Kazakh
Қарқабат
Бұрынғы өткен заманда,
Iлгерi өткен адамда
Шаһарында Үрiмнiң
Патша өткен Қарқабат.
Әдiлдеп үкiм жүргiзген,
Болмаған ешкiм заразат.
Жетiм, жесiр, мiскiнге
Көп қылған екен мархабат.
Бiр перзенттiң зарынан,
Қапалы болды қабағат.
Жас иiсiн көре алмай,
Болмады құрсан, көңiл шат.
Бiр күн патша түс көрiп,
Жинады жұртын сол замат.
– Айтайын түстiң мазмұнын,
Тыңлағын, – дедi, – жамағат.
Әлқисса, патша түс көрiп, түсiнде түрлi iс көрiп, жұртын жинап алып айтып жатқан жерi едi.
– Құлақ сал, жұртым, уәзiрiм,
Бiр түрлi бүгiн түс көрдiм.
Бәрiңе баян қыламын.
Көп жылдан берi қураған,
Есiгiмнiң алдында
Байлапты мәуе шынарым.
Бiреуiн алып жейiн деп,
Мен ғарiп әуес қылғаным.
Көтерiлдi жоғары,
Болмады ила шығарым.
Жеткiзбей кеттi аспанға,
Құрыды шөлдеп дәрменiм.
Бiреуiн алып жей алмай,
Тарқамай қалды құмарым.
Жақсылыққа жорыңдар,
Арт жағын қайғы қыламын.
Әлқисса, патшаның екi уәзiрi болады, бiрiнiң аты Дана, екiншi сiнiң аты Зұлмат едi. Дана уәзiрi оң жағында тұрушы едi. Бұл Дана патшаның сенiмдi уәзiрi едi. Екiншi уәзiрi Зұлмат патшаны жаман көрушi едi. Патша өлсе, мен тағына ие боламын деп тiлеу тiлеп жүрiп едi. Дана Зұлматтан бұрын мен жориын деп, Дананың патшаның түсiн жорып тұрған жерi едi.
– Рас па, тақсыр, белгiңiз,
Жорылық мұны ендi бiз.
Байласа мәуе шынарың,
Бiр ұл табар қатының,
Сүйiншi, шаһым, берiңiз.
Әуелгiңнен сүйiнiп,
Кейiнгiңнен күйiнiп,
Қапалы боп тұр көңлiмiз.
Мәуенi қалсаң жей алмай,
Бола ма қысқа өмiрiңiз.
Тәуелдер болып залымға,
Тартармыз жапа көбiмiз.
Мәуеңiз пiссе түсiңде,
Ер жетер өсiп ұлыңыз.
Ұзап кетсе алысқа,
Ажырар ұлдан шегiңiз.
Перзентiң қашан өскенше,
Сандалар мекен-елiңiз.
Зарығып жүрiп ақыры,
Ұлыңа тиер орныңыз.
Өз балаң сұрар орныңды,
Осыған келдi жөнiңiз.
Осылай деп патшаға,
Дананың айтқан нақылы.
Жалғыз-ақ патша өзi едi,
Жанашыр жоқ жақыны.
Халыққа патша боп едi,
Болған соң басым ақылы.
Тiлеуi сол әркiмнiң,
Бәнденiң болсын ақыры.
Тiлеуiн берiп патшаның,
Болыпты жүктi қатыны.
Жылап жүрген кезiнде,
Көз жасын Алла көредi,
Тiлеуiн берiп патшаның,
Қатыны жүктi боп едi.
Екiқабат қатынды,
Патшаның көзi көредi.
Қуаныш кiрiп iшiне,
Кеулiне шаттық енедi.
Iштегi жатқан нәресте
Патшаның жалғыз көзi едi.
Жанашыр жоқ жақыны,
Жалғыз-ақ патша өзi едi.
Жоруы келiп Дананың,
Патшаға ауру кегенi.
Кеселiнен шошынып,
Данаға хабар бередi.
Шақыртқан соң патшаның
Алдына Дана кеп едi,
Дананы көрiп патшаның
Тапсырып айтқан сөзi едi:
– Сенен басқа кiсiге
Сенбеймiн, Дана, – деп едi.
Жылап тұрып патшаның
Данаға айтқан сөзi едi:
«Көре алмай кеттiм ұлды», – деп,
Осыны айтып еңiредi.
«Кетпедiм, – деп, – иiскеп»,
Көзiнiң жасын төгедi.
«Ұл тапса мұны таққын», – деп,
Бес мысқал гауһар бередi.
– Патша болдым Үрiмге,
Тиген жоқ жанға залалым.
Мен болсам ендi дүниеден,
Данажан, қайтып барамын.
Өзiм болсам жалғыз ем,
Қызығын көрмей ағаның.
Не iнiм жоқ артымда,
Көрмедiм рәтiн баланың.
Данажан, сен де жалғыз ең,
Уәзiр маған боғаның.
Көре алмай сен де бiр перзент,
Қайғысын тарттың жараның.
Зұлмат болса қас едi,
Iстей ме қайдам залалын.
Перзентiмдi көре алмай,
Iшiмде кеттi арманым.
Аймалап иiскеп сүйе алмай,
Тiстеулi кеттi бармағым.
Көзiңнiң қырын сала жүр,
Көрмесiн қорлық алалым.
Данажан, саған тапсырдым,
Жетiмнен босын хабарың.
Көз түрткi боп жүрмесiн
Шешесi мен қарағым.
Осылайша дегенде,
Дананың көңiлi бұзылды.
Көзiнiң жасы сорғалап,
Етегiне шұбырды.
Осыны айтып патшаның
Жалғаннан көзi жұмылды.
Әлқисса, Қарқабат патшаның орнына патша сайлауға Үрiм шаһарының халқы тегiс жиналды. Қарқабат патша басқа жақтан келiп, Үрiм шаһарына ақылының данышпандығымен жалғыз басты болса да халыққа патша болған едi. Дана да Үрiмге басқа елден ауып келген едi. Сөйтiп Дананың да перзентi жоқ едi. Жанашыр туысқандары да жоқ, жалғыз басы едi. Ағайынның көптiгiмен Зұлмат патша болды. Дананың қолы жете алмай қалды. Зұлмат зорлықпен патша болып алған соң, халыққа былай деп жарлық таратады:
– Бәрiңе жарлық етемiн,
Үлкен-кiшi теңдесiм.
Басыңды қосып бәрiңнiң,
Ортаға салған кеңесiм.
Амалдарлар қол қойып,
Мөрiңдi басып бересiң.
Қатынның сөзiн сөйлесең,
Кiмде-кiм босаң өлесiң.
Өлген патша әйелi
Ұл бала тауып жүрмесiн.
Баласы өсiп бiр күнi,
Жүрмесiн iстеп егесiн.
Ата-мұрас тағымды
Өзiме бергiн демесiн.
Екiқабат қатынды
Өлтiрiп маған бересiң.
Өлтiрсем деймiн, халайық,
Мұнымды қалай көресiң.
Осылайша дегенде,
Дананың көңiлi бұзылды.
Қабыртқасы сөгiлiп,
Омыртқасы бүгiлдi.
Ренжiп, қапа боп,
Дананың жүнi жығылды.
«Өлтiргiн, – деп, – қатынды»,
Зәңгiлерге бұйырды.
Зәңгiлер ұрып төбелеп,
Көрсеттi жаман қиынды.
Шарасы жоқ, зар еңiреп
Бейшара қатын күйiндi.
Зарын айтып жалынып,
Қойнына жасы құйылды.
Артынан iздеп бармаққа,
Өлiмнен алып қалмаққа,
Тiлләнi берiп өлiмнен
Ажыратып алмаққа,
Сол уақта ер Дана
Санады тiллә, тиынды.
Зәңгiлер ұрып қатынның
Екi қолын байлады.
Арт жағынан тепкiлеп,
Алдына салып айдады.
Жанынан шошып жалтақтап,
Қатынның көзi жайнады.
Ұрып, соғып төбелеп,
Аулаққа алып барылды.
Сонда қатын зарланып,
Зәңгiлерге жалынды.
– Айналайын, зәңгiлер,
Айтайын, тоқта, зарымды.
Бiр жылша ғана күтсеңшi
Қарқабат патша жарымды.
Еш айыбым жоқ едi,
Жүктеме босқа қанымды.
Сiздерден сауға сұраймын
Шыбындай жалғыз жанымды.
Осыны айтып өтiндi,
Бұны естiп зәңгiлер,
Ашуланып есiрдi.
Тұншықтырып қатынның
Жоғалтып үнiн өшiрдi.
Пышақпен жарып тастады,
Кiнәсiз әйелдi өлтiрдi.
Болысар бұған адам жоқ,
Қорлықпен кеткен секiлдi.
Әлқисса, зәңгiлер әйелдiң iшiн жарып, жапанға тастап кеттi. Дана барайын деп, әйелдi өлiмнен ажыратып алайын деп, зәңгiлерге тiллә берiп, жалынып қарайын деп артынан келiп қараса, әйелдi жарып зәңгiлер өлтiрiп кетiптi. Дана бейшара патшаның қаһарынан қорқып әйелдi көме алмай лажсыз жылап-жылап үйiне қайтып кеттi. Сол күнi түсiне енiп, әйел[дiң] Данаға мына сөздi айтып тұрған жерi едi:
Данаға аян бердi қатын келiп,
Жүрушi ед тiрiсiнде жақын көрiп:
«Ә, Дана, шыныменен көмбедiң бе?
Ерiмнiң жолдас болған ақыл берiп.
Жүзiмдi жасыруға жарамадың,
Қолымнан тұз татқыздым, тағам берiп».
Оянса Дана шошып, түсi екен,
Көмбекке көңiлiне алды мақұл көрiп.
Қатынды көмейiн деп сонда Дана,
Қасына қарап тұрды жақын келiп.
Әйелдiң өлiп қалған бауырында
Емшегiн бiр нәресте жатыр емiп.
Дана баланы көрiп, мынаны айтып жатқан жерi екен:
Ханша, сiзден айырылып,
Қапалы болдым қабағат.
Өзiңдi қайтып көргенше,
Жасырып жүзiң көмгенше,
Қыла алмай жүрдiм еш тағат.
Ақ iсi қара болмайды,
Тауыпсың бiр ұл саламат.
Перзентiңдi көрген соң,
Болып тұр құрсан, көңiл шат.
Аман болсаң нәресте,
Табарсың дедi дәражат.
Осыны айтып ер Дана,
Бiр жарды кеулеп ләззат
Бауырына салды баланы,
Тапсырдым деп аманат.
Емшегiнен аққан сүт
Сорғалап жатыр қабағат.
Аққан сүттi көрген соң,
Боларсың дедi саламат.
Үңгiрден тесiк iстедi,
Көрсiн деп жарық аламат.
Әлқисса, баланың аман-есен қалуына мынау себеп екен: сол күнi айы бiтiп, күнi бiтiп, толғағы жетiп, туатұғын сағаттың мезгiлi екен. Зәңгiлер қатынның iшiн жарып тастағанда, баланың денесiне пышақ дарымастан анасынан туғандай болып бала сау-саламат қала берген екен, тырбанып емшегiн емiп жатыр екен. Бала туылған күнi Зұлмат түс көрiп, түсiнде өзiне қауiп iс көрiп, түсiн айтып жатқан жерi едi:
Түсiн айтып падиша,
Халыққа қарап отырып.
– Жиылып келген халайық,
Ояндым бүгiн шошынып.
Түсiмде бала жолбарыс
Қалама кiрдi зорсынып,
Әскердi жинап ұрыспаққа,
Алдынан шықтым тосынып.
Ұрысуға әскер жарамай,
Айбатына шыдамай,
Шаһардан қашты жосылып.
Қолымда мада жолбарыс
Ұмтылды соған талпынып.
Ұрысар деп босаттым,
Тұрған соң күшпен жұлқынып.
Аузын сүйiп аймалап,
Қуанды оған қосылып.
Әлгi бала жолбарыс
Өзiме қайта ұмтылды,
Әскерiмдi қомсынып.
Қолымда мада жолбарыс,
Көлденең тұрды ол шығып.
Араға түскен ұқсады,
Көзiнiң жасы жосылып.
Сыйлады соны шамада,
Тұрып ем жаман қорқынып,
Дақ салмай кеттi жайына,
Ойлап ем белдi опырар.
Жақсылыққа жорыңдар,
Көрмесем едi қоршылық.
Әлқисса, Дана халыққа: «Патша ашуланбаса, мен жоримын», – дедi. Сонда халық шу ете қалды: «Дана, көңiлiңе тура келген жерiн жоры», – дедi. Жұрт Данаға сенiп, патшаның түсiн тура жорып тұрған жерi едi:
– Рас па, тақсыр, шыныңыз,
Жориық ендi мұны бiз.
Жолбарыс көрсең түсiңде,
Болмайды жақсы түбiңiз.
Бiр бала сiзбен соғысар,
Сiзге айтқан, патша, сырымыз.
Сол бала сұрар орныңды,
Осыған келдi түрiңiз.
Әскерiң қашса жосылып,
Жау болар сiзбен жұртыңыз.
Араға түссе түсiңде,
Жолбарыс мада гүлiңiз,
Аузын сүйсе аймалап,
Қосылар соған қызыңыз.
Өлiмнен қызың ап қалар,
Ойланып мұны жүрiңiз.
Айыпқа, патша, бұйырма,
Кетпесiн ұстап жыныңыз.
Әлқисса, жар үңгiрде жатқан өлген әйелдiң бауырындағы баладан хабар алайық. Бiр-екi жолбарыс – бiрi мада, бiрi арлан үңгiршеде жатқан баланы көрiп, мұны жеп бiз ауқаттанайық деп балаға төнiп тұрған уақытта мада жолбарыс арлан жолбарысқа былай деп тұрған сөзi едi:
– Перзент iздеп екеумiз,
Көңiлiмiз жүрдi бұзылып,
Күндiз-түнi тиыш таппай,
Тау мен тасты қыдырып.
Ап кетелiк үңгiрге,
Балаға тұрмын қызығып.
Арланы да ұнатты,
Түксиген жүнi жығылып.
Ала жөнелдi арқалап,
Тұрмады тоқтап кiдiрiп.
Қуанып кетiп барады,
Неше түрлi құбылып.
Аяғы жерге тиместен,
Ұмтыла басып жүгiрдi.
Жас баланы арқалап,
Үңгiрге алып барады.
Дүние тәттi мәуеден
Алдына төгiп салады.
Ата-анадан он есе
Тәрбие етiп бағады.
Баланы бағып шерiлер,
Жата тұрсын үңгiрде,
Айтайын Мысыр қаланы.
Шаһарында Мысырдың
Мүшкүлат деген бар едi.
Дүниесi қисапсыз,
Патша қатар жан едi.
Дүниемен iсi жоқ,
Ойлағаны бала едi.
Жылауменен қамығып,
Бiр перзентке зар едi.
Қайғысымен перзенттiң,
Мүгедек боп қап едi.
Үрiмге бiр күн шықпаққа
Көңiлiне қиял ап едi.
Бiр мың түйе шығарып,
Бәрiне басшы боп едi.
Жүз жiгiттi қасына ап,
Үрiмге қарап жүредi.
Бiрнеше күндей жол жүрiп,
Аз ғана емес, мол жүрiп,
Үрiмге жетiп келедi.
Бұрынғы өткен Қарқабат,
Мүшкүлдiң досы сол едi.
Мүшкүлат пен Қарқабат
Жан қимастай досты ер едi.
Бiрiн-бiрi көрмесе,
Дүниенiң жоқ керегi.
Татулығы соншалық
Жанын да қиып бередi.
Қарқабат патша өлгелi,
Мұның да осы-ақ келгенi.
Моланың келiп қасына,
Құран оқып басына,
Көзiнiң жасын төгедi.
Алтын, зер алып, сауда қып,
Үрiмнен қайта жөнедi.
Дүниеде қисап жоқ,
Артқаны алтын, зер едi.
Доғаба, шәйi, атлас,
Қымқаптан мақпал көп едi.
Ашып-арып сусады,
Биабан дала шөл едi.
Ерiндерi кезерiп,
Көздерi әбден көгерiп,
Бiр тауға жақын келедi.
Өзi биiк құзар тау,
Көк ала тау дер едi.
Көк ала тауды қақ жарып,
Сарқырап аққан өзенi.
Титығы құрып керуендер
Келе жатқан жерi едi.
Суы мөлдiр күмiстей
Бұл өзендi көредi.
Сусыны қанып су iшiп,
«Аллаға шүкiр» дер едi.
Майсаңға жүгiн түсiрiп,
Жатуға көңiл бөледi.
Бұлар жатсын демалып,
Шерiден хабар берелi.
Шерiлердiң қолында
Қарқабат ердiң көдегi.
Баланы қандай бақты екен,
Шерiнiң жайын көрелi.
Жолбарысқа жас бала
Дәл бiр жаста кезiктi.
Аузына салды емшегiн,
Тартынбай бала емiптi.
Сұсы басым болсын деп,
Айдаһар өтiн берiптi.
Жүректi, күштi болсын деп,
Аузына шашты көбiктi.
Жүзi сұлу болсын деп,
Алтынға булап көмiптi.
Еркелетiп баланы,
Өзiне бердi ерiктi.
Алма, алша, жүзiмдi,
Алдына қойды өрiктi.
Дүние түрлi миуадан
Балаға терiп берiптi.
Денесiнен шыққандай,
Баланың көңiлi сенiптi.
Күн ыстық боп сол күнi,
Екi шер сусап зерiктi.
Тынық су тауып iшпекке,
Көңiлдерi желiктi.
Жас баланы арқалап,
Атша жортып желiптi.
Үстiнде – адам баласы
Жаһанда асқан көрiктi,
Керуен жатқан өзенге
Екi шер жетiп келiптi.
Саудагердi байқамай,
Су жаққа көңiл бөлiптi.
Су iшiп жатқан шерiнi
Саудагерлер көрiптi.
Үстiнде адам баласы,
Керуендер байқаса.
Сегiз бен тоғыз шамасы,
Реңi жас баланың,
Жиырмадан үлкен қарасы.
«Арқан кер» дедi Мүшкүлат,
Солардың үлкен ағасы.
Бiр ауыз ғана жол едi,
Тас өзеннiң жағасы.
Қуанып кеттi Мүшкүлат,
Кеткендей қайғы-сәнасы.
Арқан кердi жол тосып,
Адамдар шулап баршасы.
Жаңғырып кеттi дауыспен
Тау мен тастың даласы.
Арқанды керiп жүз кiсi,
Қашатын жолын шамалап.
Жан қамын ғып екi шер,
Жөнелдi тасты паналап.
Балаға арқан соқтықты,
Түсiрдi жерге орап ап.
Ұстатпай жүр шырқырап,
Тұтқынға алды қамалап.
Теуiп бала аяқпен,
Екi қолмен сабалап.
Шыңғырып жүр айқайлап,
Бiресе жұлып тырмалап,
Киiмдерiн талқандап,
Бет-аузын қойды жаралап.
Ата-анадан ажырап,
Қайғырып бала еңiредi.
Шерiнi жоқтап зар еңiреп,
Көзiнiң жасын төгедi.
Қол-аяғын бекiтiп,
Керуендер алып жөнедi.
Бала қылып алғын деп,
Мүшкүлатқа бередi.
Қарқабат пен Мүшкүлат
Жан қимас тату ер едi,
Мүшкүлатқа кезiктi
Қарқабат ердiң көдегi.
Досының ұлы жолығып,
Мүшкүлдiң болды дегенi.
Керуендер қуанып,
Ортаға алып келедi.
Мысырға келiп Мүшкүлат,
Халқына той ғып бередi.
Бұрында той ғып Мысырда
Озғаны бұдан жоқ едi.
Дүние түрлi жемiс пен
Палауды жұртқа төгедi.
Халықтың бәрiн жинап ап,
Түрлi ауқат берiп бөгедi.
Патша қатар Мүшкүлат
Адам едi мард ойлы.
Қой, сиырдан қисап жоқ,
Ту бие, құр ат сойды.
Ырза болып тойына,
Кәрiп-қасар халық тойды.
Балаға атты қоюға
Жиналды жас пен қарт ойлы.
Шерiнiң сүтiн емген деп,
Шерқуат деген ат қойды.
Әлқисса, Мүшкүлаттың Шерқуаты тоғыз жасқа кезiктi. Алтынсары деген биесi Ақкекiл құлын туды. Мұны да Шерқуатқа бәсiре етiп, ен сап бердi. Арада төрт жыл өттi, баланың жасы он үшке келдi. Ақкекiл дөнен болды. Сол уақта бала атасына барып: «Е, ата, аң аулап, құс салып тамаша еткiм келдi», – дедi. Атасы: «Болады, шырағым», – деп, сауыт-сайманын, ер-тұрманын тұлдап, қасына қырық жiгiт қосып жөнелтiп тұрған жерi екен:
Баланы тұлдап жасады,
Ақкекiл тұлпар мiнгiзiп.
Су жүргiзiп гауһардан,
Тiлләдан жабдық тұрғызып.
Оқ өтпесiн дедi де,
Болаттан сауыт кигiздi.
Семсердi бердi қолына,
Алмастан қылыш iлгiзiп.
Қырық жiгiт қосты қасына,
Сәулетпенен жүргiзiп.
Әр шаһарды танытты,
Бiлмегендi бiлгiзiп.
Ит қосты арқар, елiкке,
Ұйтқытып бөкен қуғызып.
Дуадақ, қаз, үйрекке
Салды құсын қуғызып.
Қыз, жiгiт аймаласқандай,
Бәрiнен болды бұл қызық.5
Құрсан қылды жолдасын,
Қызық сөз айтып күлгiзiп.
Жолықты бiр топ керуенге,
Сөзге алды бала тұрғызып.
– Ассалаумағалейкүм,
Ағалар, болсын жолыңыз,
Алыс емес ауылға,
Меймандар, жүрiп қоныңыз.
Әңгiмеңдi айта кет,
Көремiз жақсы соны бiз.
Өтiнемiз сiздерден,
Бiр күнше бiзбен болыңыз.
Керуендер айтты: – Шырағым,
Асығыспыз көбiмiз.
Мейман бол деп өтiндiң,
Жақсы ғой тiптi оныңыз.
Қона алмаймыз үйiңе,
Ұзақта әлi жолымыз.
Рахмет, жан балам,
Көңiл қойып бiздерге,
Құлағыңды сал, балам.
Үрiмнен шығып келемiз,
Сөзiме айтқан қан, балам.
Шаһарында Үрiмнiң
Зұлмат деген бар, балам.
Тоздырыпты өз жұртын,
Iстеген iсi жап-жаман.
Соны көрiп таңырқап,
Ақылым айран, дал, балам.
Бұрынғы өткен патшасы
Қайырлы екен Қарқабат.
Жетiм-жесiр мiскiнге
Көп қылған екен мархабат.
Соны айтып жұрты шулайды,
Болмаған екен заразат.
Дүниеден көшiптi,
Қарқабат тауып зор опат.
Қалыпты жүктi қатыны,
Тапсырған екен аманат.
Өлтiрiптi Зұлмат,
Бекерге iстеп қиянат.
Залым екен патшасы,
Зар еңiреп отыр жамағат.
Зұлматтың бұл күнде
Бiр перзентi бар екен.
Айыбы қыз демесең,
Артықша туған жан екен.
Оймақ ауыз, күлiм көз,
Нәзiк белдi, шырын сөз,
Жұрт мақтаудай-ақ бар екен.
Қыздың аты – Құндызша,
Нөкерi бар көрiндi,
Ойнап жүр бауда қырық қызша.
Алтындай, жақұт, гауһардай,
Жалтылдап отыр жұлдызша.
Жазық маңдай, ақ қабақ,
Толықсып отыр үр қызша.
Кеулiңде титтей шер қалмас,
Жалғанда соны кiм құшса.
Дүниенi тәрк етер,
Өзiңдей жiгiт бiр тұрса.
Кейiнгi тұрған бiрiмiз
Езуiнен су ағып
Ыржаңдап кеттi жындыша,
Бiр түйе зердi жоғалтты
Көргендей таныс құрбыша.
Теп-тегiс сұлу көрiндi
Сайрайды ән сап бұлбұлша.
Әлқисса, қырық жiгiтке қоштасып Үрiмге баруға бала талап-танып, қырық жiгiттен әкесiне сәлем айтып жатқан жерi едi:
– Қасымда нөкер қырық жiгiт,
Жоқ едi ешбiр жаманың.
Бiраз күн болды менiң де,
Сiздермен жолдас болғаным.
Риза бол жолдас ақыңа,
Ешқайсың қапа болмағын.
Үрiмнен шыққан керуеннен
Есiттiм залым хабарын.
Ашуым келiп өзiмдi
Тоқтата алмай барамын.
Зорлықшыл екен есiттiм,
Залымға ойран саламын.
Алла нәсiп әйласа,
Қызы мен тағын аламын.
Тағдырым бiтсе егер де,
Сол жерден келмей қаламын.
Атама дұғай сәлем де,
Сол үшiн туған баламын.
Бiр барсын iздеп әскермен,
Болады қандай заманым.
Көңiлiме қайғы етемiн,
Атамның жалғыз қалғанын.
Осыны айтып Шерқуат,
Үрiмге қарап жөнедi.
Түйеменен жүргенге
Отыз күндiк жол едi.
Салт атты тынбай жүргенде,
Жиырма күндiк жол едi.
Ақкекiлге қамшы ұрады,
Қолтығын созып кередi.
Тұлпарға қамшы басады,
Сүйегi тұлпар Ақкекiл
Есiнеп аузын ашады.
Тұяғына тас тисе,
Артына оқтай атады.
Екпiнiмен тұлпардың
Ұша алмай құстар жатады.
Қос танауы желбiреп,
Аузынан көбiк шашады.
Жақындап қалды Үрiмге,
Ағарып таң да атады.
Келе жатыр тұлпары
Аяқтары тарсылдап,
Тұяғынан шыққан от
Шақпақ тастай жарқылдап.
Ақкекiл тұлпар ойнақтап,
Нақышты сулық сақылдап,
Орнатқан гауһар құйысқан
Сауырына сартылдап.
Алмас қылыш жанында,
Сауытқа соғып шақылдап.
Бауда жүрген қырық қызға
Шерқуат келдi жақындап.
Қырық қыз көрiп байқамай,
Нағып жүр дейдi жалпылдап.
Толықсып бала бұралып,
Қыздарға келдi жарқылдап.
Қырық қыз сонда тамсанып,
«Бала екен, – дейдi, – татымды-ақ».
Құндызша айтты қырық қызға:
– Шулама сiздер саңқылдап.
Қасына таман барайық,
Сәулетi бар бала екен,
Аңғарып сөзiн қарайық.
Тасаға атын байлаңдар,
Көрмесiн ешбiр халайық.
Жақтырсақ егер қырқымыз,
Бiреумiз ер қып алайық.
Кiм айтса егер басқаға,
Желкесiн қиып алайық.
Тiсiңнен сөз шығарма,
Бiр ауыз ғана болайық.
Сонда қырық қыз айтты:
– Құндызша, бала емес бiзге лайық,
Өзiңiз ер ғып ала бер,
Сөзiңде айтқан тұрайық.
Тiлләдан ою бастырған
Шұға көрпе жабайық.
Екi асылды бiр қосып,
Тамашаңа қарайық.
Осылай қырық қыз деп едi,
Балаға Құндыз келедi,
Келген соң былай деп едi:
– Бекзадам, болсын жолыңыз,
Ордаға кiрдiң сұрамай,
Көрмелiк айып оны бiз.
Сiз сықылды жұлдызға
Жетер ме созсақ қолымыз.
Сауыт-сайман жарағың,
Қалайша келген порымыңыз.
Сұраймыз, айып көрмеңiз,
Қай шаһардан келдiңiз?
Сүйегiң таза бала екен,
Патшаға ұқсас белгiңiз.
Келе жатып бет алып,
Баудағы бiздi көрдiңiз.
Аңсарың ауып көрген соң,
Бiз жаққа тартты көңлiңiз.
Ата-анаң кiм болар,
Қалайша, қалқам, жөнiңiз?
– Мысырдан шығып келемiн,
Бiр жақсы қыз iзденiп.
Күндiз-түнi ұйқы жоқ,
Биабан дала түз көрiп.
Тынбастан күн-түн жол жүрiп,
Дәл түсте тұрмын кез келiп.
Аттың басын бұрып ем,
Баулардан сiздi мен көрiп.
Жай-мәнiсiм осындай,
Жүр едiм жұрттан қыз көрiп.
Теңiмдi тауып берсеңiз,
Ықтияр және сiзде ерiк.
Теңiмiз егер болмаса,
Әуре боп босқа жүрмелiк.
Менi лайық көрмесең,
Басқа елден тағы iзделiк.
Осылай деп Шерқуат,
Қылықсып назбен бұралды.
«Шiркiн-ай» деп қыздардың
Аузынан суы шұбады.
Бiр мақсатты ойланып,
Құндызша сөздi шығарды:
– Қырық қыз отыр алдыңда,
Жақтырмай тұрсыз бұларды.
Бiреуiн де менсiнбей,
Боп отыр көзiң мұнарлы.
Жастық дәуiр аз-ақ күн,
Ешкiм де тоқтап тұрмады.
Тiлiмдi алсаң, бекзадам,
Құмармын сiзбен тұрғалы.
Ордада бүгiн бiр жатып,
Тарқатсам деймiн құмарды.
Ақкекiл атты көрсетпей,
Сарайға таса қамады.
Жем iлдi кiлем дорбамен,
Жоңыршқа таза салады.
Ертiп жүрдi ордаға
Шерқуат сынды баланы.
Бiр iлгерi, бiр кейiн
Қылықсып басып қадамы.
Күйеулерше сызылып,
Толықсып кетiп барады.
Бiреудi бiреу көрмейтiн,
Боп едi құптан қараңы.
Жiбек кiлем, атлас,
Шәйi көрпелер салады.
Аспазы ауқат дайындап,
Алдына әкеп қояды.
Әзiлдесiп дәм жесiп,
Баланың мейiрi қанады.
Сол уақта Шерқуат
Құндызға назар салады.
Сыпайы сөзбен әзiлдеп,
Күлiмсiреп қарады.
«Құндызша, берi келшi», – деп,
Қолынан тартып алады.
«Не айтасыз, жаным», – деп,
Қасына Құндыз барады.
Құндызша келдi қылықсып,
Мойнына қолды салады.
Буыны босап балбырап,
Толықсып кетiп барады.
Аймаласып, иiскесiп,
Мейiрi таза қанады.
Ұйқының қамын iстеуге
Жайына қырық қыз тарады.
Қымбатты асыл шәйiден,
Шұға көрпе жабады.
Мәпия деген сақау қыз
Көрiнбей бұғып қалады.
Қырық қыздардың iшiнде
Ұрысқақ осы жаманы.
Қутыңдаған қу тiлдi,
Күлдiргi едi шамалы.
Орнынан тұрды жұлқынып,
Тас-талқан болып қалады.
«Патшаға барып айтайын», –
Деп айқайды салады.
Ашуланып, бұрқылдап,
Патшаға жетiп барады.
Алдына келiп патшаға,
Былай деп айтқан хабары.
Оқиғасын қызының
Алдына келiп салады.
– Әдейi келдiм, тақсыр-ау,
Алдыңызда болғалы.
Бiр жiгiт келдi Мысырдан,
Шырайлы екен ажары.
Бiр күннен асты, ей, шаһым,
Қызыңмен бiрге болғалы.
Жүгiрiп келдiм ашумен,
Қызыңа тидi залалы.
Қырық қыз да құрметтеп,
Қызыңа қосты баланы.
Ұйықтамай аңдып жатып ем,
Қызыңыз жылап қалғаны.
Үлкен емес, кiшi емес,
Орта ғана бойлы екен.
Жылатып қойды қызыңды,
Адыраңдаған сорлы екен.
Нәзiк белдi қызыңның
Қандай ғып жанын қойды екен.
Әлпештеп баққан қыз едi,
Қай жерiн, тақсыр, ойды екен?
Мұны есiтiп падиша,
Көңiлi қапа болады,
Қайғыға iшi толады.
«Балаға қосып құртайын,
Жоқ, – дейдi, – қыздың обалы».
Екi зәңгi босатты,
– Бала мен қызды жегiн, – деп.
Денесiн жеп той, – дедi,
Кәлласын алып келгiн, – деп.
Далаға басын тастама,
Қолыма ап кеп бергiн, – деп.
Өлтiрген белгiң сол болсын,
Көз көрiп көңiлiм сенсiн, – деп.
Бағып жатқан патшаның
Зәңгiлерi көп едi.
Әсiресе, iшiнде
Алтауы оның зор едi.
Қарқабаттың зайыбын
Өлтiрген алтау сол едi.
Босатты патша екеуiн,
Шерқуат, қызға жөнелдi.
Ордасына Құндыздың
Зәңгiлер жетiп келедi.
Келе жатыр ақырып,
– Қайдасың, бала, өлдiң, – деп.
Ажал айдап, жүгермек,
Бұл жерге нағып келдiң, – деп.
Қарсы жүрдi Шерқуат,
– Келсең кел, мен де ермiн, – деп.
Ақырғанмен айбат қып,
Жүрегiм үрiкпес менiң, – деп.
Қорқатұғын адамың
Мен емес, зәңгi, сенiң, – деп,
«Сөйлеме» деп балаға,
Зәңгiлер жетiп барады.
Албастыдай екi дәу
Ортаға алды баланы.
Жас баланың басына
Зәңгiлер гүрзi салады.
Гүрзiсiн қағып жiбердi,
Шерқуат ердiң амалы.
Жiбердi атып садақты,
Семсерiн тартып қалады.
Қылышпен шауып жiбердi,
Зәңгiлер тапты қазаны.
Менменсiп келген екi дәу
Сол жерде опат табады.
Екi дәудi жайратып,
Шерқуат құрсан болады.
Екеуi өлдi алтаудың,
Төрт дәуден хабар алалы.
Мәпия сақау жүгiрiп,
Патшаға жетiп барады.
Осы бойы Мәпия
Патшаға келдi жүгiрiп.
Апырақтап асығып,
Тоқтамады кiдiрiп.
– Қу баланың күшiне,
Жанымнан кеттiм түңiлiп.
Жiберген екi дәуiңнiң
Ап қойды мойнын суырып.
Сөйлерге әлi келген жоқ,
Апшысын қойды қуырып.
Кеудемде жаным қалмады,
Қарады маған бұрылып.
Қу баладан шошындым,
Жолбарыс шерi порымды.
Бүйте берсе бұл бала,
Бөгейдi сiздiң жолыңды.
Қызыңызды қылжитып,
Қайнатып қойды сорыңды.
Әлпештеп баққан қызыңа
Ойласпай iстед тойыңды.
Несiне тақта отырсың,
Аяулы жерiң ойылды.
Мәпия осылай дегенде,
Патша қапа болады.
Сақаудың сөзiн есiтiп,
Есiнен патша танады.
Сасқалақтап Зұлмат,
Болмады сабыр-қарары.
Екi дәу нашар едi деп,
Төрт дәудi таңдап салады.
Үлкендiгi төрт дәудiң
Төбеден үлкен қарамы.
Пiл сияқты терiсi,
Үңгiрге ұқсас қабағы.
Қомды түйе сыйғандай
Кеңдiгiнiң тамағы.
Жарлық етiп Зұлмат,
Төрт дәуге барғын деп едi.
Мұны есiтiп зәңгiлер,
Шерқуатты iздеп жөнедi.
Жер-жаһанды жаңғыртып,
Бала мен қызға келедi.
Сұсы жаман айбатты
Төрт дәудi бала көредi.
Көмегi жоқ баланың,
Жалғыз-ақ қуат өзi едi.
Он үш жасар бала ем деп,
Көңiлiне қайғы енедi.
Есiне түсiп жалғыздық,
Көзiнiң жасын төгедi.
Бармағын тiстеп қайғырып,
Ертпедiм жолдас деп едi.
Айыбы бала жастығы,
Күшiне бiрақ сенедi.
Құндызша қыз зарланып
«Сақтай көр, Алла», – дер едi.
– Баланы, Егем, сақтай көр,
Толмаған жасы кем едi.
Кесiрiм менiң тиер ме,
Бiреудiң жалғыз көдегi.
Естушi ем Мүшкүл де
Перзентке зарлы неме едi.
Қайырлы жетiм-мiскiнге,
Қайыры тиген ер едi.
Жолбарыстан айырып,
Асырап алды деп едi.
Мысырдан шығып бiр өзi,
Үрiмге жалғыз кеп едi.
Өтiрiк пе, рас па?
Менiмен жұпты боп едi.
Мұхаммед, жәрдем етпесең,
Бейшара жетiм өледi.
Батырлардың пiрi едi,
Әлидiң тигей көмегi.
Егер жәрдем етпесең,
Құндыздан өлу себебi.
Осылай деп зарланып,
Айтты жылап наланы.
Зәңгiлер сонда ақырып,
Қақпаға жетiп барады.
«Дарбазаны ашқын», – деп,
Айқай-сүрең салады.
Ашпады Құндыз есiктi,
Талқандап кiрдi қақпаны.
«Жүгермек, нағып жүрсiң?» – деп,
Ортаға алды баланы.
Төрт жақтан тиiп зәңгiлер,
Шерқуат ердi қамады.
Алмас қылыш, семсердi
Шерқуат қолға алады.
Толмаған жасқа Қуатты
Жабылып төрт ит талады.
Найзамен түйреп Шерқуат,
Қылышпен сермеп шабады.
Ыңғайына кеп қалса,
Семсердi тартып қалады.
Жас балаға төрт төбет
Бой беретiн болмады.
Әлсiредi Шерқуат,
Титықтап шаршап шамалы.
Жас бала ендi шаршады,
Бойында қуат қалмады.
Тұла бойы дiрiлдеп,
Буындары талады.
Сыр бермей жүр сонда да,
Зәңгiлермен алысып.
Шошқаға тиген бүркiттей,
Зәңгiлерге жабысып.
Ар-намысты ойланып,
Денесiн ұстап қарысып.
Омыртқа талды ойысып,
Қабыртқасы қайысып.
Тiзеге тiзе соғысты,
Бақайшағы майысып.
Құлауға бала айланды,
Екi аяғы шалысып.
Әлқисса, Құндызша баланың жығылатынын байқап, палуандарды ақымақ қылып мақтап тұрған жерi едi. Бұл төрт балуандардың аты: Қопал, Қопалмен бiр туған екiншiсi – Сапал едi, үшiншiсi – Айпар, төртiншiсi – Айпармен бiр туған Жайпар едi.
Құндызша сұлу сол уақта
Бiр ақыл тапты ойланып.
«Құртайын, – дедi, – төртеуiн,
Есебiн тауып айла қып».
Киiндi асыл киiмiн,
Үр қызындай сайланып.
Бетiне тұтып пердесiн,
Бұрала басып толғанып.
Зәңгiлерге айтты Құндызша:
– Күшiңе тұрмын таңғалып.
Үрiстем, Дастан, Әлi де
Пар келмес, аға, сiзге анық.
Олар да шыдап тұра алмас,
Болса да Салсал, ер Мәлiк.
Жамандай бердi баланы,
Өтiрiк жылап зарланып.
Үш күн болды келгелi,
Кет десем кетпей сандалып.
Етер деп залал қорқамын,
Ашуы келсе шамданып.
Аштан өлсiн қорлықпен,
Зынданға таста апарып.
Пердесiн алып Құндызша,
Көрсеттi жүзiн сонда анық.
Ақылын алдап алмаққа,
Құндызша бетiн ашады.
Iреңiн көрiп зәңгiлер,
Есi кетiп сасады.
Ақылдан мүлде адасып,
Бұлардан дегбiр қашады.
Гауһардай көзi жарқырап,
Құндызша нұрын шашады.
Қиғаш қасы сызылып,
Тартқандай сымға жасады.
Қара көз, кiрпiк сүрмедей,
Нұрына нұрын қосады.
Адамзаттан бөлекше,
Үрi мен перi болмаса.
Ақылдан адам адасар,
Бетiне күлiп қараса.
Үлбiреген тамағы,
Бұғағы аппақ тамаша.
Екi иығы тақтайдай,
Қып-қызыл бетi алмаша.
Салалы мойны жұп-жұмыр,
Тұлғасы бiткен жараса.
Меруерттей тiстерi,
Пiшiмi келген рас, ә!
Оймақ ауыз, күлiм көз,
Нәзiк белдi, шырын сөз,
Бәрi де ғашық ұнаса.
Ойласады зәңгiлер:
– Алайық, – дедi, – қаласа.
Құндызша, болсын айтқаның,
Десең де бiзге араша.
Зынданға өзiң тастай ғой,
Қолыңа бердiк болмаса.
Өлтiрдi деп өзiң айт,
Әгарда атаң сұраса.
Бiреумiздi таңдап ал
Күйеу деп, атаңа ұнаса.
Құндызша тапты ақылмен
Зәңгiлердiң айласын.
– Палуан, сiздер көрiңдер,
Мазақтап қырық қыз байласын.
Текешiктi бақыртып,
Құйқасын қырық қыз шайнасын.
Аямас қыздар өшiккен,
Шықпайтын етiп жайласын.
Бақылдаған текешiк,
Есiне түсiп ойласын.
Арт жағына тепкiлеп,
Өздерi қыздар айдасын.
Төрт батырдың күштерiн
Құтырған жетiм байқасын.
Құндызшаның сөзiне
Мақтанып дәулер күледi.
Құндызшаның әдiсiн
Теп-тегiс қыздар бiледi.
Ортаға алып ұрғансып,
Зынданға қарай жөнедi.
Теп-тегiс халық ұйқыда,
Ортасы түннiң кезi едi.
Ишаратпен Құндызша
Былайша бұйрық бередi:
– Зынданға барған жерiнде
Бекiтiп байла, – деп едi.
«Байлағын» деген бұл сөзi –
«Бос қойғын оны» дегенi.
Зеберлес деген бiр қызға,
Құндызша соған сенедi.
Бекiтiп байла дегенiн
Зеберлес қыз да сезедi.
Сол қырық қыздың iшiнде
Зеберлес едi зерегi.
Құндызша мен екеуi
Достасып тату боп едi.
Шерқуатты босатып,
Жайына қырық қыз жөнедi.
Бекiтiп байлап салдық деп,
Дәулерге хабар бередi.
– Құрсаулап темiр шегемен,
Қалады-ау өлiп, – деп едi.
Құндызшаға ыржақтап,
Басылмай дәулер елеңi.
Көзiн қысты Зеберлес,
Құндызша мұны бiледi.
Шерқуат қайтып бiлдiрмей
Сарайға келiп кiредi.
Тесiктен қарап паналап,
Дәулердi көрiп тұр едi.
Құндызша сөзге сап отыр,
Түсiнiп бала бiледi.
Зәңгiлер айтты сұлуға:
– Бiлiңiз бiздер кiм, – дейдi.
Төртеумiз де палуан,
Жөнiмiздi бiл, – дейдi.
Айбаттанып ақырсақ,
Қыламыз талқан-күл, – дейдi.
Құндызша, бiр сөз айтамыз,
Жалған емес шын, – дейдi.
Төртеумiздi ұнатсаң,
Бiреумiзге таңдап ти, – дейдi.
Құндызша айтты: – Мақұл-ақ,
Шартыма айтқан тұр, – дейдi.
Ортадан әйел етуiң,
Батырлар, ұят бұл, – дейдi.
Сыпайылап сөз айтсаң,
Ақымақ, надан бiлмейдi.
Мұныңды атам естiсе,
Сiздердi жақсы көрмейдi.
Бәрiң де асқан шерiсiң,
Қандай қыз, сiрә, тимейдi.
Бiреуiң арнап алыңдар,
Таласқаның сын, – дейдi.
Күресiп жығып алыңдар,
Тиейiн соған мен, – дейдi.
Жыққаның байла бекiтiп,
Сендерге шартым сол, – дейдi.
Жығылған жатсын байланып,
Бұзбаған шартты ер, – дейдi.
Осындай шарт iстесу,
Бұрыннан қалған жол, – дейдi.
Ұнатты сонда зәңгiлер:
– Осы айтқан сөзiң жөн, – дейдi.
Кiм жығар екен байқап тұр,
Көзiңмен, айым, көр, – дейдi.
Әлқисса, Қопал мен Сапал бiр туған, Айпар мен Жайпар бiр туған едi. Қопал мен Айпар, Сапал мен Жайпар күресiп тұрған жерi едi.
Құндызша сұлу бұларға,
Қалыс боп сынап тұрады.
Сол мезгiлде шамасы
Жарым түн ауған уағы.
Екi жұптан сайланып,
Күреске дәулер шығады.
Айпарды Қопал көтерiп,
Астына басып ұрады.
Сапалды Жайпар серейтiп,
Шоқпардай атып жығады.
Бiреуiнiң ағасы, бiреуiнiң iнiсi,
Екеуi намыс қылады.
Шарт бойынша бекiтiп,
Аяқ пен қолын буады.
Байланған көрiп Айпарды,
Намыс қып Жайпар қызарды.
Сапалды көрiп Қопал да
Реңi қашып қуарды.
Егеске түстi палуандар,
Сабыры шыдап тұрмады.
Ыза кернеп денесiн,
Iштерiн ашу тырнады.
«Дәу арсалаң» деген сол,
Арт жағын пайым қылмады.
Ұстаса түстi белдесiп,
Қопалды Жайпар сығады.
Жайпар мiндi үстiне,
Зорсынған Қопал құлады.
Қол-аяғын тас байлап,
Аузына сабан тығады.
Үшеуi тас боп байланды,
Жалғыз-ақ Жайпар қалады.
Өздi-өзiн ептеп құрттым деп,
Құндызша iштен қуанды.
Кiргiзiп iшке Жайпарды,
Сұлу қыз маймыл қылады.
Әлқисса, Жайпарды iшке кiргiзiп Құндызшаның Жайпарды мақтағаны:
Құндызша айтты Жайпарға:
– Табылды сiздей қатарым,
Жер жүзiне жайылды
Балуан Жайпар атағың.
Бұлар да сiзден жығылды,
Зорсынған Қопал, Сапалың.
Астыңа басып екеуiн,
Бiр өзiң байлап-матадың.
Сiз сықылды ер тұрғанда,
Басқамен қайтып жатамын.
Текешiк өңкей балаға
Басымды қалай шатамын.
Төсенсем төсек болады,
Жүнделек қалың сақалың.
Аузыңа сүйсең сиямын,
Даласындай апанның.
Езу қалай келiскен,
Жағасындай шапанның.
Мұрныңа сондай құмармын,
Қырындай сүңгi жотаның.
Сақал-мұртың келiскен,
Қамысындай ну қопаның.
Танауың жақсы таңқиған,
Айналайын ботамның.
Аспаз да мұндай соқпайды
Асатын қазан-ошағын.
Тiсiң де iрi айқасқан,
Пар келмес тiсi шошқаның.
Ернiң де үлкен көрнектi,
Қақпағындай тоспаның.
Сiздiң белiң жiңiшке,
Қопал, Сапал боқ қарын.
Үш күнде неке қиялық,
Рұқсатын алып атамның.
Атадан рұқсат болмаса,
Таяғы тиер батаның.
Үш күнге шыда, батырым,
Некелеп сiзбен жатамын.
Қылықсып назбен бұралып,
Осылай Құндыз деп едi.
Арсалақтап Жайпар ер
Қасына қыздың келедi.
– Құндызша, сенiң жолыңа,
Бiр жаным құрбан, – дер едi.
Сен сүйсең, мен де сүйемiн, –
Деп үстiне төнедi.
Шақ келмес маған еш бәнде,
Қарсылық қылса өледi.
Осы да маған жетер деп,
Шашының ұшын өбедi.
Жақындатпай айламен,
Құндыздың айтқан өлеңi:
– Тұлғасы келiспес ер бола ма,
Ерлердi түсiнбейтiн дер бола ма?
Езбелер ердiң iсiн iстей алмас,
Төбешiк асқар таумен тең болар ма?
Iшiне жайын балық жүзе алмаса,
Тоқтау су шұқырдағы көл болар ма?
Деушi едi батыр адам ел қорғаны,
Батырсыз еш уақта ел болар ма?
Ар да бар, батырларда ұят та бар,
Ойлаудан ондай кiсi кем болар ма?
Қосылсақ асығыспен некеленбей,
Есiткен елге, батыр, жөн болар ма?
«Асыққан – шайтан iсi» деген сөз бар,
Ешқандай шайтан жүрмес жер болар ма?
Үш күнге, сүйген жарым, шыдай тұрғын,
Есiтсе басқаларға сөз болар ма?
Осылай Құндыз дегенде,
Мәпия жетiп келедi.
Мәпия сақау Жайпар мен
Құндызшаны көредi.
– Сорлы Жайпар, ыржақтап,
Отырсың несiн, – дер едi.
Бұл сияқты арсалаң
Алдауға тез-ақ көнедi.
Бiлiп қой, ақымақ,
Тұзаққа түсiп өледi.
Осыны айтып сақау қыз,
Тыраңдап қаша жөнедi.
Құндызша қыз: «Сақауды
Ұстаңдар, қырық қыз», – деп едi.
Осылайша дегенде,
Қырық қыз жапты қақпаны.
Қырқы да тегiс жүгiрiп,
Қашатын жолын ап қалды.
Жайпар да жеттi ұмтылып,
Сақауды бүрiп бас салды.
Құйрығына шапақтап,
Сау жерiн қоймай дақ салды.
Құндызшаның алдына
Сақауды сүйреп апарды.
Патшаға айтып қояр деп,
Оны да байлап тастады.
Әлқисса, Құндызша Жайпар дәуге: «Сiздiң күшiңiзге ырза болдым, мына дәулердi қалай байладыңыз, менiң де аяқ-қолымды байлаңызшы, көрейiн. Осы уаққа дейiн бiреудiң аяқ-қолын байлап көрмедiм, болмаса қол-аяғымды байлатып та көрмеппiн», – деп Құндызша Жайпарға қарап күлiмдеп, бiр өлең айтып тұрған кезi едi:
Ашығын ашық жары сағынады,
Сiздей жар қайдан маған табылады.
Әйелден алтын басты еркек артық,
Ерiне әйел кiсi бағынады.
Бет келсе қатын адам ер пiрiне,
Тозаққа ақыретте салынады.
Тамаша оңашада етейiк деп,
Күлiмдеп палуанға жалынады.
Көрмеушi ем қол-аяғы байланғанды,
Қалайша байланғандар таңылады.
Байлаңыз, менiң қол мен аяғымды,
Дақ түсер азар болса не қылады.
Әлқисса, Жайпардың есi кетiп есiнеп: «Е, сәулем, аяқ-қолыңа дақ түссе және үш күнге жiберiп сiлемдi қатырарсың. Сенiң қол-аяғыңа дақ түскенше, менiң бетiме дақ түссiн», – деп қалбырақтап арсалақтап тұрады.
Құндызша айтты: – Ерiмсiз,
Асқар тау биiк белiмсiз.
Шын жүрегiм сүйетiн,
Арыстан туған шерiмсiз.
Байламаймын қолыңды,
Болады күнә, пiрiмсiз.
Басқа қыз келiп байласа,
Көредi қандай көңлiңiз.
Балдыздарың байласын,
Қызығын ойнап көрiңiз.
Көтерiлiп қалмай ма,
Қыздармен ойнап белiңiз.
Қайбiрiн ойнап сүйсең де,
Бiлерсiз, ерiм, өзiңiз.
Әлқисса, Жайпар зәңгi арсалақтап Құндызшаға қарап: «Ақыл-iзетiңе әзiр өлсем де ырзамын, қыздардың бәрi де келсiн, жездесiн көрсiн», – деп қолын созып, аяғын бүгiп, «байлай берiңдер» деп, байлатуға ықтиярын берiп жата бердi. Құндызша қырық қызға: «Жездеңнiң қасына келiп, қол байласу ойнап құмарларыңды тарқат», – деп, қырық қызды жездесiне жапты. Сонда Зеберлес қыз Шерқуатқа қыздың киiмiн кигiзiп қырық қыздың iшiне қосып қойған едi. Отыз тоғыз қызды қасына қосып, Шерқуатпен қырық қыз етiп, палуанның қол-аяғын байлатуға жiберiп тұрған кезi едi.
Зеберлес қыздың амалы,
Өнерi асқан көп едi.
Ақылы артық қырық қыздан,
Бiлiмдi және зерегi.
Қырық қызды бастап Зеберлес,
Жездеге қарай жөнедi.
Киiмiн киiп қыздардың,
Шерқуат бiрге келедi.
Сақал-мұрттан белгi жоқ,
Бойжеткен қыздай реңi.
Араласып қыздармен,
Iшкерi бала кiредi.
Қып-қызыл бетi алмадай,
Қыздан да артық көрнегi.
Қыздарға қарап ыржақтап,
Жездесi Жайпар күледi.
Сөзi қопал, сиқы жоқ,
Ақылсыз, есi кем едi.
Қыз түгiл, қатын көрмеген,
Жабайы өскен неме едi.
Кiсiлiк иiсiн сезбейдi,
Қырық қыз байқап бiледi.
Әзiлдестi Жайпармен,
Қызық сөз айтып не түрлi.
– Сөйлемей неғып отырсың,
Шығарғын, жезде, дертiңдi.
Дәулердi байлап тастапсыз,
Орындап, жезде, сертiңдi.
Құмарланып кеп тұрмыз,
Көрмекшi болып көркiңдi.
Әзiлдесiп Жайпармен,
Ортаға алған секiлдi.
Жездемiз, сiзбен ойнаймыз,
Тыңдамаймыз кепiңдi.
Жабылды қырық қыз жұлмалап,
Жездеге салды топырды.
Құлағын дәудiң созғылап,
Мойнына шығып секiрдi.
Құндызша айтты Жайпарға:
– Тұлғаңыз шерi порымды,
Бiрдей қып Алла жаратқан
Алды-артың, оң мен солыңды.
Айтайын бiр сөз сiзге, ерiм,
Көрмеңiз айып онымды.
Уәде сiзбен етiп ек,
Десеңiз егер орынды.
Мен де қызық көрейiн,
Қыздырды қыздар көзiмдi.
Болмаса айып сiзге, ерiм,
Байласын аяқ-қолыңды.
Жайпар айтты: – Айымжан,
Қылмаймын екi сөзiңдi.
Әсiресе, қырық қыздың
Бiреуi жаман көрiндi.
Белiмдi ойнап қысқанда,
Көрсеттi жанға көзiмдi.
Ойнауынан шошыдым,
Жiберме, қалқам, соныңды.
Сынды ма, қайдам, жаны жоқ,
Ойнады қысып қолымды.
Егер оған байлатсаң,
Тыңдамас бары-жоғыңды.
Сiзден менi айырып,
Қайнатар, жарым, сорымды.
Әлқисса, Құндызша Шерқуатқа қарап: «Әй, қыз, сен тәртiпсiз екенсiң, бұзық ойнағанша, қызық ойна, жездеңнiң есiнен шықпайтын етiп ойна, бүлдiрiп ойнағанша, жездеңдi шек-сiлесiн қатырып, күлдiрiп ойна. Ендi осы ойын ақырғы ойын, бұратала мен қуанатындай тындырып ойна», – дедi. Бала түсiнiп: «Мақұл, жездеме көрмеген қызықты көрсетiп ойнаймын», – деп күлдi. Құндызша да түсiнiп бiлдi.
Осылай деп сол уақта,
Орнына қырық қыз тұрады.
Опыр-топыр жездемен
Тамашаны iстеп құрады.
Әсiресе, бiр балдыз
Жезденiң жанын шығарды.
– Қандай қыз күшi мол, – дейдi,
Менен де бұл қыз зор, – дейдi,
Қыздардан Жайпар сұрады.
Күштi балдыз жездесiн
Көтерiп жерге ұрады.
– Ойының жаман екен, – деп,
Тоңқая жезде құлады.
Қырық қыздар қалды жайына,
Жалғыз-ақ балдыз жығады.
«Жездежан, жайың қалай?» – деп,
Қол-аяғын буады.
«Әзiлдеймiн, жезде, – деп,
Құмартып қапсың сен де», – деп,
Сiлкiлеп мұртын бұрады.
«Жас жiгiт болғын, жезде», – деп,
Сақалын түтiп жұлады.
– Балдыздың ойыны құрысын,
Құндызша, кел, – деп жылады.
Мұндай балдыз құрысын,
Қыздардың iсiн қылмады.
Қой десем де қоймайды,
Керең бе, қайдам, құлағы.
Қыз да болса күштi екен,
Жолбарыстай сияғы.
Алалым, өзiң келмесең,
Мынау қыз жазым қылады.
Таңға таяу боп едi,
Сабах садық уағы.
«Әзiлiм ғой, жезде», – деп,
Өкпесiн қысып сығады.
Ойнаймыз деп «түйебас»,
Үстiне қыздар шығады.
Қол-аяғы байлаулы,
Көтеру қайда бұларды.
Опырылып омыртқа,
Қабыртқа қирап сынады.
Ойынның арты шын болып,
Жайпар дәу көзiн жұмады.
Балдыздардың ойнынан
«Жездесi» өлiп тынады.
Тастады қырық қыз шұқырға,
Үш дәуден баян қылалы.
Қопал, Сапал байлаулы,
Айпар да жатыр қысылып.
«Қызбенен Жайпар кеттi», – деп,
Қапа жеп, қайғы шегiп.
Бiр жарым күн байланып,
Бәрi де кеткен iсiнiп.
Қырық қыз келдi топырлап,
Бiлмекке көрiп жүгiрiп.
Бiр-бiр қылыш қолында,
Келдi қыздар жұтынып.
Өлтiрмекке үш дәудi
Сайланып келген күтiнiп.
Шерқуат бала iшiнде,
Әскерше басып құтырып.
Шерқуат еркек порымда,
Зәресiн қойды ұшырып.
– Өлтiрме, жанды қалдыр, – деп,
Бас изей бердi өтiнiп.
Сiзге, ерiм, бiздi айдаған
Зұлмат патша тықсырып.
Бармаймыз десек қоймады,
Айдаһардай ысқырып.
Құндызға Жайпар айланып,
Қарамай кеттi пысқырып.
Шынжырмен байлап тастады,
Үзе алмай қойдық ышқынып.
Құндызшаға таластық,
Тер қысып бiздi ұшынып.
Құндызша бiзге шарт қойды,
«Жыққаның ал, – деп, – iс қылып».
Несiне айта беремiз,
Өзiң де тұрсың түсiнiп.
Өлгенше сiзге бiз серiк,
Жалындық қолды қусырып.
Егер бiзге нанбасаң,
Зынданға қойғын түсiрiп.
Жанымыз қалса болады,
Өлгеннен жақсы тiршiлiк.
Мейiрi түстi баланың,
Еткен соң жылап мұңшылық.
«Байланған дәудi өлтiрсем,
Болмайды, – дедi, – кiсiлiк».
Дәулердi бала босатты,
Уайым қылмай тiксiнiп.
– Өздерiң бiлгiн, дәулерiм,
Дұшпандық етсең күш кiрiп.
Осыны айтып тұрғанда,
Таң атып қалды күн шығып.
Әлқисса, зәңгiлер сонда Шерқуатқа шын көңiлмен ырза болып: «Патшаны көрмеймiз, айтқанына көнбеймiз, сенiмен бiрге патшаға қарсы соғысқа шығамыз», – деп, Шерқуаттың қасында жата бередi. Таудағы ата-анасы – екi жолбарыс баладан ажырап, қапаланып қайғы жеп, жылауда болады. Сол баланы iздеп тауып алалық деп, екеуi Үрiмге қарай бет қойып кетiп бара жатқан жерi едi:
Ата-анасы – екi шер
Баланы ойлап еңiредi.
Ойланса iшi өртенiп,
Көзiнiң жасын төгедi.
Жинады күшiн жолбарыс,
Арыстан, қабылан, шер едi.
Ауыздары он қарыс,
Қайтпайтын жаудан ер едi.
Ата шерi жол бастап,
Үрiмге тартып жөнедi.
Жер-жаһанды жаңғыртып,
Үрiмдi басып кiредi.
Келедi екi жолбарыс,
Көзiнiң жасын төгедi.
Оқтын-оқтын өкiрiп,
«Перзентiм қайда?» дер едi.
Сүтiн емген Шерқуат
Түсiнiп сөзiн бiледi.
Сүт емiзген анасын,
Атасын бала көредi.
Тағаты тоқтап тұра алмай,
Сабыры бала шыдамай,
Шерқуат жетiп келедi.
Құрметтеп ата-ананы,
Қол қусырып иiлiп,
Шерқуат жетiп барады.
Ата-анасы – шерiлер
Көзiн ашып қарады.
Ақырып келiп арсаңдап,
Аймалай бердi баланы.
Жарыла жаздап жүрегi,
Қуанды өте шамалы.
Мекiренiп ыңырсып,
Үстiне түсiп барады.
Бетiне басын сүйкелеп,
Қалмады сабыр-қарары.
Адасқан қой мен қозыдай
Жамырасып қалады.
Жолбарыс жатсын табысып,
Мүшкүлден хабар қылалы.
Әлқисса, Мүшкүлат Мырзалық деген бiр жiгiттi жүз жiгiтке бастық етiп, мың түйенi Мысырдан Үрiмге шығарып, Шерқуаттың хабарын сұрастыра кел деп жұмсаған едi. Жолбарыстармен Шерқуат табысып жатқан кезде, Мырзалық керуенiмен қасынан өтiп бара жатқанын Шерқуат көрiп қалып, «тоқта» деп шақырып тұрған жерi едi:
Қасынан өтiп барады
Сол уақта Мырзалық.
Жүгiне кiлем жаптырған,
Асыл мал таза ыңыранып.
Артқаны – алтын, гауһар тас,
Нарлары аруан қызбалық.
Шерқуат сонда шақырды:
– Тоқтағын, мырза, сұралық.
Ол жiгiт айтты Қуатқа:
– Қайттым, – деп, – алтын, зер алып.
Көрген заман алғашта-ақ
Шерқуат қалған бұл танып.
Жолдас болған бұрынғы
Қырық жiгiттiң бiрi екен,
Құшақтай алды бұл барып.
Мырзалық айтты: – Шерқуат,
Атаңнан баян қылалық.
Үрiмге балам кеттi, – деп,
Зар еңiреп атаң жыланып.
Iздеймiн деп баламды,
Жинады әскер қамданып.
Есепсiз әскер патшадан,
Даяр боп қалған қолға алып.
Кеп қалған шығар жақындап,
Қап едi шықпақ боп жиналып.
Осыны айтып болғанша,
Кеп қалды Мүшкүл сонда анық.
Екi жүз мың әскермен
Аспанға шаңы шұбалып.
Баланы қорғап шерiлер,
Айлана қоршап ыңыранып.
Аузын ашып есiнеп,
Көрсетiп күшiн қырланып.
Қапал, Сапал, Айпар да
Демалып қалды тыңланып.
Патшаменен ұрыспаққа,
Қапал мен Сапал сұрланып.
Жайпардан Айпар айрылып,
Бұ да ашулы жынданып.
Әлқисса, Мүшкүлат пен Шерқуаттың табысып жылап жатқаны едi:
Шерқуат жетiп барады,
– Атажан, көзiң ашқын, – деп.
Iздеген балаң мен, – дедi,
Күдер үзiп қапсың, – деп.
Құшақтай алды Мүшкүлат,
– Адасқан қозым таптым, – деп.
Жылап жатыр шағынып,
Ойламай менi жаттың, – деп.
Қартайғанда атаңды
Бiр қызға бола саттың, – деп.
Айтатұғын сақтаған,
Iшiмде арман-дертiм көп.
Ойыңа тiптi алмадың,
Қайғыда қалды қартым деп.
Ата-анаң болса меңдеген,
Не болар екен артым деп?
Жастығыңды ойға алмай,
Iстеймiн батыр салтын, – деп.
Келмедi ме ойыңа,
Сарсаң боп қалар халқым деп.
Бара жатқан керуеннен
Есiттiң қыздың дерегiн.
Ашықтықтың дертiнен,
Сол қызды iздеп жөнелдiң.
Жалғыз, он үш жаста ем деп,
Уайым-қайғы жемедiң.
Жасың жетсе ер жетiп,
Мұнша уайым жер ме едiм.
«Жүргенде де» дейтұғын
Перзентi көп шал мен бе едiм.
Бiр баланың дертiнен,
Қайғысы асқан шерлi едiм.
Жаным қайтiп шыдасын,
Ағайыны сайлы сен бе едiң.
Өзiңмен туған бала жоқ,
Соны ойлап шаршап меңдедiм.
Бетiңнен сүйiп алайын,
Мауқымды басып қанайын.
Қасыма жақын кел, – дедi,
Болмады сабыр-шыдамым.
Бетiңдi, қалқам, бер, – дейдi,
Атасы ашты қойынын.
Еркелеп келiп Шерқуат,
Құшақтап алды мойынын.
Сағынып көрген құшақтап,
Аймалап жатыр ай-күнiн.
Үйiрiнен адасқан
Табысқандай тай-құлын.
Мүшкүлат жатсын табысып,
Данадан хабар берелi.
Сағынып жүрген ер Дана,
Iшiнен қайғы жер едi.
Баланың қайда кеткенiн,
Бiле алмай еңiреп жүредi.
Жас иiстi көре алмай,
Зарыққан ердiң бiрi едi.
Әлқисса, Дана уәзiр баланы қойған жерден жоғалтып, таба алмай зарлап жүр едi. Қайда кеткенiн бiлмей, зарлап таба алмай жүргенде, «қалаға бiр жас палуан бала келiптi» деген хабар естидi. «Сол менiң адасып қалған көрдегi Қарқабаттың баласы шығар» деп, Зұлматқа көрiнбей балаға келiп, Қарқабатқа ұқсатып, ақиқат баланы танып, сонда Дана[ның] баладан аты-жөнiн, «кiмнiң баласысың?» деп сұрап тұрған жерi едi:
– Адасып қайдан жүрсiң, жаным балам,
Ынтызар болып келдiм мен де саған.
Жүзiме жылы жүздi көрiнесiң,
Кiм болар сенi өсiрген ата-анаң.
– Кiсiнiң сiз сияқты баласымын,
Көзiнiң ағы менен қарасымын.
Бiлмеймiн ата-анамның кiм екенiн,
Жетiм қап жас кезiмде адасыппын.
Үлкейдiм жолбарыстың сүтiн емiп,
Ер жетiп дұшпандармен таласыппын.
Сiз де, ата, жөнiңiздi түсiндiргiн,
Бас қосып сiзге бүгiн жанасыппын.
– Шырағым, мен атаңның Данасы едiм,
Сасқанда ақыл қосқан һәм есi едiм.
Қарқабат сенiң атаң әдiлеттi,
Жұмысын жүргiзетiн кiсiсi едiм.
Патша боп сенiң атаң өткен едi,
Жалғаннан опат тауып кеткен едi.
Қолыма бiр гауһарды өзi берiп,
Тапсырып аманат деп кеткен едi.
Қатыным бiр ұл тапса, таққын, – дедi,
Ай-күнi шешеңнiң де жеткен едi.
Орнына залым Зұлмат патша болып,
Өлiмге анаңды үкiм еткен едi.
Өлтiрдi анаңызды зақым берiп,
Өлiмнен алсам деп ем алтын берiп.
Артынан жеткенiмше жарып тастап,
Көме алмай қорыққанымнан кеткем жылап.
Кетiппiн жылап жатып ұйқыға енiп,
Жатыр ем шырт ұйқыда қапаланып,
Сөйлестi менiменен қарт анаң келiп.
«Е, Дана, шыныменен көмбедiң бе,
Жүрушi ем тiрi күнде жақын көрiп.
Жүзiмдi жасыруға жарамадың,
Ерiме жолдас боп ең ақыл берiп».
Оянсам сонда шошып, түсiм екен,
Көмудi ойыма алдым мақұл көрiп.
Анаңды көмейiн деп сол уақытта,
Қасына қарап тұрдым жақын келiп.
Анаңның өлiп қалған ақ төсiнде
Емшегiн бiр нәресте жатыр емiп.
Сен едiң емшек емген, көрдiм, – дейдi,
Қасыңа жақынырақ келдiм, – дейдi.
Тапсырған атаңыздың аманатын,
Мойныңа гауһар тағып бердiм, – дейдi.
Бес мысқал мойныңдағы жарқыраған
Гауһарың – менiң таққан белгiм, – дейдi.
Құлыным, ендi өлсем арманым жоқ,
Таба алмай жүрген едiм, көрдiм, – дейдi.
Басайын жүрегiмдi бiр құшақтап,
Аңсадым беттен сүйгiз, келгiн, – дейдi.
Құшақтап жатыр аймалап,
Перзентсiз едi бұл ғарiп.
Мұны естiп Шерқуат,
Бұзылды көңiлi сұрланып.
Топтап әскер майданға,
Зұлмат жатыр шығарып.
Қайратқа мiндi Шерқуат,
Асынып жарақ қолға алып.
Жер-жаһанды жаңғыртып,
Шерлер шықты ыңыранып.
Арыстандар ақырып,
Қайратын жиды қырланып.
Мүшкүлат айтты қолына:
– Шығыңдар, тоқтап тұрмалық.
Құндызша қыз баланың
Өмiрiн шындап сұранып.
Не болар деп заманым,
Көз жасын төгiп бұл ғарiп.
Шерқуат мiндi тұлпарға,
Найза мен қылыш қолға алып.
Мүшкүлаттың әскерi
Бұлар да шықты қамданып.
Қасына алды Шерқуат,
Жолбарыстарын шақырып.
Шерқуат сонда жөнедi,
Ақкекiл атқа қамшы ұрып.
Шерқуаттың соңынан
Шерiлер кеттi зар ұрып.
Шерқуаттың соңында,
Кеткен жоқ босқа қаңғырып.
Шерқуат айғай салғанда,
Жолбарыстар да ақырып.
Шерқуат кiмге ұмтылса,
Бұлар да соған қарсы ұрып.
Талқандап кетiп барады,
Қиратып жауды жапырып.
Лақтырса бiр тiстеп,
Қадаған тастай атылып.
Қапал, Сапал, Айпар да,
Бұлар да шықты ақырып.
Мүшкүлаттың әскерi,
Тұрған жоқ бұлар тартынып.
Зұлматтың әскерiн
Үрiмнен қуды қашырып.
Мұны көрiп Зұлмат,
Қарсы жүрдi жылап аһ ұрып.
Шерқуаттың алдына
Зұлмат келдi бас ұрып.
Әлқисса, Зұлматтың Шерқуат балаға жалынып, бiр сөз айтып тұрған жерi едi.
– Айналайын, шырағым,
Алдыңа келiп жыладым.
Аяғыңа жығылып,
Алдыңа келiп құладым.
Өтiптi менен бiлместiк,
Айтқаныңа тұрамын.
Тағым да, бағым сенiкi,
Жанымды сiзден сұрадым.
Әлқисса, патшаның айыбын бетiне басып, Шерқуаттың сондағы сөзi:
– Алдыма нағып келдiң, келмес патша,
Дүниеден өз ойыңша өлмес патша.
Жыласа жайын айтып жүктi қатын,
Көз жасын шыбын құрлы, көрмес патша.
Не себеп, жақсы көрдiң менi нағып,
Не жайлы өлтiрмеймiн сенi нағып.
Жалынса жүктi қатын аямап ең,
Жетiмге жалынасың ендi нағып?!
Менiң атам бұрынғы
Қайырлы екен Қарқабат.
Жетiм-жесiр, мiскiнге,
Көп еткен екен мархабат.
Дүниеден кетiптi,
Сол атам тауып зор опат.
Қалыпты жүктi анамыз,
Тапсырған екен аманат.
Жүктi анамды өлтiрiп,
Iстепсiң, зұлым, қиянат.
Өлген анам iшiнен
Туыппын тiрi, саламат.
Өлтiрмекке бұйырдың,
Тумаған күндеп баласын.
Залымдықты iстедiң,
Ойланбай ақ пен қарасын.
Жолықпас ең бұл күнге,
Iстесең iстiң сарасын.
Жолбарыс бақты жасымнан,
Көрмедiм ажал қазасын.
Мүшкүлат бақты бала ғып,
Мысырдың көрдiм қаласын.
Мiнгiздi тұлпар саймандап,
Жабдықтың сайлап тазасын.
Тiллә сауыт кигiздi,
Алтыннан салып жағасын.
Ит жүгiртiп, құс салып,
Дүниенiң шақтым мазасын.
Сол күндеген жетiм – мен,
Келмесiн, патша, зейiлiң.
Тумаған күндеп баланы,
Тар болды неге пейiлiң?
Мүсәпiр әйел жалынса,
Түспедi қалай мейiрiң?!
Осылайша дегенде,
Құндызша жетiп келедi,
Келiп сөйлей бередi.
Жорығаны Дананың,
Осындай анық келедi.
Өмiрiн сұрап зұлымның,
Құндызша былай дегенi:
– Айналайын, Шер, – дейдi,
Өкiнгенмен өткен iс
Орнына қайтып келмейдi.
Ұстап алған олжаңды
Бiр сапар, жарым, бер, – дейдi.
Жылап тұрған зарланып
Шерқуат көрдi Құндызды.
Көзi түсiп кеткен соң,
Қимайды тағы құрғырды.
Лажы жоқ ешқандай,
Әйелсiз, сiрә, кiм жүрдi.
Өлтiрер едi зұлымды,
Қимайтын нәрсе бүлдiрдi.
Сонда Шерқуат Құндызшаға қарап:
– Сен үшiн, Құндыз, кешiрдiм,
Етпейiн тарлық мен, – дейдi.