Kazakh
Жамансары
Жамансары бәйбішеден: Сағыр, Танаш, жеңге алған әйелінен: Кепер, Шодыр, Жолдыбай.
Осы бес баладан ұрпақ тарап өскен, ұрпағы аздау. Қожастың бір әйелінен: Баби, Сырлыбай, Байғара, Теке. Шешелері қартайғанда бір ұл туыпты дейді. Байғара мен Теке шешесінің қартайғанда екіқабат болып, ұл туғанын ар көріп, ерсі деп біліп, ұлдың кімнен екендігін біле алмай күмәнданып, шешесін өлтірмекші болыпты дейді. Сонда Баби хан екі інісіне тоқтау салып: «Өзім барып, туған баланы көріп, шешеммен сөйлесейін, сендер шыдаңдар», – деген екен. Баби хан барса шешесі шымылдық ішінде отыр екен дейді, баласына көрінбей жасырынып отырыпты. Баби хан қасындағыларымен ауқаттанып, жайланып болған кезде бір жақын жеңгесі: «Хан қайным, інілі болдыңыз, көрімдік бересіз», – дейді. Сонда Баби: «Алып кел, көрейін!» – деп, құндақтағы баланы шештіріп, жалаңаштап, көтеріп тұрып күннің сәулесінен қараса, бала шыныдай таза, мөлдіреген сары бала екен, жарғақтай жұқалығынан күннің көзі көрінетіндей еді дейді. Сонан соң Баби: «Әкемнің өзінен болған бала екен», – деп, «Жамансары» деп ат қойыпты. Жамансары ер жеткен соң киелі, әруақты адам болыпты дейді. Бабидың бір баласы Жалаң көпке дейін балалы болмай, тарығып жүргенде оған Жамансары бата беріп, Жалаңның тұқымы өсіп-өніп көбейген екен дейді.
Бір жылы Жақайымға Бидас, Жандос деген екі бала келіп, қарамағында жүріпті. Бидас (Бида) Жақайымның киімді баласы еді – тегі белгісіз. Жәкең Бидасты (Бида) Көгістің қамқорлығына берген, Көгістің бір баласының есебінде жүрген. Ал Жандостан ұрпақ болмай кеткен дейді.
Бір жаугершілікте Бидастан тараған төрт ұрпақты, тоғыз жастағы Базарды, алты жастағы Пірімжарды, үш жастағы Құдиярды және апасын Бұхардан келген барымташылар тұтқындап, алып кетіпті.
Олар сол барымташылардың қолында жүргенде, Базар беталды құладүз, белгісіз жаққа қашып кеткен еді дейді. Ал апамыз да ізінше екі інісін – Пірімжар мен Құдиярды ертіп, Бұхардан қашып шығып, Қарақалпақ еліне келіп, Құдайқұл деген қарақалпаққа күйеуге шығыпты. Осы кезде Базар екі інісі мен апасын Қарақалпақ елінен іздеп, тауып алған еді. Ағайынды үш ұл Құдайқұл жездесінің қолында жүріпті, Көк теңізден (Арал теңізінен) ханның жылымына кіріп, балық аулаумен айналысыпты. Пірімжар ағасы мен інісін ертіп Қарақалпақтан қашып шығып, Қызылдың құмының ішімен Қазалыға келіп, онан Сыр бойында (Нұршада) отырған Көлімбет ұрпақтарының аулына келіп қосылып, елге араласып, ұрпақтар тарап, Көлімбетке сіңіп, «Біз Көлімбет тайпасынанбыз!» деп аталып кетеді.