Kazakh
Абылай ханның балалары
Абылай ханның алғашқы алған бәйбішесі – қарауыл қызы. Одан ұл жоқ, жалғыз қыз болды. Ол қыз – Жамантай ханның шешесі. Онан соң қарақалпақ қызынан: Әділ сұлтан, Ешім сұлтан. Қабан қызы Хатиннан – Рүстем сұлтан. Қожа қызы Хатиннан: Қосым, Арық, Тоқ және қарауыл қызы қатынынан Шығай, Тағай, Сек, Аюке туған. Ол Аюкенің қызы Қалдан шереннің тоқалы еді. Мұнан туған – Торыш сұлу. Бұл Торыш сұлудан – Қасым хан. Көп баланың ішінде Абылайдан жауға шапқан Қасымның ұрпағы – Саржан, Кенесары, Наурызбай. Ең ақыры – Сыздық төре. Осы күнде Сырдария мызафатында, тірі. Жылы – қой, жетпіс бірде. Бұқарекең айтпап пе еді: «Ағар дария су кетпес, қалмақтан маһи бір зайып сүйегіңді жоғалтпас», – депті.
Топ төреден – Бірәлі төре, мұнан – Шалғынбай төре, Қарқаралыда аға сұлтан болады. Шама төреден: Боқсын, Есім, Қараша хан, Жәңгір, Уатай, Досым, Саңрат, Есе хан, Сыздық төре. Қамбардың Жанақ ақынға айтқаны:
– Әбәйділдә, Аббастың елін жинап,
Бес жорғасын өлтірдік кесе байлап.
Ханнан алған сұлуым өліп қалып,
Қара күңмен келемін сорым қайнап.
Ол замандарда ақындарға жетім қызды бір шаян орнына береді екен. Көтеш ақын – о да жетімді көп алған кісі:
– Тінәлі Тышқанбайдан алдым жетім,
Қопаның өкпеледім көрмен бетін.
Малдыбайдан алғаным маңқа жирен,
Түбінде жалғыз таудың жедім етін. – дейді.
Осы Көтештің өлеңіне аты қосылған кісілердің тұқым-нәсілін сұрастырып қарасақ, Тінәлі Тышқанбай ұрпағы жақсы өніп, бай болып, қатарға қосылып жүр. Малдабай деген адам – малды байдың малды байы. Ол бірдей тозып, берекесі жоқ болып жүр. Уәли ханның тоқалы Айғанымнан – Көкшетаудағы Шыңғыс төре. Мұның бір Шоқан дейтін баласы қыршын күнінде өліп кетті. Бұл күнге дейін тірі жүргенде зор таяқ шығаратын ердің бірі еді. Бұл Абылайдың үрім-бұтағын таратып тегістеймін деушіге бір қап жан керек. Нұхтың өмірі, Ауыптың сабыры, қарынның байлығы керек деуші еді. Әділден – Нұралы, одан – Тезек төре, Шамадан Уатай. Одан – Аймақ төре. Жәңгір балалары: Сартай, Абылхайыз, Самай, Матай. Халық аузында әңгіме болған сөзді сөйлеу керек. Жұрт білмейтінді айта бергенмен, дәнеме өнбейді. Абылай хан өлген соң Сары қазақ Сыбан, Итқара сұлтан – Біртайдың осындай басты кісілері жойылып, Уәли ханды хан көтереді.