Kazakh
Тама Сарыбас мерген
«Бір күні бір төбенің басына шыға келдім. Аяғымның астында бір торғын шатыр тұр. Айналасында құланның қодығы байлаулы жатыр. Бір жалаңдаған жас келіншек жылмаң етіп шатырдан шыға сала маған жүгіріп келіп:
– Жездеке, шатырға жүріңіз, – деп қолымнан жетектеп шатырға алып кірді. Ақ шымылдық құрулы, алаша, төсек салулы. Бір сәулеш қыз отыр, ұшып тұра келіп, төсек үстіне отырғызды. Керсен тола қымызды алдыма ап келіп қойды. Бір астау етті алдыма қойып:
– Керсен алдыңызда, кездік қолыңызда, – деп, келіншек шығып жүре берді. Етті жедім, қымызды іштім, қызды құштым. Аузымнан су ақты, балжырадым, қалжырадым. Ұйықтайын деп едім, қыз жалынып, ағатайлап ұйықтатпады. Мені ұйықтатпасқа әңгімеге кірісті:
– Ғайып ерен, қырық шілтен аңның бақташысы болды. Сіз бір түн ұйықтамасаңыз, осы шатыр, барлық сайманымен басыңызда болады. Мен күндіз-түні қасыңызда боламын. Бір түнгі ұйқыңызды көтере алмай, ұйықтап қалсаңыз, сіз маған жоқсыз, мен сізге жоқпын. Анау ел мені ит жеген арам астай көреді. Онан соң жалғанның жарық сәулесі екеумізге арам.
– Жарайды, неге ұйықтайын, – деген болдым. Өйткенімен бола ма, ұйықтап қалдым. Ояна келсем, сопайған өз басымнан басқа дәнеме жоқ. Аң аулаудан қалдым. Бір жыл есік күзетіп, тырп ете алмай қалдым. Бір жылдан соң, басы қаралы, беті жаралы құланға мінген бір келіншек өңгерген бесігін, ішінде бір еркек бала бар, тастап жүре берді. Сол баланың атын Қайыпберді қойды. Өсіп-өніп, оның жұрағаты «Қайыпберді – Тамамыз!» деседі.