Kazakh
Бақтияр қиссасы
Сөйлесем, тiлiм, сенiң дүлдүл шағың,
Бұйрықсыз кiм алады кiмнiң бағын.
Жамағат, құлақ салып тыңдасаңдар,
Сөйлейiн Бақтиярдың бiр бұтағын.
Олар бiр артық туған жан екен ғой,
Өкпесiне жазылған дана екен ғой.
Бақтиярдың әкесi, әй, жамағат,
Азатбақыт дейтұғын хан екен ғой.
Тұсында шықпапты адам жарлығынан,
Қатайса жұрт тiтiрер тарлығынан.
Кәпiр де, мұсылман да тырп етпейдi,
Қайтпаған қалың бақтың барлығынан.
Қатайса жұрты даяр тiтiрерге,
Айлықты үйде ауызбен бiтiрерге.
Әмiрi сондай адам болса керек,
Залымды күшi жетер жiтiрерге.
Жеттi осындай дiн тағылым сұрғанынан,
Залымды шорт бауыздап ұрғанынан.
Айына дiлдә берiп күзеттiрдi,
Жүз азамат кетпептi қорғанынан.
Көп болысар көңiлдiң қаяуына,
Тiптi де жоқ залымды аяуына.
Мың кiсi бiр бұрышында сөйлеседi,
Қорғаны шалқар күндiк жаяуына.
Iнжуден қалатыпты керегесiн,
Халқына жайды дiнмен ережесiн.
Бiр түрлi асыл әкеп орнаттырды,
Алыстан болжаймын деп терезесiн.
Болжады үйде отырып айлығынан,
Жеттi қолы көңiлдiң жайлығынан.
Бек қиыннан қылынып жатқан жоқ па,
Мұның бәрi баяғы байлығынан.
Кетпептi ғұламалар тақ қасынан,
Кешке өрiп тарайды екен бақшасынан.
Жұртқа жүзiн көрсетiп, жарлық айтып,
Қырық күнде хан шығады қақпасынан.
Бар жұртқа түгел көзiн салады екен,
Хан шықса-ақ екi-үш қоршап алады екен.
Қайбiрiне жылқыдан қайыр берiп,
Мүсәпiрлер қарық болып қалады екен.
Хайранын пақыр, төре қажет қылып,
Халқында болмас биттей мазақшылық.
Зынданын өзi барып аралайды,
Қайбiреуiн он тұтқыннан азат қылып.
Осындай iстейдi екен орныменен,
Жан-жаққа жайылды аты сомыменен.
Әскерiн халифадан кем етпейдi,
Ыңғай дүлдүл мiнгiзген пормыменен.
Шаһардың қисабы жоқ, бәрi әскер,
Молдаға айтты: – Дiн үйрет, бәрiн басқар.
Жүруi мен тұруы бәрi сағым,
Дағыстанша* қайралған кәрi-жастар.
Патшаның залымдарға қатал басы,
Дiн үшiн сабақ оқып жатар жасы.
Сексен мешiт орнатқан қаласы бар,
Бәрiнiң бөлек-бөлек махалласы.
Оқуы балалардың өңшең араб,
Қызметке алар отызға келсең жарап.
Тозаң басып шаһары көрiнбейдi,
Әскерлер һәр қақпадан жүрсе тарап.
Осындай дәурен сүрген бұ басында,
Жамағат, мұны тыңдап ұғасың ба?
Айтуы қай патшадан бiр кем емес,
Әскерiн тексер[ер] ай, жұмасында.
Сенгенге қайыры мол саясының,
Жолы айлық шаһарының аясының.
Қызметкер бұйырылған олар тұрған,
Мiнгенi ыңғай тұлпар даяшының.
Ал сонда бiр уәзiр шықты жастан,
Оған да дәулет санап бiттi бастан.
Iш пен тысы осы болды, – деп айтады,
Падишадан кейiнгi хүкiмi асқан.
Келедi жұрт алдына жапырылып,
Патшаға жолығады шақырылып.
Ханнан соңғы уәзiрлер тiтiрейдi,
Шаһардың iшi-тысы сапырылып.
Кеңiдi жылдан-жылға уәзiр байып,
Пақырды о да күттi нәзiр жайып.
Падишамен екеуi тым-ақ тату,
Iс қып тұр бойдарына әзiр лайық.
Уәзiрi бек малданды балаланып,
Қазынасын орнатып қалаланып.
Алыс пенен берiске көз жетпейдi,
Тозған жоқ тән мен көңлi алаланып.
Уәзiрде бiр қыз туды тым-ақ сұлу,
Болмайды жүзiн өлшеп жауап қылу.
Байқаса, падишаға дерт секiлдi,
Оңай екен бақ қайтса шын апшылу.
Ол қызға һәркiм елшi салсам дейдi,
Болмаса бiр сөйлесiп қалсам дейдi.
Көргеннiң көзi жылап, көңлi босап,
Әттең, осыны алсам дейдi.
Сағымы шығар қыздың үйден жарып,
Ғашықтар тентiреген өңкей кәрiп.
Ең аяғы қолына су құйсам да,
Қызметкер болсам дедi-ау мүлдем барып.
Көрген жан сағымына болды ғашық,
Қыздың дертi кеуденi толды басып.
Бар әскердiң көңiлiн ерiтедi,
Амал не, жiбермейдi жолын ашып.
Жатады қыз сарайда жеке барып,
Сағымы терезесiн кетер жарып.
Қолында дәнеме жоқ, шаршап болды-ау,
Байы да, пақыры да бекер арып.
Ол қыздың нұры әлгiндей, аты Жамал,
Соғады терезеден салқын самал.
Бiр сағат жүзiн көрiп тұруына,
Қайтсе де табылмады-ау халқына амал.
Сарайы бар гауһардан түзеттiрген,
Адам жоқ көрмек үшiн iздеп кiрген.
Әкесi кiмде-кiмнен қауiп қылып,
Қырық қыз нөкер жалдап күзеттiрген.
Уәзiр қырық қызды ақылады,
Үйдiң сыртын биiктеп сатылады.
Алмақ тұрғай, көруге дымы құрып,
Iштi, тысты күзетiп бақылады.
Түп үйге қызды апарып тығады екен,
Сағыммен-ақ мас қылып шығады екен.
Көшенiң адамдарын көрмек үшiн
Жұмасында қақпадан шығады екен.
Шықса да жанға көңлiн салмайды екен,
Сөйлесiп адамнан тiл алмайды екен.
Мiне, бүгiн көшеге қыз келед деп,
Екi аяқты адамзат қалмайды екен.
Тым артық қып айтады жаннан нұрын,
Әлi адам жоқ ауызға алған нұрын.
Жаяуды атты басып өлтiргендей,
Әйтсе де көрмейдi екен ханнан бұрын.
Көрген жан ие болмас тағатына,
Өлшеу жоқ және қыздың бағасына.
Он екi болған шақта жөнеледi
Қарай-қарай тұрад та сағатына.
Қайтарда жұрт есiрiк боп қалады,
Қай байғұс тiл қосуға оқталады.
Алқынған азаматта ақыл бар ма,
Ерiңкiреп келедi де тоқталады.
Қайтқан соң тоқтамайды мойын бұрып,
Пақырын жырғатады тойындырып.
Түсiндей боп көрiнiп бiр кетедi,
Бар қаланың ақылын жойылдырып.
Бұл қыздың сипаты асты мың мен саннан,
Заты артық тұрғысында жүрген жаннан.
Бала да, уәзiр де тұра тұрсын,
Азырақ сөз тыңдаңдар ендi ханнан.
Қыз жүзi жұртты бұлай бұратұғын,
Ылаж не, жүрек жалмай тұратұғын.
Падишаның сейiлi болмасын ба
Қырық күн қырда жатып құратұғын.
Ал шығарда қылады үлкен сауық,
Далақтап, шаһарды өрлеп қуад шауып.
Алтынды ақ арбаға қыз мiнедi,
Ақ атлас арғымаққа перде жауып.
Қырық күн аралайды қала халқын,
Жерi қоңыр, күзi және салқын.
Беретiн молдасы бар, пақыры бар,
Қазынадан шығарып алады алтын.
Сән үшiн һәр асылды тiзiп алды,
Падиша айтты: – Аяма бiздiң малды.
Дағуалылар жиылып болып едi,
Жалғыз-ақ уәзiрдiң қызы қалды.
Патша айтты: – Мен жебедiм, сендер келдiң,
Көремiз тамашасын нелер елдiң.
Бiзден бұрын талай хан өтпеп пе едi,
Қызығын тауыса алмағай дүние елдiң.
Жұртым, сен тұттың менiң пәрманымды,
Көрдiң бе қысқа бұзып жарғанымды.
Осы жерге уәзiрдi келтiрiп бер,
Айтайын көңлiмдегi арманымды.
Барады екi уәзiр жарым ханға:
– Жұртының алып жатыр бәрiн санға,
Падишаң керек қылды, тез жүресiң,
Бұл жерде сөздi түгел арылтам ба?
Тоқтасаңыз, көп бөгеу жолымызға,
Шабамыз тағы оң мен солымызға.
Келгенше қалған жұрттың бар сұрағын
Күз жазып берем, – дедi, – қолыңызға.
Сонан соң уәзiр келдi патшасына,
Отырды тiзелесеп тақ қасына.
Жұртына ханмен бiрдей күтiледi,
Оның да қонғаннан соң бақ басына.
Патша айтты: – Барамын өзiм былай,
Болған жоқ, уәзiр, сенiң сөзiң ала-ай.
Қалған жұртты қағаздап саған берем,
Пақырдың жас болмасын көзi жылай.
Жақсы естi пақырыңның базынасын,
Теңелдi ақылың мен әзiр басың.
Уәзiрге есептетiп жазып бердi
Таңбасын, тағы ұстатты қазынасын.
Күте тұр мен келгенше қалғаныңды,
Өзiңе қаратарсың жалғаныңды.
Сен сөкпесең айтайын деп отырмын,
Тағы да бiр көңлiме алғанымды.
Уәзiр айтты: – Бiр күнгi кеңес шығар,
Әзiр бой жоқ сiзбенен теңеп шығар.
Төрт түлiкте бар болса немдi аяйын,
Сұрауыңыз тiптi адам емес шығар.
Патша айтты: – Қарауыл сөзiңде бар,
Жүк көтергiш болып ем көбiңе нар.
Сенен мен ол-пұл нәрсе сұрамаймын,
Шырағым, сол төрт түлiк өзiмде бар.
Уәзiр айтты: – Бермейтiн қай әлiм бар,
Егессем шегетiн не баяным бар.
Қатыным мен ұлым ал, сонымды қой,
Жол көрмеген бiр жалғыз әйелiм бар.
– Қасына үйлi қызмет көшiрейiн,
Шырағым, бұл жауаптың несi бейiм.
Жақсының жарығын сен жалғыз көрме,
Мен де аз ғана бала қып өсiрейiн.
Мен бүйтiп кiмге айтып ем зарығымды,
Қолыңа бердiм қалған ғарiбiмдi.
Шырағым, сенен аяп көрiп пе едiм
Жалғанда жақсы көрген жарығымды.
Осымен отырғанда келдi ханым,
Патша айтты бар жұрттың санын.
– Өзге жұрттың өзi iздеп келiп жатыр,
Мұнан ары не деймiн ендi, жаным.
Өзге жұрт қуанады ергенiне,
Ой сұрама көңiлдiң кiргенiне.
Қай адамды еңкейiп ершiдiк,
Шүкiрлiк қыл Алланың бергенiне.
Сен ойлама көңiлi ала екен деп,
Жалынғанның ақыр түбi жала екен деп.
Көрмеген жұртқа көрiк әйнек болсын,
Ханым мен ханға лайық бала екен деп.
Мен һешкiмге барып па ем налынғалы,
Еңiреп мұңымды айтып жалынғалы.
Қарағым деп айтқанды көрдiң бе өзiң,
Басыма хандық тәждi салынғалы.
Шырағым, Қызыр бабаң ерген дағы,
Талайғы мұңыңды естiп терген дағы.
Осы уақта хан да өзiң, ханым да өзiң,
О да саған Құдайдың берген бағы.
Ойлаушы ең менi осы хан алқай ма деп,
Айтушы ем құр қараққа қалқайма деп.
Ол сенiң сатып алған құлың емес,
Бұрынғы айтқан «еңкейсе, шалқайма» деп.
Шырағым, ендi бiздi талдырмаңыз,
Сыншыларға байқатып шалдырмаңыз.
Ертең сет, дүйсенбiге сейiр жүремiз,
Берсеңiз бүгiн кештен қалдырмаңыз.
Уәзiр айтты: – Қайтайын үйге таман,
Мұнан да бұйырсашы бер деп маған.
Баланың көзi отырса ұят болар,
Аманат қып тапсырам, жеңгем, саған.
Бермесем, қалмайды екен жаман атым,
Бұл жылап өзiңе айтқан таза датым.
Баланың көзi отырса ұят болар,
Аллаға деп тапсырған аманатым.
Ханым айтты: – Шырағым, жеттi сөзiң,
Әуелi бар баланың келтiр өзiн.
Бiр адамды туралап қаратпан ғой,
Жолда шығып кетпесе екi көзiм.
Оған, сiрә, хан-төре қарар ма екен,
Өзгесi маңайына барар ма екен?!
Олай-бұлай қастық ой қылмақ түгiл,
Кебiсiн ұстауға да жарар ма екен?!
Жоқ едi биттейiңнен шалмағаның,
Жеткiздi ақыр талаптан қалмағаның.
Сенiң көңлiң аяр ғой ойлап жүрген,
Қайғы қып көңiлiңе салма, жаным.
Уәзiр айтты: – Көңлiме келуi рас,
Жол танып падишаға еру мұрас.
Баланың ықтияры бар ма, жоқ па,
Өзiң де жүр, көз отыр бiрге сұрас.
Ханым айтты: – Баланы басқаласақ,
Бәрiмiз де үлкенбiз жас санасақ.
Сонан соң дәреженi сен қолыңа ал,
Осынша ғұзыр етiп қас санасақ.
Талай [жыл] уәзiр малға молыққалы,
Төрт түлiк бiрдей бiткен, толық малы.
Аппақ қып алты арғымақ жетелетiп
Балаға ханым келдi жолыққалы.
Келдi де ханым кiрдi қыз қасына,
Бала да сөйлесуге тiл ашына.
– Затыңды сахараның мақтауымен
Сыртыңнан құмар едiк бiз басыңа.
Артыңнан мақтаулы сөздер ерген,
Сонан берi маған да зарық енген.
Жата берсе сарғайып дерттi болар,
Деп саған келiп отыр кәрi жеңгең.
Қыз сөйледi перденi түрiп тастап:
– Талайға жол ашып ең жүрiп бастап,
Халал көңiлi бұла болып атам берсе,
Алдап жазым қылмаңыз қулық сақтап.
Ханым айтты: – Шырағым, нанбайсыз ба дiнiмiзге,
Сөйлесiп алдық тiлеп iнiмiзге.
Қарауылмен байқаған сөзiңдi қой,
Келген соң ермек болсаң шыны бiзге.
Қыз айтты: – Бастатамыз жолды ұлыққа,
Кiм ермейдi олжалы молғылыққа.
Мұнымды көңлiңе ауыр алма, жеңгем,
Сұраған жақсы деген соңғылыққа.
– Болмайды ауыз айтқан тiлiм наным,
Соңыра мәлiм болар менiң мәнiм.
Пенде емес пе байқайын деп отырсаң,
Жауабың жарайды ғой сенiң, жаным.
Қыз айтты: – Жол үйреттiң уанғандай,
Ұққанға сөз бола ма мұнан маңдай.
Атамызға рұқсат қылалық та,
Хабарсыз жүрiп кетпей қуанғандай.
Ханым айтты: – Шырағым, бұл жарады,
Бiр саған жолдан тоқтап ел қарады.
Өзiң ауыз сөйлессең тым артық қой,
Қанеки, ендi атаңа кiм барады?
– Атаның рұқсатын тосайын да,
Жүрмесем сiзге бүйтiп босайын ба.
Кете салсам бұ деме қала берер,
Өзiм барып ауыз тiл қосайын да.
– Жарайды, бол аузынан естiсеңiз,
Қозғаумен атаңызды бекiтпеңiз.
Падиша ашуланып жатқан шығар,
Шырағым, көп не деймiн, кешiкпеңiз.
Баланың өзi барды бек иiлiп,
Жүзiне таңырқап тұр ел жиылып.
Атасы айтты: – Рұқсат бердiм, жаным,
Шырағым, келгеннен соң сен қиылып.
Баласы айтты: – Хан мен жолдас болар кiсiм емес,
Ақ жүрегiм әншейiн тысым емес.
Сiздi рұқсат бердi деп соған келдiм,
Өзiмнiң тiлейтұғын iсiм емес.
Бала қу да жауабын ұқсатты анық,
– Ханымды тұрған шығар жоқтап халық,
Шын көңлiммен рұқсат бердiм, жаным,
Ендi оларды жолынан тоқтатпалық.
Дедi де бәрi шықты үйден тысқа,
– Қайырып хан тiледi менен қысқа,
Аманат қып тапсырам, жеңгем, саған,
Ақылға кiм бар едi-ау сенен ұста.
Мен салдым жел көрсетпей алақанға,
Сiзге амал жоқ адамға қаратам ба?
Сын тағып қазақшылық қылдырмаңыз
Ұясынан жаңа ұшқан балапанға.
Мақтанып барсын, жеңгем, дұшпанына,
Жыл болған жоқ ұядан ұшқанына.
Көп күттiм деп мақтанып не қылайын,
Алақаным тосушы ем құсқанына.
Қыздар тұр көзiн сүзiп жаудыратып,
Аттандырды ханымды маужыратып.
Алты аппақ арғымақты алып келдi
Тұрманы өңкей алтын саудыратып.
Шiркiннiң мiн болсашы тұрманында,
Бiрталай қызды кеңес құрғанымда.
Он төрттен толған айша жарқырайды,
Аттанып мойнын бұлай бұрғанында.
Жұрт бiлдi қызға бақтың дарығанын,
Тастады талай аңсап арығанын.
Падишаға мақтанып бармағына
Ертiп ала жөнелдi кәрi ханым.
Патшаның деммен тартып алды бағы,
Жылаумен анасының талды жағы.
Атасы жерден басын көтерген жоқ,
Шыбын басқа болған соң қалды дағы.
Баланың жүрген сайын көркi толды,
Не сұлумын дегеннiң көркi солды.
Шам-шырақша қыз саулап жетiп келдi,
Сәулесi жарық қылып мұқым қолды.
Қыздың жұрт таңырқады сәулетiне,
Ханыңыз қараған жоқ жау бетiне.
Алыстан арбауменен алуы деп,
Патшаның жұрт таңғалды дәулетiне.
Патшаның жұрт таңғалды салымына,
Күн-күн сайын өрлеген алымына.
Осыдан айрылмаспын деп ойлады
Қырық жiгiт берсем дағы қалыңына.
Айтпайды әзiр мұны жолдасына,
Баста деп бердi әмiр қолбасына.
Жүрерiнде сырын бердi шақырып
Өзiнiң достас салих молдасына.
Патша айтты: – Тiгiлдi жолға қолым,
Әйтсе де нәзiр, нияз қолда босын.
Осы бала көңлiмдi әкетiп тұр,
Сырымды саған айтам, молда досым.
Гауһар санап салайын қолыңызға,
Көз жiбер оңыңыз бен солыңызға.
Досым десең мұнымды адамға айтпа,
Дұға қыла көрiңiз жолымызға.
Мұнымды дабыра қыла берер залым,
Быт-шыт боп һәркiмге бiр ерер малым.
Дос көрген соң түйдiрген себебiм сол,
Мен айтсам бар емес пе нелер ғалым.
Гауһарға дұға қылды қолын жайып:
– Қолдасын Қызыр менен ерен ғайып,
Иләһи Құдай Тағала қабыл әйлап,
Қайтпасын һеш адамнан көңлiң тайып.
Ал падиша жөнелдi аңша жосып,
Қол алды бұрынғыдан қанша қосып.
Қыздың жүзiн көремiз деген халық
Жатқан екен неше рет сырттан тосып.
Барады елдей көшiп сән салдырып,
Қасына бар өнерлi жанды алдырып.
Жүз жiгiтке барабан күй тарттырып,
Жүз қызға екi-екiден ән салдырып.
Қостырды қыздың әнiн барабанға,
Шен бердi сол керекке жарағанға.
Өттi жалап, өкпенi қозғалтады,
Патшаға анда-санда қарағанда.
Қояды ән салдырып үнем қолға,
Падиша бiр қанып едi көрген молға.
Алтын шатыр тiктiрдi оңашаға,
Әсеммен көп ұзамай түнеп жолға.
Тiккенi күмбез үйдей алтын шатыр,
Қызыққа қыз байғұс та балқыды ақыр.
Арасын шақырымнан алыс қылып
Анадай оңашада халық жатыр.
Патша айтты: – Бұ жерде тамақ қылсын
халқым қалып,
Ыстықта құр далақтап алқынбалық.
Ханым, сен баланы ертiп шатырға жүр,
Үшеумiз сонда кiрiп салқындалық.
Патшаның iшi қайнап аласұрды,
Шатырға торғын перде және құрды.
Ханым айтты: – Шырағым, жүр баралық,
Деген соң iшi толқып бала жүрдi.
Шатырға бала жүрдi ханымға ерiп,
Жидырып сайманының бәрiн терiп.
Бәрiнен ханымға ендi ұят болды,
Ап шыққаннан уәзiрге жанын бердi.
Толықсып бала келдi шатырына,
Құлақ сал, жұртым, мұның ақырына.
Жеке жерде тiл қоссам деуге құмар,
Хан да сөйлей бастады қақырына.
– Шырағым, келдiң бiздiң iшiмiзге,
Үйiр болдың жас үлкен-кiшiмiзге.
Оңашада бiр жауап қоссам-ау деп,
Қайралып ақау түстi тiсiмiзге.
– Алла жазып татырды дәм шатырдан,
Қайратың бар қарайған жанға ақырған.
Ел жүйесiн бiлетiн еркек емес,
Қанеки, не сұрайсың мен пақырдан.
Хан айтады: – Көңiлiң наз емес пе,
Сағымың қыс та болса жаз емес пе.
Жауап емей немене бұл айтқаның,
Бiз сенiң осыныңа-ақ мәз емес пе?
Шырағым, сен тоқтарсың бұл жүйеге,
Жолықтым сүртсе кетпес бiр күйеге.
Бiр iске Құдай Тағала құмар қылып,
Көңiлiм тояр емес дүниеге.
Қыз айтты: – Бiз сiздiң киiп алмаймыз тоныңызды,
Көргенде-ақ түйiп сырттан жөнiңiздi.
Тегiнде көңiл қайтып ұят болар,
Айтпаңыз барандатып оныңызды.
Мен дағы бар сырымды айтайын да,
Муқамды балалықпен байқайын ба.
Ата-анам да зар болып жатқан шығар,
Өйтсе мен үй жағыма қайтайын да.
Падиша айтты: – Бұл мұңым айтатұғын,
Жол кеңес көңiлдi байытатұғын.
Әттеген-ай, балалық қылғаның-ай,
Мен не дедiм үйiңе қайтатұғын?
Қыз айтты: – Мен бiр қоян, сiз арыстан,
Iсiң екен байқасам бiр қарысқан.
Тiл алсаң ат тағылар хан басыңа,
Жарамайды бойыңа тым жарысқан.
– Менiмен қатар кiм кеп желушi едi,
Өзге жұрт қызын зорға телушi едi.
Өзiң айтқан қояндай қылып тұрсың,
Талай бала тақсырлап келушi едi.
Қыз айтты: – Мен жетпен бұ жауаптың бағасына,
Келген жан көп көлiңнiң жағасына.
Қаршығаның қонғанын көрдiңiз бе
Мәуесi жоқ қарағанның ағашына.
Хан айтты: – Жауапты жауап өстiп жанамай ма,
Жүрегiн шын көрсетсе нанылмай ма?
Шырағым, зеректiкпен жақсы айтасың,
Соныңыз қонар ағашын танымай ма?
– Үйден алып шығарда балам дедiң,
Жеке өзiн бөлек күтiп салам дедiң.
Ханның екi айтқаны[не] болады,
Жол ортаға келгенде алам дедiң.
– Әкең де құдайласқан дос емес пе,
Күнi бүгiн көңлiмiз хош емес пе?
Мұны сен екi айтты деп жүр екенсiң,
Хан хайласы дейтұғын осы емес пе?!
Бүйтiп мекен қылып па едi жан қасымды,
Сен тудың ұжмақтағы пенде сынды.
Шырағым, һешбiр жылы сөз айтпадың,
Етегiңе сан салдым хан басымды.
Мұным сенiң баяғы туысыңнан,
Адам тұрғай аң кетпес қуысымнан.
Барды айттым, балалықпен ескермедiң,
Қане, ендi құтыл менiң уысымнан.
Сол жерде бала ойланды жылайын деп,
Ата-анадан ұялып, уайым жеп.
Құданың бұйрығы ма, алдандым ба,
Ендi бұған не хайла қылайын деп.
Патша айтты: – Шырағым, жұртты жиям,
Дей алмаймын мұғымсып нәпiсiм тыям.
Әкең сенi мендей-ақ ерге берер,
Әншейiн хұтпа оқытып неке қиям.
Қыз айтты: – Ойымның сан бүлiнгенi-ай,
Нәпсiнiң тар жерге кеп түңiлгенi-ай.
Атама жанын берiп алып шығып,
Мына кәрi ханымның көмiлгенi-ай.
Жеңгем, сен не деп едiң атамызға,
Үй жақтың қайтып дәмiн татамыз ба?!
Ендi өзiңiз жолығып жүресiз де,
Ауыз айтып қол жайған батаңызға.
Ханым айтты: – Жолықтық дiнi тарға,
Менiң кiсi тоқтатар күнiм бар ма?!
Тырп етсең-ақ қор қылам деп отыр ғой,
Осы уақта шығатын үнiм бар ма?!
Падиша тойын қылды тайын сойып,
Ол-пұл айтқан жауаптың жайын қойып.
Молдаларын шақыртып хұтпа оқытты,
Бұрынғыдан көңiлi әбден тойып.
Қалмады қыз байғұста тырп етер хал,
Айтқанға болар емес құр бекер шал.
Хан айтты: – Ең жаманы уәзiр шабар,
Қай орнымен алса да бiр жетер мал.
Ханым, сен мұны баулып ал қасыңа,
Құтылдым сөз қарызы қалмасына.
Жаман болар, ендi көп бұлғақтатпа,
Анасының сәтенiн сал басына.
Ханым айтты: – Көп қылдың базыналық,
Жолықтың алал баққа қазыналық.
Шырағым, ата-анаңның жоралғысы, –
Келдi сөйлеп гауһарлы тасын алып.
– Менiң неке қимағым бұл жер ме едi?
Падишаң мұнша неге жiгерлендi.
Әуелi ие болған сенен көрдiм, –
Деп бейшара өксiп-өксiп қыз еңiредi.
– Қайырлы ғұмыр берсiн жасыңызға,
Жүз-жүзден ередi нөкер қасыңызға.
Патша ендi қатайса жаман болар,
Киiңiз тәжiңiздi басыңызға.
Бiреу айтты: – Падиша келе жатыр,
– Көнген ғой сiзден ары неше батыр.
Не өзiмдi, не сенi сүйтемiн деп,
Саған бiр уағда айтып бередi ақыр.
Патша келдi айланып әлгi жерге,
– Кәрi неме қайда жүр, жылдам берi ке.
Жасыма көңiлiң олқы болған шығар,
Айт, қосайын, мынау деп сүйген ерге.
Көңiлiңе бiр уағда түйгiзбесем,
Не өзiмдi әкелтiп сүйгiзбесем.
Құлан қырда мақтанып не қылайын,
Жалынсыз ыңғай шоққа күйгiзбесем.
Қыла алмасам тiрi боп жүрмейiн де,
Бұл жерде сенi бекер бүрмейiн де.
Бермейтұғын әкеңнiң өз алдында
Қылмасам, қайтып дәурен сүрмейiн де.
Асқынып жеттiң, жаным, сен ағаңа,
Әкелеп шықтым талай жел жағыңа.
Әйтеуiр екi тiрдiң бiрi болар,
Жолықтың не сорыма, не бағыма?
Еңкейгенiм бұл сенiң жақсы затың,
Дүниенiң бәрiнен де нәпсi жақын.
Әйтеуiр менен бекер деп айтпайды,
Естi, жұрт, ендi мұның аты қатын.
Толып тұр қыз байғұстың көзi жасқа,
Байқаса падишаның сөзi басқа.
Мәуе ағашша иiлiп, ақыр күнде
Жолығарын бiлген соң өзi қасқа.
Иiлiп мәуе ағашша ұсынды мойнын,
Абайлап патшаның бiлдi де ойынын.
– Балалық па, бар жауап тегiс айтылды,
Маған исе ер ертте, ендi қойдым.
Ал падиша қамданды тойын қылып,
Балама жаңа нандым бойым жылып.
Некеңдi ендi оқытып естiрт дейдi,
Болған шығар балалық ойың сынып.
Той қылып шақыртты жолдағы елдi,
Падиша бәйге атынша сонда желдi.
Иләһи жұфұтыңызға бақ жазсын деп,
Қол жайып дұға қыла молда келдi.
Патша айтты: – Бiз шықтық жекемiзге,
Жеттiк әбден тiлеген iсiмiзге.
Жамал атын бастырып мөр басамын,
Жұрт, сендер қол қоясың некемiзге.
– Бәрiң де қол қоясың жүрiп хатқа,
Отыр патша кеңесiн құрып тақта.
Пайғамбардың дұғасын бiз оқимыз, –
Молдалар айтты, – бұған рұқсат па?
– Рұқсат бердiм, тақсыр, қиыңыздар,
Бәрi естiп, көзi отырсын жиыңыздар.
Әдепсiз деп артымнан сөге көрме,
Шала-шарпы жетпеген миымыз бар.
Молда айтты: – Сөкпелiк бiз жарым миды,
Хан да кеңiп тәубе қып зәрiн тыйды.
Баланың мұнысы бек жақсы ақыл деп,
Iлескен жұрттың санап бәрiн жиды.
Сол жерде неке оқыды жариялап,
Балаға толды нұрдың бәрi ұялап.
Молдаларға дорбалап гауһар төктi,
Құдай дәулет берген соң дариялап.
Тамаққа барды бәрi шатырына,
Бала көндi ақылдың ақырына.
Есебi жоқ хайранды шашып жатыр
Кедей-кепшiк, мүсәпiр, пақырына.
Тұр екен бала ақылға молыға алмай,
Қойсын ба төрт түлiкке төлеп алмай.
Некесiн оқытты да еру болды,
Үш айдай адам батып жолыға алмай.
Маңына адам батып дарымады,
Сол ергеннiң басының бәрi байлы.
Таң атып күн батқанын бiлер емес,
Он бес күн бiр жерде алды жарым айды.
Жан-жағы күзетулi түн дегенде,
Бек жазалы айғайлап үндеген де.
«Қосты жық, көлiк әкел, азаматтар»,
Әмiр қылды он алты күн дегенде.
Жабылды ер-азамат түйесiне,
Бала толды жолығып иесiне.
Кедергiсiн салдырып қояды екен,
Тыныш па деп жол-жолдың жүйесiне.
Жөнелдi әндi салып көшiп елше,
Һәркiм өстiп қылмай ма күшi келсе.
Қыздың үнi шығады анда-санда
Құбыладан бiр соққан жақсы желше.
Ол күнi тағы түнеп түстi жолға,
Не келмейдi бақ жазған көшi молға.
Падиша адым жерге бiр қонады,
Қондырған соң тiлеген құсын қолға.
Бұл құсты Алла патшаға күшпен берген,
Не құтылар мерейi үстемдерден.
Бiр жұмасыз көшпейтiн болған жоқ па,
Шай iшiп аттанам деп түскен жерден.
Көзiне көрiнбейдi малдың түгi,
Тарқады-ай не қылса да көңiл күпi.
Үйтiп-бүйтiп жүргенше айдан асып,
Баланың ауырланып қалды жүгi.
Һәркiм-ақ қыздың түсiн байқады ашып,
Толтырды күн есептеп, ай санасып.
Ендi оны жол ортада аламыз деп,
Жөнелдi шаһар жаққа қайта басып.
Қыз айтады: – Барамыз шаһарымызға,
Мен тидiм шыдай алмай кәрiңiзге.
Атамызға науқас деп бiлдiрiңдер,
Айтқаным осы бастан бәрiңiзге.
Патшаның бұл жауапқа көңiлi сендi,
Арыстанша арбаған демiн жеңдi.
Жүрiсi параходтан төмен емес,
Шаһарға аурулы елше келiп ендi.
Шаһардан қалды жанжал тиылысып,
Сынықсып өп-өтiрiк қиылысып.
Бәрiнiң ақсақалы қыз әкесi,
Келдi саулап түк қалмай жиылысып.
Бiр-бiрлеп келiп жатыр ыңғайланып,
Көркейiп патша отыр шын жайланып.
Нақ сүйер-ақ манағы қыз әкесi,
Сонымен бiраз кеңес қылды айланып.
Патша айтты: – Науқас болып зорға келдiм,
Үйi болды өне бой толған желдiң.
Шығынымыз әзiр жоқ, ауру көп,
Мал-жаны тегiс аман ба мұндағы елдiң?
Уәзiр: – Аман, – дедi, – мал-жаны елiңiздiң,
Ат соққаны қосымша белiңiздiң.
Бiр-екi күн моншамен емденсеңiз,
Мәнiсi табылады желiңiздiң.
Көтердiм мiне жұрттың жаманатын,
Ауырсынбай бiрталай ғаламатын.
Қазынаның таңбасын тағы бердi,
Тiрi ме менiң берген аманатым?
Жауабы екеуiнiң дауша шығар,
Бiрiн-бiрi байқасып жауша сынар.
– Әл әзiр тiл қосуға жоқ бiлемiн,
Баланың күшейiңкi науқасы бар.
– Рас, баламда ауру болған шығар,
Не үйдегi менен көңлi солған шығар.
Бұл арада пәлен деп айтып болмас,
Кеудесiне бiр ақыл толған шығар.
Дедi де уәзiр үйден кеттi шығып,
Жолдасын қойды патша тегiс тығып.
– Қамалмай көрiнумен сөйлеселiк,
Қор болып жатамыз ба бүйтiп бұғып.
Уәзiр болды мүлдем тiрi ғарiп,
Ойлайды ұстайын деп шыны жарып.
Баласынан күдерiн жұрт үзгiздi,
Қызға ерген жолдасының бiрi барып.
Уәзiр тез қомданып жиды жұртын,
Баланың сырттан естiп түйдi ғұрпын.
– Қатынымды ертiп ап безсем бе екен,
Жарандар, iшiмдi оттай күйдiрдi ұрхым.
Әй, жұртым, мынау алдап таңбалады,
Iшiм оттай өртенiп сандалады.
Ертең тағы көңiлiне сүйгендi алып,
Сонан соң мұнан қайтiп жан қалады.
Бұл тартып қызымды алды бүгiн менiң,
Өзiмнiң қазақ емес түңiлгенiм.
Тегiнде қашан айтты деп жүрмеңдер,
Бәрiңдi құнсыз сояр ертең сенiң.
Бәрi айтты: – Бiлдiк қайғы жегенiңдi,
Жиясың кейiмесең неге елiңдi.
Санап қырып тастаса амал бар ма,
Айт, қане, осындай қыл дегенiңдi.
Ұрандап жиылды жұрт шын түйiлiп,
Уәзiр қуанады тым сүйiнiп.
– Әй, ағайын, көзiме көрiне көр,
Осы тұрған кезiмде бiр күйiнiп.
Әлден бүйтiп мойындап ұсынбалық,
Мiнеки бәрiң түгел тұрсың халық.
Кiмде-кiмнiң басына салмай қоймас,
Зарлатпас жалғыз менiң құсымды алып.
Жиылған жұрт үш мыңдай жеттi санға,
Бiр кәрi кемпiр адам кеттi ханға.
– Көз байлана бергенде жөнелiп көр,
Әй, тақсыр, қарамаңыз тiптi таңға.
Абайлап тiл қосқан жоқ бiрi маған,
Мен байғұс құлақ түре жүрдiм саған.
Сайман деген көкпеңкөк болып кеттi,
Әлi-ақ көрер жұртыңның түрi жаман.
Хан: – Қу нәпсiм, көрдiм сенiң шалығыңнан,
Қашамын ба қол салған салығымнан.
Өзiмдей бiр патшаға немдi айтамын,
Қорқып келдiм деймiн бе халығымнан.
– Әй, ханым, заман мынау шыны солған,
Көңiлiмiз әлдеқашан тынып болған.
Амал жоқ, жаннан қорқып атқа мiндi,
Сұлудың да таянып күнi толған.
Кеткенде атқа мiндi көз байланып,
Тұрмады биттей қарап сөзге айланып.
Жалғыз-ақ бiр iнжулi тонын алып,
Жан шошып аттанған соң тез жайланып.
Кеткен қайыр тиген жоқ шеменгерге,
Бiр күнде қайрат қылды нелер елге.
Түн ортасы дегенде барып жеттi
Маңайы шөп «Уқұдық» деген жерге.
Қатыны айтты: – Қиналып кеттi жаным,
Жүруге болар емес тiптi мәнiм.
Аяғымды басуға жарамайды,
Сегiзкөзiм үзiлiп, екi саным.
Патша айтты: – Зар болдым сол бағыма,
Иелендiм жалғыз-ақ қолдағыма.
Сегiзкөздiң ауырған себебi не,
Осы қалай, баланың толғағы ма.
– Ап-аян, дәнеме жоқ келген дала,
Екеумiз бейнет көрдiк елден ала.
Құданың құдiретiне қараңыздар,
Шырылдап түсе қалды жерге бала.
– Адам жоқ келер бiздiң қасымызға,
Жабысты-ау үлкен нысан жасымызға.
Балапанды осы жерге тасталық та,
Бұршақты Алла жаудырды басымызға.
Қайта бұ баланың бағы бұршақ,
Өлермiз үй дегенiңменен құрсақ.
Жарықта бiр бейiт ашық тауып алалық,
Залымға жолығармыз тағы тұрсақ.
Бет алып шығалық та сары жонға,
Талпынсақ бастар ма екен Тәңiрiм оңға.
«Құдайға тапсырдым» деп жылап-жылап,
Баланы орап тастады-ау iнжу тонға.
Бет алып шықты қашып бiр далаға,
Ұзақ айналмалық, жүр қалаға.
Төрт күннен соң көзiне шаһар көрiндi,
Жүрекпен құдайласа қор қыла ма?
Жаяулады табанын тегiс жарып,
Керiгiнен әл кетiп әбден арып.
Арғымақты шабан деп мiнбейтұғын,
Бейнетiн тартты жолдың екi кәрiп.
Ханымның жырлағаны
Жылапты ханым Құдайға:
– Шыдадым жаяу ұдайға,
Үйiмде жүрген күнiмде
Жолығам деп пе ем бұ жайға.
Иләһи, саған жылайын,
Бейнетке не амал қылайын,
Рұқсат салмай атаға,
Жүректiң көрдiм алайын.
Арыдың әбден, керiгiм,
Таусылдың сен де, серiгiм.
Рұқсат деген не деушi ең,
Қансыншы, патшам, жерiгiң.
Осы едi бiзге жарасу,
Күн қайда әскер тарату.
Памилнай шайға қанбаушы ем,
Табылмай жатыр қара су.
Жалмады-ау жерден табаным,
Керiктiң мiндiм шабанын.
Қатты ұйықтасам шөлдедiм
Дейтұғын қайран заманым.
Қурадың аппақ алақан,
Лебiздi кiмге таратам.
Қалың бұршақ қайрылтпай,
Далада қалды-ау балапан.
Бiз көрдiк қалың жау бетiн,
Айдадық жолдың дәулетiн.
Түсiмдей қылып байқадым
Бар қызықтың сәулесiн.
Бiздей-ақ шығар зар кiсi,
Сор болды-ау бақтың жарымысы.
Жiбередi демеңдер
Ата-ананың қарғысы.
Сөйлемей кiмнен тасанам,
Жапанда қайтiп жата алам.
Менен де ары зарлан деп,
Отырған шығар ата-анам.
Жатсамшы жолдан азбастан,
Тарқар күн бар ма наз бастан.
Үйiнен атқан қарғыс-оқ
Тиедi бiзге жазбастан.
Табаннан терi түсiрдi[к],
Айдады жаяу күпiрлiк.
Айналайын, иә, Кәрiм,
Жазғаныңа шүкiрлiк.
Бiз көрдiк жолдың азғанын,
Нақақтан ордың қазғанын.
Асығыс сөзден не өнер,
Күтелiк сақтап жазғанын.
Өзiмнiң алған зейнетiм,
Кетiп тұр-ау кәдiретiм.
Бiзшiлеп пенде тартпас та
Зарыққан жолдың бейнетiн.
Тастауға бiрiн-бiрi қия алмайды,
Зарлығы жапан түзге сыя алмайды.
Падишаның жылауға халi келмей,
Саулаған жасын жөндеп тыя алмайды.
Ханым айтты: – Жылама бекер жасып,
Барлы-жоқты құтың кетер қашып.
Атамыз Адам дағы қырық жыл жүрген,
Тағы да бiр арналған жетер нәсiп.
Тұрмалық айдалада құр қаранып,
Жүрiппiз түзден нәсiп бiр жаралып.
Құдай Тағала не жазу көрсетсе де,
Қой, зарлама, қалаға жүр баралық.
Жыл жарым түк не көрмей бек зарықты,
Ханымның шыққан үнi жел жарыпты.
Мiнбек тұрғай жетекке жүрер емес,
Айдады алдына сап ендi арықты.
Екi арық жүрер емес жетегiне,
Жарасын сатып сойған несiбiне.
Жете алмасақ «от деген рулы ел» деп,
Екеуi тезек тердi етегiне.
Қалаға жүре-жүре келдi жаяу,
Зарлық пенен көңiлге ендi қаяу.
Есек баққан Тәшкеннiң сарттарынша
Адамға тiл қоспапты мүлде баяу.
Келсе әуелi қаланың базары екен,
Қас қылып тағы кiм ор қазар екен.
Құдайға берелiк те аралалық,
Құлына өзi не жазар екен.
Базарды көрген адам тамаша дер,
Бiрiне-бiрi лайық жарасқан ер.
Сатырлаған қолға келiп кiрдi,
Тым артық табылмады оңаша жер.
Ойлайды не бүлiк бар, бұ қалай деп,
Енiп кеттi екi атын қуалай кеп.
Өзiмiздей бiр адам жолығар ғой,
Сол ақырын жасырып сұрамай ма еп.
Екеуi қайта жүрдi шығып шетке,
Һеш адам қарамады тура бетке.
Жар салып бiр кәрi адам айғайлайды:
– Кiмде-кiмiң мұнда бол, бүгiн кетпе.
Айғайға әлгi шыққан тұрды қарап,
Ертең хан жұртқа айтады әдiл сарап.
Бiреу барып бiлдiрдi уәзiрлерге,
Осы бiр адамдар жүр тым-ақ жарап.
Деген соң-ақ бiр елшi салдырады,
Хан байғұс сәлем алып қалбырады.
Той болған соң мағлұм боп кетесiң деп,
Уәзiрлер көрсетпестен алдырады.
Әкелдi қызметшi айдап әлгi қолға,
Көндiрген басынан-ақ түзу жолға.
Сәлемiн зорға берiп дiрiлдейдi,
Екеуi жалт-жалт қарап оң мен солға.
Тұрады қол қусырып сәлем берiп,
Асығып сұраған жоқ адам келiп.
Бiр жастау жылпаң жiгiт қол сiлтедi,
«Жүрiңдер, екi ғарiп, маған ерiп».
Екеуi ерiп жөнелдi қайран қалып,
Халық жатыр һәр түрлi сайран салып.
Сонан соң жол айтуын ол ұмытпас,
Деп едi тамақ берiп жайланталық.
Алдына һәр түрлiден тағам қойды,
Табақтың шет-шетiнен әрең тойды.
Жей алмайтын бастан да бейшаралар,
Неше жыл азап тартып жүрген бойды.
Хан айтты: – Жүрмес тамақ айлығыма,
Таңғалдық төрт түлiктiң сайлығына.
Тамақсыз-ақ тойғамыз, әй, шырағым,
Жұрттың құрмет, патшаның байлығына.
– Сiз тұрғай, жүрген жоқ па халық тойып,
Төрт күн қырдық қоралап салып сойып.
Әйтсе де күнде мұндай той болмайды,
Қайтқанша ауқат қылыңдар алып қойып.
– Шырағым, ұқтыр маған сен тойыңды,
Неге мұнша қоралап мал сойылды.
Қызығыңды есiтiп болғаннан соң,
Бiр-бiрлеп мен де айтайын нақ жайымды.
– Осымен толық жұма жүрмiз шауып,
Қыламыз бұйырылған соң кiмнен қауiп.
Қол астына қараған жұрт жиылды,
Патшамыздың ханымы бiр ұл тауып.
Сегiз күн болып кеттi бұл кеңеске,
Бесiкке салдық соны кеше кешке.
Шiркiн-ай, бала деген осы ма деп,
Екеуiнiң заманы түстi еске.
– Жақсы-ақ-ау заман барда бала деген,
Падишаң бiр момын ғой алал неткен.
Қуырақ адам болса бүйтпес едi,
Зерек туса от ұстап шала жеген.
Дүние, қызығың-ай тұрғаныңда,
Кеңестi тақта отырып құрғаныңда.
Хан демей, қара демей жөнелесiң,
Жүзiңдi бiр терiске бұрғаныңда.
Жұртының шын билеумен жүруiн-ай,
Құлағын айлаққа үйден түруiн-ай.
Жалғандағы дәуреннiң ең қызығын
Зылиха мен Жүсiпше сүруiн-ай.
Деп еңiреп падиша төктi жасын,
– Жiгiтiм неге шошып ұйлығасың?
– Есiме түскен соң тұра алмадым,
Менiң де осындай-ақ сыйлы басым.
Күн бар ма адам еске алатұғын,
Жалған қатын һәркiмнен қалатұғын.
Хан нәпсiсi түйедей болушы едi,
Бәйтеректiң басымен шалатұғын.
Сұрама жөнiмдi әлi менiң, жаным,
Босатты бар жүйемдi сенiң маның.
Жiгiт болсаң, патшаңа бiлдiрiп көр,
Айта алмас оңашада тiлiм наным.
Шырағым күнде тартқан бұл күйiгiм,
Көңiлiм өткен күндi түйдi бүгiн.
Кешiкпей падишаңа бiлдiрiп бақ,
Көр, жаным, мал-басыңның игiлiгiн.
Айтпайды сөзiн ханға тұрғылайды,
Бiлдiрмей басын жерге ұрғылайды.
Әлгi жiгiт жөн сұрап алмақ тұрғай,
Ол сорлы да солқылдап құр жылайды.
Тiккен үй көрiнбейдi даласындай,
Жұрты да жақсы күттi аласынбай.
Бейшара әлгi жiгiт басылсашы,
Не iнiсi, не туған баласындай.
– Мен жылаймын жолымның зарығына,
Бұт артатын малымның арығына.
Кешiкпе ханға барып бiлдiрiп көр,
Шын сауап қылам десең ғарiбiңе.
Жөнелдi әлгi жiгiт желе басып,
Көзде жас, көңiлi шын-ақ келедi ашып.
Патша дереу алдынан жолығады:
– Әй, балам, алаңдайсың неге қашып?
– Естiсеңiз, айтайын бiлгенiмдi,
Көрдiңiз бе сор айдап iлгенiмдi.
Алты арыс, төрт төңiрек тегiс естiптi
Қара қылды қақ жарып тiлгенiңдi.
Тұсыңда қара қылың қақ жарылды,
Алдыңа атыңды естiген жан барылды.
Әнеугүнi бiр-екi ғарiп келген,
Сiздi көрсем деп дағдарылды.
Әлi айтып бiлiнген жоқ жөнi бiзге,
Келгелi үш күн болды көлiңiзге.
Рұқсат болса жүзiн көрсем екен,
Деп жұмсап жiбергенi сiзге.
– Естiген келедi, рас, нелер кәрiп,
Әй, жұртым, шығады атым сенен жарып.
Бейшараның сауабын алалық та,
Көп тұрмай ап келiңдер бiрiң барып.
Қуанып әлгi жiгiт жетiп барды,
Патшадан осылайша рұқсат алды.
Қатыны мен еркегiн алдына сап,
Екi-үш сағат болған шақ келiп қалды.
Бiрталай жұрт жиылды балаға ерiп,
Патшаны қайғы алған бермей ерiк.
Бұл патшаға анадайдан қол қусырып
Өксiп-өксiп жылайды сәлем берiп.
Патша айтты: – Дәм айдап келдiң, қартым,
Рас-ақ жүрген шығар нелер шартын.
Жасыңды Құдай көрiп есiркедi,
Ұқтырыңыз ауызша сөзiң артын.
– Дүниеден қайтты менiң көңiлiм суып,
Көргем жоқ мұндай қорлық өзiм туып.
Әнеугүнi өзiңдей патша едiм,
Жiбердi шаһарымнан елiм қуып.
Көңiлiмнен қалар ма екен осы уақытым,
Жүрiппiн қадалмағаннан ажал оқтың.
Өзiмнен кейiн хүкiм шашып тұрған
Қызы едi уәзiрiмнiң мынау жұфұтым.
Неше жыл хан боп ойран салып едiм,
Мұны алам деп айрылып қалып едiм.
Бiрталай жұртты жиып куә қылып,
Өзi ықтияр қылған соң алып едiм.
Қолымда қалды әреңмен қыздың жаны,
Таматын уақыт болмай жерге қаны.
Тартып алды өлтiрiп жоялық деп,
Сонан соң жұрттың жатып бұзылғаны.
Қазақ емес жұртымнан қорыққаным,
Бiр жарым жыл бейнетке қосылғаным.
Арыстандай атыңды естiп шықтым,
Есiтiңiз, падишам, осы мәнiм.
Жұрттың сөзi қалмады жапсырмаған,
Жан екенсiң басыңды бақ шырмаған.
Түсiмдей боп бiр көрген заманым-ай,
Бiр күнi өзiм де өстiп тақсырлаған.
Патша айтты: – Рас-ақ хан екенсiң,
Тiлiң жақсы, татымды дана екенсiң.
Шүу дегеннен қашқаның не қылғаның,
Әйтсе де осалдау жан екенсiң.
Жақсы шын таусылып саса ма екен,
Бiреудiң-бiреу орнын баса ма екен?
Кiмде-кiмнiң құлағы есiтпесiн,
Бұл ұят, халықтан хан қаша ма екен?!
Қарт айтты: – Бiр топ қарға нарды да жығады екен,
Тырп еткiзбей тұмсығын тығады екен.
Мұратың қолдан кетiп қалғаннан соң,
Ұятың әбден естен шығады екен.
Падиша айтты: – Бүгiн жат, әбден тынық,
Қолыңнан кетiптi рас жалған сынып.
Шүкiрлiктi күпiрлiк жойған шығар,
Тәубе қып, Хаққа жылап бұған шынық.
Өмiрiң сынған екен өнер қалып,
Құдай жазса құл жылап көнер налып.
Қасына жүзге таяу әскер жиып,
Патшаны ертең ерте жөнелдi алып.
Қуанды «иә, Құдайлап» жүрдi кәрiп,
Сөйлеуге жақсы-ақ тiлi үлгi жарып.
Бағана қисық жүрген жолды қойып,
Он бес күнде төтемен кiрдi барып.
Падиша хабаршыға бек жiбердi:
– Тасталық бұрынғы өңшең кек жiгердi.
Пәлен шаһардың сапар жүрген падишасы
Кiруге рұқсат па? – деп жiбердi.
Кеттi бек шаһарының базарына,
Қарады-ау һәркiм танып ажарына.
– Падишаң таянып қалды, жұртым,
Басына Алла қайта бақ жазарына.
Бір бала сөйлес қылып бердi сәлем,
Бек айтты: – Жақын, таяу кел, жүр, балам,
Өзiм ұзақ сапарға шығып едiм,
Шырағым, жөнiн бiлдiр бұ қай қалаң?
[Бала] айтты: – Кеш боп кеттi тұралық па,
Ниеттi бекер терiс бұралық па?
Бұл өзi ханы кеткен жетiм қала.
Айт, аға, сiзден[де] жөн сұралық та.
Бек айтты: – Жүз отыздай жан келедi,
Рас-ақ патшаң жұртқа сары бел едi.
Әйтсе де, шырағым бала, үй-iшiңе айт,
Қонамын деп бiр кәрi хан келедi.
Жүгiрiп тез қамданып бала кеттi,
Ол өзiне ол-пұлдан талап еттi.
Қонақ үйдi даярлап сыпырттым деп,
Он шақты боп ат мiнiп және жеттi.
Қанша адамдар патшаның көрдi қолын,
Кiсiнiң жүзден де артық бiлдi молын.
Азаматтар ретпен атын ұстап,
Даяшылар тосумен тұрды жолын.
Олар да жеттi саулап абырласып,
Барлық жұрт тас-талқан боп сабырласып.
Ыңғайланып тұрды да сәлем бердi,
Бәрi тегiс патшаға жабырласып.
Кiсiнiң алынған жоқ әлi саны,
Атылды тек түрiлiп сары таңы.
Iшiндегi бiр еркек, бiр қатыны –
Баяғы өздерiнiң ханым, ханы.
Ол күнi таң атқан соң жиылады ел,
Падиша айтты: – Әй, жұртым, шыныңа кел.
Жол болсын деп анықтап сұрасаңдар,
Ары-берi соқсын бiзден құбыла жел.
Падиша солайша қып iз тастады,
Бетi әбден ашылған соң қызы қашпады.
Бағана таққа мiнген ер уәзiр:
– Ендеше, жол болсын, – деп сөз бастады.
– Жол болса, әлей болсын, iнiм жаным,
Бiздi мұнша саулатқан сенiң маның.
Адасқанның айыбы жоқ деген сөз бар,
Аяғыңа жығылып келдi ханың.
Ол күнде адасыпты үйiрiнен,
Нәр татып бiр таудың түйiрiнен.
Бұрынғының мақалы басына кеп,
Екi қолы кетпептi бүйiрiнен.
Кетiптi бұл жылаған көз жасыңнан,
Бала екенсiң бек майда сөзге ашылған.
Анау-мынау деп айтып тергендi қой,
Тiлей келдiм жұртың мен өз басыңнан.
Уәзiр айтты: – Бiр күнде оңдап тердiм,
Қайсысын санап айтам толған шердiң.
Қонақтығың және бар, тағы ұлықсың,
Ол-пұлды не қылайын, мүлде-ақ бердiм.
– Ендi өйтсе, кешер Алла қата жердi,
Рас-ақ көңiлiңдi шер аша кердi.
Басыңа мұнан да үлкен бақ айналсын,
Дедi де хан қол жайып бата бердi.
Тұра сап көрiстi қыз атасына,
Қараған жоқ көңiлдiң шатасына.
Уәзiрi бес құлақты жамбы бердi
Патшаның қолын жайған батасына.
Бағының патша келдi дер қасына,
Жабысқан бiраз ғана шер қасына.
Жақсылық жалғанында қайтады деген,
Дорбалап дiлдә бердi ер басына.
Падиша балқытты елдi жауабына,
Қараңыздар Алланың бұ бағына.
Ендi ақыр даналығынан батқан жоқ па
Халықтың да, ханның да сауабына.
Жөнелдi елшi көшiп қайтып тарап,
Патшаға жақсы айналды жұрты қарап.
Арқасына батқанды хан да бiлдi,
Бұрынғыдан әдiл боп айтып сарап.
Құтылды хан бойдағы жаласынан,
Не тапты жүрегiнiң аласынан.
Ал, жарандар, тағы да сөз естiңiз
Бағана жолда қалған баласынан.
Ол күнде балапаннан мүлде безген,
Адам жоқ бала жайын әзiр сезген.
Қырық қарақшы дейтұғын болады екен
Тұрақсыз шыр айланып дүние кезген.
Баланың сөз есiт, жұрт, бұл жайынан,
Бейнеттiң кiм құтылар ұдайынан.
Қарақшылар тiрiдей тауып алды
Асырап әмiр тиiп Құдайынан.
Алла оны өлтiрместен асырайды,
Балаға да жазды Алла бақ-шырайды.
Ол құдыққа қарақшылар тақалғанда
Күнмен қатар бiр сағым жарқырайды.
Қарақшылар аң-таң қалды күнмен барлап,
Айдаһар болмасын деп тұрған арбап,
Дауысы үлкен кiсi секiлдi емес,
Iшiнен шығып жатыр бiр үн зарлап.
Өзгесi айтты: – Жүр, кейiн қашалық деп,
Тұрмалық тура алдында тақалып кеп.
Фарқы Сауар ақылмен тоқтатады,
Не болса да орнынан басалық деп.
Абайлап Фарқы айтады: – Қаралық та,
Қаптап кетсе бiр ыңғай табалық та.
Не қылса да айдаһар емес, жұртым,
Тәуекел деп жанына баралық та.
Қуанды «иә, Құдайлап» түсе қала,
Сырты ыңғай iнжу тон, [iшi] бала.
Ауыз пақыр айтады деген осы,
Көз көрмей тақтық бұған неше жала.
Бiреу айтты: – Баланы кез қып Құдай бердi бiзге,
Ал пақыр деп жылаған шерлiмiзге.
Ақсақал, аузыңмен айт, қолыңмен бөл,
Бұл олжа салмақ болды ендi сiзге.
Сонда шал айтады: Артыңдар бұл жүйенi,
Тапқанша асыралық түп иенi.
Баланың басын маған қиыңыздар,
Мына осы тон бояйды уа дүниенi.
Мiнгiздiң ақсақал қып сөз басына,
Ап келдi мұны Қыдыр өз қасына.
Қартайғанда баланы маған қосқан,
Тұяқсыз қоймайын деп көз жасыма.
Баланы шал асырап жатты кешке,
Түседi жалғыздықтың ақыры еске.
Құдайдат деп азанмен атын қойды,
Сонда келген баланың жасы беске.
Сол күнде-ақ көркi күнге таласыпты,
Өзi де оп-орнықты және тiптi.
Он төртте толған айша маңызданып,
Алтыдан жетi жасқа бала шықты.
Шал ойлар жарар, балам, қол басына,
Айтпайды әзiр мұны жолдасына.
Жетiледi дейтұғын бар емес пе,
Жетiде ендi берейiн молдасына.
Алпыста әкеп қосты Алла маған,
Бала жастан надан боп қалған жаман.
Өлiп кетсем артымнан аят айтсын,
Аманат деп тапсырам, молда, саған.
Өлгенде һәркiм табылар жыласарға,
Келгенде көрiп едiм бiрқатарға.
Баласын тапсырды да жүрiп кеттi,
Он шақты дiлла берiп тiлашарға.
– Жұмасында кеп тұрсын үйге жаяу,
Түскенде көре алмасақ бiзге қаяу.
Бәйге атынша бiр-бiрле[п] шыға салды,
Бала екен молдадағы жүзге таяу.
Жылдан соң молдасы айтты атасына:
– Бұл ермес балалықтың қатасына,
Балаңды шығарайын деп отырмын,
Не әкелдiң ұстазының батасына.
Шал айтты: – Сiздегi менiң барым,
Таусылды мұны сүйiп өмiр зарым.
Қане, ендi соған дұға қыласыз да,
Бар едi көрiм әйбат жалғыз нарым.
Сол жерде-ақ толды ақылға даналанып,
Жомарт деп таңғалады-ау ана халық.
Баласы барысымен кiтап ашты:
– Қой, ата, ендi ұрлықты жанамалық.
Атасы айтты: – Жуамын тазалап қол-басымды,
Түйген соң-ақ ұлғайған мол жасымды.
Олар да тым бой ұрып шығар ма екен,
Алдыңа ап келейiн жолдасымды.
Ап келдi жолдасының бәрiн жиып:
– Тасталық жамандықтың зарын тыйып.
Бала айтады: – Кiтаптың сөзi қалай,
Қойғыларың келмей ме әлi қиып.
– Шырағым, асырап ек көрiп кеп,
Ендi отырсың төр алып төселiп кеп.
Өзiмiз де қоюға таяп едiк,
Бiр алып алдыңғыны өтелiк деп.
Жүректi қорқытса иен дiн ұялып,
Рас-ақ қалдық күнәға бiз боялып.
Өзiң де ер iшiмiзге, тамаша көр,
Сонан соң тәубе қылып шын қоялық.
Аттанды бала бiрге, қия алмады,
Ол күн жұрт тоқтатып тыя алмады.
Табыт ашыққа шығалық деп не де болса,
Ел арасын мекен қып сыя алмады.
Оларды тоқтата ма ана нәпсi,
Жарандар, табады ендi бала бақты.
Ат айдаған керуен үзiлмейдi,
Өзгесi айтты: даладан қала жақсы.
Бала бұрын ұрысқа қатаймаған,
Өңшең жылғаң аяғын шақайлаған.
Алды келiп қарақшыға араласты,
Екi-үш жүздi керуен ат айдаған.
Қырқы бiр-бiр керуен жеттi баптап,
Қылыш қайрап, найзасын тегiс саптап.
Бала жас кейiнiрек қала бердi,
Өзгесi орта жерден кеттi қаптап.
Сол жерде апыр-топыр ұрыс шықты,
Бар екен керуенде де жүйрiк мықты.
Арбашыдан тертенi жей бастады,
Аттарының сiлесi құрып тiптi.
Керуен жеңбек болып жайланады,
Қырылысып қалуға байланады.
Өзгесi түгел қашып шығып едi,
Фарқы Сауар түсуге айланады.
Бала айтты: – Осы жерге айтып тәлiм,
Шыдасын ендi бұған қайтiп жаным.
Қанша айтқанмен сырт буын тартып едi,
Қор болып қала ма екен байғұс шалым.
Дедi де бала ұмтылып кiрдi қолға,
Ысылып қатаймаған бұрын жолға.
Әйтсе де кiрген жерден ойбай шықты,
Айырады керуеннiң оңын солға.
Алды қашып арбаға тығылғаны,
Ерлiктiң-ақ әсерi бұғылғаны.
Атының сiлесi әбден құрып болып,
Бiр үлкен қазған орға жығылғаны.
Қырқының түгел кетiп қалғаны ғой,
Бейшара аттың әбден талғаны ғой.
Жөнiңдi айт деп әрi-берi сабап-сабап,
Баланы тас қып байлап алғаны ғой.
Керуен ертең шаһарға кiрдi келiп,
Лажсыз бала жаяу жүрдi желiп.
– Бұл қашып, бiз айырсақ ұят болар,
Түнемей падишаға бiлдiрелiк.
Баланың һәр талапқа ерген жасы,
Қара шай, бiр тiлiм нан – берген асы.
Жетелетiп бiреуге айдаттырып,
Ап келдi падишаға керуенбасы.
Байбатша айтты: – Ұстадық мұны жолдан,
Бұлардың дәмесi көп жүгi молдан.
Өзгесi қашып кетiп, бала қалды,
Жойылмақ деме тәртiп сiздiң қолдан.
Патша айтты: – Қостамаймын ұры сүйiп,
Бастап па еңдер бар жүктi бұрын үйiп.
Баланы қонақүйге жеке енгiздi,
Бағана көрген соң-ақ нұрын түйiп.
Ал ертең патша келдi баласына,
Көрген соң тойды еншiлес данасына.
– Нұрың кеше-ақ көңлiмдi жарып едi,
Қимап едiм керуеннiң жаласына.
Ұрпақтан көңлiм толмай менiң алаң,
Не өтiрiк, не рас жеңiл жалаң.
Қазынамды берейiн, бос қоймайын,
Туысың жарайды екен сенiң, балам.
Өнер қойсын ба шығармай затын нағып,
Алды мүлдем патшаға жақын жағып.
Ең алғаш бұлайша жүрiп көрдi,
Жем салып, жома жарып, атын бағып.
Айттырмай тапты орнымен жайландырып,
Қас қылған жоқ көңiлдi лайландырып.
Ретiмен жұмысты алып кетiптi,
Атты қазақ орысша айландырып.
Атты үйреттi, малша айдап қайырмайды,
Күн санап бала жағып байырлайды.
Қылса жұмысы, сөйлесе сөз[i] тойғысыз,
Ханым да, хан да көзiн айырмайды.
Хан айтты: – Бұған шөп-шар тасытпалық,
Күтелiк, қор қып көңлiн ашытпалық.
Осы мына түрiмен қайтсе де алды,
Тегiнде жат едiң деп жасытпалық.
Ханым айтты: – Бала айланды еруiне,
Талапты түгел санап теруiне.
Ойлаңызшы, бос тұрған қызмет бар ма,
Бойына лайық қып беруiне.
Хан айтты: – Апшып әбден қазынашым,
Көтерер емес жұрттың базынасын.
Бала жас қой, ұстатсам деп ойлап ем
Осындай тиянақты iстiң басын.
Ал сүйттi де жидырды би мен бегiн,
Танып алды баланың зейiн тегiн.
Қуың құс боп ұшады қызметiне,
Бiлдi өзiне бар жұрттың иiлмегiн.
Айтады: – Мына бiр бала келдi, халық, саған,
Қызметi бар күнде өнiп шалықпаған.
Мен өзiм мұндай адам, жұрт көргем жоқ,
Не ұйқы, не жүрiстен жалықпаған.
Көрмей жүрме жақсыны жаман тыйса,
Құрбымнан iс тiлеймiн маған қиса.
Қазынашы қартайды, бала тұрсын,
Мұным және, көп халық, саған сыйса.
Хан айтты: – Келдiң, құрбым, ұлғайған мол жасыңа,
Жұмысты қой, намазды ерт сен қасыңа.
…жармысын жатсаң да жи,
Бала мiнсiн қызметiңнiң бiр басына.
Кiм көнедi берем деп жолын жойып,
Ортадан алған жоқ па толымды ойып.
Балаға не қылса да алып бердi,
Мөр басып жұрт түгел қолын қойып.
Қызметке бала мiндi орындалып,
Үлгертедi жұмысты неше налып.
Жыл жарымда кең толғап патша келдi,
Бұрын тұрған айында есеп алып.
Сол күнде-ақ қатар байлық базыналық,
Көтерiлдi көңiлден назы қалып.
Есептiң кiнегесiн оқып едi,
Болған екен бiр өзi қазыналық.
Патша айтты: – Көрдiм iстiң толқынғанын,
Бойыма құт секiлдi қорқынғаным.
Бағыма Құдай айдап қосқан екен,
Сенiң атың Бақтияр болсын, жаным.
Бiрi айтты: – Осы бала не үшiн енген,
Байқасақ залымдыққа түсi келген.
Падиша жұрт секiлдi көрмей кеттi,
Мүлде айрылып барамыз iшiм-жемнен.
Бiрi айтты: – Күн үшiн аяғына бас ұралық,
Пысық-ақ, бекер қайтiп жасыралық.
Бүгiн кеш қонақ болып кетiңiз деп,
Қой сойып, арақ жиып шақыралық.
Сонан соң қойын сойып жиды арағын,
Бiреу айтты: – Жылдам бол, тез барамын.
Бақтиярға жиылып келмесiн бе,
Ағаларың шақырады-ау, жүр, қарағым.
Көңiлiн шақырғанға және бұрды,
Байқайтын қыран едi-ау ана құрлы.
Қазынасын кiлттеп бекiттi де,
Қолына қылыш ұстай бала жүрдi.
Балаға тағы бейнет жетер шыны,
Талаптың жаңа қонған есер шыны.
Құрметтеп бiр сарайға кiргiздi де,
Суырды екi-екiден бөтелкенi.
Қол сермеп кәпiде елiрiп кетедi есiп,
Құяды iшкен сайын еселесiп.
Ақылын айғай жеңгенiн бiлдi дағы,
Шығарды қақпасынан жетелесiп.
Ал жөнелдi қарайған тамға таман,
Бұрынғы өстiп қулықты сан жасаған.
Падиша түнi бойы жатпайды екен,
Келедi саулап жанған шамға таман.
Баланың есiн екi жармасын ба,
Ол күнде ханға қастық арнасын ба?
Көз дегенiң қып-қызыл, қылыш анау,
Түп үйге түнде кiрiп бармасын ба?!
Падиша атып тұрды шошығаннан,
Ханымға айтты: – Уағдаң тосып алған,
Бұ секiлдi түн тұрғай жатып қалған,
Күндiз кiрген көрдiң бе осы жаннан.
Патша айтты: – Баланың жүрегi әбден
жеткен екен,
Араңа һәркiм қызмет еткен екен.
Қазынасын, қатынын тегiс аламын
Деп, бейшара өлшеусiз кеткен екен.
Патша айтты: – Таққа мiнбек елмен екен,
Мынаның жүрегi әбден желген екен.
Тақсырласып тамсанып кiрiп жатыр,
Әлгi қулар қақпаға келген екен.
– Жалғанда мендей адам зарлы ма екен,
Баланың ойы мүлдем қарлық екен.
Сендерге бұл iсiмнiң естiлгенi,
Аз ғана су iшердiң барлығы екен.
Бiрi айтты: – Кiм кiрдi бұл уақытта қасыңызға,
Кiрiп пе ек ақ енгенше шашымызға.
Сырт айланып алған соң жеткенi осы
Бала[м], балам дегенiң басыңызға.
Бiрi айтты: – Баланың бiр қылығын табушы едiк,
Жасқатып жұртты сырттан қағушы едiк.
Аяғын өз көзiмен көрмей қоймас,
Патшаға айтпаңдар деп жабушы едiк.
Балаға бергенiңiз тәлiм едi,
Бiлдiрмей iштен жеген залым едi.
Нанбасаңыз, өзiңiз сұраңызшы,
Сонысы ханымға да мәлiм едi.
Патша айтты: – Көнiп пе ем бұл мұрасқа,
Бала жауыз жеткен екен түбi басқа.
Шын халал жұфұтым болсаң, жасырмай айт,
Уәзiрлер не деп отыр, бұл рас па?
Көтерiлдi ана он бес залым зорсып,
Есiктен төрге дамыл-дамыл шоршып.
Iшi ашыды ақтауға жалғыз өзi,
«Рас» дедi жанынан ханым шошып.
Олар күлер көңлiнiң тынғанына,
Бала жылар өмiрiнiң сынғанына.
Таң атқан соң бiр бабы табылар деп,
Апарды да салдырды зынданына.
Уәзiрлер Бақтиярмен егес құрды,
Падиша бұған ойын не деп бұрды.
Баланы ертең зынданнан шығар дедi,
Бар жұртты түгел жиып кеңес құрды.
Арақтан айыққан соң бала келдi,
Қайғы толып көңiлiн және кердi.
Кiрген жерден тағзым қып қол қусырып,
Патшаға бала келiп сәлем бердi.
– Әй, Бақтияр, алмаймын сәлемiңдi,
Сен үшiн жасыттым бар дәмелiмдi.
Ат жемнен қолыңды босатпас ем,
Басында бiлсем мұнша әлегiңдi.
Бақтияр айтты: – Аз алал көп арамнан бұғады екен,
Сынарда сүрткен күйе жұғады екен.
Ұлық пенен сәбиге амал бар ма,
Демiнiң ауған жағын ұғады екен.
Патша айтты: – Бақтияр, асты көңлiң неден,
Әншейiн есiрiксiң жол бiлмеген.
Бiр менi аман қойсаң болмас па едi,
Бейшара, ойың жоқ-ау өлдiм деген.
Бақтияр айтты: – Жайлы орын алдың тақтан,
Ысылған адам емен телiм баққан.
Алал қуып әдiлдiк және қылар
Деп, үмiтiм өзiң мен жалғыз Хақтан.
Жiгiттер, басыңа нақақ жала байланбасын,
Сүйенген иең терiс айланбасын.
Әттеген-ай, дегенмен кетер ме екен,
Отызға да келмеген қайран басым.
Бұл мирас ұлыққа һәркiм жағатұғын,
Көз көрмей сырттан нақақ тағатұғын.
Iс аяғы Алладан айырылғанда,
Бармағын шайнап, санын қағатұғын.
Падишаң сендi өңшең тарапшыға,
Алал қуып алдынан таратты ма?!
Шаһардан бiр салт кiсi жолықпай ма
Бағана дүние кезген қарақшыға.
Олар кезген жан екен сахарасын,
Тып-тыныш бәрiң мұнда сандаласың.
Сендерден падишаға түскен бар ма,
Кетiрдi бейшараның бар шарасын.
Шiркiн-ай, өзi нағып ысылған жан,
Бейшара зарлайды екен қысылғаннан.
Шаһардың iшi-тысы шулап отыр,
Мұндай ұл не тусын деп мұсылманнан.
Өлтiргелi қылыш қайрайды екен,
Таяу келсе-ақ үлгi айтып сайрайды екен.
Патшаның жұртқа берген уәдесi,
Ертең бала дарада жайрайды екен.
Шал айтты: – Қарызы менде емес пе оның, халық,
Далада ендi бой күтiп қорынбалық.
Тiрiде тiл қатысар болар ма екен,
Барайын бейшараның тонын алып.
Фарқы Сауар солай деп шыға салды,
Қосарға таңдап жүрiп бiр ат алды.
Келсе, жаңа дараға енген екен,
Байқа деп кiм айтады мына шалды.
Бақтияр айтты: – Iсiм Хаққа мәлiм екен,
Сыртымнан шаққан кiсiм залым екен.
Мұсылмандар, жарылып жол берiңдер,
Бейшара анау менiң шалым екен.
Фарқы Сауардың тонды әкеп жырлағаны
Жол бердi кiсi жарылып,
Бала тұр жылап сарылып.
Жасыңнан көзiңдi ашпадың,
Басыңнан бейнет арылып.
Бармысың тiрi, құлыным,
Қуанып тұр ма зұлымың?
Хақ алдында сұрақта
Қиярсың сен де жұлының,
Обалы болар десейшi
Мұсылманның ұлының.
Төктiрер шағып қаныңды,
Солар-ақ болсын нанымды.
Жүгiңдi түгел көтерiп
Ұжмахи қылар жаныңды.
Барарсың, қалқам, ұжмаққа,
Көңiлiңдi Құдай сызды аққа.
Хабарың тидi, қарағым,
Кешегi күнi құлаққа.
Тұр екен басың жалада,
Күнә не, жұртым, балада.
Iнжулi тонның iшiнде
Шықсашы жаның далада.
Өсектiң саған еруi-ай,
Патшаның жиып теруi-ай.
Ол құдықтан кез қылып
Алланың маған беруi-ай.
Көрiп ем түйiп жөнiңдi,
Жеткiздi Құдай сынымды.
Аманат болып қалар деп,
Ап келдiм, қалқам, тоныңды.
Рас-ақ, баладан сөз сұралмады,
Жұртының басы түгел құралмады.
Iнжулi тон, ол құдық деген сайын,
Ханым да, хан да боздап тұра алмады.
Хан айтты: – Жұртты түгел қайырыңдар,
Шалым, сенiң аз ғана зайырың бар.
Бейшара баласы әбден шөлдеп өлдi-ау,
Ендi екеуiн жылатпай айырыңдар.
Патша айтты: – Ханым, жаңа ашылды сенiң үнiң,
Қолыма қайта айланып келдi мұңым.
Жұртым-ау, мына шалың не дейдi өзi,
Айтқаны бастан-аяқ менiң күнiм.
Сен шалдың ести сала шабуың шын,
Ол құдықтан кез қылып табуың шын.
Құданың бергенiне айналайын,
Менiң осы тонменен жабуым шын.
Бақтиярдың шешесiнiң жырлағаны
Тауысты кеңес ұсақтап,
Сөздi бөлдi бұтақтап.
Шешесi байғұс жылайды-ау,
Баласын бара-ақ құшақтап.
Сен бе едiң менiң пырағым,
Бiз көрдiк жолдың жырағын.
Белгiсiз кете жаздаппын,
Артымда жанған шырағым.
Сұраңыз дедi ханымнан,
Қалып едi тiлiм нанымнан.
Айтқаным рас, қарағым,
Шошыған соң жанымнан.
Таң ата зарлай келушi ең,
Сыртыңнан қайғы жеушi едiм.
Осындай ұғыл тапқанның
Арманы бар ма деушi едiм.
Мыналар шақты төндiрiп,
Патшаны мүлде көндiрiп.
Жоғалтам дедi-ау өңшең қу,
Бұйрықсыз отты сөндiрiп.
Тергеуге бiр ай алғыздым,
Тiрiдей көрге салғыздым.
Айланып келiп табуы-ай
Қызырым қосқан жалғыздың.
Фарқы Сауар ол жатыр жылап талып,
Балқыды сөз түгел тыңдап халық.
Екеуiн екi жаққа айырады,
Бiр маңызды адам түу шеттен шыға салып.
Сонда айтады әлгi адам:
Қой, манаптар, жылама,
Мауықтарың басылған,
Қауiптерiң қашылған.
Нәсiптi терiп тауыпсың,
Тағдырда сыртқа шашылған.
Адамзат тұрғай, шырағым,
Мұхит та тасып басылған.
Бәлелерiң ажырап,
Дәулеттiң кiлтi ашылған.
Бала, сен тоқта, шүкiр қыл,
Өзi нәби Жүсiптiң
Кәсiбi қайда шашылған.
Солардың да, шырағым,
Сабырмен толған бағасы.
Бұ күнгi басып тұрғаның –
Бақытты жолдың жалғасы.
Ес ауған күнде не болды
Жүсiптiң он бiр ағасы.
Өмiрiм мұнша сынды деп,
Көңлiңдi кiмге балайсың.
Қой демей, әке-шешеңнiң
Ақылын мұнша талайсың.
Шырағым, мұның балалық,
Пайғамбардан қалайсың.
Көрсеттi Құдай шыныңды,
Қимаушы ем сырттан сыныңды.
Дарадан қалып далада,
Аламын деп пе ең тынымды.
Бәленiң бiттi жарасы,
Көрiндi iстiң арасы.
Құр қайтар ма екен он бестiң
Саған деп құрған дарасы.
Әлгi қарт жүйеледi мол қайырып,
Қолдап жатыр тәуабын тон жайылып.
Әсiресе ханым мен Бақтиярды
Памдаттан шалқар түсте болды айырып.
Тоқтатты әлгi қарттың сөзi басып,
Әйтсе де көп егiлдi өзi жасып.
Бақтияр бойын жиып, көңiлiн тыйып,
Халыққа сәлем бердi-ау көзiн ашып.
Ағалар, шын ба менiң тiрi екенiм,
Рас болса нақақтың бiрi екенмiн.
Халық түгел басында-ақ түйген шығар
Мырзалардың жапсырған кiрi екенiн.
Қарт айтты: – Жеттi, қалқам, ақырыңыз,
Қасты тастап халысты шақырыңыз.
Сенiңмен қырық, көп жұртың бiрге еңiреген,
Дұға қылған байымыз, пақырымыз.
– Жайылды түрлi жаққа бұл хабарым,
Ат жемiнде махбұс жүрдiм жұма жарым.
Мысқалдап түннен күнге айналдырған,
Көп сенiң әмин деген дұғаларың.
Ағалар, жиылушы ең таң жарымнан,
Жан шошынып халыққа сан барылған.
Осы айтқаның ып-ырас, дұғаңды қып,
Ақтауға қорқушы еңдер хандарыңнан.
Көрсетпес талап болса пенде арығын,
Бiр болмай қалды жолда сан зарығым.
Жиырманы, отызды зынданда жеп,
Қырықта Алла тапсырды-ау таң жарығын.
Түбiнде аққа қара жетпейдi екен,
Арам құрғыр алты-ақ күн ептейдi екен.
Өз ниетiң Аллаға мағлұм болса,
Кiсi сүрткен күйеден кетпейдi екен.
Қырық қылды ана он бес мазақ, ермек,
Бос қуандым хан әдiл, таза жер деп.
Қанеки, көрдiңдер ме бар ма екен жұрт,
Құдiретсiз құлға құл қаза бермек.
Бақтияр кеңдедi, жай сермедi,
Айтқан сайын әлгi он бес бай терледi.
Бағана алғашқысы түсiндей боп,
Падиша бойын жиып қайта еңiредi.
Патшаның жырлағаны
Жылайды сонда падиша,
Сөзiмдi тыңда, жараным.
Мен көтердiм көп күнәһ,
Алып кете жаздады-ау,
Он бес қу, сенiң араның.
Иншалла, мiне тарқады
Талайғы көрген бараным.
Орны немен толады
Нақақ салған жараның.
Ақылын қайтiп таптың, жұрт,
Өздерiң құрған дараның.
Памдаттан сөйлеп бiр сөздi,
Татушы ең қорек бесiнде.
Тамсанумен қайтушы ең
Ақшамның батқан кешiнде.
Iс аяғы Алладан
Деушi едiң, соның есiмде.
Бой алдың таяз арыққа,
Көнбеген кiм бар салыққа.
Сол айтқаныңның аяғын
Бердi Алла жарыққа.
Алып кете жаздады-ау, қуыршағым,
Бiлмеппiн сөздiң бұлтағын.
Туысыңнан бiр ауыз
Сыр бермедiң, ұрпағым.
Шашылмай түгел қон, халық,
Шағымды түгел болжалық.
Өлтiрген соң артынан
Шал келсе, жұртым, тонды алып.
Ал сонда не ақыл табар ең,
Қайғымды қайтiп жабар ем.
Бармағым, ернiм шайналып,
Әттең, құр жер сабар ем.
Қалар ма сонда бойымда ар,
Тарқағанды қойыңдар.
Жалғызым таққа мiнгiзем,
Сегiз күн ұдай тойым бар.
Ал, Бақтиярға таң атты қауiп қашып,
Ән салды жұрт, күй тартып, сауық шашып.
Ханым да, Бақтияр да, падиша да
Шүкiрлiк қып кеңестi мауық басып.
Баланың бұлты ашылып бағы жеңдi,
Жұбабы анау балқытты тамам елдi.
Анлар әбден мауық басқаннан соң,
Фарқы Сауар тұра алмай тағы келдi.
Фарқы Сауардың екiншi жырлағаны
Кеттi ме, қалқам, тажалың,
Еруi-ай нақақ жазаның.
Менi айдап саған ап келдi,
Кебiндеп Алла ажалың.
Әлi де, балам, Алла де,
Аяғын не деп жазарын.
Сергiген соң бұл қулар,
Орыңды немен қазарын.
Тұяқсыз кеттiм дегенде,
Жасымды тыйған базарым.
Рас па, қалқам, қалғаның,
Түс болды-ау сенiң жалғаның.
Әдiлдiгiн қара, жұрт,
Айналайын Алланың.
Менi айдап қосты Құдiрет,
Адамнан ақыл сұратпай.
Он бес тұр түгел бүгiлiп
Кермедегi құр аттай.
Әдiлдiгi осы Алланың,
Тонды әкеп ханға көрсеткен,
Қаз қалпын қуратпай.
Тарқаң, қалқам, зiлiңнен,
Қызырдан дұға iлiнген.
Тонсыз сенi дарадан
Алар ма едiм тiлiммен.
Бақтияр айтты: – Арманым менiң қалың,
Әлi де байқағанға демiм жалын.
Иншалла, өзге жара тегiс бiттi,
Соның қайтып толады-ау сенiң, шалым.
Шал айтты: – Қарағым, жамандықты
қалдыралық,
Жұбапты орны-орнына салдыралық.
Сен қағаз жаз, падиша мөрiн бассын,
Ағаларыңды түгел тойға алдыралық.
Далада жатыр өңшең пақыр ағаң,
Терiп жүрген ризығы шашыраған.
Қырыққа шырақ болған қарағым деп,
Желге, күнге тигiзбей асыраған.
Иншалла, келдi, қалқам, нақ тазалық,
Оларға келдi уақыт мақтанарлық.
Қосармен бiр ептiлеу жiгiт барсын,
Мөр басып сенгендей қып хат жазалық.
Ал Бақтияр хат жазды аналарға:
«Қырық күн түк тапқан жоқ паналарға.
Ортада көрген мұңым келер емес,
Қол терiп ауыз айтып саналарға.
Ағалар, күнiм шығып, атты таңым,
Құдiрет су сепкен соң жатты шаңым.
Халық жеңдi, хан әмiр қалай қылар,
Маған ажал iздеген өңшең залым.
Тура қырық күндей мазам кеттi,
Сыртымнан шықпайтын ор қазам дептi.
Құдай айдап тонды алып тура бастап,
Дәл дараның түбiнде дадам жеттi.
Ағалар, ендi алды-артым көрiндi ашық,
Быт-шыт боп бәле үркiп кеттi қашып».
Фарқы Сауар қол қойды сендiруге,
Азатбақыт падиша мөрiн басып.
Көңiлi шат, қызық пен той барша халық,
Он бес жүр құрсауланып шабанданып.
Түс шенiнде ол құдықтан табамын деп,
Қосармен кеттi бiреу қағаз алып.
Хат қойнында, бiр қосар ат жанында,
Таяп кеп қонды күннiң батқанында.
Ал ертең құдықтан таппасын ба,
Астында шалқар түстiң жатқанында.
Жұлындай боп көрiндi бiр жалғыз шаң,
Онда олар аз нәрсенi қылмайды таң.
Өзiндей екi есеге қамданады,
Оныңа, отызыңа жылмайды заң.
Ол күнде жүрiсi аттың күшiнде ақыр,
Сөз сермеулi тiлiнiң ұшы батыр.
– Мырзалар, артым таза, қарамаңдар,
Мен бейбiт, – деп атынан түсiп жатыр.
Болғанша шығарсын ол демiн нағып,
Сиқыр ма дедi олар қимыл қағып.
«Мырзалар, сүйiншi» деп анда-санда,
Көрiсiп болды қуың жымың қағып.
Хабаршыға келгеннiң жырлағаны
Деп алыстан айтады:
– Сөзiмдi тыңда, мырзалар,
Мен дәулеттiң хабары,
Өмiрлерiң шырғалар.
Қырық азамат, сүйiншi,
Қызыққа мейiлiң бiр қанар.
Көрдiңдер салдың ұдайын,
Бiзге мағлұм бұл жайың.
Балаларың ұстап тұр
Төрт түлiктiң ұдайын.
Айтқан сайын отырлап жiбермейдi,
Талапсыздың жұрт атын бiлер ме едi.
Балаларың деген соң түгел босап,
Бейшаралар күңiренiп жылай бердi.
– Қарағым, бiзден кеткен жалғыз жарық,
Бұлтша шөгiп көңiлде қалды зарық.
Қонағым, сөзiңдi ашып түгел ұқтыр,
Қыдырша тұрсың бүгiн нағып дарып.
Әлгi айтты: – Отырыңдар, сөз құралық,
Еңiредi зарығыңа жұрт бұралып.
Әуелi мына хаттан тiл алыңдар,
Қалғаны болса ауызша ұқтыралық.
Хатты ашса, бастап айтты Құдайдаттан,
Қырық күнiн түгел сап ұдай жатқан.
Ағалар, Құдiреттен әдiлдiк кеп,
Айықтым таңым атып бұл ғайыптан.
Түгел кел iркiлместен жарығыңа,
Көз көрмей нанбайсыздар зарығыма.
Иншалла, Қыдыр бүгiн дұға бердi
Жомарттықтан шайқаған арығыңа.
Ағалар, бастапқы атым өзiң қойған,
Қырық күн жас тұрмастан көзiмдi ойған.
Туралық жолдас болса пендесiне,
Болмайды екен бой тартып сөзiн жойған.
Балқыды ағалаған хат зарына,
Жеттi көз әлi тiрi, нақ барына.
Түгел санап оқуға бой тоқтатпай,
Жабылды жылай-күле аттарына.
Сол күнде-ақ қызық болып желiктiрдi,
Құдiрет құлға құлды телiттiрдi.
Аттанып ара қонып ертеңiнде
Әскерше жарқ-жұрқ етiп келiп кiрдi.
Әскердей келiп кiрдi жарқыл қағып,
Қайғылары түп-түгел сарқылды ағып.
Он бесi тұр сойылатын малша иiлiп,
Көрiңдер ақ-қараның артын бағып.
Сол күнде-ақ амал құрғыр таюлы екен,
Алалдың түбi сайып баюлы екен.
Аттарынан түгел түсiп жаяуласты,
Кiретiн көше атласпен жаюлы екен.
Жеткен бар Құдай демей араны ашқан,
Келiп кiрдi күнi ертең тарамастан.
Бiр кәрiсi бас салды Бақтиярды,
Сәлем алып беруге қарамастан.
Отыз тоғыздың бiр ақсақалының жырлағаны
Қарағым, тiрi бармысың,
Һәр iстiң көрдiң жармысын.
Жыр тұрғай, жөн сөз бiлiп пе ем,
Қатылған тiлдiң зарлысын.
Жамағат, сөкпе, шерлiмiз,
Сөйлеуге мұрса бердiңiз.
Осымен екi жiбiдi
Кезерген күнде ернiмiз.
Бұл не-дүр мұңнан сау халық,
Артылып сөйлеп аумалық.
Құдiрет қосып құдықтан
Алты жыл сүйдiк тауып алып.
Бүгiн кеп сүйдiм, халығым,
Бiз көрдiк күйдiң шалығын.
Өткендi термей қоялық,
Артқы ағаң түгел көрiссiн,
Шүкiрлiк етiп қоялық.
Тұрсын жұрттың босамай сырты нағып,
Сынап жатыр ойшы ойлап, жыршы бағып.
Өзгелерi көрiсiп қысып-қысып
Бейне бұршақ жас көзден тұрды ағып.
Қартайып кеттi бiзден дәрменiмiз,
Арылды бойымыздан арманымыз.
Бақтияр таққа мiнсiн, жамағаттар,
Қол жайып дұға қылсын шалдарыңыз.
Ал Бақтияр тақ мiндi бағы толып,
Қара қылды қақ жарған әдiл болып.
Әмин деген ықыласы жеткiздi ақыр,
Дос көбейiп дұшпанның сағы солып.
Той болып үлкен жұрт сапырылып,
Дiрiлдеп дұшпан шөп боп жапырылып.
Ажал ма екен, жоқ па екен, байқаңдар,
Анау он бес келедi шақырылып.
Дараға жұрт шықты төбеленiп,
Сенделiп он бесi шықты әумеленiп.
Бейшаралар малша келiп қарап тұрды,
Бағасы шорт кесiлiп саудаланып.
Он бесiн айдап келiп тергеуге алды,
Ұялғаннан бастарын жерге салды.
Падиша қылыш қайрап өлтiрем деп
Бек хан да ашу қылып қаһарланды.
Падиша қаһар қылып састырыпты,
Құлдық деп өңшең залым бас ұрыпты.
Қанды қанмен жумаңыз[деп] Бақтияр,
Он бестi тiлеп алып жасырыпты.
Ертең кеңес қылады Бақтияр кеп,
Жанын иман мен қасам желiп.
Һәр болысқа таратып мөр басалық,
Ақылға осы болды-ау толымды еп.
«Бақтияр» үшбу жерден тамам болды,
Қас қылған дұшпандары аман болды.
Зейiн, өнер Құдайым бәрiн берiп,
Жасында-ақ патшазада кәмiл болды.
Һәр болысқа мөр басып таратыпты,
Ақылын Бақтиярдың жаратыпты.
Бақ берiп жасынан-ақ Құдай қалап,
Бар жұртты өз аузына қаратыпты.
Қаратты өз аузына жұртты билеп,
Һәр уақыт жақсылықтың жолын күйлеп.
Пәтшағарлар қас қылған жауыздарды
Құдай бердi қолына нанша илеп.
Құдай-а, сондайдардан өзiң сақта,
Не қылса да әмiрi жалғыз Хақта.
Қысасқа қысас қылмай қоя берген,
Асылзат деп, жамағат, соны мақта.
Жамағат, тамам болды, қолыңды жай,
Һәркiмдi өстiп жеткiзсiн патша Құдай.
Нәшiрi, сiздерге де мағлұм болсын –
Бектуған, әкесi деп Сиқымбай.