Kazakh
Жиреншенің тағы бір айтқан сөзі
Хан бір күні:
—Осы Жиреншені неғылсақ та, жеңе алмадық, енді осыны бір жеңуге әдіс жасайық,—деп, бір жігітке:
—Сен ертең ертерек біздің үйге келіп отырып, Жиренше үйге кіріп келгенде қатты қылып бір осырдағы үйден шыға жөнел. Сонда мен Жиреншеге «ұста» дейін, сонда не дер екен?—депті. Ертеңіне жігіт ханның айтқанын істеп, Жиренше үйге кіріп келгенде осырып, тұра жөнеле бергенде хан Жиреншеге «ұста»,—депті. Жиренше жігітпен жарыса далаға шығып, біраз кідіріп, есіктен қайта келіпті.
Хан:
—Ұстадың ба?—дегенде, Жиренше:
—Баласы қашып кетті, әкесін ұстап әкелдім,—деп, бір адамның кепкен қу боғын ханның алдына тастай беріпті.
Сонда хан ұялғанынан:
—Мынаған дауа болмас!—деп күліп жіберіпті.