Қисса үш қыз

Иә, Алла, жан аманат ғарiп құлға, Салауат мен айтамын Пайғамбарға. Алладан мен мүсәпiр рақым тiлеп, Бiр бәйiт шығарайын барша жанға. Жарандар, көп зар әйла Құдiретке, Шапағат деп зар жыла Мұхаммедке, Тәңiрiм қазы болып сауал сұрса, Қылғайсың сонда шапағат бiз үмбетке. Өтiптi бiзден бұрын Адам, Хауа, Қорқыныш сол сиратт...

Kazakh
Қисса үш қыз
Иә, Алла, жан аманат ғарiп құлға, Салауат мен айтамын Пайғамбарға. Алладан мен мүсәпiр рақым тiлеп, Бiр бәйiт шығарайын барша жанға. Жарандар, көп зар әйла Құдiретке, Шапағат деп зар жыла Мұхаммедке, Тәңiрiм қазы болып сауал сұрса, Қылғайсың сонда шапағат бiз үмбетке. Өтiптi бiзден бұрын Адам, Хауа, Қорқыныш сол сираттан қыламын аһ. Шаһарын Бағдаттың әдiл билеп, Өтiптi Һарон Рашид бiр падишаһ. Әдiл болып Һарон Рашид өттi солар, Ұжмақтан әдiл патша орын алар. Теп-тегiс адам ұғлы жаралмайды, Бiреу бай болса, бiреу жарлы болар. Осы дүние бiзден де өтер, сiзден де өтер, Жазған соң Алла тағдыр пенде не етер. Һәр түрлi уақиғамен адам ұғлы, Бiр күнi керуен-дүние көшiп кетер. Бағдад сол уақытта үлкен шаһар, Iшiнде неше түрлi сарайлар бар. Кәсiп қылып, жанын жалдап мал табатын Һәр түрлi жаяу-жәмшiк кедейлер бар. Бiр күнi бiр хаммалшы ерте тұрды, Жаяулап жүк таситын сол бiр ер-дi. «Көтерер жүк бар ма» деп тұрғанында, Бек матур бiр сұлу қыз жетiп келдi. Үстiнде киiмi бар алуан-алуан, Жаратқан Алла Тағала һәр түрлi жан. «Мұндай жан бұ жаһанға келедi екен», Деп хаммал үшбу қызға ғажаптанған. Сонда қыз хаммалшыға қарсы жүрдi, Кiсi деп жүк таситын ойлап бiлдi. Сипаты он төртiнен туған айдай, Әдеппенен бек мүләйiм қыз сөйлейдi: – Ағеке, бiзге бiраз ерерсiз бе, Сөзiме тұғры айтқан көнерсiз бе? Лапкеде бiраз алған нәрсемiз бар, Көтерiп үйге апарып берерсiз бе? Сол жiгiт осы қыздың қасына ердi, Бiр үлкен магазинге алып келдi. Жүктерi апаратын шарап екен, Және алған қанша асыл кеселердi. Бұл жүктi хаммал сонда арқалады, Аяңдап қыз соңынан кете барды. Сарайы падишаның сияқтанған, Бiр үйге сондай әйбат жақындады. Сол үйдiң есiгiнде қоңырау бар, Жаратқан һәр түрлi қып Қадiр, Жаппар. Бiр шегесiн бармағыменен қыз басқанда, Жабулы есiк сонда ашылыптылар. Қыз сонда хаммалшыменен үйге кiрдi, Жүгiрiп ар жағынан бiр қыз келдi. Ерiп келген қыздан бұ қыз сұлу, Хаммалшы қайран болып қарап тұрды. Нәрсесiн арқасынан түсiрдiлер, Екi қыз бенен сол үйде хаммалшы бар. Сол үйдiң төр жағынан есiк ашып, Үшiншi және бiр қыз жетiп келдiлер. Екi қыз оны көрiп тағзым қылған: – Нәрсеңiз бұ, ханым әпендi, бұ әкелген. Бiр қарап бұ нәрсенi көруiңiзге, Iлтипат назарыңыз болар ма екен? Хаммалшы оны көрiп есi кеткен, Киiмiн сары алтынмен зейнетлеткен. Қаламқас, оймақ ауыз бiр перизат, Туар ма мұндай сұлу адамзаттан. Жiгiттер, бұ сөзiм емес жалған, Ләззатты шырын сөзi шекер, балдан. Әуелгiше қарағаннан көз ала алмай, Хаммалшы сонда тұрып таң қалған. Хаммалдың қарағанын ханым көрдi, Бейшара жүк көтерген үмiткер-дi. – Алған соң өз жайына жүре берсiн, Деп ханым хаммалға бiр алтын бердi. Ол хаммал алтын алып және тұрды, Қыздар һәм шықпағанға қайран болды. – Алған пұлың азсынып тұрмысың? – деп, Бiр қыз келiп жақындабырақ жауап сұрды. Хаммал айтты: – Тұрғаным жоқ ақша сұрап, Сiздердi көрiп тұрмын ғажабырақ. Аз түгiл сiздер берген ақшаңызға Қызмет ендi бiр ай қылсақ керек. Хақымыз бiздердiң бес-ақ тиын, Арызды сiздерге айтпақ болды қиын. Жаннаттан шыққан хордай көрiнесiз, Емессiз бiрiңiзден-бiрiң кемiн. Тағы да ұстап тұрсыз мұнша дәулет, Ерлерге және сiздер емес қажет. «Жақсыны көрмек үшiн» деген сөз бар, Бұ себеп-дүр тұрғаныма, әй, перизат. Жылмайып ханым әпендi күлдi дейдi, Қыздарға қарап жауап бердi дейдi: –Жолдастар, шарт айтып, уағда байла, Бұ хаммал мейман болсын ендi, – дейдi. Хаммалға сөз сөйлейдi сонда екi қыз: – Қажет жоқ тек қарап тұрасыңыз. Ғажайып не ғарайып iс көрсең де, Айтпайын деп аузыңдан ант берiңiз. Шарт қылсаң осылайша, қоның, – дейдi, Қонбасаң, әне жүрер жолың, – дейдi. Әгар да ғажапланып сөз сұрасаң, Өлерсiң бекер, өзiңнiң сорың, – дейдi. Қуанып сонда хаммал шештi белiн, – Сұрасам iске себеп басым бердiм. Тексерiп iстен себеп сұрайтұғын Шаһардың билеп тұрған патшасы емен. Бұ сөзге сонда екi қыз жұбаныпты, Хаммалшы сонда iшiнен қуаныпты. Iсiңе көрген-бiлген себеп сұрма, Деп қыздар сол хаммалды қонақ қыпты. Қонақ болып қыздарға хаммал қалды, Һәр жерден кеш болған соң панар жанды. Түсiрiп әйнектердiң перделерiн, Хаммалға ас беруге даярланды. Қыздардан ас iштi хаммал сонда, Бiр Құдай, бейшараны өзiң оңда. Ас iшiп, дұға қылып болған соң, Әкелiп бiр домбыра бердi қолға. Қолына сол хаммалшы домбыра алған, Һәр түрлi күйге шертiп, әндi салған. Төртеуi мәжiлiс қылып отырғанда, Қоңырау даусы шықты шылдыраған. Жүгiрiп сонда бiр қыз барған екен, Құлағын ақырын ғана салған екен. Қараса, босағада екi адам тұр, «Кiмсiз?» деп хал-ахуал сұрған екен. – Мүсәпiр мейман едiк, әй, перизат, Айтайын тыңласаңыз аз ғана зат. Нөмiрге кеше келiп түсiп едiк, Iздедiк падишаны болып қажет. Бiлмеймiз пәтерiмiз қайда екенiн, Бiр Құдай адастырып мұнда келген. Бүгiн түн мұнда болып кетуiмiзге, Перизат, бiзге рұқсат болар ма екен. Қыз сонда қайтып келiп айтты сөздi: – Есiкте екi адам тұр сыңар көздi. – Өз бойын белгiлесе қона берсiн, Сiз айтып бекiтiңiз сөзiңiздi. Қыз айтты екеуiне «қоныңыз» деп, Қатты айтып уағдасын сөйлейдi көп. – Ғажайып һәр түрлi iсiмiз бар, Әгар айтсаң һәлак боп өлерсiң, – деп. Екеуi сонда тұрып сөз айтады, Көп кешiгiп тұрмайды, тез айтады: – Iсiңдi тексеруге келгенiм жоқ, Тек орынға мұқтажбыз, – деп айтады. Екеуi сәлем берiп кiрiп келдi, Келдi де бiр диуанға отырды ендi. Ас iшiп бихұзұрланып отырғанда, Даладан қоңыраудың даусы келдi. Жүгiрiп сонда бiр қыз шығады тез, Есiкте бiр-екi адам болады кез. Қыз келiп екеуiнен сөз сұраса, Олар айтты: – Куфалық саудагермiз. Саудаменен келiп едiк Бағдадқа, Шақырды бiздi бiр бай зияпатқа. Адасып сол кiсiнi таба алмадық, Сiзден тiлеп бiз тұрмыз бiр қонбаққа. Қыз сонда: – Қонам десең, қон, – деп айтты, Қонбасаң, әне жүрер жол, – деп айтты. Ғажайып не ғарайып iс көрсең де, Себеп сұрсаң һәлаксың сен, – деп айтты. Саудагер сөйлесiп тұр асыл тасқа, Жан-жаннан қияпаты оның басқа. – Ғажайып iсiңiздiң керегi жоқ, Ант берiп көндi дейдi сұрамасқа. Со келген патша едi атқа мiнген, Аралап шаһарларын байқап жүрген. Дауысын домбыраның естiген соң, Саудагер болып сонда патша келген. Екеуi кiрiп келдi сәлем берiп, Үш қонақ отыр екен кеңес құрып. Бесеуi жайланып отырған соң, Бұларға қыздар бердi ас келтiрiп. Қонақтар асты iшiп болды дейдi, Оңғарсын патша Құдай жолды дейдi. Шаршаған алыс жердiң адамдары, Бұларға төсек салып бередi ендi. Бұларға сонда бiр қыз төсек салған, Атылас көрпелерi һәм торғыннан. Асқақтатып сол төртеуiн жатқызыпты, Хаммалшыны шақырып қыздар қасына алған. Ханым айтты: – Әй, хаммал, келшi мұнда, Бiр есiк бар отырған дәл астыңда. Тұстағы сол есiктен ары барсаң, Көрерсiң екi қара ат байлаулы тұр. Аяңдап хаммал сонда жүре берген, «Сол атты жылдам барып әкел», – деген. Жетектеп хаммал сонда алып келдi, «Бiреуiн қара, отқа байла», – деген. «Бiреуiн шылбырынан мықтап ұста, Сұрама, не көрсең де осы тұста». Бiр қыз барып ханымға қамшы әкелдi, Ұрады ат байғұсқа бес жүз қамшы. Сонда ат шыдай алмай жата қапты, Көзiнен жас, аузынан қандар ақты. Қамшысын қолынан тастай берiп, Сол ханым ат мойнынан құшақтайды. Көзiнен ханым сүйдi аттың және, «Амал жоқ, не қылармын, аһ, дариға». Орамал қалтасынан алды ханым, Аузындан аттың қанын тазаларға. Бұ атты осылайша қойды байлап, Бес қонақ тұр бұ iске тамаша әйлап. Екiншi атты және алып келiп, Оған да бес жүз қамшы ұрды санап. Оған да ат секiрдi тағат қылмай, Тамаша көрдiңдер ме, сiрә, мұндай. Қамшыны қолындан тастай берiп, Ат мойнын ханым құшты манағыдай. Әкелдi бiр табаққа тағам салып, Меймандар отыр бұған аң-таң қалып. Екi атпенен ханым әпендi келдi дағы, Адамша тағам жедi ортаға алып. Шақырып хаммалшыны «қайда?» дептi, – Екi атты алып барып байла, – дептi. Екi атты алып барып байлап қойып, Айналып сол хаммалшы қайта кептi. Қыз сонда хаммалға айтты: – Ұйықта барып, Жүк тасып шаршап жүрген сен бiр ғарiп. Қасына төртеуiнiң келiп едi, Оған да қойған екен төсек салып. Хаммалшы қайтып келдi ұзақ тұрмай, «Ұрдың, – деп, – атты неге?» себеп сұрмай. Қасына төртеуiнiң келiп едi, Олар да жатыр екен ұйықтай алмай. Сол үйде бесеу едi бiрге жатқан, Бұйрықты қыздардан келiп тағам татқан. Есiктен бiреуi келiп сығаласа, Үш қыздың бiрi отырып сырнай тартқан. Ханым сонда отырып бәйiт айтты, Биһұш болып сол уақта талып кеттi. Кесеменен бiрi барып су әкелiп, Ханымға талып жатқан су бүркiптi. Тұрады су бүрiккен соң сонда ханым, Шықпады сонда дағы шыбын жаным. Ол тұрып орынына отырған соң, Бiреуi және айтты бәйiттерiн. Бәйiттi айтып болып ол да талды, Меймандар оны көрiп аң-таң қалды. Су бүрiккенде қонақтар көрiп қалды, Жонында қамшының iзi бар-ды. О дағы су бүрiккен соң түрегелдi, Қонақтар сонда отырып кеңес құрды. – Осында бiр ғажайып хикмет бар, Әуелi рақымсыз боп екi атты ұрды. Мойнынан құшақтайды аттың және, «Амал жоқ, қайтемiн, – деп, – аһ, дариға». Аузының қанын сүртiп орамалменен, Ас жедi бiр табақтан үшеуi және. Онан соң бәйiт айтты әнге салып, Және де адам тимей қалар талып. Талады бәйiт айтып екеуi де, Осыны бiз қыздардан бiр сұралық. Жағыпар уәзiр тұрып: – Сөз сөйлеймiз, Бәлеге сұраймыз деп болармыз кез. Әуелде шарт айтып қонып едiк, Бола ма ендi дұрыс сұрауымыз?! Бесеуi бұ сөздi сұрауға ұйғарысты: – Тексермей қыздан қорқып кетермiз бе?! Бiр өзi хаммалшының он кiсiлiк, Үш қатын не қылады бесеумiзге. Хаммал сонда ойлайды тұрайын деп, Ұрса, жұмырықпенен ұрайын деп. Екi атты әуел баста неге ұрдың? Онан соң қалғандарын сұрайын деп. Хаммал келiп қызға айтты: – Әй, банулар, Байлаулы үй астында екi атың бар. Мың қамшы екеуiне ұрдың себеп[сiз], Басында сол аттардың не күнәһ бар? Андан соң қанын сүртiп, көзiн сүйдiң, Екiншi бiр табақтан тағам жедiң. Қайғыға өз басыңды салғаныңша, Мың қамшы екеуiне неге ұрдың? Онан соң бәйiт айттың әнге салып, Бiле алмай ес-түсiңдi жаттың талып. Бейнетке өз басыңды салғаныңға, Мен тұрдым, әй, перизат, қайран қалып. Сiзден соң бiр қыз айтты бәйiт және, Биһұш талып жатты сол бейшара. Жонында қамшының тасын көрдiк, Сұрамайынша болмады бiзге шара. Осылай сұра дедi жолдастарым, Себебiн айтсын дедi iстiң бәрiн. Һәр iстi таңғажайып көргеннен соң, Сұрайды сол себептен меймандарың. Айтады ханым сонда: – Әй, меймандар, Рас па бұ хаммалдың айтқан сөздер. «Рас» деп бәрi бiрдей жауап бердi: – Рұқсат сұрамаққа бердiк бiздер. Ханым айтты: – Әй, ақымақ жолаушылар, Һәлак боп iстен себеп сұраушылар. Әуелде шарт айтқан басын берiп, Уағдаға хиләф қылған алдаушылар. Деп ханым ашуланып тебiнiптi, Қорыққаннан сонда хаммал шегiнiптi. Қолында жап-жалаңаш қылышы бар, Он кiсi үй астынан шыға кептi. Бесеуiн он ер ортаға алған, Қонақтар үмiт үздi шыбын жаннан. – Қайтемiз, мойындарын кесемiз бе? Деп бұлар ыңғайланып тұра қалған. Бесеуi жолығыпты мұндай кепке, Iшiнен сиынып тұр Құдiретке. Жүгiнiп «дат, тақсыр» деп арыз айтты, Бейшара хаммал қарап тұрмай текке. – Әй, тақсыр, бұрын сiзге жалшы болдым, Жетектеп алып келген екi атты ұрдың. Сұрасам, сол арада сұрамас па ем, Ақымақ қонақтарға елшi болдым. Адамға өзiн баққан үлкен пайда, Тағдырға тәбдiл етiп болмас хайла. Тағы да атамыздан қалды бiзге, «Елшiге өлiм болмас» деген қайда? Ханым айтты: – Күнәһың ғафу қылдым, Азырақ бүгiн бiзге қызмет қылдың. «Елшiге өлiм болмас» дегенi рас, Халдерiн мен сұрайын сыңар көздiң. Туды ма анасынан соқыр болып, Мирас па атасынан жүрген ерiп. Көздерiң не себептен соқыр болды, Бiреуiң жауабын бер жақын келiп. Бiреуi қос соқырдың түрегелдi, Болғанын бiр сойқанның ендi бiлдi. Рұқсат сөйлеуiңе деген соң, Соқырың ендi тұрып сөйленедi. СОҚЫРДЫҢ ХИКАЯТЫ – Сөйлеймiн құзырыңда, тақсыр ханым, Көп едi бұ дүниеде көргендерiм. Сөзiмiз хатирыңа қош көрiнсе, Ғафу қып кешiре көр кiнәларым. Мен өзiм Мысыр шаһы баласы едiм, Көзiнiң ағы менен қарасы едiм. Анадан туғанымда көзiм бүтiн, Жiгiттiң өзiм теңдi сарасы едiм. Атамыз патша болып таққа мiнген, Сөйлейiн мен сырымды көрген-бiлген. Жасымнан оқу оқып медреседе, Андан соң оқ ғылымын үйренгем. Сарайдың қарсы алдында бiр мешiт бар, Ойланба ұлықпын деп, әй, жарандар. . . . сығаласам күнде көрем, Басына мұнараның бiр құс қонар. Бiр күнi ойыма алдым соны атпақты, Қолға алдым жасайын деп мылтық оқты. Есiктен шығып тұрып басып қалдым, Қасымда сонда тұрған адам жоқ-ты. Құс атқан үйде тұрып мен бiр соры, Соқырдың бейнет тартар келдi жерi. Мешiттiң ар жағында болушы едi Атама жақын тұрған бас уәзiрi. Бұ құсты уәзiр дағы көрген екен, Һәркiмге бейнеттi Алла берген екен. Әдейi хастап атқан құсқа тимей, Уәзiрдiң бiр көзiне тиген екен. Оқ шығарыпты уәзiрдiң сыңар көзiн, Тыңдаңыз, тақсыр ханым, айтқан сөзiм. Тәптiштеп оқ иесiн iздеп жүрiп, Табылдым мылтық атқан менiм өзiм. Уәзiр атама айтты арыз сөздi: – Уәзiр қып жақын көрдiң, тақсыр, бiздi. Балаңның мылтық атқан оғы тиiп, Мен болдым сорым қайнап сыңар көздi. Шақырып атам менi сөйлестiрген: – Пәтшағар, есiң шықты сенiң неден. Әдейi хастап бұған атып па едiң, Тидi ме, иә болмаса, қата жерден. Мен айттым: – Атып едiм қонған құсқа, Тиiптi қаталығымнан бұл байғұсқа. Бiр Алладан басқада қаталық көп, Бөтен сөз сөйлемедiм онан басқа. Атам айтты: – Қатамен атқан оқты, Һәр iсте қата қылған күнә жоқ-ты. Қысасын уәзiр менен [ала] алмады, Шарасыз қайтсiн бұған сабыр еттi. Атамыз екеу едi ағайынды, Сөйлейiн бастан кешкен уақиғамды. Ағасы – Фарун шаһар падишасы, Жақсылықпен мәшһүр едi, болмас тең-дi. Бұ дүние iшi қуыс тұрған сарай, Жасымнан қоршылықты көрдiм талай. Бiр күнi үйде тұрып ойыма алдым, «Ағамның шаһарына барсам қалай». Сол күнi үйден шығып жүрiп кеттiм, Басыма пайда етем деп залал еттiм. Жол жүрiп екi-үш күндей арып-ашып, Ағамның шаһарына келiп жеттiм. Бар едi сол ағамның жалғыз ұғлы, Сөйлейiн, тақсыр ханым, мен мұңымды. Барсам, ағам сапарға кеткен екен, Құрметтеп iнiм сонда күттi менi. Отырып сонда екеумiз келдiк сөзге, Iнiм айтты: – Ғұзырым көп, аға, сiзге. Һешкiмге паш қылмасаң, сонда айтамын, Сендiрiп қатты уағда берсең бiзге. «Айтпан» деп қатты уағда қылдым сонда, Сөзiмдi, әй, жарандар, жақсы тыңда. Шаһардан ертiп менi алып шығып, Әкелдi ескi қабiр зиратына. Екеумiз сол зиратқа жақын келдiк, Бiр үлкен қара тас бар сонда көрдiк. Сол тасты бейнеттенiп әрең зорға Жылжытып орынынан алып қойдық. Қарасақ, тас астында бiр басқыш бар, Ақырын сол басқыштан түстiк бiздер. Сонда жердiң астында гүлдер екен, Бек матур атқа мiнген бiр қыз келер. Мен тұрдым сонда қызды тани алмай, Қыз екен жаңа өспiрiм, өрiм талдай. Екеуi аттан түсiп қол ұстасып, Тоқтамай жүре бердi ары қарай. Iнiм айтты: – Әй, аға, қош есен бол, Ғұзырым осы едi сiзге айтқан зор. Өлгенше аузыңнан шығармаңыз, Сен шығып тасты қайта бекiте көр. Андан соң тысқа шықтым бек сандалып, Сол тасты бiтеп тындым қайта аударып. Қайғымның әуел басы осы болды, Саласың қандай күйге, Жаппар Халық. Қайғырдым iнiм сонда қалғанына, Алланың пенде шыдар салғанына. Болғанда бағырым паришан, хатирым тар, Бауырым жер астында қалғанына. Осыменен қайтып кеттiм шаһарыма, Сөзiмнiң салсаң құлақ баһарына. Шаһардың қақпасына кiрiп келсем, Мен қалдым және жұрттың қаһарына. Iшiнде шаһарымның көп әскер бар, Ойладым тағзым қылып тұрған олар. Алдан менi көрiп құрмет етiп, Тұрған ғой түсiргелi бейшаралар. Хикаят мен сөйлеймiн, әй, ағалар, Төрт бұрышын дүниенiң кiм шамалар. Қолыңнан бақыт, дәулет бiрдей кетсе, Әуелгi дұшпан түгiл, достар алар. Әскерлер сонда менi қамап алған, Атымнан сүйреп алып, ұрды жаман. Мен айттым әскерлерге: – Қата қылдың, Баласы өз патшаңның шаһзадамын. Әскер айтты: – Әдейi қылдық саған, Атаңыз кешегi күн опат болған. Орнына соқыр уәзiр патша болып, Шаһарға осылайша жарлық салған. – Көрiнсе, ұстап әкел мұнда, – деген, Мархамат оған аяп қылма, – деген. Алатын одан менiм қысасым бар, Сөзiмдi ұғып менiң тыңда, – деген. Сүйретiп падишаға алып барған, Сол залым менi көрiп қаһарланған. «Қысасын қияметке жiбермен», – деп, Қолына соқыр патша бiр бiз алған. Келсе қаза, күтпейдi ойын болып, Әкем барда алтын ендi шойын болып. Бастырып жалладтарға тапжылдырмай, Шығарды бiзбен шұқып, көзiмдi ойып. Шақырып бiр жалладқа бердi менi: – Шаһардан шығар дағы өлтiр мұны. Басын кесiп жанындан жода қылсаң, Қоямын уәзiр қылып мен де сенi. Шаһардан жаллад менi шықты алып, Шаһзада ендi болды тiрi ғарiп. – Атаңның дәм-тұздарын көп таттым, Деп менi қоя бердi жолға салып. Жаллад айтты: – Шаһзада, қош есен бол, Апарар ағаңа бұ жатқан жол. Құлақ естiп көз көрмес бiр жаққа кет, Жеткiзер Хақ Тағала қазынасы мол. Жалладпен амандасып кеттiм жүрiп, Ақылым кейде шығар, кейде кiрiп. Залымның қаһарынан қорыққанымнан, Келемiн құстай ұшып мен жүгiрiп. Бiр күнi келдiм ағам қаласына, Алланың халас болдым панасында. Үйiне ағам патша кiрiп келсем, Қайғы ауып о да отырған баласына. Көрдi де ағам менi шошып кеттi, – Япырым-ай, сенi мұндай кiмдер еттi. Кiрiпсiң не болса да бiр қайғыға, Бiлдiрiп бастан-аяқ сөйле кептi. Мен айттым сонда атамның өткендерiн, Басына тағдыр қаза жеткендерiн. Орнына соқыр уәзiр патша болып, Тағы да менi мұндай еткендерiн. Сөйледiм бiзбен көзiм ойғандарын, Бақ-дәулет басымыздан жойғандарын. Өлтiрмей жаллад менi қоя берiп, Осындай iс, уақиға болғандарын. Жылайды естiген соң мұндай қаза, Тозақта имансыздар тартар жаза. Көзiнiң жасын сүртiп орамалмен, Бәлеге сабыр әйла дейдi, қазаға риза. Ағам айтты: – Жоғалды екi балам, Пендеге қайғы берген Хақ Тағалам. Ағам өттi, сен тағы мұндай болдың, Ендi мен жалғыз өзiм қайда барам. Ағам отыр қапалы болып сонда, Бiр зауал бердiң бiзге, Алла Тағала. – Балаңа қапа болып қайғыланба, Мен табам, бiрге ерiп барсаң анда. Екеумiз сонда жүрдiк бала жаққа, Қолға алдық шот пен күрек жер қазбаққа. Ағамды бастап алып жетiп келдiм, Баяғы өзiм көрген зиратқа. Екеумiз сол зираттың аштық бетiн, Қандай iс көрсетесiң, иә, Құдiретiм. Тасты аударып екеумiз көрдiк сонда, Тесiктен бiр сағаттай шықты түтiн. Басқыштан екеуiмiз түстiк төмен, Дүниеде қайғы тартқан мен бiр емен. Қарасақ, қыз бен жiгiт көмiр бопты, Шошыды оны көрiп менiм денем. Бетiне екеуiнiң түкiрдiк бiз, Қап-қара көмiр болған жiгiт пен қыз. Кәпiрден қорыққан соң шығып кеттiк, Сөйлестiк тысқа шығып сонда екеумiз. Ағам айтты: – Екеуi менiм балам, Азғырған жол көрсетiп шайтан тамам. Екеуi жас күнiнен ойнап-күлiп, Жатыпты орын алып тамұқ, нардан. Шаһарға жүрейiк деп тұрдық бiздер, Қол көрдiк келе жатқан қара мұнар. «Сыңар көз падишаның қолы ғой», – деп, Болмады менде тағат шыдап тұрар. – Жүр, аға, бiз қашайық, – дедiм сонда, Қан түртiп ағам қашпай тұрды жолда. Мен қашып қорыққанымдан жүре бердiм, Ағамды және шаһид қылыпты анда. Қорыққаннан шығып кеттiм құла түзге, Бiр зауал бердi Құдай сонда бiзге. Ата-анам, аға-iнiм қайғысымен Күш түстi жылай-жылай сыңар көзге. Ата-анам келмес қайтып жылағанмен, Көл қылып көздiң жасын бұлағанмен. Ойладым Һарон Рашид әдiл едi, Сұрайын барып жәрдем сондай жерден. Жылап жүрушi едiм зар-сәркардан, Аяйды уақиғамды естiген жан. Жолығып байбатшаға сыр айтыстық, Бұ дағы адам екен мендей болған. Бiз келдiк ғарiп болып шаһарыңа, Сөзiмнiң сал құлақты баһарына. Үстiне жығылғанның жұмырық деп, Бiз қалдық және сiздiң қаһарыңа. Ғафу қып кешiрерге келер күшiң, Өткен iс ойға түссе күйедi iшiм. Фатима – Пайғамбардың жалғыз қызы, Кешiңiз үшбу перiнiң хақы үшiн. Қыз айтты: – Күнәһыңды кештiм, – дейдi, Сөзiңе сенiң айтқан түстiм, – дейдi. «Зер қадiрiн зергер бiлер» дегендейiн, Мен дағы қайғы толын iштiм, – дейдi. Қыз айтты: – Қайғылының мен де бiрi, Ашылар жөн сөйлесе көңiл кiрi. Бiреуi осыменен тамам болды, Сөйлейтiн бiр соқырдың келдi жерi. ЕКIНШI СОҚЫР ХИКАЯТЫ – Әй, ханым, құзырыңа келiп едiм, Жасымнан мен де осындай қайғы жедiм. Айтайын бастан кешкен уақиғамды, Мен дағы бiр шаһардың патшасы едiм. Шаһарым дарияның жағасында, Дұшпанның салды Тәңiрiм табасына. Орнына атам өлiп патша болдым, Қанша жұрт тұрушы едi қол астымда. Бiраз күн патша болып мiндiм таққа, Құданың кiм таласар берген баққа. Бiр күнi сонда отырып ой ойладым, Жүрейiн сапар қылып һәр тарапқа. Дарияменен сапар қылдық қанша адам, Өтiптi екi арада бiр жыл тамам. Теңiздiң кәрдабигi тұғры келiп, Сол жерде қайығымыз уатылған тамам. Дарияға ғарық болды бiрталай жан, Бiздерге болды сонда ақырзаман. Жабысып бiр тақтайға мен жөнелдiм, «Сақта, – деп, – құдiретiңменен, иә, Ханнан». Тақтайды жел айдады шетке қарай, Һәр iстi қиын-қыстау көрдiм талай. Есен-сау су шетiне шыққаннан соң, Қарадым есiм жиып олай-бұлай. Қарасам, олай-бұлай көрдiм бiр тау, Шықпаған жаным қапты, сүйегiм сау. Белiме екi етегiм түрiп алып, Аяңдап сонда тауға келдiм жаяу. Қалжырап сонда шықтым тау басына, Сақина тiлеп алдым сау басыма. Алаңдап жан-жағыма қарап тұрсам, Жақында бiр шаһар тұр дәл қасымда. Аяңдап сол шаһарға жақын келдiм, Бiреуге шеттен келiп сәлем бердiм. Сәлемiм әлейк алып жөн сұрады, Бейнеттi көрген-бiлген мен сөйледiм. Сол адам менi үш күн қонақ еттi, Бейшара өз халiнше жақсы күттi. – Һеш өнер бiлемiсiң? – деп сұрайды, Кәсiпсiз текке қарап жүрме, – дептi. – Жасымнан кәсiп iздеп жүргенiм жоқ, Мехнатты бұрын мұндай көргенiм жоқ. Ғылымын патшалықтың үйренiп ем, Қыларын мұндай Тәңiрiм бiлгенiм жоқ. Сол адам бiр лапкеге алып келдi, Балта мен маған сатып бау әпердi. Бiрталай отыншыға алып келiп, Тапсырып менi соған қоя бердi. – Мейманға үш күнден артық жоқ-дүр шамам, Мен дағы дәулетiм аз сендей адам. Үш айдан соң өзiңнiң шаһарыңа Барады бұ шаһардан керуен тамам. Бiраз күн отын шауып кәсiп iзде, Берерлiк нәрсемiз жоқ бiздiң сiзге. Керуенмен шаһарыңа қайтам десең, Керек қой азық-түлiк өзiңiзге. Екi айдай отын шаптым тiлiн алып, Отыннан көп ақша алдым пайдаланып. Қолыма балтамды алып жүре бердiм, Отынды әкелем деп жалғыз барып. Мен барып кесiп едiм бiр ағашты, Астынан сол ағаштың көрдiм тасты. «Ықтимал мұнда қазына бар шығар», – деп, Ғарiбiң аударуға жанталасты. Аударып тас астынан тесiк көрдiм, Басқышты зейнеттелген есiк көрдiм. Iшiнде не болса да көрейiн деп, Қолыма балтамды ұстап жүре бердiм. Мен көрдiм мехнатты жүрiп жалғыз, Айтайын көргенiмдi, тыңлаңыз сiз. Есiк ашып iшiне кiрiп барсам, Отырған көрдiм сонда бiр сұлу қыз. Қыз келiп сонда маған зарлық еттi: – Дүниеде көредi екем адамзатты. Мағрибзамин патшасының қызы едiм, Бiр перi ұрлап әкеп тастап кеттi. Жетi жыл қалдым мұнда зар-сәргардан, Һәр айда үш күн келiп қайтар маған. Мехнат осылайша тартып тұрмын, Жиырма жетi күндей жалғыз қалам. Мен айттым: – Келуiне неше күн бар? Қыз айтты: – Он күннен соң о да келер. – Жиырма жетi күндей жалғыз қалсаң, Қылмай ма саған залал өзге жандар. Жазулы бiр тақтаны қыз көрсетер, Салған соң Алла осылай, пенде не етер. – Тақтаны қолыменен сипағанда, Ғифрит жер түбiнен жетiп келер. Мен айттым сонда қызға: – Мұның жалған, Тақтаны қайтiп бiлер сипағаннан. Ғифрит жер түбiнде деп айтасың, Бiр сипап қойғанменен келер қайдан?! Тақтайды сипап қалдым қызға нанбай, Қара жер сонда болды қозғалғандай. Тағы да айғайлаған дауыс шығып, «Һәлак болдық, – деп салды қыз да, – ойбай». Мен сонда қорыққанымнан шықтым тысқа, Ала алмай балтам қалды асығыста. Орнына тасты және қойып кеттiм, Бiр бейнет келдi және бiз байғұсқа. Ғифрит сонда қызға жетiп келдi, Балтаны жерде жатқан көзi көрдi. – Бiр жараның адамзаттан бар екен, – деп, Ол кәпiр сонда қызды қинай бердi. Ғифрит сол балтаны қолына алған, Бек қатты сонда қызға ашуланған. «Осының иесiн тауып келем», – деп, Адамзат боп шаһарға кетiп қалған. Бұ кәпiр базарға кеп айқай салған, «Бұ балта кiмдiкi, мен тауып алған? Жаныма пайда қылып ұстамаймын, Беремiн қияметтен қорыққанымнан». – Мұны мен бiр адамға деп едiм алған, Ақсақал бағанағы айтып салған. – Ендеше, балта берген кiсiң тап, – деп, Жiбермей ақсақалды ертiп алған. Ақсақал ғифритпен келдi маған, – Балтаны танимысың, – дедi, – балам, алған? Байқамай «менiкi» деп айтып салдым, Ғифрит бiлегiмнен ұстап алған. Бiр теуiп жер астынан жол шығарып, Жетектеп менi қызға алып барған. Маған айтты: – Бұ қызды танимысың, Мен дағы «танымаймын» дедiм оған. Қыздан тағы осындай жауап сұрды, Бейшара қыз да менi танымаған. Ғифрит ашуланып жетiп келдi, Әкелiп қыз қолына қылыш бердi. – Қиянат араңызда iс болыспаса, Шапқылап қылышпенен өлтiр, – дедi. Қолына қыз бейшара қылышты алған, Әуелде үмiт үзiп шыбын жаннан. – Күнәсiз бiр адамды өлтiрмен, – деп, Қылышты ары қарай лақтырған. Қылышты алып келiп бердi маған, Мен дағы «өлтiрмеймiн» дедiм оған. – Күнәсiз нахиф адам қанын төгiп, Қорқамыз ахиретте азабынан. Ашуы ғифриттiң келдi қатты, Сол жерде ошал қызды һәлак еттi. Берiк тұтып құлағымнан мен ғарiптi, Жетектеп сонда менi алып кеттi. Қайнады ендi сонда менiм сорым, Менде жоқ бұрынғыдай адам нұрым. Маймұн қып әфсүн оқып қоя бердi Мендейiн азғырылған бейнетқорын. Жөнелдiм бiр сағатта маймұн болып, Баяғы мен жыладым тауға келiп. Шаһарға ендi беттеп бара алмадым, Иттерi менi талап өлтiрер деп. Мен жүрдiм тау iшiнде маймұн болып, Һәр iстi аңғарады iшiм бiлiп. Баяғы су шетiне және бардым, Саламат шыққан жердi жақсы көрiп. Мен жүрдiм маймұн болып су шетiнде, Құданың қарай қойшы құдiретiне. Сол жерде сумен ағып келiп шықты, Iшiнде көп халайық бар бiр зор кеме. Шыққан соң су шетiне менi көрдi, Бәрi де тамаша қып маған келдi. Мен ендi оларға кеп еркелендiм, Маймұн деп асыранды ойлайды ендi. Бiрi кеп мойынымнан ұстап алды, Көтерiп кемесiне алып барды. Көрiп бәрi менi тамаша қып, Алдыма алып келiп тағам салды. Керуендер бiр шаһарға келдi тамам, Бiлемiн айтқан сөзiн, өзiм адам. Бiрiнен ишаратпен сұрап алдым, Жазам деп қағаз, сия, дәуiт, қалам. Бiлдiрдiм қағазбенен әуел-соңын айтып, Заманым өтiп кеткен келмес қайтып. Қағазбен бiз сөйлесiп отырғанда, Бiр адам келдi бiзге бүй деп айтып. – Жан бар ма хат жазатын iшiңiзде, Бiр писiр опат болған бүгiн түнде. Өзiне көп уәзипа беремiн деп, Жiбердi падишамыз бiздi мұнда. Олар айтты: – Адам жоқ жазуға ұста, Жазымпаз бiр маймұн бар көрген нұсқа. Бiледi айтқан сөздi, өзi айта алмас, Адам жоқ жақсы жазар сонан басқа. Сол адам падишаға айтқан барып, Падиша бұйырыпты кел деп алып. Өңгерiп менi алдына алып кеттi, Саласың қандай күйге, Жаппар Халық. Патшаның құзырына келдiк кiрiп, Әдеппен тағзым бiрлән сәлем берiп. Мен тұрдым қол қусырып құзырында, Падиша қайран қалған менi көрiп. Падиша айтты: – Не қылған маймұн екен, Бұл өзiн падишаһтар үйреттiрген. Патшаның сарайында тұрса керек, Көз көрiп, әдеп әркан сонан бiлген. Бар екен падишаның жалғыз қызы, Бұйырды алып кел деп барып соны. Жүгiрiп бiреу қызға кеттi өзi, Падиша менен жауап сұрады сонда. Патша айтты: – Хат жазуды бiлесiң бе, Жоқ едi молда маймұн ер есiмде. Тағы да айтқан сөздi бiлемiсiң, Бiздерге хатшы болып жүресiң бе? Мен айттым ишаратпенен бiлемiн деп, Хатшы боп падишаға жүремiн деп. Екеуiмiз сөз сөйлесiп отырғанда, Патшаның қызы келiп қалды сонда. Қыз келiп атасына сәлем бердi, Алдында падишаның менi көрдi. Бiр қарап патша қызы менi көрiп, Бүркенiп менен жүзiн жасырды ендi. Падиша қызына айтты: – Әй, перзентiм, Адам жоқ менен басқа, жүзiңдi өрттiң. Маймұннан ұяларлық жөнiң болса, Шырағым, бұрын мұнда келмес едiң. Патшаның қызы сөйлер тұрып сонда: – Адамдар маймұн деген бұ шерменде, Бiреуден сиқыр ғылымын мен де үйрендiм, Сұрамай сiзден рұқсат жас күнiмде. Бұл өзi бiр шаһардың патшасы едi, Ғифрит сиқырменен маймұн қылды. – Қызымның осы айтқаны рас па? – деп, Падиша тұрып менен жауап сұрды. «Рас» деп қағазбенен айттым бәрiн, Патшаға арыз қылдым қайғыларым. Падиша сонда тұрып қызына айтты: – Сиқырмен адам қылар бар ма халiң? Қыз сонда қолына бiр қылыш алды, Үйiнiң ортасына жазу салды. Тылсым қып сиқыр ғылымын оқығанда, Ғифрит бiр сағатта келiп қалды. Сиқырмен шақырыпты ғифриттi, – Аздырдың сиқырменен адамзатты, Қылышпен өлтiрем, – деп қыз барғанда, Ғифрит өзiн-өзi бұршақ еттi. Ғифрит қысылғаннан бұршақ болды, Қыз сонда тауық болып терiп жедi. Бұршақты тауық тауып келген кезде, От болып жалғыз бұршақ шашылды ендi. Сол оттың бiр ұшқыны маған келдi, Пәтшағар қысас қылып көзге кiрдi. Бiр көзiм шықты сонда от күйдiрiп, Су болып ошал отты қыз сөндiрдi. Қыз сонда от сөнген соң адам болды, Бiр әфсүн оқыды да менi ұрды. Мен дағы бұрынғыдай адам болдым, Сол жерде атасына қыз сөйледi. – Әй, ата, ендi менен қош-есен бол, Перзентiң бар жасаған ғұмыры сол. Ғұмырым ендi менiң тамам болды, Тұруға бұ дүниеде болмады жол. Қыз сонда осыны айтып өлiп қалды, Падиша маған сонда ашуланды. – Кесiрлi қадамыңыз жан екенсiң, Қоймаймын бұ шаһарға сен хайуанды. Патша ұрсып шығарған соң кеттiм жүрiп, Қуандым бұ дәулетке шүкiр қылып. Кез болдым Бағдаттың керуенiне, Солармен қалдым, ханым, мұнда келiп. Келген соң керуеннен кеттiм бөлек, Һәр iстi жақсы-жаман Хақтан бiлмек. Қаңғырған зар-сәргардан мен ғарiптiң Күнәсiн ғафу қылып кешсең керек. Сол кезде таң намазы болды жақын, Айырып жақсы-жаман сөздiң парқын. – Күнәһысын баршаңыздың кештiм, – дейдi, Намаздың үшбу келген хақын сақтап. Бесеуiн шығарыпты қыз саламат, Қуанған екi соқыр бек қабағат. Падиша Жағыпармен ақылдасып, Бұларды ертiп жүрдi қылып құрмет. Бұларды Һарон Рашид қонақ қылған, Қауым боп таң намазын оқып алған. Ас iшiп рахаттанып отырған соң, Шақырып Жағыпарды қасына алған. Патша айтты: – Жағыпар, баршы анда, Екi атты, үш қызбенен келтiр мұнда. Солардың жай-жапсарын бiз сұрайық, Тамаша хикмет бар со қыздарда. Қасына сонда Жағыпар әскер алды, Сауылдап қыз үйiне жетiп барды. Екi атты үш қызбенен әкелген соң, Падиша ханым қыздан сөз сұрайды. Таныды падишаны ханым сонда, Түндегi падиша да бар қонақта. – Екi атты ұрып, тағам жейүп, өлең айтып Таласың, не хикмет бар айтшы мұнда. Ханым әпендi қиссасы Айтайын мен сырымды, тақсыр ханым, Көп болды бұ дүниеде қайғы-зарым. Бiр байдың Бағдатта қызы едiм, Атама қаза берген Жаппар, Кәрiм. Жоқ едi атамызда ұғыл перзент, Артында қалды үш қыз, қанша дәулет. Көп дәулет қисабы жоқ бiзге қалып, Бiз тұрдық һеш адамға болмай қажет. Мен сонда сiңлiлерге айтушы едiм, Iшiмдi екеуiнен тартушы едiм. Жастықта байға тиiп асықпа деп, Андан соң ашуымнан қайтушы едiм. – Асықпа, сабыр еткiл, ей, бейшара, Бiзде жоқ жан ашырлық iнi-аға. Байқап жүр, өз бойыңды байқап ұста, Малдан соң жетiм қызда болмас баға. Сөзiмдi менiм айтқан елемедi, Бұрынғы әдетiндей жүре бердi. Екеуi екi шебер жiгiт тауып, Бiрталай соларменен дәурен сүрдi. Бiрталай осыменен заман өттi, Айтайын жақсы-жаман көрген кептi. – Құп жақсы екеуiңдi көрер едiк, Апаңнан еншiң бөлiп алың, – дейдi. Екеуi бұ сөзiне жұбанбады, Жiгiттер сонда тұрып қуанбады. Тиесiн сонда менен бөлiп алып, Шаһары Фераңстанға көшiп кеттi. Екi жыл Фераңстанда тұрды солар, Мал-мүлкiн тауысып алған бейшаралар. Iшерге ас, киерге киiм жоқ болған соң, Дорба алып екi сiңлiм қайыр сұрар. Жақсылық көре алмады сол ерiнде, Қай патша тұр алтын тақ кемелiнде. Түлкiдей түнде жүрiп бұлаңдайтын, Һәркiмнiң еркелiгi өз жерiнде. Бiр күнi бiр күтушiм келдi маған, – Не жұмысқа келдiңiз? – дедiм соған. – Есiкте қайыр сұрай екi адам тұр, Рұқсат беремiз бе, ханым, соған. Рұқсат екеуiне сонда бердiм, Екеуi жетiп келдi, мен де көрдiм. Екеуi маған келiп көрiседi, Бейшара қайыршы екен екi сiңлiм. – Есен-сау отырсыз ба, жаным апа, Бiздiң айтқан сөздерге болма қапа. Жастықпен тiлiңдi алмай жүрушi едiк, Көрмедiк тиген ерден һешбiр опа. Барған соң малымызды тартып алды, Опасыз ерден, сiрә, есек артық. Малды алып, өзiмiздi тастап кеттi, Андан соң бейшара боп келдiк сiзге. Мен айттым екеуiне: – Ей, бауырлас, Адамға жапа тартпай опа болмас. Жетерлiк үшеумiзге дәулетiм бар, Қосылуға керек қой тауып жолдас. Олар айтты: – Һешкiмге бармаймыз, – деп, Ауызға ер деп атын алмаймыз, – деп. Көрмедiк алдыңғыдан һешбiр опа, Соңыңнан ендi сенiң қалмаймыз, – деп. Үстiне асыл киiм киiндiрдiм, Көңiлiн раушан етiп сүйiндiрдiм. Тағы да «ерге тием» дегеннен соң, Қанша жасау қазынамен ерге бердiм. Мысырға кеттi бұлар және көшiп, Бiр жыл тұрды бұйырып онда нәсiп. Айрылып ерлерiнен және келдi, Ер көрмей уағда қылды тұрам[ын] деп. Неше жыл осылайша тұрдық сонда, Бiр Құдай, бiз ғарiптi өзiң оңда. Суменен сәйiр қылып келейiк деп, Бiз мiндiк ақша берiп бiр кемеге. Алтынды үйде қалған көмдiк жерге, Жастықта, Жаппар Тәңiрiм, қаза берме. Кемеге сiңлiмменен келiп мiндiм, Сәйiр қып дариямен жөнелерге. Неше күн сапар қылып кеттiк сумен, Бiр күнi кеме иесi маған келген. Бiз мұнда қаталық жолға түстiк бiлем, Бiз келдiк бiр аралға мен көрмеген. Атпенен қожа кеттi сол аралға, Тамаша сол шаһарды араларға. Кешiкпей және қайтып бiзге келдi, Ол айтты бек тамаша көрдiк мұнда. Бiз бардық тамашаға тоқтамастан, Шаһары, адам, хайуан бәрi тастан. Аралап сол шаһарды жүргенiмде, Бiр үлкен сарай көрдiм бар-ды бустан. Мен келдiм сол сарайға кiрейiн деп, Мәнiсiн мұның сұрап бiлейiн деп. Үстiнде тас тақыттың патшасы отыр, Алдында тастан болған әскерi көп. Әскерi патшасымен қара тастан, Жаны жоқ, тамашасы құп жарасқан. Сол жерде тұрғанымда үн естiлдi, Мен бардым ошал үнге тоқтамастан. Естiген үнге жақын бардым сонда, Бiр жiгiт Құран оқып отыр қолда. Мақамы өзге жаннан сондай бөлек, Мұнаууар өзi, көркем және молда. Жiгiтке жақын барып сәлем бердiм, Мен соған бiр көрумен ғашық болдым. Шаһардың осылайша тас болғанын, Жiгiттен «не себеп?» деп жауап сұрдым. Жiгiт айтты: – Бұрын бұл бай шаһар-ды, Адамы бәрi зұлым, емес жарлы. Табынған пұт-параст пиғылына Жiбердi Алла бұған бiр қаһарды. Бiр күнi һәтифтан әуез келдi, «Құдай бiр, пайғамбар хақ, Құран жөн-дi». Инанбай кәпiрлiкпен бұ әуезге, Бұзықтық бұрынғыдай қыла бердi. Сол дауыс болуына бiр жыл өттi, Со жерде Жаппар Тәңiрiм зiлзала еттi. Адамы хайуан менен қара тас боп, Шаһары және осындай болып кеттi. Мен қалдым мұсылмандық құрметiнде, Көтерткен менi жаста бiр қатынға. Ол өзi мұсылманның қызы екен, Үйреткен ислам дiнiн: Әлхамдулиллә, фатиха. Намаз бар рузамен, зекет пен қаж, Екiншi және оқимыз нәпiл намаз. Ғұмырымды Құран оқып өткеремiн, Бұ дүние бес күн тiрiк, опасы аз. Көңiлiмдi ғашықтықтан тия алмадым, Сөйлемей текке қарап тұра алмадым. Тәртiптеп ғашық жайын айттым сонда, Кеткен соң көңiлiм оған, ұялмадым. Мен айттым: – Шаһарымыз Бағдатта, Кемемен сапар қылдым бұ тарапқа. Халқымыз шаһардағы бәрi молда, Iждағат кәрi-жасы оқымақта. Бiзбенен ерiп барып дәрiс оқың, Алыңыз бiздi қабыл халалдыққа. Жiгiт сонда сөзiмдi қабыл алған, Дүниелiк ахиретi һәм табылған. – Сенi алдым халалдыққа, дәрiс оқимын, Деп жiгiт кемемiзге мiнiп барған. Кеменi «қайтамыз» деп бұрдық кейiн, Жазған соң Алла тағдыр, мен не дейiн. Құмар боп ғашық жарға қосылған соң, Етемiз ғейiш-ғишрат кешке дейiн. Бiр күнi ғашық жармен жаттық ұйықтап, Жүр екен екi сiңлiм бiздi байқап. Бiлiндi мұрыныма су кiргендей, Оятты сонда менi бiреу шайқап. Ояндым көзiмдi ашып су iшiнен, Жаңылдым биһұш болып сонда есiмнен. Сүйреп менi бiреу алып шықты, Айрылдым ғашық жардан, жолдасымнан. Шыққан соң су iшiнен және талдым, Шығарған кiм екенiн бiле алмадым. Бiр уақта есiм жиып, көзiмдi ашсам, Қасымда бiр қыз отыр, қайран қалдым. Қыз айтты: – Басың көтер, ей, бейшара, Жолдасың қасыңдағы кеттi суға. Сiңлiлерiң екеуiңдi суға атты, Мен келiп, алып шықтым сенi қырға. Халалың қаза тапты қасыңдағы, Шамшырақ сөндi жанған басыңдағы. Сабыр қыл, жылағанмен қайтып келмес, Бiр Алла қияметте қоссын тағы. Өзiңдей сол жiгiтке мен де ғашық, Жазбады бұ дүниеде Алла нәсiп. Қас қылған сен ғарiпке сiңлiңiздi Ат қылып үйiң астында қойдым басып. Екеуiн бағанаға қойдым байлап, Мен келдiм мал-мүлкiңнiң бәрiн жайлап. Һәр күнде екi атқа мың қамшы ұрмасаң, Боларсың сен де сондай сорың қайнап. Көзiңдi, – бұйрық қылды, – жұм, – деп айтып, Арқама жылдам келiп мiн, – деп айтып. Көзiм жұмып, мiнiп арқасына, Кiргiзiп үйге тастап кеттi қайтып. Мың қамшы қорыққанымнан ұрам атқа, Рақым қылып шапағат қылам атқа. Ұрмай-ақ қояйын деп ойласам да, Қорқамын жолығам деп кесапатқа. Сiз менi таласың деп қылдың айып, Кемеде ғашық жарым айтқан бәйiт. Сол бәйiт көңiлiме қош келедi, Ризамын талмақ түгiл, болсам шаһид. ЕКIНШI ҚЫЗ ҚИССАСЫ Екiншi қызға және қылды жарлық: – Ғажайып сөзiң бар ма бiз тыңдарлық. Қыз айтты: – Менде қызық көп, Отырды мұны тыңдап келген халық. Қыз айтты: – Атамызға дәулет бiткен, Күн көрген маңайында қай жан жеткен. Жоқ едi һеш перзентi менен басқа, Өзiне сол уақытта қаза жеткен. Қарамайын қаза жетсе жоқты-барға, Мен қалдым иелi болып бек көп малға. Қазасы Тәңiрiнiң һеш нәрсе емес, Артында орнын ұстап қалған жанға. Айттырды менi бiр бай баласына, Сөзiмнiң айып етпе шаласына. Үйiне айттырды да алып барды, Бәрi де бiр жұманың арасында. Бiрталай осыменен заман өттi, Басыма Тәңiрiм салған мұндай кептi. Атама сол уақытта қаза жетiп, Пәниден бақи жұртқа рихлат еттi. Артында қалды соның жалғыз бала, Алтын, гауһар және көп мың сан қара. Күйеуiм екi ай тұрып о да өлдi, Iсiне Құдiреттiң бар ма шара. Мен қалдым ерiм өлiп және жетiм, Не қылса, өзiне жөн бiр Құдiретiм. Жесiр боп ерге тимей мен отырдым, Ерiме кәмiл едi махаббатым. Мен сатып құл, кәнизак алдым малай, Салдырдым шеберлерге алтын сарай. Үш жүз алпыс пормалы киiм кидiм, Көп уақыт осыменен тұрдым солай. Һәр күнде бiр түрлiсiн киюшi едiм, Қажетiн жетiм-жесiрге берушi едiм. Дүниенiң қызығынан қалғаннан соң, Ахирет қамын ойлап жүрушi едiм. Бiр күнi уақты болды екiндiнiң, Таһарат алып оқуға түрегелдiм. Бiреу айтты: – Есiкте бiр қатын тұр, – Рұқсат, кiрсiн мұнда, жiбер, – дедiм. Рұқсат бергеннен соң келдi қатын, Қасыма сәлем берiп келдi жақын. Менiменен екiндiнi бiрге оқыды, Ұзартты тәсбих тартып намаз артын. Намазын қатын оқып болды тамам, Тәртiптеп сөз сөйлейдi сонда маған. Айтады бастан кешкен уақиғасын: – Ерiмнен мен де сендей жаста қалғам. Осымен бiраз кәсiп қылайын деп, Шаһардан жетiм қызды жиып алдым. Соларды тәрбиелеп көп ұзатып, Осымен ерге тимей тұрып қалдым. Жалғыздық жараспайды адамзатқа, Һеш пайда көре алмадым дүние-малдан. Құр дәулет иесi жоқ неге керек, Келмейдi екi айналып шiркiн жалған. Күйеуге қалған қызды берiп едiм, Қайғыны мен де өзiңдей көрiп едiм. Күйеуi бүгiн кешке келушi едi, Андан соң киiм сұрай сiзге келдiм. Осындай жетпегенге себеп қылған Ұжмақта орны бөлек жомарт ердiң. Осындай киiм керегiн айтқан соң, Зейнеттi неше түрлi киiм бердiм. Зар жылап қатын маған қылды дұға, Жақсылық артық көрдiм сiзден, сiрә. Жетiмдер бек шат болып қалар едi, Өзiңiз ерiп барсаң бiз пақырға. Осылай айтқаннан соң ердiм оған, Хайламен айтқан екен қатын маған. Амалмен осылайша алдап менi, Әкелдi бiр сарайға панар жанған. Қанша қыз алдымыздан қарсы шығып, Iшiне сол сарайдың алып барған. Үстiнде алтын тақтың бiр қыз отыр, Порымы бөлек екен өзге жаннан. О дағы бек қуанып шаттанады, Шақырып сонда менi қасына алған. «Киiмге қажет болар кiсi емес қой, Бiр хайла бар екен» деп ойыма алдым. – Iнiмiз сiзге ғашық болғаннан соң, Хайламен шақырдым, – деп айтып салған. Шақыртты сонда iнiсiн «көрiңiз» деп, Ойынсыз менiм сөзiм емес жалған. Iнiсiн көргеннен соң ғашық болып, Сол жерде некаһлатып тиiп қалдым. Ләззаты бұ дүниенiң табылған соң, Мен бездiм ғашықтықпен дүние-малдан. Бiр күнi рұқсат алдық ерiмiзден, Ерiмiз рұқсатты бiзге берген. Қаршықты бағанағы ертiп алып, Базарға киiм үшiн мен де келдiм. «Бұлы арзан бiр байбатша бар едi», – деп, Маған бұл алдырмады өзге жерден. Мен сонан арзан бұлды әперем деп, Менi ертiп сол лапкеге алып кiрген. Бiздерден нәрсесiне бәс сұрамай, Байбатша бұлын кездеп бере берген. Мен айттым «қанша ақша?» деп байбатшаға, – Бұл үшiн сiзден ақша алман деген. Мен айттым: – Ақша алмасаң, бұлыңды алман, Әуелi ақша алам деп айттың жалған. Сонда қаршық қасыма жүгiрiп келiп, Бәдбақыт маған сонда ақыл салған. – Бұған бiр алтынның керегi жоқ, Бетiңнен бiр сүйгiзсең болад деген. Алдаған сол қаршықтың тiлiне ердiм, Бетiмнен сүйемiн деп тiстеп алған. Бетiмнен қан аққан соң болдым қапа, Көрмедiм сол қаршықтан һешбiр опа. Өтiрiк үйге келiп мен ауырдым, Ерiмнен ұялғаннан айттым қата. Ерiм айтты: – Бетiңе не қылды? – деп, Мен сонда өтiрiк сөз сөйледiм көп. – Есекшiнiң отыны қағып кеттi, Мен сонда қатты жерге жығылдым, – деп. «Шақыр, – деп, – есекшiнi» ашуланды, «Жазасын есекшiнiң беремiн» деп. Мен қорқып нақақ жанды жылатпаққа, Мен айттым «саудагерден сүйгiздiм» деп. Ерiмiз сонда тұрып ашуланған, Шақырып көп қазыларды қасына алған. Пәтшағар қиянатты қыз екен деп, Қазылары бастырып жүз қамшы ұрған. Жонымнан қамшы тiлiп қандар кеттi, Тыймаққа ошал қанды көмiр септi. Сүйретiп өлген малдай алып келiп, Түбiне өз қақпамның тастап кеттi. Түбiнде өз қақпамның жаттым талып, Қызметшiм үйге апарған көре салып. Екi айдай сол қамшыдан зағип болып, Жазылдым жараларға дәрi жағып. Бiлмеймiн сол сарайдың қайда екенiн, Тағы да ғашығымның бiлмен жөнiн. Жiгiттiң қатынменен хайласы бiр, Тақсыр-ау, қайсы осындай мен көргенiм. Сол жiгiт айтушы едi бәйiт бастап, Мен жүрмiн ғашығым деп көзiм жастап. Қорыққаннан тұғрылығым айтпаймын деп, Ғашығым сол себептi кеттi тастап. Таламын сол себептi бәйiт айтып, Заманым бұрынғы өткен келмес қайтып. Андан соң бұ әпендi кез келген соң, Бұған һәм жолдас болдым сырымды айтып. Бұ дағы адам екен мендей болған, Көзi жас, көкiрегiне қайғы толған. Сырымыз екеумiздiң келген соң, Қайғылы екi ғарiп бiрге тұрған. Патша едi Һарон Рашид әдiлеттi, Бар едi жалғыз ұғылы Марур атты. Шақыртып сонда патша қасына алды, Адам жоқ бұ дүниеде ол сипатты. Қыз көрiп Марурды талып кеттi, Салқын су алып келiп қызға бүрiктi. Аздан соң есiн жиып бейшара қыз, Көтерiп басын сонда түрегептi. Бұ қызды Марурға некаһлады, Әпендi ханымды хаммалшы алды. Оқытып молдаларға неше күндей, Және де адам қылды екi аттарды. Қос соқырменен келген екi патша, Екi қыз киiм кидi адамзатша. Екеуiн екi қыз[бен] некаһлатып, Көп мал бөлiп берiптi Һарон патша.
English
This language variant is not available
This language variant is not available