Kazakh
Сона мен инелік
Көп сона келе жатты сапар етіп, Артынан бір инелік келді жетіп. Тоқта деп бәрің бірдей айқай салды, Жемекке батырыңның көңілі кетіп.
Соналар қатты қорқып жылады зар, Құтқарар бұл бәледен иә біреу бар. Біле алмай не қыларын тұрғанында, Бір түрлі болды сонда тамашалар.
Кез болды сол мезгілде бір аш торғай, Жүр екен көптен бері дым таба алмай. Көрген соң инелікті көп қуанды, Қиғаштап қанаттарын деп алақай.
Тоқ санап көңіліне тұрған байқұс, Басына қонып тұрды ұзын қамыс. Қырқысып инелік пен сона тұрса, Бір қырғи инелікке келді таныс.
Сол уақта ойға қалды қырғи жаңа, Ұмтылды ол торғайды көре сала.
Ал, сонда, қашты торғай қанат қағып, Құтылмақ қамын қылып ол бейшара.
Ал, сонда, қырғи қуды, қашты торғай, Шырылдап келе жатыр салып ойбай. Сона да, өз бетімен кетті инелік,
Келе жатыр торғай байқұс құтыла алмай.
Ол байқұс қаша берді Сырға қарай, Бір мұзға келіп қонды сырғанамай. Жан сақтап бір қуысқа паналады, Бейшара онан басқа түк таба алмай.
Қырғидың салмағы бар онан гөрі, Аяғын басамын деп сәл ілгері.
Бір балық аузына қағып салды, Қатпаған жылым еді басқа жері.
Балықтың қырғи түсті аузына, Қараңыз айтып жүрген жауызына. Жүрсе де батырсынып қаза тапты, Кез келіп тағдыр істің жазымына.
Инелік, сона, торғай, қырғи, балық, Бұл күнде сол секілді бар ғой халық. Инелік, торғайменен қырғи мысал,
Момынның, малын жеп, тон тартып алып.
Нашарды қорсынбаңыз, азаматтар,
Көреді жаман адам жолдасын қар.
Қаншама жамандықты ойлағанмен,
Аузына айдаһардың бір тығылар.
Азамат елін қимас жаманатқа,
Тағы да жақын болмас қиянатқа. Басқаны бір тамақтан ойламаған, Ақыры ол жолығар бір ұятқа.
Көп ұят ондай жұмыс ұлтымызға,
Әр нәрсе кез боп жатыр құлқымызға.
Ем болар айтқанымыз азаматтар,
Салмасақ арам нәрсе ұртымызға.
Алашым тастаңыздар алалықты,
Көздейік адам болар даналықты.
Елдердің бізден басқа істегені,
Теп-тегіс жер жүзіне таралыпты.
Қолыма осыны ойлап алдым қалам,
Қылмаса айтқанымды бар ма шарам.
Жастарым мейлі қалар, мейлі қаламас,
Аяғын осы менен еттім тамам.