не қызарған ет әкелмедің, андағы құйрығыңды байлап әкеле жатқаның ит пе? Соны маған әкеле жатырсың ба? – депті. Түлкі сұм мені патшаның құлқынына тығу үшін әкеле жатқан екен ғой деп ойлаған жолбарыс қорыққанынан жалт бұрылып сорлы түлкіні дырылдата сүйреп безе жөнеліпті. Сілесі қатып өлмеген болса, олар күні бүгінге дейін сол беті қашқан болар еді.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.