Әбуғалисина, Әбiлхарис

Ертеден ел ермегi ертегi, өлең, Көркем ғой кешеуiлден ерте деген. Жырлайын ертедегi ер еңбегiн – Ермекке ерiнсем де ертең өлем. Тырп етпей, жатпай тұрып тырбаңдайын, Өмiрдiң өрнегiнен құр қалмайын. Ертеден елге тегiс жайылмаған, Жаңадан жас, кәрiге жырды арнайын. Ескi ертек жаңа дейтiн жаңа да емес, Өлеңi жайылмаған ес...

Kazakh
Әбуғалисина, Әбiлхарис
Ертеден ел ермегi ертегi, өлең, Көркем ғой кешеуiлден ерте деген. Жырлайын ертедегi ер еңбегiн – Ермекке ерiнсем де ертең өлем. Тырп етпей, жатпай тұрып тырбаңдайын, Өмiрдiң өрнегiнен құр қалмайын. Ертеден елге тегiс жайылмаған, Жаңадан жас, кәрiге жырды арнайын. Ескi ертек жаңа дейтiн жаңа да емес, Өлеңi жайылмаған ескi белес. Деген жыр «Әбуғалисина» деген – Тек қана айтылуы жаңа кеңес. Пайда боп өз қолымнан осы жырым, Бiр рет шыққан едi бұдан бұрын. Мың тоғыз жүз жиырма екiншi жыл едi ол, Жыл боп тұр отыз алты оған бүгiн. Бұл ертек – «Ибн Сина, Әбiлхарис», Жайылып заманында шашқан дабыс. Тарихта бес жүз сексен бесiншi жыл, Ол заман мың төрт [жүз] жыл бұдан алыс. Бұқара қадимнан бар үлкен қала, Самарқан қатарында Тәшкен және. Сол Бұқар қаласында бiр кiсiнiң, Әйелi туған екен егiз бала. Жеткенде сол екеуi төрт жасына, Жаспын деп отырмапты от басында. Алғыр боп зейiндерi, мектепке оқып, Ақылға болды дария көп қасында. Мiнезi Әбiлхарис ауыр, таза, Жастардан жарыста оқып, асыпты оза. Ересен Ғалисина үздiк, алғыр, Айрықша бар сабақты еттi бажа. Мүмкiн емес айтарға кең ақылы, Бiр мәжiлiске бола қалса жақыны. Көз көргендер зейiнiне тәнтi боп, Жүрдi айтылып әр орында нақылы. Қара қылды қырыққа ақылы қақ жарып, Зеректiгi жиын топта топ жарып. Хаким Лұқман, Аплатон деп айтарға, Тұңғиық жар едi оған жап-жарық. Мысал үшiн бiр ғана айтсам зейiнiн, Ұлы, кiшi бiлген күштi бейiмiн. Ешбiр адам шеше алмаған қиынның, Секундта ашқан iлгерi мен кейiнiн. Ғалисина шыққанда бiр далаға, Бiлмек зейiнiн байқап шамаға, Жарты парақ қағаз қойды жасырып, Төсек-орын жер мен екi араға. Ғалисина келгенiнде даладан, Төсегi мен төбесiне қараған. «Не себептен қарадың, – деп, – жоғары»,– Оқытушы мұғалiмi сұраған. Былайша деп оған жауап қайырды, Назарладым биiк-төмен жайымды. Я биiктеу, я төмендеу сияқты, Өз ойымша дептi етсем пайымды. Не деген ер, жалғыз парақ қағаздың Қалыңдығын болжау түрi сабаздың. Бұл зейiнмен сегiз жылдай оқыпты, Көп пен болжап қасиетiн және аздың. Ұлы, кiшi бұл зейiнiн аңғарып, Тамаша етiп жас балаға таңданып. Балаларын екеуiне оқытты, Көпшiлiкке екi бала жалданып. Күнi бойы сабақ берiп балаға, Кештiң құрын балалармен далада. Ойнар едi асыр салып алысып, Сонда жасы он екiлер шамада. Бұған халық таңырқасып, таңданып, Тоқтатуға қалжың етiп қамданып. Осынша ғылым ала тұрып шырақтар, Балалардан бас тартпайсыз арланып. Ғалисина берiп жауап оларға, Толықтырып тұрарлық қып сауалға. Балалықтың базарын нық өткiзу, Жарастықты жайнаған жас адамға. Олай болса бiз де қазiр баламыз, Балалықтан орынды үлес аламыз. Жас уақыттың серуендемей көктемiн, Базарынан қалай мақұрым қаламыз. Әр уақытты өмiрге өлшеп арнаса, Мезгiлiнен мерзiмдi үлес алмаса, Менменсiнген ақымақтардың мiнезi, Бейнесi адам, бағанасы далбаса. Сонымен бiрнеше жыл алды ғылым, Артықша басқалардан бiлдi бiлiм. Иунан, араб, парсы, үндi, қытай, Бiлiптi көп елдердiң түрлi тiлiн. Айтылған Бұқар шәрiп қаласында, Оқылды түрлi ғылымның бәрi осында. Алдында екеуiсiнiң не ғалымдар, Болмапты мәселе айтып таласуға. Күндерден бiр күндерi екеуi ойлап, Алдық деп дiн ғылымын терең бойлап. Дүниялық өнер-бiлiм табу үшiн, Мәслихат еттi екеуi кеңнен жайлап. Тамамдап дiн ғылымын оқып бiттiк, Исламның мұсылмандық жолын тұттық. Бар дейдi өнер ғылымы, соны iздейiк, Себеп бiз кең дүнияға туып шықтық. Келiсiп дүния жүзiн кеттi кезiп, Ғылымның өнер-бiлiм барын сезiп. Қабiрiн әулиелер[дiң] зияраттап, Бейнетке ауыр, жеңiл шықты төзiп. Батыстық мемлекеттiң кезiп бәрiн, Аралап әр түрлi елдiң қалаларын. Күннiң дәл батар жерi – бiр шаһарға, Екеуi кездестiрдi жол сапарын. Базарын тамашалап аралады, Iздеген өнер ғылымын қарағалы. Бiр адам айқай салып хабарлап жүр, Алсын деп адамдардың қалағаны. Ол жаршы хабарлап жүр мынадай деп: – Қалмаңдар, – дейдi, – есiтпей уайым жеп. Күнi ертең тау үңгiрi ашылады, Бұл хабар барлығыңа, жиылған көп! Есiттi бұл хабарды екеулерi, Көшеде бiреу әрi, бiреу берi. Өзiнше бара жатқан бiр адамнан: – Ашылар тау үңгiрi, ол не? – дедi. Бұл үндеу мақсаты не шақырған жар, Ашылса ол үңгiрде не нәрсе бар? Хабарсыз қалмаңдар деп айқайлайды, Түсiндiр, ей, замандас, ол не болар? Ол жiгiт шақырған соң тұра қалды, Туралап аттың басын бұра салды. – Екеуiң түсiң бөлек көрiнедi, Есiтпей қайдан келдiңдер бұл хабарды? Айтайын бiлмесеңдер оны сұрап, Бiр жақтан келсеңiздер жолаушылап. Бұл жағдай хазiрет Дәуiт заманынан, Бұл тауда бұл күнгеше тапқан тұрақ. Дәуiттiң болған бiрер заманында, Айтайын болсын, шырақ, хабарыңда. Ол кiсi көп оқыған ғалым екен, Айтылған сол Дәуiттiң қарауында. Ат-есiмi ол кiсiнiң Писағұрыс, Дүнияның ғылымын түгел бiлген дұрыс. Опат боп хазiрет Дәуiт көз жұмған соң, Қалды ұлы Сүлейменге – таққа мiнiс. Бағынды Сүлейменге жердiң жүзi, От пен су, айдың асты, күннiң көзi. Жел мен бұлт, жанды-жансыз бағынғанда, Бағынбай Писағұрыс қалды өзi. Патшасы бүкiл дүния Сүлеймен боп, Жұлдыздай аспандағы әскерi көп. Дәу, перi, адамзаттан елшi салды: «Бас иiп Писағұрыс бағынсын!» деп. Зәуқайыр Писағұрыс айтыпты оған: – Патшалық керек емес, – дептi, – маған, Қайраты басым келмей бағынбаймын, Бас имес қорықпағанға ешбiр адам. Жеткiздi бұл жауапты Сүлейменге, Бұл сөздi қос көрмедi Сүлеймен де. Күлiптi: – Қандай қайсар қайыспаған, Пенде едiм бет қайтпаған Құдайдан да. Сүлеймен адамзатқа, дәу, перiге, Жын-шайтан, тағы-тағы әскерiне. Көтерiп Қаптың тауын қырық күн тұрған, Ат қойған Шамсуар деп бiр ерiне. Әскерге жиналсын деп бердi бұйрық, Тауларды қиратқандай тауларға үйiрiп. Сап түзеп салтанатпен тақ болды әскер, Сағатта үйдей үйiлiп, құмдай құйылып. Әскердiң салтанатпен тұрды бәрi, Жын-шайтан, перi мен дәу, адамдары. Астына пiлден мықты керiк мiнiп, Майданға жеке шықты Шамсуары. Қарап тұр Писағұрыс күлiп қана, Тақыты мен тау басына мiнiп және. Оның да әскерлерi дайын болған, Безенiп ұшан-байтақ орман, дала. Жын-шайтан, перi, дәуден, адамзаттан, Айдаһар, аю, қабылан мақлұқаттан. Бұдан да бiр «Шамсуар» жеке шықты, Бейне сол Шамсуардай таңырқатқан. Қарапты ғажап қалып халық бәрi, Сүлеймен Дәуiтұлы, сұлтандары. Айнымас әскерi де әскерiнен, Сондай-ақ Шамсуарға – Шамсуары. Оның да патшасы отыр Сүлеймендей, Әскерi – әскерiндей, таң қалғандай. Шамсуар Шамсуармен алысқанда, Сүлеймен өз палуанын тани алмай. Қылыш, садақ, шоқпар мен найзалары, Неге тисе күл қылып майдалады. Әскер де айырғысыз боп көрiндi, Суреттей сәуле тартқан айнадағы. Әскерi мұны көрiп Сүлейменнiң, Қалыпты қайранына ғажап таңның. Десiптi «Олар бiлер, бiз бiлмеспiз, Әскерлер араласса егер сан мың». Аралас майдан жердi ұрыс басса, Соғылып қанжар, найза қылыштасса, Өзiмiз-өзiмiздi танымаспыз, Деп халық тiлек қыпты тыныштасса. Әрине, бiлсе керек, – дедi, – аналар, Мынадай жасаған жан жолын табар. Қиратып бiздiң жақты жерге таптап, Жынды ғып есiмiздi жеңедi олар. Таңырқап Сүлеймен де қауiптендi, Бас иiп, қаһарынан қайтыпты ендi. «Бағынба бағынбасаң, тәнтiмiз» деп, Ғалымға Писағұрыс хабар бердi. Сол күнi Писағұрыс ғалым ендi Бағынып Сүлейменге өзi келдi. Еттiм деп өнерiмдi көрсетуге, Көрсеткен бас игiзiп көп өнердi. Аспанның әскерлерi жұлдызындай, Көрiнген көп көзiне бiр бұзылмай. Сүлеймен Дәуiтұлы тәнтi болған, Ғалымның Писағұрыс ұл-қызындай. Сүлеймен сол ғалымды уәзiр еттi, Не десе тiлегенiн әзiр еттi. Ғылымы ихпа, кимия, симия – бәрiн бiлген, Сол айтқан Писағұрыс ғалым дептi. Дүниядан өтетiнiн анық бiлiп, Ғылыммен тау үңгiрiн жарық қылып. Оқыған барлық ғылым кiтаптарын, Жайлаған тау ғарына салып тығып. Ғылыммен қарауылдар қойған сайлап, Тамаша тағдырларын кеткен байлап. Үш сағат әр жыл сайын ашылады, Алады талапкерлер жазып жайлап. Пияздың жазады оны суыменен, Көрiнбес ақ қағазға жазу деген. Қыздырса отқа қалап ол жазуды, Оқылар хат қарайып ережемен. Сонымен олар да өткен дүниядан, Керуендей кезекпенен басқан қадам. Айқайлап жар шақырған себебi сол, Талапкер жазып алар бiлген адам. Кiрген жан ол қуысқа сөйлемейдi, Сақтайды сақ боп өте тiл-көмейдi. Тамаша тазалығын сақтамаса, Өледi, кiм болса ол болсын мейлi. Харис пен Ғалисина мұны естiп, Кiруге болмас дептi мұны күтiп. Бекiттi келесi жыл кiрейiк, – деп, – Керектi заттың бәрiн жиып бiтiп. Алуға заттың бәрiн керек-жарақ, Шамшырақ, шамасынша iшер тамақ. Дем алып жату, тұру, күндiз-түннiң Етумен бiлдi бәрiн есеп-санақ. Киiктiң жүрек майы, қаймақ бұғы, Күмiстiң жиырма тиын ауырлығы. Күнiге жейтiн тамақ салмағы бұл, Айына бiр татылар сусындығы. Жүрегiн қуырдақ қып марал, киiк, Бұршақтай бауырсақты ұсақ қиып. Пiсiрiп есеппенен алды бәрiн, Бадамның пiсте менен майын құйып. Кептiрiп, пiсiрiптi қойып күнге, Iшпедi ешбiр тағам тойып мүлде. Бiр татып аптасында үйренiптi, Мысалы даярланып осы түрде. Мейiздей өздерi де қалды қатып, Үш күнде көзiн iлiп сағат жатып. Үйренiп бәрiне де алды түгел, Айында сусындықты бiр-ақ татып. Келер жыл уақыт болып шақырды жар: – Талапкер, қапылыста қалмаңыздар. Ашылды тау есiгi, уақыт ашық, Мезгiлi үш-ақ сағат – асығыс, тар. Бұлар да тауға келдi көпшiлiкпен, Бiр жылға даярланып, басын тiккен. Ғылымның, өнер-бiлiм дәмiн татып, Iшiне кiрдi үңгiрдiң аздап жүкпен. Талапкер iшке кiрiп жұрттың бәрi, Тым-тырыс, тәртiбi сол, жас пен кәрi Үш сағат уақыт барда жазып алып, Тарасты бiтуiмен бiрге тағы. Екеуi Ғалисина көптен қалып, Бiлтемен шақпақ шағып еттi жарық. Шамының сәулесiмен құралдарын, Кiрiстi ғылым алуға даярланып. Шамменен кең қуысын жүрдi кезiп, Әуiздер, ағар бұлақ көрдi сезiп, Ақтарып өнер, ғылым, сиқыр тылсым, Iшкендей бiлдi жаттап суын езiп. Жат бiлдi кереметтiң көпшiлiгiн, Сөйлеспей, есiттiрмей еш сыбырын. Қиынын пияз суымен жазып алды, Кiжiнiп, деп қырсығым кетшi бүгiн. Екеуi ұйықтар болса кезекпенен, Айырып күн мен түндi есеппенен. Ен ғылым есебi жоқ алды бұлар, Алғанын бiр-бiрiне көрсетпеген. Көп елдiң өздерi де бiлген тiлiн, Сол бiлген тiл күшiмен алды ғылым. Зейiннiң алған бiлiм арқасында, Ашылар тау үңгiрi бiлдi жылын. Үңгiр тас ашылуын тұрды күтiп, Минутын мүлт еткiзбей бiр де ұмытып. Лап кiрдi сырттағылар ашылғанда, Бұлар да бiр жағынан шықты зытып. Аз-маздап кiргенiнде сонша халық, Көздерi кейбiрiнiң қалды шалып. Шаш, сақал, тырнақтары өсiп кеткен, Өзгерген түстерi де үрей жарып. Адамдар үрейлендi мұны көрген, Шаш, тырнақ өсiп шыққан күнсiз жерден. Тым суық кескiн-келбет болғаны үшiн, Кiсiлер қайран болды әр түрлi елден. Ұстауға тұс-тұсынан қамалады, Көңiлi бұлардың да қабарады. Екеуiн қамаған көп ұстап алып, Алдына патшасының апарады. Патшасы адам едi қаһары қатты, Зұлым мен танымайтын әдiлеттi. Көрдi де: – Кескiндерi жаман екен, Тарт дарға, өлтiр, – дептi, – лағынеттi! Себебi, бiр уақиға сол заманда, Бар екен екi сиқыр батыс маңда. Халыққа есебi жоқ азап берген, Әр жерде сөз боп жүрген айтылғанда. Екеуiн сол екеуi деп таниды, Жауыз деп, халықтың жауы бұл кәнiгi. «Дарға тарт, өлтiр!» деудiң себебi сол, Байғұстар бiр жыл жатып һәм арыды. Жендеттер өлтiруге және қамап, Азаптап, балағаттап және сабап. Харисқа Ғалисина «Кеттiм!» – дептi, Кетуге өнерiмен етiп талап. Деп айтты: – Басқа тiлмен оқып мұнша, Не азап бейнет көру бiзге осынша? Көлшiкке көз алдында көпшiлiктiң, Шолп еттi «Ал, кеттiм», – деп жоқ боп жынша. Жендеттер зыр жүгiрiп дедектеген, Жиналып, жиiлiктен жел өтпеген. Сиқырды суды сарқып ұстаймыз деп, Суды ойға төктiрiптi шелекпенен. Жендеттер жата берсiн әлектенiп, Шелекке шелек қосып, шелек берiп. Алдында Әбiлхарис там басына Секiрдi, iздесем деп көмек берiп. Шу еттi «Айрылдық!» – деп жендеттерi, Ұстауға жендет түгiл, жел жетпедi. Бiреуiн iздеп таппай жатқанында, Әуреге әуре қосты бұл кеткенi. Шыққанда Әбiлхарис там басына, Хабаршы жеткiзiптi хан қасына. Хан қатты қаһар етiп, жендеттердi, Сол үшiн бұйырыпты дарға асуға. Шуылдап төресi де, қарасы да, Дал болды даласы да, қаласы да. Не болды екi жiгiт, соны айтайық, Ендiрiп тыңдаушының санасына. Екеуi – Ғалисина, Әбiлхарис, Көрген соң жендеттерден көп дағдарыс, Көлшiкпен Ғалисина Нiл суымен, Қаладан Мысыр – Каир шығыпты алыс. Өнермен Әбiлхарис шығып тамға, Таптырмай iздесе iзiн ешбiр жанға. Бағдаттың қаласынан барып шықты, Қалдырып қайғылы арман ақымақ ханға. Мысырға Ғалисина бара берсiн, Үлесiн ол да өзiнше ала берсiн. Сыңары сол егiздiң, ата-ана бiр, Айталық Әбiлхарис сөзi келсiн. Бағдатты үш-төрт күндей аралады, Тәжiрибе көргенiнен тағы алады. Күн көрмей бiр жыл азып шыққан бетi, Көңiлiне мұндай пiкiр оралады: «Өтпесiн деп ойлады өмiр текке, Көшейiн онан да бiр әрекетке», – Дептi де, орман барып, шырша ағаштан Қырық ағаш кесiп алды бiр минутте. Ағаштың жуаны мен бойы бiрдей, Пышақпен бас-аяғын кестi iркiлмей. Қырық рет қырық ағашқа әпсүн оқып, Қырық жiгiт пайда қылды қызыл гүлдей. Салалы, еңгезердей бойлары iрi, Жуандық айырымсыз кескiн-түрi. Сымбаты, салтанаты бiр кiсiдей, Бiрiнен танығысыз бiрде-бiрi. Мысалы қырықтың бiрiн көрсе бiреу, Айыра танымайды ашып бiреу. Қаз-қатар тұрғанында тiптi қиын, Манағы көрген жiгiт мынаусы деу. Олардың киген барлық киiмi де, Бiп-бiрдей салған белгi киiмiне. Сөйлемей ишаратпен iс бiтiрген, Бас-аяқ, бiрдей кеуде, иiнi де. Алдына қарсы тұрды құрмет қылып, Қағазға жазған хаттай тәртiптiлiк. Жан құрбан айтқаныңа деген жандай, Харисқа бас июде, қол қаусырып. Iс бiтiп ишаратпен, үндемейдi, Тiл ашып сөйлемейдi, дәм жемейдi. Шығарды жетi күнде монша жасап, Көргендер қайран қалып «Қалай?» – дейдi. Қымбатты қырық қабат үй болды монша, Ұзыны, көлденеңi тағы сонша. Үй саны – қырықты қырыққа көбейткендей, Биiгi, аласасы болар қанша? Жайғасар әрбiр үйге қырық адамнан, Сәулеттеп салтанатын салған саннан. Арналған әр он үйге екi үйден бар, Елу ер ол үйлерден орын алған. Iстейтiн ол ерлердiң қызметi, Моншаға түскендердiң әрекетi. Олардың шашын алып, қалампырлап, Тәртiптеп жолға қою бар зейнетi. Алатын түскендерден ақысы арзан, Алтынмен неше алуан жазу жазған. Арналған ер, әйелге үйлер бөлек, Жазылған бiр түскенде дертi бар жан. Мың түрлi дертке шипа онда дәрi, Жазылған науқасы бар жанның бәрi. Не керек, бiр түскенде сол моншаға Сыярлық алпыс төрт мың адам саны. Жасалған ғылым жолмен онда тәртiп, Моншадан басқа айтқанда мың есе артық. Қызметкер жiгiттерi асқан көркем, Алғандай алтын айдан сәуле тартып. Ер болсын, әйел болсын көз көрген жан, Тұрғандай төрт күн жатып мас боп балқып. Бағдатта қанша ер, әйел келiп түссе, Шарықтап бiр жыл жүрер шат боп шалқып. Кедей мен монша ақысы байға бiрдей, Көруге ынтықты жұрт жайға жүрмей. Себебi байға байша күшiне өлшеп, Кетпедi көз көргендер бұған кiрмей. Моншаның таңырқады ел тұрағына, Көрiнiп жақынына, жырағына. Түн болса айдай алтын шамы жанып, Патшаның есiтiлдi құлағына. Моншаның сипатына жұрт таңланды, Көрмекке тамашалап бәрi барды. Кiсiлер мұны көрiп, ұнап кетiп, Жан бармай басқа монша түгел қалды. Патшасы адам едi ақыл иесi, Қаныққан хабар алып ерте-кешi. Iшiнде жетi күннiң пайда болған, Әркiмдi таңландырды бұл кеңесi. Моншаның тұрған барлық қызметкерi Сөйлемей үнсiз-түнсiз тұрар едi. Бiтiрген ишаратпен бар қызметiн, Айтарға сонша көркем әрбiрлерi. Моншаны көру үшiн патша бiр күн, Сәркарда, уәзiрiмен неше дүркiн, Тексерiп тамашалап еттi серуен, Айтарға қиыстырып емес мүмкiн. Бiле алмай көргенiн де көрмедiм деп, Қарапты қайта-қайта iшi-сыртын. Кiрпiшi қызыл ақық, қырық қабат үй, Биiгi бұлтқа таяу жеткен, шiркiн. Тұрғандай адам қарап жiгiттерi, Әрi өткiр, әрi көркем, бiлiктi едi. Бәрiнiң кескiн-кейпi бiр кiсiдей, Адамдай құдiреттi, ұлық тегi. Бiр есiктi бес рет ашып-жапты, Кiрсе де кiрмедiм деп танымапты. Үйдiң де айырымсыз бәрi бiрдей, Патшаның, уәзiрлердiң басы қатты. Патшаның жүзге тарта жолдастары, Әрқайсы мың кiсiлiк қол бастары. Бәрi де аң-таң болып қалды тұрып, Болса да ел қожасы бар бастары. Алдына Әбiлхаристың қайтып келдi, Бiле алмай таң болғанын айтып бердi. Харисқа басын иiп құрмет жасап, – Бұл қандай құдiрет? – деп сұрады ендi. Бiп-бiрдей жiгiттердiң кескiн-түрi, Бiрiнен айырғысыз және бiрi, Тiптi бiр сөйлемейдi аузын ашып, Бұл қалай, тақсыр, тегi жоқ па тiлi? Керемет, қалай бiрдей кескiндерi, Тiл ашқан дыбыстары естiлмедi. Тақсыр, бұл барлық балаң туысқан ба? Мұндай iс көре алмадым ес бiлгелi. Қайтарды бұған жауап Әбiлхарис: – Себеп бар, оның рас, мынау мәнiс: Бiр әке, бiр шешеден туған бәрi, Тiл бiлмей орман, тауда өскен алыс. Көрмеген жат жерде өскен, алыс елден, Бiрақ та оқтан өткiр, жүйрiк желден. Күнбатыс, күншығыстың арасында Iс болса, көз ашқанда барып келген. Бiтiрдi жетi күнде моншаны да, Iс емес айтарлықтай онша бұ да. Әрқайсы жетi күнде бiр жүк ақша Табады таппағанда азы, сiрә. Саны қырық жiгiтiмнiң, өнерi iрi, Әрқайсы қырық өнерлi, монша – бiрi. Басқаша отыз тоғыз өнерi бар, Ғана деп бiреуiнiң, айттым мұны. Бiрiне бiрiнiкi ұқсамайды, «Тез бiт» деп бiрiн-бiрi қыстамайды. Белгiлi өздерiне өз қызметi, Басшы боп бiреулерi нұсқамайды. Харисқа айтты патша: – Тақсыр ғалым, Отырмын аңлап мұнда нық сыр барын. Негiзгi бұл өнердiң тегi қалай, Өтiнем, баяндасаң етiп мәлiм. Болмайды көрсетуге көп iшiнде, Жариялау жарамайды және ешкiмге. Оңаша пiнһан жайда болса мүмкiн, Тек қана сiзге ғана бұл iс мүлде. Падиша жаранына еттi ишарат: «Басқа үйге барыңдар, – деп, – бiрер сағат», Орнынан жолдастары тұрып кеттi, Төменгi үйге барды тұрған қабат. Оңаша қалғаннан соң үйдiң iшi, Бiр жiгiт, патша, Харис – үш-ақ кiсi, Патшаға Харис айтты: – Айа, шаһым, Қалайды көңiлiңiздiң ненi хошы? Бұл жiгiт бұлжытпастан орындайды, Мақсаттан мүлтiк жұмыс болынбайды. Дөңгелек жер жүзiнде мұддағаңды Мұнтаздай минутында толымдайды. Падиша бұл сөзiне қалып қайран, Демей-ақ батыс, шығыс, алыс жайдан, – Сапа деген патшаның бiр қызы бар, Көктегi жүзi сұлу алтын айдан. Сүмбiл шаш, алма мойын, қарақат көз, Нәзiк бел, пiсте мұрын, бал-шырын сөз. Кiршiксiз ақ бәдәнi ақ қағаздай, Кең маңдай, орта бойлы, жiбек мiнез. Тiлi бал, иiсi жұпар қалампырдай, Әлемде қыз тумаған сiрә, мұндай. Сыртынан көрмесем де ғашық болып, Сөз салдым әкесiне қарап тұрмай. Сөзiмдi қайтарды ол, алмай қабыл, Өтiнiп тағы бардым бермей дамыл. Не керек, бермеген соң әскерменен, Соғыстым майдандасып, қағып дабыл. Жеңiлiп жетi қайта жедiм таяқ, Қырылған әскер жанын аямай-ақ. Жеңiлiп алда-жалда армансыз боп, Тоқтадым өз басыма қылыш таяп. Ей, тақсыр, ғылымыңыз көп дария Нiлдей, Өнердiң жұмсамай-ақ қырқын бiрдей. Мәлике Сапа қызы Дiләфрузды, Мүмкiн бе келсе сұлу қызыл гүлдей. Сұлудың Дiләфруздай теңдесi жоқ, Қыз-қызда ондай сұлу пендесi жоқ. Мақсатым – сол сұлуды келтiре алса, Сырымның бұдан артық бөгдесi жоқ. Бұл сөзге езу тартып Әбiлхарис: «Бұл қызмет жiгiтке оңай, тағдыр таныс», – Деп барып, жiгiтiне сыбыр етiп, Орнына қайта оралды бармай алыс. Харисқа барып жiгiт басын иiп, Еңкейiп тысқа шықты бiр имиiп. Орнына Әбiлхарис жайғаспай-ақ, Күлiмдеп қайта кiрдi сәл жымиып. Келгенiн қайда барып қалды бiлмей, Артынан шұғыла қаптап ай мен күндей, Жұпар иiс қалампырлы қаптап кеттi, Дiләфруз сұлу екен жұмақ хордай. Падишасы Бағдаттың қызды көрiп, Махаббат дариясына жүздi көмiп. Көрсе егер патша түгiл пайғамбар да Шыдамай кетер едi мұз боп ерiп. Рас па, өтiрiк пе, түсiм бе деп, Еңкейiп көзiн ашып тұрды төнiп. Қараса сұлу екен көзiн ашып, Қан төгiп еткен ханның өзiн ашық. Сұлулық сипатына сабыр етпей, Мәжнүн бола жаздапты есi қашып. Харисқа тағы да айтты қол қаусырып, Дегендей бiрде құлап, бiрде тұрып: – Ей, тақсыр, баян қылшы, бұл не хикмат? Мағынасын түсiндiрсең мәлiм қылып. – Бұл өнер, – Харис айтты, – қырықтан бiрi, Бұл қызмет ең майдасы, емес iрi. Әлде де отыз тоғыз өнерi бар, Шешiлер сұрасаңыз қыздан сыры. Дегенде патша салып қызға көзiн, Не деуге бiлмей тұрды өзi-өзiн. Ай мен күн ақ жүзiнен ұялғандай, Әлсiреп азар тұрды алып төзiм. Бұрын тек естуiмен ашық едi, Ашық дерт қара бұлттай басып едi. Махаббат теңiзiне кеттi шомып, Көрген соң, өлмесе де әлсiредi. Сөйтсе де бойда барлық күшiменен, Ар, ұят азаматтық iсiменен, – Теңдессiз сұлу, – дедi қызға қарап, – Келдiңiз қалай ерiп кiсiменен? Нәзiк қыз, қызыл алтын, алма мойын, Ұялып назбен жиып талма бойын, Қарақат гауһар көзден меруерт жасын Сөйледi ол, домалатып, өткiр зейiн. Дәулеттi, мархабатты, айа, шаһым, Менiң бар өзiңiзден бiр сауалым. Толымды сұрағыма берсең жауап, Айтылар сонан кейiн бар жауабым. Себебi, болды бұл iс ойда жоқта, Ақ сұңқар кез болғандай атқан оққа, Көз ашып қараған соң бiлдi байқап, Ұқсатып кескiн, түрiн патшалыққа. Падиша Дiләфрузға түсiндiрдi, Харисты ұлық ғалым кiсiң дедi. Өзiнiң кiм екенiн айтып әбден, Өзiне ылайықты iсiн қылды. Қыз тұрды жауабында аздап мүлгiп, Кеткендей тұңғиыққа терең сүңгiп. Сөйледi Харис пенен падишаға, Құрмет қып дәстүрiнше басын шұлғып. Қыз айтты: – Қырық қыздармен құжырамда, Тынығып ұйықтау үшiн кең бөлмемде. Iшiнде кең бөлменiң өз бөлмем бар, Жатушы ем өз бөлмеме жатар жерде. Бөлмеме барып едiм жаңа кiрiп, Башмағым шешiп тастап тiзе бүгiп. Бұл жiгiт кiрiп келiп сол сағатта, Бас идi башмағымды даяр қылып. Орнымнан мұны көрiп түрегелдiм, Соңына ерiп алып жүре бердiм. Жүрмеске ықтиярым баста қалмай, Өзiмдi секунд болмай мұнда көрдiм. Тартқандай жан-жағымнан аумен торлап, Тоқтатпай алып кеттi күшпен зорлап. Iшiнде жалғыз демнiң жеттiм келiп, Рақым ғып қайтарыңдар менi қолдап. Бұйырды Әбiлхарис жiгiттерге, Жасауға Дiләфрузға арнап бөлме. Кiрпiшiн қызыл асыл лағыл тастан, Әсерлi болсын аса көрген ерге. Алты жүз аршын болсын биiктiгi, Ай тұрсын алтын арай сүйiп мұны. Көргенде шарықтатып шаттандырсын, Ерiксiз қайғылыны, күйiктiнi. Ұмытсын қыз Дiләфруз ата-анасын, Туған ел, туысқанын атамасын. Шабытты шаттық күйде жата берсiн, Қыздардан қос нөкер ғып қатар жасын. Жасаңдар сарайына хаулы қорған, Түрлi ағаш, жемiс болсын iшi толған. Түбiнен ағаштардың арық ақсын, Гүл жайнап, бұлбұл сайрап оған қонған. Күй тартып түрлi аспаппен әншi қыздар, Тұрғандай бейне аялап ай, жұлдыздар. Испаһан асыл кiлем, қымбат төсек, Жаннаттай болсын көрген жан қызығар. Осыны жiгiтiне айтты Харис, Жан болжап адам бiлмес амал-әдiс. Шықты да көз ашқанша қайтып келдi, Бiтiрiп арасында келiс-барыс. Ап кеттi қыздар келiп Дiләфрузды, Күлдiрiп көз ашқанша гауһар көздi. Жүз рет тапсырмадан артық бiткен, Шаттықпен ойын-күлкi уақыт озды. Күнде ойын, түнде күлкi ойнағаны, Жастықтың жан рақаты тойлағаны. Айталық Сапа жақтан ендi сөздi, Дiләфруз еш нәрсенi ойламады. Таң болды шаһы Бағдат көрiп мұны, Деп бiлдi ғылымы симия құдiрет құны. Харисты өзiне бас уәзiр етiп, Хат жазды шаһ Сапаға сол бiр күнi. Және де көп дүниямен елшi салды, Есепсiз аямастан дүния-малды. Құрмет қып кiшiлiкпен қызын сұрап, Жөнелттi ақылы артық адамдарды. Елшiлер бара берсiн елдей көшiп, Шөл, дала, орман, қала, көлдi кешiп. Бiз ендi қыз кеткен соң Сапа шаһы, Не болды, соны айталық желдей есiп. Күзетшi әйелдер көп қыз қасында, Келiншек, сұлу әйел, қыз да осында. Құлыптап қыз жатқан соң сыртқы есiгiн, Келiптi таң атқан соң тез осында. Бұрыннан күндiз күлкi, түнде құлып, Әдетi тарайтұғын ойнап-күлiп. Таңертең қыз есiгiн келiп ашты, Байырғы салтыменен ерте тұрып. Рақат, жұпар әтiр қалампырлы, Ақ жiбек, алтын кереует, көк шатырлы. Дiләфруз төсек түгiл үйiнде жоқ, Шошынып келген әйел бiраз тұрды. Бұл ғажап бекiтулi салған құлып, Алмаған орынында бұзып, жұлып. Орнында Дiләфруздай жас сұлудың, Ауызға ауа енедi ашса-жұмып. Зар қағып әйел жылап мұны көрiп, Ханымға – қыз анасы хабар берiп. Ханым тез падишаны хабарлапты: – Әфрузды ап кеткен, – деп, – не жау келiп? Сапа шаһ мұны естiп еттi сабыр, Сөйтсе де көңiл гүлi жанға жәбiр. Ғұлама ғалымдарын жиып алып, «Бағдарын байқаңдар» деп берiптi әмiр. Қалмапты қобыз сарнар бақсылар да, Тәжiрибе, дуалы ауыз жақсылар да. Құмалақ, бал ашқандар «жын» деп жатыр, «Дәу ғашық ап кеткен, – деп, – жас шынарға». Әрқайсы әр нәрсенi айтып жатты, Баңқорлар қиял қуып сандырапты. Не керек өнер, ғылым ғалымдары, «Барған жайы – Бағдат», – деп ақыр тапты. Ғылымның ап кеткенiн күшiменен, Бағдаттың патшасының iсiменен, Сапаның мұны есiтiп қаптады ашу, Бұрынғы майдандасқан тiсiменен. Сыймады Сапа патша сабасына, Бағдаттың аттансақ деп қаласына. Уәзiрлер, ғалымдары сабыр бердi, Ақылдың салайық деп санасына. Сапаға уәзiрлерi дедi былай: Болмасын көңiлiңiз сiздiң ылай. Бағдаттың патшасы һәм ұлық патша, Бұрын да балаңызды келген сұрай. Онда сiз балаңызды бермедiңiз, Патшалық әскер күшiн сермедiңiз. Мың түрлi машақаттар себебiнен, Құтылдық, қуат басып жеңбедiңiз. Балаңа сол күнде де едi ашық, Сұрамай келмеп едi күшпен басып. Ғылымның қуатымен алдырған соң, Күтейiк сабыр сақтап аспай-сасып. Ақылы Бағдат шаһы кәмiл адам, Емес ол анау-мынау шағын адам. Кешiкпей адам салып хабар берер, Әскермен аттанбайық жабыла оған. Бiр түрлi ұят болар шәнiңiзге, Абыройлы әлемге айқын намыңызға. Лайық Дiләфрузжан қосылса оған, Һәм сiзге, ұлы абырой бәрiмiзге. Алдында әлем асқан ғалымы бар, Жетпейдi қарсы тұрып әлiмiз де. Ей, тақсыр, Бағдат шаһы Ғабдоллаға Тоқтаймыз қанағаттап бәрiмiз де. Басылып Сапа шаһы тұрды тоқтап, Әуелде ыршынса да ашу қаптап. Соңынан бiрте-бiрте басылыпты, Айтқан соң уәзiрiнiң бәрi мақтап. Сонымен күн, күндерден күндер өттi, Күндi түн, түн қуалап күндер жеттi. Бағдаттан елшi арабтар және жаушы, Дүңк етiп келе жатқан хабар кептi. Қуанды Сапа шаһы естiп мұны, Шүкiр-ай, бар екен деп шаттық күнi. Келгендей қызын ертiп болды бейне, Сондай ғой дүнияда ердiң көңiл гүлi. Алдынан шаттық түрмен алды қарсы, Дегендей түбi туған араб-парсы. Тамаша бiр сарайға түсiрдi ап кеп, Мейман ғып сый-сыяпат, ақын, әншi. Шаттықпен, шын жүректiң сырыменен, Сырының нағыз достық шыныменен. Сол күнi таң атқанша мейман еттi, Құрметтеп тәртiп сақтап түнiменен. Таң атып ерте күнi тағы және, Құрметтеп меймандарын алдын ала, Патшаның сарайына, өзiне хас, Шақырды елшiлердi арнап қана. Сол үйге келдi бiрге падишасы, Аралас елшiлер мен сәркардасы. Ұсынды падишаға тартулар мен, Бағдаттың патшасының хат-намасы. Құрметпен Сапа шаһы қабыл алып, Бағдаттың шын жүрегiн кәмiл танып. Тәртiппен қонақтарын етiп мейман, Оқытты уәзiрлерге хатты анық. Уәзiрлер есiттiрдi оқып хатты, Әуелi хаттың басын дiнге арнапты. Екiншi Сапа шаһқа арыз жазған, Өтiнiш төмендiкпен ықтиятты. «Қабылдап алыңыз, – деп, – етiп бала, Қымбатты көркем сөздер айтқан және, Кешiңiз өткен шақта болған iстi, Майданда қан төгiлген жан қаншама? Ашықтық әрекетi соның бәрi, Бармаймын бұдан былай ондай әрi. Етемiн мархабатты апу талап, Қолымда бар бiр ғалым, Харис – намы. Бiр монша жетi күнде жасағанын, Iске аспай басқа монша босағанын. Қырық-қырықтан қырық жiгiттiң өнерi бар, Айтарға тiл жетпес деп аса бәрiн. Бiр өнер бiреуiнiң қырықтан бiрi, Есiтiп түсiнсеңiз сырттан мұны. Ең кiшi өнерiмен қызыңызды, Секундта келтiрдi тез, сөздiң шыны. Аплатон, ғалым аты Әбiлхарис, Артықша Лұқмандардан шашқан дабыс. Құрметтеп шақырамын Бағдатқа, Ықтияр қолыңызда берiс-алыс. Бұл дүния талқандаған талайларды, Ғашық боп жаһан кезген талай жанды. Қайсарлар, не тәкаппар, қаһармандар, Билеген дүния жүзiн Сүлеймендi. Сондықтан бас ұсынам, шаһы ағзам, Құзырыңнан қабылданса осы арызам. Өмiрдi ендi қалған бiрге өткiзсек, Деп бiткен мақсат қымбат, айту арзан. Шек қылма, шаң жұқпады балаңызға, Ғалым бар ақыл берген санамызға. Қырық бiр қыз Дiләфрузға жолдас қостық, Гүл бақша жатыр гүлiң қаламызда. Болмайды ұят, намыс арсыздық iс, Тақсыр шаһ сiз бен бiздiң арамызда. Дiләфруз қазiр бiздiң қызымыздай, Айтқанда ақиқатын сөздi бұзбай. Көресiз Бағдаттан балаңызды, Күтiп тұр алдыңызда ол жұлдыз, ай. Бағдаттың оқып болып сәлем хатын, Қорытты мәжiлiстiң мәслихатын. Бiрiншi, шақырғанға бармақ болды, Екiншi, көрмек мұнша салтанатын. Үшiншi, шаһ Бағдаттың мұддағасын, Шын мақсат бермек болды жеңсiк асын. Сонымен жол сапарын сайлап алып, Бет алып шықты Бағдат зор қаласын. Сайлап ап тiлге жүйрiк адамдарын, Төрт-бес мың жанына ертiп жарандарын. Барабан, сырнай, керней күйiн тартып, Серуендеп басты шеру қадамдарын. Көп кiсi жүрiп кеттi мәжiлiс бiтiп, Қысқартып ұзақ жолды күн-түн өтiп. Қалай боп келедi деп елшiлерiн, Асығып Бағдат шаһы тұрды күтiп. Сарсылып сағат санап ойлап терең, Сағынып сағат сәтiн қашан деген. Сағынған сағаты сол сақыпжамал, Қосылу Дiләфруздай сұлуменен. Жүргенде бұл мақсатты күн-түн ойлап, Ақылмен Әбiлхарис жолын байлап. Жүргенде шаттықпенен келдi елшiлер, Қарсы алған хат құрметiн етiп айғақ. Елшiлер айтып келдi қарсы алғанын, Аямай махаббаттың бар салмағын. Шаттықпен шақырғанға шықтық, – дептi, Көруге шаһар Бағдат бақ-шарбағын. Шаттанып шаһы Бағдат қылды кеңес, Қарсы алу шән-шәукатсыз лайық емес. Қызметке алдын-ала жiбердi адам, Алдынан алыс жолдан асқар белес. Кеңестi Хариспенен бұдан кейiн, Керемет ғалымына артық зейiн. Қалайша қарсы алуды салды бұған, Ғылымға боламын деп қайтсем бейiм. – Мiндетiң, – Харис айтты, – әуел сiзiң, Қырық қызбен алдан бұрын шығар қызын. Көз көрсе көңлi шат боп дамыл табар, Һамайун бану-сұлу Дiләфрузын. Бұдан соң патша-сұлтан, сiз өзiңiз, Қырық уәзiр, алпыс нөкер, сiз бенен бiз. Қаһарман қамал бұзған әскерлермен, Құрметпен қарсы алайық бiр емес, жүз. «Мақұл», – деп, қырық қызы мен Дiләфрузды Мiнгiзiп өңкей жүйрiк қырғын бозды. Алдынан әкесiнiң қуанғаннан, Шарықтап шаттықпенен шығып озды. Сағынған Сапа шаһы жалғыз қызын, Қимаған қан ағызып басқан iзiн. Алыстан таң шолпаны жұлдызындай, Көрiптi жарқыраған айдай жүзiн. Қуанып көме басып атқа қамшы, Көзiнен шыдай алмай төгiп тамшы. Алдынан «атажан» деп қызы шығып, Жылады антын айтып «күнәмдi аршы». – Атажан, құдiрет күштi, сүттен ақпын, Ылайсыз таза тұнған судан пәкпiн. Бағдат пен Сапа арасы қырық күндiк жол, Бiр демде жеттiм барып, оқтай ақтым. Тек атын естуiм бар Бағдаттың, Бiр демде көз ашқанша оқтай ақтым. Неше көл, неше тау-тас, теңiздермен, Сапа мен екi араны қалай таптым. Әкесi қызына айтты: – Айым, күнiм, Жоқ сенiң бұл туралы ешбiр мiнiң. Шам-шырақ шарықтап шат, бол бақытты, Жетпейдi жамандыққа тiптi тiлiм. Дiләфруз қырық қызымен аттан түсiп, Әкесi «қарағым» деп, мойнын құшып. «Бәрiң де шырақтарым, баламсың», – деп, Қыздардың амандасты қолын қысып. Патшаның қызын көрiп көңiлi тынды, Таңырқап кейде жылап, кейде күлдi. Шаттықтың күйiн шалып әскерменен, Ғабдолла Бағдат ханы келiп тұрды. Әскермен салтанатпен шат боп келдi, Құрметпен атасына сәлем бердi. Қарсы алып ырзалықпен Сапа шаһы, Амандық хал сұрасып бiлiстi ендi. Көрiстi Әбiлхарис сәлем берiп, Көркем сөз, әдеп сақтап тiлге келiп. Әскерлер бiр ауыздан бердi сәлем, Шаттықпен «Мархаба!» деп көңiлденiп. Сапаның бұл құрметтi көзi көрдi, Әскердiң көптiгiне көз жiбердi. Жағдайын бiлмеушi едi бұдан бұрын, Екенiн зор мемлекет жаңа бiлдi. Мұндай ұлы бақытқа қол жеттi деп, Мың рет разы боп, шүкiр қылды. Тамаша таң қаларлық тәртiппенен, Бағдаттың көшесiне келiп кiрдi. Харисқа Ғабдолла шаһ бердi тәртiп, – Бiлесiз, кiсiм жоқ, – деп, – бұдан артық. Қарсы алып құрметтерлiк сарай жаса, Көңiлi ырза болсын, шаттығы артып. Деген соң, таң қаларлық жасады жай, Бұйырып жiгiтiне бұрынғыдай. Тақ болды айта алмастай ауыз жетiп, Ас, шарап, түрлi төсек түп-түгел сай. Ас iшiп, ақын қыздар салып әндi, Бұлар да болып ырза, таңға қалды. Ойынмен неше түрлi қанағаттап, Рақатпен таң алдында дамыл алды. Таң атып, ерте күнi Әбiлхарис, Тағы бiр жай жасады шашқан дабыс. Алтыннан, күмiспенен қойды безеп, Тiл жетпес болса да айтып атан жарыс. Үстiнде алтын кереует қымбат төсек, Болмастай тiлмен айтып, етiп есеп. Ол үйдiң айналасы мәуiтi дибан, Малынған қалампырлы гүл-бәйшешек. Осындай мәжiлiс болып отырғанда, Көңiлге шаттық гүлiн толтырғанда. Айтылды арасында монша жайы, Мақсаттың кiлтiн бұрап болдырғанда. Сол сағат орынынан Сапа тұрып, Шаттықтың шарығымен айтты күлiп: – Шыққанда бiздер Сапа қаласынан, Моншаны шығып едiк арзу қылып. Орнынан Әбiлхарис ұшып тұрып, Дәстүрмен ұлықтарға қол қаусырып: – Моншаның тамашалап көруiнде, Мейман бол, – дедi, – бiзге үйге жүрiп. Қарсы алды Сапа ханы етiп қабыл, Бiлдiрiп шын жүрекпен анық кәмiл. Моншаға бұрын барып Әбiлхарис, Тарттырды құрмет күйiн соғып дабыл. Айнала сол моншаға зәулiм биiк, Бақшалы гүл жасапты көңiлi сүйiп. Жапырағы жасыл майса, қызыл сары, Түу басы шұғыла шашқан көкке тиiп. Бұтаққа қонып тұрған құстар сайрап, Көргендi қызықтырған гүлдер жайнап. Райхан, қалампырлы жұпар сүмбiл, Асықпай қойды бәрiн кеңнен жайлап. Ұжмақтың хор қызының мысалында, Сүмбiл шаш, қара көздер қош алуда. Жаннаттың мүсiнiндей жiгiттерi, Һауасы мүшкi, ғанбар нышанында. Айтарға торқа жiбек топырағы, Алтындай ағаштардың жапырағы. Жемiстер жүзiм, iнжiр пiсiп тұрған, Айтуға бәрiн тiлiм тоқырады. Қолынан келмегендей адамзаттың, Жайындай жасалынған Ирамбақтың. Саяхат меймандар кеп отыруға, Орнатқан ағласын алтын тақтың. Тақ тұрған қызметкерлер белiн байлап, Құрметтi қолдарында гүлдер жайнап. Сұлулар жандай тәттi жасанып тұр, Көрген жан ынтыққандай соры қайнап. Айнала бау-бақшаны сулар аққан, Не керек, асып кеткен Ирамбақтан. Ақындар меймандарды қарсы алуға, Қымбатты тәттi әндер мен өлең айтқан. Бұл халде ұлы мейман келдi Сапа, Ғабдолла, Әбiлхарис тобы және. Сапа мен құрмет етiп келгендерге, Сұлулар гүл сұнды, деп «Мархаба!» Құрметтi қабыл алып шаһы Сапа, Бұл түрлi ұлы құрмет дәражаға. Өзiнше көңiлiнен шүкiр етiп, Бәрi де ажап қалып, қылды тоба. Моншаның тамашалап iшi-тысын, Таң болды қорыта алмай ешбiр iсiн. Деп айтты қырық жiгiттiң бiреуiне: – Ер жiгiт, барлығың бiр туғанбысың? Бұған тiл, үн шығарып қайырмады, Құрметтi барлық мейман қайыл қалды. Екен деп өнер-ғылым күш-құдiретi, Ақылмен қайран болып, пайымдады. Таң болды адамзатқа мұнша ғалым, Түбi жоқ түпсiз шыңырау өнер, бiлiм. Уадаих осынша зор ғалымдарды, Көмедi-ау жер астына төгiп гүлiн. Бұдан соң қонақ қылды бақшасына, Тоймастай ай қонбаса аптасына. Аса адам жиырма мыңнан үш күн болды, Отырған он адамдай от басына. Сан алуан асты сыйлық сағат сайын, Iшiмдiк дертке дауа, табақ дайын. Мас қылмай шаттық, саулық күш енгiзген, Әй кәпiр, айыпты емес арақтайын. Ем болған бұл iшiмдiк ауру-дертке, Күшейткен күшсiздердi қойып ерiкке. Тоқсанға жасы жетiп тоңған шалды, Бейне сол келтiргендей жиырма төртке. Бұдан соң меймандарға бердi сыйлық, Сыйлықпен бастан-аяқ түгел киiнiп. Уәзiрлер, сәркардалар, беше-бектер, Малынып сый-сияпатпен тұр иiлiп. Бейне бiр түс сияқты, өңдегi емес, Дегенмен анық өңi, бөгде де емес. Барлық бұта қалам боп, барлық адам Жазғанмен таусылмастай болды кеңес. Екiншi күнгi болған отырыста, Көрiндi күтiлмеген қымбат нұсқа. Бiр кезде Әбiлхарис түрегелiп, Бас идi шаһ Сапаға, сөйлеп қошқа. – Шаһ Сапа, – дедi, – сiздiң қоштығыңа, Екi елдiң сан мың алғыс достығына. Баудағы гүлiңiзге бой ұсындық, Лебiз ғып жетермiз деп дос құнына. Мысалдап ұсталықпен айтты нақыл, Кең айтып кемiтпестей әдеп, ақыл. Жан-дiлмен Сапа шаһы қабылдапты, Күлкiлi сұлу сөзбен көрiп мақұл. Той жасап қырық күн, қырық түн жұртын жиып, Дегендей жерге жүрген қалай сыйып. Секiлдi Сәйпiлмәлiк екi ашықты, Қосыпты құтты түнде неке қиып. Қаланы қаптай басты шаттық сыйып, Қан төгiп, бас кесiлмей жанды қиып. Бағдаттың шаһарында хан Ғабдолла, Арманы бiттi ашығы қолға тиiп. Достығы қалыңданды бұрынғыдан, Қан төгiп майдандасқан бұрын бұдан. Мейман ғып аралатып Бағдатты, Болыпты бiреуi әке, бiреуi ұлан. Ай жарым жатып қайтты өз елiне, Арттырды көп дүниялар кезегiнде. Сән-сәулет, салтанатпен салды апарып, Өмiрдiң ол бiр өткел өзенiнде. Сонымен жеттi ашықтар мұратына, Тұғырлы құс қонғандай тұрағына. Ендi Әбуғалисина қайда барды, Әлде бiр жайсыз жайға құлады ма? Екеуi қуысты үңгiр шығып таудан, Адамдай қолға түстi жауыз жаудан. Тартуға тұрғанында дарға апарып, Құтқарып қашып кеттi басын даудан. Жанынан тұра бермей үмiт үзiп, Көлшiкке барып түстi шынжырды үзiп. Көлшiктен түстi Нiлдiң өзенiне, Мысырдан барып шықты Нiлмен жүзiп. Үңгiрден азып шыққан бiр жыл жатып, Аптада – дәм, айында бiр су татып. Шаш, тырнақ, мұрт пен сақал өсiп кеткен, Күн түспей, жел де тимей, жарап-қатып. Бiр тойып жарымаған тамақ iшiп, Барлығын дем алыстың кесiп-пiшiп. Аптада көз iлiну жарым сағат, Ғылым үшiн ой құмары құстай ұшып. Сонымен Нiлден құрға шыққан жерде, Тазартты шаш, сақалын түскен белге. Тазалап тырнақтарын, мұртын басып, Дем алды тойып ауа, жұпар желге. Тағы аңдай едi өзгерген ормандағы, Десек те орманнан да армандағы. Моншаға түсiп әбден тазарыпты, Келер деп кем-кем жөнге қалған жағы. Аралап шықты Мысыр базарына, Бет аузын басқан қылдан тазарыла. Базарда алуа сатқан жас жiгiттi Түскен соң, барыпты алып назарына. Баланың бес-алты адам айналасы, Саудалас болмаса да, пайдаласы. Әкесiз, шешесi бар жетiм екен, Жеткендей, жайы келсе, айға басы. Ғылымның кереметтей күшiменен, Байқады барлық сыртын iшi менен. Қалайда жәрдемдессем жарайды-ау деп, Көзiнiң көздеп тұрды ұшыменен. Балаға барып тұрды байырқалап, Кейпiне, кәсiбiне көзiн қадап. Бала да бұған қайран қалып тұрды, Бiр нәрсе етер ме, – деп, – менен талап. Алуаға тұр ма алуға пұлы жетпей, Сондықтан тұрған шығар жүрiп кетпей. – Бiр алуа алыңыз, – деп, берiп едi, Бiр шайнап түкiрiптi мәнзүр етпей. Айнала тұрған жандар қасындағы, Ашынып бәрi бiрдей ашуланды. Синаны қуалапты таспен ұрып: – Мынау бiр ит екен, – деп, – осындағы. Қолынан осы шырақ у берсе де, Өлсiн деп у аралас су берсе де. Сарсаң ғып мұндайларды құртқан сауап, Қолға алтын пайғамбардай ту берсе де. Қолына кейбiреуi алып таяқ, Ұмтылды ұрайын деп аямай-ақ. Жалтарып Ғалисина тайып тұрды, Жындылар жығады-ау деп жарға таяп. Мынадай ол адамдар пасық екен, Бәрi де балақұмар жасық екен. Тек соның бетiн көрiп тұру үшiн, Сол жерден алған екен басып мекен. Бұл бала оларменен iсi болмай, Қолына жүрген олар түсiре алмай. Сұлуға ашық болған жiгiттердей, Азғандар ардан безiп кiсi болмай. Синаны азарлапты әбден сөгiп, Беделiн бес тиын ғып беттен төгiп. Ғашық боп бәрiмiз де өле жаздап, Қартайып қажып жүрмiз қасiрет шегiп. Бiз бұған берiлсек те баяғыдан, Айрықша көркемдiктен аяулы жан. Бiзге еш мұндай құрмет еткен емес, Дәулеттi төктi барған аяғынан. «Қолынан тептi аяқпен ұсынғанды, Шығарды тура жолдан мұсылманды», – Деп бәрi тас пен таяқ, кесек атып, Ешкiдей иттен үрiккен қысымға алды. Құрттың деп жанымызды жалынға өртеп, Қуалап көп жерлерге құшырланды. Сонымен кешке таяу қайтты бала, Көргенiн көзiменен көңiлге ала. «Қалай да түкiруi тек емес-ау, Бiр хикмат болса мүмкiн мұнда және?» Көңлiне алыпты әбден жолықсам деп, Жолығып таныспауды көрмедi еп. Жолымен кеткен соның келе жатып, Кездесiп қол қаусырып өтiндi көп. – Бiлiмнiң белгiсi бар жүзiңiзде, Iз ерттеп, iздеп таптым, iзiңiзге. Себебiн сөйлесермiз кеңшiлiкпен, Мейман бол үйге жүрiп бүгiн бiзге. Әкемнен жастайымнан жетiм қалдым, Барында шала-шарпы назар салдым. Әкемiз сатушы едi алуа жасап, Мен сонан сәл-сәл ғана үлгi алдым. Әке бол, ақыл берiп әкем үшiн, Кешiңiз, ақымақтардан көрдiң қысым. Анамыз «әкең сөйтiп жасайды» деп, Көрсеттi аз-маздап алуа iсiн. Көрсетiп алуа жайын анам оны, Үйреткен едi аздап маған соны. Белгiлi ұстаздан да көргенiм жоқ, Дүнияның оңай емес табу жолы. Күнбе-күн сол алуаны базар сатып, Бұйырған пұлыменен дәмiн татып. Отырмыз анамыз бен екеуiмiз, Күн өтiп халық қатарлы тұрып жатып. Сондықтан мен балаңа рақым етiп, Бiлсеңiз үйретiңiз жол көрсетiп. Табасыз бұл туралы үлкен сауап, Себеп боп жәрдемiңiз кетсем жетiп. Баланың болды қатты өтiнiшi, Синаның кеттi мұны аяп iшi. – Балам, мен алуа түгiл балдан қымбат Өнердi үйретейiн бiлмес кiсi. Сондықтан қонам барып күн батқан соң, Әлемнiң жарық шамын түн жапқан соң. Жан сезiп, құлақ естiп, көз көрмеген, Өнерлер үйретейiн, нұр қаптасын. Жас бала бұл сөздi естiп ойға қалды, Үйiне ойлай-ойлай жүрiп барды: «Өнердi есiтпеген, көз көрмеген, Қалай деп үйретем деп айтып салды?» Ойлады: «Әлде бiр қу, сиқыр ма деп, Жауыз ба, әлде қандай пиғылда деп. Болмаса балақұмар, жолдан тайған, Өңiм бе, байқайыншы, ұйқым ба деп». Ойлады және бала: «Олай емес, Бұл ойым жаман қиял, қолай емес. Жүзiнде ғылым хикмат белгiсi бар, Тек кiсi емес», – деген бердi кеңес. Синаның осыны ойлап, жолын күттi, Көркiне көзi көрiп, болды үмiттi. Қалайда қанып болып сынайын деп, Жолына ықыласымен көзiн тiктi. Күн батып, күле қарап кеттi күндiз, Түн болып, алтын айлы шығып жұлдыз. Синаға сәлем берiп келгенiнде, Қарсы алды деген жолмен күтiп тұрмыз. Кiргiз[дi] қарсы алып бiр бөлмесiне, Еркiнiң еркiн бермей сенбесiне. Шам жағып кең дастарқан жайып салып, Берген ас, шын жүрекпен мол несiбе. Отырды мәжiлiс құрып сөз сөйлесiп, Сөздерден түрлi тарау сөзге көшiп. Баланың зейiнiнiң алғырлығын Ақылдың мизанына бiлдi пiшiп. Баланың ақыл-есiн бiлiп, сынап, Әрбiрiн зейiнiнiң тауып мiнеп. Ықыласы бұрынғыдан артық болып, Болуға өкiл әке кеттi құлап. Синаны ол жас жiгiт бiлдi аңлап, Айтуға алуа жайын отыр қамдап. Тарауы әңгiменiң басқаша боп, Түрлi сөз таусылмады тармақ-тармақ. Бiр кезде тұрғанда сөз кезеңiне, Алуаны айтты бала кезегiнде: – Шамалап iстеу жолын түсiндiрсең, Рақым ғып бiздей жетiм көдегiңе. Осындай айтты өтiнiш алуан түрлi, Ертеңгi жағдай түрiн түсiндiрдi. Оған да-ай көңiл бөлмей Ғалисина, Екiншi бiр тарауға сөздi бұрды. Жас жiгiт және екiншi қалды ойға «Мүмкiн бұл болар ма деп бұзық ойда? Алуаны әлдеқалай әңгiме етсе, Бұл тiптi ап кетедi әлдеқайда». Ашуын анда-санда жиып алып, Және де тоқтаушы едi сабыр салып. Тоқырап бұл қалай деп тынышы кетiп, Отырды сан қиялмен ойға қалып. Бiр кезде айтты өтiнiш тағы бала, – Қалды, – деп, – таң уақыты жақын ғана. Азырақ алуа жайын үйретiңiз, Алуам жоқ сауда етерлiк ертең және. Болмайды алуа сатпай күндiз күнде, Даярлап қоюшы едiм жасап түнде. Бұл түнiм құрметiңе кеттi сiздiң, Ертеңге тiршiлiгiм қалмай мүлде. Мұны да Ғалисина тұрған сезiп, Секундта жүйрiк қиял дүния кезiп. Балаға бiр уақытта дедi былай: – Балам, сен тұра алмадың шыдап, төзiп. Ер кiсi егер түзу бiлсе өзiн, Айтпайды өлсе өтiрiк ешбiр сөзiн. Лебiз жоқ өнер қуулық – ақымақтiкi, Балажан, шыдамадың етiп төзiм. Мен саған көрсетейiн алуа жайын, Сан мың пұл шығарарлық әр күн сайын. Сен маған бiр қап кебек келтiрiп бер, Берейiн алуа жасап етiп дайын. Бұл сөзге бала және қалды қайран, Екен деп ақылы азып, жолдан тайған. Тәуекел, көрейiн деп не де болса, Сабыр ғып уәдесiне еттi пайман. Болар ма алуа жасап кебектен де, Ерекше епсiз iстi ер еткен бе. Әкелдi жиырма қап кебек жинап, Даярлап тағы десең шелекпен де. Ал мұны не етер деп қарап қалды, «Жарайды, жасаңыз», – деп талаптанды. Бiлдiрмей Ғалисина әпсүн оқып, «Жақсы алуа болыңыз», – деп айтып салды. Ал, балам, осы бiздiң көмек-жәрдем, Жәрдемiм жаным ашып саған берген. Мақсатың сенiң барлық алуа болды, Мен саған үйретпек ем басқа өнерден. Бейнетсiз, машақатсыз ғылым басқа, Бiлсiн деп үйретпек сендей жасқа. Ынтығың, ынтызарың алуа болды, Дегендей басқа ғылымның бәрiн таста. Алуа десең алуаң осы, шырағым, Көз көрмеген, есiтпеген құлағың. Жаман қатты ашуланды жас бала: – Мазақ еттiң, масқаралау – мұратың. Алуа бол деп былшылдадың кебекке, Сөздi айтасың келмейтұғын тегi епке. Сен айтты деп кебек алуа болар ма? Ақымақ дәруiш, саған әжуа керек пе? Шошып едiм түрлi тiрсек сөзiңнен, Өңмендi өтiп оттай өткiр көзiңнен. Сабыр етiп осыншама шыдадым, Болса дағы мiнездерiң сезiлген. Қанша уақыт ұйқымнан да қалдырдың, Қайран етiп ақылымды дал қылдың. Мазақтаған жас сәбидей нәресте, Ақырында ашуменен жандырдың. Осылай деп бала сiлкiп Синаны, Таяқпенен азар берiп қинады. Қысып ұстап бiлегiнен баланың, Есiк жаққа екпеттете шиырады. Көздеп атқан асығындай сақаның, Шортанындай шолп еткiзген лақаның. Сыртқа қарап қатты сiлкiп жiбердi, Көктен жауған баласындай бақаның. Бiр сiлiккенде лақтырған қолының, Аса күштi пәтiменен жолының. Көз қарайып, құлақ шыңлап, есi ауып, Түсiм дептi уақиғасын өңiнiң. Көзiн ашып, есiн жиып қараса, Кең сахара, шетсiз-шексiз тамаша. Үйi түгiл, Мысыр шәрi нышансыз, Олай-бұлай жүгiрiптi балаша. Өмiрiнше естiп тiптi көрмеген, Көрмек түгiл ойлап ойға келмеген. Амалсыздан жүре-жүре шаршады, Арып-аршып таңдай қатып шөлдеген. Жүрiп көп жер, бiр ағаштың түбiне Жата кеттi саясына бүгiле. Бiраз жатып, ұйқы қанып тұрыпты, Ойға-қырға бiткен екен жүгiре. Таң атып, күн сәске болып қалыпты, Сансыз әскер өзiн орап алыпты. Қылыш, мылтық, найза, садақ жарқылдап, Аспан, жердi айбаттары жарыпты. Амал бар ма, iш қазандай қайнады, Пенде қылып аяқ-қолын байлады. Қанша жылап жалынса да тыңдамай, Тұтқындармен қосып бiрге айдады. – Жазығым жоқ, жазғырма, – деп жалынды, Рақым етiп тыңлаңдар, – деп, – зарымды. Сыртыменен сабап ұрып мылтықтың, Әскер басы дептi: – Аяма залымды! Жекiредi түртiп ұрып желкесiн, Қараңыз деп қыңырланған еркесiн. Бiрнеше күн арып-ашып әскермен, Көрiптi үлкен бiр шаһардың өлкесiн. Түнде жетiп көрдi сондай қаланы, Пенде болып басты талай даланы. – Бұл қай қала? Бұл не әскер-пенде? – деп, Алуашы бiреуiнен сұрады. Дептi аты бұл қаланың – Бағдат, Үлкен шаһар, iздегенiң табылад. Палестиннiң халқын жеңiп соғысып, Пенделер сол, жеңiлген жау бағынад. Патшамыздың аты Ғабдолла ханымыз, Сол сұлтанның әскерiмiз бәрiмiз. Түсiндiрдi жайлап жоба-жағдайын, Шүкiр-аман келдiк-ау деп жанымыз. Алуашы мұның бәрiн ойлады, Ойламаған қиялында қоймады. «Әттегене, сол дәруiштен болды» деп, Өкiнумен пұшайманы қайнады. «Ендi барсам қаласына Мысырдың, Қатесiне тоба етiп iсiмнiң. Ғылымы теңiз адам екен сол кiсi, Қол беремiн, жаңа ғана түсiндiм». Бағдаттың қаласына барған соң, Олжаларын алды жолын көрiп оң. Алуашыны келбетiнен ұнатып, «Мейман бол, – деп алып кеттi, – бiзге қон». Патшасының алдына алып барыпты, Алуашыны көрiп мейiрi қаныпты. Басқалардан ыстық көрiп жұлдызын, Қазынаның бiр қызметiне алыпты. Амал қанша, өзi пiлен бейшара, Бас байлаулы, бағынышты не шара? «Уа, дариға, көз ашқанша өмiрдiң Өзгеруi қандай ғажап бұл және. Ол дәруiштiң не керемет қолында, Өзi оңбаған мүсәпiрлiк жолында. Сөйтiп жүрiп осынша күш жұмсауы, Қалай қонар ақылия орынға. Солайша деп мен айтумен болар ма? Өрнек болып орынына қонар ма? Бәрi дұрыс, қолдан келер шара жоқ, Қарып басым қайта оралып барар ма?» Ғазал: Ақылдыға кез болдым, Ақымақ боп тiлiн алмадым. Қазынаны қымбат сезбедiм, Айдалаға арнадым. Кешiп ем тамшы дариядан, Таңдайыма тамбадың. Алтын таптым не пайда? Тесiк болды қарманым. Айырбастап гауһарды, Қара бақыр қармадым. Шарбағын ашып бақыттың, Шақырса да бармадым. Мейiрбан анам, бейшара, Дерегiм бiлмей қалғаның. Қолымнан дәруiш тартқанда, Қаңбақтан жеңiл салмағым. «Ақырын берсiн!» – деп бала Жасын тыйып көзiнiң, Тоқтатып тұрды зарларын. Үш ай тұрды Бағдаттың қаласында, Сыр айтпады ешкiмге және осында. Тұтқындағы ерлермен араласып, Моншаға кеп түсiптi тағы осында. Пенде-әскерлер болса да қаншама көп, Бұйрық бердi: «Тұтқындар моншаға кеп, Тазаланып, тазарып шықсын дептi, Кiрлеп, жүдеп жiгiттер қалса да», – деп. Бiрге барып уәзiр мен патшасы да, Әбiлхарис ғалыммен бас қосыла. Уәзiр хаким Харистың айтуымен, Бiрге түстi тұтқынның басқасы да. Харис айтқан ап келiп тұтқындарды, Күшпен жеңiп құл қылып бұқтырғанды. Моншаға ап кеп ағартып қайтарайық, Құрметтеген болады ол бүткiл жанды. Сол себептi Бағдаттың ол сұлтаны, Моншаға деп тұтқынның бар адамы Тазаланып жуынып рақаттансын, Деген екен жұмсарып қатты заңы. Алуашы да солармен келiп монша, Жуынды рақаттанып ағарғанша. Қолдан келер адамның iсi емес деп, Елден ерек таңырқап тұрды қанша. Бұл көптiкте Бағдаттың бар сұлтаны, Ғалымы Әбiлхарис, жас пен кәрi. – Моншаны қандай ұста жасаған? – деп, Алуашы сұрақ бердi таң боп тағы. Бiреуi бұл сұраққа жауап бердi, Көрсеттi Әбiлхарис ғалым-ердi. Қырық жiгiт Сапа шаһы уақиғасын, Қалдырмай моншаны да айтыпты ендi. Таңланды алуапүрiш қарап бұған, Синаға қойғанындай ғажап күмән. – Мысырдан Бағдатқа демде жеткен, Бұл жұмыс ұқсайды екен, – дептi, – маған. Патшаның тиiп бұл сөз құлағына, Әсер ғып таңданғаны ұнады ма? «Мысырдан мұнда қалай келдiң?» деген, Жауабын бердi тегiс сұрағына. Бұл сөздi естiп бiлiп Әбiлхарис, «Я сиқыр, яки тылсым», – дептi күлiп. Тылсымның айырмасын сиқыр менен, Харистан хан сұрапты сауал қылып. Хан айтты: – Дүнияда көп айырмалар, Бiлгенге бәрi де оңай дайындалар. Екеуi сиқыр, тылсым бiр емес пе, Қандайша екеуiнде айырма бар? Патшаға Харис айтты, тұрып сонда: – Бiрталай айырмалар болады онда. Дәретпен, намазбенен – тылсым жолы, Сиқырлық ластықпенен келер қолға. Патшаға Харис айтты: – Рұқсат етсең, Рұқсат қып, бұл қызметке бiздi жексең. Тылсымның қасиеттi жолыменен, Баланы анасына табыс етсем. Бiзге бiр – Бағдат пен Шам, Мысыр дағы Адамның кез болғанда қысылғаны. Жақсылық тарыққанға еткен ерлiк, Демей-ақ, мынау кәпiр, мұсылманы. Патша айтты: – Жiгiт өзi етсе қабыл, Тiлесе мақсат етiп үйiн кәмiл. Көрiстiр анасына ақ сүт берген, Жетiссiн арманына ол мүсәпiр. Жiгiтке Харис айтты: – Тұтқын балам, Келiспес кесiр сөйлеп ұқтырмаған. Үйiңе Мысырдағы барамысың, Құтқарсақ пенделiктен тұтқындаған. Бас иiп қол қаусырып Ғали бала, «Алдияр» дептi орнынан тұра сала. – Қанеки, мекенiме жеткiзсеңiз, Көзiмнен бiр-бiр ұшты Мысыр қала. Енгiзiп айтып әбден санасына, Өзiнiң келiп Харис ханасына, Мiнгiзiп аяғына, қолын ұстап, – Көзiңдi жұм! – дептi Ғали баласына. Аяғын аяғына салып мiндi, «Шүкiр» деп, екi көзiн мықтап жұмды. Ашып ед аш дегенде екi көзiн, Өзiнiң үй қасында тұрған көрдi. Мезгiлi көз жұмғаны намазшамның, Үстiнде отырғандай дастарқанның. Шүкiр ғып өңiм бе, әлде түсiм бе деп, Қалыпты қиялына ғажап таңның. Есiгiн қақты алуашы бала келiп, Шаттанған көңiлiне сана берiп. Алуашы кеткенде үйi не болғанын, Айтайын тыңдаңыздар және келiп. Қолынан Ғалисина ұстап алып, Соққанда оны Ғали мүштап анық. Бағдатта үш ай жүрiп келгенiнше, Жүргенде сонша жырақ тысқа барып. Отыннан бiр ағашты қолына алып, Тылсыммен әпсүн оқып, бiр дем салып. Айнытпай алуашының бейне өзiнен, Жан берiп жас жiгiт қып жасапты анық. Белгiлi түнде жатар мезгiлiнде, Базарға алуа сатып күндiз күнде. Жанынан анасының барып жүрдi, Өзiнiң бұрынғыша кәсiбiнде. Сонымен алуа сатып үш ай жүрдi, Анасы күнде көрiп шүкiр қылды. Бiр күнi сол баласы қатты ауырып, Тәуiптер ем жасапты неше түрлi. Бағдаттан келуiнен бiр күн бұрын, Бейшара дүние салып кештiң құрын. Намаздан ерте күнi көмдi апарып, Анасы қасiретiнде жанды мұның. Ағайын бата қылып, келiп-кетiп, Өлген соң салт-сана сол ажал жетiп, Түн болып жатып жалғыз қалған едi, Қағылды үй есiгi тарс-тұрс етiп. Хабарлап қаққанда есiк анасына, Ел тегiс бiр ұйықтаған шамасында. Орнынан қарт бейшара тұрып келiп, Кiдiрмей: «Кiмсiң?» – дептi баласына. – Анажан, мен құлының, Ғали балаң, Бармысың сау-саламат, мейiрiмдi анам. Анасы: «не айтасың?!», – деп есiктi ашып, Таң болып сасып жүрiп жағыпты шам. Шам жағып бетiн көрдi баласының, Бала да көрдi жүзiн анасының. Құшақтап «анажан» деп аймалапты, Мейiрбан алтын дарақ панасының. Анасы баласына жалт-жалт қарап, Сене алмай ақылына, түске санап. Таң болды бұл қалай деп баласы да, Табылмай шын жүректен жазып қанат. Дегенше баласына айтты анасы: – Ой-санам, көзiм нұры, – сен қарасы. Мен қайран болып тұрмын нанар-нанбас, Жеткен ед бүгiн саған Ақ қазасы. Адамдар құран оқып, көмiп сенi, Көңiл айтып кетiп едi жұбап менi. Бұл қандай құдiретi тағдыр-iстiң, Айтуды бiлмей тұрмын саған ненi? – Анажан, уақиға екен болмаған бұл, Құдiреттi мен де көрдiм ғажайып сыр. Осы үйден мен кеткелi неше ай болды, Жауап бер, айтыңызшы осыны бiр? Естен танып анасы айтты: – Жан балам! Бұл түсiм бе, ғажап қайран таң болам. Еш жаққа да кеткен жоқсың, үйдесiң, Сен кеше өлiп, мен бiр адам зарлаған! Төсек тартып ауырдың аз ол күнде, Бар жатқаның толар-толмас он күнге. Кеше өлiп, бүгiн ғана қойылдың, Естен танып жатыр едiм мен мүлде. Зарландырып жалғыз тастап ананы, Ғажап қайран салдың қасiрет-сәнаны. Жаһаз етiп, құран оқып молдалар, Жаңа ғана жанымнан көп тарады. Киiмдерiң сандыққа ол салынды, Тыр жалаңаш кеттiң, лыпа қалынды. Айтты Ғали: – Сандығыңның аузын аш, Тұр ма екен сол, көрейiк, – деп жалынды. Ана келiп сандықты ашып қарады, Киiм түгiл, түгi де жоқ жағалы. Бұл қалай деп тамашадай таңырқап, Баласының айтқанына нанады. Баласы айтты анасына: – Тәнтi бол, Үш ай болды мен кеткелi ұзақ жол. Бағдаттың қаласынан оралдым, Таң қаларлық тарихтарын айтты ол. Бұл уақиға таңырқатты анасын, Таңырқатып, таза енгiздi санасын. – Жан жемiсiм, жаңа бiлдiм жайды, – деп, Қысып жылап сүйдi сая баласын. Дедi: – Бақшам, баста бақыт жемiсiм, Түп-түгелмiн, бiттi барлық кемiсiм. Ғылым құдiрет шын керемет деушi едi, Шек-шүбәм жоқ, күмәнiм жоқ ол үшiн. Жаным балам, қондырған сол мейманың, Соны қалай болды былай қинауың. Арманым жоқ өлсем, жаным, алдыңда, Еттiм шүкiр, толық екен иманым. Бар, шырағым, сол мейманға және де, Апу сұра еткен қате шараңа. Егер олай апу талап етпесең, Саған қатер, мендей қасiрет анаңа. Анасына баласы айтты: – Анажан! Бар ма әлi жақын жерде ол адам? Анасы айтты: – қонақ үйде әлi отыр, Алуаны келiп алады өзi әр адам. Өзiң де үйде тұрғаныңда ауырмай, Алуа базар жүрдi үйiңнен дауылдай. Бейне өзiңдей басшылық қып сол кiсi, Саудаңды iстеп отыр, шырақ, сауыңдай. Мен мынадан, балам, қатты қорықтым, Қолында екен құдiретi жорықтың. Балам, барып басыңды иiп, қолын ал, Мен ақылдан алжасармын, торықтым. Жаным, сенсiң қарашығы көзiмнiң, Патшалығым сенсiң менiң өзiмнiң. Ендi барып тоқтатпасаң ашуын, Кетер менiң сабыр, тақат, төзiмiм. Баласы тез түрегелiп иiлдi, Анасының қолын қысып сүйiндi. Сабырыңды сақтаңыз деп өзiң де, Көрейiн деп кеттi мейман үйiмдi. Келсе үйiнде жүрiп жатыр саудасы, Жүргiзушi Ғалисина алуашы. Келе Ғали аяғына жығылды, Жалынуда, айтылуда армасы. Ғалисина көрiп Ғали баланы, Аянышпен күлiп қана қарады. – Аяғыма құлама, – деп, – пенде боп, Қысып ұстап, сүйiп қолдан алады. Ғали келiп, апу талап қылады, – Әдепсiздiк еттiм, кеш, – деп, – күнәнi. – Өзiң де кеш, апу ет, – деп баладан Ғалисина жас жiгiттен сұрады. Айтты Ғали: – Мен бiлмедiм, кешiңiз, Мен кешiрдiм, кiрдi жаңа есiмiз. Айтты Сина: – Сахарасына Бағдаттың, Тастап едiм, нелер көрдiң, шешiңiз?! Айтты Ғали сыр қалдырмай шешiлiп: – Жiбердiңiз сол далаға көшiрiп. Әскерлермен бiрге барып Бағдатқа, Үш [ай] жүрiп қалғандығын кешiгiп. Айтты және онда көрген моншаны, Айтып бiтпес, ақыл жетпес соншалы. Әбiлхарис қуатымен симияның, Мысырға ап кеп тастады деп бұл шағы. Ғалисина айтты: – Ұрған таяғың, Ғали болды, – дедi, – басып аяғын. Алуа сатып айырғысыз өзiңнен, Тарыққан жоқ анаң жайы баяғың. Үш [ай] жүрiп сенiң келер кезiңде, Есебiмде едi бәрi өзiмде. Сол таяғың опат еттiм ауыртып, Бұдан артық жүргiзбедiм төзiмге. Ғылымы симия ғажап күштi негiзден, Айтып болмас, тiл жетпейдi лебiзбен. Бұл көргенiң жалғыз ғана тамшыдай, Шашыраған түпсiз мұхит теңiзден. Бұдан кейiн қызметiнде Синаның, Бiлдi ғылымын, түрлi өнерiн дүнияның. Сабақ алып Әбуғалисинадан, Аздап бiлдi ғылымынан да симияның. Ғали бала бойын билеп алады, Айнаға да әдемiлеп қарады. Киiп қымбат, жiбек, асыл тауардан, Сылап-сипап қияға көз салады. Олай болу себебi де болады, Күннен күнге саудасы алға барады. Өзi көркем, орта бойлы өрiмдей, Iшпей-жемей көз мейiрiң қанады. Он тоғыз я жиырмаларда жасы да, Дәл шыны осы, айта алмаймын асыра. Қанттай ерiп қалтырайды қызығып, Құмар әйел келсе егер қасына. Сонымен алуа сатып жүрдi жайнап, Белiне алтын асыл кемер байлап. Алдына қымбат зеңбер алуа салып, Қыдыртып қора-қора сатты жайлап. Кей кезде қоралардан базар барып, Таласып халық қарауда назар салып. Бiрiншi, алуасының тазалығы, Екiншi, көркемдiгi күндей жарық. Таласып базар халқы жүргiзбедi, Қамалап қораларға кiргiзбедi. Алуасы жетпей қалып жүрдi талай, Бұл тiптен еш нәрсенi бiлгiзбедi. Нашасы болмай жүрдi бұрынғыдай, Көшеден қайтып жүрдi бұрылдырмай. Жылады Ғали бала Синаға кеп: – Әкежан, жүрмеймiн, – деп, – болып бұлай. – Мақұл, – деп балаға айтты, – қайтпа күйден, Адамдар тарықпайды Тәңiрi сүйген. Базарға әуреленiп шықпай бала, Сатылып тұратұғын болар үйден. Дедi де қойды Сина қарап бiрақ, Көзiне, көңiлiне жылы ұшырап. Бiр үйдi үй қасынан пайда ғыпты, Болмашы өнерiнiң кiлтiн бұрап. Төрт-бес үй кереметтей пайда болды, Азғантай сырт көргенге жайға қонды. Бiреуiн шеттен келген мейманға арнап, Бiреуi алуа менен балға толды. Бiреуi отыруға өзiне арнап, Бiр үйiн Ғалисина алды таңдап. Бiреуi балахана – жоғарғы үй, Бұл үйдi таңданғандай көрген барлап. Осы үйде Ғали бала еттi сауда, Айналған айналасы бақша-бауға. Көрген соң көбi келiп базаршының, Айналды күн-түн сауда тарқамауға. Әйел де, алуа алуға ер де келдi, Әйелден бетер жүзiн ер де көрдi. Алуаны көпшiлiгi сылтау қылып, Ғалиды ауырғандар емге көрдi. Бұл сауда күннен күнге кеттi ұласып, Адамдар бiр-бiрiне араласып. Бiр өзi алуа сатып үлгiре алмай, Ұлғайып таң қалғандай күшейдi асып. Қызметке көп жiгiттер араласты, Саудасы бұрынғыдан тағы да асты. Бiреулер iстеп жатқан iсiн тастап, Көруге қойған текке ықыласты. Серуендеп көшелерге шықса бала, Болмайды айналасы тiптi аз ғана. Мысырда ұлықтармен таныс болып, Ашылып артылды ақыл, зейiн, сана. Мысалы, жүрсе бала көшелермен, Адамдар алдын тосып неше көрген. Шақырып, үйге жүрiп, мейман бол деп, Таласып шақырар ед неше жерден. Баланы құрмет етiп ортаға алып, Көруге кереметтей ынталанып. Шуласқан дауыстары көк жаңғыртып, Жүруге жол таба алмай бұлтарарлық. Сөйтсе де шығып зорға арасынан, Базарлап жүрдi жайын жол ашылған. Бiр күнi патшасының сарайының, Үстiнен өттi жолы барасы жан. Белбеуi жарқ-жұрқ еткен гауһар кемер, Көрген жан өлiк болса рухы енер. Өзi де Жүсiп заңлы көркем едi, Хор қызы, адам түгiл, келiп түнер. Үйiнде Мысырдағы падишаның, Бар едi қызы сұлу ханшаның. Ай мен күн ақ жүзiнен ұялғандай, Жүрсе де қалар едi жарыса күн. Дейдi артық сұлулығын Зылихадан, Екеуiн болса өлшеп тасқа салған. Зылиха бiр қыл құрлы болмас едi, Бағасы мынау қымбат, анау арзан. Жоғарғы биiк үйде отырып қыз, Түскендей көрдi көктен ай мен жұлдыз, Көрген соң жiгiт жүзiн ғашық болып, Жүрегiн тесiп өттi бiр алмас бiз. Күн едi күннен туып күлiмдеген, Сан сұңқар тырнағына iлiнбеген. Жүректен махаббаттың алмасы өтiп, Ол сүмбiл күйге түстi дiрiлдеген. Шақырып қыз бұйырды даясына, Үйренген жасыл жапырақ саясына. Шақырып келтiр дептi алуашыны, Алақан ай сыйғандай аясына. Ғалиға баян еттi дая келiп, Қамасып көзi жүзден тая көрiп, – Алып жүр алуаң болса, қыз шақырды, Еңбегiң еш болмасын зая болып. Алдына Мәликенiң бала келдi, Алуасын аз да болса ала келдi. Артынан қыз даясы келдi қалмай, Жiгiттi қыз Мәлике және көрдi. Жүзiнен қызыл жiбек перденi алып, Екi жас бiрiн-бiрi көрген анық. «Билғайни уа раси», – деп араб тiлмен, Бас иiп көрдi Ғали көңiлi жанып. «Қара көз, – дегенi ол, – мiне басым, Жаным мен, – дегендейiн, – ықыласым». Сұлу да тәттi сөзбен амандасты, Сылтаумен қарсы алуға замандасын. Замандас Мәлике айтты: – Бар ма алуаң, Алуаңды көп мақтайды түрлi алуан. Бар болса мақтағандай дәмдiлерiн, Ап келiп көрсетiп тұр, болсаң палуан. Қарады бiр мәртебе сонда жiгiт, Болмашы Мәликеге көзiн тiгiп. Ұялып екiншi рет қарамапты, Махаббат, ышқы дертiн iшке тығып. Айтылған қыз сөзiне бердi жауап: – Алуам бар, татып бiлiп алсаң сауап. «Ләм язуқ – уа ләм йағраб» – дедi қызға, «Болмас, – деп, – татып бiлмей» арабшалап. Тәттi сөз алуадан да айтты қызға, Ықтияр татпай-бiлмей аларсыз ба? Десе де ғашық оғы өттi түйреп, Күн көзi қояр ма ерiтпей, түссе мұзға. Көктемде жерге түссе күннiң көзi, Жайнайды орман-тоғай, жапан түзi. Балқиды қия таудың қарлары ерiп, Құлпырар гүлмен барлық ая бозы. Мысалы, көктемдегi жердей балқып, Қараса қаулаған от жалын шалқып. Ғашықтың кесесiнен уын ұрттап, Алғандай болды алуаға ауру сатып. Есiктен естен танып кеттi шығып, Меңiреу махаббаттан қанжар сұғып. Мең-зең боп Мәлике де мәжнүн болды, Кеткенiн бiлмей қапты ақылы ұғып. Жiгiттi даясына дептi қайда? Шақыр тез болса егер жақын жайда! Даясы шықса тысқа кетiп қапты, Мәлике ышқы дария батыпты ойға. «Мен бiр гүл, гүлстанда өстiм жайнап, Бүгiн от жүрегiме жанды қайнап. Қонды да көз алысқа ұшып кеттi, Қандырып қысқа түнге тұрмай сайрап. Бiлмеушi ем не екенiн де махаббаттың, Кiтабын оқысам да нақылияттың. Мен бүгiн шын ғашықтың дариясына, Зылиха – Жүсiптердей терең баттым» Осындай болды десек қыздың жайын, Қызыл гүл мезгiлiнде ғашық уайым. Қайтқан жоқ алуашы да жап-жақсы боп, Оны да аздап айтып баяндайын. Есiктен шығып кеттi тәлтiректеп, Синаға айтайын деп ертерек кеп. Қиялмен жылап-еңiреп кете бердi, Әйтеуiр үйдiң жолы осы ғой деп. Ашықтық дариясына терең батты, Махаббат шарабының дәмiн татты. Қызыл гүл қызыл шоққа өртенумен, Оқ тиiп қыздың атқан келе жатты. Әбуғалисинаға келдi жылап, Көзiнiң нәрестедей жасын бұлап. Барлығын уақиғаның бiле тұра, – Не болды, жаным балам? – дептi сұрап. – Ұлы ұстаз, – дедi Ғали, – сұрамаңыз, Аплатон, Писағұрыс ғұламамыз. Бiр гүлге көзiм көрiп кеттi ашығым, Сұлуда теңдесi жоқ оның нағыз. Мысырдың осы Каир қаласында, Адамның мұндай сұлу баласында. Жаралып дүнияға қалай келген, Бiр түрлi әр сипаты жарасуда. Қарады қадай атып қара көзiн, Тигiздi жүрегiме шырын сөзiн. Жуыспай басқа сөздi айтуға аузы, Жығылды екпетiнен, бiлмей өзiн. Сұрады Ғалисина жас баладан, – Мәжнүндей болма, – дептi, – масқара адам. Сөз қысқа, ендi менен не сұрайсың, Артықша ауру тапсаң астанадан. Бала айтты: – Ғылымы дария, мұхит, теңiз, Құдiреттiң қасиетiнен алған негiз. Я өлтiр, яки қаңғырт, я жайнатып, Мұддаға-мақсатымның қамын жеңiз. Қадалды оқ қанжары жүрегiмнен, Оралды iш-тысымнан, бiлегiмнен. Тәңiрiмнен талай айттым, түк болмады, Артықша айтарым жоқ бiр өзiңнен. Толғанып тұрды ғалым бiраз ғана, Ойлады өмiр шолақ күн аз ғана. – Ғалижан, қоймадың ғой жайыма, – деп, Отырды төмен мүлгiп бiраз және. Бiр кезде сол құжырада жер шайқалды, Ғажайып қорқынышты сыр байқалды. Құлпырып Ғали бала қуанып тұр, Дегендей ер арманын бiр қайтарды. Бiр кезде жарқ еттi күн есiк ашып, Шұғылалы төңiрекке сәуле шашып. Қараса күннен сұлу қыз келiп тұр, Жiгiттiң жүрегiне сызған машық. Оқтан тез, оттан өткiр ашық оты, Жүректен аршылғандай басқан тоты. Көрген соң жаны сүйген Мәликенi, Жүзгендей болды теңiз парақоты. Өткелсiз ашық дария теңiз едi, Дауасын таппасаң у жегiзедi. Қолда бар парақоттың күш-қасиетi, Рақмет атаңызға дегiзедi. Қолдағы күшi жалғыз ғалым Сина, «Құйт өлтiр, – деп жалынды, – мейлiң қина». Сұлу қыз есiгiнен келгенiнде, Ғалиға дедi Сина: – Есiң жина! Үй iшi кеттi жайнап қыз келгенде, Жаманға жан оянбас жүз көргенге. Жамалы жер-жаһанды жарық қылып, Дегендей келiп тұрды сiзбен бiрге. Сұлудың басы айналып, есi тарап, Бейне бiр мас болғандай ұрттап шарап. Шамалап есi енген соң еркiн үйде, Синаны Ғали менен көрдi қарап. Ғалиды кеше көрген бiлдi танып, Ақ жүзi ару-сұлу гүл-гүл жайнап. Ғалиға айтты Сина басқа тiлмен: – Жан балам, ұят жолға барма айналып. Келтiрдiм ашығыңды ылажсыздан, Шыжымай май тұрмайды отқа қызған. Сүймек бар, құшуға жоқ құшырланып, Өлесiң әдеп жолын егер бұзсаң. Дедi де Ғалисина шығып кеттi, Балаға тәртiп жолын нық көрсеттi. – Жас сұлу, жан рақатым, келiңiз, – деп, Орынға отыруға рұқсат еттi. Сұлуды отырғызды жоғарыға, Дегендей жоғарыла-жоғарыла. Құшақтап жас сұлуды отырғызып, Мақсатты түсiндiрдi талабына. Ғали айтты: – Көбелекпiн мен бiр күйген, Сұңқардай сахарада ұшып көктен шүйген. Гауһар көз, шырын сөзiң от боп өртеп, Өткендей өңменiмнен оқ боп тиген. Ышқына ашығыңның шыдамадым, Тек жаным өлмегенiм, шыдағаным. Басыңа, тал бойыңа жаным құрбан, Бақытты тартты тұзы бұл араның. Отырып сұлу басын төмен салып, Көк кептердей қанаты түскен талып. Жiгiтке жүз бұралып назбен айтты: – Сiз бе едiң қайтқан кеше үйге барып? – Кешегi менмiн дептi қайтқан барып, Қате емес, айтқан осы сөзiң анық. – Ендеше перiмiсiң, жынсың ба әлде, Болмаса адамсыз ба шашқан дарып? Бұл түрлi құтқар менен шек-күмәндi, Жiберiп жүрегiмнен бұлт, тұманды. Дегенде Ғали бала айтты қызға: – Күмәнсiз қарсы алыңыз осы таңды. Себебi перi де емес, жын да емеспiз, Адамбыз өзiңiздей шектенбе сiз. Бақыт та, қайғы да ортақ, абырой да, Тегiнде сiз де, бiз де бақыттымыз. Келтiрген бiр секундта сiздi мұнда, Ұятқа қалдырмайды тегi құрға. Сiз бiр гүл гүлстанда, бiз бiр бұлбұл, Жасалық ойын күлкi, жаным, тыңда. Дегенде бұл жауапты қыз қайтарып: – Айт, – дептi, – анық шешiп, сыр байқалық. Бұл қалай ұятты iс, не хикмат бар? Атың кiм? Ғалымың кiм? Қай тайпалық? Мұндай iс болар ма екен мұсылманда, Тегiңiз анық сiздiң мұсылман ба? Құдай да зорлықшылды сүйген емес, Не айтасыз, Құдай демей, қысылғанда! Қысылмай Ғали бала бұған күлдi: – Әрине, мұсылманбыз – айтсақ дiндi. Жаратқан қызықтырып махаббатпен, Ер, әйел, бұлбұл құс пен қызыл гүлдi. Қызықты сiз болсаңыз қызыл гүлi, Қызыққан гүлстанның бiз бұлбұлы. Еркiңнен ықтиярсыз емеспiз бiз, Хикматын айта алмаймын шешiп мұны. Не керек, әлемде ортақ – қарттық, жастық, Ұстау жол жасқа қиын дiндi тас қып. Жас болып қызыл гүлдей жайнамасақ, Неге бiз бұл дүнияға шығып бастық. Мысырдың қаласының қызыл гүлi, Сайраған қызыл гүлдiң бiз бұлбұлы. Дүнияның осындай ғой тағдыр кiлтi, – Дедi де құшақтады сол күн түнi. Басталып жасқа лайық күлкiлi ойын, Құшақтап гүлдiң көркем таза бойын. Ықтияр көп ұзамай сүйiстi ол да, Жастардың лайықты жасап тойын. Өткiздi жазғы таңның тамашасын, Татымды тамашаның жаңашасын. Қалыңсыз қасқа кедей ханның қызын Алыпты адам салмай арашасын. Аспанның әскерi көп жұлдызындай, Теңiздiң патша қызы құндызындай. Ғылымның құдiрет-күшi қандай мықты, Сұлуды сүйдi сол түн хор қызындай. Атқанда алтын арай бозарып таң, Жұлдыздар жойылғанда азайып һәм. Шымылдық күннен жiбек түрiлгенде, Отырды өз үйiнде ол алтын шам. Қарады таң боп сұлу ашып көзiн, Отырған өз үйiнде көрдi өзiн. Мың ойлап көңiлiне сыйғыза алмай, Отырды ақылына бермей төзiм. Ойлады: «Әкем патша – Мысыр ханы, Өлiмнен басқа қабыл ұсынғаны. Мен соның қызыл алтын қызы болсам, Бұзылып қыздың ұят ұшынғаны. Нақыл бар: «Қыздың жолы қылдан нәзiк», Абырой ақыл кiлтi – алтын қазық. Паш болып сыртқа сырым шықпай тұрып, Анама сездiрейiн хатқа жазып. Тiптi еш бұл уақиға оңай емес, Ұятты қиындату қолай емес. Тегiнде алдырушы адамдар да, Күштi екен, түсiнбедiм қандай кеңес. Бұл iстiң тегi терең, түсiнбедiм, Лайықты болмай қалды iсiм менiң. Негiзi әйгiленбей қалмас халыққа, Айыбымды болар айтсам түсiргенiм». Хат жазды анасына алдын ойлап, Қалдырмай болған iстiң бәрiн байлап: «Өзiмнiң кең бөлмемде жатыр едiм, Бiр кезде көзiмдi ашып, көрдiм жайлап. Қарасам басқа бөлме көзiмдi ашып, Екi адам отыр онда жолдастасып. Бiреуi – жас, бiреуi – дәруiш адам, Барғандай болдым бейне жол адасып. Жасына дәруiш отыр берiп ақыл, Болма деп ұят жолдан тiптi ғапыл. Өлдiң деп ұят iстен сақтанбасаң, Ол адам кетiп қалды айтып нақыл. Бiлмедiм, жол адасып, сонда бардым, Жанында сол жiгiттiң жалғыз қалдым. Қаншама жалынсам да еркiм болмай, Жағдайсыз жайым кетiп жәбiрлендiм. Жайымды айттым, ана, жасырмадым, Жаныма ажал болар жасырғаным. Төгiлдi абыройым, алтын басым, Көп артық ажалдарға асылғаным. Бардым мен ықтиярсыз аяғымнан, Арнаулы қала iшiнен жай алынған. Бар көрген баяндадым, жайым осы», Бақытсыз баққан қызың баяғыдан. Жөнелттi даясынан жазып хатты, Тапсырды ол анасына аманатты. Анасы бастан-аяқ оқып, бiлiп, Қожасы – әкесiне хабарлапты. Әкесi Мәликенiң Мысыр ханы, Есiтiп ашуланды шығып жаны. Әскерiн, мықтыларын шақырып ап, Шақыртты ғалымдарын тағы-тағы. Жиналып келдi ғалым-ғұламасы, Құшнаш, бақсы, балгер кәрi, жасы. Кеш болып тағы ап кетер дегендейiн, Қыз жатар жерде болды әскер басы. Оқытты жариялап қыздың хатын, Қыз көрген уақиғаның хикаятын. Танысып бiр түнгi таң тамашамен, Аямай айтыпты ақыл-парасатын. Патшаның бас уәзiрi ақыл бердi: – Оны ұстау қиын емес, оңай ендi. Қырық қыздар, күзетшi әйел, даялары, Қамалап ұстап тұрсын алмай демдi. Әскерлер мылтық пенен қылыш алып, Үндемей мықты тұрсын тынышталып. Қалайда аямастан алсын ұстап, Берейiк сонсоң жаза дұрыс танып. Қыз, әйел, даярланып әскерлерi, Сұлуды қамап бәрi қастерледi. Түн болып жатар мезгiл таянғанда, Синаға Ғали дес бермедi. – Ағажан, ғашық-мағшұқ күткен уақыт, Таянды базарында гауһар, жақұт. Өтiндi қанат жайып, қатты жылап, Кеткендей болмайын деп бастан бақыт. Ете алмай Ғалисина бұған төзiм, Кешегi мезгiлiнде бiлiп кезiн. Өзiнiң әдетiнше амал еттi, Көпшiлiк бақырайтып отыр көзiн. Айтты қыз: – Ал, мықты бол, келдi-келдi, Жүрегiм дүрсiлдедi, кеттiм ендi, – Дегенде қатты ұстады қыз, әйелдер, Сырттағы хабарлантып әскерлердi. Қозғалып «Кеттiм», – деп қыз қопарылды, «Ал, ұста!» – деп шуласты перi, жынды. Жөнелiп «Ал, кеттiм», – деп кетiп қапты, Сәуледей ұстай алмай ай мен күндi. Қолға алып кiм ұстаған күн сәулесiн, Көз көрiп өкiнiстi бұл әуресiн. Сырттағы сырт етпестен қалды әскерлер, Жойылтып жоғалтқандай ақыл-есiн. Қолымен ұстағандар қызды қысып, Адамдай сәуле қуған бос тырмысып. «Қап-қап!» деп қатты өкiнiп, қалып қойды, Бәрi де қайрат қажыр, қолдан тосып. Әскерлер қатар тұрған қалды босқа, Болғандай қасқа таба, күлкi досқа. Мылтықты тарс-тұрс атып айқайласты, Қалмастан қамап тұрған қарт та, жас та. Жабулы, ашылмаған мықты есiк, Бiтеулi көрiнбейдi үйде тесiк. Бейне бiр ұсталмайтын көлеңкедей, Қалай да қалды ұстаудан үмiт кесiп. Әскерлер, әйел, қыздар қамалдағы, Амалын қамаса да таба алмады. Түнiмен бүйi тиген иттей болып, Атасын анасы мен хабарлады. Жабылып тұс-тұсынан қамағанын, Темiрдей сырттан әскер орағанын. Қырық қыз бен күштi әйелдер iштен қамап, Тұта алмай айдаланы қарағанын. Таң қылып сұлу келiп таң атқанда, Түнiмен түзде болып, ел жатқанда. Барғаны, келгенi де сезiлмейдi, Жаңғалақ жеңiлге ұқсап жын қаққанда. Қылымсып сыбыр-сыбыр, бетiн шымшып, Қыздар да тыпыршиды жүрмей тыншып. Анасы қыздың туған қатты күйiп, Қысылып жүр бармағын тiстеп, қыршып. Қызарып қызыл шоқтай қыз да жылап, «Өлем» деп пышақты алып жатты құлап. Атасы, анасы мен Мысыр ханы, Жүре алмай өлмесе де отыр шыдап. Хан-сұлтан ортаға алып уәзiрлерi, Намысқа бас кеткенше әзiр бәрi. Қызға айтты: – Барар жайың бұл шаһардың, Iшiнде, сыртында ма, айтшы қане? Қыз айтты: – Туысқандар, үлкен аға, Сөзiмнен шешiп түйiн берсең баға. Асқан соң жарты жолдан енедi есiм, Барар жер ұзақта емес, осы қала. Ақылгөй уәзiрлердiң айтты бiрi: – Табылды, табу оңай, айтам мiне. Бояу ғып зағыпыранды жылы сумен, Бес қолын малсын соған ұзақ күнi. Көтерiп баратқанда алып белден, Болса да оқтан өткiр, жүйрiк желден. Бес қолын маңдайшаға бассын мөр ғып, Есiктен есiне алып кiрген жерден. Малынған бес саусағы зағыпыранға, Басылса маңдайшаға болып таңба. Аралап ерте күнi iздеп тауып, Алуға болады оңай қарағанда. Барлығы осы әдiстi мақұл көрдi, Табылған тиянақты ақыл дейдi. Бес саусағын бояулап зағыпыранға, Басуға барған жерде батыр болды. Отырды зағыпыранға қолын малып, Ата-ана өлмесе де күйiп-жанып. Аспанды күн батқан соң қаптап жұлдыз, Мезгiлi елдiң жатар болыпты анық. Кетер кез таянғанда iштен тынып, Қыңқылдап жалынды жас қыздар күлiп. Мәлике кетер кезi таянды деп, Бәрi де қайратына тұрды мiнiп. Отырды қыз да жылап Құдайына, Тындырмас қалдым-ау деп ұдайына. Сағатты мезгiлiнде Ғали бала, Бұрынғы барды үйренген сыңайына. Синаға өтiнiш қып келдi және, – Атажан, күшейдi, – деп, – қайғы-сәна. Балаға рақымы түсiп кiдiрместен, Қаһары қатты келдi падишаға. Кезiнде «Ал, кеттiм» деп қыз қозғалды, Қозғалған мезгiлiнде үйге барды. Қыздың азаматтық еткен iсi, Таңбасын маңдайшаға жақсы салды. Өз көңiлi бiттi салған таңбасына, Екеуi-ақ, жоқ бiрде-бiр жан қасында. Басталған әлдеқашан ойын-күлкi, Айтылып амандық пен армасы да. Жаз гүл жарасқандай бұлбұлымен, Жазғы таң тамашалы түнгi үнiмен. Жiгiтке жылап-еңiреп айтты сұлу: – Тiптi ырза емеспiн, – деп, – мен мұнымен. Себебi дұшпаныма болдым таба, Сөз болдым ел аузына, досқа және. Мұсылман былай тұрсын, кiтап Құран, Iстемес басқа жұрт та бұл дүнияда. Адамға ақыл, сана, әдеп, ұят, Белгiсi адамдықтың бұл мұқият. Қарияңа неге айтпайсыз түпкiлiктi, Жолдас боп қосылуды бiл күллият. – Айтайын ертең, жаным, – дедi, – мақұл, Қымбаттым, парасаттым оның ақыл. Тағы да күнде кеше түндi өткiзiп, Орнына уақытында барыпты ақыр. Саусақтан маңдайшаға түскен таңба, Қыз келiп үйге келiп кез болғанда, Синаға сол уақытта-ақ мәлiмденген, Қыз қолын малған кезде-ақ зағыпыранға. Патшаның мәслихатын қандай жасап Жатқанын түгел бiлiп бастан-аяқ. Негiзгi пiкiрi оның немен бiтпек, Аяғы мақсатының немен босап. Осының күнi бұрын бiлiп бәрiн, Тағдырдың бiраз кiлтiн, ықтиярын. Былайша Ибн Сина бұрап салды, Екен деп кiм мұқатар патша залым. Өзiнiң артық санап патша күшiн, Тысқары әдiлетсiз жасап қысым. Ыңғайын күннен жарық бұрын бiлiп, Мәнiсi бұл жұмыстың соның үшiн. Есiктiң бiлiп Сина бояуларын, Секундта, сол уақытта таяу бәрiн, Мысырда қайбiр үйдiң маңдайшасын, Былғады зағыпыранға бар қаланың. Таң ата барды үйiне патша қызы, Өсiрген күн түсiрмей ай-жұлдызы. Қарады барған жерiн табу үшiн, Белгiсi – бес саусақтың басқан iзi. Таң ата дайындалған ердiң бәрi, Iздептi бiрi берi, бiреуi әрi. Қараса дарбазада барлық есiк, Түп-түгел түскен бес қол саусақтары. Қысқасы, сол Мысырдың қаласында, Дарбаза есiгiнде, қорасында Басылған зағыпыранмен таңбаланып, Болғандай десе қызды дәл осында. Патшаға келдi бәрi болып сарсаң, Ерекше ертелi-кеш ерсең-қарсаң. Патшаның өз үйiнiң сарайының, Бәрiнде сол таңба бар назарға алсаң. Деп айтты: – Үй қалмапты қыз бармаған, Бiр де үй жоқ зағыпырандап iз салмаған. Сонымен ерсең-қарсаң қайтып келдiк, Дәл үйдi таба алмадық қызға арнаған. Дал болып ақыл-һұшы, патша күйдi, Көзiнiң етегiне жасын құйды. Сан рет сасқанынан сақал шайнап, Сан қосын, сары азамат, әскер жиды. Қаланың сол әскермен сыртын қамап, Қаладан қашпас үшiн ал деп орап. Қаратты бiр үй қоймай сол Мысырдан, Адамын еркек-әйел құрттай санап. Тазартып бiткенше әбден қырық күн өттi, «Қалдырмай қарадық» деп, хабар еттi. Қыдырып қыз күнбе-күн күн өткiзбей, Патшаның ары азып, азар шектi. Күнбе-күн қыдыруды қыз үдеттi, Алуашы дәурен сүрiп, серуен еттi. Бұл хабар елден асып, шетке кетiп, Патшаның масқаралап арын төктi. Кетедi қыз жiгiтке күнбе-күн кеш, Түн түнеп, таң атқызбай келмейдi еш. Бұл iстер Ғалисина қолында едi, Кiсi едi бай менен бек патшаға өш. Патшаны сол реттен мазақ қылып, Отырды алуашыны озат қылып. Шыққанда оқуды оқып, бiр падиша: «Дарға ас» деп бұйырған ед азап қылып. Патша мен байдың және менмендiгiн, Мал құрлы алмайды деп ердiң құнын. Қолына тағдыр кiлтi түскеннен соң, Жоп-жорта отырғаны жасап бүгiн. Кек санап осыларды Ғалисина, Жүргенде күн iлгерi салып миға. Қолына ғылым құдiрет кiлтi түсiп, Дегендей патша болсаң күшiң жина. Сонымен рәсуа болып Мысыр ханы, Жан шығар күйге жетiп қысылғаны. Есiттi Бағдаттағы Харис жайын, Бiр ердiң патшаға айтып ысылғаны. Оның бұл Бағдаттағы жасағанын, Алтын ғып бәрiн шаңырақ, босағаның. Асырып басын бұлттан монша салып, Қызын тез келтiргенiн хан Сапаның. Iсiнiң тағы және басқаларын, Патшасын бүкiл араб астананың. Қаратқан ауызына бас игiзiп, Деп және мадақтаған басқа жағын. Осыған кеттi балқып Мысыр ханы, Аз ба бұл масқарасы қысымдағы. Сол айтқан Харис ердi келтiруге, Болыпты көпшiлiкке ұсынғаны. Айтыпты уәзiрлерге жылап тұрып: – Өлдiм, – деп орынынан құлап тұрып. Сол айтқан ғалымды бiз шақырайық, Дәл бүйтiп өлген жақсы жүрiп …* Бiздегi мынау жағдай болып тұрған, Бұл өлiм төбемiзге төнiп тұрған. Сапаның Бағдат ханы қызын алса, Дәл менiң түсiме ұқсас көрiп тұрған. Қалай да алдырайық осыны бiз, Жойылмай патша-сұлтан есiмiмiз. Жарқын жүз жақсы адамдар жiберейiк, Осыған бәрiңiз де қосылыңыз. Бұл сөздi мақұл алып барлығы да, Қосылды патшасының жарлығына. Көп тарту-таралғы алып сыйлықтар мен, Бағдаттың жүрiп кеттi хандығына. Хат жазған Мысыр ханы оған арнап, Алыстан әдемiлеп мысал қармап. Бағдаттың патшасына айтты сәлем, «Қабылда, бiздiң тiлек – сiзге бармақ. Шақырдық, келсiн Харис ғалымыңды, Есiттiк ұлы шаттық дабылыңды. Бақыттас Мысыр ханы көп қасiретте, Көрсет деп, жайдық құшақ, кәмiлiңдi». Елшiлер жай-жабдықпен жүрiп кеттi, Арада азды-көптi күндер өттi. Көп қала, сай, сахара жолда қалып, Бағдаттың қаласына келiп жеттi. Түсiрдi елшiлердi қонақ үйге, Құрметпен қарсы алыпты ұлы күйде. Тапсырып сәлем хат пен тартуларын, Не айтар деп жата бердi патша-биге. Патшасы Харисқа айтты: – Тақсыр ғалым, Болыпты дабыл, даңқың көпке мәлiм. Мысырдың падишасы хат жазыпты, Оған зор кез болыпты қайғы қалың. Қонбапты тәбибтерден ешбiр дәрi, Таппапты оған дауа халықтың бәрi. Сонымен сiз, бiзге арнап елшi салған, Заманның сiздi санап пайғамбары. Мынадай қымбатты зат берген сыйы, Машақат жұмысының түрi жиi. Түн бойы бiр алуашы азар жасап, Қалғандай қымбатының түсiп иi. Не айтасыз, мiне басым, соған барсаң, Айрылған ерлерi естен ерсең-қарсаң. Қайғысын ерте жетiп тыйсаң тастай, Болар ед үлкен абырой құрмет алсаң. Әрине, сiздiң қолдан келедi оңай, Сияқты Сапа менен бiздегi орай. Тұрамын тiлектес боп мен де соған, Тақсыр хан бұл уақиға сiзге қолай. Орнынан Әбiлхарис тiке тұрып: – Барайын қолдан келсе құрмет қылып. Падиша мұны естiп қуанғаннан, Құрметтi сөздер айтты шаттық құрып. Жол қаржы сәулетiне жазды бұйрық, Қымбатты көп зат бердi етiп сыйлық. Ақшалар, алтын, күмiс, лағыл, гауһар, Үйiлдi судай сұлу, құмдай құйылып. Мысырдан келiп жатқан елшiлермен, Бас қосып жүрiп кеттi бәрi жиылып. Көңiлдiң сондай жақсы қошыменен, Өмiрдiң түрлi толқын iсiменен, Мысырға шыққан күнi жеттi Харис, Қуатты ғылымы-симия күшiменен. Мысырдың падишасы күйiп-жанып, Шықпаған шыбын жаны тiрi қалып. Хабарын келе жатқан Харис ердiң, Қаныпты жiбергеннен хабар алып. Бұйырды бар адамын диуандағы, Қаланың келедi деп меймандары. Пайтақтың бар адамын шығарыпты, Жолына құрбан болып жиған малы. Көп жерден шықты алдынан сыйлық алып, Патшадан бұйрық-жарлық, билiк алып. Харис та тәртiбiмен амандасты, Дәстүр мен ғылым жолы жүйрiк анық. Харисты кiрдi елшiлер Мысырға алып, Бiр биiк жоғарғы үйге түсiрдi анық. Берiлдi сый-зияпат, түрлi тағам, Қымбатты шараптар да iшiлдi алып. Патшаның бұдан кейiн өз үйiне, Келiптi танысуға жай-күйiне. Қайғылы қыз әкесi қарсы алыпты, Келген соң iздегенi нық сүйiне. Орныша келтiрiлiп ғизат, құрмет, Желiнiп түрлi тағам, iшiп шербет. Отырып үш күн, үш түн еттi қонақ, Хал бiлмек түгелденiп шаттық күлмек. Патшада болса дағы iшу-алу, Iшкенi заһар едi, жегенi-ақ у. Мейманды не де болса күтiп болып, Сонан соң болсын дедi жағдай тану. Болған соң үш күн өтiп, төртiншi күн, Бастады өтiнiшпен сырдан мазмұн. – Ей, хаким, бiздiң басқа түскен iстi, Айтарға ауыз бармас арам, азғын. Дос түгiл бас кесiскен болса дұшпан, Келтiрiп айтты көп сөз әрбiр тұстан. Адамның баласының басына еш, Түспесiн бұл сияқты қайғы-пiшпан. Мен айтпайын, айтуға бармайды аузым, Бiлесiз жағдаятты өзiң, бауырым. Жын, перi, адамзаттың жұмысы емес, Болмаса бiр жабайы шайтан дәудiң. Баламды перiштедей бауда гүлiм, Қалдырып басты аяққа жауға күнiн. Шiркiн жан шықпайды екен ит қорлыққа, Себi жоқ өлмей тiрi сауға мұның. Айтылды тағы-тағы, сондай-сондай, Белгiлi тұрағы жоқ деген ондай. Күндiз бар күн шыққанда, түндерi жоқ, Айтпайын, әр айтқанда тұрмын оңбай. Бiлмеймiз қайдан келiп, қайда барған? Зор бәле зияндастай айдан арман. Есепсiз ғалымдар мен бiлгiштерiм, Бiле алмай еш дерегiн, жайға қалған. Шектiрiп сiзге бейнет алыс жерден, Үмiт қып, хабарлы деп әр iстерден. Шүкiр ғып жүзiңiздi бүгiн көрдiк, Көрерсiз араласа бар iстермен. Жүзiңдi, әлхам шүкiр, көрдiк бүгiн, Өртенген мен қоңыр қаз қалмай түгiм. Мен ендi айтып болдым, жағдай осы, Аспан мен жерден де ауыр артқан жүгiм. Есiтiп бұл жағдайды падишадан, – Iс өтпек, – дедi өмiрден, – жақсы-жаман. Сұлтаным, асып-саспа, сабыр сақта, Жасармын қолдан келсе достық саған. Кiтабын рәмилдiң қолына алып, Қапшығын ғылым хикмат жайып салып. Дөңгелек түрлi әрiппен сызу сызып, Үндемей бiраз уақыт тұрды бағып. Көтерiп басын жерден бiр заматта, Суды-су, топырақты-топыраққа, Айды-айға, күндi-күнге ұрыстырып, Отырды ой дариясын жүзiп шаққа. Бiр кезде терең ойға кеттi сүңгiп, Жазуын жазып-бұзып, басын шұлғып. Жаңадан дөңгелектеп және жазып, Жер-көктiң бәрiн шарлап қазыпты үңгiп. Оқыған шомды терең iлiмiне, Сүйенiп оқып алған бiлiмiне. Асты-үстiн аспан-жердiң кезiптi әбден, Жете алмай қиын ойдың күдiгiне. Жатқанда Әбiлхарис мұны қарап, Ғылыммен жер мен көктiң бәрiн орап, «Осылар не қарекет жасайды?» – деп Қарады Ғалисина етiп талап. Өзiнiң жасап қойған қарауылы, Қалдырмай хабарлады және мұны. Бағдаттан Әбiлхарис мұнда келiп, Табуға жатқандығын қарап мұны. Харистың қарап жатқан барлық жолын, Табуға адастырды, бермей орын. Үндiстан теңiзiне аумастырды, Патшаның қызы барып тұрған жерiн. Бiр ғажап теңiзде ғып адастырды, Теңiзде жазира етiп шатастырды. Айнала жанып жатқан оттан қамал, Бiр құжыра от қамалдан қаластырды. Iшiнде сол құжыраның қыз бен жiгiт, Көрсеттi отырған ғып ойнап-күлiп. Бiрақ та қай мемлекет, қайсы теңiз, Айыру табылмады оны бiлiп. Теңiздiң ортасында жазира арал, Аралдың бiр жерiнде оттан қамал. Қамалдың қуысында тұрған құжыра, Аралдың керек болды ат-есiмi дәл. Бiле алмай осыларын болды сарсаң, Айырып кете алмады, қағып алшаң. Патшаға iлтимас қып айтыпты аздап: – Келтiрсең, балаңыздан жауап алсам. Мысырдың патшасының қызы келiп, Сөйлептi сұрастырған iзiне ерiп. Қаншама жағдаятын айтқанменен, Тағрибы табылмапты түзуленiп. Себебi Ғалисина бiлiп тұрды, Алдынан адастырып бұрып тұрды. Бұрмалап, айқын жолдан алжастырып, Мұртынан, көзiн қысып, күлiп тұрды. Ғылымға Ғалисина теңiз едi, Жасынан зейiнi өткiр негiзi едi. Синаға Әбiлхарис қарағанда, Айтарға бiр тамшы су лебiзi едi. Ғылым хикмат, ғылымы симия, ғылымы кимия, Ғылым ихпа – ғылымдары бүкiл дүния. Бейне ол Бақыра мұхит едi терең, Секiлдi енi ұзақ, түпсiз дария. Сондықтан екi туған сондай сарас, Мәселе бiр қыз үшiн осы талас. Алдынан абыройсыз алжастырды, Қапа ғып қадiрлi ердi қылмай қалас. Асығыс Әбiлхарис еттi бiр iс, Тұрған соң қайбiр iсi болмай дұрыс. Өткiр тiс, алмас тұяқ, бiр қаршыға, Ұстатты қыз қолына, дедi: – Бұл құс Есiкке өзiң кiрер барғаныңда, Есiктен iшке назар салғаныңда, Жiгiтке қаршығаңды жiбер дереу, Дауа жоқ салмай қалсаң арманыңа. Тезбе-тез сала қалсаң, жылдам барар, Мойнынан басын үзiп, iшiн жарар. Сол жерде көз ашқанша жаны шығып, Қалдырмай өкпе бауырын суырып алар. Бұдан соң сол бәледен құтыларсың, Орындап салмай қалсаң тұтыларсың. Жат нәрсе бұл жерде жоқ тапсаң бiр зат, Ала кел келерiңде, есте қалсын. Ұмытпа осылардың бiр де бiрiн, Таппадым бұдан басқа iстiң түрiн. Жау екен пiрi күштi, түрi жаман, Әзiрше алжасып тұр тапқан ғылым. Ала кел сәтi келсе тапқан затты, Қараймыз соған қарап әр тарапты. Ыңғайы келе қалса, зат ап келсең, Табармыз келген заттан ол қарақты. Төзбедi Әбiлхарис ұялғаннан, Қызметi бiтпеген соң қиялға алған. Жасады алмас тырнақ бiр қаршыға, Ғалиды айыруға шырын жаннан. Қолына берiп қыздың қаршығасын, Дегендей бәледен бас аршып алсын. – Кiргенде есiгiнен құсты жiбер, Алмадай жiгiтiңнiң алар басын. Харистың айтқан сөзi қызға қонды, Қыз да әбден ұялумен ыза болды. Түн болып, бiр үй жатып, бiр үй жатпай, Белгiлi отау үйге қыз да келдi. Қызға ол құсты берiп жiбергенде, Ашуы ыза кернеп түнергенде, Жiгiтке: – Орамал жап құсқа, – дептi, – Мықты бол қыз есiктен кiрер жерде. Қаршыға басыңды алар сақтанбасаң, Бүркiттей одан бұрын баптанбасаң. Ғалымы алып келген не iстер деп, Солайша жатыр екен бағдарласам. Жағдайын осыны айтып түсiндiрдi, Жiгiттi қайрап әбдеп ысылдырды. Қыз келiп қаршығаны жiбергенде, Үйреткен ұстазының iсiн қылды. Құс келiп, алмас тұяқ жолағанда, Оралды орамалға орағанда. Домалап кесек болып жерге түстi, Ете алмай ешбiр зиян ол адамға. Өкпе айтты ашығына жiгiт тұрып: – Мен жүрмiн сiзден ұзақ үмiт қылып. Достыққа сiз қалайша қастық еттiң, Барлығын ұлы үмiттiң ұмыттырып? Мен сiздi бiлмеушi едiм алыс жүрiп, Шақырдың менi өзiңе таныстырып. Улады махаббатың жүрегiмдi, Ойыма ышқы отыңды жабыстырып. Өтiнiш айттың өзiң келiп тұр деп, Күнбе-күн алуаңыздан берiп тұр деп. Сиқырлы махаббатты тiлiңменен, Тигiздiң ғашық оғын маған да бек. Сiлтеген сенiң бұрын оғың тиiп, Берiлдiм соның үшiн жанып-күйiп. Жазығым шақырумен жанасқаным, Адастың менi өлiмге қалай қиып? Қызарып қыз ұялып қызыл гүлдей: – Адастың, – дедi, – достым түзу жүрмей, Қосылмай ақ некемен көп алдында, Ақылдан айрылды әкем iзiң бiлмей. Көзге бiр жын-шайтандай көрiнбедiң, Ерiксiз елден ерек ерiнбедiң. Әуелде күндей көзге көрiнсең де, Сырыңның түрiн шешiп, берiлмедiм. Адамнан болмау мүмкiн мұндай жұмыс, Болса егер ешбiр кiсi демес дұрыс. Мұсылман жолыменен жүргендерге, Өзiң айт ылайық па осы жүрiс? Жортуыл түнде жасап, жаттым күндiз, Басқа емес, бұған куә ай мен жұлдыз. Баласы патша-сұлтан былай тұрсын, Жүрмейдi мендей бүйтiп еш те бiр қыз. Ұялып ашығынан айтты жiгiт, Тоқталып тоқыраумен тiзе бүгiп: – Ай-күнi мәңгi сөнбес махаббаттың, Айтарға тiлiм жүйрiк, көңiлiм сынық. Деген сөз «кiлтi аспанда кiсiдегi» Мысалдап осыны ойға түсiредi. Ғалымы ғалымдардың Ибн Сина Дүнияның ең бiрiншi мүсiнi едi. Ей, жайнаған жанымның сен шын гүлi, Мәңгi сөнбес махаббаттың сен күнi. Ашығыңның айтқанына сенсеңiз, Өтiнiш қып сан мың айттым мен мұны. Арызымды айттым ұлық пiрiме, Қанағатым тоймай ұзақ түнiңе. «Әкесiнен алып бер», – деп айқындап, Мың мәртебе тiлек еттiм күнiне. «Мақұл» дейдi, айтқанымды етпейдi, Көп сөйлесем көтермейдi, «тек» дейдi. Сондықтан да шынымды айттым, ғашығым, Әйтпегенде онсыз мақсат бiтпейдi. Бiрақ маған мынадай бiр айтты сөз: «Машақатсыз мақсат рақат бiтпес тез. Сабыр жаса, уақыты бар оның», – деп, Ақылы сол: «асықпа оған, балам, төз». Осыны айтып және достық сыр берiп, Шарап iшiп, тағам жесiп гүлденiп. Қызыл түстi пiл балықтан бiлдiрмей, Қалтасына салды сұлу бiр бөлiк. Дастарқанда барлық тағам ерекше, Мысырдағы тағамдардан бөлекше. Қандай ғажап тағамдар деп қызығып, Көрсетуге алды соны керекше. Алуашы ер және ұстазын мақтады, Мақтап-мақтап, айтып-айтып тоқтады. Кезегiнде Ғали ерге айтты қыз: – Бiр сөз айтам, ғашық жарым, тоқта әлi. Көп мақтадың ұстазыңды асырып, Артық ғылым жерде жатпас басылып. Ғылым күшi жетер болса атама, Бiлiнбей ме, жүрмей өзiн жасырып. Бүйтiп бiздi шерменде етiп қорламай, Тәртiпсiздiк ұятынан қорғамай. Жолыменен мұсылманның дiнiнiң, Берер едi бiлiнсе әкем талғамай. Ғали бала айтты және өтiнiп, Махаббатпен қысып сүйiп, бекiнiп: – Айтқанымда ұстазыма осыны, «Иншалладан» басқа айтпайды отырып. Соныменен сабыр сақтап бойыма, Сенен басқа зат сақтамай ойыма. Ылажсыздан шыдап жүрмiн гүлiм деп, Ойнап-күлдi махаббатқа бой ұра. Көңiлi тынып, жайнап ойнап жастардың, Айы батып, күнi шығып аспанның. Сарайына келдi сұлу кезiнде, Әбiлхарис, патша-сұлтан, достардың. Хабар бердi барып қайтқан жолынан, Не көргенiн, оңы менен солынан. – Мынау менiң ап келгенiм, ата, – деп, Пiл балығын ұстатыпты қолынан. Әбiлхарис алып көрiп қолына, Шештi қарап ғылым, хикмат жолына. – Таптық, – дедi, – барған жайын бұлардың, Келе қалса алған жұмыс оңына. Үндiстан дер, бiр мемлекет, қала бар, Дариялары, жазирасы және бар. «Масақия» ат қойылған жазира, Жазираны оттан қора – ор алар. От қораның ортасында жайы бар, Жайдың жарқын күн, жұлдызы, айы бар. Жұлдызыңыз сол айтылған жайда екен, Патшасына хат жолдасаң табылар. Рәмил ғылымын қамсыз үшiн және ашты, Әр тараудан дәл табуға жол ашты: – Осы айтылған Масақия жазира, Үндiстандық мемлекеттiң қол асты. Алжастырды Ғалисина Харисты, Жақындатып, адастырып алысты. Өмiр-өнер жатқан егес бәсеке, Аплатоннан асырды айла-әдiстi. Ибн Сина Харис ердi аңылып, Жатыр екен дегендейiн нағылып. Табу жайын қарап жатқан жолынан, Адассын деп табар жайын жаңылып. Бұрды жолын Үндiстанның жерiне, Масақия аралының шегiне. Ғалисина теңегенде Хариспен, Ұқсар едi мұхит теңiз тегiне. Алжастырды сөйтiп туған бауырын, Қараңызшы сиқырлы өмiр ауырын. Егер мұндай етпегенде ғалымға, Табар едi қала, дала, ауылын. Әбiлхарис патшаға айтты: – Табылды, Ендi алыңыз сабыр етiп дамылды. Үндiстанның патшасына хат жолдап, Хабаршы ғып жiбер бiрер кәмiлдi. Мысыр ханы мұны естiп ғалымнан, Тапты бiрер сөзге шебер кәмiлден. Он бес, жиырма жолдасымен сый артып, Жәрдем тiлеп кеттi жүрiп Тәңiрден. Қымбат баға заттар менен елшiнi, Баласы үшiн дүние аямай еншiлi. Су жүзiмен жүрiп кеттi елшiлер, Мәлiмсiз боп қашан көңiлi көншiрi. Күндiз келiп, сұлу да жүр түн кетiп, Талай елге, талай жерге үн жетiп. Таң-тамаша тоқтамады түн болса, Елшi жайын сөз қылайық сыр етiп. Жүрдек қайық желкем шатыр ұстаған, Iшi тола сауқат-сәлем, үстi адам. Армай-талмай Үндiстанға жеткен соң, Падишасы қарсы алысып қоштаған. Талай қымбат тартуларын тапсырып, Сәлем хатын тағы бердi нұсқаған. Қонақ қылып елшiлердi құрметтеп, Табанына төсеп кiлем испаһан. Жазған хатын және оқыды Мысырдың, «Дерегiн тап, ұстап сондай кiсiмнiң», – Деген сөзiн оқып болып қалдырмай, Басын шайқап, дептi күлiп: – Түсiндiм. – Тапқанына таңмын, – дептi, – ғалымның, Үйi күйсiн қиянатшыл залымның. Масақия жазирасы бары рас, Көмiлген от ортасында жалынның. От iшiне мүмкiн бе адам кiруге, Қып-қызыл шоқ қыздың халiн бiлуге. Көп керуендер жанып кеткен жел айдап, Жан батпайды олай қарап жүруге. Мәңгi заман от тұтасқан ол арал, Күндiз-түнi, қысы-жазы ол жанар. Өзi кiрiп көрсетпесе ғалымның, Жаннан безiп от iшiне кiм барар? Аплатондай ғалым екен тамаша, Тапқан ғылым iс етпеген жараса. От iшiне қалай айтқан кiрсiн деп, Жас нәресте, емшектегi балаша. Ғалым кiсi оқуменен жасынан, Көп жұмыстар көрмес мүмкiн басынан. Патшасы да былай тұрсын Мысырдың, Бiр азамат түсiнбей ме осыған? Жеткiз сәлем ғалымыңа бiздерден, Отқа кiсi кiре алмайды бiр көрген. Келiп мұнда өзi кiрiп көрсетсiн, Үлгi алалық пайдаланып сiздерден. От iшiне адам кiрiп жүре ме, Жас жiгiттер жанып кетер қызға ерген. Сәлемдi айт, елiңе қайт жылдам, – деп, Елшiлердi қайтарыпты iзденген. Келдi елшiлер машақатпен Мысырға, Қатты ұялып мысқылдаған қысымға. Елшiлердi қатты аңсаумен қарсы алып, Алды топпен сол сағаттың тұсында. Елшiлер де хат тапсырды қарсы алып, Қуанышпен қуаттанып құрсанып. Сәлем хатын оқығанда отырды, Ғалымы да, патшасы да тамсанып. Хаты мынау қағаздағы арнаған, Шындық тiлмен шымшып, қамтып қармаған: «Құрметпенен хатыңызды қарсы алдық, Түсiнбеңiз «екен-ау, – деп, – алдаған». Рас, бiздiң теңiзде көп аралдар, Масақия деген сонда арал бар. Бiрақ сондай жайнаған от жалынға, Жанған талай жақындаған жарандар. Рақым ет, соны бiлген ғалымға, Алғыс айтты жас жiгiт пен кәрiм де. Өзi келiп үлгi болып көрсетсе, От iшiне үйренерсiң бәрiң де. Кiрсек бiздер отқа күл боп жанармыз, Көре бiле шоққа қалай барармыз. Айып етпе, Мысыр шаһар патшасы, Үлгi болса, бiз де сонда нанармыз. Жiберiңiз Үндiстанға ғалымды, Хатыңызбен қандайлығы танылды. Мәжiлiсте қымбат лебiз көрсетiп, Кешiп берсiн қайнаған от жалынды. Аплатонды бiз де танып көрейiк, Алға түсiп басшы болса ерейiк. Өзi күймей от iшiне бастаса, Басымызды жолыңызға берейiк». Ендi елшiлер келе берсiн қалаға, Нелер болды Мысыр – Каир қалада. Соны айталық, сөз салқындап кетпесiн, Нелер көрдi Ибн Сина және де. Ғалисина барып түсiп моншаға, Тазаланып тысқа шығып қаншама. Екi тиын өтеу үшiн ақысын, Қалтасына салса қолын сол шама. Ақшаларын үйде ұмытып қалыпты, «Уа, әттең?» – деп өкiнiшке қалыпты. – Ақшаңызды үйден алып келгенше, Сабыр ет, – деп әмиянын салыпты. Қасис едi монша иесi оңбаған, – Қанеки, – деп қолына алып сол заман. Пәрменiнше лақтырып жiбердi: – Ақымақ кедей ақым бер, – деп, – сен маған. Айтты бiраз шыдаңыз деп өтiнiп, Қазiр ғана берейiн деп келтiрiп. Жағасынан ұстап алып Синаны, Азарлады жiбермей-ақ өлтiрiп. Айқай болып жатқанында арада, Бiреу келiп кiрiсiп сол шамада: – Екi тиын ақшаң үшiн байғұсқа, Ұят болар, азар берiп бола ма. Мә, керегiң екi-ақ тиын болса, – деп, Бере салды, – пұл емес қой онша көп. Бiрақ қатты азар болды Синаға, Арзиды екен «бұған нелер қылса» деп. Сөйттi дағы пеш жағына моншаның, Бiр қарады оты сөндi сол шағын. Көп кiсiлер мұз боп қатып дiрдектеп, Көрсек бiлiп есiгiнен қоршауын. Сыймай қалды есiгiне үймелеп, Босағасын бұзып шықты кимелеп. Ешбiреуi монша ақысын бермедi, «Ақша түгiл, бұған қымбат ине» деп. Кете бердi бiр-бiрiне қарамай, Қабiлеттерi қарауға да жарамай. Кейбiреудiң сақалына мұз қатқан, Дiр-дiр етiп сөйлеуге ерiн жоламай. Кейбiреулер үсiп қатқан қалшылдап, Аузын ашып балағаттап аршындап. Кеттi бәрi моншашыға жоламай, Өтiнсе де құлақ салмай сәл шыдап. Моншашы кеп моншасына қараса, Қаһарлы қыс орнап қалған тамаша. Қарағанда бетiн боран қарыпты, Он тоқсаннан суығы артық санаса. Қар бораған моншасына мұз қатып, Он күн өртеп жылыта алмас мызғатып. Қожайыны қарағанда моншаға, Тұла бойын кеттi боран мұздатып. Iшi-бауыры тұра алмапты қалтырап, Аяғын да баса алмапты самтырап. «Қалай да осы келдi ғой, – деп, – дәруiштен», Кете бердi көзi аларып жалтырап. Амал нешiк, өкiнгенмен iс өттi, Қолдан келер мезгiл асып күш кеттi. Бұл уақиға есiтiлiп қалаға, Әрбiр кiсi әр түрлi бiр кiсi еттi. Бүкiл Мысыр хабарлантып қаланы, Патшаның да құлағына салады. Әбiлхарис, патша-сұлтан, көп кiсi, Сол моншаға бәрi барып қарады. Барып көрсе, соғып тұрған үскiрiк, Қияметтей алай-дүлей ысқырып. Айтқаннан да әлденеше артықша, Шiлде, аптапта қалған мұнда қыс тұрып. Көрiп бұлар қолмен басып жүрегiн, Сұрапыл күн сыпырғандай жүгенiн. – Не ғаламат, бұл қиямет белгiсi, Әбiлхарис айтсын, – дептi, – түгелiн. Патшаға айтты Әбiлхарис: – Шошынба, Бұл бiр хабар сiздiң қызға қосымша. Сан уақыттан сарсаң еткен сиқырлар, Мархабат ет, екен бәрi осында. Ендi ашылды табылғандай тазасы, Көптен қашып кетсе де iстiң мазасы. Айдап келсе тауып оңай табылар, Оты сөнген моншашының қожасы. Мынау сөздi хан есiтiп қурады, Ашу қысып жан жүрегi тулады: – Кiм екенiң анықталды сенiң де, Отты тiлмен кесiп, тiлдеп турады. Елшi жолдап Үндiстанның ханына, Жан жоласа өртенер деп маңына. Масақия от аралда олар деп, Айтпадың ба өлшеп намыс-арыңа. Және бүгiн деп айтасың Мысырда, Ғалым сондай айтар ма сөз ысырма. Ар-намысым дұшпаныма тапталып. Аз ба менiң жүргенiм бұл қысымда? Диуан халқы мұны түгел есiткен, Сабыр бердi отты сөзден өршiткен. Айтқаны жөн Харистың деп көпшiлiк, Моншашыны таппақ болды кешiккен. Адам салып моншашыны алдырды, Кескiнiне сұрағанды қандырды. Киiм-кешек қыз көргендей болған соң, Көлемдегi көпшiлiктi нандырды. Моншашымен салыстырып қыз сөзiн, Екi сөз де бiрдей шығып, бiлдi өзiн. Моншашының адам қосып жанына, Iздеп шықты табармыз деп бiр кезiн. Моншашы да қоймай баян қылады, – Танисың ба, кез болсаң? – деп сұрады. – Екi көзiм ағып түсiп қалмаса, Ант айтқандай кiжiнумен тұрады. Моншашыны алға адамдар түсiрдi, Қуанды ол «Табамын, – деп, – кiсiмдi». Бiз айтайық елшiлердiң жайынан, Моншашымен iздей берсiн Мысырды. Елшiлер кеп Үндiстаннан сағынып, Қарсы алды оны патша-сұлтан жабылып. Ахуалдарын өздерiнiң айтқан соң, Хатты бердi көп тоқтамай аңырып. Хатты бердi Әбiлхарис ғалымға, Көпшiлiкке айтты: – Тыңда бәрiң де. Iлгергiше жазғандарын есiтiп, Ұялумен тұрды бәрi, әрине. Бiрер сағат қалды үндемей топ халық, Не айтарын бiлмей тұрды тоқталып. Бiр уақытта Әбiлхарис тiл қатты: – Тұрмалық, – деп, – текке қарап дағдарып. Қыздан және пiкiр алып, сыр тартсақ, Тек тұрғаннан бола бермес бұл да алшақ. Мүмкiн, мұның сәтi болып табылса, Ол жағынан және хабар бiр алсақ. Мысыр ханы көп ренжiп iшiнен, Келер iсi болмаған соң күшiнен. – Өзiңiз бiл, – дедi, – тақсыр, ықтияр, Кереметтей ғылымыңыздың iсiмен. Бұдан кейiн қызды ап келiп сұрады, Деген оймен бiр нәтиже шығады. – Барасың ба аяғыңмен жер басып, Ақыл-есiң қай түрлi боп тұрады? Көзiңдi ашып барасың ба, я жұмып, Болмаса естен танасың ба бұзылып? Барар жерiң iшiнде ме қаланың, Алысқа ұзап кетесiң бе көп шығып? Қыз сөйледi: – Жаңылмаймын өзiм де, Жүгiремiн жұмбай ашып көзiмдi. Жан-жағымнан жiппен шырмап тартқандай, Өз бойыма бермейдi күш төзiмдi. Жарты жолға есiм жоймай барамын, Барар үйiм iшiнде осы қаланың. Жарты жолдан арғы жерде азырақ, Шамаласам, ақыл-естен танамын. Бармауыма қалмайды еш мүмкiнiм, Шiрiп түскен менiң өмiр шiркiнiм. Адаспаймын, басшы ұстазын танимын, Iздесеңдер, бастайын мен, жүр бүгiн. Харис айтты падишаға: – Бұйрық бер! Есiктерiн шықсын бекiп бар үйлер. Ауыстырып қызымыздың киiмiн, Тексерейiк тапсақ, мүмкiн, тәуекел. Осылайша үй қалдырмай тексерiп, Көше сайын қаралды әбден екшелiп. Мұны бiлдi Ғалисина Аплатон, «Бiр көрiну керек, – дедi, – ескерiп». Мысыр – Каир тарихта үлкен қала едi, Даңқы шыққан тұңғыш салған шәр едi. Өкiметтер мәслихат қып тарайтын, Бiр көшеде кең мекеме бар едi. Сина келiп сол мекеме қасына, Сылтау етiп бiр жұмысқа асла. Тұрғанында iздегендер кешiкпей, Келiп қалды қызбен бiрге қосыла. Монша иесi көрiп танып Синаны, Жолдастарын хабарлантып жинады. – Мiне, мынау боран қылған моншаны, Патшаны да масқаралап қинады. Патша-сұлтан жендеттерге нұсқады, Жендет барып Синаны тез ұстады. – Уа, сиқыршы, тарт жазаңды, жүр-жүр! – деп, Жағасынан қыса тартып қыстады. Айтты Сина: – Жоқ сендермен жұмысым, Сөздiң тура сөйлегенде дұрысын. Тәңiр деген мен бiр пақыр адаммын, Қой, шырағым, жаман сөзi құрысын. Тыңдамады, жендет келiп жабысты, «Таста, таста қисық, қыңыр шалысты». Дар астына келдi тартып сүйрелеп, «Пәтшағарлап» басқан арды, намысты. Дар астына тарту үшiн келгенде, Тiлдеп, түйреп, азар ақырет бергенде. Күлдi бәрi, мазақ қылып көпшiлiк, «Иттей болып өлдiң-ау, – деп, – өлгенде». Халық көрiп ер Синаны қанықты, Ғалым Сина көрдi айнала халықты. Көз ашқанша қарап тұрса Сина жоқ, Көрсе жендет екеу болып қалыпты. Айырымсыз екеуiнiң түр-түсi, Киiмi де, кескiнi де бiр кiсi. – Ойбай, мынау Сина, жендет менмiн, – деп, Қышқырыпты қорқып, келмей тұрғысы. Ғалисина айтты: – Қара залымды, Сиқыр залым алдастырып бәрiңдi. Алмастырып көз алдымда мен болып, Айнымайтын суретiме салынды. Патша айтты: – Кетсiн бүгiн қайғы-дерт, Сиқырымен сөнсiн бүгiн жалынды өрт. Екеуiн де дарға бiрдей тартсаңдар, Бұзылмақшы сиқырдағы барлық шарт. Бұзылмаса екеуi де құрысын, Бас қатырмай айтсақ сөздiң дұрысын. Жоғалт көзiн, екеуiн де дарға тарт, Бiр кiсiнiң тiлемей-ақ тiрiсiн. Салды патша «дұрыс па?» деп қазыға, Патша сөзiн дұрыс дедi қазы да. Қошеметте құлдық қылып ұқсап тұр, Аңшыға ерген алтын қарғы тазыға. Екеуi де бiрдей жылап жалынды, – Төкпеңiз, – деп, – менiң нақақ қанымды. Суретiме кiрiп алған сиқырмен, Дарға тартсаң мақұл мынау залымды. Бiреуi айтты: – Жүһа жылан арбады, Бұдан басқа айтар амал қалмады. Шын залымның өзiн жылдам тарт дарға, Бұл майданда қалай көптi алдауы. Жұрттың бәрi жар шақырып жиылды, Зор тамаша табылғандай тиiмдi. «Осындайдан сақтай көрсiн Құдай» деп, Қара халық Тәңiрiсiне сыйынды. Екi жендет жан шошырлық түрiнен, Бiреуi iрi емес тiптi бiрiнен. Жендеттердiң бастығына бұйырды: – Тiлла дарға тарт, – деп, – өзiң мұны сен! Жендеттердiң бастығы iрi кiсi едi, Және мықты көзге, көркем мүшелi. Бастық барып дарға асуға жатқанда, Ғалисина сол суретке түседi. Қас қаққанша түстi соның түрiне, Тартылатын екеуiнiң бiрiне. Өзi болып жендеттердiң бастығы, Ана екеуiн байлады дар жiбiне. Ойбайлады сонда жендет бастығы, Артылды деп жауыз сиқыр қастығы. – Уа, тақсырлар, бұл бәледен құтқар! – деп, Дат, парияд қып көзiнен жас шашты iрi. Ғалисина бас жендетке аунады, Патшаның да қаны қайнап қаулады. – Қалай-қалай былшылдайды, тарт дарға! Жын-шайтанның бола алмаймыз аунағы. Бүкiл Мысыр хабарланып қаласы, Тамашаға жұрттың бәрi барасы. Ғалисина қолға түстi, өледi Дегендi естiп зар еңiрептi баласы. Сасқанынан алуашы жүгiрдi, Жеңiлдеткен қорғаным деп жүгiмдi. Ол да өзiнше жүре бердi бүркенiп, Хабарды естiп қатты шошып бүгiнгi. Ғалисина бастығы боп жендеттiң, Екеуiн де тартты дарға «жүндеп» тым. Қайтып келiп орындадым iстi деп, Рұқсат алды «қызмет бiттi, мен кеттiм». Патша рұқсат бердi: – Рақмет, бар, – дедi, Мәңгi заман бақытты боп қал, – дедi. – Әмiрiңiздi орындадым, сұлтаным, Кеттiм басқа қызметiме ал, – дедi. Шыға берiп алмастырып келбетiн, Қарап тұрды дарға тартқан жендетiн. Жаны шығып өлгеннен соң бiлiндi, Көре алмастай зор масқара елге тым. Екен бiрi – жендеттердiң бастығы, Бiреуi екен жай жендеттiң жас бiрi. Мұны көрiп патша-сұлтан өкiндi, Зорайды-ау деп бұл залымның қастығы. Қуанған ед патша-сұлтан шаттанып, Құтылдым деп зор бәледен сақтанып. «Һамайунжан құтылды, – деп, – қырсықтан», Отыр едi мәз-мейрам боп баптанып. Дарға асылып екi жендет өлген соң, Бас жендет пен жай жендетiн көрген соң, Сақал-мұртын қолмен тарап тiстенiп, Қатты өкiнiп, қапа болды бiлген соң. Қатуланып қабақ түйiп қазыға, Жаман көзбен қарап айтты жазыла: – Кiтабыңа қарап iсте, – деп едiм, Итке ұқсадың – жылмаңдаған тазыға. Екi адамның қазыларға обалы, Тура болмай шықты еткен амалы. Сендердi де тiлла дарға тарттырсам, Болдыңыздар жамандардың жаманы. Қазылар бұл сауалға сөз таба алмай, Ұялып һәм қорқумен қозғала алмай. Үйiне Ғалисина қайтып келсе, Алуашы баласы отыр үрейi қалмай. Келген соң қол алысып амандасты, Не болып, нелер өтiп – хабарласты. «Шүкiр» деп Ғали бала қуаныпты, Алдында жылап көзден төккен жасты. Сонымен кезектесiп күндер өтiп, Көрiнбей Ғалисина серуен етiп. Зәуқайыр әлдеқалай келiп қалды, Қазылар отыратын жайға жетiп. Бұларды шешкен едi арам санап, Парашыл, қошеметшiл арамтамақ. Күнәсiз екi кiсi өлiмiне, Қазылар патшадан соң болған себеп. Патшаға артқан жаза жеткiлiктi, Салмағы таудан ауыр берген жүктi. Қазылар отыратын келсе жайға, Мұңсыз боп күлiп-ойнап отырыпты. Iсiне қазылардың тұрды қарап, Етуге бiр масқара көңiлi қалап. Көмекшi мүфтиi мен хатшылары Айнала қаумаласқан басқа да орап. Бiр затты сол сағатта ойына алды, Отырған тобыменен қазыларды. Көз көрген адам қайран қаларлықтай Бұларды бiр шерменде iске салды. Отырған мекемесiн ұмыттырды, Хатшысы әйелi боп күлiп тұрды. Түн болып үйлерiнiң төсегiнде, Көздерiн ұйықтау үшiн жұмып тұрды. Еркi бар ер-әйелдiң есенiнде, Некелi ерлi-зайып есебiнде. Қазысы хатшысына тырмысыпты, Ерiктi жатқан болып төсегiнде. Ұят деп көрiнбептi ымдағаны, Айтқанын құшаққа алып тыңдамады. Мажалы қашуына келмей оның, Наз еткен жұптысындай тырбанады. Бұл дептi көп сөздi қой жетер назың, Тұрғанда жүйрiк аттай келiп сазым. Алдына салып ұрып iстей бердi, Тыңдамай айтқанының көп пен азын. Көргендер көзiменен қатып қалды, Қызыққа қатты күлiп батып қанды. Жармасып жанындағы және бiрi, Хатшысын ол да әйел ғып жатып салды. Бiреуi ер, бiреуi әйел болды бәрi, Бiтуде өздерiнше ойға алғаны. Сиқырлап сырттан келiп қарағанда, Мейлiнше көрiп тұрды масқараны. Өзiнше қазылардың ойлауынша, Масқара жұмыс емес бүйткен мұнша. Некелi жұптысы боп бiрге жатқан, Қайтсем де еркiм бар деп таң атқанша. Теп-тегiс көзге түсiп көсiледi, Меншiктi меңгергендей несiбенi. Қазылар отыратын мекеменi Үһiлеп ентiгумен көшiредi. Қалмастан қарап жатыр халық бiткен, Алапты, айналаны алып бiткен. Астына биiгiрек басқыш қойып, Жас-кәрi масқараға қанып бiткен. Көргендер күлiп көзден жас аққанша, Қазылар iсiн iстеп босатқанша. Көргенi көпшiлiктiң күндiз тал түс, Қараңғы қазыларға таң атқанша. Ғылымның құдiреттi бұл бiр күшi, Берiлген адамзатқа ғажап iсi. Тамаша жас жандарға таңырқарлық, Мейлiнше мекеменiң толған iшi. Жалбарып хатшылардың жалынғаны, Тыңдамай жалбарғанын ғалымдары. Жынды боп танғансыз ба естен, Назды қой деп құшады әйел жаны. Кеңсе[ге] келген жандар арыз берiп, Келгендер тамашаға тәрiзденiп. Қарасып қазыларға халық бiткен, Тұрысты көбi менен азын көрiп. Қалмаған көшенiң де адамдары, Аралас жақсылар мен жамандары. Япыр-ай, бұл не деген масқара деп, Халықтың хабарланды тамам бәрi. Естiлдi патшаның да құлағына, Жайылмай мұнша әңгiме тұрады ма, Иланбай ұят сөздi айтпаңдар деп Айтса да, болмады ақыр шыдауына. Жiбердi бiлiп кел деп бiреулердi, Рас па, өтiрiк пе олар келдi. Қарауға көпшiлiктен есiк таппай, Құралдың күшiменен күштеп ендi. Кеңсенiң келсе сасық iшi мүңкiп, Жабыла қазы жатқан қазып үңгiп. Кеген ер анығына қанды әбден, Қызыққа терең-тайыз батып сүңгiп. Еш нәрсе көрiнбеген көздерiне, Ашқандай үлкен базар өздерiне. Жиналған жұртшылықпен жұмысы жоқ, Керуендей жетпей қонбас өз жерiне. Айтылып адам айтпас ұят сөздер, Есiтпеген, көрмеген құлақ, көздер. Кетсе де аспан мен жер аударылып, Дегендi тыңламайды мұндайды өзгер. Халықтың болмаған iс арасында, Мысырдың береке[лi] қаласында. Патшадан кеген кiсi көрдi әбден, Перденiң Сина құрған панасында. Бiр кезде Ғалисина жарар дедi, Бұл хабар дүнияға тарар дедi. Пейiлi қазылардың нақ осындай Тарихқа таңба болып қалар дедi. Қазылар сол пұрсатта көзiн ашты, Жиналған көрдi сансыз кәрi-жасты. Орнынан шапшаң тұрып шалт киiнiп, Көлiктен ырғып түсiп жердi басты. Қазылар сыр бермептi ұялғаннан, Тануға мойынға алмай қиялданған. Көпшiлiк көзбен көрген тырп еткiзбей, Мойнына қазылардың артып салған. Бұл iстен падиша да хабарланды, Халық пен қазыларды сұрауға алды. Көпшiлiк қазыларды мойындатып, Өлтiрдi қан сасытып құрып дарды. Бұдан соң Ғалисина қайтты үйiне, Өзiнiң бұрынғыша жай-күйiне. Алуашы әр күн кеште қызды алдырып, Тоймады қызығына жан сүйiне. Алуашы Синаның кеп алды қолын: – Болсын, – деп, – мәртебелi барлық жолың. Ғылымның бейне мұхит дариясы, Шаһлардан сан есе артық алдың орын. Менiң бiр сiзге айтарлық өтiнiшiм, Жатса да еркелеймiн жетiп iсiм. Күндiз жоқ, түнде ғана дамылдаймын, Күндiз де түгел болса көңiл хошым. Ұстазым, сiзге оңай, бiзге қиын, Күндiз де болса дайын түнгi сыйың. Сағынам кеш батқанша келiнiңiздi, Жалындап ашық оты, ашып миым. Бiр оңай ғылым үйрет көрiнбейтiн, Басқаға бiлiнбейтiн, берiлмейтiн. Отырсам қыз қасына күндiз барып, Менi – ұлым десең, оны – келiн дейтiн. Сина айтты: – Ет қанағат, Ғали балам, Тұрақсыз ұят iске болма алаң. Ғаламның барлық мүлкiн тұрса да ұстап, Аждаһа тоймас дұшпан, нәпсi арам. Деп қанша айтқанменен тыңдамады, Сина да көп айттың деп құндамады. Бiрақ та түн болғаннан таң атқанша, Жiгiттiң ол мақсаты құр болмады. Дегенмен мiсе қылмай жiгiт түнге, Қыз дайын тұрса дейдi және күнде. Синаға айтты және: – Үйретпесең Өлемiн сахараға қаңғып мүлде. Еңкейiп екi аяғын ердiң сүйiп, Ақ жүзi еңкейгенде жерге тиiп: – Мұхиттың теңiзiндей ғылымыңыздан Бiр тамшы бермедiңiз маған қиып. Үмiтiм едi менiң есепсiз көп, Бiр тамшы шамасындай қимадың тек. Ақыры достығыңның мағлұм болды, Қасыңда тұрып қалай өлемiн, – деп. Сөзiне шәкiртiнiң босап ерiп, – Мақұл, – деп айтып салды көңiлденiп. Ғылымның көрiнбейтiн бiр жеңiлiн Үйреттi тәртiбiмен сабақ берiп. – Жүргем жоқ мұны, балам, саған қимай, Қаупiм бар күмпие ме деп iшке сыймай. Қаңбақтай желдi күнгi жеңiл болсаң, Көзiңнен жас сорғалап тартар шимай. Болған соң жан аямас өкiл балам, Өзiм де жеңiл тарттым сенi сыйлай. Әйтпесе қыздың айтқан алтын сөзi, Қымбат зат алар болсақ түгел жинай. – Мақұл, сөз алдым, – дедi, – миға құйып, Үйренiп үйреткендi ойға түйiп. «Кахлия, ғылымы ихпа» деген өнер Адамға көрiнбейтiн жүрсе сыйып. Сынады әлденеше жаңылмауға, Жаңылса арзан емес, қымбат сауда. Келтiрмей бұдан былай патша қызын, Кеш болса мергеншiдей шыққан ауға. Аттанып сұлуына күйеу бала, Үйренген аз ғылымын сүйеуге ала. Түн барып, күндiз қайтып келiп жүрдi, Күйеудей «ұрын барған» мейiр қана. Осының жүрдi бiраз қызығымен, Ғылымның көрсетпейтiн түзуiмен, Үйренiп түнге ғана мiсе қылмай, Мастанды «аз табыстың» қызуымен. «Ойнайын, – дептi және, – күндiз барып, Ай менен айналғанша жұлдызды алып». Кiрпiкке ғылым сүрме жақты сүртiп, «Көрiнбей барайын, – деп, – күндiз де анық». Қолына қарады ұстап шар айнаны, Дегендей көрiнбеуге жарай ма әлi. Айтқандай көрiнбептi өзiне өзi, Барынша түгел тұлға, бар аймағы. Болды ендi көпе-күндiз баруына, Мейiрлеп, күлiп ойнап, қануына. Сабыр ғып отыруға мүмкiн болмай, Бел буды ашық отқа жануына. Алаулап ашық оты iшке қайнап, Тәуекел деп өлiмге басын байлап. Дегенмен ғылымына толық сенiп Келедi көше бойлап, шығып жайлап. Келедi өзiн-өзi көрiп қызық, Көңiлi көтерiлiп бойы қызып. Қызды ойлап, терең бойлап, көзi көрмей, Бiр адам қарсы алдынан қалды сүзiп. Ол адам қорқып қалды таңғажайып, Алуашы жолдан шапшаң шықты тайып. «Бисмилла, лә хаула …», – деп тұра қашып, Көп жерге барып тұрды бас қисайып. Алуашы күле-күле кеттi жүрiп, Қызыққа өз-өзiнен батты кiрiп. Сүйкенбей, бiр де адамды сүрiндiрмей, Кiрiптi қыз үйiне байқап тұрып. Кiрiп барса отыр сұлу төрiнде, Отыруға мүмкiн емес көрiне. Ақ жүзiне қыздың қарап тоймады, Түнде тоймай, күндiз және берiле. Қызыл ерiн, алма мойын, нәзiк бел, Солқылдайды салқын самал соқса жел. Орта бойлы, кiшкене аяқ, бота көз, Ынтығып тұр деуге: «Сәулем, бермен кел». Мүмкiн емес сөйлеуiне тiл қатып, Түнде де емес ойнауына бiр жатып. Бiр кездерде жайды бiр қыз дастарқан, Тал жiбектей таза сұлу, тым жатық. Дастарқанға түрлi тағам төгiлдi, Шырын шербет, шарап құйып көңiлдi. Неше түрлi тәттi жемiс тамаша, Алтын қасық тағамдарға көмiлдi. Келдi бұл да дастарқанның басына, Гүл һамайун сұлуының қасына. Көгершiндей өңкей сұлу көк мойын, Кiрiскенде жеуге түскi асына. Алуашы ұстап бiр әдемi қасығын, Ортасына қасық салып асының. Қыздар көрдi ас көтерген қасықты Жiгiт өзi көрiнбейдi жасырын. Ас пен қасық көтерiлiп тамаша, Ас жоғары барып босап қараса. Қайтып келiп ас көтерген қасықты Қыздар көрiп бiлдi бәрi жанаса. Қыздар бiлiп мұнда түрлi сыр барын, Шығып кеттi әшкере етпей сырларын. Тек оңаша сарай қалып сұлумен, Жiгiт құшты деп сұлуды «гүл бағым». Қыз да бiлмей қорқып қалды сескенiп, Қышқыруға қамданғанда тексерiп. – Мен алуашы ашығың, – деп тоқтатты, Сонан кейiн дамылдапты ескерiп. Дедi сұлу: – Жаным, сүйген ғашығым, Амал-хайла, әдiс жолда машығым. «Яки жынсың, я перiсiң» дегенде, Шын сырыңды айтпаушы едiң жасырын. Мiне, бүгiн келдiң күндiз көрiнбей, Жын екенiң қалды ма ендi бiлiнбей. Не десең де мен бақытсыз бейшара, Тұрғаным жоқ шашылмай не төгiлмей. Айтты жiгiт: – Жаным сүйген жолдасым, Иланыңыз, көңiлiң алаң болмасын. Ашығыңның қасiретiне шыдамай, Жалыныңа жанып өлер болған соң, Көрiнбейтiн ғылым бiлiп кiсiден, Сол ғылымның келдiм қасиет iсiмен. Ақ жүзiңдi өлер болып көрмесем, Жеттiм саған ғылым құдiрет күшiмен. Ойлады қыз: «Үлкен бәле болды бұл, Мен бiр сорлы ерте солған қызыл гүл. Әуелiнде менi алдырып ғылыммен, Өзi келдi бүгiн күндiз беймезгiл. Бұл бiр бәле бақытсызға үлкен сор, Әскер күшi патшалықтың болмай тұр. Мен бейшара қыз халiммен не етпекпiн, Бұрынғыдан әлденеше болды зор». Деп басылып сабыр еттi iшiнен, Алуашы кеп бұрынғыша iсiмен, Түнгi күлкi аударылып күндiзге, Ойнап-күлдi ашықлықтың күшiмен. Болды қызық бұл iс жастық сезiмге, Әрбiр маусым мезгiлiнiң өзiнде. Әлденеше мейiр тарқап ойынмен, Қайтты жiгiт намаздыгер кезiнде. Дедi: – Ашығым, кешке таяу келермiн, Ақ жүзiңдi аймалармын, өбермiн. Әрбiр түнгi мезгiлiмде келмесем, Махаббатың өртеп, жанып өлермiн. Осылай деп қолын ұстап досының: – Қабылдарсың, есте болсын осыным, Деп далаға азар шығып қия алмай, Ұстазына келдi бала осы күн. – Ғали балам, қайда бардың, кешiктiң, Әлде нендей уақиғалар есiттiң? Алуашы айтты: – Көше бойы серуендеп, Ешбiреуiн бiлгенiм жоқ кәсiптiң. Дедi Сина: – Емес олай, жас балам, Хабарсыз деп айтпа өтiрiк басқадан. Гүл һамайун ол Мәлике сұлумен Ойнап-күлiп келдiң, емес басқа адам. Қатты ұялып Ғали бала өтiндi, Алдап айтқан лебiзiне өкiндi. – Күн батқанша шыдамадым сағынып, Ғапу ет, – деп шынын айтқан секiлдi. – Мақұл, балам, алдағаның кешiлдi, Күндiз бардың, мiсе қылмай кешiңдi. Өстiп жүрiп бiр бәлеге қалмасаң, Күндiзгi айтқан күдiгiңiз шешiлдi. Осы бүгiн бұрынғыдай кеш болды, Ай аялап, жұлдыз жиi, кеш келдi. Қырық бұралып қыз да келiп күлiмдеп, Екi ғашық бiрiн-бiрi дос көрдi. Екi жар дос жайнап өскен жайқалып, Күндiз күлсе, түннiң несiн айталық? Патша қыз бен кедей кемпiр баласы, Күнгi-түнгi қалды сыры байқалып. Таң атқанда келдi сұлу үйiне, Қатты қайғы қаптады iшкi күйiне. Қара түндi қайғы етiп жүргенде, Күндiзiне кеп қалдым жисiге. Мұның өзi iшке сыймай толқыды, Ой бiр теңiз соғып қайғы толқыны. Мiне, осындай менiң жайым болды деп, Даясына бiлдiрiптi сол күнi. Қыз сөйледi даясына жай-күйiн, Жүрегiме орнады деп қайғы-уайым. Түнгi-күнгi көбейдi деп бәлекет, Шештi болса жүрегiнде көп түйiн. Есiткен бұл қыз хабарын даясы, Қайдасың деп һамайунның анасы. Бастан-аяқ болған iстi қалдырмай, Айтты түгел не болар деп шарасы? Қыз анасы падишаға бiлдiрдi, Күндiзiнде болған пайда бұл сырды. «Жығылғанға жұдырық» боп патшаға, Қайғы үстiне қайғы болды бұл түрлi. Күндiз түгiл көтере алмай түнгi iсiн, Түнмен қабат күндiз келдi бұл қысым. Ақырында күнi-түнi қосылды, Падишаның шығарды әбден бұл мысын. Патша жылап хабарлады Харисты: – Ғалымсыз, – деп, – оқып бiлген әр iстi. Жасыратын сыр қалмады, тақсыр, – деп, Баяндапты қыз бiлдiрген бар iстi. Әбiлхарис патшаға айтты иiнiн, – Оңайланып қалыпты, – деп, – қиының. Бұл жұмыстар ғылымы симия тарауы, Шешу жақын, ағытармыз түйiнiн. Қызға айтыңыз, хабарласын қыздарды, Қарамасын салқын жүзбен ызғарлы. Үйге қамап, сыртқы есiктi бекiтiп, Бiздi шақыр, көр сосынғы сырларды. Сол сырларды айтты сұлтан қызына, Ұғып алып қыздарға айтты қызы да. Сол түн өтiп, күндiзiнде келгенде, Келдi күйеу ашығына ызыла. Махаббатпен ғашық жарлар өбiстi, Денсаулықтың хабарларын берiстi. Гүл һамайун: – Қазiр шығып келейiн, Келгеннен соң жасалық, – деп, – жөн iстi. Салдырайық әдемiлеп төсектi, Бiлемiз ғой ойын-сауық, есептi. Шешiп тастап барлық киiм, жалаң боп, Жанға жанды тапсырайық пешеттi. Ғали бала үйде отырды көрiнбей, Гүл һамайун сыртқа шығып ерiнбей, Қыздар барып сырттан есiк құлыптап, Һамайун қыз қалды сыртта берiлмей. Алтын сарай құлыпталып сыртынан, Алуашы қалды бәле құлқынан. Хабарланып келдi Харис, падиша, Қуанысып қыздың салған құлпынан. Айтты Харис көп қыздардың бiрiне: – Салом жинап сол есiктiң түбiне, Будақтатып, бұрқыратып түтiнiн, Су құйғандай бейне түлкi iнiне. Толды толық сарай iшi түтiнге, Ғали бала ғашық жарын күтуде. «Бұл не ғажап, қандай сауда болды?» деп, Айран-асыр қалып тұрды бiр түрде. Алуашы ер сезiп басын шайқады, Харис пенен басқаларын байқады. – Ей, опасыз ғашық жарым һамайун, Екенсiң-ау әйелдердiң сайқалы! Бiр сұмдықтың негiзi деп аңлады, Сақтанарлық сабыр-тақат қалмады, Тез қарманып тартып едi есiктi, Анықталды бекiтiлiп қалғаны. Жан болған соң жан-жағына жүгiрдi, Жәрдем етер жар-жолдастан түңiлдi. Бiр көзiнен жасы тамып, кiрпiктен Ғылым сүрме ағып жерге сығылды. Қиындыққа соқса тұрмыс өмiрдi, Салмақ баспас тоқтатуға көңiлдi. Бiр көзiнен ғылым сүрме аққан соң, Тең жарымы алуашының көрiндi. Қайран болды жарты адамды көргендер, Ұстау үшiн жәрдемдесiп келгендер. «Жарты адам да бар екен, – деп, – өмiрде», Сұрақ бердi Харис ерге ергендер. Айтты Харис сұраушының бәрiне: – Жарты емес ол, бүтiн адам әлi де. Бiр көзiнен ғылым сүрме кеткен соң, Бүтiн болып көрiнедi бәрi де. Бiр көзiнен түтiн жуып ғылымды, Тең жарымы сол реттен бiлiндi. Екi көзден жасырын күш көшкен соң, Бүтiн болып көзге түгел iлiндi. Мұны көрiп – бүтiн екен, таныпты, Көрген жандар ажап қайран қалыпты. Азды-көптi байлап соғып, төмпештеп, Патшасына айдап алып барыпты. Мұны көрiп қыз әкесi қуанды, Көңiлiнен көп қайғыны шығарды. Келбетiне көңiлi тойып патшаның, Көрген жандар көз жанарын суарды. Көз көргендер келбетiне таңданып, Артық бiткен әр мүшесiн аңғарып. Қыз һамайун қатарымен екен деп, Iштерiнен алғыс айтты жар танып. Мұндай жiгiт кезiп таппас жер жүзiн, Алты әлемнiң айналса да кең жүзiн. – Ат-есiмiң кiм, елiң қайда, әкең кiм? Қайдан келдiң қаламызға сен бiздiң? Жаннан безген және ұятсыз батырсың, Не еткен шайтан, ар-ұяттан ғапылсың. Ендi бiзге келiстiрiп бер жауап, Қандай ұры, қайдан келе жатырсың? Бала ойлады болар жұмыс болғанын, Әрбiр тағдыр жайлауына қонғанын. «Ғалисина аман қалсын артымда, Менiң ендi қуарып гүлдей солғаным». Тырп етпедi, сөйлеп жауап бермедi, Айтқан сауал құлағына енбедi. Қалдырмады қанша сауал әдiсiн, Үндемедi келiссе де тергеуi. Кейде күштеп, кейде айтса да қорқытып, Кейде айтқызу әдiсiмен толқытып. Жүз мың түрлi хайла-әдiсiн етсе де, Тұрды бейне өзiн-өзi зор тұтып. Қайран болды көрiп тұрған көпшiлiк, Тiл-құлағын, ес-ақылын жоқсынып. Әрбiреуi әрбiр түрге мегзептi, Болмаған соң я бiр дыбыс леп шығып. Патша сонсоң шығарды ашу қаһарын, Айдаһардай шашып улы заһарын. – Жоймай басын тұрсың неғып, жендеттер, Өлтiр! Өшiр! Ашылсын гүл баһарым! Айтты Харис падишаға, қарт пен жас: – Ашуыңыз тасты тiлген ақ алмас. Мысыр шаһының қызы сондай болды деп, Мемлекеттер арасына болды паш. Егер қазiр қолда өлiмi, өлтiрсек, Ешкiм бiлмес, айтса сенбес, бiтпес кек. Шаһар халқын жар шақыртып дарға ассақ, Дүния жүзi хабарланар алғыс деп. Әне, сонда бүтiнделер саясат, Хаққа тапсыр ол жауызды аясақ. Есiткен ел, ер мен әйел, барлық жер, Алғыс айтар тобасына таясақ. Дегенде көп мақұл тапты осы ойды, Мысыр шаһар патшасы да қол қойды. Алуашыны жендетiне тапсырып, Көңiлiнен хан ырза боп бiр жойды. Ортаға алып алуашыны көпшiлiк, Жан-жағынан орап-қамап, топ жүрiп, Жар таратып дарға тартар майданға, Саясатпен келе жатты барабанын соқтырып. Тысқа шығып Ғалисина кiсi де, Тамашалап баудың қалың iшiне. Жаңа ғана кiргенi де сол едi, Жасыл гүлдi назарына түсiре. Есiтiлдi құлағына барабан, «Бұл не үн, – деп, – жаңғырығып тараған». Бiр жiгiттiң күйе жағып бетiне, Дар астына барады алып бар адам. «Бұл не деген екен, – деп, – бiр тамаша, Бұл бейшара қандай жан?» – деп қараса, Алуашы Ғали – өзiнiң баласы, Дарға аспақ бiлгенiнше, қаласа. Ғалисина мұны көрiп болды таң, «Балам-ай, – деп, – қандай жайға қаңғыған». Дар астына таянғанда асуға, Жетiп жылдам жасады амал артынан. Ортаға алған жендеттердiң тобынан, Аяқ-қолын шырмап, буған торынан, Көрiнбестен ешбiреудiң көзiне, Кеттi босап көз ашқанша қолынан. Қан құмарлар қала бердi үйiлiп, Шынжыр торлар шiрiп түстi қиылып. Бұл жағдайдан хабарланып падишаһ, Сақал-мұртын жүндей түттi күйiнiп. Жаман-жаман айтты сөгiс Харисқа: – Ей, ақымақ, сен сiлтедiң алысқа. Егер менiң айтуымша еткенде, Қол жетер ед ар менен кек, намысқа. Айтты Харис: – Падишасың Мысырға, Сыйламасаң салар ғылым қысымға. Сiздiк шара ұйықтап жатсам табылар, Патшамын деп азар берiп ысырма. Мен тұрғам жоқ сiзден өнер аянып, Ол сырым тұр жүрегiңнен жай алып. Үш-төрт рет улы тiлмен түйредiң Ортасында басшы адамдар, ол анық. Келiп пе ем мен жүруiме жай таппай, Келтiрген сен менен бұрын, жай жатпай. Әлемдi алған әскерiңе сенсеңiз, Өкiнтпесiн тiлiңiздi шайнатпай. Әскерiңнiң күшi бiзге құмырсқа, Бұл да достық бiзден сiзге бiр нұсқа. Мысыр ханы бұған дәлел айта алмай, Не дерiн де қалды ұмытып, тiл қысқа. Әбiлхарис дедi және сұлтанға: – Алуашыны әңгiме етпе бұл таңда. Ұстазы оның ұсталмаса пайда жоқ, Ең қауiптi қамқоршысы тұрғанда. Патша оған тiл қатпапты өкiнiп, Қатты айтуға қауiптенiп жекiрiп. Көңiлiнен сыртқа сырын сездiрмей, «Ей, ақымақ», – дептi iшiнен бекiнiп. Ендi жайын алуашының айталық, Дар астынан аман алды қайтарып. Есен-аман үйлерiне барған соң, Бiраз сырлар тұрды тынып шайқалып. Айтты Сина алуашы ұлына: – Талай сөздер айттым өлшеп мұныңа. Ендi ғана он минуттай кешiксем, Барлық ғылым болмас едi құныңа. Үйретпеуiм – емес едi сараңдық, Қараңғылық – мiне, осындай надандық. Ендi он минут бармағанда кешiгiп, Өз басыңды жойып едiң тамам ғып. Барып қалдым бақытыңа мен шығып. Сенi маған ұл ғып тағдыр еншi ғып. Келмес бұрын сақтанбасаң бәледен, Табылады қайғы-қасiрет, кемшiлiк. Көп өкiнiп Ғали бала жылады, «Ғапу ет» деп әкесiнен сұрады. Аяғына басын қойып ғалымның Пендесiндей бағынышта тұрады. Бұдан кейiн және бiраз күн өттi, Ұялғаннан жарсыз жалғыз құр өттi. Ғашық шырмап алған бейне шырмауық, Жанып бiр күн жан-жүрегi дiр еттi. Ғашық оты улап өртеп iшiнен, Махаббаттың мәжнүн еткен күшiмен. Жын соққандай отыр едi еңiреп, Ғалисина кез болды бiр iсiмен. Келсе үстiне отыр жылап еңiреп, Ғашығының атын атап көбiрек. Бiлмей қалды Ғалисина ұстазын, «Һамайун» деп ағыл-тегiл егiлед. Айтты ұстазы: – Отырсың, – деп, – не қылып? Қасiреттiң қайғысына көмiлiп. Айтты бала ұялса да ылажсыз, Шексiз қасiрет тұрғызбады шегiнiп. Дедi: – Ұстазым, көптен жарды көрмедiм, Болдым мәжнүн, ажал жетiп өлмедiм. Дедi Сина: – Сүрмеңдi сүрт, бара бер, Күлiп айтты: – Осы – рұқсат бергенiм. Алуашы айтты: – Бұл науқасым шын менiң, Бұл мазақтың уақыты емес күлгенiң. Жасын сүрткен кiсi болып Ғалидың, Келтiрiптi берiп оңай гүлге орын. Ғашығы үшiн қасiрет шегiп қайғылы, Өткен күннiң от боп өртеп қайбiрi. Отыр едi ұстазынан тiлек қып, Жалт қараса отыр екен ай-күнi. Ғалисина кеттi шығып далаға, Ғашықтармен бiрге отырып бола ма? Қуаныштың сыйғыза алмай толқынын, Жас жалындар өбiсiптi және де. Мысыр ханы һамайунның атасы, Жақсыланған ұйқы, зауқы сапасы. Қызы кетсе бiрге кетiп қызығы, Қайта орнады қайғы қара қапасы. Хақ қаласа құтылдық деп тұрғанда, Бiрнеше рет сауық-сайран құрғанда. Бүгiн және «қыз кеттi» деп есiтiп, Түстi түбi бейне терең зынданға. Уәзiрлерi, басшылары кеңестi, Ебiн тапса ерегiстi, егестi. Алмастырып қызға киiм кигiзiп, Кездi көше, үй қалдырмай көмескi. Бiрнеше күн көше қоймай кезiптi, Көше бойы қора-қора сезiктi. Бiр күндерi патша қызы бiр үйдi, Осы бiр үй дептi мүмкiн кезiктi. Патша-сұлтан ұсынғанда кiруге, Бүркiттей-ақ жез тырнақпен бүруге. Әбiлхарис ақыл берiп тоқтатты, Мезгiлiнде қыз кiргенде бiлуге. – Асықпайық, уақыт таяу кеш болар, Күндiз барсақ пұрсат тауып кес болар. Келтiретiн ұзақ емес мезгiлi, Ұстамасақ еңбегiмiз еш болар. Оған дейiн қашағайлау тұрайық, Сабыр сақтап ақылды аңлап бұрайық. Мезгiлiнде қызды ап келiп ендiрсе, Сонда ғана қимыл жасау ылайық. Бұл тәртiппен кеш болғанша тұрыпты, Сабыр сақтап қарауылдап жүрiптi. Бөлмесiне кеш болғанша қыз барып, Мезгiлiнде дәл осы үйге кiрiптi. Қыздың әбден кiрген үйiн белгiлеп, Болып мықты келейiк деп белдiрек. Бара жатыр едi бұлар айналып, Тәлтiректеу аяқтарға келдi рет. Қадамдары қожасына көнбедi, Аяқтары иесiне ерiк бермедi. Ере кiрдi қыздарының iзiнен, Ерекше боп есiгiнен енгенi. Екеуi кеп отырыпты төрiне, Жасырынсыз айқын көзге көрiне. Көркем жiгiт, дәруiш және қыз отыр, Патша отырды ұлы ашуға көмiле. Ғалисина туысқанын таныды, Таныса да төздi салмақ сабыры. Әбiлхарис танымады ағасын, Танымақтың тағы болмай нанымы. Қуаттары кеттi және өзiнен, Сөйленерлiк тiл де қалды сөзiнен. Ғалисина алуашыны бұйырды «Екеуiне алуа қой» деп көзiмен. Ғали бала басын иiп барды да, Алдарына зер дастарқан салды да, Алуалардың жақсысынан табақпен, Құрметпенен тартты ап келiп алдына. Айтты Сина падишаға бiр қарап: – Қызыңыздың алуасынан ал қалап. Алмақ түгiл, қанын ұрттап Синаның Кетпекшi боп отырды хан қанталап. Сөйлеуiне ауызыңда болмай тiл, Қимылдарға бойда қуат жоқ бүкiл. Алуасын жемеске де болмапты, Үш күн бойы тағам татпай жүрген құр. Алуаны асап жедi табақтан, Ашыққанда түйе өткендей тамақтан. Екеуi де, әсiресе патша алды, Артығырақ он екi, он үш қадақтан. Падишаның маңдайынан ақты тер, Ойындағы шын талабы кетiп кер. Айтты Сина падишаға: – Құда боп, Мынау менiң Ғалиыма қызың бер. Екеуi де қызыл гүлдей жас жiгiт, Екеуi де күндей сұлу бас жiгiт. Мұхамбеттiң, мұсылманның дiнiнше, Бер балаңды татулықпен тапсырып. Ашуменен асай бердi, тiлi жоқ, Тiлi түгiл, шығарарлық үнi жоқ. Келiп отыр қанын ұрттап iшкiсi, Тырп етерлiк табанының бүрi жоқ. Есер патша есi кетiп ентiгiп, Тек өлмеген жаны жасып дем шығып. Әбiлхарис ол да қимыл ете алмай, Әпсүн оқыр халi тартып кемшiлiк. Ғалисина патша сырын байқады, Кереметтi көрсе де жоқ қайтары. Сөйлесудi керек етпей Сина да, Және азырақ әрлi-берлi шайқады. Падишаның ашуы тұр iрiмей, Қолдан келсе шайнамай-ақ тiрiлей, Көзiн жұмбай қылқ еткiзiп жұтпақшы, Майдаламай, тұтасымен iрiлей. Дедi Сина: «Танытайын өзiмдi, Беттен қайтпас топастыққа төзiмдi. Ғылым құдiрет аңлатайын қасиетiн, Ашқызайын, – деп, – ақымақ, көзiңдi!» Қағып алып дастарқаннан шыбынды, Айтқызайын, – дедi, – бәлем шыныңды. Падишаның киiмiнен жiп алып, Жiпке аяғы байлаған соң iлiндi. Ұшырыпты ұстап тұрып жiбiнен, Суырып алған киiмiнiң түгiнен. Жоғарыға ұшырған соң шыбынды, Артылған жiп үзiлмедi түбiнен. Харис пенен патшаны оған байлады, Бiр кiшкене ағашты оған жайлады. Бұл шыбынды не қылады екен деп, Қыз әкесi көрiп, қарап ойлады. Жiп ұшына байлаған ол шiркейi, Алғыр бүркiт, ақ сұңқардай үлкейдi. Харис пенен падишаны көтерiп, Кiшкене ағаш бөренедей бүркейдi. Бiрте-бiрте шыбын ұшып жоғары, Бөрене ағаш бастарына соғады. Бұлттардан да ұзап әрi алыстап, Жердiң бетi түк көрiнбей қалады. Бiрде тиiп бастарына, бетiне, Қан ағызып таңба салып етiне. Мың азаппен шыға жаздап жандары, Келiп қонды бiр имарат шетiне. Жан қалмады ұшқаныңда әуеге, Бiр күн, бiр түн уақыт өттi әуеде. Әрi шөлдеп, әрi көлбеп бiткенде, Бiр есiкке тура келдi төменде. Сол есiктiң ар жағына өтiптi, Жаннатқа ұқсас бiр жайларға жетiптi. Түрлi ағаштар жапырағы жайқалған, Тамашадай тамылжыған бiтiптi. Алуан түрлi гүл шешектер ашылған, Сүмбiл райхан, хош иiстер шашылған. Бұлбұл құстар, әншi құстар сайраған, Гүл қалампыр көктен жерге басылған. «Сыр санаубар» деген түрлi ағашы, Басы биiк, сұлу бойын қарашы. Жасыл пүлiш, жапырағы жайқалған, Өлiктердi тiрiлткендей шамасы. Түрлi ағаштың қалампырлы гүлдерi, Қасиеттi дәрiсi бар түрлерi. Өлген адам тiрiлгенi емес пе, Екеуiнiң жазылыпты тiлдерi. Әбiлхарис патшаға айтты: – Жүр берi, Бiресе әрмен, жалт-жалт басып бiр берi. Бiр есiктен шығып және қараса, Шерменде боп көкке ұшқан жер iлгерi. Әбiлхарис жинап түгел ақылын, Iстiң өлшеп терiсi мен мақұлын, Танып бiлдi барып жүрген қыз жайын, Падишаға баяндады ақырын. – Ей, сұлтаным, зат жоқ қымбат адамнан, Ғылым жайған басқан әрбiр қадамнан. Осы көрген жай мен жағдай бәрi өнер, Ғылымы симия, ғылымы кимия саналған. Бәрiн мұның ғылымменен жасаған, Ойда жоқтан пайда еткен тасадан. Ана да бiр, ата да бiр, егiз ұл, Менiменен бiрге туған осы адам. Жасымыздан бiр мектепте оқыдық, Ғылым-бiлiм жаттап өнер тоқыдық. Ол бiр мұхит бейне теңiз, мен тамшы, Ол бiр сұңқар, мен мысалы кекiлiк. Еттi ғалым бiздi бейне жапалақ, Бiрде әуеге, бiрде жерге апарад. Күмән етем менiң туған аға-ай деп, Ол бiр дария, мен бiр тамшы шұқанақ. Осыменен бiрге тудым, бiрге өстiм, Мектепте де ғылым хикмат бiр қостым. Оған бiткен ғылым маған бiтпедi, Болғанменен қан-жаны ортақ ол достым. Бiр туысқан Ибн Сина болса ол, Нелер Жәмшид, падишаһлар жиса қол. Намруд, Шаддад, Дәуiтұлы Сүлеймен, Бәрiнен де асқан артық күшi мол. Ей, падиша, бұл айтқаным тез емес, Ешкiм бұған теңбе-теңде кез емес. Ол таныды, танымадым мен оны, Рас, шын, тек мақтаныш көз емес. Тәңiрiм оған берген қиып құдiретiн, Берсе берсiн алған күтiп құрметiн. Менiң сiздiң жәрдемiңе келгенiм, Оның тiптi ашу келтiрiптi бiр бетiн. Патшалығың сiздiң оған бiр тиын, Қаһарыңыз, қадiрiңiз, қыртиың. Менiң сiзге келгенiмдi жек көрiп, Танытпай-ақ деген «аздап сiлкиiн». Сiзге қалжың мұнысы тек әзiргi, Ойнағаны, шын деп бiлме әзiлдi. Бұл шындаса ахуалыңыз, бiлмеймiн, Аяғаны сый-сияпаты қазiргi. Оған сiздiң патшалығың – ойыншық, Мышық пенен тышқан заңлы ойын ғып. Не қаласа сiзге қауiп, қорқамын, Жайдың оғы бастан түссе жойылдық. Аяп рақым етсе, мүмкiн, қаларсыз, Қарсылассаң қаһарына қанарсыз. Мен көтерем сiздiң айтқан назыңды, Не де болса, болар болды, боларсыз. Ол тұрады, аспан мен жер қиралса, Жасайды ол ненi көңiлi ұйғарса. Кектессе – кек, өштескеннен өш алар, Жердiң жүзi кек ала алмас жиналса. Патша айтты мұны есiтiп Харистан: – Бағдаттан, сiздi алдырдым алыстан. Өзiмменен бiрдей ұштың әуеге, Алғаның жоқ ар мен титтей намыстан. Басыңды да ала алмадың құтқарып, Жайың бiрдей болып бiзбен шықты анық. Iлтипат қып қарамады Харисқа, Қайтсе де оны аламын деп сұқтанып. Үйiн, жайын, бәрiн бiлдiм көзiммен, Алуа жедiк бiрге барып өзiңмен. Алмадай ғып басын оның алдырам, Мақтама оны, барлық жайы сезiлген. Дедi Харис: – Хан-сұлтаным, өзiң бiл, Дұрыс болсын айтқан тура сөзiң бұл. Соны бiлем, елшiге еш өлiм жоқ, Қаһарман боп бетiң қайтпас кезiң бұл. Осы сөзге қаһарланып шыдамай, Бұйрық бердi әскерiне мынадай, Екi жүз мың әскерiне бұйырды: – Қамауға алып ұстаңдар, – деп, – қоралай. Қоршап, қамап алды әскерлер қаланы, Қала түгiл құтқармастай даланы. «Пәлен үйде жiгiт, дәруiш келсiн!» – деп, Патша-сұлтан ерге жаушы салады. Келiп олар хабарлады тапсырып, «Патша ағзам бұйырды, – деп, – басшылық. Тез болыңыз, киiнiңiз, тез жүр!» – деп, Қайраттанып қаһарман тұр қапсырып. Бұлар отыр әңгiменi кең салып, Жұмысы жоқ тұрғанымен қоршалып. Асықтырса, сықақ қылып сөз айтты, Құрметтеген адамдарша қарсы алып. – Көп тоқталып тұрма, балам, аңырып, Бәлкiм бiлмей келгенсiз сiз жаңылып. Үлкендермен жұмысымыз жоқ бiздiң, Олар бiздi шақырмайды сағынып. Келген жiгiт бұйрығының iсiмен, Құшырланып жалын шығып тiсiнен, Ер Синаны ұрмақ болып ұмтылды, Таяқпенен, бойда барлық күшiмен. Онан бұрын Ғалисина қамданып, Қолға түскен жыландай ғып арбалып. Маймыл қылып шынжыр тағып, мойнынан Ұстап алды, тұрды алуашы таңданып. Алуашыға айтты: – Титтей қорықпа, Келсе бiреу сөз қайтарма, жолықпа! Ешкiм саған залал етпес мен барда, Мен маймылды ойнатайын халыққа. Өзi түсiп басқа түрлi тұрпатқа, Бейне маймыл ойнатушы тұрпатта. Қолына алып ұзын қамшы – шыбыртқы, Маймылды алып шығып кеттi бiр жаққа. Маймылды алып ойнатыпты базарға, Тамаша еттi көрген кiсi базарда. Аспанға ырғып, жерге түсiп секiрiп, Ол бейшара қалыпты әбден азарға. Ентiгедi демiн екi бүйiрден, Тамаша еттi базар халқы үйiлген. Маймыл сорлы өкiндi әбден сiлелеп, «Кiм хабардар менiң мұндай күйiмнен? Ендi бұдан бiр босансам келмеспiн, Өлтiрсе де мұның жүзiн көрмеспiн. Патшалар да, өз үйiм де бiлмейдi, Келмес пе екен iздеп менi ендi ешкiм?» Мұның бәрiн айтты маймыл iшiнен, Жан хабарсыз мұның мұндай iсiнен. Патша ағзам және бiреу жiбердi, Хабар болмай алдыңғы ол кiсiден. Бұдан бұрын келiп Сина үйiне, Шыбыртқысын шыпылдатып үйiре. Ойнатумен отыр едi маймылын, Келдi жендет қамшысын үйiре. Келдi жендет қылшылдатып қылышын, Көрдi ойнатып жатқан маймыл бұл iсiн. Тұрды бiраз тамашалап келген ер, Ғажап көрiп iстеп жатқан жұмысын. Бiр уақытта үйге барып кiрдi ендi, – Ей, маймылшы, жендетпiн мен, бiл! – дедi. Әскер басы қаһар етiп бұйырды, Айда жылдам, уақыт өтпей жүр! – дедi. Сина оған қарамады назарлап, Назарын да қондырмады азарлап. Азарына шыдай алмай Синаның, Айқай салып: – Жүр! – дедi, – тез! – қожаңдап. Ұрайын деп көтергенде қылышын, Қызық санап, күлкi бiлiп бұл iсiн. Өнерменен геже қылды жендеттi, Маймыл мiнiп ат қылсын деп мұнысын. Маймылды оған аттандырып шығарды, Бiр тамаша етейiн деп бұларды. Қаладағы халық көрiп үймелеп, Қызық көрiп тарқатыпты құмарды. Патша және үшiншi адам жiбердi, Ашуланып жауар бұлттай түнердi. Бұл келгендi жайғастырды ит қылып, «Бiздiң үйге ит болсын, – деп, – бұл ендi». Бұдан кейiн екеу келдi ақырып, Қай-қайдағы күш ашуын шақырып. Бiрiн аю, шағал қыпты бiреуiн, Қазiргi адам болды қазiр мақұлық. Қанша кiсi жiберсе де сол күнi, Түрлi түстi мақұлық еттi ол мұны. Базар барып түрлi ойындар көрсетiп, Толды ақшаға қалтасы мен қоржыны. Үлкен, кiшi, хабарланып бала да, «Бiр маймылшы келiптi» деп қалаға. Тамаша етiп бола бердi ер-әйел, Әскер қоршап жатыр сырттан және де. Бұл ғылымның қасиеттi iстерi, Сонша басым падишаның күштерi. Әскер тақыт бола тұра асықпай, Тез ұстауға ойларына түспедi. Ғалым Сина ойларына түсiрмей, Отыр оны өзi орындап мүсiндей. Сонша сансыз әскерi бар патшаны, Сандыратқан ғылым құдiрет күшiндей. Ғалисина жүр мақұлықты ойнатып, Кейбiреуiн бұлбұл қылып сайратып. Жұрттың бәрiн басын иiп балқытты, Көңiлдерiн халықтың хош қып жайнатып. Неше түрлi ойнап жүрген мақұлық, Жұрттың бәрiн ақша аямай сақи ғып. Мақлұқаттар аяғына бас ұрды, Күнәмiздi кеш дегендей апу ғып. Ғалисина рақым етiп бұларды, Бұрынғы адам күйлерiне шығарды. Патшаңызға айта бар деп бүкпестен, Аянбастан бассын дептi құмарды. Босанған соң кеттi қашқан баладай, Мойын бұрып арт жағына қарамай, Келдi бәрi диуанбасы басшыға, Падишасы қаһарланды қаламай. – Ей, ақымақ, – дедi, – сендер надандар, Не себептен кешiктiңдер, арамдар. Сонан берi не бiтiрiп келдiңдер, Қайда қазiр ап кел деген адамдар? Айтты бұлар: – Жүрдiк ойнап базарда, Қызық бердiк, сән кiргiздiк базарға. Кiм ап келсiн алдыңызға оларды, Келтiре алмас әскер басы, қожаң да. Қаһар қылды: – Не дейдi? – деп, – мыналар, Өлтiр қазiр, ғибрат болсын, асып дар! Арыз айтты басын иiп бәрi де, – Еркiмiзбен ойнамадық, алдияр. Кереметтей қасиетi оның да, Құдiреттiң күштерi бар қолында. Әр қайсымыз болдық бiр-бiр мақұлық, Рақым етiп адам қылды соңында. Маймыл болдым, аю болдым, ит болдым, Iсiн iстеп ықтиярсыз иттердiң. Түйе болдым, өгiз болдым, қой болдым, Өз еркiммен ойнамадым бүйткенiм. Және сiзге айтты сәлем соңында: «Күшi болса аямасын қолында». Еш нәрсенi ойлар кiсi ол емес, Десек мүмкiн сiзден биiк орында. «Бiзде ғылым құдiрет күшi, ол надан, Күн сәулесiн түн жеңбейдi, ол қараң. Көп-көп сәлем патшаңызға айт, – дедi, Аянбасын iстер iсiн ол маған». Мұны естiп ашуланып ақырды, От тұтанып, оқтай бейне атылды. Өз еттерiн өзi шымшып жұлмалап, – Бас! Ұста! – деп, әскерлерiн шақырды. Өзi де атпен құралдарын асынды, Жүрегiнен өтiп бұл сөз ашынды. Ағып өткен арқасынан оқ болып, Болып кеттi көзi отты, жасылды. Әбiлхарис қарап мұның сыртынан, Мысқылдайын күлiп тұрды мұртынан. Көпшiлiкке патша айтты: – Не болдық, Мұнша әскер жия тұрып шылқыған? Iс көрсеттi көзiмiздiң алдында, Күндiз-түнде етпегенi қалды ма? Бұл тiрлiктен өлген артық көмiлiп, Бұл күндiз бен көрмей түндi, таңды да. Әбiлхарис айтты: – Тоқтай тұрыңыз, Ұстамақтан үмiтiңдi үзiңiз. Мүмкiн емес оны күшпен ұстауға, Айтқанына тұрып сабыр қылыңыз. Әскерiңiз бейне оған құмырсқа, Құмырсқа не жарамақшы жұмысқа? Патша оған: – Тұр! Шық! Айда кет! – дедi, – Ей, ақымақ, бұл өмiрде дұрыс па? Қызыл гүлiм, күндей менiң қызымды, Күн-түн тынбай сабағынан үзiлдi. Бұл тiрлiктен жердiң асты құп артық, Халық көрмей, бассын топырақ жүзiмдi. Тұрма, әскер, жайына тез барыңдар, Саңлақ қоймай қамап, қоршап алыңдар. Жел жағынан қамыс қойып iнiне, Күл боп кетсiн, өртеп отқа жағыңдар! Мұны естiп әскерiнiң барлығы, Күштi ғой деп ханның қаһар жарлығы, Қаптай жүрдi ер Синаның жайына, Бейшараның не шара деп зарлығы. Сина бiлiп, күлiп қана мұртынан, Табар ғой деп, топас патша құлқынан. Қырық-елулеп, жүздеп, мыңдап, он мыңдап, Келе жатқан қарсы әскерге ұмтылған. Аттыға – атты, жаяуына – жаяуы, Қай түрлiге сондай түрлi таяуы. Қарсы ұмтылып, қатты қырғын басталды, Болмай титтей бiрiн-бiрi аяуы. Шаһар iшi қан-қырғынға тұтасты, Жай бұқара жайдан безiп жұтасты. Ағылған жас, кесiлген бас бiр тұтас, Жай халық та жатты тауып шекiстi. Айқай-қиқу жерден көкке жетiптi, Бас пен кеуде қанмен ағып кетiптi. Үш күн, үш түн ұйқы көрмей, дем алмай, Патша әскерiн бағынышты етiптi. Бағынбаған қамалына барыпты, Қорғанының құлпын iштен салыпты. Ғалисина әскерiне бұйырып, Хан қорғанын қамап сырттан алыпты. Патшасы да сол қамаудың iшiнде, Мардым бiтiп, маңыз қалмай күшiнде. Ғалисина елшi салды патшаға Қолға алынған қызулы күш iсiнде. «Қызын берсiн осы алуашы балама, Патша болып тұрар болса қалаға. Егер қызын бермес болса, оны айтсын, Қызу үстi күресейiк және де. Төбесiне құлар ендi қаласы, Аластайды жер мен аспан, даласы. Өз басынан бақыт тәжi құласа, Көзге түртер халықтың бала-шағасы. Әлде болса аядым мен ханыңды, Мыс санаймын сенiң алтын тағыңды. Жан достықпен бер балаңды балама, Не тәкаппар өртендi отқа, жағылды». Мұны естiп халық бұқара елдерi, Құты қашып, босап бүкiл белдерi. «Беремiз, – деп бәрi түгел шулады, – Тiрлiк жақсы, құрып қалсын өлгенi» Мұны естiп Ғалисина әскерi, Көзге түсiп құжыраға көшкенi. Топ-тобымен кiре-кiре таусылып. «Керек болсақ бiз әзiрмiз, қош!» – дедi. Соғыс бiтiп, тынышталды тоқталып, Жүрген жау жоқ мылтығына оқ салып. Өлiктердi жинап көмдi молаға, Бiрiн қоймай, бәрiн түгел атқарып. Өлген әскер бәрi түгел мысырлық, Бұл не деген күштi зорлық, қысымдық. Санағанда бiр де кiсi таппапты, Дептi сонда ойға қауiп түсiрдiк. Өлген екен қырық сегiз мың азамат, Тартты көп үй қайғы-қасiрет, ғазабат. Хан қызының құрбандығы болыпты, Көлем жайып Мысырдағы мазарат. Бұдан кейiн ашты патша кеңесiн, Қояр емес қайталамай егесiн. – Ей, жарандар, бiр алуашы кедейге Қалай берем гүл бағымның төресiн? Патшалықтан айтты мұра уағызды, Көзiнен де бұршақ жасын тамызды. Дүниядағы падишалар есiтсе, Айтар менi: – Атама, – деп, – жауызды. Қалдырмастан айтты көпке наласын: – Қалай күйеу етем кедей баласын? Кеңес салды Әбiлхарис ғалымға, – Табыңыз, – деп, – негiзгi iстiң шарасын. Харис айтты: – Айттым талай, бiр емес, Бұл уақиға бүгiн болған сыр емес. Шақыртайық елшi салып ғалымды, Келер мүмкiн, оп-оңай ол ұл емес. Ыңғайына қарай iстi бiлермiз, Тiлге келсе ойға салып iлермiз. Есi зерек екi кiсi жiберсек, Келер мүмкiн, танысармыз, күлермiз. Әрбiр жұмыс жұмсақ тiлмен жөнделер, Қатаң тiлмен ақыл, пiкiр өзгерер. Бар жақсылық жақсы тiлмен жаңарып, Жайнап, ойнап, жақсылыққа кез келер. Сөйлесермiз нендей әлде мұраты, Бiлiсермiз нелер талап қылады? Диуан халқы, патшасы да «мақұл» деп, Адам тауып баруды одан сұрады. Көп iшiнде нелер жан жоқ ақылды, Ғылым-бiлiм, көп бiлетiн нақылды. «Мүмкiн тапсаң, не болар деп мен барсам, Бересiз, – деп, – бұған қандай фаһимды». «Барыңыз» деп бердi рұқсат кiсiге, Iшпей-жемей ер тойғандай түсiне. Дүкенiне Әбуғалисинаның, Есiгiнен кiруге келдi iшiне. Құрметпенен келiп бiреу қарсы алды, Рұқсат етiп жүруiне жол салды. Жаннат мысал гүлстан бау iшiне Кiрiп көрiп, тамашаға тамсанды. Ғалисина бiлiп мұны келерiн, Пайтақыт қып жасап бұрын өнерiн. Мың Жәмшид пен мың Сүлеймен көрсе де, Таң болар ед келiптi деп кемелiн. Осы айтылған кiрiп келдi ордаға, Теңдесi жоқ миллион-миллион ордада. Тақ құрылған ортасынан орданың, Мыңнан артық уәзiр отыр зор және. Әрбiр уәзiр ер Аплатон хакимдей, Алтын тақыт үстiнде отыр iркiлмей. Бiр патша отыр ортасында олардың, Ол Ескендiр Зұлқарнайын, Бәкiрдей. Ақ сақалды, сегiз қырлы киген тәж, Бейнесi бар жер жүзiнен алған баж. Алтын тiлла кемер белбеу белiнде, Кескiн-келбет көркем сурет жүзi жаз. Ғажап таза, хош иiстi орын кең, Кескiн, түрiн қондыра алман айтып мен. Он екi мың Жүсiп заңлы жiгiттер, Белде қанжар оңға-солға бөлiнген. Небiр палуан, арыстандай жiгiттер, Наушаруандай, Аплатондай бiлiктi ер. Екi жақта екi мыңдай елшiлер, Сұлу қыздар қарақат көз, нәзiк бел. Осындай-ақ болар болса саясат, Деуге болмас бұдан сондай жай асад. Ең бiрiншi дүниеде осы пайтақыт, Жетпес бұған кәмiл ақыл-парасат. Қымбатты зат киген барлық киiмi, Сыпа таза сыпайының биiгi. Мұны көрiп келген елшi ұялып, Қайтып кету керек тапты түйiле. Әрi-берi теңселумен қайта алмай, Көргеннен соң қалмады бас шайқалмай. Келгеннен соң шығып кету тағы ұят, Сандырақтап сәлем бердi, айта алмай. Бұған теңеп өз пайтағын қараса, Анасынан жаңа туған балаша. Я болмаса шөп сияқты көрiнер, Айтуыма тiлiм толық жараса. Құрмет етiп көрсеттi бiр орынды, Ол да айтарлық сан мақтауға толымды. Шарап бердi сұлу қыздар әдеппен, Он бесiншi беттерi ай боп көрiндi. Алып iштi тәттi шербет шарабын, Айта алмады iшпеймiн деп жауабын. Теңдесi жоқ шаһты қалай шақырсын, Келгеннiң де сездiре алмай себебiн. Даярланып тұрғанында қайтарға, Тон менен тәж сыйла дептi қайтарда. «Алып алты, жеген жетi» болмайды, Тек дәнекердей тiлге айтарға. Жасыл түстi зүбәржат тәж басына, Қымбат баға жасыл бiр тон қасына. Арқаға тон, басына тәж кигiзiп, Қатты сыйлап қайтарыпты асыра. Кердең басып қайтты елшi мақтанып, Мақтанып сыр сөйлермiн деп ақтарып. Бiрақ ендi биiк санап Синаны, Шақыра алмай қайтты кейiн сақтанып. Кердең басып кiрiп келдi диуанға, Синаны ертiп келедi деп мейманға, Отыр едi даярланып қарсы алып, Сияқтанып алақанға сыйғанға. Киiп келген алтын тоны бағалы, Шапан қылып жапқан екен қоғаны. Киген тәжi қабығы екен қарбыздың, Таңырқатты ұлы, кiшi, ағаны. Келгенiнде күлдi халық жабыла, – Бәрекелдi, тоның менен тәжiңе. Ей, тамаша қымбатты тон, тәж екен, Барсаң және сыйлар ма екен тағы да. Десiп бәрi тамаша етiп күлiстi, Үш-төрт сағат әңгiмелеп бұл iстi. Барған елшi қатты ұялып iсiнен, Баян еттi көрген барлық жұмысты. Есiткендер тұрды бiраз таңырқап, Мысыр шаһы қарсы алмады жабырқап. Әрбiреуi әрбiр түрлi сын бердi, Көрерге тек жай кiсi деп қаңылтақ. Ендi бұған кiм барады жүректi, Анау-мынау деп бiрқатар күн өттi. Харисты айтты ақырында көпшiлiк, Орынына келтiрер деп тiлектi. «Себебi, ол бiрге туған туысқан, Кiндiк қанын бiр анадан жуысқан. Ерiп келер, өтiнiшiн қайтармас, Оқып ғылым, ойнап шiркей қуысқан». Падиша да бұл кеңеске кiрiстi, – Достым Харис, сiз тындыр, – деп, – бұл iстi. Бiлiсе алмай жүрген Харис асығып, – Барайын, – деп, – қарсы алды бұл жұмысты. Ғалисина жүрген ол да сағынып, Жолын тауып жетпей жүр деп нағылып. Осы бүгiн анық келер күнi деп, Шықты алдынан жүрек тулап, қабынып. Бiрiн-бiрi құшақтасты, көрiсiп, Қол алысып, беттерiнен өбiсiп. Апу талап еттi Сина Харистан, Келер жұмыс тағдырына келiсiп. Үйлерiне келiп кiрдi Синаның, – Кешiрiңiз, – деп өтiндi, – қинадым. Көп уақыттар көрмегеннен бiлмедiң, Жолы мұнша болар ма деп дүнияның. Осы бүгiн екi ғалым бiлiстi, Кей сөздердiң тарауында күлiстi. «Не де болса бiлместiктен болды» деп, Екi жүрек демiн алып тынысты. Сый-зияпат болып жатты тамаша, Бала да кеп қолын алды жанаса. Келгендiгiн хабарлады шақырып, – Қабыл ет, – деп, – көңiлiңiз қаласа. Айтты Сина: – Сенiң үшiн барайын, Сен келген соң, бармай неге қалайын. Әйтпегенде текке керек етпеймiн, Ондай ақымақ патшалардың талайын. Мен түгiл, ол жайы мәлiм саған да, Тым тәкаппар, тайып жатар табанда. Оған бiраз көрсетерлiк сабақ бар, Тек қайырлы жұмыс болсын қадамға. Харисқа айтты: – Сiздiң үшiн барамын, Алтын әбзел, ат қып мiндi таяғын. Әбiлхарис өз атына аттанды, Патшасына беттi бұрып қаланың. Қала халқы бұрын бiлген хабарын, Құрмет қылып бiраз халқы қаланың, Басын иiп бердi сәлем Синаға, Қабыл алды Ибн Сина оларын. Саясатпен, әскерiмен алдынан Құрмет етiп ышқынғандай жан бұған. Патша да кеп жаранымен қарсы алды «Мархаба!» деп көз көргендер қалды таң. Көп кiсiлер шыққан лебiз сөзiне, Көп кiсiлер көруге ашық өзiне. Патша-сұлтан жолдастары құрметтеп, Үзеңгiсiн сүртiп, сүйдi көзiне. Қолтығынан қолдап аттан түсiрiп, Кезек-кезек бiр-бiрiне ысырып. Пайтағына кiрдi келiп патшаның, Орын берiп отыруға ұсынып. Барлық ғизат келдi орнына тәртiбi, Яки кемi, болмай яки артығы. Ғалисина құрмет дедi патшаға, Қызу жүрек, соғып шаттық қарқыны. Ақыл көзбен патша бағып Синаға, Ғылым кимия иесiне симияға. Кескiн-келбет жаратылған жай кiсi, Теңдесi жоқ ғылым күшi дүнияда. Айтты патша: – Ибн Сина, иа, ғалым, Көп жарандар жүзiнде осы дүнияның. Сiз де, бiз де – көп жаранның бiрiмiз, Өтедi өмiр, көрген қызық бiр сағым. Ғашық болдық көптен сiздi көруге, Құтты болсын қадамыңыз келуде. Шүкiр, қазiр дидарласып отырмыз, Айып етпеңiз, қабылдаңыз сенiмге. Айтты Сина: – Қабылдаңыз айа, шаһ, Сiзден бiзге, бiзден сiзге мархаба. Бiз бiр пақыр кедей ұлы, ырзамыз, Сiз қабылдап алсаң ұлық мәртаба. Ғалым Сина өзiн төмен көрсеттi, Кiшiпейiл мысал ойын өлшеттi. Тәттi тағам, шырын шербет өткiзiп, Патша ағзам және бiр сөз тербеттi. – Ей, Аплатон, ғалым дана-данамыз, Айып етпеңiз, сөйледi деп және бiз. Өткен күнде түрлi болған керемет, Кереметтi көрсеткен сiз боларсыз. Бiз пақырың сол көрсеткен өнердi, Ол өнер бар кеше-бүгiн көнердi. Айтты патша осы отырған мәжiлiсте, Көрсетсеңiз осы ерлерге төменгi. Құдiреттi iстiң бөлшектерi қолыңда, Орындайсыз орнын тауып оның да. Көз көрмеген сенбейдi кейбiрi, Осы бүгiн, болса мүмкiн, орында. Көзбен көрсiн осы отырған кiсiлер, Көзбен көрсе күмән қалмай түсiнер. Тамаша етiп бiз де көрсек, тақсыржан, Көз көргендер көңiлiне түсiрер. Айтты Сина: – Басымменен ақтаймын, Ондай iске, тақсыр, ерттеулi аттаймын. Құйдырыңыз кесеге су белiнен, Сонан кейiн қызметiңе тоқтаймын. Отырғандар көтерiлiп басылды, – Ой, рақмет! Жасай бер, – деп, – жасыңды! Орта кесе су да тұрды тақ болып, – Көрем деген қарасын, – деп ұсынды. Кесемен су келтiргенде ол құйып, Орынынан тұрды патша қоңқиып. Уәзiрлерi ышқы құмар күлiстi, «Босана алмай жүрген ғой, – деп, – қол тиiп». Орынынан бiрi тұрып уәзiрдiң, Патшаға айтты: – Әрне десең әзiрмiн. Рұқсат етсең, мен атқарсам қызметтi, Бұл мәжiлiсте, үстiнде осы қазiрдiң. Айтты патша: – Қызметiңдi даяр ет, Көргенiңдi көпшiлiкке баян ет. – Әлбетте, мен солай етем, әрине, Су iшiнен көрсем де мың қиямет. Қарап едi көрдi өзiн далада, Шөл жазира, кең сахара, салада. Көрсе өзi сұлу әйел суреттi, Мүшелерiн түгелдептi және де. Қауiптi орын қос тiзенiң арасы, Бұйырды ойы сол бiр жердi қарашы. Үздi үмiтiн көрiп көзбен анықтап, Жас келiншек болмаған ұл анасы. Қорқып кеттi естен қалмай үрейi, Өкiнiште қарадым деп бiр ойы. Жан-жағына жалтақ-жалтақ қараса, Кең сахара көрiнбейдi қу ойы. Ойлады ойды берi менен әрiден «Бұған қандай ем қонар, – деп, – дәрiден. Сорлы басым әйелiме немдi айтам? Осынысы қиын болды-ау бәрiнен». Зар жылады «Ендi қайда барайын, Қымбатымды қайдан iздеп табайын? Өзiм тiлеп алдым сұрап патшадан, Не көрсем де айтамын деп қарайын». Осыны айтып тентiредi бетiне, Кете бердi бетiне алған шетiне. Жүрегi де қорқақ, нәзiк әйелдей, «Әй» десе егер, жарылғандай өтi де. Қалтасына қолын салса, айна бар, Көрсе жүзiн жұлдыз сүйiп, ай қарар. «Жiгiт адам немдi айтам деп кез болса, Деп келедi ер көрмес жер қайда бар? Сорлы басым мұнша сұлу болар ма, Жаман болсам, жан қызығып жолар ма? Кей жiгiттiң ит сияқты мiнезi, Елсiз жерде кездестiрме оларға». Сүмбiл шашты, мөлдiр көздi балдырған, Iшпей-жемей, көрсе мейiр қандырған. Қарсы алдынан қара жiгiт кездестi, Ашық болып, күйiп, жанып жандырған. Әр мүшесi бейне бiр-бiр адамдай, Әрбiр тiсi аузын ашса қабандай. Бармақтары тырма ағашы секiлдi, Тырнақтары темiр соқа болғандай. Аузы ойылып құлап жатқан моладай, Мойны ұзын мұнарадай, қорадай. Әр мүшесi түрлi затқа ұқсаған, Ендi айтайын сiздер де қой сұрамай. Көрiп зәңгi судай сұлу қатынды, – Уа, жарым, – деп оқтай зымырап атылды, Көптен таппай еңiреп жылап жүргенде, Өзiң таптың iздеп мендей батырды. Менi, сәулем, келдiң iздеп кесеге, Тiлеп алдың өзi көрем десе де. Кезек бермей өзiң шықтың менi iздеп, Басқалары болса да әлденеше де. Осылай деп келдi жая құшағын, – Келшi-келшi, қысып, сүйiп, құшайын. Ғашық пiрi Ләйлi – Мәжнүн жаһанда, Мен Жүсiпке, сен Зылиха ұқсадың. Құтқармаймын наз ғып, жаным, қашсаң да, Жерден – көкке, көктен жердi бассаң да. Бауырына қысып, сүйiп айтқаны, Көктi шүйген көгершiнiм аспанда. Қашамын деп қоржыңдайды босанып, Бойындағы бар күшiмен жасанып. Әулиеден, пайғамбардан түк қоймай, Жалынса да түк болмады қасарып. Ақырында басты жығып бауырға, Көздiң жасы ұқсап көл боп жауынға. Ендi қауiп жұмысына көшерде, Жетiп келдi ұқсап Сина дауылға. Зар жылады көрiп уәзiр Синаны: – Құтқар менi, мынау бәле қинады. Дедi Сина: – Екi түрлi шартым бар, Орындасаң орындалар сыйлауы. – Орындаймын, екеу түгiл, мың шартты, Құтқар менен ұрғашылық бұл шартты. Айтты Сина: – Көргенiңдi ешкiмге, Бiлдiрмейсiң, бiрiншi шарт – қымбатты. Екiншi шарт: патша қызын балама, Жәрдемшi бол мен сұрасам және де. Екi шартты паш қып сыртқа сездiрсең, Бұдан жаман тентiретем далаға. – Мың болса да орындаймын шартыңды, Мынау зәңгiң iс көрсеттi әр түрлi. Құрсын сұлу, келтiрерлiк күйiме, Малғұныңның кереметi артылды. Келiп Сина, ұстап зәңгi қолынан, Лақтырды жатқан алып жолынан. Кеттi зәңгi көз жетпейтiн ұзаққа, Уәзiр шықты шықпас темiр торынан. Тұрып қалды басы бiраз айналып, Аң-таң болып есiн жиып, ойланып, Көзiн ашса тас аяққа қарап тұр, Мәжiлiс халқы бұрынғыша жиналып. Орамалмен сүрттi отырып маңдайын, Бәрi қарап отыр халық дап-дайын. Емшектерiн, әрбiр жерiн сипалап, Айтпаса да жақындатты жағдайын. – Нелер көрдiң? – деп падиша сұрады, Ғалисина күлiп мұрттан тұрады. – Ей, падиша, мыңнан бiрiн айтуға Мүмкiн емес, қалмады есте тұрағы. Өзi қайран суда көрген iсiне, Өкпеледi кескiн, келбет, түсiне. Әлде болса өзiне-өзi сене алмай, Қарай бердi киiмiнiң iшiне. Бiреу айтты: – Мынаны жын ұрған ба? Бiреу айтты: – Ендi ұруға тұрған ба? Бiреуi айтты: – Мен қарайын аяққа, Iркiлмейiн оны баян қылғанда. Ол да барып кесе iшiне қарады, Бұл да көрдi бiрiншiдей даланы. Қандай қызық тамашалар болар деп, Жан-жағына әбден назар салады. Өзi кiрген суретiне арабтың, Түсi қара, тұрды бiраз қарап тым. Киiмдерi пәреленген жыртылып, Бейшарасы бiраз жердегi алаптың. Алдынан бiр қарсы шығып ер түрiк, «Басыңды алып, құртамын! – деп, – өлтiрiп, Қашып жүрген менiң қара құлымсың», Деп ауыр тас арқалатты келтiрiп. Екi қолын қайырып сыртқа байлады, Зар-зар жылап, соры судай қайнады. «Құл емеспiн, ұлмын» деп мың айтса да, Алға салып, таяқ ұрып айдады. «Мысырда араб патшасының халыққа, Сол сұлтанға мен уәзiрмiн анықта», Деп жүз жерден айтса нанбай сабайды, Қу қара құл уәзiр болып қалып па. Түрiкке айтты: – Жалынамын, жылаймын, Құдiретi мұндай еттi Құдайдың. – Бiр-бiр таяқ әрбiр айтқан сөзiңе, Күнәң үшiн соғуыма ұнаймын. Сөздi қойды «Сөз сөйлесем ұрар деп, Жанды қинап сансыз азап қылар деп». Ендi басқан әр қадамға бiр таяқ, Соға бердi, соға бердi құмар боп. Арқалаған арқасында тасы бар, Әр қадамға ұрып аяқ басылар. Егер аяқ басылмаса сияғы, Оңай ғана соғылатын басы бар. Ақсай-ақсай баса бердi аяғын, Әр басқанда бiр соғады таяғын. Аяғы iсiп басуына жарамай, Не iстеудiң таба алмады оябын. Отырып ед, ұрды түрiк басына, Қарамады көзден аққан жасына. Шаршадым деп бiр ишарат бiлдiрсе, Тас қосады арқалаған тасына. Баса алмады қара араб қадамын, Деп өкiндi «Неге суға қарадым? Құдай менен пайғамбар мен әулие», – Деп жалынды «Құтқар, өлiп барамын». Көп кешiкпей аяғы iсiп қабарды, Қып-қызыл қан, баса алмады қадамды. Өлмесе де өлiмiне таянып, Екi көзi, өкпесi өштi, аларды. Ендi ойланып «Жар бол, – дедi Синаға, Жәрдемшi бол, шыбынымды қинама». Сол уақытта Сина түстi көзiне, Жан табылмай тұрғанында дүния. Күлiп қана Сина көзге көрiндi, – Айтқан сөзiң, – дедi, – балам орынды. Орындасаң екi түрлi шартым бар, Әйтпесе еш бере алмаймын қолымды. Дедi жiгiт: – Шарт болса да қаншама, Екеу түгiл, екi мың шарт болса да. Орындаймын жаным қалса денемде, Басты байлап, жолыңызға жан сала. Айтты Сина: – Олай десең жан балам, Екi түрлi шартым мынау арнаған. Бiрiншi шарт: көргенiңдi ешкiмге Паш етпейсiң, айтсаң – кеттiң дүниядан. Екiншi шарт: патша қызын балама, Мен сұраймын, көмектес деп, бола ма? Егер, мүмкiн, бұл айтқанға көнбесең, Бәле табу қиын емес және де. – Ойбай, тақсыр, жанымменен етемiн, Мың шарт айтсаң, бәрiне де жетемiн. Арашала менi мынау түрiктен, Тез болмасаң, арманда боп кетемiн. Ғалисина келдi түрiк қасына, Қолдан ұстап, айналдырып басына. Көзден ұзақ лақтырып жiбердi Талай жерге, таудан-тауға асыра. Көзiн ашып ендi жiгiт қараса, Тас аяқ тұр, өзi көрген таласа. Орынына ол да барып отырды, Отыр екен етiп халық тамаша. Айтты патша: – Нелер көрдiң кеседен? Кереметтi, қасиеттi кеседен. Айтты жiгiт: – Мүмкiн емес айтуға, Таусылмайды ұзақ қисса нешеден. Айтты патша: – Айта алмасаң болар құп, Айта аларлық көргенiңдi бiрiң шық. Жақсы-жаман көргенiңдi паш етiп, Ұмытпастан көргенiңдi көңiлге ұқ. Және бiрi кесеге кеп қарады, Шыңырауға зымыраумен барады. Көктен аққан жерге қарап зымырай, Бiр кездерде жерге аяғын салады. Жер тұтанып, аспан ысып қайнаған, Құм топырақ жалынданып жайнаған. Өзiн көрсе, суретiнде аюдың, Сөзге келмей, тартып тiлiн байлаған. Бұл бейшара бүкшең қағып жүгiрдi, Көлеңкелер бұта таппай бүгiлдi. Тарбақ тырнақ, жалпылдаған қалың жүн, Жүруге де халi келмей жығылды. 4400 Жатыр едi, құлағына үн келдi, Жиырма, отыз, қырық шамалы ұл көрдi. Тазысы бар, құстары бар аттылар, Найза, садақ, құралы бар, бiлдi ендi. Тазылардың өткiр тiсi темiрдей, Қапса тасты жiбермейдi жемiрмей. Ә дегенше келiп жеттi тазылар, Кетпейтiндей аю басын кемiрмей. Аю емес, адаммын деп айта алмай, Адамдарға бiр ауыз тiл қайтармай. «Әлде Құдай не салдың, – деп, – басыма?» Шұбалаңдап қашты сорлы қайқаңдай. Атпен қуды кейбiреуi оқпенен, Иттер қуды жiгiн жазбай топпенен. Тырнағымен iлiп алып кетуге Құстар келдi қанат керiп көкпенен. Иттер жетiп, қоңнан тартып жегенде, «Ендi бiттiм, өлдiм, Тәңiрi» дегенде. Ғалисина жетiп келдi бiр жақтан, Көктен бүркiт, ит жеткенде төменде. Ғалисина келiп мұны аяпты, Жым-жырт қылып қуды барлық саятты. Өзiн және өз күйiне түсiрiп, Шарт айтқызып, тобасына таяпты. Орындауға антын бердi шартына, Кетсе де деп дарға басым тартыла. Бiр уақытта көзiн ашып қарады, Көзi түстi мәжiлiстегi халқына. Алдында тұр су құйылған кесесi, Аз десең де, көптен артық есесi. Жүрек лүп-лүп, ырсылдап дем ала алмай, Көрiнулi азаптардың нешесi. Сөйлеуiне келмеп едi тiлi де, Бiтпегендей көп жараның бiрi де. Тұла бойын ұстай бердi қолымен, Келдiм бе деп сенбей саулық күнiме. Патшасы бұл тұрғанға болды қайран, Бiлмептi қайда барып келген қайдан. Патшаның өзi орнынан түрегептi, «Кеседен кетсем де, – деп, – тауып ойран. Байқайын не де болса өзiм көрiп, Қанығып қандай екен көзiм көрiп». – Ей, тақсыр, мен қарайын, айтайын, – деп, – Ұсынды тағы бiрi сөзiн бөлiп. – Кеңшiлiк, қараңыз, – деп берiптi оған, Қарауға бердiм, – дедi, – ерiк саған. Барлығын көргенiңнiң жаттап алып, Баянда көп алдында келiп маған. – Айтайын, – дедi, – тақсыр, не де болса, Көргендер айтпайды екен неге сонша. Көрейiн, көргенiмдi көпке айтайын, Iшiне тас кесенiң кеме қонса. Үн шықты тез қара деп көпшiлiктен, Көп сөйлеп тамашадан көптi iрiккен. Тезбе-тез көрмеген соң қызығы не, Осындай мәжiлiсте бас бiрiккен. Қарады жiгiт суға кеседегi, Басынан хабары жоқ не кешерi. Көрдi өзiн шетсiз-шексiз кең сахарада, Бiлмедi бұл не ғажап, не себебi? Күн ыстық, аспан жерге түсер қайнап, Сыбаға соң келсе де еселедi. Аң-таң боп, бетiн бұрып бiр жағына, Кетiптi мас адамша көшедегi. Қанаты өткiр алмас, болат тырнақ, Көп бүркiт көктiң бетiн кеселедi. Күн быжып, аптап ескен аспан қайнап, Жан рақат жайлар қалды тұрған жайнап. «Бұл қалай, ақыр заман кез болды» деп, Өкiндi қарағанға қолын шайнап. Тарбайтып тырнақтарын аузын ашып, Бүркiттер бүргелi жүр төбеде ойнап. Бiр бүркiт бүрiп болат тырнағымен, Айбатпен алып ұшты тiсiн қайрап. Көтерiп көк жүзiне шығарғанда, Көп бүркiт ортаға алып тартты тойлап. Рухы өшiп кетiп зәре қалмай, Бiр түрлi үнi шықты қатты ойбайлап. Екiншi тағы бiр топ тырнақтылар Таласып тырнағымен тартты ыңғайлап. Бiр тырнақтан бiр тырнақ Iлiп алып тартысты. Кiр шалмаған тың тырнақ, Әрбiреуi әр түстi. Көктiң бетiн сайрандап Көрдi алыстан әр тұсты. Ақ денесiн ойрандап Азаптады байғұсты. Тиянақсыз асты жер, Босап кетсе тырнақтан. Тәңiрiм, өзiң көмек бер, Жаз бәлеңнен шырматқан. Құйылады аспаннан Жерге қарап жұлдыздай. Бүркiт жылдам шапшаңнан, Аққан күймен тұрғызбай. Бiреуiнен бiреуi Iлiп алып кетедi. Қабылданбай тiлеуi Тағы бiрi жетедi. Тырнағымен ол да iлiп, Көк перiдей тартыпты. Өндiршектен қондырып, Көк бетiне қалқытты. Алмас қанат қаршыға Алып ұшты ғарышқа. Қан сорғалап ұқсады Қатты жаңбыр тамшыға. Қанқоректi мақлұқат Қызыл көрiп таласты. Той-той жасап көңiлi шат, Ақ бұлттардан әрi асты. Шықты жаным, шықты деп, Жан дауыспен қышқырды. Табанымен нық тiреп, Тырнағынан ышқынды. Бiресе аяқ, бiр басы Бұлғалақтап келедi. Бар салмақпен тұлғасы Түссе мыж боп өледi. Көктен төмен құлдилап, Құстар шүйгiп ередi. Ес-ақылын ер жинап «Сақта Құдай», – деп едi. Келген боймен әуеден, Түстi шыңырау құдыққа. Жұмсақ топырақ, түбi кең, Аман қалды тұрып та. Әуеден жерге түстi иттей қаңсып, Қалдырды жанын аман жұмсақ балшық. Балшыққа белшесiнен кiрiп кеттi, Алмай-ақ, қалыпты аман, адам аршып. Бiр кезде көзiн ашса есiн жиып, Жатыпты бiр аждаһа басын иiп. Белiнiң иiлген дәл ортасына Түсiптi бұл бейшара көктен шүйiп. Балшықтан кетпек едi қарғып шығып, Мүмкiн жоқ тұрған жерi терең құдық, «Құдая, кесең құрысын, сақтай көр» деп, Бейшара жылап тұрды жасын сығып. Жалтырап маңдайында [екi] көзi, Аждаһа құшаққа алған белiн бүгiп. Бiр жаным мың да болса қалмас дептi, Тiстесе улы жылан тiлiн сұғып. Жанынан бiржолата үмiт үзiп, Бұлақтай көз жасына бетi жүзiп. Әулие, әнбиядан түк қалдырмай Синаның атағанда атын тiзiп. Көзiне Сина келiп көрiнiптi, Зар жылап жiгiт жасы төгiлiптi. «Ешкiмге айтпа, қызға көмек бол» деп, Оған да аналардай берiлiптi. Ант айтты бес жүз рет, бiреу түгiл, Шықпасқа айтқанынан, етiп қимыл. Адамға бас кетсе де айтпан дедi, Көмекшi боламын деп аса шұғыл. Ер Сина еттi ишарат бармағымен, Құдықтың жол ашылды бiр жағы кең. Қысылып сол қуыстан азар сыйды, Өнбойы сойылған құс тырнағымен. Қараса жан-жағына көзiн ашып, Адамдар қарап отыр жапырласып. Падишаһ: – Көргенiңдi сөйле! – дептi, Орнына отырғанда тiзе басып. Бейшара сөйлеу түгiл дем ала алмай, Қозғалтпай тұла-бойы оңала алмай. Жалтақтап жан-жағына қарай бердi, Сөйлеуге жайын айтып жарай алмай. Ыржиып ғалым Сина миығынан, Көзiнiң назар берiп қиығынан. Бейшара ауырғандай кеттi шығып, Дем алып барып-келiп иығынан. Патша айтты ауызының суын жұтып: – Бұл қалай, бәрiнiң де әлi бiтiп, Қарайды, көргендерiн айта алмайды, – Дегенде тағы бiрi келдi күтiп. Оған да «көрiңiз» деп бердi рұқсат, «Айта алмай қалмаңыз, – деп, – алдыңғы ұқсап». Қарапты айтамын деп кесе-аяққа, Туралап суға нықтап бетiн ұстап. Сахарада көрдi шексiз бұл да өзiн, Қиямет күн туғандай алды сезiм. Күн қайнап, от боп жанып, бықсып жатыр, Берместей ыстығына адам төзiм. Көрдi өзiн тыр жалаңаш жас баладай, Кең дала бықсып жанған масқара жай. Сулары қазандағы астай қайнап, Басарға жай таппады баспанадай. Жер басып зыр жүгiрдi, домалады, Себебi басуға аяқ жарамады. Балықтай қазанға асқан бiттi терлеп, Қуырдақ демесек те табадағы. «Сор басым қарадым, – деп, – суға неге?» Таба алмай жай тұруға, жанға шеге. Шамалы бiр азырақ жер басқанда, Арыстан көрдi алдынан – пiлдей дене. Баладай шықты байғұс жолдан тайып, Көйлексiз, тыс киiмсiз үлкен айып. Ұмтылды қатты ақырып аузын ашып, Жануар қанқоректi таңғажайып. Жүгiрдi жан ышқымен шығып жолдан, Сақалды бас аманда берген қолдан. Қашса да қалай қарап құтыла алмай, Алуға азар жеттi демiн зордан. Ыстықтан дем ала алмай тiлi құрғап, Сағатта сау кiсiнi бәле шырмап. Жол таппай арыстаннан құтыларлық, Тыпырлап жүре бердi қарап тұрмай. Бiр кезде кез болды бiр терең құдық, Аяқ күйген құлақты керең қылып. Алтындай ақ үйден кем көрiнбедi, Құдыққа ұрды өзiн кең жай бiлiп. Деген ой жоқ құдыққа түссем өлем, Ес қашып, екi құлақ болған керең. Жапырақты сол құдықта жасыл дарақ, Секiлдi қалы кiлем жайған көлем. Жабысып сол дарақтың бұтағына, Берiлмей арыстанның жұтарына. Қалайда қас бәледен қалыпты аман, Ұялы ұқсап соның құтанына. Ағаштың бұтағында алды демiн, Тапқандай аз да болса тұрмыс кеңiн. Отырып сол дарақтың бұтағында, Құдықтың қарап көрдi түпкi шенiн. Жетi басты аждаһа Құдықтың жатыр түбiнде. Қорықты жiгiт бейшара Жатыр деп қалай бұл iнде. Жетi басты жыланның Иiсi бар ажал түрiнде. Арыстан атты iрi аңның Әзiрейiл тұр түгiнде. Бiр кесе су – көз жасым, Ажалым менiң бүгiнде. Өзiмде өлiм, әз басым Ашылған гүлдей күнiмде. Арыстан тұр құдықтың, Шабынып, шығар басында. Аждаһа тұр жуық тым, Құлап кетсем астымда. Жетi басты жалмауыз Жоғары басын көтердi. Арыстан ажал қанды ауыз Қиюға тұр некемдi. Қол басындай қу кесе Белiнен бетi су екен. Минуты ғажап бiрнеше Өмiрге құйған у екен. Жоғары шықсам арыстан Алуға менi күтiп тұр. Төменге түссем ағаштан, Аждаһа анық жұтып тұр. Ағаштың түбiн қарасам Құлауға да таянған. Тұруды өлмей қаласам Өлiмнен орын жай алған. «Өлдiм» деп, өлуге ендi таянғанда, Ажалдан ақыл хошы жай алғанда, Әулие, әнбияның бiрiн қоймай, Синаның атын атап оянғанда. Көрiндi Ғалисина ер көзiне, Қысылып, «ендi өлдiм ғой» дер кезiнде. Синаны көзi көрiп «Құтқар! – дептi, – Әкежан, көкежан», – деп сол кезiнде. Сина айтты ант айтқызып екi шартты, Артықша мықты бол деп мiндет артты. – Ант түгiл, Құранды да бөлмей жұтып, Бүтiндей жiберем, – деп көп-көп айтты. «Мақұл» деп ағашты ұстап Сина күлiп, Еңкейiп сiлкiндiрдi ұстап тұрып. Аузына түстiм ғой деп айдаһардың, Жiбердi жан даусымен бiр қышқырып. Есiттi жұрттың бәрi қарап тұрған, Мәжiлiсте қарағанын қалап тұрған. Қараса көзiн ашып кесе алдында, Кiсiлер шапырлап тұр талап қылған. Деп айтты демiн алып «Сұбхан Алла, Састы ма, саламат па, – дедi, – әмма?» Падиша: – Елден ерек сен не көрдiң, Көрдiң бе артық қызық солардан да? – Падишаһым, мен айтпайын, сен сұрама, Дүнияда айтып-айтпа жан тұра ма? Ұмыттым нелер көрдiм бәрiн тегiс, Есепсiз, мүмкiн емес бәрiн әмма. Қаласа өзi көрсiн әркiм келiп, Көруге бәрi мұқтаж берсең ерiк. Падиша тас-талқан боп ашуланды, Тегiнде болса да айтпас түгел көрiп. Уәзiрдiң қол қаусырып бiрi тұрып, – Алдияр, бiз көрсек! – деп айтты өтiнiп. Патшаның рұқсат еткен жолыменен, Қарады тас кесеге мойынсұнып. Көзiне көрiнiп ол терең құдық, Зымырап күмбiр-самбыр кеттi ұрып. Құдықтың тереңдiгi сол шамалас, Түбiне төрт сағатта жеттi жүрiп. Бейшара қолы жетiп тобасына, Көрiсiп өлдiм ғой деп бабасына. Табаны тиген кезде ашса көзiн, Келiптi зор теңiздiң жағасына. Көк теңiз түбi терең, шалқып жатқан, Шаршаған күш-қуатын сарқып әбден. Жан таппай жалтаң қағып жылап тұрса, Теңiзбен көрдi бiр зат қалқып аққан. Кеме екен келе жатқан, жақын келдi, Шығуын осы жерден мақұл көрдi. Жеткенде жарға жуық лангер тастап, Жанына бұл адамның ақыр келдi. Адамдар келгенiнде қашты қорқып, Жүрегi лүпiл қағып жүйткiп, толқып, Мойнына ұстап алып шынжыр салып, Және де кемеменен ақты жөңкiп. Теңiздiң кеме жүрiп бетiменен, Күн өттi су үстiнде жетiлеген. Көкпеңбек көк теңiздiң ортасында, Тау толқын болды желдiң лебiменен. Кеменiң толқын тулап бетiн басты, Адамдар ақылы айнып, есi қашты. Қанатты бiр аждаһа пайда болып, Кеменi жұтпақ болып аузын ашты. Жылады құдайы айтып жұрттың бәрi, Болмады жалбарынып еткен зары. Iшiнде көп оқыған кiсi айтыпты: – Кеменiң тыңдаңдар, – деп, – адамдары. Кемеге бiр адам бар мiнген соңнан, Ерiгiп ажал айдап кеген оңнан. Дәл соны құтқарады салсақ суға, Наһанға арналғандай қастық жолдан. Көп айтты: – Ол адамың қандай кiсi? Болыпты суға тастар қандай iсi? Ол айтты: – Патшаны аяп суға үңiлген, Адамның сор қайнаған маңдайлысы. Көпшiлiк: – Таста-таста, – дедi, – суға, Құрбандық ылайықты ондай қуға. – Не жаздым, айналайын, аяңдар, – деп, Барынша жылап айтты айқай-шуға. Бұрылды су жүзiне «қарайын» деп, «Синажан, ендi қайда барайын» деп. Айтқызып екi шартты алып қалды, Жатқанда көк теңiзге салайын деп. Жылан да келiп едi аузын ашып, Аямай көпшiлiк те құлақ асып. «Сал-сал!» – деп бәрi шулап жатқанында, Кез болды Ғалисина ұшырасып. Жалынды: – Әкежан, тез құтқар бұдан, Айдаһар жұтуға тұр жүһа жылан. Шарттарын бас ұрғызып айтқызған соң, Жiбердi «жұт» дегендей тастап бұған. Аузына айдаһардың тура барып, Түскенде жұтуына жылан қағып. «Аямай бұл да менi жiбердi» деп, Бейшара көзiн ашты бұған бағып. Баққаны көзiн ашып кесесi екен, Өзiнiң тiлегiнiң есесi екен. Уәзiрлер патшалар мен отыр қарап, Манағы мәслихаттың көшесi екен. Сұрады: – Баянда! – деп, – көргенiңдi, Көңiлiңдi көргенiңе бөлгенiңдi. – Ойбай, тақсыр, өлiмге барып келдiм, Аз тұрсам, көрiп едiң өлгенiмдi. Ұмыттым нелер көрсем, бiрi де жоқ, Келмейдi аузымды ашсам тiлiме дөп. Падиша ақырында өзi тұрды, Өкпелеп көпшiлiкке қойғандай шек. Отырған мәжiлiс халқы тұрды қарап, Ғылымның бұл өнерiн ғажап санап. Кесеге өзi барып қарағанда, Еш нәрсе көре алмапты қадағалап. Синаға жауап айтты патша күлiп: – Еш нәрсе көре алмадым назар қылып, Дегенде падишаға айтты Сина: – Қараңыз ынталанып, мықтап тұрып. Сонымен назарлапты патша барып, Бар болса көрмек болып мейiр қанып. Қараған орта кесе – құдық екен, Үш күнде азар барды оқтай ағып. Құдықтың күмбiрлеген түбi терең, Шым батып сүңгiп кетiп шығыпты әрең. Асылып ернегiне тоқтап тұрып, Тайғанап тағы тайып, түстi төмен. Тайтаңдап тоқтай алмай кеттi батып, Тырмысып және қалқып, жанын сатып. Шалт шығып, шалқасынан түстi және, Қақалып су жұтады бұрқыратып. Құдықтың және шығып кенерiне, Мүмкiн жоқ тұруына кемерiне. Қырық-елу бар күшiмен батып шығып, Күмәнсiз көзi жеттi өлерiне. Сол күн түн тырбаңдаумен таң атқанша, Титықтап ерте күнi ел жатқанша. Су жұтып сан мәртебе сарсылды әбден, «Уай, өмiр, өттiң бе, – деп, – қас қаққанша». Еңбек қып ернегiне асылады, Қалтырап сұлу суға бас ұрады. Суық су сырқыратып сүйектерiн, Шырқырап шыбын жаны шашырады. Iн болды екi көзi үңiрейген, Қармақтай белi иiлiп бүкiрейген. Су жұтып, әр шомылып шыққанында, Қалқыпты қалмағандай рух үрейден. Қарады жоғарыға көзiн салып, Аузынан түстiм ғой деп өзiм анық. Жұлдыздай құдық аузы көрiнедi, Таянды өлуге де аштан қалып. Ойлады маған арнап сол кесенi, Сыбаға қойған екен сан еселi. Жүргенде осы жүз мың азаппенен, Жылады екенмiн деп жан кешедi. Баласы адамзаттың қысылғанда, Таппаса көптен көмек ұсынғанда, Көзiне әлi жетiп, жасын төгер, Оң iсi терiс кетiп ұшынғанда. Болса да пайдасы жоқ, тұрды жылап, Тәңiрден бiр жаны үшiн жәрдем сұрап. Бiр шелек сол уақытта сылдыр қағып, Байланған қауға жiппен жеттi бiр-ақ. Кезiнде суға батқан жылдам барып, Шелекке құрбақаша мiндi барып. Тырмысып екi аяғын салды iшiне, Шап етiп қауға жiптен ұстап алып. Шелектi салған адам сыртқа тартып, Аузына шығарғанда қайраты артып, Жiбердi қорыққанынан тағы тастап, Сарқыды сан азаппен суға малтып. Өзiнiң қожасына жiгiт барып, Айтқан соң естуiнше бiлiптi анық. Сене алмай осы антұрған не дейдi деп, Құдыққа бес-алты [адам] келiптi алып. Жеткенше олар барып патша сорлы Тартты азап, батып-шығып әрлi-берлi. Сайланып сары азамат сақ боп келген, Шектенбей шек қойса да шелек бердi. Тақсыр хан, тақ ие тағы барды, Қауғаны хан болса да қағып алды. Шелтиiп шелегiне мiнiп алып, Қатты ұстап қауға жiптен, қатып қалды. Қалдырмай қағып алды ханды сыртқа, Қалай да қайыл болып қалды жұрт та. Жалаң бас, жас баладай жап-жалаңаш, Құдықтан қолмен тартып алды ымыртта. Жалаңаш хан қараса көзiн салып, Адамдар тартып алған – әскер анық. Күн көзi, айдың асты әскер екен, Көлемi көп күндiк жер жатқан алып. Соғылып дүңк-дүңк соққан барабандар, Жетi қат көк жүзiне тараған жар. Ойлады: «Жер-жүзiнiң әскерлерi, Бiр жерге жиылған, – деп, – бар адамдар». Әскерлер сұрап мұның жай-жағдайын, Бiлуге сұрағанда етiп пайым. Тiлiне бiрiнiң де түсiнбептi, Таң болды әрбiр тобын көрген сайын. Түрлерi әскерлердiң тiптi бөлек, Аттары, адамдары елден ерек. Алтын ер, аспабының бәрi де асыл, Бойлары адамының бiр бәйтерек. Аттардың бәрi тұлпар, аса биiк, Шаңырақтай тұяқтары қойған құйып. Жүз кезден қолдарында болат найза, Асынған саржа садақ айша иiп. Әрбiрi сауытының түймелерi, Диiрмендей тау-тасынан алған қиып. Патшаңыз жаңа туған жас баладай, Су тартқан шелегiне кеттi сыйып. Әскерлер кеш болған соң құрып шатыр, Ән, өлең, күй, түрлi ойын болып жатыр. Патшаны шатырына отырғызып, Берiптi түрлi тағам балдай татыр. Падиша бейнет тартып, азап шеккен, Өзiнше түскенiне көп күн өткен. Дем алып тамақ тойып, ұйықтап қапты, Жылынып тыр жалаңаш тоңған әбден. Бiр кезде бас көтердi көзiн ашып, Үстiне күн тиген соң шұғыла шашып. Тозақтай жердiң жүзi ысып кеткен, Мысалы, қайнағандай өрт тұтатып. Үстiнде құрған асыл шатыр да жоқ, Сан әскер, сән-сәулеттi батыр да жоқ. Далада от қайнаған жалғыз жатыр, Пияндай ұйықтап қалған тақырға кеп. Патшаңыз жынды бопты қалып аң-таң, «Бiр түнде қайда кеткен мұншама жан? Қалғанмын мұның бәрiн қалай бiлмей, Шықтым ба адамдықтың қатарынан». Барады құмға күйiп қадам басса, Жан сақтар жақсы жай жоқ бұдан қашса. Күн батты бiр кездерде ұясына, Күн қатты суық болды, шұғыла батса. Күндiзгi күйген аяқ тоңды түнде, Түнде мұз, қатты жанса жалын күнде. «Кеседе әкем құны бар ма едi» деп, Қайғы ұрды қарағанға қатты мүлде. Синаға қапа болды қарысқанға, «Не қылдым жықпаған соң алысқанда. Егер де бұл бәледен бас құтқарсам, Шегер ем дос боп рақат данышпанға. Берер ем малым түгiл жанымды да, Аямай бақыт, дәулет, малымды да. Не пайда рақаттың дәптерiнен, Ат-есiмiм өшiрiлдi менiң жүдә. Айрылдым жора-жолдас, бақытымнан, Патшалық бақ ұлығы – тақытымнан. Өзiмдi от iшiне тентiретiп, Қызымды болса мүмкiн келiн қылған. Ойлады не бiтiрем отырғанда, Түн суық, тынық аяз бұл тұрғанда. Жылынар тұла бойым қатты жүрсем, Дер бiрақ көз көргендер құтырған ба. Таң атар, жердiң жүзi және қайнар, Жер күйiп, дем алғызбай дала жайнар. Пайда жоқ жүгiргенмен көлеңке iздеп, Табылмас аяқ пiсер тұрар жайлар». Жүгiрдi жол iздеуге оңға-солға, Үндер көп қорқынышты тағы да онда. Көзiне қай-қайдағы зат елестеп, Тағы бiр зат көрiндi барар жолда. Көзiнен жалынданып от шашырап, Көргенiн жаман күнде кiм жасырад. Қандай зат, қандай сурет бұл бәле деп, Жүрегi бiрде тулап, бiр басылад. Қиямет қорыққан жанға қараңғы түн, Тарылып осы бүгiн әлем бүтiн. Көрiндi айбаты аса бiр дәу адам, Аузынан от, мұрнынан шыққан түтiн. Бейшара тұра қашты мұны көрiп, Бүруге жеткендей-ақ ажал төнiп. Жөнелдi бiр жағына жолды тастап, Әзiрейiл ұстағандай iздеп келiп. Жөнелдi патша жөңкiп қаша-қаша, Артынан қалмай бәле аузын аша. Жылтырап жанып тұрған зат көрiндi, Астына бiр төбенiң жақындаса. Қуанды көрiнген шам ауыл ма деп, Келдiм ғой ажал алыс ауылға дөп. Екi дәу адам етiн отқа қақтап Кәуап қып, отыр екен қуырдақ жеп. Бейшара алға келдi, арттан қорқып, Жүрегi аттай шауып, тулап толқып. – Мiнеки, жаңа келдi несiбемiз,– Деп дәулер алдын ала шықты жортып. Алдымен ұстай алды бiрi келiп, Соңғысы тұра алмады оны көрiп. Жабысты ол да келiп оң жағынан, – Бөлiсiп аламыз, – деп, – кесiп, жұлып. Дауласып екеу ара жанжалдасып, Даурыққан дауыстары әуеге асып. Соңғысын алдыңғысы жұдырықтап, Бiреуiн алып ұрып, бiрi басып. Екеуi жатқанында төбелесiп, Бас-көзiн қанға бояп, шегелесiп. Жөнелдi патша қашып бiр тарапқа, Құтылып, өле жаздап, өкпесi өшiп. Бейшара қаша-қаша кеттi ұзап, Құтылып көп бәледен құрған тұзақ. Құлады өле жаздап орманға кеп, Жай тауып бiр көлеңке жанға мiнап. Аз ғана жатып көзiн iлiндiрдi, Дем алып, рақаттанып тыным қылды. Бiр кезде көзiн ашып, көлеңке iздеп, Тағы бiр қорқынышты шыжым кiрдi. Дiрiлдеп, қорыққанынан әлi қашып, Жабығып жалтара алмай қалды сасып. Себебi жетi басты бiр аждаһа, Аузынан айбаттанып жалын шашып. Көтерiп ол аждаһа алды басын, Жұтуға патшаңызға тiгiп қасын. Әр баста жарқыраған жалғыз көзден, Хан тартты қайғы-бейнет сахарасын. Жалтарып бiр жағынан бiр жағына, Жай қарап құтылуға бiр жанына. Қалмады хан бойында қасықтай күш, «Өттiм, – деп, – ол дүнияның ар жағына». Шыңғырып патша жылап бар даусымен, Аузынан от шығарып тартқанда дем. Аждаһаның тау болып жанған өртi Орманды түгел алды айнала кең. От шырмап айналасын алды қаптап, Падиша аман қалу жанды жақтап. Үйiтiлiп шаш-сақалы жанып кеттi, Тек басын ұлы дене қалды сақтап. Жылады патша зарлап басын қойып, Тiршiлiк қызықтарын ойдан жойып. Әулие, әнбияның бәрiн атап, Соңынан Синаны айтты әбден мойып. Көрiндi от iшiнен Сина келiп, Шырқырап шырын жанын қинай келiп. – Кiрлеген адам атын һей, рақымсыз, Осынша қорладың ғой азап берiп. Сина айтты: – Көрсең де сен қаншама азап, Тәубаға бiр келмедiң, ол бiр ғажап. – Ынсапсыз, рақымсыз алдымен сiз, Менi сен азарладың итше қажап. – Әлi де балама сен қызыңды бер, Болмаса не жасармын – жүзiмдi көр. Өзiңдi-өзiң таппай жоқ боларсың, Онан соң қызың түгiл iзiңдi көр. Жай қандай осы күнде, күшiң қандай, Емес пе есiңдi жын ұшырғандай. Айрылып ел-жұртыңнан, тыр жалаңаш, Жоқсың ба жүдеп тұрған ұшынғандай. Зар жылап патша сонсоң иiп басын, Көзiнiң бұршақтаған тыйып жасын, Жалынып «беремiн» деп антын айтты, Қыз түгiл, өзiнiң де қиып басын. Бұдан соң Ғалисина имканға кеп, Бiр кесе қойған едi су әзiрлеп. Сол суды падишаның шашты үстiне, Бұрынғы қалпынша отыр көз ашса тек. Тас кесе су құйылған алдында тұр, Адамдар қарап түгел қалпында отыр. Бiрi әйел, бiреуi аю, бiреуi араб, Әрқайсы «болдың ба?» – деп айтып жатыр. Падиша тұрды өзiнiң орынына, Бар мүшем, бар ма екен деп толығында. Қараса Ғалисина отыр күлiп, Сыр суы толмағандай тобығына. Қанша айтса да бiр елдiң патшасы ғой, Айтпай-ақ байқай қалды оны бұ да. Тең келмес теңесуге таразысы, Тақ тұрды тәнтi болып ендi, жүдә. Дем алып отырған соң орынына, Патшаның халық қарап порымына. Кескiнi онша тәуiр болмай қалған, Деп күлдi «келмей қапты қонымына». Патшаға отырғандар қойды сұрақ: – Уа, тақсыр, нелер көрдiң, сөйле азырақ. Өтiнiш отырғандар еткенменен, Бермептi патша жауап оған бiрақ. – Болдың ба, – бiреуi айтты – қара араб, Кiм алды бәлелерден арашалап? Падиша ақылымен аңлап бiлдi, Айтар деп, өз көргенiн әркiм қарап. Бұдан соң патша басын төмен салып, Отырған мысалында ойға қалып. Бiр кезде жылы жүзбен Синаға айтты, Әдемi ауызынан сөз шығарып: – Ғылым иесi, әй хаким, ғалым заман, Бейшара пақырыңа дәйiм һаман. Бәлелер шұқырында сергелдең ғып, Көп бейнет сахарасында еттiң паған. – Бұл жөнде қалай мақсат-мұратыңыз, Бiлмедiм iс көрсету құмарыңыз. Бiрнеше күндер бойы тарттым жапа, Рақым ет, осы бiздiң сұрағымыз. Сина айтты: – Мархабатты патшамыз, Жауап бұл бiз турадан сұрасаң сiз. Бiр сағат толар-толмас уақыт өттi, Отырған көптен сұра нанбасаңыз. Дегенде: – Рас, – дедi отырғандар, – Ей, шаһым, ол туралы не күмән бар. Кесеге қарадың да қайта отырдың, Ғылымда екен құдiретi күштi ықтияр. Патша айтты: – Ғылымда екен ықтияр көп, Мен көрген уақиғаның есебi жоқ. Әуере менiң бүгiн болғаныма, Биллаһи, бара жатыр алты күн боп. Мен көрдiм мың машақат жан көрмеген, Көрмек түгiл, ойға да еш келмеген. Барлығын көргенiнiң баяндады, Рухым қалды менiң тек өлмеген. Отырған қайран болды көптiң бәрi, Адамда болмас асқан бұдан әрi. Дегенде көпшiлiкке айтты Сина, Отырды әдеп сақтап жас пен кәрi. – Ей, шаһым, мақтадыңдар көңiлдi аулап, Лап ұрып мақтанудан бiздер аулақ. Сiздердiң бәрiңiздiң көргенiңiз, Теңiздiң тамшысындай – бiлсең ойлап. Айтудан ғылым өнерiн мынау мақсат, Азар iс ақырет беру емес жақсы-ақ. Бойынша уәдеңiздiң лебiз еткен, Айтылған бұлжытпастан iздеп тапсақ. Берiңiз баламызға балаңызды, Айырымсыз әдiлдiкпен адам iзгi. Мен баймын, анау пақыр, кедей демей, Қосалық жолдас етiп ұл мен қызды. Менмендiк – ақымақ iсi, тәкаппарлық, Мазасыз мақтаншақтық, есi кемдiк. Әлемде ең жақсылық дос көбейту, Соның бiз осы өмiрде көбiн көрдiк. Менменнiң көп болмайды жар-жорасы, Арзандар мақтаншақтың қымбат басы. Кедейлiк, байлық – ердiң пейiлiнде, Дос болар кеңпейiлдiң дұшпан-қасы. Бұл сөзге отырғандар салды құлақ, Бәрi де шын риза болып тым-ақ. Патшасы түрегелiп қол қаусырып, – Таныдық, – дедi, – сiздi, ғалым шырақ. Беремiз балаңызға баламызды, Жинадық басқа ақыл-санамызды. Жасайық той жабдығын даярланып, Ұзаққа соза бермей арамызды. Бұл сөзге Ғалисина құлақ қойды. Аударып бiр жайлы ғып ақыл-ойды. – Рақмет, даярлан, – деп, – той жабдыққа, Көтерiп өз үйiне келдi бойды. Келсе бұл, алуашы ұлы отыр жылап, Көзiнен көл дариядай ағып бұлақ. – Уа, балам, бұл не қасiрет, не болды? – деп, Жағдайын жақсы таппай бiлдi сұрап. – Ғалижан, сау тұрғанда менiң көзiм, Жылайды жас тамызып неге көзiң? Бiр сенiң адал жүрек басың үшiн Мысырдың патшасының бердiм қызын. Ал ендi болдың, балам, неден мұңды, Сенiң бiр ардақты етiп көңiлiңдi. Айт маған қасiретiңдi қалдырмастан, Сен үшiн көптiң мойны омырылды. Синаның екi аяғын сүйiп бала, Аймалап қол қусырып алдын ала. – Мен сiздi бiраз болды кешiккенге, Көп бейнет көрдiң, – дедi – маған бола. Алмаймын керегi жоқ ханның қызын, Басыңа кiр келтiрiп, әке, сiздiң. Суыттым ғашығымнан көңiлiмдi, Мың артық хан-сұлтаннан басқан iзiң. Сина айтты ашып жаны баласына, Енгiзiп күштi шаттық санасына: – Сол қызды алып бермей жүре алмаймын, Мысырдың айқындалдық қаласына. Некелеп Мұхамбеттiң дiнiменен, Жұпты ғып, әйел етiп шыныменен. Ырза боп әкесi де бермек болды, Ант берiп аузын ашып тiлiменен. Сабыр ет, ендi балам, бiраз күнге, Достасып келдiм қазiр құда түрде. Келтiрмей кешқұрымды қоя тұрсақ, Болмайды қиындығы оның бiр де. Мұнымен өтiп кеттi бiрнеше күн, Патша да демiн алды осы мазмұн. Қолынан Ибн Сина құтылған соң, Оңаша Харисты алды патша бiр түн. – Алдырдым, Харис, сенi Бағдаттан, Жер жарған даңқың шығып әрбiр жақтан. Он болып бiр-бiр қайғым артып кеттi, Үндiстан және барып бұл тараптан. Қазынадан көп қаражат шығарылып, Көңiлден кете ме деп мұң арылып. Атымды масқара ғып еттiң бәднам, Жын соққан мәжнүндердiң сыңары ғып. Жоқтығы өнерiңнiң мәлiмдендi, Қолыңнан iс келмеуiн әркiм көрдi. Өзiммен бiрге көрдiң көп машақат, Қорыққаннан туысым деп тұрсың ендi. Бiлмеймiн келешегiм не боларын, Өтiрiк, емес сенiң ол туғаның. Қызыңды балама бер деп қоймайды, Өзiне айтса мүмкiн ықтиярым. Өзiне мiнап едi сұрағанда, Мiнәсiп болатұғын ұнағанда. Есiтер құлаққа да қолай едi, Бер деп тұр жан бiлмейтiн бiр адамға. Ол өзi пақыр малай, алуашы, Бойында қасиетi – алуасы, Бай емес, ғалым емес, хаким емес, Көрiнед жетiм бала сын, расы. Емес пе есi барға бұл бiр қорлық, Қыз берем жалаңашқа қалай қор ғып. Сенiң де қасиетiң жоқ қолдан келер, Болып тұр сен турадан мұнша кемдiк. Егер сен туысқаны болсаң оның, Осынша батырмас ед маған қолын. Патшасы бiр мемлекет бола тұрып, Малайға барып қызым таппайды орын. Патшаға Әбiлхарис бердi жауап: – Өзiне болар едi, – дедiң, – сауап. «Бай болса, берер едiм ұлға» дейсiз, Бар болса, берер болсаң көңiл дауап. Синаға түсiндiрсек айтып мұны, Бай қылса оған оңай, өнерi iрi. Ғылымның құдiретiмен әскер жасап, Сансыз мал жеткiзуге осы күнi. Жетедi ғылым күшi қиналмай-ақ, Орнына ашқан аузың жиналмай-ақ. Күйеуге ылайықты қызмет етсiн, Жайына барған мейман сыйғандай-ақ. Жүз мың қой, керек десең он мың жылқы, Мың құндыз, үш мың түйе, қырық мың түлкi. Өзiңдей алуашыны патша қойса, Шек қоймас Ауған, Иран, Араб, Түркi. Егер сен мойынсұнбай, болсаң қарсы, Өнерсiз айтқаныма құлақ салшы. Жер жүзiн жалғыз өзiң билесең де, Ол теңiз, сiз жаңбырдан жалғыз тамшы. Бас иiп уәде бердiң көз көргенде, Түзелдiң қисайғаннан тез көргенде. Қазiрде көзден таса болғаныңа Сүйенсең, жұрт күлмей ме өзгергенге. Екiншi, ғылым-құдiрет қолында бар, Түзелiп қалмайсыз ба кез келгенде. – Ей, тақсыр, ешкiм оған бермес төтеп, Патшалар бәрi тәнтi сiзден өңге. Сыпалық, адамгерлiк жолыңменен, Не жетсiн лебiзiңе жол бергенге. Басына айтқан ақыл ем болмаған, Жалтару жас баладай келмес жөнге. Бұл сөзге Мысыр ханы ашуланып, Қан қайнап, жан жүрегi кеттi жанып. – Ей, арсыз! Ей, қайратсыз! Ей, намыссыз! Түк келмей өз қолыңнан қойдың қалып. Мынау ғой шын айтқанда сөздiң нағы, Оның да таймай тұрмас бастан бағы. Қолымнан түк келмейдi демейсiң бе, Жөн айтсаң, сөз көбейтпей онан дағы. Әуелде Бағдаттан келгенiңде, Ақтарып ғылымыңды көргенiңде, Жақсы атпен мен баламды бермес пе едiм, Қолымнан iс келмейдi дегенiңде. Тартқызып осыншама жәбiр-жапа, Көрсетiп тiрi көрiм, қайтпас қапа. Жалынып қыз берем бе қорқып одан, Әлемге масқара боп таппай опа. Онан да өлген артық адамдықпен, Он артық мәймөңкеден өлiм күткен. Мемлекет қарауында сиқырларын Шақырып алдырыпты қоймай тiптен. Харисқа iлтипат қып қарамады, Халықтың қатарына санамады. Халықтан Әбiлхарис қатты ұялып, Көңiлi бос жүрудi қаламады. Шерменде жұрт алдында болғанына Қиялын ұят, намыс қамалады. «Ұялған – қарап қалмас» дегендейiн, Синаға арнап пiкiр тағы алады. «Қолыңнан түк келмейдi» деген сөзге, Ашуы намысымен келiп көзге, Бiр нәрсе ер Синаға жасау үшiн, Асығыс бiр жағдайға кiрдi лезде. Синаның жасап қойған хабаршысы, Бар едi көре алмайтын ешбiр кiсi. Аузынан қас еткеннiң шықса бiр үн, Хабарлау Синаға оның едi iсi. Сондықтан ауызынан үн шығармай, Қысылып, қымтырылып, тұншығардай, Дедi де «бұл қорлықтан – өлген артық» Отырды бiр орынға күн шығармай. Өнердiң аузы ашылып буған қабы, Ғылымның кереметтей жанған шамы. Жасады келiстiрiп алтын монша, Баяғы сияқты етiп Бағдаттағы. Отырып бiр тасада көрiнбедi, Көрiнбей отырудан ерiнбедi. Жайылып монша даңқы қаланы алып, Көрдi елдiң есiгi мен төрiндегi. Бұл хабар есiтiледi Синаға да, Ғалиды қасына ертiп Сина және. «Моншаға түсейiк, һәм көрелiк» деп, Екеуi келдi – Сина, Ғали бала. Ойлады жасаған деп Әбiлхарис, Қас қылмас туысқан деп, емес таныс. Моншаға жуынуға келiп түстi, Ойлады қолдан келмес адамға алыс. Симияның күшi екенiн анық бiлдi, Жасаған Харис қой деп қанып тұрды. Сөйтсе де жылдам шығып күмәнданып, Кетуге киiнуге ылаж қылды. Өзiне бердi Сина өзi кеңес, Қолынан адамзаттың бұл iс келмес. Көңiлiне бiр қорқыныш енгендей-ақ, Суық зат «тұр, киiн», – деп етiптi елес. Киiнiп келдi монша есiгiне, Қауiп қып аялдамай кешiгуге. Сол секунд Әбiлхарис пұрсат тауып, Қолданды ғылым күшiн өшiгуде. Қараса жан-жағына Ғалисина, Кең сахара – көрмеген басқа дүния. «Бұл қалай қадиса?» деп қалды қайран Хаким тәбиб, иесi ғылымы симия. Сина айтты тамаша етiп өзiне-өзi, Дүнияны басқа түрлi көрiп көзi: «Бiз мұны басқаларға сатушы едiк, Бiзге де кезек дүния келдi кезi». Айтылған мысалдар бар нақылиятта, Жақсылар жол көрсетiп жазған хатқа. «Қағылар өз есiгiң», – деген екен, – «Қақпасын көршiлестiң қатты соқпа». Бой жазып салды назар жан-жағына, Бұрылып бер жағы мен ар жағына. Бұлдырап көз ұшында көрiндi тау, Көрiндi етегiнде үлкен қала. Бет қойды Ғалисина соған қарап, Қаланы көрейiн деп бiр аралап. Киiмсiз жап-жалаңаш көрдi өзiн, Бiр затты киiм қылды ұят санап. Ол заты алжапқыш ед алдын жапқан, Моншаға түскенiнде алға тұтқан. Ғылымның қасиетiмен киiм қылып, Қалаға жеттi шаршап жол ұзақтан. Қаланың келдi кiрер қақпасына, Шаһардың кiре берiс нақ қасында Бал салып кiтаппенен отыр бiреу, Ақы алып әр кiсiнiң бас-басына. Сина да кезегiмен айтты келiп: – Бiзге де қалай болар айтсаң көрiп. Бетiне тура қарап айтты ол кiсi, Мысқылдап, күлiмсiреп жауап берiп. Дедi ол: – Бiреу тойып, бiреу тоңып, Дегендей, секiредi бiреу толып. Сен, балам, тойып әбден шеннен шыққан Екенсiң, бағың бәлант, тұрмын көрiп. Ғалымсың, артылуда бағың бастан, Адамсың өнерiң көп әдден асқан. Отырсың шүберектi киiм қылып, Әйтпесе ыстан да жоқ жалаңаштан. Ол ерге айтты Сина: – Деме олай, Мен де тек кiсi емеспiн саған қолай. Бiр елдiң, мемлекеттiң патшасымын, Байқап айт, түсiнбесең жайым солай. Синаны мұрттан күлiп етiп мазақ: – Кескiнiң келген екен, жiгiт, ғажап. Патшеке, әскерлерiң қайда сiздiң, Ат та жоқ астыңызда, бұл не азап? Сөзiне оның айтқан ашуланып, Жiбергенде бiр рет әпсүн салып. Айбарлы қаптады әскер сахараны, Шаһарға жетiп қалған дабыл қағып. – Әскерiм, мiне мынау менiң келген, Талқандап жеткен жерiн шауып жеңген. Қараса, нанар-нанбас назар салып, Қаптаған қалың әскер қашты көрiп. Қорқып кеп патшасына хабар бердi, Сиқыршы патшасы бiр адам едi. Аты, есiмi Дақиянұс – үлкен сиқыр, Тәңiрi боп бағындырған қала, елдi. Аты едi бұл шаһардың Қалумбия, Жария жер жүзiнен алған ұя. Бұл емес тарихтағы ол Дақиянұс, Бұл да бiр едi бiрақ биiк қия. Есiтiп бұл хабарды ол сұм, залым, Қажырлы құралының жиып бәрiн. Синаның қақ алдынан қарсы шықты, Пәрменде барлық күшiн жиып қалың. Синаның хабарланып iсiменен, Сияқты сол атақты кiсi деген. Шаһарға жетiп едi Сина әскерi, Жасалған ғылым симия күшiменен. Сиқырмен жасады әскер бұл да келiп, Қайнады құмырсқадай әскер өрiп. Синаның әскерлерiн күл-талқан ғып, Пенде ғып ордаға ап келдi өзiн жеңiп. Синаны келтiрген соң ордасына, Жолықты келмей қайтсiн молдасына. Екенiн ғылым сиқыр сонда бiлдi, Келген соң Дақиянұс дәл қасына. Сина айтты: – Көп дұшпаны, ей, сен малғұн, Көңiлiңе мен туралы сен ненi алдың? Керегiм, айтшы, қанша менiң саған, Әуелде сезбей қалып, жаңа қандым. Ол айтты: – Әуелiнде қалсаң сезбей, Ер бiлмес ердiң жайын жаһан кезбей. Сен кiмсiң, ат-затыңды айт, келдiң қайдан, Тәңiрiңнен мен сияқты қашып безбей? Сина айтты: – Пендесiмiн мен Құдайдың, Ол айтты: – Мен Тәңiрiңмiн, құшақ жайдым. Кел, менi Тәңiр деп бiл, маған табын, Қашаннан мен Тәңiрiңмiн әлемге айқын. Сәжде ғып, Тәңiрiм деп бiл, менi танып, Болмаса күл қылармын отқа жағып. Әлемге дастан болып атың қалар, Кел тағы жүрем десең тiрi қалып. Сина айтты: – Қаратарсың атаң басын, Iзiмнiң жерге басқан дәражасын. Қасынан Дақиянұстың ғайып болып, Жасырынып жатты ескi жай панасын. Жоқ болды ғалым Сина көз ашқанша, Сұрауға жауап берiп сөз ашқанша. Ұстазы екен дептi сиқырлардың, Ол ендi өкiнiптi қолға ұсталса. Әр жерден әрi-берi хабарлады, Хабарлап қарағанмен таба алмады. Бар едi Жәлүт деген күштi шәкiрт, Шақыртып Дақиянұс алдына алды. – Тез соны тауып кел! – деп, – бердi бұйрық, Өзiңнiң амалыңа мiн, – деп, – жүйрiк. Егер де оны тауып келтiрмесең, Алқымнан өлесiң! – деп, – қаның құйылып. Жәлүт тез алдиярлап басын иiп, Iздедi ықшамданып күшiн жиып. Синаны жасырынған орынынан, Ұзамай тауып алды құстай шүйiп. Синаға сәлем берiп келдi кiрiп, Жiберген патшаны айтты бұйрық қылып. Сина айтты: – Жұмысым жоқ патшаңменен, Өзiң де кет, – деп айтты, – жылдам құрып. – Терiс сөз айтпа, – дедi Жәлүт сонда, Айда, тұр орыныңнан, қарсы болма. Сина айтты: – Ердiң сөзi бiр болады, Кет өзiң, ақымағың жоқ сенiң мұнда. Жәлүт айтты: – Бармасаң, күштеп сенi Ап кетермiн күшпенен, таны менi. Сина айтты: – Ендi, малғұн, көп сөйлеме, Аяма, iстер болсаң әлдененi. Алып кет әлiң жетсе күшiңменен, Өзiңнiң қолдан келген iсiңменен. Ал ендi айтты Жәлүт: – Күш көрсетем, Екенсiң нағыз надан түсiнбеген. Жiбердi сиқыр жасап ашуланып, Өрт қаптап, қашар тесiк тұрды жанып. Сина да ғылым жолын жасап едi, Жанған өрт көл боп кеттi сөнiп қалып. Жәлүттiң бiр сiлкiдi ұстап қолын, Басынан кеттi ауысып ақылы оның. Қараса бiр уақытта көзiн ашып, Сүңгiп жүр дария iшiнде алып орын. Жасады қанша сиқыр Жәлүт шiркiн, Таппапты ол дариядан шығар мүмкiн. Су жұтып сан жүзсе де шыға алмады, Соңында құтылудан үздi үмiтiн. Ол дария – дариясы едi, дария-ай Оман, Ахуалы амал тауысып болды жаман. Синаға ақырында бағыныпты, «Сақта, – деп, – бұл дариядан менi аман». Жылады Жәлүт сонда шын жалынып. – Көндiм, – деп, – айтқаныңа шын бағынып. Шынымен берiлгенiн бiлiп Сина, Азаптан құтқарыпты мейiрiм қылып. Сина айтты: – Әй, Жәлүт, бiр сөз саған, Мойныңа ал екенiңдi бұрын надан. Бұрынғы Дақиянұстың жолын тастап, Қайтпас ант, шартыңды айтып берiл маған. Жәлүт ер берiлдi әбден шыныменен, Өзiнiң азаматтық құныменен. – Рұқсат, жайыңа бар қайт, – десе де, – Кетпеймiн өмiр бойы, – дедi, – сенен. – Бар! – дедi Ғалисина, – жанымнан кет, Өзiңше туып-өскен жерiңе жет. – Кетпеймiн, айырылмаймын, – дептi Жәлүт, Өмiрше бiр боламын, мархабат ет. Екеуi ұйықтап қалды бина iшiнде, Ақшам боп айналғанда алды түнге. Ол малғұн Дақиянұс тауыпты iздеп, Ашумен даярланып қатты мүлде. Ер Жәлүт жатқан едi есiк жақта, Үстiне келiп жауыз сол уақытта. Жәлүттiң басын кесiп өлтiрiптi, Өзiнiң дәл орнында жатқан шақта. Қырық кiсi Ғалисина етiп өзiн, Ғылыммен Дақиянұстың байлап көзiн. Дақиянұс Сина қайсы таппай тұрды, Шаппақ боп бiр қимылдар тапса кезiн. Дақиянүс сайланып тұр қылышты алып, Қырық Сина жатыр бiрдей тынышталып. Дәл қайсы нағыз Сина екендiгiн Бiле алмай, таң боп тұрды дұрыстанып. Дәл қайсын өлтiруiн тұрды бiлмей, Ойлады: «Тұрмайын деп ендi iркiлмей, Ендi өзiм не болам, – деп қауiптендi, Өлтiрiп жiбермесем бәрiн бiрдей?» Түс көрдi сонда Сина ұйықтап жатып, Қатты ұйықтап шаршаған соң қалған қатып. Түсiнде алуашы Ғали бала Шыға алмай тұңғиыққа жатыр батып. Түсiнен оянып Ғалисина Сиқыршы Дақиянұсты бiлдi танып. Байқады ендi ғана оянбаса, Тұр екен жiберуге қылыш салып. Қамданып, амал жасап Сина бұрын, Жоқ қылды Дақиянұсты жұмсап ғылым. Жәлүттi өлiп жатқан дәпiн етiп, Мысырға таң атпастан жеттi бүгiн. Дақиянұс есiн жинап бiраз жатып, Ақылын өткен iске таңырқатып. Ешкiмге ар-намыс қып айтпапты еш, Ұяттың дариясына терең батып. Ал ендi тұрсын бұлай Ғалисина, Дегендей Мысыр келдi есiң жина. Патшадан Харис пенен хабар айтсақ, Аударылып кете қоймас, шiркiн, дүния. Синаны Әбiлхарис адастырып, Жағдайын айтқан күнмен жанастырып, Патшаның пайтағына кiрiп келiп: – Жауыңнан келдiм, – дедi, – халас қылып. Түп-түгел отыр едi әркан дәулет, Келер деп кек алуға қалай нәубет. Даладан, хан сарайға Харис келiп, Мәжiлiске кiрiп қалды сәндi сәулет. Падиша түрегелiп берiп орын, Құрметтi тәртiбiмен алып қолын. – Қалайша ол жауыздан құтқардың? – деп, Түсiндiр, – дедi сұрап, – барлық жолын. Қалдырмай айтты Харис өткен iстi: – Сiз үшiн орындадым бұл жұмысты. Туысқан ана сүтiн бiрге емiскен Болса да, батырдыңыз тiл қылышты. Шыдамай тiлiңiздiң уыменен, Мысырдың Әбдiлмәжит туыменен, Өшiрдiм, өлтiргем жоқ ер Синаны, Көңiлiмнiң қаз-үйрегiн, қуы менен. Шаттанып Әбдiлмәжит тұрды бiраз, Көңiлдiң қысы кетiп, орнады жаз. – Алуашы – асылы арам жауыз сұмды, Тез тауып келтiрiңдер, тоқтамай аз! Жiбердi «тауып кел!» – деп көп жендеттi, Жендеттер желдей жылдам жеделдеттi. Падишаһ Харисқа айтты: – Алуашыны Не жаза беремiз? – деп кеңес еттi. Патшаға кезегiнде айтты Харис: – Бiтiрдiм бiр жауыңды, қайтты намыс. Не етсең өзiңiз бiл алуашыңа, Мен бiттiм, ол жағынан тұрдым тыныш. Есiтiп бұл жауапты патша-сұлтан, Бұйырды жендеттерге етiп пәрмен. – Тауып кел, өлтiртемiз ол жауызды! Ар, ұят, кек пен намыс, бiтсiн арман. Есiтiп бұл хабарды алуапүрiш Бейшара халге түстi, болмай дұрыс. Қашудан басқа түрлi ылаж таппай, Хабарсыз жасырынды, шашпай дыбыс. Дегенмен iздесе де табылмады, Жарамай еш нәрсеге жабылғаны. Өйткенi Синадан ол Ғали бала Үйренiп жасырынуды қабылдады. Ғалиды жендеттерi таппаған соң, Тақ болмай таппағаны жақпаған соң. Харисқа Әбдiлмәжит тағы өтiндi, Өзiнiң татқан тұзын ақтаған соң. Ылажсыз мақұл алып Әбiлхарис, Қарады барлық жағын келiс-барыс. Бiр бұзып рәмилiн, бiр түзетiп, Хабарлау ақырында болды табыс. Жендеттер айтқан жерден тапты барып, Сүйретiп алып келдi шынжыр салып. Тiрiлей жеп қоярға отырғанда, Алдына ұрып соғып келiптi алып. Ашумен алуашыға патша қарап, Көп сөгiп улы тiлмен, иттей талап. – Ей, залым, менi әлемге шерменде ғып, Жабысқан жаныма от, болдың талақ. Мен ендi неден сенi қоям тiрi, Ақымақ, сен бақытсыз қашқан қыры. Бетiне қара қазан түп күйесiн Жақтырды қарғаудың ең күштi түрi. Мойнына ғазабат қып iлiп құрым, Үш мезгiл ертең, бесiн, кештiң құрын. Көшеге дабыл соғып шақыртты жар, Әйгiлеп бiраз жерге өлiм сырын. Көзi ала, жүзi қара бiр топ жендет, Рақымсыз түсi суық ұрып, тергеп. Жерiне дарға тартар келтiргенде, Патшаға Әбiлхарис айтты жөндеп. Ұсынды: – Сабыр ет, – деп басын иiп, – Ей, шаһым, ойла кеңнен, есiң жиып. Келгенше Ғалисина зынданға сал, Тiрiлмес алсаң басын мойнын қиып. Өйткенi Ғалисина тiрi болса, Оп-оңай бiзге жақсы болмас онша. Тек сiздiң көңiлiң үшiн еттiк бiр iс, Бiлмеймiн келетiнiн жүрiп қанша? Патша айтты Әбдiлмәжит Харис ерге: – Болды жай-жағдайымыз таныс елге. Синаның ахуалаты не болды екен, Бар ма өзi, жоқ па әлде жуық жерде? – Мақұл, – деп Әбiлхарис алды тiлiн, Бiр бұзып, бiр түзетiп рәмилiн. Әлемнiң алты тарап барлық шеңбер, Қыдыртып серуендептi дүния түбiн. Тексерiп Әбiлхарис ғылым жолын, Жағдайын iздей берсiн қарап оның. Сина да Мысырына келiп едi, Босатып Дақиянұстан тартып қолын. Ғалиды дүкенiнен таба алмады, Дерегiн есiк құлып ала алмады. Дүкеннен таппаған соң, үйiне кеп, Есiгiн қағып сырттан хабарлады. Анасы тани кетiп, есiктi ашып, Көзiнен құшақтады жасын шашып. Синаға бала жайын мәлiмдептi, Басынан ақылы ауып, есi қашып. Жылады Ғалисина баланы аяп, Ақ жүзiн көзден аққан жаспен бояп. – Уа дариға, қалдым ба! – деп, – обалына, Болдым ба өлiм себеп жанға таяп. Ғалидың айтты анасы сол сағатта: – Пайда жоқ тек жылаған машақатта. Жендеттер жаңа ғана алып кеттi, Дәл қазiр барсаң, аман бұл пұрсатта. Бұл сөздi есiткен соң Ғалисина Ойлады есiн жинап ақыл-хайла. Қаншама шақырғанмен бiр болмады, «Кел, – дедi, – ендi оның жанын жина». Ашумен патшаға арнап жасады гүл, Өлiмнiң түсi көркем дәрiсi бұл. Патшаның Мысырдағы пайтағына Жiбердi гүл көтертiп сатушы ұл. Ол уақыт емес едi гүлдiң айы, Қалмаған жаз бен күздiң ешбiр жайы. Гүлдi алып пайтағына келiп кiрiп, Патшаға қарап жылы тұрды райы. Келдi ол гүл сатушы болып түсi, Сатушы деп ойлады барлық кiсi. Патшаға дәстүрiнше дұға оқып, Болды оның алсаңыз деп ұсынысы. Қасында Әбiлхарис рәмил қарап, Бiлуге Сина жайын етiп талап. Қасында падишаның отыр едi, Келдi деп хабарлауға жуық жанап. Жанынан алуапүрiш үмiт үзiп, Көзiнiң омырауға жасын тiзiп. Гүлдi алып патша сұнды Харис ерге, Қызығып алды Харис көзi қызып. Гүлдi алып «жарықтық» деп көзi қызып, Рәмилiн қоя тұрып жатқан сызып. «Тамаша жақсы екен» деп иiскегенде, Еңкейiп марқұм болды жанын үзiп. Әуелде патшаға деп арнағаны, Себеппен Харис болды қармағаны. Қармағы оңға деген солға түсiп, Түсiрiп ажал оғы арбап алды. Таң болып қалды патша ғажап қайран, Кесiрi Харисты ұрып тауып ойран. «Уа, дариға, тағдыр кiлтi таптады», – деп, Қайғы уы қайтты қаптап күн мен айдан. Ақылын басқа жинап еттi сабыр, Патшадан болмады деп оған жәбiр. Жәбiрдi жағамын деп жақын болып, Өзiнен себеппенен шектi жәбiр. Осыны кәмiл ойлап түзу тапты, Қайғы ұрып патшасы да қапа тартты. Қайғымен қаласына қара байлап, Қадiрлеп үш күн, үш түн азалапты. Бұл iске сабыр етiп Сина ғалым, Ғалидың қамқорға алып қандай халiн. Жасырып халық көзiнен ғайып етiп, Саламат алып қалды шыбын жанын. Қасиетi тату досқа сағынғанның, Арасы батқан күн мен атқан таңның. Көрмесе көз көргенше есептелiп, Көргенде жылатады ышқы жанның. Табысып күндер өтiп бұлар көптен, Бiрнеше күндiз, неше түндер өткен. Татулық, тәттi жүрек толқын атып, Жыласып кездескенде жасын төккен. Алуашы айтты өкпе, наз ғып, – Бiз сiзге айтыңызшы нелер жаздық? Хабарсыз қау дұшпанға кеттiң тастап, Зәредей болмаса да бас араздық. Егерде кешiккенде ендi сағат, Жерiне жетiп едi жан аманат. Мен сiзден мұндай мiнез күтпеп едiм, Бiрнеше кеттi күндер түнмен қабат. Көзiнiң айтты Сина жасы жүзiп, Сөйледi сөз гауһарын жiпке тiзiп: – Күшiмен ғылымы симия Әбiлхарис Қаңғыртты туысқандық жолын бұзып. Қалмады еш қиындық мен көрмеген, Мұндайға туысқаным тең көрмеген. Һәлакат сахарасына тентiреттi, Ұшырадым бәлелерге ел көрмеген. Басыма келдi талай ажал төнiп, Қалардай шам-шырағым жанған сөнiп. «Бас қайғы байтал түгiл» борасында, Тiрiлей қияметтi келдiм көрiп. Ғалидың мұны естiп анасы да Кездесiп амандықпен баласына. Қуанып, есеп сансыз еттi шүкiр, Қамқоршы қауышқан соң панасына. Ал бұлар барды өзiнiң үйлерiне, От басы аман шаттық күйлерiнде. Гүл де жоқ, гүл келтiрген бала да жоқ, Айрылды оқ тигендей сүйгенiне. Патшасы мұны көрiп басын шайқап, Қалпына қайғы толды бiлдi байқап. Бармағын қатты тiстеп от боп күйдi, Қаласын қиратқандай жау кеп жайпап. Қайғы ұрды патша түгiл басқалар да, Iстерiн есi болмай басқарарға. Алуашы алып келген қараса жоқ, Қане ендi кiмдi тартар, асса дарға. Бұдан да патшасына барды хабар, Құрыған алуашыны қайдан табар. Гүл де жоқ, гүл ап келген бала да жоқ, Орынсыз өкiнгенмен кiмдердi обар. «Кiмде-кiм осыларды тауып берсе, Алдыма тауып алып айдап келсе, Беремiн көтергенше алтын, күмiс» Десе де, табылмады ешбiр нәрсе. Қандай ғып қараса да таппай хабар, Болмапты жасаса да сансыз амал. Сина аман келгендiгiн кәмiл бiлдi, Деп айтқан Әбiлхарис «ақыр табар». «Уақытша адастырдым, аз күн кетер, Өлген жоқ, тiрi кiсi ақыр жетер. Өлтiртпей алуашыны қалдырғанда, Өлтiрсең, – деген едi, – түбi қатер». Қатесiз сол айтқаны анық болып, Қалыпты Ғалисина бүгiн келiп. Өлтiрген өз iнiсiн рақым етпей, Дүнияға тiрi қоймақ бiздi нағып. Бiрқатар күш-құдiрет Құдай оған Берiптi, тегiн сыйлап аяп соған. Қалайда қарсылықпен қарамасқа, Хабарлап жәдулерiн жиды тамам. Жоқ жерде Әбiлхарис кеттi өлiп, Синаның сұмдығымен ажал келiп. Бiр мәрте маған бола құртып едi, Ғылымның күшiменен мұны жеңiп. Басына бұл бәледен жетiп өлiм, Жан бердi құрметiмде тұрып менiң. Харистың қабiрi деп жай салдырды, Қадiрлеп зиярат қып жатқан жерiн. Ал ендi жаңа келген Ғалисина, Бiлсе де қанша өнер ғылым, хайла, Сұм өлiм ақылынан алжастырып, Харистан қалды кейiн бұл дүния. Үш-төрт күн Ғалисина тұтты аза, Iнiсi Харис үшiн болған қаза. Бұл үшiн сабыр етiп жинады есiн, Қай түрлi жеткiзуде жауға жаза. Ақылдан алжаспады жинап тағы, Керек деп абыройдың әрбiр жағы. Харисты зорлап құл ғып жасатқан жоқ, Өзiне тағдыр себеп, өз обалы. Одан да падишаны хабарлайын, Өлiмдi жеңген күш жоқ етiп уайым. Жаны үшiн айтқаныма бас имесе, Ажалы қиыны жоқ қолда дайын. Бұдан соң патшасына жазды сәлем: «Жаздым хат, Әбдiлмәжит, саған әрең. Ей, залым, уағдасыз арам лебiз, Ылайық айтса лағынет бүкiл әлем. Көрсеттiм халық алдында қанша ғылым, Соларға тоқтамадың алып бiлiм. Мұхамбет шариғатын тарттым кесе, Куә ғып мұсылманның түзу дiнiн. Солардың сұрқия боп бәрiн алдап, Балаңды бермек болып алдап-арбап. Өлтiрттiң ақырында Харисымды, Арамдық құлқыңменен құрып қармақ. Ей, Iбiлiс, әзәзiлдей амал ойлап, Өзiме Харисымды салдың қайрап. Амалың менi жою әдiсi едi, Мен емес, бүкiл Мысыр оған айғақ. Онымен мен өлмедiм, өзiң өлдiң, Мен өлмей, өлгенiң сол – аман келдiм. Тағдырға Харис үшiн болдың себеп, Қара жүз, қазiр ендi нешiк болдың? Ал ендi ақырғы осы мендiк сабыр, Көрсетсем анық әдiл саған жәбiр. Қызыңды түзу жолмен бересiң бе? Болмаса сендiк үкiм қолда әзiр! Қолыңда сиқырлардан кiмiң қалды? Амандық ендi неше күнiң қалды? Сөз қысқа, бересiң бе, бермейсiң бе? Тек ендi бiттi сауда, құның қалды». Соңына Ибн Сина қойды қолын, Патшаға тапсырылып, тапты орын. Не айтарын бiлмей оған бiраз тұрып, «Берсек бiз берермiз», – деп айтты соңын. Сиқыршы, жан-жақтағы жадыларға Хат жазып, бұйрық бердi жабыларға. Жабылып, асса өлтiрiп, қалса қалу, Бас имей қолдан келсе бағынарға. Бiлген соң Ғалисина бұл хабарды, Және бiр ғылым күшiн қолына алды. Патшаның пайтағының төбесiнен, Әуеден бiр қара бұлт тармақтанды. Сол бұлт қою қара келiп қалды, Мысырдың қаласын тек қаптап алды. Қаптаған қалың қара бұлт iшiнен Жарқылдап, қорқынышты үн шығарды. Қара бұлт қала бойын қаптап алып, Жарқылдап найзағайлар оттай жанып. Адамдай үлкендiгi зор бақалар Жауыпты дауыстары жердi жарып. Тым қатты дауыстары қорқынышты, Қорғайтын көрiнбейдi ол тынышты. Қаланың қалың үстiн қаптай жауды, Сағатта жерге түскен кеуiп-iстi. Тым қатты бақалардың үнi тiптi, Бұлт тарқап, ашылар деп халық күттi. Даусының қаттысынан бақалардың Саңырау боп, есiтпейтiн құлақ бiттi. Әуеден жерге қарап жақындайды, Түскенше бiрнеше рет бақылдайды. Түскен соң бар даусымен үш мәртебе Қышқырып, соңғы даусын ақырлайды. Өледi салмағымен жерге түсiп, Қаланы қаптап иiсi, кетедi iсiп. Қауiптi дауысынан жас балалар Ауырып, жатып қалды жүрегi ұшып. Адамның қай күнде де бала жаны, Ас болмай iшкен тамақ, жеген наны. Қырылып бiр қыз үшiн құримыз деп, Қаптады қалың қайғы бұл қаланы. Синадан көрдi халық мынау iстi, Әуеден қай заманда бақа түстi. Жайнаған, жаннан тәттi нәрестелер Жаны ауырып, жайға қалды қорқынышты. Көшенiң жауған бақа iшi тола, Бүлiнiп сан мың адам соған бола. Көшеден тысқа апарып тастағанмен, Көбейген бiрнеше есе жауып және. Тұра алмай бұған шыдап қатын-бала, Патшаның пайтағына батырлана, Жиналып ұлы-кiшi қалмай келдi, Жылаумен, әсiресе, мейiрiмдi ана. «Патшамыз Әбдiлмәжит, халықтан арыз, Шын тiлек, өтемесең – сiзге қарыз. Халықтың соңғы халi болды мұндай, Бiр жағы бұл жұмыстың сiзде нағыз. Ей, тақсыр, халықтың бетi қайтарылды, Жастар да жапырылып тойтарылды. Мың мәрте кереметтi көрдi халқың, Халық – теңiз, толқын соғып шайқалынды. Бiр кезде ер кiсiлер әйел болды, Ер басын кереметпен әйел көрдi. Көтерiп шыбын-шiркей басыңызды, Көрсеттi өзiңiзге көк пен жердi. Барлығы бұл керемет Ғалисина, Дүниенiң ерегiссең бәрiн жина. Көрдiңiз күшiңiздi өлшестiрiп, Жетпесе қуатыңыз, ендi сыйла. Халық сыйлап қадiрледiк сiздiң үшiн, Сiзге де қарау парыз бiздiң үшiн. Көктен жауған қаһарлы күш-құдiретпен, Құрбан боп қырыла ма ел қызың үшiн? Халық үшiн алуашыға қызыңды бер, Болмаса, бiттiң қазiр – iзiңдi көр. Әйтпесе өз басыңды тамам етiп, Қызыңды әперемiз бiрiгiп ел». Падиша мұны естiп, жан-жағына Қарады диуан халқы шарбағына. Уәзiрлер орынынан кезек тұрып: – Бармаймыз, – дедi, – бөтен ар жағына. Көзiмiз жеттi ғалым екенiне, Көндiрген тағдыр кiлтiн дегенiне. Бағынбай ешбiр iстiң қажетi жоқ, Қонасың бағынбасаң мекенiңе. Қызыңды бермесеңiз қолыңда тұр, Шыдасаң бола қойсаң өзiң батыр. Дегенде орынынан ұшып тұрды, Тоқтаусыз «беремiн» деп таза-тақыр. Халықты қанықтырып сендiрдi, Бұрынғы иттiгiне кiсендi ұрды. Мәз болып, жүзi жылып, жұрт қуанып, Халықтың қабағына түс ендiрдi. Синаның халық келiп есiгiне, Бас иiп алғыс айтып есiмiне: – Халық болып балаңызға бермек болдық, Қалдырмай кешiрiңiз кесiрiне. Балаңа патша қызын бермек болды, Өзiнiң баласындай көрмек болды. Осының бақа жауып кесiрiнен, Қала iшi қалмай қирап өлмек болды. Қабыл алып мұртынан Сина күлдi, Бiр түрлi ғылым жолмен амал қылды. Мысырда әрбiр үйдiң бас-басына, Қолға алып жүретiндей шам жандырды. Қасиеттi арқасында сол шамдардың, Жоғалтты жойып иiсiн бақалардың. Құтылып бiр-ақ күнде қала халқы, Ажары кiрiп қалды кең шаһардың. Падишаһ басын иiп бұдан кейiн, Той жасау жағдайына шықты бейiм. Синаға патша хазiрет хабарлапты: – Пиласұп*, бұл сөзiме сал, – деп, – зейiн. Себеп бар сөзге өтiнiш бiлдiруде, Шаттықпен сыр бiлдiрiп күлдiруде. Қымбатты қыз киетiн жақсы тауар, Аплатон, бар ма сiзде кигiзуге. Уа, тақсыр, күйеу бiзге – алуапүрiш, Жалаңаш патшаларға қалай дұрыс. Тепе-тең ылайықты болсын бiзге, Ылайық жарасады бақыт-ырыс. Ей, тақсыр, деймiз сiзге құшақ жайып, Көп уақыт еттiм ұят, жасап айып. Балаңыз бағы биiк, күштi болса, Әрине, патшаларға сол ылайық. Салт та бар, сана да бар, тамаша да, Биiктер қарамау бар аласаға. Бек емес, хан, төре емес, патша қызы, Жалаңаш жарға бару жараса ма? Иә, ғалым, өзiңiзге салсам ақыл, Бердiңiз үлгi нұсқа, айттың нақыл. Шын сырым жасырмаймын, патша қызы Бола ма жалаңашқа бару мақұл. Ойға алып осыларды күнi бұрын, Ауыстыр жақсылыққа барлық түрiн. Есiңе күн iлгерi салғаным бұл, Апу ет, шын жасырмай айтқан сырым. Ылайық көп болмайды болса дәулет, Одан да артық болса сән мен сәулет. Мал менен артық болмас мемлекетте, Көп болса көптiк етпес қаде-қаумет. Дегенде, айтты Сина падишаға: – Бар айтқан бәрi де бар, дәража да. Басыммен жақсылықты жанымменен, Етемiн бәрiн даяр бүгiн ада. Бұл айтқан ұлы сөзде иiн де бар, Мал да бар, мемлекеттiк күйiн де бар. Айтылған бәрi даяр жағдаяттың, Саспаңыз киiм де бар, бұйым да бар. Ғылымның қуатымен еттi сарай, Ай-жұлдыз, күн суретiн жасап қолай. Бау-бақша, гүлдер жайнап, бұлбұл сайрап, Көрген жан кетпегендей қарай-қарай. Жасалды түрлi аспаптар қызға лайық, Екi жүз қызыл бұйра түйе жайып. Үстiне қымбат баға мүлiк артылған, Екi жүз әбзелi мен аттар пәйiк. Екi жүз қыз бен жiгiт гүл жайнаған, Көрген жан есiн танып кең бойлаған. Жүздерi толған айдай, қасы иәйдай, Екi жүз кәнизак қыз күнде ойнаған. Бұларға ылайықты қымбат мүлiк, Малдар бар, төрт аяқты түрлi түлiк. Ел естiп, көз көрмесе нанбағандай, Той болды қырық күн, қырық түн ойнап-күлiп. Тамаша шаттықта боп шаһар халқы Әбуғалисинаға болды тәнтi. Қосыпты қыз-жiгiттi неке қиып, Қалғанға қисса болып кейiнгi арты. Жетiптi жастар сөйтiп мұратына, Мақсаттың мәңгiлiктi тұрағына. Ғалиды атасына таныстырып, Тамаша болды бiтпес бұл жағы да. Алуашы атасының өптi қолын, Атқарды артылдыра барлық жолын. Сина бiраз ғылым үйренiптi, Көргендер таба алмапты мiнiн оның. Қуанды алуашының анасы да, «Шүкiр» деп бақыт тапқан баласына. Алуашы патшадан да артық тұрды, Мысырдың ағалық қып қаласына. Жеткiзiп мақсатына екi ғашықты, Дүнияға абыроймен бет ашыпты. Сина өзiнiң сағынып туған елiн, Бұқара қаласына жол ашыпты. Мысырдан Бұқараға сапар тартып, Қыстаққа Шажық деген жеттi қалқып. Өзiнiң туып-өскен қыстағы едi, Келсе ол ұлғаймапты оншама артып. Бiрталай жылдар өткен келмегелi, Бұқарды, Шажық түгiл көрмегелi. Дос, туған-туысқан мен ағайынның, Қалмапты, табылмапты өлмегенi. Келiптi бұдан шығып Бұқараға, Тоқтауға еттi ниет бұл араға. Түрлi ғалым, ғұламамен танысқан соң, Жолына тұрмысты оңлау көштi және. Баяғы ғылым симия қуатымен, Бiр жақсы үй-жай жасап һауасы кең. Ақшаға он мың тiлла сатыпты оны Бiреуге, iрi байға ауқаты тең. Ол адам рақаттанып алды кiрiп, Той жасап, мақтанышпен ойнап-күлiп. Бiр күнi Бұқараның қала бегi Бұл үйге келдi тура, жолы түсiп. Барлық [үй] сол бастықтың кiтабында Жазулы тұрушы едi тұтасында. – Мынау үй ойда жоқта пайда болған, Қалдыртпай бұздыр оның бұтағын да. Жылады алған жiгiт ойбай салып, Ойбайын тыңламады бастық барып. Бұл айтты: – он мың сомға алып едiм, Қазiрде ол кiсi бар, бiлем анық. Қаланың бастығы айтты: – Ей, ақсақал, Адамнан сатып алған пұлыңды ал. Бұзылған үйдiң орнын оған таста, Таба алсаң, тани алсаң өзiне бар. Не қылсын, ол бейшара жылдам жүрiп, Синаның пәтерiне келдi кiрiп: – Үйiңiз айыпты екен, қайтарып ал, Бұйырды қала бастық солай қылып. Сина айтты: – Айыбы не сатқан үйдiң, Айыбын айтыңызшы, неден күйдiң? Ол адам айтты сонда: – Жел, һауасыз, Сондықтан бұздырды оны, соған күйдiм. Сина айтты: – Түсiндiршi айтып анық, Отырсың не себептен күйiп қалып? Ол айтты: – Ыстық аптап, жай күнiнде, Жан тұрмас тынық жерде рақаттанып. Сондықтан бұздырды оны қала бастық, Болмаса қиратқан жоқ жала-қас қып. Жел болса, сап һауада жан рақат, Сонымен бiз де соған араластық. Сина айтты: – Жел болса тек мұратыңыз, Түсiндiм және маған ұнадыңыз. Патшаның сарайының салқын желiн Ұнатсаң әперейiн, сұрадыңыз. Патшаның сарайының саған желiн Сатайын, алар болсаң тауып ебiн. Ол айтты: – Ондай да сөз бола ма екен, Мазағың ол бiр айтқан, – дептi, – сенiң. Мазақтың мазақтарлық заманы емес, Мазақтан мынау сөзiң аман емес. Ақшамды рақым етiп, қайтарып бер, Мен оның сықақ етер адамы емес. Сина айтты: – Ей, азамат, тыңда өзiң, Өтiрiк көредi ғой айтсам көзiң. Патшаның үш сарайы толған желдi Таппасаң, жалған болса айтқан сөзiм, Алып кет бар ақшаңды менен келiп, Әуелi үйiңе бар көзбен көрiп. Бар болса үш сарайдың салқын желi, Тұруың қанағат ет соған көнiп. Ол кiсi аң-таң болды елеп iстi, «Байқайын қоя тұрып ерегiстi» Дегенде, одан бұрын Сина барып, Орнатып қойды алдыңғы деген iстi. Соңынан үй қожасы барыпты адам, Алдынан әйелi кеп анықтаған. Ерiне әйелi айтты: – Желдер желпiп, Үй iшi рақат болды шалықтаған. Иесi келiп көрдi үйге қайтып, Көңiлiн ырза болды әбден байытып. – Патшаның сарайының желi едi ол, Әйел, сен, қойма, – дедi, – бiреуге айтып. – Ей, әйел, тыңла, – дептi, – мынау гәптi, Аударып ыстық һауа жел аптапты. Патшаның үш сарайы толған желiн Бiр кiсi, адамға айтпа, маған сатты. Тамаша, қалай рақат, қалай салқын, Жел екен жанға жайлы, жүзi жарқын. Келiсiп, патша желiн ұрлап сатты, Сыр шашпа, патшаға айтар есiтсе әркiм. Мықты бол ауызыңа, айтпа адамға, Тiсiңнен леп шығарма тiрi жанға. Егерде патша есiтсе, жаза берiп, Қаһар ғып өлтiредi тартып дарға. – Не дейдi, не айтасың, – деп әйел күлдi, Айтқан деп күлдiруге қулық тiлдi. Құдайдың желiн адам қалай сатар, Болмаса нанбас бұған есi жынды. Ерi айтты: – Жан жолдасым, деме олай, Нәрсе емес ойнайтұғын ғылым оңай. Ыстық үй қазiр қалай салқын болды, Он мың сом қымбат емес соған орай. Әйелi айтты: – Айтпайын бiр де адамға, Қайтпайтын қатерлi iстен мен надан ба? Сол күнi Бұқараның падишасы, Ыстықтан шыдай алмай қалды таңға. Бұйырды: – Ашыңдар! – деп, – терезенi, Еспейдi салқын болып неге желi? Қапырық, ыстық болып кеттi қаптап, Осы үйге қағылды ыстық шегелерi. Жiгiттер дедi: – Түгел терезе ашық, Келмей тұр салқын желдер үйден қашып. Падишаһ үйден шығып бақша барды, Желпiнiп булыққан соң қатты сасып. Есiп тұр салқын желдер бақшасында, Сарайдың ыстық болған нақ қасында. «Ай, хай-хай! Жанға жайлы рақат» деп, Күн батып кеткенiнше жатты осында. Сарайға және келдi күн батқан соң, Бақшадан жанға жайлы жел тапқан соң. Қиялы «салқындады сарай да» деп, Ойлаған едi патша сол уақтан соң. Келсе ыстық әлi есiп тұр баяғындай, Таңданды тамаша етiп, неге бұлай. Шақырып бiр уәзiрiн айтты соған, Сарайдың салқынданбас жайын сұрай. Уәзiрге айтты патша сарай жайын: – Қашанғы айтпай саған қарайлайын. Салқын жел бар дүнияны қаптаса да, Бар ыстық бiздiң үйде қалай дайын? Уәзiр айтты: – Ей, шаһым, олай деме, Ессiн ол Тәңiр желi талғап неге? Есептеп есептегi жоқ заттарды, Қарайып, қапаланып, қайғы жеме. Қарайық жел туралы етiп сабыр, Қазiр жоқ, болса кейiн болар әзiр. Рақат ыстық үйлер қыс айында, Жанына жас нәресте болмас жәбiр. Жан-жақты жайға тұрмай деректеттi, Әрқайсы бiр-бiрiнен бөлек кеттi. Дүниенiң бәрiнде де жел бар екен, Жалғыз-ақ сiздiң сарай ерек, – дептi Таңланды үкамасы-ғұламасы, Және де жақын жегжат, iнi-ағасы. Бiр уәзiр падишаға сұнды басын, Жоғары патшадан соң пырабасы. – Ей, тақсыр, азғана уақ бiздiң үйде Болыңыз, ыстық толса сiздiң үйге. Тәңiрiнiң тағдыр кiлтi, табиғаты, Ұзамай келiп қалар жақсы күйге. Болыңыз бiздiң үйде соған дейiн, Барарсыз сарайыңа одан кейiн. Жек көрiп жел жiбермей қалмаған-ды, Ойласақ жел туралы салып зейiн. Дер едiк ұрлап кеттi ұры-қарақ, Мал емес, ақша да емес, яки тамақ. Жансыз зат жетектеуге жан-тәнi жоқ, Келмейдi ол әңгiмелеп айтуға нақ. Уәзiрдiң патша барса сарайына, Жақсы жай, жанға рақат қолайына. Есiп тұр салқын самал, сайрап бұлбұл, Өтiнiш оң келгендей орайына. Сарайдан сонда отырып хабар алып, Қатынап тұрды жиi адам анық. «Жел түгiл, желдiң тiптi иiсi де жоқ, Жата бер әуре болма оған барып». Бақшаға барды патша одан көшiп, Қалған соң жел сарқылып, өкпесi өшiп. Патшасы бақшасында бола берсiн, Кейiннен сөз айталық болар нешiк? Сол күнде Ғалисина әйелi мен, Екеуi отыр едi жағдайда кең. Сөздi сөз қуып, одан сөздер туып, Сөз қонбақ түсiнуге салмағы тең. Сина [айтты] әйелiне: – Әнеу күнi Сондағы сатқан үйдiң алған пұлы. Бұзған соң қала бастық қайта жаздап, Өтелдi дедi ақыры желмен құны. – Не болды? – әйелi айтты, – түсiнбедiм, Не түрлi болып едi iсiңде мiн? Сина айтты: – Падишаның сарайының, Желдерiн алып сатып пiсiргенiм. Синаға әйелi айтты: – Қалай кәсiп, Желдердi табиғи зат тұрған есiп. Сатуға адам ұстап мүмкiн емес, Тағдырдың кiлтiн кiсi табар нешiк? Бiлдiрдi ғылым жайын әйелiне, Тұрақты түсiндiрiп дәйегiне. Бiрқатар Мысырдағы болған iстiң Тоқталып, қол ұрғанын қай жерiне. Түсiнiп айтқан толық бұл сөзiне, Әйелдiң шаттық орнап нұр көзiне: – Ендеше уәзiрiнiң сарайының Салқынын келтiрiңiз ендi өзiңе. Үйiмiз өзiмiздiң салқын болсын, Шаңырақ, босағамыз алтын болсын. Құдiреттiң бөлiмшесi қолда болса, Ғылымның кереметiн әркiм көрсiн. – Бiрдей ме күндiз бен түн – қараңғылық, Сыйлар ма туралықты надан бiлiп? Керемет бiр кiсiде көп болса да, Ақымақтар аластайды арам қылып. – Ей, әйел, сыңарымын мен де соның, Ғылымға сiлтесем де түзу орын. Қызықпай қызғылықты ұлы өнерге, Айуанша сұғады оған күшпен қолын. Сондықтан бiлдiрмеймiн халыққа шашып, Бiлдiрсем бүлiнедi артқа қашып. Жолдасым өмiр бойы – айттым саған, Бiлдiрме басқаларға аузыңды ашып. Әйелi айтты: – Адамға бiлдiрмейiн, Дұшпанға таба қылып күлдiрмейiн. Уәзiрдiң сарайының желiн келтiр, Нанайын тәнтi болып сонан кейiн. – Мақұл, – деп Ғалисина қабыл қылды, Уәзiрдiң сарайы да кәмiл тынды. Рақат жан азығы – самал салқын, Бұл үйге көз ашқанша келiп кiрдi. Уәзiрдiң жел кесiлдi сарайынан, Айрылды жан рақаты қолайынан. Хабарсыз бұдан патша бақшада едi, Табам деп қашан желдi орайынан. Күндерден күндер өтiп алыстады, Жел және қайтып келiп ауыспады. Моншада кездесiптi бiр әйелге, Патшаның әйелiнiң таныстары. Синаның әйелi де барған монша, Ол таныс болмаса да оларға онша. Екi әйел жел салқынын әңгiме етiп, Сөз қыпты отырған соң олар қанша. Бiр әйел белi ықшамдау, аузы шапшаң, Мұрны да бiр нәрсе дер аузын жапсаң. – Сабаздар сарғаюда келмей, – дептi, Патшаның сарайының желi қашқан. Синаның сонда әйелi тiс жарыпты: – Сондай деп менiң ерiм нұсқа қыпты. Патшаның сарайының желiн сатып, Сонымен патша желi қысқарыпты. Патшаның уәзiрiнiң желiн алып, Дәл кеше өзiмiздiң үйге салып, Қаңыратып патшаны да, уәзiрдi де, Отырмыз, – дептi, – өзiмiз рақаттанып. Мақтанды өнерпаз, – деп, – менiң ерiм, Патша мен бағынтқан, – деп, – Мысыр елiн. Осындай түрлi ғылымға аса жетiк, Жұбайым аты Сина, – дептi, – менiң. Моншадан шығып әйел мұны естiп, Айтылған әңгiменi ойға тұтып, Патшаның әйелiне айтты бәрiн, Қалдырмай бастан-бақай уылжытып. Әйелi барып дереу бақшасына, Бiлдiрдi түгел айтып патшасына. Патшасы пайтағына келiп дереу, Уәзiрдiң мәлiмдептi бас-басына. Таңданып бұл жұмысқа таңырқады, Бойлары бәрiнiң де шамырқады. – Уа, тақсыр, бұл атайман сиқыршы, – деп, Айтыпты Мысырдағы уақиғаны. – Әлемге асқан даңқы, атын жайған, Мысырды мыжырайтып ашқан майдан. Патшасын бағындырған масқара ғып, Бетi ауып Бұқараға келген қайдан? Патша айтты: – Тиген бәрi құлағыма, Мысырды жеткiзгенi мұратына. Мұны ендi не қыламыз, не iстеймiз, Менiң бұл, не дейсiздер, сұрағыма? Сарайдан салқын һауа желдерiмдi Жетектеп қайдан-қайда жел берiлдi. Бастайды патша көрсе жаман жұмыс, Қалайша жел сатуға жол берiлдi? Сатыпты бiр адамға желiмдi ұрлап, Бiр әйел әйелiме айтқан жырлап. Бiр де жел сарайымнан таппаған соң, Уәзiрдiң сарайына бардым зырлап. Сарқылып сап болыпты ол да бүгiн, Шығып тұр екеуi де қолдан бүгiн. Уәзiрдiң желiн өзi кiргiзiптi, Айтыпты өз әйелi шынын мұның. Дегенде, уәзiрлердiң бiрi тұрып, Патшаға алдиярлап айтты сұнып: – Әуелi сол Синаны шақырып ап, Сөйлесiп, не айтар екен, көрсек бiлiп. Патша да осы сөздi мақұл көрдi, Шақырып келтiруге ақыл бердi. Сәрһаң аяр деген бiр аяр барып, Қақпасын қағып сырттан хабар бердi. Синаның жолыққанда өзi келiп, – Падиша шақырад, – деп, – бұйрық берiп. Айда, тез, жүрiңiз! – деп асықтырды, Адамша азарлаған нықтап керiп. Ойлады барайын деп Сина ендi, Қояйын белсенбей-ақ буып белдi. Аярдың Сәрһаң сынды жанына ерiп, Патшаның ордасына жүрiп келдi. Патшалық тәртiбiн сай орындады, Мүлтiксiз еш жерi кем болынбады. Ылайық патшаларға дәстүрлерiн, Теп-тегiс бәрiн түгел толымдады. Қарады кескiнi мен келбетiне, Қараса, жай бiр кiсi, ер бетiне. Көзге қор көрiнiсi, көзiне iлмей Орын да көрсетпедi құрметiне. Отырып болғаннан соң орынына, Келтiрiп айтса да сөз қонымына, Синаға көзi қонбай, суық қарап: – Ей, адам, тыңда! – дедi, – сөздi мына. Сенбiсiң, Ибн Ғалисина деген? – Менмiн, – деп бердi жауап басыменен. Патша айтты: – Сарайдағы желдерiмдi, Кiмдерге сауда жасап, саттың неден? Сина айтты: – Ей, бақытты ұлық патша, Қашан да жаса жақсы әдалатша. Мен пақыр, құдiреттi жел иесi емен, Қалаған жерге айдарлық өзi ұнатса. Патшаға Синаның да көзi қонбай, Нақпа-нақ жауап айтты сөзiне ондай. Патша айтты: – Өз әйелiң айтыпты оны, Моншада кездескенде кезi сондай. Сина айтты кезегiнде падишаға: – Ей, ұлық, мәртебелi дәражада, Патшалар хазiретiнiң мәжiлiсiнде, Куә боп әйел тiлi санала ма? Жарамас патша түгiл жай кiсiге, Алмайды инабатқа қай кiсi де. Қаулында дiн мазһабы мұсылманның, Әйелдi санамайды сай кiсiге. Падиша сөз қайтармай, қалды тоқтап, Келсе де жанышқысы жерге таптап. Бұйырды жендеттерге: – Қарт күшiктi Қуалап шығыңдар! – деп балағаттап. Синаның өзi шықты мұны көрiп, Қуалап шығуына бермей ерiк. Керемет көрсетудi керек тапты, Өң түгiл түсiне де кiрмес келiп. «Тасқынын көңiлiңнiң тасқан толқып, Етейiн кепкен судай қайтқан көлкiп. Көргенде кедей, пақыр, мүсәпiрдi, Жүрегiң ұшып тұрсын сонша қорқып». Сонымен ашу бойда iшке кiрдi, Дұшпанға әйелi айқын еткен сырды. Айбатпен әйелiне қатты қарап, Көп кейiп бұдан былай мықты тұрды. Екiншi айтты Сина әйелiне: – Мен сенiң қайыл қалдым дәйегiңе. Тым-тырыс, тыныш жатқан адам едiм, Сен менi айқындадың әр ерiне. Әйелi кiнә сақтап кейiгенге, Өзiнiң пiкiр алып ойымен де. Бар едi бұл қалада жауыз кемпiр, Белгiлi жамандығы әрбiр елге. Синаның әйелiне келiп-кетiп, Бұрыннан жүредi өзiн таныс етiп. Дүнияда ең бiрiншi мекер едi, Түрлiше бұзық iске болған жетiк. Мекерлiк аспаптарын қолына алып, Көңлiнен түрлi арамдық орын алып, Мойнында алқа, қолда тәсбiсi бар, Үйiне ол Синаның келдi қалып. Синаның әйелi де көңлi қапа, Кейiстiк көрiнгендей жәбiр-жапа. Кескiнiн келбетiнде көрмеген соң, Ол мекер жай сұрапты, болып апа. Әйелi көтерген соң халiн сұрап, Қалдырмай болған iстi айтты жылап. Ол айтты: – Сабырлық ет, саспа, балам, Кегiңдi алып берем, қалма құлап. Ол дереу осыны айтып кеттi шығып, Әйелдiң шағым сөзiн әбден ұғып. Арадан бiрнеше күн өтiп кеттi, Желдiң де әңгiмесi тоқтап, тынып. Бiр күн сол мекер әйел жүрiп ендi, Синаның өз үйiне тура келдi. Белгiлi шын мүсәпiр бейнесiнде, Есiктен келiп тура сәлем бердi. Аяғын ақырындап жайлап басып, Имиiп қолын алып амандасып. Деп айтты: – Ей, Аплатон, хаким дана, Мейiрiмiң ғарiптерге сiздiң ашық. Бейшара, шын мүсәпiр, мұқтаждарға, Жәрдемшi, шапағатшы сiз соларға. Қартайған мен бiр пақыр, халiм нашар, Ыстықтан қалдым әбден қиын халға. Тұрамын жалғыз өзiм, халiм қиын, Ыстық жай, һауа кiрмес тауып иiн. Рақым ғып бiраз ғана жел жiберсең, Екi мың ақша бердi бұл деп сыйың. – Мақұл, – деп әуел сатқан патша желiн – Осы жел мүлкiң, – дедi, – ендi сенiң. Қайтарып сатқаннан соң желiн алып, Баяғы ыстық болды үйi оның. Өзiнiң кемпiр келiп көрсе үйiн, Соғып тұр салқын самал, сауық күйiн. Сол күннiң ерте күнi таң атқан соң, Жақсылап қымбат баға кидi киiм. Патшаның келдi тура өз үйiне, Қалдырмай таныстырып жай-күйiне. – Ей, шаһым, желiң менен ұрыңызды, Деп айтты, – тауып келдiм, бiл сүйiне. Қалдырмай бәрiн айтып бастан-аяқ, Жатқанын бiрдi қарғап, бiреудi аяп. «Желiмнен айрылдым» деп келдi бiреу, Тұрғанда бiтiруге сөзiн таяп. Ол айтты: – Ең әуелде сiздiң желдi, Ақша алып он екi мың маған бердi. Дәл кеше сол желiмнен мен де айрылдым, Ол анық, бiр адамға сатты ендi. Бұл жұмыс патша бiлдi шексiз анық, Қаһарын төктi сыртқа ашуланып. Сәрһаңды жұмсапты тағы және, – Әнеугi ақымақ шалды кел, – деп, – алып! Бұл да тез келуге айдап құмарланып, Есiгiн қатты қақты жылдам барып. Үйiнен «Не керек», – деп шықты Сина, – Ау, жаным, тағы мұнда келдiң нағып? – Падиша шақырады, тез жүр, айда! Сина айтты: – Бармаймын мен ондай жайға. Жаңылып келгенсiң сен, кет аяма, Орынсыз келу ерге емес пайда. Бұл сөзге Сәрһаң аяр ашуланып, Мазағың болам ба деп от боп жанып. Қолынан «айда, жүр», – деп тартқанында, Таң болды қолтығынан суырып алып. Екеуi ерегiсiп салысқанда, «Тез жүр» деп, «бармаймын» деп, алысқанда, Оң қолын қолтығымен суырып апты, «Бұл – жүр» деп, ол «барман» деп тартысқанда. Даладай ақты қаны, жердi жуып, Шашырап қып-қызыл қан жерге жуық. Етпеген бұрын мұндай Сәрһаң аяр Тоқырап қорқып кеттi көңiлi суып. «Өлтiр, – деп тапсырмаған, – жүрмесе егер», Белiне байласа да мықты кемер. Үстiне алған қолын тастай салып, Дегендей кейiн қайтты «қаша жөнел!» Сәрһаң ер жiгiт едi аса мықты, Синаны бiр тартқанда жерге тықты. – Ей, Сәрһаң, неге осынша кешiктiң? – деп, Және бiр мықты жендет қарсы шықты. Бұйырған алып кел деп Синаң қайда? Қашырдың айдап келмей қандай жайға? Қаның не бет-аузың мен қолыңдағы? Қашырып келемiсiң жасап хайла?! – Сен не деп, бiлмей-көрмей, бәле салдың, Жүрмедi ол, бәрiн айттым бұйрықтардың. Мен «жүр» деп, ол «барман» деп тартысқанда, Оң қолын қолтығымен жұлып алдым. Көрген соң бұл сұмдықты көңiлiм толқып, Бiр тартып суырылған соң қол мен қолтық. Бiле алмай не боларын өз басымның, Келемiн жаным қалмай қатты қорқып. Ол айтты: – Патша ағзам еттi бұйрық, Әмiрi оттан өткiр, оқтан жүйрiк. Қалайда болғанменен ап кетелiк, Тоқтамас орындалмай үлкен билiк. Екеуi ер Синаға қайтып келдi, Қаһарлы қатты ызғармен хабар бердi. Бiр қолсыз, сыңар қолмен шықты тысқа, – Жүр айда! – дедi жауыз, – патшаға ендi. Сина айтты: – Iстеп тындың қыларыңды, Бiлмейдi патша хазiрет бұларыңды. Мен тiптi бара алмаймын, бара алмаймын, Кет, айда, тарқаттыңдар құмарыңды. Сайланған екi жендет белi буылып, Екеуi итше арсылдап, оттай қуырып. Екеуi екi жақтап тиiскенде, Бiр қолы, бiр иiнiн алды суырып. Ұстады мықты жер деп жағасынан, Суырылып, жыртылып тағы осыдан. Басы да, аяғы да, бар денесi, Суырылып тамам болды бәрi осыған. Суырылып ұстаған жер қала бердi, Суырылмай сау тұрғанын ала бердi. Бiткен соң бәрi тегiс тамам болып, Бұларға қорқыныш ой және кiрдi. Көшеге қып-қызыл ғып кеттi тастап, Патшаға бастан-аяқ айтты қақсап. – Еттерiн қапқа салып алып кел! – деп, Бұйырды патша және ашу қыстап. – Сүйегiн етi менен ол жауыздың, Көп сауап болар дептi отқа жақсақ. Қаппенен келдi арқалап екi жендет, Бұйрығын бұлжытпастан берген нұсқап. Падишаһ, уәзiрi мен сәркардасы, Жиналып бiр сарайға кәрi-жасы. Төктiрдi кең ортаға қаптағы еттi, «Ақымақтың көрелiк, – деп, – қандай басы». Ақтарып қапты сiлкiп iшiн қақты, Былғанған iшi-тысы қандары ақты. Ет емес меңсiз қара дәу арабы ит, Патшаны уәзiрi мен тiстеп қапты. Қуалап соған жақын басқаны да, Кiшкене орынбасар патшаны да. Жендеттiң екеуiн де қатты қапты, Зар қылып басқа түгiл бас қамына. Ми жарып үрген даусы арсылдаған, Мылтықтай басқан жерi тарсылдаған. Әйтеуiр кейiнiрек кеттi шетке, Адымын алшаң басып аршындаған. – «Уһ!», – деп, құтылған соң демiн алды, Ит кеткен орынына назар салды. Қараса орынына кеткен иттiң, Қорқытар жатыр бiр ит арыстанды. Үндемей тұрды адамдар, дыбыстамай, Қорқысып, арқалары құрыстамай. Айбатпен қарай-қарай кеттi арыстан, Қайрылып қайрат қылып жұмыстамай. Патшаның патшаға айтты уәзiрлерi: – Ей, тақсыр, мұнда өнер әзiр, – дедi. Көнбесек айтқанына, амал тауысып, Тартармыз жәбiр-жапа, жәзiр, – дедi. Мұны еш күшпен алу мүмкiн емес, Ешбiреу жеңе қою мүмкiн демес. Мысырдың уақиғасын мысал етiп, Құрметпен шақыруға бердi кеңес. Падиша бұған қарап көзбен жаман, Аларып бiрер минут тоқтады оған. «Жоғалып құзырымнан кетсiн лағынет, Жалынып, әддiң болса, келтiр саған». Дiрiлдеп барлығы да тұрды қорқып, Ашуы басылғанша кейiн толқып. «Не қылса ерiк өзiңде», – деп iшiнен, Бас идi қаздай қалқып, құрдай жортып. Бiрақ та айтып тұрды iштерiнен, Еш нәрсе келмесе де күштерiнен. «Мысырдың патшасындай бiр боларсың, Өңде емес, қорқыныштай түске кiрген». Жүрерсiң жұрт аузында дастан болып, Жасаған Сина ғалым жастан жорық. Басына патша десе қаһар қайнап, Қаһарман күш-құдiретi асқан толып. Ер Сина патша алдынан кеткенiнде, Қорлығы берген ыза өткенiнде. Есiнен еш уақытта кеткен емес, Өмiрдiң өтермiн деп өткелiнде. Патшаның хабары бар көңiлiнен, Ауырлық, ашу салмақ жеңiлiнен. Егер де бұл заманда қолға түссе, Хабары болып тұрды өлiмiнен. Кешегi екi жендет келгенiнде, Боларын бiлiп оның шеңберiнде. Бiр иттi суретiне салып Сина, Олардың жiберген едi жөндерiне. Кезiнде жағаласқан суырып қолын, Алған қол иттiкi едi суырып оның. Ақымақ қып қалған едi үйiнде өзi, Патшаның шашыратқан шашып тобын. Патшаның жай-жағдайын бiлiп сырттан, Отырды құлағы естiп, күлiп мұрттан. Баяғы шағым берген мыстан кемпiр, Оны да емес едi тiптi ұмытқан. Патшаға бiлдiргенiн әлдене үшiн, Алмаққа құмар едi одан өшiн. Жүргенде ертелi-кеш есiнде боп, Кiжiнiп деп жүргенде, кемпiр келсiн. Аспабын алдау-арбау қолына алып, Арамдық, ойдан сұмдық орын алып. Бiр күнi сол әзәзiл кемпiр мыстан, Синаның келдi үйiне, жолы анық. Синаның әйелiнiң жанына кеп, Бiлiсiп отырысты, «есен бе?» деп. Сина оны елең қылмай тұра бердi, Хабарсыз еш нәрсенi сезбеген боп. Синаның есiгiнiң дәл түбiнде, Кiшкене тас болатын бiр түрiнде. Сол жерде Сина әман отыратын, Өзiне әдет болған әр күнiнде. Сөйлесiп шығып кемпiр тура жолмен, Бұрылмай бара жатты оңға, сол мен. – Ей, жеңгей, маған келiп жолығыңыз Деген соң, есендестi қолма-қолмен. Қайрылып келдi жолдан бара жатқан, – Сiз мында екенсiз ғой, бiлмей әбден, Хабарсыз жолмен кетiп барамын мен, Хал бiлмек керек едi бiз тараптан. Жақсылап амандасты жарқылдасып, Синаның құрметтеуi артылды асып. Көрмеген көптен бергi туысқандай, Сөйлестi сәтi түсiп сартылдасып. Ойлады кемпiр сонда өткен iстi, Патшаға шағым берген зор қылмысты. Сезбеген, есiтпеген екен деген Бiр қиял, қуанышты ойға түстi. Кемпiрге жатық тiлмен айтты Сина: – Ей, жеңге, тiршiлiкте өне хила. Әнеугi жел туралы үй иесi Патшаға шағым берген, шiркiн, дүния. Сол үшiн шақыртып ап патша менi, Қалмады айтылмаған айтпас кебi. Не керек, өле жаздап әзер қалдым, Әлде де сенiмiм жоқ келсе ебi. Ойлады есiткен соң кемпiр мұны, Екен деп жел сатқанда күмән түрi. Сөйлесiп ойдағыдай кете бердi, Қымбат деп беделiмнiң әзiр құны. Ерттеулi аттай тыңдап мойын бұрып, Дегендей құрбаныңмын құлдық ұрып. Еттiңiз көп жақсылық ұмытпайтын, Тұрармыз қолдан келсе бiз де бiлiп. Қайныңа қатты аяныш етсең, жеңге, Айтарлық өтiнiш бар сiзге менде. Қалай да сiзге айтпасқа мүмкiн емес, Пенденiң кемiсi көп, Ақтан өңге. Сина айтты: – Өтiнiшiм менiң сiзден, Iлгергi екi мың сом өзiңiзден. Шыққан жоқ бiр тиыны, қолымда тұр, Үш мың сом қосып ақша оған бiзден. Бес мың сом – санағанда барлық ақша, Сонымен ырза болып барлы-жоқша. Рақым ғып өтiнiштi өтесеңiз, Бұдан да қарасармын орын тапса. – Iс болса, – кемпiр айтты – қолдан келген, Болармын жан-тәнiммен жәрдем берген. Айтыңыз, бiз туралы қандай қызмет, Болсаңыз бiз не аяймыз өзiң сенген. Әбуғалисина айтты айтар сөзiм: – Кiсi едiм бiр науқасты көптен өзiм. Қанша көп дәрiгерлерге көрсетсем де, Емденiп түзелмеуге жеттi көзiм. Атақты, даңқы шыққан көп адамдар Мынадай деп айтты олар: – Бiр амал бар. Егер сен сол шараны жасамасаң, Өлесiң осы ауруға боп кiрiптар. Олар айтты жапырақты бiр ағашты, Дегенде пешке тығып, от тұтасты. Әйелдiң әуретiне тәуiр тығып, Сөндiрсе жанып тұрған жалын басты. Түбiне тыққан ағаш таяу барып, Көмiр боп сөнгеннен соң сонда жанып. Көмiрiн алып келiп бiзге берсең, Қараймыз қолымызға сонсоң алып. Ол онша, қорықпаңыз, ауыртпайды, Көнбесең бiздей қайның сауықпайды. Бұл сөздi бiр де адамға айтқаным жоқ, Көп едi жүрегiмде қауiп-қайғы. Достықтың айттым сiзге себебiнен, Ойға кiр бұрын-соңды келмеуiнен. Әйелдiк лебiзiңнен қайтармаса, Үмiт көп һәмматыңның көмегiнен. – Жеңеше, жеткiзе көр мұратыма, Ұсынып үмбетiңнен сұрауыма. Қалайда өзiм санап айттым сырды, Өзiң бiл, салып қойдым құлағыңа. Толғанып салып тұрды басын төмен, Әуелде мiне деген бас пен төбем. «Ұзыны тұтам ағаш, тiкенi жоқ, Жуаны – төрт елiдей оның деген». Ойлады жуаны мен көлденеңiн, Жарамас бiр-екi рет көнбегенiм. Ол түгiл түрлi айбатты айдаһарды, Көргенмiн жуасытып жүндегенiн. Ынтығы шындығында – ақша болды, Бес мыңды – қазан соқпас бақша көрдi. Дүнияның тұзағына түстi кемпiр, Күн аумай қазған құдық басқа келдi. Жасырын шалқасынан жатты барып, Айтылған өтiнiшке қатты қанып. Ер Сина жер ошаққа бiр ағашты, Лаулатып от тигiзiп жақты малып. Бедеудей басып Сина оқтай жүрдi, Кемпiрдiң кеудесiне аттай мiндi. Бес елi, екi қарыс сол бiр ағаш, Мыстанның шұқырына доптай кiрдi. Бұл iстi Сина шат боп жасауына, Сөндiрдi отты тығып ошағына. Қалайда қанып көрiп қайыл бопты, Айнымай қабыл алып асауына. Ойбайлап: – Не жасадың, аға, – дедi, Қарамай харап еттiң және, – дедi. Тұрғызып, болды жұмыс барыңыз, – деп, Синаны қарғап iштен барады ендi. Қаланың Бұқарадай барлық отын, Қамады сол кемпiрге қадап бетiн. Шаһардың бәрiнiң де үй қалдырмай, Сөндiрдi от қалдырмай әрекетiн. Мыстанның дер жерiне тықты бәрiн, Бiлмейдi оның мыстан кек алғанын. Құтылдым, қылмысымды бiлмейдi деп, Ауырған аңламады от заһарын. Астына бiр мыстанның отты қамап, Сөндiрiп барлық отты етiп қарап. Шыдамай астына су себер едi, Ашытып ауырмасқа бiр деп сәбап. Жанарлық бiр шаһарда от қалмады, Халықтың қамдануы тоқталмады. Жанбады, тұтанбады жаққан шақпақ, Көзiндей құмырсқаның от жанбады. Бiреуден шақпақ жанбай бiреу алып, Бiреулер тағы ұрады тұра қалып. Емге де iздегенмен таба алмапты, От сұрап бiреулерден бiреу барып. Жұрт жылап, «от екен ғой, – дедi, – дәулет, Ең қызық дүниедегi сөндi сәулет». Жұтқанын қайдан бiлсiн, жай жатқан ел, Мыстанның бойындағы жалғыз әурет. Бүкiл жұрт, бiр қаланың адамдары, «От болса, – деп жылапты, – маған кәнi». Қайғысы, қасiретi бiр от болды, Байлардың қызық болмай мың-мың малы. Қалада от састырды үлкендердi, От салды әңгiмеге ер мен ердi. Ер-әйел сасқанынан бәрi бiрдей, Патшаға – пайтақ иесi жүрiп келдi. Сол күнде отты аңсаумен патшасы да, Қасiретте, қар жауғандай ақ шашына. «Табам деп отты қайдан?» отыр едi, Қала елi қалмай келдi нақ қасына. – Уа, тақсыр, табамыз бiз отты қайдан, Табамыз от ұшқынын iздеп қайдан. Не айтарын көпшiлiкке бiлмей патша, – Кiмдi iздеп, сұрайсыздар қандай жайдан. Халық айтты: – Iздеп келдiк патшамызды, Санаймыз үлкен қамқор патша сiздi, Деген соң пайтақтағы хан кеңесiп, Меруерттей ақыл қосып, маржан тiздi. Бiр уәзiр ақыл иесi түрегелiп, Патшаға айтты былай жауап берiп: – Алмайсыз бiздiң берген сөзiмiздi, Синадан бұл әлемет отыр болып. Көресiз, бiр бұл емес, түрлi ғажап, Емес пе бұл ғаламат үлкен азап. Патша айтты: – Синаға мен не жазыппын, Мен үшiн мұнша жұртқа құдық қазад. Патшаға уәзiр айтты: – «Келсiн» дедiң, Алдыңа келдi Сина, менсiнбедiң. Қорқып сiзге келген жоқ, сыйлап келдi, Қор көзбен қарадыңыз, теңсiнбедiң. Иғтибар етпедiңiз адам құрлы, Ол сiздi сол себептен надан бiлдi. Себебi сiз ғылымды көрмедiңiз, Диуаннан қудырдыңыз, бiлдi сырды. Қудырып жiбердiңiз жендетiңдi, Құрметтеп, шашпадың сыр-меруертiңдi. Ол ер де соның үшiн бiлсiн деген, Iс шығар «көрсiн ғылым құдiретiмдi». Шығарған жердi көкке, көктi – жерге, Ұшырған патша, сұлтан, бектi – желге. Ғылым теңiз, тамшы су шығарған жоқ, Көрсеткен кереметтi сансыз елге. Патша айтты: – Өтiп кеттi өтер жұмыс, Кезiнде сияқтанды кiрiс-шығыс. Бұл дерттiң дауасы не, не қыламыз? Шынында мойныма алам, менен бұл iс. – Ей тақсыр! – дедi уәзiр, – мен барайын, Бұйырсаң бұл қызметтi оңғарайын. Құрметтеп, ерiткендей етсең қызмет, Мейiрiм ғып қарауы анық айналайын. «Әл-иқсан ятағаллисан» деген нақыл, Ей, тақсыр, дос ететiн адамды ақыл. Құрметтеп патша, сұлтан қаумаласақ, Қалайда болып қалар тiптi мақұл. Патша өзi зор қауiптi қорқынышта, Айтуға болып жүр едi тiлi қысқа. Уәзiрi Әбдiлғапұр мұны айтқан соң, Қуанып қабыл алды бұл жұмысқа. Синаға уәзiр келiп, есiк қақты, Кiруге сұрағандай рұқсатты. Синаның машық болған бар едi итi, Ит барып есiк ашып, көңлiн тапты. Келдi деп мейманыңыз iшке кiрдi, Қабылдап Ғалисина мұрттан күлдi. Құрметтеп, жоғарыдан орын берiп, Сөйлесiп, шын пiкiрмен жағдай бiлдi. Алдына неше түрлi тартты тағам, Деп айтты: – Жақсы болсын басқан қадам! Синаға Әбдiлғапұр уәзiр айтты: – Мейманға шаһ шақырды, келдiм саған. Әзiл ғып күлiп Сина қабыл алды, – Бар ма? – деп аярларың сыр шығарды. Қайтесiз аярлары құрып қалсын, Иiлiп «ғапу ет» деп, басын салды. Уа, хаким, қате бiзден, кешiрiңiз, Ашу – от, ақыл сумен өшiрiңiз. Жабылсын өткен iстер бастан-аяқ, Бар бiздiң бiлiнбеген не сырымыз? Уәзiрдiң шақыруын алды қабыл, Аттанды бiр тамаша атқа кәмiл. Сөйлесiп жақсы сөздер жол-жөнекей, Қарсы алды пайтақтағы ерлер ақыр. Құрметтеп уәзiрлерi байлап атты, Кiруге бердi есiктен рұқсатты. Iшке кiрiп, патшаға дұға етiп, Көрiсiп еттi патша махаббатты. Иiлiп өз жанынан бердi орын, «Өткендi кеш» дегендей, алды қолын. Сұрасып хал мен ахуал махаббатпен, Әр түрлi сый-зияпат тартты жолын. Көп айтып, көп ұсынды өтiнiштi, Етпеске екiншi ондай бекiнiстi. – Уа, хаким, Аплатон, ғалым дана, От пен жел болды бiзге өкiнiштi. Дауасын сiз табыңыз осы дерттiң, Жалынын өшiргендей жанған өрттiң. Зар етiп қолын ұстап көп жалынды, Қашты деп берекесi шаһар, кенттiң. Себебi, патшаның бұл өтiнуi, Халықтың берекесiн кетiруi. Қамы үшiн жел жоқтаған өз басының, Халыққа от қаһаты бекiнуi. Наразы қалың халық болып бұған, Басына патшасының төнiп тұман. Барлығы әскерiнiң қарсы болып, Тұр едi өмiр сүру болып күмән. Патшаға жауап бердi ғалым Сина: – Уа, тақсыр, менi орынды жерге қина. Менiң еш бұл туралы жазығым жоқ, Ғапу ет, от жөнiнде жоқ еш хайла. Халықтың патша өтiнiп атағынан, Дүнияда бiр ғана оттың шатағынан, Құшақтап мойынынан Синаның кеп, Аузымен өптi, сүйiп сақалынан. Босанып Ғалисина бұған ендi, Патшаның жалынуын мұнша көрдi. Ұялып, болаттай боп қатып қалмай, Азырақ жұмсақтықпен жауап бердi. Сина айтты: – Мұны iстеушi мен емеспiн, Шешуiн бiлдiм кiмнен бұл кеңестiң. Патша айтты: – Кiмнен болса онан болсын, Рақатын табыңыз тек ерте-кештiң. Сина айтты: – Айа, сұлтан, Ғабдiлхакiм, Жоқ менiң сiздiң айтқан сөзде шәгiм. Жасаған жаду кемпiр бұл жұмысты, «Пәлен» деп жай-күйiмен айтты атын. Ол мыстан көп оқыған сиқыр жолын, Бiлмейтiн жаман iсi аз-ақ оның. Қаланың iшiндегi барлық [оттар]. Бойында жасырулы тыққан соның. Ей, тақсыр, нанбасаңыз етiп күмән, Шам берiп бiр адамды жұмса бұған. Бойлатып балауыз шам жанбай қалса, Болайын мен жалғаншы онда бұдан. Астына барлық отты алған тығып, Аямай жандырасыз оны жығып. Түсiнiп қалды патша «кегiн Сина Алуға тұр екен» деп бiлдi ұғып. Падиша: – Сәрһаң аяр, – дедi, – қайда? Жұмсаймын палуаным, жылдам, айда! Астында от бар екен, от алып кел, Мыстан бар, аты пәлен, пәлен жайда. Шам алып бiр балауыз сен соған бар, Тыңлама, жыласа да, етсе де зар. Нәлеттiң алып ұрып шалқасынан, Бойлатып балауызды астына сал. Егер де балауыз шам шықса жанып, Сөндiрмей пайтағыма келтiр алып. Алмаса сол мыстаннан әркiм өзi, Жанбайды алған отқа от тұтанып. Есiтiп бұл бұйрықты Сәрһаң аяр, Қолына балауыз шам алды даяр. Айтылған көше бойлап үйiн тауып, Шақырды: – Қайдасың, – деп, – кемпiр, әйел?! Далаға шықты кемпiр: – Не дейсiң? – деп, – Ей, ана, тұрмын қазiр сiздi iздеп кеп. – Шамың не, – дептi, – балам, қолыңдағы Жүрсiң бе от таба алмай, уайым жеп? – Иә, ана, сiзден iздеп келдiм отты, – Ей, балам от бола ма менде? – дептi. Өзiм де от таба алмай зар боп жүрмiн, Билеген патша бiлер мемлекеттi. – Ей, ана, от дәл сiздiң астыңызда, От бар деп патшаны айтып састыңыз ба. Жiберген патша өзi менi сiзге, Жұрт бүкiл сенiң, мыстан, қасыңыз ба? – Ей, балам, сау ма денiң, жындымысың? – Мiне, – деп, алып ұрып, – жынды кiсiң. Астына балауызды малып алды, Тыңдамай «ойбай, ойбай …» – мың дыбысын. Балауыз шам жарқырап шықты жанып, Қарыстай қатты басып алды малып. Қайтып келе жатқанда қайбiр кiсi, Сұрады: – Келесiң, – деп – қайдан алып? Ол айтты: – Пәлен мыстан, пәлен үйде, Тығыпты отты астына сондай күйде. – Шамыңа тұтандырып алайын, – деп, Салса да тұтанбапты қандай күйге. Аяр айтты: – Әр кiсi өзi барып Алмаса, басқа оттардан шықпас жанып. Көргендер көз тұтасқан сансыз адам, – Маған бер, маған бер, – деп көп тоқталып. От iздеп ызғып жүрген мың сан халық, Көрген соң бара жатқан шамды жанып. Бiреуге бiреудiкi тұтанбайды, – Табамыз, – деп сұрады, – қайда барып? Бәрiнiң айтты Сәрһаң жөн-жобасын: – Пәлен жайға барсаңыз шын табасың. Шұбырынған адам ғой шам жандырып, Өзiң қолдап алмасаң, құр қаласың. Шұбырған қала халқы қанша жандар, Iшiнде бiр де әйел жоқ, ер адамдар. Қолында бәрiнiң де балауыз шам, «Ой, тоба-ай!» – деп барады кәрi-шалдар. Қолында балауызды шамы жанып, Патшаға Сәрһаң аяр кiрдi барып. Көрген соң көзiмен бұл кереметтi, Падишаһ тәнтi болды қайран қалып. Ондағы мыстан залым ойлады ендi: «Бұл жұмыс Сина ерден маған келдi. Ылаж жоқ қолдан келер, өкiнгенмен, Қашпасам алдырмас ел маған демдi». Таппады тар қамаудан қашарға орын, Алды-артын адам орап алған жолын. Үйiнiң арт жағында әжетхана Бар едi, таяу тұрған құлауға оның. Жан қандай көрiнедi қысылғанда, Iс қандай терiс бағып ұшынғанда. Тығылды соған барып сасқанынан, Ұстар тал таппаған соң ұсынғанда. Қамалған құмырсқадай қалың халық, Қиратып кiрдi сырттан тұра қалып. Құлады қиратылып әжетхана, Белiнен кiрдi кемпiр домаланып. Бiр ғана мыстан емес, көп жан батты, Өйткенi көп жабыла тартқылапты. «Кезектi мен аламын, маған бер» деп, Көп кiсi салмағымен құлап жатты. Қайысып шiрiк ағаш омырылып, Гүрс етiп көп кiсiнiң салмағы нық. Алқымдап бiр парасы былғанды әбден, Қисаймай жақсы жерi жығылған тiк. Нәжасат өн бойына жұққан балқып, Шүкiр деп батып кетпей шықсақ қалқып. От керек, сондықтан сол қарт керек деп, Алдымен қарт мыстанды алды тартып. Кезекке шығарғандар қарамады, Халық онша тек тұруды қаламады. Әл жеткен алып ұрып, шам жандырып, Жыртылып кетiп жатты жағалары. Мейлi ол бұтақты ағаш, балауыз шам, Малғаны жанып шықты қайбiр адам. Жалма-жан алып ұрып асықтырмай, Абайлап алып жатты ауыртпай жан. Не керек, бiраз адам алып болып, Мыстанды қоя бердi аяп қорып. Бейшара екiншi бiр жайға қашты, Әйтпесе кетермiн деп тездеп өлiп. Онда да жағатұғын оты жоқтар, От жақпай, тамақ iшпей қалай тоқтар. Аясып үйлерiне алып барып, Тарттырды ит азабын, тартып көкбар. Алған от және сөнiп намазшамда, Береке болады ма отсыз жанда. Жабыла алып ұрып, шам жандырып, Аяйды «бейшара, – деп, – өлiп қалма». Онда да тұруына мүмкiн болмай, Жабыла от жандыру дамыл алмай. Қайнай ма қара қазан от болмаса, Көп үйлер мәз болмады оты жанбай. Азамат кей үйлерде емес сайлы, Ондайлар от та жағып жарымайды. Екiншi жерге қашып барды және, Сонда да арналды отқа басыбайлы. Ертеңге бүгiн жанса от қалмайды, Бiреуден алар едi от жанбайды. Бiреу кеш тындырмады, бiреу ерте, Бiр жерге жатып сорлы тоқталмайды. Шаһардан шыдай алмай сыртқа қашты, Қашарға қуат қалмай ендi састы. Шалысып екi аяғы құлай-құлай, Бiр көлдiң басына кеп аяқ басты. Сол судың басына кеп ұйықтап қалды, Қоярын бiлмей қайда шыбын жанды. Оянса қас қарайып кеткен екен, «Қараңғы, таба алмас» деп көп қуанды. Қояр ма жан ауыртпай оттың күшi, Ойнаған отпен бiрге көптiң iсi. Су құйсам тығылған от сөнер-ау деп, Өзiнше келдi ойына су құйғысы. Отырып я, Құдай деп жiбердi су, Гүрiлдеп дауыс шықты бықсып гу-гу. Болмады бейшараның ойлағаны, Басылар деген едi ашытқан у. Таң атып, ел оянып, күн шыққанда, Үйлердiң оты қалмай бұл шыққанда. От жайын мастағат қып бас құралып, Аз жанар екен дептi бiр тыққанға. Таба алмай қартты қарап қыр мен ойдан, Емес қой от жоқ жерден қарын тойған. Алыстан бұрқыраған түтiн көрiп, «От бар деп түтiн болса» атты қойған. Қараса адамдар кеп су басына, Қарт отыр тұмандатып су қасында. Қиқулап бiрiн-бiрi шақырысып, Кiрiстi от алудың саудасына. От алған қайтып жатты қуанысып, Қыбырлап құмырсқадай шұбалысып. Бiр жерге қарт мыстанды жауып қойды, От үшiн халық пайдасын шығарысып. Асхана орнатыпты жұрттан алып, Басында бағып тұрды адам қалып. Ауқаты мыстанның да жұрттан болды, Мыстаннан Бұқар оты бiр жыл жанып. Белгiлi ол жатқан жер орын болды, Теп-тегiс бүкiл Бұқар жолын көрдi. Дүнияда, тас-темiр де тозад деген, Бейшара бiр жылдан соң ақыр өлдi. Халықтың бұдан кейiн оты жанды, Мыстанның өлгенiне жұрт қуанды. Әрбiр үй өздi-өзiнше сауық құрып, От жағып үйдiң сәнi кiрiп қалды. Шақырып Бұқар шаһы Сина ердi, Құрметтеп, керек десе бәрiн бердi. Бiр күнi өздерiнше мәжiлiс жасап, Көрсет деп, еттi өтiнiш бiр өнердi. – Ей, тақсыр, ғалымдардан көпке нұсқа, Бiзге ибрат дегендей үлгiнi ұста. Көңлiмiз көл суынан етедi арзу, Тiзуге меруерт-маржан қысқа-қысқа. Осындай тамашалар өтiнiптi, Тартынып наз ғып Сина бекiнiптi. Мысырдың уақиғасын айтыпты олар, Теңiзден тамшы бер деп шоқыныпты. Алдына айтты сансыз уәзiр нияз, Келтiрдi құшақ жазып қымбат жиһаз. – Иә, тақсыр, көрсетсеңiз аз тамаша, Болар ед тоқсан өтiп, туғандай жаз. Азырақ Ғалисина етсе де наз, Керемет көрсетпеске қалмады ылаж. Отырды көп iшiнде көтерiлiп, Бiр нәрсе жасағандай қимылдап аз. – Мақұл, – деп есiтiлдi айтқан сөзi, Төрдегi есiк жақта көптiң көзi. Аждаһа жетi басты кiрдi есiктен, Айрықша қорқынышты, айбатты өзi. Отырды тырп етпестен халық қарап, Ысқырған даусы миды жарып барад. Айбат қып адамдарға ұмтылғанда, Және бiр шықты айдаһар жазып қанат. Патшаның тура астынан пайтағының, Түрi артық анадан да жайпауының. Ұмтылып екi аждаһа бiр-бiрiне, Көрдi көп жер дiрiлдеп шайқалуын. Аузынан бiр-бiрiне шашты жалын, Шашырап адамдардың басты бәрiн. Зiлзала жер сiлкiнiп шайқалғанда, Сасыпты жасай алмай бастың қамын. Адамдар бiр-бiрiне тығылыпты, Патшасы зәресi ұшып жығылыпты. Тұтылып, тiл байланып, сөйлей алмай, Молда боп тiзелерi бүгiлiптi. Баяғы Сәрһаң аяр иман айтып, Аларып екi көзi жұмылыпты. Көпшiлiк қол қаусырып айтты жылап, Адамдар қатты қорқып қалды құлап, «Қауiптi тамашаны қоя тұрып, Болса екен көңiл-шаттық», – дептi сұрап. Мақұл деп алдыңғыны қайтарғандай, Минуттай тыныс алып тапты тұрақ. Алдыңғы көрiнiстер тауып орын, Есiкке қойды Сина сiлтеп қолын. Әдемi есiк жақтан перде ашылып, Даярлық жасағандай еттi жолын. Бiр кезде шыға келдi бiр топ күйшi, Киiнген көркем қыздар – әншi, бишi. Бұдан соң көркем бойлы ер жiгiттер, Құлаққа мұрты оралған, жұпар иiсi. Әрқайсы жүз пұттан жүк көтергендей, Миллионы бiр көргеннiң өтелгендей. Қолында әрқайсының сырнай-керней, Түстегi заттай жүрген мекенденбей. Бұқардың қарап бәрi патшасына, Құрметпен басын иiп басқасына. Бейне бiр қол ұстасып өскендей[iн], Тұрғандай көрiндi анық нақ қасында. Күйшiлер бiр мезгiлде тартты күйiн, Бой балқытып, ерiтiп ес пен миын. Ән салып қыздар тобы, би биледi, Кеткендей ақылы аздар тастап үйiн. Ойында мұңы менен шерi барлар, Ышқылы жүрегiнде желi барлар, Ашығы бар ән-күйдiң мәнiн ұғып, Мұңдылар жасы тамып жылапты зар. Ән-күйге ақылдылар қалды қайран, Бұл шаттық, бұл тамаша, бұл деп сайран. – Уай ғылым, уай Аплатон, уай адамзат, Уай дүния, тамаша өмiр, қызық майдан. Ойлады отырғандар мәжiлiс ашып, Түс пе бұл, өң бе екен деп ақылдасып. Қуанды жүректерi жарылғандай: – Уай, Сина-ай! Уай, Сина-ай! – деп мақтауы асып. Осымен осы қызық аяқталып, Тоймады көрушiлер тоят алып. – Тағы бiр ғылымыңыздан болса екен, – деп, Отырған алғыс айтты қарап халық. Көтердi Ғалисина және қолын, Перде ашып сол пердеден бердi жолын. Бiр жiгiт алтын леген, күмiс құман, Иiнiңде жiбек сүлгi тағы соның. «Қолыңды жуыңдар» деп, еттi ишарат, Қолдарын жуды адамдар мұны қалап. Жiбектен, атластан дастарқандар Жайылып, тартылды алтын, күмiс табақ. Құрметтеп адамдарды мәжiлiстегi, Қоршады дастарқанды барлық көбi. Жайылып көпке көлдей дастарқандар, Артылып жатты тағам, шербеттерi. Тартылды түрлi тағам көз көрмеген, Бұл тұрған адамдарға кез келмеген. Айтуға оның бәрiн тiл жетпейдi, Тоқтапты жүйрiктер де сөз бермеген. Жабыла жалмаң-жұлмаң iштi, жедi, Жалмаңдап iшкен, жеген жан, жан дедi. Өйткенi бұрын-соңды көрмеген ас Тәттi ғой, таңсық астың көпке тегi. Болмапты көптiгiнде астың есеп, Өзгермей тұра берген жедiм десек. «Бұл тағам қалай тәттi, кемiмейдi, Тоймаймыз, я қоймаймыз қанша жесек!» Жiгiттер iшiп жатыр шараптан да, Сусын деп қалай тәттi жаратқан да. Қанша көп iшкенменен мас болу жоқ, Қайтпайсың сусыннан да, тамақтан да. «Жарықтық, ас па екен бұл пейiштегi?» Десiптi түрлi астардың сейiстерi. Бiр кезде: – Кел, тоқтайық! – дептi патша, Батасын жеген астың берiскелi. Патшасы, уәзiрлерi қолын жайды, Не десе бәрi даяр еттi шайды. – Рақмет, ас таусылмас, халық ырза, Тойдық бiз, ас жегенмен таусылмайды. Сол кезде Ғалисина еттi ишарат, Жиылып пiсте, бадам, жемiс, шарап. Жiгiттер, қызметкерлер бiрте-бiрте, Өзiнше келген iзбен кеттi тарап. Синаға алғыс айтты тұрған жандар, Уәзiрлер, тағы басқа көп адамдар. Күнбе-күн ғылым, өнер тамашасын, Көрсетiп тұрды Сина болып даяр. Синаның жер жүзiне жеткен даңқы, Қақ жарып қара қылды қымбат нарқы. Бiр патша Махмұт деген есiтiптi, Уәлаят хабарланып Герман халқы. Көп екен сол патшаның ғалымдары, Даңқы да көп елдерге мәлiм едi. Иесi ғылым, өнер неше түрлi, Тәрбие, озған терең тәлiмдерi. Есiтiп, алдыруға ер Синаны, Тартуға даярланып көп сыйлары. Шақырсақ Ибн Ғалисинаны деп, Бас қосып өздерiнше халық жинады. Мысырдың патшасының ақыр халiн, Бұқардың патшасымен не болғанын Есiтiп, бiз де көрсек деген ықылас, Ұйғарып, көрдi тура шақырмағын. Бәрi де шақыруды еттi тiлек, Көз көрмей ер қадiрiн кiмдер бiлед? Бұқардың Мәнжал деген бiр тәбибi Қарсы едi Синаға ол, қара жүрек. Дер едi: Ғалым болса ол, менмiн тәуiп, Маған да халық құлап кеткен ауып. Мен оған қатар санап бас имеймiн, Не қажет, сескенбеймiн, етiп қауiп. Көкиiп мақтар едi өзiн-өзi, Жүрсе де кереметiн көрiп көзi. Дегенмен тәуiптiгi асқан да едi, Мақтанса мақтанғандай мақтан сөзi. Патшаның уәзiрi едi Мәнжал хаким, Көрер ед тәуiптiктен халық та жақын. Бiр күнi Бұқар шаһар падишасы, Германның патшасының алды хатын. Хатында төменшiлiк жолыменен, Құрметтеп айтқан жақсы жөнiменен. «Сина мен Мәнжалыңды сұраймыз» деп, Өтiнiп хат жазыпты қолыменен. Синаның дәражасын қатты сақтап, Жiбер деп Мәнжалды да айтқан мақтап. «Көрдiңiз бiраз уақыт қасиетiн, Етемiз бiз де арзу» – деген тоқтап. Бұқардың бұларға айтты падишасы, – Сiздерге Герман шаһының хат-намасы. Құрметтеп шақырады, етiп тiлек, Ерекше артық арзу ықыласы. Бұларға шақырған соң бармай болмас, Қайтарған шын ықыласты адам оңбас. Айрықша көпшiлiктiң махаббаты, Етiңiз махаббатқа сiздер де ықылас. Патшаға «Мархаба!» деп айтты бұлар, – Әрине, махаббатпен құрмет қылар. Жер алыс, көрмеген ел, емес таныс, Бармаймыз, Бұқараның өзi де ұнар. Бұқардың патшасы айтты: – Шақырды олар, Бармаған шақырған соң ұят болар. Барлығы тамашаның тiршiлiкте, Өлген соң гүлге қалай бұлбұл қонар? Бұлар да қабыл алды ұялғаннан, Мақсаты болмаса да қиялға алған. Патша айтты: – Бiраз уақыт онда болып, Келерсiз өзiмiзге тез олардан. Мәнжалға айтты Сина: – Достым, уәзiр, Жол қаржы, құрал-сайман болсын әзiр. Патшасы ұзақ жердiң шақырыпты, Тартармыз сақтанбасақ жолдан жәзiр. Туған да екеуiмiз, туысқан да, Пайда жоқ бақ-дәража қуысқанда. Шаһары Махмұт сұлтан қырық күндiк жол, Шөлстан соқтығар жол бұрыс шарға. Адаммын ат-көлiксiз, мен бiр пақыр, Менде жоқ азық-түлiк, шатыр-матыр. Он күнде бiр татармын болмашы ауқат, Барғанша жаяу барам таза-тақыр. Жасымнан аз ауқатқа болдым машық, Айға да жүдемеймiн қарным ашып, «Аттыға жаяу ермес» дегендейiн, Пысық бол осы бастан, қалмай жасып. Ал ендi ықтияттан, уәзiр жолдас, Ас-ауқат бiзде сiзше әзiр болмас. Қалай да сiз патшалық хаким адам, Өзiңе ылайықты алыңыз ас. Десе де Мәнжал уәзiр үндемедi, Айтпады менмендiкпен бiрдеменi. Менсiнбей, көңiлiнде биiктiк бар, Синаның жақпай қалды бұл дегенi. Сина айтты: – Мәнжал достым, айтам саған, Тақ болып пәлен күнi келгiн маған. Күмпиiп, «мақұл болар» дегендейiн, Даяр боп айтқан күнi барыпты оған. Сина да болмашы ауқат алған болды, Екеуi сапарға ұзақ тартты жолды. Көрсетпей жеп-iшкенiн бiр-бiрiне, Жарты жол – жиырма күндей жүрiп келдi. Уәзiр де шыққан едi атқа мiнбей, Мен сенен кеммiн бе деп жаяу жүрмей. Бiр жерге астығын да тастап кеттi, Түскенiн әлi азайып қалды бiлмей. Айтпады азайды деп менiң халiм, Азамат қатты сақтап ұят-арын. Азайып күш-қуаты кемiп кеттi, Синаға жасырса да жайы мәлiм. Сина айтты: – Қандай, достым, жай-жағдайың, Қуат-күш керек болса мен де дайын, – Десе де аузын ашып сыр айтпады, Сұраса ерегiсiп айтқан сайын. Байғұс бiр тырыс екен сонша керi, Баспады шақырса да тұр деп берi. Бәсеке келер едi әңгiме айтып, Аттауға қалмады әлi сыңар елi. Мәнжалға дедi Сина: – Достым уәзiр, Ат та әзiр, дәулеттiге тұлпар да әзiр. Жұмсамай орынына патша мүлкiн, Кiнәлап өзiңе-өзiң арттың жәзiр. Адаммын мен үйренген барға-жоққа, Жетемiн көз ашқанша көңiлiм соқса. Осынша сiзге не жоқ азап тартып, Шарпылтқан көбелектей өзiңдi отқа. Дегенде күрт жығылды омақаса, Жол қалмай жалғыз аттап аяқ баса. Сұраса жалғыз әрiп жауап бермей, Бейшара қаза тапты аузын аша. Өкiндi Ғалисина өткенiне, Жиырма күн жаяу жүрiс еткенiне. Үстiнде бұл сияқты құрмет сапар, Мәнжалдың жолда қаза шеккенiне. Бiр жерден мазар қылып белгiледi, Дегендей ер қадiрiн ер бiледi. Мәнжалды сол мазарға жақсы жайлап, Дедi ендi: «өз жайымды жел бiледi». Жиырма күн жүрген едi бәсекемен, Деген ер Мәнжал үшiн «ғылымым тең». Алған соң бiр жайлы қып, жайғастырып, Германға жеттi Сина тартқанша дем. Германның көз жiбердi қаласына, Сән берген көк пен жердiң арасына. Таласқан аймен, күнмен күмбездерi, Нұр берген көрген көздiң шарасына. Отырды Ғалисина аттан түсiп, Махаббат ықыласына көңiлi iсiп. «Патшаға мен Сина деп жетiп барсам, Ылайық болмас, – дедi, – жақсы пiшiп». Германның патшасына кездескенде, Пайтақта уәзiрлермен көздескенде. Бiлдiрiп бiр ғажайып көрсетпесем, Құмар боп мiнап болмас күн кескенде. Келер деп асықты олар менi қашан, Жақсы алып сол ықыласын қайтармасам, Өздерi iздеп тауып, алса қарсы, Миясар болар дептi бұл тамашам. Ақтарып ғылым құдiрет қазынасын, Жасады патшалыққа базынасын. Көрiнбей көзден ғайып болды қала, Көзге iлмей тақты пайы, тәжi басын. Жасады ел жатқанда мұны түнде, Сезбептi ұйықтаған соң адам бiр де. Қараса айдалада жатыр халық, Қала жоқ кiрмегендей түске мүлде. Күн шықты нұрын шашып сәулеленiп, Қаласыз қалған халық әуре болып. Қамалып, «бұл қалай?» деп арыз айтты Патшасы шаһы Махмұт дәуге келiп. Махмұт жинап алып уәзiрлерiн: – Бәрiңдi мен нелiктен әзiрледiм? Табыңдар бағы-бустан, қалам қайда? Ақылым ауды бастан қазiр менiң! Таң болды уәзiрлердiң бiлмей бәрi, Жабырқап, ұлы-кiшi, жас пен кәрi. Сөйлептi бiр уәзiрi тұрып сонда, Қой көздi, орта бойлы, түсi сары. Ғылымнан хабары бар едi мұның, – Бұл жұмыс, – дедi тақсыр, – құдiрет ғылым. Ғалымның Ибн Сина хабары бұл, Белгiсi келдiм деген сiзге бүгiн. Болмаса, сан тарихта тұрған қала, Мүмкiн бе жоғалуға бүгiн ғана? Табиғат желiн билеп алған ерге, Қаламыз болмақшы оған қандай шара? Махмұт айтты сонда уәзiрiне, – Шының ба, ойнап айтқан әзiлiң бе? Синаны достық үшiн шақырттым мен, Қастық қып қалам құртып – жазығым не? Уәзiрi айтты: – Тақсыр, салсаң құлақ, Бұл сiзге қастық емес, достық, бiрақ Көрмеген, бiлiспеген бұрын-соңды, Бiрiншi бiлiскенi, елi жырақ. Сол ғалым бұл хабары сiзге берген, «Қарсы ал деп келiп тұрмын мұнша жерден». Көрсетер ғылым құдiрет сұнғаттарын, Боларсыз неше түрiн ертең көрген. Қарсы алып құрмет етер құрметтесек. Дүнияда тiрi адамға құрмет есеп. Орнына ертең оны қайта салар, Құрметтеп, қызмет етiп алып келсек. Патша айтты: – Iздеп тауып олай болса, Қарсы алып келтiрiңдер қолай қонса. Қарсы алу, құрмет ету мiндеттi iс қой, Қаламыз орнына тез оңай қонса. Қаланың көбi орнында – орнында, Тұрыпты өзгерместен бiр пормында. Жалғыз-ақ падишалық пайтақыты*, Көрiнбей тұрған текке көз алдында. Шаһарға кiрдi Сина жалғыз енiп, Қаласын құрметтеген бүгiн көрiп. Отырған бай кiсiге көзi түстi, Жолы бiр дарбазаға тура келiп. Келдi өзi кескiнiнде бейшараның, Бай екен дәулетi көп бұл қаланың. Қызмет қып, қол қусырып, тiке тұрған, Алдында көп қызметкер көрдi адамын. Бұл бай бiр зор тәкаппар адам едi, Бiлмейтiн жақсылықты надан едi. Шыбынның асқа қонған аяқ-қолын, Жаламай жiбермейтiн сараң едi. Үстiне сонша қымбат киген киiм, Шалқиып шiренiп тұр қағып иiн. Көргенде Ғалисина осындайды, Көретiн мiнезi едi iшке түйiн. Алдында қызметкерлер басты иiп тұр, Бай соған қарсы қарап қасқиып тұр. Қайқиған қарны жалпақ, өте семiз, Сойдиып күрек тiсi ақсиып тұр. Мiнезi тырысар ед – кедей көрсе, Кейкиiп кетер едi кедей келсе. Жанына Ғалисина келiп тұрды, Сұрапты ақша қажет недей көрсе. Ашумен тiкiрейiп шықты түгi, Секiлдi семiздiгi – жуан күбi. Бұйырды жiгiттерге: – Қуып шық, – деп, – Оңбаған сорлыны, – деп, – кедей түбi. Жiгiттер азар берiп шықты қуып, Бейнемен ақыреттеп жүзi суық. Ренжiп Ибн Сина қайтып шықты, Азарын қайтаруға белiн буып. Кiнәнi қайтаруға алды түйiп, Қарады мiнезiнiң сырын жиып. Ықыласы, шын құмары осы байдың, Бiр жүрдек сұлу қашыр мiнсе сүйiп. Қуанды Ғалисина мұрттан күлiп, Сұрамай байдың сырын сырттан бiлiп. Таяғын қолындағы қашыр жасап, Бай болып бiр саудагер алды мiнiп. Көгiлдiр пәшiн салған баста сәлде, Қаракөк сұлу қашыр мiнген сәнге. Бай кiсi сол орнында отырғанда, Көшемен өте шықты салып әнге. Өткенiн байдың көзi шалып қалды, Екенiн жақсы қашыр танып қалды. «Тез шақыр қашыр мiнген кiсiнi» деп, Жүгiртiп артынан тез адам салды. Бiр жiгiт шақырды тез Сина ердi, – Сiздi тез бай-қожайын келсiн, – дедi. Шақырған заматында шалт бұрылып, Жорғалап желден жылдам жылжып келдi. Желден тез, судан сұлу, жiбек жүндi, Сүмбедей қамыс құлақ, аса құнды. Мұз белдi, құйма тұяқ, шашақ құйрық, Қайқиған қарыны жуан келiп тұрды. Қасына ер Синаның келдi жүрiп, Iшiне бұл қашырдың ышқы кiрiп. Басынан бар ақылы ауып кетiп, – Сатыңыз, – дептi, – маған құлдық ұрып. Қашырға қашты ақылы айрылмасқа, Айрылса мүмкiнi жоқ қайғы ұрмасқа. Шұқшиып басы иiлiп, айрылмапты, Табанын не сұраса тайдырмасқа. Келiсiп мың теңгеге қашырды алды, Мақсаты байдың бiтiп асылданды. Жолына Ғалисина кете бердi, Бай мiнiп қашыр басын жолға салды. Сырғытып келе жатты салып жолға, Сипақтап жiбек қамшы алып қолға. Жануар дәулетiме дәл жарасқан, Сөйтсе де бiраз ақша – бiр мың сом да. Жолында бiраз жатып бақша көрдi, Жүрсе де бұрын көрiп осы жолды. Бақшаны көрмеп едi мұндай жақсы, Жанына жалт-жұлт етiп жүрiп келдi. Көрмеген бұрын-соңды мұндай бақша, Жанында бiр әуiз тұр қарап бақса, «Япыр-ау, осы бақша кiмдiкi?» деп, Қашырдың тұрды үстiнде тұлпар атша. Бай тұрып бақты iшiне бақшашының, Сығалап сырт жағынан қақпасының. Тамаша таң қалғандай тұрды байқап, Германның бауы ма деп патшасының. Бақшаның жақынында әуiз көрдi, Қашыр да суды көрiп мойнын бұрды. Жануар су iшпеген екен-ау деп, «Қашырым, қанғанша iш» деп, келiп тұрды. Әуiздiң ауызы ықшам, түбi терең, Секiлдi суы қымыз, алтын зерең. Тереңге түсiп қашыр еңкейгенде, Тоңқая құлады бай, жетпей төмен. Тоңқая құлағанда қалған талып, Едәуiр жатып тұрған естен танып. Бақшаның кiрдi iшiне есiгiнен, Iшкен соң кiрдi ме деп судан қанып. Қашырым қайда екен деп iшкерi енсе, Бiр мәжiлiс ойын-күлкi келiп көрсе. Қырық-елу қызғылықты сұлу қыздар, Жаннаттай жайнап отыр жақын келсе. Жасыл жер, қызғылықты қызыл гүлдер, Сүмбiл шаш, жiбек мiнез, нәзiк үндер. Қарсы алып, құрметтесiп тұрды бәрi, Таңдаулы таға жiптей ай мен күндер. Тамаша таңданғандай таза бойлы, Қыпша бел, қарақат көз, алма мойны. Құрметтеп бәрi бiрдей орын берiп, Алдына дастарқан мен тағам қойды. Халыққа қасиетсiз қасис адам, Қыздарға бола қапты абыройлы. Әр түрлi әзiл сөзбен шарап құйды, Әзiлi әрбiр қыздың түрлi-қилы. Шаттанып шарап iшiп, ой шарықтап, Бой қызып, бiрiн-бiрi қысып сүйдi. Домбыра нағма шалды, ойын қызып, Бiр-бiрiн жақсы көрiп, жанын үзiп. Құшыпты бiр сұлу қыз байдың мойнын, Бұлқынып сары сазандай, суды сызып. Ол қасис бай қуанып «Жаным!» дептi, Құшақтап қыздан бетер бетiн өптi. Белiнен бiр қолымен қымти ұстап, Баяғы айта берер, iске кептi. Ән салған екеу-екеу сұлу қыздар, Шуылдап жiңiшке үнмен күлiстi олар. Жұмысын ойындағы бiтiрген соң, Ит нәпсi еркiнше кең тапты қарар. Жұмысын тындырған соң ойдағыдай, Жiгiттiң шат боп көңiлi бойдағыдай. Қараса жан-жағына көп адамдар Қамалап, күлiп жатыр тойдағыдай. Ит екен бiр ұрғашы қыз дегенi, Қаланың базары екен түз дегенi. Орнынан ұялғаннан ұшып тұрып, Қашыпты қолмен баса бiрдеменi. Күлiскен тамашалап көп шуласып, Әйелдер ұялғаннан бетiн басып. Жiбермей ұстап алды көп кiсiлер, Ұры деп бара жатқан қыздан қашып. – Барасың қайда тастап ғашығыңды, Көрсеттiң көпке мерей машығыңды. Рақмет зейнетiңе күйеу бала, Сүймейтiн азаматым жасырынды. Итiн де алып келдi қалдырмастан, Мойнына алмасына тандырмастан. Қазыға халық қамалап алып кептi, Таптырып киiмiн де алдырмастан. Жалаң бас, жалаң аяқ, тыс киiмсiз, Жасалған iстiң түрi тым сыйымсыз. Сұрапты қалдырмастан қазы байдан: – Қалайша қызметiң, – деп, – бұл иiнсiз? Бай сонда жағдайды айтты бастан-аяқ, Қашырын, әуiз, бақша, тастамай-ақ. Iшiнде сондай-сондай iс болды деп, Айтыпты әлеуметтен жасқанбай-ақ. Жын ұрған деп тауыпты қазы сұрап, Адасқан ақыл-естен алыс-жырақ. Жiбердi тәуiптер мен тәбибтерге, Өздерi қарасын деп басын құрап. Қайтадан алдырыпты қазы қайырып, Алдыңғы айтқанынан лебiзi айнып. Күнiне бес жүз қамшы бұйырыпты, Саламат табу үшiн жыннан айырып. – Жындары қайтпас, – дептi, – етпей олай, Ақылы шаруасына соқпас қолай. Мықты жын жан-тәнiмен араласқан, Соқпаса жазылмайды деген оңай. Сыртынан Ғалисина мұны қарап, Соққанда тұрар едi тамашалап. Арадан айдан астам күн өткенде, Келiптi Ғалисина оңашалап. Дер едi, жазығым не, әр соққанда, Қашырың не еттi дейдi су баққанда. Расын әрқашанда айтар едi, Бiрақта соға бердi сорлатқанда. Синаның келдi бiр күн рақымы аяп, Өлiмге жеткiзгенде халiн таяп. Iшiне аурухана келдi Сина, Кiсiдей инабатты жүрген жай-ақ. Жанына келдi байдың жайлап басып, Түрменен аянышты амандасып. Сөйлесiп, жағдаяттың сұрап бәрiн, Мынадай ақыл бердi хабарласып. – Ей, балам, – аяғандай дедi байға, Орнаған iс емес бұл текке, жайға. Жиiркеншек, кедей көрсең, жоқ-нашардан, Екенсiң сараң, бақыл осындайда. Келгенде бiр бейшара есiгiңе, Қудырып шығарыпсың, осы – күнә. Осылар сараңдықтың себебiнен, Келейiк қырсығыңның шешiмiне. Сондықтан бұл бәлеге болғансың тұс, Күнiге бес жүз қамшы ғазабат iс. Амалы мынау дедi құтылудың, Бәленi бес жүз қамшы қайтарудың: «Не қылды, не жасады қашыр?» десе, «Түбiнен не қылсын, – де, – әуiз судың». Десе егер «Қашырыңыз ендi қайда? – Қорада бағулы, – де, – жақсы жайда. Бұдан соң екi мың сом ақша бермей, Iске аспас, – дедi, – балам, амал-хайла». «Мақұл», – деп жан-тәнiмен уәде бердi, Үйретiп бай қасынан шығыпты ендi. Соғатын бес жүз қамшы дәрiгерлер, Байпаңдап бай қасына жүрiп келдi. Қамшысын даярланып қолына алып, Ұруға оңтайланып жолына алып. – Не болды қашырыңыз? – дептi байға, Бетiне не айтады деп тура бағып. Бай айтты: – Қайда болсын, үйде қолда. – Әуiз ше? – Әуiзден не жесiн онда? – Дегенде соғу жолын тоқтатты олар, Қамшысы қала бердi соқпай сонда. Хакимге хабарлады тездеп барып, Әуiзде демедi деп тоқтап қалып. Бейшара түзелiптi науқастан деп, Қамаудан босатыпты тез шығарып. Бай қасис келдi үйiне бейшара боп, Күнiне бес жүз қамшы сыбаға жеп. Ойлады «Сәл iстерге араласып Жүредi хакимдер де екен-ау», – деп. Құтылып келгеннен соң күй-жайына, Өзiнiң бұрынғыдай ыңғайына. Арналған құтқаруға екi мың сом, Ашытып батып тұрды ыңғайына. Несие жүрегiне батып удай, Жеген бал ауызына татып судай. Өлтiрмек болды әбден ер Синаны, Көз көрсе көлден атқан қаз бен қудай. Аз күндей Ғалисина жүрiп қалды, Бiр күнi бiр дәруiшке душарланды. – Мен сiзге мың теңге ақша берем, серiк – Деп айтып, айтқан байға ертiп барды. Айтылған байдың барды сарайына, Бiрталай жұмыс берген малайына. Өзiндей тағы бiреудi ертiп барған, Келгенiн бiлдi ақының орайына. Қарады екеуiне қаһар көзбен, «Ақшаға келдiң-ау, – деп, – Ақтан безген. Ұстатып қызметкер, малайларға, Қамшы соқтырайын тезбе-тезден. Мен жеген жемiсiмнен ол да татсын, Жанына жанған жалын шоқтай батсын» Дегенде терең ғылым күшiменен Ер Сина бiлдi түгел жұмсап әпсүн. Көңiлiн көрдi бiлiп шишең үйдей, Қоймас ер бiр көргенде iшке түймей. Кiсiге бермес жағын қарағанда, Былайша зат шығуын деген сүймей. Асына жеп отырған қонса шыбын, Қанат, тұмсық, табаны болса жұғын. Қуанып қағып ұстап ала қойса, Шаттанып шарықтап шалт жалайтұғын. Қанатың ұшатұғын осы ғой деп, Аяғың қанатыңның досы ғой деп. Жұлып жалап тастайтын «бара қойшы, Бұйырған қалды өзiме несiбе-ай» деп. Кей кездерде шiркейдi алса ұстап, Қуанып жiбередi бiр дауыстап. Бұйырған адал iстiң ұрысы деп, Ерiнбей жiберетiн бiр жұмыстап. Кей кезде қала қойса ұстай алмай, Қалғанға қатты өкiнiп нұсқай алмай. Үш күндей ас-су iшпей жатар едi, Ешкiмнiң айтқан сөзiн қоштай алмай. Сол қасис зор бай едi осы айтылған, Дәлелдi заттарымен қоса айтылған. Қашыры бай көзiне елес еттi, Көрiнiп бас-құлағы айқын тұрған. Бай аңлап азын-аулақ уақиғаны, Бетiне ер Синаның жалт қарады. Ишарат бармағымен желкесiне, Ер Сина еттi байға сол заманы. Синаның ишараты бармағымен Аңланды байға былай ар жағымен. Дегендей кешегiдей жерсiң таяқ, Айтқандай сезiлдi көп жанжалымен. Түсiндi, «бұл бос кiсi емес» дедi, Басқаға ақыл қосып кеңеспедi. Бұйырды әмиянымды алып кел деп, Синаға бiр мың бес жүз санап бердi. Өтiнiп ер Синаға басын идi, «Қашан да есiңе ал» деп қолын сүйдi. Күлiмдеп Ғалисина тысқа шығып, Мың теңге жолдасына бердi сыйды. Өзi бiр кең оңаша жайды тауып, Тағы бiр iс етуге ойы шауып. Адам ғып қара арабтың суретiнде, Қасапқа ертiп барды көңiлi ауып. Сататын адам едi малдың басын, Әркiмге алып сатар бас бағасын. Сина айтты бас сататын қасапшыға, – Тыңдаңыз, айтар мынау iлтимасым. Жiгiтiм мынау менiң тiлсiз араб, Күнбе-күн келiп тұрар қап арқалап. Салармын қапшығына бас ақшасын, Аларсың қапшығынан өзiң қарап. Бiр қойдың қапшығына басын салып, Бергейсiң жаурынына қайта таңып. Тас керең, есi шала, тiлсiз адам, Деген соң уәде қылды қабыл алып. Күнбе-күн алып тұрды қойдың басын, Қайтармай қарсы алған соң iлтимасын. Бөлектеп шығармастан жия бердi, Қырық күндей алып тұрған жаңа ақшасын. Синадан алған ақша жаңа судай, Қызығып жұмсамады қызыл тудай. Болғанда қырық күн толық ақша да қырық, Бiр iстi тұрады ма бiр iс қумай. Ақшаны қызыққаннан бөлек қойды, Айрықша кiрсiз жаңа елеп қойды. Себеппен жұмсау үшiн тұрды ақтарып, Бiр заттың ретiнен керек болды. Қараса қырық теңге жоқ, қырық қағаз бар, «Не болған, – дептi таң боп, – бұл сабаздар?» Тұрғанда сиқыр ма деп қапаланып, Қара араб келе қалды болып абзал. Қапшығын көрiп басшы арқалаған, Ашумен екi көзi қанталаған. Арабты қақ маңдайдан соғып едi, Бойымен ұшып түстi шалқалаған. Қараса бiр кiсiнiң басы бопты, Байғұстың басты көрiп есi кеттi. Шақырып көшедегi адамдарды, – Адамның бас болғаны несi? – дептi. Жиналып бiрталай жан көшедегi, «Адам бас болар ма?» – деп кеселедi. Тұрғанда әрбiреулер әр түрлi айтып, Көшеден Ғалисина кесе келдi. Басшының дүкенiне Сина келiп, – Келдi ме? – дедi жiгiт хабар берiп. Синаның жағасынан ала кеттi, Ешкiдей елеңдеген иттi көрiп. Барлығы қағаз болды берген ақшаң, Бер қазiр, керек болды, тауып шапшаң. Сина айтты: – Ей, ынсапсыз, араб қайда? Кезекпен сабыр сақтап сөзге бақсаң. Ол айтты жауап берген кезегiнде, – Шыдамай ашу оты өзегiме, Бiр мәрте соққанымда жұмырықпен, Басы боп қалды адамның тез өлiмде. Сина айтты, көпшiлiкке үнiменен, – Куә бол, ағайындар, шыныменен. Адамзат қарап тұрып бас болар ма, Өлтiрдi арабымды ұры деген. Өлтiрген залым дептi арабымды, Жас жiгiт, зияны жоқ қарағымды. Қаланың қалды халқы тез жиналып, Сина тұр тауып бер деп адамымды. Қалың топ қақ айрылып тең бөлiндi, Толқынның тоқталуы кем көрiндi. Аяғы әңгiменiң аққан өзен, Қазының қарауына жол берiлдi. Екi топ екеуiнiң соңына ердi, Қазының қарауына жүрiп келдi. Бас сатқан өз басының қамын сөйлеп, Былайша Ғалисина жауап бердi. Сина айтты: – Әдiл қара, тақсыр қазы, Басшының кәсiбi осы қысы-жазы. Адамның басын сатқан қой басы деп, Бұл нағыз үлкен жауыз өнерпазы. Ей, тақсыр, еске алып, ескерiңiз, Шын сөздi қиғаш көрмей, қош көрiңiз. Айтқаным шын болмаса мен айыпкер, Осыны нанбасаңыз тексерiңiз. Бұл сөздi қазы мүфти дұрыс тапты, Ғажайып сауал болды бұл iс қатты. Басшының бас ханасын тексеруге Берiптi молдаларға рұқсатты. Мұны кеп тексерушi қарағанда, Бiр ұғлан басы шықты санағанда. Және бiр шашы ұзын әйел басы, Табылды сақалды бас қарт адам да. Қараушы қазыға кеп хабарлады, Бөлекше қойдың басын таба алмады. Таппады шақырғанда Синаны да, Ойбайлап басшы басын амандады. Ол айтты: – Ойбай, тақсыр, сиқыр нағыз, Амалдап, алдап өмiр сүрген жауыз. Дегенге қазы әпендi мәнзүр етпей, Жазасын тарттыруға бердi маңыз. Зар жылап арыз айтты және басшы: – Ей, тақсыр, қиянаттан аулақ қашшы. Қырық күндей алған ақшам қағаз болды, Тұра алмай абан тiреп және қашты. Жиналған осы арада қаншама адам, Басы бар бәрiнiң де жақсы-жаман. Қалмаңыз обалыма, – деп жылады, Ол, сиқыр, оған куә Алла Тағалам. Нанбасаң тағы тексер баспанамды, Жылатпай жетiм тастап жас баламды. Сиымсыз сиқыршының тiлiне ерiп, Шығарма анық бiлмей масқарамды. Пiсiрiп сатқаным жоқ адам басын, Ондайдан, Құдай ақы, аман басым. Қазыжан, қайта тексер анық талдап, Жейiн мен ондай болсам балам басын. Қазылар тексерiптi қайта қарап, Асықпай, саспай, таза, жай шамалап. Қараса қанша болса қойдың басы, Басшыны азат қылды «ой, тобалап». Басынан безе жаздап бас сатам деп, Жабысып жағасынан ақсатам деп. Асылып қала жаздап дар басына, Құтылды жылап-сықтап «жақсы атаң» деп. Бұл хабар бүкiл Герман елге тарап, Қаладан қала қалмай, халық аралап. Естiлдi құлағына Махмұт сұлтан, Әр жерде әңгiмеде тамашалап. Таң болды шаһы Махмұт «бұл қалай?» деп, Бас қосып уәзiрлер мен жасауыл бек. Уәзiрлер айтты: – Сұлтан, бұл iс Сина – Iздеп тап келдiм, сұлтан, дегенi тек. Iздептi адам арнап әр тарапқа, Германның уәлаяты, түрлi жаққа. Не керек, дерек түгiл, шерек те жоқ, Шалығып жүре бердi шаршап шаққа. Күндерден бұдан кейiн болды бiр күн, Күндер де өтiп талай неше дүркiн. Германның қаласының базарында Дүкенде бiр жiгiттi көрдi, шiркiн. Жас жiгiт келген келбет-кескiн сурет, Қасында тұрды Сина етiп құрмет. Сыпалық, тазалығы, өткiрлiгiн Шамалап тартты өлшеп ғылымы құдiрет. Тамаша пiкiрiнiң тазалығын, Мазмұнын тексергендей мазалының. Үйретсе ғылымы құдiрет симия тылсым, Ұғымын қарап зейiн қазанының. Әкесi сол жiгiттiң пейiлi жаман, Жан едi аса жауыз құлқы арам. Синаға кет деп кейiн берiптi азар, – Дүкенге жақындама, баспа қадам. «Кет аулақ» – азар тiлмен кейiп, ұрсып, Жеркенiп «кет, кедей» деп, бойы бүрiсiп. – Бейшара, сендей пақыр қадамынан, Кетпейдi қырық күнгеше ауыр қырсық. Ренжiп кеттi Сина, болып қапа, Сұқ тiлмен ұрмай-соқпай тартып жапа. Ойлады көрiнгеннен көрмей азар, Бұған бiр iс көрсету зауқы сапа. Қаланың келiп тұрып бiр шетiне, Сусыз шөл сахара едi сол бетiнде. Төрт ағаш бойы бiрдей кесiп алып, Келтiрдi сұлу бақша суретiне. Тамаша бiр бау-бақша төрт бұрышты, Бау ағаш басы жасыл жапқан үстi. Табиғи тамылжыған таза гүлдер, Алма, өрiк, жүзiм, анар түрлi-түстi. Алмұрт, шие, iнжiр, шабдалылар, Тек қана ашық орын – басатын жер. Есепсiз атын бiлмес жемiстер көп, Сан көркем құрма ағаштар, жемiс жетер. Қалғандай қарағанда адам қарап, Көргеннiң кетпес едi есi тарап. Астында көлеңкелi көп ағаштың, Жүретiн жолдары бар көңiл қалап. Бау-бақша жасыл миуа жарасуда, Гүл жайнап, бұлбұл сайрап пәрашуда. Жарқырап ағып жатқан мөлдiр сулар, Тоймастай көрмеген жан қарасуға. Бақшаның төрiн ешкiм көрмегендей, Әлемге мұндай бақша келмегендей. Бергенмен алтын-күмiс түйеге артып, Көз қиып бiр жемiсiн бермегендей. Әзiрейiл өзi арқалап ап кетпесе, Iшiне кiрген кiсi өлмегендей. Өзiн бiр түсiн бояп, еттi бiр бай, Жарасқан сақал-мұртқа сәулетi сай. Қолында күмiстеген күмбез таяқ, Ренжiткен бай қасына келiптi жай. Дүкенде кеше көрген көркем жiгiт, Жанында әкесi отыр сауда қылып. Әдеппен сәлемдесiп сөзге келiп, Отырды бай қасына тiзе бүгiп. – Байеке, менде бар бiр баулы бақша, Жемiстi, таза гүлдер сiзге жақса. Алдымен сiзге келiп айтып тұрмын, Қазiрде зәрлi болып керек ақша. Бақшамның жемiспенен iшi тола, Көрмесең күмән етпе оған бола. Көрiңiз көзiңiзбен мейiл етсең, Алсаңыз арзан сатам бiражола. Аралап серуендеңiз алмасаң да, Оншама қынжылмаймын бармасаң да. Тамаша етуiңдi етсең керек, Таныс боп айтып салдым қанбасам да. Бақшамды ала қойсаң, сәтi түсiп, Тамылжып жемiс тола тұрған пiсiп. Базарға сатар болсаң, сендiк сауда, Өлшесең өзiңдiкi қалай пiшiп. Жемiстiң кеткен кезi уақыты өтiп, Айтқан сөз жағып кеттi әсер етiп. Дүния, әсiресе, сондайларға Керек қой, келiншектей тұрса жетiп. Баласын атқа аттанды жанына ертiп, Жемiстiң арзан алып, иiсiне елтiп. Шаһардан сәл тысқары бөлiмшеге, Екi атты, бiр қашырлы келдi жетiп. Көкпеңбек көкке жеткен бау ағаштар, Көңiл де, көз көрмеген түрлi ағаш бар. Жемiстер пiсiп тұрған дүнияда жоқ, Өмiрге ұмытпастай татқан жастар. Жайқалған құрма ағаштар жапырағы, Ес кетiп құрғақ баспен бақылады. Ақшаға байдың өзi кеттi үйiне, Тiллаға он мың теңге сатып алды. Асығыс, уақыт қысқа, мезгiл таяу, Қар жауып кетсе қыс боп қалар жаяу. Әкесi ұлына айтты: – Арба алып кеп, Базар сат шығарып, тұрма баяу. Берермiз сыйлық қылып әкiмдерге, Бақша жоқ мұндай таяу жақын жерде. Қалай да бағымызға тура келген, Он тиын қазiр бiзге он мың теңге. Жолына Сина кеттi ақшаны алып, Бай қалды текке алдым деп бақшаны алып. Екi адам қарауылға тастап кеттi, Сақ болып тұру үшiн бақша бағып. Бай кеттi ап келуге көлiк, арба, Мал болса бай сорлыда ерiк бар ма. Ертең таң атысымен сан жемiстi, Бұйырса салайын деп қан базарға. Үйiне бай да кеттi күн батқан соң, Жiгiттер көп отырып ел жатқан соң. Бұлар да сергек жатып ұйықтап қапты, Жеп әбден жемiстерден дәм татқан соң. Жайқалған жатты жемiс арасына, Жемiстiң ақыл жетпей бағасына. Шалқиып шалқасына жатты бiрi, Ауызы бiр жемiске нақ ашыла. Бал балқып, пiсiп жемiс балбырап тұр, Түрлi гүл шешек атып, аңқып-ақ тұр. Аңқиып жатқан жiгiт ауызына, Бiр жемiс тиер-тимес салбырап тұр. Бiр кезде жатқан жiгiт кеттi оянып, Жемiстiң ауызына балы тамып. Қызығып қыздай қызыл қымызына Ұсынды жемек үшiн жемiстi алып. Жоғары ұсынғанда қолын созып, Жемiс те көтерiлдi биiкке озып. Отырып жатқан жерден көтердi бас, Жата алмай алмаған соң бұған төзiп. Екiншi алайын деп қолын созды, Ол жемiс жеткiзбей қол, одан да озды. Япыр-ау, жемiс шындап қаша ма деп, Арқасы алу үшiн әбден қозды. Ендеше озды жемiс одан да арман, Болса да бой жеткенге қолы барған. Тiкейiп қолын созды, одан да озды, Бiр таспен болмаған соң қойып қалған. Түсiрдi жемiстi ұрып таспен жерге, Ендi алдым деп еңкейдi, бәрекелдi. Домалап еңкейсе де қолға түспей, Жойылып табылмапты ойдан өрге. «Жарықтық, – дедi, – алмаға жан бiткен бе? Жанданып қашып кеттi, әл бiткен бе? Ой, тоба, мынау алма шайтан шығар, Болмаса ауыштым ба, алжып мен де?» Қап, бәлем, күн шыққан соң табыларсың, Бiреуi айтты «қашып ол қайда барсын». Тағы да жатып бұлар, ұйқы қанып, Тұрыпты екеуi де күн шыққан соң. Бұлардың түндегi алма ойындағы, Үзiлiп домаланып жойылғаны. Қараса, қарап қалған бау-бақша жоқ, Алма-өрiк, түрлi жемiс бойындағы. Бау-бақша, жемiс түгiл, қора да жоқ, Бұрынғы қасындағы мола да жоқ. Орнынан желдер ескен бау-бақшаның, Сахара жатқан жерi далада тек. Бұлар айтты: – Бiз тiптi алжастық па? Бiр жаққа түнде ұмытып аумастық па? Бiреуi айтты: – Еш уақта алжаспадық, Жорыма қай-қайдағы науқастыққа. Бiреуi айтты: – Бай келер, ауыспасақ, Ақылды алжас басып тауыспасақ. Тiкелей келсе осында тiптi жақсы, Өзiмен бiрдей болып нақ ұстасақ. Бiреуi айтты: – Неңдi нақ ұстайсың. Сөздi қой, орыны осы, ауыспайсың. Жоқ бақша, он мың ақша, байға жақса, Пайдаңды менiмен тең қарыстайсың. Бiреуi айтты: – Сен де алма, мен де алмайын, Бiреуi айтты: – Не бақтық, неңдi алмайын? Өзiмiз аман қалсақ, шүкiр соған, Қой ендi, жердi алмасам, жел де алмайын. Сөйлесiп жата берсiн бұлар мұнда, Не болды, сөз айталық байдан онда. Мақтанып әйелiне, «бақша алдым» деп, Ұйықтамай қуанумен шықты таңға. Асығып, атқыза алмай ұзын таңды, Тықыршып дөңбекшумен бiр түндi алды. Ат-арба жемiс тиеп сату үшiн Бай байғұс баласымен келiп қалды. Ат арба, түйе арбаны салдыратып, Бақшада қос жiгiттi қалжыратып. Далада екi жiгiт сөйлесiп тұр, Бай: – Бақша қайда? – дептi жаңғыратып. – Байеке, бақшаңызды басып тұрдық, Қуанып сiзбен бiрдей тасып тұрдық. Ит пен құс, ұры зиян етпесiн деп, Ұйықтамай көзiмiздi ашып тұрдық. Бiреуi айтты өзiнiң көргендерiн, Көңiлiн сол жемiске бөлген жерiн, Ақыры таспен үзiп, жерге түсiп, Шамдай-ақ жоқ боп шапшаң сөнгендерiн. Армансыз жаттық аңдып бақшаңызды, 7860 Ақылық алмасақ та ақшаңызды. Түн бойы аңдып жатқан түкке тұрмай, Ақырда ұстап қалдық ….* Амалсыз ақылынан айрылғандай, Қос қанат, қабырғасы қайрылғандай. Қалаға салдыр-гүлдiр қайтып кеттi, Ақырып айдалаға айғырланбай. Есiттi уақиғаны көршiлерi, Жеткiзiп ел шетiне елшiлерi. Қанықты бұл хабарға қала халқы, Махмұт шаһ хабарланып – патша-бегi. – Махмұттың – Сина, – дедi уәзiрлерi, Ол ерде ғылым құдiрет әзiр, – дедi. Махмұт шаһ басын шайқап, етiптi арман: – «Бiздерге көрiнбедi қазiр», – дедi. Махмұт айтып Синаның әзiр iсiн, – «Бiтiрмес, – дедi, – адамзат жазып iсiн. Сұхбат қып сол ерлермен, достық жасап, Шiркiннiң көрер ме едi мәжiлiсiн!» Бар едi бiр уәзiрi Махмұт шаһтың, Ендiрген түрлi шаттық мәжiлiс сәнiн. Иухана аталатын ат-есiмi, Ғылымнан хабары бар симияның. – Ей, тақсыр, қоймадыңыз Синаны атап, Парсының тәжiгi едi ол бiр шатақ. Мен оны iздеп тауып келтiрейiн, Сыйлыққа не берерсiз маған матап? Дегенде, сұлтан Махмұт сансыз кәде Беруге көп алдында еттi уәде. «Иншалла, Синаны мен табармын» деп, Қапыда еттi бiр iс тауып және. Жасаған амалы сол келiп оңнан, Синаны қалдырыпты аяқ-қолдан. Жанына шаһ-сұлтанның алып келдi, Қарсы алды құрмет, iзет жасап молдан. Күштi едi қайтаруға Сина бiрақ, Жоқ қылып жiберуге тауып тұрақ. Дегендей «қайтер екен ұстап алып», Шыдапты көрейiн деп соңын сынап. Шаһ Махмұт оңаша екен бұлар келсе, Жалаң бас, тәжiн алып отыр, көрсе. Басына Махмұттың қонды Сина Тәж болып мұрассақты, баға берсе. Иухана Махмұтқа айтты: – Сақтан, тақсыр, Басыңа Сина қонды аты мәшһүр. Қарады тәжiн алып Махмұт сұлтан, Жасауға асығыс болып жақсы дәстүр. Қараса бiр мұрассақ жетi мүйiз, Бiр гауһар, әр мүйiзде – қызыл жұлдыз. Әр гауһар дүние жүзi мемлекеттiң, Пара-пар бағасына күндей күндiз. Отырды Махмұт сұлтан қолына алып, Иухана мұны бiлiп от боп жанып, Қонуға тәжiн өртеп жандыруға Тұрғанын бiлiп Сина даярланып. Шашылды тары болып айналаға, Тәж болып жанып кетпей айдалаға. Иухана қораз болып шұқып терiп, Жеп жүрдi жылдамдатып айналада. Таусылып қалды тары екi дана, Махмұттың тiзе астында бiрi және. Бiреуi кең майданда жатыр едi, Түлкi боп тұра ұмтылды Сина бара. Иухана көгершiн боп аспанға ұшты, Ер Сина қаршыға боп қуа түстi. Көгершiн көктен түсiп, бiр орманға Тығылды, артық бiлiп қуған құсты. Көгершiн қол қусырып адам болып, Түскенi түрлi түске қараң болып. «Бағындым, Ғалисина» деп өтiндi, Алдына Махмұт сұлтан тiлге келiп. Жан тартып, жақын санап жалынғанда, Арамдық адалданып арылғанда. Құрметiн қол қусырған қабыл алып, Ер Сина ерлiк еттi жаңылғанға. Достасты қол алысып ырзаласып, Патшаға келдi екеуi мырза басып. Синаға патша Махмұт сәлем бердi, Тiк тұрып махаббатпен құшақ ашып. Сина да амандасып тұрысыпты, Жақсылап хал-ахуалын бiлiсiптi. Әуелден «Ер шекiспей бекiспес» деп, Соңынан қол ұстасып күлiсiптi. Болынды ас дастарқан, жайып тағам, Танысып уәзiр, бектер қаншама адам. Кiсiдей бiр туысқан бiлiскен соң Патша айтты: – Өтiнемiз, – дедi, – саған. Сөз болып жоқ боп кеткен қанша қала, Қаланың адамдары сансыз және. Орнына келсе екен деп айтыпты әзiр, Есепсiз шаруалық пен бала-шаға. Сина айтты: – Қалаларың жоғалғанда, Қай күнi, қай сағатта, қай заманда? Патша айтты, пәлен күнi – атын атап, Жұманың күнi шықпай таң азанда. Сина айтты: – Қаланы адам жасыра ма, Кiшкене затпен шаһар басыла ма? Мен [бе] ондай iрi жұмыс жасай алар? Ыңғайға мұндайды адам асыра ма? Бас иiп түрегелдi Махмұт сұлтан: – Ер Сина, сiзде менiң ықылас-ынтам. Бiрталай жоғы рас қаламыздың, Наныңыз бұл сөзде жоқ күмән қылтан. Сина айтты: – Қате сөздi қоспа маған, Жалған сөз – дұшпанға арнау, досқа жаман. Анықтап адам салып бiлiңiзшi, Жасырмас бары-жоғын көрген адам. – Мақұл, – деп бiр адамды жiбердi арнап, Анықтап бiлiп кел деп әбден шарлап. Ол кiсi атпен шауып кетiп едi, Бiр кезде бар деп келдi көпке жарлап. Қуанып, «тәуба» дептi патша күлiп, Таңырқап, ажап қалып, көп iркiлiп. Анықтап өз көзiммен көрiп едiм, Қуандым ендi бүгiн iшiм жылып. – Қаламыз ғайып болды қалай көзден, Таппадық жойылғанда қарап көзбен. Кеше жоқ, ал бүгiн бар, ғажап қандай, Ғылым құдiрет дегендi кiмдер сезген. Сина айтты: – Азды-көптi оқып ғылым, Кәминин әр орыннан алған бiлiм. Бiрақ бұл бiр ғана тек тамшы мысал, Сiздердiң ғажайып деп көргендерiң. Синаға Махмұт сұлтан айтты өтiнiш: – Сұлтаны ғылым хикмат, алсаңыз қош. Теңiзден тебiрентсеңiз тамшы теңге, Құзырыңа көпшiлiктен көп сүйенiш. Сiзге көп берген ғылым, тәуiр мырза, Ғылымыңа әлем тәнтi Қытай, Құлжа. Көрсетсең миллионнан бiр мысалыңды, Бiз достың көпшiлiк пен болады ырза. Бұл сөздi Ғалисина алып қабыл, «Басыммен қабылдаймын, – дептi, – кәмiл». Отырды күлiмсiреп төмен қарап, Үндемей қарады көп етiп сабыр. Отырды не болар деп халық қарап, Сина да телмiртпедi бойын балап. Бiр кезде Ғалисина қойынынан Әр түрлi айуанаттар шықты анталап. Ол аңдар – аю, бөрi, түлкi, шағал, Жолбарыс, пiл, арыстан, бұғы, марал. Және көп топ-топ болып шыға бердi, Уда-шу түрлерi бар бұзар қамал. Азулы жолбарыс пен арыстандар, Айтқанға мойын бұрмай қарысқандар. Ұмтылды қарап тұрған адамдарға, Үрейiн қашты тура тауысқандар. Көбейiп топ-топ болып өре бердi, Аңдарға адамдар жол бере бердi. Сыймаған көбейген соң айуанаттар, Жай берген орындарға келе бердi. Кең сарай тығызданып аңға толды, Айналды бермеуге де жанға жолды. Есiктiң қарсы алдына барды адамдар, Таласып айуанаттар алысты ендi. Алысып алқымынан азулы аңдар, Аюмен жұлқыласып арыстандар. Есiктен лақтырды төрге қарай, Жосылып дала-дала қызыл қандар. Жолбарыс қырып салды қасқырларды, Қалыңдап қан жосылып тасқындады. Мазасы қашып халық еттi өтiнiш, «Қатты, – деп, – қауақ болып бастың бәрi». Жер жарды айуанаттың қышқырғаны, Айдаһар, жыландардың ысқырғаны. Кетуге жақындапты жер жарылып, Шақылдап түрлi-түстi құстың бәрi. Шуласып айқай салды халық қорқып, Өлдiк деп ми жарылып, жүрек толқып. Қайтадан бiр мезгiлде қойынына, Кiрумен таусылыпты желiп-жортып. «Уһ» деп, отырғандар демiн алды, Халқы мен патша, уәзiр қайран қалды. – Қалайша бiр адамға мұнша ғылым, Сыйысып орнаған? – деп жұрт таңданды. Отырды демалыста барлық адам, Аңдарды әңгiмелеп жаңа болған. Жасалды өздерiнше алдарына Жайылып кең дастарқан, түрлi тағам. Күн батып болған кезде уақыт ақшам, Ас-ауқат жиналған соң сұхбаттасқан. Және бiр шаһы Махмұт айтты өтiнiш: Бiр өнер көрсетсең, – деп, – iлтимастан. Болмасын қорқынышты жаңағыдай, Ер Сина қабыл алды демей былай. – Шамдарды сыртына қой перде байлап, Көпшiлiк салсын назар соған қарай. Перденiң қойды артына жанған шамды, Асығып жұрт жұмыла көзiн салды. Бiр бөрiк перде артынан пайда болып, Қауқиып үй төсемiн тегiс алды. Бiр қара бөрiк астынан маңдай шықты, Кеңдiгi жүз қарыстай үлкен тiптi. Маңдайдың астын ала қасы шығып, Шаңырақтай көз көрiндi сонша мықты. Үш құлаш бұдан кейiн шықты мұрын, Мұрынның кiрпiш үйдей көрдi түрiн. Көрiнiп сақал-мұрты соған лайық, Көрiндi кеуде, қарыны бiрiн-бiрiн. Көрген жұрт қорқыңқырап назар салды, Жаратқан екен-ау деп мұндай жанды. Не керек, үйдiң iшi тығызданып, Адамдар сыйыса алмай, тынышын алды. Адамдар орындардан түрегелдi, Сыйысар орын қарап жүре бердi. Алдына терезенiң, бұрыштарға Тығылып, пеш үстiне мiне бердi. Созылып әрбiр мүше өз алдына, Келiптi адамдардың көз алдына. Зор құрсақ бос орынның бәрiн алып, Қиындық адамдарға келдi жүдә. Дауыстар шыға бердi ыңқылдаған, Қысылдым, булықтым деп қыңқылдаған. Көпшiлiк қойыңыз деп еттi өтiнiш, Қырар деп бәрiмiздi бұл түрлi адам. Мақұл деп Ғалисина ол адамды, Өзiнiң орынына қайта салды. Жоқ болды көрiнген зат көзден тайып, Адамдар үндей алмай аң-таң қалды. Көпшiлiк жыларын да, күлерiн де, Бiлмептi тағы қызық тiлерiн де. Не керек, тiршiлiкте тойым бар ма, Мүлт етпей жоқ қой тұрмақ бiр жерiнде. Синаға айтты Махмұт: – Ей, ғалым, Отырған құзырыңда бұл жараның. Рақатты қорқынышсыз көрсет қызық, Иесi ғылымы құдiрет бұл дүнияның. Барлығы терезенiң бекулi едi, Себебi түн түнегi жетулi едi. «Аш» дептi терезенiң жабық кiлтiн, Тiлегiн көптiң қабыл етуге ендi. Ашыпты терезенi бiреу барып, Сол уақыт күздiң күнi едi анық. Қараса жайнап-ойнап жаз болыпты, Қып-қызыл гүл шешегiн тұрған жарып. Кең дүния қызыл-жасыл зейнеттенген, Бәрi шат, жануар жоқ бейнет көрген. Тұр сайрап әншi, жыршы, құстың бәрi, Көз тартып сұлу қыздай билеп берген. Жiбек жел қалампырлы ескен шалқып, Жайқалған қызыл қошқыл гүлдер қалқып. Сайраған ұшып-қонып бұлбұл, торғай, Көрген жан гүлге оранған буыны балқып. Алдына барды адамдар терезенiң, Түрiне балқып әсем ереженiң. Секiрiп сыртқа шықпақ болды бәрi, Қызығып көрiп дүния кең өзенiн. Бекiтiп ол терезе жауып түбiн, Аштырды терезенiң тағы бiрiн. Қиямет орнағандай дүния жүзi, Жел соққан сұрапылдай көрдi түрiн. Қопарып дарақтарды домалатқан, Тауларды домалатып аспанға атқан. Ащы жел суықтығы удан ащы, Жүйрiк тез, өткiрлiгi атқан оқтан. Бiресе мұз аралас қар да құйып, Таулар кеп жерге соққан көктен тиiп. Қалтырап қатып қалды отырғандар, Басқа тымақ, үстiне тонын киiп. Бiр кезде сыртқы суық iшке ұрды, Қиямет бiрте-бiрте iшке кiрдi. Дiрiлдеп қалшылдаған қараушылар «Ойбай, құрт мұныңды» деп бердi сырды. Сол кезде басым кiрдi iшке боран, Қалмаспыз деп ойлады бәрi де одан. Ойбай, жап бұл бәлеңдi иә, ғалым, – деп, Қалмастан парияд еттi барлық адам. Жаптырды ол терезенi, бiрiн ашып, Бiр дария бахры Оман толқын шашып. Қарық қылып қаптағандай әлемдi су, Сумен жүр наһан балық араласып. Бұған да қорқып тұрды көңiлденбей, Теңiзге тегiсiнен көмiлгендей. Тау толқын терезеден толды толқып, Адамдар өлдiк дедi өмiрге енбей. Толқында тау балықтар жүзген толқып, Және де жұрт шулады жаны қорқып. Жаптырды ол терезенi, жұрт жылынды, Су басқан киiмдерiн сығып-сiлкiп. Және бiр терезенi ашты барып, Өртенген бүкiл әлем отқа жанып. Инедей оттан басқа ашық жер жоқ, Жалындар айға жеткен, күндi шалып. Халық қорқып көз болған соң қарасады, Қорықса да жек көрмейдi тамашаны. Бiр кезде бiр топ жалын соқты iшкерi, Адамдар қашып естен адасады. Жаптырып ол есiктi оттан қорқып, Бесiншi бiр есiктi тағы ашады. Көпшiлiк сол есiктен қарағанда, Күн аяз, бұлтсыз ашық санағанда. Әдетше бiреу әрмен, бiреу бермен, Өзiнiң еркiнше әркiм қалағанда. Ашылды алтыншы есiк, оны жауып, Түн екен тас қараңғы үлкен қауiп. Бiлiнбес көзге түртсе өлiп кетсе, Жүре алмас жүз көздi адам жолын тауып. Сол түндi ұйықтамастан өткiзiптi, Көпшiлiк көзбен шолып көп қызықты. Қалмастан ер Синаға алғыс айтып, Жерiне мақтау-сақтау жеткiзiптi. Таң атып күн шыққан соң күлкi қанып, Синаға шын көңiлден ырзаланып. Өзiнiң құжырасына жатты Сина, Махмұттан қабылдаған рұқсат алып. Пайтаққа барды Сина келер күн кеш, Қарсы алды халық қаумалап кiршiксiз еш. Дастарқан жазып салып, тағам тартып, Тәртiппен шербет-шарап етiптi хош. Соңынан ойын-күлкi зияпаттың, Қызыққа тойымы жоқ махаббаттың. Және де Махмұт сұлтан еттi өтiнiш Көрiкi өнермен деп мәслихаттың. «Мақұл» деп Ғалисина қабыл алды, Қабылдап қарсы алған соң дамылданды. «Құныққан ашыққаннан күштi» деген, Асығып, тез болса деп ынталанды. Дастарқан жаюлы тұр жиылмаған, Iшiм-жем, асау-ұрттау тыйылмаған. Ыдыста аяқ-табақ, ет, палаулар. Шаян, құрт, бақа болды қимылдаған. Иреңдеп ет тағамдар жылан болды, Қол тартып тұрды адамдар бұдан да ендi. Саразбан, бүйi, тышқан, жапалақ боп Қимылдап, ұйытқып жылдам өрби бердi. Адамдар орынынан тiке тұрып, Кеткiсi келiп тұрды сыртқа шығып. Қиялы адамзатың: – Зияны жоқ, Отыра берiңiздер, – дептi күлiп. Орынға отырысты қайта келiп, «Ой, тоба-ай! Тамаша-ай!» деп айта берiп. Қараса барлық тағам өзгермеген, Ғылымына тәнтi болды әбден сенiп. Сол күнi көрсеттi сыр түнi бойы, Адамның не тiлесе ақыл-ойы. Келтiрiп көз алдына көпшiлiктiң, Артылды әр күн сайын абыройы. Осындай түс көрсетiп әрбiр күнi, Неше күн, өте бердi неше түнi. Германда Махмұтшаның мемлекетi Теп-тегiс көрмесе де бiлдi мұны. Осындай болса да алып, үлкен ғалым, Болса да құдiрет күшi көпке мәлiм. Бұған да заманында дұшпан шықты, Қызғаншақ қырсығынан бұл дүнияның. Махмұттың аға-iнiсi жақын туған, Бар едi жақсылардың жолын қуған. Бойжеткен бiреуiнiң айдай сұлу, Теңдессiз қызы болды таза судан. Ол күнде, ол заманда ондай асқан, Табылмас арасынан жер мен аспан. Сондай бiр болды екiншi Зылиха дер, Керме қас, асып туған сүмбiл шаштан. Тамаша көрiп жүрдi бұл да келiп, Күшiне ғылымы құдiрет майдай ерiп. Бiрақ та иесi мұның ғалым Сина, Осыған жүрдi сұлу көңiл бөлiп. Бұрыннан бұл сұлуға Иухана уәзiр Көңiлi ашық болып, тартқан жәзiр. Ауса да оның ойы, сұлу сүймей, Қапа боп Синаға да жүрдi қазiр. Жолығып жүрдi сұлу Синаға да, Мұндай ұл келiптi деп, бұл дүнияға. Осыны Иухана уәзiр сырттан шолып, Қызғанып дұшпан болды бұған және. Қыз сонша өрттен де ыстық, түнде көрсе, Тоймайтын жамалына күнде көрсе. Ешкiмнiң қолдан келер ылажы жоқ, Синаға түнде түгiл күндiз де ерсе. Ол қызды мақтан еткен бүкiл Герман, Меңсiз ақ наурыздағы жауған қардан. Жанына жарты отырып кетiп қалса, Ер түгiл, әйелдер де еткен арман. Жайнаған екi бетi қызыл гүлдей, Бiр көрген ұйықтай алмас ұзын түндей. Иухана – патша уәзiрi былай тұрсын, Махмұт та ашық болған, өзiн бiлмей. Денесi жауған қардай, қарақат көз, Қас қандай, шашы сүмбiл, сондай мiнез. Жанына ер Синаның iздеп келiп, Аузынан алып жүрдi қымбатты сөз. Қыздарға ғалымды айтып мақтар едi, Олар да құлақ қойып тоқтар едi. Иухана отқа түскен көбелектей, Сыртынан патшаға айтып, таптар едi. Көпкеше жүрдi Махмұт бұған нанбай, Өзi де күйiктi деп, құлақ салмай. Күнi-түн сұлу сонан шықпаған соң, Синаға қалды бұл да мейiрi қанбай. Сұлуды Сина да өзi терiс көрмей, Кезiнде қалған емес жемiс термей. Қолында жиырма бестiң бар қызығы, Бәрi де бiтiп жүрдi перiштеңдей. Патшалық қол астында пайтағының, Ауызбен алды едi бұл айтарының. Айтса да Иуханаға нанбап едi, Кемiсi көрiнбедi байқауының. Сұлудың көркi елден ерек едi, Ақылы Аплатондай зерек едi. Иухана патшаға кеп жамандауда, Көңiлi сау қоюдан бөлек едi. Патша да бақылаумен бiлдi мұны, Татаусыз табылған соң сөздiң шыны. Синаны өлтiруге еттi ирада, Ыңғайы қапын тауып тек бiр күнi. Алуға амалы жоқ қызды тыйып, Болса да кескiр алмас тасты қиып. Оп-оңай қызды тыйып алар едi, Синадан сескенедi бойын жиып. Синаға қарамады бұрынғыдай, Аунақшып бiрде олай, бiрде былай. Сина да патша сырын бiлiптi әбден, Ғылымның құдiретiмен қарап, сынай. Шаһардан тысқа шықты мұны бiлiп, Шамасы бес шақырым келдi жүрiп. Бiр шұқыр жер бар едi қала артында, Кiрiстi бiр жұмысқа сонда отырып. Бiр шаһар таңғажайып еттi бина, Германның қаласынан үлкен жүдә. Сыртында бұлттан биiк дуалы бар, Тiл жетпес сыр-сипатын айтып, сiрә. Сырттағы дуалының сұлулығын Сипаттау мүмкiн емес мыңнан бiрiн. Ақ меруерт асыл тастан қалап терген, Келтiрген ақыл жетпес ойлап түрiн. Салынған сары алтыннан сарайлары, Iлгендей көктен төмен шар айнаны. Күмiстей көшесiнен аққан сулар, Көрiнiп көзге заттың талайлары. Кiрпiшi ақ күмiстей көшелерi, Жiбектей жұпар лебi есер едi. Суынан ағып жатқан бiр ұрттаған, Болса да қанша ауруы кетер едi. Тастардан қызыл жақұт күмбездерi, Қаланың сондай сұлу салған жерi. Арнаулы ақ меруерттен салған үйлер, Үйлерде көркем жiгiт қызметкерi. Көк күмбез мұнарасы мешiттердiң, Көз көрмей, бойы ерiген есiткеннiң. Орнаған отыз жерден базары бар, Дарбаза шынжыры алтын есiктердiң. Адамдар есебi жоқ жүрген бығып, Қаптаған бiрi кiрiп, бiрi шығып. Әскерлерi әсем, айбат өз алдына, Жүгiрген бiрi қашып, бiрi бұғып. Үй салған ғалым Сина өзiне арнап, Жайнаған гүлдер өсiп, не бау-шарбақ. Бұлттардың үстiн басқан биiктiгi, Астана алтын күмбез салған таңдап. Айдың да ар жағына кеткен бе деп, Қарасаң ойлар едiң әбден аңдап. Ағар су, әр көшеде бақша сарай, Бұлақтар жатыр жылжып тармақ-тармақ. Бiрнеше салған үйлер мәжiлiсхана, Есепсiз айтылмаған жайлар жаңа. Қаласын Махмұт Герман салыстырсақ, Жанында қышлақ едi бiраз ғана. Бiр түнде пайда қылған мұның бәрiн, Ешкiм жоқ кеше көрген бұл шаһарын. Қараса таң атқан соң герман халқы, Тамаша еттi көрiп мұндай халiн. Қарады жұрттың бәрi тамашалап, Аз емес, көп көрмейтiн оңашалап. Патша да, уәзiрлер де болды қайран, Пәстенiп көңiлдерi аласарақ. Көз көрiп кейбiр үйлер сонша биiк, Тұрғандай аңланды ойға, айға тиiп. Бұл дағы Ғалисина өнерi деп, Аша алмай ауыздарын кеттi күйiп. Орнатқан өз алдына астанасын, Көрсетiп кереметтiң бастамасын. Есепсiз сөйткенше көп әскер шықты, Қауiп еттi көрермiз деп масқарасын. Алдында бiр топ әскер пiлге мiнiп, Жақындап бұл қалаға басты жүрiп. Есепсiз ар жағында сансыз қосын, Туралап тұрды аттардың басын бұрып. Сөйткенше көп әскердiң келдi бiрi, Елшiлер сипатында түсi, түрi. Қарсы алып Махмұт патша бiр сарайға, Түсiрдi қатты құрмет жасап мұны. Елшiнiң қолын алды бойын иiп, Түйедей дөңбекшiген бүйi тиiп. Тiк тұрып төр алдына отырғызды, Құшақтап жас баладай қолын сүйiп. Отырып есендесiп төр алдына, Ұсынды Сина хатын топ алдына. Патшасы бiр уәзiрге сұнды оқы деп, Жариялап оқыды уәзiр оны алды да. Жазылған хат мазмұны екен мұндай: «Германның падишасы, мұнша жылдай Тамаша тұрып, бiраз дәурен сүрдiң, Қалған жоқ, бiттi уақытың бұдан былай. Ендiгi бiздiң кезек мемлекеттiң, Қызығын көру жолы әлеуметтiң. Сыймайды екi арыстан бiр орманға, Қалаған қиялыңа, жерге кеткiн. Сыймас бiр мемлекетке екi патша, Бiрi озбақ, екi тұлпар бәйге шапса. Табарсың мейлiң пайда, мейлiң зиян, Ерте тап жағдайыңды жанға жақса. Кет жылдам, есiң барда елдi тастап, Еркiңше ендi тұрма жердi ластап. Болмаса, қолыңа алып бар күшiңдi, Азаннан шық майданға ертең бастап». Бiтiрген осыны айтып барлық сөзiн, Қол қойған Ғалисина атап өзiн. Қайран боп шаһы Махмұт тұрды бiраз, Шомылып терең ойға, ашып көзiн. Шаһ Махмұт уәзiрлерге мынаны айтты: – Бұрынғы күштiлiктен бүгiн қайтты. Елшiге жiберейiк елшi қосып, Синаны шақырсақ, – деп ойды ұлғайтты. – Иiлсе қылыш кеспес ердiң басын, Ер бiлер құрметтесе ер бағасын, – Дедi де ақыл иесi парасатты Уәзiрiне ертiптi жар-жорасын. Бұларға айтты: – Синаны шақырып кел, Көп тарту, сый-сияпатқа байлады бел. «Қайдасың Ибн Сина шаһары» деп, Тiлептi, иә, бағым, – деп, – абырой бер. Әр жерге хабаршылар қойған едi, Олары ер Синаға хабар бердi. Шығарды қарсы алуға уәзiрлерiн, Германның жаушы уәзiрi мұны көрдi. Бiр бөлек топ әскерлер және шықты, Тәртiппен, саясатпен тыңғылықты. Алтын тәж бастарында, белде кемер, Бұлар да еттi әскерше көп құрметтi. Шаһардың елшi уәзiр көрiп түрiн, Әскердiң салтанатты байқап сырын. Iшiнен бiз ауылдың дептi адамы, Мұндайдың көрмедiк деп мыңнан бiрiн. Сонымен бiр сарайға келдi биiк, Төбесi жеткендей бар бұлтқа тиiп. Жүз атты құрметшiлер келдi және, Патшалық сән-сәулетпен басын иiп. Және де бiр майдан жер кеттi алып, Көз жетпес жер шамасы атқа аттанып. Жаңадан тағы бiр топ қарсы алыпты, Жас жiгiт, сұлу қыздар әнге салып. Сонымен енгiзiптi бiр сарайға, Жаннаттың диуарындай жақсы жайға. Айбатты палуандар оңда-солда, Ақ қанжар, алтын қылыш, асыл найза. Үстiнде алтын тақтың ақ сақалды Бiр ұлық патша отыр аса мәндi. Оң-солда он екi мың әскер отыр, Басында қалқан, бойда әм құралды. Басында тәж, тiлла кемер белiнде, Алдын жапқан ақ сақалы иегiнде. Оңда-солда палуандары құралды, Бұл суретте патшасы отыр төрiнде. Бұл пайтақтың падишалық сипаты Мың Пәридон – мың һаушаңның қуаты, Жетпегендей жүз мыңнан да бiрiне, Бүкiл дүния күш қосса да илаты. Бұл пайтақыт еш бiреудi қаламас, Теңесуге ешбiр патша жоламас. Рүстем Дастан, Сам, Нариман дегендер, Бұл патшаға қол болуға жарамас. Мұны көрiп Махмұттың уәзiрi, Қатты састы, жетпей уәзiр мәзiрi. Дегенменен тәртiбiнше елшiнiң, Әдеппенен берiлдi сый нәзiрi. Бiр тақытқа отырды бұл арналған, Тартты шербет, қымбат құрмет барғаннан. Айтатұғын мiндетiн де айта алмай, Iстiң соңын күтiп тұрды сан алуан. Айтар сөзiн тұрды күтiп айта алмай, Қайтарарлық жауабын да қайтармай. Бiр уақытта Сина басын көтерiп, Тұрған сырды еске салды байқалмай. Салмағы ауыр көп нүктелi айтты сөз, Ақыл-естi елшiсiне тiгiп көз: – Махмұт шаһқа бiзден сәлем айт, – дедi, – Бiттi уақыты, тақытын тастап кетсiн тез! Бiр аспанда айналмайды екi ай, Бiр таққа жоқ қос патшаға екi жай. Екi арыстан бiр орынға сыймайды, Кетсiн, барсын, айтқын сәлем осылай. Бiраз уақыт сүрдi дәурен салтанат, Нәпсi тоймас көрсе сонша [ол] рақат. Күш-қуаты болса аянбай тақ тұрсын, Арман етпей тақ боп тұрсын бақуат. Мынау көрген әскерлерiң түк емес, Теңiздегi бiр тамшыдан көп емес. Аман болса көрер ертең майданда, Махмұт-Сахмұт, Ахмет-Захмет гәп емес. Осыны айтып қайтарды елшi уәзiрiн, Сұлу сөзбен сүңгiп, түйреп жәзiрiн. Қайтарында кең дарбаза тар болып, Жүрегiне қақты қайғы қазығын. Келдi қайтып патшасына жiберген, Қалдырмады тапсырманы түгелден. Махмұт естiп, батты терең қайғыға, Естiп үмiт үздiргенiн көздерден. Жанып iшi, оттай көзi жайнады, Қазандағы астай қаны қайнады. Шекаралас мемлекеттiң бәрiне, Көмек сұрап көп хат-хабар айдады. Қарауынан әскерлерiн жиып ап, Соғыс сайман, күш-құралдар сайлады. Екi жүз мың жиды әзiрше қосынын, Не болар деп соңғы жағы осының. Хауарзамин хат жолдады халқына, Келдi әскерi Занкибар шаһ досының. Патша Махмұт әскерiне бұйырды, Көмекке де көп әскерлер үйiлдi. Темiр киген үш жүз мыңдай көмекшi, «Жауың қайда?» – [деп] тығып тұрды иiндi. Қолда қылыш, қанжарлары белiнде, Басын байлап бәйгi тiккен өлiмге. Батырлығын байқап мұндай Махмұттың, Күле қарап күш бекiттi көңiлге. Ғалисина әскерiне бұйырды, Пiлге мiнген, болат-темiр киiмдi. Дарияның толқынындай тұтасып, Оңай етiп қиратыңдар қиынды. Ер Синаның даяр түрлi топтары, Батырлардың қолында найза-шоқпары. Көрген кiсi ақылынан танғандай, Пiл мен керiк мiнген көлiк аттары. Екi әскер араласты тамаша, Ақылы ауып жығылғандай қараса. Шаһ Махмұттың тамам болды қосыны, Сырттан қарап әскерлерiн санаса. Қалғандарын қосты және майданға, Айқай-қиқу, асты күн мен айдан да. Ғалисина төмен түсiп тақтынан, Кiрiстi ендi ғылым құдiрет сайларға. Сол қолында қауақ жасыл тып-тынық, Оң қолына ұстап алып көк шыбық, Қан майданға таяу барып шыбықпен, Қатты соқты қолқауағын тек тұрып. Әр соққанда оннан, бестен диюлар, Ат аз борай құралымен басып жер. Соққан сайын түсе бердi қауақтан, Қайран болып таңырқапты көргендер. Қолдарында таудай темiр шоқпары, Ауызынан шыққан жалын, оттары. Мұрынынан түтiн шыққан бұрқырап, Талқандалды Махмұт шаһтың топтары. Шаһ Махмұттың сырттан қамап қаласын, Көп көзiне көрсеттi күш шамасын. Уәзiрiне ақыл қосты Махмұт шаһ: – Қайтермiз, – деп, – мынау iстiң шарасын? Айтты уәзiрi: – Адаспалық жаңылып, Өртенермiз ғылым күшке жағылып. «Әламан» деп, қолымызды көтерiп, Жоқ болармыз қарамасақ бағынып. Падишаһтың ақылы бастан дал болып, Жылы жүзбен қарағанды хал көрiп. «Әламан» деп, қол көтерiп бағынды, Арашаға тұрған байғұс зар болып. Ғалисина бағынғанын қостады, Қауақ соққан көк шыбығын тастады. Бестен, оннан қайта кiрiп қауаққа, Тапшыланып бiттi дию әскерi. Ғалисина бiр қағазға жазды хат, Қаласына қайта кiрiп ғажайбат. Махмұт шаһқа нама жазып шақыртты, «Мейман болып көрсiн» деген зияпат. Ылажы жоқ шаһы Махмұт бағынды, Қаһарлы күш қайратынан жаңылды. Уәзiрлер мен ғалымдарын шақырып, Бiргелесiп, бейбiттiктi сағынды. Бiр топ сұлу әскер ертiп қасына, Қоштасты бақ қонған бiраз басына. Ғалисина қаласына келiптi, Айбаттаған тамашасын асыра. Келiп көрдi ғылым құдiрет қаласын, Үш қат қорған зейнеттеген арасын. Ең сыртынан үлкен қандек қоршаған, Терең сумен толтырыпты әммасын. Аппақ меруерт тастан соққан қаланы, Сушыншадай iштен көрсең даланы. Болат қақпа дарбазасы қаланың, Үш жүз жiгiт қарсы алып тұр адамы. Қол қусырып қарсы алушы адамдар – Жүрiңiздер, – дедi, – құрмет, жарандар. «Бисмилла» деп, iшкерi енiп қараса, Есебi жоқ сансыз сауда базар бар. Түрлi халық толған әрбiр тарапқа, Түрлi-түрлi базар түрлi алапта. Үш шақырым жол жүргенде меймандар, Таңданыпты мас болғандай шарапқа. Себебi оның, көрдi сарай бiр биiк, Төбесi анық бұлттан әрi тұр тиiп. Бөркi түсер қарағанның басынан, Ұшқан бүркiт бұлдырап жүр қылтиып. Мың әскер тұр қарауылшы түбiнде, Бердi сәлем Махмұт шаһқа бiр үнде. Бес жүз ерден екi жаққа бөлiнген, «Қош келдiңiз, мархаба» бар тiлiнде. Дәл осындай жетi есiкке келедi, Бәрiнде де мыңнан әскер көредi. Қол қаусырып бәрi бiрдей қарсы алған, «Мархаба, дос – шаһы Махмұт!» дер едi. Сегiзiншi келдi есiктiң алдына, Әнмен, күймен дүния жүзi жаңғыра. Бұл есiктен қарсы алыпты уәзiрлер, Махмұт шаһтың ақылынан тандыра. Махмұт шаһты аттан алды түсiрiп, Ортасынан орын берiп ұсынып. Оң жағында алтын тақтың уәзiрлер Құрмет жасап, жай бергендей кiшiрiп. Сол жағында палуандар тұр темiр киiмдi, Жетпiс кезден арасы кең иiндi. Қырық аяқты алтын тақтың үстiнде, Ғалисина отыр шалқақ бүйiрлi. Ұшып тұрып Махмұт шаһпен көрiстi, Орын берiп отыруын келiстi. Тiзеге – тiзе, иiнге – иiн тиiсiп, Тәртiбiнше қолдарынан өбiстi. Тақ үстiнен тiке тұрып барлығы, Ер Синаның бұл бiр тәртiп жарлығы. Бiр-екiден шарап тартып жiбердi, Махаббаттың қызып аздап сандығы. Мұнан кейiн жайылды алтын дастарқан, Бұл белгiсi сұлу сұхбат басталған. Алтын кесе, күмiс ыдыс жайылды, Назы нығмет тола тәттi ас салған. Ғалисина жiгiттерге ұсынды, Жiгiттерi жарқын жүздi, пiшiмдi. Бiллұр сауыт, пағпур кесе шараппен Толтырылып сақыр-сұқыр iшiлдi. Дастарқанға түрлi тағам қойылды, Татып тағам, шат шараппен тойынды. Бұдан кейiн жазып және дастарқан, Тағам, шарап еселеуге бой ұрды. Келiстiре кең дастарқан жайылды, Тамаша еттi жақсы адамдар пайымды. Тау толқындай тола тағам үйiлiп, Ғұрып-әдеттен бөлек болды байырғы. Ғұрып-әдеттен бөлек деудiң себебi, Дастарқанды сонша тағам бөгедi. Тағамдардың қалың үйген бойынан, Отырғандар бiрiн-бiрi көрмедi. Болды ерекше мұның өзi тамаша, Сонша жұртқа емес едi оңаша. Он екi мың Махмұтшаның жолдасы, Көрдi ғажап бұл сипатты тым аса. Осынша адам қаншама көп алса да, Алған сайын көбеюде соншама. Болғаннан соң осынша жан iшiп-жеп, Қалды сонша, сусындары қанса да. Бұл сұхбатта таң-тамаша артылды, Көрдi қымбат гауһар, жақұт, алтынды. Алып шықты аралауға бақшаны, Деген кезде бiраз мәжiлiс сарқылды. Таңырқатып уәзiрлер мен патшаны, Аралауға жүрдi бастап бақшаны. Күмiс есiк, кең дарбаза ашылған, Көрген кезде жасарғандай жастары. Дүния емес, дептi, жаннат ұжмағы, Жұпар иiсi аңқып әрбiр тұстағы. Алтын жапырақ ағаштары күмiстен, Отыр сайрап бұтақта әншi құстары. Қызыл сары, қошқыл, күлгiн гүлдерi, Гүлдерiнiң айтып бiтпес түрлерi. Жүз мың адам кiрсе жаппай бақшаға, Кеңдiгiнен таппас бiрiн-бiрлерi. Бұл бiр ғажап кереметi мынадай, Ақыл ойға сыймас терең ұнамай. Бiрақ мұны ғылым құдiретпен жасаған, Мен өзiмше пiкiрлеймiн шыдамай. Тауыс, тоты, гүлдерiн де жырлаған, Балдай балқып, май боп ерiп тыңдаған. Бұл бақшаны қанатты атпен тауыса алмас, Саяхаттап жылдар бойы мыңдаған. Екi көлдiң шатыр тiгiп үстiне, Қала орнатса не деу керек күштiге. Махмұт патша көрiп мұны алжасты, Деп қарт жасым жиырма беске түстi ме. Тақтын құрып ойнап-күлiп отырды, Дастарқанға түрлi жемiс толтырды. Өрiк, жүзiм, алма, iнжiр, анарлар Дайын етiп, бәрiн бiрдей келтiрдi. Ибрат-үлгi ақшамғаша көрсеттi, Бәрiн де ақыл мизанына өлшептi. «Рұқсат болса қайталық» деп Синаға Шаһы Махмұт бiр ишарат сөз еттi. Ғалисина наз ғып рұқсат етпедi, Мейман болып жатқаның «құп бек» дедi. Бұдан кейiн үш күн жатты сауықпен, Бiр сағаттай болмады үш күн өткенi. Үш күннен соң және жетi күн өттi, Күн аралас, күн iзiнен түн жеттi. Жаздың жарқын жайнаған гүл түнiнде, Ғалисина бiр ишарат үн еттi. Сол сағатта өңкей әншi-күйшiлер, Сазға ойнады, әнге бастап бишiлер. Бiр тамаша болды ғажап мәжiлiс, Әйбәт, сұлу, аралас жас жiгiттер. Әншiлер қарақат көз хор қызындай, Көргеннiң көңiлi қалмас бiр бұзылмай. Айтарға баян етiп тiл жетпейдi, Болса да оқтан жүйрiк ой ұзындай. Ұласты тамашамен күндер-күнге, Таусылмай таза сауық талай түнге. Жаралған жанға аралас ұйқы тәттi, Ұйқы кеп көздерiне түнде мүлде. Тамаша таусылмады құдiреттi күш, Келсе де ұйқы көзге көңiлi хош. Бата алмай уәзiрлерi тiл қатуға, Махмұт шаһ дем алуға айтты өтiнiш. Секундта Ғалисина еттi ишарат, Тап болды қызметкерлер айтқан замат. Патшаға ылайықты көрпе-жастық, Салынды салтанаттап төсек қымбат. Арналып уәзiрлердiң бас-басына, Ылайық өздерiнше басқасына. Өздi-өзi төсегiне жата қалды, Болмады домаланып жатпасына. Ұйқыдан қалған әбден, жата қалды, Жерiнде жатқан ұйықтап қата қалды. Сөйлесем төсектердiң қымбаттығын, Ұжмақтан ап келгендей маталарды. Ұласқан ұйқы тәттi көнбей күшке, Жастыққа жатпай әр зат енiп түске. Барлығы қойдай жусап сол жатқаннан Күн өтiп, ояныпты ертең түсте. Сина да рақат үшiн кеттi босап, Көрсетпей кереметiн ғылым жасап. Оянып ертең түсте бас көтерсе, Жатыпты айдалада болып нашат. Бау да жоқ, баста көрген бақша да жоқ, Алтын да, тау боп жатқан ақша да жоқ. Баяғы қала да жоқ, дала да жоқ, Сан уәзiр, салтанатты патша да жоқ. Далада боз топырақта жатыр текке, Бұл жағдай әсер еттi әлеуметке. Көп әскер екi жақ боп соғысуда, Батырлар айқасуда жекпе-жекте. Айтарға бұл майданды емес мүмкiн, Болмайды ажыратып деуге кiм-кiм. Бiр жағы байқап тұрса өз әскерi, Аңлап есiн жиып бiртiн-бiртiн. Араға Ғалисина өзi кiрiп, Қолына қабақ ұстап, қағып ұрып. «Қауақтан, батырларым, шығыңдар!» деп, Айқайлап қышқырады қарап тұрып. Қауақты дүрсiлдетiп ұрған сайын, Шықты әскер ондап-жүздеп болып дайын. Жалаңбас, жалаң қылыш қолдарында, Майданға кiрiп жатты сондай қайым. Әскердiң жаяуына жаяуланып, Кiрiстi қан майданға таяу барып. Атты әскер аттылармен соғысыпты, Тақырлап бiткенше деп аянбалық. Құм менен көбейдi әскер құмырсқадан, Бiр-бiрiн найзаласып қылыштаған. Әскерiн герман шаһының қырды қатты, Құрғақ жер табылмапты ұрыспаған. Махмұттың қашты ақыры әскерлерi, Шыдамай қатаң тиiп дес бергенi. Кiрiптi қашып барып қаласына, Жеңiлiп соғысуды қос көрмедi. Бұл жайдың шаһы Махмұт көрдi бәрiн, Әл келмей әскерiнiң қырылғанын. Қайғысы бастан асты – қатты састы, Тiзеден өлiктердiң кештi қанын. Қылыштан жан қалмапты өткермеген, Бұл жағдай жұмыс болды еп келмеген. Иухана уәзiрiне лағынет айтты, «Тiлiңе алдандым, – деп, – жек көр деген». Иухана: – Жаңылдым, – деп айтты өтiнiш, – Апу ет, өткiздiм мен бастан бiр iс. Жолыңа жаным құрбан, тақсыр патшам, Ұсындым, мiнекей бас, ұрса қылыш. Махмұт отырғанда қаһарланып, Бас уәзiр айтты өтiнiш түрегелiп: – Я, тақсыр, Иуханаңның кеш күнәсiн, Алжасқан әлдеқалай жастық жеңiп. Басында балалықтың базары бар, Көзiнiң, көңiлiнiң назары бар. Я, тақсыр, апу етiп, кеш күнәсiн, Арманда аз болған жоқ, ажалы бар. Ылажсыз өтiнiштi қабылдады, Жеңiлмес өлтiрсе де ауыр жағы. Қаланың қалың қосын қамап сыртын, Қаһар ғып өрттей жанып дауылдағы. Жеңген жау жағаласар жан таппады, Жиналып келiп бәрi жан-жақтағы. Қолға алып жалаңаштап қылыштарын, Өздi-өзi майдандасып, қан қаптады. Бiр-бiрiн құлатса да қылыштасып, Қаланың қаптай сыртын ұрыс басып. Әскерлер қылыш кесiп құласа да, Өлмейдi және тұрып жағаласып. Биiкке, шығып халық мұнараға, Дегендей ол ала ма, бұл ала ма? Қалысты қайыл болып халық қайран. Болмаған бұрын мұндай бұл арада. Аспан-жер болды қырғын бұзылғандай, Қиямет орнап тағдыр сызылғандай. Бiр кезде Ғалисина қауақты алып, Соғыпты дүмпiлдетiп, дамыл алмай. – Кiр қауаққа, әскерлерiм, Бекерге ұят, бас бермегiн. Қауақ анаң дейдi балам, Өздерiңнiң өскен жерiң. Айтқанды естiп бiле бердi, Әскер сапқа жүре бердi. Бестен, оннан, жүзден, мыңнан Қауаққа кеп кiре бердi. Айтқан Сина жауабына, Қарап қас пен қабағына. Барлық майдан ашқан әскер Кiрiп бiттi қауағына. Ғалисина қайта отырды тағына, Барлық әскер бiттi кiрiп жабыла. Шаһы Махмұт уәзiрлерiн шақырып, Мәслихатқа кiрiсiптi тағы да. Тұрды Махмұт қапа болып қамығып: – Ақылымнан алжастым, – деп, – жаңылып. Әуелде өзiм хат хабарлап шақырып, Тұрмын мiне, өрт жалынға жағылып. Дүния жүзi қалмай тегiс келсе де, Толқын долы су боп кетер ағылып. Осыны ойлап маған бiр ой келедi, Бұқар шаһар – өзi туған жер едi. Патшасынан өтiнiш қып сұрасам, Мүмкiн, сонан болар дауа-дерегi. Бұл дүнияның ең қымбаты адамзат, Соған арнап айтсам жазып сәлем хат. Кiндiк қаны тамған жердiң патшасы, Ол тiлесе қабылданар бұл мақсат. Бар едi бiр уәзiрi ақылы асқан, Күндерде екiталай ақыл қосқан. Милат деп ат есiмiн атар едi, Үлгi алып көп жұмыспен араласқан. Орнынан Милат уәзiр түрегелдi, Былайша патшасына айтады ендi: – Шақыртып алдырумен сый орнына, Азарлап қорладыңыз асқан ердi. Көңiлiн қалдырдыңыз асқан ердiң, Теңi жоқ бұл дәуiрде кемеңгердiң. Бұқар мен Мысыр шаһар патшаларын Тәнтi ғып, бас игiзген оны көрдiң. Олардың қиссасы мен дастандарын, Өткiзген уақиғалар бастан бәрiн. Азғырған әркiмдердiң тiлiне ерiп, Бұл майдан сонан шығып басталғанын. Сондықтан ала алмайсыз оны күшпен, Азамат ол кемеңгер, бақыты үстем. Бiрақ та Иуханаңды алдырыңыз, Тоқтатсын, болса да оны қай түрлi iспен. Отына тоқтау тапсын өзi жаққан, Ағуашыл улы айдаһар сiздi шаққан. Өз басын аман сақтап ол кесапат, Асырды әламатын мәмлакаттан. Батырды уәлаятты қызыл қанға, Аяулы, әсiресе, сiздiң жанға. Бәленiң ашқан кiлтiн – жапсын өзi, Болмаса, болсын құрбан бүгiн таңда. Баласы Iбiлiстiң Иуханаңыз, Шын қарап әдiсiне берсек маңыз. Қызғаншақ, мансапқұмар, бақ-бәсеке, Ол шайтан, күн дұшпаны күншiл нағыз. Келтiрттi сол мәжiлiске Иухананы, – Өрт салып жандырдың, – деп, – сен қаланы. Өртiңдi өзiң жаққан өзiң сөндiр, Хан менен қамқорға алып бұқараны. Болмаса бас бересiң өзiң өлiп, Отырсың қырылғанды көзiң көрiп. Отыңды өзiң жаққан сөндiр өзiң, Екi iстiң бiрiн қала – өзiңде ерiк. Бiреуi мықты екi iстiң – соғысты тый, Ет ырза ер Синаны бергендей сый. Болмаса жанған отқа өртенесiң, Жай тауып жарандарға жаныңды қи! Иухана зар жылады қол қусырып, – Мен құрбан, құлыңыз, – деп мойынсұнып. Мiнезiн ұнамаған айттым рас, Дегем жоқ жұртты қырсын қырғын қылып. Ол рас бұған ешкiм келмейдi тең, Жиналып дүния халқы таппайды ем. Ей, тақсыр, шыбын жаным қалсын аман, Кешiңiз, бұл теңiзге не болам мен? Махмұттың мұны естiп қаһары келiп, Қудырды iштен сыртқа қорлық берiп. Өтiндi ендi Милат уәзiрiне, Бұл iстi тынамыз деп, қалай жеңiп. Айтыпты көп iшiнде Милат уәзiр: – Ей, шаһым, көрмесiн жұрт жаза-жәзiр. Сол қызды жақыныңыз ағасымен Мәжiлiске келтiрсеңiз етiп әзiр. Бақсаңыз кеңшiлiк қып ыстық жүзбен, Құрмет қып қарсы алсаңыз тәттi, тұзбен. Алдырып Ғалисина хакимдi де, Келiсер дедi сонда өзiңiзбен. Ей, тақсыр, жақсы адамның орыны бөлек, Тазартып, татау қоймай, бiлсек елеп. Былғайды жаман ауыз жер-жаһанды, Болғандай дүния жүзi дөп-дөңгелек. Артылмас өзiңiзден өрнек ақыл, Жақсы адам жақсылықтан емес ғапыл. Оқыған жарық дүния күн шұғылалы, Қараңғы бiлiмсiздер деген нақыл. Мен ендi айтып болдым айтарымды, Жауабым сауалыңа қайтарылды. Белгiлi Ғалисина әмма әлемге, Барлық сыр өзiңiзге байқалынды. Бұл сөздi шаһы Махмұт қабыл алды, Көңiлi мақұл тауып дамылданды. Шақыртып қыз ағасын заматында, Синаға адам қосып мұны салды. Жөнелдi хабарлауға бұлар барып, Бiрнеше қымбат баға тарту алып. Алдынан адамдарын шығарыпты, Құрметпен Ғалисина хабарланып. Енгiзiп мархабалап қаласына, Кiргiзiп мейман күтер ханасына. Зияпат неше алуан көрсеттi сый, Танытып сан тамаша санасына. Бұларды еттi мейман бiр күн, бiр түн, Қандырып қанағатқа iшi-сыртын. Таң атқан тамашаның ерте күнi, Бiлдiрдi мақсатының ашып кiлтiн. – Болсын деп шаһы Махмұт сiздi мейман, Қарсылық қайсарлықты қатты тыйған. Шақырып шәрiмiзге – арнап келдiк, Ер ғалым Ғалисина, шексiз илан. Бұл сөздi Ғалисина алды қабыл, Баруға дайындалды анық, кәмiл. Саясат-салтанатпен жүрiп келдi, Алдынан қарсы алыпты қағып дабыл. Уәзiрлер сай жасады қолайына, Түсiрдi салтанатты сарайына. Қарсы алып шаһы Махмұт Сина ердi, Танысты адамдардың талайына. Синаның қанат жайып алды қолын, Шын көңiл кедергiсiз берiп жолын. Отырды орын алып тақытынан, Кең тастап меймандарға оң мен солын. Синаға Махмұт патша айтты күлiп, Наз етiп шын жүректен құлдық ұрып: – Иә, Сина ғалым, хаким, сiзге өкпем, Кетпейiн шындық сырды сiзден жұмып. Iс еттiң дос боп жүрiп қастық қылып, Бойыңа жүргеннен бе жастық мiнiп? Синажан, бiздiң ықылас өз қолыңда, Бұл сөзге айтшы жауап ойнап-күлiп. Осынша себеп болды төгуге қан, Қырылып топырақ болды бiрталай жан. Кемпiр-шал, жас балалар қалды жетiм, Жесiр боп жас әйелдер, болып сарсаң. Бұл сөзге Ғалисина салып құлақ, Махмұтқа жауап айтты сүйiп тым-ақ: – Ей, шаһым, бiзден емес, кiнә сiзден, Мойынға алар болсаң мұны бiрақ. Қидыңыз өлiмге де бiздiң басты, Үстiнен лайық деп жердiң асты. Қымыз бен қыз көптiкi емес пе едi, Басы бос қорығыштап жiгiт жасты. Өзiңiз – қан төгуге болған себеп, Ғайбат пен өсек сөзге ерiп бөлек. Сондағы сенiмi жоқ мен болыппын, Сенiмдi басқалардың бәрi керек. Қалмады бес тиындық менде қадiр, Қанiшер, жауыздарша жасап жәбiр. Өзiңiз қан төгуге ашқан жолды, Маған да жан аямай сайлап қабiр. Не керек, ырзаласты сол мәжiлiсте, Өткен iс ол өзiнше жанса-пiссе. Сонымен бiрнеше күн мейман болып, Шат болды, көңiлдерi шығып өске. Өткiздi бiрнеше күн сұхбат құрып, Құрметпен бiр-бiрiне құлдық ұрып. Махмұтты «мейман бол» деп шақырыпты, Бас иiп Ғалисина тiке тұрып. Махмұт махаббатпен қабыл алды, Еш етпей уағда ғып ертең таңды. Есен бол ертең таңнан қалмаңыз деп, Махмұт қаласына кетiп қалды. Иухана амал-хайла қапшықтарын Қалдырмай, қан майданға тас қып бәрiн. Махмұтты және азғырып айналдырды, Ылаждың асқан ағуа паш қып бәрiн. – Сұлтаным, барма, – дедi – тiлiмдi алсаң, Айтқаным жаным ашып мұным нансаң. Сөзiнде сенiм болмас сиқыршының, Қауiп те, қатер де көп оған барсаң. Жоқтан бар соққан сиқыр қаласы да, Ғажайып аспан жердiң арасына. Рақымсыз сиқыр, тылсым – сенiмi жоқ, Тайсалмай дайынсызға барасың ба? Есебiн тауып сiзден қаланы алмақ, Ойласаң жасағаны амал аңдап. Бұл сөзге Махмұттың басы айналды, Оп-оңай ойлап тұрса өлiп қалмақ. Тұрғанда қайыл болып, қалып ойға, Жүк артып ауыр салмақ салып бойға. Махмұтқа Милат уәзiр ақыл бердi: – Ей, тақсыр, абыройды анық ойла. Қайтқаның қапелiмде мұның қалай? Ғалым ол сiздейлердi көрген талай. Бiр тиын патшалықтың құны оған, Егер ол шыбыннан да өлтiрсе оңай. Алданба әлi де, Махмұт, айдалаға, Иухана сiзге жұлдыз ай бола ма? Не қажет ол кiсiге уәлаятың, Дүнияны бүкiл берсең айнала ма? Ұждансыз, адам емес Иухананы, Бояған қызыл қанға бұл қаланы. Ай қылып бетiңiзден айырмайсыз, Алтынды сәулеңiздей айнадағы. Бұл сөздi қайтып қалды есiткен соң, Ұят деп айтқан серттен кешiккен соң, Аттанды Ибратнама қаласына, Бiрер топ әскерiмен жөнелдi оң. Бұларды Ғалисина кәмiл бiлiп, Тақтында отырмады дамыл қылып. Салтанат сарбазымен қарсы алыпты, Құрметпен түсiрудiң қамын қылып. Оның жоқ жұмысында ешбiр ағат, Синаның ойлағаны – бейбiт абад. Жүргiздi әскерлерiн салтанатпен, Ортаға ап үлкен жолды екi қабат. Махмұт ортасымен келе жатты, Бұлар да солдатымен салтанатты. Жеткенде бiр-бiрiне жақындасып, Үндерi сәлемдестi шығып қатты. Әскерлер «Ассаламуәлейкум» деп, Бiр-бiрiн құрмет жолда қабылдап көп. Синаның Әбуғали әскерлерi Қайтарып қарсы алыпты махаббат леп. Жақындап Ибратнама қаласына, Ерлердiң шаттық толып санасына. Бұрынғы таң-тамаша бiрi де жоқ, Көз салса әрбiр iстiң саласына. Бұрынғы алтын тәждi бақташылар, Алтыннан дарбазада қақпашылар. Гүл жайнап, тұрған түрлi бұлбұл сайрап, Орнымен iзi де жоқ бақшашылар. Iлгергi бiрi де жоқ тамашаның, Жапан түз сахарасы оңашаның. Орманды, таулы-тасты, соралы сай, Адасып өлетiндей қаласа кiм. Махмұт пен жанына ерген жолдастары, Әскерi, қосынбасы, қолбастары, Батпаққа батып атпен жығылысып, Ақылдан қайран бопты алжасқаны. Таң болып «бұл қалай?!» деп тұрысыпты, Халайық қабақтары тырысыпты. «Бара алмай қайтамыз ба қалаға?» деп, Әр түрлi сөздер айтып күлiсiптi. Синаның сап байлаған қосындары, Қарсы алып құрметтеген осындағы. Жұмбақтай түйiнi жоқ жым боп жатқан, Белгiсiз iз-құзы жоқ ашылмады. Жолынан адасыпты жатқан шалқып, Орманға ор қояндай жортқан аңқып. Ұйытқыған күзгi желдей нам-нышан жоқ, Жөнелдi қаласына кейiн тартып. Көрiнген көздерiне қала болып, Қазiрде жоққа айналды дала болып. Ғажайып, бұл қалай [деп], қалды қайран, Естерi ауысқандай шала болып. Германның қаласына кiрдi қайтып, Әр түрлi әрбiреуi сөздер айтып. «Синаның бұл мысалы – Ибратнама», Десiптi қариялары гәптi ұлғайтып. Дүния бiр бұл мысалы, түскен сәуле, Қазiр бар, қазiрде жоқ еткен әуре. Бүгiн бар, ертеңге жоқ сиқыр қиял, Ұқсаған жын мен шайтан, перi, дәуге. Қарарсыз дүнияның мысалы осы, Бiреуге бар, бiреудiң дұшпан – досы. Машақат дегенiмiз – қазiр рақат, Қайғылы iс – бiр кездерде көңiл хошы. Дүния кейде судың сағымындай, Кей кезде биiк құмның шағылындай. Жыландай иреңдеген кей кездерде, Бар болса қалған кейде табылынбай. Дүнияның бiр мысалы көрген түстей, Жоқ болған қапелiмде жемей-iшпей. Бiрде бал, бiрде заһар нақыштаған, Жүрсек те қысы-жазы аттан түспей. Ғалымның бұл нұсқасы бiзге сабақ, Дүнияның ишараты тартқан табақ. Шаһ Махмұт шаһарына барып кiрдi, Бақытым болмаса деп бастан талақ. Сонымен қаласына келiп кiрдi, Мәслихат басын қосып, мәжiлiс құрды. Бар болса ер Синаны табыңдар деп, Қызметкер ерлерiне тез бұйырды. Қарады iздеушiлер ойдан-қырдан, Жапан-түз қалдырмады қыр мен сырдан. Дерексiз ешбiр жерден таппаған соң, Қалай да құтылдық деп, шүкiр қылған. Атырапта iздемеген жер қоймады, Тау-теңiз, шөл-биабан, қырды-ойларды. Ендеше нам-нышансыз құрыпты деп, Болыпты сергiгендей бiр бойлары. Өзiнше Махмұт патша қала берсiн, Тасқындап тақытына қона берсiн. Махмұтты әскерiмен қойып кетiп, Ол өзi қайда барды, сөзi келсiн. Махмұтты шақырса да өзi бастап, Тау-тастың арасына кеттi тастап. Бес тиын патшалығың дегендейiн, Бастарын масқараға қойды жастап. Мұнан соң Ғалисина былай еттi, Басқа бiр уәлаятқа бұрып беттi. Дүнияны тамашалап, кезiп бәрiн, Хамадан шаһарына барып жеттi. Халыққа сол қалада қадiрлi адам, Ғабдолла ат-есiмi – шайхы Хамадан. Құлаған махалласын ұсталарға Түзетiп жатыр екен нақ сол заман. Жанына Ғалисина барғанында, Назарын бiр-бiрiне салғанында, Синаға шайхы Ғабдолла дептi былай: – Бiзбенен махаббаттас болмадың ба? Қайтарды мұндай жауап сонда оған: – Мен сiзбен бейтаныспын жәзiр заман. Ерден ер бiр қымбатты iс көрмейiнше, Бас иiп бағынар ма адамға адам. Синаға шайхы Ғабдолла дедi тұрып: – Таныған кiсiлер көп, бiздi бiлiп. Көпшiлiк ықылас еткен бiз ағаңбыз, Өзiңдей халық тұрған мойынсұнып. Айтты сөз тағы түрлi сөзге қосып, Синаның сауалының бәрiн тосып. Бiлгендей шын қымбатты кiсi екенiн, Сол ерге бала болды алтын бесiк. Синаны күтiп, сыйлап еттi мейман, Дос болды жан аямас басын қиған. Үлкейдi Ғалисина бұл шаһарда, Бойына құдiреттi күш ғылым сыйған. Аурулы, жазылмайтын адамдарды, Лұқмандай тәбиб болып қолына алды. Алдына келген кiсi сақаттанып, Жетпесе шын ажалы аман қалды. Iлуде бiреу болды жазылмаған, Ажал жай аман қалды қазылмаған. Берiптi бар өмiрiн тәбибтiкке, Жiбермей жаны барда жазымға адам. Тастапты үлкейген соң бәсекенi, Кiмнен де болса, үлкейсе, жас өтедi. Доқтырлық көп кiтапқа ие болып, Өзiне бүкiл елдi дос етедi. Кейiнге көп кiтаптар кеттi тастап, Ғалымдар бiлсе керек мұны растап. Кiтабын Қазан баспа тауып алып, Аудардым өлең етiп мұны қостап. Баласы Ғабдiнасыр Ғабдiқайым, Бiрiншi авторы екен еткен дайын. Аударған арабшадан татар тiлге, Аңласам ар жағынан етiп пайым. Жылында мың сегiз жүз алпыс тоғыз, Жазыпты Ғабдiқайым ашып лебiз. Аудардым мен де мұны қызық санап, Ғылымды күштi санап, терең теңiз. Дүниядан өткен ғалым неше түрлi, Қымбатты сұлу сырлы, сегiз қырлы. Синаның өлiмiнiң турасында Қабiрi қайда екенiн мәлiм қылды. Данышпан жаһан асқан Сина ғалым, Нелер күштi патшаның жеңген бәрiн. Өзiнiң өмiрбаян кiтабында Бiлдiрген ең ақырғы өлiм халiн. Ғажайып мадақ-мақтау көпшiлiгi, Хамадан қаласында деген мұны. Қабiрi «Абат» деген махаллада, Өлi емес, шалажансар, дейдi, тiрi. Бiр кiсi саяхатшы Балқи деген, Батысты аралапты шығыс пенен. «Тақин» деп ат қойылған қала бопты, Самарқан арасында Бұқара мен. Сол жерге Ғалисина қайтып келiп, Отырған өлгенiнше мекенденiп. Самарқан қаласының оң жағында Екi үлкен [күмбез] жасапты зейнет берiп. Жасапты мәрмәрлап асыл тастан, Айтқанда биiктiгiн – ашық аспан. Рүстем садағынан атылған оқ Жетпейдi жарымына шын-растан. Бұдан да айтар болсақ анығырақ, Ұшқыр құс ұшар болса шын шыңырап. Күн шыға ұшар болса, күн батқанша Сол таудан аса алмайды деген бiрақ. Арасы екi күмбез бiр кең майдан, Мақтаған айрықша атап әрбiр жайдан. Жасапты сол майданнан ұлы мектеп, Бөлмесi үш жүз алпыс қанат жайған. Сыйысқан әр бөлмеге елу бала, Тамаша сұлулаған оны және. Сұлулық сәулетiне көз тойынған, Әр пәннен алды оқыған бiлiм, сана. Бәрiне Ибн Сина сабақ бердi, Даярлап түрлi пәнге талапкердi. Таратты кең дүнияға ғылым нұрын, Денсаулық сақтау жолға қанат кердi. Синаның жетпiстерге жасы жеттi, Көшесiн қызықты өмiр басып өттi. Өтерiн бұл дүниядан анық бiлiп, Данышпан бұған да әдiс ашық еттi. Ойлады оқығанда мұнша ғылым, Өлiмдi сүймептi ол да жетсе бiлiм. Мүмкiнiн әл жеткенше қарастырды, Ажалдың жоймақ үшiн арғы түбiн. Әуелi жасайын деп өз басыма, Өзiнен өлiм жеңiп өз басына, Тағдырдың тайталасқан тапсам кiлтiн, Халықтың қарайын деп көз жасына. Мұнан соң ажалға айла қарастырды, Тағдырға тапса амалын таластырды. Амалдан ажал шiркiн хайласы асып, Тапжылмай тағдыр тауы адастырды. Мектепке жасап қойған таяу монша, Шын атын «Хаммам мазар» дейтiн сонша. Бұзылып қалған жайды қайта түзеп, Тақ тұрды бiрталай жан бұған қанша? Жасапты жетi жұлдыз төбесiне, Жетi ыдыс жасады оның өресiне. Қасиетiн жетi ыдысқа қосты үркердiң, Бiлiммен сақтап таза оны есiне. Ғылыммен жетi ыдысқа дәрi толды, Өлгенде жан енетiн денесiне. Жасапты және қалып өзiне өлшеп, Мәрмәр, меруерт тастан бөлшек-бөлшек. Қолға – қол, аяққа – аяқ, басына – бас, Мүшеге тегiс жеткен айта берсек. Тапсырды шәкiртiне бәрiн соның, Жамас хаким дер едi есiмiн оның. Бағдатта туған жерi, сенiмi асқан, Бiрлесiп көп сапарда жүрген жолын. Синаға оқып шәкiрт болып едi, Бiлiмi көп шәкiрттен толық едi. Жамасқа сол дәрiнiң бердi бәрiн, Көңiлiн соған толық берiп едi. Оқыған бар ғылымнан хабары бар, Жасайтын түрлi жолмен амалы бар. Ғылым хикмат, ғылым тәбиб, ғылым һәндаса, Ихпадан, кимия, симия алғаны бар. Жамасқа тапсырыпты бәрiн қолмен, Жұмса деп дәрiлердi түрлi жолмен. Осындай есеппенен iс ет дептi, «Ұзамай болар маған ажал келген. Ешкiмге әшкере етпе өлiгiмдi, Орында менiң ақтап сенiмiмдi. Алжаспай дәрiлердi жұмса тегiс, Ұстаздан алсаң мақтау орыныңды». «Мақұл» деп қабыл алып идi басын, Мүлтiксiз орындауға уағдасын. Көз жұмып ғалым Сина өлгеннен соң, Қолға алды Жамас хаким тапсырмасын. Қасына өлгеннен соң өзi келiп, Ешкiмге хабарламай болып берiк. Бiр затпен келi сипат түйдi өлiктi, Жаныштап ұнтапты әбден, ынта бөлiп. Қазанға қайнатыпты бұдан кейiн, Аянбай iске кiрiп, бөлiп зейiн. Қайнауы жетiп әбден, суытыпты, Айтылған шарттарына етiп бейiм. Иленiп қан жүргендей қамырланып, Шыншаның құйды бiрiн қамырға алып. Көзiне жылы ұшырап көрiнiптi, Қан жүрiп тарағандай тамырланып. Көңiлiне кiрдi сенiм мұны көрiп, Қалыпқа тағы салды алып келiп. Мәрмәр қалыбына толды дене, Бейнесi адам түрi секiлденiп. Жақсылап айтуынша жөндеп тағы, Дәрiсiн орындапты шыншадағы. Салмақпен сабыр етiп сақтап қырық күн, Түк, сүйек пайда болып, бiттi бәрi. Дәрiнiң шыншадағы тағы бiрiн Құйғанда айнығысыз адам түрiн. Көрiнiп тiршiлiктiң барлық сиқы, Бiлдiрдi сауығудың түгел сырын. Тағы бiр жұмсағанда ыдыстарды, Дем шығып көзiн ашып тыныс алды. Бетiне шәкiртiнiң тура қарап Шығарды «бәриз» деген дыбыстарды. Және бiр «құй» деген сөз «бәриз» деген, Талабы тiрiлудiң қамын жеген. Дәрiнiң ендi қалған бiрiн құйса, Дүнияда мәңгi тiрi жүредi екен. Жетi ыдыс жасалынған моншадағы, Жұлдыздан алған әсер мұның бәрi. Қырық күндей ер денесiн тәрбиелеп, Жақсылап жамнан алып жақты дәрi. Әрбiр жам бiр жұлдыздың мысалында, Бейнелеп ескi жолмен айтқан мұнда. Күш берер жетi жұлдыз нәрестеге Ананың жатқанында құрсағында. Сондай-ақ бұл жетi ыдыс моншадағы, Жұлдыздай қызмет етер деген бәрi. Құрсақта жатқан бейне нәрестедей Жұмылып, жұлдыз мысал септi дәрi. Айтқандай ғалым Сина ашты көзiн, Тiрiлiп кететiндей бiлдi өзiн. Жамастың көңiлiне кiрдi пiкiр «Бәриз» деп есiткенде айтқан сөзiн. Ойлапты тұрса қазiр Сина ғалым, Шүһрәтi хабарлантқан халықтың бәрiн. Келетiн менiң бақыт кезегiме, Кес болып, бермес бедел ықтиярын. Кiм тапқан дептi өлген соң тiрiлмектi, Тоқтатқан тағдыр еткен құдiреттi. Мiне, ендi тағдыр кiлтiн тапты Сина, Етпестей дүнияда ешкiм күмән-шектi. Сенiмдi сондай ғалым шын шәкiртi, Жетiншi шыншаны ұрып жерге төктi. Қиратты жетiншiнi ұрып тасқа, Дәрiнi жұмсап едi одан басқа. Көзге еш көрiнбейтiн еттi Жамас, «Бәриз» үн естiледi айтқан баста. Осындай болып бiткен ақыр халi, Растан айтқан әркiм мұны тағы. Жиһанкез Балқи менен Саид Жақия Анықтап, жақсылардың айтқан бәрi. Барғанда жиһанкездер Самарқанға, Барыпты мазар монша, ол хаммамға. Тұрыпты «бәриз-бәриз» естiлiп үн, Барғанда саяхатшы сол заманда. Самарқан қаласының оң жағында Жайы бар «Мазар хаммам» деген сонда. «Бәриз» үн естiледi, көрiнбейдi, Естiлмес, монша толса көп адамға. Қалғандай есiткендер ғажап таңға, Есiмi қалды өлсе де жер-жаһанға. Ғылымменен көрiнбейтiн еткен көзге Қиссасы жеткен ердiң бұл заманға. Шәкiртi өзi оқытып сабақ берген, Сенiмiн адалдамай, садақ керген. Қолынан шынша түсiп сынды дейдi, Аңдамай аттанғанда аяқ жерден. Осындай бұл туралы бар көп нақыл, Сондықтан айта алмадым анық батыл. Бiрақ та өлiм жөндi Ибн Сина, Тамаша таң болардай тапқан ақыл. Өлiмнен құтылмапты адам қашып, Құтылса жан жолар ма аяқ басып. Құйғанда бiр шыншаны тұрмас па едi Бермесе Жамас шәкiрт есiк ашып. Дүнияның қызығына түсiне алмай, Айып етiп жүрмеңiздер айтсам асып. Жылында мың тоғыз жүз жиырма екiншi, Бiр рет жазып едiм етiп машық. Бiрқатар жылдар өттi одан бермен, Жоғалтты бiр жiгiтiм қолдап берген. Еш етпей сол еңбектi жаздым тағы, Сол жылғы ұл отыз алты жасқа келген. Арабтың әрпiмен ат-есiмiмдi Жұмбақтап жазған едiм етiп сырлы. Қуаныш Баймағамбет ұғылы болып Жазып ем аяғында айтып жырды.
English
This language variant is not available
This language variant is not available