Қисса Шәкір, Шәкірат падиша Һашым балалары

Қолыма қалам алдым хат жазғалы, Бiрталай заман болды халық азғалы. Тыңдаңыз құлақ салып, жамағаттар, Дейтұғын Шәкiр, Шәкiрат сөз қозғалы. Бақтияр* тек отырып зар еңiреген, Ғарiп басым жалғаннан өттiм деген. Жамағат, құлақ салып тыңдап отыр, Бар екен бiр падиша Һашым атты. Бiр падиша бар екен Һашым атты, Ел-жұртына бек...

Kazakh
Қисса Шәкір, Шәкірат падиша Һашым балалары
Қолыма қалам алдым хат жазғалы, Бiрталай заман болды халық азғалы. Тыңдаңыз құлақ салып, жамағаттар, Дейтұғын Шәкiр, Шәкiрат сөз қозғалы. Бақтияр* тек отырып зар еңiреген, Ғарiп басым жалғаннан өттiм деген. Жамағат, құлақ салып тыңдап отыр, Бар екен бiр падиша Һашым атты. Бiр падиша бар екен Һашым атты, Ел-жұртына бек әдiл, салтанатты. Шәкiр, Шәкiрат дейтұғын екi ұғлы бар, Әйбәттi балалары балдан тәттi. Һашым атты падиша әуел баста Һеш зияны жоқ едi қарындасқа. Балаларын бек жақсы көредi екен, Бiреу он үш, бiреуi он бiр жаста. Һашым патша өзi бек мерген екен, Ол екi баланың шешесi өлген екен. Шәкiр, Шәкiрат дейтұғын екi бала Жас күнiнен жетiмдiк көрген екен. Шәкiр, Шәкiрат шешесi өлiп қалған, Падиша бiр жас қатын тағы да алған. Әкесiн кәрiсiнiп әлгi талақ Ең кiшiсi Шәкiрге ғашық болған. Мұның ғашық болғанын бала бiлмес, Һашым патша әкесi және бiлмес. Әлгi талақ балаға ғашық болып, Құса болып жүредi ертеңдi-кеш. Ағасы Шәкiрат бiр күн аң аулады, Бес жүз әскер қасына ертiп алды. Әкесi және аңға кетiп қалды, Шәкiр бала үйiнде жалғыз қалды. Әкесi ол күн аңнан келе алмады, Ағасының хабарын бiле алмады. Шәкiр бала тамаққа тойып алып, Мамық төсек үстiнде ұйықтап қалды. Сұм шешесi орнынан тұрып келдi, Жамандықты көңiлге салып келдi. Ұйықтап жатыр едi Шәкiр бала, Жап-жалаңғаш қойнына кiрiп келдi. Шәкiр бала оянды көзiн ашып, Кiшi шешесi бауырында жатыр басып. Өз шешесi екенiн бiлгеннен соң, Шәкiр бала бұлқынды асып-сасып. – Әй, қарағым, бұлқынба асып-сасып, Айналайын, мен болдым саған ғашық. Iшi-бауырым елжiреп бара жатыр, Қарағым, бiр жатсаңшы мауқым басып. Сен маған лайықсың, айналайын, Қартайған сұм әкеңдi не қылайын. Сұм әкеңе у берiп өлтiрейiн, Не қылсаң да қарсыңда мен тұрайын. Шәкiржан бұ сөзiне шыдамады, Шешесiнiң аузына қойып қалды. Жап-жалаңғаш сытылып тұра қашты, Ол шешесi тыпырлап ойбай салды. Шәкiр бала жалаңғаш қашып кеттi, Ол шешесiн Құдайым бейшара еттi. Аңын аулап, ол күнi түзге қонып, Ертеңгi күн падиша жетiп келдi. Келе қатын жылауда, шашын жайған, Екi бетi жыртулы, ойбай салған. Аузы-мұрны қан болып отыр жылап, Падиша «не болды?!» деп қайран қалған. Патша айтты: – Не болды, қатыным, саған, Басыңа не iс болды, айтшы маған? Патшаны көргеннен соң өршеленiп, Өксiгiн баса алмады ойбай салған. Ханым айтты: – Басымдан кеттi бұлым, Қойныма қолын салды Шәкiр балаң. Алмайсың деп шиедей қылып кеттi, Кәрiге тиген менiм қандай сорым! Төсекте жатыр едiм келдi маған, «Не ғып жүрсiң?» деп жауап бердiм оған. Өз шешесi болсам мен бүйтер ме едi, Өгейлiгiн бiлдiрдi Құдай ұрған! Балаң айтты: «Сен де жас, мен де жаспын, Саған ғашық боп жүрген мен бiр маспын. Әкемдi тез өлтiрiп, сенi алайын, Кәрiге сенi қор ғып не қылайын». Сөйттi дағы үстiме қарғып мiндi, Тақымынан бұлтарып кеттiм ырғып. Сен менiм айтқаныма көнбедiң деп, Аузым менен мұрнымды кеттi дал ғып. Дауыстап ойбай салдым түсiп қашып, Жап-жалаңғаш жөнелдi асып-сасып. Қуып едiм соңынан, ұстатпады, Киiмiнiң бәрiн де қалдым басып. Ей, патша, өзiң қылсаң менi қатын, Ол ұғылыңның естiдiң айтқан сөзiн. Харам туған ұғылыңды өлтiрмесең, Бұл жалғанда кетпейдi тоқал атым. Ей, патша, балаң сөйтiп қылды мазақ, Қорлық қылып басыма салды азап. Балаң, өзiңе тең қатын болып, Қор болғанша бiр жаққа кетем ұзап. Падиша бұ сөздi естiп қаһарланды, Жендеттерiн шақырып жиып алды. – Шаһардан тысқа апарып, харамды өлтiр, Бауызда! – деп жендеттерге жарлық қылды. – Жендеттер, басын кесiп өлтiрiңдер, Көйлегiн қанға бұлғап келтiрiңдер. Жазасын адам пенде есiтпесiн, Бiр сағатта жоқ қылып келтiрiңдер! Шаһардан тiрi шығар, тысқа апарып Басын кесiп, өлтiрiп кел iшiн жарып. Жендеттер арқан тағып ап жөнелдi, Зар-зар жылап жөнелдi байғұс ғарiп. Жендеттер ап жөнелдi ортаға ала, Зар-зар жылап барады ғарiп бала. Падиша бiр ауыз сөз сұрамастан Қатынның тiлiне ердi, бар ма шара?! Жендеттер айдалаға алып келдi, Жендеттiң өлтiрерiн бала бiлдi. – Бiр қасық қанымды қи, өлтiрме, – деп, Жендеттерге жалынып зарлады ендi. Шәкiрдiң жырлағаны Жендеттер, менi өлтiрме, Жаныма қаза келтiрме. Һеш жазығым жоқ едi, Шағым тiлмен келтiрме. Бұ дүниеден кетермiн, Шын дүниеге жетермiн. Менi өлтiрме, жендеттер, Арманда боп кетермiн. Өлтiрсең сендер өткенiм, Шын дүниеге жеткенiм. Аң аулап кеткен ағама Амандаспай кеткенiм. Ағам кеттi аң аулап, Бес жүз ермен жау жаулап. Сұм шешемнiң iшiне Шайтан жақты от қаулап. Шешем өлген жетiм ем, Шерлi болып кетiп ем. Өгей шешем тiлiн ап Мен әкеме нетiп ем?! Күнәсiз өскен баламын, Арманда боп барамын. Жаны ашымас сұм шешем Өлтiрттi жалған жаламен. Қатын тiлiн шын көрдi, Мұнын үлкен мiн көрдiм. Бiр ауыз сөз сұрамай, Бейкүнә әкем өлтiрдi. Арманым қатты, дертiм зор, Өгей шешем қылды қор. Өз шешемнiң жоқтығы, Маңдайымда қалды сор. Жалған өсек бойыма ар, Аң аулап кеткен ағамды Бiр көруге болдым зар. Өлтiрме менi, жендеттер, Бәрiң де мендей болыңдар, Жазықсыз менi өлтiрсең, Балаларың болар зар. Менiм тiлiм алыңдар, Менi бiр жолға салыңдар. Көйлегiмдi қан қылып Атама алып барыңдар. Атамның көңiлi басылсын, Жұмылған көзi ашылсын. Дүниеде қор болып, Дүниелiгi шашылсын. Қаныма ортақ болмаңдар, Обалыма қалмаңдар, Жазықсыз едiм, жендеттер, Бұ зарымды тыңдаңдар. Көзiмнiң жасын көрiңдер, Маған бiр тiлек берiңдер. Һеш жазығым жоқ едi, Тiлiме менiң сенiңдер. Құдай үшiн кешiңдер, Мойнымдан арқан шешiңдер! Мен ғарiпке сауап қыл, Жақсылық жолға түсiңдер. Тiлендi деп сөкпеңдер, Обалыма ортақ боп, Қанымды жерге төкпеңдер. Өлтiрдiк деп әкеме, Өтiрiк айтып барыңдар. Өгей шешем не қылсын, Әкемнiң жерi кеңейсiн, Көңiлi өсiп семiрсiн. Жендеттер, менi қоя бер. Қиямет жолына айдарлар, Жалғандан сендер өтерсiң Алдарыңа қазған көр, Жендеттер, бәрiң өлерсiң, Тас-таразы көрерсiң Жазықсыз менi өлтiрсең, Перiштелер сұраса, Не деп жауап берерсiң?! Бұ сөзiмдi тыңдаңдар, Жаныма жапа қылмаңдар. Шағым тiлмен өлтiрiп, Қаныма ортақ болмаңдар. Мен бiр жаққа кетейiн, Мұнда тұрып не етейiн. Обалымды сендер көтерме, Тентiреп өзiм өтейiн. Бейшара осылай деп көп жалынды, «Жендеттер, менi өлтiрме», – деп жалынды. Жендеттер өлтiруге көзi қимай, Бәрi бiрдей жыласып бек зарланды. – Шырағым, көп жылама, өлтiрмелiк, Басыңа қатты азап келтiрмелiк. Құлақ естiп, көз көрмес бiр жаққа кет, Әкеңе өлтiрдiк деп бiлдiрелiк. – Жендеттер, бiр құрақ бер ендi маған, Тәңiрi алдында разы болдым саған. Тiрi болсам жалғандан қайтарармын, Өлiп қалсам, Аллаға не-дүр шарам. Бұ жендеттер жұдырықтай алтын бердi, Бәрi бiрдей жаны ашып есiркедi. Бiр қой сойып көйлегiн қанға бұлғап, Шәкiрдi жап-жалаңғаш қоя бердi. Жендеттер падишаға қайтып келдi, Көйлегiн қанға бұлғап алып келдi. Падиша көйлектегi қанды көрiп, Қайғы отын шығарып «уһ!» дедi. Шәкiр бала жүгiрдi жап-жалаңғаш, Бұ сөздi ұғып отыр, ей, қарындас. Үш күн, үш түн жүгiрдi зар-зар еңiреп, Көзiнен аққан жасы қан аралас. Ағасы Шәкiрат аңнан келе жатып, Құлағына бiр дауыс естiледi. Қарап тұрса, бiр адам жап-жалаңғаш Жүгiрiп келе жатқан көзi көрдi. Жiбердi бiр жолдасын Шәкiрат бала, – Бұл адам неткен адам, барып қара! Бiр адам шылбыр қағып шауып кеттi, Өзгесi тамаша етiп қарап тұрды. Ол адам қатты шауып жетiп барды, Шәкiрмен аз сөйлесiп хабар алды. Шәкiрден өзге сөздi көп сұрамай, Таныған соң жалбырап қайта шапты. Ол адам айғай салып атау бердi, Атау берiп жүргенде олар көрдi. Шауып барса, Шәкiраттың өз iнiсi, Атынан қарғып түсе зар иледi. Шәкiрат түсе зарлады аттан қарғып, Екi көзден жас кеттi ырғып-ырғып. Көргенден соң [Шәкiрат] жаны ашып, Iнiсiн құшақтады барып зар ғып. Шәкiраттың жылағаны Қарағым, саған не болды, Не бәле болды бұ түрлi?! Аһ дегенде лебiзiң Жүрегiмдi солдырды. Сұм жүрегiм жарылды, Бұ кең дүнием тарылды. Айтсаңшы, қалқам, зарыңды, Iшiңдегi барыңды. Жұмақтайын жайнады, Көңлiме қайғы байланды. Болған екен зор бәле, Сорым менiм қайнады. Қайғы түстi басыма, Зарлық деген осы ма. Жанымды құрбан қылайын, Көзiңнен аққан жасыңа. Қарағым, қалқам, бауырым, Нұрлы туған бауырым. Не болды, қалқам, айтсаңшы, Жерден жылмас жауырым. Жапанда жүрдiң зар қылып, Киiмнен мұздай айрылып, Қанатыңнан қайрылып, Жасыған жездей майрылып. Киiмiң жоқ, жалаңғаш, Екi көзден ағып жас, Не зор бәле iс болды, Жылама, бауырым, мауқың бас. Анадан жетiм қалдық жас, Зарлансақ ана табылмас. Мұңыңды айтшы, ей, қалқам, Естiсiн мынау қарындас. Әкең сенiң ұрды ма, Өгей шешең қылды ма, Тiлi тиiп бiреудiң, Сағың жаман сынды ма? Кiм сындырды сағыңды, Қандай адам бүлдiрдi, Сенi қылған қай дұшпан, Iшiмдi оттай күйдiрдi. Көңлiме салдың түйiндi, Айтпасаң жауап қиын-ды. Ұры тонап алды ма Үстiңдегi киiмiңдi? Табаның жерге тигiзiп, Маңдайың күнге күйгiзiп, Сенi қылған кiм, қалқам, Айтсаңшы маған бiлгiзiп! Сен өлген жерде өлейiн, Сенсiз не күн көрейiн, Зарыңды, қалқам, айтсаңшы, Әбден естiп бiлейiн. Ағасы сөйтiп айтып көп еңiредi, Шәкiр iнiм, сырыңды айт деп еңiредi. Бiр заманда ес-түсiн жиып алып, Көргенiн бiр-бiрден хабар бердi. Шәкiрдiң жырлағаны Қарағым, қалқам, ағекем, Өлшеулi күнiм бар екен. Тiрi сенi көрсеткен, Аллаға iсiм ақ екен. Көремiн сенi деп пе едiм, Көкейiмнен кетпедiң. Кетерiңде бiреуге Неге тапсырып кетпедiң? Көремiн деген ойда жоқ, Хасылым бойда жоқ, Мен сор-ау не көрмедiм? Күйiп-жанып болдым шоқ. Сен кеттiң, ағам, аң аулап, Сұм шешенiң iшiне Шайтан жақты от қаулап. Әкем кеттi бiр жаққа Алыс кеттi ұзаққа, Мен сорлы үйде қалам деп, Қалдым мұнша азапқа. Шешемдi Құдай ұрыпты, Маған ғашық болыпты. Көңiлiн маған аударып, Шайтандық жолға түсiптi. Төсекте жатсам ұйықтап, Бiреу келдi қойныма, Шынтағымен итерiп. Ұстай алдым қолынан, Бiлсем едi бұрыннан, Шешем екенiн танысам, Адасып жүрген жолынан. Шешем айтты: «Мен едiм, Жаным, тәнiм сен едiң, Саған бұлай не болды? Iшқұса болып жүр едiм. Кәрi әкеңе тимеймiн, Кәрiлiктi сүймеймiн. Өлтiрейiн у берiп, Саған тимей өлмеймiн Шыдай алмай дертiмнен, Танбаймын қылған сертiмнен». Айқайлады құшақтап, Отым шықты бетiмнен. Тұра қаштым төсектен, Қашайын деп өсектен. Тұра сала бiр қойдым, Жұдырықтай кесекпен. Тұра қуды жалаңбас, Тұра қаштым жалаңғаш. Бетi-аузым шаяды, Екi көзден ағып жас. Жете алмады ойбайлап, Екi бетiн ап тастап, Жап-жалаңғаш бiр үйде Жатып алдым жан сақтап. Шашын жайып жылаған, Көзi-басты бұлаған. Екi түсте әкем кеп, «Не болды?!» деп сұраған. «Не болғаның құрысын, Балаң екен ырысың. Балаң қатын қылды деп, Iшiм қайтiп жылысын. Далада қаңғып жүресiң, Мен қалармын күйiгiңе, Балаңнан сен өлерсiң. Ғашық боп маған жүр екен, Iшi толған кiр екен. Сенi өлтiрем дей екен, Жетiм – жаудың бiрi екен. Балаң маған қол салды, Есiтпеген жол салды. Жатқан жерден қосақтап, Бұл не деген заң салды?! Тұра қаштым төсектен, Қашайын деп өсектен. Кетпейсiң деп бiр қойды, Жұдырықтай кесекпен. Аузы-мұрным қан болды, Үстi-басым дал болды. Жоқ сұмдықты шығарып, Бұ не деген заң болды? Тұра қаштым ойбайлап, Бетiмдi жырттым ойбайлап. Даусымды естiп бiр адам Келер ме деп айғайлап. Балаң қашты жалаңғаш, Соңынан қудым жалаң бас, Даусымды естiп оянып, Түнде келмедi жан қарындас». Шешем шықты бұлай деп, Балаң жайы солай деп. Ашу қылып кiруге, Жастан қосқан Құдай деп. Қатын тiлiн жақ көрiп, Мұнын үлкен мiн көрдi. Әкем менен бiр ауыз Сөз сұрамай ақырды, Жендеттерiн шақырды. Жүзiқара қатыны Дүниенi сапырды. Жендеттерi жүгiрiп, Қолдарын тұтып жүгiнiп, Қаһарына әкемнiң жолығып, Ойымнан кеттiм жаңылып. Жарлық бердi жендетке, Айтқанымды қоста деп, Баламды дереу ұста деп, Көшеден тысқа шығарып, Өлсiн, сойып таста деп. Шешем мас боп кенелдi, Көңiлi тынып теңелдi. Арқан тартып мойныма Жендеттер алып жөнелдi. Жендеттерге жалындым, Көп жалынып зарландым. Бiр көре алмай кеттiм деп, Ағекем, сенi сағындым. Өлерiмдi аңладым, Жендеттерге жалбардым. Киiмсiз ғып қу кедей, Жаныма қаза кетiрдi, Жендеттер менi есiркеп, Қоя бердi өлтiрмей. Қалған соң жаным кенелдiм, Ғарiп болып жүдедiм. Жендетке қайта жалынып, Азық бер деп тiледiм. Алтын бердi бiр жендет, Мұндай қылған Құдiрет. Үш күн, үш түн жүгiрдiм, Ағеке, көрдiм көп бейнет. Үш күн, үш түн жүргенiм, Дамылсыз жүрiп келгенiм. Бастан-аяқ, ағеке, Осы менiм көргенiм. Шәкiржан бар сөздi айтып зар жылады, Ағасы бәрiн тыңдап ұғып алды. Бұ не деген зор бәле iс болды деп, Шәкiратжан жолдасына ақыл салды. Шәкiраттың жырлағаны Ей, жолдастар, жолдастар, Жең iшiнде сырластар. Жаны жанға қосылған, Жаннан тәттi мұңдастар. Берi таман келiңдер, Бұ сөзiм естiп бiлiңдер. Жалған айтпас Шәкiрiм, Бұ iске нанып сенiңдер. Шешем[iз] жоқ жетiм ек, Шерлi болып кетiп ек. Өгей шешем тiлiн ап, Әкемiзге не етiп ек? Әкенiң iсi көп екен, Шешесiз күн жоқ екен. Өгей шеше дегенiң Ажалға тұрған оқ екен. Әкеден бала озар ма, Аналы бала тозар ма?! Өз шешемiз бар болса, Қаласын бүйтiп бұзар ма? Құдай алған анасын, Әкемнiң алған санасын. Алмаса Құдай санасын, Бiздi неге қаласын. Өгей шеше қарасын Көңлiндегi аласын, Өгейлiгiн бiлдiрiп, Балаға жапты жаласын. Қатынның тiлiн ақ қылып, Өлтiрттi әкем баласын. Жолдастар, бұған амал не, Табыңдар сендер шарасын. Баяғыдай болар ма, Пайтағына қонар ма?! Бiр қаңғырған iс екен, Ендi жұрт боп оңар ма?! Әкемiзге барармыз, Ақ едiк деп жылармыз. Қатын тiлiне ерген соң, Қайтiп адам болармыз?! Қатын айтпас жалған деп, Мен едiм демес барған деп, Күнде шағып өлтiрер, Мұнан көңiлiм қалған деп. Шешеден қорлық көрермiз, Қазадан жетсе өлермiз. Сүтке тиген күшiктей, Қайтiп қор боп жүрермiз? Мен де бiрге кетейiн, Iнiмнен қалып не етейiн? Жалбыз терiп жиекте, Қол ұстасып өтейiн. Рұқсат берiң, жолдастар, Батыр жiгiт қол бастар. Бiзге рұқсат берiңдер, Жаннан тәттi мұңдастар. Атымды да алыңдар, Тонымды да алыңдар. Көйлегiмдi қан қылып, Әкеме алып барыңдар. «Шәкiратты да өлтiрдiк, Жанына қаза келтiрдiк, Шешесiн мұндай қылған соң, Тұқымынан бiтiрдiк». Ат-тонымды алыңдар, Әкеме алып барыңдар. Көйлегiмдi қан қылып, Сұм әкемнiң алдына. Апарып жайып салыңдар. Көйлегiмдi көрiп қуансын, Қатыныменен жұбансын. Ақырында көрерсiң, Тақытынан түсiп қуарсын. Ағасы сөйдеп айтып зар еңiредi, Жолдастары шулап бiрге еңiредi. Атын, тонын тапсырып амандасып, Шәкiрмен қол ұстасып жүре бердi. Екеуi қол ұстасып жаяу жүрдi, Бiр үлкен асқар тауға таяу жүрдi. Неше күндей аш едi, әл қалмады, Тау үстiне шыға алмай дем құрыды. Сандалып әрең шықты тау басына, Зар еңiреп сиынады Алласына. Құдайға мiнәжат қып жылап едi, Тас балқыды жылаған көз жасына. Екеуi таудан асып ендi жүрдi, Бiр жар асудың түбiнде су көрiндi. Ана судан су iшiп жаталық деп, Екеуi қол ұстасып жетiп келдi. Содан келiп су iшiп дамыл алды, Шаршап жүрген байғұстар ұйықтап қалды. Әбжылан дейтұғын жылан арбап, Шәкiрдiң жатқан жерде жанын алды. Шәкiрат бала оянды ендi тұрып, Iнiсiне қарады мойнын бұрып. Шәкiрдiң қашып түсi кетiп, Өлген кiсiдей жатыр ұсынып. Шәкiр бала жалғаннан өтпесiн бе, Құдай қаза берген соң кетпесiн бе? Ағасы көп шақырды, тебiренбедi, Iнiсiнiң қол салды өкпесiне. Өкпесiне қол салса өлген екен, Ыстық жаны кеудеден шыққан екен. Жылан арбап алғанын бiле алмайды, Бейшара нала болып көп еңiреген. – Құдай-а, айналайын құдiретiңнен, Пендеңдi құтқармадың бейнетiңнен. Жалғыз жолдас бауырынан айрылып, Бұ жартастың түбiнде зар еңiреген. Шәкiраттың жылағаны Айналайын, Құдайым, Бiр өзiңе жылайын. Жалғыз бауырым өтiптi, Ендi нешiк қылайын?! Жалғыз бауырым өтiптi, Тағдыр бүгiн жетiптi. Арыздаспай, қоштаспай, Жым-жырт болып кетiптi. Өтерiн мұның бiлмедiм, Ұйықтамай неге жүрмедiм. Арманда боп айрылып, Елдегi сорлы мен болдым. Қанатымнан қайрылдым, Жасыған жездей майрылдым. Қуатым, жалғыз бауырым, Сенен неғып айрылдым? Әрi-берi ойлансам, Өлiмге мен де байлансам. Тұра ма екен бауырым, Тұра салып айлансам. Осылайша ойланды, Тұра сала айланды, Бiр Құдайға жалбарды, Ақыл таппай сандалды. Тұр деп едi, тұрмады, Жалғанға мойын бұрмады. Бейшара болған ағасы Тағы отырып зарланды. – Жалғанда, бауырым, кеттiң бе, Шын дүниеңе жеттiң бе? Мен бейшара ағаңды Жалғыз тастап кеттiң бе? Күнi жеткен күнде өлер, Қаңғыртты әкем беп-бекер, Жалғыз қайда жүрермiн. Жас қалып едiк анадан, Қашып едiк жаладан. Құдiретiң бар, Құдай, Құтқармадың бәледен. Анадан жас айрылдым. Бауырымдан және айрылдым. Бұ дүниеде зар болдым, Жалғыз қалып қаңғырдым. Жалғыз қалып не болдым, Аш күзендей маған не берер, Бұ дүниеден түңiлдiм. Ел iздеп табар ерiм жоқ, Құдайдан басқа сөзiм жоқ. Кебiнсiз жатыр бауырым, Бiр шұлғаулық бөзiм жоқ. Кетпенiм жоқ оярға, Әз бойыңды қоярға. Жолым бар ма қайтейiн, Маңдайға тиген көп сорға. Әз бойыңда мiнiң жоқ, Мен сорлыда тыным жоқ. Қасыма ерткен iнiм жоқ, Iнiмсiз менiм күнiм жоқ, Жақсы маған жүру жоқ. Жапанда қуарып қалдың ба, Кебiнiң жоқ, көрiң жоқ? Пендесiн алды Құдайым, Тiл тигiзбей жылайын. Ашылмаған налуым, Ендi қайда барайын? Сен өлмедiң, мен өлдiм, Жалғыз қалып не көрдiм? Арыздаспай, қоштаспай, Бу болып, қалқам, жөнелдiң. Кебiнiң жоқ, көрiң жоқ, Жан ашып iздер елде жоқ. Ақыл таппай сорлы ағаң, Күйiп-жанып болды шоқ. Қу жартас болды тұрағың, У ма едi iшкен бұлағың? Ит пен құсқа жем болып. Қалғаның ба, қарағым? Көп жылауда пайда жоқ, Өлер деген ойда жоқ. Терең қазып көмерге, Кебiн, кетпен бойда жоқ. Алтын қойсам басына, Жазу жазсам қасына, Сауап үшiн көмер ме, Бiреу келсе қасына. Қара тасқа хат жазды, Шәкiр деген ат жазды. Адам мұнда кез келсе, Көмiңдер деп хат жазды. «Мұсылман пенде кез келсең, Құдай үшiн көмiңдер, Алтынды олжа көрiңдер. Бiр құрақ бөз кебiн қып, Қарыз қылмай берiңдер. Арманда өткен асыл зат, Ендi бұған сенiңдер. Кiммен-кiм кеп жолысып, Шiрiптi деп торығып, Алтынын алып көмбесең, Бiр құрақ бөздi бермесең. Басындағы алтынын Бiр құрақ бөздей көрмесең, Ақыретке тапсырдым. Қолын [туған] iнiмнiң Жанаңызға жапсырдым». Қош, iнiм, қалдың, қайтейiн, Лажым жоқ, не айтайын, Арқалап жүрер күшiм жоқ, Ақылдасар кiсiм жоқ. Кетпенiм жоқ қоярға, Кебiнiм жоқ орарға. Һеш ылажым жоқ болды, Айланып мұнда тұрарға. Құдайыңа тапсырдым, Тасқа жазу жапсырдым. Аманат қып тастадым, Басыңа алтын тастадым. Алтыным, қалқа, аманат, Жата тұр, iнiм, саламат, Басқа салды, шарам жоқ, Көрсеттi Құдай ғаламат! Ағасы сөйтiп айтып зар жылады, Бейшара һешбiр ақыл таба алмады. Өлгеннiң артынан өлген бар ма, Өзi күнiн көргелi аяңдады. Iнiсiн тастап кеттi бiр жартасқа, Басқа мүшкiл iс түстi қайран басқа. Iнiсiнiң артынан өлмес пе едi, Анадан бiр туса да жаны басқа. Әуелi күйдi жаны өлейiн деп, Алланың аманатын берейiн деп. Артынан көңiлi суып, бой тоқтатты, Өз күнiмдi ендi өзiм көрейiн деп. Iнiсiн көмбей тастап кеттi жүрiп, Дамыл алмай жылайды iшi күйiп. Аш-жалаңғаш неше күн тыным көрмей, Бiр шаһарға әрең жеттi демi құрып. Шәкiрат бiр үлкен шаһарға жетiп келдi, Ол шаһарда жиылған нөпiр едi. Жиылған көп нөпiрдi көзi көрдi, Бiр жерде демiн алып отырды ендi. Ойлайды бұ шаһарға кiрейiн деп, Бiреуге жалшылыққа жүрейiн деп. Бұл нөпiрдiң мәнiсiн ендi барып, Жеке шыққан бiреуден бiлейiн деп. Бiр атты адам кез келiп сәлем бердi, Ол адам: – Уағалейкүмассалам, балам, – дедi. Бұ шаһардың кiсiсi емессiң ғой, Жөнiңдi айт, қайдан жүрсiң, балам? – дедi. Бала айтты: – Саудагер адам едiм, Көп мал артып саудамен барар едiм. Бiр жау келiп малымды тартып алды, Ғарiп болып жалаңғаш жаяу жүрмiн. Бейшара мен қаңғырған мүсәпiрмiн, Киiмiм жоқ жалаңғаш жаяу жүрдiм. Атты-жаяу шулаған мынауың кiм? Мәнiсiн айтыңызшы, бiлейiн мен. Шал жауабы – Әй, балам, осында бiр айдаһар бар, Көзiне көрiнгеннiң бәрiн шағар. Заһарына шыдамай қашып жүрген, Ақыл таппай сандалған мұсылмандар. – Патшаңыз ақымақ екен қашып жүрген, Айдаһар бұ шаһарды қылса мекен. Хайламенен айдаһарды мен тоқтатсам, Патшаңыз қандай қайран қылар екен?! Әлгi адам патшаға шауып келдi: – Тоқтатам деп бiр адам жаяу келдi. Хайламенен айдаһарды мен тоқтатсам, Патшаң қандай қайран қылар екен?! – Шақыр берi, адамыңды мен көрейiн, Көзiмден айдаһарға жiберейiн. Хайламенен айдаһарды ол тоқтатса, Астымдағы тақытымды мен берейiн. Барсын деп айдаһарға жарлық қылды, Жиылған қанша көп жан көзi көрдi. Жыланның неше түрлi тiлiн бiлер, Бисмилла деп алдынан қарсы жүрдi. Айдаһардың алдынан қарсы жүрдi, Айдаһар аузын ашып ысқырды ендi. Бисмилла деп бiр аят оқып едi, Ысқырған айдаһардың тiлiн буды. Айдаһар сол арада тiлге келдi: – Бекер жiгiт емессiң, бiлдiм, – дедi. Бiр шыбындай жанымды алма, – дедi, Шәкiраттың аяғына жығылды ендi. Шәкiрат айтты: – Тiлiме көнемiсiң, Көнбесең осы жерде өлемiсiң. Алымына берейiн бiр қой, бiр қыз, Соныңменен жан сақтап жүремiсiң? – Ей, жiгiт, жарлығыңа ендi көндiм, Қасиетiң бар екен, тiлге келдiм. Жылда маған бiр қой мен бiр қызды бер, Сен болмасаң бұ шаһарды жұтар едiм. Айдаһарменен бұлайша уағда қылды, Шәкiрат бала ол топқа қайтып келдi. – Бiр қой, бiр қыз алымға бермек болдым, Бұ сөзге қылды бәндар жұртым, – дедi. Жұрт айтты: – Разымыз бұған, – дедi, Алымына бiр қой менен бiр қызды берем, – дедi. Бiр қой менен бiр қызды алымға жеп, Айдаһар зарар қылмай жүре бердi. Елi-жұрты қуанып «бала» дедi, Шәкiратжанды құрметтеп алып келдi. Патша да жарлығынан қайта алмады, Басындағы тәж, астындан тақыт бердi. Шәкiратжан тәж киiп, тақыт мiндi, Ақыр Құдай мұратқа жетiрдi ендi. Жылда бiр қыз, қой алымға берiп, Айдаһардан ел-жұртын сақтады . Шәкiратқа Құдай бердi таудай талап, Айдаһардан елдi алды арашалап. Кей пенде бұ жалғанда не көрмедi, Тақытқа олтырғызды Құдай қалап. Шәкiратжан тақыт мiнiп патша болды, Ақыры Құдай мұратқа жеткiздi ендi. Құданың жарылқауы бұл емес пе, Бақ көтерiп сол елге патша болды. * * * Бөтен елден бiр кемпiр, бiр шал шықты, Намазын қоймас, дiнге мықты. Асарымызды асадық бұ дүниеден, Меккеге баралық деп ниет қылды. Басқа мүйiз шыққан жоқ асағанмен, Не көрдiң мұнша жасты жасағанмен. Пейiштiң қақ төрiнде болмасақ та, Орын-морын жетпей ме босағадан. Кемпiрменен сөйтiп айтып шүңкiлдестi, О заманның жасынан кәрiсi асты. Мекке барып бiр сауап алайық деп, Қолдарына таяқ алып жолға түстi. Кемпiр менен шал екеуi жаяу жүрдi, Бiр үлкен асқар тауға таяу жүрдi. Бүкшең қағып байғұстар жүре алмады, Тау үстiне шыққанша демi құрыды. Бүкшеңдеп әрең шықты тау үстiне, Жатса-тұрса сиынар Алласына. Кемпiр менен шал аяңдап тағы жүрдi Баяғы Шәкiр өлген жартасына. Келдi екеуi Шәкiрдiң жартасына, Құдай айдап келген соң бармасын ба?! Қара тасқа хат жазған Шәкiрат бала, Жазған хатқа шал көзiн салмасын ба?! Шал байғұс жазған хатты оқып бiлдi, Өлiп жатқан Шәкiрдi өзi көрдi. Құдiретiңменен осыған жан кетiр деп, Мiнәжат қып кемпiр, шал дұға қылды. Көп зар ғып тiлейдi кемпiр мен шал: Құдай-а, құдiретiңмен бұған жан сал. Бейшараға тiрiлтiп жан бер дағы, Мұның үшiн құрбандық екеумiз ал! Тас iшiнде құртқа да жем берiпсiң, Жаратқан жануарға дем берiпсiң. Құдiретiңмен осыған жан салсаңшы, Жоқтан бүйтiп бар қылған бiр өзiңсiң. Екеуi көп тiленiп дұға қылды, Құдайым дұғаларын қабыл қылды. Өлген жан құдiреттен бiтiп тiрiлмей ме, Жан салған соң «иә, Алла» деп түрегелдi. Шәкiр бала тұрған соң болды аң-таң, Қасында ағасы жоқ, кетiп қалған. Кемпiр-шалды көрген соң бала еңiредi, Кемпiр-шал қасындағы бiрге еңiредi. – Жапанда өлген кiмнiң баласы едiң, Әй, балам, көргенiңдi айтшы? – дедi. – Айтамын бар жөнiмдi, ата, саған, Сендер кiмсiң, жөнiңдi айт бұрын маған. Өлiп қалып тiрiлген мен бiр ғарiп, Сөз сұрамақ кәрiден, айтпақ сiзден. – Бiз екеумiз кемпiр-шал дiн iздеген, Сауап iздеп безгенбiз бұ дүниеден. Өлген саған жан берген Құдiрет өзi, Сөз сұрамақ кәрiден, айтпақ сiзден. – Әй, әке, Шәкiр – атым, әкем – Һашым, Тола қайғым бар едi, көзде – жасым. Өгей шеше адамға дұшпан екен, Шағым толы, қор болды ғарiп басым. Әкемiз патша едi Һашым атты, Шешемiз жасымызда өтiп кеттi. Әкемiз өгей шеше тiлiне ерiп, Ағайынды екеу ек, тентiреттi. Екеумiздi шығарды жаяу айдап, Жүрiп едiк өлiмге басты байлап. Қол ұстасып екеумiз бiрге жүрдiк, Осы жерде өлiппiн сорым қайнап. Менi тастап кетiп қапты жалғыз ағам, Iсiне [бiр] Құдайдың бар ма шарам. Текке балап жала боп өлесiң деп, Тағдырыңда жазған екен Алла Тағалам. Таусылмас бойымдағы арыз-арман, Ағам жоқ, менi тастап кетiп қалған. Ағаммен бiрге жүрiп күнелтер ем, Ендi мен не көремiн бұ жалғандан?! Шәкiржан бауырын жоқтап зар еңiреген, Шал айтады: – Жылама ендi, балам, – деген. Жаның тiрi болғанға шүкiрлiк қыл, Құдай үмiт бермей ме саған, – деген. Өзiңдi мұндай қылған бiр Құдiрет, Тiрi жүрсең көрерсiң бiр ғанибет. Ер басына не келiп, не кетпейдi, Қазаға – разы, пәлеге сабырлық қыл. – Ей, ата, мен жүремiн ендi қайда, Сiздiң айтқан ақылыңыз бiзге пайда. Жер жүйесiн бiлмес жас бала едiм, Маған ақыл тауып бер осындайда. – Ағаң кеткен бiр тасқа жазу тастап, Басыңа жұдырықтай алтын тастап. Бет алдыңа қаңғырып жүре берсең, Ағаңа сенi апарар Құдай бастап. – Ей, ата, бұл алтынды сiз алыңыз, Ендi бiзден қош, разы сiз болыңыз. Үлкен әмiр – Құдайдан, себеп – сiзден, Бұ жалғанда тiлеулес дос болыңыз. – Тiледiк бiр жаныңды Құдайға анық, Өлген саған қараңғы, бiзге жарық. Сауап iздеп қаңғырған кемпiр-шалмыз, Ақыретке бұрыс қып не қыламыз. – Ей, ата, ақыретке бұрысты мен қылмайын, Алсаңдар разымын, айналайын. Құдайы қып бергенiм екеуiңе, Бойыма ауыр қып не қылайын. Алтынын кемпiр менен шалға бердi, Екеуiнен бата алып жүре бердi. Бет алдына жүрiптi Құдай бастап, Ағасы патша болған шаһарға келдi. Шаһарға жетем-ау деп ой ойлады, Бiр жерде демiн алып көп ойлады. Шаһарға жеткенiнше күн кеш болды, Сағым батып, кеш болып, көз байланды. Көз байланып, түн болды, сағым батты, Қараңғыда жол тауып жүре алмапты. Шет жерде бiр үй отыр отын жағып, Сол үй[дiң] жанына кеп сығалапты. Сығаласа, ол үйде кемпiр мен шал, Екеуiнiң ортасында бiр қызы бар. Оңды-солды сүйiп беттерiнен, Кемпiр [мен] шал еңiреп жылайды зар. Шәкiр бала ол үйге кiрiп келдi, Кемпiр-шал жылағанын көзi көрдi. Кемпiр-шал ол үйге кiрген соң шошып қапты, [Кемпiр, шалға иiлiп сәлем бердi.] Шәкiр айтты: – Кемпiр, шал, қорықпасын ба, Зиянсыз мүсәпiрмiн қарындасқа. Ел жатқанда жатпаған нендей жансыз, Сендер менен сырыңды әуел баста. – Ей, балам, бiр кемпiр мен бiр шал едiк, Қартайғанда бiр қызды көрiп едiк. Ертең қызды беремiз айдаһарға, Бүгiн сүйiп қалғалы отыр едiк. Айдаһар бiр қой, бiр қыз алым алған, Ертеңгi күн сол кезек маған афтан. Бiз сөйтiп мауық басып қалайық деп Отырмыз, не сұрайсың, дүние жалған! – Сендер бүйтiп жылама, кемпiр мен шал, Айдаһарға қыз қылып менi алып бар. Бейшара қызың қалсын жандарыңда, Бүгiн менi тамаққа тойдырып сал. Кемпiр мен шал қорбаңдап қуанады, Неше түрлi тамағын даярлады. Тамаққа тойып алып Шәкiр бала, «Әлхамдулилла, Құдайға шүкiр!» – дедi. Кемпiр-шал қайдан бiлсiн мұның санын, Жасынан артық қылған алақасын. Шәкiр бала ұйқыда жатыр едi, Бiреу келдi дыбырлап таңға жақын. Дыбырлап байғұс шалға бiреу келдi: – Падиша «қызын алып жүрсiн», – дедi. Ол айдаһар ысқырып келе жатыр, Қой мен қызын алдына қойсын, – дедi. Байғұс [шал] мұны естiп ойбай салды, Ұйықтап жатқан Шәкiрдi жұлмалады. Шәкiр бала орнынан тұра салып, Қызының бар киiмiн киiп алды. Шал байғұс қорадан қой даярлады, Шәкiр бала қолына қанжар алды. Шәкiржанды қыз қылып, бiр қойды алып, Шал байғұс айдаһарға алып барды. Айдаһар қайраттанып ысқырады, Тамам жұрт жиылып айғай салды. Қыз бен қойды айдаһар сорып жұтты, Шәкiр бала қанжарын қарсы тұтты. Ауызынан тигенде сырылдатып, Құйрығының ұшынан бiр-ақ шықты. Айдаһар екi бөлек болды пара, Есi кетiп жығылды Шәкiр бала. Айдаһар кеттi ме екен, жатыр ма екен, Патша айтыпты бiр екеуге «барып қара!» Бұ екеу жүйрiк атпен жүрдi дара, Айдаһар болып қапты екi пара. Есiн жиып ала алмай есеңгiреп, Банағы жiгiт қасында жатыр және. Ол екеуi жүгiрiп келiп жеттi, Жiгiттiң өлтiргенiн көрiп бiлдi. «Айдаһарды екеумiз өлтiрдiк деп Айталық» деп екеуi кеңеседi. Әлгi екеуi Шәкiрдi шапқылады, Бүйiрiнен найзаменен соққылады. Асып-сасып бiр адам көредi деп, Шала өлтiрiп бiр құмға тыға салды. Әлгi адам қайта шауып жетiп барды, Мақтанып жұртқа тегiс хабар салды. Екеумiз айдаһарды өлтiрдiк деп, Падишаны қуантып сүйiншi алды. Патша айтты: – Алыңдар тiлегiңдi, Менен алыңдар, бiтiрейiн керегiңдi. Бойымдағы барымды аямаймын, Менiм жардың қуантып жүрегiмдi. – Падиша, бiзге берсең, билiктi бер, Жүгiнсiн бiзге даулы болған ерлер. Бiз не етсек жұртыңыз көнiп тұрсын, Бiз алып терiс етсек шыдай бiлер. – Екеуiңiз билеңдер әдiл болып, Мен бердiм тiлегiңдi көңлiм толып. Екеуiң не айтсаң да шықпас жұртым, Екеуiңе құрмет қылып ерiк бердiм. Ол екеуi би болды [бек] әдептi, *... ...асып жүрiп кеттi. Бағанағы қызы бар кемпiр мен шал От басында отырып кеңес еттi. Кемпiр мен шал екеуi кеңеседi: – Кешегi бала тым бекер емес едi, Бейшара шықпас жанға себеп болды, Ол келмесе қызымды жемес пе едi! Бейшара кетiп едi бiр күн тойып, Бiз үшiн кетiп едi жанын қиып. Тумаса да туғандай болып едi, Басына жүр, баралық бiр қой сойып. Шал тұрды да қорадан бiр қой алды, Кемпiр байғұс қазанын арқалады. Қой жетелеп, қазанын арқаласып, Айдаһар өлiп жатқан жерге барды. Шал байғұс қойын сойып әлектеңдi, Кемпiр байғұс бүкшеңдеп тезек тердi. Кемпiрдiң бiр аяғы құмға кiрiп, Кемпiр сонда сүрiнiп «көтер!» дедi. Кемпiр байғұс сүрiнiп «көтер» дедi, Бiр тiзелеп әреңмен түрегелдi. Тұрған соң артына қарап едi, Құм үстiнде өлiктi көзi көрдi. Кемпiр сасып сол жерде ойбай салды, «Не болды?» деп шал байғұс жетiп барды. Ыстық жаны дара жатыр екен, Шала-жансар баланы тауып алды. Шала-жансар баланы тауып алды, Көтерiсiп үйiне алып барды. Жарасына дәрудi жағып-жағып, Баланы сау-саламат оңалтады. Жарадан бала оңалды есен-аман, – Қатыным, адамға айтпа менi десең. Жақсы болса асырап ұл қылалық, Жаман болса, жан сақтап күнiн көрсiн. Бұ бiзге жақсылық қылды әуел баста, Сыр қылып жатқа айтпалық, қарындасқа. Басынмен фаурақ ұрды кемпiр мен шал, Һеш зарар көрсетпей Шәкiр жасқа. Шал байғұс өзi өнерлi, һәрне бiлген, Бөз тоқып, шатыр тiгiп күнiн көрген. Шәкiржан[ның] қолына бiр пұл берiп, Базардан мақта сатып әкел деген. Шәкiр бала қолына бiр пұл алды, Мақта алғалы базарға жетiп барды. Пұл сатып, мақта алып келе жатса, Бiр-екi адам алдынан ұшырады. – Сен кiмсiң етегiңе мақта ораған, Бiз көрмеген жiгiтсiз бұл арадан. Бала айтты: – Бөз тоқушы әкем шал-ды, Әлгi адам баладан жөн сұраған. – Бiз көрмеген сен кiмнiң баласысың? – деп, – Қызын берiп менi шал қалыңға алды. Базардан мақта сатып апарамын, Өнерменен табушы едi талай малды. Ол адам банағы билiк алған, Сол екен құмға өлтiрiп тығып салған. Қызын шал күйеуге берген емес, Бұ баланы бала деп аң-таң қалған. Екi би аң[-таң] қалып ой ойлаған, Бала жүрiп тоқтамай кетiп қалған. – Түнегi бiз өлтiрген бала осындай, Сол шығар шал көрiп тауып алған. Шал бiздiң артымыздан барған екен, Баланы құмнан тауып алған екен. Қарбаң-қорбаң асығып жүрген шақта, Жаны шықпай кеудеде талған екен. Бiр күнi падишаға бала барар, Шалын ертiп қасына алып барар. Қылған-еткенiнiң бәрiн айтып, Жүзiқара қарабет бiздi қылар. Айдаһарды өлтiрген мен едiм дер, Менi өлтiрген екеуiң кiм едiңдер. Өлiмнен ұят күштi деген қане, Бетiмiзден шымырлап шықпай ма тер. Ертең сөйтiп ашпай ма күнәмiздi, Жүзiқара қылмай ма бетiмiздi. Падишадан жанымыз аман қалмас, Көтiмiзге құймай ма өтiмiздi. Ендi екеумiз сол шалға баралық деп, Басына бiтпес жарлық салайық деп, Бала артынан екi би келдi және, «Шал бар ма бұл үйде?» – деп айқай салды. Екi бидiң дауысын есiткен соң, Үйден шығып шал байғұс қарбаланды. Екi би кәрi шалға сәлем бердi, Шал: – Уағалейкүмассалам, балам, – дедi. – Таң атқанша бiтiр екi шатыр, Бiтiрмесең басыңды алам, – дедi. Екеуi шалға сөйтiп жарлық салды, Шал байғұс мұны естiп аң-таң қалды. Бойға қорлық жарлығын ойда етiп, Бала шығып артынан және барды. – Екеуiң де бек жақсы мұсылмансың, Бойыңда ынсабың жоқ неткен жансың. Тым болмаса бiр үй деп айтсаңдаршы, Кәрi шал екi шатыр қайдан қылсын. Жаңа мақта тоқылмас күн батқанша, Жарыққа иiрiп жiп болмас ел жатқанша. Кәрi әкемнiң көздерiн бәнлашат басқан, Бiреу дағы бiте алмас таң атқанша. – Әдепсiз қайдан шыққан мынау бала, Ынсапсыз деп сөйлеуiн, жүзiқара. Бiзге бүйтiп қарсылық сөйлеуiн деп, Баланы ап жөнелдi ортаға ала. Шал менен кемпiр артынан ойбай салды, Тыңдамай-ақ баланы ап жөнелдi. Бiреуi жар астында ұстап тұрып, Бiреуi падишаға жетiп барды. – Падиша, ерiк берiң бiзге көрiм, Қадiрлеп құрметтедi бiздi елiң. Кәрi шалдан сұмырай бала шығып, Ынсапсыз деп тигiздi бiзге тiлiн. Падиша, сол баланы өлтiремiз, Жарлық берсең қазасын жетiремiз. Ол баладан тәлiм ап тағы бiреу Тiл тигiзсе, қор болып еңiрермiз. Патша айтты: – Сен кейiдiң мұнша сасып, Тiл тигiзсе тез өлтiр дарға асып. Кiмде-кiм қорыққаннан сыйлап жүрсiн, Жұртыңды қорқытып қой, көңiлiн көрсiн. Екi би жарлық алып қайтып келдi, «Падиша жарлық бердi, өлтiр дедi». Бейшара не ылаж қылсын, зар еңiредi, Бiр Құдайға сиынып жалбарады. – Құдай-а, айналайын құдiретiңнен, Пендендi құтқармадың ниетiңнен. Екi жендет асқалы жатыр едi, Үстiне жетiп келдi бiр топ керуен. Керуен кеп кез [болды] бұл араға, – Кетiп бара жатыр ек бiр базарға. Бiр қасық қанын сатып алар едiк, Бұл арада жазықты адам бар ма? Не зерек жан бар екен бұ керуенде, Қиматты жан табылар бұ жерлерде. Кiмдi айдап, кiмге Құдай кез келтiрмес, Құдай тек тiлеуiн өзi берер. Жендет айтты: – Кiнәлi адам неге керек, Не етерсiз жазықтының жанын тiлеп? Өлтiрмей баланы байлап қойып, Сөйлестi керуеннiң сөзiн елеп. Керуен айтты: – Барармыз бiз базарға, Өтiп жүрген бар едi бiр дария. Бiр адамды суға құрбан етушi едiк, Соған керек жазықты кiсi аларға. Бiр адамды [бiз] нияз етушi едiк, Аман-есен саламат кетушi едiк. Бiр адамды бауыздап суға салмай Өтсек, һәлак бәрiмiз кетушi едiк. – Берейiн бұ баланы мен сендерге, Қайтып, әкет, көрсетпе бiздiң елге. Обалды қылып бiр [өзін] бауыздар едiк, Қанын қиып сендерге бермегенде. Керуен қолын жайып бердi бата, Қанын сатып алған төрт-ақ мата. Құрбан қылып теңiзден өтелiк деп, Керуендер жөнелдi күн-түн қата. Керуендер теңiзге келдi жетiп, – Баланы бауыздалық құрбан етiп. Бұ баланы бауыздап суға ағызып, Бұ теңiзден кетелiк аман өтiп. Бала айтады: – Өлтiрме менi бекер, Құдай өзi сақтаса теңiз не етер. Бармағымды қан қылып суға салсам, Бәрiңдi [де] Құдайым сақтап өтер. 0Керуен, менi өлтiрiп не етерсiздер, Өлтiрсең қаным жүктеп кетерсiздер. Бармағымды қан қылып суға салсам, Сау-саламат теңiзден өтерсiздер. Шәкiржан өз бармағын өзi кестi, Бармағын суға салып зарлық еттi. Құдай өзi сақтаса бәле бар ма, Керуен аман-есен судан өттi. Керуен аман-есен судан өттi, Шәкiрдiң көз жасыны қабыл еттi. Бұ бала бекер бала емес екен деп, Керуен халқы балаға құрмет қылды. Керуендер бiр жерге келiседi, Баланың қасиетiн бiлiседi. Ортасынан шығарып құдайы қып, Балаға үш түйе жүк бөлiседi. Керуендер үш түйе жүк берiседi, Үлкен шаһар базарға келiп кiрдi. Бұларға Құдай бердi оң базарды, Бұрынғыдан үш ая пайда көрдi. Шәкiр бала бiр күнi базар барды, Базарды оңды-солды аралады. Ит шананы сүйретiп бiр адам жүр, Шәкiржан мұны көрiп қайран қалды. Қараса, сүйреткенi үш кез сандық, Соңынан жүгiрiп жүр тамам халық. Iшiнде не бар, не жоқ, жан бiлмейдi, Сүйреткен иесiнiң өзiне анық. Ит шананы сүйретiп ысқырады, Тек деп қойса, адамша тек тұрады. – Сандығымды алатын жан бар ма, – деп, Арман қалмас сандықты алған жанда. Арманда сандығымды алмаған да, Арман қалмас сандықты алған жанда. Сандығымды алатын бар ма [жан]? – деп, Бiр қышқырып қояды анда-санда. Шәкiр сонда ойлады барайын деп, Бұ сандықты мен сатып алайын деп. Алмай қалып арманда болғанымша, Сатып алып арманда қалайын деп. Бойымда арманым көп мен бiр ғарiп, Үш түйе жүктi көрдiм өлiп-талып. Әйтеуiр екi арманның бiрi шығар, Не болса да көрейiн сатып алып. Шәкiржан бiр-бiр басып барды сонда, – Сандығың бағасын айт, сатсаң маған. Алған да, алмаған да арманда екен, Амансыз кiм өтедi бұ жалғаннан?! – Бұ сандығым бағасы үш түйе жүк, Үш түйе жүгiңдi әкеп алдыма төк. Бұл сандықтың iшiнде не бар, не жоқ, Жүрексiнiп алмай тұр жиылған көп. «Не көрсем де жекелеп көрейiн» деп, Бiр жерге әкеп сандықтың аузын ашты. Сандықта жатыр екен бiр сұлу қыз, Айдай сұлу бiр қызға жолықты кез. Алған дағы арманда болар ендi, Аяқ жағы бiрталай болады сөз. Толы айдай iшiнде бiр қыз жатыр, Бетi айдай болғанда, кiрпiк қандай. – Азабың арылмаған жан екенсiң, Менi сатып неге алдың, ей, мүсәпiр?! Ей, жiгiт, менi сатып алғаның жарамаған, Басыңда бейнетiң көп арылмаған. Не көргенiң, бейнетiң бәрiн терiп, Мен сақтайын бойыма қадiр көрiп. Менi алғаның басыңа бейнет болар, Жалғанда жүрсең жақсы дәурен сүрiп. Ертең менi көрген соң жан таласар, Бiр-бiрi мен алам деп анталасар. Таласса жан, қояр ма сенi тiрi, Бейшара ғарiп жаның қайтып сасар. Шамаң келсе, көрсетпе менi жатқа, Өзiң менi көрiп қой анда-санда. Арманда боп кетерсiз, асылзатым, Өлiп кетсең сен де арманда, мен де арманда. Бейшара мұны естiп зар еңiредi, Қыздың айтқан арманы iшке кiрдi. Не көрген бейнетiнiң бәрiн терiп, Екi-үш табақ қағазға жазып бердi. Қыз қағазды жаздырып қолға алды, Өз бойына батырып тығып салды. Сандықтың кiлтiн тас бекiтiп, Шәкiр жатқан орынға қайтып келдi. Шәкiржан сандық аузын бек ашады, Қайғыменен есiнен адасады. Сандықтың iшiнде не бар екен деп, Керуен халқы бiр-бiрiнен сұрасады. Шәкiр айтты: – Сандықта һеш нәрсе жоқ, Алдап сатып кетiптi бұ дүние боқ. Үш түйе жүгiмдi алдап алып кеттi, Мұндай аяр алдамшы көргенiм жоқ. Керуен айтты: – Жүремiз жолға кiрiп, Сенi бiз құрметтедiк қадiр көрiп. Қайта жүрсең сенi бiз тастамаймыз, Тағы да байытармыз пұл мол берiп. Бейшара о шаһарға қайрылмады, Жолдас болған керуенiнен айрылмады. Сандығын бiр арбаға таңып алды, Бағанағы қанды суға жақындады. Керуен айтты: – Бұл судан аман өткiз, Жұртымызға бiздi есен жеткiз. Ортамыздан шығарып құдайы қып, Екi түйе жүк тағы берелiк бiз. Керуен судан қорқып сандалады, Шәкiржан бiр Құдайға жалбарады. Керуендi бiр-бiрлеп жүгiменен, Құдай сақтап бәрiн де шығарады. Керуен аман-есен өтiп алды, Аман өтiп [тiлегiне] жетiп алды. Керуендер бiр жерге қонып жатып, Бiреуiне-бiреуi ақыл салды. – Құдайы ғып берiп ек үш түйе пұл, Келбетiне қарасаң, жап-жақсы-ақ ұл. Ақымақ диуана неткен адам, Сонша пұлға қаңғырып сандық ап жүр. Мұның барып сандығын көрелiк те, Iшiнде не бар, не жоқ бiлелiк те. Сандығында асыл болып сомы толса, Құдайы сондан бұған берелiк те. Керуен солайша деп ақылдасып, Шәкiрге жетiп барды жуас болып. – Сандығыңның iшiнде не бар, не жоқ, Ей, жiгiт, бiзге көрсет аузын ашып. Бала айтты: – Сандығымда дәнеме жоқ, Жоқ та болса бұ сауда көңiлiме тоқ. Аузын ашып сендерге көрсетпеймiн, Неге құмар болдыңдар, дүние боқ. – Үш түйе жүк шығарып сандықты алдың, Бұ сандықты сән қылып арбаладың. Қорлық көрмей жаның кiлтiңдi [бер], Қадiрiн бiлмедiң ғой мұнша жанның. Және кiлтiн [сандықтың] тартып [алды], Ашайын деп сандықты жетiп барды. Аузын ашса, iшiнде бiр қыз жатыр, Керуендер қызды көрiп қайран қалды. Сандықта қызды көрiп қарасады, Қызды көрiп есiнен адасады. Бiреуi мен, бiреуi мен алам деп, Керуен өзден-өзi таласады. Балаға таудан үлкен қайғы түстi, Ғарiп жаннан түңiлiп зәресi ұшты. Бiреуiне-бiреуi бермеймiн деп, Керуен халқы жақ-жақ болып таласады. Керуен жақ-жақ болып салысады, Бала мен қыз жайына қалысады. Бар екен керуенде екi-үш кәрi, Қой-қойласып қасына барысады. Тоқтау айтып қойдырды әлгi шалдар: – Бiр қыз үшiн қырылма, мұсылмандар. Бұ қызды падишаға тарту қылып, Олжа қылып үлесiп мал алыңдар. Керуендер бұ сөздi қабыл алды, Баланы әкеп сандыққа тығып салды. Сандыққа салып аузын тас бекiтiп, Шәкiрдi әлгi суға ағызады. «Бiреуге айтса, дау қылып кесiрлей ме, Бiр биге айтса бұйырып асырмай ма? Суға ағызып жiберiп құтылайық, Тiрi тұрса тынышты алып кетiрмей ме?» Жiбердi Шәкiржанды суға тастап, Керуен қызды ап жөнелдi қолына ұстап. Ағасы сол шаһарға патша болған, Қызды соған алып келдi Құдай бастап. Керуен айтты: – Падишам, сiзге келдiк, Даңқыңды естiп алыстан iздеп келдiк. Ортамыздан қанша мал төгiп берiп, Сiзге лайық бiр сұлу қыз алып келдiк. Ей, патша, бұ қыз және сiзге лайық, Көргенше бекер мақтап не қылайық. Сiзге тарту қылғалы алып едiк, Қызды көрiп айтарсыз бiзге жарлық. Падиша керуеннiң қызын көрдi, Ай мен күндей балқыған жүзiн көрдi. Шәкiраттың iшi күйiп, бауыры жанып, Сол қызға жан-тәнiмен болды ғашық. Шәкiрат патша сол қызға болды ғашық, Қазынадан мал бердi аузын ашып. Қисапсыз қазынадан көп мал бердi, Керуен алып жатыр жапырласып. Керуен көп мал алып кетiп қалды, Қызды сатып падиша алып қалды. Аламан той қылып, жұртын жиып, Бiр жақсы үйге әкелiп қызды салды. Шәкiрат патша бiр күнi қызға келдi, Жазу қыздың бойында тығулы едi. Бойындағы жазуды шығарды да, Қыз қорқып падишаға ұсынды ендi. Шәкiрат патша жазуды ашып көрдi, Iнiсiнiң жазуын таныды ендi. Тұрған жерден көзiнiң жасы ағып, Iшi күйiп, аһ ұрып жығылды ендi. Бiр заманда есiн жиып түрегелдi, Қағазды және ашып оқып көрдi. Туғалы не көргенiн бәрiн жазған, Ағасы бәрiн оқып тым еңiредi. Ағасы мұны көрiп көп еңiредi, Жалғаннан көрем бе деп қатты еңiредi. Әлгi қызды алмады, тұрды есi кетiп, Сол арада үш талып, үш жығылды. Шәкiраттың бауырын жоқтағаны Қалып едiң, iнiм, арманда, Жартаста өлiп қалғанда. Атыңды көрiп зар болдым, Көремiн бе жалғанда. Белгiлi жазған сабағың, Ашылмаған қабағым. Қол ұстасып жүргенде, Жартаста қалған, қарағым. Айналайын, Құдайым, Бiр өзiңе жылайын, Бауырым жазған хат екен, Бұған да қайтiп шыдайын. Көрсеткен Құдай ғаламат, Басыма салған саламат. Өлгеннен соң жартасқа Қойып едiм аманат. Қолыма тидi жазған хат, Артымнан Құдай жан берiп, Оңалтқан екен Иең, Есiткен жұртқа жаманат. Тiрiлiп мұнда келiптi, Елеусiз болып жүрiптi. Қайран басқа бәле бос, Көп бейнеттi көрiптi. Амалың жоқ бөз бопсың, Алтының жоқ жез бопсың. Қайратыңнан айлансам, Ақырында қор бопсың. Айдаһармен алысқан, Болмас iске қарысқан. Мұнан опа көре алмай, Керуен бiрлән барысқан. Бiр насбарға келiскен, Бұ қызды сатып алысқан. Басыма бәле келер деп, Болжаған екен алыстан. Сақтық ойлап бойына, Жазу жазып берiп[тi], Қыздың тығып қойнына, Басыма бәле келер деп, Қастықтан қаза берер деп, Заманын ойлап жазғанда, Жалғыз адам кез келсе, Жазуымды көрер деп, Қалам ұстап хат жазған, Мен Шәкiр деп ат жазған. Қағазың келдi, өзiң жоқ, Көрсетпестей не жаздым. Шәкiр деген атыңнан, Асыл туған затыңнан, Мен садаға кетейiн Сәлем жазған хатыңнан. Қағазың келдi, өзiң жоқ, Бейнеттен басқа сөзiң жоқ. Бұрыннан сенен айрылып, Өртенiп, күйiп болдым шоқ. Бұ не деген жазған хат, Тәңiрге жаның аманат. Бiр шыбындай жаныңды Сақтасын Құдай саламат. Бұ дүниенi көздетсем, Жер шары iшiн кезлетсем. Құдай ұрған керуен Хайламенен қызды алып, Бұ керуеннiң хайласын, Бiлмей қалдым хайласын. Зарлы туған бауырым, Керуен көрдi пайдасын. Кiм табар мұның хайласын, Патша қызды шақырды: – Жарықтығым, қайдасың? Қыз тұрып келдi қасына, Тiзесiн қойды басына, Қыздың алды көл болды Көзден аққан жасына. Патша қызға қарады, Дамыл алмай жылады. Арманда өткен бауырына Iшi күйiп барады. Патша қызға телмiрдi, Сөйлей алмай егiлдi. Аш күзендей бүгiлдi, Қабырғасы сөгiлдi, Құмғаны жерге төгiлдi, Оны көрiп бейшара, Қыз жанынан түңiлдi. Бас көтерiп Шәкiратжан, Және қызға телмiрдi. Бас көтерiп көрген соң, Өксiгiн баспай өкiрдi. Сұрады қыздан Шәкiратжан: – Кiм сенi маған келтiрдi, Кiшiк асыл туымды Керуен қайтiп өлтiрдi? Жарықтығым, шырағым, Болайын құрбан лағың, Қай жер екен тұрағың? Естiсiн, айтшы, құлағым. Қай жерде өлдi, бiлдiң бе, Көңiлiңдi бөлдiң бе? Керуен қайтiп өлтiрдi, Көзiңменен көрдiң бе? Сенi сатып алғанда, Қағазға хатты жазғанда, Қайран бауырым арманда, Бiр көрмедiм бұ жалғанда. Қайран, бауырым қанеки, Хаты келдi мiнеки, Керуендер қас қылып, Өлтiрген екен жөнекей. Жалғыз бауырым сол едi, Ақылы терең мол едi, Шым-шытырық, қым-қиғаш Бұл не деген жол едi? Бола ма екен мұндай жол, Арманда боп, болдың қор, Әлi арылған жоқ екен, Маңдайымда қалың сор. Менiм сорым қатты екен, Жалғанда бауыр тәттi екен, Өлтiрерде керуен, қарағым Не деп айтты екен?! Алланың iсi қатты екен, [Қай] жерде өлiп жатты екен. Төрт матаға [қызығып], Қайтiп қиып сатты екен?! Есi-түсiм бiлермiн, Жас қайыстай илермiн, Бауырым еске түскенде, Қайғыменен жүрермiн. Қайғымен жүдеп өлермiн, Өлмесем қанын төгермiн. Жон терiсiн бұлардың Шылбыр қылып тiлермiн, Жазасын сөйтiп берермiн, Бере алмасам өлермiн. Арманда өткен, бауырым, Сенi қайдан көрермiн? Қол көрмесе ағайын, Ақылын ойлап табайын. Керуендердi сидiрiп, Бақайшағын шағайын. Бақ-дәулет Құдай бермесе, Ағайын қабыл көрмесе, Керуен менен билерге Жалғыз шамам келмесе, Патшамын деп нетейiн? Тақтыма мiнбей кетейiн, Жалғыз бауырым, артыңнан Кешiкпей мен де өтейiн! Падиша сөйдеп айтып зар иледi, Iшi-бауыры елжiреп оттай жанып. Қыз бейшара көзiнiң жасын төгiп, Су бүрiктi патшаға тұра салып. Падиша бiр заманда есiн жиды, Iшi-бауыры елжiреп оттай жанып: – Қалайша қып өлтiрдi керуендер, Жарықтығым, көргенiңдi айтшы, – дедi. Сенi сатып алған ол менiң iнiм, Сол жiгiтiң қанеки, жарықтығым. Тiрi болса жалғанда iздетейiн, Өлiп қалса, не болар көрген күнiм? Қыз бейшара сөйледi кеңес бастап, Патша сөздi тыңдады мұны қостап. – Менi алған сандыққа тас бекiтiп, Керуендер жiбердi суға тастап. Сандықпенен теңiзге ағып кеттi, Керуендер менi алам деп талас еттi. Бұ керуендер бiрiне-бiрi қимай, Ғарiп басым саламат сiзге жеттi. Суға ағып кетiп қалды асылзатым, Керуенге көрсетпедiм жазған хатын. Бауырың жазған хатын адамға айтпай, Алып келiп тапсырдым аманатын. Ей, патша, өткен iске қайғырмаңыз, Қайғырып ақылыңнан айрылмаңыз. Патшаға тоқтау қып сөз айтады, Ақылменен тоқтатты бейшара қыз. Падиша қайғыменен аһ ұрады, Тақтына барып қайта отырады. Iрi басты кiсiнiң бәрiн жиып, Әуелi екi бидi шақырады. Шақырған соң екi би жетiп келдi, Патшаға қол қусырып сәлем бердi. – Жалғанда ерiк берiп едiм, екi билер, Кешегi керуендердi келтiр, – дедi. Екi би, керуендердi келтiр маған, Керуендер ол iс қылыпты жарамаған. Керуендердi түгендеп айдап келсең, Бiр үлкен шен берейiн ендi саған. Екi би шен алғалы қуанады, Алдап айтқан сөзiне жұбанады. Керуеннiң бәрiн де түгел жиып, Падишаның алдына қуалады. Екi би алып келдi керуендi айдап, Керуен түгел келдi соры қайнап. Бағанағы кемпiр мен шалды алдырды, Падиша сөз сұрайды ақыл ойлап. Кемпiр мен шал бүкшеңдеп о да келдi, Бәрi тегiс жиылып түгелдендi. Падиша сөз сұрайды: – Кемпiр мен шал, Айдаһар жұтқан қызың бар ма? – дедi. Рас айт, [өтiрiк] айтпа, кемпiр мен шал, Бiлемiн, екеуiңнiң бiр қызың бар. Қызыңды алып барды деп есiтемiн, Не себептен жұтпаған айдаһарлар? Шал айтады: – Қызымыз әлi тiрi, Рас айтса ашылар көңiл кiрi. Қызымызға бiр адам себеп болған, Сiзге айтарға батпадық одан берi. Сiзге жалған айтпалық өлер шақта, Тас таразы құрылып көрер шақта. Қартайғанда жалған сөз неге керек, Иман бер деп тiлеймiн үш уақытта. Қаһарлансаң қоймассың бас ұрсақ та, Өз көңлiңмен табарсың жасырсақ та. Бұ сырды айтсақ та өлдiк, айтпасақ та өлдiк, Құдай-а, екi бектен өзiң сақта! Ей, патша, баламыз жоқ бейшара едiк, Қартайғанда екеумiз бiр қыз көрдiк. Жарлық қылған сөзiңiзге шара бар ма? Айдаһарға барғалы отыр едiк. Қайғырып отыр едiк жылап-сықтап, Ел тегiс қалып едi жатып ұйықтап. Бiр бала жап-жалаңғаш кiрiп келдi, Екеумiз қорқып сасып қалдық тоқтап. Бiр бала кiрiп келдi жап-жалаңғаш, Сорағытып көзiнен ағыпты жас. Бейшараның сауабын алалық деп, Неше түрлi алдына келтiрдiк ас. Астан әбден iшiп-жеп «тойдым» дедi, – Әлхамдулилла, Құдайға шүкiр, – дедi. Ел жатқанда жатпаған неткен жансыз? – деп, Әуелi бала бiзден жауап сұрады. Балаға жасырмадық айттық шынын, Бiз сұрадық: – Кiмсiң, – деп, – жарықтығым? Бала айтады: – Мен жалғыз бала едiм, – деп, Онан басқа айтпады бiзге шынын. Бала айтты: – Жыламаңыз, ей, байғұстар, Айдаһарға қыз қылып менi алып бар. Сендерге бiр сауап iс мен қылайын, Бiрақ маған тауып берiңiз өткiр қанжар. Бiр қанжарым бар едi, соны бердiм, Ертең соны айдаһарға алып жүрдiм Айдаһарға айла қып соны берiп, Қызымды сөйтiп тiрi алып қалдым. Бiзге сауап iс қылды бейшара жас, Айдаһардан құтылып болдық қолдас. Кемпiр айтты: – Кешегi бейшараға Бiр қой сойып басына берелiк ас. Кемпiрiмнiң бұ сөзiн қабыл көрдiм, Бiр қойымды жетелеп алып жүрдiм. Айдаһар екi пара болып жатыр, Баланың өлтiргенiн сонан бiлдiм. Айдаһарды көрген соң аң-таң қалдым, Баланың бiр белгiсiн таба алмадым. Кемпiрiмдi жiбердiм тезек тер деп, Өзiм қойды сойғыштап қорбаңдадым. Кемпiрiм ақсай басып кетiп қалды, Бiр қапты арқасына арқалады. Қойым сойып, әлек боп жатыр едiм, Бiр заманда кемпiрiм айғай салды. Кемпiрiмнiң даусын естiп сасып қалдым, Не болды деп артынан жетiп бардым. Көрсем, жылап кемпiрiм келедi екен: – Құмға тыққан баланы тауып алдым! Бiр адам кеп қылышпенен шапқан екен, Найзаменен бүйiрiнен сұққан екен. Шала өлтiрiп құмға әкеп тыға салып, Қазадан Құдай сақтап қалған екен. Асырадым үйiме алып барып, Оңалттым жарасына дәрi жағып. Ол баланың бiлмеймiн не болғанын, Екi би кетiп едi менен алып. Екi [би] бойға қорлық, зорлық салып, Бiлмеймiз не қылғанын алып барып. Қызымыз сол себептен тiрi қалды, Бөз тоқып жан сақтаған бiз бiр ғарiп. Патшаның екi биден сұрағаны Падиша екi биден сұрады сөз, Кемпiр мен шал сөзiн айтты көзбе-көз. – Сендер қайда жiбердiң ол баланы, Мәнiсiн айтыңыздар, естiлiк бiз! Билер айтты: – Ей, патша, бiзге қара, Бiзге тiлiн тигiзген жүзiқара. Өзiңiз дарға ас деп бұйырғансыз, Өзiңiзге мағлұм болды бала. Ей, патша, өзiңiзге мағлұм болған, Рас тентек едi ғой Құдай ұрған. Дарға асып өлтiргелi жатыр едiк, Бұ керуендер бiзге кеп пайда болған. Қылмысты жан бар ма [деп] айғай салған, Керуендер бiзге кеп пайда болған. Бата берiп, төрт мата және берiп, Көп жалынып баланы сатып алған. Керуен бiзден сөйтiп сатып алған, Өздерiмен бiрге алып кетiп қалған. Айдаһарды сонан өлдi деп айтып тұрған Ақсақалдың сөзiнiң бәрi де жалған. Патшаның керуендерден жауап алғаны Патша айтты: – Ей, керуендер, сөйлеңiздер, Екi би, сөздi бұзба, жалдарың бар. Керуендер баланы не қылды екен, Мына сөздiң аяғын аңғарыңдар. Керуендер, не қылдыңдар ол баланы, Басынан қайтарып айт ол баланы. Рас айт, ол баланы не қылдыңдар, Өздерiң құп бiлесiз ол жораны. – Ей, патша, әуел айттық сiзге жалған, Бiр сөз [бар] сонда сiзге айтпай қалған. Базардан қызды өзiмiз сатып әкелдiк деп, Өтiрiк айтып ек қорыққаннан. Ей, патша, бала жайын айталық бiз, Ендi жалған айтпалық, тыңдаңыз сiз. Ендi өтiрiк айтарға не бет қалды, Жалған айтсақ қолыңда тұр ғой бiр қыз. Бiр жылда бiз базарға барушы едiк, Қанша асыл базардан алушы едiк. Орта жолда бар едi бiр дария, Сол суға бiр кiсiнi салушы едiк. Бiр кiсi кетушi едi нияз етiп, Нияз етсек кетушi ек аман өтiп. Екi биден баланы сатып алып, Нияз еткен сол суға бардық жетiп. Баланы нияз қылып бардық жетiп, Бала бiзге жалынды зарлық етiп. Бала бiзге көрсеттi бiр қасиет, Бiздi судан өткiздi өнер етiп. Баланы ортамызға алып жүрдiк, Бек құрметтеп басынан құрақ ұштық. Арамыздан ұйғарып құдайы қып, Ортамыздан үш түйе жүк берiстiк. Баланы ертiп алып базар бардық, Базарды тамаша қып араладық. Үш кез сандық сүйреткен бiр адам жүр, Бұ сандықты бiз алмай қайран қалдық. Әлгi бала сандыққа болды құмар, Бұ сандықты мен алсам көңлiм тынар. Бағанағы бiз берген үш түйе жүк, Бәрiн де соған төктi ұмар-жұмар. Сандығын өзi көрдi аузын ашып, Бiз сұрадық не екен деп жапырласып. Көп сұрадық, айтпады бiзге сырын, Көңiлiмiз сонан соң қатты сасып. Айтпаған соң көңiлiмiз қатты жасып, Керуен болып жиылдық ақылдасып. Зорлық қылып сандығын ашып көрдiк, Қызды көрiп қырылдық анталасып. Бұ қызды сөйтiп онан тартып алдық, Баланы сандықпенен суға салдық. Бiрiмiзге-бiрiмiз қызды қимай, Аяғында сiзге әкеп тарту қылдық. Ей, патша, не сұрайсыз ендi бiзден, Бiзден бұрын қаныпсыз қызыңыздан. О бала өттi-кеттi өз пиғылынан, Сiзге Құдай бұ қызды кез келтiрген. Падиша естiп алды мұның бәрiн, Аһ деп едi аузынан шықты жалын. Падиша жендеттерге жарлық етiп, Бiрiн қоймай қырдырды керуеннiң. Падишаның аузынан шықты жалын, Қазынаға салдырды керуен малын. Құдайы қып мал берiп, разы қылып, Үйiне қоя бердi кемпiр-шалын. Екi би жалынып тұр қолын тұтып, Падиша зар еңiредi қайғы жұтып. Тез өтiрмей аз ғана азап қылып, Екi бидiң төрт көзiн алды сылып. Және келiп жон терiсiн шылбырлады, Екi би құлындай боп қышқырады. Даусын естiп мұнда тұрған адам, Тобан терi құйқасы шымырлады. Бұл екi би жалғаннан өттi-кеттi, Тез өлтiрмей, аз ғана азап еттi. Нақ боламыз дегеннен көргенi сол, Өтiрiк айтып өз жанына өзi жеттi. Бұл қалай ендi менен қалар ма екен, Iсiм ақ боп, көңiлiм шабар ма екен. Менi шаққан уәзiрлер жон терiсiн Шылбырлатар күнiмiз болар ма екен? Бейшара сөйдеп айтып, зар еңiредi, Уәзiрлер тегiс мұны естiп бiлдi. Шақты деп бiздi өтiрiк қосты деп, Уәзiрлер дауласып тұра келдi. Уәзiрлер мына сөзге ыза болды, Өтiрiк кейiп жабығумен наза болды. Бiр залым бәрiмiздi былғады деп, Падишаның алдында нала болды. – Ей, патша, өлтiремiз осы құлды, Шақты деп бiздi даулы қылды. Сiз – патша, бiз уәзiр болған күннен, Падиша, көрiп пе едiңiз мұндай iстi?! – Өлтiрсеңдер барамын Құдайыма, Ей, патша, жарлық қылғаным жұбайыңа. Бұларға сөз сәнi қып айтып едiм, Iшiм толып кеткен соң уайымға. Патша айтты: – Қойыңдар, уәзiрлерiм, Бек қызық әңгiменi қоса көрдiм. Сөзiн бұзбай тыңдасып тұрсаңдаршы, Түгессiн екi сөзiнiң аяқ жерiн. – Ей, билер, сөйлеймiз сөз жаңылмай, Уәзiрлерiм, тек отыр даң-даң қылмай. Өзге сөзден бұ сөздер асыл екен, Қайғылы [жан] естiп тыңдағандай. – Екi би керуенмен болсын шығын, Уәзiрлер бұрып кеттi зор қызығын. – Судан бала шыға ма, бар ма, жоқ па, Аяғын түгесiп айт, жарықтығым. – Айтайын уәзiрлерден жаным қалса, Разымын жанымды Құдай алса. Неткен бәле-жала боп өлесiң деп, Шара бар ма басыма Құдай салса. Өлмесең де өлесiң қаза жетсе, Тоқтамассың жазулы күнiң жетсе. Ер жiгiтке не келiп, не кетпейдi, Қылғаның мағлұм болып аман кетсе. Ей, патша, құтылмадым бұ бәледен, Бiзге қаһар қылдыңыз құр жаладан. Менi шағып уәзiрлерiң сiзге барып, Жалған өсек тасып жүр екi арадан. – Әй, Бақтияр, ақымақ деп наза қылма, Кiрсiзбiн деп бойыңды таза қылма. Күн кеш болды, өлеңiңнiң аяғын айт, Уәзiрлерiмдi тағы да ыза қылма. Уәзiр сөз үйреттi ханы менен, Жала жауып алтынның сынығына. Күнде бiр сөз жайылып жатқызады, Таң қаламын уәзiрлер қылығыңа. Уәзiр едi қу мұндар, залым мұндар, Отырып әңгiме айтып күн де батар. Ханымға қол салдырған сенi бiз бе, Тағы бiздi дұшпан деп базаңдар. – Ей, патша, мұны өлтiрмей қоясың ба, Күндегi айтқан қу сөзге тоясың ба? Терiсiне қоялық сабан тығып, Терiсiн тұлып қылып соясың ба? – Уәзiрлерiм, тоқтай тұр, [сөз] тыңдалық, Сөзiн әбден түгесiн, ұрыспалық. Жалғанда жан айтпаған бiр кеңес қой, Бiр сөзiнен бiр сөзi падишалық. Уәзiрлерiм, қоя тұр егесiңдi, Бiлемiн тiрi қояр емесiңдi. Бала судан шықты ма, шықпады ма, Ей, Бақтияр, айта бер кеңесiңдi. Бақтияр жаман еңiреп кеңес құрды, «Көп азаппен бағанағы бидi өлтiрдi. Әлгiде осы жерде тоқтағансың», – Деп патша құлақ салып тыңдап тұрды. Керуен де өттi пенде[ге] қасад қылған, Ниетсiз сөйтiп өткен, шiркiн, жалған. Падиша кiсi жиып iздетедi, Бар ма екен судан сандық тауып алған? Шәкiратжан iнiсiне көп зарланған, Жалғанда бiр көрсем деп арман қылған. Iздетiп һәлак болып жата тұрсын, Аз ғана сөз қылайын Шәкiржаннан. * * * Теңiздiң жағасында бiр шаһар бар, Бұл сөздi құлақ салып аңғарыңдар. Шәкiржанға бiр адам кез болады, Құданың құдiретiне таң қалыңдар. Бiр мүсәпiр қолына қармақ алды, Балық аулап теңiзге жаяу барды. Суда ағып келедi үш кез сандық, Мүсәпiр мұны көрiп қайран қалды. Мүсәпiр сандық көрiп қайран қалды, Қолындағы қармақты даярлады. Қарсы алдыда бiр жерде тосып тұрып, Қармағын iлiп тұрып тартып алды. Сандықты сүйреп алып шықты шетке, Құдайым жолықтырды қай ниетке. Бұ сандық[қа] ертең бiреу ие болса, Мен бейшара қалармын қайғы-дертке. Теңiзге келiп едiм балық аулап, Менi ап шығар кiсi жоқ омыраулап. Iшiнде мұның қанша мүлiк бар деп, Бiреу келсе немдi айтам сандық даулап. Бейшара көп отырды ақыл ойлап, Сандық аузын аша алмай көзi жайнап. Патша маған неге көрсетпедiң десе, Қор болып өлемiн [ғой] сорым қайнап. Бейшара сандық аузын аша алмады, Жалғыз ашып көрмекке бата алмады. Сандығын бiр жерге алып қойды дағы, Патшасына жүгiрiп жетiп барды. Алдына падишаның кiрiп барды, Әдеп бiрлән ол тұрып сәлем бердi. – Балық аулап кеттi деп естiп едiм, Нағып жүрсiң, мүсәпiр, – деп сөйледi. – Падишам, барып едiм балық аулап, Бiр сандықты кез қылды Алла Тағала. Бұл сандықты теңiзден тауып алдым, Сiзге хабар бергелi келдiм жаныңа. Сандықтың аузын өзiм аша алмадым, Сiзден қорқып ашуға бата алмадым. Ертең бiреу сандығын жоқтап келсе, Сiзге мағлұм болсын деп ой ойладым. Ол-пұл болса берерсiз қолыңыздан, Уа ғайр жоқ болса көрерсiз көзiңiзден. Бiр кiсiңдi қосып бер, әкелейiк, Көп кешiгiп қалмайық жолымыздан. Падиша мұның сөзiн естiп бiлдi, Екi-үш кiсi қасына қосып бердi. Сандықтың аузын бұзбай қалыбымен, Уәзiр жылдам көтерiп алып келдi. Мүсәпiр екi-үш кiсi ертiп алды, Сандықты кезек-кезек қолға алды. Азаптанып арқалап, көтерiсiп, Падишаның алдына алып барды. Падиша дереу сандық аузын ашты, Ерген жанның бәрi де анталасты. Iшiнде айдай толып жiгiт жатыр, Бұ жiгiт неткен жан деп таңырқасты. Жатыр екен кiрпiгiн қимылдатып, Сандықтан бiреу суырып алды тартып. Аузына мақтаменен су тамызып, Бейшараны тiрiлттi адам етiп. Баладан тiрiлген соң сөз сұрайды: – Жарықтығым, жөнiң айт, кiм едiң? – деп. Бастан-аяқ жасырмай көргенiңдi айт, Қазаның жоқтығынан жолықтыңыз, – деп. Есiн жиып алған соң сөзлер бала, Жанның бәрi жиылған тамашаға. Шәкiржан айтып отырып зар еңiрейдi, Iсiне Құдiреттiң не-дүр шара. Әуелi патша болып туған жерiм, Өгей шеше қас болып қуған жерiм. Өзi көрген бейнетiнiң бәрiн айтты, Бастан-аяқ терейiн қайсы бiрiн. Не көрген бейнетiнiң бәрiн тердi, Жиылған жан жамағат естiп-бiлдi. Бастан көрген бейнетiн естiген соң, Бастығы патша болып жұрт еңiредi. Жұрт естiп есiркедi қылған iсiн, Сенге қастық қылдырған шешең құрсын. Сөйдеп айтып сөйлейдi отырғаннан, Мұндай сөз көргенiм жоқ мұсылманнан. Сөйткен әке-шешеңдi Құдай ұрсын, Бейнеттi көрiпсiң ғой тамам жаннан. Ол баланы есiркеп құрметтейдi, Алдына неше түрлi ас келтiрдi. Қазынадан патшалық тон шығарып, Жақсылап Шәкiржанды киiндiрдi. Падишасы бiр үлкен қартаң адам, Жалғыз қызы бар екен ер таңдаған. – Өзiмдей падишаның баласы екен, Қызымыз қабыл көрер ме, көрсет соған. Қызметкерлер жүгiрiп қызға барды, Қыз ендi Шәкiржанға көз салады. Құдай артық жаратқан нұрлы етiп, Шәкiржанды қыз көрiп [қабыл] алды. Қыз көрген соң есiнен адасады, Тамам жұрт тамашаға қарасады. Қыздың ғашық болғанын патша бiлiп, Ендi күйеу қылмаққа жарасады. Падиша той қылады жұртын жиып, Қыз тидi өз еркiмен көңлi түйiп. Құдайдың бұйыртқаны осы екен деп, Шәкiрдi қызға қосты неках қиып. Падиша тойын қылып қызын қосты, Мұратына жеткiздi екi жасты. Балам болды, орнымды берейiн деп, Өз тақытынан падиша өзi түстi. Шәкiрдi жарылқады тағын берiп, Ер таңдаған асыл қызын және берiп. Ел-жұрты құтты болсын тағыңыз деп, Падиша қабыл көрдi патша қылып. Шәкiржан патша болып тақыт мiндi, Рақым Құдай мұратын тигiздi ендi. Сабыр қылмай Құдайға тiл тигiзсе, Мұндай болып мұратқа жетер ме едi?! Бек құрметтеп сыйлайды қауым елi, Шәкiрдiң ендi ашылды көңiлдерi. Бағана бейнет тартып жүрген күнде Құдайға тiл тигiзген бар ма жерi?! Патша боп тақытында отыр едi, Қонақпыз деп сөйлесiп екеу келдi. Өз елiнiң кiсiсi секiлдi емес, Жат жерден келiп тұр деп құрметтедi. Ол мейман шақырған соң үйге кiрдi, Алдына неше түрлi ас келтiрдi. Ас iшкен соң: – Не iске келдiңiз, – деп, Меймандарым, сiздер бiзге сөйле, – дедi. – Падиша, бiз жолаушы жоқ iздеген, Көп кiсi боп шығып ек елiмiзден. Сұрасаңыз, патшамыздың аты Шәкiрат, Ғарiп адам боламыз жаһан кезген. Көп кiсi [едiк ел-] елге жар салған, Бар ма екен судан сандық тауып алған. Сандық тапқан кiсiге көп сүйiншi, Зар болған падишамыз қайғыланған. – Мендей ғарiп екенсiз жаһан кезген, Падиша не себептен қайғы жеген? Һәлак болып көп адам мұнша iздеп, Ол сандықтың iшiнде неме екен? – Ол сандықтың iшiнде бiр бала бар, Ол бала үшiн қырылды мұсылмандар. Ол бала патшамыздың iнiсi екен, Арманда боп айрылған бейшаралар. Шәкiржан естiп-бiлдi мұның бәрiн, – Бұ сөздi рас айтасың, меймандарым, Сол iздеген бейшара мен сорлы едiм, Аһ, – деп аузынан шықты жалын. Падиша есi кетiп, кеттi талып, Iшi-бауыры елжiреп, оттай жанып. Есi кетiп тақтынан түскеннен соң, Меймандар су бүрiктi тұра салып. Падиша есiн жиып, көзiн ашты, Қанды жасы көзiнен араласты. Падиша талып қалды дегеннен соң, Жанның бәрi жүгiрiп анталасты. Шәкiржан есiн жиып түрегелдi, Ағасының хабарын жаңа бiлдi. Естiгенiм өңiм бе, түсiм бе деп, Бейшаралар егiлiп көп еңiрестi. Шәкiрдiң жырлағаны Айналайын, мейманым, Сендерге болсын жиғаным. Алдыңызға салайын, Алыңдар қанша сыйғанын. Алыңдар сендер малымды, Мейманым, тыңда зарымды, Ағамнан хабар есiтiп, Сұм жүрегiм жарылды! Жарылды менiм жүрегiм, Қайғы едi жегенiм. Айналайын бар Құдай, Берген екен тiлегiм. Құдай тiлек бермесе, Көзiмнiң жасын көрмесе, Құдай және сиғынамын, Хабары бүйтiп келмесе. Арманда боп айрылған, Айрылғанда зар қылған, Қанатынан қайрылған, Жасыған жездей майрылған, Бiр анадан туысқан, Белдi бекем буысқан, Асық ойнап алысқан, Сабағына жарысқан, Ана сүтiн тырналап, Бiр емшектен тартысқан, Ақ сүтiн бiрге емiскен, Тар төсекте жатысқан, Сабақты бiрге оқысқан, Көңiлге ақыл тоқысқан, Бауыры үшiн қаңғырып, Ел-жұртынан айрылған, Мұстакән жер, ағекем, Шырағым, разы бол, ғарiп бала, Сiздерге өнер бердi Хақ Тағала. Әр қисса мен де жаздым бiраз ғана, Жазбасқа сiз тапсырғаш не-дүр шара?!* Ағам тiрi бар ма екен, Сәнаменен сарғайып, О да мендей зар ма екен?! Ол ағамды мен көрсем, Iшiмдегi қайғы-дерт, Бәрiн жиып бiр терсем. Өтер едiм армансыз, Көрiп тұрып жан берсем. Болар едiм армансыз, Өлем деген жалған сөз, Айналайын, мейманым, Қандай күнi болдың кез? Айналайын, қонағым, Айтыңдар ағам тұрағын. Рас болса сөздерiң, Болайын құрбан лағың. Сендермен бiрге ерейiн, Ағамды барып көрейiн. Ағамды сендер көрсетсең, Көп сүйiншi берейiн! Сүйiншiнi алыңдар, Ағама ертiп барыңдар. [Бауырыңды] таптық деп, Ағама хабар салыңдар! Хабарымды естiп жұбансын, Iнiсiн көрiп қуансын. Дұшпанның мойнын сындырсын, Достың көңлiн тындырсын. Қапылыста өлiп жартаста, Кетiп едi ағам бiр басқа. Екi ғазиз, мейманым, Бұ сөздерiң рас па?! Шәкiржан сөйтiп айтып зар еңiредi, Меймандар «жалған емес, рас» дедi. – Бұларды ертiп ағамды көремiн, – деп, Ел-жұртым, қазiр тегiс жиыл, – дедi. Шәкiржан ел-жұртына хабар салды, Бес жүз ләшкер қасына ертiп алды. Мейманын көп мал берiп, разы қылып, Өзi iздеп ағасына бiрге жүрдi. Қанша күн жол үстiнде бiрге жүрдi, Ағасының анығын бiлiп келдi. Үш күншiлiк жер қалғанда ағасына, Алдымен бiр-екi адам жiбередi. Жiбердi ағасына хабар салып, Ағамды қуантыңдар деп әуел барып. Бейшара болған iнiң келедi деп, Алыңдар сүйiншiнi жүрек жарып. Екi адам дереу шапты жалбыр қағып, Патша жарлық берген соң тұрсын нағып. Шаһардан падишасын iздеп тапса, Отыр екен көзiнен жасы ағып. Алдына патшасының жетiп келдi, Қол қусырып алдында сәлем бердi. – Атың …* ерiккенiң бұл емес, Мейманым, танымаймын, кiмсiң? – дедi. – Ей, патша, неге жүрсiң мұнша жасып, Сiзге келген мейман[быз] амандасып. Биязарлық кiсiдей қаның қашқан, Қанды жасың көзiңнен араласып. Патша айтты: – Көңлiмде бiр қайғы бар, Қайғым еске түскенде жылаймын зар. Мейманым, сөзлеңiздер, кiм едiңiз, Қайғым сұрап не етерсiз, мұсылмандар? – Ей, патшам, қайғыңызды түгеселiк, Жөнiмiздi сонан соң сұрасалық. Аз ғана кеп соғалық құлағың сал, Екеумiз де өнерсiз емес едiк. Екi адамның сүйiншi сұрағаны Бiз бiр ғазиз мейманбыз, Бөлек шаһардан келгенбiз. Көңiлдегi қайғыңды, Мәнiсiн естiп бiлгенбiз. Аяңдамай желгенбiз, Ат терлетiп келгенбiз. Қайғыңыздың мәнiсiн Айтпасаң да бiлгенбiз. Iнiңдi ойлап қайғырдың, Жасыған жездей майрылдың. Бiрге жүрген бауырыңдан Арманда боп айрылдың. Бауырыңнан қалдың арманда, Жапанда өлiп қалғанда, Кiм армансыз өтпейдi, Мән сұрамай жалғанда. Армансыз дүние болар ма, Пенденiң көңiлi толар ма? Мұратыңа жетерсiң, Асылзатым, жылама. Бұ жылаудан тыйылсаң, Бiр Құдайға сиынсаң, Бiз бiр кеңес айталық, Ел-жұртыңмен жиылсаң. Iшке сақтап қайтелiк, Iнiңiз үшiн қайғырма, Ақылыңнан айрылма. Өлген iнiң тiрiлер, Мағлұм боп бiлiнер, Көзiңе келiп көрiнер. Ей, сұлтаным, сүйiншi, Бауырың тiрi бар екен, Көргелi сiздi зар екен, Зары сiзден ары екен. Асылзатым, сүйiншi, Өлген iнiң тiрiлген, Бейнетi көп көрiлген. Бейнетi көп көрiлген, Жастан көрген бейнетi Бiр қағазға терiлген, Өзiңiзге мағлұм боп, Қыздан хабар берiлген. Үш кез сандық iшiнде Теңiзде ағып жүрiлген. Балық аулап жүргенде, Бiр адамға көрiнген. Судан шығып саламат, Елге тегiс бiлiнген. Ей, сұлтаным, сүйiншi, Басыңа дәулет iлiнген. Өзiне бiр қыз берiлген, Кер маралдай керiлген, Сары майдай ерiлген, Патшамыздың қызы едi, Ақ маңдайдың өзi едi, Сол қызды алған iнiңiз, Ақсұңқарым, сүйiншi, Патша қылып тақыт берiлген. Сондай сұлу нақ берген, Құдай қалап iнiңе, Сондай үлкен бақ берген. Тәж оралған басына, Тақыт мiнген астына, Рақым қылған Құдайым Көзiнен аққан жасына. Бес жүз ләшкер ол ертiп Келе жатыр қасыңа. Асылзатым, сүйiншi, Iнiң үшiн жасыма. Бес жүз ләшкер қасында, Дәулет құсы басында, Хабарға келдiк осында. Ей, сұлтаным, сүйiншi, Ертең түсте келедi, Шаһарға келiп кiредi, Алдынан шықсаң iнiңнiң, Барсаң көзiң көредi, Құдайыңа сүйiншi. Жалған емес бұ сөзiм, Шаһизатым, сүйiншi! Падишаның көзiнен жас егiлдi, Iнiсiнiң хабарын естiп-бiлдi. Қорыққан мен қуанған бiрдей екен, Хабарды естiп талықсып, жығылды ендi. Бiр заман түрегелдi есiн жиып, Тоқтаған соң көзiнiң жасын тыйып. Өзiңнен, жақсылар, сөз естiдiм деп, Екеуiнiң аузынан алды сүйiп. – Аузыңыздан айналайын, меймандарым, Талай жанға сөз болды қылған жарым. Iнiме шын көрiсiп құшақтасам, Өлiп кетсем қалар ма тағы арманым?! Бұ сөздерiң рас па, жарықтығым, Тiрiлдi деп отырсыз өлген iнiм. Жалғанда жаным-тәнiм, жалғыз бауырым, Бауырымсыз не болар көрген күнiм?! Ол мейманның аузынан тағы сүйдi, Қуанғаннан шыдамай iшi күйдi. Iнiмнiң мен де алдынан шығайын деп, Падиша ат шаптырып, жұртын жиды. Падиша жұртқа тегiс хабар салды, Бес жүз ләшкер ол дағы ертiп алды. Келер жөнiн бұлардан сұрап алып, Iнiсiнiң алдынан қарсы жүрдi. Iнiсiнiң ерткенi өңкей батыр, Қару-жарақ сайманын жарқылдатар. Ағасының қарасын бұрын көрiп, Қатты желiп сауылдап келе жатыр. Ағасы жолын тосып қарап тұрды, Асығып арғымақтай жарап тұрды. Iнiсiнiң қарасын бұлар көрiп, Ағасы көңiлiн тыймай жылап тұрды. Шәкiрат iнiсiн көргенде айтқан жыры Келе жатыр, қарағым, Жарқылдатып жарағын, Өлген iнiм келедi, Ашылсаңшы, қабағым. Құдайым бердi тiлегiм, Құшақтасар бiлегiм. Қарсы бауырым келедi, Жарылсаңшы, жүрегiм! Жалғызым деп ойлаған, Бауырым еске түскенде, Iшiм оттай қайнаған, Iнiм екен ырысым, Ашылсаңшы, тынысым! Отыңа жаққан су құйып, Өшiрсеңшi сұм iшiм, Қазандай iшiм қайнадың, Жанған шоқ боп жайнадың, Iшiм от боп күйгенде, Көзiмнiң жасын тыймадым. Жалғыз едi қу басым, Iнiм келдi жолдасым, Күнде ағушы ең құрғамай, Тыйылсаңшы, көз жасым. Жас ақты көзден тамырдан, Айырылған соң бауырдан, Қайысып едiң бүгiлiп, Түзелсеңшi, қабырғам. Жұлын-құйқам сөгiлген, Мойным босап бүгiлген, Менен сорлы бар ма екен, Күйiп-жанып егiлген. Мен екенiм бiледi, Бәрi саулап желедi. Көлеңкеңнен айналсам, Қандай жерде келедi. Не түстi екен мiнгенi, Қандай екен кигенi, Бiреу басып алдымнан Жақсы емес бiлгенi. Қарасам көз талады, Бауыры жақын келгенше, Iшi өртенiп барады. Бес жүз ләшкер атырап, Қатты келер қамшылап, Бауырым келе жатқанда, Көзден жасы тамшылап, Айна алып қарайын, Әйнекке көзiм салайын, Бiреуiң барып бiлiңдер, Тура алдынан барайын. Басына тәж оранып, Көзiнен жас ағызып, Қарағым келе жатқанда, Мен байғұсты сағынып, Атымнан түсiп қарайын, Алдынан жаяу барайын, Көрсеткенiң рас па, Айналайын, Құдайым! Ағасы сөйтiп айтып зарлық еттi, Сонша болмай бұлар да саулап жеттi. Iнiсiнiң сүйесiп қолтығынан, Атының басын бiр адам жетелептi. Iнiсiнiң көл-дария екi көзi, Зарланған ағасының келдi сөзi. Ағасы ат үстiнен қарғып түсiп, Не болғанын бiлмейдi өзiн-өзi. Iнiсi атынан ұшып кеттi, Екеуi жаяуласып жүгiрiстi. Сонша зар боп жүрген соң неге тұрсын, Екеуi құшақтасып көп көрiстi. Ағасының ерткенi бес жүз ер-дi, Мына келген бес жүзбен бiр мың болды. Екi ләшкер қосылып екi жақтан, Ортаға алып мұңын естiп қарап тұрды. Ағасы iнiсiне бұрын жеттi, Iнiсi есi кетiп, талып кеттi. Омырауын дал-дал қып жалаңаштап, Бейшара құшақтасып зарлық еттi. Шәкiраттың iнiсiмен қосылып көрiскенде айтқан жыры Жалғыз бауырым, iнiмсiң, Менiм жаным-тәнiмсiң, Жарық сәуле Шолпаным, Менiм айым-күнiмсiң. Жаным-тәнiм сен едiң, Жалғыз ағаң мен едiм, Хабарыңды естiп жүдедiм, Құдайымнан тiледiм. Бердi Құдай тiлегiм, Жаңа айқасты бiлегiм. Туысым қосылды, Жарылар ма екен жүрегiм. Қол ұстасып жүргенде, Жартаста едi өлгенiң. Өңiм бе, менiм түсiм бе, Өлген сенi көргенiм? Жазу жазып [мен] тасқа, Лажсыз кеттiм бiр басқа, Тiрiлiп келiп көрiсiп, Тұрғаның, қалқам, рас па? Қарағым, мен қандаймын, Сағынғаннан зарлаймын, Түсiм шығар көргенiм, Өңiм бе деп нанбаймын. Өңiм болса бiлейiн, Келбетiңдi көрейiн, Тамағыңнан иiскеп, Аймалап, құшып өлейiн. Қарағым, құлыным, ағайын, Бауырыңа бауырым қосайын. Тамағыңнан иiскеп, Аймалап мауқым басайын. Жас күнiңде жатушы ең, Төсiмнен [менiң] иiскеп, Айғайлап шақырушы ең анаңды, Өлгенiн бiлмей апарып. Анасын iздеген жоқтар деп, Ес кiрген соң тоқтар деп, Екi жыл бұрын туған соң, Күтушi едiм мәпелеп. Бiрге жатып сөйлескен, Мұңын айтып еңiрескен, Бастан жетiм, қарағым, Шер көкiрек болып өскен. Сенiң атаң мен болдым, Мен анаңмен тең болдым, Саған бейнет берген соң, Жапа-зар боп жүрген соң, Сенi көзiм көрген соң, Қартайғанда сұм әкең Қатын тiлiне ерген соң, Қол ұстасып жөнелдiм. Жөнiмнен мен де түңiлдiм. Құдай айдап барды ма, Қу жартасқа кез болдым, Жартаста жатып сен өлдiң, Шын дүниеге жөнелдiң, Өлген соң қайта тiрiлдiң, Қарағым, бауырым, не көрдiң? Мен сорлы қанша зарландым, Үш айналып жүгiрдiм, Тұрмаған соң түңiлдiм. Құдайыңа тапсырып, Еңiреп, боздап жөнелдiм. Өлген соң қайта тiрiлдiң, Айдаһарды өлтiрiп, Құмға тiрi көмiлдiң. Құмнан қайтып тұрыпсың, Екi биден көрiпсiң, Керуенмен жолдас боп, Базар қылып жүрiпсiң. Сандық сатып алыпсың, Керуенмен жолдасып Бiр бәлеге батыпсың. Көргенiңдi, қарағым, Ақ қағазға салыпсың. Ақылмен қағазға салғаның, Қыздан хабар алғаным, Хабарыңды естiп зар болдым, Таусылмаған арманым. Екi бидi өлтiрдiм, Жанына қаза келтiрдiм. Керуеннiң һәммасын Қырып, өлтiрiп кетiрдiм. Мауқым [сөйтiп] басқаным, Бәрiсiн дарға асқаным. Айналайын, бар Құдай, Бауырыма жұпты қосқаның, Жиылмас жерден ауруым, Нұрлы туған бауырым, Сәнаменен сарғайдым. Қарағым, қалқам, бауырым, Зар болдым басқан iзiңе, Бал-шекердей сөзiңнен, Мен садаға кетейiн Жаудыраған көзiңнен. Айналайын, қарағым, Жанып тұрған шырағым, Ендi сенiң алдында Болайын құрбан лағың. Көп бейнеттi көрiпсiң, Өлмей тiрi жүрiпсiң, Шерлi ағамды көрем деп Iздеп, қалқам, келiпсiң. Iште шерiм толы ма, Қарағым, көп налыма. Жанымды құрбан етейiн Iздеп келген жолыңа. Жаратқан Жаппар Құдайым, Сабырлық етiп жылайын, Қарағым, iнiм, жылама, Жылама, мен де тынайын. Мен жыладым келген соң, Тұра алмадым көрген соң, Қарағым, сен жылама, Құдай тiлек берген соң, Көзiң жасын көрген соң, Құдайға шүкiр қылайын, Iнiм аман келген соң. Ағасы жылама деп зар еңiредi, Iнiсi неге тұрсын, о да еңiредi. Мың кiсiнiң iшiнде нелер жан жоқ, Бәрi де қайғырысып зар еңiредi. Шәкiрдiң жырлағаны Қарағым, қалқа, ағекем, Ғарiпке Құдай жақ екен, Менi тiрi көрсеткен Басыма тұтқан бақ екен. Бақ-дәулет қонды басыңа, Мен [келдiм], аға, қасыңа, Құдай тiлек берген соң, Ағеке, жылап жасыма! Көп жылаудан пайда жоқ, Өткен iске хайла жоқ. Бүйтiп тiрi көрiсiп, Көрем деген ойда жоқ. Көңiлiмден кетпедiң, Мен үшiн қайғы жеп пе едiң?! Бұ жалғанда, ағеке, Көремiн сенi деп пе едiм?! Көрсеттi, шүкiр, Құдайым, Iшiм толған уайым. Iшiмдегi шерiмдi Тарқатпай қайтiп шыдайын? Ағеке, iшiм толған шер, Бiр күнде болдым қара жер. Көп бейнеттiң тұсында Көзiмнiң жасы болды сел. Көкiрегiм шер болды, Жылап көзiм көр болды. Ағекем деп зар болдым, Естiген жанға шер болдым. Жасымда не көрмедiм, Жетiм қалып еңiредiм. Ағекем, сенiң арқаңда Жетiмдiктi бiлмедiм. Шешемiздi Құдiрет алғанда, Iшке [толды] қайғы-дерт. Өгей шеше, ағеке-ау, Тартқызды бiзге көп бейнет. Анамызды алғанда, Келiп жұпты болғанда, Сұрады ма екен сұм ата Бала бер деп жалғанда. Сұрағаны бiз болсақ, Бiреу сонша сөз болсақ, Жазықсыз бiздi қаңғыртып, Мұндай күнге кез болсақ, Қатын көңiлiне қараған, Бiздi дұшпан санаған, Ақымақ екен бұрынғы, Бала бер деп сұраған. Тiлемесе нетедi, Бермесе зарлық етедi, Жалғандағы жалғызын Неге мұндай етедi?! Әкенiң күнi тар екен, Балаға шеше зар екен. Шешенiң көзi кеткен соң, Әке жаудан ары екен. Қатыны хайла тапқан соң, Өтiрiк жала жапқан соң, Балаң менi сөйттi деп, Өтiрiк айтып шаққан соң, Әкем айтса балам деп, Не деп отыр анаң деп, Не-дүр деп тергесе, Басыңдағы шалаң деп. Көп бидi салғанда сұрамай, «Арманда әке …*» деген сөз Рас екен жалғанда. Әкем қаһар қылғанда, Жендеттерден қалғанда, Ағеке, кез боп жолықтың, Жап-жалаңғаш болғанда. Менi көрiп жыладың, Көзiңдi сен бұладың, Iшiмдегi дертiмнiң, Бәрiн терiп сұрадың. Сөзiмдi естiп қайғырдың, Ақылыңнан айрылдың, Кең дүние кенерiлдi, Менен ары зар қылдың. Бiрге жүрдiң зар қылып, Жолдасыңнан айрылып, Жолдасың шулап тұрса да, Қарамадың қайрылып. Атыңды да тастадың, Жолдасыңа ақыл қоспадың, Сен өлген жерде өлем деп, Бiлегiмнен ұстадың. Табаның жерге тигiзiп, Маңдайың күнге күйгiзiп, Сүйткен ағам сен болсаң, Мауқымды менiм бассаңшы, Тамағыңдан сүйгiзiп. Менiм үшiн болдың диуана, Көп бейнет көрдiң, бейшара. Сөйткен, қайран, ағеке, Ендi сенiң жолыңа Өз жанымды құрбан қып, Өлiп кетсем, [ағеке], Менсiз сенiң күнiң жоқ, Сенсiз менiм күнiм жоқ. Артыңда сенiң iнiң жоқ, Ағалап менде тыным жоқ, Аузымнан алмай зарланып, Күйiп-жанып болдым шоқ. Сөйткен, қайран, ағеке, Зар болды деген осы екен, Артымыздан қайғы ойласып, Бiздi жоқтап ойбайлап, Тым болмаса, ағеке, Артымыздан жаны ашып, Жылар адам болса екен. Жалғыз ағам сен едiң, Жалғыз iнiң мен едiм, Бұ жалғанда бiр көрсем деп, Зар-зар еңiреп тiледiм. Тiлегiм Құдай бергенде, Көзiмнiң жасын көргенде, Сонда арманым көп едi, Ағамды көрмей өлгенде. Ендi арманым жоқ болар, Мұңым айтсам көп болар. Сағынған сонша мауқымды Қайтiп бассам еп болар?! Ағекем, тоның ашайын, Бауырымды қосайын. Омырауыңды иiскеп, Айқалап мауқым басайын. Мың адам бiзге қарады, Қайғырып құлақ салады. Жыламайын десем де, Iшiм күйiп барады. Iштегi отым сөнер ме Сөн дегенге көнер ме?! Екеумiз де тәж бастық, Аман-есен жолдастық, Мұнан артық, ағекем, Ендi тiлек берер ме?! Iнiсi сөйдеп айтып көп еңiредi, Қарағым, ағекем деп зар еңiредi. Ағасы мауқын баспай тым еңiредi, Қайғысы көп адамдар бiрге еңiредi. Мың адамның iшiнде бiреу келдi, Жасы бар жетпiс бесте қартаң едi. Балаларым, көп зарығып жылама деп, Тоқтау ғып өсиет айтып едi: Балаларым, жылама, Бүгiнгi күн жақсы күн, Екi зарлық қосылған, Иншалла, жақсы күн, Бақ-дәулетiң ашылған, Бүгiнгi күн жақсы күн, Асылзатым, жылама! Сiздерге тоқтау айтайын, Құдай бiзге берген соң, Сiздерге айтпай қайтейiн, Балаларым, жылама! Бұ заманның қарты едiм, Бұрынғының арты едiм, Жетпiс бесте жасым бар, Жарты ғана басым бар, Бекзаттарым, жылама! Ендi мауқың басыңдар, Жұрт есiттi зарыңды, Қалдырмады барыңды, Екеуiңнiң зарыңды Жұрт еңiреп налынды, Бүгiнгi күн жақсы күн, Бекзаттарым, жылама! Шешеңiз жоқ жетiмсiз, Әкеңнен көрiп кетiпсiз, Құдайыңыз жар болып, Бұ дәулетке жетiпсiз, Бүгiнгi күн жақсы күн, Сұлтандарым, жылама! Тәж орандың басыңа, Тақыт мiндiң астыңа, Екеуiңнiң құрметiң, Бiр мың кiсi қасыңда, Бүгiнгi күн жақсы күн, Бекзаттарым, жылама! Бұрынғыда зарлы көп, Жетiм қалған шерлi көп, Ел iшiнде мұңды көп, Нелер зарлы сорлы көп, Бүгiнгi күн жақсы күн, Патшаларым, жылама! Кiм жұртынан кетпеген, Кiмдер зар боп өтпеген, Зар бойынша өткен көп, Мұратына жетпеген, Тәңiрi рақым еткен соң, Бастан көрген бейнетiң Түгесiлiп, бүйтiп жылама! Жұртың құрмет еткен соң, Бектерiм, бүйтiп жылама! Тұяғы бүтiн тұлпар жоқ, Қанаты бүтiн сұңқар жоқ, Кей адамның мiнi жоқ, Мiнсiз жанның көңiлi тоқ. Кей адамда iнi жоқ, Iнiсiздiң күнi жоқ. Кей адамда аға жоқ, Ағалы жанға баға жоқ. Кейбiреуде бала жоқ, Бермесе Тәңiрi шара жоқ. Кейбiреудiң малы жоқ, [Кей] бiреудiң жары жоқ, Жары жоқтың жаны жоқ, Қатын алар халi жоқ. Кейбiреуде бала жоқ, Бермесе Алла шара жоқ. Қайғыдан бүтiн аман жоқ, Қайғысыз өтер заман жоқ. Бәрiн айтпа, бiрiн айт, Сабырсыздан жаман жоқ. Бүгiнгi күн жақсы күн, Екi сұлтан, жылама. Балаларым, жақсы тұр, Сабырлықпен жылаған, Екеуiңдi екi жұрт Патша қылып қараған. Екеуiңнiң зарың деп, Жан есітiп жылаған. Екеуiңдей жан жоқ па, Бақ-дәулет бердi сұраған. Бақ-дәулет қосып басыңа, Құдайыңыз қалаған. Басқа бәле келтiрер Сабырсыз боп жылаған. Бүгiнгi күн жақсы күн, Балаларым, жылама! Есiткенiм елде көп, Өз жұртынан кетiскен, Нелер айтты көрiсiп, Нелер зарлық етiскен, Ғұмырында жақсылық көрмей, Зарлы болып өтiскен, Екеуiңдей адам жоқ Мұратына жетiскен. Шүкiрлiк қыл Құдайға, Бекзаттарым, жылама! Шүкiрлiк қылсаң Құдаға, Жүрерсiң көп қалайға. Шүкiрлiгiң жоқ болса, Жоқ сендерге қарай ма. Тәубең қабыл болса, Кiрерсiң жақсы сарайға. Кәрiнiң айтқан бұ сөзi, Бекзаттарым, ұнай ма? Бүгiнгi күн жақсы күн, Ұғландарым, жылама! Аға бүйтiп жылар ма, Iнiсi iздеп келген соң, Iнi бүйтiп жылар ма, Ағасын тiрi көрген соң. Екеуiңнiң соңыңнан Мың қызметкер ерген соң, Бiрiн-бiрi көрiсiп, Құдай тiлек берген соң, Мұнан жақсы күн бар ма, Балаларым, жылама! Өгей шеше қар болып, Қылған iсi тар болып, Балам, жүрген шығарсың, Көңiлiңде қайғы бар болып, Өлген iнiң тiрiлiп, Көрiсiп тұрсың зар болып, Патша болдың екеуiң, Құдайыңыз жар болып Мұнан жақсы күн бар ма, Бекзаттарым, жылама! Құтты болсын тәжiңiз, Құшағыңды жазыңыз, Ұзын болсын жасыңыз, Ендi мауқың басыңыз. Жыламақ басқа бәле едi, Тағы да отқа салады. Көрмесiн деп жамандар, Жаным ашып барады. Бәледен, балам, қашыңыз, Мауқыңызды басыңыз, Кәрiнiң сөзiн қабыл алып, Араңызды ашыңыз. Бүгiнгi күн мейрам күн, Сұлтандарым, жылама! Кәрi байғұс солай деп айтып едi, Айтқан сөзi орынды секiлдендi. Шүкiрлiгiн қылысып Құдайына, Екеуi бiрiн-бiрi қоя бердi. Екi бала жыламай мауқын басты, Құдайға шүкiр қылып амандасты. Аттан түсiп мың адам екi жақтап, Ерсi-қарсы көрiсiп жапырласты. Шәкiр айтты: – Көп болды көрген iсiм, Мұндай боп көрем деп пе ем аға түсiн. Сенi көрiп, ашылды iштен шерiм, Ағекем, қарағым, қалқам, жас арысым. Ағасы айтты: – Қарағым, жүрмiн тiрi, Ағаңның жаңа ашылды iштен шерi. Көзiмнен жас, көңiлiмнен қайғы кетпей, Сәнаменен сарғайдым сонан берi. Жартасқа көмбей тастап кеткен күнде Мұндай боп көрем деп пе ем амандасып. Сәнаменен сарғайып мұнша күйiп Қанды жас ағады араласып. Қарағым, сен өлген соң бiр жартаста, Басқа мүшкiл iс түстi жазылмасқа. Лажым жоқ, шарам жоқ, кеттiм тастап, Жалғыз бауырым, кiмiм бар сенен басқа? – Жазу жазып кетiпсiз бiр жартасқа, Кемпiр, шал сауап қылды бiз байғұсқа. Құдай рақым қылған соң мен тiрiлдiм, [Ит-]құсқа жем болмас па ем онан басқа? Құданың құдiретiмен тiрiлген соң, Тiрiлдiм деп қағазға сап бiлгенiң. Құдай-а, құдiретiңе мың шүкiрлiк, Өлген бауырым тiрiлiп көрiнген соң. Екеуi де Құдайға шүкiр қылды, Отырмалық дедi де атқа мiндi. Iнiсiмен көрiсiп мауқын басып, Ағасы өз шаһарына алып кiрдi. – Өз ләшкерiм, кетiңдер жай-жайыңа, Кiрiңiздер патшалық сарайыма. Жұрт жиып, ат шаптырып, той қылайын, Разымын Жаратқан Құдайыма. Ләшкер алып жүрдi қызмет етiп, Патшалық сарайына келдi жетiп. Бағана бес жүз ләшкер бәрi келдi, Шәкiратжан тақытына отырып. Шәкiржан жолдасымен бiрге отырды, Шәкiраттың ләшкерi тең отырды. Көп адам жүгiре басып қызмет қылып, Алдына неше түрлi ас келтiрдi. Ағасы үлкен тойды жасап жатыр, Қисабы жоқ көп малды қырып жатыр. Той қызығын көргендер кiредi деп, Бес жүз жерге тiктiрдi бес жүз шатыр. Тiгейiк бес жүз жерге бес жүз шатыр, Iшiн ашып шатырға кiрдi батыр. Балуандық жүргiзiп, ат шаптырып, Ағасы бар бiлгенiн қылып жатыр. Кейбiреуге ат бердi «мiнiп ал» деп, Кейбiреуге тон бердi «киiп ал» деп. Қазынадан шығарып алтын шашты, «Мүсәпiр, ғарiп-қасiр, жиып ал», – деп. Ағасы дүбiрлетiп тойын қылды, Кешке дейiн сауық пен ойын қылды. Күн батқанша мереке сауық қылып, Күн батқан соң орнына қайтып келдi. Ағасы молдаларды ертiп жүрдi, Iнiсiнiң отырған үйге кiрдi. «Қарағым, мiнеки [деп] алған жарың», Бағанағы қызды алдыртып алып кiрдi. – Ей, қарағым, мiнеки алған жарың, Арманда боп айрылып қалған жарың. Саған қас қып айырған керуеннiң Бiрiн қоймай қырдырттым, қалқам. – Ей, аға, бұл қыз бiзден кетiп қалған, Құданың бұйрығымен сiзге барған. Бұ қызды бiз алмайық, сiз алыңыз, Сiзге бiз не көрсетемiз бұ жалғаннан. – Қарағым, олай деме, қалқам iнiм, Мен алмаймын, өзiң ал, жарығым. Құдай бiлер, таза тұр аманатың, Қатын алсам жетпей ме менiм жайым?! – Ей, аға, мен разы өзiң алсаң, Неге алмайсыз мен сiзге олжа қылсам. Мен келмесем, өзiңiз алмас па едiң, Қазам жетiп теңiзде өлiп қалсам. – Қарағым, әлi таза аманатың, Мен алармын бiр жерден сұлу қатын. Iнiсiнiң тапқанын өзi алды деп, Жұрт маған аударар жаманатын. – Ағеке, жұрттың тiлiн не қыласың, Бұ қыз сiзге жұфұт боп айрылмасын. Тәңiрi алдында қанша жан куә болсын, Молдалар мұны сiзге некахласын. – Базардан бағыңды ашқан бар Құдайым, Бағыңа бұ қыз кез боп болған дайын. Көңiлiң өсiп, көкiрегiң, iнiм, жансын, Мұныңды өзiң алсаңшы, айналайын. – Шерiмдi тарқатамын десең, ағам, Базарлығым – қызды бердiм саған. Базарлығым алмасаң, разы емен, Бұрынғыдан көңiлiм болар жаман. – Апыр-ау, мен не етермiн, қалқам, саған, Бұ қызды алмағаның жарамаған. Менен бұрын бұ қызды сен көрген соң, Нәпсiң ауса, кетер ме ұялғаным?! – Ағеке, сен алмасаң, iнiң таза, Неше күн сенiң үшiн қылдым аза. Көзiм көрдi, нәпсiмдi аударғам жоқ, Құдай бiлсiн, бұ қыздан мен де таза. – Қарағым, бұ қызға ерiк салмаймысың, Өзiңдi қабыл көрсе, алмаймысың. Базардан бағыңа Құдай кез келтiрген Бұ қызды алмаймыз деп айтамысың? – Бұ қызды кез келтiрген сенiң бағың, Өзге жерден қыз алған менiм бағым. Құдай айдап бұ қызды сiзге ап келтiрген, Бар ма едi керуенде алымсағың. Бiлелiк күзеттiрiп қыздың көңлiн, Базардан сатып алған менiм iнiм. Ағасы қызға қарап сөз сұрады: – Көңлiңiз қайсымызда, жарықтығым? Қыз айтты: – Бiрiң аға, бiрiң iнi, Екi затқа кез қылған Құдай менi. Екi зат ортасында бойым таза, Бiздерге ер таңдаудың бар ма жөнi?! Құдай айдап кез қылған екi затқа, Мен бейшара кетерiм жоқ бөтен жанға. Құдай қосса бiрiңе мен бұйрылар, Молдалар, салыңыз[дар] шариғатқа. – Молдалар, қызды сатып iнiм алған, Арманда боп ала алмай өлiп қалған. Аманатын таза ғып сақтап едiм, Ақыретте азапты маған салған. Молдалар кiтаптарын алып көрдi, Екеуi де қардан ақ секiлдендi. Iнiсi олжа салар, ағасы алар, Халалдықпен Құдайың [кез] келтiрдi. Молда неках еттi ендi жұртын жиып, Ағасы қабыл алды көңiл сүйiп. Бұ iсiң шариғатқа мақұл болады деп, Шәкiратқа қызды қосып неке қиып. Ағасы бұ қызды алды көңiлi жанып, Бiр күнде болып едi тiрi ғарiп. Ағасы мен iнiсi кеңестi [ендi], Әкемiздi көрелiк ендi барып. Кеңестi әкемiзге баралық деп, Сұм шешеден өшiмiздi алалық деп. Бiз де мұнда ел тұтып адам болдық, Елiмiзге бiр хабар салалық деп. Екеуi бiр-бiрiне ақыл салды, Баяғы мың кiсiнi ертiп алды. Қару-жарақ сайманын сайлап алып, Екi [бек]зат өз жұртын iздеп барды. Екi бекзат өз жұртын iздей барды, Шаһарын жансыз барып аралады. Патша болған әкесi олмай, өзге бiреу, Бұл әкемiз қайда деп қайран қалды. Базарды оңды-солды аралады, Үш күн iздеп әкесiн таба алмады. Қайыр сұрап жүр екен қоржын салып, Бiр көшеден кез болып тауып алды. Әкесi жүр мойнына қоржын салып, Екi бала таныды мұны көрiп. Әкесi ғарiп болып жүргеннен соң, Екi бала келедi күйiп-жанып. Әкесiнiң көзiнен жастар аққан, Мұрнынан боғы ағып салақтаған. Екi өкпесi жылтырап тезек терiп, Қоржынды үш құлаш әрең тапқан. – Ей, мүсәпiр, сенi бiз танып тұрмыз, Сенi танып, Құдайға налып тұрмыз. Бiр күнде бұ шаһардың патшасы едiң, Сүрiндiң деп көңiлге алып тұрмыз. – Мен едiм бұ шаһарға патша болған, Мүһайлам бар едi Құдай ұрған. Қылмыс қылып ол екi ұғылым өлген соң, Тақытымды уәзiрлерiм тартып алған. Тақытымды уәзiрлерiм тартып алған, Мал-мүлкiм де бойымдан кетiп қалған. Қатыным асырап жүр қайыр сұрап, Балалар, не сұрайсыз, дүние жалған. – Бейшара, танымайсыз балаңызды, Нақақ жаптың балаңа жалаңызды. Жала жауып қаңғыртқан екi ұлыңыз, Бiздi десең, тез өлтiр ана қызды. – Балам болса қайтейiн қас қылған соң, Мұздатып көңiлiмдi тас қылған соң. Сендер үшiн қатынымды өлтiрмеймiн, Құдайым қатынымның алдында алсын. – Ей, әке, қатыныңды өлтiрелiк, Басыңа бақ-дәулеттi келтiрейiк. Бiз екеумiз бiлдiңiз әбден танып, Және өзiңе босау әперейiк. – Ұлым болсаң қайтейiн, жүр жайыңа, Қатыным өлсе қаңғырып қалмаймын ба. Қатынымның көңiлi, көзi менде, Разымын жаратқан Құдайыма. Екiсi мұны естiп аң-таң қалды, Мың жолдасын даладан жиып алды. Әкемiздiң тақтынан жылдам түс деп, Уәзiрлерге балалар хабар салды. Уәзiр тақтан түстi ендi шыдай алмай, Елi-жұрты жиылды бiрi қалмай. Бiр қылған қатамызды кешiңiз деп, Уәзiрлер жалбарып тұр дамыл алмай. Шәкiрат айтты: – Уәзiрiм, кештiм, – дедi, Бiр күнi қатиғ сауил iштiм, – дедi. Аз кiдiрсең қатаңды кешпес едiм, Қарсыласпай тақтымдан түстiң, – дедi. Ел-жұртым, Құдай қылды iстiң бәрiн, Әкем салды қатынға ықтиярын. Әкемнiң тарихына қараңдар деп, Жидырды шаһарынан молдаларын. Молдалар қолдарына кiтап алған, Әкесiнiң тарихына көзiн салған. Молдалар тарихына қарап тапты, Әкесiнiң басын қатын айналдырған. Молдалардан мұны естiп екi бала, Екi бала мұны естiп қылды нала. – Бұ талақ әкемiз[ге] қылған екен, Жадысын қайтарарға бар ма шара?! – Дұғадан күштi бар ма бұ жалғанда, Жадысы бойдан шығар оқығанда. Жадысын бойындағы шығарайық, Әкеңiздi шақырып келтiр мұнда. Жiбердi төрт кiсiнi барып кел деп, Жаяу қу деп, алдыңа салып кел деп. Сұм шешемнiң мойнына арқан тағып, Тiл алмаса, қорлық қып алып кел деп. Бұ төрт кiсi жүгiрдi жалбақтасып, Жарлық естiп алған соң тұрсын нағып. Әкесiнiң алдына алып келдi, Шешесiнiң мойнына арқан тағып. Шәкiр айтты: – Нағып ем, ана, саған, Нелер iсiн көрсетпедiң жады қылған. Әке менi қаңғыртқан тiлiңдi алып, Сен екенсiң әкемдi жады қылған. Әкемнiң қайтсе бағы ашылады, Шыныңды айт, қаның судай шашылады. Өзiң қылған күнәңдi маған жауып, Ей, талақ, қайтсек көңiл басылады? Қатынның тұла бойы селкiлдейдi, Сөйлей алмай көзiнен жас ағады. – Қатынымды сөйлетпе, балаларым, Өлтiрсең менi бұрын өлтiр, – дейдi. Екi ұғылым, сенен опа көргенiм жоқ, Сендерден айырылып өлгенiм жоқ. Қатыныммен қаңғырып күн көрермiн, Қатыным өлмей тұрса көңiлiме тоқ. Мен байғұс дәулетiм жоқ, өзiм жарлы, Бергенмiн қатыныма ықтиярды, Қатыным көтiн жалдап мал табады, Бұл өлсе кiм көтiмен …* дейдi. – Ей, әке, қатының сенi жадылаған, Қандай iспен қылды екен, Құдай ұрған! Молдаларға оқытсаң жазыласың, Жақсылық ал, бейшара, молдалардан. – Менi жады дегендi Құдай ұрсын, Молдаларың жалғаншы, қайдан бiлсiн. Дұшпандықпен айтасың жадысың деп, Жазарсыңдар жадысын Құдай берсе. – Молдалар, әкемдi оқы шамаң келсе, Жазарсыңдар жадысын Құдай берсе. Отыр ғой қатынның сөзi тыймай, Сенер ме екен жадысын көзi көрсе. Молдалар кiтап ашып дем салады, Жадысын бойындағы шығарады. Жадысын бұ басынан жарып алды, Екi бала сүйiнiп қуанады. – Ей, әке, жадың мынау жарып алған, Неше түрлi нәрсемен құйып салған. Бiзге сенбей қатынның тiлiн алдың, Сүйген қатының қылыпты Құдай ұрған. Қатынымен жұлдызы қарсы болды, Жанның бәрi жиылып қарап тұрды. Падиша қайратына әбден мiнiп, Өз қатынын пышақтап өлтiредi. Шоқ-шоқ деп қуанады екi бала, Дозақ боп жөнеледi жүзiқара. Әкесi өз тақытына қайта олтырып, Мұратына жеткiздi Хақ Тағала. Тағын басқан уәзiрдiң қызы бар-ды, Қызын көрген адамдар қайран қалды. Сол қызды әкемiзге тез берсiн деп, Екi бала уәзiрге жаушы салды. Ол уәзiр патшаға бердi қызын, Балаларының қабыл қып айтқан сөзiн. Ақымақтықпен баламды мұндай қылдым, Әкесi еңiреп жаспен жүзiн жуды. Әкесi ақымақпын деп көп еңiредi, «Балаларым, кетпе» деп зар илендi. Баласына қылған iсi еске түсiп, Өзi қылған iсiне өзi алданады. – Әкеке-ау, жыламай сабырлық ет, Бәрiмiздi жеткiздi бiр Құдiрет. Дұшпан болған шешенi өлтiрдiк, Кек сақтасақ Құдайға болармыз бәд. Үшеуi де мұратқа ендi жеттi, Неше күндей жүргенiн кеңес еттi. Жұртын жайлап әкесiн падиша қып, Екi бала өз жұртына қайтып кеттi. Ендi бұлар жұртына келiп жеттi, Бiр жерге отырысып кеңес еттi. «Үшеумiз үш елге патша болдық», – Деп Жаратқан Құдайға шүкiр қылды. – Ей, аға, бөлiнелiк үшбу жерде, Сонан келiп дәм татам сiздiң елде. Елiмiзден шыққанға көп күн болды, Күдер үзiп кетпең[iз] iнiңiзден. – Қарағым, кетейiк үшбу жерден, Бiр күнде бейнет көрдiң құр жаладан. Көп бейнеттi көрдiм деп есiңе алма, Құдайым құтқарған соң бұ бәледен. – Ағеке, бөлiнейiк амандасып, Әкенiң жүзiн көрдiң мауқың басып. Бiрiмiзге бiрiмiз көз-құлақ болып Келе-кете жүрiңiз хабарласып. – Қарағым, үшбу жерден бөлiнейiк, Барған соң елiмiзге көрiсейiк. Зар болғанда бар болған жалғыз бауырым, Не үшiн көрiнуге ерiнейiк. Iнiсi амандасып айрылады, Ағасы өз жұртына қайрылады. Жалғанда ұрғашыға сенбеңдер деп, Екi бала жұртына жар қылады. Баласын қатын сөйтiп тентiреттi, Қатын ендi қарайып өлiп кеттi. Iсi ақ болып Құдайым жәрдем берiп, Екi бала мұратқа сөйтiп жеттi. Қатындардың хайласы, мiне, осындай, Тiлiн алса қатындар не қылмағай. Арада сондай күй боп жүрмеңiздер, Падиша менi өлтiрмей ойланыңдар. Қатын сөйтiп қаңғыртқан өз баласын, Қатынның тiлiне ерiп не қыласың. Қатының мен уәзiрдiң тiлiне ерiп, Падиша, арманда боп айрыласың. Уәзiрлер маған жапқан құр жаласын, Көргенiм жоқ қатынның мен қарасын. Алуын алдым, жер болдым, жасыдым ғой, Құр жылаумен қор болды ғарiп басым. Бақтияр сөйтiп айтып зар еңiреген: – Мендей мұңлық бар ма екен қайғы жеген. Уәзiрлердiң бәрi де маған дұшпан, Бiр адам жоқ жаны ашып есiркеген. Падиша мына сөздi естiп бiлдi, Айтқан сөзi насихат iшке кiрдi. – Бүгiнгi күн кеш болды, уәзiрлерiм, Мұны барып зынданға кiргiз, – дедi. – Падишам, мекен болды зындан iшi, Менi мұндай қылдырған Құдай iсi. Неше күн, неше түндей нәр алмадым, Көргенiм жоқ жарты нан берген кiсi. Шәкiрат, Шәкiр кiтабы болды тамам, Сөйлеуiмге жақсы болды осылайша.
English
This language variant is not available
This language variant is not available