Back to corpus

Домбырашы теке

Күндер де бір күн қошқар, теке, бұзау үшеуі жолдас болып, алыс сапарға шығыпты. Үшеуі жолда келе жатып, екі қос уыстай сұлы тауып алыпты. Енді мұны үшеуіміз қалай тең бөлісіп жесек екен деген кеңеске кіріседі. Сонда теке тұрып: —Мен таптым,—дейді. Оның өзі лақ теке болса керек. —Үшеуіміздің ең кішіміз сен екенсің, олай...

ATU 125 ATU 126А
Kazakh
Домбырашы теке
Күндер де бір күн қошқар, теке, бұзау үшеуі жолдас болып, алыс сапарға шығыпты. Үшеуі жолда келе жатып, екі қос уыстай сұлы тауып алыпты. Енді мұны үшеуіміз қалай тең бөлісіп жесек екен деген кеңеске кіріседі. Сонда теке тұрып: —Мен таптым,—дейді. Оның өзі лақ теке болса керек. —Үшеуіміздің ең кішіміз сен екенсің, олай болса, айта ғой, не істеу керек,—депті қошқар мен бұзау. —Меніңше, бұзау ағайдың аузы үлкен ғой, алдымен бір асасын, одан аузы кішірек қошқар ағай екі асасын, сонан соң ең аузы кіші мен үш асайын, сонда үшеуміз де бірдей асаған боламыз,—депті теке. Оны ана екеуі де теріс көрмепті. Сөйтіп, үшеуі сұлыны бөліп жеп алып, тағы жүреді. Бір жерге келгенде үшеуінің алдыларынан бір өлген түлкі кез болыпты. —Мұны қайтеміз?—дейді қошқар. —Бұл да жолымыздан табылған олжа ғой, керек болар, ала жүрелік,—дейді бұзау. —Бұны кім алып жүреді?—дейді қошқар. Сонда теке тұрып: —Бұзау ағай бізден үлкендеу ғой, мұны сол арқалап жүрсін,—депті. Мұны бәрі де мақұл десіп, өлген түлкіні бұзау алып жүреді. Үшеуі сол бетімен келе жатып, бір иесіз ескі тамға кез болады. —Үй ішінде не бар екен,—деп өлген түлкіні далаға қоя салып, үшеуі бірдей кіріп барса, домбыра шертіп отырған түлкіні, оны тыңдап отырған аю мен қасқырды көріпті. —Е, жақсы келдіңдер ғой, отыра қалыңдар, домбыра шертісейік,—деп түлкі домбырасын текеге ұсынады. —Жоқ, алдымен сіз шертіп өнер көрсетіңіз!—деп теке домбыраны алмапты. Сонда түлкі домбыраны безеп жіберіп: —Міңгір-міңгір, міңгірлік, Лақ біздің бір түстік. Міңгір-міңгір, міңгірлік, Қошқар біздің бір күндік. Міңгір-міңгір, міңгірлік, Бұзау біздің бір түндік,—дейді де, домбыраны текеге ұсынады. Теке домбыраны ала салып: —Міңгір-міңгір міңгірлек, Түлкі бізге тұмақтық. Міңгір-міңгір міңгірлек, Аю бізге төсектік. Міңгір-міңгір міңгірлек, Қасқыр бізге ішіктік. Міңгір-міңгір міңгірлек, Ал тамды қират дүңгірлет,— депті де домбыраны шертіп-шертіп жіберіпті. Сонда түлкі: —Бұлардың соңында әскерлері бар шығар,—деп далаға жүгіріп шықса, өліп жатқан түлкіге көзі түседі. «Таптым, бұлар аң аулап жүрген аңшылар екен, енді бұл жерден тез қашпасақ, бұлар бізді де мына түлкі сияқты соғып алады!» деп ойлайды да, дереу аю мен қасқырға хабар беріп, өзі қаша жөнеледі. Оның артынан екеуі де қашады. Бірақ қарыны ашқан қасқыр алақтап қала береді. «Бұлар не істер екен» деп тамның сыртынан тыңдап тұрады. Бір кезде текенің «Әлгілердің өзін қорқытып қашырдық-ау!» деп күлгенін естіген қасқыр: —Әй, не айтып тұрсыңдар? Теке, алдымен сені жайратпасам ба! Деп тұра ұмтылады, ана үшеуі қаша жөнеледі. Ызаланған қасқыр бұлардың соңынан қуа береді. Бір жерге барғанда, алдыларынан үлкен бір ін кездесіп, әлгі үшеуі соған кіріп кетеді. Іннің екінші жағы тесік екен. Бір кезде қасқыр да жетіп, інге басын сұға бергенде теке аңдып тұрып, қасқырдың басын мүйізімен қыса қойыпты да: —Ал, қошқар аға, шамаң болса, ұмтыл!—депті. Сол кезде қошқар іннің ана жағынан шыға сала жетіп барып, қасқырды соғыпты-ау келіп...қасқыр ойбай салып, зорға құтылыпты да, тұмсығының қанын сорғалатып қаша жөнеліпті... Сол қашқанымен биік бір таудың басына шығып ұлып, қасқырларды шақырыпты. Жиналған қасқырлар одан: —Не болды,—деп сұрапты. —Ойбай, ана жақта бір... сондай, үш ұста бар екен, солар кездесіп қалып, жалғыз өзімді ұстап алды да, біреуі қышқашымен мойнымнан қысып тұрып, екіншісі балғамен ұрып-ұрып қоя берді,—сонда басқа қасқырлар тұрып: —Жүр ендеше, ол ұсталарды бізге көрсет, бәріміз жабыла барып, балғасын өздерінің тұмсығына соғайық!—деседі де ұсталарды іздеуге жүреді. Бұлардың алыста қаптап келе жатқанын қошқар көріп: —Ойбай, қасқырлар келе жатыр қашайық,—дейді. Үшеуі қашады. Бір жерге келгенде алдыларынан бір бәйтерек кез болыпты. Теке алдымен бұзау мен қошқарды теректің басына шығарып, онан соң өзі шығып биігірек жеріне орнығып отырып алады. Бір заманда қалың қасқыр келіп, теректің басынан үшеуін көреді. —Енді бұлар құтыла алмайды!—деп қасқырлар бірінің үстіне бірі шығып, теректің басына жақындайды. Сол кезде теке тұрып: —Жақсы болды. Мына қасқырлар келген екен. Ал қошқар аға, мен қышқашыммен тұмсықтарын қыса берейін, сіз балғаңызбен соғып құлата беріңіз,—депті. Сол-ақ екен алғашқы таяқ жеген қасқыр ең астында тұр екен. Қорқып қалған сорлы, текенің сөзін естігенде тұра қашады. Оның үстіндегі қасқырлардың бәрі құлап, өлгені өліп, мертіккені мертігіп, қалған саулары әлгі қасқырлармен еріп зыта жөнеліпті. Сөйтіп, теке лақтың айласымен үшеуі аман құтылыпты.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.