Хикаят дастан Хатымтай

Бисмиллаһир-рахман ир-рахим Әуелi сөз бастайын бисмилладан, Бiлмейдi сөз тағрифын iс қылмаған. Мұнафиқ, жол бiлмеген бейшаралар Аһл болған адамды мысқылдаған. Қате ғой деп бисмилла салмай қойма, Әр сөздiң зейiнменен түбiн ойла. Қазақта аһл сүннет уә әл-жамағат, Өнерiн қазақтың да тегi жойма. Қолыма қалам алып жаздым нұ...

Kazakh
Хикаят дастан Хатымтай
Бисмиллаһир-рахман ир-рахим Әуелi сөз бастайын бисмилладан, Бiлмейдi сөз тағрифын iс қылмаған. Мұнафиқ, жол бiлмеген бейшаралар Аһл болған адамды мысқылдаған. Қате ғой деп бисмилла салмай қойма, Әр сөздiң зейiнменен түбiн ойла. Қазақта аһл сүннет уә әл-жамағат, Өнерiн қазақтың да тегi жойма. Қолыма қалам алып жаздым нұсқа, Лұғат, сөздi бiлмейдi зейiнi қысқа. Тәртiптеп кiтап сөзiн тәржiме еттiм, Алтынды араластырмай жез бен мысқа. Қолыма хат жазбаққа алдым сия, Шариғат жолында жорынғы тисе. Көрген соң қызыққаннан жаза салдым, Лұғаты ауыр кiтаптан Османия. Бұ кiтап нәсiр екен, назым емес, Нұсқа қылған кiтабым жазым емес. Көрген соң бәйiт қылып шығарсам деп, Бiр азырақ көңiлiме салдым кеңес. Бiлерсiз нәсiлiмдi – Алтай Қарпық, Ат мiнер бай баласы жалын тартып. Бiразырақ тауарих оқып едiм, Бiлушi қызыққандай тамаша артық. Мұны жазған шайырдың Есжан аты, Нұрбай ибн Алтай асыл заты. Ғибрат көргендерге бола ма деп, Есжанның тәржiмелеп жазған хаты. Құдайым бiр азырақ берген ғылым, Қараөткел зиратында жалғыз iнiм. Тоғыз жүз тоғызыншы миладиде Қазанға бастыруға жiбергенiм. ЕНДI ХАТЫМТАЙҒА КЕЛЕЛIМ Тоқтасын риуаятқа жазған қалам, Бар екен Басырада бiр патша адам. Хатымтай деп айтады оның атын, Жазайын хикаясын ендi тамам. Сақи екен заманында Хатымтайың, Қайыршыға ақшаны қылар дайын. Хазiрет Адамнан кейiнгiде, Сақи деп мәшһүр қылған осындайын. Хатымнан сақи патша өтпес едi, Сақи болсаң дәулетiң кетпес едi. Хатымның сақилығын мұнан аңла, Келген адам нәумиз боп кетпес едi. Шығыс пенен батыстан барады екен, Жыл басында бiр қисап алады екен. «Айтқанымнан кем қылмай бересiз», – деп, Мың тiлланы қағазға салады екен. Һәр жұрттан пақыр-мiскiн келсе керек, Дидарын падишаның көрсе керек. Мың тiлладан кем ихсан етпес едi, Күнiнде қанша болса берсе керек. Аты екен уәзiрiнiң Сағид Әмин, Қағазсыз айтқан сөздi жаңыламын. «Мың тiлладан кем ихсан қылмайсыз», – деп, Тапсырып қойған екен қазыналарын. Сағид Әминге тапсырған мұның бәрiн, Кiм бұзар падишаның айтқандарын. «Жыл басында қисапты бересiз», – деп, Сандыққа салдырады қағаздарын. Қағаз жазсам талады екi көзiм, Нәсiрден назым қылып жазған өзiм. Бұл қисап бұл тәртiппен тұра тұрсын, Хикаясын айтатын келдi кезiм. * * * Бiр жiгiт Басырада Жәнид атты, Өзi қатар жiгiттен салтанатты. Атасы дүнияда бай кiсi екен, Атасы өлiп, көп дәулет бұған қапты. Атасынан сонша мал қалған екен, Бұ дүния опасы жоқ, жалған екен. Ғейiш-ғишрат жолына сарып қылып, Ойын менен күлкiге салған екен. Күннен-күнге дәулетi керi кеттi, Достары айтты: – Әй, шәлби, саған неттi? Үгiт айтқан кiсiнiң тiлiн алмай, Ақырында сол малдың бәрi бiттi. Күннен-күнге жоқшылық хәдден асты, Ақша менен мал бiтiп жаман састы. Бiзге де кесапаты тиедi деп, Өзi қатар достарының бәрi қашты. Бейшара жүдә ғарiп, кедей болды, Қайғы мен қасiретке көңiлi толды. Iшiнен нала болып, аһы ұрып, Байғұстың күннен-күнге жүзi солды. Мал бiтiп, сабыр-қарар қыла алмады, Бейшара не қыларын бiле алмады. Әуелгi ғишраты еске түсiп, Диуана, мәжнүн боп жүре алмады. Көңiлiне пiкiр қылып мұны ойлайды, Иә өлтiрер, иә зындан, – тiрi қоймайды. Патшаның мөһiрiндей мөһiр жасап, Салыстырса айырып еш болмайды. Жазуына салыпты жазуларын, Тартқан кедей болып малдың зарын. Қазынашыдан алады мың тiлланы, Бiр түнде сарп қылады соның бәрiн. Бұзықтық күннен-күнге жаман болды, Ақша алып фалшы мөрмен қалта толды. Құр далаға мал шашып жұмсама деп, Қанша адам көрсетсе де бұған жолды. Ертең және орнынан тұрды дейдi, Қазынашы Сағидке барды дейдi. Хатымның мөһiрiндей мөһiрменен Тағы да мың тiлланы алды дейдi. Берген соң мың тiлланы алды дейдi, Қайта бұзық орынға барды дейдi. Ғейiш-ғишрат, зауық қылып жұмсайын деп, Қайта бұзық ойынға салды дейдi. Және ертесi базарға барған екен, Мың тiлланы қалтаға салған екен. Сөзiмдi ұзын қылмай қысқартайын, Қырық күнде қырық мың тiлла алған екен. * * * Әлқисса, Сағид бiр күн ойына алды, Мөһiр басқан қағазға назар салды. Хатымның жазуынан айыра алмай, Мұнша малды қайтедi деп қайран қалды. Қағазбен ақша алады күнде барып, Бередi Сағид Әмин де қайран қалып. «Япырым-ау, таусылмайтын неткен мал», – деп, Хабарсыз жұрт сөйлесер ойына алып. Патшаның қисап алған күнi өттi, Және қисап алатын күнi жеттi. Ұлық-кiшiк уәзiрдiң бәрiн жинап, Майданға құрған екен алтын тақты. Бiреуiнiң хақысы бар бiр адамда, Кiм хақысыз жүредi бұ жалғанда. Хақына жетпеген жан қалмайды, Алдына падишаның со барғанда. Әдiлдiкпен сұрайды жұриат бәрiн, Һеш адамға қылмайды қаһарларын. Бiр адамды жiберiп шақырған соң, Сағид Әмин алып келдi сандықтарын. Сағид Әмин де ойына алған екен, Бұ дүние опасы жоқ, жалған екен. Жәнидтiң алып барған мөһiрлерiн Iшiне бiр сандықтың салған екен. Дәулетi Хатымтайдың сондай мол-ды, Сақилық патшалықпен көңiлi толды. Патша мен Сағид Әминнiң қисабынан Үш жүз алпыс тезкире артық болды. Үш жүз алпыс тезкире артық болды, Сағид Әминнiң iшiне қайғы толды. Осынша мал қисаптан кем шықты деп, Хатым патша зияда паришан болды. Хатым патша жан-жаққа мойнын бұрған, Бар ма екен бұ шаһарда жүрген-тұрған. Патшаның ахуалын көргеннен соң, Жиылған жанның бәрi қарап тұрған. Сағид Әмин көтердi ендi басын, Құдайым қабыл қылды көзде жасын. Патшаның қаһарынан қорыққанынан, Тамағынан өткiзбей iшкен асын. – Сағид Әмин, сен ендi қапа болма, Назар қып көзiңдi сал оңды-солға. Өтiрiк мөһiр басып кiм алады, Алып кел сол адамды, түссе қолға. Сағид Әмин қорқудан ендi кеттi, – Падиша, қаһарыңды төкпе, – дептi. Бiр жiгiт күнде мөһiр келтiрдi, – деп, Жәнидтiң ахуалын баян еттi. – Бiр жiгiт пайда болды маған, – дедi, Күнде кеп ақша алады тамам, – дедi. Iшiне мың алтыннан жазылады, Мен аламын мөһiрлi қағаз, – дедi. Мың тiлладан беремiн келген сайын, Жүзiне бiр қараймын берген сайын. Қолындағы мөһiрдi көргеннен соң, Күнiне мың тiлладан қылдым дайын. Сол екен, ендi ойласам, мұның өзi, Нәпәс һауа секiлдi айтқан сөзi. Атасы жас күнiнде опат еткен, Ақшаны алған осы екен, келдi кезi. Патша әмiр еттi: – Алып кел, – деп, Қай жаққа кетсе дағы тауып кел, – деп. Бiр кiсiнi жiбередi сол арада, Оның жүрген жерiне барып кел деп. Шақырушы барды да, алып келдi, Шақырушы барған соң аттай желдi. Бейшара ғарiп жаннан үмiт үзiп, Өлемiн деп байлайды ендi белдi. Хатым айтты: – Ей, адам, берi қара, Қылмаймын өтiрiк мен саған жала. Бұ хаттар сенiкi ме, расын айт, Көңiлiңдi олай-бұлай қылма ала. О дағы жалған демей, «бәлi» дедi, – Неге жалған айтайын, әли, – дедi. Бұ қиянат менен-дүр, падишаһым, Сөзiмнiң ғалаты жоқ, дәлi, – дедi. Ол жiгiт мойнына алғаннан соң, Мойнына алмай азапқа қалмаған соң. Көрiп отыр жамиғ халықтың бәрi, Хақиқат мойнына алғаннан соң. Падиша уәзiрлерге қарайды ендi: – Көрдiңiз, уәзiрлерiм, талайды ендi. Патшаға қиянат қылғандарға, Айтыңыз, қандай жаза жарайды ендi? Ешкiм айтпас күнәсiн кешiңiз деп, «Тiрiдей кебiн тонын пiшiңiз», – деп. Сол уақытта бас уәзiр мұны айтады, «Екi қолын қарынан кесiңiз», – деп. Сақи болған дәулеттiң молыменен, Құдай жолдас қылмасын долыменен. Екiншi уәзiрден сұрағанда, О да жүрдi ананың жолыменен. Үшiншi уәзiр айтады «бiлiңiз» деп, – Терiсiн пара-пара тiлiңiз, – деп. Терiсiн бiтеу сойып саман тығып, Бiр ағаштың басына iлiңiз, – деп. Байғұс ғарiп со жерде өлмек болды, Құданың не салғанын көрмек болды. Уәзiрлер иттифақ қылғаннан соң, Жазасын сол арада бермек болды. Бейшара ғазиз жаннан үмiт үздi, Әр уәзiрге бiр қарап көзiн сүздi. «Өзiң жәрдем етпесең, әй, Құдай-а, Айырып алар кiсi жоқ, ендi бiздi». Iшiнен жалбарынып дұға қылды, Тәубесiн Хақ Тағала қабыл қылды. – Менiң сен қаһарымнан қорықпадың, – деп, Мархабатпен сөз айтты бұған ендi. – Тақсыр хан, үмiтiм көп өзiңiзден, Бұ жерде ғалат шықпас сөзiмiзден. Не өлтiр, не рақым, – өзiңiз бiл, Бұзықтық һеш қалмады ендi бiзден. Бейшара сүйдеп айтып хамұш болды, Уәзiрлер көрсеткен бұрын жолды. Көңiлiне Құдай салып Хатымтайдың, Мархабат қылмаққа көңiлiне ендi. Хатымтай уәзiрлерге қарайды ендi: – Көрдiңiз, уәзiрлерiм, қалай-ды ендi. Сiздер мұның өлiмiн еп көрдiңiз, Менiң бұл мұратыма жарай ма ендi? Патша қылды бiр iстi ойына алып, Жиылған жұрттың бәрi қайран қалып: – Сен ғарiптi малменен қарық қылайын, Жазуменен ақша ал күнде барып. Жәнид сонда орнынан тұрады ендi, Патшаның дәулетiне дұға қылады ендi. Патша бұйрығымен көп мал алып, Жүктетiп өз үйiне барады ендi. Ғарiптiң бұ малменен көңiлi тынсын, Жамағат, қандырайын құлақ құрышын. Тағы да Хатымтайдан сөз айтайын, Жәнид, ел мұныменен тұра тұрсын. Жарандар мұны көрiп қайран қалды, Мұндай сақи болмас деп ойына алды. – Дүниеде мұндай сақи көрдiң бе? – деп, Жиылған халайыққа назар салды. Сол жақтан бiр уәзiр түрегелдi, Патшаға сөз айтпаққа көңiлiне ендi. – Тақсыр хан, пендеңiзге изн берсең, Бiр сақидан хабарды берем ендi. Ат мiнер бай баласы жалын тартып, Жалған айтпа мойныңа күнәнi артып. Тақсыр хан, бiр патшаны көрiп едiм, Он есе сақилығы сенен артық. Бұл сөзбен падишаның көңлiн басқан, Ол жерде жақсы-жаман араласқан. – Ең аз берсем, беремiн бiр мың алтын, Кiм едi сақилығы менен асқан? Уәзiр айтты: – Падишам, сөзiм тыңда, Рас, сiзден сақи жоқ әр кез мұнда. Рей деген шаһарда бiр қыз патша, Ондай сақи көрмедiм бұ жалғанда. Ол қыздың сақилығын бiзден сұра, Рұқсатыңмен айтайын, тақсыр, тура. «Шаа Алла» дегенге әр күнiне, Әр сұраса бередi бiр мың күрре. Күнiне он сұраса, он мың тiлла, Әр күнде жүз сұраса, жүз мың тiлла. Мың тiлладан кем ихсан етпес едi, Сақилығың сондай ма сенiң мұнда? Хатымтай сонда тұрып қайғыланды, Сөзiне уәзiрiнiң қаһарланды. «Таусылмайтын неткен мал кез болған», – деп, Хатымтай бiр көрмекке көңiлi барды. Хатымтай сонда айтады: – Барамын, – деп, Сол қызды бiр мәртебе көремiн, – деп. Әгар сенiң бұл сөзiң жалған болса, Жазаңды келгеннен соң беремiн, – деп. Бұл сөзге куә болды жиылған көп, Патша отыр даярланып барамын деп. – Әгар менiң бұл сөзiм жалған болса, Әрне қылсаң өлiмге ризамын, – деп. Патша қайтып сұрайды уәзiрден: – Бұ сөздi жаңа естiдiм, жаным, сiзден. Алыс пенен жақынын баян әйла, Неше күнде барамыз бiздiң жерден. Жұрт сонда: – Тоқта, – дейдi, бармаңыз, – деп, Жол жүрiп машақатқа қалмаңыз, – деп. Не уақиға болса да бiлiп келсiн, Сенiмдi бiр адамды жалдаңыз, – деп. Раст-сәна қиын-дүр жүрген ерге, Жанның бәрi кiредi қара жерге. Не қылса да бiр сапар қыламын деп, «Неше күн?» деп қарайды уәзiрге. Шаһарымыз егесiз болар мұңлық, Болмайды патшаларда жалған қулық. Уәзiр де не айтты сонда тұрып: – Ол шаһар бұл арадан тоқсан күндiк. Хатымтай сол шаһарға барады ендi, Құданың не салғанын көредi ендi. Бас уәзiрiн орнына патша қылып, Iсiнiң бәрiн тапсырып қояды ендi. Жұрт тарқады өзiнiң жерлерiне, Ат шомылар көп шапса терлерiне. «Япырым-ай, таусылмайтын неткен мал», – деп, Сол қыздың ғажап қылар бергенiне. Ойына бiр хикаят келедi ендi, Хатшы қағаз жазса аттай желдi. Хазiрет Әбубәкiрдiң жомарттығын Хатымтай қайтер едi көрсе ендi. Айтайын ол кiсiнiң жомарттығын, Жанында қалдырмайды жалғыз пұлын. Миянына бiр қара пота тұтып, Құдай үшiн сарп қылар қалған малын. Хатымтай оны көрсе қайтер едi, «Рас, жомарт екен» деп айтар едi. Әгарда жомарттығын көзi көрсе, Һәлак боп дүниеден қайтар едi. Тәңiрiнiң хазiрет Әли Арысланы, Әлсiздерге әр жерде болысқаны. Ол кiсi де жомарттық көп қылыпты, Құданың бiр жаратқан данышпаны. Жiгiттер, малың болса басқа теппе, Өтiрiк жаннан қоспақ маған еп пе?! Хазiрет Әлидiң жомарттығын Хикаят қып айтайын ендi көпке. * * * Йемен деген шаһарда бiр падиша, Бiр қызы бар шырайлы, белi қылша. Дүниеде теңдесi жоқ сұлу екен, Толықсып он төртiнен туған айша. Бiр жiгiт бар сол қызға ғашық екен, Арасы жер мен көктей қашық екен. Ғашықтық күннен-күнге дерт болады, Бiрақ өзi ғайырдайын пасық екен. Сол қызды көру бiлән ғашық болған, Iшiне ғашық болып, қайғы толған. Жiгiттiң ғашықтығын патша бiлiп, Жұмсады Мәдинаға Құдай ұрған. – Әлидiң басын ап кел анда барып, Қызыма ғашық болған сен бiр ғарiп. Әли басын алып келiп алдыма сал, Күйеу болып тұрасың қызымды алып. Бейшара жоқ демедi, «жарар» дедi, Бұ құлың қайда айдасаң барар едi. – Мәдинадан Әлидiң басын алам, Иә болмаса, басымды алар, – дедi. Қиссаны көп оқыған жатқа алады, Бейшара уәде қылып аттанады. «Басын ап кел, саған қыз берем» дегеннен соң, Көңiлi ап келгендей шаттанады. Ендi iздеп келедi Мәдинаға, Жiгiттер, бейнамазды адам деме. Алдынан хазiрет Әли қарсы келiп: – Ей, жiгiт, бұ шаһарға келдiң неге? Жұмысын сол жiгiт[тiң] бiледi ендi, Көңiлiне жомарттығы кiредi ендi. Керек болса, басымды берейiн деп, Бiр азырақ сөйлесiп тұрады ендi. Жiгiтке «басым кес» деп жата қалды, Ол дағы кесемiн деп көңiлiне алды. «Ғазиз жанын мен үшiн пида қылды, Кесем бе, қоям ба», – деп қайран қалды. Не қылса да кеспедi Әли басын, Мұсылман боп төгедi көзден жасын. – Әй, тақсыр, иман арди қылыңыз, – деп, Әлидiң аяғына қойды басын. Өлiмнен хазiрет Әли азат болды, Көңiлiне бейшараның иман толды. «Қызын алып беремiн патшаның», – деп Екеуi сапар қылып жүрмек болды. Екеуi сапар шығып кеттi дейдi, Йеменге бiр күндерi жеттi дейдi. Сол қызын падишаның алып берiп, Бейшараның көңiлiн шат еттi дейдi. Хатым да көрген жоқ ондай сақи, Сақи боп қияметке қалған аты. Мысал болып кiрiскен арасына Айтылды осылайша сөздiң заты. Бала үйретiп мiнедi асау тайға, Бес-алты ауыз хикаят айттық жайға. Ер Әли осыменен тұра тұрсын, Дастанымыз кесiледi Хатымтайға. * * * Хатымтай сапар қылып жүредi ендi, Көп қаражат белiне түйедi ендi. Уәделесiп әлгi уәзiрдi Бiреуге кепiлдiкке бередi ендi. Падиша уәделесiп сапар жүрдi, Үстiне дәруiшәна киiм кидi. Жол мехнат, машақат көргеннен соң, Өзi қылған iсiне өкiндi ендi. Сол қайғы-қасiретпенен жүредi ендi, Көп керуен жол үстiнде көредi ендi. Бұған жолдас болатын болды кезi, Құданың не салғанын көредi ендi. Хатымтай сол керуенге келедi ендi, Сәлемдi бiр-бiрiне бередi ендi. Бiр-бiрiнiң ахуалын сұрасқан соң, Бұлармен ашына болып жүредi ендi. Сұрайды Хатымтайдың бұлар жайын: – Жолықтың жол үстiнде бiзге дайын. – Мен де бiр жаһан кезген дәруiшпiн, – деп Оларға бұл сөздi айтты Хатымтайың. Тарихтан өлең қылған мен бiр надан, Бар екен базаркенде бiр пiр адам. – Бұл бiр өзi шөлiстан, жолбарысы көп, Бұл жолға жалғыз неге бастың қадам? Жанның бәрi Алланың құлы, – дейдi, Көп болар саудагердiң пұлы, – дейдi. Ұғыры мен арыстанның хикаятын Бұрын естiп көрiп пе ең мұны, – дейдi. ОЛ ПIР КIСIНIҢ АЙТҚАН ХИКАЯТЫ – Әй, тақсыр, бұрын естiп көргенiм жоқ, Бұ жолда жалғыз бұрын жүргенiм жоқ. Ұғырының хикаятын мен естиiн, Құп тыңдайын, әй, қожа, айтыңыз, – деп. Айтады қожа: – Мұқаддам бiр керуен, О дағы арыстанды жермен жүрген. Бiр уақыт арыстанның даусын естiп, Баршасының көңiлiне қорқу кiрген. Жүктерiн бiр араға үйедi ендi, Жетелеп алып кеттi түйелердi. Бұ жүктi бiз келгенше сақтай тұр деп, Бiр адамды күзетшi қояды ендi. Бiр уақыт кеш болды, түн жамылып, Бiр жағынан тұрды ұғыры келiп. Арыстан жүк шетiне келген кезде, Күзетшi ұйықтамайды нағыра ұрып. Бiр күзетшi бар ғой деп ұғыры бiлдi, Арыстан о да қорқып қарап тұрды. Әлгi ұғыры құшқан арыстанды, Бiр шұбар тай екен деп қияс қылды. Ұғыры тұр жолбарыстың арқасында, Тұрған соң қайдан бiлсiн тай қасында. Танымай тай екен деп ойына алды, Сасқан соң қараңғыда байқасын ба. Қайда болса мықты екен мұның өзi, Қуанғаннан ұғырының айтқан сөзi. Арыстанды жылқы деп қияс қылды, Қараңғыда танымай екi көзi. Өзi жүйрiк тай екен және шұбар, Үстiне ұғыры мiнген ұмар-жұмар. Малдан артық қолыма тай кiрдi деп, Таң атқанша көруге болды құмар. Арыстан жаман қорқып ендi қашты, Бiр бәле кез болды деп жаман састы. Бiр жүйрiк жорға шұбар тай екен деп, Құлағынан бек тұтып мықтап басты. Жолбарыс қорыққанынан қашып кеттi, Ұғыры мықтап құлағын басып кеттi. Атқан оқтай зырқырап бара жатыр, Шұбардың жүйрiктiгi асып кеттi. Таң атып шұбар тайға көзiн салған, Жолбарысты көрген соң қайран қалған. Көңiлiне қорқу кiрiп бара жатса, Жолбарыс бiр ағашқа жетiп барған. Ұғыры байғұс шықты ағашқа кез келген соң, Арыстан болдырады терлеген соң. Ағаштың саясында жата қалды, Қимылдауға шамасы келмеген соң. Арыстан бейтап болып есiн танды, Саяда бiр азырақ дамыл алды. Ахуалын пiкiрлеп жатыр едi, Бiр маймұн арыстанға назар салды. Келдi де арыстанға сәлем бердi, Жолбарыстың халсiзiн маймұн көрдi. – Адамның халi-жайы белгiлi едi, Бiр адамнан осынша қорықтың ендi. – Ей, маймұн, мұнша сұрап не қыласың, Мұнда тұрсаң адамға көрiнесiң. Көрiнбестен жылдам кет бұл арадан, Кетпесең бiр бәлеге жолығасың. Маймұн тұрды бұл сөзге қайран қалып, Сыртынан жолықпастан қаһарланып. – Тұрған жерiн бiр көрсет қай арада, Сол адамнан келейiн өшiңдi алып. – Ей, маймұн, сен сөйлеме жалған, – дедi, Маңайыма жолама әрмен, – дедi. Өз обалың өзiңе, барсаң, әне, Күзетшi мен, асла, барман, – дедi. Тiл алмай сол ұғырыға маймұн барды, Ағаштағы адамға көзiн салды. Қалайша өлтiрем деп тұрғанында, О да көрiп бiр шыбық кесiп алды. Ол ағаштың басына байлап тұзақ, Арыстан ол да жатыр кетпей ұзап. Салбыратып тұрғанда хасиесiн, Тұзақты соған салды бұрап-бұрап. Маймұнның хасиесiне тұзақ салды, Хасиесiнен сыпырылып төмен барды. Жолбарыстың тiлiн еш алмағанға Өкiнiп ғарiп маймұн қайран қалды. Тұзақты бiр ағашқа байлап қойды, Және бiр шыбық алып әбден сойды. Қимылдаса хасиесi үзiлгендей, Таяқты көбiрек жеп әбден тойды. Аузы-мұрны қан болып маймұн ғарiп, Құтылады таяқтан өлiп-талып. Тұзақтан әзер шығып арыстанға Айтуға ұялады ендi барып. Сәт болмаса таяқтан өлдi маймұн, Мехнат-машақатқа көндi маймұн. Ақылы кейде келiп, кейде кетiп, Арыстанның қасына келдi маймұн. Асад айтты: – Ей, бәдбахт, надан, – дедi, Құп жазаңды бердi ме адам, – дедi. Насихатымды алмадың ғибрат қылып, Сен түгiл, не көрсеттi маған, – дедi. Жолықтың бiр бәлеге өзiң барып, Құтылып жаңа келдiң өлiп-талып. Жаныңның қалғанына шүкiрлiк қыл, Мен де саған айтпадым өзiм барып. Арыстан маймұнменен жүдеп кеттi, Арада бiр азырақ уақыт өттi. Ұғыры дағы ағаштан түсiп алып, О дағы өз жөнiне қайтып кеттi. Қожаның хикаяты болды тамам, Жол мехнатын көредi жүрген адам. Арыстан хикаятын есiттiңiз, Хатымтай жолға қарай басты қадам. * * * Қожамен жолдас болып кеттi дейдi, Арада неше күндер өттi дейдi. Сапарда үш ай тамам болғанында, Бiр күнi Рей шаһарына жеттi дейдi. Жол жүрген азық сол үш айға, – Бұрын келiп көрiп пе ең үшбу жайға, Шаһарда өзi жомарт қыз патша, – деп Базарқан сонда айтты Хатымтайға. – Шаһарға бұрын келiп көрген емен, Қыз падиша жомартты көрген емен. Бұрын да жомарттығын естiп едiм, Есiтiп жомарттығын тағы сенен. – Бұрын келiп көрмесең үшбу жайды, Арапта естушi едiк Хатымтайды. Сақилығы Хатымнан ғалиб шығар, Патшалығы Хатымнан қалыспайды. Рейге сау-саламат жеттi бұлар, Дәруiштiң айтқан сөзi көңiлге ұнар. Мадақтап қыз патшаның жомарттығын, Шаһардың қақпасынан кiрдi бұлар. Дәруiшпен хош айтысты келгеннен соң, Неше күн жолдас болып жүргеннен соң. Ол күнi шаршап келiп дамыл алды, Бiр жерден пәтер тауып кiргеннен соң. Хатымтай ендi ертең тұрды дейдi, Шаһардың тамашасын көрдi дейдi. Зейнеттi сонша биiк шаһар екен, Көшелерiн аралап жүрдi дейдi. Хатымтай бiр-екi үш күн дамыл алған, Рейдiң байлығына қайран қалған. Шаһардың әдетiнше қаһуаға Iшейiн деп шәрбатты ендi барған. Хатымтай пәтерiне қайтып келдi, Тұрып патша сарайына келдi ендi. Әлемдi тамаша қып отыр екен, Хүкiмiне көндiрiп тамам елдi. Хатымтай патша алдына келдi ендi, Әдеп еркiн жөнiмен тұрады ендi. Пақырлық қияпатта бiр дәруiш Падиша Хатымтайды көредi ендi. «Һуа дост пақырмын» деп келе қалды, «Шаа Алла» дегенге құрметке алды. – Сол пақырға апарып берiңiз, – деп, Бiр кесеге мың дана алтын салды. Хатымтай садақасын алды дейдi, Қайтадан пәтерiне барды дейдi. Кеседегi алтынды санайын деп, Алтынды алып ортаға салды дейдi. Хатымның тағы бiр iс көңiлiне ендi, Банудың сарайына және келдi. Әуелгiден зияда артығырақ, «Иә, Алла, һуа дост» деп қарап тұрды. Падишаның алдындағы қызметкерi, Сөйлейдi сол жердегi адамдары. – Мың тiлланы бiр алып және келдiң, Таусылып нағып қалды соның бәрi. Падиша қызметкерге әмiр қылды, Және тағы бiр кесе алтын бердi. Тағы да мың тiлланы алғаннан соң, Өзiнiң пәтерiне қайтып келдi. Отырмай пәтерiне, және келдi, Бану да келген сайын бере бердi. Ертеңнен кешке дейiн дамыл алмай, «Шаа Алла» дедi де келе бердi. Хатымтай сапар қылған жолды дейдi, Ақшаға жан қалтасы толды дейдi. Мың тiлладан бiр тiлла кем бермеген, Санағанда қырық күрре болды дейдi. Хатымтай пәтерiне қайтып келдi, Уәзiрiнiң айтқан сөзi көңiлiне ендi. Малының көптiгiне қайран қалып, – Бiздерден сақилығы артық болды. Қыз патша ендi ойлайды ойды дейдi, Хатымтай бұл сөзбенен болды дейдi. «Ендi келсе сол дәруiш, алып кел», – деп, Сарайына күзетшi қойды дейдi. Падиша мұны айтып тұра тұрсын, Сөзiммен қандырайын құлақ құрышын. Жаңылмай айтқан сөздi тыңдап отыр, Хатымтай тарапынан бiр кеп өрсiн. Хатымтай бiразырақ дамыл алған, Таусылмайтын көп мал деп қайран қалған. Банудың сақилығын сынамаққа, «Шаа Алла» деп тағы барған. Көрген соң күзетшiлер ұстап алды, Патшаның құзырына алып барды. «Кешегi дәруiштi алып келдiк» деп, Бiреуi падишаға хабар салды. – Дәруiштi өз алдыма шақыр, – дедi, – Сiздi патша шақырып жатыр, – дедi. Тахтысының қасына сандал қойып, – Әй, дәруiш, – дедi сұлтан, – отыр, – дедi. Iзет-құрмет қылады Хатымтайға, Дәруiштiң шамасы жоқ қимылдауға. – Әй, дәруiш, сiзден сұрар сауалым бар, Не жұмысқа келдiңiз бiздiң жайға? Жауап бер сұрайтұғын сөзiмiзге, Дәруiштiк нышан жоқ өзiңiзде. Не жұмысқа келдiңiз, тура сөйле, Биiк адам көрiндiң көзiмiзге. Дәруiштiкке ұқсамас жүрiсiңiз, Бар ма едi бұл шаһарда бiлiсiңiз. Неше рет келдiңiз алдымызға, Бiзде бiраз бар шығар жұмысыңыз? БIР КӘЛИМА ХАТЫМНАН ЕСIТIҢ – Арада сапар қылдым үш-төрт айды, Бұрын келiп көрмедiм үшбу жайды. Басыра деген шаһарда падишамын, Есiмiм менiң, ей, бану, Хатымтай-ды. Қыз естiп орнынан түрегелдi, [Асыл] зат адам екенiн ендi бiлдi. – Мархаба, хош келдiңiз! – дедi дағы, Бұрынғыдан зияда iзет қылды. Келедi қыз падиша сөзге дейдi, – Не жұмыспен келдiңiз бiзге? – дейдi. «Шаа Алла» дегенге мөһiр басып, Сағид Әминге беретiн сiз бе? – дейдi. Хатым тұғры сөйлеп «бәлi» дейдi, – Бұл күнде Басырада әли, – дейдi. Бiр адам себеп болып мұнда келдiм, Жәнид әл-Жәнид екен намы, – дейдi. Сол адам себебiнен мұнда келдiм, Падиша, сүйдерiңдi жаңа көрдiм. «Қылған қайыр, ихсан хусусында, Менен сақи һеш адам бар ма?!» – дедiм. Сонда бiр уәзiрiм түрегелдi, Алдымда түрегелiп жауап бердi. «Өзi қыз бiр патша бар үшбу күнде, Сақилығы артық-дүр сiзден», – дедi. Сөзiне уәзiрдiң ердiм, – дейдi, Бiреуге кепiлдiкке бердiм, – дейдi. Сөзiне оның нанбай келiп едiм, Айтқанынан зияда көрдiм, – дейдi. Менiң сiзден сұрайтын жауабым сол, Өзiң сақи, патшасың, дәулетiң мол. Рақым әйлап шат қылың хатирiмдi, Таусылмайтын неткен мал осынша ол? Сонда қыз Хатымтайға жауап айлар: – Маған да баян қылған рауаилар. Неше жылдар көңiлiмнен һеш кетпейдi, Менiң бiр естiмеген ахуалым бар. Соны бiлiп келiңiз тамам, – [дедi], Хақиқатын баян қыл маған, – дедi. Таусылмайтын бұ малдың ахуалын, Келген соң, мен де айтайын саған, – дедi. Хатымтай бiразырақ пiкiр қылды, Қыздың баян қылмасын ендi бiлдi. – Қолымнан келген қадар iс қылайын, Дертiңдi баян қыл, – деп жауап сұрды. Қыз айтты: – Иә, Хатымтай, тыңла, – дедi, Сөзiмдi менiң айтқан аңла, – дедi. Қандалусия шаһарында бiр жiгiт бар, Мәлiк болған ұлық-дүр малға, – дедi. Малы көп осынша бай неткен адам, Қызметкер есiгiнде қанша қадам. Өз көзiммен бiр көрiп келер едiм, Затым аурат болған соң, не-дүр шамам?! Һәр күнi бұстанға барады екен, Мың тiллалық жауһарды алады екен. Ол жауһарды ұн қылып ұшырады, Көрген адам ғажапқа қалады екен. Әгар аурат болмасам барар едiм, Асылын өз көзiм көрер едiм, Жауһардың түгесiлмес ахуалын, Хабарды мен де сiзге берер едiм. Хатымтай жүрмек болды жапан түзге, – Қылайын бiр қызметтi ендi сiзге. Қандалусия бұл жерден қанша күндiк, Баян қыл жолын, суын ендi бiзге. Қыз айтты: – Бұл арадан үш айлық жол, Әгар* захматы, машақаты [десең] мол, Қатты айтып, сiрә, сiздi зорламаймын, Барар-бармас ықтияр өзiңiзде ол. Хатымтай «жоқ, барам» деп даярланды, Жолын, суын бiлетiн татар бар-ды. Татардан жолын, суын бәрiн сұрап, Тәфсiл[iн] бiр қағазға жазып алды. Хатымтай рұқсат алып түрегелдi, Баршасы дұға қылып рұқсат бердi. Патшаға, аһл диуан[ға] уағда қылып, Өзiнiң пәтерiне қайтып келдi. Қылады көптi көрген жанның тынышын, Азырақ қандырайын құлақ құрышын. Келедi дастанымыз Хатымтайға, Қыз патша көз-құлақ боп тұратын. Хатымтай қайтып келдi пәтерiне, Бiрталай қайғы түстi хатирiне. Бұл жерден тоқсан күндiк сапар екен, Өзiне қиын болды жетерiне. Хатымтай сапар қылды ендi дейдi, Құдай басқа салған соң көндi дейдi. Бiрнеше күн жол жүрiп екi арада, Қыздың айтқан шаһарына келдi дейдi. Шаһарға жеткенiне шүкiр еттi, Жолда көрген қайғының бәрi кеттi. Бiр жерден пәтер тауып алды дағы, Ол кеше сол пәтерде қарар еттi. Ерте тұрып аралап қалаларын, Тамаша қып қарайды соның бәрiн. Ғажайып үлкен шаһар болғаннан соң, Шаддадтың тамаша еттi қылғандарын. Ол кеше тағы қонды пәтерiнде, Һәр түрлi ойлар түсiп хатирiне. Мұның патша екенiн кiм бiледi, Ешкiмдi танымайды жат елiнде. Ертеменен орнынан және тұрды, Тұрған соң кiдiрместен базар келдi. Базар аузы ашылған уақтысы екен, Бiр көшеге келдi де қарап тұрды. Бiр заманда соңыра бiреу келдi, Хатым тұрған сол көше дүкен едi. Өзi қара сақалды таза жiгiт, Дүкен ашып отырып қарар қылды. Делдалбасы бiр биiк жерге шықты, Шыққан соң қол көтерiп дұға қыпты. Бiразда қылған дұға тамам болды, Жиылған жанның бәрi «әумин» дедi. Ол жiгiт бiр делдалды шақырады, Хатымтай тамаша қып отырады. Қолына бiр жауһарды бердi дағы, – Бағасы үшбу жауһар не тұрады? Һәркiм алып жауһарды тамаша еттi, Бес-алты жүз тiллаға баға жеттi. Бiреу үй деп, бiреу бүй десе де, Ақыры мың тiллаға баға жеттi. Жауһарды өз егесi қолына алды, Делдалдардың қолына ақша салды. Жауһарды күлдей қылып аспанға атты, Жиылған жұрттың бәрi қайран қалды. Хатымтай көрiп тұрды бұл жұмысын, Өзi тамаша қып қылған iсiн. «Қолына мұнша жауһар қайдан түскен, Мен де сұрап бiлейiн бiр мағынасын». Хатымтай соған қарап жүредi ендi, Бұл жiгiт не жарамды, көзi көрдi. Өзi надан, ақымақ һеш көрiнбейдi, Бiр азырақ тұрды да назар қылды. Ол жiгiт дүкен жауып атқа мiндi, Хатымтай да iлесiп бiрге жүрдi. Жылдамырақ жүгiрiп алдын алып, «Һуа дост, иә, Алла» деп қарап тұрды. Жiгiт оған бiр уыс ақша бердi, – Дәруiштiк нышаны бар баста, – дедi. – Мен сiзден ақша қайыр сұрамаймын, Сұрайтын сауалым бар басқа, – дедi. Сауалыңыз бар болса, мақұл, – дедi, Бұ кеше қонақ болып жатың, – дедi. Бұ жiгiт алып келiп қонақ үйге, – Деде сұлтан, бұл үйде отыр, – дедi. Бiраздан соң көтердi тағам алып, Хатымтайдың көңiлi қарар алып. Мейманды жалғыз неге отырғызсын, Отырды мырза дағы бiрге барып. – Деде сұлтан, қай жерде тұрағыңыз? Бiзден жауап тоқтатып сұрадыңыз. Бiлгенiмше жауапты мен берейiн, Өз басымда немене мұрадыңыз? Хатым айтты: – Иә, жаным, тыңда, – дедi, Тұрағым Басырада онда, – дедi. Басырада Хатымтай падишамын, Бiр қажет үшiн келдiм мұнда, – дедi. Мен естiп Басырадан бастым қадам, Жұмысымды айтайын ендi саған. Жауһардың ада болмас ахуалын Бастан-аяқ баян қыл ендi маған. Өзiм патша, Басырада – тұрағымыз, Жауапты бiзден бұрын сұрадыңыз. Қолыңа мұнша жауһар қайдан түстi, Бiздiң сiзден сұрайтын мұрадымыз. Жiгiт айтты: – Иә, Хатым, сөзiм тыңда, Сiз дағы қажет үшiн келдiң мұнда. Менiң де үлкен қатты бiр дертiм бар, Һәр түрлi жан жаратқан Құдауанда. Сондай бiр үлкен қатты қасiретiм бар, Кеше-күндiз көп ойлап боламын зар. Сол қайғыдан қуантып шат қылыңыз, Аман-есен сақтаса сiздi Жаппар. Сен дағы мұратыңа жетер едiң, Көңiлiңдi раушан етер едiң. Жауһардың ахуалын менен естiп, Жерiңе сау-саламат кетер едiң. Хатымтай бұл жауапты естiп алды, Сапар жүрiп қинаған ғарiп жанды. Бұ дағы бiр тарапқа айдады деп, Не қылса да бармаққа көңiлi барды. – Қара жер өлгеннен соң тұрағымыз, Бiр қиын жауап бiзден сұрадыңыз. Бұл дертiңнiң мағынасын бiлейiншi, Сiздiң тағы немене мұрадыңыз. – Менiң айтар жауабым сiзге, – дедi, Шаһарын Табарстан iзде, – дедi. Бұл жерден үш айлық жол Табарстан, Сол жайдан хабар келтiр бiзге, – дедi. Анда барсаң көрерсiң соқыр араб, Көзiн соқыр қылыпты Құдай қалап. Еңсесiне бiр сәлле ұрдырады, Һәркiмге ақша берiп қарап-қарап. Ұрғанына мәз болып қалады екен, Һәркiм ұрып бiр тiлла алады екен. «Ма йастахақ» дейдi екен ұрған сайын, Көрген адам тамаша қалады екен. «Ма йастахақ» дегеннiң мағынасы не, Ұрған сайын бередi ақша неге? Менiң қатты қасiретiм соны бiлмек, Сөзiмдi олай-бұлай ғалат деме. Хатым айтты: – Басырадан Рейге келдiм, Қыз патша бар екен, оны көрдiм. О дағы қажетiмдi шығармады, Алысқа жұмсаған соң қайран болдым. Мен дағы дабысыңа келдiм, – дедi, Бек жақсы дидарыңды көрдiм, – дедi. Инсабыңыз осы ма маған қылған, Қиын мүшкiл машақат бердiң, – дедi. – Сөзiмнiң мен айтайын тұғырасын, Менiң сiзге тапсырған бiр жұмысым. Хатымтай, намыңызды естiп жүрушi едiк, Тiлдерде дастан болған, дәруiшiм. Рас, сен сол Хатымтай болсаң демен, Менiң айтқан сөзiме көнсең демен. Рәд етпей арабтан жауап ап кел, Жомарттықтан бас тартпа өлсең демен. Хатымтай, жомарт болсаң шапқыларсың, Уағда айтқан сөзiңде зап тұрарсың. Екеумiзден хабарды алып барып, Қыздың дағы көңiлiн шат қыларсың. Хатымтай рәд қылмай: – Жарар, – дедi, Жомартың қайда айдаса барар, – дедi. Алланың ирадасы осы шығар, Һәр iстi Құдай басқа салар, – дедi. Ол кеше жауһар фаруш қонақ қылды, Екеуi таң атқанша сұхбат құрды. Табарстан жұртына барайын деп, Сабах болысымен ерте тұрды. Жомарт қой, көне қалды айтқан сөзге. – Жолын, суын қағазға жазайын, – деп, Тауып бер бiлетұғын адам бiзге. Бiр адам тауып бердi бiлетұғын, Жолымен талай сапар жүретұғын. – Атаммен жолдас болып талай барған, Бұ дағы жолын, суын көретұғын. Қағазға жолын, суын жазып алды, Көңiлiнде алыс қой деп қайран қалды. Бұлармен уағда қып қош айтысып, Өзiнiң пәтерiне қайтып барды. Ертемен тұрды дағы түстi жолға, Иә, Рабби, қиын iсiм өзiң оңда. Хатымның жомарттығын һәркiм бiлген, Ұялып, ылажы жоқ, жүрдi зорға. Хатымтай жолға түсiп жүрiп кеттi, Арада һәрбiр қиын күндер өттi. Аптаптың ыстығына шыдай алмай, Бiр дарақтың түбiне келiп жеттi. Азырақ көлеңкелеп дамыл алды, Жан-жаққа олай-бұлай көзiн салды. Арыстанға мiнген бiр жiгiттi Көрген соң, зәресi ұшып қайран қалды. Қорыққанынан бiразырақ есiн танды, Уағда үшiн қинаған ғарiп жанды. Бейшара мәжнүн сипат маст болып, Ақылын өз басына жиып алды. Ол жiгiт Хатымтайға назар салған, Нағып жүрген дәруiш деп қайран қалған. Бұл өзi маст болған дәруiш қой деп, Қасына жолықпаққа ендi барған. – Әй, дәруiш, нағып жүрсiң мұнда? – дедi, Мастлықтан ақылың тең бе, – дедi. Дертiм бар үлкен қатты өз басымда, Сөзiмдi һимматпенен тыңда, – дедi. – Әй, жiгiт, кез болдың ғой маған, – дедi, Мен де қазiр жолықтым саған, – дедi. Үлкен қатты дертiңнiң себебi не, Бастан-аяқ баян қыл маған, – дедi. – Атым – Салыс, сұрасаң ендi, – дедi, Басыма үлкен бәле келдi, – дедi. Бiр ағамның қызына ғашық едiм, Бiр-бiр баян қылайын жөндi, – дедi. Екеумiз ғашық едiк жасымыздан, Жолықса кетпейтұғын қасымыздан. Барлық малым ғарық болды дарияға, Сондай қатты дерт кештi басымыздан. Сол қызды бiр жiгiтке бердi, – дедi, Менiң малым жоқтығын көрдi, – дедi. Иә тiрi, иә өлетiн күнiм бүгiн, Қазiр алып кетедi ендi, – дедi. Айдаһардай гүрiлдеп тұрып алды, Хатымтай мұны көрiп қайран қалды. Бiр қыз үшiн тәрiк қылма ғазиз басың, Опасыз қатындардан мысал бар-ды. ҚАТЫННЫҢ МЫСАЛЫ – Бiр насихат айтайын, жiгiт жаным, Жаныңнан соң не керек жиған малың. Хазiрет Исаның заманында Бiр жiгiттiң айтайын ахуалын. – Бiр жар үшiн жанымды қинайын мен, Басымды олай-бұлай бұрмайын мен. Қыз бен жiгiт екеуi не қылыпты, Айта бер хикаятын тындайын мен. Хатым айтты: – Сөзiмдi тыңла, – дедi, Қыз үшiн көңiлiңдi бұрма, – дедi. Сен сияқты бiр жiгiт сол уақыт О дағы ғашық болған қызға, – дедi. Екi ғашық мұрадына жеттi, – дедi, Арада неше күндер өттi, – дедi, – Көзiм нұры, қуанышым, сен болмасаң, Тiрлiк маған харам, – дептi дедi. – Бiрақ ендi ерлерде опа болмас, Менiң айтқан сөзiмде қата болмас. Мен өлген соң бiреудiң қызын алып, Төсегiме жатарсың көңiлiң толғаш. Жiгiт айтты: – Мен нағып ұмытайын, Өлiмге сенен бұрын болсақ дайын. Қайсымыз бұрын өлсек ұмытпалық, Қыз да айтып ырза қылды сөйтiп байын. Екiсi ықырар боп тұрды соған, Көңiлiн алаң қылмайды оған-бұған. Әуелi қатынына ажал жетiп-жетiп, Мазарының басында зар жылаған. Екi жыл мазарында тұрады ендi, Ата-анасы насихат қылады ендi. Олардың насихаты пайда бермей, Зар жылап моласында жүредi ендi. Бiр күнi хазiретi Иса ол казардан, Маст болған жiгiт көрдi ол мазардан. «Молада зар жылаған неткен жан?» – деп, Жiгiттiң жанына кеп сауал қылған. Жiгiт сонда Исаны көредi ендi, Қыздың өлген хабарын бередi ендi. Хазiрет Иса сол жерде дұға қылып, Қыз тiрiлiп қабiрден тұрады ендi. – Пайғамбар жәрдем қылды маған, – дедi, Екi жыл қасiрет шектiм тамам, – дедi. Жалаңаш үйге сенi апарам ба, Киiм алып келейiн саған, – дедi. Жүгiрiп үйге таман жiгiт кеттi, Арада бiрер сағат уақыт өттi. Ол кеткен соң бiр жiгiт душар болып, Қызды көрiп жан-дiлден қабыл еттi. Қыз дағы ол жiгiттi қабыл еттi, Бұрынғы өз күйеуi естен кеттi. Қыз бен жiгiт қосылып кетiп қалды, Киiмдi алып өз байы ол да жеттi. Жiгiт келсе молаға, қатын кеткен, Артынан бұ да көрiп қуып жеткен. Екеуi айдаһардай күркiресiп, Бiрiне-бiрi ұмтылып хамлә еткен. Екеуi айдалада төбелесiп, Есiтiп елi келдi аһыласып. Қанша адам ұрыстан өлiп қалды, Зорға айырар араға Иса түсiп. Әуелгi жiгiт келiп: – Нәби Алла, Мен сiзге қата қылдым әуелгiде. Үшбу қыздың хақына бiр дұға қыл, Қабiрiне көмiлсiн өлiп және. Сол жерде нәби Алла дұға қылды, Қыз өлiп қабiрiне қайта кiрдi. Өзiнiң кәсiбiне мұқид болып, Қыздан көрген қасiреттен көңiлi тынды. Әй, Салыс, менiң айтқан насихатым, Басың түгiл, аяқпен тең бе қатын. Ашуыңды бас дағы, сабыр әйла, Қатын үшiн тәрiк етпе жiгiт басың. – Әй, дәруiш, ұрыспаққа болдым дайын, Өлсем болар қара жер қазiр жайым. «Зер қадiрiн зергер бiлер» деген сөз бар, Бұ дәруiш қайдан бiлсiн ғашық жайын. Сол сөздi айтып жан-жаққа көзiн салды, Көзiн салса көрiптi ғашық жарды. – Әй, дәруiш, һимматыңды жолдас қыл деп, Аждаһадай шақырып қаһарланды. Алұрып дәст шөбiн қолына алды, Қызды алған жiгiтке жетiп барды. Олар да жетпiс шақты адам екен, Ақыры қызды жеңiп тартып алды. Қызды алып дәруiшке қайтып келдi, Дәруiш дағы ерлiгiн көзi көрдi. – Бұ кеше бiздiң үйге мейман болың, Мен дағы алашағым алдым, – дейдi. Бiр молданы шақырып неке қылды, Ол кеше қызды құшып көңiлi тынды. Ертең және кешегi жiгiт келiп, Қызға берген малдарын талап қылды. Хатымтай мың тiлланы оған бердi, О дағы ақша алған соң, көңiлi тынды. Дәруiштiң жомарттығын көзi көрiп, Хатымның дәулетiне дұға қылды. – Әй, жiгiт, бiлесiң бе бiздiң жайды, Жанның бәрiн халық қылған бiр Құдай-ды. Басыра шаһарында падишамын, Менiң атым, сұрасаң – Хатымтай-ды. Хатымтай сол жiгiтке қонады ендi, Екеуi сұхбатта болады ендi. Ертең ерте жiгiтпен қош айтысып, Табарстан жолына жүредi ендi. Қайда деп Табарстан жүрiп кеттi, Арада неше мәнзил күндер өттi. Машақат кейде шегiп, кейде шекпей, Табарстан шаһарына келiп жеттi. Шаһардың келiп кiрдi қапуынан, Һәр түрлi нышаны бар ақырзаман. Хатымтай көргеннен соң қайран қалды, Шаддад патша тастардан бина қылған. Хатымтай сол шаһарға қайран қалған, Бiреуден пәтер сұрап тауып алған. Екi көзi бiрдей жоқ бiр адамның Ол мұнда бар ма екен деп сауал қылған: – «Ма йастахақ» дейдi екен айтқан сөзi, Не себептен көр болған екi көзi? Һәм ұрдырып, һәм ақша бередi екен, Ақшасы толып жатқан неткен өзi? Ол кiсi айтты: – Сөзiңiз жалған емес, Һешкiм сұрап жауапты алған емес. Һәр ұрғанға бiр тiлла ақша берiп, Бейшара таяқ жеуден қалған емес. Онымен қош айтысып және жүрдi, Соқырдың үйiне кеп қонақ болды. Сұхбат сөздерiнiң арасында, «Ма йастахақ» демектен сауал сұрды. Араб айтты: – Ей, Хатым, сөзiм тыңла, Көретұғын көзiм жоқ менiң мұнда. Естiмекке бiр үлкен мүшкүлiм бар, Ойымнан һеш кетпейдi күнде-түнде. Бабыл деген шаһарға барсаң, – дедi, Менiң айтқан сөзiме нансаң, – дедi, Сол Бабыл шаһарында бар азаншы, Бiр жауап сонан барып алсаң, – дедi. Бiресе мұнараға, бiресе үйге Шығады да түседi күндiз-түнде. Не екенiн себебiнiң ешкiм бiлмес, Құдайым салып қойған сондай күйге. Хабар келтiр Бабылға барыңыз да, Құдайым қуат бергей жаныңызға. Барыңыз жерiңiзге сау-саламат, Менен келiп хабарды алыңыз да. Арабтан бұл жауапты естiп алған, Бабылдың уәлаятын сауал қылған. Арабпен уағда қып қош айтысып, Ылажсыз жүрiп кеттi налан-гөриан. Асығып аққан судай жүрiп кеттi, – Бұл iс менiң басыма келдi, – дептi. Ол бәдбахт уәзiрдi өлтiрем деп, Сыртынан уәзiрмен болды кектi. Ол менiң һауралығыма себеп еттi, Қыз дағы бiр жауапты берсе неттi. Амалы жоқ саргардан үш ай жүрiп, Бабыл деген шаһарға келiп жеттi. Бабылдың шаһарына келдi дейдi, Бiр жерден пәтер тауып ендi дейдi. Ол түнi пәтерiнде дамыл алып, Ерте және орнынан тұрды дейдi. Шаһардың әр жерiн тамаша еттi, Қасына азаншының келiп жеттi. Хатымтай өз жұмысын бiлдiрген соң, Тағы да азаншыға сауал еттi: – Мұнараға шығасың және төмен, Естiмекке ынтызар келемiн мен. Бiз ғарiпке мархабат болар едi, Бұл iсiңнiң бiлдiрсең себебiнен. Молда айтады: – Иә, Хатым, сөзiм тыңда, Бiр ескiше адам бар Бадахшанда. Қаһқаһа әйла бiр күлiп, бiр жылайды, Сондай бiр iс кез қылған Құдауанда. Бейшара кейде күлiп, кейде жылап, Естiмекке құмармын көңiлiм тiлеп. Амалы жоқ бiр хабар келтiрмекке, Хатымтай барайын деп қылды ирақ. Ол кеше азаншыда болды қонақ, Ол пiрден Бадахшанның жолын сұрап. Асан-дүр жүрмегiне жолы жақсы, Мәнзилi Бадахшанның тоқсан қонақ. Пiрменен уағда қып кеттi дейдi, Неше дария-сулардан өттi дейдi. Зияда битап болып екi арада, Неше түрлi захмат шектi дейдi. Арада неше мәнзил күндер өттi, Қайтпаққа да азырақ көңiлi кеттi. Тоқсан мәнзил жол жүрiп екi арада, Бадахшан шаһарына келiп жеттi. Хатым сонда қинап ғарiп жанды, Жолдастары көрсетiп Бадахшанды. Iшiне Бадахшанның кiргеннен соң, Азырақ тамаша етiп қайран қалды. Хатымтай ол шаһарды жақтырмапты, Ол кеше бiр арада дамыл апты. Бұл шаһарда көп тұрмақ жарамас деп, Аралап ескiшенi келiп тапты. Келдi де ескiшеге сәлем бердi, Сәлемiн Хатымтайдың әлiк алды. Зар-зар етiп жылады, әрең қойып, Хатымтай мұны көрiп қайран қалды. Ескiше бiраздан соң тағы күлдi, Хатымтай сабыр қылмай сауал қылды: – Бiзге мұның асылын бiлдiрiңiз, Бiр күлiп, бiр жыламақ себебi не-дi? Ескiше айтты: – Иә, дәруiш, сөзiм тыңда, Бабылдан Бадахшанға келдiң мұнда. Менiң де үлкен ғарiп бiр дертiм бар, Бiр хабарын бiлiп кел барып анда. Көңiлi Хатымтайдың болды битап, Не бәлеге жолықтым, иә, Раббым Хақ. Көңiлiнде әлм-қайғы болып айтты, «Мұрадың не-дүр сенiң, бiлдiрiп бақ». Ескiше айтты: – Иә, дәурiш, тыңда сөзiм, Осы жолмен жүрерсiң сенiң өзiң. Бiр биабан кез болар, алыс емес, Жолмен жүрсең көредi екi көзiң. Ол жапанда жiгiт бар бiр наужуан, Үйiр болмай қашады адамдардан. Тәкрарлап сұрасаңыз себеп не-дүр, Жолдас болып жүредi киiкпенен. Ерiнбей биабанға барып келсең, Сол жiгiттi көзiңмен көрiп келсең. Бар сырымды айтайын мен де саған, Хақиқат бiр хабарын алып келсең. Хатымтай соныменен жүрiп кеттi, Арада бiразырақ күндер өттi. Бiрнеше күн жол жүрiп екi арада, Жапандағы жiгiтке келiп жеттi. Тоқтамай биабанға келiп жеттi, Сөйлесiп жiгiтпенен сауал еттi: – Адамзаттан қашасың не себеп-дүр? Мұның сырын баян қыл маған, – дедi. – Мен сырымды айтпаймын саған, – дедi, Мың пәре тiлесең де тамам, – дедi. Келiпсiң сонша жерден менiң үшiн, Бос жiбермек не рауа маған, – дедi. Ендi жүрсең жетерсiң Хорасанға, Бiр шайхы бар көрерсiң, барсаң анда. Әгар барсаң, сәлем айт ендi бiзден, Сырымды естiп қайтасың барсаң анда. Жiгiтпен хош айтысып жүрдi және, Бет алып жүрiп кеттi Хорасанға. Бiр адамнан Хатымтай сауал қылып, Шайхының келiп тұрды сомғасына. Рұқсат алды үйiне келе қалып, Сәлем бердi шайхының қолын алып. «Отыр» деп Хатымтайға жер көрсеттi, Шайхыға отырады назар салып. Шайхыға назар салып отырады, Айбатынан ұжуды қалтырады. Шайхы бiр кереметтi адам едi, – Иә, Хатым, хош келдiң? – деп сөз сұрады. Иә, Хатым, көп машақат шектiң, – дедi, Уәсил боп мұрадыңа жеттiң, – дедi. Мұнша көп машақатқа салған қызды, Себеп боп оны саған қостым, – дедi. Бұл сөздi естiген соң қуанады, Шайхының аяғына жығылады. Шайхының аяғына басын қойып, Орнында қарар қылып отырады. Жолықтың биабанға келе жатып, Қызығын бұл жалғанның кеткен сатып. Сырын баян қылыңыз дегенiнде, Мейман бол бүгiн бiздiң үйде жатып. Таң атқан соң орнынан түрегелдi, Шайхыға көп жалынып ғұзыр қылды. Мұның айтқан ниязын қабыл қылып, Шайхы бастап жауапты бередi ендi. Шайхы айтты: – Иә, Хатым, сөзiм тыңда, Алыстан машақатпен келдiң мұнда. Көрiпсiз биабанда ол жiгiттi, Ол жiгiттiң өзi бiр патшазада. Бiздiң бiр баһшат мысал бақшамыз бар, Iшiнде бұлбұл құстар сайрап тұрар. Бiр хауыз бар iшiнде тылсым еткен, Симианша түрлi ғажайыптар. Бiр кеткен тылсымменен хауыз нұсқа, Ол хауызға бiр адам басын сұқса. Неше түрлi көредi ғажайыптар, Iшiнде бiраз тұрып сүңгiп шықса. Есiтiп бұл хабарды шаһизада, Дарун-дiлден ғашық боп келдi және. Хауызды бiр көрмекке ынтық болып, Бакамид қызмет қылды екi сәна. Бiр күнi шаһзадаға жауап қылдым: – Бiр мұрадың бар шығар ендi бiлдiм. Көңiлiңдегi дертiңдi бiлдiр маған, Бiзге кеп екi сәна қызмет қылдың. Аннан соң шаһизада қылды кәлим, Барлық сырын әшкере қылып тамам. Аяғыма бас ұрып жығылады, «Хауызға бiр түссем» деп шаһизада. – Хауызыңызда бiр ғұсыл қылсам, – дедi, Ғұсыл қылып көңiлiм тынсам, – дедi, Ғұсыл етiп пәк болып алғаннан соң, Атамның тақтына мiнсем, – дедi. Жiгiттiң ахуалын көрдiм, – дейдi, Мен дағы оның дертiн бiлдiм, – дейдi. – Ей, жаным, бұл судан фарық бол [деп], Жiгiтке көп насихат қылдым, – дейдi. Ей, жаным, бұл судан фарық бол, Көп надамат шегерсiң, айтқаным сол. Аждаһалар жұтады десем дағы, Сөзiмдi һешбiр бауар қылмады ол. Жiгiттi зар паришан көрдiм, – дейдi, Көңiлiндегi зар сырын бiлдiм, – дейдi. Ендi обал-жазығың өзiңе, – деп, Шаһзадаға рұқсат бердiм, – дейдi. Шаһзада орнынан тұрды барып, Шайхының қуанғаннан қолын алып. Хауыздың келiп тұрдық кенерiне, Тамаша қылып тұрды мұнша халық. Жуанның тамашамен өнерiне, Хауыздың келiп едiк кенерiне. Үстiндегi киiмiн тастамаққа Шаһзада пиғыл ұрды кемерiне. Киiмiнiң бәрiн де шешiп алды, Қарнына пота белбеу орай салды. Паришан мұны көрген жанның бәрi, Хауыздың басына кеп даярланды. Насихат тағы да айттым: – Сөзiмдi ұқ, Сөзiмдi естiп отыр жиылған көп. Паришан қасiреттен құтылмассың, Ғұмырдың өткенiнше саргардан боп. Қасымда зар жылады көрген адам, Машақатын бәрiн де айттым тамам. «Бұл хауыз бiр дария» десем дағы, Ғашықтығын айтады онан жаман. Насихат құлаққа алмай менiң сөзiм, Хауыздан айырмайды екi көзiн. Бiздермен уағда қып хош айтысып, Ол хикмет дариясына салды өзiн. Бiз қалдық су басында тамаша қып, Жолығар бәлекетке әлдене ғып. Шаһзада суға сүңгiп кетiп едi, Бейшара не көредi судан шығып. Судан басын шығарды шаһизада, Бау-бақша көрiнедi айдалада. Бұлбұл құстар сайраған гүл-гүлiстан, Көзiне көрiнгенi әлденеме. Бiр тау тұр дүниенi орап алған, Шаһзада тауды көрiп қайран қалған. Аспанға басы жеткен тау екен деп, Сол тауға тамаша қып назар салған. Жүредi тауға таман қайран қалып, Тау басына шығайын деп ендi барып. Жалаңаш келе жатыр шаһизада, Киiмiнiң бәрi де анда қалып. Тауға таман келедi шаһизада, Ешбiр қарар қылмайды бiр арада. Бесiнде бiр кенерге келiп едi, Ақшамғаше жүредi тауға және. Сонда да жете алмайды тауға тiптi, Жаһанды зұлмат қаптап қараңғы еттi. Сададан қауiп етiп дамыл алмай, Жарым түнде ол тауға келiп жеттi. Шаһзада тауға жетiп шүкiр қылды, Отырып төңiрекке назар салды. Көзiне шаһзаданың от көрiнiп, Адам жаққан от па деп пiкiр қылды. «Адам болса барайын отқа таман, От жаққан бұл арада неткен адам. Бастан-аяқ дертiмдi тамам қылып, Бiр миқдар киiм болса сұрап алам». Сөйтiп отқа келедi шаһизада, От жаққан екi зәңгi ол арада. Қолында өткiр алмас қылышы бар, Адамқор екеуi де жүзiқара. Жақындап шаһизада отқа келдi, Ағаштың жапырағындай тiтiредi. Ылажсыз, амалы жоқ зорға келiп, Отырған зәңгiлерге сәлем бердi. Зәңгiлер шаһзаданы көредi ендi, Жейтiн аңы екенiн бiледi ендi. Ертеден ынтызар болған аңымыз деп, Отырғыл деп ишарат қылады ендi. Ылажсыз отырады нашар болып, Қайғы мен қасiретке iшi толып. Шайхының насихатын алмағанға Пұшайман отырады ғапыл болып. – Әммеше пайда не бұған мысал бiр нақыл айтұрлар кiм. Хикаят: Iлгерi заманда бiр көл бар едi. Ол көлдiң iшiнде бiр балықлар мекен қылған. Күн-түн анда жүрерлер едi. Бiр жыл аспаннан жаңбыр жаумады, ол көлде су бiтiп, аз болмаққа бастады. Сөйте-сөйте көлдiң суы зияда аз болды. Әмма көлде отан тұтқан үш балықтың бiрi айтты: – Әй, қардаштар, көрермiз бұл ұлық көлдiң суы азайды. Бiр күн бұ көлде су аз қалып, саядылар балық аулап, бiздi тұтпаққа бастар. Ол заман ақыл таппақ күш болар, бiр-бiрiмiзге жауап берер қиын болар. Ол саяд дағы бiздердi үйiне пенде етiп дүнияға келмегендей қылып, ұжудымызды пара-пара қылса керек. Ендi бiр ақыл жасамақ лазым-дүр. Және де ол екi балық оған жауап бердiлер: – Кiм саған мәжнүндiк пайда болмыш, – дедi. – Мұнда мұнша заманнан берi саядылар ау құрған емес. Уа бұ көлдiң бойына бiр адам келген емес. Мұнда саядының iсi не?! Уа әгар келсе қамымыз не, – деп жүре бердi. Әмма балықтың бiрi және айтты: – Рас, бұл көлде саядының iсi жоқ, ләкин келер болса, ол заман бiр айла қылармыз, – деп жүре бердi. Хош, ендi ол бiр балық дахи барып өзiнi жасыратын бiр жер пайда етiп сиынды. Накаһ бiр уақыт ол көлдiң суы таусылды. Бiр күн саядылар ол көлге ау салды. Чон ол балықтар ол халдi көрдiлер. Әуелгi балық мұнша заманнан берi қатер қылған жерiне барып жасырынды. Ол саяд келгенiнде бiр жердi пайда еттiрем деген балық мың бәлаун айла[мен] өзiн бiр тарапқа атып, мың бәлаун бiрлә саядының қолынан құтылды. Әмма ол ғапыл балық чон бұ халдi көрiп нашар болып, қазаға ырза деп аушының қолына түстi. Ол екiсi құтылды. Хош, назымға келелiм. Шаһзада соған ұқсап ғапыл болды, Қазаға риза, бәлеге сабыр қылды. Кiрiптар, құтылуға шарасы жоқ, Құл жүрiп дүниядан мойын солды. Зәңгiнiң бiрi айтты мұны көрiп, – Кез болды несiбiме өзi келiп. Кәуап қылып мен жейiн бұл адамды, Тауып ал несiбеңдi сен де тұрып. Зәңгi хұнхар бiреуi сонда тұрып, Қолына қылыш алды нағыра ұрып: – Әй, не сенiң айтқан сөзiң, Мен мұнан құр қалам ба бiрге жүрiп? Қылыш алып тұрады айғай сала-ақ, Менiң де ризығым бiрге талап. Қылышпен пара-пара қылайын деп, Зәңгi хұнхар ұмтылды бұған қарап. Бiреуi де ұмтылды оған қарап, Ұмтылды қолына қылыш ала-ақ. «Бар ендi несiбеңдi тауып ал», – деп, Қылышпен ұра бердi бара сала-ақ. Екеуi қылыштасып ұрысады, Сарылып айдаһардай жұлысады. Оңды-солдан лақтыр[ып] қылыш сiлтеп, Жың етiп бiр-бiрiне тұрысады. Қылышпен бiрiн-бiрi шапты дейдi, Денесiнен қаны судай ақты дейдi. Бiрiн-бiрi қылышпен тураған соң, Жан берiп екеуi де жатты дейдi. Шаһзада мұны көрiп шүкiр қылды, Зәңгiлердiң аузынан халас болды. Халас болып шаттанып шаһизада, Ол кеше сол арада қарар қылды. Зәңгiлердiң киiмiн киiп алды, Зияда битап едi, ұйықтап қалды. Ұйықтап қалса, таң атып қалған екен. Көзiн ашып жан-жаққа назар салды. Шаһзада назар салып отырады, Шәрiнен зәңгiлердiң құтылады. Сабах садық раушан болғанынша Азырақ қарар қылып тоқырады. Бар едi зәңгiлердiң қатындары, Кешiгiп келмей қалды қожалары. «Не бәлеге жолығып кешiктi екен, Екеуi едi бұл таудың қасқырлары». Сүйдеп екi қатын да тұрып кеткен, Қасына шаһзаданың келiп жеткен. Бұрыннан қатындар да бiлушi едi, Бұл тауды екi зәңгi мекен еткен. Көредi шаһзаданы екi қатын, Аузына алып зәңгiнiң пасық атын. Қанға қарық мұнарадай құлап жатыр, Бұл тәрiздi көредi келiп жақын. Қожасын екi қатын көрдi дейдi, Бетiн жыртып, шаштарын жұлды дейдi. – Қожамызды өлтiрдi бұл набiкар, Бiзде қатыл етермiз оны, – дейдi. Қатынның бiрi айтты ендi сонда: – Ей, надан, менiң айтқан сөзiм тыңда. Сенiң ерiңдi өлтiрсе не қам жейсiң, Бұл жiгiттiң өзi бiр палуанзада. Ей, надан, сен бiлмейсiң, не сөйлейсiң, Сенiң ерiңдi өлтiрсе не қам жейсiң. Тiптi, сiрә, ынсабың жоқ па сенiң, Бұл жiгiттен кегiмдi алам дейсiң. Сенiң ерiңдi өлтiрсе несi кетер, Өлтiрем деп таласпа құры бекер. Үш-төрт бала үйiмде жетiм қалды, Жетiм қалған балаға қызмет етер. Ол бiр қатын айтады: – Ей, набiкар, Жетiм қалса балаңның несi кетер? Тiрi саған қатылымды берем бе? – деп, Сол жерде екi қатын ұрыс етер. Оянды шаһизада ашып көзiн, Қатындардың қасында көрдi өзiн. Қылыштасып, ұрысып жүр екi қатын, Бiрi-бiрiнiң жаратпай айтқан сөзiн. Көздерiн шаһизада ашты дейдi, Көрген соң есi кетiп састы дейдi. Бұл жерде тұрсам менi өлтiрер деп, Бет түзеп бiр атырапқа қашты дейдi. Ышқынып шаһизада қашты дейдi, Екi қатын артынан түстi дейдi. Шаһзада медет тiлеп келе жатса, Алдынан бiр арыстан шықты дейдi. Шаһзада оны көрiп састы дейдi, Арыстан көрiп аузын ашты дейдi. Ол арыстан құйрығын иiп алып, Топырақты ауаға шашты дейдi. Тоқтаса өлтiредi қатын келiп, Арыстаннан қорқады тағы көрiп. Пұшайман боп жанынан үмiт үздi, Шайхының насихаты көңiлiне енiп. Жетедi шаһзадаға қатын келiп, Арыстан назар қылды мұны көрiп. Қолындағы қылышын көргеннен соң, Ұмтылды қатындарға дұшпан бiлiп. Қатынның бiреуiне атылады, Жалтарып бiр жағынан құтылады. Арыстанның атылған жердiң тасы, Ауаға ұшты бұрқырап топырағы. Қатындар азар құтылған есi кетiп, Тиғменен бiр салды ендi жетiп. Арыстан ақырады жаралы боп, Арқасынан кетiптi қылыш өтiп. Қатынды паралады сол арада, Бiр қатынға ұмтылды тағы және. Ол дағы қылышпенен бiр салғанда, Арыстанға түсiрдi тағы жара. Көрiнiп арыстанның шыбын жаны, Ашуменен паралайды оны дағы. Арыстанның жарасы зияда боп, Жан тәсiлiм қылады өзi тағы. Шаһзада сәждеде шүкiр еттi дейдi, Үш бәледен құтылдым дептi дейдi. Бұлардан құтылғанға шүкiрлiк қып, Бiр тарапты бет алып кеттi дейдi. Тоқтамай шаһзада бiр араға, Жолда неше жолығып миуаларға. Көрiнген миуалардан жедi дағы, Захмат шегiп тоқтамай жүрдi және. Ол күнi жүрдi тоқтамай шаһизада, Намазшамда жетедi бiр араға. Ол кеше сол арада дамыл алып, Сабах садық атқан соң жүрдi және. Шаһзада келе жатып тауды көрдi, Бәледен құтылдым деп шүкiр қылды. Көрiнген сол тауға тұғры келiп, Iшiне не де болса келiп кiрдi. Шаһзада тау iшiне кiредi ендi, Машақатпен аралап жүредi ендi. Бiразырақ iлгерi жүрiп едi, Жетi басты жалмауыз көредi ендi. Бейшара үмiт үздi шыбын жаннан, Айдаһар тартайын деп демiн салған. Демiмен аузына келтiре алмай, Аузынан бiр от шығып қаһарланған. Тау-тастан бәрi жанды от тұтасып, Құтылады шаһзада ендi қашып. Ол тау-тас қап-қара боп жанғаннан соң, Айдаһар о да жанды қара басып. Шат болып шаһзада жүрiп кеттi дейдi, Бiр жақсы жай табылса дептi дейдi. Күн батқанша көп мәнзил жер алады, Намазшамда бiр жерге жеттi дейдi. Жалғыздық еске түсiп жылайды ендi, Көздiң жасын көл қылып бұлайды ендi. Ата-ана, ел-жұрты еске түсiп, Не де болса [сол жерде] қарар қылды. Жатады қарар қылып сол қияда, Машақат ойына алып шаһизада, Азырақ таңға жақын жүрiп едi, Бiр әтеш үнi келдi тағы және. Шаһзада сол жүргеннен жүрiп кеттi, Таң атқанша бiрталай уақыт өттi. Таң атқанша асығып жүрiп едi, Бақшаға жаннат мысал келiп жеттi. Бiр гүлiстан бақ шарбақ болды заһир, Шаһизада бейшара бұл бiр пақыр. Шекер мысал ғажайып миуалары, Бақшаға шаһизада келедi ақыр. Iшiне ол бақтың кiрдi барып, Жан-жаққа шақырады көзiн салып. Келген-кеткен еш адам болмаған соң, Миуадан асай бердi аузына алып. Жаңадан тiрiледi шаһизада, Құлағына бiр әуез келедi және. – Миуаларды жегендi тұтыңыз, – деп, Бiр адам келе жатыр айғай сала. Төңiрекке қарайды шаһизада, Аузындағы миуасын қоя сала. Менен басқа кiм бар деп тұрғанында, Қорқады бiр адамды көре сала. Көрген соң бұл адамды тұрды дейдi, Қолында ағашы бар көрдi дейдi. Бейшара шаһзаданы көз аштырмай, Бiр-екi ағашпенен ұрды дейдi. Және айтты: – Бейәдеп, харамзада, Мен мұны мехнат шегiп, қылдым қала. Қуат-күшiм сарп қылып бағып жүрсем, Сиырша асай бердiң келе сала. Далада жүре алмайтын қорқақпысың, Бойыңда ынсабың жоқ тентекпiсiң? Есекше баққа кiрiп харап еттiң, Болмаса менiменен ортақпысың? Бағбан бiраз ұрысып болады ендi, Көңiлiне қайғы-азар бередi ендi. Шаһзада болса ендi ғарiп, Сөйлейтiн бұған кезек келедi ендi. – Бейкүнә мен ғарiптi ұрдың неге, Мен дағы бағыңызға келдiм жаңа. Амандық бiразырақ бере тұрып, Бағбан, менi де бiр сөйлет-сәна. – Ай, ата, менiң айтқан сөзiм тыңда, Мен дағы бiр хикметпен келдiм мұнда. Ұрдың, ұрыстың жетерлiк азарладың, Менiң де дастанымнан сауал сұра. Неше түрлi бәлелер көрдiм, – дейдi, Бет алып бiр тарапқа жүрдiм, – дейдi. Айдаһар мен зәңгiден құтылған соң, Кез болып бағыңызға кiрдiм, – дейдi. Қуандым бұл бақты көргеннен соң, Халас болдым, iшiне кiргеннен соң. Төгiлген миуалардан бiраз жедiм, Сұрайтұғын еш адам болмаған соң. Сөзiн естiп тыңдады пiрдiң өзi, Хош келдi шаһзаданың айтқан сөзi. Мехнатын шаһзаданың естiген соң, Қимайды ендi ұрысуға пiрдiң көзi. Бағбан мұны естiп есiркедi, – Көп мехнат көрiпсiң, – деп қайран болды. Неше түрлi бәлелерге жолықтың? – деп, Машақатын бастан сұрайды ендi. – Машақатым қылайын сiзге баян, Көрген бәле, мехнат өзiме аян. Әгар менiң мың аузым болса дағы, Халiм келiп айта алман бәрiн тамам. Бабылда падишаның баласы едiм, Көзiнiң ағы менен қарасы едiм. Құданың ғажап хикмет ирадасымен Мұнда кеп бағбаннан таяқ жедiм. Қазаға риза, бәлеге сабыр қылды, Тезiне төмен қарап басын идi. Ендi менiң қолымнан не келер, – деп, Мұңайып шаһизада хамұш болды. Бағбан мұның сырын естiп бiлдi, Халiне шаһзаданың iшi күйдi. – Ол бәледен құтылдың, шүкiр қыл, – деп, Ғарiп көңiлiн аулап дұға қылды. Ол қауiп-қатерден кеттiң, – дейдi, Саламат бұл жайларға жеттiң, – дейдi. Харамилер қолынан халас болдың, Жар болып өзi саған бақытың, – дедi. Қам жеме ендi келдiң, балам, – дейдi, Бiр тарапы мағмұр адам, – дейдi. Жол тауып келе алмайды бұл араға, Қауiп жоқ зәңгiлерден саған, – дейдi. Қауiп жоқ зәңгiлерден ендi, балам, Бiр хүкiм тылсым қылған жолың тамам. Сен дағы һеш жаққа кете алмайсың, Мағынасын бұл мақамның қылдым баян. Неше түрлi захмат көрдiң, – дейдi, Сабыр қыл, бұл мақамға келдiң, – дейдi. Бұл бақтың боласың қызметiнде, Мен де бiр ақсақалды болдым, – дейдi. Өзiң көрген таулардың арғы жағы, Мысалы жоқ бiр қалаға шаһар бағы. Шаһардың iшi толы көңiл ашар, Дүниеде теңдесi жоқ қыздары бар. Падиша қыз жатады тақтысына, Түнде халық салады аш құсына. Бiр жiгiт қақпасында түнде жатса, Қай қыздың кез болады бақтысына. Таңертең қыздар тұрар өз орнынан, Қызды көрсе таниды бұрымынан. Күнде бiр қыз ашады дарбазаны, Өздерi дәстүр қылған бұрынынан. Бiр жiгiттi дарбазадан тауып алар, Жетелеп қолдарынан алып барар. Бiрiсiнде ғейiш-ғишрат қылғаннан соң, Қыздан жiгiт айырылып ғарiп болар. Мұны дәстүр өздерi рәсiм қылған, Ол жерге жоламайды мұны бiлген. Неше жылдай саргардан машақатта, Диуана [боп] құр жүрер дүниеден. Ол шаһардың мен сырын айттым, балам, Машақатын қалдырмай қылдым тамам. Саргардан боп бәлеге жолығарсың, Ол айтқанға көңiлiңдi қылсаң алаң. Бағбан қыздың жайын баян қылды, Шаһзада өсиетiн қабыл көрдi. Түрегелiп қолын алды бағбанның, Өзiне ықыласымен пәдар бiлдi. Бұ дағы «балам» дедi мұны көрiп, Бұ да қызмет қылады iшi ерiп. Нығметтер жидырып үйретедi, Ө деп, бұ деп қызметтен тәлiм берiп. Бiреуi ұғыл, бiреуi ата дептi, Көңiлiнен бiразырақ қайғы кеттi. Жаннат мысал гүлiстанды аралап, Пiрменен бiрге жүрiп тамаша еттi. Уәлхасыл, шаһизада бұл мақамда, Ақшамғаше ғишрат қылған анда. – Жәннат мысал мақамда ирам әйла, Әй, ұғыл, бұ ағаштар саясында. Мен шаһарға барайын ендi, балам, Бұл мақамның жайларын қылдым тамам. Мен де, балам, келермiн таң атқан соң, Бұ сифада жата бер болмай алаң. Пiр дағы «қош, балам» деп кеттi дейдi, Түн ортасы мезгiлi өттi дейдi. Шаһардың қақпасына жетейiн деп, Көңiлiне шаһзада кептi дейдi: – Ол пiрдiң тыңламай-ақ насихатын, Басыма уқұбаттар келдi жақын. Дарбазаның түбiнде бiр жатайын, Бақытыма кез болады қайсы қатын. Тұрады шаһзада: – Барайын, – деп, Бiрiсiне ғейiш-ғишрат қылайын, – деп. Бiр жолы қызық көрейiн не де болса, Соңғысын және тағы көрейiн, – деп. Орнынан шаһизада тұрды дейдi, Шаһардың жолын тауып жүрдi дейдi. Бiр ғажайып қала-дүр буружы бар, Қапуларын бәнд еткен көрдi дейдi. Дарбазасы берiк екен келдi көрiп, Бiразырақ жатады ұйқы келiп. Ұйқысынан оянса шаһизада, Күн шығып қалған екен раушан болып. Өңшең қыздар жанынан тұрады ендi, Бiр-бiрiне разы болады ендi. Ол күнi патша қызы кезегi екен, Аузына дарбазаның келедi ендi. Бұйырып дарбазаны ашты дейдi, Патша қызы iлгерi басты дейдi. Назар қып шаһзаданы бiр көргеннен, Қыз көрiп қайран болып масты дейдi. Қыздар кеп атырабын орап алды, Патша қызы болып қайран қалды. Шаһзада әдеппен тұра келiп, Мойнын бұрып бұ дағы назар салды. Қыздар келдi қасына шаһзаданың: – Әй, жуан, жары болды бақытың сенiң. Менi бiлсең, бұлардың патшасымын, Сенi маған кез қылды бақытым менiң. Сүйдеп келiп қолынан тұтты дейдi, Шаһзаданың көңiлi де кеттi дейдi. Ғажайып неше түрлi мұнақышты Бiр гүлiстан сарайға елiттi дейдi. Мұны көрген адам хошы кетер, Шаһзада мұрадына қашан жетер. Iшi сондай шаһардың қызықтығы, Әр түрлi бұлбұл құстар паруаз етер. Қуанып бұл жайларға келдiм нағып, Отырды жан-жағына ендi бағып. Бұрын көрген машақат-қасiреттерiн Баян қылып айтады қызға жағып. Бiр үйге шаһзаданы кiргiздi ендi, Көңiлiн шаһзаданың тұрғызды ендi. Басқа қыздар алдында қызмет қылып, Алтын тақтың үстiне мiнгiздi ендi. Қыздар келдi алдына тамақ алып, Патша қыз отырады қайран қалып. Тамақ жеп дастарханды жиғаннан соң, Шаһзаданың мойнына қолын салып. Қол бағлап қыздар қызмет еттi дейдi, Шаһзада бұл нәубетке жеттi дейдi. Қыздардың бәрiне де изн берiп, Перi сипат ол қыздар кеттi дейдi. Бұл үйде шаһзада мен бану қалды, Шаһзада қызды көрiп назар салды. Оңаша үйде екеуi болғаннан соң, Қыздың ол мойнына қолын салды. Қалай болып жатса да үй оңаша, Екеуi сүйiседi мұрадынша. Бiр-бiрiнiң мойнына қолын салып, Көңiлiнiң қалай қылып сұрауынша. Сүйiсiп бiрiн-бiрi қарық қылды, Шаһзада жатайын деп ирақ қылды. «Сұлтаным, амандық» деп қыз жалынды, Шаһзада ана жерiн талап қылды. – Неше қиын машақат шектiм, – дейдi, Һәрбiр қатер жерлерден кештiм, – дейдi. Дәрмен[сiз] бағырым чон ғарiп болып, Қазiр кеп уисалыңа жеттiм, – дейдi. Қыздан жiгiт айырмас екi көзiн, Жiгiттiң қыз естiп айтқан сөзiн. Бұлбұл кәби наз қылып «сұлтаным» деп, Сопылыққа салады ендi өзiн. – Садақа сенен кетсiн уисалымыз, Қырық күн әдет қылған уағдамыз. Парһизкарлық қыласың оған дейiн, Қырық күннен соң болады мұрадымыз. Асықпа оған дейiн, сабыр сақта, Менiң айтқан сөзiмдi қабыл әйла. Асыққан мұрадына жетпейтұғын, Қыз жалынып айтады ендi сонда. Ұмтылып шаһзадаға өнер бiтер, Қыз айтады: – Асықпа құр бекер. Әншейiн ғейiш-ғишрат зауық қылайық, Жақындап қырық күн деген әлi-ақ өтер. Талапкер шаһизада ендi дейдi, Уисалынан басқаға көндi дейдi. Ол қызға шаһзаданың ғашықтығы Күннен-күнге зияда болды дейдi. Уисалын жалынса да берер емес, Уисалын сұрағанға көнер емес. Уисалына келгенде жанаспайды, Байқады шаһизада, болар емес. Қыз тоқтатты уисалын ендi бермей, Жалынған шаһзаданың сөзiне ермей. Уисалын бермеген соң кеше-күндiз, Жатады шаһизада ұйқы көрмей. Шаһзада айтады ендi тұрып, Қызға қарап айтады мойнын бұрып. – Әгар бүгiн жетпесем мұрадыма, Өлермiн, – деп айтады хитап қылып. – Сұлтаным, амандық бер маған, – дейдi, Бiраз күн сабыр қылдың тамам, – дейдi. Ендi бiраз тағы да сабыр қылсаң, Захматтан кетерсiң аман, – дейдi. Шаһзада үй дегенге болар емес, Қыздың айтқан сөзiне көнер емес. Нашар болып итағат көрсетедi, Құтылмаққа шамасы келер емес. Қыз айтты шаһзадаға сонда тұрып: – Азырақ шыдамадың сабыр қылып, Жетерсiң зауық қылып мұрадыңа, Сол хауызға барып кел, ғұсыл қылып. Бұл қыздан жылы жауап көрдi дейдi, Жығылып аяғына ендi дейдi. – Сұлтаным, мен ғарiптi шат қылдың, – деп, Хауыздың кенерiне келдi дейдi. Ол хауыз келiп көрсе моуж ұрған, Басына шаһизада келiп тұрған. – Киiмдерiн шешiңдер үстiнен, – деп, Қыз сонда жариаларға бұйрық қылған. Хауызға жариалар да жеттi дейдi, Үстiнен киiмдерiн шештi дейдi. Баяд кәби баданы әшкере боп, Патша қызы тамаша еттi дейдi. Бағда миянына пота байлап, Түседi шаһизада суға бойлап. – Әпендiм, хауызға түс, көрелiк, – деп, Қыздар күлiп айтады түбiн ойлап. Қуантып қыз айтады хитап қылып: – Қайтып кел, шаһизада, ғұсыл қылып. Ғұмырымызды бiр жерде кешiрелiк, Ғейiш-ғишрат қылалық дәурен сүрiп. Үшбу сөз құлағына жақты дейдi, Көңiлi шаһзаданың шат-ды дейдi. Қыздың айтқан сөзiне маст болып, Өзiн-өзi хауызға атты дейдi. Шаһзада суға түсiп батты дейдi, Қыздар күлiп тамаша еттi дейдi. Алақан бiр-бiрiне шапалақтап, Дертмене дүниеден ол шектi дейдi. Шаһзада сүңгiп кеттi суға түсiп, Басын судан шығарды көзiн ашып. Назар қылса, баяғы жамағаттар Тарқамай отыр екен жиылысып. Бiр сүңгiп шаһзада судан шықты, Шайхыға бақшадағы көзi түстi. Әлгi көрген қыздың бiрi де жоқ, Қиял деп көңiлiне алды мұндай iстi. Киiмдерiн киiндi шаһизада, Көздерiнен қан ағып рауана. Халiнен шаһзаданың сауал қылдық: – Не хикметке жолықтың бұл арада? – Сұлтаным, мен түскелi қанша болды? Бұл дүние бiр қиял, – деп зар еңiредi. Мен айттым: – Бiр минуттың миқдарындай, Аһ ұрып бiр тарапқа жүре бердi. Биабанның мағынасы осы, тыңда, Осындай iстер көрген шаһизада. Киiкпенен дауами жолдас болып, Неше жылдар жүредi биабанда. Хауызға ұқсар дүниеге келiп-кетпек, Бiр минут мықдарындай дүние өтпек. Ақылы бар адамдар байқамай ма, Бұл дүние баршаға бiр түпке жетпек. Ахуалы шаһзаданың осы болды, Елден қашты, хайуандар досы болды. Дауами биабанда жүредi деп, Шайхы сөзiн түгесiп хамұш болды. ШАЙХЫНЫҢ СӨЗI ТАМАМ БОЛҒАНЫ Хатымтай бұл кәлимдi тыңдап алды, Iсiне дүниенiң қайран қалды. Қызбенен ғейiш-ғишрат қыламын деп, Бейшара шаһизада ғапыл қалды. Шайхы айтты: – Иә, ұғыл, сөзiм тыңда, Кiсiге қайыр қылсаң рия қылма. Көңiлiнде зәрра қадар рия болса, Өзiңе пайдасы жоқ әр кез анда. Не iс қылсаң қыласың Алла үшiн, Зәрра қадар нәрсеге келсе күшiң. Мақшарда пайдасы жоқ, бәлки зарар, Риялыққа кетпесiн қылған iсiң. Жәнид әл-Жәнид дегенге қайыр қылдың, Өзiңдi сақилыққа заһир бiлдiң. Бұл малды кiм бердi деп ойламадың, Қаст етiп өз жаныңа жәбiр қылдың. Мұнша мал қазынаға салдың, – дейдi, Бiр қыздан және хабар алдың, – дейдi. Дүниеде мендей сақи жан бар ма деп, Өзiңдi ғұрұрлыққа салдың, – дейдi. Өзiңдi сонша сақи көрдiң, – дейдi, Сақи қыз падишаға келдiң, – дейдi. Ол қызды жұфұтлыққа қабыл әйла, Мен оны саған һиммат қылдым, – дейдi. О дағы риза болар саған келiп, Шайхы қол көтердi дұға қылып. Бұл жайға келгенiнше әлм шектiң, Дүниеде неше түрлi захмат көрiп. Ендi жүрсең барарсың Бадахшанға, Жолында жолығарсың биабанға. Дүниеде есiнен тастамасын, Қолың тұтып сәлем айт барсаң анда. Хатым тұрып шайхының қолын өптi, – Мұрадым толып жатыр менiң, – дептi. Шайхымен ары-берi қош айтысып, Бадахшан тарапына жүрiп кеттi. Хатымтай: – Көп машақат шектiм, – дедi, Шайхыдан хабар естiп кеттiм, – дедi. О дағы бiр алысқа жұмсамады, Iздеген мұрадыма жеттiм, – дедi. Бiледi көптi көрген асыл жайын, Қисса оқып сiздерге қылдым дайын. Шайхымен амандасып жүрiп кеттi Бадахшан тарапына Хатымтайың. Хатымтай соны ойлап жүрiп кеттi, Арада неше мәнзил күндер өттi. Күндiз-түнi жол жүрiп дамыл алмай, Шаһзада жүрген жерге келiп жеттi. Хатымтай мұны көрдi қайран қалып, Жүр екен шаһизада зiкiр салып. Өзi де сәлем берiп халiн сұрап, Және шайхы сәлемiн айтты барып. Айырылып және жүрдi шаһзададан, Азырақ пiкiр ойлап дүниеден. Бiрнеше күн жол жүрiп ақыр бiр күн Бiр қалға көрiнедi Бадахшаннан. Көрген соң қуанады Бадахшанды, Жолда жүрiп қиналған ғарiп жан-ды. Өзi шаршап зияда битап едi, Бiр азырақ бiр жерде дамыл алды. Тағы жүрдi орнынан тұрып дейдi, Ескiшеге қарата жүрiп дейдi. «Биабанның ахуалынан хабар берiп, Оның сырын да алармын бiлiп», – дейдi. Ескiшеге келдi де бердi сәлем, Сәлемнен соң амандық қылды кәлим. – Хош келдiң, иә, Хатымтай, сафа келдiң, Бұ жолдың машақатын көрдiң тамам. Мархаба, аман-есен келдiң, – дейдi, Машақатқа мен себеп болдым, – дейдi. Иншалла, жеттiң бе мұрадыңа, Жолда қанша мехнаттар көрдiң, – дейдi. Хатым айтты: – Иә, кiсi, тыңда сөзiм, Машақаттар көп көрдi менiң көзiм. Көргенiмдi айтуға ниһаят жоқ, Мен кеткелi қандайсың сенiң өзiң? – Сен кеткелi паришан болдым, – дейдi, Машақатын көп көрдiң жолдың, – дейдi. Ренжiттiм алысқа бекер сiлтеп, Жүрмегiңе мен себеп болдым, – дейдi. Сен кеткен соң өкiндiм пұшайман боп, Артыңнан көп жер қудым қамыңды жеп. Сен кеткелi гөриан қайғыдамын, Мұнда бекер сырымды айтпадым деп. Ол күндер қайғыменен өттi, – дейдi, Қайғымен өлер едiм, – дептi дейдi. Бихамдулла, саламат көргiздi, – деп, Түрегеп көздерiнен өптi дейдi. Хатымтай да ол ерге iшi ерiп, Ғажайыптар көп көрдiм сапар жүрiп. Ахуалы меңземес һеш нәрсеге, Биабаннан бастармын хабар берiп. Хатымтайға айтады: – Мейман бол үйге жүрiп, Машақаттар көп көрдiң түзде жүрiп. Бендеңiздiң мүшкүлiн кешеде қыл, Биабан ахуалынан хабар берiп. Түрегелiп дүкенiн жапты барып, Хатымтайды келедi үйiне алып. Көһ Қаптан күн батып зұлмат қаптап, Жаһан жүзi қараңғы көз байланып. Неше түрлi тағамдар даяр еттi, Хатымтай шәрбат iшiп, тағам жептi. Дастархан жиғаннан соң дұға қылып, Биабан ахуалынан сауал еттi. БИАБАННЫҢ АХУАЛЫН ЕСIТКЕНI – Киiкпен жолдас болып жүргенiнен, Биабанда саргардан болғанынан, Халас қыл мүшкүлiмнен хабар берiп, Ол жiгiттiң машақат көргенiнен. Хатымтай сөз бастауға ыңғайланды, Ескiше құлақ салып тыңдайды ендi. Шаһзада ахуалын естiгенше, Көңiлiн олай-бұлай бұрмайды ендi. Хатымтай сөз бастайды бастан-аяқ, Ескiше отырады салып құлақ. Адамдардан қашады, аңмен жолдас, Ел-жұртынан айырылып жүрген саяқ. Өзiнiң биабанға барғанынан, Биабанның арманда қалғанынан. Биабан тағы сiлтеп Хорасанға, Шайхыдан дәлел хабар алғанынан. Шаһзада хабар естiп кеткендерiн, Суға түсiп машақат шеккендерiн. Баршасын бiр-бiр айтып баян қылды, Шайхыға келiп қызмет еткендерiн. Хауызға келiп басын сұққандарын, Iшiне бiр-ақ сүңгiп шыққандарын. Хауызға басын сұғып шыққанынша, Арада бiр минуттай өткендерiн. Бұл жауапты естiп Хатымтайдан, Ахуалын естiп болды қайран. Ғажайыптар көрiптi машақат деп, Өзiнiкiн ұмытты дүниеден. Хатым айтты: – Ей, дертменде дүниеде, Дүние сарайына келсе бенде. Мүптала дерт шекпеген адам болмас, Өзiң дағы дерттiсiң қияс қылма. Кiмде-кiм дүниеге ендi, – дейдi, Амалсыз машақаттар көрдi, – дейдi. Мұнша жылдар машақат ахуалым, Басыма уқұбаттар келдi, – дейдi. Уәлаятымнан ауара түстiм, – дейдi, Бұ жиһан сарайларын кештiм, – дейдi. Дертсiз адам жоқ екен дүниеде, Мен дағы бiрталайды есiттiм, – дейдi. Тәж-тағын тәрiк қылған шаһизада, Зiкiр салып жүредi биабанда. Ахуалыңды баян қыл ендi маған, Жүретұғын жолым көп тағы және Ескiше шаһзаданың ахуалын есiткеннен кейiн өз халiн бiлдiргенi Ескiше айтты: – Иә, Хатым, сөзiм тыңда, Атамыз бай кiсi едi заманында. Мысырдың шаһарында отан қылдық, Малының бiлмеушi едi қисабын да. Не қадар базарқандар келер едi, Алдында қызметкердей тұрар едi. Бiр нәрсеге мұқтаж болып келсе, Сұрап келген нәрсесiн берер едi. Тыңдатып алып отыр Хатымтайға, Ортақтары бар едi қайсы жайда. Мысырда бар едi дүкендерi, Менiң де ғұмырым хош ғишраттарда. Мал қанша хараж қылсам жетер едi, Күнде қызық ғишратпен өтер едi. Көңiлiм не тiлесе соны қылып, Ғұмырым зауықпенен кетер едi. Ақшаға жаным тола сыймас едi, Ата-анам бiлсе дағы тыймас едi. Ақылы кiргеннен соң қояды деп, Жалғыз бала болған соң қимас едi. Мен жүрдiм бұл зауқымды қызық көрiп, Ғейiш-ғишрат, зауықты күнде сүрiп. Атам бiр күн ауырды хаста болып, Көрсеттiк бiр тәбиптi алып келiп. Тәбип тамыр ұстады келгеннен соң, Кiм тоқтатар пимана толғаннан соң. Келген тәбип һәр түрлi дәру қылды, Тәбип қайтсiн лажы болмаған соң. ХИКАЯТ Иә, Хатым, құлағың сал мына сөзге, Бiр хикаят айтайын ендi сiзге. Хазiрет Сүлеймен сол уақыт Өсиет қылып кеткен сiз бен бiзге. Тақ Сүлеймен бiр күнi ауырыпты, Ғұлама тәбиптердi жидырыпты. Хаким Лұқпан iшiнде, қанша тәбип Тамыр тұтып ылажын бiлдiрiптi. Тамырында дауа жоқ Сүлейменге, Тiрi жүруi аз екен дүниеде. Өлесiң деп айтпақты қиын көрiп: – Сенiң дертiң дауасы, нәби Алла, Адамсыз топырақты қаратыңыз, Топырақтан бiр-бiр дақ түзетiңiз. Ол бiр дақтан су iшсең жазыласың, Бойыңнан тазарады захматыңыз. Сүлеймен тәбиптерден мұны көрдi, Не қуатты жындарға әмiр қылды. Мұхиттың ортасында бiр аралдан Бiр қабде топырақты алып келдi. Тағы да көһ Қапқа жындар барып, Оларға шаршау бар ма, өлiп-талып, Асып барып жетiншi қалғасынан, Бiр таза топырақты келдi алып. Жетi жерден алыпты жетi бiр дақ, Тап дегенiн алдырды Сүлеймен-ақ. Қанша дауа қылса да жазыла ма, Таянып келiп тұр ғой ажалы нақ. Тақ Сүлеймен пайғамбар әмiр қылды, Шақырып бiр адамды алып келдi. Алтын таба үстiне жетi жерге Бiр дақты басқа-басқа бөлiп қойды. Хұп латиф жетi бiр дақ пайда болды, Құзырына Сүлейменнiң алып келдi. Баршасын көргеннен соң көңiлi ұнатып, Мұны iстеген ұстаға инғам қылды. Сүлеймен патшалығын асырыпты, Дию, перi өзi келiп бас ұрыпты. Топыраққа муәккiл перiштенi Бiр «Есiм Ағзам» оқып шақыртыпты. Ол перiште алдына қазiр келдi, Сүлеймен пайғамбарға дұға қылды. – Шақырдың, нәби Алла, не жұмысқа, Мұрады шарифiңiз не-дүр ендi? Сүлеймен ол мәлiктен сауал қылды, Ол перiште және де жауап бердi: – Бұл бiр дақ мағынасына шорқақпын, – деп, Бiр «Есiм Ағзамнан» хабар бердi. – Ол «Есiм Ағзамды» тiлiңе сал, Бiр дақтың күнде бiрiн қолыңа ал. Бiр перiште алдыңа қазiр келiп, Бiр дақтан жауап берер ғажайыптар. Адамзат халық болып жүрер, – дедi, Бiр күнi ажал жетiп өлер, – дедi. Ғарық болсын дарияға, отқа жансын, Күзетшi бiр перiште қояр, – дедi. Ол «Есiмдi» оқысаң өзi келiп, Адамның топырағынан хабар берiп. Ол мәлiк өз жайына қайтып кеттi, Сүлейменге «Есiмнен» тағлым берiп. Бiр дақтың күнде бiрiн қолына алды, Сүлеймен ол «Есiмдi» зiкiр қылды. Бiр мәлiк сол арада қазiр келiп, Бiр дақтың ахуалынан сауал сұрды. Ол мәлiк Сүлейменге бердi жауап: – Саудагер бiр кiсi едi бұл топырақ. Сiз – расул, топыраққа мен күзетшi, Дүниеде адамсыз болмайды дақ. Кемесi суға ғарық болды, – дейдi, Ғарық болып дарияда өлдi, – дейдi. Дарияның түбiне батып кеткен, Әшкере жер жүзiне келдi, – дейдi. Бұл бiр даққа тiл берсiн Хақ Тағала, Сауалыңды бұлардан сұрап қара. Бiр дақтардан сауалды сұрағанда, – Бiз де өзiңдей адам [болдық] дүнияда. Бiз дағы дүниеде дәурен сүрдiк, Бұ жаһан сарайына сыймас болдық. Кейiмiз патша, кейiмiз бұқара боп, Ажал жетiп қасiретте ақыр өлдiк. Дүниеден неше жандар өттi дейдi, Кезек-кезек ажалы жеттi дейдi. Ғұмырымыз бiр сағаттай болмады деп, Қайтадан топырақ болып кеттi дейдi. Сүлеймен бұл ахуалдарды көрдi көзi, «Ажал жеттi маған» деп аңлады өзi. «Адамсыз топырақтан су iшсең», – деп, Ишарат тәбиптердiң айтқан сөзi. Ажалына дәрмен жоқ деген сөзi, Жад қылып баршасына жеттi көзi. Ендi кезек келедi дастаныма, Сүлеймен сонымен тоқталды өзi. МАҚСҰТҚА ҚАЙТТЫҚ Бұл қиссаны жад қылған Есжан өзiм, Османлы кiтабынан көрдi көзiм. Сүлеймендi осыған мысал қылып, Хатымтай дастанына келдi сөзiм. – Тәбиптер неше ылаж еттi, – дейдi, Еш ылажын таба алмай кеттi, – дейдi. Ажал мықтап жағасын ұстаған соң, Қол жуып дүниеден өттi, – дейдi. Аз күннен соң және өлдi анам, – дейдi, Бiраз уақыт кешiкпей заман, – дейдi. Ата-анамнан айрылып жалғыз қалдым, Сонша малмен бiр үйде тамам, – дейдi. Мысырдың харамилерi маған келiп, Бiр қатынды мақтайды хабар берiп. Ғейiш-ғишрат зауық қылып мен де жүрем, Менi жолдан шығарды тағлым берiп. Зауық қылып мен де қадам бастым, – дейдi, Ақшаны ауық-ауық шаштым, – дейдi. Қайда сұлу көрiнсе зауық қылып, Неше қыздың бәкiрiн аштым, – дейдi. Атамның достары келүр едi, Менiң мұндай екенiм бiлүр едi. Құлағыма кiрмейдi бiрде-бiрi, О деп, бұ деп насихат берүр едi. Бағзы достар келдi: – Сұлтаным, – деп, Екiншi мұндай iстi қылмаңыз, – деп. Бұл малыңыз түгесiлсе қиын болар, Мұндай харам жолына жүрмеңiз, – деп. Олардың насихатын алмадым мен, Барлық малды харамға жалдадым мен. Атамменен бұл малға ортақ па деп, Ешбiр iзгi жолына бармадым мен. Атам малмен дүниеге келгенi жоқ, Өзiмнiң жiгiттiгiм көңiлiме тоқ. Әгар бұл мал қолымнан дайығ болса, Мал жиылар бiр кәсiп қылармын деп. Ақыры сонша малдың бәрi бiттi, Ғейiш-ғишрат қылғаным түпке жеттi. Үй-мүлкi, киiм-кешек, бәрiн саттым, Иә, Хатым, сонша малдың қайғысы өттi. Иә, Хатым, мұнша малым бәрi кеттi, Харамилер бәрi де қашып бiттi. Талиғымның шырағы қайта жанып, Үндiстаннан бiр лалам душар еттi. Атамнан көп мал алып кеткен екен, Сауданы Үндiстанда еткен екен. Дүниеде көп малға еге болып, Атам өлген хабары жеткен екен. Мархабат қып жылады менi көрiп, Халiме назар қылды iшi ерiп. – Малыңды тауыспа [деп] бiр насихат Айтатын адам жоқ па тағлым берiп? – Мың адам айтқан шығар тағлым берiп, Һешбiрiне көнбедiм тiлiне ерiп. Атама жақын болған достарының Насихат бәрi де айтты менi көрiп. Мен кеттiм мал таусылып налан-гөриан, Ол күнде бiр ақшаға мұқтажбын [мен]. Сонша мал бiткенiне iшi күйiп, Ол лалам менi көрiп қалды қайран. Зар жылап көзден жасын төктi, – дейдi, Сен өлiп, атаң қалса еп-тi, – дейдi. Неше түрлi заһардай ащы сөзбен Һәрбiрi азарлап сөктi, – дейдi. Сөгiп-сөгiп атамның бердi малын: – Маған қарыз болмасын, қолыңа алың. Маған жақын бiр жерден дүкен алып, Дүкенге сал бұл малды шашпа, жаным. Лалам берген дүкенге малды салдым, Бiрге барып бiреуден сатып алдым. Екi жыл алыс-берiс сауда қылып, Бiр күн лалам кетiп, мен жалғыз қалдым. Екi жыл жолдас болған лалам, қанi, Нәпсi шайтан ғалбе қылды менi. Бұрынғы ғейiш-ғишрат еске түсiп, Iбiлiс шайтан бiр жолға бастағаны. Нәпсi һауа еркiме қояр емес, Қанша сабыр қылсам да болар емес. Бiр күн тұрып кеңестiм қабырғаммен, Бұл зауықтан ешбiр нәрсе өнер емес. «Бұ малды жоқ орынға жұмсамайын, Қыз айттырып алайын, ақшам дайын. Некаһлап алайын көңiл берiп, Нәпсi һауа жолына қарамайын». Бұ сөздi көңiлiме мақұл көрдiм, Шүбһасыз достарыма хабар бердiм. – Бiр сұлу қатын болса ескерiңдер, Некаһлап алатұғын маған, – дедiм. Елден iздеп бiр сұлу тапшы, – дедiм, Бiр сұлу қыз бола ма, бақшы, – дедiм. Қасы қара, жүздерi қызыл болсын, Сондай сұлу болады жақсы, – дедiм. Қатындар қыз көрмекке кеттi дейдi, Арада бiраз уақыт өттi дейдi. «Бiр сұлу қатын көрдiм бiр жайда», – деп, Бiр хабар бiреуiнен жеттi дейдi. – Ол қатын дәл жиырма жаста, – дейдi, Байы өлген сапира, бос-ты, – дейдi. Тiлiнi алсаң соны ал, алаң болма, Басқа қыз iздеуiңдi таста, – дейдi. Жүзi сұлу, шырайлы жақсы, – дейдi, Соны алып көңiлiңдi басшы, – дейдi. Ондай сұлу қатын жоқ бұл Мысырда, Айтқанымдай болмаса сөкшi, – дейдi. – Сопы ма? – деп сұрадым тағы және, Қатын айтты: – Тақуа, жаным бала. Намаз оқып, дұғасын тамам қылар, Менен басқа адамнан тағы сұра. – Аса қатты мақтадың оны, – дедiм, Және сопы дедiңiз мұны, – дедiм. Бек сопысы шайтанның масқарасы, Не де болса алайын соны, – дедiм. Кеңестiм көршiлерге хабар берiп, Олар да куә болды сөзiме ерiп. Өзiн һеш адамға есiттiрмейдi, Қарамас намахрамға көзi көрiп. Жiбердiм бiр кiсiнi жаушы қылып, «Мен жағынан жауапты алшы бiлiп». Қалың малын берген соң муазиндер, Маған қосты қатынды некаһ қылып. Қатынды алып мұратқа жеттiм, – дейдi, Ағла зияпаттар еттiм, – дейдi. Мақтауынан зияда артық көрiп, Қайран болып өзiмнен кеттiм, – дейдi. Жан-дiлден ғашық болдым жүздерiне, Сөйлеген тамаша етiп сөздерiне. Күннен-күн ғашықтығым зияда боп, Ынтық боп жәудiреген көздерiне. Сол күнi мұрадыма жеттiм, – дейдi, Құшақтап көздерiнен өптiм, – дейдi. Қатынмен түнi бойы зауық қылып, Түрегелiп моншаға кеттiм, – дейдi. Моншаға құйынған соң келдiм және, Алдыма тағам қойды дәмдi, сiрә. Тамға арқасын сүйенiп тұрып едi, Мен айттым: – Бiрге жейiк, берi қара. Көзiмдi айырмаймын қарауымнан. – Көзiм нұры, дертiмнiң дәрменiсiң, Жанымда отырсаңшы, бiрге жейiк, Сенсiз менiң ас өтпес тамағымнан. – Қарамай жей берiңiз маған, – дедi, Тәрк әдептiк болады жаман, – дедi. Қазiр жалғыз өзiңiз жей берiңiз, Соңыра мен де жермiн тамам, – дедi. Ғашықтығым зияда болдым, – дейдi, Әдептiк тағзымын көрдiм, – дейдi. Аманат бiр Құдаға тапсырдым деп, Базарда дүкенiме келдiм, – дейдi. Базардан үйге келдiм дүкен жауып, Алдымнан қарсы шықты хабар тауып. Екеуiмiз құшақтасып үйге кiрдiк, Қылмаймын бұл iсiнен һешбiр қауiп. Алдыма неше түрлi қойды тағам, Ол бiрге жемеген соң, болдым алаң. «Тағамды бiрге жейiк отыр» десем, Ғұзыр қып жалынады бұрынғыдан: – Асла захмат шекпеңiз менiң үшiн, Тағамды жалғыз жеуге келер күшiм. Иә, Хатым, ол мекердiң айтқан сөзi, Үшбу халмен келедi күндiз-кешiм. Иә, Хатым, тыңда айтқан сөзiм, – дейдi, Көрмесем шыдамайды көзiм, – дейдi. Жан-дiлмен ғашық болам диуана боп, Бiр сағат көрмей тұрсам жүзiн, – дейдi. Көрмесем бола жаздап диуана, Сонша көңiл бекiттiм мен де және. О да сурет көрсетiп ықыласымен, Бiр жастыққа бас қойдық екi сәна. Тағам бiрге жемейдi менiменен, Қауiп қылып жүремiн соныменен. Бiр дертi мұның және бар шығар деп, Пiкiр қылып жүремiн соныменен. Бiр төсекке бас қойдық екi сәна, Менен басқа етпедi муамала. Гүл реңдi жүздерiне шат боламын, Күннен-күнге ғашықтық боп зияда. Көңiлiмнен кетпейдi бұ дертiм һеш, Басыма миясар болды бұ суда-түс. Уқабат бiр жыл өттi тағы арадан, Қайран болдым бұл iске ерте уа кеш. Бұрын көңiлiм жоқ едi илағаны, Бiрге отырып тағамды жемегенi. «Бiрге жесем тәрк әдеп боламын деп, Соңыра жеймiн дегенi – не дегенi». Ойымнан еш кетпейдi жүрген жерде, – Бiр қайғы-қасiрет бар ма ендi сенде? Бiрге же тағамды, не дертiңдi айт, Дәруiш пе едiң, жағдайың бiлдiр менде. Үй деген сөз көңiлiне жақпас, – дейдi, Бiрге жейiк дегендi ұқпас, – дейдi. Бұл сырыңды баян қыл маған десем, Соңыра менiң жүзiме бақпас, – дейдi. Бiр сыры бар екенiн бiлдiм ендi, Қатынның ахуалын сездiм ендi. Көңiлiме тас басып сабыр қылдым, Уасуасадан һеш шықпай жүрдiм ендi. Бiр күн қажы Мұртаза зияпаттар, Зияпат қып шақырды халайықтар. Нiлдiң бiр кенерiнде бiр жақсы жай, Мақам тұтқан бiр түрлi ғажайыптар. Бұл қажы Мұртазаның ол арада Бiр бағы болушы едi құп тамаша. Мысырдың лайықты жерi едi, Ашыналарын шақырған ол тарапқа. Ол мақамға құрдырып қойды шатыр, Шақырған ашыналары барып жатыр. Патшаларға лайық зияпат қып, Халыққа ихсан, сақилық қылды заһир. Олармен мен де бiрге бардым, – дейдi. Нығметтерiн фәрауан көрдiм, – дейдi. Бiреу өй деп, бiреу бүй деп жатыр, Мен де сөзге құлағым түрдiм, – дейдi. Хикаяттар сөйлейдi жиылған көп, Бiреу қатын жағынан айтады кеп. Олардың айтқан сөзiн есiткен соң, Менiң дағы көңiлiме келдi ғой дөп. Менiң де бiр дертiм бар көңiлiме аян, Бұл сырды не қылса да жұртқа жаям. – Мен дағы мүпталамын бiр дертке, – деп, Оларға ахуалымды қылдым баян. Iштерiнен бiлетiн қатынымды, – Құр бекер жамандама қатыныңды. Ол қатындай Мысырда бiр қатын жоқ, Дерттiмiн деп тауыспа ақылыңды. Сен оның опасызын көрдiң қайдан, Сенiң қатының хош жақсы жүмламыздан. Құр далаға сөйлеме жалған айтып, Жамандап қатыныңды қылдың әрмен. Мен айттым: – Сөздерiңiз рас, – дедiм, Бiр нәрсенi қыламын қияс, – дедiм. Үлкен қатты менiң бiр мүшкүлiм бар, Сол мүшкiлден қылыңыз халас, – дедiм. Қатын ап үйленгелi үш жыл болды, Олар тыңлап отырды айтқан жолды. Бiрге тағам жемейдi сонан берi, Үлкен дерт боп iшiме қайғы толды. Алдыма тағам қояр алуан-алуан, Бiрге тағам жемейдi суфрадан. Қанша тiлек қылсам да қол сұнбайды, Мұрады не екенiн бiле алман. Ол маған жауап айтар сонда тұрып, Әдеппенен айтады бетiн бұрып. – Зияда үлкен айып, ұят iс қой, Ерменен тағам жемек бiрге отырып. – Рұқсат бердiм, отыр қасымызда, Ойнап-күлiп бiр жейiк асымыз да. Қабыл қылып қасымда отырмайды, Сiздердiң бар ма бұл iс басыңызда. Олар бұ сөздi естiп болды қайран, Мен айттым: – Бiр пәресiн қылдым баян. Ұйқыдан оянғанда етi мұздай, Үлкен дертiм бiрi осы, қылдым аян. Және бiр сыр қылайын сiзге баян, Сiздер мұның себебiн ойлап қараң. Мен айттым: күшпенен бiр есiнейдi, Естiген қайран болды онан жаман. Олардың бiреуi айтты: – Баралық бiз, Қажы Абданы оңаша алалық бiз. Ол кiсi мұндай iстi көп бiледi, Бұл сөздi сол кiсiге салалық бiз. Шақырып қажы Абданы алып келдiк, Бұл сырды бастан-аяқ баян қылдық. Бiраз ойлап отырды қажы Абдан, – Мұндай iс хабарыңда бар ма? – дедiк. Қажы айтты: – Шақырған соң келдiм, – дедi, Бұл дертiңдi көп ойлап көрдiм, – дедi. Байқадым сенiң айтқан ахуалыңды, Мен бұған екi жауап бiлдiм, – дедi. * * * Бiр хикаят айтайын сiзге, – дедi, Бiр адам келiп айтты бiзге, – дедi. Рұмда оның көрген ахуалы Дәлел келдi осы айтқан сөзге, – дедi. Ол кiсi айтты: – Рұмда жүргенiмдi, Нақылын қылайын бiлгенiмдi. Һауаның сұхбатында ойын ойнап, Сол ойында айтайын көргенiмдi. Бiр күн ойын ойнадық ендi барып, Қапалы адам қалатын сапаланып. Жасырынбақ ойнадық сол арада, Жасырындым бiр күбi тауып алып. Көршiнiң қапусынан ендiм, – дедi, Бақшаның бiр жерiне келдiм, – дедi. Iшiнен бiр күбiнi тауып алып, Сол күбiнiң iшiне кiрдiм, – дедi. Сиқыршы қатын келдi түнде тұрып, Қолына бiр жыланды қамшы қылып. Сол қораның иесi қатын едi, Ол күбiнiң үстiне алды мiнiп. Күбiге «һида» дедi әфсүн оқып, Күрiлдеп күбi кеттi аспанға ұшып. Аспанда шарқ айналып келе жатыр, Жасырынып келемiн зәрем ұшып. Күбi кеттi аспанға шырқ айналып, Мен де кеттiм iшiнде болып ғайып. Жыланмен ұрғанында түтiн шығып, Ақыры бiр мәнзилге ендi барып. Сиқыршы ол күбiден түстi, – дедi, Қыдырып бiр тарапты кеттi, – дедi. Күбiден басым шығарып сабыр қылып, Жан-жағыма тамаша еттiм, – дедi. Бiр дарақ, үлкен ағаш көрдiм, – дедi, Жас та болса миуадан тердiм, – дедi. Ол күбiден шығуға қауiп қылып, Қайтадан жасырынып кiрдiм, – дедi. Бiраздан соң сиқыршы келдi, – дедi, Әфсүн оқып күпке мiндi, – дедi. Қауiп еттiм бiр бәлеге жолықтым деп, Өзiнiң қорасына ендi, – дедi. Ол сиқыршы күптен тұрып кеттi, О дағы қорыққанынан сабыр еттi. Жолдастары таба алмай отыр екен, Бiр уақта сәлем берiп кiрiп кептi. – Иә, бiрадар, жақсы-хош келдiң, – дедi, Түнi бойы сен қайда едiң? – дедi. Ол айтты: – Иә, бiрадар, нелер көрдiм, Олар айтты: – Не нәрсе көрдiң? – дедi. Ол жiгiт көргендерiн қылды баян, Бiраз миуа шығарды қойынынан. Бұл миуа Үндiстанның миуасы деп Есiтiп хадисiмдi қалды қайран. Садық болса қатының тұрып кетер, Бұл iстен зәрра ғапыл болма бекер. Ұйықтаған боп ояу жат төсегiңде, Бiр хабар өзi-дағы заһир етер. Олар айтты: – Иә, қажы, және бiр сөз, Қатыны бiрге өзiмен тағам жемес. «Тәрк әдептiк болады» деп айтады екен, Бұнысына не себеп болады кез? Қажы айтты: – Бiр себеп болады кез, Жәдулер қасам берiп айтады сөз: «Ерiңмен бiрге отырып тамақ жеме», Ерiмен сол себептен тағам жемес. Таралып ол мәжiлiс өттi дейдi, Һәркiм үйдi-үйiне кеттi дейдi. – Сен кеткелi көздерiм қанға толды, Жолыңа қарай-қарай, – дептi дейдi. Кешiктiң деп алдымнан қарсы жүрдi, Орныма iзетпенен отырғызды. Әуелгiден зияда бой көрсетiп, Қажы айтқан сездiрмей үшбу сырды. Сыр бiлдiрмей мұғамле еттiм, – дейдi. Айтқан сөзi жадымда көптiң, – дейдi. Ей, әпендiм, дертiмнiң дәрменi деп, Құшақтап ләбтерiнен өптiм, – дейдi. Ақшам болып алдыма қойды тағам, Не қылса да сөз естiп көңiлiм алаң. Өзi отырмай шегiнiп кейiн кеттi, «Тәрк әдеп боламын» деп онан жаман. – Отыр, тағам бiрге же менiменен, Қылсаңшы аярлықты ебiменен. Менi сен алдап жүрсiң аярлық қып, Мекера, iсiм түссiн сенiменен. О дағы үндемедi, жаттым, – дейдi, Ұйықтаған боп көздерiмдi жаптым, – дейдi. Бiр уақыт қатыным тұрып кеттi, Мен де артынан абайлап бақтым, – дейдi. Мен де артынан iлесе шықтым, – дейдi, Мен дағы дарбазадан кештiм, – дейдi. Перғауын моласына бара жатыр, Мен де артына адаспай түстiм, – дейдi. Жиылған өңшең шайтан ол молаға, Мен де келiп қарадым масқараға. Өңшең жәду, шайтаннан тағлым алған, Шәкiрт болып әлейһи алинаға. Оларға Iбiлiс тағлым еттi, – дейдi, Бәрi де тағлым алып кеттi, – дейдi. Қараңғыда қатыным менi көрмей, Бiр мазарға алдымнан өттi, – дейдi. Бiрдеме деп мазардың аузын ашты, Iшiн жарып, жүрегiн алып қапты. Онан бұрын төсекке келiп жаттым, Аузы-мұрнын пәк қылып тазалапты. Төсекке бұрын жаттым үйге келiп, О да келдi iлесе қойныма енiп. Жүрегiм орнында тоқтамады, Қатынның қылған iсiн көзiм көрiп. Таң атып раушан болды жердiң жүзi, Түнде менi көрген жоқ қатын көзi. Алдыма дастарханмен тағам қойып, Шегiнiп кейiн тұрды қатын өзi. Мен дағы оған бүйдеп үндемейтiн, О да бұрын қатты сөз сөйлемейтiн. – Ей, күшiк, берi отыр бiрге жейiк, Мен диуананың бегi емес жалғыз жейтiн. – Сiзбен бiрге жемеймiн менi десең, Тiл алмайсың, сырымды сұрама десем. Не үшiн менi зорлайсың қылтың тиiп, Тәрк әдептiк боламын бiрге жесем. – Ей, мекер, сен немене дедiң, – дедiм, Бұ кеше қайда барып едiң, – дедiм. Перғауын моласына түнде барып, Бiр адамның жүрегiн жедiң, – дедiм. Сен келдiң Iбiлiстен тағлым алып, Кеттiң сен, төсекте мен жалғыз қалып. Менiмен бiрге жеуге әдебiң бар, Моладан жүрек жедiң түнде барып. Сенi мен жүрушi едiм қызық бiлiп, Менi алдап сен жүрсiң мазақ қылып. Адам етiн жегенде арланбайсың, Сенi мен өлтiрейiн азап қылып. Бұл жауапты естiп қатын сонда, Шынымен жаңа келдi азабына. – Һәй, надан, айтпадым ба әуел баста, Бұл сырдың асылын һеш менен сұрама. Сен ендi халiңдi көр, надан, – дедi, Не қыламын көресiң саған, – дедi. Қолына қолын ұрып пәнжелерiн, Көтерiп келе жатыр маған, – дедi. Қолдарына қарадым назар салып, Көрген соң зәрем ұшты есiм ауып. Қолдары дiлауардың найзасындай, Жалынып зорға құтылдым ебiн тауып. Жалынған соң: – Амандық бердiм, – дедi, Сенен мен көп жақсылық көрдiм, – дедi. Талақ сал да бiр жаққа көрiнбей кет, Болмаса өлтiретiн ердiм, – дедi. Онан мен өлерiмдi бiлдiм, – дейдi, Жүзiне өп-өтiрiк күлдiм, – дейдi. Мен сенен айрылмаймын, сұлтаным, – деп, Өтiрiк жалынған боп көрдiм, – дейдi. Ол малғұн жалынғанды бiлер емес, Жалынды деп рақым қылар емес. Қаһарланса қылатын астын-үстiн, Мысырды бiр сағатқа қояр емес. Мен бердiм талақ оған ендi барып, Талақ берiп құтылдым аман қалып. Қауiп қылып одан қорыққанымнан, Мен келдiм бұл шаһарға басымды алып. – Иә, Хатым, менiң айтқан сөзiм тыңда, Қол жуып дүниеден келдiм мұнда. Бұл уақта есiкшiлiк кәсiп қылдым, Жеткiзер ризығым Құдауанда. Менiң мұнда екенiм бiлмейдi ол, Бiлсе әгар өлтiруге үзбейдi қол. Бұл ара ол мекерге алыс емес, Бiр жылап, бiр күлмегiм себебi сол. Қорқамын ол мекерден зәрем ұшып, Қорыққаннан бұл диарға келдiм көшiп. Бағырыма құшқандай қуанамын, Бұрынғы жақсылығы еске түсiп. Иманды құл – Алланың досы, – дейдi, Көңiлiмнiң еш келмейдi хошы, – дейдi. Қылған iсi мекердiң естен кетпей, Бiр күлiп, бiр жылауым осы, – дейдi. * * * Иә, Хатым, менiң сырым сол-ды, – дейдi, Қасiрет һәр кез астам болды, – дейдi. Хамуш болып қылады сөзiн тамам, Қатын көрсем шошимын ендi, – дейдi. Хатымтай бұл ахуалға құлақ салды, Бұл сырды құлақ салып ұғып алды. Қатынның мекерiнен қасiреттi, Саргардан болыпсың деп қайран қалды. Ескi фаруштың сырын ғажап бiлдi, Қол жайып ескi фарушқа дұға қылды. Екi қиын мүшкүлiм ашылды деп, Хатымтай жүрiстi ойлап талап қылды. Лайық зияпаттар еттi, – дедi, Сөйлесiп неше сөздер кештi, – дедi. Әгар менiң диарым жақын болса, Ихсан қылар едiм дептi, – дейдi. Сабах садық атқан соң тұрады ендi, Жүрмектiң тарадытын қылады ендi. – Әй, бiрадар, дұғадан ұмытпа, – деп, Уағда хош айтысып жүредi ендi. Жүредi Табарстанның жолын тұтып, Желден жылдам жүредi жолды өтiп. Неше мәнзил жол алды аз заманда, Жайға қарап жатқан жоқ жолдас күтiп. Құданың «Есiм шарифiн» тiлге салып, Көрген қиын iсiне қайран қалып. Табарстан жолымен келе жатыр, Сағынып тәж-тақытын көңiлiне алып. Мұрад алдым Хорасан, Бадахшаннан, Және мұрад алайын Табарстаннан. Мұнараға бiр шығып, түскенiнiң Асылын және бiлсем муазиннен. Жолда неше келедi таулар кешiп, Өлiмнен қауiп қылады зәресi ұшып. Жолда неше ғарiптер ашына болып, Һәрбiр сөздер айтады еске түсiп. Олар тыңдап Хатымның айтқан сөзiн, Құлақ қойып тыңдайды салып көзiн. Мұның бiр патша екенiн қайдан бiлсiн, Жиһан кезген саяхатшы бiледi өзiн. Әлқисса, Хатымтай саях, ғалым болып, мұндай жаһан сарайын кезiп, сәйiр уа тамаша етемiн деп бұ бәйiттi оқыды: Кiсi кендi ризасилә шығып тәрк диар етпес, Себепсiз ғарiптiң қаһарын өзiне ықтияр етпес. Оқып өз дертiн ортаға салұр ердi. Хатымтай о деп бұ деп келе жатыр, Бiр күнi Табарстан болды заһир. Гуя жүмла захматтан халас болып, Зияда ғамден азат болды ақыр. Қуанып Табарстанға жақын келдi, Кiдiрмей дарбазаның iшiне ендi. Аяғы тозаң болып, кеудесi ашық, Белгiлi азаншыға сәлем бердi. Ол азаншы сәлемiн әлiк алған, – Иә, Хатым, хош келдiң, – деп назар салған. Iздеген мүшкүлiмдi бiлiп келсең, Зияда бұл жаһанда болдың балуан. Хатым айтты: – Алысқа ұзаттыңыз, Зияда бiздiң көрген захматымыз. Барғанымнан хабарды бiлiп келдiм, Ынтызармын жауапты бере алсаңыз. – Бүгiн бiздiң боларсыз қонағымыз, Тыныққан соң есiтерсiз жауабымыз. Ұзақ жолдан келдiңiз арып-шаршап, Нақыл қылсам таусылмас сауалымыз. Жанына отырғызып iзет қылды, Қасында ирам әйлап қарар қылды. Мұнша неге кеш қалдың дегенiнде, Ол шайхыдан қайтқанын баян қылды. Қожа бiр-бiр естiп қылды ғажап, Дүкенде көп кешiкпей сөйлестi аз-ақ. Ақшам уақты болған соң сол арадан, Хатымды ертiп жүрдi дүкен жаба-ақ. Азаншы Хатымтайды ертiп жүрдi, Жоғары отырғызып iзет қылды. Неше алуан тағамдар әзiр қылып, Орталыққа раушан мом жандырды. Хатымтай iштi, жедi тағамынан, Отырып ескiшенi сауал қылған. Қатынмен бiрге көрген мажарасы Әуелден ақырына қылды баян. Тәржiме қылды деген бұ да бiр ат, Хатымтай бастан-аяқ қылады жад. Естiмеген сырларын естiген соң, Көңiлi азаншының болады шат. Есiтiп есiкшiден мұнша кептi, Ол дертiн есiкшiнiң ғажап еттi. – Иә, Хатым, тыңлағыл сөзiмдi, – деп, Өзiнiң ахуалын баян еттi. – Сырымды мен айтайын әуел бастан, Бұл шаһар өзiң көрген Табарстан. Атам үшбу мәсжидте азан айтты, Атама бiр ауру араласқан. Бiр күнi атам ауырды хаста болып, Тапсырды муазиндiгiн маған берiп. Кәсiбiмiз мәсжидте азаншылық, Қызметiн қолдан қойма ада қылып. Мәсжидте азан айтып жүрдiм, – дейдi, Бiр күнi орнымнан тұрдым, – дейдi. Сабах садық екен деп қияс қылсам, Байқасам түн ортасы бiлдiм, – дейдi. Есiгiн мұнараның аштым, – дейдi, Жоғары жүрiп қадам бастым, – дейдi. Мұнарада бiр темжид оқиын, – деп, Көңiлiмде ойлаған қасад, – дейдi. Басына мұнараның шықтым келiп, Шошыдым бiр ғажайып құсты көрiп. Ол құстың кәтталығы түйедей бар, Мұнара жығылар деп қорқу кiрiп. Ол құсты тұтайын деп бастым қадам, Хабарсыз бұл сырымнан ешбiр адам. Ақырын аңдаусызда келдiм дағы, Мықтап ұстап жабыстым аяғынан. Құс ұшты менен қорқып мұнарадан, Iлiнiп аяғында мен де барам. Не болғаным бiлмедiм, кете бердiм, Ақылымнан айрылып болдым қайран. Не қыларым бiлмедiм, ендi састым, Бiр уақта есiм жиып көзiм аштым. Мұхиттан да ары өтiп кеттiм ғой, – деп, Не екенiн бiлмедiм таудың, тастың. Ол құстың аяғында кеттiм шауып, Алатұғын адам жоқ менi тауып. Бiр ойладым қолымнан жiберсем деп, Жан тәттi екен, өлiмнен қылдым қауiп. Қайрат қылып аяғын жiбермедiм, Құс та битап болғанын ендi бiлдiм. Құс төмендеп аяғым жерге жеттi, Құдаға хамду фәрауан шүкiр қылдым. Құс аяғын қолымнан қоя бердiм, Тоқтамай ол арада тағы жүрдiм. Көрiндi бiр ғажайып мазарстан, Жанына ол мазарға келiп жеттiм. Бiр араб ол мазарға келiп жеттi, Бiр панар қарсы алдымда заһир еттi. Асығып бiр биiк тас ендi артына, Жасырынып тұрмаққа көңiлiм кеттi. Назар салып мен көрдiм шамға қарап, Қасыма жақын келдi бiр қара араб. Арқасындағы панарын жерге қойып, Бiр жерден тауып алды темiр күрек. Күрекпен бiр ағаштың түбiн қазған, Кей адам сондай iспен жолдан азған. Ағашты алып тастаса – асты қуыс, Iшiне шаммен түстi араб жазған. Молдалар хат жазады қағаз жайып, Ол араб жерге кiрiп болды ғайып. Ол қуыста бiр құббе есiгi бар, Мен де көрдiм ақырын таңғажайып. Құббенi шаммен жарық еттi, – дейдi, Мен де түзеп қарадым беттi, – дейдi. Сүмбiл шашты iшiнде бiр сұлу қыз, Қызды көрiп ақылым кеттi, – дейдi. Қызды көрiп мың жанмен қылдым мейiл, Қызбен қылар ма едi деп көңiлiм сейiл. Ол қыздың жанына кеп араб айтты, «Назнин, маған көн» деп болып зейiл. Өлтiрсе де қыз сөзге көнер емес, Арабтың сұрағанын берер емес. Аузына келген сөздi сөйлей бердi, Арабтың һеш еркiне жүрер емес. Қыз арабтың қолынан болды жаман, Тiлiне келген сөздi сөйлей берген. Ол арабтың зияда ғадабы кеп, Ол қызға қамшы алып болды мәриан. Сонша ұрды ол қызды ендi араб, Қамшы кiрдi етiне тарап-тарап. Қыз ақылсыз сол жерде болып қалды, Панардың жарығымен тұрмын қарап. Араб кеттi алдына кесе қойып, Тас артына сақтандым мен де келiп. Ол құббенiң аузын қайта жапты, Сыртқы аузына тағы да топырақ шекiп. Аузына белгi қылып ағаш тiктi, Бағда шамын алып қайтып кеттi. Өз дертiмдi ұмыттым қызды көрiп, Менiң де есiмдi алып маст еттi. Ол қыздың махаббаты көңiлiмде бар, Iшiмнен аһ ұрып қыламын зар. Қыз бен араб кiм екен, қайдан жүр деп, Ол түн мазарстанда қылдым қарар. Ол түн өтiп орнымнан тұрдым, – дейдi, Бiр жол тауып iлгерi жүрдiм, – дейдi. Бiр төбенiң үстiнде назар қылсам, Бiр нәзiк, үлкен шаһар көрдiм, – дейдi. Бет түзеп ол шаһарға жүрдiм, – дейдi, Шаһардың қақпасынан кiрдiм, – дейдi. Адамның ғаләбәсi атырапқа Жайылған үлкен шаһар көрдiм, – дейдi. Мұндай шаһар көрмедiм ғұмырымда, Көшесiн араладым ендi мен де. Қайран қалып жүр едiм бұ шаһарға, Сауал қылдым бiреуден бiр арада. Болады жазғытұрым әуел баһар, Ол құстың аяғында көрдiм хатар. Тоқтатып ол адамнан сауал қылдым, – Аты бұл шаһардың қандай шаһар? – Һеш жөнiн бұл шаһардың бiлiп пе едiң, Бұл жайды бұрын келiп көрiп пе едiң? Сонда менiң жүзiме қарап айтты: – Жолымен бұл шаһардың жүрiп пе едiң? Мен айттым: – Бұл шаһарды көргенiм жоқ, Бұрын естiп хабарын бiлгенiм жоқ. Ол кiсi айтты: – Бұл кiшiк Самарқан-дүр, Ғажайып бiр шаһар-дүр бақшасы көп. Сонда менен ол адам сұрады сөз: – Сен қайдан келесiң? – деп, бер жауапты тез. – Келемiн Табарстан шаһарынан, Бұл жайға бiр хикметпен жолықтым кез. Ол кiсi маған айтты: – Ей, диуана, Маған сен жалған айттың, бермен қара. Бұрын оқып тарихта көрiп едiм, Табарстан қала бұл жерден отыз сәна. Жеттiң бе жиырмаға, жетпедiң бе, Жалған айтып сөзiңдi айтпадың ба. Маған сен осы арада жалған айттың, Алысқа ұзап кеттiң бе, кетпедiң бе? Мен дағы жауап қылмай жүре бердiм, Базарының iшiне кiре бердiм. Базарын тамаша қып келе жатып, Бiр делдал жар шақырған оны көрдiм. Делдалбасы кiсiнiң құзырында Отырды қол көтерiп қылып дұға. Басқа делдал бәрi де «әумин» дейдi, Бiр делдал iлгерi кеп қылды нида. – Он күн болды патшаның қызы ғайып, Һәркiм бiр сахат хабар берсе тауып. Ол адамға патша көп инғам етер, Бұл iске жұрттың бәрi таңғажайып. Бәлки патша өзiне күйеу етер, Тауып берген кiсiнiң несi кетер. Кiмде-кiм естiп бiлсең хабарын бер, Қызын алып, күйеу бол, жүрме бекер. Делдалдың бұл ахуалын көрдiм, – дейдi, «Берi кел» деп ишарат қылдым, – дейдi. Делдалдың ендi бардым қарсы алдына, Патшы қызы екенiн бiлдiм, – дейдi. Делдалды алып шықтым оңашаға, – Ей, делдал, менi алып бар патшаға, Патшаға айтатұғын мұрадым бар, Алдыма делдал түсiп жүрдi және. Патшаның сарайына келдiк, – дейдi, Iшкерi рұқсатпенен кiрдiк, – дейдi. Патша менi кiрсiн деп шақырған соң, Алдында әдеп қылып тұрдық, – дейдi. Патша жылап өлуге кептi, – дейдi, Көздерi жасқа толып кеттi, – дейдi. Мен дағы халiн көрiп рақым қылдым, Түрегеп көздерiмнен өптi, – дейдi. Патша айтты: – Дертiме бердiң хабар, Қызымнан бар ма маған хабар табар? Мен айттым: – Қызыңыздан хабар бiлдiм, Менiң және сiзден бiр тiлегiм бар. Патша айтты: – Тiлегiңдi бердiм, – дейдi, Не десең де сөзiңе ердiм, – дейдi. Шат болып бауырына менi басты, Сабыр қып ақшамғаша тұрдым, – дейдi. Жиырмадай жiгiт ап ендi жүрдiм, Һәрбiрiне бiр өткiр қылыш бердiм. Мазарға кеп бiр жерге жасырынды, Өзiм және бiр жердi қарар қылдым. Ендi оған ынтызар болып тұрдым, Машғаләсi намаян ендi көрдiм. Араб келiп панарын жерге тiктi, Бұларға әзiр бол деп әмiр қылдым. Ол ағашты жерiнен қопарды ендi, Ол құббенiң есiгi көрiндi ендi. «Баршаңыз бiрден ұмтыл һұжұм қылып», Бұлар да қылыш алып нағыра ұрды. Арабты қылышпенен ұра бердi, Араб тағы бұларды көзi көрдi. Мен дағы қоймашы деп айқай салдым, Араб тағы бiр кәрре нағыра ұрды. Темiрмен о да ұрды келе сала, Бұларды ұрып жыға жүзiқара. Не пайда, ақырында көптiк қылып Арабты жығып, қылдық пара-пара. Зәңгiден зақым жедi ол дiлауар, Бiрнешесiн зәңгi һәлак қылған шығар. Патшаны қуантып «сүйiншi ал» деп, Жiбердi падишаға ендi бұлар. Патшаның қатыны да қайғы етiп, О да шат боп қуанды қайғы кетiп. Патшаның әмiрiмен шаттық көрiп, Күббеден қызын алып келдi жетiп. Он күн, он түн патша қылды тойды, Патшаға Құдай берген ақыл-ойды. Сарайға менi алып кеп кiргiздi де, Өзiме тақдым берiп уәзiр қылды. Өзiме бiр оңаша үй сарай бердi, Қыз өзiне келген соң некаһ қылды. Қырық кеш, қырық күндiз тойын қылып, Не қадар ойын-күлкi шаттық қылды. Менi апарып кiргiздi моншасына, Күйеу болдым патшаның ханшасына. Неше түрлi либасқа қарық қылды, Ғажап қылдым дәулеттiң соншасына. Осынша iзет-құрмет көрдiм, – дейдi, Мол дәулеттiң iшiне кiрдiм, – дейдi. Дәулет пен бақ жар болса, мұндай болсын, Ол құста захмат шегiп жүрдiм, – дейдi. Ол күнде әзиз жаннан үмiт кестiм, Не қадар мол дәулетке ендi жеттiм. «Әгар да уәлаятым жақын болса, Бiлер-дi кiм екенiм менiң», – деппiн. Муазиндер алдымда некаһ қылып, Сарай iшiн раушан жарық қылып. Қасымдағы кiсiлер таралған соң, Төсекте қыз қойнына жаттым кiрiп. Патшаға күйеу болып жүрдiм аман, Iшiнде Самарқанның неше заман. Басқа уәзiрлер бұ халдi көргеннен соң, Баршасы қастық ойлап маған жаман. Баршасы кеңес қылған бiр арада: – Алыстан қаңғып келген уәлад зина. Бағырымыз қан болды, бақытымыз жоқ, Мұның дертiн шегемiз не замана. Бұл хариф түнеугi күн келдi мұнда, Бiр хайла қылсақ керек бұған, сiрә. Диуана бiзге лайық iс қылмады, Һәм уәзiр, күйеу болды патшамызға. Бiздерге қиын болды үшбу кiсi, Жақты ғой падишаға қылған iсi. Құлыңнан бiз де халас болар едiк, Жақпаса падишаға бiр қылмысы. Бiрi айтты уәзiрдiң: – Бiлдiм бұған, Бiр пiкiр қабыл болса ойлап соған. Олар дағы сұрады: – Не ойладың? – деп, Мұны қылсақ падиша бермес аман. Бұл сөздi үйретелiк қызға тамам, Бiздер де падишаға және айталық. Менi араб сарайдан алған заман, Жанында және бар-дүр десiн адам. Күйеуiң ұғры-дүр, өзi жаман, Харами-дүр күйеуiң қас-дүр саған. Тәж-тақытың бәрiн де забут қылып, Пұрсат тапса өзiңе бермес аман. «Не бiлдiң?» деп сұраса падиша бiзден, Бiз сырды жасырмаймыз, тақсыр, сiзден. Қызыңызды сарайдан ұғырлап алып, Және кеп сүйiншi алды өзiңiзден. Бұл жiгiт арабпенен жолдас екен, Екеуi ұғырлық қылған сырлас екен. Падиша, сақтанып жүр қас-ты сiзге, Бiр әлм бәрiмiзге қылмаса екен. Сүйдеп айтсақ падиша нанар, – дедi, Хақиқат қыздан сауал қылар, – дедi. Сөздi сүйтiп құялық бiр араға, Бiр күн пұрсат айтатын болар, – дедi. Оңашасын күзеттi ендi олар, Пұрсат тауып айтады ендi бұлар. Сiздердiң сөздерiңiз аңланар деп, Жаһан көрмей патшаның көзi тұнар. – Бұл iстен ол адамның жоқ хабары, Ғалат сөйлеп болмаңыздар күнәһары. Нақақ жерде бiреудiң қанын жүктеп, Асы болып жүрмеңдер онан ары. Олар және патшаға айтады сөз, – Әгар, патша, бар болса рұқсатыңыз. Ұрлағанда бiреу ме, екеу ме деп, Қызыңыздан мұның жайын сұратыңыз. Патша сонда қызынан сауал айтар, Қызы да «екi кiсi» деп жауап айтар. Патшаның екi көзi қанға толып, Маған азап қылмақшы құры бекер. Өлтiрмекке жiбердi уәзiрлерiн, Малғұндар жанына алды жалладтарын. Дүниенiң ықпалын бiз көрдiк деп, Маған тiгiп келiптi қаһарларын. Мен де үлкен бақшада жүрдiм, – дейдi, Iшiнде ғейiш-ғишрат қылдым, – дейдi. Бәшiр атты бiреумен дос-жар едiм, Қағаз ап Бәшiр келдi, көрдiм, – дейдi. Қағаз берiп асығып шығып кеттi, Қағазды алып ақылым, есiм кеттi. Бұлардың ахуалын бiлгеннен соң, Ендi ойладым: басыма ажал жеттi. Ендi ойлап қашпаққа пiкiр еттiм, Бақшадан шынымды айтпай шығып кеттiм. Бұ күнде дос болса да қас қылар деп, Қызметкерiм бәрiнен жүдә түстiм. Мен кеттiм ұғырланып аттай желiп, Бақшадан кететұғын жолды бiлiп. Алды-артыма қарамай кете бердiм, Уәзiрлер менi сұрай баққа келiп. Артыма олар түсiп кеттi, – дейдi, Қаштың деп бiр нағыра еттi, – дейдi. Олар атты, мен жаяу қашып келем, Құтыларсың, бәлем деп жеттi, – дейдi. Жақындап келiп қалды ендi бұлар, Хақтан өзге кiм маған жәрдем қылар. Жетсе маған амандық берер емес, «Иә, Раббым, медет бер» деп қыламын зар. Зар қылып келе жатып құсты көрдiм, Менi ап келген құс екен ендi бiлдiм. Дүниеден бейхабар отыр екен, Шат болып дәрмен iстеп шүкiр қылдым. Бой ұрып құсқа таман кеттiм, – дейдi, Ақырын кеп қасына жеттiм, – дейдi. Махкам екi қолмен бiрдей ұстап, Алұрып аяғынан тұттым, – дейдi. Құс және менен үркiп ұшты, – дейдi, Көтерiлiп ауаға кеттi, – дейдi. Бақытың сенiң жар болып, әй,набiкар, Халас болып құтылдың ендi, – дейдi. Бұлар кетiп жөнiне қайтып кеттi, Заһира ахуалымды мағлұм еттi. Сонша қатты құс ұшты менен үркiп, Қалжырап мұрныма жаным жеттi. Екi қолым қалжырап көрдiм зәбiр, Жiберсем деп ойладым көңiлiмде бiр. Сол уақыт қараңғы ақшам болды, Жiберуге жан тәттi, қылдым сабыр. Бiлмеймiн есiм кетiп тау мен тасты, Бiлмеймiн неше алыс жерден асты. Шүкiрлiк қып аяғын қоя бердiм, Құс төмендеп, аяғым жердi басты. Ол құс дағы зияда болды битап, Мен iлгерi жүрiп кеттiм, кейiн құс қап. Бiр мазар ислам[и] кез болды да, Сағынып нұр саиданы жаттым зарлап. Зар жылап бiраздан соң есiм жидым, Жарымнан айырылған соң ендi күйдiм. Пұл бар ма деп жанымды тiнтiп едiм, Мың алтыным бар екен, ендi бiлдiм. Қуандым жанымда мың алтыным қалып, Байыдым мол ақшаға ендi жарып. Түзелiп таң атқан соң тағы жүрдiм, Сол жерде, шүкiрлiк, ұйықтап алып. Секiрiп ол арадан кеттiм, – дейдi, Бiр төбеден iлгерi өттiм, – дейдi. Назар қылсам махкам буруждары Муаззам бiр шаһарға жеттiм, – дейдi. Көп екен атырабында бақшалары, Бақтары ниһаятсыз соның бәрi. Қапудан ендi iшкерi кiрiп көрдiм, Мысал тылсым еткен биналары. Асыл тас iстегенi алуан-алуан, Адамы көп iшiнде мұхит болған. – Бұл шаһардың аты не, не қала? – деп, Мен бейшара бiреуден сауал қылған. Ол адам сұраған соң бердi жауап: – Мұны Орта Самарқан десе сауап. – Кiшiк Самарқан бұ жерден не миқдар? – деп, Ғажап қылдым ол ерден қайта сұрап. – Тез жүрген тоқтамастан әгар адам, Самарқан қырық жылдық жол бұл арадан. Шаһарды тамаша қып келе жатсам, Бiр араға зияда халық жиылған. Бiр адамнан сауалды айттым және: – Шыққан-көрген белгiсiз бұл арада, Бұл арада не бар? – деп сұрағанда, Ол кiсi айтты: – Бұл өзi қаһуахана. Мен де барып қаһуа iштiм, – дейдi, Қаһуада неше әуез естiдiм, – дейдi. Қаһуаның ақшасын берейiн деп, Белiмнен кемерiмдi шештiм, – дейдi. Қарасам, белiмдегi алтыным жоқ, Қарадым һәр жерiмдi о деп, бұ деп. Қаһуашыға бiр нәрсе кепiл қойып, Мазардан iздеп келдiм, түсiрдiм деп. Мазардан алтынымды iздеп көрдiм, Қаһуашының қасына қайтып келдiм. Қаһуашы «не болды?» деп сауал қылды, Қайғылы, халiм нашар ендi бiлдiм. – Алтыным таба алмадым iздеп барып, Қайғылы әлм шектiм алтын қалып. – Бiр адамға тапсырып жiберейiн, Сұрасаң тауып берер ақшаңды алып. Сабыр қылып отырдым бiр азырақ, Зияда хабар естiп көңiлiм шат. Мың тiлла бiр адамнан жоғалса, Оны тауып беретiн не деген зат. Қарар қып қаһуада тұрдым ендi, Ақшамның жоқтығына олар сендi. Сабыр қып қаһуада отыр едiм, Заманнан соң сақалды бiреу келдi. – Хұсайын, бұ жiгiттi алшы, – дедi, Ғарiптiң сауабына қалшы, – дедi. Ақшасын сұрап әпер бұ жiгiттiң, Қажы Әли ағаға баршы, – дедi. Ол кiсi менi жылдам алып жүрдi, – Ақшаң нағып түстi? – деп сауал қылды. Көргенiмдi мен дағы баян қылдым, Ол менiң ахуалымды ендi бiлдi. Әли қажы дегенге келдi[к], – дейдi, Хұсайын келiп сәлем бердi, – дейдi. Алтынымның жоқтығын естiген соң, «Берi кел, байқайын» деп көрдi, – дейдi. – Ғарiп боп қай арадан жеттiң, – дейдi, Алтының қайда дайығ еттiң? – дейдi. – Пәлен жерде мазарда жоғалттым, – деп, Қожаға солай нақыл еттiм, – дейдi. Қожа сонда аралап қалталарын, Алдыма жамиғ қылды соның бәрiн. Кейi алтын, кейi күмiс, кейi жауһар, – Бақ, жiгiт, мұнда бар ма алтындарың? – Алтыным мұнда жоқ, – деп болдым бейхал, Бiр алтынды шығарып бердi де: – Бар, Бүгiн мұны хараж қыл кепiлмен[ен], Ертең менен кел дағы алтыныңды ал. Қажыға дұға қылып шығып кеттiм, Тұп-тура қаһуаға келiп жеттiм. Қаһуаға келген соң ұйықтап қалдым, Ап келген бiр алтынды хараж еттiм. Ерте тұрып қажыға бардым, – дейдi, Түп-түгел алтынымды алдым, – дейдi. Мен дағы қажыға мың дұға қылып, Бұ iске таңғажайып қалдым, – дейдi. Ол дәстүр бұл шаһардың әдетi екен, Бiраз күн пәтердi қылдым мекен. Күндiз барып базардан қаһуа iшiп, Кеш болғанда пәтерге қайтып кетем. Бiр күн достым бiрi айтты: – Маған ерсең, Бұ шаһар ахуалынан бейхабарсың. Мұнда жүрсең сенi мен үйлендiрем, Менiң айтқан сөзiмдi мақұл көрсең. Мен мақұл дегеннен соң алып келдi, Ұлық ахуалымнан сауал қылды. Қыз бен қатын таңдатып, бiр қатынды Имамдар шақырып кеп некаһ қылды. Пәлен жайда бiр қожа өлген екен, Өзi ғани, ақшалы болған екен. Құрға тастап кез болды мен ғарiпке, Қатыны артында тұл қалған екен. Ол ұлық сарайына бардым, – дейдi, Некаһлап ол қатынды алдым, – дейдi. Қызметке қол бағлап тұр жариалар, Мың жаныммен ғашық болып қалдым, – дейдi. Қатынменен жақындық еттiм, – дейдi, Дiлбардың гүл жүзiнен өптiм, – дейдi. Зияда түнi бойы өбiп-құшып, Моншаға ғұсыл үшiн кеттiм, – дейдi. Моншадан ғұсыл қылып қайттым және, Көргенше ғашығымды көңiлiм ала. Күнiне бiр алтыннан хараж қылып, Бiр күнi ақша бiтiп түстi сәна. Белiмдегi алтыным бiттi, – дейдi, Паришан боп ақылым кеттi, – дейдi. Өңi-түсiм боз болып үйге келдiм, Қатын көрiп икрам еттi, – дейдi. Икрам-iзет қылып қарсы шықты, Түсiм көрiп көңiлiмнен сауал еттi. – Түсiң қашып паришан болып келдiң, Әгар сенiң қажетiң мал ма? – дептi. Мал үшiн, ерiм, қапа болмашы зар, Дүкенiмде жүз кисе ақшалық мал. Ерiм опат болғалы жабулы тұр, Мен берейiн дәптерiн, қолыңа ал. Қолыңа дәптер алып базарға бар, Киседегi ақшаға көзiңдi сал. Кәсiп қылып сауда қыл ақшаменен, Бiрге алғаның бiрге сат пайдасы [сол]. Ол қатын риза қылды көңiлiм тауып, Ол кеше қатынменен қылдым зауық. Намаз оқып дәптерiн қолыма алдым, Бустанға бармаққа көңiлiм ауып. Базарға ендi қадам бастым, – дейдi, Келдiм де дүкен аузын аштым, – дейдi. Қасымдағы адамдар мүбәрәк деп, Һәркiмге сауда қылып саттым, – дейдi. Бiрге алып, бiрге саттым ақшаларын, Қатынымның айтқанын қылдым бәрiн. Мыңға алып, мыңға саттым тәкрар қып, Бәрi соның iшiнде хараждарым. Харажымды әндиша қылдым мен де, Бұ қадар сауда қылдым бустанда. Iшкен-жеген, жұмсаған еске түсiп, Әлм қайғы зияда көңiлiмде. – Жыл басында қисапты алам, – дедi, Қатын сөзiн алмайтын шарам жоқ-ты. Бiрге алған малымды екi қылсаң, Саған ол малым болсын харам, – дедi. Нашар болып бiр жылша қылдым сауда, Жамағатпен тамаша қылдым бақта. Бiр-бiрiне қылатын қастығы жоқ, Зауық-сапа, ғейiш-ғишрат қылдым анда. Бәрi де адамының кiшiпейiл, Кiшiсi үлкенiне қылмас зейiл. Үлкенiнiң кiшiсiне зорлығы жоқ, Құдаға тәуекелшiл өзi бiр ел. Осындай ынсапты елдi көрдiм, – дейдi, Бiр сәна сауда қылып жүрдiм, – дейдi. Сауда қылып бiр жылдың басы болды, Қатынмен ғейiш-ғишрат қылдым, – дейдi. Қатын айтты: – Дертiмнiң дәрменi, Ертең шақыр қажы Салих Мұстапаны. Жиылған нұқұд-ақша алтын менен, Алып кел дәптер менен нәрселердi. Дәптердiң мужабиiнше қисап қылам, Қисап қандай болады ендi көрем. Дәптер мен һәрне бәрiн ап келiңiз, Ахуал қандай болар ендi бiлем. Қатыным сүйдеп әмiр еттi, – дейдi, Менiң де ақыл-есiм кеттi, – дейдi. Шерменде халiм қандай болады деп, Ол түнiм қайғыменен өттi, – дейдi. Iшiм қайғы-дертпенен тұрдым, – дейдi, Дүкенге қадам басып жүрдiм, – дейдi. Дәптер менен нәрсенiң бәрiн алып, Адамдарын шақырып келдiм, – дейдi. Алтындарды бiр жерге төктiм, – дейдi, Ыңғайына қараймын көптiң, – дейдi. Қатын қисап қылады дәптерменен, Мен де қисап дәптерменен еттiм, – дейдi. Бiр ақша кем қылмады, не зияда, Төгiлiп жатқан ақша бiзге пайда. Мұны көрiп зияда ғажап қылдым, – Берекет берген, – дедi, – Құдауанда. Мен айттым: – Бiрiн алып бiрге саттым, Және де мыңын алып, мыңға саттым. Жаңылып аузыма түсiп кеттi, «Бұл малдың берекетi қайдан?» деппiн. Көрдiм сонда қатыным азан-қазан, Қатын айқай салған соң кеттi мазам. – Ерiм менiң Аллаға асы болды, Кәмiл мұны өлтiрiңiз деп қылды фаған. Ендi ойладым: басыма ажал жетер, Достарымның бәрi де тiптi қатер. Қолдарына жалаңаш қылыш алып, Қатын болса тоқтамай фариад етер. Қатын айтты: – Өлмегi болды уәжiп, Өлтiруге тұрайын ендi нағып. Өлтiруде шүба жоқ, пара қылар, Қашатұғын жағымды ендi бағып. Не қыларым бiле алмай састым, – дейдi, Нардбандан төмен қарай бастым, – дейдi. Тез жүгiрiп қақпадан шыққаннан соң, Бет алып бiр тарапты қаштым, – дейдi. Менен хабар алғанның бәрi дұшпан, Артыма қылыш алып қуа шыққан. Бұлардан құтылатын һеш шара жоқ, Хикмет Құда – бiр хабар алдым құстан. Ол құс тағы алдымнан болды пайда, Халасқа себеп болды осындайда. Ақырын кеп аяғынан махкам тұттым, Жалладтар ұстайтұғын ендi қайда. «Набiкар, құтылдың» деп қалды олар, Құда бiздей ғарiпке жары болар. Құтылған соң Құдаға шүкiрлiк қып, Күнәһыма мен қылдым астағыпар. Құс байқұс менен үркiп ендi састы, Бiлмеймiн көңiлiм ғамкiн таудай тасты. Құс ұшты кешке дейiн ақшамғаша, Құс төмендеп, аяғым жердi басты. Құс аяғын қолымнан қоя бердiм, Һеш мағынасын бiлмеймiн түскен жердiң. Қуанып оңды-солға назар қылып, Бiр ағашты, миуалық жердi көрдiм. Бiлмеймiн түн iшiнде кетер жолды, Ағашты қарар қылдым, ерте болды. Бұл жер кiмнiң жерi деп түрегелдiм, Күн шығып жердiң жүзi нұрға толды. Мен дағы орынымнан түрегелдiм, Ол миуалық ағашқа назар қылдым. Жатқан жерiм бiр баһшат бағы мысал, Неше түрлi жемiстер ендi көрдiм. Қылыштан құтылғанға көңiлiм тоқ, Тiлмен мақтап айта алмас рахаты шоқ. Неше бұлақ хауызды араладым, Ғұмырымда мұндай мақам көргенiм жоқ. Су iшiп миуалардан жедiм, – дейдi, Залымдардан құтылған едiм, – дейдi. Залымдардың қолынан құтылғанға Құдаға хамду, шүкiр дедiм, – дейдi. Күн батып ақшам болды көз байланып, Бiр жерде қарар қылдым ендi айланып. Бұл мақамның бар шығар егесi деп, Ұйықтап қарар қылмадым һеш жайланып. Шам жанып бiр [кезде] болды жарық, Бұл бақтың егесi екен, бiлдiм анық. Жасырынар бiр жердi таба алмадым, Иә, Хатым, оңды-солға назар салып. Шам жағып жақынырақ келдi бұлар, Шам алдында жүр екен сұлу дiлбар. Дiлбардың атырабын орап алған, Жанында жүр биқисап жариалар. Мен жатқан көшеге кеп ендi бұлар, Ұстағаны қолына алтын шамдар. Мом жағып көшелердi жарық қылып, Майданға неше асыл төседiлер. Майданға ендi отырды қарар қылып, Сахилар шарап бердi ендi жүрiп. Ол нұр саида бiр кесе толтырып ап, Мен жаққа назар салды менi бiлiп. – Ол ғарiп берi мұнда келсiн, – дедi, Бiздiң мәжiлiсiмiздi көрсiн, – дедi. Мұнда алып кел ғарiптi жалғыз қоймай, Бiзбен бiрге сұхбат қылсын, – дедi. Шақырған мәжiлiсiне келдiм, – дейдi, Бiр еркек жоқ, өңшең қыз көрдiм, – дейдi. Қыздардың баршасына көзiм салып, Аяғына бас ұрып тұрдым, – дейдi. Хатирым бәрiн сұрап алды қолға: – Әй, ғарiп, қайдан келдiң ендi мұнда? Бұ жолға захмат шегiп түстiң қайдан, Кiмге таныс боласың бiздiң елде? Бұ жаққа дәлел болып кез келдiң сен, Ап келiп бұл мақамнан хабар берген. Менiң көңiлiм тоқталып әмин болсын, Халiңдi баян әйла, бiлейiн мен. Мен айттым: – Не қыласың халiм сұрап, Бiр бөлек хикаятым – дастан ұзақ. Әгар айтсам мехнатым таусылмайды, Дертiмдi шарх қылып айтсам мұрад. Дерт илә хамұш болған қасiреттi мен, Биһұшпын, халiм нашар, сұлтан хаубан. Машақатты көп көрген дертменденi Сөйлетiп не қыласың, бану жаһан. Қыз сонда халiм менiң сұрды және, Маған айтты: – Наужуан, берi қара. Бiздер сiздей ғарiпке жары боламыз, Мархабат лайықтап ахуал сенга. Есiтiп ахуалыңды бiлер едiм, Халiмше қызмет қылып көрер едiм. Осындай машақатқа нағып түстiң, Бiржола сiзбен мен де жүрер едiм. Мен айттым: – Жаһан кезген саудагер мен, Дарияда ғарық болып малдан безген. Тас ұрып кеме сынып халас болдым, Дiлбар күлiп тоқтады үшбу сөзбен. Қолындағы кесесiн бердi маған: – Сен бiр ғарiп задасың, әй, наужуан. Менен алып iшiңiз бұл кесенi, Абхаят iшкендей қазiр хадара илейна. Рас, сiз де дүниеде жаһан кезген, Бiздей неше дiлбарды көрдiң көзден. Сәйiр қылдың дүниенi тамаша етiп, Бiр сұлу көрдiңiз бе артық бiзден?! Әлемде мендей сұлу көрдiң бе? – деп, Зауық қылып һешбiрiмен жүрдiң бе? – деп. Өзiнiң сұлулығын арыз қылды, Биназир мендей сұлу бiлдiң бе? – деп. Қыздарға назар салып көрдiм қасад, Бiрiнен-бiрi сұлу, емес песет. Мұндай жамал иесi[н] көрмеген соң, Мәжнүн есiм ауып тұрдым масат. Қиылған қасы қара көрдiм, – дейдi, Оларды тамаша етiп тұрдым, – дейдi. Ол қыздың кесесiнен шарап iшiп, Қайтадан өз қолына бердiм, – дейдi. Ғашық болып көңiлiмдi алды, – дейдi, Наз қып қолын мойныма салды, – дейдi. Шекердей қыздың лебi есiмдi алып, Мен ғарiп биһұш болып қалдым, – дейдi. Қыздарға да кесемен бердi шарап, Қыздың қолы мойнымда, тұрмын қарап. Қыздар да әдеппенен кесенi iшiп, Қазiргi қызметi тұр қыздың жарап. Қыздың сүйдiм құшақтап жүздерiнен, Қиылған қасы қара көздерiнен. Мысалы бақшадағы бiр бұлбұл құс, Уисалатын сұрадым өздерiнен. Қыз күлiп жолатпады уисалатқа, – Аяғыңа балта ұрма бекер-текке, Сабыр қыл, – деп қолыма шарап бердi, Шыдай тұр, өзiңе-өзiң зәбiр етпе. Жетпеген мұрадына несi қалды, Сегiз қыз тәнбүрәсiн қолына алды. Алдыма кеп жүгiнiп отырды да, Бұралып һәрбiр түрлi күйге салды. Көрсеттi неше түрлi маған ойын, Қыздардың ойынына салдым мойын. Қыздар да тәнбүрәсiн жерге қойды, Мен де айттым қыздарға «ендi қойың». Ол қызға битап болдым көңiлiм кетiп, Бәлки жаныма һәлак ендi жетiп. – Күндiз кетiп, келемiз кешке және, Бiр Құдаға аманат сiздi айтып. Қыз сонша мейiрбандық еттi, – дейдi, Күндiз баққа қоймаймыз беттi, – дейдi. Кешке және әзiр бол бұ жерде, – деп, Нығмет шарап берiп кеттi, – дейдi. Ол қыздар кеткен жаққа көзiм салдым, Сол жерде болып ұйықтап қалдым. Бiр уақта оянсам күн шығыпты, Иә, Хатым, халiм нашар қайран қалдым. Шараптан бiр азырақ iштiм, – дейдi, Қуат кiрiп көңiлiмдi аштым, – дейдi. Ендi ақыл басыма жаңа кiрiп, Болуына қарадым кештiң, – дейдi. Тағам жеп миуалардан тердiм, – дейдi, Көңiлiмдi дiлбарға бердiм, – дейдi. Уисалына талапкер болмадым, – деп, Кеш болғанша асығып тұрдым, – дейдi. Кешке келсе ол қыздар, көрер едiм, Уисалына талапкер болұр едiм. Өзiме-өзiм өкiнiп қиял қылып, Түнгеше ынтызар боп тұрұр едiм. Әмма ол күн бiр жылша ұзын болды, Күн батып, түн әскерi жерге толды. Түн жамылып қараңғы болғаннан соң, Мен қарап тұрмын қыздар кеткен жолды. Бiр уақта шам жанып болды жарық, Һәр түрлi киiмдерге мұстағриқ, Хордың қызы секiлдi өңшең сұлу, Жайына кеп отырды ендi барып. Iлтипат қып отырды оңды-солға, Және сұрап хатирымды алды қолға. Көңiлiмдi аулап қасына шақырып ап: – Шыныңды айт, қайдан түстiң үшбу жолға. Халiңдi баян әйла, мойның бұрма, Бейшара, шыныңды айт қарап тұрма. Раст айтып асылын, тұғры сөйле, Аяғыңа өз қолыңмен балта ұрма. Мен айттым: – Мард адамда болмас жалған, Ерлер iске өкiнiп қылмас арман. О да қайтып сұрамай ендi қойды, Ол кеше және өптiм ләбларынан. Ол қыздан сонша рахат көрдiм, – дейдi, Мың наздықпенен көңiл бұрдым, – дейдi. Ол қыздың уисалына харидар боп, Ендi жүзiм жүзiне сұрдым, – дейдi. Уисалына харидар бола алмадым, Көңiлiм тынып қызықты көре алмадым. Сабах садық таянып жақын жеттi, Мұрадыма жетудi бiле алмадым. Қыздар келген жолына қайтып кеттi, Жалғыз тастап көңiлiмдi қайғылы еттi. Бiр заман рахатта ұйықтап едiм, Аһ, зар-паришандық маған жеттi. * * * Иә, Хатым, ұзартпайын қиссаны көп, Мен жүрдiм кеш болғанша ынтызар боп. Келiп-кетiп жүредi кеш болғанда, Уисалына талапкер болмадым, – деп. Ақыры мұрадыма жете алмадым, Ол қызды көзiм қиып кете алмадым. «Рас айт» деп сұрайды сауал менен, Уисалынан сұрауға таба алмадым. Мен де қабыл қылмадым шынымды айтып, Күндiз болса кетедi қыздар қайтып. – Бiр насихат айтар ем саған, – дедi, Мен де шынымды айтпадым ендi қайтып. Қыз кеттi, мен қылдым тамашаны, Бiр хауыз кенерiнде ендi менi Бұ дертке кiрiптар қылған құсты көрiп, Тұтайын деп ойладым ендi оны. Кешке қыздар келген соң көрсiн, – дедiм, Құсты көрiп тамаша қылсын, – дедiм. Бұл ғажап құсты көрiп тамаша етсiн, Менiң не болғанымды бiлсiн, – дедiм. Көңiлiме бұл сауданы алдым, – дейдi, Ақырын құсқа таман бардым, – дейдi. Хауыздың ендi артынан жасырынып, Абайсызда кәмандты салдым, – дейдi. Ол құстың мойнына аттым, – дейдi, Бiр ұшын белiме бәнд еттiм, – дейдi. Құс бiр кәрре қанатын сiлкiп ұшып, Құспенен мен де бiрге кеттiм, – дейдi. Тұзақ ұшын қолменен шеше алмадым, Ол құстың аяғынан түсе алмадым. Аяғында асылып бiрге кеттiм, Бұл iсiме мың кәрре пұшайманмын. Бұл iске көп надамат қылдым, – дейдi, Құстан болған себептi бiлдiм, – дейдi. Тұғры сөйле дегенi перизаттың, Бiр хабары бар екен қыздың, – дейдi. Ол қыздың маған айтар бiр хабары, Деген сөзi ол құстың ахуалы. Ол күн өтiп күн батып түн болғанша, Өкiнгенмен пайда жоқ, кеттiм налы. Ол құс қатты асығып ұшты, – дейдi, Неше тағы биабан кештi, – дейдi. Һешбiр жерде қарар қып тоқтамады, Бастан ендi ақылым кеттi, – дейдi. Ақылым кейде келiп, кейде кеттi, Кәманд ұшы жаныма жыбыр еттi. Түн ортасы болғанда ол құс келiп, Бiр мұнара шарифке келiп жеттi. Бiр мұнара шарифке жеттiм, – дейдi, Шат болып мың шүкiрлiк еттiм, – дейдi. Зияда шүкiршiлiк қып жылдамырақ, Кәманд ұшын белiмнен шештiм, – дейдi. Құс тұрмай ұшып кеттi ол арада, Иә, Хатымтай, мен жаттым мұнарада. Таң атқан соң қарасам – өз мұнарам, Қайран болып ашаға түстiм және. Үйге келiп қақпаны ұрдым, – дейдi, Есiк ашып iшкерi кiрдiм, – дейдi. Ата-анам шат болып көзден өптi, – Жаным, ұғыл, сен қайда жүрдiң? – дейдi. Неше жылдан берi сен қайда жүрдiң? Бiздердi сиях қылды сенiң дертiң. Зар жылап ахуалым сұраған соң, Бiр-бiрлеп ахуалымды айта бердiм. Наланмын ол заманнан бұл заманға, Ол мәжiлiстiң қиялы көңiлiмде. Ол дiлбардың нақышы көзден кетпей, Қияс қып отырғандай мәжiлiсiнде. Иә, Хатымтай, ахуалым айттым сiзге, Осындай iс кез болған ендi бiзге. Мұнараға шығатын себебiм сол: Ол құс қайтып көрiнсе ендi көзге Аяғына қол ұрып кетер едiм, Ол жаннанның алдына жетер едiм. Қасiреттi көңiлiме бұл келедi, Ол қызбен барып зауық етер едiм. Айтайын, иә, Хатымтай, тыңда зарды, Әлде болса ол қызда көңiлiм бар-ды. Неше кәрре зауық қылдым, әмма көзiм, Көңiлiм бағы егесi қызда қалды. Хатым бұл бейшарадан естiп жауап, Есiтiп ахуалын қылды ғажап. – Басыңа көп тамаша келген екен, Бiр адам көредi iс осындай-ақ. Ол кеше азаншыға қонды дейдi, Ахуалына паришан болды дейдi. Көп жүрген көп нәрсенi бiледi деп, Ойлады жүретұғын жолды дейдi. Таң атқан соң орнынан тұрды дейдi, Азаншыға уағда қылды дейдi. Табарстан шаһарынан ендi шығып, Бабыл жолын бет алып жүрдi дейдi. Ол күн ақшам болғанша кеттi дейдi, Түн болғанда бiр жерге жеттi дейдi. Таң атқанша ол жерде қарар қылып, Тағы және асығып кеттi дейдi. Хатымтай сол кеткеннен кеттi дейдi, Неше дәрбанд жерлерден өттi дейдi. Неше мәнзил жол жүрiп екi арада, Бiр күн Бабыл шаһарына жеттi дейдi. Ол күн тоқтап жатады бұл арада, Таң атқан соң орнынан тұрды және. Жұриат жиылғаны шаһарға кеп, Қаһуашыға келедi бара сала. Таныды қаһуашы келгеннен соң, – Мархаба, хош келдiң, – деп көргеннен соң, Iзет-құрмет қылады Хатымтайға, Бұрынғы ахуалын бiлгеннен соң. Хатымтай қаһуа iштi бергеннен соң, Жөн сұрап бұрын таныс болғаннан соң. Араб та қаһуашыға сәлем бердi, Хатымтай жанына алды көргеннен соң. Хатымтай қаһуасын қолына алып, Арабтың жұмысына келдi барып. Хатымтай ендi өзiн бiлдiредi, Ол да болып ек деп ашыналық. – Табарстан шаһарына бардым, – дедi, Азаншыдан хабарды алдым, – дедi. Өзiң шамашуршыға жiберiп ең, Барып онан хабар алып келдiм, – дедi. Араб та iзет-құрмет еттi дейдi, – Бiз үшiн көп мехнат шектiң, – дейдi. Жол мехнатын көп көрдiң битап болып, Бiздiң үйге мейман бол дептi, – дейдi. Мүсәпiрсiз, қонақ бол ендi барып, Қолымыздан келгенше iс қылалық. Менiң мүшкiл көңлiмдi раушан қып, Қайтсаңыз хикаятым бiлiп алып. Есiтiп азаншының ахуалын, Әуелден ақырына айтып бәрiн. Мен де естiп көңлiмдi тындырайын, Ендi нақыл қылайын көрген зарым. Сөйлесiп қаһуашыдан шықты дейдi, Хатым қолын арабтың тұтты дейдi. Қожа Фасат дегеннiң махалласында, Арабтың үйлерiне кептi дейдi. Арабтың үйiне кеп болды қонақ, Дұға қып отырады көңлi ұнап. – Мархаба, иә, Хатымтай, хош келдiң, – деп, Қолға алды машақатын ендi сұрап. Сен де мұнда келдiң бе хабар алып, Бiр хабар естiмекке қайран қалып. Менiң де ахуалымды естiген соң, Айтарсың жауһар фарушқа ендi барып. Есiтiп жауһар фаруш ахуалын, Қыздың да шығарарсың ендi зарын. Қыздың да ахуалын естiген соң, Басырада орнығар көңiлдерiң. Хатым да айтты: – Көңлiмде мұрадым сол, Бұ сапарда көп көрдiм һәм ұзақ жол. Көретұғын iсiмiз көрдiм бәрiн, Себебi азаншының мұнарада ол. Дайым шығып түсетiн мұнараға, Бiр құстың ахуалы болып пайда. Ол арабтың ахуалын баян қылды, Өзi естiген бойынша жоғарыда. Әуелi мұнараға шыққанынан, Отыз жылдық шаһарға жеткенiнен. Хикаят бiр-бiр айтып баян қылды, Қызға кеп тағы да онан кеткенiнен. Құс келсе мұнараға тағы бiр жол, Және менi апарса қыздарға ол. Тағы бiр қызға барып қосылсам деп, Мұнараға шығатын себебi сол. Хатымтай айтып-айтып болды хамұш, Көрiптi шамашуршы осындай iс. Қайран болды ғажайып көрiптi деп, Арабтың таңлауына болады хош. Барыпты алыс жерге қаласынан, Кетпейдi ол қайғысы әлi есiнен. Неше түрлi мехнатқа жолығыпты, Әлi ол құтылмапты бәлесiнен. АРАБТЫҢ КӨРГЕН АХУАЛЫН БАЯН ҚЫЛҒАНЫ Иә, Хатымтай, айтайын сөзiм тыңда, Сәлде орамақ лайық маған мұнда. Мұндай бәле басыма келдi ғой деп, Тамиғкәрлiк жолынан қылады аһ. Сонда араб айтады қылып дастан, Бастайды хикаятын әуел бастан. – Тыңдаңыз, иә, Хатымтай, хикаятым, Осындай бiр iс өттi бiздiң бастан. Пәдарым бұ шаһарда кiре салған, Кiрешiлiк көп қылып дәмiн алған. Дайым жүрiп Табарстан, Бадахшанға, Көһiстан, Күржiстанға жүк апарған. Жүк артқан екi қатар қатир малға, Уәлхасыл, және барған Үндiстанға. Бұ жаһан сарайында кезiп жүрiп, Неше кәрре тамаша көрген анда. Өзiнiң кәсiбiнен һеш қалмаған, Өлiмнен неше түрлi халас болған. Неше жерде жолығып ұрыс қылып, Дұшпанның бағырына дағы салған. Нешелерi өлiптi ажал жетiп, Үш жүз атты ұрсыпты хамлә етiп. Паришан, налан қылып соның бәрiн, Жайылған һәр диарға аты кетiп. Асуд Баблы демекшi намы шыққан, Басқа кiрекештерден жүз алуан. Жолда бiреу сұраса сауал қылып, «Подрятчик кiм бұл байдың малын алған?». Асуд Баблы дегенге адам тимес, Ол керуенге һеш адам хамлә қылмас. Сол пәдарым бiр күнi опат болды, Бұ дүние һеш адамға ашына болмас. Пәдарымның кәсiбi маған қарап, Мен де кiре жолына қылдым талап. Пәдарымнан зияда асыл қылдым, Бiр-екi жыл iшiнде атым тарап. Үш жүз-төрт жүз кiсiмен қылдым ұрыс, Бәрiне жауап берiп қылдым харуш. Қожа Асуд Баблыны ұмыттырып, Бағдад, Үндiстанға қылдым жүрiс. Бабылда қарар қылдым және келiп, Бiраз күн кiре шықпай анда тұрып. Табарстан шаһарын iздеп шықтым, Анда кiре болар деп талап қылып. Азық алып қатынға уағда еттiм. Табарстан шаһарына жүрiп кеттiм, Күн ыстық, тоқтамастан жүре-жүре, Бiр ағашты бұлаққа келiп жеттiм. Су басында қатирдан түстiм, – дейдi, Азығымды қатирдан шештiм, – дейдi. Қатирдың бәрiн отқа қоя берiп, Тағам жеп судан бiраз iштiм, – дейдi. Құдаға шүкiрлiк қып ол арада, Дамыл алып отырып көрдiм накаһ. Қарсыдан бiр ғажайып дәруiш көрдiм, Айбатты, тәрiзi ұқсап мағрабиға. Қасыма амандасты дәруiш келiп, «Әй, жар һамадан, мархаба» дедi көрiп. Қалайсың деп отырды халiм сұрап, Отыр деп iзет қылдым мен де тұрып. Отыр деп iзет-құрмет қылдым, – дейдi, Жанында құрмет қылып тұрдым, – дейдi. – Менi қайдан бiлдiң? – деп сұрағанда, – Ғылымның себебiнен бiлдiм, – дейдi. – Жөнiңдi айт, бұл араға қайдан келдiң? Менiмен бұл арада душар болдың. – Бабылда кiре болмай үмiтпенен, Табарстан жолына ендi жүрдiм. Дәруiш тағам шығарып жейiк, – дейдi, Жөнiмiз сұрасалық дедiк, – дейдi. Дәруiштiң сақилығына қайран қалдым, Ағаштың саясында едiк, – дейдi. Дәруiш жөнiн бiлдiрдi ендi маған, – Бiр микдар жұмысым бар, жар һамадан. Бiрге екеумiз кетелiк, iсiм бiтсiн, Керегiңше мал берем ендi саған. Мақұл көрiп орнымнан тұрдым, – дейдi, Қатирдiң басын жолға бұрдым, – дейдi. Һай дегеннен алдыма дәруiш түстi, Мен де артынан дәруiштiң жүрдiм, – дейдi. Бiр миқдар жер дәруiшпен кеттiк, – дейдi, Бадахшанның жолына жеттiк, – дейдi. Мен айттым: – Жолымызды жаңылдық, – деп, – Қандалусия жолына өттiк,—дейдi. Ол айтты: – Бадахшанның жолы бiзге Керек емес, айтайын ендi сiзге, Бұл жол мағқұл жүруге не қыласың, Қауiп етiп бiраз қорқу түстi көзге. Жүрегiмдi тоқтаттым пiкiр қылып, Дәруiшпен кете бердiм бiрге жүрiп. Әгар тисе мың пара қыламын ғой, Дәруiштi мәгас сәрше қадар көрiп. Көлiгiмдi жолына бұрдым, – дейдi, Дәруiштi шыбын қадар көрдiм, – дейдi. Қорыққандықты шығарып көңiлiмнен, Дәруiштiң және артынан жүрдiм, – дейдi. Кей жолдың зағыпыран шөбi, – дейдi, Лалагүл, шайманзар көлi, – дейдi. Һәр тарапы наубаһар һәр гиаһы, Гүлзар жасминi биад реңк көбi, – дейдi. Көңiлi тiрiлгендей өлген адам, Ол жерде бiрер сағат қылдық ирам. Бiр азырақ сұхбат қылғаннан соң, Тағы да жолымызға бастық қадам. Екеумiз сол тәрiзбен кеттiк, – дейдi, Жолда неше сулардан өттiк, – дейдi. Мың түрлi пәле, мехнат, қауiп қылып, Неше қилы мехнат шектiк, – дейдi. Осындай бастап жүрдi дәруiш ол, Жанымызды қолға алдық, қауiптi бiр жол. Машақаттан мұрадың не дегенде, Әлм шекпе, жүре бер – жауабы сол. Он алты күн жол жүрiп кеттiк, – дейдi, Қандалусия жолына жеттiк, – дейдi. Ол жолменен һәрбiрi жүргеннен соң, Ол жолдан тағы бiр күн өттiк, – дейдi. Дәруiш бұ хал илә және жүрген, Алдымызда ғажайып бiр тау көрiнген. Адам ұғылы қарауға уәһiм етер, Фәлакке басы тиiп бұлтқа кiрген. Бұл тауды көрiп қайран қалдым, – дейдi, Көп жерге сапар қылып бардым, – дейдi. Мұндай тау ғұмырымда көрмедiм деп, Көңiлiме құп тамаша алдым, – дейдi. Ораған тау екен деп дүниенi, Мысалы көһ Қаптай көрдiм оны. Дәруiш таудың iшiне жүре бердi, Дәруiшке тоқта дейтiн шама қанi. Амалсыз ендi артынан жүрдiм нашар, Сыр айтатын кiсi емес көңiл ашар. Мұрады не екенiн бiле алмадым, Ылаж жоқ жүрмеймiн деп ендi қашар. Қорқа-қорқа келемiн тау iшiне, Қауiп қылып келемiн дәруiшiме. Бұл бiр дертке кiрiптар қылады деп, Ғажап қылып келемiн бұл кiсiге. Және тағы жетi күн кеттiк, – дейдi, Неше қауiптi жерлерден өттiк, – дейдi. Жүз тұтып үшбу тауға жүре-жүре, Сегiзiншi күн бiр жерге жеттiк, – дейдi. Келген жерiм уасиғ майдан жерлер, Әскерi бар iшiнде жүз мың қадар. Мың жедел ат шаптырған майдан iшi, Кенерiнде ғажайып бiр құббе бар. Ол құббе мәрмәр тастан нышан берүр, Бұ күн ұстаз қылған деп қияс қылұр. Һәрбiр түрлi тамаша тастары бар, Ойлаймын мұндай жерде қайдан болұр. Бұл құббеге тамаша қалдым қайран, Бұрын дәруiш құббенi көрген қайдан. Ол дәруiш чон құббенi көргеннен соң, Жүз сүрiп топыраққа хамду фәрауан. Маған айтты: – Жолымыз бiттi, – дейдi, Бұған шат бол бақытымыз жеттi, – дейдi. Менiң қасадым бұл едi мұрадымыз, Мақсұтымыз намаян еттi, – дейдi. Мақсұтыма жүз тұтып көрейiн мен, Не сурет көрсетедi айнаға дәурен. Тәуекел қандай пайда болар екен, Жайылсын, қатирдi отқа қоя бер сен. Мен дағы қатирдi отқа қоя бердiм, Дәруiштiң не қылса да соңына ердiм. Ол арада азырақ дамыл алып, Дәруiшпен бiрге отырып тағам жедiм. Азырақ дамыл алып қылды қарар, Дәруiш әлi берген жоқ маған хабар. Дәруiш те бiр жерде дамыл алды, Мен де тұрып пiсiрдiм қаһуалар. Дәруiшпен тағам салдық ендi iшке, Қуат кiрiп азырақ келдiк күшке. – Бұ биабан ифрит мекенi ғой, Мақсұтың не? – деп айттым дәруiшке. – Мақсұтың не-дүр, – дедiм, – бұ құббеде, Кiм жапқан бұ құббенi ендi мұнда? – Қазiр сұрамақ лазым емес, – дедi, «Бiлермiсiң дәруiш?» деп сұрағанда. Ол айтты: – Сен ғажайып көрерсiң көп, Қазына бұл жерде бай, өлшеусiз, – деп, Бұл кеште мүшкiл iске қол ұрармын, Қазына-байлық мен алармын, – деп. Бiр тылсым оқылады ашпақ үшiн, Барлық қаптарды әзiрле ендi сен. Мұнан соң арқамда тұр әзiр болып, Не iстесем дағы соны iстеп сен. Жақсы сөз, жаман сөзден тiлiң сақтан, Бар сырын үйретейiн әуел бастан. Һешбiр жауап сөйлеме, тiлiңдi тый, Құббеге сол заманда қадам басқан. Құббе аузы ашылып кiрген заман, Һәрне көрiп үндесең болар жаман. Тылсым басқа ахуал һеш алданба, Сөйлеп әлек болсаң iсiң тамам. Мен құтылып кетермiн амал қылып, Тылсымның бәлесiнен халас болып. Бiр айламен құтылып мен кетермiн, Жоқ жерде сен өлерсiң һәлак болып. Және айтты: – Құббеге кiргеннен соң, Iшiндегi алтынды көргеннен соң, Алтын мен жауһарға қабың толтыр, Қоярсың қатираға жүк толған соң. Алтынға көп қызықпа, жауһардан ал, Жауһар алып толғанша қабыңа сал. Дүние жүзi қараңғы болғаннан соң, Әзiрлендi алуға бiр қадар мал. Балауыз екi шамды қолына алды, Артымнан таяп жүр деп хабар салды. Мен де жүрдiм артынан ол дәруiштiң Күншығыс тарапынан ендi барды. Құббенiң аузына ендi кептi, Лисанiн оқымаққа тебiреттi. Ол қадар оқығанда нақ-ақ көрдiм, Бiр ғажайып күрiлдеп заһир еттi. Бiраздан соң күрiлдеп болды ғайып, Қайран болып мен тұрмын таңғажайып. Қаһармандар болса да аша алмайтын, Дәруiш оны ашып тұр тылсым тауып. Неше жыл ашылмаған есiк аузы, Күрiлдеп қатты шыққан оның даусы. Иә, Хатымтай, ол дәруiш не iстедi? Аяғын iлгерiрек салды барып. Бiр адымын iлгерi ендi қойды, Мен де тұрмын артында түзеп бойды. Дем алмастан тоқтамай оқи бердi, Һеш iске алаң қылмай ендi ойды. Кұббенiң тылсымменен аузын алған, Бiр есiгi ашылып ендi қалған. Дауыстап бiр қатты оқығанда, Қарасам, жүзiнде, әсте, қан қалмаған. Көңiлге өлiм қаупi болды жара, Дәруiштiң ерiндерi пара-пара. Пұшайман боп бұл жерге келгенiме, Iшiмнен мiнәжат қып қылдым нала. Пайда жоқ өкiнгенмен бұған және, Жан қадiрiн бiлмеген қара-сәна. Дәруiш қатты тоқтамай оқып жатыр, Ықылас көңiлiмнен қылдым дұға. Мен дұғаға iшiмнен болдым дайын, Келмес ем бұрын бiлсем осындайын. Дәруiш тұр аузы-аузына тимей оқып, Мен көрдiм тағы дертiм боп зияда. Бiр заманнан соңыра алды қолым, Дәруiштiң iзi менiң жүрер жолым. «Әзiр бол» деп ишарат қылып маған, «Көрейiн, сен де ер кiсi болың». Етегiмдi белiме мен де түрдiм, Дәруiш талмай оқып тұр ендi көрдiм. Қақпадан ендi iшкерi адым салды, Ишаратпен iшкерi мен де жүрдiм. Бiр уақытта қатты үн шықты, – дейдi, Шағыра жаздадым ақылым кеттi, – дейдi. Дәруiш шамды қолынан жерге қойып, Қолыменен аузымды тұтты, – дейдi. Ақылым кете жаздап болдым жаман, Азап жүзiн көрсеттi дәруiш маған. Ақылым және кiрiп шамды алып, Дәруiштiң қолына бердiм аман. Дәруiштi көрсеңiз бiр өлiк адам, Асла жан тәнiнде қан қалмаған. Менiң де жаным қылдай, зәрем жоқ, Жүрекке өлiм қаупi түстi жаман. Алдымызда бiр есiк болды заһир, Оқып тұрды алыстан дәруiш пақыр. Атқан жайдың оғындай шарт-шұрт етiп, Тылсыммен дәруiш ашты оны ақыр. Назар сап бiр ғажайып көрдiм майдан, Шам жанып тұр iшiнде әлдеқайдан. Алтын күмiс үстiнде бiр қыз отыр, Үстiне киген киiм неше алуан. Ол сұлу қыз қарайды бiзге тұрып, Қайран болдым ашықта қызды көрiп. Ол қыз жалғыз тұрған соң жаным аяп, Жалғыз қыз не күнелтсiн мұнда тұрып? Перi қызы екен деп ойыма алдым, Пiкiр қылып дәруiшке назар салдым. Асла қызға iлтипат қылмай оқыр, Дәруiштiң мұнысына қайран қалдым. Дәруiш ғылым бiлiптi жалғыз Хақтан, Көзiнiң ұшыменен маған баққан. Маған айтқан дәруiш насихаты: «Бұл қызға ғашық болмай, ендi сақтан». Қызды көрiп ақылым кеттi, – дейдi, Көңiлiме паришанлық жеттi, – дейдi. Қыз және көздерiмен ишарат қып, Қыз маған мың шиуәлар еттi, – дейдi. – Мен сенiкi болайын амандық бер, Дәруiштi қасындағы жоқ қылып көр. Өзiн сөйтiп көрсеттi, қайран қалдым, Мәңгi сенiкi мен болайын дер. Ол сұлуға мен назар салдым, – дейдi, Көзбен көрiп қайран қалдым, – дейдi. Қарасам, дәруiш тұрмай оқып жатыр, Ол қызға iшiм ашып тұрдым, – дейдi. Алтын, күмiс, жауһар бар һәр түрлi асыл, Iшiнде сол ғажайып нәрсе көрдiм. Алтынға алданбадым, таққа қарай Дәруiшпен тағы iлгерi жүрдiм. Алтын таққа ұмтылды назар ұрып, Алтын тақыт отырған қызды көрiп. Мойнын бұрып қасiрет назар қылды, Алтын тақтың үстiнде өзi тұрып. Менiң көңлiм паришан болды оған, Дәруiш және iлгерi басты қадам. Ол қыз екi қолдарын көтерiп ап, «Әй, әпендiм, есендiк берсең маған». Қызды көрiп көңлiме түстi жара, Көрiп болды жүрегiм пара-пара. Қыз шекелiн көрсеттi амандық деп, Бiр қадам тағы iлгерi жүрдi және. Қыздан және бұ халдi көрдiм, – дейдi, Дәруiш жүрсе, мен және жүрдiм, – дейдi. Қарасам, дәруiш тұрмай оқып жатыр, Ол қызға iшiм ашып тұрдым, – дейдi. Дәруiш көзiменен бақты маған, Ишарат қып «үндесең болар жаман». Тiлегi қабыл болмай басындағы, Киiмiн лақтырды бiзге таман. Оған дәруiш алданбай басты қадам, Әуелден үндеме деп қойған маған. Басындағы топысын лақтырды, «Соны алып риза бол» деп бiзге таман. Дәруiш оған қарамай және жүрдi, Iлгерiрек жақындап адым ұрды. Ишаратпен «мұны алып риза бол» деп, Бар киiмiн шығарып және бердi. * * * Әлхасил, дәруiш жүрдi қызға таман, Қызға жақын таянып басты қадам. Бiр-бiр атып киiмiн бәрiн бердi, Көздерiнен қан ағып болды жаман. Жалғыз-ақ аяғында киiмi бар, «Рәсуа әйлама» деп қылады зар. Дәруiш оған алданбай және жүрдi, Қыз жалынып қылып тұр ишараттар. Дәруiш тұр бұл сөзiне салмай құлақ, Мен де жүрдiм дәруiшпен iлгерiрек. Қыздың мұнша тазруғын көргеннен соң, Көңiлiме келдi менiң мархабат. Қайтейiн, һеш iс келмес ендi менен, Сөйлесем өлемiн деп көңiлiмнен. Неше адам көңiлi тас болса дағы, Ниязына мархабат қылар аслан. Бұл сөздi көңлiме алып дерттiм, – дейдi, Соңы қандай болады деп тұрдым, – дейдi. Аяғындағы киiмiн тағы бердi, Оны байқап тағы да көрдiм, – дейдi. Ұят жерi ашылып қыздың ендi, Қыз ұялып дәруiшке фариад қылды. Дәруiш оған қарамай және iлгерi, Тақтының ендi өзiне қадам ұрды. Қадам ұрып жоғары шықты, – дейдi, Көңiлдегi жерiне жеттi, – дейдi. Жүре-жүре жоғары шыққаннан соң, Накаһ көрдiм бiр улула құббе, – дейдi. Гоя замин уа заман шарқ аспан, Бiр-бiрiне қияс қылдым ұрғандай мен. Ғажайып болат қақпа қозғалған соң, Қауiп қылып ұжудымда қалмады қан. Тұтар жерiм қалмады, шамам кеттi, Аз-ақ қалдым ақылым ендi кеттi. Ол тақтының үстiнде өле жазып, Сәл болмаса басыма ажал жеттi. Өле жаздап дәруiшке қылдым назар, Дәруiштiң ұжудында не шама бар. Дәруiштiң ерiндерi пара-пара, Қазанның жапырағындай боп тiтiрер. Дәруiш түсi сары, көрсем, – дейдi, Жау көрiп бiр жұдырық ұрсам, – дейдi. Дүниеге жаны қайтып келер емес, Мұны ойлап назар салып тұрсам, – дейдi. Тақтыға дәруiш қолын салды, – дейдi, Бiр жауһар құты қолға алды, – дейдi. Бiзге тұрған жалынып қызды көрдiм, Жығылып арқасынан қалды, – дейдi. Қыз жығылып қол жуды дүниеден, Қыз тақтан құлағанда дүрiлдеген. Тылсымдардың тетiгi сол қыз екен, Қыз жығылды, қорқалық ендi неден. Суретi түзелiптi тартқан сымнан, Екi есiк ашылып көңлiм тынған. Ол қыздың түрi кетiп құлап қалды, Дәруiш түсiп сәждеге шүкiр қылған. Дәруiш айтты: – Көрдiң бе шама кеттi, Сәл болмаса, басыма ажал жеттi. Қандай күш тылсым ашпақ, қарап тұрма, Алтынға қаптарыңды толтыр, – дептi. «Сұлтаным, құп болар» деп шықтым, – дейдi, Дәруiш айтқан сөзiн ұқтым, – дейдi. Қатирмен қаптарымды алып келiп, Алтын менен жауһарды тықтым, – дейдi. Алтын менен жауһарға көлiк толды, Қойныма алтын тықпаққа салдым қолды. Жан қинап қатирларды артып алып, Жүрмекке көңiлiме алдым ендi жолды. Андан соңыра ол дәруiш ендi барып, Құлағын қыздың тұтты қолына алып. Түзу қылып мiнгiздi тақытына, Аспаптарын үстiне бәрiн салып. Түзетiп бұрынғыдай қызды қойды, Әуелгiдей түзетiп ендi бойды. Және әфсүн оқыды сонда дәруiш, Қыз бiзге қарамаққа қылды ойды. Қатирларды шығардым мен де бұрып, Тысқа шығып оқыды дәруiш тұрып. Қақпа бәрi жабылып, бүтiн болды, Бiлмеймiн не дегенiн, тұрмын көрiп. Бiтелдi қақпа бәрi, қылдым ғажап, Дәруiшке жаптыңыз деп қылдым жауап. Һәр надан келiп және ашпасын деп, Сол себептен жаптым дер маған қарап. Бекiлiп қазiр қақпа қалсын, – дедi, Бiр кемел келiп әфсүн салсын, – дедi. Бiр кемел және келiп аша қалса, Ол да өз мұрадынша алсын, – дедi. Көрдiң бе бұл тылсымға неттiм, – дедi, Аз қалды өлiм халге жеттiм, – дедi. Өнерiне тахсин афарин қып, Дәруiшпен бiрге iлесiп кеттiм, – дейдi. Шайтан кiрiп көңлiме: – Неттiң, – дейдi, Дәруiшпен бiрге захмат шектiң, – дейдi. Көңiлiме шайтан айтты: – Әй, бейшара, Бесiн уақыты бұл жерге жеттiң, – дейдi. Дәруiш бiрге кiрдiң мұнша кәнге, Мехнат көрiп аз алсаң, ендi жөн бе? Мұнша әлм-қайғысын бiрге көрдiң, Қойныңда алтын көп болса мың-ақ теңге. Бұ қадар алтын алды жалғыз дәруiш, Бiр мың алтын бере ме, бермей ме һеш. «Көңiлде сұрағаным берсе мақұл, Бермесе, қолым бiлеп қылармын күш. Бiр дәруiштiң қолынан келедi не, Мұнша алтынды дәруiшке берем неге?» Дәруiштiң мағрифынан жүз қайтарып, Қасына келiп айттым: – Сұлтан деде. Жолы ұзақ Қандалусия неше қилы, Жолында таулары бар неше қырлы. Қанша мехнат-машақат бiрлә көрдiм, Деде, маған бересiң қандай сыйды? Атын айтсаң, көңiлiм тынар, – дедiм, Көңiлiңе қандай сөзiм ұнар, – дедiм. Бұрынғы аталардың сөзi емес пе, Құлақсыз, керең – жұқсыз шығар, – дедiм. Дәруiш айтты: – Сұрайсың хақыңа не, Бұ қатирдың жүгiне ризасыз ба? Қатирымды сұраймын үшбу не деп, Бақытыма не болса да әлденеме. Хош, ендi соны алыңыз, разымын, Ал соны, мехнат көрдiң бiрталай сен. Ол қатирда не қадар алтын, жауһар, Бiр қатир жүк өзiңе болады тән. Сенiмен жолдас болып жүрдiм, – дейдi, Жолы ұзақ Қандалусия көрдiм, – дейдi. Сiздерге бiр қатир жүк дүние малы, Бақытыңа не шықса да бердiм, – дейдi. Көңiлiмдi алып ол дәруiш ендi тындым, Бiр қатир жүк бермес деп қияс қылдым. Тоя ма дүниеге адам ұғылы, Дәруiш сақилығын ендi бiлдiм. Сұлтаным, бұйырдыңыз құп тұр, – дедiм, Бiр дәруiш адамсыз малың көп-дүр, – дедiм. Мұнша малды аласыз, патша емессiз, Рұмның қазынасында жоқ-дүр, – дедiм. Дәруiш айтты: – Мұрадың не-дүр сенiң, Мен де айттым: – Мұрадым мал-дүр менiң. Үш қитардың бiрiн бер, екiсiн ал, Дәруiш те солайша қып болды телiм. – Құп болады, берейiн ендi саған. Қатирдың бiр қитарын бердi маған. Бiраз жер соныменен және кеттiк, Көңiлiмде уасуаса болды жаман. – Деде сұлтан, тағам жеп отыралық, Дәруiштен тағы малды көңiлге алып. Көп заман саяқ болып жүрген дәруiш, Көңiлiмде не барын бiлдi барып. Менен қайыр келмесiн ендi бiлдi, Тағам жеп бiрге, ығыма ендi жүрдi. «Иә, Рабби, һәркiмнiң бер мұрадын», – деп, Дәруiш осылайша дұға қылды. Мен сонда айттым: – Таң қалдым, деде сұлтан, Көңiлiмде мұрадымды бiлдiң қайдан? – Һәркiмнiң көңiлдегi ниетiне, Қайыр дұға қылмадым ендi саған. Араб айтты дәруiшке: – Неттiң, – дедi, Мен болмасам, малсыз сен кеттiң, – дедi. Дәруiш сонда бұзылып арабқа айтты: – Сенi мен мал сахибы еттiм, – дедi. Араб айтты: – Не қылдың маған, – дедi, Менiң күшiм пайда еттi саған, – дедi. Менiң күшiм болмаса қайтер едiң, Малды жаяу тасыр ма едiң таман, – дедi. Дәруiш қайран тамаша қалды дейдi, Бұл қитарда қанша мал бар-ды дейдi. «Жерiн көрдiм, тасырмын» дегенiнде, «Бар, тасы» деп қитарды алды дейдi. Дәруiш мұндай уақиға көрдi дейдi, Аллаға ендi жылап тұрды дейдi. «Алла берсiн жазаңды» дедi дағы, Тұрмастан дәруiш жүре бердi дейдi. Дәруiш ендi қарамай аттай желдi, Арабтың көңiлiне бiр нәрсе келдi. Дәруiштi шақырып ап тоқтатады, Болса да не менiмен тату болды. Қыз қасынан бiр құты алып едi, Қойнына алып құтыны салып едi. Ол құтыда көп алтын бар шығар деп, Менiң де көзiм көрiп қалып едi. Оның үшiн тоқтамай дәруiш кеттi, Дәруiшке һәрне қылсам сабыр еттi. Артынан кеп: – Тұра тұр, деде сұлтан, Ақылыма менiң бiр нәрсе кептi. Әй, дәруiш, сен қарап көр менi, – дейдi, Саған келдi қолымның ебi, – дейдi. Бiр құты алып, қойныңа қойып едiң, Оны алмай жiбермеймiн сенi, – дейдi. Дәруiш айтты: – Бұ тотия дәрiсi-дүр, Ашық көзге бiр сүрсе қылады көр. Ол махалда дәруiш йамин еттi: Көрмейтiн көзге сүртсе көзi ашылар. Араб айтты: – Көзiме сүртшi, – дейдi, Жазғанды ендi мехнат түрттi дейдi. Артынан және сүртiп көзiмдi аш, «Қайыр» деп ендi көзге сүрттi, – дейдi. Көрмейтiн соқыр болды екi көзiм, Бұл iстi әуел бастан қылған өзiм. «Жиырма-отыз жыл болмай көз ашпан», – деп, Дәруiш осылайша айтты сөзiн. Сөзiме құлақ салмай тұрды дәруiш, Көз ашпасқа көңiлiн бұрды дәруiш. «Сенен алсын мұсылман ғибрат», – деп, Еңсеме бiр жұдырық ұрды дәруiш. Бiлдiм, дәруiш көзiмдi ашар емес, Көз ашуға бiр қадам басар емес. Көзiм соқыр болған соң неден қорықсын, Менен қорқып дәруiш қашар емес. «Әлейһи ма йастахақ» жауап болды, «Бар ендi» деп сiлтедi маған жолды. «Бiр айналып көзiңдi ашармын», – деп, Сонша қатир мал алып көңiлi толды. Мың тiлла ақша берiп айтты маған: – Еңсеңе бiр сәлле ұрар көрген адам, Мойныңда ұрған кiсiнiң хақы қалмас, Алтынды бұзып-бұзып берсең оған. Басқаға берсең, заһар сол-ды, – дедi, Көңiлiм қасiретке толды, – дейдi. Пайдасыз өзi сөйтiп кетiп қалды, Менiң көрген гөзәштiм болды, – дейдi. Хатымтай естiген соң болды қайран, Көп уақиға есiтiп арабидан. Азаншы да бейшара шерменде боп, Артық мехнат көрген жоқ о да сенен. Бiр дәруiш сонша алтын ихсан қылған, Құббеден бiр қойнына құты салған. Ол құтыдан тағы да дәме қыпсың, Несi бар зорлық қылып сенен алған. Хатымтай бастан-аяқ естiп бiлдi, Дәруiштiң де iсiне тахсин қылды. Тамиғыңның жазасын тауыпсың деп, Бабылда тағы сол күн қарар қылды. Хатымтай таң атқан соң түрегелдi, Кейде ғамкiн, кей жерде күледi ендi. Бастан-аяқ ахуалын естiген соң, Арабпен хош айтысып жүредi ендi. Хатымның жауһар фарушқа жөнелгенi Жауһар фаруш хабарын алайын деп, Ахуалымды ортаға салайын деп, Жауһар фаруш ахуалын естiген соң, Қызға да хабар алып барайын деп. Хатымға араб дұға еттi дейдi, Есен-аман болыңыз дептi дейдi. Мәселен жайдан шыққан оқтай болып, «Қандалусия қайда?» деп кеттi дейдi. Кеше-күндiз тоқтамай жүрiп кеттi, Аз заманда неше мәнзил жерден өттi. Жолдағы жолыққандар сөз сұраса, – Жұмысың не, жүре бер, сенiң, – дептi. Мен тақытымнан шыққалы үш жыл болды, Кейде қызық, машақат көрдiм жолды. Сөзiмдi ендi ұзартпай қысқартайын, Қайтқан соң сау-саламат көңiл толды. Хатымтай күндiз-кеше тынбай жүрдi, Һеш адамға iлтипат қылмай жүрдi. Тоқсан күндiк сапарды қырық күнде алып, Қандалусия көрiнiп, көңiлi тынды. Қандалусия көрiнiп, болады шат, Ғашыққа Бағдат шаһар емес ұзақ. Ғашыққа алыс емес дегендейiн, Жаңа таққа мiнгендейiн жылдамырақ. Жаһанға Ескендiрдей патша болса, Мысал ихраж алып көңiлi толса. Көңiлi, сiрә, ондай шат болмас едi, Дүние қадар, дәулетке еге болса. Көрген соң бұл шаһарды шүкiр қылды, Әлм-ғамнан халас боп көңлi тынды. – Мақсұдыма жетермiн мұнан кейiн, Ендi жүрер Рейға жолым қалды. Уәзiрдiң жауабы ендi дейдi, Маған қанша захмат бердi дейдi. Өзiм де себеп болдым мардпын деп, Көрмес едiм деп, көңiлiне келдi дейдi. Жаһанда әрбiр нәрсе өттi дейдi, Өлген өлiп, келгендер кеттi дейдi. Ұмытып көрген захмат машақатын, Жауһар фарушқа жолықсам дептi дейдi. Ендi жауһар фарушқа барайын да, Ахуалымды көңiлiне салайын да. Арабтың ахуалынан хабар берiп, Онан және хабарды алайын да. Мен келдiм мардтықпенен жаһан кезiп, Мың тiллалық жауһарды һәр күн езiп. Мұрады не, бiр ұрып жiбередi, Түгесiлмес жауһарды бiлсем сезiп. Сол сөздi айтып, ол таудан ендi дейдi, Шаһардың қақпасына келдi дейдi. Шәрбат сатқан дүкенге келiп едi, Шәрбат iш деп кесенi бердi дейдi. Дүкенге кiргеннен соң шәрбат көрдiм, Жауһар фаруштың ханасын сауал қылдым. Бiразырақ ол жерде дамыл қылып, Жүрмекке ендi орнымнан түрегелдiм. Шәрбатшы хош айтысып ендi қапты, Жүре бердi оң-солға қарамапты. Көшеде жолыққаннан сұрай-сұрай, Наужуанның ханасын iздеп тапты. Күзетшi есiгiнде тұрған ғұлам, Ғұламға Хатым келiп бердi сәлем. «Мархаба, хош келдiң» деп iзет-икрам, Бiр-бiрi амандасып қылды кәлим. Сұрады жауһар фарушты ендi сонда, Ғұлам айтты: – Сұлтаным жоғарыда, Хатымға барыңыз деп изн бердi, Өзi жақындары сұхбатында. Көрiсейiн деп нардбандан шықты дейдi, Қақпадан ендi iшкерi өттi дейдi. Жауһар фаруш отырған қарар қылып, Алдына ендi жақын кептi дейдi. Келiп жауһар фарушқа бердi сәлем, Хатымды о да танып қылды кәлим. – Сафа келдiң, хош келдiң, иә, Хатым, – деп, Сұрасты бiр-бiрiнен есен-аман. Келдiңiз алысқа ұзап мұнша заман, Сапардың захматын көрдiң һаман. Сiздi алыс сапарға жiбердiк деп, Көрiсiп халi-жайын бiлдi тамам. Хатымды қасына алып қылды назар, Көрiпсiз мұнша заман тамашалар. Реңкiңiз бiр басқа тағир бопты, Захмат көрiпсiз деп тамашалар. Жол жүрiп Хатым келген ашып-арып, Шам жағып үйдiң iшi болды жарық. Тағам жеп, шәрбат iшiп отырды-ай, Екеуi сұхбатын ортаға алып. – Иә, Хатым, алыс жолға бардың, – дейдi, Талай iстi көңiлге алдың, – дейдi. Жауһар фаруш сұрайды Хатымтайдан: Мұнша неге кешiгiп қалдың? – дейдi. Алысқа захмат шегiп жүрдiң текке, Сiздi ұзатып жiберген маған еп пе. Қалай сiз захмат шектiң жолда жүрiп, Бұл жағың алыс емес әлм шекпе. – Сұлтаным, мен де әлм шектiм, – дейдi, Арабтың шаһарына жеттiм, – дейдi. Еңсесiне сәлде ұрып «ма йастахақ», Дегенiнен сауалды еттiм, – дейдi. Менi алысқа жұмсады сонда араб, Мен кеттiм жұмсаған соң аттай жарап. Мұнараға бiр шығып, бiр түседi, Ахуалынан хабар бер соған қарап. Талап қылдым бармаққа ендi сонда, Бiр молда азан айтқыш бар-дүр анда. Молданың шығып түспек себебi не, Ахуалын соның бiлiп келсең мұнда. Мен де оған захмат шегiп бардым, – дейдi, Сөзiмдi құлағына салдым, – дейдi. О да менi жұмсады бiр алысқа, Есiтiп тағы қайран қалдым, – дейдi. Бiр есiкшi күледi, кейде жылап, Жұмсаған соң мен кеттiм алысқа ұзап. Оған барып ахуалым арыз қылдым, Жылаған, күлгенiнiң жайын сұрап. О да күлiп жұмсады Дағыстанға, Жұмсаған соң амалсыз бардым және. Бiр адам бар киiкпен дәйiм жолдас, Адамға аслан бiр жанаса ма. Сонан алып бiр хабар берсең маған, Себебi не екенiн бiлсең тамам. Сол биабан ахуалын бiлiп келсең, Раст хабар берейiн мен де саған. Жолықтым ендi барып биабанға, Көрген соң биабанды қалдым таңға. Себебiн сұрағанда маған айтты, Хабар сұрасаң ендi бар Хорасанға. Бiр шайхы Хорасанда бар, – деп айтты, Көргенiңдi алдына сал, – деп айтты. Барам десең Хорасан алыс емес, Хабарды сол шайхыдан ал, – деп айтты. Шайхыдан хабар сұра ендi барып, Мен кеттiм Хорасанға, жiгiт қалып. Шайхыға барғаннан соң берi қайттым, Хабарын биабанның бiлiп алып. Хабарды бiрден-бiрге бердiм, – дейдi, Мүшкүлiн бәрiнiң де жетiрдiм, – дейдi. Мұнша заман жаһанды кезiп жүрiп, Бәрiнен хабар алып келдiм, – дейдi. Жауһар фаруш есiттi мұның бәрiн, Зияда ғажап еттi қылғандарын. Еңсесiне сәлленi неге ұрады, Арабтың айтшы маған ахуалын. Хатымтай бастан-аяқ айтты бәрiн, Дәруiш пенен арабтың қылғандарын. Қазына ашып бұ қадар алтын, жауһар, Мал алған дәруiш оқып тылсымдарын. Ол қыздың құббесiнен құты алған, Құтыны араб және тартып алған. Көзiне дәрi сүртiп соқыр болып, Сол себептен арабқа сәлле ұрған. «Ма йастахақ» демектiң себебi бұл, Соқыр бопты құты үшiн дәруiштен ол. Хикаят қып айтады соның бәрiн, Еңсеге сәлле ұрмақтың мағынасы сол. Жауһар фаруш естiп болды тамам, Естiп ғажап қылды болған заман. – Иә, Хатымтай, тыңдаңыз, мен айтайын, Менiң атам – дәруiш деген адам. Айтайын хикаятын, ендi тыңда, Атам ғалым молда едi заманында. Ғылым хикмет өзiнде маужуд едi, Тылсымат бiлушi едi ғаят ағла. Һәр ғылымда өнерi Аплатондай, Ғалымдығы дүниеде ендi сондай. Атамыз мен тумастан тылсым ашып, Ол барып арабқа қылған мұндай. ЖАУҺАР ФАРУШ ӨЗIНIҢ АХУАЛЫН БАЯН ҚЫЛҒАНЫ Алтын менен жауһарды алған екен, Бiр үйге барып махкам салған екен. Бәнд етiп есiгiне халқа байлап, Мен туғанша бекiлiп қалған екен. Бiразда дүниеге келдiм тамам, Мен туып он бес жасқа бастым қадам. Атамыз мұғалiмге бергеннен соң, Ғылым, әдеп үйрендiм бiраз заман. Атам менi бiр күнi қасына алды, Насихат әдеп айтып ойға салды. Қылған iске пұшайман боласың деп, Базарға ендi менi алып барды. Үйрендiм Бадахшанда саде сату, Бар ма деп кәсiп қылмай үйде жату. Нәпсi ауа iшiне табиғ боп, Жар-жора, құрбыменен жүрдiм тату. Насихат атам айтса тiл алмаймын, Қадiрiн насихаттың бiле алмаймын. [Оның] сөзi кiрмедi құлағыма, Мен дағы зауық етпей жүре алмаймын. Атамның насихатын тыңдамадым, Сабыр қып не десе де үндемедiм. Жар-жора не айтса да қабыл қылам, Атамның сөзiн, сiрә, жөн демедiм. Атаңның пайдасы жоқ ендi сiзге, Сүйдеген құлақ салам айтқан сөзге. «Хақ Тағала дүниеден атамды алса, Құтылған соң рахат болар бiзге». Бiр күн атам қолымды қолына алды, Жасырып оңаша үйге алып барды. Ол уақта бiлмеймiн ненiң барын, Мынаған қарашы деп көзiн салды. Жоғары мен де қарап тұрдым, – дейдi, Байлаулы бiр халқаны көрдiм, – дейдi. «Ғұмырым аз қалды» деп атам айтты, Бұл халқаны немене деп сұрадым, – дейдi. Мен өлгеннен соңыра, балам, саған, Бұл малың пайда қылмас, бiтер тамам. Жоқ жерге малың сарып қыларсың сен, Қасiретпенен жүрмессiң есен-аман. Ей, ұғылым, көзiм нұры, тыңда сөзiм, Насихатым құп тыңда, көрер көзiм. Күнде өлгенше бiржола өлiп кеткiл, Бәле кеп басыңа зар болсаң өзiң. Жiптiң ұшын мойныңа iлмек қылып, Скамия қоярсың оймен бiлiп. Әлхасыл, өзiңдi-өзiң бiр дар әйла, Қор болғанша өлiп кет көңiл тынып. Атамды көңiлiмде жынды бiлдiм, Мал кетсе насихатың қабыл көрдiм. Бұ мал бiтсе асылып өлермiн деп, Өсиетiн қабыл қып аһыд қылдым. Мен кеттiм кәсiбiме сауда қылып, Атамыз бiр күн жатты хаста болып. Дерттi болып зияда күннен-күнге, Көрсеттiм мәшһүр тәбип алып келiп. Зияда күннен-күнге дерттi болды, Дәм бiтiп пиманасы ендi толды. Бiр күнi айтты насихат көзiн ашып, Сөйлерге тiлi шықпай жүзi солды. – Ұмытпа насихатым, ұғлан, – дедi, Мен өлiп ендi қайтып тұрман, – дедi. Ұмытсаң менiң айтқан әмiрiмдi, Ахирет хақың халал қылман, – дедi. Атамыз сүйдеп айтып жұмды көзiн, Қабыл қылдым насихат айтқан сөзiн. Атамның жақындары фариад қылып, Хақ жуып кебiндедiк ендi өзiн. Жар-жора жолдас қылып алдым тауып, Бау-бақшада зауық қылдым есiм ауып. Қисса ұзын болмасын, қысқартайын, Малдың көбiн бiтiрдiм қылып зауық. Зауық қылдым ғейiш-ғишратты көңлiме алып, Ойын, өлең, күлкiге жүрдiм барып. Атамның жақындары менi көрдi, Қылып жүрген iсiме қайран қалып. Әлхасыл, һұжұм қылды бiр күн маған: – Бiз насихат айталық ендi саған. Атаң сенiң бiр фазыл, кемел едi, Қара қылды қақ жарған ғалым адам. Олар айтқан сөзiне үндемедiм, Насихат айтқан сөзiн жөн демедiм. Бұлар менiң малыма ортақ па деп, Надандықпен айтады деп тыңдамадым. Малымның егесi ме ендi бұлар, Ғейiш-ғишрат, зауық қылсам көңiлiм тынар. Әлхасыл, иә, Хатымтай, менi тыңда, Мырзаңыз ақша қалмай ендi сынар. Малымның қолымдағы бәрi бiттi, Ойнап жүрген достарым бәрi кеттi. Көп iшiне кiретiн хал қалмады, Басыма кедейшiлiк ендi жеттi. Үйдегi мүкәммалдың саттым бәрiн, Дүкенге алып мал салды арсызларың. Бәрi де бiр ағла қожа болып, Оларды көрген сайын кеттi арым. Бағырым – қан, бұ халдi көрдiм ендi, Ес кiрiп пәре-пәре болдым ендi. Халық жүзiне қарайтын хал қалмады, Зияда паришан боп жүрдiм ендi. Анам айтты: – Насихат тыңдамадың, Ендi сенiң пайда етпес жылағаның. Харамсыздар басыңа не көрсеттi, Атаңның сөзiн ұғып жөн демедiң. Шашым болды бiр қарыс ендi менiң, Және қайта бай болшы келсе ебiң. Атамның айтқаны еске келiп, Ғылымға артық екен бiлдiм тегiн. Атам маһир һәр iстi көрген екен, Ахуалыма уқуф болған екен. Рахматтар оқыдым пәдарыма, Бұ малға зар боларым бiлген екен. Жад етiп, ендi жылап қылдым зар-зар, Малымды қолдан алды харамилар. Ендi менiң жанымда бiр ақша жоқ, Олар қожа бәрi болды базарқандар. Бiр күн көрдiм Ысмағұл дәруiш деген, Бiздерге ас пiсiрiп, қызмет қылған. Бiр жерге сейiл қылып бармақ үшiн, Базардан күрiш пенен май алып жүрген. Бiрге барар едiм деп қыламын аһ, Ысмағұл мархабат қып: – Мұртаза аға, Сайранға бiрге жүрiп зауық қылыңыз, Қызмет қыл бiзге тағам пiсiргенде. «Сұлтаным, құп болар» деп жүрдiм бiрге, Неше заман шықпадым һешбiр жерге. – Сұлтаным, бiр жақсылық қылдыңыз, – деп, Барабар бiрге келдiк сайран жерге. Сайранға Ысмағұлмен бiрге келдiм. От жағып қызмет қылып аттай желдiм. Төсек төсеп, палау қып, қозы сойып, Не болса да дәруiшке қызмет қылдым. Бiр уақытта мырзалар келдi бәрi, Мендей мырза – олардың қызметкерi. Тәнбүрә, сырнай-керней күйiн күйлеп, Мәжiлiс ойын-күлкi қылғандары. Қисапсыз ойын ойнап, iштi шарап, Алыстан құлақ салып тұрмын қарап. Бiр-бiрiне ұсынып iзет қылып, Мәжiлiсiн түзетiп отыр тарап. Һай-һұй деген нағырасы көкке жеттi, Һәр түрлi ойын ойнап тамаша еттi. Асшы басы бiр-екi тауық бердi, Мұны және пiсiрiп есiм кеттi. Асшы басы қылмады сабыр-қарар, – Мұртаза, тағам күзет ендi жарар. Шыңылардың әуезiн бiраз естiп, Сен қарап тұр, қылайын тамашалар. «Сұлтаным, құп болад» деп қалдым сонда, Тамаша қылар хал жоқ онда-мұнда. Жүмласы қол қусырып тұрушы едi, Қайтармай әмiрiмдi бiр заманда. Мен тұрмын тауық етiн қылып буриян, Ахуалымды жад қылып жылап құр жан. Қызмет қылдым төменi асшы ма деп, Бiр заман бұған болып налан-гөриян. Сабыр етiп бағырыма тастар ұрдым, Ылажым жоқ бiр заман қарап тұрдым. Келдiм де тағамдардың тұзын татып, Астың дәмi кiрмеген тұзсыз көрдiм. Тағамның бәрi бiрдей тұзды бопты, Тауықты пiскенiн көргем жоқ-ты. Бiр кесеге салдым да алып қойдым, Тауық асқан қазанға жақпай отты. Сабырсыз, қарарсыз боп қалдым, – дейдi, Бiраз тамаша етпекке бардым, – дейдi. «Тауықтарға бiр апат бола ма», – деп, Алыстан назарымды салдым, – дейдi. Өзiме бұл тұрғаным пайда етпес, Шынылардың әуезi естен кетпес. Қараңыз, қаза келсе қандай келер, Қанша пiкiр ойласаң ақыл жетпес. Екi құс қанат жайып ұшып кептi, Алып қойған тауыққа душар еттi. Менiң тiптi бұлардан хабарым жоқ, Аяғымен бүрiп ап ұшып кеттi. Қорыққанымнан медет деп жалғыз Хақтан, Көрiп ақыл қалмады тауық жақтан. Қашатұғын ылаж жоқ қолдан келiп, Бiлдiм ендi пайда жоқ жыламақтан. Қорыққанымнан паришан болдым, – дейдi, Ойынға неге барып тұрдым, – дейдi. Ойын сенiң не теңiң дедiм дағы, Өзiме-өзiм тәсәил бердiм, – дейдi. Өлеңнен шыңы тежеп болды, – дейдi, Саздарын ендi жерге қойды, – дейдi. Ойынның қызығымен отырғандар Тағамға жаңа салды ойды, – дейдi. Ысмағұл қайтып келдi ендi маған, Тоқтамай жылағаным көрген заман. Жыладың деп ахуалым сұраған соң, Тауық пен тағам жайын қылдым тамам. – Тауықты шайлақ ұшты бүрiп алып, Мен жылаймын аһ ұрып соған налып. Аспаз «қайғы шекпе» дедi дағы, Тағам қойды алдына алып барып. Тағамға ендi бұлар қолын салды, Аузындағы тағамның дәмiн алды. Тағамның бәрi заһар болған екен, Жейтұғын ендi екi тауық қалды. – Алып кел, ендi жейiк тауық кәнi, Аспаз жетiп келдi көрдiм әнi. – Мұртаза, сен де мұнда тұрмысың, – деп, Тауықтарға жұмсады ендi менi. Тауықтың ахуалынан хабар бердi, Есiтiп бәрi тысқа шығып келдi. – Ханадан сен де мұнда келiп пе ең, – деп, Көресiң шомлығыңнан ендi болды. Бүгiнгi ойын-күлкiден құры қалып, Бәрi ұрды оңнан-солдан ортаға алып. Басым ендi жарылып екi жерден, Құтылдым таяғынан өлiп-талып. Шақырып: – Әй, аш көздi надан, – дейдi, Тауықты өзiң жедiң тамам, – дейдi. Өзiң жеп тауықты құс ап кеттi, – деп, Артымнан ақырады маған, – дейдi. Бұлардың қолдарынан кеттiм қашып, Таяқ жеп бас жарылып ендi сасып. Қор болып, тiрi жүргеннен өлмек артық, Жiп алдым өлейiн деп өзiмдi асып. Қор болып дүниенi ендi сүйме, Үстi-басым қан болып келдiм үйге. – Ей, ұғылым, не болды, – деп анам көрдi Менiң түсiп келгенiм мұндай күйге. Анам айтты: – Ақылың кiрмедi ғой, Мен айттым: – Ақыл бүгiн кiргенi ғой. Атамның өсиетi еске түскен, Анам менiң сырымды бiлмедi ғой. Өсиет атам қылған үйге келдiм, Дүниеден өлерiмдi ендi бiлдiм. Аяғымның астында скамия, Жiптiң ұшын мойныма iлмек қылдым. Есiктi ендi артымнан жаптым, – дейдi, Әмiрiне бойсұнып Хақтың, – дейдi. Нәпсiм емес, атамның өсиетi, Аяғыммен тақтайды қақтым, – дейдi. Мойынымнан асылып алдым,—дейдi, Бұл саудаға басымды салдым, – дейдi. Бұлқынғанда жоғары жiп үзiлiп, Алтын, жауһар астында қалдым дейдi. Төгiлдi алтын-жауһар ендi көрдiм, Сәжде шүкiр қылып жүзiм сүрдiм. Жауһардың iшiнен бiр қағаз тауып, Жазулы қағаз екен назар қылдым. Қағазда айтқан сөзi: «Жаным, ұғыл, Үгiтiме амал қыл, айтқаным бұл. Бұ қадар дәулетке ие болғаннан соң, Бәдастанда дүкенге саласың пұл. Һәр күнi мың тiллалық жауһар алып, Жетпесе сынатасың көпке салып. Мың тiллаға жеткенде, ұн қыласың, Дұшпаныңның көзiнше ендi барып. Дұшпаныңның көзiнше жiбер үрiп, Дұшпаның әлек болар көзi көрiп». Атамның айтқан сөзiн естiген соң, Анама хабар бердiм үйге келiп. Шат болып анам байғұс қуанды ендi, Көңiлiмiз кедейлiктен жұбанды ендi. Адамның зәрра-қадар пайдасы жоқ, Менiң де көңiлiм шат боп уанды ендi. Дәулетке ендi қарық боп қалдым, – дейдi, Лайықты киiмдер алдым, – дейдi. Үй аспабын түзетiп бәрiн ендi, Тұғры асир базарына бардым, – дейдi. Базардан құл-кәнизак сатып алдым, Бiр күнi Бәдастанға ендi бардым. Бiр ашынаның отырып дүкенiнде, Жан-жаққа олай-бұлай көзiм салдым. Келген соң менi көрiп iзет қылды, Харамилар менi де көрiп тұрды. «Сол отырған Мұртаза емес пе?» – деп, Бiр-бiрiне көрсетiп хабар бердi. Алыстан сөз айтады бiлiп, – дейдi, Бiр-бiрiнiң қасына келiп, – дейдi. Тауық үшiн жүзiне баға алмаймыз, Ұрдың деп бiр-бiрiнен көрiп, – дейдi. Құлдармен келiп-кетiп жүрдiм базар, Алтын-жауһар дүкенде ашиялар. Салып көңiлiм бұл жақтан тынғаннан соң, Құлдарыма айттым: – Бiр мұрадым бар. Менi екi тауық үшiн ұрды олар, Менiң де өш алмақта талабым бар. Базардан жарым қылыш сатып алдым, Олар да мақұл көрiп ендi жарар. Құлдарға айттым: – Әзiр тұр ағаш алып, Тағамын жеп болғанша көзiң салып. Тағам жеп боп сұхбат қылып отырғанда, Жарым қылышты алып кел бiрiң барып. «Ну науки тышқан жедi қылышты», – деп, Мен айтайын, көрейiн қызықты деп. Сiздерге ишарат қып мен тұрайын, Маған сөз айтар екен, олар не деп. Құлдарға пәрмендедiм солай қылып, Жолын көздеп отырдым бiр күн келiп. Харамидiң бiрi өтiп барады екен, Шақырдым «әй, пәлен» деп оны көрiп. Ол көрiп зорға ұялып келдi маған, «Сұлтаным» деп жалынды келген заман. – Бәрiңдi мәртебеге жеткiзiп ем, Бiлерсiздер, не қыл[ам] ендi саған. Аяғыма жығылды ғұзыр қылып, Хатирым сұрамадың бiрiң келiп. Жақындығың осы ма, жарандығың, Ахуалым сұрамадың бiрiң бiлiп. – Ұят [деп] келмей жүрмiз, сұлтанымыз, Сiзге дұрыс емес пе келгенiмiз. Мен айттым: – Хош, ендi ол уақ өтiп кеттi, Мұсылманның баласы, ұмытамыз. Жаттық болмас мұсылман баласында, Һеш бөтен жоқ көңiлiмнiң аласында. Олардан жат болғалы дүниенiң, Зауық қызығын көрмедiм қарасын да. Сөзiнiң тағрифiн көрдiм, – дейдi, Сөзiне харамидiң ердiм, – дейдi. «Сұлтаным, келермiз» деп айтқаннан соң, Екi алтын қолына бердiм, – дейдi. Аяғыма жығылып ғұзыр еттi, – Күнәһым жоқ, ұрмадым сiздi, – дептi. Сабыр қылып сырымды бiлдiрмедiм, Менiмен уағда қып қайтып кеттi. Иә, Хатым, ол харами ендi барып, Оларға ахуалымнан хабар салып. Олар да қылғанына өкiнедi, Малымның көп тәрiзiн бiлiп алып. Бiр күн бара жатқанда менi көрдi, Құп сыйлап қолыма екi алтын бердi. Әуелгiден зияда мәлiк аспабы, Қасына шақырып ап жауап сұрды. Жарандарға менен көп айтты сәлем, «Көрiселiк, келсiн» деп қылдым кәлим. Қылған iсiн бiрiнен-бiрi көрiп, Қажы-шоуал, бұл iстi сенен көрем. Бiрiнен-бiрi көрiп ендi, – дейдi, Жарасалық дегенге сендi, – дейдi. Әуелгiден зияда зауықтанып, Тағы да мал үмiт қып келдi, – дейдi. Құлдарға айтып қойған сөзiм мықты, Жұмласы жиылып кеп ғұзыр қыпты. Бұлардың жұмласына ғиззат қылып, Қаһуашылар жам берiп қызмет еттi. Ұялып қылғанына әлм шектi, – Көрiнiп хал сұрамақ сiздерге еп-тi. Бәрiңiз бейопасыз, – дегенiмде, «Әпендiм» деп ғұзыр қып қолымды өптi. – Қата қылдық, сiз – бiздiң сұлтанымыз, Азар қылдық, ғапу қыл қылғанымыз. Бiрадарлар, кiнәңдi ғапу қылдым, Маған келүр – лазым, бiлермiсiз. Сөзiмiз ендi болды басқа жақта, Аудардық сөзiмiздi бiр тарапқа. Хал-ахуал сұрасып бiр-бiрiмiзден, Ойнап-күлiп отырдық сұхбатта. Кегiм бар көңiлiмде ендi жаман, Құлдар тұр даярланып бермес аман. «Харамилар, маған не қылмадыңдар, Бiр нәрсе қыламын ғой ендi саған». Көңiлiмде мұны ойлап тұрған заман, Қызметкерлер қарап тұр ендi маған. «Кегiмдi ендi жылдам алайын» деп, Құлдарға айттым: – Алып кел ендi тағам. Құлдар да алып келдi қазiр тағам, Бұлар да көңлiне алып ендi жаман. Бiлдiрмей, бiр-бiрiне ишарат қып, Жеймiз деп қарайды ендi қабағынан. Бұлар да көңлiне алып отыр бiр iс, Жамандыққа жамандық қылса дұрыс. Тағам жеп ендi бұлар отырғанда Бiр жiгiт алып келдi жарым қылыш. Қолына жарым қылыш алып келдi, Жарым қылыш екенiн олар көрдi. Шақырып оған айттым: – Бұ темiрге, Жарымына не болды мұның ендi? Бұ қылышты зияда көремiн, – деп, Ғұлам айтты: – Сұлтаным, күнәһiм жоқ. Қазына ортасына қойып едiм, Жарымын тауысыпты бiр тышқан жеп. Бiр тышқан қазынада пайда бопты, Мәкүр темiр жемекке әдет қыпты. Әгар бүгiн бармасам бүтiн жейтiн, Сөзiме нанбас едiң маған, – дептi. Оларға айттым: – Жiгiттер, бұ қалай сөз, Бұл уақытта сiздер де болдыңыз кез. Кеше де бiр темiрдi тышқан жедi, Мырзалар, бершi мұның жауабын сiз. Кеше де бiр темiрдi алып едiм, Апарып қазынаға салып едiм. Жарымынан артығын жеп қойыпты, Ақылсыз көрiп қайран қалып едiм. Олар менiң сөзiмдi ұқты, – дедi, Бiр-бiрiнiң бетiне бақты, – дедi. – Бәлi, кеше үйiнде Ысмағұлдың Бiр майлы қара балта жұтты, – дедi. Бiрi айтты: – Есiттiм, сатыр жедi, Ол тышқан темiр жемек әдетi едi. Осындай сатыр балта жейдi бiлем, Мұның темiр жейтiнi рас, – дедi. Мен айттым: – Әй, жiгiттер, алдадыңыз, Растылық жолына бармадыңыз. Тышқан темiр жейдi деп куә болдың, Шайлақ алды дегенге нанбадыңыз. Тауықты шайлақ алды деген едiм, Жалған жоқ сол сөзiмде, бейкүнә едiм. Қаны, ендi ұрыңдар, жiгiттерiм, Күнәсiз мен де таяқ жеген едiм. Жiгiттер ендi һұжұм еттi, – дедi, Басы-көзi демедi, беттi, – дедi. Басы-көзi жарылып жаралы боп, Қақпадан зорға шығып кеттi, – дедi. Құтылды ендi кетiп қалып, – дедi, Үйлендiм қыз айттырып алып, – дедi. Атамның насихатын қабыл қылдым. Һәр күн ерте базарға барып, – дедi. Мың тiллалық жауһарды ұндай қылып, Көзiне ұшырамын қарсы тұрып. Жауһарды алмадық деп бұрын қолдан, Он төртi өлдi шатылып һәлак болып. Хасадтың ендi екеуi қалды, – дедi, Көңлiмде әлi кегiм бар-ды, – дедi. Екеуi және һәлак болғаннан соң, Шашпаймын құры бекер малды, – дедi. Айтты: – Хақиқат жолдас жоқ дүниеде, Жолдастың жарамдығын көрдiм мен де. Адам бар ма хақиқат қарайтұғын, Бәрi қоңсы мал үшiн осы күнде. Арабпен менiң атам барып, – дедi, Алтын, жауһар қазына алып, – дедi. Құббеден сондай қылып алып келiп, Мен үшiн қойған екен салып, – дедi. Хатым жауһар фаруштан есiтiп сөз, Қайран қалып сөзiне салады көз. «Сондай фазыл адамның ұғлысың», – деп, Жүретұғын сапарын ойлайды тез. Хатымтай Рей шаһарына жөнелгенi Жауһар фарушқа нақлиат айтты дейдi, Уағында хош айтысып кеттi дейдi. Ол күн Қандалусия шаһарынан Бiр күн Рей шаһарына жеттi дейдi. Кеше келiп шаһарға кiрдi дейдi, Таң атқан соң орнынан тұрды дейдi. Патша диуан түзеп отырғанда, Бiлдiрiп өзiн арыз қылды дейдi. Жасауылдар патшаға бердi хабар, Үш сәна өткендiгi есiнде бар. – Бiр дәруiш кеп мұрадын айтып едi, Болып тұр сол көрмекке сiзге ынтызар. Падиша: – Мұнда шақыр, келсiн, – дедi, Рұқсат бердiм, берi жүрсiн, – дедi. Жаушылар Хатымтайға және келдi, – Падиша сiздi мұнда енсiн, – дедi. Хатымтай махкамаға барды дейдi, Әдеп тәртiп жолына салды дейдi. Патша Хатымтайға iзет қылып, Жоғары өз қасына алды дейдi. – Үш сәна мұнан бұрын кеттiң, – дедi, Талай алыс жерлерге жеттiң, – дедi. Мархаба, иә, Хатымтай, хош келдiңiз, Қалайсыз, көп захмат шектiң, – дедi. Мұғамлемен қатирын алды қолға, Хатымтайды жұмсаған алыс жолға. Аһл диуан бәрi де iзет қылып, Амандасып отырды оңды-солға. Патшаның икрамын олар көрiп, Баршасы отырады iзет қылып. Бiр уақта есiн жиды қылып дұға, Алдына дастархан мен тағам келiп. Тағамдарын iшiп-жеп болды тамам, Тағамға дұға қылып болған заман. Қыз сонда Хатымтайдан сауал қылды: – Естiгенiң баян қыл ендi маған. Хатымның естiген-бiлгенiн баян қылғаны Хатым сонда көргенiн қылды аян, Жiгiттер, жан қысылса Хаққа таян. Қыз қасында жүгiнiп отырды да, Көргенiн, естiгенiн қылды баян. Әуел Рей шаһарынан шыққанынан, Һәр шаһардан сөз естiп кеткенiнен. Естiп-көрген ахуалын баян қылды, Қайтып келiп өзiне жеткенiнен. Көргенiн Хатым айтып болды дейдi, – Хақиқат көп көрiпсiз жолды, – дейдi. Хош жақсы тамашалар көрiпсiз, – деп, Қыз патша әдеппенен күлдi дейдi. Жiгiттер, қадыр десең Хаққа таян, Пенденiң қылған iсi өзiне аян. Өзiне мұнша малдың кез болғанын, Таусылмайтын себебiн қылды баян. Бәйiт Дегенде қисса Мәжнүнки һәб бара-бар тамам болды, Өзiн жанып хикаят дiл нашаде келдiк бiз-ә*. Дегендейiн, Хатымтай, сөзiм тыңда, Атамыз патша едi заманында. Бұ шаһар ғаят мағмұр тоқшылық боп, Таршылығы жоқ екен дүниеде. Шаһарымыз дәулетке сонша мол-ды, Бiр арсыз сол уақта пайда болды. Әуелi оң қол уәзiрдiң қазынасына Бiр түнде ұрламаққа салды қолды. Малдың кеткен жерiне бара алмады, Оның iздеп хабарын ала алмады. Атамыз қазынасынан тiлла бердi, Дерегiн iздесе де таба алмады. Сол қол уәзiр қазынасын алды бiр кеш, Ол арсыздың хабарын бiлмедi һеш. Малын алып соймаған үй қалмады, Жыл өттi екi арада жиырма бес. Ол қадар жұрт бәрi пақыр болды, Атамның пиманасы ақыр болды. Дәфiн қылды ғұсыл қып жұрт жиылып, Ғұмыры тамам болып атам өлдi. Падиша үшiн ел жиылып кеткеш, Менен басқа аулады болмады һеш. Маған жұрт ықыласымен биғат бердi, Арсыз болса ұрлығын қояр емес. Елдiң бәрi пақыр боп нашар едi, Арсыз болса мал ұрлап бисар едi. Бiреуде мал барлығын пайым қылса, Ол кеше қазынасын ашар едi. Бiр кеше ұйықтамадым қылып нала, Бүтiн түн қайым болдым таһат ала. Дұға қылдым: «Иә, Рабби, құдіретiңмен Тез заманда қыла көр жүзiн қара». * * * Иә, Хатым, Аһын деген бiр шаһар едi, Бiр шайхы мұнда келiп кетер едi. Ол шайхы жұма күнi шаһарға кеп, Халыққа уағыз-насихат айтар едi. Жүз қадар ол шайхының мүридтерi бар, Жүмласы аяғына шарық киер. Шайхының атын естiп қашатұғын Құрт пенен жер жүзiнде құмырсқалар. Сондай шайхы өзi бiр салих адам, Бiр күн амандасуға келдi маған. Мәселен бұл заманның хатабы едi, Арсыздан шикаят қып келген заман. – Ол арсыз халықтың бәрiн қылды харап, Бiр һиммәт етсеңшi дейм сiзге қарап. Дертмендiлер залымнан халас болсын, Дұға қыл деп мен тұрмын сiзден сұрап. Һәр жерден мал iздейдi дүниеқорлар, Мал жоғалтқан адамдар қылады зар. Һиммәт қыл дегенiмде сонда айтады: – Патшаһым, бiр уақыты сағаты бар. Иә, Хатымтай, ол арсыз – шайхы кәззап, Ол шайхы алады екен жаннан безiп. Бәрiне жұма күнi жар шақырттым, Арсыздан хабар берсе бiреу сезiп. – Арсыздан хабар берсең бiрiң маған, Ұлық ихсан қылар ем берген заман. Бiр адам кеп [дедi]: – Оңаша болсын үйiң, Бiр жасырын сөзiм бар ендi саған. Ол кiсi айтты: – Арсызды бiлдiм, – дейдi, Бұл шаһарға мен бүгiн келдiм, – дейдi. Арсыздың ахуалын халықтан естiп, Сiзге келiп хабарын берем, – дейдi. Егер рұқсат берсеңiз маған, – дейдi, Басқа жұрт бұл ұрлықтан аман, – дейдi. Мен «сөйле» дегенiмде: – Ұғры – шайхы, Себебiн ендi айтайын саған, – дейдi. Шайхыны шақыртып ал ендi мұнда, Тәсбих пен сәлдесiн қалдырма онда. Тәсбих пенен сәлдесiн ала келсiн, Бiр хаста адам бар-ды қорамызда. Шақыруға шайхыға жiбер елшi, Сәлде, тәсбих, шайхыны алып келшi. Сәлде мен тәсбих келсе дертке дәрмен, Дейдi дағы екеуiн де маған бершi. Тәсбих пенен сәлденi қолға салып, Бiр адамды қасыма ертiп алып, Шайхының үйiн бiлер адам болса, Бiр белгiсiн табармын ендi барып. Ол адам айтқанындай қылдым бәрiн, Ол кеше бiр адам нәрселерiн – Ұрлатып бiзге арыз қылған едi, Бiр кiшiк сандық, алтын тәсбихтарын. Сандықтың кiлтiн ендi қолына алды, Тәсбих пенен сәлде, алтын бiрге барды. Қасына бiр адамды және қостым, Ол шайхы мүридтерiмен мұнда қалды. Ол адам шайхы үйiне бiрге барды, Қатынына барды да хабар салды. – Үндiстаннан келiптi бiр базарқан, Бiздiң шайхы отырып сонда қалды. Үйiңiз оңаша ма, адам бар ма? Сiзге мен сөз айтпаймын адам барда. Әпендiнiң сiзге айтқан сәлемi бар, Белгiсi мiне тәсбих, сәлденi ал да. Кiлт пен тәсбих, сәлденi қолыңа ал, Бiр кiшкене сандық бар аузыңа сал. Аузын ашып қарасаң ол сандықта, Iшiнде бiр құп iнжу тәсбих бар. Iшiндегi тәсбихын бершi, – дептi, Қайырлы уақыт сағаты ендi жеттi. Хақ Тағала қатынның есiн алып, Тәсбих берiп «шайхыға сәлем» дептi. Шайхымен әңгiмеде бiрге қалдым, Шаһарда бiрер малдан хабар алдым. Ол адам тәсбихты алып жетiп келдi, Шайхыға ишаратпен хабар салдым. Менiң әйел екенiм бiлдi, – дедiм, Және қайта ромал көрдi, – дедiм. Арсыздың зияда жақының деп, Хабарды сұхбаттасың деп бердi, – дедiм. Сөзiне бауар қылмадым оған, – дедiм, Сiз де һиммәт қылдыңыз бұған, – дедiм. Мұнша мал бiр адамнан шыға қалса, Боп қалсын бiреуiне айлаң, – дедiм. Бұл сөзден шайхы басын төмен салды, Бiр сұмдықты көңлiне түйiп алды. Өңi-түсi бұзылып дәруiштердiң, Шайхы алдап кетпекке көңлi барды. Кетпекке ендi көңiл еттi, – дейдi, Жол сұрап мен де қылдым ептi, – дейдi. Бiр кiтапта, сұлтаным, жазулы, – деп, Байқайын қатарымнан [деп] кеттi, – дейдi. Ол адам қойнынан тәсбихтi алды, Уәзiрдiң алдына алып салды. Қожа Хұсрау тәсбихына назар салып, «Тақсыр, тәсбих үшбу» деп қайран қалды. Тәсбихты алып шайхыға бердiм, – дейдi, Шайхы инкар ете алмады, көрдiм, – дейдi. Шайхыны мүридтерiмен ендi қосып, Жүмласын ендi бәндке кердiм, – дейдi. Шайхының үйiне адам барып келдi, Бәрiнiң iшiне от салып келдi. Қатыны, жариасы, нәрсесiмен, Бәрiн де бiрiн қоймай алып келдi. Баршасын алып келдi сиясатқа, Жiгiттер, ұрлық қылма, сиын Хаққа. Шайхының мүридтерiнен сұрағанда, Бiрi ықрар қылмады ұрлық жаққа. Бұларға он жетi күн қылды азап, Һәр күн бiреу-бесеуден қылды салаб. Сонда да һешбiреуi сыр айтпады, Бiреуi ықрар болмады бұған қарап. Азапта жиырма күн тұрды, – дейдi, Шыдамай бiреуi айтты сырды, – дейдi. Ол қалған арсыздардың мойындарын Әлемге ғибрат үшiн үздi, – дейдi. Шайхыны жер астына салдым, – дейдi, Мұнша жыл халықтан алған малдың, – дейдi, Көбiнiң сахибтары бiлiнбедi, Қисапсыз қазынаға алдым, – дейдi. «Шаа Алла» дегендер келедi мол, Мың тiлладан садақа алады ол. Гуя ол малдан бiрiсi кемiген жоқ, Iзетпен таусылмайтын себебi сол. * * * Хатым айтты: – Ол шайхыны қолға берген, Айтпаққа оның сырын сiзге келген. Ол адам хазiрет Қыдыр ма екен, Шайхыдан саған келiп хабар берген. Хатымға ол қыз патша жауап бердi, Құзырыма шақырттым айтқан ердi. Ихсан көп мал берiп сауал қылдым, «Мен Қыдыр емеспiн» деп хабар бердi. – Басымнан бiр iс өтiп көргенiм бар, Патшаһым, рұқсат берiп құлағың сал. Мен дағы рұқсат берiп «сөйле» дедiм, Ендi нақыл қылайын хабарыңа ал. Бәйiт Тыңларсың сәргозәшт дiл паришаным бәнiм, Хикая нақыл етерiм бiр-бiр әй, сұлтаным, бәнiм. – Сөзiмдi ендi тыңда, падишаһым, Бiр қатын айттырып ап, қылдым қатын. Қатыным өзi абид, заһид едi, Кеше қайым тұрады, күндiз-сайым. Таһажүд оқып, қылады ғибадатты, Тiлiнен һеш жаман сөз шығармапты. Тауықтың қоразына көрiнбейдi, Бес-алты жыл бiр ерде қызмет еттi. Тауықтарға жем берсе жүзiн жауып, Мұнысына мен болам таңғажайып. – Не үшiн мұндай қыласың, – дегенiмде, – Намахрам деп жүремiн қылып қауiп. Ұжмақты талап қылсаң, болма бахил, Сақи пенде жаннатқа болар дахил. Қуанып қатынымның сопысына, Бағзы адамдарға қылдым нақыл. Андан соң олар айтты: – Ей, бiрадар, Осындай сопылықтан берсе хабар. Қатының русиенiң ағласы екен, Сұралық бiзге берсең сүйiншiлер. – Сiздерге бұл сөздi айтпақ еп пе, – дедiм, Сыртынан айып қылма текке, – дедiм. Олардың сөзiн естiп ашуландым, Қатыныма бұһтан етпе, – дедiм. Олар айтты: – Бiзге бақ, ей, бiрадар, Ыңғайлы һәр нәрсенiң қолайы бар. Бiр күн үйге барғанда, қатыныңа Бiр жаққа барамын деп бершi хабар. Кетемiн деп жасырын бiр араға, Сығалап бiраз байқап қара-сәна. Бiр нәрсенi сезерсiң көзiң көрiп, Сөзiмiз бiздiң кетпес құр далаға. Үйге кеп қатынымнан изн алдым, Бiр жаққа кетемiн деп ендi бардым. Кеткен болып бiр жерге жасырынып, Сығалап бiр арадан көзiм салдым. Қатын менi кеттi деп қияс қылды, Оңаша қалдым ғой деп көңiлi тынды. Қасы менен көзiне сүрме жағып, Киiнiп зейнеттенiп тұра келдi. Бiр жез леген бар едi даңғыр еттi, Қатыным тұрып барып есiк ашты. Бiр жiгiт iшкерiге кiрiп келiп, Екеуi қыла бердi сұхбатты. Әмма менiң белiмде бiр қылыш бар, Аңсызда отырғанда жүзқаралар, Ұмтылып екеуiн де қатыл еттiм, Ол кеше үйде қылдым ендi қарар. Ол кеше қарар етiп мұнда келдiм, Естiп шайхыны бұ халде көрдiм. Арсыз шайхы екенiн мұнан аңлап, Сонан соң сiзге келiп хабар бердiм. Менiң айтқан сөзiме нандың, – дедi, Сөзiмдi құлағыңа салдың, – дедi. Сен де менiң сөзiмдi рәд қылмай, Шайхыны ендi қолға алдың, – дедi. Дұрыс қой ахуалы нанарлыққа, Парыз ғой Қағба Алла барарлыққа. Хатымтай ғейiш-ғишрат ол түн қылып, Ертең қызды сұрайды халалдыққа. Бану да қабыл көрдi халалдыққа, Бiр жүйрiк ат мiнгiздi жарарлыққа. Қыздан изн алған соң iзет көрiп, Басыраға бет түзедi барарлыққа. Бет түзеп Басыраға түстi жолға, Жылдам жүрдi қарамай оңды-солға. Хатымның келуiне ынтызар боп, Бану да сарайына келдi зорға. Бану да сарайына келдi қайтып, Қайғымен қасiреттiң зарын тартып. Қыз патша фарқатлә тұра тұрсын, Естiрейiн тезiрек Хатымды айтып. Хатымтай әуел Рей барған едi, Уәзiрдi қапасқа салған едi, Хатымтайдың келгенiн көзбен көрiп, Хабаршы уәзiрге барған едi. Бiр кiсi көз-құлақ боп Рей барған, Хатымның келгенiнен хабар алған. Уәзiрiмен қуанып бұқарасы, Хатымның келгенiне бәрi нанған. Хатымтай Басыраға келдi қайтып, Қызбен көрген қызықтың бәрiн айтып. – Сөзiң рас, уәзiр ағзам, – деп, Қуантады көңiлiн ендi жай қып. Хатымтай амандасты халқыменен, Патшалық бұқаралық салтыменен. – Бануды халалдыққа тiледiм, – деп, Қызбенен уағдалы шартыменен. Уәзiр әзiрленiп тұрады ендi, Бiр мүбәрәк сағатта Рей келдi. Уәзiр ағзам Рейге жақын келiп, Бануға бiр адамнан хабар бердi. Бануға уәзiр ағзам келiп қалып, Бану да ел-халқынан рұқсат алып, Қызды алып жөнелдi Басыраға, Хатымтайды қуантты бұрын барып. Уәзiр бануменен кептi дейдi, Қалған ғұмыр қызығымен өттi дейдi. Қырық кеше, қырық күндiз тойын қылып, Екеуi де мұрадына жеттi дейдi. Бiр жұма кешесiнде неке қылып, Мұрадына жетедi көңiлi тынып. Хатымтай хикаяты осылайша, Естiгендер, қойыңыз дұға қылып. Қызықпенен дүниеден өткен екен, Һәркiмге тағдырлы ажал жеткен екен. Халiнше дүниеде дәурен сүрiп, Хатымтай жомарт болып кеткен екен. Патша өткен дүниеден ол Хатымтай, Қатамды мағфу әйла, Құдайым-ай. Мехнатпен бәйiт қылған «Хатымтайды» Бастырсам болар едi көңiлiм жай. Аллаға ғибадат қыл, болсаң ақыл, Ықыласпен бой ұсынсаң, тәубең мақұл. Оқыған фаһимына жетсiншi деп, Дастанын Хатымтайдың қылдым нақыл. Таралды жер жүзiне ибн башар, Иманы зағиф құлдар Хақтан қашар. Дастаны Хатымтайдың бек тамаша, Оқыған фаһимды құл, көңлiң ашар. Жарандар, мұсылман бол Хақты танып, Бақиға күнәны артып кетпе налып. Ислам бес парызын заһир қылып, Жазылды бұл жерiне көңiлге алып. Айтылмыш бес парыздың әуали – иман, Қадiрлi Хақ қасында нәпсi тыйған. Мойнындағы уәжiбiн ада қылса, Харам емес дейдi екен дүние жиған. Иманнан соң екiншi келдi намаз, Мағынасын бес парыздың қылдым ағаз. Құданың әмiрлерiн бейжай қылып, Өтiптi бiзден бұрын қанша сабаз. Салауаттан соң келедi ендi саума, Ұялма Хақ қасында қылып тәуба. «Бес парыз не?» деп сұраса, жауабын бер, Құры бекер алданбай нәпсi жауға. Бес парыздың бiреуi – зекет бермек, Зекет берген кiсiнiң соңына ермек. Зекет берiп малдарын халалдаған, Жәннатта ол малының ажарын көрмек. Айтайын бес парыздың бiрi – қажы, Мойнына парыз емес малдың азы. Сауап пенен обалды теңгередi, Пайғамбар – шапағатшы, Тәңiрi – қазы. Ақыры бес парызың болды тамам, Аз жаздым, көп жазуға келмей шамам. Хикаят көргеннен соң жаза салдым, Иманын мен пақырдың қылғай аман. Ахиреттiң саудасы, мiне, осындай, Кейбiр надан қорықпайды жан қысылмай. Сауап ақша, мисли бiрге барсын, Сираттан құтылмайсың бiр тосылмай. Шығарған бұл бәйiттi Сарымбайұлы, Жаралған мақлұқат – Хақтың құлы. Базарға барған адам тарықпайды, Жанында қорынша болса пұлы. Баршамыздың атамыз – хазiрет Адам, Ғылым, хикмет жүмласын бiлген тамам. Баспашы әпендiлер, бiзден арыз, Баспасын түзетiп бақ, келсе шамаң. Қиссасы Хатымтайдың болды тамам, Шариғатқа көп тырыс, келсе шамаң. Малдан зекет бермесең, бейнамаз боп, Күнәһ жоқ ахиретте онан жаман. Бұл назымды шығарған Есжан пақыр, Сорын ұрса, жер жүзi болар тақыр. Кiсiге күлетұғын шамамыз жоқ, Күнәһiмiз таудан үлкен толып жатыр. Сөз таппақ қиын емес бiлген ерге, Құдай бiлгiш жаратқан кемеңгерге. Жарандар, партияны қыла берме, Ұзамай-ақ кiрермiз қара жерге. Перiште жан алмаққа келер дайын, Өлгеннен соң, қара жер болар жайың. Үшбу жазған қиссаның нұқсаны көп, Нұқсанын кешiре гөр, иә, Құдайым. Iшiм пысты қағазды жаза-жаза, Жан шығады, қай күнi келсе қаза. Мұсылманның баласы азап тартып, Уқұбат жаһаннамнан болар таза. Таммат тамам.
English
This language variant is not available
This language variant is not available