Back to corpus

Қарақұсбай

Ертеде бір шаруа болыпты. Әкесі ұлының ғұмыр жасының ұзақ болуын тілегендік пе екен, оның атын Мыңжасар деп қойған екен. Әлгі шаруа Мыңжасар сол заманда жиі кездесетін қуғыншылықтың салдарынан бір күні жайлы қоныс іздеп шығады. Ол кезде «па» дегендей жайлы қоныс қарап келе жатқан жолында, бір сексеуіл түбінде өлім халі...

ATU 313А. ATU 313В.
Kazakh
Қарақұсбай
Ертеде бір шаруа болыпты. Әкесі ұлының ғұмыр жасының ұзақ болуын тілегендік пе екен, оның атын Мыңжасар деп қойған екен. Әлгі шаруа Мыңжасар сол заманда жиі кездесетін қуғыншылықтың салдарынан бір күні жайлы қоныс іздеп шығады. Ол кезде «па» дегендей жайлы қоныс қарап келе жатқан жолында, бір сексеуіл түбінде өлім халінде жаткан қарақұсқа тап болады. Ол құстың жайы өте нашар екен. Жерге салған басын да қозғауға шамасы келмей, тек қана үлкен көздерін қыпылықтатып жалыныш түрін байқатқандай болады. Оны аяп кетіп, Мыңжасар атқа өңгеріп үйіне алып қайтады. Әкесінің алып келген құсын көрген жалғыз ұлы қатты қуанады, тапқанын соның аузынан тосады. Сонымен құс құрметтеліп бағылады. Тойынған қарақұс аз күнде-ақ теңеліп кетеді. Бір күні әлгі құсқа тіл бітіп, былай дейді. – Мен негізі құс емеспін, Қарақұсбай деген «Жаз тауын» жайлаған бір елдің ханы едім. Тоқсан тоғай малым, сәулетті сарайым бар болатын. Бір күні мал ішін аралауға шыққанымда алдымнан бір ақ марал қашып бергені бар емес пе? Мен қуып бердім. Астымдағы қара арғымақ қанша ерен болса да жете алмады. Дегенмен көз жазбастан өкшелей қуып отырып, қай бағытқа, қанша жер асқаным белгісіз кенет атым сүрінгендей болып еді, соны ғана сеземін, кейінгісі өзіме де мәлім емес, – дейді құс. Мыңжасар да, оның баласы мен әйелі де қатты үрейленеді. Құсының адамша сөйлеп отырғанын көргенде: «Сендер менен шошымаңдар, менің айтып отырғаным шындық, сендердің осыншама еткен жақсылықтарыңа қарыздармын.Сондықтан келер жылы осы уақытта маған қонаққа келіңдер, сый-құрметімді көріңдер», – дейді де шаңырақтан шығып жоқ болады. Күндер өтіп, қыс өтіп, жаз шығады. Бір күні Мыңжасар Қарақұсбай аулына жүрмекші болып, жол жабдықтарын дайындап, қасына қырық жолдас ертіп аттанғалы жатқанда бір сейілші шал келеді үйіне. – Шырағым, – дейді ол, – ұзақ сапарға шыққалы талаптанып жатыр екенсің, оң болсын сапарың! Осыдан, – дейді қария, – қырық күн жол жүргеннен кейін «Құм тауына» кез боларсың. Ол бір елсіз, сусыз, тағылар мекендеген шөл дала болар, атырабы қызыл аңыз аптаған ыстық болар. Одан әрі «Мұз тауы» бар, о дейтін қысы-жазы мұз қатып жататын бұл да бір қатерлі асу. Осы қауіпті екі тосқауылдан аман өтсеңдер, іздеген «Жаз тауына» баруларың анық, – дейді. Осы бір шалдын, соншама білгіштігіне разы болған Мыңжасар қалтасынан алып бір теңге алтын ұсынады. Оның үстіне әлгі ақсақал, бір ақ, бір қызыл гүл беріп былай дейді: «Осының ағын – «Құм тауына» барғанда, қызылын «Мұз тауына» барғанда, атыңның кекіліне қада, аман өтіп кетулеріңе себепкер», – дейді. Жолаушылар неше күндей жол жүргеннен кейін қызыл аңыз аптаған ыстыққа кезігіп жаман сасады, аттары да, өздері де шөлден қатады. Мыңжасардың есіне «Құм тауы» түсіп, атының кекіліне ақ гүлді қадайды. Сол-ақ екен маңайы бір жайлы қоңыр салқын болады да кетеді. Одан әрі бірнеше күн жүргеннен кейін бетті қарыған суыққа ұшырап беті-қолдары домбыға бастайды. Ол ара «Мұз тау» екенін біліп, қызыл гүлді ат кекіліне қадаса, көктем күніндей жайма-шуақ бола калады. Сөйтіп, жолаушылар одан да әрі жол шегеді. Олар неше тәулік жүргеннен кейін жалпақ жасыл ормандар ұшырайды. Жас қайыңдардың бұтағына қонып алып, мың бұралтып сайраған бұлбұл құстардың сәнді жырына сылдырап аққан бұлақтың үні қосылып, жолаушылардың көңілін шаттыққа бөлейді. Одан әрі жаңа көктем, гүл-шешектердің аңқыған жұпар иісі мұрын жарардай кең жазық ұшырайды. Жолаушылар енді қаптап жайылған көп малға ұшырайды. Бұлар мал ішін жара жүріп, гүл терген екі балаға жолығып жөн сұрайды және бұл «малдар кімдікі» екенін білгісі келетіндерін де жасырмайды. Балалар айтады: «Бұл мал Қарақұсбайдың малы, сонау жарқырай көрінетін сол Қарақұсбайдың сәулетті сарайы. Және бір айтарымыз: Қарақұсбай сендерге төрт түлік малды салар, алтын қазына тиеген керуен де берер, оған алданбаңдар, онда бір күміс сандық бар, берсе соны алындар», – дейді де жөндеріне кетеді. Мыңжасар жолдастарымен Қарақұсбайдың алтын сарайына сол жерден үш тәулікте азар жетеді. Қонақтардың келерін өзі де сезсе керек, бұлардың алдарынан қыз-жігіт аралас екі жүз адам қарсылап алыпты. Қонақтар Қарақұсбай ауылында айлар-жылдар жатыпты, қонақтарға хан өзінің елін аралатып неше бір сәулетті қалалармен таныстырады. Бір күні Мыңжасар досына елге қайтар уақыт болғанын ескертеді. Досы айтады оған: «Әлі де жатыңқырау керек еді, шын кетер болсаң алдыңа төрт түлік мал айдатамын, соған қоса алтын қазына тиелген керуен жүргіземін», – дейді. Мыңжасар сол бергендерінің бәрін де алудан бас тартады. Қисаң, – дейді ол, – сенің қос кілтті күміс сандығың бар дейді, соны қалаймын. Қарақұсбай қиыспас досының тілегін екі етпей орындайды. «Тек бір шартпен беремін, бұл сандықты үйіңе бар-май ашпайсың», – дейді. Сүйтіп, қонақтар үш жыл, үш ай жатқаннан кейін еліне қайтады. Олар қайтқан сапарында қиын жолға түсіп адасып, көп машақат көреді. Азықтары таусылады. Олар күнде бірінің атын сойып азық етеді. Сүйтіп, қырық жолдасы атсыз жаяу қалады, енді Мыңжасарға жолдастары мынадай талап қояды: «Сен бізді елден ертіп шықтың, досыңа бардың, қыруар мал-дүниені алмай, жалғыз сандық алдың, міне, енді мынадай халге ұшырадық, енді мына сандықты ашып көрсетіңіз. Не қасиеті бар екен, мүмкін азық болғандай бір нәрсе болар мұның ішінде», – дейді. Мыңжасар амалсыздан сандықты ашады. Күміс сандықты ашса, оның ішінде алтын сандық бар екен, оны ашып қалса, төрт бұрышынан төрт түлік мал өре жөнеледі. Мұнша қисапсыз малды жолаушылардың айдап жөнге салуға немесе орнына қайырып қамауға шамалары келмейді, бар қолынан келгені сол – Мыңжасар отыра қалып, жер сабап жылай береді. Ол сол мезетте алдында тұрған пілді көреді. Ол айтады Мыңжасарға: «Бостан-бос жылама, бәрін мен қайырып әкеліп сандығыңа қамап берейін, не бересің?» – дейді әлгі піл. – Сол малдың тең жартысын бөліп ал. – Жоқ, алмаймын. – «Қуқылкер» атымды берейін. – Алмаймын. – Енді не тілейсің? – Маған үйдегі жалғыз ұлыңды бер. – Жарайды, – деп салады Мыңжасар байқаусызда. Сол-ақ екен әлгі піл бар малды дүркіретіп өз орнына қамайды да: «Қырық күнде барамын, даяр болсын балаң», – деп жоқ болады. Мыңжасар жолдас-жораларымен, күміс сандық олжасымен еліне келеді. Үй-іші қуанып той жасайды. Той-тобыр тарайды. Тағы да бірнеше күн өтеді, бірақ Мыңжасар күн санап жүдей түседі. Бір күні одан баласы: – Әке, сен неге жүдей бересің. Сенде бір сыр бар ғой, соны айтшы, – деп өтінеді. Баласы қоймаған соң шынын ақтарады. – Тек сол ма? – депті баласы, – ол түк емес. Егер піл келсе, мен садақпен атамын, найзамен түйреймін, оған болмаса «Қуқылкермен» қашамын, құтыламын, – дейді батырсынып. – Бір күні үй сыртынан біреу дауыстағасын ірге түріп қараса, дәу піл тұрғанын көреді бала. Жалма-жан саржаны тартады, оғы өтпейді. Белдеуден «Қуқылкерді» міне шауып көк сүңгіні шаншады, ұшы майырылады. Енді бала қаша жөнеледі. Жеті қырдан асқанда қуып жетіп, піл алдын орап тұрады да: «Сен менен құтылмайсың, одан да аттан түс, менің арқама келіп мін де көзіңді жұм, өзім аш демей көзіңді ашпа», – дейді. Құтылмасын білгесін бала оның айтқанын орындайды, пілге мініп кете барады. «Аш көзіңді», – деген дауыстан кейін көзін ашса, қасында өрімдей жас жігіт тұр. Екеуінің астында екі ақ боз ат және бір боз ат жетегінде тұр екен. – Сен бала, – дейді піл, – қазір осы арада қал да, ана көрінетін ауылға бар. Онда бір байдың сұлу қызы ұзатылғалы той болып жатыр. Сол қыздың шеткі отауындағы қыз-келіншектерге кешкі асында қолға су құйысып жүр де, шамды сөндіріп жіберіп, қызды сыртқа алып шық, мен де әзір тұрармын, – дейді де ғайып болады. Ол айтқандай барса, той-думан қыза түскен екен. Бала араласа жүріп, кешкісін қолға су құйып жүріп, шамды өшіріп жіберіп, қызды көтеріп ала сап сыртқа шығады. Манағы жас жігіт үш ақ боз атты ұстап күтіп тұр екен. Алады да жөнеледі. Олар тура Мыңжасардың үйіне келеді. Бұлар келгенде жалғызынан айрылған үй іші азалауда екен, баласын көргенде Мыңжасар да, оның әйелі де жылап жібереді. Жас жігіт айтады оларға: «Ізгілікке ізгілік, мына балаға адал сүт емген қыз әпердім, бұл сіздердің келіндеріңіз болады, мен манағы піл, сенің Қарақұсбайдың қалап алған күміс сандығыңның ішіндегі көп малдың бақташысы боламын, мен енді кетемін. Мен керек болған жағдайда атымды үш атасаңдар, даяр боламын», – дейді де жоқ болады. Сонымен Мыңжасар да, оның баласы мен келіні де ұзақ өмір сүріп, барша мұратына жеткен екен дейді.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.