Ақшолпан (ІІ нұсқа)

Бірде Мәмен күйші жолаушылап келе жатып, Шолпан атты қыздың ұзатылу тойына тап болады. Шолпан атына заты сай, төңірегіне ақыл көркімен ұнаған аяулы ару болса керек. Сонсоң да ел-жұртқа еркін, ерке болып бой жетіп еді дейді. Той үстінде, бір жағы сол еркелігі бар, бір жағы қимастық сезімі бар, Шолпан қыз төңірегіндегі қ...

Kazakh
Ақшолпан (ІІ нұсқа)
Бірде Мәмен күйші жолаушылап келе жатып, Шолпан атты қыздың ұзатылу тойына тап болады. Шолпан атына заты сай, төңірегіне ақыл көркімен ұнаған аяулы ару болса керек. Сонсоң да ел-жұртқа еркін, ерке болып бой жетіп еді дейді. Той үстінде, бір жағы сол еркелігі бар, бір жағы қимастық сезімі бар, Шолпан қыз төңірегіндегі құрбы-құрдастарына бір базына айтады: «Қадірлі көз көрген құрбы-құрдастарым, қыз дәурені қызғалдақтай келте екен, бауыр басып, бой жеткен ел-жұртымды қимай, көңілім алабұртып отыр. Менің осы бір көңіл-күйімді күй тілінде сөйлетер кім бар?!» – депті. Ойын-тойдың өнерпазсыз болмайтыны қашанғы әдеті емес пе, сол жерде аққу мойын домбыра қолдан-қолға көшіп, небір әсем күй күмбірлей тартылады. Бірақ бұл күйлердің ешқайсысы Шолпанның көңілінен шықпайды. Бәрі де бұрын талай тартылып, талай естіліп жүрген күй болса керек. Шолпанның нәзік жүрегі жаңа саз, тың сарын тілеп, қазіргі көңіл-күйіне үндесер күй іздейді. Осы кезде домбыраға Мәмен қол созады. Отырғандар алғашқыда көлденеңді көк аттының үйреншікті қонақкәдесі болар деп мән бере қоймайды. Бірақ Мәмен домбыраны баптап алып, лекіте қағып жөнелгенде үйдің іші сілтідей тынады. Күй сұлу сазына қоса мұңды сырымен жан тербейді. Сол қалпында қызуы басылмастан лекілдеп келіп тынады. Шолпан қыздың жанарына таңғы шықтай мөлдіреп жас іркіледі. Ризашылығының белгісіндей, Шолпан орнынан тұрып, өз қолымен Мәменнің иығына шапан жабады. Осы жолы тартылған күй ел ішіне «Ақшолпан» деген атпен тараған екен.
English
Aksholpan (Version II)
Once, while traveling, the musician Mamen came across the wedding of a girl named Sholpan. Sholpan, true to her name, was a beloved beauty who captivated those around her with her wisdom and charm. It is said that she grew up freely and playfully, cherished by her community. During the celebration, with a mix of her playful nature and a sense of farewell, Sholpan expressed to her friends: “Dear friends who have seen the world, the time of a girl is as fleeting as a tulip, and my heart is troubled as I part from my beloved people. Who can express this feeling of mine in the language of music?!” As is customary at celebrations, there were musicians present, and the beautiful sounds of the dombra were passed from hand to hand, filling the air with enchanting melodies. However, none of these tunes resonated with Sholpan's heart. They were all familiar pieces that had been played many times before. Sholpan's delicate heart yearned for a new melody, one that would reflect her current emotions. At that moment, Mamen reached for the dombra. At first, the guests did not pay much attention, thinking it was just another customary performance. But when Mamen tuned the dombra and began to play, the room fell silent. The music, with its beautiful melody and melancholic essence, stirred the souls of those present. It flowed uninterrupted, capturing the atmosphere. Tears welled up in Sholpan's eyes, sparkling like morning dew. As a sign of her gratitude, Sholpan stood up and draped a chapan over Mamen's shoulders. The piece played that day became known throughout the land as "Aksholpan."