Kazakh
Қисса Хатымтай жомарт
Бисмиллаһир-рахман ир-рахим
Дүнияда Хатымтай болған екен,
Тұрған жерi Арабстан болған екен.
Бұ дағы Пайғамбар Расул Алладан
Аз бұрын жомарттық қылған екен.
Хатымның заманында болған екен,
Қара арғымақ бiр аты болған екен.
Бұл аттың айтайын сипаттарын,
Рағаддай ауазы болған екен.
Бұл арғымақ тым қара сұлу болған,
Жүргенде тым жылдам жорға болған.
Жорғасын салдырғанда арғымақтың
Ескен жел артынан кейiн қалған.
Осындай тым жақсы жүгiрiк едi,
Суға кiрсе балықтай жүзер едi.
Кiсiнесе бiлерсiң көк күлтiрей,
Осындай бiр дана айғыр едi.
Хатымтай тым дана, жомарт болған,
Жомарттығы әр қалада мәшһүр болған.
Бiрқатар жомарттығы Хатымтайдың
Үрiмнiң патшасына мағлұм болған.
Падиша хазiретiне есiтiлген,
Хатымтайдан жомарт жоқ мәсли болған.
Қарасаң арғымағы бiр дүлдүлдей,
Мұндай жорға дүнияда бiр болма[ған].
Осындай мадақты патша хазiретi
Есiтiп уәзiрiне бiр сөз салды.
Айтыпты падиша хазiретi:
– Тiлеймiн Хатымнан осы атты.
Егерде ихсан қылып бере қалса,
Рас екен Хатымның жомарттығы.
Егерде бермесе бұ атты,
Бос екен жомарт де[ген] ауазы.
Осылайша бiр дана уәзiрiне
Хатымға барарға бұйрық салды.
Бұл уәзiр тым дана зерек екен,
Қасына он кiсi жолдас еткен [екен].
Осылайша елшi болып барғанында
Қыс болып қар, жаңғыр жауған екен.
Қабила Тайға елшi жеттi,
Хатымтай ауылына келiп жеттi.
Осында елшi де рахат көрiп,
Қанша нығметпенен хұдұр еттi.
Осында Хатымтай қонақтарға
Бiр атты бауыздады ет асарға.
Еттерiн елшiлер жеп болғаш,
Алтындар ихсан еттi бұ заттарға.
Осылайша елшiлер қонақ болды,
Бiр күн өтiп екiншi күн және болды.
Осында уәзiр де сөйлей бердi,
Падиша хазiретiнiң айтқан сөздi.
Уәзiр айтты: – Келгенiм сiзге, тақсыр,
Сұлтаным атыңды сұрайды – бер.
Хатымтай бұ сөздi есiте салып,
Маст кәби бихұзыр болады бiр.
Хатымтай осында бiр айтады:
– Бұрын неге айтпадың бұл хабарды,
Жорғамды басы бүтiн саған берiп,
Шат қылар едiм мен көңiлiмдi.
Уай, дариға, аяулы бұл жорғамды,
Кәбап қылдым сiз үшiн бұ дүлдүлдi.
Қазанға асарға сiз қонаққа
Кеше кеш сойып едiм ол дүлдүлдi.
Өткен күн сiз қонақ болған уақыт
Қой-түйемнен бiрiсi де қорамда жоқ.
Сiздерге ет асарға бiр қарадан
Көзiме бұ жорға көрiндi құп.
Осында тұрды да елшi айтты:
– Соймасқа керек едi арғымақты,
Еттен басқа болса да нәрсеменен
Сыйласаң болар едi бiз қонақты.
Хатымтай осында жауап берген:
– Ет жемей қонағым бiр жатудан,
Ол жорғам қанша қимат болса дағы,
Артық көрдiм қонағым бiр тойғаннан.
Жарандар, дүнияда мен iстерiм,
Мәшһүр болсын дүнияда бәнiм намым.
Атымның мәшһүрлiгiн тiлемеймiн,
Тiлеймiн дүнияда өзiм намым.
Хатымтай осылайша сөздi тамам еттi,
Елшiлерге алтын менен киiм бердi.
Және де жолдарына аттар берiп,
Ұзатып қонақтарын құрмет еттi.
Үрiмнiң падишасы мұны есiттi,
Жорға сойып сыйлағанын һәм есiттi.
Алтын киiм, жылқы берiп ұзатқанын
Бiле салып падиша тахсин еттi.
Және де құлақ салың, ей, жарандар,
Хатымның мұндай ғажап қиссасы бар.
Бiр заман Йеменнен келген уақыт
Тән-жанменен жомарттық қылғаны бар.
Бiр әкiм болған екен ол Йеменде,
Баяғы Хатым жомарт заманында.
Бұ әкiм һәм және жомарт болған,
Сонда да жетпеген Хатымтайға.
Неге десең, Хатымтай бай болған,
Мұндай жомарт дүнияда бек аз болған.
Дүнияда мысалы Хатымтайдың
Бiр жоқ деген сөздерi рас болған.
Хатым айтқандай жомарт бопты,
Қолдары ақша шашқан жаңғыр кәби.
Мұны естiп Йеменнiң ол әкiмi
Ойлаған Хатымнан болам сақи.
Егерде Хатымды бiреу айтса,
Жомарт деп мәжiлiсте мақтай қойса,
Бұ әкiм осында хасад менен
Ыза болып көңiлiнен ашу ете.
Ол әкiм хасаддан бiр айтыпты:
– Хатымды не үшiн мақтайсыз? – дептi.
Мендей мемлекетке сұлтан емес,
Далада бiр жатқан ғарiп, – дептi.
Бұ әкiм сарайында мәжiлiс қылды,
Мәжiлiсiнде һәр кiсiнi құрмет еттi.
Һәр адамның халiне лайық болған,
Мәжiлiсте өзi жүрiп тағзым еттi.
Бұ мәжiлiсте арадан бiреу тұрып,
Хатымды мақтады дұға қылып.
Кейбiреу мәжiлiстен тұра салып,
Хатымды сөйледi жаман қылып.
Мәжiлiс қылған ол әкiм тұра келдi,
Хатымға тым қатты хасад қылды.
«Хатымның қанын төгiп кел», – деп,
Сол жерде бiреудi тағин қылды.
– Неге десең, Хатымның заманында
Жомарттықта жете алмайым мен анларға.
Заманымда ол Хатым тiрiк болса,
Жомарттықпенен қалмайды атым мұнда.
Мұнан соң Балажой бiреу кеттi,
Тай қабиласының осында жолын тұтты.
Көрiссе Хатымды өлтiрмек болып,
Осылайша өзiнен қиял еттi.
Балажой осылайша барады ендi,
Тай деген руға жетедi ендi.
Хатымның ауылын бiлмегеннен,
Бiр әдемi жiгiтке ұшырап сұрады ендi.
Бұ жiгiт Балажойға қарсы келдi,
Ашық жүздi достықты изһар қылды.
Балажой бұ жiгiттi жақсы көрiп,
Екеуi осында тамыр болды.
Балажой Хатымды бiлмеп едi,
Бұ жiгiт Хатымтайдың өзi едi.
Сұлу беттi бiр жiгiт болған екен,
Ғалым, ақыл және де тәттi тiлдi.
Балажойды бұ жiгiт қонақ еттi,
Үйiне алып барып құрмет еттi.
Балажойға құрметтi қыла тұрып,
Құсыр еттiм деп және де ғұзыр еттi.
Осылайша Балажойдың көңiлiн алды,
Iзеттi, құрметтi қатты қылды.
Балажойдың мұратын бiлмегеннен,
Туысқандай өзiне тамыр қылды.
Бiр кеше сахар уақты болып едi,
Балажойдың қолдарын келiп өптi.
– Қанша күндер бiздерде қонақ бол, – деп,
Құрметтi қылайын және, – дептi.
Көңiлдегiдей құрметтi қыла алмадым, –
Хатымтай айтады, – ай-а, жаным.
Балажой айтады ол жiгiтке:
– Рұқсат бер ендi бiзге, әй, қарағым.
Неге десең, бiр үлкен керегiм бар,
Iздеген дүниеде мұратым бар.
Хатымтай айтады Балажойға:
– Керегiңдi бiзге де айтқыл зинһар.
Мұратыңды егерде маған айтсаң,
Керегiңдi табарға жәһд етсем.
Көңiлiм сол уақыт болар едi,
Керегiңдi осынан тауып кетсең.
Балажой естiдi Хатымтайдан
Осындай сөздердi шын көңiлден.
Балажой айтады Хатымтайға:
– Сырымды айтайын көңiлiмден.
Тiлеймiн сiздерден ендi мұнда,
Һешкiмге сырымды зинһар етпе.
Йеменнiң әкiмiнiң бұйрығыменен
Хатымды iзденiп келдiм мұнда.
Әй, жiгiт, Хатымды сұрайын ендi,
Ауылы қайда Хатымның, айтың ендi.
Хош құлықты Хатымтай күлiмсiреп:
– Сұраудан мұрат не мұнда, – дедi.
Балажой айтады сырларыны:
– Естiдi Йеменнiң падишаһы,
Жiбердi бiздердi бұл орынға,
Хатымның кесiп кел деп басыны.
Бiлмеймiн бұ iске қандай себеп,
Кеткенiн падишаның ашу қылып.
Осылайша жiбердi бiздi мұнда,
Хатымның басыны талап қылып.
Балажой айтады ол жiгiтке:
– Тiлеймiн Хатымды бiлдiрмекке,
Хатымның мекенiн бiр айтсаңыз,
Болады ынтымақтық бұ достықта.
Хатымтай осында мұны есiттi,
Күлiмсiреп Балажойға ендi дедi:
– Хатым деген iздегенiң мен боламын,
Қылышыңменен басымды кел, кес! – дедi.
Тәнiмнен басымды айырып ал,
Тiлеуiң болып осыдан патшаға бар,
Басымды кесе салып қараңғыда,
Байқамастан жылдам-ақ кетiп-ақ қал.
Егерде кетпесең жылдам мұнан,
Таң атқаш кетсеңiз егер мұнан,
Туған-туысқаным келе салып,
Бiр зарар қылмасын сiзге деймiн.
Мұнан соң Балажой сырдан кеттi,
Хатымның басыны ортаға қойды.
Хатымның осындай халiн көрiп,
Айғай салып осында жылап қойды.
Балажой Хатымды бiлгеннен соң,
Сасып қалды бұ жерде көргеннен соң.
Балажой бұ жерде жылай-жылай,
Қолын өптi Хатымның бiлгеннен соң.
Қылышын Балажой шығарды ендi,
Шығарып бiр жерге қойып едi.
Хатым да басын қойып түрегелдi,
«Кесiңiз басымды» деп рұқсат бердi.
Балажой Хатымға мұнда айтты:
– Қылышты қоймаспын саған, – дептi.
Сенiңдей шарифтiң ұжудына
Жәбiр етпек бiздерге обал, – дептi.
Осылай деп Хатымның екi көзiн,
Балажой келiп өптi мұнда өзiн.
Мұнан кейiн құшақтасып бiр көрiсiп,
Тұтты ендi осында Йемен жолын.
Балажой Йеменге қайтып келдi,
Халiнi падиша сұрап бiлдi.
– Не үшiн Хатымның бiр басыны
Кеспейiн[ше] Йеменге қайттың? – дедi.
Барғанда Хатымның ауылына
Төбелес қылды, муәли, сенга.
Сонда Хатымды жеңе алмайын,
Құры бос қайттың ба ендi мұнда?
Осында Балажой жауап айтты,
Падишаның қасында тағзым еттi.
Хатымның дұғаменен сәнасынан
Падишаға сөйледi мұнда ендi.
Балажой айтыпты падишаға:
– Хатымды таптым мен бұл дүнияда,
Өнерлi, хош мiнез, сұлу жүздi,
Осылайша таптым оны Тай елiнде.
Ол Хатым тым жақсы жомарт екен,
Ақылды, тәмизлi дана екен.
Және де айтайын бiр сипатын
Балуандықта бiздерден абзал екен.
Хатымның жомарттық ауыр жүгi,
Екi қат iлдi менiң арқама.
Осындай бiр дана жомарт екен,
Қояды қандай болса нығметтерi.
Осылайша Балажой көп айтады,
Көргенiн хазiрет патшаға сөйлейдi.
Мұндан соң Йеменнiң падишаһы
Хатымға бұ жерде дұға еттi.
Мұндан соң Йеменнiң падишаһы
Мөһiрлеп уәзiрге ақша бердi.
Ақшаны қалтаға махкам қылып,
Хатымның атына ихсан қылды.
– Ақшаны Хатымға алып бар, – дедi,
Бiздерден сәлемдi сөйле, – дедi.
Хатымның шүһрәтi өз басына
Лайық-дүр не қылса да ендi, – дедi.
Мақтауға ол Хатым лайық екен,
Жомарттығы дүниеде рас екен.
Соның үшiн бұ хатты ол Хатымға
Мөһiрлеп есiмiне ирсал етем.
Пайғамбар Расул Алла заманында,
Сахабалар Тай қабиласына барғанында,
Қабыл етпеген олардың кейбiреуi
Иманды андарке барғанында.
Олардан бiрталай болған кiсi,
Сахабалар қолына асир түстi.
Осында Пайғамбар Расул Алла
Қылышпенен кесерге бұйрық еттi.
Тұтқын түскендердiң арасында,
Бiр қыз болған олардың ортасында.
Бұл қыз жалыныпты сахабаға:
– Мұсылмандар өлтiрмесiн бұ майданда.
Пайғамбар Расулдан тiлей-дүрмiн,
Азат қылсын, Хатымның қызы-дүрмiн.
Сонда Пайғамбардың қасына келiп,
Айтыпты: – Азат қыл, Хатымның қызы-дүрмiн.
Менiң әкем дүнияда жомарт болған,
Пақырға бiрталай азық болған.
Қысылған талайын азат қылған,
Тiлеймiн, иә, тақсыр, мен де сiзден.
Мұндан соң пайғамбар Расул Алла:
– Зiнжiрдi қолынан алың, – дептi.
Зарарды қылмайын осы қызға,
Азат қылың осында қазiр, – дептi.
Пайғамбар Расулдың бұйрығыменен
Зiнжiрдi алдылар қол-аяғынан.
Осылайша Хатымның ол қызыны
Сахаба бәрi де азат қылған.
Бұ қызды бұйрықпенен азат қылғаш,
Басқасын алдылар қарсы болғаш.
Мұндан соң Хатымның әлгi қызы
Жалладқа зар қылған мұны көргеш.
Қыз айтыпты осында ол жалладқа:
– Қылышты ұрыңыз менiң басқа.
Тұқымым осында өлiп қалса,
Абзал-дүр қылышты ұрған басқа.
Осылайша сөйлейдi Хатым қызы:
– Достарым қалай болса мұнда, – дейдi.
Көрейiн достарым көргенiн,
Өлейiн анлар һәм өлсе, – дейдi.
Осылай деп бұ қыздың сөйлегенi
Пайғамбар құлағына есiтiлдi.
Мұндан соң Пайғамбар Расул Алла
Бұ қыздан басқасын да азат қылды.
Тамам.