Back to corpus

Етікші

Ерте заманда бір кедей етікші болған екен дейді. Бала-шағасы көп болыпты, кедейліктен тұрмысы да ауыр болыпты. Күнелтіп бала-шағаларын асырау үшін ол ел аралап, қобдиын құшақтай жүріп етік тігіпті. Сүйтіп етіктер тігіп азғана табысымен бала-шағаларын асырап күн көріпті. Күндерде бір күні етікші кобдиын қолтықтап, таныс...

ATU 1137
Kazakh
Етікші
Ерте заманда бір кедей етікші болған екен дейді. Бала-шағасы көп болыпты, кедейліктен тұрмысы да ауыр болыпты. Күнелтіп бала-шағаларын асырау үшін ол ел аралап, қобдиын құшақтай жүріп етік тігіпті. Сүйтіп етіктер тігіп азғана табысымен бала-шағаларын асырап күн көріпті. Күндерде бір күні етікші кобдиын қолтықтап, таныс емес бір ауылға етік тігуге аттанады. Бұрын жүрмеген жолы болған соң, етікші адасып кетеді. Түн де болады. Ақырында етікші далада жалғыз тұрған иесіз үйге кездеседі. Иесіз қыстаудың ішіне кіріп, етікші пешінің үстіне шығып, кобдиын басына төсеп жата кетеді. Бір уақытта салдыр-гүлдір бір нәрсенің даусы шығады. Етікші есікке қараса, маңдайында жарқыраған жалғыз көзі бар бір еңгезердей дәу кіріп келе жатыр екен дейді. Дәу кірісімен: «Пеш үстінде жатқан қандай адам?» – дейді. Етікші: «Бұл етікші», – дейді. Дәу: «А, бізге керек ше-бер етікші», – дейді. Дәу бұйырып: «Кәне, бері кел, шебер, мына үйге кір, ертең етік тігерсің, бүгін ұйықта», – дейді де бір бөлмеге кіргізеді. Дәудің өзі есіктің алдына жатып ұйқыға кіріседі. Етікші ішінен: «Енді өмірім жойылды, өліп кетсем, бала-шағамды кім асырар екен», – деп үрейленеді. Одан кейін етікші: «Бәрібір дәу қолынан өлгенше, бұл дәуді өлтіріп өлейін», – деп өткір пышағын алып әзірлейді. Дәу ұйқыға кетті-ау деген кезде етікші пышағымен дәудің жалғыз көзінен түйреп алады. Дәу бақырып: «Ер болсаң екі соқ», – дейді. Етікші: «Бір де жетер», – деп дәудің үстінен аттап өтіп, есікті ашып сыртқа шығады. Дәу табанда өлген екен дейді. Етікші сыртқа шығып, иесіз үйдің төбесіне шығып түнейді. Таң атқан соң дәудің үйін аралап қараса, бір қараңғы жерінде темір сандық тұр екен дейді. Етікші темір сандықты азар деп ашады. Оның іші толған алтын-күміс екен. Бұдан кейін етікші көтергенінше алтын алып, кері ізімен үйіне қайтады. Үйіне келіп, бұл алтындарға керегін алып, барша мұратына жеткен екен. Етікшіні балалары өскесін асыраған екен дейді.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.