Kazakh
Асанқайғы мен Әз Жәнібек (ІV нұсқа)
Асанқайғы қойға қошқар қоймай, жылқыға айғыр салмай, бура шөгермей, сиырды бұқасыз сақтап, малды үш жылға дейін ту қылып ауған екен. Сол ауып бара жатқан бетінде ноғайлының ханы Әз Жәнібекке кез болыпты. Бұрын үш тойына шақырғанда Асанқайғы бармаған екен. Ауып бара жатып кез болған соң әз Жәнібекке айтыпты:
– Бұрын бір хан болыпты. Ханның қасында бір қараша кедей үй қоңсысы болған екен. Ханның малының сүмесінен қозы қарын майы мен бір қап құрт алған екен. Күзді күні ел тауға қонар мезгілде қараша хандікінен айырылып кететін болған соң қатынына айтыпты: «Ханымды шақырып, осы құрт пен майдың алдын таттырып кетейік. Сонда бізге қалғаны жұғымды болар.
Ханымға таттырмай кеткен соң берекесі болмас», – дейді. Ханымды үйіне шақырса, қарашаның үйіне кіріп шығуға намыс қылып, ханым керленіп «әне барамын», «міне барамын» деп ақыры бармапты. «Құрт, майдың алдын ханымға таттырмай кетпейміз» деп әлгі байғұстар ханымды сарғайып күтіп, көп уақыт көшпей отырып қалыпты. Күндердің күнінде ханым далаға шығып, қазыханаға барып қайтып келе жатса, ханның кісі алатын бурасы ханымды қуыпты. Ханым сасқанынан қараша үйге қойып кетіпті. Сонда шал байғұс айтқан екен:
– Шақырса, келмес ханымды
Бура қуып келтірді.
Қалжы-бұлжы дегізбей,
Тура қуып келтірді.
Бастай көр, қатын, құртыңды,
Сала көр, қатын, майыңды, – деп. Сол айтқандай үш тойыма шақырдым, келмедің. Қадірсіз, аяқсыз келдің-ау, Асаным!
– Рас айтасың, әз Жәнібегім! Ойың ұрғашыға ауған екен, – дейді Асанқайғы, – өз бойыңдағы ақыл, ісіңе ие бола алмаған жан едің. Сондығыңмен айтып отырсың, сен өзің неге той қылдың, білесің бе? Бірінші той қылдың, қарақалпақтың қызы Қарашаш сұлуды алдым деп. Екінші той қылдың, Жайық судың бойынан дауыл өтпесе, жан өтпейтін үй салдырдым деп. Үшінші той қылдың, құладынға қу ілдірдім деп. Оған несіне келейін, – деп Асан жырлап кетті:
– Әй, Жәнібек хан!
Айтпасам білмейсің,
Жайылып жатқан халқың бар,
Аймағын көздеп көрмейсің.
Қымыз ішіп қызарып,
Мастанып қызып терлейсің.
Өзіңнен басқа хан жоқтай
Өзеуреп неге сөйлейсің?
Қорған салдың бейнет қып,
Қызметшің жатыр ішіп-жеп.
Он сан ноғай бүлінді,
Мұны неге білмейсің?
Қатын алдың қарадан,
Айрылдың хандық жорадан.
Ел ұстайтын ұл таппас,
Айрылар ата мұрадан,
Мұны неге білмейсің?
Құладын құстың құлы еді,
Тышқан жеп жүні түледі.
Аққу құстың төресі,
Ен жайлап көлде жүр еді.
Аңдысып жүрген көп дұшпан
Еліңе жау боп келеді.
Құлың кеп сені өлтірер,
Осыны Асан біледі,
Мұны неге білмейсің?
Осыны көрдім түсімде,
Біл десе де білмейсің.
Әй, Жәнібек! Ойласаң,
Қилы-қилы заман болмай ма,
Суда жүрген ақ шортан
Қарағай басын шалмай ма?
Мұны неге білмейсің?
Айтқан тілді алмасаң,
Енді мені көрмейсің! – депті. Асанқайғының айтқанына басын шұлғығаннан басқа хан дәнеме демепті. Сол жолы екеуі дос болып, жалғыз жетім Жанәліні сұрап алып қалыпты.