Kazakh
Ақсақ Темір мен домбырашы
Атақты Ақсақ Темір бір ауылға келеді. Ол кісінің құрметіне сол жердегі домбырашылар түгел жиналады. Олар түрлі күйді шертіп, тәтті әуендерді төгілдіре тартады. Түн ортасы ауған кезде Ақсақ Темір әлгі домбырашылардың бәрін таратып жібереді. Солардың ішіндегі өзіне қатты ұнаған біреуін алып қалады. Оның екі көзі су қараңғы екен. Соқыр күйшінің тартқан күйлеріне, шерткен саусақтарына, шешен домбырасына хан қатты риза болады. Осылай елтіп отырып Ақсақ Темір күйшіден:
– Сенің атың кім? – деп сұрайды. Күйші:
– Атым – Дәулет... – десе керек. Осы сөзді естігенде Темір шіміркеніп, селк ете түседі. Дәулет пен бақты қуып құныққан, дүниені қан сасытып, туғалы тоймай өткен Ақсақ:
– Шіркін-ай, дәулет те соқыр бола ма екен? – деп салады. Сонда Дәулет мүдірместен:
– Тақсыр-ау, Дәулет соқыр болмаса, ақсақтың үйіне барар ма еді? – дейді.