Kazakh
Кезқұйрық пен бақа
Нөсер құйып, өзен тасиды. Бір бақа өзеннен малтап жағаға шығып, шөп басындағы су моншақтарын шашырата шоршып, ән салып жырғап жүреді.
Әуе кеңістігінде жер бетін шарлай ұшып бір аш кезқұйрық шүйілген бойы оны іліп алып, әуе кеңістігіне шарықтай жөнеледі.
Бақа төмен жаққа көз салады, жер бетіндегі үйлер мен ағаштар көз ұшында қара ноқаттай болып бұлдырап арт жақта қалып жатады. Есеңгіреген бақаның көзі шұбартып кетеді. Ол қайта қарауға батылы бармай, көзін тарс жұмып алады. Ол «ажалымның жеткені осы, кезқұйрықтың тегеуірінен енді маған құтылу жоқ қой» деп ойлайды. Сөйтсе ол, тәуекелге бел байлап, жүрегін тоқтатып, өжеттене:
– Кезқұйрық, мені қайда апарасың? – деп сұрайды.
– Таудың ұшар басына апарып, келісіп бір тоямын.
Бұны естіп жүрегі зырқ ете түскен бақа енді құрыдым, мекеннен шалғай тау басына барғанда мені кім арашалап алады деп шошып кетеді. Сонда да бақа қапияда ақыл тауып, бейне қуанған жанша:
– Кезқұйрық, саған мың бір рақымет, менің өзім тау бақасы едім, ата-ана, ұрық-туғандарым сол жерде еді, енді солармен бет көрісетін болдым. Өлер алдында жақын, жұрағаттарыммен бет көрісудің өзі бір ғанибет қой, – дейді.
Мұны естіп әрі-сәрі болған кезқұйрық «тауда мұның көп туысқандары бар болса, апарғаным келіспес» деп ойлап артына бұрылады да, өзен жаққа қарай ұшады.
Іштей қуанышқа батқан бақа:
– Мені тағы қайда апарасыз, – дейді.
– Өзендегі көпірге апарамын.
Мұны естіп бақа өп-өтірік зар қақты:
– Айналайын аға-екеш, көпірде менің туыс-туғандарым болмағаны былай тұрсын, танысым да жоқ. Өлер кезімде туыстарыммен дидарласа алмау үлкен қорлық қой! – дейді.
Ол жалынған сайын мәз болып масайраған кезқұйрық сол араға келіп бақаны көпірге тастап, өзі көпірдің басына қонды да қарқылдап:
– Бақа, өлер алдыңда тағы қандай өтінішің бар? – деп сұрайды.
Көпір астындағы сырылдап ағып жатқан өзенге көз қиығын тастаған бақа кезқұйрыққа:
– Сіз бір нағыз сайыпқырансыз, мен болсам бір қораш бақамын, сен мені жегенде ызбарлылақ болыңыз, алдымен
тұмсығыңыз бен тырнағыңызды тасқа қайрап, қылпылдатып алсаңыз, – дейді.
Бақаның айтқан сөзін жөн көрген кезқұйрық, бір тасты тауып тұмсығын қайрай бастайды. Осы орайдан пайдаланып өзенге секіріп түскен бақа судан жарым денесін шығарып тұрып, кезқұйрыққа:
– Сау тұрыңыз нәдүрісім, өзен – менің мекенім, менің ата-бабам мен туыс-туғандарымның бәрі осы жерде, – деп суға сүңгіп ғайып болады.
Кезқұйрық ызадан жарылардай болып меңірейіп отырып қалады.