Kazakh
Әмір Темірдің Қожа Ахметтің басына кесене тұрғызуы (ІІ нұсқа)
Әуелде Қожа Ахметтің басына кесене орнату Әмір Темірдің ойына келмеген жайт. Бұған әсер еткен сарай ақыны Кермани. Басқалар азуы алты қарыс Әмір Темірге қарсы бір ауыз сөз айта алмайтын. Ал Кермани: «Хандар, патшалар дүниеге өлім себеді. Олар – өмірдің жауы. Дүниеге өмір ұрығын себушілер – аналар. Оларсыз өмір жоқ. Бәріңнің де аналарың, балаларың бар, кілең бұқадан бұзау тумайды. Балаларды тауып, өркенімізді өсіріп, көсегемізді көгертіп отырған аналар ғой. Ана болмаса, хан мен патша қайдан шығады», – дейтін.
Бірде көңілі тасып, ойы шалқып отырған Әмір Темір оған:
– Кермани, егер мен сатылатын болсам, сен қанша берер едің? – деп сұрағанда, ол:
– Жиырма бес мың әскер, – деп жауап беріпті.
– Мынау не дейді! Бұл менің белбеуімнің ғана құны емес пе? – деді қатқыл дауыспен қатал әмірші.
– Мен сенің белбеуіңді ғана ойлап отырмын. Ал өзің түкке де тұрмайсың, – дейді Кермани.
Әмір Темір Герат қаласын жаулап алады, содан соң бүкіл Персияны жаулап алу үшін жорыққа аттанарда кеңес құрады. Мұны Кермани ұнатпай:
– Уа, ханым, сонау Қаратау мен Алтайдан бастап, қалың еліміз жатыр, бөтен елдерді жаулаймыз деп жүргенде солтүстік жақтағы көршілеріміз және басқалары елімізді шауып, жерімізді жаулап алмасына кім кепіл, – дейді.
Әмір Темір үнсіз, ұзақ ойланады, содан соң:
– Иә, солай болуы да ғажап емес. Бірақ бағымыз жанып, ісіміз ілгері басып тұрғанда ат басын кері бұрғанымыз қалай болар екен? – деп сәл ойланып алып, – менімше жат діндегілерді өз еріктерімен бізге келіп қосылатын, бас идіретін бір амал ойлап табуымыз керек. Ол үшін шекараға жақын жерден көркі көз тартарлық сымбатты ғимараттар, сағаналар, қасиетті таңбалар, кесенелер салумыз керек. Олар ата-бабаларымыздың рухын асқақтатып, дұшпандарымыздың мысын басып тұрсын. Сонда олар бізге ез еріктерімен келіп бағынатын болады. Осыған сен не дейсің? – деп Керманиге қарайды.
– Сөзіңіз орынды. Әуелі Ахметтің басына кесене орнат, – дейді.
– Осы Ясы қаласындағы зиратқа үш Ахмет жерленген. Солардың қайсысының басына кесене орнатқан жөн, – дегенде, Кермани Қожа Ахметтің атын атайды.
Оның осы пікірі Әмір Темірді ойға шомдырды, үш Ахметті ой таразасына салып таразылайды, үш Ахметтің бірі – сұлтан болған Ахмет, екіншісі – Құбылайхан Ханбалықты алғанда әскерінің оң қанатын басқарған атақты қолбасшы Ахмет, ал үшіншісі – олардай мансабы зор, билік иесі емес, қатардағы ислам дінін насихаттаушы сопы Ахмет. Оны бүкіл халық жақсы көреді. Хикметтерін қолдан-қолға түсірмей оқып жүр, қаза болғанына екі жүз жыл өтсе де, басына келіп дұға жасаушылар әлі толастар емес.
Сөйтіп Алланың құлы, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың үмбеті, ислам дінінің насихаттаушысы Қожа Ахмет Ясауидің басына кесене тұрғызғанды жөн деп табады. Оның үстіне туған шешесі Сақыпжамалдың мәйіті осы жерде. Өзінің кіндік қаны да осында тамыпты.
Әмір Темірдің шешесі Сақыпжамал оған екіқабат кезінде түс көреді, түсінде жылан туады. Ол көз алдында үлкейіп, айдаһарға айналады. Айдаһар әуелі Сақыпжамалды жұтып қояды, содан соң елдің ханы Тоқталықты жұтады. Осы түсін үйіне келген кемпірге айтады. «Басқа пәле тілден» деген емес пе, әлгі кемпір сатқындық жасап, Сақыпжамалдың түсін ханға жеткізеді. Хан Сақыпжамалды шақыртып алып, ішін жарып, мазардың ішіне көмусіз тастап кетеді. Сақыпжамалдың туған сіңлісі артынан апасының жатқан жеріне барғанда, жылап жатқан сәбиді көреді. Оның кіндігін тісімен қиып, етегіне орап әкетеді. Алла тағаланың рахымы күшті ғой! Қыз емшегін тосқанда, сүт ағып кетеді. Сәби сүтке тояды. «Алладан ажал келмесе, балталаса да өлмейсің» деген осы. Әмір Темір ат жалын тартып мініп, ержеткенше шын шешесінің кім екенін білмеген.