Kazakh
Тасбақаның айласы
Қу түлкі тасбақаның берік қабыршағы болғандықтан, оны ешбір мұқата алмай, оған тісін басып жүреді екен. Сонан ол өз дос-жарандарын: кезқұйрықты, қасқырды, таутесерді, сасық күзенді шақырып, тасбақаны мықтап жазаламақ болыпты.
Бір күні аспан кеңістігін шарлай ұшып жүрген кезқұйрық асқар таудан асып бара жатқан тасбақаны көріп, екі қанатын қомдай құдиып келіп, оны шоқыпты. Бұл хабарды естіп, түлкі, қасқыр, таутесер және сасық күзен сол араға жетіпті. Барлығы тасбақаға жабылыпты. Өзінің оларға тең келе алмайтындығын білген тасбақа қасақана күйініп:
– Ата-бабамнан мирасқа қалған құрыш қабыршағым тұрғанда кім маған жәбір жасай алмақ, – деп күліпті.
– Тым дағдармайық, көп болып кеңессек, бұған төтеп берудің амалы табылып қалар? – деп өз қауымына жұбату айтқан түлкі тасбақаға қарап:
– Мықты болсаң, неге қашып кетпейсің? – депті әжуалай. Тасбақа:
– Денемді қорғайтын құрыш сауытым тұрғанда, не деп қашпақпын, – депті. Сонда түлкі:
– Таутесер, сен құз жартастарды ұңғып тесуші едің ғой! Жедел қимылдап, тасбақаның қабыршығын тес, алғашқы жүлде сенікі болсын, – депті.
Таутесердің кереметін білетін тасбақа бұны естіп қатты сасыпты. «Ол шындап іске кірісетін болса, қабыршығын тесіп мұның өміріне қауып төндіреді». Тасбақа сонда да мүлде саспағансып:
– Таутесер, шіркінім, егер маған ұрынар болсаң, мойныңды бұрап жұлып аламын, құрыш сауытымның кереметін сонда білерсің, – деп қарқылдай күліпті.
Мұны естіген таутесер қатты именіп, мұның қасына жақын келе алмапты. Әккі түлкі:
– Бұл сұмпайы сауытына жиырылып кіріп алды, енді бәріміз аңдып қарап тұрайық, бұл қашан болмасын тыныстауға басын бір шығарады, сол кезде батыр қасқыр бас салып, желкесін үзсін, – деген әдісті көрсетіпті.
«Егер олар осылай табан аудармай аңдитын болса, тұншығып өлмеген күнде де, аштық пен шөлден өлермін, ұзақ жиырылып жатсам, аяқ-қолым да ұйып қалар» деп ойлап, зәресі зәр түбіне кеткен тасбақа өзінің бұл қорқынышын сездірмей:
– Үш ай су ішпей, үш жыл нәр татпай шыдаймын. Сарыла күтем десеңдер өз еріктерің! Сауытымның үстіңгі жағында бір тыныс саңлауы, астында ауа алмасатын төрт тесігі болғандықтан, мың жылда басымды бір рет шығаруға зәру емеспін, әрі тұншықпаймын! Қасқыр сен немере-шөберелеріңе шейін қаққан қазықша қадалып қара да тұр! – деп сақ-сақ күліпті.
Түлкі бір ауық аңырып қалса да, тағы бір амал тауыпты.
Ол:
– Бұл сұмырайды шоқпар тастың үстіне қойып, темір балғамен соғып,күл-паршасын шығарайық, – депті.
«Бұлар түлкінің осы айтқаны бойынша темір балғамен шындап соқса, қабыршығым сынып, мылжа-мылжам шығатын болады» деп ойлаған тасбақа:
– Сендер барып тұрған есуас екенсіңдер, ата-бабам сыйлаған сауытым тас пен балғадан берік, өздерің мерт болмасаңдар екен, – деп кеңкілдепті.
Бұны естіп тақаты таусылған қасқыр быжалақ қағып:
– Мылжыңдасып тұрудың қажеті жоқ. Енді мұны таудың құзар басынан домалатайық, сонда бұл сауыты шағылмай қалған күнде де, миы шайқалып болса да құриды депті.
Тасбақа қатты сасса да қарқылдай күліп:
– Тәңір тауының ұшар басынан қарғығанда мыңқ етпеген едім, мені енді жатаған төбешіктерден құлатып, жаманнан қатты мұқатарсың, – деп мысқылдапты.
Ашуға булыққан түлкі:
– Лағынет атқыр сұмырай! Жүрек жұтқан неме болсаң да бұл жолы айнырсың, келіңдер, төбе қылып отын үйіп, оған май шашып, отты маздата жағып, мынаны отқа күйдіріп өлтірейік.
Сөйтіп, тайталасқан тасбақа етіне сылқия бір тояйық, – деп айқұлақтаныпты.
– Қаумажалай қоршап тұрғандардың бұны бір ауыздан құптап мәре-сәре болғанын көргенде, тасбақадан суық тер бұрқ ете түсіпті. Бірақ ол сонда да сыр білдірмей:
– Бәрекелді, неткен сауатсыз жан едіңдер, тасбақа жуынғанда сумен жуынбай, отпен жуынады дегенді естімеп пе едіңдер? Маздап тұрған отқа түсіп жуыну қандай рахат, шіркін! – депті.
От алып қопаға түскен түлкі:
– Өлем қапқыр, оттан қорықпасаң, судан қорқарсың? Кезқұйрық мұны іліп ал да, шарықтай көтеріліп, толқын атып тулап жатқан өзенге апарып таста, мұның мықтылығын сонан соң көрейік, – деп ақырыпты.
– Сұмдығы елден асқан әккі түлкі, ақылыңның жеткен жері осы ма еді, маған керегі осы емес пе, – деп іштей шаттанған тасбақа мүлде шошып, үрейі ұшқан жанша қалш-қалш етіп көз жасын төгіп:
– Ағатайлар-ай, осы ғұрлы өлімге қиятындай мен неден жазып едім сіздерге, егер мені шындап суға тастасаңыздар, онда менің ауыр қабыршығым су түбіне шым батырып әкетеді де, аузы-мұрнымнан су кіріп, өлмеген күннің өзінде де тұншығып болса да өлемін ғой, бір қасық қанымды қия көріңдер, – деп еңіреп қоя беріпті.
– Сенің де қорқатын кезің болады екен ғой! Қарқылдай бермей неге мөлтеңдей қалдың, «Ім» сұмырай! Біліп қой, бүгін саған кешірім жасасақ, ертең бізге әлек тауып бересің! – деп қоқиланыпты масайраған түлкі.
Кезқұйрық түлкінің бұйрығымен тап бергенде, тасбақа жылауын тіпті де үдетіпті. Түлкі бұған ішек-сілесі қатқанша күліп, жерде домаланып қалыпты.
Тасбақаны шеңгеліне алған кезқұйрық шарықтай көтеріліп, ұшқан бойы өзенге келіпті. Сонан өзеннің ағысы ең қатты жеріне әкеп оны тастапты.
Тасбақаның өзенге жеткені – үйіне жеткені. Сондықтан ол басын судан шығарып:
– Кезқұйрық ағай! Үйіме әкеліп тастағаныңызға мың мәрте рақымет! Айлалы түлкі мырза, ендігәрі сұңғылалығыңызды базарға салмау жөнінде нәсихат айтамын, – депті.