Kazakh
Қисса Жәмшид
Әлқисса, сөз жазайын қалам алып,
Тыңдаңыз құлақ қойып, барша халық.
Кiм келiп, дүниеге кiм кетпеген,
Ақиқат опасызы көпке анық.
Бiреулердi күлдiрiп, бiреу жылап,
Кейбiреудiң қойыпты көзiн алып.
Базбiр жанның басарға аяғы жоқ,
Қайғылы көңiлдерi жабық, жарық.
Жастық жасы қорлықпен өткен екен,
Жәмшид деген бiр батыр өзi ғарiп.
Атадан Жәмшид батыр туған дара,
Ойында толып жатыр қайғы-сәна.
Бiр жасында жетiм қалып, әкесi өлiп,
Өсiрген тәрбиелеп тапқан ана.
Кедейлiгi өмiрiне жолдас болған,
Бiтпеген есiгiне жалғыз қара.
Әркiмнiң кiрiн жуып, ауқат етiп,
Шешесi баласына болған пана.
Бұрыннан мекен еткен бабалары
Сол уақытта Емран деген екен қала.
Бiр жастан Жәмшид жастың асты жасы,
Бөлекше басқалардан бар тұлғасы.
Сүйiнiп, көзiн салып қуанышпен,
Мың мәрте шүкiр етер өз анасы.
Жiгiттей он бестегi бопты жасы,
Кем емес һеш адамнан мәртебесi.
Екiншi жасы келдi арттан қуып,
Асыл аздан шығады абзал туып.
Үштен өтiп төртiншi болғанында,
Адамға жиырма жас болды жуық.
Бес жасында анасына қызмет жасап,
Баланың адал туған жөнiн қуып.
Алтыдан аяқ басты жетi жасқа,
Жәмшидтiң басқалардан көңлi басқа.
Мiнез, бiлiм, сабырлық бiр өзiнде,
Болыпты мейiрiмдi қарындасқа.
Сегiздiң келдi сада қып дәл жасына,
Қарайды көрген адам тұлғасына.
Шешесi Мәлiк* жасты қасына ертiп,
Тапсырған оқысын деп молдасына.
Оқиды «әлiп, би» деп сабақ алып,
Күнiнде уақтысымен тұрар барып.
Айтқан сөздi сақтайды зейiнiне,
Жаңылып, жаза баспас жалғыз қарiп.
Тоғыз бенен он жастың арасында
Ғылымның бiр парасын бiлдi анық.
Он бiр деген өмiрдiң қызыл гүлi,
Ақ жүзi болған екен айдай жарық.
Он бiрге амандықпен қадам басты,
Оқуменен өткiздi осы жасты.
Жiгiтiнде он екi бiр ой түйiп,
«Қандай өнер жақсы» деп көп ойласты.
Әлқисса, Жәмшид баланың «қандай өнер адамға пайдалы?» деп ойлап айтқан сөзi:
Он екi жасқа келiп отыр ойлап,
Сабақ тастап өмiрi кетпес ойнап.
«Батырлық – бiр дәреже ер жiгiтке,
Дұшпанға қылыш шапсам қанға бойлап.
Найза сап, садақ тартсам, сауыт киiп,
Мың-мыңнан әскер бастап шықсам жайнап.
Тұлпардың қапталынан қан кештiрiп,
Қырғында қалың жауды шықсам айдап.
Батырлық – ел қорғаны, ел ырысы,
Елiн келiп жау алса, қайнайды iшi.
Алтын тақ, аймақ, қала, сұлу қыздар
Батырдiкi емес пе, келсе күшi?!
Бурадай қаңтардағы қарсы шауып,
Қайралып бiр-бiрiне азу тiсi.
Екiншi, өнермен де жолдас болсам,
Сыбызғы, домбыраны мен үйренсем.
Күй тартсам дутармен неше түрлi,
Жiгiт болсаң, болыңдар сегiз қырлы.
Дос-дұшманнан ақырын бiрдей сақтан,
Адамға айтылмасын iштен сырың.
Сыбызғы, сырнай тартсам ыңқылдатып,
Халайық тамашаға тұрса батып.
Мәжiлiс, ұлы думан болған жерде
Мастанып қыз-бозбала қалса жатып.
Өмiрдiң ұлы – мен бiр жыл құсы,
Дүниеде әлi келсе есер кiсi.
Тарқатар қасiретiн қай-қайдағы,
Кiрлесе бiр себептен адам есi.
Қайғы деген адамның нағыз жауы,
Сарғаяр запырандай оның түсi.
Жауға қолдан жолдасын һешкiм бермес,
Ажыратар әркiмнiң келсе күшi.
Барлығы ғылымменен табылады,
Бiлiмнен түрлi өнер ағылады.
Жаның жас, өзiң жалғыз болсаң дағы,
Бiлiмсiз кәрi, жастар бағынады.
Ол дағы бiр өнерге жатпас па екен,
Құмар ойнап мал тапсам нағылады?
Дәртiкем, құмар ойнап, атсам асық,
Өнердiң ең қоры ғой, өзi пасық.
Бiр күнi көп дүние ұтып алсам,
Мас болып қалмаспын ба судай тасып.
Ел-жұртым ойыншы деп жаман көрсе,
Басқа кәсiп етермiн қайда барып?»
Бәрiн де iстесем деп ойлап отыр,
Өзiмен-өзi сөйтiп ақылдасып.
Әлқисса, Жәмшид баланың батырлық, домбыра, сыбызғы, құмар ойындарын оқығаны:
Оқиды Мәлiк бала өнер, бiлiм,
Бақилық тәрбиенiң барлық түрiн.
Сыбызғы, домбыра мен неше қилы,
Бақшаның бал егiндi қызыл гүлiн.
Өнерге неше қилы болды жетiк,
Ауызбен айтып болмас мыңнан бiрiн.
Аспаннан құс айналар басып өтпей,
Жәмшидтiң естiп қалса шыққан үнiн.
Сазнағма неше түрлi дутар шалып,
Тыңдайды су түбiнде жүзген балық.
Жәмшидтi күндiз-түнi қошаметтеп,
Қасында жолдас болған қанша халық.
Бұл өнердi қатасыз үйренген соң,
Ендi құмар атады асық алып.
Төрт асық әдемiлеп жонып алды,
Жәмшидтiң бұл өнерден ойы бар-ды.
«Дәртiкем» деп атқанда кеуде қағып,
Төртеуi төрт түрлi боп тұра қалды.
Қақпады адам ұлы бұл ойыннан,
Теп-тегiс, бiрiн қоймай ұтып алды.
Талабы таудай болып күннен-күнге,
Осымен ұтамын дер дүние-малды.
Бiлгенше қанша өнердi тәртiбiмен,
Он сегiзге Жәмшидтiң жасы барды.
Оқуын тамам етiп, ойда мақсат,
Ендi кәсiп етсем деп осыларды.
Әлқисса, Жәмшид баланың сипаты:
Өнерге Мәлiк бала болды жетiк,
Өзi қатар балалар қызмет етiп.
«Жәмшидiм аман болса өлмеспiн» деп,
Отырар кемпiр-шалың талап етiп.
Күмiстен тартқан сымдай болып,
Сүйкiмдi жiгiт болды бойға жетiп.
Адасқан азаматқа ақыл болып,
Тұрады ел-жұртына жол көрсетiп.
Сұлулық сипаттары сондай артық,
Тұрады сөз сөйлесе бойың балқып.
Қасынан кетер емес көрген адам,
Пейiштiң самалындай ескен аңқып.
Денесi орта бойлы болды жана*
,
Қақпақтай екi иығы бiткен дара.
Қара қас, жазық маңдай, қара көздi,
Сүйкiмдi көретiн қыздар жана.
Көбейдi қошаметi Мәлiк ердiң,
Айнала, төңiрегi қыз-бозбала.
«Күнде топыр, күнде той, мұның не?» – деп,
Бiр күнi ашуланды кемпiр ана.
– Бұл топырдан өнетiн дәнеме жоқ,
Бiр кәсiпке шық, – дедi, – байғұс бала.
Кемпiр айтты: – Сен едiң жалғыз балам,
Бiр сенi болад деп ем жанға панам.
Төрт атаңнан кедейлiк бiр үзiлмей,
Аузым жарып жемедiм тәттi тағам.
Киерге көйлек, бүтiн дәнеме жоқ,
Түнiмен бит жейдi, кеттi мазам.
Әлқисса, баланың шешесiнiң сөзiне ұялып, кәсiп етуге ойланғаны:
Шешесi ашуланды қаһар етiп,
Осы сөз Мәлiк жасқа кеттi өтiп.
– Апатай, шайыдан көйлек кигiзермiн,
Өлмесем, осы бастан кәсiп етем.
Өзiм де қатты ұялып қалушы едiм,
Етiңдi қасығанда тыр-тыр етiп.
Көйлегiңнiң барлығы өрiм-өрiм,
Тұмсық жағы қайқайған жыртық етiк.
Қолда болса бiр сiзден аярым жоқ,
Анажан, жоқшылыққа амал нешiк?!
Қайсыбiрiн қолдансам болар екен,
Табылар бiр басымнан талай кәсiп.
Iстетсем батырлықты жөнi келмес,
Бақытын өз қолынан һешкiм бермес.
«Жаяудың шаңы шықпас» деген сөз бар,
Астымда тұлпарым жоқ маған теңдес.
Ән қосып сыбызғымен болсам серi,
Дүние тарапынан ештеме өнбес.
Молда боп бала оқытсам, сәлдемдi орап,
Ақы берiп байлар да қабыл көрмес.
Дәртiкем, құмар ойнап бiр көрейiн,
Бұдан басқа нәрсенiң жөнi келмес.
Ұтсам да, ұтылсам да өзiм бiлем,
Сай, жыраға ойнаймын адам көрмес.
Ол ендi құмар ойнап, кәсiп еттi,
Тампылдап төрт асықты жатыр шашып.
Еңбек етiп үйренген кәсiбiм деп,
Осыдан табамын деп жейтiн нәсiп.
Бiрiгiп қай-қайдағы ойыншылдар,
Уақтында апақ-сапақ ұшырасып.
Жәмшид бала үй көрмес болды ендi,
Жалғыз кемпiр қақиды қарны ашып.
Отырады жалғыз кемпiр қайғыланып,
Ақылын анда-санда айтар барып.
Ұттырып бар киiмiн, жап-жалаңаш,
Бiр күнде үйге келдi қайта айналып.
Жәмшид бала: – Жылаймын, қор қылды, – деп,
«Құмаршы» деп бiр жаман атақ алып.
Арақ-шарап барлығын қосып iшiп,
Жап-жалаңаш жатады әнге салып.
Бұл бала құмаршы боп жаза басты,
Қай-қайдағы бұзықтар араласты.
Киер киiм үстiнде дәнеме жоқ:
– Апа, тамақ бер, – дедi, – қарным ашты.
Кемпiр айтты: – Зәрiңдi iш, жалғыз бала,
Болар деп ем жаныма сенi пана.
Алтын басың қор қылып, құмаршы боп,
Сендей тегi бар ма екен жүзiқара?!
Жәмшид айтты: – Апатай, ашуланба,
Берiп қалар бiр күнi Құдай Тағала.
Құмаршыдан тарқамас тегiн құмар,
Бар ойыншы жиналды бiр күн жана.
Жиылды құмаршылар құрттай қайнап,
Арақ iшiп, сол үйге салып ойнақ.
«Баладан көрген дәулет осы ма» деп,
Қайғырып кемпiр отыр осыны ойлап.
Ұттырды Жәмшид бала барлық пұлын,
Үстiндегi киiмi жұлым-жұлым.
Құмар iстiң қызығы қандай жаман,
Тағы салып, айрылды барлық үйiн.
Айрылды бар үйiнен құмар ойнап,
Iс етпей балалықпен түбiн ойлап.
Ұтып алған құмаршы жан қоя ма,
Кемпiрдi баласымен шықты айдап.
«Шайы көйлек кием» деген байғұс кемпiр
Далада қалды ендi соры қайнап.
Қамыстан балаған қып басын буып,
Киiмсiз, аш-жалаңаш жатады көзi жайнап.
Адасты ақылынан Жәмшид бала,
Күнде қарғап отыр ғой тапқан ана.
Бай болмаққа төрт асық ойнап едi,
Ақырында таппады басқа пана.
«Опасыз бұл өнерiм болды ғой, – деп,
Ән қоссам, – деп ойлады, – домбыраға».
Саз қоса тартамын деп алды найын,
Бiледi ән қосудың барлық жайын.
Шақырып күнде қонақ құрметпенен,
Жәмшид жас сөйтiп iштi ет пен шайын.
Шешесi қурап отыр күрке iшiнде,
Деп айтар: «Қу жалғызды не қылайын».
Өнерге Жәмшид бала болған шебер,
Қыз-бозбала қасына күнде ерер.
Бұлғары шаһарынан бiр саудагер
Емранның қаласына кiрiп келер.
Әлқисса, ендi сөздi Бұлғары шаһарынан келген саудагер
Кәрiм мен Жәмшид баланың жолығысынан естiңiздер:
Емранға Бұлғарыдан кiрiп келген,
Салтанат порымдарын әркiм көрген.
Қызыл нар қоңыраулы, жiбек бұйда,
Ноқталарын есiптi өңшең зерден.
Толтырып бес жүз түйе қазына артқан,
Бәрiне де қымбаттан кiлем жапқан.
Алтын, күмiс, лағылдың қисабы жоқ,
Жiбектен бәрiне де арқан тартқан.
Қызметкер адамдары, бiр байбатша
Керуеннiң сарайына түсiп жатқан.
Барлығының қожасы Кәрiм мырза,
Өмiрде кемдiгi жоқ салтанаттан.
Керуеннiң сарайына түстi барып,
Неше күн отырыпты демiн алып.
Керуен басшы Кәрiмнiң әйелi бар,
Ақ жүзi шағылады айдай жарық.
Жүзiн көрген адамдар талып түсер,
Ессiз болып жығылған қанша халық.
Бәрiне сол шаһардың мағлұм болды,
Бiрiнен-бiрi естiп хабарланып.
Ауызбен айтып болмас қыздың жүзiн,
Гауһардай салбыраған екi тұлым.
Шолпанның жұлдызындай екi көзi,
Көргендей болды халық хордың қызын.
Қыз сипаты
Ел жиналып келген соң,
Қыз жан-жаққа қарады.
Нәзiк белi бұралып,
Аққудай мойнын тарады.
Наркескен алтын қанжардай,
Көзi түскен адамның
Iшiн жарып барады.
Қыз сипатын қарасаң,
Ақ бетiнде кiршiк жоқ,
Айдын көлдiң қуындай.
Екi көзiн қарасаң,
Батырдың алтын туындай.
Сөйлеген сөзi мазалы
Сары алтынның буындай.
Ауыздан шыққан лебiзi
Пейiштiң шәрбат суындай.
Көрген жанның бәрi де
Қызға көзiн теседi.
Жүзiн көрiп бұл қыздың
Шын жанынан кешедi.
Ғашықтық түсiп басына,
Босатты бойын, мүшенi
Естiгенi дауысын.
Отырған сонда орыны,
Гауһар тастай жалтырап,
Мықынына түсiп тұр
Алтын айдар тұлымы.
Бағалайды он қызға
Шашының жалғыз қылыны.
Миуалы дарақ секiлдi
Көрсең оның тұрысын.
Бой нұсқасын қарасаң,
Қоғалы көлдiң құрағы.
Сипатына қарасаң,
Ерлердiң мiнген пырағы.
Үзiлiп кетпей неғып тұр
Алтыннан соққан сырғасы.
Кермаралдай құлағы
Алтыннан соққан тұмардай.
Бас порымы нұсқасы
Қия жонған қаламдай,
Екi қасы қиылып
Шам шәрiптiң ұстасы.
Бұл қыздың Мейрамхан деп атын қойған,
Сипатын айтып болмас ойлап оймен.
Ғашықтықпен қатынын талақ етiп,
Кейбiреу өз үйiне салды ойран.
Әркiм-ақ әйелiне емес ырза,
Ғашықсыз жан болмады осы қызға.
Мастықпен «зерiктiм» деп сөз шығарды,
Бiр күнi керуен басшы Кәрiм мырза.
– Әншi, күйшi, сауықшыл жiгiт болса,
Қонақ болсын деп айтқын, келсiн мұнда.
Көтерсе көңiлiмдi әнмен шырқап,
Деп айтқын толықтырам дүние-пұлға.
Осындай Кәрiм мырза хабар еттi,
Бұл хабар талай жерге тарап кеттi.
Дутармен ән қосатын өнерпаздар,
Бәрi де барамыз деп үмiт еттi.
Жәмшид те барғандарын тәуiр көрер,
Киiмнiң жоқтығынан қайғы шегер.
Отырды жоқшылықтан қайғыланып,
Мұның әншi екенi жұртқа анық.
Жәмшидтiң айтпай сырын бiлетұғын
Келiптi бiр замандас киiм алып.
Әкелген кидi Жәмшид асыл тасын,
Алдырды бiрiн қоймай сақал, шашын.
Керуеннiң сарайына қадам басты,
Бiрқатар ертiп алып құрбыласын.
«Ән шырқап, қызды көрiп қайтамыз, – деп,
Мырзаның қандай екен ықыласы».
Енiстi бақ сарайға қадам басып,
Көрiстi құрметпенен амандасып.
Қойғызды құлла, күрсi, алтын қандiл,
Зияпат аспаптары құп жарасып.
Мейрамхан әйелi мен Кәрiм мырза,
Отырды құшақтасып, құп мiнәсiп.
Толықсып, жүз құбылып майда сөзi,
Езу тартып көздерiн жұмып-ашып.
Ертеден кешке дейiн татқан тағам,
Қандиулат, шаһд, шекер, пiсте, бадам.
Алтын зерлi шақшамен шарап iшiп,
Сел ағызғандай болды тағам.
Мұнымен қызметi тамам өттi,
Ал ендi ойын-күлкi талап еттi.
– Мәжiлiстiң құрметi үшiн сөйлеңiз, – деп,
Жәмшидке баршалары ғұзыр еттi.
Домбыра қолына алып, жүз құбылып,
Сырлы сөз түйдектелiп ендi кеттi.
Жәмшидтiң шықты сөйтiп ащы терi,
Көрген соң Мейрамхандай қызыл беттi.
Қолында сыбызғысы, аузында най,
Iшусiз қалды қолда құйылған шай.
Жәмшид жас бұлбұлдайын сайрап отыр,
Мұндай жан туа бермес дүниеге-ай?!
Шығады күй мен әнi оттай шалқып,
Ес қалмай естiгендер кеттi балқып.
Аспандағы аққудың дауысындай
Барған сайын түседi артып-артып.
Артынан бiрдей шығар сөздiң машы,
Қиылған Жәмшид жастың қалам қасы.
Өнерi мен жамалын бiрдей көрiп,
Мейрамхан түсiп отыр ықыласы.
«Дүниеден һеш армансыз өтер, – дейдi,
Әркiмнiң мұндай болса мархабасы.
Дүниясы иә аз шығар, иә көп болар,
Құрбыдан артық екен, – дедi, – басы».
Түрленiп Жәмшид отыр әнге салып,
Ұшқан құс тыңдап жатыр, суда балық.
Тау, таста түрлi хайуан бойы балқып,
Оттамай бет-бетiмен тұра қалып,
Сандуғаш, бұлбұлымен түрлi құстар
Құлақ салып таңырқап қона қалып.
Отырған мәжiлiсте барлық адам
Жығылды бет-бетiмен естен танып.
Жығылды бойы балқып Кәрiм жерге,
Ән мен шарап мастығы болды бiрге.
Ғашықтық махаббаты ойында боп,
Мейрамхан басын сүйеп Жәмшид ерге.
Мастықпен естен танып бәрi жатты,
Дүниеде ғашықтықтың дертi қатты.
Барлығы өз орнында домаланып,
Сонымен ақырысы таң да атты.
Алдымен Кәрiм тұрды көзiн ашып,
Мейрамхан Жәмшид жасты жатыр басып.
«Бұл қандай әдепсiздiк еттiңiз» деп,
Әйелiн оятады бетiн ашып.
– Әншi жiгiт болған соң тәуiр көрiп,
Жатырмысыз иiскеп мауқың басып?
Мейрамхан сөз сөйлейдi жауап қатып,
Шошынып орнынан тұрды атып:
– Шараптың мастығымен есiм бiлмей,
Байқамай кiм екенiн қалдым жатып.
Кәрiмжан, қатты сөздi айтпа маған,
Қандай адам қас етер, жаным, саған.
Аманатқа қиянат ете алмайсыз,
Өмiрiм болғанынша бәрi тамам.
Бұл сөзбен әйел ерi ризаланып,
Оянды ұйқысынан барлық адам.
Қайтадан шарап iшiп басты зайтты,
Жәмшидтi жаннан артық құрмет еттi.
– Дүниеде қанша өнер бiлесiң, – деп,
Кәрiм ер Жәмшид жасқа жауап еттi.
– Өз қолыңнан келетiн iстерiңдi
Барлығын айтыңыз, – деп ғұзыр еттi.
Сыр айтар Жәмшид бала жауап қатып:
– Осы күйiммен жүрмiн судай шалқып,
Талабым таудан үлкен тылсым дария,
Батырлық қолдан келер мылтық атып.
Ән қоссам сүйiнбейтiн адам болмас,
Және құмар ойнаймын үйде жатып.
«Дәртiкем» деп жерге бiрдi қойсам,
Бiр-ақ күнде қаламын малға батып.
– Орынсыз мақтандың, – деп, – байғұс бала,
Кәрiм мырза күледi езу тартып.
Кәрiм айтты: – Жарамас бекер мақтан,
Жалған сөз жанға зиян, қатты сақтан.
Құмар ойнап атаққа шыққан болсаң,
Малың қанша айтыңыз сонан тапқан.
«Мен-ақпын» деп менiмен әркiм ойнап,
Бар мүлкiнен айрылып қайғы тартқан.
Дүниең жеткiлiктi жiгiт болсаң,
Сiздерге лайық па үйде жатқан?
Арындаған жiгiттi ап қоятын
Мен едiм ежелден бiр қанды қақпан.
Айтылды Кәрiм ердiң барлық сыры,
Ойынға құмарлықта болған түрi.
Жәмшидтiң ойнамаққа ойы кетiп,
Шынында болмай отыр қолда пұлы.
Жәмшид айтты: – Сөз тыңда, Кәрiм мырза,
Қабағат қызметiңе болдық ырза.
Сiз бен бiз құмар ойнап көрсек қайтер,
Мен дағы кем емеспiн дүние-пұлға.
Үйiмде жетi сымбал алтыным бар,
Артқызып келтiрермiн қазiр қолға.
Далада бекер тұрып мақтанғанша,
Ұтқанымыз шығармыз сонда қырға.
Кәрiм де осы сөздi қабылданып,
Жәмшидке: – Келтiр, – дедi, – пұлыңды алып.
Құмар ойнап құмардан шығамыз, – деп,
Екеуi жатыр ендi даярланып.
Әлқисса, Кәрiм саудагер мен Жәмшид баланың құмар
ойнауға кiрiскенi:
Сонымен үйден шықты Жәмшид бала,
Ойында жоқшылыққа таппас сана.
Жетi сымбал алтыннан бiр тиын жоқ,
Қайғырып кедейлiктен түстi жара.
«Жалғаншы саудагерге боламын деп,
Болдым, – деп, – опынатын уағдаға.
Таусылғаны болса да есепте», – деп,
Кетедi бiр қиялға осы арада.
Ақылмен тапты сөйтiп бiр iс ойлап,
Көңiлi көтерiлiп шоқтай жайнап.
Арпаның сабанынан қапқа салып,
Сымбалдап «қазынам» деп жатыр байлап.
Жетi сымбал тастай қып буып қойды,
Көлiкке артатын қып ыңғайлап.
Жәмшид жас осылайша амал тапты,
Жоқшылықтың әсерi одан қатты.
Әркiмнен өтiнiшпен сұрап алып,
Әр түрлi бәрiне де кiлем жапты.
Сәулеттеп салтанатты порымдарын,
Сыртынан көрген жанды таңырқатты.
Зерлеген ашамайлы қызыл нарға,
Бес жiгiт қызметкер келедi артта.
Жетелеп қызыл нарын алып барып,
Сондайлық қошаметтеп қанша халық.
Жәмшид жас бiр қожайын ретiнде,
Керуеннiң сарайына түстi барып.
Жәмшидтiң дүниесi көп екен деп,
Саудагер Кәрiм мырза ризаланып.
Отырды жүк түсiрiп мажырасып,
Қуанды шарап iшiп, татып нәсiп.
Ал ендi құмар ойын бастамақ боп,
«Дәртiкем» ұра бердi асық шашып.
Құмарды кезек-кезек атып жатыр,
Саудагер дүниеге әбден батыр.
«Кәрiмдi қайтып ұтып аламын», – деп,
Iшiнде қайғысымен Жәмшид пақыр.
Отырды бiрi ұтып, бiрi алып,
Бiр кетсе, екiншiде қайтып алып.
Жаһанкеш Кәрiм ер де ойыншы екен,
Жүр екен бұл ойынды бастан бағып.
Жәмшидтiң ашылмаған қалың соры,
Болмай жүр қайда барса мұның жолы.
Жарым түн шамасында мәнi болмай,
Кәрiмге қайта басты пұлдың көбi.
Жетi сымбал пұлының бiрi қалды,
Ұтылатын Жәмшидтiң соры бар-ды.
«Ақиқат сабан тыққан бiледi-ау» деп,
Iшiнен көп өкiнiп, қатты ұялды.
Қысылды осылайша Жәмшид бала,
Өлiмнен ұят күштi, болып нала.
Алты сымбал Кәрiмге нәсiп болып,
Бiр-ақ сымбал пұл қалды жеке дара.
Жәмшидтiң жылағаны қабыл болып,
Ендi нәсiп оңдады бейшараға.
Өз пұлын түгелiмен ұтып алып,
Кәрiмге аяқ басты қайта жаңа.
Бұл ойын барған сайын болды қызық,
Қанша жұрт қарап отыр көзiн сүзiп.
Кәрiмнiң көп дүниесiн ұтып алып,
Сарайдың бiр жағына жатыр жиып.
Қызықты дүние ұтып алғанына,
Жәмшид те жетсем дейдi арманына.
Бұл Жәмшид дүние ұтып алған сайын,
Көбейдi жора-жолдас жан-жағына.
Ойнады неше күндей көрмей ұйқы,
Ұтылып саудагердiң кеттi сиқы.
Алтыншы күн болғанда Кәрiм ердiң
Жәмшидтiкi болыпты барлық мүлкi.
Бар малын бiрiн қоймай ұтып алды,
Әйелi мен екеуi босқа қалды.
«Дүниесiз қатынды қайтемiн» деп,
Сол жерде Мейрамханға ақыл салды.
Кәрiм саудагердiң әйелi Мейрамханға ақылдасып айтқаны:
Кәрiмнiң құмар ойнап кеттi малы,
Күйзелдi дүние үшiн ғазиз жаны.
Адастым, ақыл тауып берiңiз деп,
Сол жерде әйелiне айтқан зары:
– Жан жолдасым, құлақ сал,
Айтар арыз менде бар.
Елдi қайтiп көремiн,
Қолдан кеттi барлық мал.
Дүние де керек болмас ед,
Ұтылды деген жаман ар,
Қолымызда барымыз
Қырық құлым қызметкер.
Елге қайтiп барамын,
Ойласам ойым жетпейдi,
Өшпедi қайғы-сәнасы
Бұлғары шаһар патшаның.
Жүзiн қайтiп көремiн
Сопия құт ананың.
Көрiнгенге күлкi боп,
Қысқарды-ау қайран қадамым.
Жан жолдасым, Мейрамхан,
Тапсаңшы мұның амалын.
Құрметтi зайып, жан жолдас,
Болып едiң қосылып.
Ақылдан танып мен тұрмын,
Көзiмнiң жасы жосылып.
Қайғымен ақыр өлем деп,
Жанымнан тұрмын шошынып.
Талайларды жылаттым,
Ұтып алып дүниесiн.
Қалдым ендi тосылып,
Өмiрде бетiме бiр қайтпас,
Жиып ем дүние есiрiп.
Зарын айтып Кәрiм ер,
Әйелiне еңiредi.
Құлы мен әйел екеуiн
Құмарға салам дегенге,
Айтуға аузы келмедi.
Данышпан туған Мейрамхан
Айтпаса да бiлiп тұр.
Жөнiн байқап әрненiң,
Кәрiмдi сонда тоқтатып,
Көзiнiң жасы бұршақтап,
Ағытып сөздi сөйледi.
Мейрамхан әйелi Кәрiм ерiне айтқан сөзi:
Мейрамхан сонда сөйлейдi:
– Жандай досым, тарықпа,
Көзiңнiң жасын ағытпа.
Бақыт қонып басыңа,
Шығып едiң жарыққа.
Бiрде қайғы, бiрде шат,
Һешбiр адам тұрмайды,
Өмiрде бiр түр, қалыпта.
Ауға адасып түседi,
Судағы наһан балық та.
Аю, қабылан, жолбарыс
Қақпанға түсер жаңылып,
Осыдан ойлап парықта.
Айтатын болсаң бiр сөздi,
Жасырып, жауып қайтесiң,
Айдан ашық анықта.
Қолыңнан кеттi дүние-мал,
Мен едiм саған жақсы жар.
Өмiрлiк жолдас бiз едiк,
Ендi менiң тiлiмдi ал.
Тағы да ойнап, ойланып,
Қырық құл мен Мейрамхан,
Бәрiмiздi қабат сал.
Бақытың тайып кетпесiн,
Көп дүниенi қайтып ал.
Сiз үшiн түстiм құмарға,
Менен ақыл сұрасаң,
Осылай болды бiздiң хал.
Олай-бұлай боп кетсем,
Көрiсерге күн жақсы,
Аман боп тұрғын, ғашық жар.
Кәрiмнiң қабыл болды ойдағы iсi,
Қырық құлға не қылса да келер күшi.
Дидары туған айдай, шыққан күндей
Қимастан Мейрамханды қайнайды iшi.
«Бiр сiзден айрылсам не болам» деп,
Құбылып не қилы боп кеттi түсi.
Ақыры үмiт етiп ұтамын деп,
Қызықты көрiнбедi дүниесi.
Көзiнен Кәрiм мырза төктi жасты,
Ұтылып дүниесiнен бақыт қашты.
Құл мен әйел барлығын саламын деп,
Шақырды қайтасынан Жәмшид жасты.
Саудагер шақырған соң келдi Жәмшид,
Толығып дүнияға көңiлi жарық.
«Ойналық ендi құмар» деп айтады,
Жәмшидке Кәрiм мырза күн шығарып.
Артар жүк, малы, жақын туысы жоқ,
Құлымды қайтемiн деп алып қалып.
Ойнауға ендi екеуi мақұлдасты,
Жәмшид те осы сөздi қабылданып.
Саудагер пұл орнына салды құлды,
Амалсыз мақұл сөзбен құлдар тұрды.
Өткелдiктен өтейiк деп мал сипатты,
Көзiнiң жасыменен бетiн жуды.
Бақыт жолы байланып саудагердiң,
Айрылып бәрiнен де Құдай ұрды.
Ал ендi әйелiне кезек жеттi,
Кәрiмнiң берекесi әбден кеттi.
«Алар заман бар ма» деп Мейрамханды,
Жәмшид жас зор қуаныш, үмiт еттi.
Екi мың дiлдә болды әйел басы,
Қиылған қаламдай боп қара қасы.
«Қадiрсiз күң қатарлы сатылдым» деп,
Тыйылмай ағып отыр көзден жасы.
Ал ендi кезек-кезек атты асық,
Не бар, не жоқ болар деп түсi қашып.
Кәрiм ер ұтты сонда Жәмшид ердi,
Қайтарып көп дүниесiн болып нәсiп.
«Мыңға қойдым Мейрамхан сенi» деп,
Саудагер көтерiлiп судай тасып.
Ұтқызған құлдарының бәрiн алды,
Қырық құл әзiрiнше сонда қалып.
Опасыз бақыт болды бұл өзi деп,
Жәмшид бек қабағат қайғыланды.
«Мен бұрын тап осындай ұтушы едiм», – деп,
Кәрiм ер көтерiлiп сөз шығарды.
Жәмшидке салып едi қырық құлды,
«Алам» деп жазатайым кеткен пұлды.
– Мен қысылған уақытымды сасқалақтап,
Әйелдi бағаладым осы сынды.
Құлдарды пұл орнына атып жатыр,
Қуанып байғұстар кетiп жатыр.
«Алам» деп Мейрамханды үмiт еткен
Қысылып терлеп отыр Жәмшид пақыр.
Қолында қырық құлдан оны қалды,
Болуға ендi айналды таза тақыр.
Жәмшидтiң сол заманда кеттi соры,
Қолдағы бар дүниесi, бар он құлы.
– Түстегiдей болды, – деп, – қайран заман,
Қайта қонды басына кеткен бағы.
«Атандым Жәмшид мырза кеше ғана,
Құрмет қып жасы кiшi, үлкен аға,
Алтын басым құл болып бiр-ақ күнде,
Болдым-ау отыратын босағада.
Сонша дүние көзiме бiр көрiнбей,
Үмiт қып мойным создым қызға жана.
Ойын боп көп дүниеге қалып едi,
Қайта қурап қалады-ау, ғарiп ана».
Отырды терлеп-тепшiп, шарт жүгiнiп,
Бiр құлды бiр мың дiлдә жатыр ұрып.
Жәмшидтiң ұтылғанын естiген соң,
Шешесi сол заманда келдi кiрiп:
– Тумай кеткiр өнерден садаға кет, –
Дей сала шапалақпен қалды ұрып.
«Өлiмнен ұят күштi» деген едi,
Қарайды қапалықтан жерге кiрiп.
Жәмшидтiң бек қиналды ғазиз жаны,
Сұры қашып, тартылып iшке қаны.
Анасы айтты: – Үмiтiң не себептен,
Баяғы ұтатұғын ойының кәнi?
Үш жылдай оқып едiң төрт асықты,
Жолына сарып етiп дүнияны.
Өлiп қалсаң сол өнер iште кетер,
Бүгiнгi күннен баста оны.
Бұл сөзге Жәмшид бала қайраттанды,
Он құлын қолындағы бiрақ салды.
«Дәртiкем» деп кеудеге бiр ұрғанда,
Төрт асық төрт түрлi боп тұра қалды.
Су сынаптай толқыған дүние шiркiн,
Жәмшидке аз уақытта қайта айналды.
Мың дiлдә көрiнбедi бiр сом пұлдай,
Ойнады күнi-түнi бес күн тынбай.
Айрылып бар дүниеден Кәрiм мырза,
Қарады Мейрамханға бұрынғыдай.
Әйелiн бұрынғыдай тағы салды,
Қияр ойы болмайды ғашық жарды.
Сол сияқты перизат Мейрамханды
Төрт асықпен Жәмшид ер ұтып алды.
Өкiндi сол сияқты жолдасына,
Ойынның көзi жетiп ендi болмасына.
Жәмшид ер ұтып алып Мейрамханды,
Шынтақтап отырғызды өз қасына.
Отырды Жәмшид келiп қасын қағып,
Кәрiмге қасiреттiң отын жағып.
«Бар дүние, әйелiмнен мен айрылдым,
Жер бетiне сыямын қайда барып.
Өз басын сап ақыры тағы ойнады,
Ұтылсам жүремiн деп отың жағып.
Құл етсiн егер ұтса менi ғарiп,
Қайғырып жүргенiмше күнде өлiп.
Қосылған ғашықтықпен махбүб жардың
Өлгенше жүрейiн деп жүзiн көрiп».
Ойлады Кәрiм сондай қасiреттi,
– Басыма салды, – дейдi, – бұл мың дерттi.
Бақ тайса, басқа қайта қону қиын,
Ұтылып ақырында өзi кеттi.
Айрылып сән-салтанат, барлығынан,
Құлдарының қатарында қызмет еттi.
Қайғысын жоқшылықтың тартқан Жәмшид
Бiр-ақ күнде мұратқа кәмiл жеттi.
Мұратқа Жәмшид отыр қанып,
Бұрынғы қасiреттiң бәрi кетiп.
Алыпты Мейрамханмен жұптыланып,
«Бақытыма себеп бол» деп үмiт етiп.
Дүние жеткiлiктi бiр басына,
Салдырды қанша сарай құп түзетiп.
Бақшада сайрап тұрған бұлбұл құстай
Отырды Мейрамханмен әзiл етiп.
Отын ап, суын құяды Кәрiм ғарiп,
Мойны – ырғай, битi – торғай кеттi арып.
Мейрамханның жұрт асқан сұлулығын
Бiр уәзiр өз ханына айтқан барып.
– О, ғажап, сондай жан да туады екен,
Жүзiн көрген адамдар қалар талып.
Бұ шаһарда құмаршы Жәмшид бала
Отыр ғой саудагерден ұтып алып.
Тақсыр-ай, сiзге лайық әйел екен,
Бiр көрсең, болар едi ебiн тауып.
Ханына бұл сөзбенен салды бүлiк,
Iшiне ғашықтықтың отын жағып.
Әлқисса, Емран шаһарындағы ханның Жәмшидтiң әйелi Мейрамханға ғашық болып, ғашықтықтан iстеген хайласы:
Емранда хан болыпты Жабыр деген,
Бақыты асып тұрған барлық елден.
Айтқан соң Мейрамханның сұлулығын,
Сол уақытта өз ойына бiр iс келген.
«Хандық қып зорлықпенен тартып алсам,
Естiген ұят болар, – дейдi, – елден.
Жәмшидпен құмар ойнап ұтып алсам,
Өнерi артық емес, сiрә, менен.
Зорлықты өз елiмде болдырмайын,
Бұл сырды һеш адамға бiлдiрмеймiн.
Жәмшидпен ойнамағым – бақытым артық,
Сондықтан патша болып мен жүрмiн».
Отырды осы iстi көп ойланып,
Көңлiнде ғашықлығы айдан анық.
Жiбердi бiр жасауыл сол заманда,
«Жәмшидтi тоқтатпастан келгiл алып».
Жасауыл ести сала тұра шапты,
Екпiнi жасауылдың қандай қатты.
– Хан шақырды, тоқтаусыз жүресiз, – деп,
Жәмшидтi бара салып ығырлатты.
Жәмшид те келдi сонда қабылданып,
Ешқандай сескенбедi жабырқанып.
Ханның салтанатты сарайында
Отырды сiз-бiз десiп ризаланып.
Жабырқап сөз сөйледi Жәмшид ерiң:
– Бiлмедiм ханымызға не керегiн?
– Бұл жерге келгенiңiз себебi не,
Айтайын аз мәселе ендi сiзге.
Азырақ домбырамен ән шырқасаң,
Тыңдар ек құлақ қойып бәрiмiз де.
«Және де құмар ойын бiлед» дейдi,
Жайылған сарын болып талай жерге.
Отырсақ сыбызғымен бiраз тойлап,
Ән мен күй көңiлдегi кiрдi жоймақ.
Жұрт мақтаған өнерiң қандай екен,
Және тағы байқасақ құмар ойнап.
Жабыр хан айтып болды маддұғасын,
Бәрiнiң бiлдi сондай ықыласын.
Ханның сөзiн жықпай, көңiлiн қимай,
Қолға алуды ойланды домбырасын.
Жәмшид төңкерiлiп шырқағанда,
Қайран боп хан отырды шайқап басын.
Босатып бар дененi, тамырларын,
Қайғылы жан ағызды көзден жасын.
Одан соң сыбызғыны зырқыратты,
Бой шымырлап кеуденi қалтыратты.
«Мұндай жан өмiрiмде көрмедiм» деп,
Жабыр хан көп сүйiнiп, жауап айтты.
Жабырдың шын мақсаты құмар ойын,
Ән мен күйдi ақыры құп тоқтатты.
Ханменен қарсыласып Жәмшид мырза,
Төрт асық қаттап ұстап ендi атар.
Ойнады ертеден кеш асық шашып,
Жабыр хан ұтпақ болып бағы асып.
Жәмшидтiң үйiндегi көп дүниесiн
Құлдары қызыл нармен жатыр тасып.
Мыңдап салса болмайды бiр тиындай,
Жәмшид жан салады ендi сұры қашып.
Ұтылды соныменен барлық пұлы,
Қора-жай салтанатты, қанша құлы.
Жәмшидтiң таза тақыр болғандығын,
Мейрамхан өзi келiп көрдi мұны.
Жәмшидтiң қалған екен жалғыз басы,
Қаны қашып, үрпиген баста шашы.
Мейрамхан жан жолдасы, өмiр серiк,
Өлмелi үйiндегi ұлы анасы.
Жабыр хан сөз сөйледi желдей есiп,
Отырған Мейрамханды көзi тесiп:
– Ұтар ем жер-жаһанның бәрiн қоймай,
Жәмшид құсап құмарды етсем кәсiп.
Қаз iлмес қара қарға қайырғанмен,
Ақ тұйғынды жеңе ме ол егесiп.
Әншi, күйшi өнерiм бар дегенше,
Сен маған қызмет iсте, келгiн көшiп.
Мейрамхан бұл сөзiне намыстанып,
Қызарды екi бетi шұғылаланып.
Жабыр ханға сол жерде жауап еттi:
– Жәмшидтiң ойнаймын, – деп, – өзiн салып.
Жәмшид сөз сөйледi жауап ашып:
– Тоқта, – деп Мейрамханға ашу басып.
Инсаны бұл дүниенiң өнегесiз,
Жүрiстiк армансыз бiз қол ұстасып.
Әйелi айтты: – Бұл сөзiң тура келмес,
Талаптанбай дүниесiн һешкiм бермес.
Жабырдың жалған сөзi жанға батты,
Ер жiгiт ардан өлер, аштан өлмес.
Көнбеймiн тiрi болсам бұл қорлыққа,
Дәулетiм болмаса да бұған теңдес.
Ойнаймын бұл құмарға сiздi салып,
Мақұл деп отыра бер ризаланып.
Ұтылсақ екеумiз де құл мен күң боп,
Жүремiз суын құйып, отын жағып.
Көндiрдi ақырында Жәмшид ердi,
Мейрамхан осылайша сөзге салып.
Болыпты мың дiлдәдай Жәмшид басы,
Қайғырып қапалықпен кеттi сұры.
Жабыр хан мен Мейрамхан ойын бастап,
Бiр дамыл ала алмады күндiз-түнi.
Дiлдәны күндiз-түнi отыр төгiп,
Жабырдың бойы балқып қызды көрiп.
Сегiз күн дамыл таппай, ақырында
Мейрамхан Жабыр ханды шықты жеңiп.
Жабырдың кетiрдi сөйтiп сорын,
Салтанат сарайларын, барлық қолын.
«Бүйтiп тiрi жүргенше, өлейiн» деп,
Салыпты өз басы мен патшалығын.
Бақыты Мейрамханның судай тасып,
Ұтыпты түк қалдырмай бiрдi берiп.
Айрылды Жабыр хан алтын тақтан,
Патшалық хүкiм еткен барлық бақтан.
Құлдардың есебiнде қол қусырып,
Қызмет қылып Жәмшид ерге отын жаққан.
Отырды алтын таққа патша болып,
Мейрамхан ханым болды айдай толып.
Түзетiп қару-сайман ескiргенiн,
Ерлердiң қатарында елiн құрып.
Алғашқы Кәрiм деген саудагер де,
Сол жерде қызмет еткен қорлық көрiп.
Моншаның отын жағып, лөңгi берiп,
Қайғымен жылағанда жүрген ерiп.
Жамағат, жалықпастан тыңдаңыздар,
Айтайын бiр хадиса жауап берiп.
Әлқисса, ендi сөз Емран шаһарына Бұлғар шаһарынан келген саудагерден сөз естiңiздер:
Еренқабыл шәрiден керуен келдi,
Аралап дүния үшiн талай жердi.
Моншаға Уалсау деген барып едi,
Кәрiмдi лөңгi берген сонда көрдi.
Кәрiмдi танушы едi бастан бұрын,
Байбатша салтанатты шаттық күйiн.
Көрiсiп бiр-бiрiмен құшақтасып,
Айтысты iшiндегi барлық сырын:
– Айрылып бар дүние, әйелiмнен,
Боп тұрған осы күнгi мына түрiм.
Iнiсi патшасының болғаннан соң,
Саудагер акт iсiмен берiп қолын.
Саудагер арыз бердi Жәмшид ерге,
Келгенiн баяндады осы жерге:
– Кәрiм деген құлыңыз қолыңдағы,
Патшаның iнiсi едi бiздiң елде.
Сол құлды бiзге сатсаң, алар едiм,
Өзiммен қайтар едiм алып бiрге.
«Көрiп тастап кеттiм» деп патшаға айтсам,
Тiрiдей қағады ғой менi жерге.
Тыңдады Жәмшид патша құлақ салып,
Кәрiмнiң бұл жұмысы бастан анық.
«Құлдықтан азат еттiм, – дедi, – сонда,
Қайтем, – деп, – обалына мұның қалып».
Саудагер құлдық ұрып, бек сүйiнiп,
Қайтарып өз елiне кеттi алып.
Биабан Үндi елiне сапар етiп,
Тапсырды ағасына алып барып.
Сөйлейдi ағасына көргендерiн,
Мехнат жамандықпен жүргендерiн.
Саудагер себебiмен өлiм жетпей,
Ақыры ата-жұртын көргендерiн.
Әлқисса, ендiгi сөздi Кәрiмнiң ағасы iнiсiне: – Өлсең де намысыңды жiбермей өл. Өлмесең, әйелiңдi қайтып ал, – деп жол көрсетiп айтып тұрған сөзi:
Ағасы ашуланды iнiсiне,
Айрылып дүниесiнен жүрiсiне.
– Iзденiп бiр ғаярды тауып алып,
Көзiңнiң қимылда, – деп, – тiрiсiнде.
Бұлғары ол Үрiмге қарайды екен,
Хүкiмi бiр-ақ жерден тарайды екен.
Үрiмнiң падишасы Қоңқар деген,
Бiр өзiн мың кiсiге балайды екен.
Дейтұғын Шабыраң ғаяры бар,
Айлакер, әрбiр iске жарайды екен.
Барғаның Қоңқар шаһқа тура келер,
Зарыңды айтқаннан соң қабыл көрер.
Аларсың андан кейiн әйелiңдi,
Қайырып Шабыраңға қосып берер.
Бұл сөздi қабыл көрiп, жүрiп кеттi,
Үрiмге алты күнде барып жеттi.
Алдына Қоңқар шаһтың басын қойып,
Әуелден оқиғасын айтып өттi.
– Емранда қорлық еттi маған Жәмшид,
Бар дүние, әйелiмдi тартып алып.
Иә, тақсыр, Жәмшидтен кегiмдi әпер,
Келiп ем қуат тұтып сiзге шағып.
Әлқисса, Үрiм патшасы Қоңқар Кәрiмнен бұл сөздi естiп қаны қайнап, көзi жайнап, ашуланып Кәрiмге айтқаны:
Қоңқардың ашуланып кеттi сұры,
Өмiрде жеңер емес һешкiм мұны.
– Кегiңдi әперем, – деп, – ол Жәмшидтен,
Сыртына киiмiнiң шықты түгi.
– Қаптатсам қалың әскер – қара тұман,
Емранның тiрi қалмас бiрде-бiрi.
Жәмшид деген бұл өзi қайдан шықты,
Жоқ едi естiгенiм һешбiр мұны.
Ол Қоңқар шыдай алмай ашуланып,
Және бiр ойға түстi қайта айналып.
«Жiберейiн ғаярымды бүгiн түнде,
Жәмшидтi әйелiмен келер алып.
Iздеп келген ел болса тағы көрсем,
Зынданға өмiрiнше қойсам салып».
Дейтұғын Шабыраң бар ғаяры
Бүлдiрер ашуланса дүниенi.
Һәр түрлi жүрiстеген күндiз-түнi,
Көрмейдi һеш уақытта адам аны.
Сиқырмен от жандырып қорған жасап,
Шаһарын қорғап тұрады, падишаны.
Хикмет бiр дорбасы бар-ды және
Салса толмас және де дүниенi.
Кәрiмге бұл ғаярын қосып берiп,
Жәмшидтi ұстамақ боп кеттi бәрi.
Әлқисса, ендi сөздi Емран шаһарындағы Жәмшидтен естiңiздер. Жәмшид хан болып рахат дәурен сүрiп отыра бередi. Бiр күндерi әйелi Мейрамхан тамашалап саяхаттауға патшалық әскер, ойыншы қыздарды қасына ертiп, тауға шығып, тамашамен жата берiптi. Сол кезде Жәмшид жалғыз үйде қалғанда Кәрiм мен Шабыраң ғаяр келiп жолығысуынан естiңiздер:
Сарайда жалғыз жатқан Жәмшид бала,
Болмаған көңiлiнде һешбiр сәна.
Биабан ен далада тынбай жүрiп,
Емранның шаһарына келдi жаңа.
Көрiнбей сиқырменен хайла етiп,
Кез болған Жәмшидке осы арада.
Мұрнына иiскетiп дәрiмен бейиiс,
Торға сап алып кеттi жүзiқара.
Бұл ғаяр Жәмшид ердi кеттi алып,
Таба алмай Мейрамханды қайран қалып.
Ғашық жар, махбүбәсі болмаған соң,
Кәрiм де ренжiдi қатты налып.
«Асықпасаң үйiңде ұстармын» деп,
Кәрiмдi Шабыраң сөзге салып.
Арада азды-көптi сапар етiп,
Қоңқарға Жәмшид ердi бердi апарып.
Апарды хайламенен Жәмшид жасты,
Ғаярдың осылайша өнерi асты.
Үрiмде Қоңқар шаһқа барғаннан соң,
Бiр дәрi iшкiзiп көзiн ашты.
Отырды қайран болып, ашып көзiн,
Бiлмедi не болғанын өзi-өзiн.
Сарайының сән-салтанат бәрi бiтiп,
Естiдi Қоңқар шаһтың айтқан сөзiн.
Сөйледi Қоңқар падиша сонда орғып:
– Кәрiм деген саудагерге еттiң зорлық,
Барғанда шаһарыңа талап алсаң,
Сол зорлығың – өзiңе болар қорлық.
Өзiңдi ғаярларым келдi алып,
Тандырып есiңнен, қапқа салып.
Үрiмнiң патшасы менмiн – Қоңқар,
Иә, Жәмшид, танып қойғын, есiңе алып.
Ғұмырың ендi өтер қорлықпенен,
Көрмейсiң дүнияда ендi жарық.
Бұл сөзге Жәмшид патша қайғыланды,
Қорлықпен алады деп ғазиз жанды.
Қоңқар шаһ хүкiм етiп ашуланып,
Зынданға алып барып ендi салды.
Бұл Жәмшид осылайша жата тұрсын,
Айтайын Мейрамханнан ендi халдi.
Әлқисса, ендiгi сөздi Мейрамханнан естiңiздер. Әйелi таудан үйге келсе, үйдегi Жәмшид хан жоқ. Мейрамхан елiн жиып алып, ақылдасып, Емран шаһарындағы бақсы, балгердi жиып алып, кiтап аштырды. Сол елде Бадыраң Ғазиз, Бадырап деген екi ғаяр бар екен. Бадыраң Ғазиздiң баласы Бадырап екен. Сол Бадырап ғаярлықта бейқисап екен. Сол жерде кiтап ашып, Жәмшидтiң қайда кеткенiн қарап айтады:
– Жәмшидтi Үрiм шаһарының Қоңқар патшасының ғаяры Шабыраң алып кетiптi. Кәрiм саудагерден себеп болған екен. Апарып зынданға салып қойыпты, – деп барлығын айтып өтедi. Ал, ендi «мен Жәмшидтi iздеймiн» деп Бадыраптың жолға түскенi:
Бадырап Жәмшидтi iздеп түстi жолға,
Қарамады асығып оң мен солға.
Бiр жынды қатарында киiм киiп,
Қоржын, дорба арқалап, таяқ қолда.
Үрiмге сол порыммен жүрiп кеттi,
Қандайлық хайла етсе өзi ептi.
Биабан дария шөлде сапар етiп,
Бiр күнi дарбазаға келiп жеттi.
Қақпада қалың әскер тұрған қарап,
Һешкiмдi жiбермейдi бұлар аяп.
Айдаһар сипатында палуандары,
Жүзiне болар емес адам қарап.
Шынжырлап базбiреуiн байлап қойған,
Қаһарланса дүниенi етер хараб.
Әскердiң көптiгiнен есебi жоқ,
Бадырап жылап тұрды мүсәпiр боп.
– Шаһарға ендiргiн, – деп жылап-еңiреп,
Күнкөрiс, қайыр сұрап кетемiн, – деп.
«Кембағал адам екен жiбергiн» деп,
Шаһарға кiргiзiптi бiреуi кеп.
Сонымен дарбазадан кiрiп кеттi,
Iшiне ол шаһардың келiп жеттi.
Диуана қатарында қайыр сұрап,
Неше күн шаһар iшiн сайран еттi.
«Жәмшидтi қандай жерден табамын» деп,
Балнама кiтап ашып ақыл еттi.
Көрiндi осындай iс кiтабында,
«Қоңқардың барғын» деген зынданына.
«Ұйықтайды қарауылдар, – деп айтыпты,
Жол ашық жарым түнде барсаң онда».
Зынданға соныменен түнде барып,
Қарады атырабына көзiн салып.
Барлығы қарауылдың шарап iшiп,
Жатыпты бет-бетiмен естен танып.
Бұлардың бар киiмiн тонап алып,
Бадырап жiбердi отқа жағып.
Жәмшидтi зынданнан алып шықты,
Хикмет қапшығынан арқан салып.
Бiрiн-бiрi тiрi көрiп қуанысып,
Екеуi сыр сұрасты аулақ барып.
Жәмшид ер сөз сөйледi құрмет етiп,
Бадырап қуаныштан жарқ-жұрқ етiп,
– Осыдан қайтсек кектi бiз аламыз,
Қоңқардың кеттi, – дейдi, – қорлығы өтiп.
Кәрiмнiң сөзiн сөйлеп намыс үшiн,
Зынданға салды, – дейдi, – азап етiп.
Бадырап Жәмшидке айтты: – Иә, тақсыр,
Бұл сапар амандықпен елге жетiп.
Шығуға бұл шаһардан қандай хайла,
Бiр зиян бола ма деп ғазиз жанға?
Айнала қорғандардан адам өтпес,
Жағалап бақтың iшiн жүрдi сонда.
Бадырап Жәмшидпенен келе жатса,
Шам жанған неше түрлi бiр сарайда.
Сарайдың салтанаты жаннан асқан,
Сондайлық сипаттаған асыл тастан.
Отыр деп не себептен бұл уақытта,
Бұл үйдi көрмек үшiн жақындаған.
Тұсына терезенiң келдi жетiп,
Iшiнде не бар, не жоқ үмiт етiп.
Шолпанның жұлдызындай бiр сұлу қыз
Қырық қыз нөкерiмен тамаша етiп.
Бадырап Жәмшидпенен тұр сығалап,
Сұлулық сипатына қыздың қарап.
Гауһардан жағып қойған шам-шырақтай,
Сипаттап болар емес һеш бағалап.
Алтыннан омырауы толған алқа,
Өмiрде көрген емес мұндай қалқа.
Ақ жүзiн көргеннен соң ес қалмады,
Қасына қайтер едi жақын барса.
Бұл қыздың жамалынан күн көрiнген,
Інжу, жауһар үстiне киiм киген.
Бұл түрлi салтанатын көргеннен соң,
Жәмшидтiң ғашықтықпен iшi күйген.
Бадырапқа Жәмшид айтты: – Тiлiмдi алып,
Бұл жерде сiз тұрыңыз рахаттанып.
Мен қазiр рұқсат сұрап үйге барып,
Бұл қызбен сөйлесемiн жауап алып.
Сағынып көптен берi жүрушi едiм,
Азырақ сыбызғымен бiр ән салып.
Ажал жетсе өлермiн осы жерде,
Дүниеде адам тұрмас бақи қалып.
Бұл сөздi Бадырап та көрдi мақұл,
Қайыршы қатарында Жәмшид пақыр.
– Енем, – деп, – рұқсат болса осы үйге,
Есiгiн қақты сонда тақыр-тақыр.
Жүгiрiп сол заманда бiр қыз келдi,
– Бұл кiм? – деп ашуланып жауап бердi.
– Мезгiлсiз нағып жүрген адамсың? – деп, –
Көзiңдi шапшаң ендi жоғалт, – дедi.
Жәмшид ол қызға: – Мен диуана,
Боп жүрген жындылықтан бiр пәруана.
Бақсы, балгер, ашамын құмалақты,
Айтыңыз осы сөздi ханышаға.
Мен дағы Қоңқар шаһтың адамымын,
Жөн бе екен түнеткенi айдалаға.
Сөйледi есiкшi қыз ханышаға:
– Бұл үйге қонамын дейдi бiр диуана,
«Қобызбен күй тартамын, құмалақ сап», –
Деп зарлап жылап отыр босағада.
Сұлу қыз сөз сөйлейдi сонда тұрып,
Аққудай көлден ұшқан мойын бұрып:
– Ақиқат жынды болса жынды шығар,
Сау адам түн iшiнде келмес жүрiп.
Есiк аш, диуана келсiн берi,
Бiр түнге отырайық мазақ қылып.
Әлгi қыз ертiп келдi Жәмшид ердi,
Отырған шоқтай жайнап қызды көрдi.
Иiлiп тал шыбықтай Жәмшид мырза,
Ол қызға қол қусырып сәлем бердi.
– Ойпырым-ай, қыздың бәрi мұнда екен, – деп,
Аузына келген сөзiн сөйлей бердi.
Ол қыздар күлiп жатыр бұған қарап,
Ыржың-ыржың етедi алақ-алақ.
– Аһ, дүние, өткен заман бойда болса,
Қайсысын алар едiм сонда таңдап.
«Жездем» деп балдыздарым ойын-сауық,
Шаң-топыр қыздарменен салсам ойнақ.
Барлық қыз жиылдыңдар мұнша нағып,
Мен тұрмын бұл iсiңе қайран қалып.
Онан да бiр-бiр байға тиiп алып,
Жатқаның жақсы емес пе рахаттанып.
Бала тапсаң тағы да ол бiр қызық,
Ол кеткенiң артыңда тұқым қылып.
Бұл топырдан, шырағым, түк өнбейдi,
Бiреуiң маған тигiн тiлiмдi алып.
Әлқисса, бұл сөзге қыздар күлiп: – Анық диуана, ойдағы сөзiн айтты, бұл сау адам болса ханышаның алдында әдепсiз сөз айта ма, – деп сөз шығарды. Ал сонда әлгi сұлу қыз тұрып Жәмшидке айтты: – Әй, диуана, сiздiң айтқан тiлiңiздi алайық, осы қыздан бiр қыз сiзге берiлген, бүгiн соның тойы болсын, ал, ендi той бастап бiраз өлең айтып жiберiңiз, – дедi. Жәмшид: – Мақұл, бұл тойды мен бастайын, – деп бiр сыбызғы қолына
алып айтқан өлеңi:
– Ал, тойымды бастайын,
Сыбызғы сөйле сыңқылдап.
Қыздардан ұят болады,
Шықпай қалсаң қыңқылдап.
Маған бәрi қарап тұр
Қайсымызды алад деп,
Тұйғындай көзi жылтылдап.
Дәулетiндей Қоңқарша
Сырт киiнген бұларды,
Бордақы малдай былқылдап,
Екi емшегiн қарашы,
Төсiне кiрiп тырсылдап.
Құшақтасып бiр қызбен
Төсегiне ұйықтасам,
Балдыздарым оятса,
«Тұр» десе де тұрмасам,
Сөзiн қабыл қылмасам.
– Бұздыңдар, – деп, – ұйқымды,
Ашуланып шындасам.
Ал, таңдаймын бiрiңдi
Сөзiңдi жалған қылмасаң.
Қайсың жақсы көресiң
Қонағым деп сыйласаң.
Қайсың менi сүйесiң,
Өздерiң қалап тиесiң.
Диуана боп мал тапсам,
Қоржын дорба көтерiп,
Тайым болып жүресiң.
Осы бастан айтайын,
Жыртық көйлек киесiң.
Бақ, сарайым менде жоқ
Қамыстан соққан балаған,
Еңкейiп оған кiресiң.
Қалыңдықты таңдайын,
Келтiрiп сөздiң жүйесiн.
Ортаңдағы бәрiңмен
Жаман деп һешкiм тастамас,
Жетi күнге тосыпсың.
Жәмшидтiң бұл сөзiне қыздар күлiп, мазақтап: – Сөйлей бер, – дедi. Сонда бiр қыз тұрып жауап еттi: – Ей, диуана, мұның қалай, ханышаның алдында әдепсiз сөз сөйлейсiң. Бұл қыздарды кiм деп тұрсың? Бұл қыз осы Үрiм шаһарының патшасы Қоңқардың қызы Маһирон деген ханыша осы. Абайлап сөйле, ханыша ашуланса, мың жаныңнан бiр жаның да қалмайды. Онан да бiлсең ханышаны мақтап айт, бiлмесең сан-
далмай кете бер, – дедi.
Ал сонда Жәмшид айтады: – Мен бiр жүрген диуанамын, ақылым бүтiн емес, жыным ұстағанда бiр түрлi айтамын және де есiм кiрсе бiр түрлi айтамын. Ал, ендi сау күнiмде[гi] айтайын өлеңiмдi, – деп домбыраны қолына алып сөйлей бастады. Жәмшид сонда сөйлейдi:
– Алдияр, тақсыр, ханыша,
Нәсiлдi болсаң падиша,
Айтар сөзiм тiптi көп,
Неше түрлi хадиса.
Бақытты болар әркiм-ақ,
Басына Қыдыр дарыса.
Дария арам болмайды,
Ит жабылып сарыса.
Сөйткен дария сен едiң,
Шалқып жатқан кен едiң.
Дыбысыңды есiтiп,
Бiр түрмен кеп едiм.
Ғашықтық деген қасiрет,
Айтып тұрған өлеңiм.
Жамандықпен ойласаң,
Ақиқат менiң өлерiм.
Мен өлгенде ойлаңыз
Қанша пайда келерiн.
Алтын айдар, жалың шаш,
Асып туған перiсiң.
Сипатың нұрдан жаралған,
Гауһар көздi зерегiм.
Өздерiңдей асылға
Сөйлеп-сөйлеп берем мен
Тiрлiктiң не iсiме керегiн.
Қаламдай қасың қиылып,
Садақтай сағақ иiлiп,
Қозы жауырын жебенiң.
Жәмшидтiң сан құбылып шықты әнi,
Саусақтап шертiп отыр домбыраны.
– Уа, ғажап, бұл диуана емес қой, – деп,
Адасты ақылынан қыздың бәрi.
Бәрiнiң бойы балқып, қайран болып,
Болар деп қандай жанның ғашық жары.
– Бiр хикмет диуанада бар екен, – деп,
Маһирон да ақылменен бiлдi әндi.
Жәмшид ер тартты тағы сыбызғыны,
Бұлбұлдың тең келмейдi бұған үнi.
Мас болып қыздың бәрi құлап жатыр,
Алмадай пiсiп тұрған күздi күнгi.
Топырлап қыздың бәрi жатты сұлап,
Жәмшид те толықсиды болып сынап.
– Дүние-ай, осы менi алмайды-ау, – деп,
Кейбiр қыз терiс қарап жатыр жылап.
Iшiне ғашық оты қасiрет боп,
Маһирон де сабырлықпен отыр сынап.
«Iшiнде осы көптiң ұят болар,
Сөйлессем ақиқатын мұның сұрап».
Ғашықтық Маһиронға жаннан өттi,
Мұндайын көрмедiм деп асыл тектi.
– Тоқтат, – деп диуанаға – домбыраны,
Қыздарға: «Жатыңыз» деп әмiр еттi.
Амалсыз ханшадан қорыққанынан,
Артына қарай-қарай қыздар кеттi.
«Бұл өзi диуана емес, жан күйдiрер»,
Күңкiлдеп бет-бетiмен өсек еттi.
Артында бұл қыздардың болды көзi,
Қыздардың құлағында Мәлiк сөзi.
– Ханыша бәрiмiзге жат деп айтты,
Қосылмақ диуанаға бүгiн өзi.
Әлқисса, ендiгi сөздi Маһироннан естiңiздер. Маһирон қыздардың бәрiн өздi-өз бөлме сарайына жiберiп, өзiнiң сарайына өзi барып отырады. Мәлiкке бiр бөлмеге төсек салдырып берiп жатқызып, ал ендi өзiнiң ғашықтығы жанға батып, өзiмен өмiр серiк, әрқашан болса сырласып тұратын бiр Жамал деген қызды шақырып алып, сырласып айтып отырған сөзi:
Назым Маһирон
– Жамал-ай, берi келшi, замандасым,
Бiрге жасап келемiз жастық жасым.
Туғаннан анамыздан ниеттес боп,
Боп жүрсiң қашан болса ақылдасым.
Iшiп-жемей мас болып бiр нәрсеге,
Бұл күнде айналып тұр менiң басым.
Айттырмай сыр бiлетiн қатарымсың,
Бұл iстiң сiз табарсыз шын дауасын.
Бұл қайғы дәл кiмнен боп тұрғаны,
Сiзден сұрар бұл өзi емес бұйым.
Сән-салтанат сарай мен осы бақыт
Көзiме көрiнбейдi екi тиын.
Айтарға аузым бармас көңiлiм арман,
Қозғалады осылайша баста миым.
«Адассам ақыл болад» деушi ем сiздi,
Бұл iске табылады сiзден түйiн.
Әлқисса, Маһиронның бұл сөзiн естiп, Жамал қыздың айтқан сөзi:
– Ханыша, сөзiм тыңда, жандай досым,
Келмедi қалайынша көңiл хошың.
Табармын есен болсам маддұғаңды,
Бiр менен түгелденсе ол жұмысың.
Бiр сiзден аярым жоқ қолдан келсе,
Кiмдер жасып, қор болмас қайғы көрсе.
Ғашықтық, қайғы-қасiрет, ауруыменен
Адамды қор қылады бұл үш нәрсе.
Ден сауда есеп емес жоқтық, байлық,
Қайғы деген ол өзi анықтарлық.
Дүниеде ғашықтың дертi жаман,
Көз көрсе, қол ұстамай қояр зар қып.
Шақырдың сырыңды айтып өз қасыңа,
Бұл күнде ауру жоқ бiр басыңда.
Қайғы-қапа көретiн һеш жөнiң жоқ,
Бiр адам келе алмайды өз қасыңа.
Ғашықтық қасiретке кез боп қапсыз,
Сөзiңнiң қарап тұрсам тұлғасына.
Айтып өт арманыңды олай болса,
Шығарам әлiм келсе қыр басына.
Әлқисса, Маһирдың Мәлiкке ғашықтығын сипаттап, Жамал қызға айтып отырған сөзi:
– Жамалжан, ақылды боп тудың дана,
Әрқашан болып жүрсiң маған пана.
Диуана болып келген қонағымыз
Өрт болып жүрегiме салды жара.
Бұл қонақ диуана емес нағыз шын-ды,
Сипаты салтанатты, сондай сынды.
«Ерден өнер құтылмас» деген сөз бар,
Бұл өзi жiгiт екен сегiз қырлы.
Бұл жерге бiр себеппен келу керек,
Ғашықтық сөз айтады тоқсан түрлi.
Жайнаған жай тасындай порымы бар,
Қақпақтай жауырынды, қандай нұрлы.
Жамал-ай, ендi аяғын өзiң жөнде,
Құшақтасып айтатын iште сырды.
Қонақты, мақұл көрсең, келгiн алып,
Сұрайын жон-жосығын жөнге салып.
Ақиқат бiздi iздеп келген болса,
Отырсақ жарасқандай рахаттанып.
Жамал қыз мақұл көрiп тұрып кеттi,
Алдына Мәлiк ердiң келiп жеттi.
«Ханыша сiздi мұнда шақырад» деп,
Әлгi қыз майда сөзбен ғұзыр еттi.
Қуанып ұшып тұрды Мәлiк мырза,
Шақырған құрметiне болып ырза.
Ханыша сарайына барғаннан соң,
Қайтадан қол алысты сонда қызға.
Маһирон алтын тақта отыр едi,
Сипаты бiр ғажайып ұқсап нұрға.
Маһирон сөз сөйледi жауап берiп,
Бiрiн-бiрi көрген соң көңлi ерiп.
– Жүрiсiң диуаналық, нәсiлiң артық,
Бұл жерге қай тараптан тұрсыз келiп?
Ойдағы оқиғаңды айтып өтшi,
Мәнiсiн бастан-аяқ бiз естiлiк.
Әлқисса, Мәлiктiң Маһирон қызға бастан кешкен оқиғасын айтқаны:
Сөйледi Мәлiк сонда ата-тегiн,
Емран шаһар қаласын, туған жерiн.
Бақ-дәулет, патшалық дәурен сүрiп,
Қоңқарға қолға түсiп келгендерiн.
– Бұл күнде тiрi зындан, сiздi көрiп,
Байланған ғашықтықтың iште шерiн.
Бiр сiзге арманымды айтпай кетсем,
Онан да жақсы емес пе маған өлiм.
Өзiңе ғашықтықтан сабырым жоқ,
Оқиғам осылайша, қара көгiм.
Ғашықлық Маһиронда сондай қатты,
Бұл қыз да әсiлi нәсiлiн бәрiн айтты.
– Өз теңiм өлсем дағы арман жоқ, – деп,
Белгiлi адам екен асыл затты.
Менiң ғашығым бiр сiзден екi есе,–
Жәмшидке күлiмсiреп қолын артты.
Отырды сiз-бiз десiп бұлар бiрге,
Ұқсады бау-бақшада қызыл гүлге.
Бұлттан шыққан күндей боп шұғлаланып,
Түскендей ай сәулесi айдын көлге.
Маһирон Мәлiк ердi шынашақтап,
Отырды армансыз боп дүниеде.
Сөз қалмай айтылмаған, түрлi ләззат,
Ендi арманы деп отыр жатсақ бiрге.
Ақыры ойда мақсұт, бiттi арман,
Бiр минут ұйқы көрмей ұзын таңнан.
Елге қайтiп жетемiз деген оймен,
Үмiт етiп сөйледi өткен халден.
Жәмшид айтты: – Маһирон, ғашық жарым,
Сiзге айтар ойымдағы бұл арманым.
Бұл жерден қалай шығып бiз кетемiз,
Қолға түссек болмайды менiң мәнiм.
Сiздi тастап өмiрде кете алмаймын,
Жолыңда сарып етем ғазиз жаным.
Ақылдассақ жарым емес, бүтiн болмақ,
Бұл iстiң сiз айтыңыз ендi амалын.
Жанға сая жолдас, хайласы мол,
Бадырап қасымда бар бiр ғаярым.
Әлқисса, Мәлiктiң бұл сөзiн Маһирон естiп, Мәлiкке Маһиронның айтқаны:
Маһирон Жәмшидке айтты: – Сабыр әйла,
Көредi сабырлы жан әрбiр пайда.
Бұл сапар менi алып кете алмайсыз,
Жәмшидiм, ақырын күт, түбiн ойла.
Бiр ғаяр бар Шабыраң бiздiң елде,
Қоймайды жасырынсаң да қандай сайға.
Өз басың аман-есен елге барып,
Әскер жиып, күшпенен келгiн мұнда.
Елiңе жаяу жүрiп жету қиын,
Ат-тұрман, қолыңда жоқ һешбiр бұйым.
Қандайлық жоқтығының себептерiн,
Айтайын мен сiздерге барлық сырым.
Менiң әкем Қоңқардың бiр аты бар,
Сипаттап айтып болмас аның түрiн.
Ол аттың Бадампай деп айтар атын,
Қарғып шапса барады құсқа жақын.
Айлықты алты күнде тамам етер,
Ғайыптан пайда болған дейдi затын.
Ол атты темiр үйге тұрар бағып,
Iшiне жоламайды бөтен халық.
Дейтұғын Шабыраң бiр бар ғаяры,
Суытар әр аптада терiн алып.
Астына Қоңқар патша өзi мiнiп,
Келедi саяхат қып тауға барып.
Жiбергiн Бадырапды Бадампайға,
Қолынан келер болса оның хайла.
Шабыраң ғаярдың iсi өтпейтiн
Осындай бiр ғажайып етсiн хайла.
Қоңқардың ғаярындай анда барсын,
Сол атты суытам деп сұрап алсын.
«Жүгiртiп сахараға келемiн» деп,
Ашқын деп дарбазаға жетiп барсын.
Деп ойлап Шабыраң қақпаны ашар,
Танымай Бадырапды қара басар.
Бадампай қолға түссе, бақытты жол,
Сiздер сынды елдердiң бағын ашар.
Жәмшидiм, жолыққанша кiм бар, кiм жоқ,
Тiрi болсам мен емес қайта басар.
Қару, қайрат аса көп ап келмесең,
Қоңқардың палуандары қаның шашар.
Әлқисса, Маһирон бұл сөздi айтып болған соң және Мәлiкке айтады:
– Ал ендi сiздiң шығатұғын себебiңiздi тағы да айтайын. Бiздiң мына бақшамыздағы ағып жатқан судың басы шаһардың қорғандап қойған дуалының астынан тесiп қойған, сонан келедi. Сол су өткен жерден Бадырап ғаяр амалдап темiр қазығын алып, сiздi өткiзер, – деп Маһирон қыз сөзiн тоқтатып, Мәлiкпен құшақтасып, қол алысып қала бередi. Жәмшид үйден шығып Бадыраптың қасына келiп оқиғаны бiр-бiр баян еттi.Бұл сөздi Бадырап мақұл көрiп, су өткен жерге келiп қадаған темiрлерiн сындырып, Мәлiктi дуалдан өткiзiп жiберiп «ал ендi мен Бадампайға барайын» деп, ертемен Қоңқардың ат баққан адамына барады. Шабыраңның суретiнде болып «патша жiбердi, атты суытамын» деп. Ат баққан адамнан атты алады. Ол дәл танымай, Шабыраң ғаяр деп сенiп қала бередi. Бадырап Бадампайды мiнiп жөнеп бередi.
Бадырап ғаярдың Бадампайды мiнiп, дарбаза есiкке келгенiн толғар аттың сипаты:
Мiнiп алып Бадырап
Бадампаймен жөнелдi.
Алтыннан жабу жаптырып,
Жiбектен арқан тақтырып,
Өңi асылға бөлендi.
Екi құлақ тiгiлiп,
Батырлар алған найзадай,
Ақ маңдайы жалтырап.
Мың теңгелiк айнадай,
Жайдың атқан оғындай,
Қызыл-жасыл көрiнiп,
Екi көзi жайнады-ай!
Арандай ашып азуын
Iшi пысып зерiгiп,
Айдаһардай алысып,
Аспанға қарғып ойнады-ай!
Жiбек емес, қыл да емес,
Құйрық пенен жалдары.
Асқар таудың шоқысы,
Төрт түрде болып көрiнген,
Екi қол, екi сандары.
Алты құлаш азуы,
Айдаһардың жалманы.
Бес аршын деп айтыпты
Қабырғаның арасы.
Жартастай боп көрiнген
Тiсiнiң сипат қаласы.
Бiр айрық көлдей дөңгелек
Төрт аяқтың шамасы.
Заманында Бадампай
Барлық тұлпар ағасы.
Жетiп келдi Бадырап,
Бадампайды ағызып.
Қарсы алдында адамның
Басынан қарғып қағынып.
– Шапшаң аш, – деп, – қақпаны,–
Асығысып қабынып.
«Шабыраң ғаяр, – деп, –
Ат суыта барад», – деп,
Сексен палуан сол жерде,
Дарбаза ашты жабылып.
Шығып алып бұл жерден,
Бадырап сонда жөнелдi,
Ойдағы мақсұт табылып.
Әлқисса, ендi сөздi Мәлiк пен Бадыраптан естiңiз. Бадырап Бадампаймен Мәлiкке келiп, екеуi мiнгесiп алып жүре бердi. Ол заманда ер тоқымды һешкiм бiлмейдi екен. Және дамбал кимейдi екен. Бiраз шүберектi лөңгi деп тартып жүре бередi екен. Ал ендi Мәлiк пен Бадыраптың сапарынан естiңiздер:
Бадырап Жәмшид ерге келдi шауып,
Бұрынғы қойған жерден алды тауып.
Мiнгесiп Бадампайға сапар еттi,
Ғаярдан Шабыраң қатты қауiп.
Бадырап ғаярлықта хайласы бар,
Сол заман бұршақпенен жауғызды қар.
Ол қамал орнатыпты көп тосқауыл,
Аспанға жалын шығып төнген мұнар.
Қанша күн жайдақ атпен сапар етiп,
Құйрығы ойылды, қанша шыдар.
Күнi-түнi дамыл таппай келе жатса,
Қарасын бiр жалғыз үй көрдi бұлар.
Сол үйге көрiнген соң бұлар келдi,
Бiр кемпiр көн илеген мұны көрдi.
Жәмшидтiң өз ойына ақыл түсiп,
Кемпiрдiң сонда көнiн сұрайды ендi:
– Анажан, мен сұрадым көнiңдi бер,
Келгенiм сапар тартып қаншалық жер.
Бұл жерде өте маған керек болды,
Балаңның осылайша өнерiн көр.
Кемпiр де сөзiн жықпай бере салды,
Бұл көндi атқа салып жасады ер.
Ол көндi алып барып атқа салды,
Үстiне Мәлiк батыр мiнiп алды.
«Адамға жайлы нәрсе болады-ау» деп,
Шошайтып алды-артын һәм шығарды.
Ағаштан ер iстедi Жәмшид батыр
Ақыры мирас болып кейiн қалды.
Биабан ен далада тынбай жүрiп,
Елiне сау-саламат бұлар барды.
Қайтадан патшалыққа отырған соң,
Қоңқарға аттанбаққа хабар салды.
Әлқисса, ендiгi сөздi Жәмшид патшаның әскер жиып, Қоңқарға баруынан естiңiздер. Мәлiк түрлi өнерпаздарын жиып, барлық әскерге ағаштан ер жасатып бердi. Және де абыройсыз болмасын деп бұтына ыштан кигiзiп, түрлi палуан, түрлi айлакер, ғаяр, сиқыршыларын алып 12 мың әскерiмен Үрiм шаһарына жөнеп бердi. Және де мұндағы өз орнындағы уәзiрiне: «Бiзден хабарсыз болмаңыз, артымыздан әскер жүргiзiп
тұрыңыз», – деп тапсырады. Және әйелi Мейрамханды алып кетедi. Ғаярдың бастығы Бадыраң Ғазиз, оның баласы Бадырап барлығы Үрiм шаһарына рауан болды.
Үрiмге Жәмшид патша кеттi жүрiп,
Айбатты салтанатын құп бiлдiрiп.
Сазнағма, неше түрлi тамашамен,
Сондайлық парасатпен ойнап-күлiп.
Тау-таста хайуандар кеттi қашып,
Сарынды келе жатқан бұлар бiлiп.
Мiнгенi тұлпар менен өңкей тобышақ,
Қырменен саз жерлердiң шаңы шығып.
Палуандар тоқсан қабат сауыт киiп,
Бiр тауды қалқан қылып мойынға iлiп.
Сегiз жүз батпан келер шоқпарлары,
Аяғы сүйретiлiп пiлге мiнiп.
Әлқисса, Жәмшид бұл түрлi парасатпен келе берсiн. Ендiгi сөздi Үрiм шаһарындағы Қоңқардан естiңiз. Мәлiк кеткен соң, зынданнан хабар алады. Зындан қарауылдары барлық киiмiнен айрылып, және дағы Мәлiктен тағы айрылып, Қоңқарға мағлұм еттi. Қоңқар Шабыраң ғаярын шақырып, оқиғаны баян еттi. Сол мезгiлде Бадампай атты бағатын атшы Қоңқарға арыз болады.
– Тақсыр, тұлпарыңды Шабыраң ғаярыңыз мiнiп кетiп едi. Екi күн болды жоқ, ғаярыңыз мұнда тұр, тұлпар жоқ. Шабыраң ғаяр айтады: – Мен атты мiнгенiм жоқ, – дейдi.
Сол уақытта Шабыраң кiтап ашып «басқа ғаяр келген болмасын» деп қарады, көрдi. Бадырап келген, Жәмшид алған атқа мiнгесiп Емран шаһарына кеткен. Қауiптi, баруға жол жоқ. Уақытын берiп және де қайта балдамаға қарайды. «Жәмшид мұнда келе ме, келмей ме?» деп қарады. «Жәмшид келе жатыр 12 мың әскерiмен» деп оқиғаны бiр-бiр баян еттi. Ал ендi Қоңқар қаһарланып, жан-жаққа хабар етiп, әскер қамын етедi. Үрiм патшасы Қоңқардың дайындығы:
Қоңқардың бұл сөздi естiп, кеттi сұры,
Сыртына киiмiнiң шықты түгi.
Қараған хүкiмiне қанша халық,
Бар екен бiр басында тоқсан елi.
Әр баласы әр жерге патша болған,
Алам деп ойламаған һешкiм мұны.
«Тез заман әскер алып келсiн мұнда»,
Шапқызды шабарларын күндiз-түнi.
Шабарлар күндiз түнi кеттi жүрiп,
Құйындай Қоңқар шаһқа түстi бүлiк.
Мәлiк кеп менi алады, ойында жоқ,
Бадампай тұлпарына iшi күйiп.
Үрiмдi қалың әскер кеттi қаптап,
Бәрiне жасауылдан хабар тиiп.
Есептеп айтып болмас һешбiр мұны,
Болмайды бiреудi бiреу бiлiп.
Күнбатыс, күншығыс та келiп жатыр,
Астында керiгi өңшең батыр.
Бес жүз батпан қолында шоқпары бар,
Дұшпанға саламыз деп заманақыр.
Үрiмнiң атырабына тұрды барып,
Жасыл ала тулары желбiр қағып.
Әскердiң айналасы оттан қорған,
Сиқырмен Шабыраң тұрған бағып.
Күңiренсе палуандар қаһарланып,
Қорқады су түбiнде жатқан балық.
Жамағат, жалықпастан тыңдаңыздар,
Мәлiктен сөз сөйлейiн сыр шығарып.
Әлқисса, ендiгi сөздi Мәлiктен естiңiздер. Жәмшид қанша күн жол жүрiп, ауыр әскерiмен Үрiмнiң шаһарына жақындап, бiр өзен бойына түсiп, қос тiгiп қонып жатады. Сол заманда Бадырап ғаярдың әкесi Бадыраң Ғазизды шақырып алып: – Менiң ғашық жарым Маһиронды сағындым және уағдам бар едi Үрiм шаһарына келген күнi ғаярды жiберiп алдырамын деген, сол сiздiң қолдан келедi. Мен хат жазып, мөр басып берейiн, сiз барып алып келiңiз, – деп жұмсаған соң, Бадыраң Ғазиз мақұл болып жүрiп кеттi. Бадыраң Ғазиздiң Маһирон қызға баруынан сөз:
Бадыраң Жәмшид ердiң тiлiн алды,
Бадырап әскер қорып мұнда қалды.
Бiр құстың сипатындай өзi болып,
Үрiмдi ұшып жүрiп шыр айналды.
Iшiнде бау-бақшаның алтын сарай,
Есiгiнiң алдына қона қалды.
«Бұл үйде қандай адам бар екен» деп,
Аз тоқтап, құлақ қойып тыңдай қалды.
Отырды тоты құс боп жүз құбылып,
Сол үйде қыздар жүрген ойын қылып.
Ән салды бiр азырақ неше әлден,
Дауысын естiп қыздарға түстi бүлiк.
«Уа, ғажап қайдан шықты бұл дауыс» деп,
Далаға шықты бәрi түгел жүгiрiп.
Адасқан соқыр құс деп ойласын деп,
Отырған екi көзiн мықтап жұмып.
Далаға шығып қыздар көре қалды,
Қонып тұрған бұл құсты ұстап алды.
Сұлулық сипатына қайран қалып,
Алдына Маһиронның алып барды.
Жұмылған екi көзiн көргеннен соң,
Отыр деп соқырлықтан сөз шығарды.
Құс болып ғаяр отыр көзiн жұмып,
Басқа қыз өз жайына кеттi жүрiп.
Бұл құста бiр оқиға бар шығар деп,
Маһирон көз айырмас фаһим қылып.
Сол заман жатар уақыт болғаннан соң,
Хан қызы бөлмесiне жатты кiрiп.
«Таң атқан соң дәрiгер шақырам», – деп,
Қойыпты өз қасына отырғызып.
Басқа қыз соныменен жатып қалды,
Соқыр құс сонда тұрып сөз шығарды.
Жәмшидтiң жазған хатын бергеннен соң,
Маһирон оқып көрiп, бек шаттанды.
Ғашыққа қосылатын уақыт екен деп,
Сипатты киiм киiп даярланды.
Хикмет дорбасына салып алып,
Жәмшидке аз заманда алып барды.
Қуанды жолдасына Мәлiк жана,
Маһирон жайлы мiнез сондай бала.
Көрiсiп, құшақтасып Мейрамханмен,
– Саламат, жақсымы[сы]з, – дедi, – апа.
Шаттықпен бұлар мұнда жата берсiн,
Қыздардан сөз сөйлейiк ендi жана.
Әлқисса, ендiгi сөздi Маһиронның артында қалған көп қыздан естiңiздер:
Таң атты сол заманда мағлұмланып,
Күн шықты раушан болып етiп жарық.
– Ханша ендi қашан тұрады, – деп,
Телмiрiп қыздар отыр есiк бағып.
Һеш хабар түске дейiн болмаған соң,
Барлығы шуылдады айғай салып.
– Бiр бәле осы қызға болған-дүр, – деп,
Есiктi бұзды сонда балтаны алып.
Қыз тұрмақ, ұстап алған соқыр құс жоқ,
Тұрады алтын сарай ессiз қалып.
Шуылдап қыздар байғұс ойбай салды,
Ашылмас бiр бәлеге бұлар қалды.
Соқыр құсты ұстаған қыз байғұстың
Жабылып жүндей түтiп басын жарды.
– Бәрiмiзге кесiрi тиер болды,
Өлтiр, – дейдi бiреуi, – сорлы қарды.
– Соқыр құс не жеп қойды, не ап кеттi,
Жаласы қылғанмен бiзде қалды.
Не болса да өлетiн болдық қой, – деп,
Патшаға баяндады барлық халдi.
Әлқисса, қыздар бастан-аяқ оқиғасын Қоңқар патшаға айтып болған соң, Қоңқар ашуланып, Шабыраң ғаярына балдама аштырды. Қарады, көрдi. «Мәлiктiң ғаяры алып кетiп тұр. Маһирон Жәмшидтiң шатырында ойнап-күлiп, шарап iшiп отыр» деп жауап бердi. Қоңқардың сабыр-тағаты қалмай «майдан жерге шық» деп барлық әскерiн сап түзiп тұрғанынан естiңiздер:
Қоңқардың ашуланды қаны қайнап,
Құтырған жолбарыстай көзi жайнап.
«Жәмшидтi бiр сағатта жоқ қылғын», – деп,
Әскерiн топ-тобымен шықты айдап.
Босатты палуандарын сол заманда
Бұрында шынжырменен қойған байлап.
Базбiр палуан мiнедi айдаһарға,
Жыланды қылыш етiп қару сайлап.
Келедi базбiреуi пiлге мiнiп,
Аяғы пiл үстiнен сүйретiлiп.
Сегiз жүз батпан қолында күрзiсi бар,
Тасты ұрса кетедi екен көмiр қылып.
Солайша майдан жерге тұрды барып,
Есепсiз жиылды сонша халық.
Қоңқардың осындайлық айбатына
Қарады Жәмшид ер де көзiн салып.
Бұлар да соғысқа әзiрленiп,
Бетпе-бет бола қалды бұл да барып.
Көптiгi дұшпанының ойға келмес,
Шошынып, сескенбейдi жалғыз ғарiп.
Әлқисса, ендi сөз Қоңқармен Жәмшидтiң соғысқа шығып, соғысуға жекпе-жек палуан шығарғанынан естiңiздер:
Сап түзеп екi әскер қарсыласып,
Кетiптi жер-жаһанды тозаң басып.
«Ел көрер есендiкпен заман жоқ» деп,
Қоштасты қорқақтары қол ұстасып.
Қоңқардың әскерiнен шыға шапты,
Бiр батыр керiгiне қамшы басып.
– Жекеге шығатұғын адам болса,
Өлтiрем, – деп айтады, – қанын шашып.
Жәмшидтiң Малақ деген бiр батыры
Сол заман жетiп барды асып-сасып.
Қоңқардың палуанының аты Жадыр,
Шоқпарын қолына алды абыр-сабыр.
Салысты Малақпенен кезек-кезек,
Көрмедi бiр-бiрiне өлiм, жәбiр.
Күрзiнi Малақ батыр қолына алды,
Қабағат сабырсыз боп ашуланды.
Ақырып, айбаттанып сiлтегенде,
Жадырдың сол күйiнде басын алды.
Майданда Малақ тұрды сес көрсетiп,
Қарады жанның бәрi тамаша етiп.
Қоңқардың әскерiнен Сайыл деген
Бiр батыр бұлттай қайнап келдi жетiп.
– Атақты, даңқы шыққан менмiн Сайыл,
Ой, Малақ, қалды, – дедi, – қазаң жетiп.
Өлтiрдiң Жадыр деген жолдасымды,
Байқаусыз бұрын ұрып қатыл етiп.
Малақ айтты: – Жарамас бекер мақтан,
Мен де бiр ақ тұйғынмын қанат қаққан.
Жақсы көрсең Жадырдың артынан бар,
Лазым емес, жан досың жалғыз жатқан.
Iстей бер, қолдан келер iсiң болса,
Қаруың толып жатыр қанша батпан.
Осымен қарсыласты бұлар жана,
Батырлық айбатына жоқ-ты шама.
Сайыл ер ұрғанында ашуланып,
Қалқаны Малақ ердiң болды пара.
Ажалсыз болған соң аман қалып,
Тәнiне қанша жерден түстi жара.
Ендi кезек Малаққа келгеннен соң,
Шоқпарын көтердi сонда жаңа.
Шоқпармен қанша батпан қалды салып,
Жығылды Сайыл батыр естен танып.
Бұл Сайылдың өлгенiн көргеннен соң,
Қоңқардың әскерлерi қайғыланып.
Сол заман барлық әскер кеттi қаптап,
Күрзi, шоқпар барлығын қолына алып.
Жәмшид те әскерiне бұйрық етiп,
Қосылды қан майданға бәрi барып.
Болмады бiреуiн бiреу бiлiп,
Соғысып барлығына түстi бүлiк.
Күркiреп күндей болып, от жарқылдап,
Аяспай бiрiн-бiрi жатыр ұрып.
Өлгендер төбе-төбе болып қалды,
Керiгi батырлардың қанға жүзiп.
Оғындай жай тасының зырқырайды,
Қалқаны басындағы кетсе сынып.
Қабағат бiр осындай соғыс қылды,
Болмайды ажыратып күн мен түндi.
Қарайып жер-жаһанды тұман басып,
Һеш соғыс болған емес осы сынды.
Таулардан тас домалап, зiлзала боп,
Сай-сайдан су орнына қандар жүрдi.
«Дүние тамам болад» деп ойлады,
Барлығы тiрлiгiнен күдер үздi.
Бұл соғыс батырларға болды бiр сын,
Тынбастан соғысыпты он екi күн.
Кiм жеңдi, кiм жеңiлдi бiлiп болмас,
Ешқандай бере алмайды бұған бiр шын.
Қабағат екi әскер көрдi жәбiр,
Алмайды күндiз-түнi тiптен дамыл.
Болғанда он үш күннiң шамасында,
Барабан «тоқтасын» деп қақты дабыл.
Дабылды естiген соң қайтты бәрi,
Көрiптi қиындықпен оқиғаны.
Жалаңдап қойға шапқан аш қасқырдай,
Қызарып екi көзi батырлары.
Жәмшидтiң әскерi де түстi барып,
Бар-жоғын есептедi қағаз алып.
Өлiптi бiр мың әскер бұл соғыста,
Қалыпты қанша адамы жараланып.
Қоңқар да өз әскерiн санап көрiп,
Әр топтан батырлары қисап берiп.
Соғыстың сол күндегi қаттысынан,
Майданда бес мың адам кеткен өлiп.
Бұл iске Қоңқар сонда күйiп-жанып,
Жылады шашын жұлып қайғыланып.
– Бiр соғыста өлгенi мұнша адам,
Жәмшидтi ала алмаймыз, – дедi, – жеңiп.
Әлқисса, Қоңқар патша қайғыланып, Жәмшидке кiсi жiбердi. «Он күнге әскер дамыл алсын, мен бас-аяғымды жинап алайын» деп. Мәлiк те бұл сөздi қабыл көрiп, жата бердi. Ендi сөздi баяғы Жәмшидке әйелiн ұтқызған Кәрiм саудагерден естiңiздер:
Назым Кәрiм
Кәрiмнiң өткен iсi көпке анық,
Тыңдаңыз, жалықпастан қанша халық.
Мейрамхан әйелiнен айрылған соң,
Жүрiптi қапалықпен қайғыланып.
Қоңқарға арыз болып, ғаярланып,
Зынданға Мәлiк ердi қойған салып.
Зынданнан Жәмшид шығып кеткеннен соң,
Дүниенi кезiп жүрдi шыр айналып.
Iздедi палуан мен айлакердi,
Тынбастан қыдырыпты талай жердi.
Зәңгi деген халықтың бiр батыры
Тауыпты Фарқағад деген ердi.
Қанша күн сапар еткен ашып-арып,
Жәмшидтен бере ме деп кегiмдi алып.
Бiр тауда мекен етiп жүредi екен,
Қарады тау iшiнен көзiн салып.
Тау үстiнде таудай боп бiреу жатыр,
Әйтеуiр қимылдайды демiн алып.
Бiр таудың күңгейiнде топ қарағай,
Қоқаң-қоқаң етедi желбiр қағып.
Мұрты екен топ қарағай қимылдаған,
Бұл Кәрiм өзi барып көргенi анық.
Ел-жұрт болған емес, мұнда қала,
Өмiрде көрген емес қатын-бала.
Қырық күн ұйқы көрмей жүредi екен,
Бiр жатса он бес күнде тұрар жаңа.
Жатыпты бiр жартасты жастық етiп,
Аяғы екiншi тау тұрған жетiп.
Секiлдi екi көзi екi дария,
Көрiнер Нiл дариядай жарқ-жұрқ етiп.
Бiр таудың шоқысындай мұрыны бар,
Танауын аңғарлы сайдай етiп.
Жартастай көрiнедi шыққан тiсi,
Көрiнер көмейiнен барлық iшi.
Аю, қабылан үстiнде ойнақ сап жүр,
Бит шыққандай көрiнбес, жоқ жұмысы.
Отырды барып көрiп Кәрiм пақыр,
Оянып ұйқысынан әлгi батыр.
Шыдамай айбатына қорыққанынан,
Бiр жерге жасырынды Кәрiм ақыр.
Ол батыр түрегелiп түшкiрiндi,
Мұрнынан елiк қарғып кетiп жатыр.
Жартас деп елiк кiрген мұрынына,
Жусаған рахаттанып болымына.
Отырды қайран болып Кәрiм сонда,
Таң қалып бұл зәңгiнiң қылығына.
Әлқисса, Кәрiм саудагер Фарқағадты көрiп зәресi ұшып, барайын десе жанынан қорқып, бармайын десе қайғысы жанына батып ойлады: «Ақыры өлген адаммын ғой, тiрi адам болсам жұрт iшiнде жүрмес пе едiм», – деп, қолын қусырып, Фарқағадқа барады. Фарқағад мұны көрiп ала көзiмен қарап:
– Сен не, жердiң құртымысың? – деп сөйлегенде, Фарқағадтың аузынан шыққан леппен жүндей ұшып, бiр әрi, бiр берi қалқып тұра алмайды. Фарқағад Кәрiмнiң қорыққанын бiлiп:
– Ей, бейшара, қорықпа, сен маған дұшпандық ететiн адам емессiң ғой, бiр себеппен келген боларсың, – деп қасына отырғызып қояды. Кәрiм шошаңдап отыра алмаған соң, Фарқағад өзiнiң бiр мұртынан ұстатып қойып: – Ал, ендi ойдағы арманыңды айт, – дейдi.
Сонда Кәрiмнiң айтқан сөзi Фарқағадқа:
Кәрiм сонда жылады,
Көзiнiң жасы мөлтiлдеп.
Бiр мұртынан ұстап ап,
Бурадайын селкiлдеп,
Аяғына бас қойып
Өгiздейiн өңкiлдеп,
Айтатын осы арызын,
Аузы келмей кеңкiлдеп.
Фарқағад дем алса,
Үкi құсап жылпылдап.
– Фарқағад батырым,
Тыңдағын менiң зарымды.
Бiр дұшпанға кез болып,
Кетiрдi менiң сәнiмдi.
Емран деген шаһарда
Жәмшид деген ер шығып,
Талап алды малымды.
Жаһанның қызыл гүлi едi,
Тартып алды жылатып
Мейрамхан деген жарымды.
Қоңқар деген патшаға
Келiп арыз болып ем,
Бiр ғаярын жiберiп,
Зынданға Мәлiк салынды.
Онан шығып босанып
Көп әскерiн жиып кеп,
Қоңқармен жатыр соғысып,
Онан арман қағынып.
Елден қуат кеткен соң,
Басына қайғы жеткен соң,
Сiздiң естiп дабысты,
«Барып кел, – деп, – батырға»
Қоңқар маған жалынды.
Ол Қоңқардың бар едi,
Маһирон деген бiр қызы,
Жағадағы құндызы.
Шын сипаттап айтайын,
Шолпанның туған жұлдызы.
Сол қызын сiзге бередi,
Сiздi жақсы көредi.
Балдыздарың қолпаштап,
Артыңнан сiздiң ередi.
Тауда жалғыз жүргенше,
Сол қызды өзiң алсаңшы.
Қолыңнан бәрi келедi,
Бақ-сарайда, батырым,
Ханышаны құшақтап,
Қызықпенен өткiзгiн
Дүние деген неменi.
Әлқисса, Кәрiмнiң бұл сөзiн Фарқағад естiп қуанып түрегелдi.
– Сен маған дос адам екенсiң, екi арманым бар едi: бiрiншi арманым, соғысар жау таппай жүр едiм. Екiншi арманым, өзiме лайық бiр сұлу қыз таппай жүр едiм. Ал ендi Қоңқарға барайын, дұшпанын табанына салайын, сенiң әйелiңдi алып берейiн, көзiңнiң жасын көрейiн. Өзiм Маһиронды алып ойнап-күлейiн, – деп, Үрiм шаһарына жөнеле бердi.
Фарқағадтың Үрiмге келiсi
Келедi Фарқағад маң-маң басып,
Сыртынан Маһиронға болып ғашық.
«Жарақсыз жауға барма» деген бар деп,
Шоқпарын үш мың батпан белiне асып.
Секiрдi ашуланып таудан-тауға,
Белсенiп Фарқағад шықты жауға.
Кәрiмдi иығына мiнгiзiптi,
Сияқты баққа қонған қара қарға.
Үрiмге бiр күндерi келдi жетiп,
Ешқандай тоқтамайды сабыр етiп.
– Қақпаны қайдан iздеп жүремiн, – деп,
Дуалдан жүре бердi аттап өтiп.
Тау сипат палуанды көргеннен соң,
Қорықты барлық жұрты есi кетiп.
Андан соң Кәрiм өзi жүрiп кеттi,
– Бұл жерде тұрыңыз, – деп, – дамыл етiп.
Әлқисса, Кәрiм саудагер Фарқағадты шаһар iшiне қойып, өзi Қоңқар патшаға барып бастан-аяқ Фарқағадтың жайын сөйлеп:
– Тақсыр, сiздiң бақытыңызға лайық батыр екен. Жәмшидтi қалай да болса жеңiп бередi, бiрақ оған бiр уағдам бар едi. Қоңқар патша қызы Маһиронды беремiн деп айтып едiм, бұл Фарқағадқа Маһиронды көрсетiп қойсақ, сiздiң айтқаныңызды iстейдi, – деп сөзiн тоқтатты. Қоңқар қатты қуанып айтады: – Бiрақ бiздiң қолымызда Маһирон жоқ, Жәмшидтiң қолында. Оны қайтiп алардың амалын Шабыраң ғаяр бiлер, – деп, Шабыраң ғаярға бармақ болып уағда бередi. Сонан кейiн Фарқағадқа барып жүз көрiсiп, барлығы құрметтеп, сарайға сыйып отыра алмайтын болған соң, бақтың iшiне кiлем, көрпе
салып отырады.
– Батыр, Маһирон ғашық жарыңызды жарым түнде әкеп беремiз, – деп қояды. Фарқағад мұртын сылап, қызбен ойнамақ болып таранып отыра бередi.
Әлқисса, ендiгi сөздi Шабыраң ғаярдан естiңiздер. Маһиронды Фарқағадқа әкеп бермек болып, оның түн iшiнде Мәлiктiң әскерiне барғаны:
Жәмшидке Шабыраң кеттi жүрiп,
Қандайлық алсам дейдi амал құрып.
Бадырап оттан қорған жасап қойып,
Әскердi жүрiп едi күзет қылып.
Ешқандай хайла етiп болар емес,
Қайран боп қарап тұрды дымы құрып.
Жалыны бұл оттардың көкке жеттi,
Бiр хайла Шабыраң сонда еттi.
Үстiне темiр сауыт киiп алып,
Қақ жарып қалың оттан өтiп кеттi.
Жәмшидтiң барды жүрiп шатырына,
Кез болған қалың ұйқы ғапылына.
Маһирон жалғыз өзi ұйықтап жатыр,
Ер Жәмшид Мейрамхандай жақынында.
Мұрнына Маһиронның дәрi салды,
Мас қылып қапшығына салып алды.
Бадырап, Бадыраң Ғазиз қаталасып,
Ғаярдың келгендiгiн бiлмей қалды.
Көрiнбей Шабыраң кеттi шығып,
Өзiнiң шаһарына барды жүрiп.
Маһирон қай заманда келедi деп,
Отырған Фарқағад құлақ түрiп.
Бұл ғаяр Маһиронды жасандырып,
Алдына ол палуанның келдi кiрiп.
Ақ жүзiн ғашық жардың көргеннен соң,
Таранды Фарқағад мұртынан күлiп.
Маһирон мұны көрiп болды қайран,
«Бұл жерге келдiм, – дейдi, – әлдеқайдан,
Бұл өзi менен үмiт етiп отыр,
Адам да емес, жын да емес, хайуан».
Жылаған тыңдар емес қыздың сөзiн,
Бұл зәңгi айырмайды екi көзiн.
Ал ендi Маһиронға жақындасып,
Ағаштың сипатындай созды қолын.
Маһирон қорыққанынан қарғып кеттi,
Бұл қандай қасiрет деп зарлық еттi.
Ойнауға бұл қызбенен жөнi келмес,
Зәңгiнiң зорлық iске көңiлi кеттi.
Бұл қыздың қол-аяғын қойды байлап,
Етуге қашуға шарт, бiр iс ойлап.
Арада үлкен-кiшi сондай парық,
Жұтып қойса кеткендей күлiп-ойнап.
Қыз жатыр қасiрет ұрып боздап, қақсап,
Қанды жас екi көзден ағып екi жақтап.
Қызығып Маһиронға Фарқағад отыр,
Мысықтай тышқан қуған арсалақтап.
Бурадай бұрқыратып көбiк шашып,
Болдырған өгiздей боп тiл салақтап.
Әр iстiң лайығын ойламаған,
Зәңгi де болады екен мұндай ақымақ.
Маһирон ұшырады мұндай халге,
Жамағат, жалықпастан жақсы тыңда.
Азырақ бiр мәселе сөз айтайын,
Жәмшид те қалып едi бейғам анда.
Оянып ұйқысынан падишаһың,
Көңiлi ауып Маһиронға барған анда.
Қарайды Маһирон жоқ, кеткен алып,
Шақырды ғаярларын ашуланып.
– Бұл жерге Шабыраң келген болар,
Жүрсiңдер сен екеуiң не[нi] бағып?
– Қаталық бiзден болды бұл сапар, – деп,
Қалыпты Бадыраң Ғазиз қатты ұялып.
«Жер жүзiнде бар болса табармын», – деп,
Сол жерде қасам етiп сөз шығарып.
Бадыраң Ғазиз кеттi қаһарланып,
Кiшкентай жылан сипат бола қалып.
Сиқырлық хайлалары сондай күштi,
Қоңқардың шаһарына түстi барып.
Маһирон ғашық жармен ойнамақ боп,
Жүр едi Фарқағад азаптанып.
Алмайды һешкiм тартып қызды мұнан,
Ол зәңгi бұйырмастан үмiт қылған,
Ол ғаяр Маһиронның тақымынан,
Айдаһар шыға келдi зәрлi жылан.
Ысқырды айдаһар боп аузын ашып,
Ол зәңгi қорыққанынан кеттi қашып.
Ғаярлық қалтасына салып алып,
Жөнелдi Бадыраң да қайта басып.
«Маһирон ғашық жарым, не болды?» деп,
Отырған Мәлiк ер де қатты жасып.
Сол заман Бадыраң Ғазиз алып келдi,
Мәлiк ер Маһиронын есен көрдi.
«Шашыңыз жатқан адам шашындай» деп,
Жәмшидтiң өз ойына тарлық келдi.
– Палуанмен Фарқағад қосылдың ба,
Сырыңды жасырма, – деп сұрайды ендi.
Маһирон Жәмшидке айтты сөздiң басын,
Зәңгiнiң зорлық қылған оқиғасын.
– Байлады қол-аяғым, амалым жоқ,
Солайша тарқатылды баста шашым.
Һеш зәбiр онан басқа көргенiм жоқ,
Иә, Жәмшид, ренжiме, асыл затым.
Ақиқат арамдық iс еткен болсам,
Өтедi қорлықпенен жастық жасым.
Отырды Жәмшид сонда қайғыланып:
– Шашыңнан айыбың тұр мағлұмланып,
Байласа қол-аяқты ықтиярсыз,
Қалайша аман қойды сенi нағып?!
Сұраймын ақиқатын ғаярлардан
Өзiңдi сол зәңгiден келген алып.
Әлқисса, ендi сөздi Маһирон сынды ғашық жарынан айрылған Фарқағад батырдан естiңiздер. Фарқағад айдаһардан қорқып қашып кетiп едi ғой. Бiр мезгiлде қайтып келiп қараса, айдаһар да, қыз да жоқ. Ашуланып, ақырып шаһарды басына көтерiп, түн iшiнде жұрт бүлiнiп, ақырған даусынан үйлер құлап, буаз қатын бала тастап,
жұрт қырғынға ұшырап қалды. Сол мезгiлде Шабыраң ғаяр келiп Фарқағадтан себебiн сұрады. Фарқағад айтады:
– Менi алдап қыз берiп, оны қайтып алып кетiп, менi мазақтайсыңдар. Оныңа көнбеймiн. Ғашық жарымды тауып бер, бiр күн де болса көзiм үйренiп қалып едi, – дейдi, – иә, болмаса бұл шаһарды бiр күнде жоқ қылатын шамам бар.
Бұл сөзге Шабыраң жауап берiп: – Батыр, олай емес, ол қызға ғашық жалғыз сiз емес. Жәмшид деген бiздiң бiр дұшпанымыз бар. Сол қыз үшiн елiмiзбен соғысып жатыр. Сол Мәлiктiң ғаяры алып кеткен шығар. Бiздi қинама, өзiңнен көрмесең, бiзден көрме. Қойныңдағы жарыңнан айрылып қалғаның қалай? Қыз керек болса, Жәмшидпен соғысып тартып ал, – дейдi. Бұл сөзге Фарқағад ашуланып, ертемен майдан жерге барып:
– Мәлiк, жекеге палуандарыңды шығар, болмаса қатынымды бер, – деп сөз шығарды.
Әлқисса, ендiгi сөздi Фарқағадтың соғысқа шыққанынан естiңiздер:
Ал ендi Фарқағад ашуланып,
Шенiне болар емес адам барып.
Шаштары тiкiрейiп терек сипат,
Барыпты майдан жерге айғай салып.
Тау мен тас зiлзала боп, тас домалап,
Ес қалмады естiген барлық халық.
Жәмшидтiң әскерiнде сұр қалмады,
Бiр сойқан болатыны тiптi анық.
– Жiбер, – деп, – палуаныңды, – айғай салды,
Қорқытты айбатымен сонша жанды.
Жәмшидтен Малақ батыр барып едi,
Сол заман ұрмай-соқпай байлап алды.
Батырлар кезекпенен жатыр барып,
Барғанын Фарқағад жатыр байлап алып.
Сол күнi тоқсан палуан қолға түсiп,
Қайтысты барабанын бұлар қағып.
Жәмшидтiң бар әскерiн қайғы басты,
Қоштасып түнiменен құшақтасты.
Елге тiрi барғаннан сәлем айтып,
Ағайын, қатын-бала, бауырласты.
Таң атып майдан жерге тағы келдi,
Қорқытты Фарқағад барлық елдi.
«Зәңгiменен соғысып қалайын», – деп,
Бадыраң Ғазиз ғаяр жетiп келдi.
Сөз айтты бұл ғаярға: – Жүрсiң нағып?
Ғаяр айтты: – Соғысам сенiмен анық,
Жәмшидтiң палуандары бiткеннен соң,
Ендiгi күн не болар саған қалып.
– Ажалына асыққан, жердiң құрты,
Қазықтай жiберейiн жерге қағып.
Бiрiншi бұл зәңгiге кезек жеттi,
Шоқпарын дәл төбеден перiп кеттi.
Сынаптай толқып тұрған ғаяр сұмырай,
Бұтының арасынан өтiп кеттi.
Айтады Фарқағад сонда күлiп:
– Әй, сорлы, кеттiң, – дедi, – жерге кiрiп,
Шоқпарын көтерiптi көрмек үшiн,
Ғаярды қарап жатыр зәңгi үңiлiп.
Ғаяр тұр арт жағында мұны бағып,
Зәңгi жүр жер сығалап азаптанып.
Көтiнен көрiнiп тұр iшi-қарны,
Тартыпты Бадыраң Ғазиз қармақ салып.
Iлiндi iшегiне қармақ барып,
Iшiнен қармақ барып iлiнген соң,
Қос қолдап ғаяр тартты бiлек салып.
Жөнелдi Фарқағад айғай салып,
Ғаярды дөңгелетiп сүйреп кеттi
Асаудай арқан тартқан қарғып-қарғып.
Артына Фарқағад қарамады,
Ғаярмен жөндеп соғыс сала алмады.
Шығыпты жетi кездей көтен iшек,
Сарылдап тау суындай қанағаны.
Жапты Бадыраң Ғазиз бiр шұңқырға,
Қармағын қайта тауып ала алмады.
Жеткiзбей Фарқағад кеттi қашып,
Болат темiр қадалған удай ашып.
– Бәленi iшiмдегi алыңдар, – деп,
Шақырды өз ғаярын асып-сасып.
Төрт-бес жуан қарағай кестiрiп ап,
Құйрыққа отырыпты мықтап басып.
Отырды он күн тұрмай, құсша қонып,
Қоңқар да бағып жатыр малын сойып.
– Жәмшидтi бiр сағатта тындырам, – деп,
Осыдан жазылсам, – деп, – тәуiр болып.
Әлқисса, ендiгi сөздi Фарқағадтан естiңiздер. Фарқағад жарасынан жазылып iшi қайнап, көзi жайнап, ғаярдың қорлығы өтiп, Маһирон ғашығы кетiп, бiр күндерде майдан жерге шығып соғысқанынан естiңiздер:
Назым Фарқағад
Шығыпты Фарқағад ашуланып,
Қызарып екi көзi оттай жанып.
Шоқпарын үш мың батпан иыққа асып,
Шыдай ма бұған қарсы адам барып.
Мәлiктен бiр палуан шыға алмады,
Барлығы төмен қарап естен танып.
«Бұл сапар қатерлi жол болды ғой», – деп,
Мәлiк те кейiн тұрды қатты налып.
Күркiреп тұрып алды әлгi батыр,
Салады барған жанға заманақыр.
– Келмесең өзiм барып қырайын, – деп,
Әскерге ендi аяңдап келе жатыр.
Әскерге жетiп келдi бұлттай қайнап,
Аждаһа сипатында көзi жайнап.
Аш қасқыр араласты қалың қойға,
Шулатып қырып жатыр салып ойнақ.
Өрiске жаятұғын мал сипатты,
Қалдырмай бәрi әскердi кеттi айдап.
Қоңқарды алам деген Жәмшид мырза
Тұтқынға түстi сол күнi көзi жайнап.
Қырғыннан қалғандары түстi қолға,
Кез болды қалың әскер мұндай сорға.
Жәмшидтен ендi қуат кеткеннен соң,
Мейрамхан бiр ғажайып түстi ойға.
Мейрамхан Бадампайға мiнiп алды,
– Қорықпа, бер[мей]мiн, – деп, – бұған жанды.
Қаңғырып қашып жүрiп өлейiн, – деп,
Бет алып бiр даланы шыға салды.
Әйелмен жұмысы жоқ ол уақытта,
Кәрiм мен Фарқағад бiлмей қалды.
Әскердi көп қырғынға ұшыратып,
Зынданға топырлатып барып салды.
Бадырап, Бадыраң Ғазиз ғаярлары
Сиқырлық ойыны келмей қалды.
Бастарын төмен қаратып iлiп қойса,
Ғаярдың одан кейiн болмас мәнi.
Жауын жеңiп алған соң Кәрiм мырза,
Мейрамхан еске түстi ғашық жары.
Қарады,бұл әскерде Мейрамхан жоқ,
Кәрiмге қасiретпен түсiптi шоқ.
Андан соң ол зәңгiге арыз болды,
«Болмаса Мейрамханым керегi жоқ».
Әлқисса, ендiгi сөздi Кәрiм саудагерден естiңiздер. Мейрамханның қашып кеткенiн бiлiп, Фарқағадқа арыз болады. – Менiмен шын дос болсаң ғашығым Мейрамханды тауып бер. Берсең, достықты кешiрем, – деген соң Фарқағад мақұл көрiп:
– Жарайды, ендi мен Мейрамханды iздеп тауып саған қосып, сонан соң өзiм Маһиронды алайын және қайтып келiп Жәмшидтi өлтiремiн, – деп Кәрiммен уағда етiп, Мейрамханды iздеп шығады.
Әлқисса, ендiгi сөз Мейрамханның қашқаны, Фарқағадтың қуғанынан естiңiздер:
Мейрамхан Бадампаймен кеттi жүрiп,
Көзiнiң ала алмайды жасын тыйып.
Жапанға жалғыз өзi шыққаннан соң,
Өмiрден бұл тiршiлiк күдер үзiп.
Тұлпарға желдей жүйрiк қамшы басты,
Сол заман қанша үлкен таудан асты.
– Бақытсыз сорлы туған мен болдым, – деп,
Өмiрде көрем бе, – деп, – Мәлiк жасты.
Солайша қасiрет шегiп жүрiп кеттi,
Ойдағы қапалығы қатты өттi.
Жамағат, жалықпастан тыңдаңыздар,
Айтайын туған ерден бiраз кептi.
Тау мен тас дариядан аттап өтiп,
Сол заман Мейрамханды қуып жеттi.
Тұлпар ада құтқармайды қашқанында,
Кiм көрген бұл сияқты қара беттi.
Бiр таудың келдi екеуi арасына,
Ойланып Мейрамхан да шамасына.
Таудан тауға секiрiп қояр емес,
Қашыпты қайта айналып даласына.
Мейрамхан – түлкi сипат, зәңгi – тазы,
Қысылып қорыққанынан қыздың халi.
Шомылып қара терге көбiк басып,
Бұлаңдап құтыла алмай Бадампайы.
Тұлпарға тау менен тас жайсыз болды,
Салыпты Фарқағад та қызға қолды.
Келген соң тегiс жерге сонда тұлпар,
Қысқарып қояндайын бұтын созды.
Мейрамхан қорыққанынан қатты сасып,
Ол зәңгi арсалаңдап аузын ашып.
Тұлпардың құйрығына қол салғанда,
Жығылды Фарқағад омақасып.
Бiр таудың шоқысындай денесi бар,
Шаң-топыр өзiн-өзi қалды басып.
Мейрамхан арт жағына бiр қарап ап,
Жөнелдi тұлпарына қамшы басып.
Ұрыпты жығылғанда тасқа басын,
Есiнен Фарқағад қалды адасып.
Ол зәңгi бiр күн, бiр түн талып жатты,
Қаншалық мұрынынан қандар ақты.
Болғанда екiншi күн зордан тұрып,
Артынан Мейрамханның аяңдапты.
Қарасы көрiнбейдi қарағанмен,
Тұлпардың қарғып шапқан iзiн тапты.
Аяңдап Фарқағад келе жатыр,
«Қайтып барған ұят, – деп, – маған ақыр».
Зәңгiден қатты қорқып кетiп едi,
Мейрамхан не болды екен, әйел пақыр.
Күндiз-түнi қаша бердi қамшы басып,
Кетiптi қанша қабат таудан асып.
Болғанда жарым түннiң шамасында
Кез болған бiр дария ұшырасып.
Жағалап дарияны төмен шапты,
Екпiнi тұлпар аттың қандай қатты.
Бақытына ашылмаған себеп болып,
Тұлпары бiр батпаққа келiп батты.
Тұлпарын тұрғызам деп аттан түсiп,
Мейрамхан бейшара боп ол да жатты.
Ат тұрмақ бiр өз басын құтқара алмай,
Қайғының осылайша дәмiн татты.
Әлқисса, ендiгi сөздi батпаққа жығылып жатқан Мейрамханнан естiңiздер. «Қайран басым далада қалатын болды», – деп зарлап айтқан зары:
Назым Мейрамхан
Мейрамхан сонда жылайды,
Көзiнiң жасын бұлайды.
Өзi жалғыз, өзi жас,
Батпаққа батып жатқан соң,
Бұған қайтiп шыдайды.
– Ажалсыздан үмiткер,
Ақырын бер, – деп сұрайды.
Ашылмаған бақытым-ай,
Кез қылды маған лайды.
Бауыры суық қара жер,
Маған рақым қылмайды.
Өлiп қалсам бұл жерде,
Екi көзiмдi ойып жеп,
Семiртер болдым құмайды.
Ата-анадан туғанда,
Оңбап едiм басында.
Бiр жасымда жетiм қап,
Естi болып есейдiм
Көрiнгеннiң қасында.
Жетi жасқа жеткен соң,
Отын алып, су құйып,
Отырдым ошақ басында.
Он бiр жасқа келгенде,
Көрген адам бiр қарап
Қиылған қара қасыма.
Он екi жасқа жеткенде,
Қызметкер болып iстедiм
Саудагер Кәрiм қасына.
Ақ жүзiме қызығып,
Кәрiм менi сыйлады.
Қазаншы қып қаратып,
Күңдiкке менi қимады.
Ерiксiз менi әйел қып,
Жас шағымда қинады.
Көңiлсiз жүрдiм, амал жоқ,
Алдыма үйiп қойса да
Есепсiз шiркiн дүнияны.
Құмарға сап ұтылдым,
Кәрiмнен сөйтiп құтылдым.
Ер Жәмшидке тиген соң,
Ақ тұйғындай жұтындым.
Бұл оқиғалар болғанда,
Фарқағадқа кез болып,
Тұлпарға мiнiп сытылдым.
Құтқарам деп Мәлiктi,
Мiнiп ем атқа қуанып.
Жер жүзiнде ер болса,
Айтам деп арыз жыланып.
Мұратыма жетем деп
Жәмшидiммен шығарып.
Опасыз, шiркiн, дүние-ай,
Ойлаған жетпей мақсұтқа,
Батпаққа қалдым суалып.
Бәрi қабат iздесе,
Iзiммен менi табады.
Қорлықпенен жоқ қылып,
Қанша азапқа салады.
Iздер, сұрар адам жоқ,
Елiме барар заман жоқ.
Қаншалық әскер, Жәмшидiм,
Бекер өлiп қалады.
Мейрамхан арман етiп өткен халiн,
Батпаққа жабыстырып барлық қанын,
Болғанда таңға жақын тау жаңғырып,
Сол кезде пайда болды қатты сарын.
Құйылып айдаһардай келе жатыр,
Аспаннан жай түскендей шығып жалын.
Сол заман келген бойы алып кеттi,
Батпақта жатқан атты қыз бен бәрiн.
Батпақтың талай жерiн кеттi қазып,
Мейрамхан қорыққанынан өле жазып.
Көз жетпес ала қардың нақ басына,
Тастады ұясына алып барып.
Өлмесе де, өлiмшi болып қапты,
Қарады сол мезгiлде көзiн салып.
Қараса бiр құс отыр екi басты,
Ағызды Мейрамхан да көзден жасты.
Қанат, құйрық, бәрi де, өң гауһардан,
Қиратар ашуланса тау мен тасты.
Сыйғандай аузына бiр Алатау,
Сiлкiнiп қанат қағып көзiн ашты.
Әлқисса, ендiгi сөздi Мейрамханды алып келген құстан естiңiз:
Алып кеп құс отырды демiн алып,
Талпынып балапаны қанат қағып.
«Анамыз адам етiн әкелдi» деп,
Шырылдап өз лебiзi бек шаттанып.
– Алдымен қызды жеймiз, – деп айтады,
Ертеңге тұра тұрсын аты қалып.
Сол заман үлкен құс та жауап еттi,
Сөйледi балапанға сыр шығарып:
– Ертеңгi шабытымда кеттiм ұшып,
Жүр едiм көптен берi iшiм пысып.
Шарықтап ұшып бара жатқанымда,
Қарадым бiр батпаққа көзiм түсiп.
Өлiк деп ойлап едiм, адам мен ат,
Сол бойы аяғыммен кеттiм қысып.
Осы қыз осындай боп қолға түстi,
Мен дағы көрiп жүрмiн әрбiр iстi.
Балалар, саған нәсiп бұйырғаны,
Дүниеде адамзаттың етi күштi.
Дүниеде адам етi тәттi болар,
Жарым ес бүтiн болып әбден толар.
Жайылып жер-жаһанға шаһараты,
Басына кетпейтұғын бақыт қонар.
Ал ендi, қызды жеңдер, балаларым,
Бiр күнге не қылса да ауқат болар.
«Түстi екен не себептен бұл батпаққа,
Бiр ғажап, – деп ойлады, – шыққан шынар.
Уа, ғажап, қандай сұлу дейдi мұны,
Болды екен қай бақшаның қызыл гүлi.
Ақылды самұрық құс болғаныммен,
Көрмедiм бұл сияқты адам нұры.
Пiшiнi хордың қызы мысалында,
Болмаса перизаттың дейдi қызы».
Ақыры нәпсi, шiркiн, қандай қиын,
Бұйырды балаларға «же» деп мұны.
Әлқисса, ендiгi сөздi Мейрамханнан естiңiздер. Оны алып келген самұрық деген құс екен. Балаларына «же» деген соң, балапандары қанатын қағып, жемек болғанда Мейрамхан орнынан тұрып, қолын қусырып, басын балапандардың аяғына салып айтқан арызы:
Назым Мейрамханның зары
Мейрамхан сонда жылайды:
– Арызым тыңда, балалар,
Ойымда қайғы-сәна бар.
Елi, жұрттан айрылып,
Кең дүние маған болды тар.
Сiздер сынды баламын,
Тiлiмдi менiң алыңдар.
Қазiр жеп-ақ қоясың,
Бiр мәрте маған тоясың.
Қайғымен жүрген жетiм ем,
Обалыма қаласың.
Көзiмнiң жасын сiз көрiп,
Сiздер сынды асыл зат,
Тоқтатпай ма екен анасын.
Елiмдi жауға алдырып,
Қашып жүрген сорлымын,
Батырдың iздеп панасын.
Анаңызға айта алмай,
Қуат етiп мен тұрмын,
Сiздер сынды баласын.
Әлқисса, самұрық құстың балалары Мейрамханның көз жасын көрiп, ақ жүзiне көңiлi ерiп, анасына:
– Анажан, бiз бiр күн тамақ iшпей-ақ жаталық. Мына қызды жемей-ақ қоялық, – деп балалары тоқтау сөз айтады. Самұрық құс балапандарының тiлiн алып және де Мейрамханды жегенге қимай, Мейрамханға айтады:
– Қайдан келдiң? Қай жерлiксiң? Өмiр бақи ұққаныңды айт, – дегенде, бастан-аяқ өткен iстi айтып, Фарқағадтан көрген қорлығын айтып, «сол Фарқағадтан кек алатын адам тауып бер» деп, самұрық құсқа зарланады. Самұрық құс есiркеп: – Мақұл, жарайды, Фарқағадқа тең келетiн бiр батыр бар едi, оның атасы Ғожад деген. Ғожадтың баласы Қозат деген бiр палуан бар, соның жайын сiзге түсiндiрейiн, – деп, самұрық құстың айтқаны.
Самұрық құстың сөзi Мейрамханға:
– Ал, қызым, мен айтайын, тыңла сөзiм,
Кеземiн әр уақытта жердiң жүзiн.
Сен бүгiн осы жерде өлмек едiң,
Өлiмнен ажыратты қызыл жүзiң.
Елiңдi жауға алдырып жүргенiңде,
Обал-ды жеп қойғаным сенi өзiм.
Ғожад деген бiр палуан бұрын өттi,
Дәулiгiн шын ақиқат көрдi көзiм.
Ғожад деген батыр болған заманында,
Болмаған һешбiр дұшпан маңайында.
Сирағын Нiл дарияға көпiр қылып,
Өткiзген талай жанды баяғыда.
Бойының ұзындығы көкке жеткен,
Дариядан өзi келiп өтiп кеткен.
Бiр күнi бiр шаһарға тура келiп,
Қарны ашып, тамақ сұрап үмiт еткен.
Қанша мың қой, сиырын сойып берiп,
Ол шаһар қорыққанынан құрмет еткен.
Сонда да тоймадым деп ашуланып,
Оларға осылайша азап еткен.
Шаһардың ортасына түзге отырып,
Сел қаптап барлығын да тамам еткен.
Сол Ғожадтан Қозат деген туған бала,
Ұзындық палуандықта жоқ-ты баға.
Келмейдi сирағынан сол Қозаттың,
Қандайлық кез боп қалса оған дария.
Тауынан Қап тауының кетедi аттап,
Дұшпанға оңай емес оған батпақ.
Дариядан наһандарды ұстап алып,
Пiсiрер қолын созып күнге қақтап.
Баз уақытта балықтарды жұтып қойса,
Iшiнен шығып кетер шоршалақтап.
Келгенде шабытына қатты шөлдеп,
Дарияны онша-мұнша қояр ұрттап.
Қозаттың сол сипатты түрiн байқап,
Сақтанып жүрушi едiм мен де сырттап.
Бiр күнi тау басынан ұштым заулап,
Қарны ашып балалардың тамақ аулап.
Сол заман сол Қозатқа кез боп қалдым,
Жатыпты шалқасынан көзi жайнап.
Жерден басын көтерiп менi көрiп,
Артыма түстi сонда сорым қайнап.
Болмады құтыларға һеш дәрменiм,
Болдыртып қуып жүрiп алды байлап.
Шын маған лайықты құс екен деп,
Қайырып салам дедi құп ыңғайлап.
Тоғыз күн тамақ бермей ашықтырды,
Құстырып қолын салып, зорлық қылды.
Қолына қондырып ап шыққанында,
Көрмедi салмағымды торғай құрлы.
Мен дағы жанды құстың үлкенi едiм,
Пенденi көргенiм жоқ осы сынды.
Жайғанда қанатымды қаһарланып,
Сол заман түсiрмеушi ем жерге күндi.
Отырдым бiрнеше күн қарным ашып,
Қолынан Қозат ердiң татып нәсiп.
Бiр күнi саяхат қып алып шықты,
Аралап тау мен тасты қадам басып.
Ұшырды бұғы, марал көргеннен соң,
Мен дағы амалым жоқ жүрмiн тасып.
Сол заман алтын киiк кез боп қалды,
Тырнаққа оны дағы iлдiм басып.
Алдына алып келiп тастағанда,
Қуанды Қозат көңiлi судай тасып.
Киiкке қуанып жатқанында,
Жөнелдiм сол мезгiлде мен де қашып.
Бiлмедiм мекенiнiң қайда екенiн,
Ол Қозат сонан берi жүр адасып.
Әлқисса, самұрық құс бастан-аяқ оқиғасын айтып болып Мейрамханға айтады: – Әй, шырағым, сенiң Фарқағад деген дұшпаныңа пар келетiн сол Қозат. Қозаттан басқа адам оған парламайды, барғанмен ала алмайды. Ендi сенi мен Қозатқа апарайын. Апаратын себебiм мынау: ол Қозат маған қатты құмар, менi көрсе тағы да ұстаймын деп қуады. Сенi апарып бiр жерге қояйын да, өзiм барып Қозатқа көрiнейiн. Ол менi көрiп қуады, мен қашып саған келiп, сенен де өтiп кетейiн. Қозат менi қуып келiп, сенi көредi, сенiң ақ жүзiңдi көрген соң менi ұмытып кетедi, сонымен мен де құтыламын. Сенiң ақ жүзiңдi адам тұрмақ хайуан көрсе де бiр қарап өтер, перiзатын көрген сынды. Қозаттың қу жанын қоймай есiн алып кетесiң, оған жақындық сөз айтып, көңiлiн жұмсартып, соны алдап қолыңа келтiр. Сен онан қорықпа. Ол саған ғашықтық қасiретке кез болады. Бiрақ сенiмен ойнап-күлуге жөнi келмейдi, – деп, самұрық сөзiн тоқтатады. Мейрамханды тұлпары Бадампаймен қоса алып ұшып, Қозаттың тарапына барғанынан естiңiз:
Самұрық құстың ұшқаны
Самұрық Мейрамханды кеттi алып,
Көредi әрбiр iстi пенде ғарiп.
Қанатының арасына қыстырып ап,
Қозаттың тарапына түстi барып.
Бiр аулақ ен далаға келiп жеттi,
Түсiрiп Мейрамханды құрмет еттi.
Мейрамхан тұлпарымен тұрып қалды,
Қозатқа самұрық құс ұшып кеттi.
Бiр тауда iшi пысып ойнап жүрген,
Қозат та құсты көрiп шаттық еттi.
«Жоғалған самұрығым кеп қалды» деп,
Сол жерде ұстаймын деп талап еттi.
Самұрық ұшып кеттi қайта айналып,
Қозат та қуып келед желдей ағып.
Самұрық хайламенен қалқып ұшып,
Көрсеттi Мейрамханды тура апарып.
Қозат ер құсты қуған арсалаңдап,
Құтырған қасқырдай боп тiл салақтап.
Байқамай Мейрамханды алдындағы,
Сол жерде кете жаздады жерге таптап.
Көзiнiң қыры түсiп бiр қарады,
Тұрған соң шағалаланып айдан аппақ.
Көз көргенмен денесiн тоқтата алмай,
Барып-барып тоқтады аттап-аттап.
Келiптi бiр заманда қайта айналып,
Қарады шын ақиқат көзiн салып.
– Ғашығым, махбүб жарым, шам-шырағым,
Отырсың айдалада, күнiм, нағып?
Жынбысың, перiмiсiң, адамбысың,
Шамбысың, иә болмаса қойған жағып.
«Аһ, дүние, не болса да көрейiн», – деп,
Қарады Мейрамханды қолына алып.
Қысып, сүймек болып аузын ашып,
Ол қыздың бар денесiн кеттi басып.
«Жұтып қойсам, қалам, – деп, – өкiнiшке»,
Аузынан қайтып алды асып-сасып.
Иiскеп танауына тартып едi,
Қолынан шығып кетiп, қалды адасып.
Бiр түшкiрiп мұрнынан қағып алып,
Отырды маңлайына қызды басып.
Қойнына тығып алып кеттi жүрiп,
Тұлпары сол арада қалды тұрып.
«Қызбен ойнап-күлуге болмайды-ау», – деп,
Қозат палуан жылады қайғыланып.
– Зиянсыз көз қуанышым, қарағым ғой,
Беред, – деп, – мәжiлiсте шарап құйып.
Әлқисса, ендiгi сөздi Қозаттың қолына түскен Мейрамханнан естiңiздер:
Назым Мейрамхан
Мейрамхан бiрден-бiрге қолға түсiп,
Қасында Қозат ердiң iшi пысып.
Бiр көлдiң ашып кеткен суын көрсе,
Шарап деп Қозат отыр құйып iшiп.
Мейрамхан жүз құбылып тоқсан қырлы,
Қозатқа қиғаш қарап, көзiн қысып.
Бұл iске Қозат батыр бек сүйiнiп,
Отырды Мейрамханмен сыр айтысып.
Әуелi Қозат сырын айтып өттi,
Не көрген әуел ақыр, ата тектi.
– Өмiрде адам ұлы жеңген емес,
Қозғаймын ашулансам жер мен көктi.
Қасымда Мейрамхандай жарым болса,
Армансызбын, – деп сөзiн тамам еттi.
Мейрамхан айтпақ болды ендi халiн,
Ауыздан аһ дегенде шықты жалын.
– Иә, Қозат, ғашық жарым,тыңлап отыр,
Сөйлесiн бұл Мейрамхан ендi зарын.
Дүниеде мендей сорлы адам болмас,
Уақытсыз шықпаған соң жүрдi жаным.
Айтайын әуел ақыр көргенiмдi,
Тыңлаңыз шын ниетпен, иә, сұлтаным.
Сөйледi әуел ақыр көргендерiн,
Бұл жерге қалайынша келгендерiн.
Самұрық құстың түсiп тырнағына,
Ол құстың қалай сабақ бергендерiн.
Мәлiктiң ұлы Үрiмде қолға түсiп,
Қорлығын Фарқағадтан көргендерiн.
Ол Қозат тыңдап отыр құлақ салып,
Көз жасы Мейрамханның кеттi ағып.
– Қозат аға, сiздi iздеп келiп едiм,
Зәңгiден бередi деп кегiмдi алып.
Дүниеде теңдесi жоқ ер деген соң,
Отырмын арызымды сiзге шағып.
Ел-жұртым, Жәмшидiм не болды?! – деп,
Қозаттың аяғына басын салып.
– Ер едiң, Қозат, сонан кегiмдi әпер,
Болмасын тiршiлiгiм бәрi бекер.
Көремiсiң көздiң жасын, азаматым,
Жасылы жас, қорлықпенен менен өтер.
Әлқисса, Мейрамхан ойдағы оқиғасын айтып болған соң, Қозат палуан Мейрамханға жаны ашып сөйлеген сөзi:
Назым Қозат сөзi
Мейрамхан айтып өттi барлық сырын,
Естiдi Қозат батыр сөздiң түрiн.
Мейрамхан қорлық көрдiм дегенiнде,
Сол жерде болмақ болды өзi шығын.
– Ғашығым, сен қайғырып жүргенiңде,
Құрысын мұнда тұрып көрген күнiм.
Сiздерге зорлық қылған сол Фарқағад
Ежелден мағлұм едi маған бұрын.
Белгiлi Фарқағад бастан маған,
Зәңгi едi алаңғасар сондай жаман.
Сенi мұндай жылатып отырғызып,
Болады тамақ iшу маған арам.
Бiр сенiң қызметiңнен бас тартпаймын,
Ақыры болғанымша дүние тамам.
Сол жерде Қозат батыр ашуланып,
Жалтырап екi көзi оттай жанып.
– Бұл тауда қаңғып жүрiп не бiтiрдiм,
Жазықсыз хайуанға қырғын салып.
Әлiм келсе дұшпаннан кегiңдi алып,
Қосайын өздерiне алып барып.
Өзiм алып қойғанға тура келмес,
Арада үлкен-кiшi қанша парық.
Ойлады Қозат батыр сондай ойды,
Қойнына Мейрамханды тығып қойды.
Шоқпарын таудай қылып иыққа сап,
Үрiмнiң тарапына тартты жолды.
Кетедi тау көрiнсе бiр-ақ аттап,
Дария есеп емес бұған батпақ.
Бұрынғы қалған жерден тауып алды,
Бадампай тұлпарын да жүрген оттап.
«Жетелеп әуре болып жүрем бе», – деп,
Қойнына тығып қойды таза сақтап.
Келедi жер-жаһанды бұрқылдатып,
Саз жерден су шығарып шылқылдатып.
Жылап барған Мейрамхан күлiп келед,
Палуанның қызығына әбден батып.
Болғанда бiр күндерi қарны ашып,
Шөлдептi бек қабағат қабақ қатып.
Сол заман дарияға жеттi барып,
Отырды сабыр етiп демiн алып.
Дарияның iшiндегi жайындардың,
Төрт-бесеуiн алыпты қолын салып.
Балықты қолын созып күнге қақтап,
Сол жерде тойып алды рахаттанып.
– Жасымнан күнге қақтап тамақ жеп мен,
От жағып көргенiм жоқ азаптанып.
Басында самұрық құс айтып едi,
Мейрамхан өз көзiмен көрдi анық.
Ол көлдiң шөлдеген соң суын iштi,
Дария жарымдалып орта түстi.
Айтады Мейрамханға Қозат батыр:
– Бұрынғы қалыбымдай болдым күштi.
Қозат ер қара жердi солқылдатып,
Толтырып балық, суға барлық iштi.
Бұл палуан осылайша келе жатыр,
Сипаттап айта берсем толып жатыр.
Қуам деп Мейрамханды шығып ед,
Не болды Фарқағад қайран батыр.
Орнынан кетiп едi зорға тұрып,
Тұлпардың қарғып шапқан iзiн қуып.
Батпаққа жығылғанын ол да көрген,
Байқады құс тырнағын кеткен iлiп.
«Мейрамхан самұрыққа жем болды» деп,
Сол жерден қайтқан екен күдер үзiп.
Үрiмге Фарқағад қайтып барып,
Сөйлейдi өткен iстi бастан анық.
«Құс жедi Мейрамханды» дегеннен соң,
Жығылды Кәрiм мырза естен танып.
Тоқтатар Фарқағад Кәрiм ердi,
Әр түрлi ғибрат сөзбен жөнге салып.
– Тiрiлмес өлген адам өкiнгенмен,
Берем, – деп, – бiр сұлу қыз саған алып.
Зар жылап Кәрiм қалды мысы құрып,
Сол жерде сөз сөйледi Қоңқар тұрып:
– Мәлiктi он бiр мың әскерiмен
Таңертең тастаймыз, – деп, – бәрiн қырып.
Сап түзеп палуандары даярланды,
Таң атып Қоңқар шаһ хабар қылып.
– Жәмшидтi дарға асып өлтiр, – дейдi,–
Шынжырлап мойынынан тұзақ iлiп.
Қоңқардың бұл бұйрығы қабылданып,
Жәмшидтiң бар әскерiн ортаға алып,
Ақиқат дүниеден өттiк қой деп,
Мөлтiлдеп көздiң жасы жерге тамып.
Осындай қатер халде тұрғанында,
Бiр асқар тау келедi мұнарланып.
Күн құсап күркiрейдi сол заманда,
Адасты ақылынан барлық халық.
Әлқисса, ендiгi сөздi Үрiм шаһарына келген Қозаттан естiңiздер:
Назым Қозат
Халайық қайран болып мұны көрдi,
Сұмдық мынау қандай Қозат ер-дi.
Қозаттың қойнында жүр Мейрамхан да,
Жиылған өз әскерiн таниды ендi.
– Мына тұрған барлығы бiздiң ел, – деп,
Танытып Қозат ерге айтып бердi.
Қырғалы қойған дейдi мұны саптап,
Қылышын қолына алып жалаңаштап.
– Қозат-ау, әлiң келсе елдi босат,
Ешқайда кетпес, сiрә, зәңгi ақымақ.
Бұл сөздi Қозат батыр мақұл көрiп,
Тұлпар мен Мейрамханды жерге тастап,
Шоқпарын қолына алып қанша батпан,
Дұшпанын қыра бердi жерге таптап.
Қырылды есебi жоқ қанша халық,
Сай-сайдан су орнына қандар ағып.
Жоқ едi бұл соғыста Фарқағад,
Шаһарда жатыр едi демiн алып.
«Бiр пәле бiздiң елге кез болды», – деп,
Айтыпты Шабыраң ғаяр барып.
Қозат жүр жалғыз өзi елдi қырып,
Бiреуiн ұстап алып, бiрiне ұрып.
Ешқандай бұған қарсы палуан бармас,
Қоңқардың әскерлерiн шықты қуып.
Жәмшидтiң әскерлерiн жиып алды,
Батқан айы бұлардың бүгiн туып.
Кеш болып соныменен қайтты бәрi,
Барабан екi жақтан бiрдей ұрып.
Өз басын Мәлiк ердiң ала алмады,
Шаһарға соғысам деп бара алмады.
Бадырап, Бадыраң Ғазиз бәрi сонда,
Алғашқы қолға түскен Малақ тағы.
Таң атып, барабаны қағылған соң,
Соғысқа шықты сол күн Фарқағад.
Майданға жетiп келдi қаһарланып:
– Бұл кiм – деп, – әскерiмдi кеткен алып?
Бұл күнi барлығын да тамам етем,
Бiреуiң құтылмайсың тiрi қалып.
– Барлығын iстеп жүрген мен едiм, – деп,
Қозат ер жауап бердi қарсы барып.
Сескендi Фарқағад сұры қашып,
Қозатты таныр едi бастан анық.
– Қозат батыр сен болсаң, мiнеки, – деп,
Шоқпармен қақ маңдайдан қалды салып.
Көрмедi бит шаққандай Қозат батыр,
Кiрiстi ұрысуға әуел ақыр.
Шоқпармен кезек-кезек салысып жүр,
Етпейдi бiр-бiрiне һешбiр рақым.
Ұрғанда аямастан осы жерде,
Шоқпары тастай ұшып кетiп жатыр.
Жарқылдап жай тасындай от шығады,
Салып жүр бiр-бiрiне заманақыр.
Көргендер бұл екеуiн естен танды,
Қаптатты қара түнек жерден шаңды.
Шоқпардың басы сынып ақырында,
Қолында батырлардың сабы қалды.
Қарусыз қалғаннан соң қарап тұрмай,
Ал ендi бiр-бiрiне қолын салды.
Сақал-мұрты бұлардың қарағайдай,
Қолдары тигендерiн жұлып алды.
Екi тау соғысып жүр домаланып,
Қарап тұр көз айырмай қанша халық.
Тер басып, үстi-басы – аппақ қырау,
Түседi көбiктерi домаланып.
Бiр-бiрiн айбатпенен лақтырса,
Табанын жерден алмас жалғыз адым.
Күндiз-түнi дамыл алмай күресiп жүр,
Барлық ел екi жақтан жарық алып.
Бастап жүр екi батыр әрбiр iстi,
Бұл күннен аяр ой жоқ барлық күштi.
Ақырып Қозат батыр сiлтегенде,
Қырық аршын Фарқағад барып түстi.
Жығылмай тiкесiнен түскен екен,
Қайтадан бiр-бiрiне жүгiрiстi.
Тiлдерiн жалаңдатып жылан сипат,
Екеуi бiр-бiрiне салды тiстi.
Бұлардың жүрген жерден суы шығып,
Қызыл қан денесiнен ақты жылжып.
Күшпенен бiрiн-бiрi лақтырса,
Кетедi тiзесiнен жерге кiрiп.
Тоғыз күн дамыл алмай күндiз-түнi,
Бiр-бiрiн ала алмады бұлар жығып.
Сол заман Қозат ерге бiр ой түсiп,
Үстiне Фарқағад алды мiнiп.
Ойлады Фарқағад ендi жығам,
Ұстап ап екi аяқтан хайла қылам.
– Иә, Қозат, өлер жерге ендi келдiң,
Апарып дарияға басың тығам.
«Ақиқат солай болса өлемiн» деп,
Бек қатты сасып қалды Қозат бұған.
Бiр-бiрiн ала алмайды дымы құрып,
Бұрқырап аспан-көкке буы шығып.
Бадампай тұлпарына мiнiп алып,
Мейрамхан сол араға келдi жүрiп.
– Арғы атаң Ғожад ибн Ғонық, Қозат ерiм,
Сiз қалай жасық болдың сонан туып.
Атаң Ғожад бiр шаһарға барғанында
Бiр тышқан боғыменен кеткен қырып.
Ғонық деген арғы атаң заманында
Сирағын ел өткiзген көпiр қылып.
Келмейдi жарымыңа Фарқағад,
Жыға алмай жүргенiң не көп кiдiрiп?
Ата-тек, әсiлiңе қарағанда,
Ойлап ем жiбере ме деп лақтырып.
Осы сөз Қозат ерге өтiп кеттi,
Мейрамхан қозғаған соң ата-тектi.
Қозат ер ашуланып ақырғанда,
Таулардан тас домалап, қалт-қалт еттi.
Сиынып Ғожад ибн Ғонық бабасына,
Сол заман өзiн-өзi бiлмей кеттi.
Сол жерде ол зәңгiнi алды жұлып,
Ер Қозат тiзесiн[ен] жерге кiрiп.
Тарбайтып тасбақадай палуанды,
Иыққа батыр Қозат салды тұрып.
Көтерген бойымен жерге ұрса,
Кетедi күл-күл болып жаны шығып.
Қайғырды Фарқағад есi кетiп,
Өзiнен басым келсе халi нешiк.
«Жерге ұрса өлiп кетед» деген оймен,
Асығып Мейрамхан да келдi жетiп.
– Қозат-ай, тастамағын мұны жерге,
Достаспақ, қайыр екен жол көрсеткен.
Мұндай ер қашан болса бiзге керек,
Кетпесiн қапылыста өмiрi өтiп.
Қозат та осы сөзге мақұлданды,
Ақырын ол батырды жерге салды.
«Достасып, өмiрiңде бiр жүргiн» деп,
Қозат ер осылайша сөз шығарды.
– Көнбесең, айтқаныма батырлық қып,
Бас кесiп ағызамын, – дедi, – қанды.
Сөйледi Фарқағад сонда тұрып,
Отыр ғой қолға түсiп болмай мәнi.
Мың күнгi қараңғыдан бiр күн жарық,
Тәттi ғой дүниеде адам жаны.
«Өмiрде айтқаныңнан шықпайын» деп,
Достасып бердi солай уағданы.
– Қозат-ай, сiз аға бол, мен iнiмiн,
Бiр жүрiп өткiзейiк дүнияны.
Сол жерде серт айтысып қасамменен,
Қозатпен құшақтасып Фарқағад.
Қосылды бiр ниетте екi батыр,
Дүниеден өткенiнше әуел ақыр.
Ұлы тау кiшi таумен тамыр болып,
Қасына Мейрамханның келе жатыр.
Екi батыр бiр жаққа шыққаннан соң,
Қоңқарға түстi ендi заманақыр.
Ол Қоңқар батырының бәрiн жиып,
Жасайды осылайша олар ақыл.
Әлқисса, ендi сөздi Қоңқардан естiңiздер. Екi батыр бiр жаққа шыққаннан соң жаны қалмай, ойлап отырған ойынан естiңiздер:
Сөйледi Қоңқар сонда жұртын жиып,
Қорыққаннан батырлардан iшi күйiп.
– Қозат пен Фарқағад ертең келiп,
Қиратар бәрiмiздi шөптей орып.
Кәрiм деген саудагер көгермесiн,
Бәленi қай-қайдағы келген жиып.
Сол Кәрiмдi көргенiң маған әкел,
Өлтiремiн қылышпен быт-шыт қылып.
Қырғынға ұшырайсың, қайран елiм,
Бұл күнде үзiлiп тұр менiң белiм.
Тоқсан шаһар жұртымды тегiс жинап,
Бiр соғысып шығарсам ащы терiм.
Ел едi жетi атамнан маған қалған,
Болады айрылғаным маған өлiм.
Хан, сұлтан, қатардағы батырларым,
Бұл iстiң табыңыздар ойлап жөнiн.
Ол Қозат ертең бiзге салады ойнақ,
Жәмшидтi бiз отырмыз мұнда байлап.
Сiздерге бұл айтқаным қалай келер,
Мен бүгiн бiр ақылды тұрмын ойлап.
Жәмшидтi осы араға келсек алып,
Ғаярын, батырларын һәм шығарып.
Үш айға уағда етiп соғыспасқа,
Қайтер едi байқасақ сөзге салып.
Қозатқа тең келетiн батырларды,
Бар болса жер жүзiнде тауып алып.
Дейтұғын Орайнатан бiр зәңгi бар,
Мен оны естiп едiм бастан анық.
Қозат пен Фарқағад та оған жетпес,
Ол ердiң жер жүзiне аты қанық.
Барлығы осы сырды мақұл көрiп,
Жәмшидтi зынданнан келдi алып.
Әлқисса, ендiгi сөздi Қоңқардан естiңiздер. Жәмшидтi барлық батыр, ғаярларымен зынданнан шығарып алып келiп, Қоңқар патша Жәмшидке айтады:
– Ей, Мәлiк, саған айтар бiр сөзiм бар. Сен бiр себептен қолға түстiң. Түскен себебiң мынау болды: сен менiң қызым Маһиронды өзiмнен бiр ауыз сұрамай ұрлап алдың. Сен менен бiр мәрте сұрасаң не қылды, мен бермесем сонан соң iстейтiн iсiң едi. Сол себептен Фарқағадты алдырдым, сенi өлтiруге қимадым, баламды алған балам ғой деп. Ал ендi, Фарқағад сенiкi болды. Қозат деген бiр батыр кеп, жеңiп алды. Қазiр екi батыр да сiздiкi болды. Маған жамандық ойласаң, бiр-ақ күнде Үрiмдi аласың. Сен жеңдiң, мен қазiр жеңiлiп отырмын. Бiрақ саған айтар бiр арызым бар. Маған үш ай мәулет бер. Барлық елiмдi жиып, армансыз болайын деп сiзден сұрап отырмын. Оған шейiн сен де елiңдi жи. Өзiңiзге ғаяр, батырларыңыз бен Маһирон қызымды да бердiм, – деп сөзiн тоқтатты.
Жәмшид батыр да бұл сөздi мақұл көрiп, уағдасын етiп, Маһиронын, батыр, ғаярларын алып өз қосына келiп, Мейрамхан әйелiмен құшақтасып, көрiсiп өлiмнен аман қалғандарына, Қозат, Фарқағад батырларымен танысып, рахаттанып үш айуағданы күтiп жата бердi.
Әлқисса, ендiгi сөздi үш ай уағда күткен Жәмшидтен естiңiздер:
Тыңдаңыз құлақ қойып, көп жамағат,
Айтайын бiр ғажайып бiр өсиет.
Қозат пен Фарқағад палуандары,
Жәмшидтiң болып тұрды көңiлi шат.
Дария Күлзiм деген бiр өзенге
Бар әскер көшiп барып жатты рахат.
Мiнiп-ап қол қайықпен Жәмшид батыр
Жүр едi дарияда қып саяхат.
Сол заман дария жүзi толқын болып,
Кез болды Жәмшид ерге бiр ғаламат.
Бiр наһан пайда болды жарқ-жұрқ етiп,
Жау шықты жар астынан амал нешiк.
Жәмшидтi қайығымен жұтып алып,
Жөнелдi бiр тарапқа сеңдей көшiп.
Ғаярлар, палуандар бейхабар боп,
Әр жаққа тарап кеткен тамаша етiп.
Мейрамхан Маһиронмен екi әйелi
Зар жылап қарап тұрды көзiн қиып.
Суменен наһан кеттi төмен ағып,
Жәмшидтi қайығымен iшке салып.
Дүние дәл сол күнi тамам болып,
Тiрлiктен Жәмшид патша көңiлi қалып.
Дариямен дәл сегiз күн тынбай ағып,
Ол наһан қайырлайды бiр күн барып.
Ол наһан су шетiне қайырлаған,
Екпiнi қандай қатты қайырылмаған.
Күн көрген балық аулап қанша халық,
Наһанға кез болыпты барлық адам.
Қуанып жабырласып мұны көрiп,
– Бiр жыл ассақ, – деп айтар, – болмас тамам.
Шаһарда бар көлiктi келтiрсiн, – деп,
Ата, дос, ағайынға хабар қылған.
Жәмшидтiң көрген күнi не боп жатыр,
Бiр хабар бiз алайық ендi мұнан.
Наһанның iшiнде жүр Жәмшид батыр,
Басқа түссе әркiм-ақ болар пақыр.
Көзiн ашып қарады жұтқаннан соң,
Бiр ғажап құрылғандай алтын шатыр.
Кеңдiгi бау-бақшаның сипатындай,
Тарлықтан тиер емес бұған дақыл.
Зүбәржат, iнжу, маржан, асыл тастар,
Айтып ауыз жетпейдi, ойлап ақыл.
Асылды су түбiнен наһан жұтқан,
Ойлайды пайым етiп сөзiмдi ұққан.
Ойнақтап неше түрлi құндыздар жүр,
Наһанның ауызына кiрiп сырттан.
Отырды Жәмшид батыр мұны көрiп,
Ешқандай қауiп, қатер болмай жұрттан.
Қабағат бiр күндерде ашты қарны,
Болмады нашарланып һешбiр мәнi.
Наһанның iш майынан кесiп алып,
– Пiсiрiп жесем, – дейдi, – бүгiн аны.
Суырып өз қайығын отқа жағып,
Отырды ши жандырып, қақтап аны.
Отқа май тиген соң оңдыра ма,
Дүрiлдеп жана бердi ендi бәрi.
От қаптап iштiң бәрiн өртеген соң,
Күйзелдi ол наһанның ендi жаны.
Болғанын мынау өрттiң Мәлiк бiлiп,
Өзiм де өлемiн деп ойлап күдiк.
Бiр жағы суға жақын, бiр жағы өрт,
Астына ай құлақтың тұрды кiрiп.
Шыдамай от шарпуына бұлқынам деп,
Дариядан сол себептен кеткен шығып.
Наһанды қайырлаған көргеннен соң,
Қанша жұрт көлiктерiн жатыр жиып.
Кескiлеп ол наһанды жатыр шауып,
Көп артқан өгiзiнiң жүгi ауып.
Шапқанда тұмсығынан кейiн қарай,
Жәмшидтi сау-саламат алды тауып.
Наһанның iшi күйген дәнеме жоқ,
Халайық қорқынышпен еттi қауiп.
Жәмшидтi көргеннен соң жабырласты,
– Бұл қандай оқиға? – деп сыр сұрасты.
Өз атын баян қылмай Жәмшид мырза,
Сескенiп жалған сөзбен жауап ашты.
Деп айтты: – Балықшымын кәсiп еткен,
Қармақ сап, дарияға үмiт еткен.
Бұл наһан жұтып алып кете бердi,
Басымнан осылайша дәурен өткен.
От жағып, тамақ iстеп iшiп едiм,
Сол жерде балық iшi күйiп кеткен.
Шаһарым – Тұранзамин, атым – Зарлық,
Пендеге не iстетпес түссе тарлық.
Бiр нашар кемпiр-шалдың баласы едiм,
Жүремiн су жағалап күнде қаңғып.
Бұл наһан мен байғұсты жұтып қойып,
Қойды ғой ата-анамды онда зар қып.
Сiздер кiмсiз, қай жерлiк, қай тараптан,
Шаһардың атын айтқын бiр баян қып.
Олар айтты: – Әй, Зарлық, сөздi тыңда,
Бiр түрлi машақатпен кепсiң мұнда.
Болады нәсiлiмiз қытай халқы,
Ат қойған Хауарзамин бұл шаһарға.
Ер жiгiтке сын болса не көрмейдi,
Сабыр ет, жәбiр көрдiң әркез анда.
Ел-жұртың iздеп келсе тауып алар,
Әзiрше бiр тұра бер бiзбен мұнда.
Жәмшид те осы сөздi қабыл көрiп,
Барыпты татулықпен оған ерiп.
Бiлмедi бұл бөтен бала екен деп,
Сол жерден бiр шал шықты иемденiп.
Жәмшид ер шал-кемпiрге болды бала,
Iшiнде толып жатыр қайғы-сәна.
Бiр күнi Хауарзамин шаһарында,
Бiр мейрам, қызықты той болған жаңа.
Жиылды есебi жоқ қанша халық,
Орнатып алтын тағын патша барып.
Қаншалық әскерлерi сап түзетiп,
Барабан, сыбызғымен әнге салып.
Шал-кемпiр бiр-бiрiмен сыбырласып,
Олар да шаттанысып, көңiл ашып.
– Замандас, құрбымыз, – деп көзiн қысып,
Бетiңнен сүйгiзшi, – деп аузын ашып.
– Қу қақбас, балалардан ұят қой, – деп,
Қылымсып кемпiрлер де бетiн басып.
Жас бала жап-жалаңаш арыс салып,
Жақ-жақ боп төбелесiп, асық шашып.
Жиылды өз алдына күң мен құлдар,
Шашының сiркесi бар жаман қыздар.
Құшақтап бiрiн-бiрi беттен сүйiп,
Қалмады айтылмаған iште сырлар.
«Кiмде-кiм өз теңiмен ойнасын» деп,
Сол күнi патшасының бұйрығы бар.
Қобызды бақсылар жүр балын ашып,
Қыздырып тiлдерiне темiр басып.
Қойшылар өгiзбенен көкпар тартып,
Салысып таяқпенен найзаласып.
Шапқызған бес жүз неше бәйгесiнi,
Шаң топыр жер-жаһанды тұман басып.
Қыз келдi бiр тараптан жүз бұралып,
Басына құндыз жекей қойған салып.
Қыз шiркiн, бұл дүниенiң қызыл гүлi,
Таңырқап қарап тұрды барлық халық.
Керiлген келiншектер бұраң басқан,
Қыздарды қошаметтеп ортаға алып.
Солардың ортасында бiр қыз отыр,
Айдай боп он төртiншi шағалаланып.
Барлық ел бет-бетiмен шарап iшiп,
Бишiлер көкке шығып, жерге түсiп.
Жәмшид ер осылардың бәрiн көрiп,
Қасында қарап тұрды iшi пысып.
Бiр қызмет ханышаға етемiз деп,
Әншiлер келiп жатыр жүгiрiсiп.
Айтысты шал мен кемпiр, қыз бен бала,
Жас жiгiт келiншекпен дара-дара.
Әскерлер барабанмен әнiн қосып,
Бiр адам қарап тұрмай осы арада.
Мейрамның құрметiне құттық айтып,
Күңiрендi жау шапқандай осы қала.
Қосылып бұлармен шарап iшiп
Отырды мәжiлiсте Жәмшид дана.
Өзiнiң жастан құмар өнерi ғой,
Қозғады сыбызғысын қолына ала.
Ол күнi бiр бостандық елдiң бәрi,
Iстесе қандай түрлi оқиғаны.
Қырдың қызыл алтай түлкi емес пе,
Бәрi мақтап айтады ханышаны.
Өнерге асып туған Жәмшид ердiң
Құбылтып көкке жеттi салған әнi.
Бiр бұлбұл көп iшiнде сайраған соң,
Жүгiрдi солай қарай елдiң бәрi.
Тұра алмай көп iшiнен бүкелеңдеп,
Жығылды қиқалаңдап кемпiр-шалы.
Келтiрдi Жәмшид батыр әннiң машын,
Барлық жұрт салды сонда ықыласын.
Әншiлер өз-өзiнен қатты ұялып,
Сындырды қолындағы домбырасын.
Сол жерде тұрғандардың бойы балқып,
Ағызды қайғылы жан көздiң жасын.
Кейбiреу тығып қойды сыбызғысын,
Өзiнiң ұят көрiп қылған iсiн.
«Бiздiң тартып жүргенiм жақсы күй деп,
Есектiң үйренiппiз шын дыбысын».
Шолпанның жұлдызындай көзi жайнап,
Қайнатты қасiретке қыздың iшiн.
Iшiнен қыздың бәрi ғашық болып,
Бiреудiң иемденiп бұлбұл құсын.
Қолға алды андан кейiн домбыраны,
Күйзелдi онан арман елдiң жаны.
Аузына сыбызғысын қатар қойып,
Сөйледi неше түрлi тамашаны.
Жәмшидтен басқалары малдай жусап,
Отырды сүмiрейiп елдiң бәрi.
Бостандық бүгiнгi күн дегеннен соң,
Мақтады әр сипатпен ханышаны.
Мөлдiреп екi көзi, бой шымырлап,
Отырды шыға жаздап қыздың жаны.
Хауарзам – ежелден-ақ ұлық шаһар,
Патшасын Қасымзейрiн Қаба атар.
Ханыша сол патшаның қызы екен,
Һеш пенде сұлулықта болмас қатар.
Тамаша соныменен аяқталып,
Қоштасып үйдi-үйiне болды қайтар.
Шақырды Қасымзейрiн Жәмшид ердi,
Өнерiн салтанатпен тәуiр көрдi.
– Қай жерлiк, қай шаһарлық адамсың? – деп,
Сөйле, – деп оқиғаны сұрайды ендi.
«Шаһарым – Тұранзамин, парсымын», – деп,
Келгенiн қай себептен айтып бердi.
– Күй тартып көңiлiмдi көтергiн, – деп,
Өмiрлiк жолдас бол, – деп, – маған ендi.
Жәмшид қабыл көрдi тiлiн алып,
Қолында тұрды сөйтiп бiрге барып.
Патша анда-санда зерiккенде,
Бередi Жәмшид батыр әнге салып.
Бойына iшкен тамақ тарамастан,
Патшаның қызы да жүр күйiп-жанып.
– Бiзге де бiр тамаша етiп бер, – деп,
Қыз кеттi әкесiнен сұрап алып.
Мәлике Зиба екен қыздың аты,
Кем емес қатарынан салтанаты.
Ханышаның шекер асын iшiп,
Ойынның ендi келдi уақыт шарты.
Ер Мәлiк қырық қызбен шарап iшiп,
Мас болды қызға қарап көзiн қысып.
Сайрады сандуғаштай батыр Мәлiк,
Iшiне ғашық оты қатты түсiп.
Болғанда таңға жақын талықсытып,
Қыз жатты Жәмшид ердi ендi құшып.
Мас болып қыздарменен Жәмшид жатты,
Дүниеде ғашықтықтың дертi қатты.
«Ақын мен ханышамыз бiр жатыр» деп,
Патшаға бiр қыз барып арыз айтты.
Бақ күндес бастан қалмас ауру ғой,
Жәмшидтiң обалына қалды қатты.
Әлқисса, ендiгi сөздi мас болып, қыз құшақтаған Жәмшидтен естiңiздер. Қыз барып Қасымзейрiн патшаға айтып, патша ашуланып: – Бiр күнгi қонған қонақтың қойнына жатты деген не деген сұмдық? – деп жендеттерiн жiберiп, Жәмшидтi зынданға салдырып қойды. Ал ендi Жәмшид Хауарзамин зынданында жата берсiн. Ендiгi сөздi Үрiм шаһарындағы Мейрамханнан естiңiздер:
Назым Мейрамхан
Ал ендi аз мәселе Мейрамханнан,
Айрылған Жәмшид сынды ғашық жардан.
Жәмшидтi наһан алып кеткендiгiн,
Сол жерде бәрiнен де хабарланған.
Қозат пен Фарқағад, Бадырап ғаяр,
Бәрi де iздеймiз деп жалаңдаған.
Бұларға осы түрлi ақыл айтып,
Мейрамхан сонда тұрып жауап қылған.
Мейрамхан сонда тұрып сөз шығарып,
Ғаярын Бадыраң Ғазиз қасына алып.
– Жәмшидтiң өлi-тiрi хабарынан
Айт, – дейдi, – оқиғасын бастан анық.
Бұл сөздi Бадыраң Ғазиз мақұл көрiп
Қарады талиғына кiтап алып.
– Дарияға сеземiн тура ағып,
Хауарзам шаһарына барғаны анық.
Қасымзейрiн патшаға айып iстеп,
Зынданда жатыр, – дейдi, – азаптанып.
Мейрамхан сөз сөйледi ғаярларға:
– Келедi қолдарыңнан дүние әрне,
Сiздерге онда барған тура келмес,
Ал ендi ол тарапқа сiздер барма.
Қоңқардың Шабыраң сұм ғаяры
Сен кеткен соң әлек етер елдi мұнда.
Хайлалы сиқырлықта бар сұмдары,
Әскердi ұшыратар бұл қырғынға.
Бармасын Қозат пенен Фарқағад та,
Бағынсын осыларға елдiң бәрi.
Бұл жерден бiрде-бiрi кетiп қалса,
Қырылып судай ағар елдiң қаны.
Бұл Үрiм бұл Қозаттан қорқып отыр,
Амалсыз өкiнгенмен, келмес халi.
Жәмшидтi мен iздейiн өзiм барып,
Бұл сөздi тыңлаңыздар құлақ салып.
Ақылдасса жарым ес бүтiн болар,
Бейкүнә қырылмасын қанша халық.
Саудагер порымында керуен болып,
Қаншалық қызметкер жолдас алып,
Еркектiң сипатында киiм киiп,
Амалсыз Жәмшид үшiн шашын алып.
Қолынан алтын шаштың келедi не,
Бiр жақта Жәмшид жатса азаптанып.
Әлқисса, ендiгi сөздi Мейрамханның Жәмшидтi iздегенiнен естiңiздер. Фарқағад, Қозатты мұнда тастап, Бадырап, Бадыраң Ғазиздi «әскердi қорып тұр» деп оны да тастап, өзi саудагер порымында болып, қырық түйе қазына артып, қызметкерлер алып, өзi ерлерше киiнiп, шашын алып, бiр байбатша ретiнде Хауарзамин шаһарына жүргенiнен сөз естiңiздер:
Назым Мейрамхан
Жамағат, жалықпастан ендi тыңда,
Кеттi деп сөзiң ұзап айып қылма.
Ақылын Мейрамханның қабыл көрiп,
Палуан, ғаярлармен қалды мұнда.
Толтырып қырық түйе хан қазына,
Хауарзам тарапына түстi жолға.
Қызметкер отыз кiсi жолдас алып,
Бастығы Малақ батыр болды қолда.
Хауарзам шаһарына кеттi жүрiп,
Бадампай тұлпарына алды мiнiп.
«Жәмшидтiң жоғалғанын айтпағын» деп,
Насихат қанша түрлi ақыл құрып.
Мейрамхан осылайша сапар еттi,
Арада қанша шаһар басып өттi.
«Тұраннан келемiз, – деп, – саудагерлiк»,
Бәрiне де осылайша жауап еттi.
Айтарлық бұл сапарда жұмыс болмай,
Екi айда Хауарзамға келiп жеттi.
Керуеннiң сарайына түстi барып,
Неше күн отырыпты демiн алып.
Өзiне Жанкүйдiргiш ат қойыпты,
Айтпайды Мейрамхан деп жалғыз қарiп.
Үстiне неше қабат кидi киiм,
Бiлдiрмес өмiрiнде жанға сырын.
Бiр күнi шаһар iшiн сайран етiп,
Таң қалды көрген адам мұның түрiн.
Сұлулық сипатына қайран қалып,
Тастады дүкеншiлер ессiз пұлын.
Көруге құмар болып барлығы да,
Қайтар үйге тастап қыз бен ұлын.
Осындай құмарланып қанша халық,
Жабылып жүргiзбейдi ортаға алып.
Жәмшидтен һешбiр хабар ала алмастан,
Отырды сарайына қайтып барып.
Мейрамхан сонда түстi бiр қиялға,
«Патшаға барайын, – деп, – тарту алып».
Есепсiз алып шыққан дүнияны,
Көзi таяр қарағанда көрген аны.
Мүлкiне бiр патшаның барабарлық,
Бiр тон бар түймесiнiң гауһар бәрi.
Қанша бай, қандай патша болғанменен,
Жек көрер адам болмас дүнияны.
Толтырып тоғыз нарға тарту артып,
Көрген жан қорғасындай кеттi балқып.
Күлдiрлеп қоңырауы қызыл нардың,
Алдына дарбазаның келдi тартып.
Тұрыпты қожайыннан рұқсат сұрап,
Iстеген әдепсiздiк бiзге ұят.
Патшаның құзырына келгеннен соң,
Бiздерге жүз көрiсу ол бiр минат.
Түсiрдi құрмет етiп қонақ үйге,
Деп айтты: – Сiздердiкi мына дүние.
Отырды бiр сарайда ол Мейрамхан,
Өзiне iлестiрмей жолдас бiрге.
Таранып тоты құстай түрленедi,
Мөлдiреп бақшадағы қызыл гүлге.
Отырды қонақ үйде жалғыз қалып,
Құрметтеп қызметкер, қанша халық.
Тартуын Мейрамханның түгелiмен
Патшаға сол заманда барды алып.
Гауһардан түйме таққан алтын тонды
Қарады сонда патша қолына алып.
«Өмiрде мұндай киiм көрмедiм» деп,
Отырды бек қабағат қайран қалып.
– Қай жерлiк, қай тараптан келдi екен,
Қонақты шақыр, – дейдi, – шапшаң барып.
Мейрамхан шақырған соң жетiп келдi,
Патшаның Қасымзейрiн түрiн көрдi.
Ыпылдап тал-шыбықтай майда сөзбен,
Еңкейiп қол қусырып сәлем бердi.
Отырды сiз-бiз десiп амандасып,
Патшаның құзырына құп жарасып.
– Қай тараптан келесiз, нәсiлiң кiм? –
Сұрады сонда патша жауаптасып.
– Атың кiм, қай шаһардан мұнда келдiң,
Бұл жерден қалайынша таттың нәсiп?
Мейрамхан орнынан ұшып тұрып,
Иiлдi жүрегiне қолын басып.
– Нәсiлiм қалмақ болар, шәрiм – Иран,
Атамыз саудаменен дүние қуған.
Бабамыз жүз елуге жасы келiп,
Мен едiм жалғыз бала сонан туған.
Кәсiбiн қартайған соң маған берiп,
«Өзiңше сауда қыл» деп бұйрық қылған.
Шаһарға Фишам Қайран бармақ едiм,
Мал салып кемемiзге дария судан.
Кеменi толқын айдап ықтиярсыз,
Аман-сау бұл күндерде шықтым мұнан.
Атымды Жанкүйдiргiш атам қойып,
Баласы өле берiп ырым қылған.
Иә, тақсыр, осылайша менiң халiм,
Атыңыз жер-жаһанға болған мәлiм.
Сiздер сынды патшамен жүз көрiсу,
Қызығы сол емес пе дүнияның.
Мейрамхан солай айтты барлық сырын,
Айтпастан ақиқатын, кеттi қырын.
Майда сөз, нұрлы жүзi перде болып,
Ешқандай таба алмайды мұның мiнiн.
Андан соң тамағын жеп, iштi шарап,
Падиша көз айырмай отыр қарап.
«Дүниеде мұндай бала көрмедiм», – деп,
Бiр басын Мейрамханның мыңға балап.
«Қыз болса бұл нұрымен осы бала,
Етер ем дүниемнiң бәрiн хараб.
Перiнiң қызы болса Қап тауында,
Күшiммен алар едiм бiр күн талап.
Армансыз дүниеден өтер едiм,
Бiр күнде ақ жүзiне тоқсан қарап.
Қыздардың бұған тиген арманы жоқ,
Ол шiркiн қыз болмайды қайғырсам көп.
Мен сүймесем бұл ердi қызым сүйсiн,
Кетпесiн өз қасымнан айналып көп».
Ғашығы Мейрамханға әбден өтiп,
Iшiнен патша отырды уайым жеп.
Отырды барлығы да мажырасып,
Қандиулат, шаһд, шекер татып нәсiп.
Патша ақындарға бұйрық еттi:
– Қонақтың тамаша етiп көңiлiн аш.
Ақындар өлең айтып, тартты күйiн,
Ойыншы өз әлiнше ойнап биiн.
Сол жерде ер Жәмшид ойға түсiп,
Бұл әндер құлаққа енбес екi тиын.
– Иә, тақсыр, салтанатың артық екен,
Мың мәрте құлдық еттiк еткен сыйың.
Пенденiң өлең мен жыр желпуiшi,
өңiлдiң кетiредi қайғы, кiрiн.
Бой шымырлап кеуденi босататын,
Шақырғын жыршы болса тағы бiрiн.
Патша мына сөзге бек шаттанып,
Айтады орғып сөйлеп, судай ағып.
– Бар едi бiр ақыным теңдесi жоқ,
Зынданға бiр себеппен қойдым салып.
Қонақтың құрметi үшiн бүгiнгi күн,
Зынданнан әкел, – дейдi, – шапшаң барып.
Бұл күнгi мәжiлiске қызмет етсiн,
Салармыз таң атқан соң қайта апарып.
Жәмшидтi келдi сонда олар алып,
Қалыпты нашарланып, естен танып.
Сол жерде Мейрамханды танымады,
Қандайлық қараса да көзiн салып.
– Азырақ шарап iшiп, Зарлық пенде,
Бер, – дедi, – қонақтарға бiр ән салып.
Жәмшид те қабылдады естiп мұны,
Азғындап болмай қалған мұның сұры.
Құбылтып тартса дағы сыбызғысын,
Шықпайды бұрынғыдай қайран үнi.
Сол жерде Қасымзейрiн сөз сөйледi:
– Қонағым, бұрынғыда көрсең мұны,
Ес қалмай естiгендер еңiреушi едi,
Бұл күнде келмей отыр сөздiң ығы.
Мейрамхан риза болды қол қусырып:
– Қайтқанша бұл шаһардан сауда қылып,
Зынданға, тақсыр, мұны салдырмаңыз,
Отырсын бiр-екi күн қызмет қылып.
Көңiлi көтерiлсе шарап iшiп,
Бiр көрсек сайрағанын даусы шығып.
Патша осы сөздi мақұл көрiп,
Жәмшид те мәжiлiсте қалды тұрып.
Бұл күнгi мәжiлiстi тамам еттi,
Халайық жай-жайына тарап кеттi.
Iшiне алтын сарай төсек салып,
Қонаққа «жатыңыз» деп құзыр еттi.
Таң атып ас-су iшiп, бас қосқан соң,
Падиша ойлап отыр бiр ниеттi.
Әлқисса, Қасымзейрiн патшаның Мейрамханға айтқан сөзiнен естiңiздер:
Падиша сөз сөйледi Мейрамханға:
– Иә, балам, нәсiп айдап келдiң мұнда,
Қаншалық құрмет пенен тартуың бар,
Бұл жаққа келгенiңе себеп бар ма?
Бiр сiзден аярым жоқ дүние, жаннан,
Айта бер, ойдағы iсiң болса әрне.
Ауыздан шыққан сөзiң бүгiн қабыл,
Бiрақ та балалық қып қапыл қалма.
Мейрамхан патшаға айтты: – Иә, ханым,
Опасы жоқ адамға дүнияның.
Сiздер сынды патшамен жүз көрiсу,
Ойлаған ойымдағы бар арманым.
Мен сiзден дүние сұрап келгенiм жоқ,
Жетедi бiр басыма жиған малым.
Қайтамын, рұқсат болса өз елiме,
Ақиқат баян еттiм барлық халiм.
Патша айтты: – Ол сөзiңiз тура келмес,
Дүниесiн бекер босқа һешкiм бермес.
Сен маған бала болып жақын болғын,
Бар едi жалғыз қызым саған теңлес.
Деген сөз «құры қасық ауыз жыртар»,
Болғанмен бекер тамыр ештеме өнбес.
Мейрамхан ырза болып: – Тақсыр ханым,
Сiз айтсаң болмас дерге бар ма халiм.
Ханның қызы қараға қалай тиер,
Қасына бара алмаспыз ханышаның.
Қосылған ғашық болып мехнатпен
Бар едi өз үйiмде махбүб жарым.
Бәйбiше, тоқал деген бiр әңгiме,
Ежелден күйiк сынды ол бiр сарын.
Иә, тақсыр, ендiгiсiн сiз бiлерсiз,
Айтайын бастан-аяқ барлық халiм.
Патша айтты: – Бұқара деп кем көрмеймiн,
Сенi мен патшаларға тең көрмеймiн.
Тоқал тұрмақ, домалақ күң болса да,
Қызымды өз еркiне жiбермеймiн.
Бұл сөздi Мейрамхан да көрдi мақұл,
Ойланып табамын деп қандай ақыл.
«Қарағым, Жанкүйдiргiш күйеуiм» деп,
Падиша құрметпенен сыйлап жатыр.
Күйеу, қызды сол жерге қоспақ болып,
Тiгiптi салтанатты алтын шатыр.
Дауысы күн-күн сайын жақсы шығып,
Өлеңдi зырылдатар Жәмшид батыр.
Мәлике Зиба едi қыздың аты,
Ауызбен айтып болмас түр сипаты.
Болғанда шашы сүмбiл, тiсi меруерт,
Аһ, дүние, бұл жалғанның рахаты.
Жәмшидке ғашықтықтан сабыры жоқ,
Қайнайды ойлағанда қасiретi.
Сол заман Мейрамханды көргенiнде,
Орнады өз басына көңiл шаты.
Қосылды қыз бен күйеу болып нәсiп,
Қырық қыз жеңгелермен шашу шашып.
Бiлмедi құшақтасып көрiскендi,
Еңкейiп тiзелерiн қолмен басып.
Отындай найзағайдың жарқ-жұрқ етiп,
Отырды бiр-бiрiмен құп мiнәсiп.
Қырық қыз, сексен қатын, жүз жиырма ақын,
Барлығы өлең айтты шуылдасып.
Жәмшидтi сол мәжiлiске алып келдi,
Берсiн деп балалардың көңiлiн ашып.
Күй тартты домбырасын қолына алып,
Отырды естiгендер естен танып.
Мейрамхан бiр шынымен шарап бердi,
Iшiне өз жүзiгiн қоса салып.
Далаға «құсамын» деп шығып кеттi,
Жүзiктi ауызына ұрттап алып.
Жүзiктi сол заманда қолына алған,
– Бұл қандай оқиға? – деп көп ойланған.
Қараса бiр ғажайып алтын жүзiк,
Мөр етiп Мейрамханның атын жазған.
«Бақытты бақ-дәулетiм келiптi» деп,
Қуанып үйге енiп қайта айналған.
Ақиқат Мейрамханды сонда танып,
Жоқ едi һеш хабары мұндай халден.
Бұл мәжiлiс мұнымен тамам бiттi,
Қыз, қатын барлығы да тарап кеттi.
Ханыша күйеуiмен ұйықтамақ боп,
Төсектi жайлап салып ниет еттi.
Күйеуден қыздың алар ырымы бар,
Бiр тиын ақшасы жоқ бұған ниеттi.
Сырласып, сыбырласып, сыр сұрасып,
Мейрамхан бiр қулыққа ендi кеттi.
Мейрамхан қызбен жатыр құшақтасып,
Әзiлi бiрiнен де бiрi асып.
«Мәлике, сiзге айтар бiр сыр бар» деп,
Сөйледi ендi бастап жауап ашып:
– Сайраған бау-бақшада бұлбұл едiң,
Бұл жерде бүгiнгi күн болдың нәсiп.
Атаның рухына ұрынармыз,
Iс етсек балалықпен жол адасып.
Бiр iске қасам еткен бабаларым,
Кейiнгi ұрпақтарға бабаларым
Жақындық етпесiн деп көп тапсырған,
Алғанда күйеу болып ғашық жарын.
Сүйiсiп құшақтасса болад деген,
Үш күнде шарты бiтер уағданың.
Бұл iстi қабыл көрiп, сабыр етсе,
Көп болады деген екен балаларың.
Өмiрлiк жолдасымсың, саған айттым,
Айыпқа бұйырмағын, иә, қарағым.
Қыз айтады: – Ондайлық болса бата,
Бiздерге асығыс iс болар қата.
Шықпайын айтқаныңнан өмiрiмде,
Ғашығым, уағдаға еткiн опа.
Бiр күндiк нәпсi тiлiн аламыз деп,
Жүрмелiк бiздер көрiп қайғы, жапа.Қ
Көп болса бала-шаға қандай жақсы,
Көрiнер түйе сұлу ерсе бота.
Қыз, күйеу осы сөзбен ырзаланып,
Үш күндiк уағданы қалды бағып.
Бiр күннiң ұзақтығы бiр жылдай боп,
Төсекке екiншi күн жатты барып.
Мейрамхан Мәликенi құшып, сүйiп,
Сырласты әлгi қызбен сөз шығарып.
Әлқисса, ендiгi сөздi Мейрамханнан естiңiздер. Қойнында жатқан қызбен сырласып, қыздың сырын сұрағаны:
– Мәлике, сөзiм тыңда, ғашық жарым,
Сен болдың осы күнi ынтызарым.
Дүние – дауыл, ақыры көргенiмнiң
Айтайын бiрiн қоймай саған бәрiн.
Аралап жер-жаһанның бәрiн кезiп,
Қызығын жақсы көрдiм дүниенiң.
Бiр қызды ғашық болып алып едiм,
Бұрын бiр көрген екен ердiң тәнiн.
«Ит жеген өз iшiнен бүлiнед» деп,
Кейiдiм, бек қиналып ғазиз жаным.
Қалған соң мен ренжiп қыз ұялып,
О дағы баяндады өткен халiн.
Әйелiм сонда тұрып айтты халiн,
Аузынан аһ дегенде шықты жалын.
Сұлулық сипаттары әлемде жоқ,
Болыпты жер-жаһанға сондай сарын.
Менен бұрын бiреуге ғашық болып,
Қосылып тарқатыпты шер-құмарын.
Онан соң елiн келiп жау ап кетiп,
Көре алмай қалған екен ғашық жарын.
Осындай шын себебi болғаннан соң,
Мен де кештiм ол қыздың күнәларын.
– Мәлике-ау, осылайша барлық сырым,
Сондай бiр қапалықта қалдым бұрын.
Сол қайғы бүгiнгi күн ойдан шығар,
Патшаның құшақтадым қызыл гүлiн.
Сайраған бақшадағы сiз бiр бұлбұл,
Шенiне бара алмайтын һешбiр зұлым.
Дүниеде әуел ақыр көргенiңдi,
Жасырмай сөйлеп бергiн ендi, күнiм.
Мейрамхан жұрттан асқан кемеңгер ғой,
Кетiрдi осылайша қыздың сұрын.
Жәмшидке ғашық болып шарап iшiп,
Құдайым Мәликенi ұрған бұрын.
Сасқаннан самай шашын тыр-тыр қасып,
Бiр ауыз шығармады сөйлеп үнiн.
Ұялып Мәлике қыз бiраз жатты,
«Өлiмнен деген сөз бар ұят қатты».
«Ертең кешке болады ақыр тойым», –
Деп ойлап, барлық сырын бұл қыз да айтты.
Сөйлейдi әуел бастан көргендерiн,
Зарлықтың мейрам тойға келгендерiн.
Ән салып неше түрлi мәжiлiсте,
Барлық ел құмар болып төнгендерiн.
– Зарлықтың зар еңiреттi салған әнi,
Шыққандай болды жұрттың тәттi жаны.
«Ерден өнер құтылмас» деген сөз бар,
Естiр ед қолдан келсе әркiм әнi.
Болғандай ел иесi ер екен деп,
Өзiм де бек сүйiнiп дедiм пәлi.
Армансыз дүниеден өтер дедiм,
Болса да қандай қыздың ғашық жары.
Өз әкем қызыққаннан қасына алып,
Өмiрлiк жолдас бол деп қойған аны.
Зарлыққа зар еңiреп болдым ғашық,
Һешкiмге сыр айтпадым лебiз ашып.
Ғашықтық күндегiден күнде асып,
Татпадым неше күндей тағам, нәсiп.
Бiр күнi өз әкемнен сұрап алып,
Отырдық шарап iшiп мажырасып.
Сол күнi ойда мақсұт бәрi бiтiп,
Жатыппыз күн шыққанша қара басып.
Зарлыққа ғашық болған қыздың бәрi,
Күйзелген қасiреттен тәнде жаны.
Өз қолы жетпеген соң Зарлық ерге,
Патшаға сөйлеп берген оқиғаны.
Атамыз қаһар етiп сонан кейiн
Зынданға алып барып салғандарын.
Мәлике айтып өттi барлық сырын
Қалдырмай оқиғаның бiрде-бiрiн.
– Мен тұрмақ бұл Зарлыққа құмар болды,
Падиша ел билеген көрiп нұрын.
Жүр екен қайда барсаң жолың болмай,
Саудамыз бiздiң дағы бiткен бұрын.
Әлқисса, ендiгi сөздi Мейрамханнан естiңiздер. Мәликезейрiн қыз барлық сырын айтқан соң, өз сырын айтайын деп тұрып тағы да сенбей, қастық етiп әкесiне айтып қойса, ашылмас тұманға қалармын деп Мәликезейрiн қызға айтып отырған сөзi:
– Мәлике, ғашық жарым, айттың сырды,
Көрiпсiң ғашықтықпен әрбiр түрдi.
Дүниенiң ең қорлығы ғашықтық қой,
Көз көрсе де айта алмас iште сырды.
Жете алмай мақсұтына ойлағанмен,
Ақыры болып кеткен әркiм жынды.
Жолында замандастық жаным ашып
Айтайын мен де саған ендi шынды.
Ғашық боп қосылыпсың Зарлықпенен,
Бiр сiзден оған дағы тарлық келген.
Қалмайын обалыңа екеуiңнiң,
Жарамас кiсi ақысын тартып жеген.
Сiз – мұнда, ол зынданда азап көрсе,
Өтедi жылауменен бұл дүниеден.
Жолыңа замандастық жаным құрбан,
Iсiмдi аямаспын қолдан келген.
Сiздердей ұлық патша ханышасы,
Жақсы емес ұялғаны көрiнгеннен.
Қосайын екеуiңдi ебiн тауып,
Бiлед деп һешбiр адам етпе қауiп.
Ұмытпа ғашық болған Зарлығыңды,
Менi де сұлу ғой деп көңлiң ауып.
Көрiнген қоразбенен шағылысқан,
Болмаңыз, иә, Мәлике, сiз бiр тауық.
Өз айтқаны өзiне куә болып,
Отырды Мәлике қыз есi ауып.
Мәлике сөз сөйледi Мейрамханға,
Бiр түйiн қатты тосып осы арада.
– Күйеудiң бiреуiнен бiрi артық,
Қосылған Зарлық ерге амал бар ма?!
Қосылып көрiнгенге жүргенiмiз,
Сүйекке өле-өлгенше болар таңба.
Шықпайын айтқаныңнан, жан жолдасым,
Iстей бер қолыңыздан келсе аны.
Әлқисса, ендiгi сөздi Мейрамхан мен Мәликезейрiн қыздан естiңiздер. Екi қыз бұл шаһардан Жәмшидтi қалай алып кетемiз деп ақылдасып отырғанда, Мейрамханның «тапқан ақылым мынау» деп Мәлике қызға айтып отырған сөзi:
– Мәлике, сөзiм тыңда құлақ салып,
Күйеу боп мен тұрайын сiздi алып.
Өмiрде адамзатқа сырыңды айтпа,
Дос ем деп бiр адамға жалғыз-жарым.
Қайтуға елiмiзге рұқсат сұрап,
Мен ендi падишаға айтам барып.
«Құлдыққа ол Зарлықты берiңiз» деп,
Кетемiз атамыздан сұрап алып.
Бұл сөздi Мәлике қыз қабыл көрдi,
Айтысты уағданы ырзаланып.
Мейрамханның Қасымзейрiн атасынан қайтуға рұқсат сұрағаны:
Мейрамхан падишаға келдi жетiп,
Иiлiп қол қусырып, әдеп етiп.
Күйеуiн жек көретiн адам бар ма,
«Қарағым, шырағым» деп құрмет етiп.
Мейрамхан сонда тұрып сөз бастады,
Елiне қайтатұғын жөн көрсетiп.
– Кешiкпей кел деп едi ата-анамыз,
Уағдам қайтам деген кеттi өтiп.
Иә, тақсыр, рұқсат берсең ендi бiзге,
Мен тұрмын ендi сiзден үмiт етiп.
Жауабы мынау болды падишаның,
Күйеуi болғаннан соң ханышаның.
– Қарағым, рұқсат бердiм, екi бала,
Бар ма едi менен, сiрә, қалағаның.
О дағы иесiн көрсе қуанады,
Сiздердей асыл затты балаларын.
Құл мен күңнен құлдыққа қанша аласың,
Көрсетiп маған айтшы шамаларын.
Мейрамхан патшаға айтты: – Тақсыр баба,
Қайда жүрсек сiзсiз ғой бiзге пана.
Бар сiзден сұрайтұғын бiр жұмысым,
Көп екен ақын, жыршы осы арада.
Бiздiң елде әу дейтiн бiр адам жоқ,
Бiлмейдi сыбызғыны жалғыз пара.
Бұл жерден бiр ақынды бiзге берсең,
Ел-жұрт таң қаларлық бiр оқиға.
Көп құлды топырлатып бiз қайтемiз,
Орынсыз ортақ етiп қолдан-қолға.
Әлқисса, Мейрамхан бұл сөздi айтқан соң, Қасымзейрiн патша Мейрамханға айтады: – Қарағым, олай болса мен ақын, жыршыдан жарлы емеспiн, таңдағаныңды ал. Сонда да бәрiнен басым айтқанда адамның жанын күйдiретiн мына Зарлық қой. Одан артық ақын жоқ, осыны алып бар ел-жұртқа, ұялмайсың. Қалай айтса қолынан келедi, – деп жауап бередi. Мейрамхан да ырзаланып, қанша күн жол жабдығын даярлап, Мәликезейрiн қызды алып, Жәмшидтi ақын деп алып қаншалық салтанатпен Қасымзейрiнмен қоштасып, өзiнiң отыз жолдасы, Малақ батырымен жолға түсiп қайтқанынан естiңiздер:
Қоштасып бұл Мейрамхан қайтты елге,
Әйелден көрiп пе еңдер мұндай пенде.
Бiр айдай сапар етiп дария, шөлмен,
Сыр айтып болмас дейдi бөтен жерде.
Бұл iсiн Мейрамханның ол да байқап,
Бiр ауыз үндемейдi Жәмшид ер де.
Бiр тауға бiр күндерде жүк түсiрiп,
Сырларын айтысатын келдi жөнге.
Мейрамхан әуелi бастан айтты сырын,
Не болғаны оқиғаның барлық түрiн.
Басынан тоқалдыққа мақұл болған,
Жәмшидке қосты сол күн ханның қызын.
Ер Жәмшид жаннан артық құрмет еттi
Мейрамхан жан жолдасы, бақыт гүлiн.
Жетiптi мұратына айрылғандар,
Сол жерде дамыл алды бiрнеше күн.
Өткен соң бiр-екi күн жүрiп кеттi,
Қанша күн бұл арада сапар еттi.
Сол заман айғайлаған дауыс шығып,
Тау-орман барлығы да қалт-қалт еттi.
Барлығы бұл дүниеден үмiт үзiп,
Ақыры не болғанын бiлмей кеттi.
Қаптаған қара бұлт тәрiзденiп,
Бiр палуан таудай болып шыға кептi.
Бағалап болар емес тым сипатын,
Аузы аңқайып, басы тұр көкке жетiп,
Қозаттай екi есе ұзындығы,
Келедi көлденеңi бес жүз аршын.
Бiр басса аяғымен өлтiретұғын,
Бұлардың ендi жаны қайтiп қалсын.
Бiлмедi бұл Жәмшид ер өзiн-өзi,
Тiрлiгiнiң тоқтауы деп осы жерi.
Тұтылған күндей болып қызарады,
Сол жерде ол батырдың екi көзi.
Торғайдай қырғи тиген сыпырып ап,
Батырдың сонда тұрып айтқан сөзi:
– Қай жерлiксiң, қай елдiң ұрығысың,
Айт, – дейдi, – әуелi бастан ата-тегiң.
Сөйледi Жәмшид сонда ата-тегiн,
Емран шаһар iшiнде туған жерiн.
Әсiл-нәсiлiн бәрiн де айтып өттi,
Ақыры бүгiнгi күн өлерлерiн.
Жәмшид ер баян еттi жетi атасын,
Сөзiмнiң кешiргiн деп бар қатасын.
Туысы бұл батырға жақын болып,
Жұмсатты бұрынғыдан көзқарасын.
Ол батыр жақындығын бiлдi дағы,
Айтады өз ойында оқиғасын.
Әлгi батыр Жәмшидтен жөн сұрап болғаннан соң айтқаны:
Батыр айтты: – Кезек бер ендi маған,
Мен жайымды айтайын, – дедi, – саған.
Баласы Қияморс Тариқ Тарой,
Палуан болып өткен дүниядан.
Тариқ деген батырдың баласымын,
Өз атымды сұрасаң – батыр Баман.
Таройдан Аман деген бiр батыр бар,
Ерлiгiн айтып болмас сондай жаман.
Дүниеде адам ұлы жыққан емес,
Салады дұшпанына ақырзаман.
Жәмшид деген құмаршы бар деп едi,
Болады сенiң әкең менiң ағам.
Бұлғары шаһарында саудагерден
Әйелiңiз мынау ма ұтып алған?
Үрiмде Қоңқарменен соғысты деп,
Маған да бiр азырақ хабар болған.
Қоңқардың тоқсан шаһар қармағында,
Оныменен тең болар қанша шамаң.
Не болсаң да өзiмнiң бауырымсың,
Берi кел, көрiселiк ендi, балам.
Оздырам бұл бәйгеден ендi сенi,
Нәсiлсiз қор болмасаң нағыз жаман.
Бақыты келiнiмнiң сенен де зор,
Берiптi бақ-дәулетке алшы саған.
Емранда хан болыпсың ұтып алып,
Тақытқа отырыпсың рахаттанып.
Кәрiм деген саудагер, ол – бiр залым,
Жау iздеген пәлекеттiң отын жағып.
– Барғаным аяғымнан ұят қой, – деп,
Жүр едiм соныменен намыстанып.
Бiр сенi қорлап жүрген Қоңқарменен
Көрейiн бiр соғысып өзiм барып.
Жәмшид те аттан түсiп, құлдық ұрып,
Көрiстi ағасының қолын алып.
Сонымен құрмет етiп бiрiн-бiрi,
Қоңқарға жүрiп кеттi қатуланып.
Үш айлық уағдасы бар Қоңқаршадан,
Тыңдаңыз, көп жамағат, құлақ салып.
Әлқисса, ендiгi сөздi үш ай уағда тосып қалған Қоңқардан естiңiздер. Қоңқар үш ай уағда iшiнде тоқсан шаһар елiне тегiс хабар айтып, елiн жинап қара жердi қайыстырып, әскерiн жиып жатыр. Және де Қозатқа тең болатын батыр iздейдi. Қап тауы деген тауда аң құсап жүрген тажал Орайнатан деген бiр палуан бар екен. Өзiнiң зорлық сипатын жазып қалам, ойлап ой жетпейдi екен. Киiмсiз, жалаңаш, ұят-абыройдан хабар жоқ, қалай болса солай жүре бередi екен. Бiр күндерi бiр топ керуен келе жатып, күн батқан соң бiр-екi таудың арасына қонып жатыпты. Ол тау емес, баяғы Орайнатанның екi бұтының арасы екен. Ол уақытта палуан ұйықтап жатыр екен. Ұйқысынан оянып бiр аяғын қимылдатып қойғанда бiрталай адам астында қалып өлiп қалыпты. Қалғаны қашып палуан екенiн бiлiп кеткен екен.
Ол батырдың iшер тамағы жоқ. Тамақ керек уақытында онша-мұнша дарияға барып суын ұрттап алып, басқа сайға құйып iшiндегi балығын шикiдей жеп қояды екен. Сондайлық күн көрiспен жүргенде, бiр күнi Қоңқар Шабыраң ғаярына бал аштырып, «Қозатқа тең келетiн сол Орайнатан» деп айтқан соң, Қоңқар Шабыраң ғаярын жiберiп әр түрлi хайламен алдап алдырып едi. Бұл тажал Орайнатан келiп, әскер қара құрттай толып, Қоңқар шаттықта болып үш ай уағда бiтедi. Шабыраң ғаярды шақырып алып: «Кiтабыңды аш, Жәмшидтi жеңемiз бе, иә, болмаса жеңiлiп қаламыз ба?» – деп сөйлегенiнен сөз естiңiздер:
Назым Шабыраң ғаяр
Кiтабын Шабыраң алды қолға,
Қарады сиқырлықпен оң мен солға.
Жәмшидтiң тарабына қарап едi,
Деп айтар: – Хауарзамда түстi қолға.
Басында наһан жұтып кеткен дейдi
Қазiрде жоқ деп айтар Жәмшид мұнда.
Бұл сөзге Қоңқар патша бек қуанып,
– Қайта аш, – дедi, – келе ме қайтiп мұнда.
Ол ғаяр қайтасынан ашты балды,
Сөйледi әуелi-ақыр барлық халдi.
– Әйелi бақтысына бiткен екен,
Жәмшидтi iздеп барып қайтып алды.
Патшаның Қасымзейрiн қызын алып,
Олжалы еттi қатыны бұл сапарды.
Түбi бiрге туысы жақын едi,
Бiр батыр Баман деген душарланды.
Баманның батырлығы әлемде жоқ,
Қояр-қоймас бiлмеймiн шыбын жанды.
Жәмшидтiң мұнда жоғын бiлгеннен соң,
Сол заман Қоңқар патша сөз шығарды.
Қоңқар айтты: – Халайық, сөзiм тыңда,
Ол Жәмшид келгенiнше қайтып мұнда.
Мұндағы әскерлермен соғысалық,
Қозатты ұшыратып бiз тұтқынға.
Қозат пен Фарқағад қолға түссе,
Ақиқат шығар едiк бiздер қырға.
Ол Жәмшид палуан емес, хайласы мол,
Бiр iспен кез боп қалдық мұндай қуға.
Бұл сөздi барлығы да қабыл көрiп,
Жер жүзi толып кеттi түрлi туға.
Әскердi санап адам болар емес,
Қайысқан қамыс құсап шыққан суға.
Жоқ едi сол уақытта жылқы тұқым,
Айттым ғой палуанның абырой сиқын.
Бiрлi-жарым палуаны керiк мiнiп,
Сүйретер есек мысал жерге бұтын.
Ыштан етпей қоя берген барлық құтын,
Қап-қара қара қайыс барлығы да.
Болмайды ажыратып жерден сиқын
Кiм Құдай, кiм Пайғамбар хабары жоқ,
Алмайды тазаланып шашын, мұртын.
Соғысқа шықты жұрты тiлiн алып,
Шоқпарын иығына тұрды салып.
Қоңқардың бар әскерiн бастап алып,
Палуан Орайнатан тұрды барып.
Бұл iстен шын ақиқат хабарланып
Қозат пен Фарқағад екi алып.
Жәмшидтiң кешiккенi қайғы болды,
Бұл жаудан қорықпайды жалғыз қарiп.
Ғаярды Бадыраң Ғазиз шақыртып ап,
Жәмшидке бал аштырды кiтап алып.
Қарады кiтап ашып Жәмшид ердi,
Деп айтты: – Өз бақтысы басқа келдi,
Есiл ер қайта айналып келгенiнше,
Бiрқанша аралайды бiздiң елдi.
Ол ғаяр осылайша сөз шығарып:
– Бiр қатер бар, – деп, – айтты бiзге анық.
– Қандай жан мен тұрғанда тиедi, – деп,
Ер Қозат бек қабағат ашуланып.
– Бал ашып жоқ нәрсенi айтасың, – деп,
Кiтабын лақтырды жұлып алып.
Садақтың оғындай боп зырлап ұшып,
Бiр тауға кiтап сонда түстi барып.
Қозатқа қой дейтұғын шамасы жоқ,
Кiтабын тауып алды өзi барып.
Әлқисса, ендiгi сөздi Фарқағад пен тажал Орайнатан екi батырдың жекеге шығып соғысқанынан естiңiздер:
Жиылды екi әскер екi жақтан,
Шоқпары иығында қанша батпан.
Майданға Орайнатан шықты жалғыз,
Барыпты Фарқағад бiр тараптан.
Жұлқыды бiр-бiрiн қарсыласып,
Соғысса лайықты құп мiнәсiп.
Атақты Фарқағадты бiлген едi,
Сөйлестi екi батыр жауаптасып.
Зәңгiнiң Орайнатан ұзындығы
Батырдан Фарқағад тұрды асып.
– Кезектi бер, – деп айтты Орайнатан,–
Сендердiң маған көп-тi еткен қатаң.
Қосылып Қозат сынды сұмырайға,
Қоңқарға бастан мағлұм қылған жапаң.
Көнбедi бұл сөзiне Фарқағад,
– Былжырап не дейсiң, – деп, – оқиғаны.
Сол жерде бiр-бiрiне салды шоқпар,
Тәртiпсiз екi таудың болар аңы.
Ақырды жолбарыстай бiр-бiрiне,
Басқаның татығандай мың күнiне.
Айдаһар сипатындай зәрiн жайып,
Наһандай бұлқынады су түбiнде.
Күркiреп күндей болып жауар бұлт,
Кезексiз бiрiн-бiрi жатыр ұрып.
Шоқпармен қақ төбеден ұрғанында,
Кетiптi Фарқағад жерге кiрiп.
Аяғы тiзесiнен кiргенiнде,
Қысылып қара жердiң суы шығып.
Қалыпты қатты сасып қайран батыр,
Бiр жерге қайтасынан тұрды шығып.
Ашуы қатты келiп Фарқағад
Зәңгiнi жiбердi лақтырып.
Түсiптi қырық қадам жерге барып,
Ешқандай сескенбейдi, жабырқанып.
Шыдамай ашуына Орайнатан,
Сол жерде қайта ұстасты демiн алып.
Ақырса жолбарыстай екi батыр,
Ес қалмас естiгенде қанша халық.
Тоғыз күн күндiз-түнi дамыл алмай,
Барады Фарқағад нашарланып.
Тау құсап соғысады домаланып,
Шақылдап от шығады мағлұмланып.
Бұл зәңгi Орайнатан басым келiп,
Төмендедi Фарқағад естен танып.
Зәңгiнiң басым болып әрбiр iсi,
Қарайып түн мысалы рең, түсi.
Сол заман Фарқағадта мән болмады,
Палуанға Орайнатан келмей күшi.
Ақыры Орайнатан байлап алды,
Бiтiптi соныменен барлық iсi.
Түсiптi Фарқағад сол күн қолға,
Оралды қайран батыр темiр торға.
Қоңқардың әскерлерi шаттанып
Қағыпты барабанын оң мен солға.
Көрсеттi Орайнатан ерлiк iстi,
Қоңқарды қуантпаққа жүгiрiстi.
Батырдан бұл сияқты айрылған соң,
Жәмшидтiң әскерiне қайғы түстi.
Үрiмнiң қаласына барғаннан соң,
Той iстеп сол күндерде шарап iштi.
Шақырып Шабыраң сұм ғаярын,
Бастады Қоңқар тағы бiр жұмысты.
Ғаярға Қоңқар айтты: – Түнде барып,
Маһирон жалғыз қызды келгiн алып.
Қосамын Орайнатан күшi үшiн,
Дұшпаннан бердi бүгiн кегiмдi алып.
Сол қыздың қастығымен Жәмшид қуға,
Бадампай тұлпарымды бердi алып.
Сондайлық шерменденiң кесiрiнен,
Қырылды қаза тауып қанша халық.
Қыз берiп қызықтырсақ бұл палуанды,
Қозатпен соғысады ырзаланып.
Бұл сөздi Шабыраң көрдi мақұл,
Ғаярда толып жатыр қулық тақыл.
Бiр иттiң сипатында бола қалып,
Жәмшидтiң әскерiне келе жатыр.
Әскерге келдi ит боп ғаяр жанап,
Тiмiскiп көрiнгеннiң бәрiн қажап.
Қаңғыған бұл иттi кiм ескередi,
Iздеп Маһиронды жүр аралап.
Ұйықтамай отырғандар бiрлi-жарым,
«Iшед» деп тамағымызды ұрды таяқ.
Ақыры Маһиронды тапты барып,
Мас еттi мұрнына дәрi салып.
Ғаярлық қапшығына салып алып,
Сүйектi ауызына тiстедi алып.
Бадырап, Бадыраң Ғазиз ескермедi,
Бұл иттi түнде жүрген көрсе де анық.
Қоңқардың өз алдына әкеп қойды,
Ғаярлық дорбасынан һәм шығарып.
Қоңқардың қызды көрiп кеттi сұры,
– Жоғалт, – деп, – көз алдымнан шапшаң мұны,
Апарып ол зәңгiге бергiн, – дедi,–
Көрсетсiн көрмегенiн салдақыны.
Бала боп бiр пайдасы маған тимес,
Кез қылды қандай күнi мұндай қуды.
Маһирон атасынан күдер үзiп,
Көзiнiң жасыменен бетiн жуды.
Айрылған Фарқағад, Маһироннан
Қозаттан мен айтайын ендi сөздi.
Әлқисса, ендiгi сөздi Қозаттан естiңiздер, Фарқағад пен Маһироннан айрылып, қапада болып қалған:
Назым Қозат сөзi
Қайғысы бұл Қозаттың қатты өттi,
Байланып Фарқағад бұл да кеттi.
Айрылып Маһироннан қапаланып,
– Мұндайлық көрдiм, – дедi қасiреттi,–
Жәмшид келсе айтам деп не бетiмдi,
Долданып майдан жерге жүрiп кеттi.
Таудай боп көшкiн жүрген селкiлдейдi,
Шайқалып толықсиды қара жер де.
Мастанып Маһиронның жамалына,
Ол зәңгi Орайнатан қарсы келдi.
Сұры да екеуiнiң оңған емес,
Қорқытты ақырғанда барлық елдi.
Бойлары екеуiнiң бап парапар,
Қаһарлы ызғарынан жауғызып қар.
Салысты шоқпарымен қанша батпан,
Кең дүние көздерiне көрiндi тар.
Таулардан тас домалап зiлзала боп,
Құлады суға барып сайдағы жар.
Аяспай салысып жүр бiрiн-бiрi,
Өмiрде көрген емес һешкiм мұны.
Қап-қара түнек басып жер-жаһанды,
Тұтылды сол мезгiлде күннiң көзi.
Қозат бiр заманда лақтырды,
Сиынған бабасының қолдап пiрi.
Ол зәңгi жығылмастан тұрып кеттi,
Бiр тиын ойға алмай һешбiр мұны.
Ер едi Орайнатан қайраты асқан,
Сыртынан қорқар едi бiлген дұшпан.
Өмiрде жеңiлмеген батыр едi,
Қайтпаған һеш адамнан бала жастан.
Күн мен түн бiрдей болып түнек,
Екеуi он бес күндей жағаласқан.
Қайтуға бағы бастан себеп болып,
Қозат ер бiр қателiк жаза басқан.
Шаң топыр бiрiн-бiрi жұлмаласып,
Күштерi бiрiнен де бiрi асып.
Көтерiп ол зәңгiнi сiлтегенде,
Жығылды Қозат батыр жаза басып.
Асқар тау сипатындай Орайнатан
Тұрғызбай Қозат ердi қалды басып.
Жығылды қапылыста Қозат батыр,
Қамданып Орайнатан байлап жатыр.
Қозат пен Фарқағадты байлаған соң,
Түсiптi әскерiне заманақыр.
Қашуға ниеттенiп тұрды бәрi,
Күш жетпес дедi дағы тұрғанда ақыр.
Алысып әлi жетпес ойлап ойы,
Түнiмен алды-алдына кетiп жатыр.
Әскердiң қалғанына ие болып
Бадырап, Бадыраң Ғазиз екi пақыр.
Ғаярлар жасап қойды оттан қорған,
Бұза алмас һешкiм мұны ойлап оймен.
Жалыны көкке шығып сиқырлықпен,
Бұларға адам келмес басып қадам.
Қоңқардың қуанышы әлемде жоқ,
Шаттанып тамашалы тойын қылған.
Жамағат, жалықпастан тыңдаңыздар,
Айталық бiр жаңалық ендi бұған.
Хауарзам шаһарынан қайтып едi,
Сол заман Жәмшид келдi сапарынан.
Лаулап тұрған тау сипат отты көрдi,
Әскерден көрiнбейдi жалғыз адам.
Бұл Жәмшид қарап тұрды қайғы басып,
Жөн сұрар адам таппай жауаптасып.
От iшiнде отырған Бадыраң Ғазиз
«Келер, – деп, – Жәмшид қашан?» кiтап ашып
Қарап көрдi, Жәмшид келiп қапты,
Қазiр ғана көрiсер құшақтасып.
Қақ жарып қалың отты шыға келдi,
Сиқырмен от iшiнен есiк ашып.
Құрметтеп көрiседi Жәмшид ханмен,
Мейрамхан, Баман сынды палуанмен.
Қозат пен Фарқағад қолға түсiп,
Әуелден ақырға шейiн оқиғаның,
Жарымы әскерiнiң қашып кетiп,
Қалғанын отпен ұстап тұрғандарын.
Жәмшид ер қапалықта қатты ренжiп,
Қозат пен Фарқағад батырлары.
Жәмшидтiң сол заманда кеттi сұры,
Палуанның қалмады деп бiрде-бiрi.
Баман батыр күңiренiп тұра алмады,
Ақиқат естiген соң сонда мұны.
Әлқисса, ендiгi сөздi Баман батырдан естiңiздер. Орайнатанмен соғысып Қозатты, Фарқағадты босатамын деп майдан жерге барғанын, Жәмшид және де қашып кеткен әскерiн ғаярларын жiберiп жинатып алып, соғысқа қайта шыққаны:
Баман ер бар әскерiн шықты бастап,
Бiздерге лайық емес жаудан қашпақ.
Жәмшидтiң мұнда қайтып келгендiгiн,
Шабыраң балдама ашып айтқан қақсап.
Қағысып барабанын екi жақтан,
Бұлттай жауатұғын тұрды қаптап.
Майданға Баман батыр тұрды барып,
Шақырды ол зәңгiнi айғай салып.
Ер Баман қайраттанып ақырғанда,
Дауысы кете жаздады жердi жарып.
Тау басынан құлаған тау мысалы,
Аузынан көбiк түсер жарып-жарып.
Ақырғанда көбiгi оқтай заулап,
Қоңқардың әскерiне түстi барып.
Қырғынға ұшырады солайынша,
Көбiк басып көп әскер өлiп қалып.
Ол зәңгi Орайнатан мұны көрiп,
Соғысқа құмарпаз ғой түстi желiк.
Таудай боп көшiп келедi жалғыз өзi,
Сипатын айтып болмас адам көрiп.
Айғайлап: – Сен бе менi шақырған? – деп,
Баманға жауаптасты сонда келiп.
– Шақырдың мен де келдiм қонақ болып,
Қайтарғын өз басыңды кесiп берiп.
Зәңгi ғой алаңғасар жабайы өскен,
Баманды шоқпарымен қалды перiп.
Бiр ұрған шоқпарына Баман өлмес,
Қайраты екеуiнiң болды теңдес.
Алысып iштен терi шықты көкке,
Бұлардың қайраттанса көзi көрмес.
Майдан жерде батырлар
Бiрiн-бiрi жұлқыды.
Сықырласып екi тау
Соғысқандай болыпты,
Екi аждаһа бетпе-бет
Болысқандай болыпты.
Жайдың бұлты жай бұлтқа
Тоғысқандай болыпты,
Арыстан мен жолбарыс
Шабысқандай болыпты.
Қыран, тазы түлкiмен
Жарысқандай болыпты,
Ақ иық бүркiт тырнақты,
Салысқандай болыпты.
Қарап тұрған халайық,
Сауысқандай болыпты.
Бiрiн-бiрi ала алмай,
Қайырып жерге сала алмай,
Екi батыр хайласын
Тауысқандай болыпты.
Ақыры сөздiң қысқасы,
Дәл он бес күн соғысып,
Сансырап ерлер зорықты.
Ашуланып батырлар,
Қарсыласып алысты,
Қарсы шеңгел салысты.
Қолындағы шоқпары
Һеш нәрсеге жарамай,
Бекерге жатып қалысты.
Лақтырса бiр-бiрiн,
Жүз аршын жерге барысты.
Сонда да жеңбей бiр-бiрiн,
Жүгiрiп келiп екпiндеп,
Иықпенен қағысты.
Қошқардайын сүзiсiп,
Басыменен ұрғанда,
Екi бiрдей батырың,
Жерге барып жабысты.
Баман батыр қайғырар,
Алмадым деп намысты.
Күшi мұның тең болып,
Жеңiлмей бiрi кем болып,
Өлер халге жеткенде
Қоңқар менен Мәлiктен
Араға кiсi барысты.
Араға кiсi салды Қоңқар, Жәмшид:
– Тоқтасын бұл батырлар демiн алып,
Бiраз күн тыныққан соң есiн жиып,
Сонан соң соғысар, – деп, – қайта барып.
Әлқисса, ендiгi сөздi Жәмшидтен естiңiздер. Екi батырдан айрылып, Баман батыр Орайнатанды ала алмай қайтып келген соң, Жәмшид Қоңқарға кiсi жiбердi.
– Мен қазiр нашарлап тұрмын. Менiң тiлегiм, маған бiр ай уақыт бер. Ираннан әскер алдырып армансыз болайын. Сен де нашарлап үш ай уағда сұрағанда мен берiп едiм, – деп жөн сөзiн айтып, кiсi жiбердi. Қоңқар бұл сөздi мақұл көрiп, бiр айуағда тосып жата бердi. Ал ендi Жәмшид Иран шаһарға хабар қып әскер сұрап және Бадырап пен Бадыраң Ғазиз ғаярларына ақылдасып отырған сөзi:
Жәмшид ер қасына алды ғаярларын
Бұл күнде қорып тұрған елдiң бәрiн.
– Қоңқардың Шабыраң сұм ғаярын,
Қорлығы да өтiп тұр ғой бiзге оның.
Сол сұмды қайтiп қолға түсiресiз,
Екеуiң ойлап тапқын бiр амалын.
Сол иттiң кесiрiнен қолға түсiп,
Маһирон не болды екен ғашық жарым.
Бадыраң Ғазиз айтты: – Жәмшид мырза,
Бiз ендi хайла етелiк ондай қуға.
Ғаярды күндiз-түнi бiздер бағып,
Ақыры түсiремiз бiз тұтқынға.
Екi ғаяр уағдасын отыр берiп,
Iзделiк Шабыраңды жолға енiп.
Бұлардың мұндай қулық ойлағанын
Шабыраң балды ашып отыр көрiп.
Ол ғаяр осы түрлi ойға кетiп,
Сиқырлық ғылымына әбден жетiк.
«Бiр тауға саяхат қып келемiн» деп,
Бiр күнi жүрiп кеттi сапар етiп.
Өндiрдi сиқырлықпен түрлi жемiс,
Бау-бақша алмасымен бәрiн тегiс.
Орнатып неше түрлi қайнар бұлақ,
Сипатын байқасаңыз болды пейiш.
Суларға сиқырлықпен дәрi салып,
Жығылар iшкен адам естен танып.
Осының бәрiн iстеп Шабыраң,
Бiр жерге жасырынды өзi барып.
Бадырап, Бадыраң Ғазиз екi ғаяр
Бiр күнi кiтап ашты қолына алып.
Шабыраң сапар тартып кеткен екен,
Балдама сөйлеп бердi бастан анық.
Екi ғаяр кеткендiгiн анық бiлiп,
– Артынан барамыз, – деп кеттi жүрiп.
Өзгертiп адам түсiн екеуi де,
Тау ешкi сипатына бұлар кiрiп.
Бау-бақша мәуiлжiген жемiстердi
Жемедi сиқырлығын бұл да бiлiп.
Екi ғаяр ешкiге ұқсап тасқа шығып,
Ғаярды iздеп жүрдi зыр жүгiрiп.
Сол жерде Шабыраң бүркiт болып,
Аспаннан құйылып кеп кеттi iлiп.
Бадырап, Бадыраң Ғазиз қолға түстi,
Жартаста ешкi болып бейғам жүрiп.
Һеш хайла iстей алмай, дымы құрып,
Бастарын салбыратып төмен қылып.
Екеуiн Шабыраң байлап алды,
Ашылмас бiр бәлеге бұлар қалды.
Сол жерден жер қаздырып терең қылып,
Зынданға ессiз қылып мұны салды.
Ағашпен ол зынданның бетiн жапты,
Қалың қып топырақпен һәм сылапты.
Үстiнен ол зынданның су жүргiзiп,
Жасады осылайша машақатты.
Екеуiн Шабыраң кеттi көмiп,
Мұқатып дұшпандарын көңлi толып.
Қайғыға Жәмшид батыр түстi ендi,
Ғаярын, бар әскерiн тозған құрып.
Қолында жалғыз Баман iске жарар,
Басқасы қолға түстi тойы болып.
Бiр түннен аман шығар шамасы жоқ,
Кетер деп Шабыраң көзiмдi ойып.
Қайғырды Жәмшид сонда зарлық етiп,
Ғаярдан айрылдым деп жөн көрсетiп.
Жамағат, жалықпастан тыңдаңыздар,
Айтайын бiр қызық сөз құрмет етiп.
Әлқисса, ендiгi сөздi Бадыраң Ғазиздiң немересi, Бадырап ғаярдың баласы Қамаққаянидан естiңiздер. Бұл Бадыраң Ғазиз бен Бадырап ғаяр Тұранзамин деген шаһардың адамы едi. Бұлардың барлық шаһарының кәсiбi сиқырлық едi. Сол Бадыраптың баласы Қамаққаяни деген бала жасынан сиқыр оқуын оқып, оқуын бiтiрген. Әр түрлi «қанаттыр, қаныттыра» деген сөздер ғаярлық ғылымының белгiсi едi. Жасы сол кезде 12 жаста едi. Ғаярлықта бiрiншi болып өз үйiне келдi. Өзiнiң әкесiнiң шешесi Бадыраң Ғазиздiң кемпiрi бар едi. Баласын көрiп, қуанышы қойнына сыймай қалды. Қамақ бала анасынан сұрады: – Бабаларым қайда? – деп. Шешесi айтты: – Иран шаһарына Жәмшид деген патша болып, Үрiм шаһарына жауласып жатыр. Сол тарапқа кеткелi екi жыл болды, ата-бабаң сол Жәмшидтiң қызметiнде.
Қамақ бала анасына: – Анажан, маған рұқсат бер, өнердi үйренiп үйде отырып адамның аты шыға ма? Мен сол тарапқа барайын. Аталарым қандай халде жүр екен? – деп айтқан соң, анасы да қабыл көрiп, Қамақ балаға ырзалық батасын берiп, қала бердi. Ендi Қамақ баланың Үрiм шаһарына жүргенiнен сөз естiңiздер:
Назым Қамақ бала
Қамақ жас Үрiм жаққа кеттi жүрiп,
Үйренiп сиқырлықты әбден бiлiп.
Аспаннан дұғаменен бұлт түсiрiп,
Сол бұлтты ат сипатты кеттi мiнiп.
Аспанда не бар, не жоқ кiм бiледi,
Болмайды ол сырды һешкiм ұғып.
Үрiмге келгеннен соң сағатында,
Бiр торғай сипатында ұшты шығып.
Жәмшидтi қайғы басып отыр едi,
Қамақ жас сол мезгiлде келдi кiрiп.
Жәмшидке қол қусырып сәлем бердi,
Баланы жайнап тұрған сонда көрдi.
Ғаярлық сипаттарын айтпай танып,
Өлшеусiз ер екен деп баға бердi.
– Иә, балам, қай тараптан, қай жерлiксiң,
Сөйле, – деп, – жөн-жайыңды, – сұрайды ендi.
Қамақ та бастан-аяқ оқиғасын,
Әуелден ақырғыша сөйлеп бердi.
Әлқисса, Жәмшид патшаның Қамақ ғаярға бастан-аяқ көрген оқиғасын сөйлегенi:
Назым Мәлiк сөзi
Сөйледi Жәмшид сонда оқиғасын,
Баланың жақын тартып ықыласын.
Айрылып ғаяры мен палуандардан,
Бұл күнде қалып тұрған жалғыз басын.
– Үш күн болды, жоғалды Бадыраң Ғазиз,
Бадырап – бiрге жүрген замандасым.
Соларды тiрi көрер күн бар ма? – деп,
Ағызды Жәмшид сонда көзден жасын.
Естiдi бұл жауапты Қамақ бала,
Ойына неше түрлi түстi жара.
Қалмады сабыр-тағат сұры қашып,
Деген соң тұтқын болды ата-баба.
– Өлi-тiрi хабарын бiлейiн, – деп,
Кiтабын қарап жатыр қолына ала.
«Зынданға сап бабаңды көмдi ғой», – деп,
Балдама айтып бердi тура ғана.
Қамақ жас балдама ашып алды бiлiп,
Онан соң сол тарапқа кеттi жүрiп.
Су мен ағаш барлығын алып тастап,
Әкесiн тауып алды жатқан бұғып.
Мұрнына иiскетiп бiр дәрiнi,
Сөйледi бабасына жауап қылып.
Қамақ баланың атасы Бадырап, Бадыраң Ғазизге жолығып айтқаны:
Қамақ жас есен көрдi бабаларын,
Тарқатты iште қайғы-сәналарын.
– Бейқамдық болмасын деп өмiрiңде,
Молдаңыз айтпап па едi сiзге барын.
Басқаға бiр өзiңнен сенбесiн деп,
Осындай тәрбие еткен балаларын.
Бадырап, Бадыраң Ғазиз қатты ұялып,
Сасқаннан сұрай бердi аналарын.
3790
Ақыры өткен iске шүкiр етiп,
Баласын ортаға алып құрмет етiп,
Хикмет қапшығына шалдарды сап,
Жәмшидке Қамақ ғаяр келдi жетiп.
Бiр-бiрiн тiрi көрiп хан мен ғаяр,
Мәжiлiс, қыран күлкi ду-ду етiп.
Қамақ жас көп әскердi айландырып,
Айдаһар жасап қойды сиқыр етiп.
Әлқисса, ендiгi сөздi Шабыраң ғаярдан естiңiздер. «Бұл
түнде Жәмшидтiң әскерiне барып, Мейрамханды алып келiп,
Мейрамханды Кәрiмге қосайын», – дейдi. Һеш нәрседен хабар
жоқ, Қамақ ғаяр келдi деген бiр тиын ойда жоқ. Жәмшидтiң
әскерiне бармақ болып шыққанынан сөз:
Назым Шабыраң ғаяр
Аттанады Шабыраң Жәмшид ерге,
Ғаярын өз қолынан көмген жерге.
Ешқандай балдама ашып байқамады,
Көзiне көрiнбейдi һешбiр пенде.
Әскерге сол мезгiлде келдi жетiп,
Қарады айдаһарды фаһим етiп.
– Бұл қандай оқиға? – деп тұрып қалды,
Ешқандай лажы жоқ кетерге өтiп.
Қамақ та сол заманда мұны көрдi,
Әскерде жүрген едi күзет етiп.
Шабыраң бiлмей тұрды барар жолын,
Балдама ашып қарарға созды қолын.
Көрiнбей жын мысалы Қамақ ғаяр,
Сиқырлық ол ғаярға салды торын.
Ғаярды торға салып қалды басып,
Һеш хайла ете алмады аузын ашып.
Сиқырлап есек қылып мiнiп алды,
Есiнен Шабыраң қалды адасып.
Ғаярлық шыбықпенен шартылдатса,
Жер басып жорғалайды асып-сасып.
Есектi табыс еттi бабасына,
– Шабыраң ғаяр бұл нанасың ба?
Сiз мiнiп бұл ғаярды әскер күзет,
Мен барам ол Қоңқардың қаласына.
Бадырап бұл iсiне бек сүйiнiп,
Көп құрмет сөз сөйледi баласына.
Қамақ ғаярдың түн iшiнде Қоңқардың шаһарына барғаны:
Ойлады Қамақ ғаяр бiр ниеттi,
Қандайлық өнер етсе сондай ептi.
Ешкiнiң тұяғындай iз түсiптi,
Шығарар жүрген жерге түрлi шөптi.
Түсiрiп қара тұман, қара түнек,
Қоңқардың сарайына келiп жеттi.
Ешқандай қаперi жоқ дүниеден,
Боп жатыр атқарғандай бар мiндеттi.
Қоңқардың көрдi Қамақ салтанатын,
Толқыған ай мен күндей екi қатын.
Сиқырмен бiр дем салып қатындарға,
Өзгерттi осылайша нұр сипатын.
Қатынның бiрi қасқыр, бiрi қабылан,
Ыңыранып хайуан сипат дыбыс қылған.
Қоңқардың алтын тәжiн қоржынға сап,
Түк қоймай сақал-мұртын бәрiн алған.
Онан соң Маһирон қыз ойға түсiп,
Ол қыздың сарайына iздеп барған.
Бұл қызды Орайнатан алмақ едi,
Зәңгiден қыз кiшкене көңiлi қалған.
Маһирон сарайында ұйықтап жатыр,
Хабарсыз һеш нәрседен әуел ақыр.
Бадырап, Бадыраң Ғазиз көмiлген соң,
Жәмшидтен күдер үзген таза тақыр.
Ол қызға иiскетiп дәрiнi бейиiстi,
Дорбаға салып алды Қамақ батыр.
Iстедi Қамақ бала оқиғаны,
Бiлмедi хабарланып һешкiм аны.
Балдама кiтап алып сол мезгiлде,
Ендi арманы Қозат пен Фарқағад-ты.
Көрiптi балдама ашып тұрған жерiн,
«Олар көрген жоқ, – дептi, – әзiр кәрiн.
Хабарын Баман ердiң естiген соң,
Қаймығып аман қойған екi ерiн.
Шынжырлап қойған дедi оны байлап,
Ақырып арыстандай көзi жайнап.
Армансыз дүниеден өттiм дер ем,
Зәңгiмен бiр соғысып салып ойнақ».
Кiтаптан Қамақ бала барып көрiп,
Тiрiлiк ахуалына көңiлi ерiп.
Тұп-тура айтқан жерден тауып алды,
Сырласты, жөн сұрасты жүзiн көрiп.
Достасып бiр-бiрiне айтты сырды,
Болатпен қиды Қамақ бар шынжырды.
Қозат пен Фарқағад босаған соң,
Мастанып екi батыр болды жынды.
– Құтылғанның қуаныш белгiсi деп,
Бастаймын бұл шаһарға бiр қырғынды.
Деп айтар: – Бұл шаһардан кегiмдi алам,
Басына орнатам деп ақырзаман.
Өзi жоқта бiз мұнда қолға түстiк,
Ұялмай Жәмшид ханға қайтiп барам.
Қамақ айтты: – Сабыр ет, Қозат аға,
Қайрат пен қаһарыңа жоқ қой шама.
Шаһармен соғысқанның жөнi келмес,
Жазықсыз қырылады қатын-бала.
Тоқсан мың әскерi бар Қоңқар шаһтың,
Қамап тұр алдыңызда дарбазада.
Қалыпты iшiң пысып көптен берi,
Бiр ойран салып өткiн сол арада.
Қос батыр жүрiп кеттi тiлiн алып,
Қысылып қайратына ыңыранып.
Сол заман дарбазаға келiп жеттi,
Қақпасын қолдарымен жұлып алып.
Сексен палуан зорғадан ашар едi,
Соны шоқпар етiптi қолына алып.
Қырылып қанша адам қаза тапты,
Қандары арықтағы судай ақты.
Бұлттай бұршақ жауар күңiренiп,
Сонымен ақырысы таң да атты.
– Жәмшидпен жүз көрiсiп қайтарсыз, – деп,
Қамақ жас батырларға тоқтау айтты.
Екi дәу босанғанға шаттанысып,
Байлауда жатқан сорлы iшi пысып.
Жәмшидпен сағынысып қалған ерлер,
Кезек-кезек қолға алып сүйдi құшып.
Атақты палуандар Мейрамханмен
Құрметтеп бәрi келдi жүгiрiсiп.
Қапшықтан Маһиронды шығарғанда,
Жәмшид те қуанғаннан талып түсiп.
Жәмшидтiң тап сол күнi көңiлi толды,
Бұрынғы кеткен бақыт басқа қонды.
Дариядан Қозат батыр наһан әкеп,
Бiр ғажап тамашалы етiп тойды.
Наһанды Фарқағад жатыр сойып,
Қайғының көңiлдегi бәрiн жойып.
Сол күнi он мың әскер бiр наһаннан,
Есiнен қайғысыз боп әбден тойып.
«Жандыда балық үлкен» деген бiр сөз,
Бұл күнде халық аузында мирас болды.
Қосылып бiр-бiрiмен шаттық көрдi,
Iстедi тамашамен әр өнердi.
Сол заман жердiң жүзiн тозаң басып,
Қаптаған дүние жүзiн әскер көрдi.
Қамақ бала сол заман балдама ашып,
Бұл әскер тараптан хабар бердi.
Жәмшидтiң өз шаһары Иран едi,
Он бес мыңдап сол күнi әскер келдi.
Той үстiне той болып қуанышпен,
Ата досы көргеннен соң туған елдi.
Көрiсiп бiр-бiрiмен құрмет еттi,
Сұрасып әуел ақыр өткен кептi.
Бұлар ендi шаттықпенен жата берсiн,
Қоңқардан мен айтайын хикаямды.
Қоңқардың не боп жатыр көрген күнi
Жамағат, жалықпастан тыңда мұны.
Көрсетiп көрмегенiн кетiп едi,
Қор қылып Қамақ ғаяр өткен түнi.
Таң атып түрегелдi Қоңқар тақсыр,
Қараса қасында тұр қабылан, қасқыр.
«Жеп қойып қатындарды мен қаппын» деп,
Жөнелдi ойбай салып қара басқыр.
Шақырды аттан салып уәзiрлерiн,
Сол жерге жиып алды елдiң бәрiн.
Айрылған сақал-мұрттан дәнеме жоқ,
Баршасы осылайша көрдi халiн.
Уәзiрлер арыз болды падишаға:
– Иә, тақсыр, сақал қайда, не оқиға?
Бұл жерге ғаяр келген сияғы бар,
Бiр түрлi ұшырапсыз қатер халге.
Қасқыр емес бұл тұрған қатындарың,
Шақырғын Шабыраңды қазiр мұнда.
Шаһардың бәрiн кезiп таба алмады,
Ойлады түскен-дүр деп ол тұтқынға.
Сол заман зар еңiреп бiреу келдi,
«Қозат пен Фарқағад жоқ, – деп, – мұнда».
Естiдi барлық жұрты оқиғаны,
Күйзелдi қорыққанынан елдiң халi.
Балдама кiтап ашып қарап көрдi,
Бар едi Қиян деген бiр ғаяры.
Сөйледi Қиян ғаяр барлық iстi,
Деп айтты: – Шабыраң қолға түстi,
Бiр ғаяр Қамақ деген пайда болды,
Бiр түнде iстеп кеткен барлық iстi.
Сиқыр оқып түзеттi қатындарды,
Барлығы көрдi көзбен мұндай халдi.
«Жәмшидтi бүгiнгi күн-түн өлтiргiн», – деп,
Жiбердi Орайнатан палуанды.
Түктерi темiр құсап тiкiрейiп,
Қорқытты айбатымен тiрi жанды.
Майданға бұл батырдың келгендiгiн
Сол заман Қамақ бала хабарланды.
Жәмшид шықты жауға даярланып,
Қозат, Баман барлығы тұрды барып.
Зәңгiге: – Менiмен соғысып көрсiн, – деп,
Майданға шықты Қамақ найза алып.
Сегiз аршын жерiне ол найзаның,
Түрлi уыттан қойыпты бiреу жағып.
Зәңгiге Қамақ бала барды жетiп,
Жолықты бiр-бiрiне жауап етiп.
– Бұл жерде, жердiң құрты, не қып жүрсiң,
Қолыңда бiзiң мынау тiгер етiк.
Оныңа өлер ерiң мен емеспiн,
Сен мұны алып кепсiң қару етiп.
Сенiмен соғыспаймын, Баман қайда,
Шапшаң барып хабар бер мұнан кетiп.
Қамақ айтты: – Иә, зәңгi, сөзiм тыңда,
Жас баламын жай ойнап жүрген қырда.
Батырлық бiр қара жеткеннен соң,
Сенiмен сынаспаққа келдiм мұнда.
Қолымдағы бiзбенен сұғып алып,
Наһандарды өлтiрдiм жатқан суда.
Сен бiзге болып тұрсың бiр жаман жау,
Қарасам сипатыңа бiр асқар тау.
Сол бiзбен сұғып алсам сен де өлесiң,
Ойлаймын сен наһаннан емессiң дәу.
Түс көрдiм бүгiн түнде ұйықтап жатып,
Мен бiлсем, Орайнатан, болмайсың сау.
Бұл сөзге Орайнатан ашуланып,
Шоқпарын қанша батпан қолына алып.
– Өзiнен сөзi үлкен залым ғой, – деп,
Қамақты нақ төбеден қалды салып.
Ол ғаяр сиқырлықпен жоқ боп кеттi,
Астына тақымының тұрды барып.
«Иә, залым, жерге кiрiп кеттiң ғой» деп,
Ақырды Орайнатан ашуланып.
Қамақ айтты: – Мен жерге кеттiм кiрiп,
Сенбесең қарап көршi, сен үңiлiп.
Қолымнан тартып алшы, өлер болдым,
Иә, батыр, жас бала едiм рақым қылып.
Ол зәңгi көремiн деп еңкейгенде,
Найзасын көтенiнен алды сұғып.
Шыдамай у дәрiнiң заһарына,
Ол зәңгi ойбайлады у-шу қылып.
Найзасы iшi-қарнын кеттi аралап,
Қамақты болмас, сiрә, һеш бағалап.
«Бұл дүние бейбақидан өттiм ғой» деп,
Өз жанын зәңгi кеттi жоққа санап.
Мұқатып барған жерiн Қамақ бала,
Өзiнiң әскерiне келдi оралып.
Әлқисса, ендiгi сөздi Қоңқар мен Орайнатаннан естiңiздер. Орайнатанның көрген күнi қайран боп, не өлi, не тiрi емес боп iшi ылбырап жатып қалды. Сонан соң Қоңқар Жәмшидке кiсi жiбердi: – Маған он бес күн рұқсат бер, мына батырым не өлер, не жазылар. Бұл жазылмаса, мен жеңiлдiм, өрiс сенiкi болады, – деп ғұзыр етiп сұраған соң, Мәлiк те қабыл көрiп: – Бұл үш батырым, Қамақ ғаярым барда алмасқа не, – деп, он бес күн уағданы күтiп жата бердi. Сол он бес күн iшiнде Қамақ ғаярдың көрген оқиғасы:
Назым Қамақтан сөз
Жамағат, жалықпастан тыңда мұны,
Бiр тарап ыңғайланды сөздiң түрi.
Есек қып Қамақ ғаяр мiнiп алды,
Құрысын Шабыраңның көрген күнi.
Есек боп ақырады анда-санда,
Сиқырлық етуiне келмес ебi.
Қамақтың туған жерi – Тұранзамин,
Бiр ғаяр хат алып келдi тап сол күнi,
«Бердi, – деп, – осы хатты үлкен шешең»,
Ер Қамақ оқымаққа алды мұны.
Оқыды ол қағазды Қамақ алып,
Әкесiнiң шешесi жазғаны анық.
Қамаққа үш қайтара сәлем айтқан,
Қатерлi өлiм халде науқастанып.
Бадырап, Бадыраң Ғазиз керек емес,
Қамаққа ынтызары сондай парық.
«Бiр келiп өлер халде көрiнбесең,
Батамды бердiм, – деген, – назаланып.
Өлердегi батамды алмасаң,
Өмiрде оңалмайсың жалғыз қалып».
Ананың мұндай халiн естiген соң,
Көз жасы Қамақ ердiң кеттi ағып.
– Бiр қайғы бiздiң басқа кез болды, – деп,
Жәмшидке сол заманда айтты барып.
Жәмшидке арыз болды Қамақ бала:
– Иә, тақсыр, бұл қайғымды тыңдап қара.
Дүниеден өтерiне жақын болып,
Шақырған арыздасып бiздiң ана.
Көрмесем өлерiнде алтын жүзiн,
Қабағат қарғыс берiп, болмақ нала.
Ата-ананың қарғысы оқтай тиер,
Маған хараб болады жарық дүние.
Иә, тақсыр, екi күнге рұқсат бер,
Бармасыма болмайды һешбiр шара.
Әлқисса, Жәмшид патшаның Қамаққа айтқан сөзi:
Сөйледi Жәмшид патша Қамақ ерге,
Өнерлi етiп туған кемеңгерге.
– Қамақ-ау, сiз кетсеңiз не боламыз,
Боп тұрсың өзiң пана барлық елге.
Бiр кемпiр өлгенде жұрт күн көрмей ме,
Бiз тұрмыз осы күнi аққан селде.
Бiр шешеңдей көрмесең мұндағы елдi,
Өз қолыңнан тығып кет қара жерге.
Қамақ айтты: – Иә, тақсыр, сабыр әйла,
Сабырлы жан көредi талай пайда.
Өмiрлiк бақытыма зиян болар,
Сiз менi жiбермесең бұл сапарға.
Қорқатын Шабыраң есек боп тұр,
Орайнатан кез болды ондай халге.
Алыстан аңдып жүрген дұшпан болса,
Сiздерден табылмайды оған хайла.
Ананың қарғысына ұрындырып,
Иә, тақсыр, обалыма менiң қалма.
Қамақ жас тұрып алды рұқсат сұрап,
– Бармасам болады, – деп, – қатты ұят.
–Қалмастан екi күннен келiңiз, – деп,
Жәмшид рұқсат бердi жылап-жылап.
Қамақ жас андан кейiн кеттi жүрiп,
«Келем» деп екi күнде уағда қылып.
«Қандайлық қасiретке кез болам», – деп,
Жәмшидке сол күндерде түстi бүлiк.
Мейрамхан Маһиронмен екi бекзат
Сайрандап тау басына кеттi шығып.
Жамағат, жалықпастан тыңдаңыздар,
Айтайын бiр оқиға түсiндiрiп.
Әлқисса, ендiгi сөздi баяғы Жәмшидке Мейрамханды ұтқызған Кәрiм саудагерден естiңiздер. Бұл Үрiм шаһарына Қамақ ғаяр келген соң бiр түнде Қозат, Фарқағад, Маһиронды, Бадырап, Бадыраң Ғазиздi босатып алған соң, Шабыраң қолға түскен соң, бұл жерден күдер үзiп Фишақайран деген шаһарға барған едi. Ол шаһарды билеген Мәликезерiн Қошқой деген қыз патша едi. Соған барып араға от жағып, «Жәмшидтi жамандап, Қоңқар сiзге жiбердi» деп, Мәликезерiн Қошқойға айтып отырған сөзi. Назым Кәрiм саудагердiң Мәликезерiн Қошқой қызға айтқаны:
Сөйледi сонда қызға Кәрiм сөзiн,
Толтырып қанды жасқа екi көзiн:
– Көрмеген бұл дүниеде қорлығым жоқ,
Өлмеген соң әйтеуiр келдiм өзiм.
Кеп тұрмын зор үмiтпен құзырыңа,
Ете көр бiр мархабат, асқар белiм.
Адасқан нашарға ақыл болар десiп,
Әдiл деп естiп едiм ата-тегiң.
Айрылдым ата-жұртым, бақытымнан,
Кез болып бiр дұшпанға сынды белiм.
Мен өзiм саудагер ем әуел бастан,
Үйренген кәсiбiм едi бала жастан.
Шаһарға Иран деген барып едiм,
Айрылдым Мейрамхандай қаламқастан.
Мейрамхан әйелiм едi, ғашық жарым,
Ол өзi сұлулықта жұрттан асқан.
Бар дүние, әйелiмдi тартып алды
Иранның падишасы Жәмшид залым.
Барлығын айта берсем ада болмас,
Көзi жетпес, ойлап ақылы оқығанның.
Көргенде сұлу қызды сайтаны бар,
Естiптi Маһиронын Қоңқар ханның.
Үрiмнiң падишасы Қоңқар деген,
Ол Жәмшид қызын естiп сонда келген.
Ол қызды ғаярымен ұрлатып ап,
Қосылып Маһиронмен ойнап-күлген.
Қанша да соғысса да Қоңқар патша,
Жәмшидтiң батырынан қорлық көрген.
Бiр қыз үшiн қырылып талай халық,
Хал кетiп қалжырады барлық елден.
Қоңқардың Маһирондай ханышасы
Тоқал боп ықтиярсыз азар көнген.
Жәмшидтiң Қамақ деген бар ғаяры,
Бүлдiрер ашуланса дүниенi.
Көрiнген қыздың бәрiн Жәмшид алса,
Бойдақ боп өткiзермiз дүниенi.
Иә, тақсыр, айып етпе ендi маған,
Айтайын таң қаларлық оқиғаны.
Бiр күнi ой ойлаған Жәмшид жана,
Ғаярын Қамақ деген қасына ала.
«Фишақайран шаһарда Қошқой қызға
Балдама ашқын» деген сол арада.
Ол Қамақ соныменен балдама ашып,
«Қошқойдай қыз жоқ, – деген, – дүнияда.
Жәмшид, арманыңыз жоқ, – деп айтқан,
Сол қызбен жатар болсаң бiр ұяда».
Ол ғаяр сипаттаған сiздiң нұрын,
Гауһардай салбыраған деген тұлым.
Ақ жүзiн көрген адам талып түсер,
Ес қалмай, естен танып босар буын.
Ғаярдың айтқанындай бар екенсiз,
Ақиқат өз көзiммен көрдiм бүгiн.
Көрместен сiзге ғашық болып отыр,
Алам десе алады Жәмшид зұлым.
Жәмшидтiң сiзге сөйтiп ғашығы кеттi,
Ойлады батырлықпен бiр ниеттi.
Шаһарын қоймай қырамын ойран етiп,
Қошқойды аламын деп қасам еттi.
Маһиронды Мейрамханмен қос ханымға
Қошқой қыз iстейдi деп қызметтi.
Айтқан iсiн орындар Жәмшид залым,
Ондайлық бiз көрмедiк қара беттi.
Бiр сiзге Жәмшид жатыр даярланып,
Болжалсыз палуандардың бәрiн алып.
Ғаяры Қамақ деген бiр сұмпайы,
Кетпесiн бiр түнде кеп өзiңдi алып.
Қолға түссең не болар көрген күнiң,
Күң болып отырасың отын жағып.
Мұнда – патша, онда күң болғаныңыз,
Сүйекке кетпейтiндей таңба салып.
Қызығар қызды көрсе Жәмшид залым,
Анасы қыздың сүтiн берген бұрын.
Жәмшид тiрi тұрғанда қызға күн жоқ,
Тағы бiр қорлығы бар, ол – бiр сырым.
Хауарзам шаһарында Қасымзейрiн,
Алып кеп тоқал еттi ханның қызын.
Бiр тиын бағасы жоқ қыз байғұстың,
Жүргенде отын алып көрдiм түрiн.
Иә, тақсыр, осылайша көрген iсiм,
Сарғайды қайғыменен менiң түсiм.
Жетер ек барлығымыз бiр мұратқа,
Сол қуға жетер болса сiздiң күшiң.
Қыз үшiн қырып жатыр талай жанды,
Әлiң келсе тындырғын соның iсiн.
Достықты бiлдiрмекке өзiңiзге,
Бiр сiздi iздеп келген бар жұмысым.
Әлқисса, ендiгi сөздi Мәликезерiн Қошқойдан естiңiздер:
Қошқойдың мұны естiп кеттi сұры,
Ғұмырда жеңген емес һешкiм мұны.
– Шынымен аяқ басып жақындамас,
Мен емес ол залымның алар қызы.
Ләклек, Шабшак дейтiн екi ғаярды
Шақырды қаһарланып тап сол күнi.
Екi ғаяр шақырған соң келдi кiрiп,
Патша қыз түсi қашып, жүз құбылып.
– Иә, тақсыр, қалайынша қаһарландың,
Айтыңыз, – деп сұрады ғаяр тұрып, –
Бiздерден бiр қателiк iс болды ма,
Бiр дұшпан айтқан шығар түсiндiрiп.
Қапаңды ойыңдағы шығармасақ,
Дүниеде бiз жүрмелiк тiрi болып.
Ғаярға Қошқой айтты: – Сөзiм тыңда,
Бiр қайғы болып отыр қазiр мұнда.
Иранда Жәмшид деген патша болып,
Қоңқарды ұшыратқан көп қырғынға.
Сол Үрiмдi алған соң талан етiп,
Одан соң келем дептi бiзге, мұнда.
Фишақайран шаһарын ойран қылып,
Күң қылып от жаққызбақ Қошқой қызға.
Екеуiң қазiр соған кiтап ашқын,
Ол Жәмшид жетер ме екен айтқан ойға.
Шабшак пен Ләклек жаду қабылданып,
Балдама кiтаптарын қолына алып,
Сөйледi бұлбұлдайын екi ғаяр:
– Жәмшидтiң бұл шаһарға келмегi анық.
Онан бұрын қамдансақ бiз аламыз,
Жол ашық, сапар етсек айдан анық.
Жәмшидтен Қамақ ғаяр кеткен, – дедi,
Шын қаза шешесiне жеткен, – дедi.
Қоңқардың Шабыраң ұлы ғаяры
Есек боп қайғыменен өткен, – дедi.
– Иә, тақсыр, рұқсат берсең баралық бiз,
Әскерiн қанша болса алып келiп,
Тылсымат құдығына салалық бiз.
Қыздарды күң қылатын Жәмшид едi,
Қайраты қалай екен қаралық бiз.
Қошқой қыз көп уақыт сөйледi сөз,
Ғаярға бұйрық еттi: – Барғын, – деп, – тез.
Ғаярсыз бейғам тұрған уақытында,
Әскерге хайламен болыңыздар кез.
Сиқырлық тылсыматқа салғын, – дейдi,
Естiп құлақтар мен көрсiн көз.
Әлқисса, ендiгi сөздi Шабшак пен Ләклектен естiңiздер:
Екi ғаяр сол мезгiлде кеттi жүрiп,
Аспаннан бұлт түсiрiп соған мiнiп.
Үрiмнiң шаһарына барып түстi,
Болмайды бұл жүрiсiн адам ұғып.
Есектi Бадыраң Ғазиз мiнiп алып,
Әскердi жүрiп едi күзет қылып.
Һешкiмге бұл екi ғаяр көрiнбедi,
Сиқырлық өнерiне ерiнбейдi.
Келгенiн екi ғаярдың есек бiлiп,
Ақырып бар даусымен аңырайды.
Сол жерде әскерлерге бiр дем салып,
Мысалы түнгi самал желпiн дедi.
Екi ғаяр сиқырлықпен дәрi салып,
Жығылды ессiз болып қанша халық.
«Есекте бiр хикмет бар шығар» деп,
Қарады Шабшак жаду кiтап алып.
Қоңқардың Шабыраң ғаяры деп,
Сөйледi ақиқатын балдама анық.
Бiлген соң ғаярлығын бұл байғұстың,
Босатты есектiктен бiр дем салып.
Аспаннан бұлт түсiрдi сиқыр етiп,
Ол бұлттан күмбез еттi құп түзетiп.
Қаншалық палуандар мен барлық әскер,
Күмбезге мiнгiзiп ап қалды кетiп.
Жұртына тастамады жалғыз адам,
Мұндайлық өнерпазға хайлаң нешiк?
Мейрамхан Маһиронмен тауда қалды,
Басында кетiп едi тамаша етiп.
Барлығын өз қолынан аттандырып,
Қоштасып Шабыраңға құрмет етiп.
Жамағат, жалықпастан тыңда мұны,
Таусылмас айта берсем мұның сыры.
Жиырма бес мың әскер қолға түстi,
Не болмақ ақырында көрген күнi.
Барлығын бұлтпен тартып аспанға ұшып,
Түсiрдi тылсыматқа дәл сол күнi.
Сиқырмен от жандырып бiр тесiктен,
Бiр кемпiр бағып тұрған күндiз-түнi.
Бекiттi сиқырменен алып барып,
Тыңдаңыз, жалықпастан барша халық.
Қошқой қыз дұшпанынан кегiн алып,
Отырды тақытында рахаттанып.
Шешесi науқастанып кеткен едi,
Бұл iстен хабары жоқ Қамақ налып.
Шешесi баласымен арыздасып,
Ақиқат ажал жетiп өлгенi анық.
Әлқисса, ендiгi сөздi Қамақтан естiңiздер. Үйiне барып, шешесiн көрiп, өлген соң көмiп, үш күндей сонда тұрып, төртiншi күнi қайтып Үрiм шаһарына барса, Мәлiктiң әскерiнен бiр адам жоқ. Бұл iске қайран болып, балдама кiтабын қолына алып
қарағаны:
Назым Қамақтың балдама қарағаны
Сол күнi көшкен жұртқа Қамақ келдi,
«Бұл қандай оқиға?» деп ойлады ендi.
Балдама кiтап алып қарап көрсе,
Барлығын оқиғаның сөйлеп бердi.
Қатерлi жаман жолға түсiптi деп,
Қайғырып қапалықпен жылай бердi.
– Тiршiлiк ендi маған екi тиын,
Жүргенiм жауға алдырып барлық елдi.
Ләклек пен кеттi Шабшак алып,
Қойды деп тылсыматқа бәрiн салып.
Мейрамхан Маһиронмен мұнда дейдi,
Бiр тауда жатыр дейдi рахаттанып.
Солармен жөнiн айтып сырласпаққа,
Қамақ жас жүрiп кеттi қапаланып.
Жолығып Мейрамхан мен Маһиронға,
Көрiстi құшақтасып айғай салып.
Қамақ ер: – Кеттi, – дейдi, – қайран елiм,
Қос тауым сынды, – дейдi, – асқар белiм.
Патшаны әскерiмен жау алыпты,
Суалды деуге болар шалқар көлiм.
Айрылдық ақсұңқардай батырлардан,
Уақытсыз кез боп қалды бiзге өлiм.
Жау шығып Фишақайран шаһарынан,
Қазыпты шықпас етiп елдiң көрiн.
Ләклек пен Шабшак мұнда келген, – дейдi,
Әскердi ессiз жатқан көрген, – дейдi.
Бұл жақта оқиғаның бәрiн айтып,
Саудагер Кәрiм хабарын берген, – дейдi.
Қыз едi Фишақайран падишасы,
Һешкiмнен қор болмаған ғазиз басы.
Ләклек, Шабшак дейтұғын екi ғаяры,
Жайнаған сипаттары жайдың тасы.
Он сегiз хан мұрасы ғаярлықта,
Менен де артық едi мәртебесi.
Екi түрлi бiлiмi менен артық,
Екi талай Қамақтың қалар басы.
Хан мұрам он тоғызға жетсе менiң,
Сығар ем Фишақайран барлық елiн.
Бiлiмнiң бiр азырақ кемдiгiнен
Кез болар деп ойлаймын маған өлiм.
Сол жаққа барамын ба, бармаймын ба,
Мейрамхан, қалай дейсiң, қара көгiм?
Әлқисса, ендiгi сөздi Мейрамханнан естiңiздер:
Мейрамхан естiген соң еттi жәбiр,
Жәбiрге жақсы дейдi етсе сабыр.
Тоқтау сөз бiр-бiрiне айтса дағы,
Ел-жұртын ерек ойлап болып малул.
Мейрамхан сөз сөйледi қапаланып,
Айрылған барлығынан болды анық.
– Қамақ-ау, тiршiлiктiң керегi не,
Адасып бұл үшеумiз тауда қалып.
Бақытыңды ашса Құдай қиын емес,
Қайтарсың дұшпандардан кегiңдi алып.
«Батырдың жолы артық» деген бiр сөз,
Бұрынғы өткендерден мирас қалып.
Бiз сiзге жолдас болып жүре алмаспыз,
Ғаярлық арамызда қанша парық.
Жiберем Маһиронды өз елiме,
Отырсын қорлық көрмей сонда барып.
Бұл жерде жүргенiнiң жөнi келмес,
Көрiнген ғашық болар көзiн салып.
Мен дағы бiр тарапқа сапар етiп,
Жүрермiн бiр хайламен жанды бағып.
Үшеуi осы жерде қош айтысты,
Жастары жаңбырдай боп жерге тамып.
Әлқисса, ендiгi сөз бұл үшеуi жыласып, «көремiз бе, көрмеймiз бе» деп құшақтасып, ажырасып, Қамақ ғаяр: «Әлiм келсе, алып қайтармын, иә, болмаса өлермiн,» – деп уағда берiсiп, Фишақайран шаһарына жүргенi:
Қамақ сапар етiп кеттi жүрiп,
Бiлiмнiң аз-кемдiгiн қайғы қылып.
Жер-жаһанның баршасын сиқырлықпен
Бекiткен Ләклек жаду торын құрып.
Аққан су, шыққан жемiс бәрi сиқыр,
Байқады Қамақ ғаяр мұны бiлiп.
«Жермен жүрсем бiр қатер көрермiн» деп,
Сиқырлап бұлт түсiрiп алды мiнiп.
Бұл дағы өнермен бұлтпен ұшты,
Хайлалы бiлiмдерi сондай күштi.
Аспанда ұшқан құсқа жер алыс па,
Жақындап Фишақайран барып түстi.
Жасырып ғаярлықтың киiмдерiн,
Жай адам порымында жолға түстi.
Шаһардың қақпасына келген жерде
Бiр ерге ақсақалды жолығысты.
Тоқтамай бiрiн-бiрi өте шықты,
Қамаққа сол адамның көзi түстi.
Қамаққа әлгi адамның қарағаны,
Баланы мың адамға бағалады.
Ойлады ғаярлықтың өлшеуi жоқ,
Келмес деп һешкiм тура шамалады.
«Үш күндiк бiлiмнiң кемдiгi бар,
Бүлдiрер түгелденсе дүниенi».
Шақырды әлгi адам Қамақ ердi,
Баланы бiр себептен тәуiр көрдi.
Ақсақалды атасы шақырған соң,
Қамақ та құрмет етiп қайтып келдi.
– Иә, балам, қай тараптан, қай шаһардан,
Айтқын, – деп аты-жөнiн сұрайды ендi.
Қамақ айтты: – Атажан, тыңда сөзiм,
Адаммын бiр кембағал менiң өзiм.
Шаһарға Фишақайран бармақ едiм,
Бiр кәсiп етейiн деп келсе жөнiм.
Ата-анадан айрылған жетiм едiм,
Айтарға да бiлмеймiн елдiң жөнiн.
Көрiнгеннiң қолында құлдықта боп,
Жылап жүрген сорлымын сынып белiм.
Шал айтады: – Ол сөзiң тура келмес,
Алдағанға бұл қартың тегi көнбес.
Атасы ықыласпен сұрағанда,
Шын сөзбен балаң қалай жауап бермес.
Бастан-аяқ бiлемiн оқиғаңды,
Жан берсең де бұл қартың оған сенбес.
Шабшак жаду мен емес елiңдi алған,
Иә, балам, бұл атаңа айтпа жалған.
Бiр менiң батамды алып аттанбасаң,
Тегi жолың болмайды бұл сапардан.
Бiлемiн, сенiң атың Қамақ ғаяр,
Сенiң сырың бар ма едi менен аяр.
Жәмшидтi әскерiмен жауға алдырып,
Ойыңда болып тек кегiң алар.
Ләклектен әзiр кектi ала алмассың,
Ұстап ап тылсыматқа сенi салар.
Сен менен үш күн оқып сабақ алсаң,
Сонан соң қайда барсаң жолың болар.
Қамақ жас шал сөзiне қайран қалып,
Бар сырын айтып отыр мағлұмланып.
Бұл өзi сиқыр ғой деп, сыр бiлемiн,
Балдама кiтап ашты қолына алып.
Қас емес дос адам деп сөйлеп бердi,
Жамандық болмайды деп жалғыз қарiп.
– Атажан, айтқаныңнан шықпайын, – деп,
Бұл қартқа жолдас болды тiлiн алып.
Бұл қартпен жолдас болып үйге келдi,
Әлгi қарт баласындай тәуiр көрдi.
Жайланып ас-су iшiп отырған соң,
Шын сырын шал да бастап сөйледi ендi.
Шаһарын, әсiлi-нәсiлiн бәрiн айтып,
Тариқылғақыл атын лақап дер-дi.
«Иә, балам, үш күн менен оқисың» деп,
Ғаярлық ғылымынан сабақ бердi.
– Тариқылғақыл, – дедi, – менiң атым,
Парсыдан болады, – деп, – нәсiл затым.
Жер жүзiнде ғаярлық ұстазымын,
Жайылған мағлұм болып шаһаратым.
Жәмшидпен нәсiлiм бiр болғаннан соң,
Мен сiзге айтып тұрған өсиетiм.
Менiң де қаным қайнап, көңiлiм нашар,
Бұл түрлi көргеннен соң ғаламаттың.
Жәмшидтi екi жаду келген алып,
Тастады тылсыматқа алып барып.
«Қамақ бала бiр iздеп келерсiң» деп,
Жүр едiм сонан берi сенi бағып.
Үш күндiк сабағыңды бiтiрген соң,
Айтайын бар сырымды жөнге салып.
Қатерлi осы сапар, балам, саған,
Өзiңдi-өзiң жүргiн қатты бағып.
Әлқисса, ендiгi сөздi Тариқылғақылдан естiңiздер. Үш күн сабақ бiткен соң, Қамақ ғаярға айтып отырған ақылы:
– Қамақ-ай, сөзiм тыңда ендi, балам,
Тариқылғақыл айтар ендi саған.
Жәмшидтi қалай етiп босатарды,
Мен сiзге ұқтырайын бәрiн тамам.
Қошқой қыз – бұл шаһардың падишасы,
Таусылмас айта берсем хадисасы.
Жақын жерде бiр батыр Һаман деген,
Сол қызбен тiптi жақсы ықыласы.
Мәликенiң ол батырмен туысы бiр,
Оған да мағлұм болды бұл барлық сыр.
Жәмшидке батыр болсам деп ойлайды,
Баруға аяғынан намыс қып тұр.
Һаманның әкесi де батыр Тариқ,
Һаманның жер жүзiне аты қанық.
Һаман батыр Жәмшидпен шөберелес,
Сыртынан бiр-бiрiне әбден анық.
Тұтқынға бауырлары түскеннен соң,
Не дерiн бiлмей отыр қапаланып.
Сен менiң тiлiмдi алып осы жерде,
Һаманға бiр жолыққын тезден барып.
Қошқой қыз Һаман ердi құрмет етер,
Һаман ер ашуланса есi кетер.
Һаман барып сұрасын Мәлiк ханды,
Болмаса ойдағы iсiң бәрi бекер.
Һаман барып сұрасын сонда қыздан,
– Жәмшидпен дұшпан ем, – деп, – мен бұрыннан.
Қошқой қыз алдырыпты деп естiдiм,
Соғысып жатқанында ол Үрiммен.
Қоңқардың тоқсан шаһар қармағында,
Болмайды һешкiм шыдап зардабына.
Сол Мәлiктi бiр көрсем деп ойлап ем,
Қоңқардың таң қаламын салмағына.
Қошқой қыз сонда тұрып жауап берер:
– Жәмшидтiң өнерi жоқ адам көрер.
Боп жүрген «әлiн бiлмей әлек» екен,
Айтарлық қаруы жоқ жауын жеңер.
Ләклек, Шабшак бiр күнде алып келдi,
Жәмшидке уақыт жоқ мұнда келер.
Сұрайды Һаман тағы сөз шығарып:
– Қандай жаду Мәлiктi келген алып.
Сол ғаярды көрсеткiн, – деп сұрасын,
Қатты құрмет етемiн құмарланып.
Ләклек ғаяр әкелдi деп айтады,
Көрсетер мiнеки деп ырзаланып.
Сен бұрын бiр алманы дайындап қой,
Сиқырлық хайламенен бiр дем салып.
Қойнына Һаман соны барсын салып,
Ол алманы ғаярға берсiн алып.
Жәмшидтi ұстағанның құрметi деп,
Қош көрiп жауырынға тұрсын қағып.
Ләклек жаду жемейдi ол алманы,
Һаман сонда ұрыссын ашуланып.
Жегiзсiн ол алманы қатты зорлап,
Ашу, арын ақылмен қызды торлап.
– Патшаның құрметi үшiн саған берсем,
Тұрмысың қыз патшаны сен де қорлап.
Жәмшид деген бiр қатты дұшпаным едi,
Сыйым деп ап келген соң өзiң торлап.
Мен сенiң тақымыңа толмаймын ба,
Алма жемей қалайша тұрсың бойлап.
Ақиқат дұшпан болсаң оныңды айт,
Кетермiн жердi таптап салып ойнақ.
Қошқой қыз естiген соң осы халдi,
«Ер Һаман бүлдiрер, – деп, – бұл шаһарды,
«Батырдың сөзiн жықпа, же» деп айтар,
Көндiрер ашуланып ол ғаярды.
Ол ғаяр алманы жеп кетер шығып,
Сендер де кiдiрмеңдер бiрге тұрып.
Қоштасып Қошқой қызбен Һаман батыр,
Ғаярдың арт жағынан барсын жүрiп.
Алма жеп жығылған соң Ләклек ғаяр,
Сиқырлық қапшығыңа алғын тығып.
Қолыңа Ләклек түссе Шабшакке бар,
Бiр тауды екi ғаяр мекен қылар.
Өз жаны ғаярлардың өзiнде емес,
Бiр құсқа сиқырлықпен қойған болар.
Бұл күнде жүрген жаны кептер жаны,
Өз жанын кептер етiп қойған аны.
Өздерiн отқа салып өртесең де,
Бiр тиын бит шаққандай көрмес аны.
Сол кептердi тауып ап бауыздасаң,
Ғаярдың сол мезгiлде ағар қаны.
Шабшактi қалай ұстап аларыңды,
Табарсың бiр хайласын ойлап аны.
Әлқисса, Тариқылғақыл Қамақты үш күн оқытып, ғаярлық бiлiмiн он тоғызға толтырып және де «мен қашан да болса сенен хабарсыз болмаспын, Һаманға бар» деп жолға салды. Қамақ ғаяр Һаман батырға келiп танысып, оқиғасын сөйлеп бердi. Һаман да мақұл көрiп, Қошқой қызға бармақ болды. Қамақ ғаярды қойнына тығып, алмасын даярлап жүрiп келiп, Қошқой қызға бастан-аяқ Тариқылғақыл айтқан сөзiн айтып, Ләклекке алманы бергенде жемедi. Һаман ашуланып айтқан соң, Қошқой қыз «өлсең де же» деген соң алманы жеп тұрып: «Мен тұтылдым, Жәмшид құтылды», – деп шығып кеттi. Һаман батыр қызбен қоштасып далаға шықса, Ләклек ғаяр ессiз жатқанын көредi. Қамақ ғаярлық қалтасына салып алып, Һаманмен қоштасып тылсыматқа қарай қадам басады. Һаман батыр да өз елiне қайтып кеттi. «Бұл жақтан аман-есен қалсаң, мен хабарсыз болмайын», – деп уағдаласып жүрiп кеттi.
Назым Қамақ ғаярдан сөз тылсыматқа баруынан:
Қамақ жас сапар еттi Ләклектi алып,
Тыңдаңыз жалықпастан, қанша халық.
Бiр кептер сипатында кеттi ұшып,
Тылсымат тарапына түстi барып.
Бiр тесiктен лауылдап от жанады,
Бiр кемпiр жiп иiрер ұршық алып.
«Тылсыматтың қожасы осы ғой», – деп,
Қамақ жас бастан-аяқ бiлдi анық.
Бұл кемпiр сиқырлықта жаннан асқан,
Жылап қайтар шенiне барған дұшпан.
Жәмшидтi әскерiмен бағып отыр,
Ұршықтан от жандырып бұл бiр мыстан.
Ой түстi Қамақ жасқа осы арада,
«Бұған мен қолданам, – деп, – қандай шара?
Тәуекел не болса да көремiн», – деп,
Болыпты сиқырлықпен бiр жас бала.
Апыл-топыл қаз тұрған бала мысал
Кемпiрге келдi жүрiп сол арада.
Кемпiр айтты: – Ей, балам, қайдан келдiң,
Жоқ па едi әке-шешең, ей, бейшара?
Елсiз, күнсiз арада жүрсiң нағып,
Қалайша мекен болды бұл қу дала?
Ағызды Қамақ сонда көзден жасын,
Бұл кемпiр сала ма деп ықыласын.
Айтуға аузы келмей өксiп-өксiп:
– Қалды, – деп, – қу далада жалғыз басым.
Әкемнiң кәсiбi едi аулар балық,
Тұрушы ек соныменен ауқаттанып.
Қол қауғамен шешемiз балық сүзiп,
Әкемiз отырушы ед қармақ салып.
Жар басында жарбиып отырғанда
Бiр жайын екеуiн де кеттi қағып.
Бiр басым паналарға жер таба алмай,
Бұл жерге келiп тұрмын естен танып.
Бiр күнге қонақ болсам қайтер едi,
Әжетай, жетiм едiм мейiрiң салып.
Кемпiрдiң бұған түстi ықыласы,
Тыйылмай отырған соң көзден жасы.
– Иә, балам, жата ғой, – деп жауап еттi,
Бос тұр ғой қайтемiн, – деп, – ошақ басы.
«Кемпiрдi қайтiп қолға түсiрем» деп,
Ойлаған ойындағы маддұғасы.
Түнiмен кемпiр отыр ұйқы көрмей,
Қамақ та қауiптенiп бұған сенбей.
Тұрғанда ертеменен Қамақ ғаяр
От жақты, шай қайнатып бәрiн жөндей.
Кемпiрге барған сайын жақындасып,
Қызметi бiрiнен-бiрi асып.
– Иә, балам, кетпей-ақ қой осы жерден,
Қаларсың бiр пәлеге ұшырасып.
Ерiксең ермек болып қасымда тұр,
Зиян емес арқамды берсең қасып.
Зерiксем күлдiрерсiң әр сөз айтып,
Сөйлесiп отырармыз көңiл ашып.
Ұқсады Қамақ ғаяр баласына,
Татулық жан жетпейдi арасына.
Күндiз-түн дамыл таппай еркiнсидi,
Қамақ жас сөз сөйлейдi анасына:
– Анажан, бiр азырақ дамыл алмай,
Бiр күн шаршап өлiп қаласың ба?
Бiр күн өлесiң-ау, қайран анам,
Сен өлсең жалғыз басым қайда барам?!
Тумасам да туғандай ана болып,
Болып ең жел жағыма таудай панам.
Кемпiр айтты: – Ұршықты иiрмесем,
Болады бiр сағатта дүние тамам.
Қамақ айтты: – Апатай, маған бергiн,
Үйренiп бiр өзiңнен тағлым алам.
Үйреттi кемпiр сонда тiлiн алып:
– От жанар оң иiрсең дiр-дiр қағып,
Иiрсең солға қарай от өшедi,
Мен кiшкене ұйықтайын тыным алып.
Ұршықты Қамақ ғаяр алды қолға,
Босады қызметтен кемпiр сонда.
Тынығып кемпiр байғұс ұйықтап жатыр,
Пырылдап демiн алып азар-зорға.
Кемпiрдiң мұрнына дәрi салып,
Мас етiп Қамақ ғаяр салды торға.
Ұршығын сол иiрiп отты өшiрдi,
Қарады һәр жағына, оң мен солға.
Қараса, арғы жағы мидай дала,
Адамның көптiгiне болмас баға.
Қозат пен Фарқағад, Баман батыр,
Мәлiк пен Бадыраң Ғазиз кәрi баба.
Қор болған бәрiнiң де қайран басы,
Қамақтың түстi көрiп ықыласы.
Шынжыр қып байлағаны қол-аяғын,
Әйелдiң басындағы бiр тал шашы.
Шабшакты алмай, оларды босатты барып,
Тариқылғақыл айтқан уағдасы.
Оларға көрiнбестен кеттi жүрiп,
Кемпiрдi өлтiрiптi быт-шыт қылып.
Ләклектi өлтiрiптi хайласы жоқ,
Қапшыққа салып алды мықтап тығып.
Ләклек пен Шабшактың мекенiне
Қамақ жас сол мезгiлде келдi жүрiп.
Ләклектiң түстi Қамақ порымына,
Шабшакпен есендесiп жолығуға.
«Шабшағым қайдасың?» – деп Ләклек болып,
Жолықты құмарласып келiп тура.
Бiр-бiрiн қошаметтеп, шарап iшiп,
– Бiзге дұшпан, жау жоқ, – деп, – ой мен қырда.
«Ақиқат Ләклек пе екен, сынайын» деп,
Ойлады бiр сұмдықты Шабшак қу да.
Ойлады: «Осыған бiр дәрi берсем,
Бiр талдырып, қалтасын тiнтiп көрсем.
Ақиқат Ләклек болса тiптi жақсы,
Осылай бiр iс етiп, сынап көрсем».
Хайласы бұл Шабшактың бастан анық,
Ләклектi жақсы көрiп құмарланып.
Қамаққа бiр шынымен шарап бердi,
Бiлдiрмей бiр дәрiнi қоса салып.
Ақыры не болмақшы Қамақ жастың,
Ессiз боп, шалажансар жатты талып.
Ғаярлық қапшықтарын тiнтiп көрсе,
Ләклек жатыр iшiнде нашарланып.
Ләклектi тiрiлтiптi бiр дем салып,
Бұл iске Шабшак қатты ашуланып.
Ләклек болып отырған Қамақ екен,
Бұл сыры мағлұм болды бастан анық.
Сөйледi өткен iстi Ләклек сонда,
Басында не себептен түстi қолға.
Кемпiрдiң өлгенiнiң бәрiн айтты,
Тылсымат бұзылды деп қойған жолда.
– Бiлмедi менi қалай өлтiрерiн,
Кез болдым бiлiмiңмен саған мұнда.
Сен дағы қолға түссең осы жерде,
Болып ек ұшырайтын тойдан-тойға.
Екi ғаяр есебi жоқ ажырасып,
Бұл дұшпан iздеп келiп болды нәсiп.
Ләклек жаду үйiне алып барып,
Қамақты аяғынан қойды асып.
Сағынған екi ғаяр бiрiн-бiрi,
Қалмады айтылмаған iште сыры.
«Түнiмен шарап iшiп той жасаймыз,
Қамақты өлтiремiз ертең мұны».
Ләклектiң үйiнде тұр Қамақ байғұс,
Сиқырлық хайласына келмей тiлi.
Қамақты байлап қойған көзi көрдi,
Бар едi ол Ләклектiң сұлу қызы.
Қыз айтты ол Қамаққа: – Тұрсың нағып,
Ажалың шын, ақиқат жеткенi анық.
Өлiмге бүгiн сенi бұйырыпты,
Қойып ең атамыздың несiн алып?
Қамақ айтты: – Ақысын алғаным жоқ,
Бар едi адамзатта басқа парық.
Өлсем қаным, обалым қызға болсын,
Ауызға түскен мен болдым кебiн балық.
Бұл сөзге бұл сұлу қыз таң қалады,
Қамаққа «қалай сыр?» деп сөз салады.
– Менен көрген кесiрiң жоқ едi ғой,
Сендей тегi көрмедiм һеш баланы.
Шипасы жаман бiткен қамсыздарды,
Деген сөз «су iшiнде өрт алады».
Қамақ айтты: – Сұлу қыз, берi қара,
Сiз менi көрген жоқсыз жеке, дара.
Қыз деген қызыл алтай түлкi емес пе,
Көрместен ғашық болар жiгiт жана.
Ләклектiң қызы сұлу дегенменен,
Мен болдым құмарланып бiр диуана.
Қайтейiн, бiр сен үшiн өлмек болдым,
Басымнан кетпек боп тұр пәни дүния.
Келiп ем ақ жүзiңдi көрмек үшiн,
Алуға ғаярлықпен келмес күшiм.
«Жай адамға қызымды бермеймiн» деп,
Әкеңнiң көрiп тұрсың қылған iсiн.
Обалыма қалдың ғой, иә, ханыша,
Осындай ойымдағы бар жұмысым.
Жастарды қасiретке салып жүрген,
Мұндай болса қайтейiн, қызың құрсын.
Бұл сөзге қыздың түстi ықыласы,
Қамақтың жерге тамып көзден жасы.
Сыртынан ғашықтығы растай боп,
Шын дейдi айтып тұрған оқиғасы.
Көңiл шiркiн, жүйрiк қой көк дөненнен,
Өлiмге кез боп қапты ғазиз басы.
Тар жерде ажыратты бiр өлiмнен,
Қандай жақсы адамның замандасы.
– Өлiмнен, иә, замандас, болғын аман,
Денсаулық қандай жақсы есен-аман.
Мен қызды иә аларсың, иә алмассың,
Жарамас обалыңа көрнеу қалған.
Сонымен қыз босатты Қамақ жасты,
«Аһ» деп байғұс бала көзiн ашты.
«Бiр хайла тағы бұған iстейiн» деп,
Ғаярлық қалыбына қайта басты.
– Көзiме көрiндi, – деп, – өлiм, қауiп,
Қандайлық iс етем деп ебiн тауып.
Ләклек, Шабшак екi ғаяр шарап iшiп,
Ләклек [ғаяр] жығылды есi ауып.
Салқынға тастап қойған Ләклек ердi,
Бұл Қамақ шын ақиқат таниды ендi.
Ғаярлық қапшығына салып алып,
Ләклек боп Қамақ ғаяр үйге келдi.
«Көптен берi iшпеп ем, мас болдым» деп,
Ол Қамақ осылайша жауап бердi.
Сөйлестi Шабшакпенен оқиғаны,
Мастықта ол Шабшактың болды халi.
Шабшактың шынысына бiр дәрi сап,
Қамақ та құрмет етiп бердi оны.
Дәрiнi iшiп алып Шабшак ғаяр,
Сол жерде шалқасынан түстi барып.
Шабшакты Ләклекпенен алды байлап,
Ұмытты өткен iстiң бәрiн де ойлап.
Бұларды шын, ақиқат құртайын деп,
Кептерiн тауып алып, қойған байлап.
Тастамай екi ғаярды алып кеттi,
Бiр тауда бiр терекке келiп жеттi.
Басында екi кептер қонып отыр,
Сол жерде ұстап алып қатыл еттi.
Кептердi ұстап басын кескенiнде,
Екi ғаяр өз-өзiнен өлiп кеттi.
Ләклек пен Шабшактан кегiн алып,
Мұратқа Қамақ ғаяр кәмiл жеттi.
Қамақ жас ғаярлықпен жауын жеңiп,
Аспанмен қайтып ұшты құстай төнiп.
Тылсымат құдығына келiп жеттi,
Құрметтеп құшақтасты елiн көрiп.
Бадырап атасы мен Мәлiк патша,
Көз жасы аға бердi қардай ерiп.
Жәмшид патша сұрады Мейрамханды,
– Сiзбенен келмедi ме, – деп, – мұнда ерiп.
Қамақжан босатар деп бұл қайғыдан,
Бiз жүрдiк бiр өзiңдi қуат көрiп.
Көзiмнiң тiрiсiнде сiздi көрдiм,
Дүниеден армансызбын кетсем өлiп.
Қамақ жас сиқырменен түсiрдi бұлт,
Мiнiптi осы бұлтқа жиылған жұрт.
Хайламен бұлт iшiне күмбез жасап,
Ешқандай жығылам деп етпейдi үмiт.
Қаптады қара бұлт күннiң көзiн,
Халайық бiлмей кеттi өздi-өзiн.
Хабарын бiр жолығып бiлдiрмекке
Һаман мен Тариқылғақыл айтқан сөзiн.
Елiне Тариқылғақыл түстi барып,
– Бұл жерден ұшамыз, – деп, – бiр демалып.
Құтылып сиқырлықтан ықтияры,
Палуандар ойын ойнап рахаттанып.
Қамақтың қандай түрлi оқиғасын
Тариқылғақыл балдама ашып бiлген анық.
Қонарын мұнда келiп тағы бiлдi,
Көлiкпен қанша қамыс алып жүрдi.
Биабан ен далаға алып келiп,
Қамысты сиқыр оқып әскер қылды.
Қолында шоқпарлары қанша батпан,
Сап түзеп барлығы да қарап тұрды.
Жәмшидтiң әскерлерiн көргеннен соң,
Майданда «жекпе-жек» деп қарап тұрды.
Дарияның толқынындай екi әскер,
Қабағат араласып соғыс қылды.
Қозатпен соғысып жүр Фарқағад,
Аянбай қимылдады елдiң бәрi.
Шоқпар тисе жығылар таудай болып,
Өлiп қалып шықпайды һешбiр жаны.
Олар ұрса ешқандай зарар етпес,
Қалай ұрса келедi елдiң халi.
Қамақ ғаяр сол заман кiтап ашты,
Мұндайлық көргеннен соң оқиғаны.
– Бұл өзi адам емес, қамыс, – дедi,
Тариқылғақыл еткен бұл хайланы.
Қамақ сонда сөйледi оқиғасын,
Тариқылғақыл ердiң бұл хайласын.
– Өнердiң жер жүзiнде ұстазы деп,
Бiз де көрдiк бұл ердiң көп пайдасын.
Өзi де бiздi iздеп келсе керек,
Ұмытпас деп ойлаймын уағдасын.
Ақылға аға туған, бiлiмi зор,
Өлшеуге болмас ондай ердiң басын.
Сол заман бiр бұлбұл құс келдi заулап,
Ағашқа қонып алып тұрды сайрап.
Сол жерде қонып тұрған ағашының,
Жапырағынан бiрiн қоймай қойды жалмап.
Басқа елдiң һеш нәрседен хабары жоқ,
Қамақ жас ақылменен бiлдi ойлап.
Қамақ айтты: – Халайық, сөзiм тыңда,
Бiр бұлбұл ағашта отыр мұнда.
Бiр өзi бiр ағашты жеп бiтiрдi,
Бiр хикмет болса керек, көрсең мұнда.
«Бiр патшаны бiр өзiм тындырам» деп,
Хайламен фаһим етiп айтқан сыр да.
Көрсеткен көп өнерiн сынамаққа,
Тариқылғақыл шығар бұл бұлбұл да.
Қамақ жас фаһим етiп мұны бiлiп,
Жәмшид те батырлармен келдi жетiп.
Тариқылғақыл сонда шыға келдi,
Бұлбұл боп тұрғаннан бiр сiлкiнiп.
Көрiстi бiр-бiрiнен бiрi асып,
Барлығы қызмет еттi қол қусырып.
Сиқырдан бiр шаһарды жасап қойған,
Барлығы маужырасып сонда кiрiп.
Пейiштiң сипатындай деуге болар,
Сән-салтанат, сәулетiн болмас ұғып.
Әлқисса, ендiгi сөздi Тариқылғақылдан естiңiздер. Бұл сиқырдан жасаған сарайда Жәмшидтi сегiз күн сыйлап, одан соң Мәлiкке қош айтып қайтпақ болғанда, Мәлiк айтады: – Бiзбен бiрге жүрсеңiз, – деп. Сонда Тариқыл: – Мен қазiр сiзбен бiрге баруға уақыт жоқ. Кейiнгi күндерде өзiм сiз шақырмай-ақ барамын, – деп уағдасын бердi. Бұл сөзiне ризаланып тұрғанда Қамақ ғаяр: «Мен Һаман батырмен уағдам бар едi» деп, оны iздеп жолға шығады. Қамақ ғаяр Һаманға барып жолығып, өткен iстiң бәрiн айтып, оны алып келгенiн, Жәмшид патшаның бауырластарымен жолығуынан сөз естiңiздер:
Назым Һаман батыр
Һаманның жер жүзiне аты қанық,
Тыңдаңыз жалықпастан, барша халық.
Жәмшидпен туысқандық түбi бiрге,
Бар едi арасында сондай парық.
Көптен берi көрмеген бiрiн-бiрi,
Саламат жүз көрiстi бек шаттанып.
Аға-iнi бар боп тұрса қандай жақсы,
Iнiсi ағасының қолын алып.
Һаманның палуандық тұлғасында,
Айтуға өлшеу етiп болмас нарық.
Көрсеттi ағайынды бұлар жүзiн,
Сөйлестi бастан кешiп өткен сырын.
Һаманның батырлығы әлемде жоқ,
Ауызбен айтып болмас мыңнан бiрiн.
Пiрлер болжап айтып қарағанда,
Қозат, Баман Һаманға болмас мұрын.
Сақал-шаш, мұртыменен былай тұрсын,
Перде деуге болады жай бiр түгiн.
Дарияның бiр айырығы деп ойлайды,
Қақырған Һаман ердiң түкiрiгiн.
Һаманды көрген адам тағзым қылып,
Егесiп болмас дейдi һешкiм жығып.
Мәлiк те Һаман ерге құзыр еттi,
– Сiз бiзге басшы бол, – деп, – бiрге жүрiп.
Қоңқармен соғысқалы үш жыл болды,
Ешқандай жеңе алмадым көңiлiм толып.
Ендi жеңiп алам деп отырғанда,
Қалады жар астынан бiр жау шығып.
Һаман айтты Жәмшидке: – Сөзiм тыңда,
Мен тұрғанда жоқ iстi уайым қылма.
Баруға аяғымнан намыс қып ем,
Сен келдiң бiр себеппен қазiр мұнда.
Жер жүзi жабылса да бiр өзiңе,
Бiр шығарам ақыры сенi қырға.
Һаман да барғандығын қабыл алып,
Бұл iске барлығы да ризаланып.
Қамақ ғаяр тағы да бұлт түсiрiп,
Жөнелдi бұлтқа мiнiп мұнарланып.
Ежелден кекесiндi шын дұшпаны,
Қоңқардың тарапына түстi барып.
Жол бойы Күлзiм деген бiр өзенге
Жайланып бұлар жатты рахаттанып.
Жапанда екi әйел қалып едi,
Жамағат, тыңдаңыздар құлақ салып.
Жәмшидтiң қасiретi қатты өттi,
Мұратқа жауын жеңiп әбден жеттi.
Ыңыранып оқ тигендей тұра алмады,
Сағынып Мейрамхандай қызыл беттi.
«Мейрамхан бақ-дәулетiм не болды?» деп,
Көз жасы ер Жәмшидтiң тимей кеттi.
«Жер жүзiнде екi әйел тiрi бар ма?»
Қамаққа «Балдама аш» деп әмiр еттi.
Қамақ жас сол заманда ашты балын,
Не болғанын әуел-ақыр оқиғаның.
Мейрамхан ұшырапты бiр тұтқынға,
Маһирон қолында екен Қоңқар шаһтың.
«Патшаның көңiлi жасып қалады» деп,
Айтпады Мейрамханның сонда халiн.
Деп айтты: – Маһиронды келгiн алып,
Қалайша ажырады жалғыз қалып?
Маһирон қалайынша онда барды,
Мәнiсiн бiлейiн, – деп, – сөзге салып.
Қамақтың бұл Үрiмге келгендiгiн,
Қоңқардың Шабыраңы бiлгенi анық.
Бұл Қамақ бiр сойқанды бастайды деп,
Шабыраң сол күнi қашып кеткен арып.
Қамақтай ғаяр болмас хайласы мол,
Белгiлi қайда барса өзiне жол.
Қоңқардың шаһарына келдi аяңдап,
Қаптаған жер-жаһанды есепсiз қол.
Маһирон сарайына келiп кiрдi,
Ғаярлық қалтасы бар, белiнде тор.
Есiктiң алдына кеп болды мысық,
Мияулап тұрып алды көзiн қысып.
«Мезгiлсiз не қып жүрген бұл мысық» деп,
Маһирон қолтығына тұрды қысып.
Маһирон бiр қиялға сонда түсiп,
Сүт бердi бұл мысыққа көңiлi түсiп.
«Ғаяр болса iшпейдi берген асты,
Шын мысық талғамайды, қояр iшiп».
Ғаярлар өмiрiнде жанға сенбес,
Сүтiн төгiп, жөнелдi қарғып түсiп.
Маһирон ғаярлығын ендi бiлдi,
– Иә, Қамақ, сөйле, – дедi, – өткен сырды.
– Оқиға елге барып естiрсiз, – деп,
Сиқырлық қапқа салып алып жүрдi.
Жәмшидтiң алдына әкеп қойғаннан соң,
Көзiнiң жасыменен бетiн жуды.
Кеткен келiп, бұлардан кемтiк толып,
Бұрынғы өткен iске шүкiр қылды.
Сұрады Маһиронның Мәлiк сырын,
Бiр тауда Мейрамханмен қалған бұрын.
– «Тауда жүрсең бiр iске кез боласың,
Қызығар көрген адам сенiң нұрың».
Сонымен Мейрамханның тiлiн алып,
Қоңқардың өз қолына тұрдым барып.
Солайша Мейрамханмен ажырастым,
Сонан соң хабарым жоқ, жалғыз ғарiп.
Жамағат, жалықпастан ендi тыңда,
Айтайын Мейрамханнан сыр шығарып.
Әлқисса, ендiгi сөздi Мейрамханнан естiңiздер:
Мейрамхан Бадампаймен жүрген тауда,
Қандайлық күн көруге түскен ойға.
Қоңқардың ғаярынан қатты қорқып,
Шын шаһар тарапына тартқан жолға.
Шабыраңнан қорыққаннан тартты жолды,
Сарғайып зағыпырандай жүзi солды.
Болғанда бiр күндерi арып-ашып,
Бiр тауға жалғыз өзi келiп қонды.
Батқанда тәттi ұйқыға бейқамдықпен,
Қисапсыз қалың әскер пайда болды.
Сол жерде тұлпар атын ұстап алды,
Ахуалы Мейрамханның қалай болды?!
Ұсынды барлығы да қызды көрiп,
Алдына патшасының алып келiп.
Ақ жүзiн Мейрамханның көргеннен соң,
Патшаның бойы балқыр қардай ерiп.
«Ғашығым, махбүб жарым, қарағым» деп,
Қасынан кетер емес құстай төнiп.
– Дүниеде теңдесi жоқ, шам-шырағым,
Отырсың бұл араға қайдан келiп?!
Мейрамхан жауап бердi падишаға:
– Кеп тұрмын бiр себеппен бұл араға.
Сен өзiң қай жерлiксiң, қай патшасың,
Бiлдiрiп шын нәсiлiң, айтшы жана.
Бейәдеп iс еткенiң дұрыс емес,
Iстейдi мұндай iстi бала-шаға.
Ол өзi жалғыз жүрген әйел ғой деп,
Сiз маған қиянат пен зорлық қылма.
Сөйледi патша сонда Мейрамханға:
– Атым – Ғабит, белгiлi оң мен солға.
Сұрасаң шаһарымды Фараң деген,
Маған қастық еткен жан түсер торға.
Мен сенi ықтиярсыз әйел етем,
Ақиқат түсiп тұрсың бүгiн қолға.
Көрем, – деп, – бақ-сарайда қызығыңды,
Ғабит патша қызды алып түстi жолға.
Сонымен шаһарына кеттi жүрiп,
Мейрамхан қолға түсiп мысы құрып.
Ғабит патша үйiне келгеннен соң,
Өзiнiң қатынына салды бүлiк.
– Өз басыма лайық әйел таптым,
Бұл үйден кеткiн, – дедi, – қазiр шығып.
Бұл iсiн падишаның көргеннен соң,
Мейрамхан сөз сөйледi сонда тұрып.
Мейрамхан патшаға айтты: – Сөзiм тыңда,
Мұндай iс жараспайды сiзге шын да.
Мен сiзге әйел болып тұра алмаймын,
Жазықсыз әйелiңдi талақ қылма.
Менiң ерiм болады Жәмшид патша,
Соғысып жатыр қазiр ол Үрiмде.
Қамақ деген қолында ғаяры бар,
Әскерi қазiр жеттi отыз мыңға.
Ол ғаяр кiтап ашып бәрiн бiлер,
Иә, Ғабит, айтқан сөзге болсаң сенер.
Бұ күнде маған зорлық етсең дағы,
Түбiнде өз басыңа зиян келер.
Амандықта әркiм-ақ патша болар,
Қолда қару бар болсын, жауды жеңер.
Қозат, Һаман дейтұғын екi батыр,
Аяқпен бiр-бiр теуiп қаның төгер.
Әлқисса, ендi сөз Мейрамханнан Ғабит патша бұл сөздi естiп, ойланып қалды. Қозаттың атын естiгенмен өнерiн бiлмейдi екен. «Бұл ұлы патшаның әйелi екен, бұған жамандық етпейiн. Бiр күнi Қозат келсе, жұртымды босқа қырып кетер», – деп Мейрамханды жақсылап бағып тұрған екен. Жәмшид патша Қамақты жұмсап: – Өлiп қалса сүйегiн, тiрi болса өзiн тауып кел, – деген соң, балдамасын ашып: – Фараң шаһарында тұр, – дейдi.
Ендi Қамақтың Фараң шаһарына барғанынан сөз:
Жамағат, жалықпастан тыңда мұны,
Қамақтың ғаярлықта мағлұм торы.
Құс сипат сол заманда ұшып кеттi,
Ешқандай мағлұм емес жанға сыры.
Фараңның шаһарына келiп түстi,
Үрiмнен қанат қағып ұшқан күнi.
Кептер боп бау-бақшада отыр қонып,
«Мейрамхан қайда екен» деп жүрсе шолып.
Мейрамхан бiр заманда шыға келдi,
Сарғайып зағыпырандай жүзi солып.
Қамақ та сабыр етiп тұра алмады,
Сайрады мұңлы дауыс қайғы көрiп.
Кептердiң күңiренген дауысын естiп,
Мейрамхан жылай бердi қардай ерiп.
Мейрамхан ойға түсiп өткен күнi,
Қарады «Қамақ па?» деп қайта мұны.
Көзiнен кептердiң де жас ағып тұр,
Таныды осылайша бiрiн-бiрi.
«Өлiспеген көрiседi» деген осы,
Қалмады айтылмаған iште сыры.
Ел-жұрт, батырларын түгел сұрап,
Жолдасы Жәмшид патша қызыл гүлi.
Фараңның патшасы Ғабит ерге
Сөйледi бастан-аяқ барып мұны.
Ғаярды Ғабит патша өзi көрдi,
Ақиқат айтқанына ендi сендi.
Сол жерде Мейрамханды құрмет етiп,
Қаншалық қымбат баға дүние бердi.
Сонымен Қамақ ғаяр кеттi жүрiп,
Сиқырлық қалтасына бәрiн тығып.
Айналмай Мейрамхан мен Қамақ ғаяр,
Аспаннан бұлт түсiрiп кеттi мiнiп.
Қонған бақ-дәулетi – бәйбiшесiн
Жәмшид те көрдi сөйтiп көңлi тынып.
Жиылып қай-қайдаға кеткен ерлер,
Жұлдыздай жалтырады бiрге тұрып.
Ақырын Жәмшид айтар: – Қайғы, жапам,
Дүние жоқ деп едiм һешбiр опаң.
Бұл күнде әскерiнiң бар ауқаты,
Дарияның iшiндегi жайын, наһан.
Қозат пен Фарқағадты келер алып
Дарияға ау сипатты қолын салып.
Бұл күнде отыз мыңдай әскерi бар,
Қарық боп күндiз-түнi рахаттанып.
Болған соң бас-аяғын тегiс жинап,
Сөйледi Жәмшид патша ақыл салып.
– Көп жылдай бұл Қоңқардың қорлығы өттi,
Көңлiмдi тындырғын, – деп, – осыны алып.
Әлқисса, ендiгi сөздi Қоңқардан естiңiздер:
Жәмшидтiң жиылғанын Қоңқар бiлiп,
Сөйлеген өз жұртына түсiндiрiп.
Бiр күнде Маһироннан тағы айрылып,
Һаман сынды батырды бастан ұғып.
Өлiптi Орайнатан баяғыда,
Соғысар адамы жоқ қарсы шығып.
Һаман, Баман, Қозатты естiген соң,
Отырды Қоңқар патша жерге кiрiп.
Қоңқарды осылайша қайғы басып,
Есепсiз елiн жиып ақылдасып.
Бақтысын өз қолынан кiм бередi,
«Соғысып көремiз, – дестi, – қанды шашып».
Қаптаған қара тұман жер-жаһанды,
Майданға шықты жұрты қаһар шашып.
Жәмшидтiң таудай-таудай батырлары,
Бұлар да келе жатыр хабарланып.
Екi әскер майдан жерде жолығысты,
Бұлардың бiрiнен де бiрi күштi.
Ер Һаман ашуланып жер тепкенде,
Жерден тас оқтай болып аспанға ұшты.
Майданда тұрды жалғыз Һаман барып,
Ақырып айдаһардай демiн алып.
Сипаты, тұлғасына қарағанда,
Оңа ма бұған қарсы адам барып.
Бiр адам жекпе-жекке шықпаған соң,
Әскерге жүрiп кеттi ашуланып:
– Қозат, Фарқағад, Баман батыр,
Жабылды барлық әскер, тұрсың нағып?
Ғаламат бiр осындай соғыс қылды,
Болмайды ажыратып күн мен түндi.
«Көп қырмай, Қоңқарды ұстасын» деп,
Сол күнi Жәмшид патша бұйрық қылды.
Қаңбақтай желге ұшырған көкке шығып,
Таратып түрлi сөздi Қамақ жүрдi.
Һаман дарбазасын жұлып алып,
Қоңқарды сол күндерде тұтқын қылды.
Қоңқарды байлап алды дәл сол күнi,
Ала алмас ажыратып һешкiм мұны.
Сиқырлық қалтасына салып алып,
Ап кептi Қамақ ғаяр қосқа шыны.
Жәмшидпен жүз көрсетiп, бiр сөйлесiп,
Айтылсын үлестiрiп iште сыры.
Берiп жол Жәмшид дедi ғаярына:
«Қоңқар да қорлап едi о бiр жолы».
Әлқисса, ендiгi сөздi Жәмшидтен естiңiздер. Қоңқарды Қамақ ғаяр байлап алып келген соң, Жәмшидтiң қайдағы өткен iсi ойына түсiп, Қоңқарға айтып отырған сөзi:
– Иә, Қоңқар, нағып келдiң бiздiң елге,
Өзiң кеттiң, келмедiң һешбiр бiзге.
Кәрiмнiң сөзiн сөйлеп, жау iзденiп,
Қас болдың қарап жүрiп, мұның жөн бе?!
«Тiршiлiк ендi саған жоқ» деп едiң,
Мен құсап қалыпсың ғой бүгiн сен де.
Өгiздей боламын деп, көп су iшiп,
Жарылып өлген екен бақа көлде.
Кәрiмнiң бiр қиянат тiлiн алып,
Қырғын сап, тидi кесiрiң талай елге.
Бар деп ең бiр басымда тоқсан шаһар,
Деп едiң палуандықпен қылма баһар.
Көптiгiң бүгiн көзге көрiндi ме,
Қазiр өлiп, тартасың дүние сапар.
Басында менi мазақ етiп едiң,
Бұл күнде болып тұрмын ақыл айтар.
Қастық, достық ойыңда қайсысы бар,
Бiр жөнiң келдi бiлем атын атар.
Қоңқардың Жәмшидке айтқан сөзi:
Сөйледi Қоңқар сонда өткен халiн,
Ауыздан «Аһ!» дегенде шықты жалын.
– Ел билеп, таққа мiнiп отырған соң,
Тырысып жоқтағанмын елдiң зарын.
Шеттен келiп жау алса ажыратпас,
Патшамыз болды дейдi нағыз залым.
«Арыстан айға шауып белi үзiлген»,
Адамды тоқтата ма ашу-арын.
Иә, тақсыр, бақытың асты осы күнде,
Жер жүзiнде батырдың жиып бәрiн.
Өлтiрсең де, кешiрсең де ендi өзiң бiл,
Барлығы өз қолыңда оқиғаның.
Қызымды алып бала боп қалып едiң,
Қызым берген сұрадым қасық қаным.
Мен өлгенде тоймайды сұм қара жер,
Тұтқасы мен емеспiн дүнияның.
Мың күнгi қараңғыдан бiр күн жарық,
Жүремiн бiрi болып бұқараның.
Маһирон сабыр етiп тұра алмады,
Әкенiң көргеннен соң мұндай халiн.
Мейiрi атасына қатты түсiп,
Қалсам деп ажыратып жалғыз жанын.
Әлқисса, ендiгi сөздi Маһироннан естiңiздер. Маһирон сонда сөйлейдi:
– Алдияр, Жәмшид ханымыз,
Жолыңызға құрбандық
Бiр шыныдай қанымыз.
Айтатұғын зарым бар,
Бұған құлақ салыңыз.
Әйел де болсам жолдас ем,
Есiңiзге алыңыз.
Өлiмге басы iлiнiп,
Есiнен танып, бүгiлiп,
Пенде боп тұр алдыңда
Қоңқар патша шалымыз.
Тоқсан елдiң iшiнде,
Көзiне жалғыз көрiнген,
«Қызым» деген бары бiз.
Нашарыңда жақ болдым,
Адасқанда тап болдым,
Жаяуыңда ат болдым,
Ақылға ойлап салыңыз.
Өмiрлiк жолдас болып ек,
Қолыңа түскен бiр шалдың
Амалын, тақсыр, табыңыз.
Аямасаң, иә, тақсыр,
Өткен iстi ұмытып,
Бiр тiлектi бермесең,
Менi қосып шабыңыз.
Қыз да болсам баласы ем,
Жел жағында панасы ем,
Құрбандық шалға қанымыз.
Тыңдасаң, тақсыр, сөзiмдi,
Қасiретпен қайғырып
Жылаумен ойма көзiмдi.
Зынданнан шығып жүргенде,
Қонақ боп үйге кiргенде,
Диуана болып тұрғанда,
Байқадым сонда өзiңдi.
Һолофдонда шам-шырақ
Лаулап жанып тұр екен,
Шыққан күндей деп бiлдiм
Маңдайдағы көзiңдi.
Көзiңнен байқап ойладым,
Басылмас деп арыны,
Үкiмiнде болар деп,
Есепсiз қанша халығы.
Шырақтан тағзым етiп ем,
Ерегiскен дұшпанның
Жеңедi деп бiрiнi.
Бақ қонар деп басыңа,
Жолдас болдым сол күнi,
Ойымнан кетпес iс болып,
Фарқағадтың қорлығы.
Еңбексiз бақыт – опасыз,
Ер сүрiнбей танымас,
Басына тумай зор күнi.
Атаның хақы балада,
Ажыратқын қарыздан,
Ашуың тастап, сiз менi.
Жәмшид патша Маһирон әйелiнiң бұрынғы қызы датын ескерiп, Қоңқарды өлтiрмейдi. Ата-бала болып ризаласып, Қоңқарды Үрiмге хан сайлап, өздерi өз жұртына қайтып кеттi.