Kazakh
Қара өлең үлгілері
Ұсынылып отырған томды даярлау барысында филология ғылымдарының докторы А.Сейдімбек пен ақын О.Асқардың ел ішінен жинап, бастырған кітаптары: А.Сейдімбек «Мың бір маржан» («Өнер баспасы», 1989), О.Асқар «Қара өлең» (Жалын, 1997) және КР БҒМ Орталық ғылыми кітапханасы мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазбалар қорында сақтаулы төменгі бумалардағы қара өлең шумақтары енгізілді:
1. Н.Шәкеев жинаған қара өлеңдер. Бұл мәтіндер ОҒК-ның Қолжазбалар қорында Ш. 859, 23«а» дәптерде сақтаулы. Мәтіндер бір жолды дәптерге көк сиямен кирилл әрпінде жазылған. Дәптер сыртында өлеңді айтушы – Жанпейісов Байғабыл, жинаған – Шәкеев Н. Қорға 1949 жылы түскен деген жазу бар. Дәптерде барлығы 25 өлең шумағы қамтылған.
Томға Шакеев Н. жинаған қара өлең шумақтары өзгеріссіз кіргізілді.
2. ОҒК-нің қолжазбалар қорында Ш. 859, 32-дәптерде сақталған қара өлең үлгілері Қазақстан Жазушылар Одағынан 1946 жылы түскен. Мәтін көк сиямен латын әрпінде жазылған. Барлығы – 15 шумақ өлең. Жинаушысы, айтушысы туралы мәлімет берілмеген.
Томға ұсынылған мәтіндер осы қолжазбадағы түпнұсқа негізінде берілді.
3. Қазкенова Сағида жинаған қара өлең үлгілері. Бұл мәтіндер ОҒК-ның Қолжазбалар қорында Ш. 859, 37-дәптерде сақтаулы.
Мәтіндер тор көзді дәптер қағаздарына көк сиямен латын әрпінде жазылған. Қолжазбаның соңында 1949 жылы жазылған деген жазу бар. Өлең шумағының саны –16.
Томға мәтіндер қолжазбадан ешбір өзгеріссіз алынды.
4. Ш.1017 (ОҒК), 6-дәптердегі мәтіндер алынды. Қолжазбаны кім жинағаны, кім тапсырғаны белгісіз. Дәптер сыртында «Қорға 1947 жылы түскен, 1916 ж. жазылған» деген мәлімет келтірілген. Қолжазбадағы өлең шумағының саны –18. Мәтіндер көк сиямен араб әрпінде жазылған.
Томға өлең шумақтары түпнұсқа негізінде ұсынылды.
5. Баталов Ерназар жинаған қара өлеңдер. Бұл өлең мәтіндерін Ақмола облысы, Бестөбе руднигінің жұмысшысы Баталов Ерназар ОҒК-ның Қолжазбалар қорына тапсырған. Өкінішке орай, қорға қай жылы тапсырлғаны өлеңді кімнен жазып алғандығы туралы мәлімет жазылмаған. Қолжазба сегіз беттен тұрады. Мәтін ақ қағазға көк сиямен кирилл әрпінде жазылған. Қолжазбада 53 шумақ өлең қамтылған.
Томға Ш. 1445, 10-дәптердегі өлеңдер ешбір өзгеріссіз алынды.
6. Нығметов Ермекқали жинаған қара өлең үлгілері. Бұл мәтіндер ӘӨИ-дің Қолжазбалар қорында Ш. 144, 8-дәптерде сақтаулы. Өлең шумақтарын ел арасынан жинап Институтқа 1961 жылы тапсырған – Нығметов Е. Қолжазба 15 беттен тұрады. Мәтін тор көзді қалың дәптерге көк сиямен кирилл әрпінде жазылған. «Қара өлеңдер» деп тақырып қойылған. Дәптердегі өлең шумақтарының саны – 82. Мәтіннің соңында «1961 жыл» деп қызыл қарындашпен жазылған.
Томға кірген мәтіндер түпнұсқа бойынша даярланды.
7. Исин Н. жинаған қара өлеңдер. ӘӨИ-дің Қолжазбалар қорында (Ш.144, 7 дәп.) сақтаулы. Мәтін көк сиямен кирилл әрпінде кеңсе қағазына жазылған. Қолжазбаның сыртында Пері ақынның өлеңдері. Жинаушысы – Нұрахмет Исин. 1955 жылы Институтқа тапсырған деген жазу бар. Қолжазбада бес шумақ қара өлең үлгілері жазылған. Мәтін соңында «24/XI—1955 жыл» деп жазылып, жинаушының қолы қойылған.
Томға кірген мәтіндер аталған қолжазбадан ешбір өзгеріссіз алынды.
8. ӘӨИ-дің Қолжазбалар қорында сақтаулы Ш. 144. 2-дәптердегі қара өлеңдер. Бұл дәптердегі мәтіндерді жинағандар: Т.Дәулетов, Т. Бадырақов, Қ.Сейітов және Ж.Нұрмаханов Қолжазба Институт қорына 1957 жылы түскен. Мәтіндер кеңсе журналына екі түсті көк сиямен кирилл әрпінде жазылған. Өлеңдерге «Түрлі өлеңдер», «Қыз туралы өлеңдер», «Қазақтың ескі қара өлеңдері» деп тақырыптар қойылған. Өлең соңында жинаушылардың қолы қойылған.
Томға енген қара өлең үлгілері қолжазба бойынша даярланды («Томға енген мәтіндерге түсініктемеден» алынды).