Back to corpus

Есек пен тұлпар

Есек пен жолдас бопты жүйрік тұлпар, Бір таудың саласына етті сапар. Жол екен бір жарым ай барар жері, Тағы да асуы бар отыз қатар. Есекке айтты тұлпар жолы қашық, Таулардың арасымен жүрсек асып. Жолына бір жарым ай, бір күн жүріп, Шығармыз тау басына жүрсек басып. Ойланды есек байқұс сонда тұрып, Тұлпарға жауап берді...

Kazakh
Есек пен тұлпар
Есек пен жолдас бопты жүйрік тұлпар, Бір таудың саласына етті сапар. Жол екен бір жарым ай барар жері, Тағы да асуы бар отыз қатар. Есекке айтты тұлпар жолы қашық, Таулардың арасымен жүрсек асып. Жолына бір жарым ай, бір күн жүріп, Шығармыз тау басына жүрсек басып. Ойланды есек байқұс сонда тұрып, Тұлпарға жауап берді мойын бұрып. Күндік деп сәскелікті көбейтесің, Менің де әл-шамамды біліп тұрып. Жүр, деді, олай болса, есек досым, Сенің де ол айтқаның болса болсын. Жол жаққа қадам басты сол бойынша, Есектің қайтармастан ықыласын. Секіріп тұлпар басты жолдың шетін, Есектің қараңыздар ақыретін. Тұлпарға жол алыс па шапқан соң, Ол жолдың есек тартты қасіретін. Құйындап шоқыртты есек тігіп құлақ, Көңіліне ол жүрісі қалды ұнап. Ертемен кешке дейін қысаймын деп, Бір жерге шаршаған соң жатыр сұлап. Жер жүрді кешке дейін он шақырым, Шетіне шығып алып бір тақырдың. Аузына шөлдеген соң тілі сыймай, Болғанын білді есек бір тықырдың. Шамасын білмей есек жатыр сұлап, Артымда қалдың ғой деп сулы бұлақ. Ойыма есектігім жаңа түсті, Тұлпарға еремін деп қалдым сорлап. Ойда жоқ есектің бұл тасқан жері, Жүре алмай әрі шөлдеп сасқан жері. Жете алмай иә алдына, иә артына, Албасты сөйтіп оны басқан жері. Тұлпар деп біліңіздер оқығанды, Көңілге өнер-білім тоқығанды. Есектей оқымаған болады деп, Осымен тоқтатылды сөз тамамы.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.