Kazakh
Қозыбай – Шолақ
Қалы Төлебайдың заманында Айырғақты-Шөптемістен шыққан бір жігіттің аты – Төлебай екен. Бай болып, заманындағы қожаға нәзір-ниязды үсті-үстіне төпелеп бере бергендігінен «қожа, істік мұрт» деп атап, сонан «Істік мұрт» атанып кеткен.
Кеше Мұса Секербай заманындағы қариялар бәрі де «Айырғақты-Шөптеміс» деп қақсап кетті. Істік мұрт Айдабол ішінде кірме, бұратана, шеттен келіп ел болған, Қозған ішінде де бар. Қозған, Қожамберді – Тоқтастың балалары. Тоқтастың әйелінің аты – Сарқыз. Бұл Сарқыз – Қозған Есіл бойында дабар, Қызылтауда да бар. Қожамбердіден үш бала: Есназар, Байназар, Қозыбақ. Осы күнде «Қозыбай – Шолақ» дейді. Шолақ қайдан қосылған?
Бұрынғы қариялардың айтуы: Шолақ өзі Кіші жүз, түбі-тегі – Рамадан екен. Атадан туғанда жеті ағайынды екен. Жетеу болса, «жеті ит» атанатұғын бұрыннан бар сөз. Бесеуі – бірыңғай, екеуі бірыңғай болып, екі айырылып кеткен екен. Сонда екеуі бірыңғай кеткеннің аттары Айдар, Шолақ екен, Айдар – ағасы. Айдардың қатынын Шолақ бауыр басып кетіп, бармақтың көлеміндей нәрсеге бола ағасы Айдарды Шолақ өлтіріп, сонан соң жеңгесі өкпелеп, бұған тимей сартқа тиіп кетіп, ол сарттан бала тауып, атын Айдар қойыпты «Байымның атын жоғалтпаймын» деп.
Жұрт құлақтанып, біліп қойып, өзін өлтіретін болған соң Шолақ зым-зия жоғалып, Арқаға қашып кетіп, Қозыбаққа келіп сіңіп, қатын алып, мал малданып, жан жанданып «Қозыбай – Шолақ» атанып кеткен.
Айдай әлемге аты шыққан Алдаркөсе Рамаданнан шыққан. Бұрынғылардың аузында мақал болып қалған «Рамаданның өлген өлігі жеті кісіні алдаған» деген сөз бар.