Back to corpus

Жалмауыз кемпір

Ертеде бір бай болыпты, оның үш қызы болыпты. Осы үш қызы тамақты көп жеген соң, бай оларды жек көреді екен. Бір күні бай қыздарына айтыпты: «Бүгін шырақтарым, тоғайдан жеміс теріп келіңдер, шелек алып» – депті. Әрқайсысының қолдарына бір-бір түбі тесік шелек беріпті. Қыздар қуанып, ешнәрсені ойламай, жеміс тереміз деп...

ATU 313L ATU 313Н ATU АА313І
Kazakh
Жалмауыз кемпір
Ертеде бір бай болыпты, оның үш қызы болыпты. Осы үш қызы тамақты көп жеген соң, бай оларды жек көреді екен. Бір күні бай қыздарына айтыпты: «Бүгін шырақтарым, тоғайдан жеміс теріп келіңдер, шелек алып» – депті. Әрқайсысының қолдарына бір-бір түбі тесік шелек беріпті. Қыздар қуанып, ешнәрсені ойламай, жеміс тереміз деп, тоғайға кетіпті. Бұлар тоғайға келіп, тоғайда жеміс теріп жүргенде әкесі бөтен жаққа көшіп кетіпті. Терген жемістері шелегінің түбінен түсіп қала берген соң қыздар тоғайда көп жүріпті. Кешке таман қыздар қайтып келсе, үйі орнында жоқ екен. Қыздар жылап-сықтап үйінің орнына түнеп, ертеңіне түрегелсе, үйінің орнында бір айна, тарақ һәм ине жатыр екен. Қыздар инені, тарақты, айнаны алып жолға түседі. Жүріп отырып, бір уақытта бір шошақ үйге келіпті. Сол үйде бір жалмауыз кемпір тұрады екен. Үйге кірсе, онда бір кішкене қыз отыр екен. Сол қыздан бұлар сұрапты: «Үйдің кісілері қайда?» – деп. Сонда қыз жауап береді: «Бұл үйдің иесі мен, менің шешем – жалмауыз кемпір», – деп. Қыздар қорқып, кешке дейін жалмауыз кемпірді тосып отырады. Кешке таман жалмауыз үйіне келсе, үш қыз отыр дейді. Соларды көрген соң жалмауыз кемпір қуанды, «бір түстігіме болар» деп. Сонан соң кемпір ертеңгілікте аң аулауға кетіп бара жатып үлкен қызға айтады: «Кіші сіңліңді пісіріп даярлап қойыңдар, түске шейін мен де келермін», – дейді. Жалмауыз кемпір кеткен соң қыздар кемпірдің өз қызын қазанға жайлап асып, өздері қашып жөнеледі. Кемпір түсте келсе қыздар жоқ, қазан қайнап тұр, келе салып етті жей бастайды. Кемпір өз қызы екенін басынан танып, бағанағы қыздарды қуыпты. Бір уақытта қыздар арттарына қараса, жалмауыз кемпір жетіп қалған екен. Апасы көре сала манағы тарақты тастайды, «адам өтпес тоғай бол» – деп, тарақ жыныс тоғай болады. Жалмауыз кемпір бір тісін балта қылып, бір тісін кетпен қылып тоғайдан өтеді. Екінші мәртеде жете бергенде, ортаншы қыз инесін тастайды. Биік тау болады, одан да қиындықпен өтеді. Үшінші мәртеде кіші қыз айнаны тастайды, үлкен көл болады жалмауыз кемпір өте алмайтын көлді көріп қыздардан сұрайды: «Сендер қайтып өттіңдер?» – деп. Қыздар айтады: «Мойнымызға тас байлап өттік», – деп. Сонда жалмауыз кемпір мойнына тас байлап суға түскенде, суға батып кетіпті, қыздар үйін тауып келіпті.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.