Kazakh
Қисса Һамра, Хұсрау патша
Бiздерге жәрдем бергiл, Азим, Сұбхан,
Жаралды кәф, нуннан мұнша ғұлман.
Бұ сөзiме жәрдем бер, Жомарт Патшам*,
Сөйлеуiм жәрдем берсең болар асан.
Бiр Алла, тұғры сөйлет тiлiмiздi,
Шығарма жаман сөзден мiнiмiздi,
Батин, Заһир, ашқайсың көзiмiздi
Махшар күн ғарасат майданында.
Өзге сөз дәмiн татсаң кеңес емес,
Бұ сөзiм қанша айтсам да түгесiлмес.
Мысыр шаһарын билеген Хұсрау патша,
Жамағат, құлақ салып тыңда кеңес.
Хұсрау-ды билеп тұрған елiнiң бәрiн,
Хүкiмiне көндiрiп ап тамам жанын.
Тамам жан хүкiмiне көнiп тұрып
Елiнiң және айтайын қылған заңын.
Сол жұртта қулық-сұмдық шығад екен,
Патшаға сондай қатты шағады екен.
Мәжiлiс үлкен кеңес болған жерде
Ұлы барға ат мiнгiзiп, қызы барға шапан бердi.
Жамағаттар, осындай тыңда кептi,
Рұқсат берiп, азырақ сөйле дептi.
Баласы жоқ кiсiнi мазақ қылып
Белiне қыстырады екен қызыл жiлiктi.
Кiм өтпей қалады дүния боқ,
Баласы бар кiсiнiң көңiлi тоқ.
Сонша жұртты билеген Хұсрау патша,
Сол күнде ұлы да жоқ, қызы да жоқ.
Сол жұрттар перзентсiзге қиын қылды,
Баласы бар кiсiнiң сыйын қылды.
Падишаға бiр қорлық қылайық деп
Мысырдың ортасында жиын қылды.
Келмеген сол жиынға жан қалмады,
Жиылсын деп елiне жар салады.
Патшамызға бiр қорлық қылайық деп,
Патшасын алдап сонда шақырады.
Шақырған соң жұртына келдi патша,
Жиылған тамам елдi көрдi патша.
Ұлы барға ат мiнгiзiп, қызы барға шапан бердi,
Не қылса да қорлыққа көндi патша.
Ғарiп жан не көрмейдi тiрiклiкте,
Жан кеткенше қылыңыз құлшылықты.
Ұлсызға орын, қызсызға қызық жоқ деп,
Хұсраудың белiне қыстырыпты қу жiлiктi.
Дүлдүлдiң бар белгiсi қашаған-ды,
Жоямыз өлiмдi айтсақ босағанды.
Есiне бала түсiп осы жолда,
Жад етiп жылап тұрды Жасағанды.
Есiне бала түсiп осы жолда,
Бiр Құдай, бұ құлыңды өзiң оңда.
Падиша қолын тұтып жылағанда
Көңiлiн көтередi Қасым сонда.
Бұлайша мұңдық қылды Хақ Тағала,
Жамағат, бұ сөзiмдi тыңдап қара.
Падишаның сүйiктi төлеңгiтi
Көңiлiн көтередi Қасым сонда.
– Бұ дүниеде кiм өткен мұңсыз болып,
Өзi тұр бiр Алланың мұңсыз болып.
Құданың бек сөйлескен досты едi,
Мұхаммед Мұстафа өткен ұлсыз болып.
Ұлсыз боп Мәриям ұғылы Иса да өткен,
Алла деп ақтың жолын қуса да өткен.
Алланың бек сөйлескен досты едi,
Ұлсыз боп дүниеден Мұса да өткен.
Кiм өткен жаралған жан мұңсыз болып,
Өзi тұр бiр Алланың мұңсыз болып.
Он сегiз мың ғаламға патша болып,
Тағы өткен тақ Сүлеймен ұлсыз болып.
Ойлаңыз кiм өтедi мұңсыз болып,
Кәпiрдi жаратады қамсыз қылып.
Ойлаған мұратына қол жеткен жоқ,
Сахра патша о да өткен ұлсыз болып.
Жүресiз бала үшiн арып-ашып,
Ермеңiз көңлi тарға, бiлiң қасиб.
Дүниелiк бүйтiп жиған не көресiз,
Ей, тақсыр, қатын алшы малың шашып.
Бiр Құдай балалыны оңдайды ендi,
Һеш iсi баласыздың оңбайды ендi.
Екi ханым үстiнен қырық қыз алды,
Бiреуiнен бiр бала болмайды ендi.
Қатындар азық пiсiр жүремiн деп,
Мен қашан бала сүйiп күлемiн деп.
Қырық қызды қоя бердi үйлерiне,
Тентiреп түзде жүрiп өлемiн деп.
Кiтаптан осы сөздi алдым ұғып,
Ел iшiнде жүрейiн нағып бұғып.
Дүния-малын, қатындарым талақ қылып,
Ғұмырымды өткiземiн түзде жүрiп.
Не бақыт жолығады түзде жүрiп,
Әулиеге түнейiн iздеп жүрiп.
Ел-жұртымнан мехнатты көргенiмше,
Қаңғырып өлемiн деп түзде жүрiп.
Жамағат, құлағың сал ендi бiзге,
Падиша шыдамайды қорлық сөзге.
Дүния-малын, баршасын талақ қылып,
Патша ендi ылақты жапан түзге.
Патша алды бала үшiн көп тоқалды,
Перзентiнiң жоқтығымен жұрты қалды.
Қаңғырып Хұсрау патша ұйықтап жатса,
Хазiретi Қызыр шықты ақ сақалды.
– Ассаламуәлейкум, бабам, – дедi,
– Уағәлейкумассалам, балам, – дедi.
Мысыр шаһарын падиша тастап кетiп,
Патша, қайда барасың, балам, – дедi.
Патша болып жүрмедiң көңiл татып,
Сiз маған кез келдiңiз душарласып.
Мысыр шаһарын, патша, талақ қылып,
Ендi қайда барасың түсiң қашып?
– Аллаға бала бершi деп келемiн,
Бермесе, шарам не-дүр, өкпелемен.
Тақсыр Қызыр, бола көр жәрдемiңiз,
Сәргардан бiр бала үшiн боп келемiн.
Һәрқашан жауап сұрма пейiлi тардан,
Жад етiп жылап тұрды бiр Құдайдан.
– Көрiнген мұнараға барып түне,
Әли-дүр сол хазiретi Шаһимардан.
– Жұртымның тамам өлдiм тентегiнден,
Алланың кiм құтылған жетегiнден.
Сiзден ұлық бола ма хазiрет Әли,
Айырылман, тақсыр Қызыр, етегiңнен.
– Төрт жарды айтқан Әбубәкiр, Омар, Оспаның деп,
Дүлдүл мiнiп кәпiрдi тосқаның деп.
Әлидiң мұнарасына барып түне,
Шаһариар етiп Алла сүйген Арысланым деп.
Көңiлiмде сенiң үшiн болайын да,
Бiр Аллаға жалбарып тiлейiн де.
Көрiнген мұнараға барып түне,
Медеткер бiр жағыңнан болайын да.
– Төр жарда Әбубәкiр, Омар, Оспан едiң,
Дүлдүл мiнiп кәпiрдi тосқан едiң.
Сәргардан бiр бала үшiн боп келемiн,
Балаға жар бола көр, Арыслан едiң.
Тiлегiн кей адамның Құдай берген,
Көзiн жасын жыласа, қабыл көрген.
Зар илеп жатып патша ұйықтап кетсе,
Түсiнде Әли Арыслан аян берген.
– Кетедi күн батқан соң көз байланып,
Аллаға кешкенiм көп сөзге айланып.
Бiзге риза бола көр, Хұсрау патша,
Бiз бардық сiздiң үшiн қырық айланып.
– Он сегiз мың ғаламда едiң Әли,
Арыслан боп пенденi тердiң, Әли,
Сен барсаң бiздер үшiн қырық айланып,
Құлына не деп жауап бердi, Әли.
– Шығыпсыз бала iздеп әуел баста,
Кетедi баласы жоқ қайран жаста.
Үш ұғыл бiрлән бiр қызды бердiм, – дедi,
Тағы аламын деп айтады он төрт жаста.
Ұғылы бiрлән бiр қызды бергенi сол,
Он төртте төртеуiн де алады, бiл.
Ұзарт деп қырық барсам да бiр болмады,
Падиша, ендi маған риза бол.
Әлиге барып арыз айтқан дейдi,
Бiр Алла сүйген құлын байытқан дейдi.
Төрт бала баяны жоқ ала салып,
Үйiне зар еңiреп қайтқан дейдi.
Арқаның қарыштады қалыңдары,
Тартады жан дененiң тамырлары.
Сәргардан бала үшiн кетiп едi,
Алдынан жүгiрiп шықты қатындары.
– Бала iздеп, шығып едiм құла түзге,
Көп жасаған жетедi сонау жүзге.
Ханымдар, һеш нәрсеге қуанбаңыз,
Төрт бала баяны жоқ бердi бiзге.
Баланы ханымдар жүрiптi үмiттеп,
Көңiлiн жүр екеуi бек сүйiнiп.
Төрт бала баяны жоқ алдым десе,
Жылайды екi ханым қолын тұтып.
Атамыз Адам өткен жасқа батып,
Өтiптi айырылған жасқа батып.
Баланы баяны жоқ сүймейiк деп,
Үшеуi күнелтедi басқа жатып.
Кей адам сөз сөйлейдi аттай желiп,
Тыңдамайды кей адам көңiл берiп.
Падиша бiр күн шығып түзге олтырса,
Әуретiн бiр шаян алды шағып.
Жамағаттар, тыңдаңыз мұндай кептi,
Падиша ойлай берсе қайғы көп-тi.
Асты сонда толай боп iсiп кеттi,
Патшаға Құдай бердi үлкен дерттi.
Жамағаттар, аяман бойда барын,
Жақсылардың көрген соң хақ дидарын.
Ауруы күнден-күнге қатты болып,
Бақсы, балгер, жидырды молдаларын.
Дүнияға алданасың аз күн бекер,
Бiр күн салып басыңа ажал жетер.
Бiр молда кiтап ашып айтқан екен:
Шариғатқа келiп ханыммен бiрге жатсаң,
Осы дертiң бойыңнан сонда кетер.
Патшаның не келмеген ойларына,
Байлар салар бақташы қойларына.
Падиша ханымменен бiрге жатса,
Екi ханым бала бiттi бойларына.
Бiр Құдай берген екен сұрағанды,
Зарланып қабыл көрдi жылағанды.
Ай-күнiне шықты да екi ханым
Үш ұғыл бiрлән жалғыз қыз туа қалды.
Бала туып патшаның көңiлi ерiдi,
Бiр Құдайым тiлегiн қабыл көрдi.
Үлкен ханым босанып екi ұл тапты,
Кiшi ханым босанып бiр қыз, бiр ұл тапты.
Ел-жұртын бала туып алдырады,
Молдаларға азанды салдырады.
Үлкен ханымнан туған Забур, [Құрсат] қойып,
Кiшi ханымнан туған[ын] Һамра, қызының
Атын Гүлжәмила қойдырады.
Ел-жұртын жиып патша алдырады,
Қырық күндей падиша той қылады.
Аз ғана күн көзiме болсын қуаныш,
Сүйiп-сүйiп мейiрiн қандырады.
Жиылып барша жұрты келген екен,
Патшаның бек құрметiн көрген екен.
Қызығын шырақтарымның көрейiн деп,
Төртеуiн де мектепке берген екен.
Мұсылмандар, иманың һеш ұмытпа,
Бұ дүния қызығы үшiн дүнияға сатпа.
Жыл айланып келгенше ер Һамра
Бастан-аяқ Құранды бiлдi жатқа.
Көлдерден аққу ұшып құйылдайды,
Перiште имансызды буындайды.
Он үш асып, он төртке жеткенiнше
Жүрегi падишаның суылдайды.
«Далаға жөнелтейiн барып өлсiн,
Шырағым жұрт жақсысын танып өлсiн.
Он үш асып он төртке жеткенiнше
Көп сүйейiн мейiрiм қанып өлсiн.
Бұ шаһарда баламды бөгелтпейiн,
Қасымды басшы қылып жөнелтейiн.
Хұсраудың балалары өлдi десiн,
Бөтен жерге мал берiп жөнелтейiн».
– Ей, Қасым, бөтен жерге ас, – деп айтты,
Үш ұлыма сен болшы бас, – деп айтты.
Шырақтарыма бiр пайда болар ма екен,
Аямай дүниелiктi шаш, – деп айтты.
Қасым сонда патшаның тiлiне ердi,
Қырық түйе алтын-күмiс, бiр түйе гауһар бердi.
Қырық түйе алтын-күмiс екi ұл алды,
Ата-анасы қайғыда жылап қалды.
Төртеуi есендесiп жөнеледi,
Һамраға бiр түйе гауһар бердi.
Төртеуi жолдастасып жүрдi дейдi,
Ата-анасы қайғыға кiрдi дейдi.
Неше күн жол жүрiсiп бұл төртеуi,
Шын-Машын деген бiр шаһарға кiрдi дейдi.
Есi жоқ Забур, Құрсат мастықпенен,
Өтiптi талай қылық жастықпенен.
Шаһарға Шын-Машын деген келiп кiрсе,
Жылап тұр дiн мұсылман аштықпенен.
– Бар болса патша ұғылы, бас ұралық,
Қылықты баладағы жасырайық.
Бұл жұртқа санаса да шаш жетпейдi,
Һамра, мұны қайтiп асырайық.
Бар болса патша ұғылы, бас ұралық,
Қылықты баладағы жасырайық.
Қырық түйе маған бер жүгiменен,
Осы жерде аш-арықты асырайық.
Не барқадар тиер сен ашқа ерсең,
Бiзге ерiп болмай ма дәурен сүрсең.
Қырық түйенi саған берiң бар жүгiменен,
Бiр түйе гауһарды бiзге берсең.
Һамра жас та болса ер-дi дейдi,
Бiр қиял патынына кірдi дейдi.
Қырық түйенi алды да жүгiменен,
Бiр түйе гауһарын бердi дейдi.
Қасиеттi бар екен бiр қара тас,
Амалға қарсы ұшар құс қарлығаш.
Жыл айланып келгенше ер Һамра
Елiн жыртық қылмайды, қарынын аш.
Сол шаһар қисабы жоқ көп-тi дейдi,
Бәрiне киiм, тамақ төктi дейдi.
Асырап аш-арықты, ер Һамра
Он үш асып, он төртке жеттi дейдi.
Бiр елде барша жұртты тойғызады,
Киiм берiп, қайғысын жойғызады.
Жыл он екi ай толған соң ер Һамра
Үйiне қайтайын деп ой қылады.
Һамра өз елiне қайтам дейдi,
Кесiмдi [жас] он төртке жеттi дейдi.
Амандасты аш-арық баршасымен,
Төртеуi бiр дарияға жеттi дейдi.
Аш-арық Һамра үшiн көп жылайды,
Ғамдарын өз басының жеп жылайды.
«Сiз кеттiңiз, Һамражан, қалмаймыз», – деп,
Барша жұрт қойдай ғана зар еңiрейдi.
Һамра бұ сөзiне қиылады,
Халайық бұ сөзiне жан қияды.
Неше күндер жол жүрiп бiр уақытта
Бiр дарияның жағасына жиылады.
Һамра жас та болса ер-дi дейдi,
Асырап аш-арықты келдi дейдi.
Кесiмдi он төрт жасқа келген шақта
Әзiрейiл жан алуға келдi дейдi.
Тура ажал келгенiн бiлдi дейдi,
Арыққа арыздаса келдi дейдi.
– Тәңiрiден ажал жеттi, аш-арықтар,
Баршаңыз бақыл болың ендi, – дейдi.
Барша жұрт сол сөзiне зар жылады,
Жад етiп Пайғамбар менен бiр Құданы.
– Күллi шаһар баршасын қырсаң дағы,
Һамраның жасын ұзарт, – деп жылады.
Аш-арықтар Һамра үшiн көп жылайды,
Қайғысын Һамраның жеп жылайды.
«Пақыр, мiскiн, жоқ-жетiм хақы үшiн
Ғұмырын ұзарт Һамраның», – деп жылайды.
Атамыз өзi өткен өзi һабил,
Ажал тура келгенде қалмайсыз, бiл.
Барша жұрт зары қылып жыласа да,
Һешбiрiнiң көз жасы болмас қабыл.
Жаратқан баршамызды Хақ Тағала,
Тура келген ажалға не-дүр шара.
Соң қылды көзiнiң жасын қабыл,
Жетi шаһар жар екен жетiм бала.
Жылаған көзiнiң жасын қабыл көрдi,
Тiлегiн бейшараның Құдай бердi.
Құданың құдiретiне ғажап емес,
Төртеуiне жүз сексен жыл ғұмыр бердi.
Қуанышы Һамраның қатты дейдi,
Аш-арыққа аман-саулық айтты дейдi.
Хақ Тағала тiлегiн бергенден соң,
Үйiне Һамра ендi қайтты дейдi.
Шат болып ендi Һамра қайтты дейдi,
Ата-ананың қайғысы қатты дейдi.
– Атам-анам қайғыда қалып едi,
Бiрiң барып хабарды айтшы, – дейдi.
Қуандыр ата-анамды бiрiң барып,
Хабар айтып қуандыр, сүйiншi алып.
Үйден шығып Һамраның не қылғанын
Бiр молда жүредi екен хатқа салып.
Тiлегiн бiр Құдайдан алды дейдi,
Көз жасын етiп қабыл көрдi дейдi.
Падишадан сүйiншi аламын деп,
Сол молда падишаға барды дейдi.
Падишаға хабарды бердi дейдi,
Қуанып тамам жиды елдi дейдi.
– Ендi берген сүйiншiм, молда, саған,
Өзiмнен соң падиша сен бол, – дейдi.
Балалары келдi де көңiлi тасты,
Көңiлiне көп жақсылық араласты.
Қырық күн, қырық түн той қылды Хұсрау патша,
Барша жұртын жиып ап мауқын басты.
Үш ұғыл қызметiнде ойнап тұрған,
Қызыл гүлдей баршасы жайнап тұрған.
Үйiнде патша бiр күн ұйықтап қалса,
Түсiнде бұлбұл көрдi сайрап тұрған.
Көрген соң сол бұлбұлға қайран болған,
Өңiмде көрсем бе деп қайғыланған.
Дүнияға қарамай Хұсрау патша
Үйiнде ғашық болып жатып алған.
– Билеген тамам жұртым қалаң, – дейдi,
Көп қайғы, көкiректе сәнаң, – дейдi.
Әй, ата, қайғы қандай қасiретiң бар,
Һамрамын, сырыңды айт балаң, – дейдi.
– Көрдiм [мен] тамұқ оты жайнап тұрған,
Тозаққа күнаһларды байлап тұрған.
Өңiмде һеш нәрсе көрiнбейдi,
Түсiмде бұлбұл көрдiм сайрап тұрған.
Түсiмде бiр бұлбұл құс көрдiм, – дейдi,
Көрдiм де соған ғашық болдым, – дейдi.
Көрмесем сол бұлбұлды, Һамражан,
Қайғы менен қасiретiнден өлдiм, – дейдi.
– Рұқсат бер, ей, ата, бiзге, – дейдi,
Забур, Құрсат табамыз бiздер, – дейдi.
Екеумiз сол бұлбұлды келтiрелiк,
Сiз үшiн бiз шығайық түзге, – дейдi.
Екi ұғылына рұқсат бердi дейдi,
Екi ұғылының тiлiне көндi дейдi.
Бұлбұлды тауып бiз келемiз деп,
Екеуi жолға түсiп жүрдi дейдi.
Бұ сөзiм қанша айтсам да түгесiлмес,
Өзге сөз дәмiн татсаң кеңес емес.
Екеуi жолға түсiп бара тұрсын,
Ендi Һамра батырдан тыңда кеңес.
Һамра жас күнiнде ер-дi дейдi,
Сол күнде молдада оқып жүрдi дейдi.
Бiр күнi сабақ оқып ер Һамра
Алдына атасының келдi дейдi.
Алдына атасының келiп тұрды,
Атасының қайғысын бұ да бiлдi.
– Екi ағам қайда кеттi, ей, ата? – деп
Һамра атасынан хабар сұрды.
– Бiр Құдай маған салды мұндай iстi,
Атаңыз түсте көрген бұлбұл құсты.
Көрмесем бұлбұл құсты өлмек болдым.
Екi ағаң iздеп кеткен бұлбұл құсты.
Падиша сол арада қайғы жейдi,
Һамра: – Мен де iздеп барсам, – дейдi.
Екi ағамменен мен де iздеп барамын, – деп,
Һамра атасына өкпелейдi.
– Сен, балам, iздемешi бұлбұл құсты,
Екi ағаң алып келсiн бұлбұл құсты.
Сенсiз мен тағат тұтып тұра алмаймын,
Балам-ау, сенiң қайғың болар күштi.
Һамра айтқан сөзге көнбейдi ендi,
Атасының қайғысын көрмейдi ендi.
Екi ағамнан айрылып қалмайын деп,
Зар еңiреп соңынан жөнелдi дейдi.
Һамра зары еңiреп жүрiп кеттi,
Неше заман арада күндер өттi.
Бiр құдықтың басында жатқан жерде
Һамра екi ағасына келiп жеттi.
Үшеуi сол арада амандасты,
Көздерiнен қан аралас төктi жасты.
Үшеуi қайран болып қарап тұрса,
Жазулы қара тастан көрдi хатты.
Оқиды ер Һамра хатын көрiп,
Жамағаттар, сөйлейiн аттай желiп.
Сол құдықтан шығатын үш жолы бар,
Һамра хаттан бiлдi оқып көрiп.
– Шеткiсi – барса келер жол, – деп айтты,
Иә келер, иә келмес – ортаншы жол, – деп айтты.
Ендi қалған жолмен жүрген адам
Ғұмырында тiптi келмес жол, – деп айтты.
Барса келер жолға түс, үлкен ағам,
Иә келер, иә келмес жолға түс, кiшi ағам.
Барса келмес жолға менi тәуекел деп,
Разы болып менi сал, екi ағам.
Жарайды деп екеуi мақұл көрдi,
Һамраның не айтқан тiлiне ердi.
Екеуi екi жолға түспек болып,
Һамраға барса келмес жолды бердi.
– Атамыз бұлбұл құсқа болған ғашық,
Осы жерге кетейiк үш оқ шаншып.
Қайсымыз бұрын келсек бұ құдыққа
Оғымыздан табайық хабарласып.
Үшеуi оқ шаншыды сөз байласып,
Айрылды үш бейшара амандасып.
Көз көрiм жер барғанда бұл үшеуi
Зар илесiп қосылды құшақтасып.
Жылайды үшеуi де мауқын басып,
Айрылды үш бейшара арыздасып.
Көз көрiм жерге барса бұл үшеуi
Үшке шейiн қосылды зар еңiресiп.
Һамра ағасына кеп айтады,
Айрылатын ақылға еп айтады.
– Ағалар, жер бауыры суық деген,
Жер бауырлап айырылсақ, – деп айтады.
Үшеуi жер бауырлап айрылады,
Ендi бұлар бiр-бiрiне қайрылмады.
Һамра барса келмес жолға түсiп,
Ағаларым қайтедi деп қайғырады.
Екi ағасы бiр жолмен жүрiп кеттi,
Неше уақыт арада күндер өттi.
Һамра барса келмес жолға түсiп,
Айдалада бұзылған тамға жеттi.
Һамра бiр бұзылған тамға жеттi,
Сол тамды көргенден соң есi кеттi.
Екi ағасы бiр жолмен бара тұрсын,
Ендi Һамра батырдан есiт кептi.
Балқып ендi Һамра ұйықтап қалды,
Басына жалғыз Алла қайғы салды.
Һамра ұйықтап жатса, ей, жарандар,
Қырық көк кептер құс келiп қонақтады.
Һамраның көңiлi толды дейдi,
Iшiнде қайғы қасiрет мол-ды дейдi.
Жарандар, әлгi келген қырық көк кептер
Сiлкiнiп қырық сұлу қыз болды дейдi.
Төрт адам бiр уақытта келiп қапты,
Һамра есi кетiп талып жатты.
Шыққан күндей бiр қыздың келбетi бар,
Һамра соған ғашық болып жатты.
Бұйырғанға Құдайым қоспақ екен,
Жазғырғанды алдынан тоспақ екен.
Әлгi келген төрт кiсi, ей, жарандар,
Әбубәкiр, Омар, Әли, Оспан екен.
Һамра бiр қызды көңiлi сүйдi,
Ғашықтықтан шыдамай iшi күйдi.
Бiреу ата, бiреуi өкiл болып,
Хазiрет Оспан сол жерде неках қылды.
Мұхаммед Тәңiрiмiздiң досты дейдi,
Көп үмбетiн махшарда тосты дейдi.
Мекайылдың қолында бiр қыз олтыр,
Неках қылып Һамраға қосты дейдi.
Шапағат қыл ол Мұхаммед расул Алла,
Ол қызға Һамра ие болды сонда.
Сұлтан Iлияс арада куә болып,
Неках оқып қосыпты Оспан молда.
Түсiнде неках оқып қосып кеттi,
Һамраның қайғысы қатты, көп-тi.
Төрт шаһариар кеткен соң, жамағаттар,
Һамраға сұлу қыз былай дептi:
– Шаһаруқта Шаһбали атам, – дедi,
Бұ сөзiмде һешбiр жоқ қатам, – дедi.
Бес жүз жылдық жол-дүр менiм шаһарым,
Мұсылман перi тұрар затым, – дейдi.
Бұ жерге iздеп келдiм сенi, – дейдi,
Қорлыға атайды менi, – дейдi.
Жаһанда бес жүз жылдық жете алмайсың,
Дүниеде қосылман деп қайғыланды.
Һамра зар илейдi қайғы басып,
Сол қызға сөйлестiр деп душарласып.
Дүниеде сен маған жоқсыңыз деп
Зар еңiреп сөз сұрайды амандасып.
– Иманды өтсек әзiр-дүр пырағымыз,
Қыз балаға сөз келедi сұрағымыз.
Екеумiздi түсiмiзде Құдай қосты,
Қайда болды, шырағым, тұрағыңыз?
– Күнәдан бойымызды бiз бағармыз,
Иманды өтсек Құдайға бiз жағармыз.
Мен өзi адам емес, перiзатпын,
Ирамбақ деген жер шаһарымыз.
– Ирамбақ деген жер шаһарыңыз,
Иманды өтсек Құдайға жағармыз бiз.
Ирамбақ деген жер қанша алыс,
Неше жылда iздесем жетермiз бiз.
– Ей, жiгiт, менiң айтқан сөзiм тыңда,
Түрлi хикмет, мәселе пәрманында.
Асықпасаң қырық күнде табар едiң,
Асықсаң жете алмайсың бес жүз жылда.
Жиып көлден алған құрағымыз,
Жiгiтжан, сөз келедi сұрағымыз.
Екеумiздi түсiмде Құдай қосты,
Өзiңдiң қайда болды тұрағыңыз?
– Мүбәрак Нiл дарияның жағасымын,
Хұсрау падишаның данасымын.
Күн-түн ұшып барса да қозғалмайтын
Адамзат бейшараның баласымын.
Һамра ұйықтап кеттi қатты бала,
Мiнезi жас та болса тәттi бала.
Түрегелсе, там түгiл, дәнеме жоқ,
Қаңғырып жатқан жерi майдан дала.
Қаңғырып қалдым ба деп айдалада,
Һамра жалғыз жолмен кете барды.
Һамра бара жатып жол үстiнде
Бiр ала үйрекке жолыға қалды.
– Үйрек-ау, атың да жоқ мiнгесерге,
Қанатың да үлкен емес iлесерге.
Жарымның бiр хабарын бiлермiсiң,
Тiлiң болса тiлеймiн тiлдесерге.
Һамра бара жатыр жол үстiнде,
Түгесiп бара жатыр жол үстiнде.
Уағда айтқан қырық күнi болып едi,
Бiр алтын үйге кез келдi жол үстiнде.
Бау-шарбақ салбырап түсiп тұрған,
Алмасы мен жемiсi пiсiп тұрған.
Адам қайран қалғандай шаһар екен,
Һәр түрлi құстар және сайрап тұрған.
Һамра бұ кезекте жас көрiндi,
Жас та болса асқандай бас көрiндi.
Есiгiн алтын үйдiң жағаласа,
Қырық табаққа жасалған ас көрiндi.
Қырық табақтан қырық асап тойды дейдi,
Дүнияны ептестiрген үй-дi дейдi.
«Бiреудiң рұқсатсыз асын iшесiң», – деп,
Шөмiш келiп қақ басқа қойды дейдi.
Мерекеге Һамра бата қалды,
Тәңiрiнiң берген дәмiн тата қалды.
«Шөмiш мұндай, өзгесi қандай-ды» деп,
Бiр шарбақтың астына жата қалды.
Бiр ұйықтап ояныпты Һамрадай ер,
Кiмдердi жалмамайды сұм қара жер.
Һамра ұйықтап, оянып жатқанында,
Даладан ұшып кептi қырық көк кептер.
Айтайын әуел баста ауылдарды,
Хат оқыған молдалар шыққандарды.
Даладан ұшып келген қырық көк кептер
Сiлкiнiп қырық қыз болып үйге кiрдi.
Һәркiмнiң жақсылармен таныстары,
Имамдардың кiтаппен жарысқаны.
Сiлкiнiп қырық қыз болып үйге кiрдi,
Бiр қыздың жылаған шықты дауыстары.
– Һамра, мен жай таппай өлер болдым,
Һамражаным, қай уақытта келер болдың?!
Уағда айтқан қырық күнi болып едi,
Ғашықтықтан аманат бiраз болдым.
Қырық қыздар астарын жейе қалды,
Көңiлi жақсылардың өсе қалды.
Жаман қатты қайғыра бек зарланып,
Машақат биһұш болып талып қалды.
Қыз Қорлыға ғашықтықтан көп сөйлейдi,
Ғашықтықтың қайғысын жеп сөйлейдi.
– Дүнияда азат қылайын, нөкерлерiм,
Бiреуiң тауып ап кел, – деп сөйлейдi.
Зарураттан қайғыны жеп жүрмесiн,
Қарағым, менiң Һамрам кеп жүрмесiн.
Һамра, айналайын, шаһизадам,
Жақсы жарға барайын деп жүрмесiн.
Бiр қыз шарбақ iшiне барып келдi,
Шыбын жанды ол отқа салып келдi.
Желге, күнге тигiзбей Һамраны
Құрметтеп көрiсiмен алып келдi.
– Дүниядағы жауапты сайланайын,
Жақсы жауап адамға пайдалайын.
Ей, шырағым, уағдаңда келiп пе едiң,
Адамзада, суретiңдi айналайын.
– Сен қайдан оңай намаз таптың менi,
Өтiрiк бiр жалаға жаптың менi.
Адам мен перi жолдас бола ма екен,
Iшiме өтiрiк от жақтың мiне.
Әуелде Омар менен Оспан едi,
Дүлдүл мiнiп кәпiрдi тосқан едi.
Бiр Құдайға ұрдырсаң өзiң ұрдыр,
Оспан молда неках қылып қосқан едi.
Һамраның көңiлi толып алды,
Тұғры келiп бiр сұңқар қонып алды.
Әкесiнiң жұмысы естен шығып,
Алтын үйге әбден ие болып алды.
Кей жаман үйде жатып ерiнедi,
Ақылы жоқ адамдар шiренедi.
Әкесiнiң жұмысы еске түсiп,
Терiс қарап төсегiнде күрсiнедi.
– Бiзден батил орынға арызың бар-ау,
Ойлап тұрсам, бойыңда дертiң бар-ау.
Не себептен терiс қарап күрсiнесiң,
Мысырда бiзден жақсы жарың бар-ау?!
– Ұрғашының тарылған тынысына,
Кәр қылма жақсылардың ырысына.
Мысырда сенен артық жарым да жоқ,
Атамның шығып едiм жұмысына.
– Батырды батыр қылған маңдай, – дейдi,
Шешендi шешен қылған таңдай, – дейдi.
Көптен берi сен неге бiлдiрмедiң,
Жұмысыңның мәнiсi қандай, – дейдi.
– Тамұқ оты көрiп-дүр қайнап тұрған,
Тозаққа қылмыстыны байлап тұрған.
Iздеген жұмысымның мәнiсi сол, –
Атам бұлбұлға ғашық болды сайрап тұрған.
– Қылмысты адам тамұқта қақтаулы тұр,
Иманды адам ұжмақта сақтаулы тұр.
Сол бұлбұл саған қиын, маған оңай,
Хорзағыпыран апамда сақтаулы тұр.
– Оқыған көп оқыса болар ғалым,
Оқымай қойып кетсе болар залым.
Апаңызда мақтаулы бұлбұл тұрса,
Бiзге алып келерге болар ма әлiң.
Көрсетейiн халiмнiң келер жерiн,
Әли мiнген дүлдүлi ай мен күнiм.
Алуға неге келмес менiң халiм,
Жұмсайтұғын бар едi жұмыскерiм.
– Перi оянған қара жер тақыр, – дейдi,
Замана жылдан-жылға ақыр, – дейдi.
Жұмсайтұғын бар болса жұмыскерiң,
Қандай екен көрейiн, шақыр, – дейдi.
Қас шеберлер қақпанға тиек қылды,
Шықпас жанға бiр хайла айтып келдi.
Бiр ауыз дұға қып шақырған соң,
Мұрны орақтай қара құс жетiп келдi.
– Дию перiм, менiң тiлiмдi аларсың ба,
Аянбай жанды өлiмге саларсың ба?
Һамражаным бұлбұлға ғашық екен,
Ұрлап алып келерге барасың ба?
– Апеке, сенiң тiлiңдi алайын да,
Аянбай жанды өлiмге салайын да.
Ондай iске баруға жоқ емес ем,
Сенiң үшiн ұрлап ап келейiн де.
– Мен де бiрге диюменен барсам екен,
Қосылып бұлбұлды ұрлап алсам екен.
Қайтiп ұрлап бұлбұлды алады екен,
Қызығын бiрге барып көрсем екен.
– Һамражан, жүрген жерiң жиын болар,
Сенi көрсем, қарағым, көңiлiм тынар.
Диюменен баруға талап қылма,
Бiр барған соң келуiң қиын болар.
– Ирамбақ шаһарында қалғаным ба,
Жұрт көрсетпей бұ жерде алғаның ба?
Барма деп менi неге қайырасың,
Ұрғашыға билiктi салғаным ба?!
Әркiмдi жақсыларға теңлетедi,
Дүния-малға барынша кенелтедi.
Оң бетiнен үш сүйiп амандасты,
Диюменен Һамраны жөнелтедi.
Дию перi алып ұшты құмғандай боп,
Бiр сәтке тоқтамайды тынғандай боп.
Һамраны арқасына салып алып,
Жетiп келдi көз ашып-жұмғандай боп.
Сол жерде мерекеге бата қалды,
Тәңiрiнiң берген дәмiн тата қалды.
Һамраға бұлбұлды ұрлап берiп,
Дию перi ұйықтап ол жерде жата қалды.
Һамраның сол жерде көңiлi тасты,
Һамра оянғанша шыдамас-ты.
Ғашықтығы Һамраның сондай қатты,
Барды да алтын сандық аузын ашты.
Мiнгенiм көш алдына қарагер-дi,
Дүлдүлдiң жарты қарыс төменгi ернi.
Һамра алтын сандық аузын ашса,
Бұлбұл сайрап Һамраға қоя бердi.
Апасы түстен шошып ояныпты,
Қойнына көзiнiң жасы боялыпты.
«Бұлбұлымды қозғаған кiм едi?» – деп,
Апасы сонда жаман ой алыпты.
– Өзiңнiң ажалыңыз жеткен адам,
Бiрталай көп қиынымнан өткен адам,
Дию перi, қайда оны өлтiрiп кел,
Бұлбұлымды қозғаған неткен адам.
Дию келiп Һамраны алып ұшты,
Һамраның асылын танып ұшты.
Алысқа алып барып өлтiремiн деп,
Ақ бұлттың астына мiне түстi.
Ұйқыдан манағы дию көзiн ашты,
Һамраның астынан қадам басты.
Һамраны өлтiртпей аламын деп
Ақ бұлттың iшiне араласты.
Дiлмарға Тәңiрi берген көп кеңестi,
Жақсылар хатым хақын һеш жемес-тi.
Ақ бұлттың iшiнде ойран қылып
Жетi күн, жетi түнде төбелестi.
Мерген атқан ақ мылтық түтегенi,
Жазым болмас мергеннiң сiлтегенi.
Һамраны дию перi тасқа атады,
Сол жағынан сөйлейiн бетегенi.
Дию перi болжап атты қара тасты,
Һамра мен бұлбұлға жете алмас-ты.
Екеуiнен айырылып сол перi де
Кiшi қыздың перiсi жаман састы.
– Бiр Алла, тапсырдым өзiмдi саған,
Қыздан ажал бердiң бе бүгiн маған.
Басымды қыз тепкiлеп қор қылғанша,
Өзiң алсаң нетедi аманатың.
– Һамрамды тапсырдым саған, Құдай,
Бұлбұл менен дию жөнелдi әрмен қарай.
Не де болса сол жаққа барамын деп
Жөнелдi кiшi перi жылай-жылай.
Айтамын әуел баста әууәл билла,
Оқыған бес жасымда кәлам Алла.
Екi сөздiң бiрiнде Алла деймiн,
Жасаған Жаппар Құдай, өзiң оңда.
Базардан алып келген ала мата,
Сөзiнде бұрынғының жоқ-ты қата.
Мың бес жүз ұғыл, бес жүз қыз тауып өткен
Өзiң оңда, Хауа ана, Адам ата.
Әуелде Омар менен Оспан едiң,
Дүлдүл мiнiп кәпiрдi тосқан едiң,
Бiз пақырға медет қыл шамаң келсе,
Өзiң тiлеп ақырған Арыслан едiң.
Лұқпан Хакiм, жарандар, әуелден ел,
Адамнан қартайған соң кетер бел.
Һамраның астынан қанат төсеп
Түсiрмей келедi екен Жәбiрейiл.
Қас шеберлер қақпанға тиек қылды,
Шықпас жанға бiр хайла айтып келдi.
Һамраның зарланған даусын есiтiп,
Қорлыға аспан-көкпен жетiп келдi.
Тағы да менi қойды Құдай ұрып,
Қара тастың үстiне қарап тұрып.
Аспан-көктен Қорлыға жетiп келiп,
Һамраны ұстап алды торғын құрып.
Пайғамбар бiзден бұрын өткен екен,
Һәркiмге бiр зауал жеткен екен.
Төмен түсiп қараса торғыңды ашып,
Һамраның есi шығып кеткен екен.
Манағы дию iлгерi барып келдi,
Екi дию төбелестi салып келдi.
Апасының диюын жын өлтiрiп
Тағы да бұлбұлды тартып алып келдi.
Мiнгенiм көш алдына қарагер-дi,
Дүлдүлдiң жарты қарыс төменгi ернi.
Жайсыз жерде ұйықтап жатасың деп,
Қорлыға қыз ақыра қоя бердi.
Не де болса мұратқа жетейiн деп,
Жаратқан жалғыз Хақтан күтейiн деп,
Қорлыға қыз жүгiрдi қылышына,
Терiңдi кәрiп қылып iрейiн деп.
Бейiлi жамандардың тар-ды дейдi,
Көтерген ауыр жүктi нар-ды дейдi.
– Менi өлтiрмей тұра тұр, ойбай, әка,
Қап тауындан ары бiр шөп бар-ды, – дейдi.
– Ауада күн жарқырап ашылғанша,
Көңiлiм бек қатты ендi қосылғанша,
Сол шөптi жылдам барып алып келшi,
Алтынды есiк сиқыры басылғанша.
Һәр түрлi дария судан балық келдi,
Дию перi жанды отқа салып келдi.
Алтынды есiк сиқыры басылғанша
Шөптi барып тезiнен алып келдi.
Шөппен соқты, Һамра алды есiн жиып,
Қылмысты адам кетедi отқа күйiп.
Һамра есiн жиып алғандан соң,
Қорлыға қыз бетiнен алды сүйiп.
Қас шеберлер қақпанға тиек қылды,
Шықпас жанға бiр хайла айтып келдi.
Дию менен бұлбұлдан айырылдым деп,
Әпкесi ойбай салып жетiп келдi.
– Сен қайдан оңай намаз таптың менi,
Керегемдi кертiп отқа жақтың мiне.
Дию менен бұлбұлды қабат алып,
Босағамды айыра шаптың мiне.
– Дүние көптен бiлгенмiн жалғаныңды,
Мiне бiлдiм әуреге салғаныңды.
Босағаңды айыра шапқаным жоқ,
Еркелiкпенен бәсiңдi алғаным-ды.
– Пейiлi жамандардың тар-ды дейдi,
Имансыздар тамұқта зар еңiрейдi.
Көрiп қонақ етейiн деп келiп едiм,
Сiңлiмнiң бiр тәуiр жары бар деген-дi.
– Апеке-ау, Һамрам бар көңiлiме тоқ,
Дұшпанға тура жетер жiберген оқ.
Қалай жауап қылсаң да, ойбай, апа,
Жарымды көрсетерге рұқсатым жоқ.
– Ойлаған осы күнде балалығың,
Дәнеменi бiлмеген шалалығың.
Керегi жоқ, қызығып мен не етейiн,
Бетiн ашып бiр көрсет, қарашығым.
– Өзiмнен жаман жарды кәт етпеймiн,
Өзiмнен жоғарыны жұрт етпеймiн.
Апеке-ау, қызғанасың бетiн ашсам,
Һамрамның жүзiн саған көрсетпеймiн.
Кеңестi тiл мен жақтан еңiретейiн,
Сертiңе айтатұғын мен жетейiн.
Шырағым, бетiн ашып көрсетсеңшi,
Керегi жоқ, қызығып мен нетейiн.
Қорлыға жарының бетiн ашты дейдi,
Апасының көңiлi тасты дейдi,
– Жүзiқара, мұныңды маған бер, – деп,
Жұлып алып, бауырына басты дейдi.
– Апеке, Һамраны өлмей бермен,
Бiр теперiш өзiңнен көрмей бермен.
Қалай бассаң, олай бас бауырыңа,
Тiптi мен қара жерге кiрмей бермен.
– Уақыт жетпей жамбасың жерге батпас,
Жаның шықпай денеңiз көрге кiрмес.
Шашыңды дал-дал қылып жұлайын ба,
Ападан бұрын сiңлi ерге тимес.
– Апеке-ау, ақылыңнан адасқаның,
Жақсы болсаң менiмен жанасқаның.
Еп болар деп тұрмысың менiңменен-ақ
Құдай қосқан жарыма таласқаның.
– Екеуiмiз көңiлдi жай қылайық,
Жабағыдан бек семiз тай қылайық.
Жүзiқара, қанша айтсам да болмадың һеш,
Тым болмаса тең ортақ бiз болайық.
– Мен ғашық болғанмын бұған баяғымдан,
Алтынды шаш тараған тарағымдан.
Кезексiз бай қылам деп не қыласың,
Байымның кет садаға тырнағындан.
– Менiм айтқан тiлiме нанасың ба,
Мен тұғры ақыл айтайын, аласың ба?
Екеумiзге сол әдiл төре берер,
Қазыға жүгiнiске барасың ба?
– Мен сенi қай уақытта сағынғаным,
Құдай қосты, Һамра – бағынғаным.
Керек болса қазыңды өзiң iзде,
Сенiңменен жүгiнiс iздеп нағылғаным.
Аяғын қадам басты ентелетiп,
Жақсының бұрынғыдай көңiлi кетiп.
Таң намазына таһарат ап олтырғанда
Қазыға Хорзағыпыран келдi жетiп.
Қазы айтты: – Патша қызы, сайра, – дейдi,
Сайрағаның жаныңа пайда, – дейдi.
Не жұмысқа барасың ертеменен,
Жөнiңдi айт, барар жерiң қайда? – дейдi.
– Қазы аға, менiңменен ершi, – дейдi,
Менiм айтқан тiлiме көншi, – дейдi.
Сiңлiмменен екеумiз талаш тұрмыз,
Жүрiп соның төресiн бершi, – дейдi.
– Тiптi барман, жанымды күйдiрсеңiз,
Ақша беттен екi он бес сүйдiрсеңiз.
Не қылсам да саған мен әперейiн,
Тiлектi бойыңдағы сiз берсеңiз.
Тiлегiнiң бәрiн де бердi дейдi,
Қазының айтқанына ердi дейдi.
Дүниесiнiң бәрiнен айрылып ап,
Қазының соңынан ерiп келдi дейдi.
Апасының тiлiнде таңбасы тұр,
Жақсылардың көңiлiнде хайласы тұр.
Апасының бетiне қарап тұрса,
Бетiнiң қазы сүйген таңбасы тұр.
– Жүгiн, қазым, сөзiңнiң ептiсiне,
Жаман жол ап апарма тiктесiнге.
Тура жауап бермесең, байғұс қазым,
Дию перiмнiң салармын текпiсiне.
– Балам-ау, бұ сөзiңдi қазың бiлмес,
Кей жаман жай сөзбен ойнап-күлмес.
Бұрынғы кiтаптағы бiр сөз солай,
Сiңлiнiң үстiне апаға неках жүрмес.
Жер тепкiлеп майданды салды дейдi,
Дүниесiнен айрылып қалды дейдi.
«Манағы айтқан сөзiң тастадың ба?»
Қазының жағасынан алды дейдi.
– Балға қосып бергенiң қасық болсын,
Көк шiлдеде жегенiң жасық болсын.
Манағы айтқан сөзiң тастадың ба,
Мендей қызың бiреуге ғашық болсын.
Апасы ол сертiнден түстi дейдi,
Мұхаммед Тәңiрiменен дос-ты дейдi.
«Қазыдан асқан саған бұйрық жоқ», – деп,
Апасын неках оқып қосты дейдi.
Һамра айтты: – Бұлбұлды алсам екен,
Бұлбұлды алып атама барсам екен.
Атам-анамның мереке жүзiн көрiп,
Қайтып мұнда оралып келсем екен.
– Ауру астан болғанда, дау – қарындастан,
Iс түскенiн көрмеңiз әдiл бастан.
Қиын-қыстау iс көрсең, бiр тұтат, – деп,
Екi тал жұлып бердi алтын шаштан.
Дию перi арқасына салып келдi,
Һамраның асылын танып келдi.
Онан арғы жерiңдi өзiң тап деп,
Хадиша құдығына алып келдi.
Сен дегеннен жақсы екен сiз дегенi,
Сiзден аяп не болар кiзлегенi.
Хадиша құдығының бастарынан
Һамра екi ағасын iздегенi.
Оғын шанышқан жерiне келдi дейдi,
Үш оғы шаншулы тұр, көрдi дейдi.
Екеуi барса келмес жолға түскен екен,
Ағасын қайтпаған соң бiлдi дейдi.
Олардың қайтпағанын бiлдi дейдi,
Бұлбұлды бiр жерге көмдi дейдi.
Екi ағамдан айырылып қалмаймын деп,
Ол көрiнген жол бiрлән жүрдi дейдi.
Тағы Һамра жол шегiп жүрдi дейдi,
Жол үстiнде көп бейнет көрдi дейдi.
Бiрнеше күн жол жүрiп ер Һамра
Бiр шаһардың iшiне келдi дейдi.
Шаһарға кiрiп сонда аралады,
Ағаларын қыдырып таба алмады.
Ағаларын қыдырып iздеп-iздеп,
Һамраның қарны ашып қалжырады.
Һамра көп те бейнет көрдi дейдi,
Ақыры Құдай тiлегiн бердi дейдi.
Қарны ашқан соң қалжырап ер Һамра
Аспазшының үйiне кiрдi дейдi.
Аспазшының үйiне кiрдi дейдi,
Һамра «тамақ бер» деп пұлын бердi.
Алдына бiр табақ ас қойған екен,
Екi ағасы сол жерде қазiр келдi.
Екi ағасы тысқарыдан келдi дейдi,
Һамра қуаныш қып күлдi дейдi.
Ол екеуi Һамраны танымайды,
Ағаларын Һамра танып бiлдi дейдi.
Екi ағасы көп бейнет көрген екен,
Әбден-ақ есi кетiп өлген екен.
Екеуi жалшылыққа қой бағуға
Күләш деген бiр байға жүрген екен.
– Екi жiгiт, сен мұнда келшi, – дейдi,
Бiр жақсылық қылайын, көршi, – дейдi.
Екеуiң Құдай деген жан екенсiң,
Мынау астан бiрiгiп жешi, – дейдi.
– Бiр жерге сiздiңменен iсiм келмес,
Сiздерге сөз айтатұғын бiздер емес.
Табағыңды жаласақ болар бiзге,
Қасыңа бара алмаймыз жиiркенесiң.
Ендi Һамра көзiне жас алады,
Ағаларын көрдi де қайран қалды.
Һамра бауырларына шыдай алмады,
Болмай-ақ «мұнда кел» деп қасына алды.
– Мұндай болып қалыпсыз, екi аға,
Ендi мiне таныдың ба мен – Һамра.
Сiздi iздеп көп бейнет көрiп едiм,
Бiр күн бiздi қосыпты Алла Тағала.
Екi ағасы айтқан соң жылайды ендi,
Көз жасын көл қылып бұлайды ендi.
– Көрмегелi көп айлар, көп күн болды,
Халiңiз не болды? – деп сұрайды ендi.
– Жол жүрдiм қайғы бiрлән жазы-қысы,
Бұлай жақсы болар ма Құдай iсi.
Кетелiк ендi, ағалар, жұртымызға,
Алып келдiм iздеген бұлбұл құсты.
– Бiз екеумiз жалғанда болыппыз зар,
Һамражан, сiзге айтар мұңымыз бар.
Екеумiздiң басымыз байлаулы едi,
Ас себептi Күләштiң қарызы бар.
Һамра айтты: – Бiздерге көп жыл болды,
Ата-ана бiздi көрмей ғамкiн болды.
Ата-ана бiздердi сағынғанда
Ендiгiше жүрегi дертке толды.
Ағалар, ендi үйге кетелiк бiз,
Атам айтқан сертiне жетелiк бiз.
Ағалар, мойныңызда қарыз болса,
Борыш қылмай ахиретке, өтелiк бiз.
Һамра айтқан сөзге қанады ендi,
Ағаларының қарызын өтедi ендi.
Киiм, тамақ сатып алып берiп
Екi ағасын алды да кетедi ендi.
Үшеуi қуанып күлдi дейдi,
Үш бейшара жолына жүрдi дейдi.
Бiрнеше күн жол жүрiп бұл үшеуi,
Оғын шанышқан жерiне келдi дейдi.
Үшеуi сөз байласқан жерiне келдi дейдi,
Үш оғы шаншулы күйi тұр, көрдi дейдi.
Көмiп қойған үш оғын, бұлбұлды алып
Ол үшеуi жөнiне жүрдi дейдi.
Құдайым жаман жанды неге алмайды,
Жаман адам жақсылықты һеш бiлмейдi.
Ағайын дұшпан деген сол емес пе,
Екеуi Һамраны көре алмайды.
Екеуi сол арада кеңес қылды,
Екеумiзден Һамра асыл болды.
Бiр құдықтың басында жатқан жерде
Екеуi өлтiрмекке уағда қылды.
– Бұ Һамра атамыз жүзi сөйлер,
Бұлбұлды әкелген мен едiм дер.
Екi ағамды азаптан құтқардым деп,
Екiсi жалшылықта жүр екен дер.
Ол айтқан сөз оларға үлкен …*,
Атамыз Һамра тұрса жақсы көрмес.
Екi жаман олтырып кеңес қылды, –
Һамраны өлтiрмей, сiрә, болмас.
Атамыз мұны сүйер бiздi қойып,
Кетелiк осы жерде мұны сойып.
Бiр ағасы айтады: – Өлтiрмелiк,
Екi көзiн алайық бiрдей ойып.
Екеуi жамандықты бастайды ендi,
Бiр-бiрiнiң сөздерiн қостайды ендi.
Жетi күнi-түнi Һамра ұйқысы бар,
Көзiн ойып құдыққа тастайды ендi.
Ұйқыда екi көзiн ойып алды,
Құдыққа тiрi апарып ендi салды.
Жақсылығы жамандық тапты дағы,
Құдықта жылай-жылай Һамра қалды.
Һамра ол құдықта қалды дейдi,
Бұлбұл құс екi көзiн алды дейдi.
Һамраға бiр хайла болар ма деп,
Шапанға орап қанатының астына салды дейдi.
Қайғысы Һамраның қатты дейдi,
Қорлықты ағасынан тапты дейдi.
Бейшара ылажы жоқ ғарiп болып,
Ел-жұртына сәлемiн айтты дейдi.
– Ағалар, шыныңменен кеткенiң бе,
Көзiмдi ойып мұратқа жеткенiң бе?
Һәрбiр қиын жерлерден шығарып ем,
Жақсылыққа жамандық еткенiң бе?!
Жаһанда мұңлық болған мен бiр ғарiп,
Зарландым бұ құдықта жалғыз қалып.
Ей, бұлбұл, бiр Құданың хақы үшiн
Бара көр ата-анама сәлем алып.
Ағалар, бұ құдықта тiрi жатамыз ба,
Бұ жалғанда қайғыға батамыз ба?
Ей, бұлбұл, бiр Құданың хақы үшiн
Сәлем айт ата бiрлән анамызға.
Шыңырауда Һамра ұлың қалды деңiз,
Ағасы көзiн ойып алды деңiз.
Һеш жазығы жоқ едi ағасына,
Көзiн ойып құдыққа салды деңiз.
Һамра қалды, хараб күнi деңiз,
Осы күн кетiп тұр пұлы деңiз.
Құдыққа көзiн ойып тiрi салды,
Осы күнде қайғы-қасiрет күнi деңiз.
Жаман iске түсiп тұр басы деңiз,
Жаудырып көзден аққан жасы деңiз.
Құдай сабыр бермесе осы күнде,
Көзi қанды, қайғы-дүр асы деңiз.
Дәуренi Һамраның солды деңiз,
Жүрегi қайғы-дертке толды деңiз.
Жылай-жылай құдықта қалды Һамраң,
Құдайдан бiр құдiрет болды деңiз.
Падишаны ұйқыдан оятыңыз,
Бұ қылық бiр Аллаға аян деңiз.
Һамра бiр құдықта жалғыз қалды,
Жолдасы жылан бiрлән шаян деңiз.
Қасында тамақ берген кiсi де жоқ,
Мұнда сiзге шығарға күшi де жоқ.
Ей, бұлбұл, екi көзi кеттi деңiз,
Бұрынғы сiзге қарар түсi де жоқ.
Ақылы Һамраның кеттi деңiз,
Басына жақсылығы жеттi деңiз.
Һамраның бейнетiн итке берсiн,
Көрген күнi қайғымен өттi деңiз.
Мұңлық болған iшiнде қайғысы бар,
Қайғыменен кеше-күндiз жылайды зар.
Көптен-көп дұғай сәлем атекеме,
Бергейсiң бұ iсiмден жақсы хабар.
Атекемнiң iшiнде көп-тi дертi,
Маған айтқан атекем кеттi сертi.
Өз ағамдан жамандық көремiн бе,
Барша iсi бiр Алланың құдiретi.
Көзiм жоқ, ендi дәурен сүре алмаспын,
Ата-ананың қарызын бере алмаспын.
Көптен[-көп] дұғай сәлем анашыма,
Мұңлық болған соларды көре алмаспын.
Жаһанда мұңлық болған менiң анам,
Бiр-бiрiмiз қосар ма Алла Тағалам.
Ата-анам жүздерiнi көре алмасам,
Мұңлық болған Һамрадан көп-көп сәлем.
Сақтаған тоғыз ай, он күн менi iште,
Емiзген сахар тұрып һәрбiр кеште,
Көптен-көп дұғай сәлем анашыма,
Ақ сүтiн риза болып кешсiн, – дептi.
Бiздi көрген көп ашып жылағанда,
Шыныменен Құдай берген сұрағанда.
Құдайдан бiздi тiлеп алып едi,
Көл қылып көздiң жасын бұлағанда.
Жүректен һәркез кетпес бұ дағымыз,
Шағына жетпей өштi шырағыңыз.
Жаһанда жаратылған бiз бiр мұңдық,
Көп болды бұ жаһанда арманымыз.
Кеттi ғой осы жолда жарым жасым,
Қор болды ағалардан ғарiп басым.
Мен есiңе түскенде қолын тұтар
Қарағым Гүлжәмила қарындасым.
Бiрдей боп менiм бiрлән бiрге өскен,
Тартысып ана сүтiн бiрге емiскен,
Мен есiңе түскенде Гүлжәмила
Жылай-жылай қайғыменен күндi кешкен.
Аш қалдым, бұ құдықта қорегiм жоқ,
Ендi менiң һешкiмге керегiм жоқ.
Құдайдан тiлегенiм менiң – иман,
Онан басқа нәрсенiң керегi жоқ.
Екi ағасы жұртына қайтты дейдi,
Һамра жалғыз құдықта қалды дейдi.
Бiрнеше күн жол жүрiп бұлбұлды алып,
Өз шаһары Мысырға келiп жеттi.
Су iшiнде һәр түрлi балық келдi,
Сондай-ақ баласынан танып келдi.
Қасында ерiп жүрген Һамра жоқ,
Екi ағасы бұлбұлды алып келдi.
Һәркiмге Тәңiрi өнер бередi деп,
Иманды адам ұжмақты көредi деп.
Хұсрауға бiр кiсi хабар бердi,
Һамраң жоқ, екi ұғылың келедi деп.
Хұсрау хан есiткен соң келiп шықты,
Қарына көк семсерiн iлiп шықты.
Һамрама жадудан кәр келмес,
Осы екеуiнен келгенiн бiлiп шықты.
Падиша: – Балаларым, сайра, – дейдi,
Сайрағаның жаныңа пайда, – дейдi.
Екеуiң бұлбұлды алып жетiп келдiң,
Қасыңдағы Һамражаным қайда? – дейдi.
– Iздеуге балаларың ерiнген жоқ,
Сiрә да бойын безеп күтiнген жоқ.
Атеке, бiздiң тiлге инаныңыз,
Һамраң бiз шыққалы көрiнген жоқ.
– Адамға Тәңiрi қаза берген шығар,
Һамрама сенен кәр келген шығар.
Шырағымды екеуiң бiр нәрсе қып,
Қорыққаныңнан жауапты берген шығар.
– Атеке-ау, нанбаймысың бiзге, – дейдi,
Жолдас болып бiз шықтық түзге, – дейдi.
Не деп жауап беремiз ахиретте,
Өтiрiк айтып келiп сiзге, – дейдi.
– Һамрадан басқа сенiң анаң, – дейдi,
Сендерден түрi бөлек балам, – дейдi.
Сен нағып бұлбұлды ап келесiң,
Тiлдерiңе нағып сенiң нанам, – дейдi.
– Ей, атеке, теңдiкке бiздi алсаң,
Бiз қолыңдан түспеймiз пәрмен қылсаң.
Бiздiң айтқан тiлге нанбасаңыз,
Бұлбұлдан жауап сұра, нанбасаңыз.
Патша айтты: – Бұлбұлжан, сайра, – дедi,
Мынау екi залымдан тайма, – дедi.
Осы екеудiң тiлiне нанбай тұрмын,
Қасыңдағы Һамражаным қайда? – дедi.
Бұлбұл айтты: – Сайрайын, маған нансаң,
Менiм айтқан тiлiме қайран қалсаң,
Өзiңнiң Мысыр атты шаһарыңдағы
Жұртыңның бәрiн жиып қолыңа алсаң.
Патша бiткен қаһарына мiнiп алды,
Шаһарына жар шақыртып хабар салды.
Бұлбұлдың айтқан сөзiн екi қылмай
Жұртының бәрiн жиып қолына алды.
– Қане, бұлбұл, шыныңды айт маған, – дейдi,
Барлығыңды естiрмiн тамам, – дейдi.
Залымдардан болмас һеш қорқыныш,
Көргенiңдi шын сөйле маған, – дейдi.
– Екi ұғылыңның бұ сөзi жалған, – дейдi,
Хадиша құдығына барған, – дейдi.
Қазандай қара тастан жазу көрiп,
Бұларды келер жолға салған, – дейдi.
Келмес жолмен Һамраң барған, – дейдi,
Қорлығадай сұлуды алған, – дейдi.
Сенiң үшiн менi тартып аламын деп,
Перiлермен төбелес салған, – дейдi.
Туған соң екi балаң ой бағыпты,
Сол ойынан не қылса да мол бағыпты.
Менi алмақ түгiл, түк қылған жоқ,
Күләш деген бiр байға қой бағыпты.
Бұлбұл айтты: – Ей, патша, сөзiм тыңда,
Құданың құдiретiмен келдiм сенге.
Ақыл-есi айрылдың қарағыңнан,
Һамра ұлың сiзге жоқ, қалды онда.
Бұ сөздi жақсы тыңда, падишаһым,
Еркiн толмай, таусылды туған айың.
Һамра ұлың сiзге жоқ, ей, падиша,
Жақсы қылып айтайын оның жайын.
Тұғырдан ұшып кеттi сұңқарыңыз,
Байлаудан ұшып қашты тұлпарыңыз.
Сiзге жоқ Һамраң, ей, падиша,
Айбатты жұрт иесi сұлтаныңыз.
Ашылған көзi бiттi бұлағыңыз,
Таусылды жанып тұрған шырағыңыз.
Менi мұнда келтiрген Шамғұнбақтан
Қайғыменен Һамра қалды қарағыңыз.
Құрыды, падиша, қызыл гүлiң,
Таусылды сар далада үлкен көлiң.
Ағаларын құтқарған азабындан
Дерттi боп ендi қалды Һамра ұлың.
Адастың, ей, падиша, ақылыңнан,
Айырылдың Тәңiрi берген алтыныңдан.
Ай мен күндей ғаламға бiрдей болған
Айырылдың жұрт иесi асылыңнан.
Аш қалды жапан түзде, қорегi жоқ,
Ағасы көзiн ойған керегi жоқ.
Көзiн ойып құдыққа тастап кеттi,
Бiр имандан басқа һеш тiлегi жоқ.
Жапанда Һамра ұғылың қалды дейдi,
Екi ағасы көзiн ойып алды дейдi.
Һамраның бейнетiн итке берсiн,
Көзiн ойып құдыққа салды дейдi.
Iсiмiз һәрбiр қылған Аллаға аян,
Шүкiрлiкпен бұ сөздi жұртқа жаям.
Һамра ұғылың тiрiдей жалғыз қалды,
Осы күнде жолдасы жылан, шаян.
Һамраның қайраты кеттi деймiн,
Басына жақсылығы жеттi деймiн.
Патшаның көрген күнiн итке берсiн,
Көрген күнi қайғыменен өттi деймiн.
Көңiлден һәркез кетпез бұ дағымыз,
Шағына жетпей өштi шырағыңыз.
Һамра ұғылың сiзге жоқ, ей, падиша,
Көзi жоқ, жалғыз қалды қарағыңыз.
Ей, падиша, ендi қой көп жылауды,
Өтедi қалған жалғыз Ибраһымдай.
Жақып ұғылы Жүсiптей жалғыз қалды,
Бiр құдықтың iшiнде жылай-жылай.
Жылай-жылай құрымыш көзден жасы,
Қор болды бейшараның ғарiп басы.
Һамра болса татарға қорегi жоқ,
Заһар илә зақұмдай iшкен асы.
Көңiлi падишаның жаман болды,
Жүрегi қайғы бiрлән дертке толды.
Бұрыннан маған неге айтпадың деп,
Ол падиша бұлбұлға өкпе қылды.
– Қартайғанда құбылып тентiрелiк,
Орнына ақылменен келтiрелiк.
Ханым, қайда, алып бер қылышымды,
Бұларды имансыз-ақ өлтiрелiк.
Иман айтар молдасын сайлап алды,
Қылышын өткiр қылып қайрап алды.
Тiлге келмей мұндарды шабамын деп,
Екi қолын артына байлап алды.
– Һамраның тал бойы таралдай ма,
Имандылар жетiмнiң хақын жей ме?
Екi ұғылыңды неге өлтiресiң,
Бас болып баруға керек болмай ма?
Забур, Құрсат бастап ап келдi дейдi,
Һәр iске басы жұмыр көндi дейдi.
Бiзге басшы керек дегеннен соң,
Құдыққа ертiп алып келдi дейдi.
Алды-артынан жақсы барылғаны,
Әкесiнiң тағаты қалмағаны.
Тар құдықтың басына жетiп келiп,
Әкесiнiң бас болып зарлағаны.
– Сахарада тұрып жылайын,
Көзiмнiң жасын бұлайын,
Тiлегiмдi берер ме,
Бiр Алладан сұрайын.
Бала да көрмей жүрiп ем,
Бiр перзент үшiн өлiп ем,
Жылағанда Құдайым
Шырағымды берiп ең.
Он төрт жыл бердiң ғұмырды,
Қайғыға салдың көңiлiмдi.
Он төртке балам жеткен соң,
Тағы ойладым өлiмдi.
Баламдан күдер үздiрдiң,
Көзiмді жұртқа сүздірдің,
Он төртке келiп өлер деп,
Өзiңдi сапар жүргiздiм.
Сапардан аман келген соң,
Тiлегiм Құдай берген соң,
Шүкiр қылдым, Құдай-а,
Көзiм жасын иген соң.
Қайғымен тағы айырылдым,
Жақсы тәубе ойладым.
Құлшылық қылып, Құдай-а,
Қырық күн қызық той қылдым.
Қайғыға салдың көңiлiмдi,
Кiрiптар қылдың түсiмде,
Емшiмен жоқ бар қылып,
Ғашық қылдың бiр құсқа.
Осындай көзiн ойып алар ма едi,
Құдыққа тiрi байлап салар ма едi?!
Екеуiнiң төрт көзiн ойып алса,
Сонда менiң мейiрiм қанар ма едi?!
Өз ағасы қаскүнем бола ма екен,
Екi көзiн тең ойып алар ма екен?!
Рас кәпiр болмаса екi ағасы,
Тiрi апарып құдыққа салар ма екен?!
Әрi сұлтан, әрi патша, асылым-ай,
Сүйегiң, асыл патша, жасыды ма-ай.
Бұрынғы ай мен күндей бiрi де жоқ,
Тыңдар қандай падиша, жасыдым-ай.
Һамражан, маған берсiн бұ мехнатыңды,
Менiм бұ саған берсiн дәулетiмдi.
Бұрынғы гүл-гүл жүзiң бiрi де жоқ,
Сағындым мен бұрынғы суретiңдi.
Жапанда Һамражан жалғыз жаттың,
Жалғыз жатып тағамды қайдан таптың.
Жан бергенге дән берген Алла Тағала,
Бiр сақтауы бар шығар құдiретiңнiң.
Һамра, бұ дертiңе қайғы алайын,
Екi қара көзiңнен айналайын.
Бұ дертiңнiң дауасы болар ма екен,
Ел-жұртымды жиып алып ойланайын.
Ел-жұртымды жиып алып сұрайын мен,
Бiр Құдайға жалбарып жылайын мен.
Бұ дертiңнiң дауасы табылмаса,
Өзiңменен бiрге жатып өлейiн мен.
Арқаныма бiтетұғын андызым-ай,
Баста тәжiм, маңдайда құндызым-ай.
Қарағым, тiрi болсаң даусың шығар,
Бабаң сорлы еңiреп тұр, жалғызым-ай.
Басыңда зар еңiреп тұр бейшара атаң,
Тiрi болсаң дауысың шығар, жалғыз балам.
Қарағымның жұғымды едi һәр ниязы,
Жiгер күшiм, иә, перзентiм, жалғыз данам.
Құдай-а, Һамраны алғаның ба,
Тар құдықтың iшiне салғаның ба?
Һамрам бұ дүниеден кетiп қалса,
Мысыр шаһары, иесiз боп қалғаның ба?
Үргенiш, Бұқар менен салған әсем,
Сен кеткен соң көп болды қайғы дертiм.
Сорлы атаң зарланады, даусың шықпас,
Шекербәндi жалғызым, жас перзентiм.
Дұшпандар қорқушы едi айбатыңдан,
Достыларың сондай-ақ қайратыңдан.
Хақ Тағала, айрылып қалғаным ба
Өзiмнен ақылы артық, дұшпанымдан.
Атаңның көзi қанды жастар ақты,
Һамра тар құдықта өзiн тапты.
Һамрам, тiрi болсаң даусың шығар,
Жарлығың, Хақ Тағала, сондай қатты.
Һамра жаным, не бола бiлсең мәнiм,
Есеп қылып нетемiн дүния-малым.
Һамражаным, дауысыңды бiр шығаршы,
Ахиреттiк бекзатым, шам-шырағым.
Не қылып ұмытылар сенiң атың,
Көп жұртқа мағлұм-дүр жазған хатың.
Жалғызым, ақсүйегiм кеткеннен соң,
Түзелер деп ойламаймын салтанатым.
Имандыны Құдайым оңдайды ендi,
Имансыздар һәрқашан оңбайды ендi.
Атасы неше мезгiл зарланса да,
Һамра тiрi жатып болмайды ендi.
Ей, жамағат, құлақ сал енесiне,
Һамра дауыс бере ме күмiсiне.
Атасы зарланғанға бiр жауап жоқ,
Құлақ сал анасының кеңесiне.
– Һамра ұғылым, қайда ендi,
Iшiмде оттай қайнады,
Жапанда жатқан жалғызым,
Күшiм де келмес жылайын.
Жүрегiм толған қан болды,
Басыма атпас таң болды.
Iшiмде толған шер болды,
Жылай да көзiм көр болды.
Көзiмнен аққан қара жас
Етегiм толып көл болды.
Һамра ұғылым келмейдi,
Ақыры ендi не болды.
Һамрамдан айырылдым,
Дертiне түсiп қайғырдым.
Айналайын, бар Құдай,
Бұ дүнияда зар болдым.
Күйiп те отқа жағылдым,
Тәубенi неден жаңылдым.
Айналайын, бар Құдай,
Бiр көрсетшi көзiме,
Қарағымды сағындым.
Құрыды аққан бұлағым,
Сөндi де қалды шырағым,
Айналайын, бар Құдай,
Iздеп қайдан табармын.
Қарағым менiң тұрар ма,
Ендi көңiлiм толар ма?
Сұңқарым қолға қонар ма,
Ендi туған падиша
Һамрадай болар ма?!
Маған атар таң болмас,
Жақсылық қылар жан болмас.
Асыл туған қарағым,
Һамрадай жан болмас,
Мен жылайын аһ ұрып,
Һамражанды сағынып,
Осы күнде қарағым
Жатыр ма екен қамығып.
Мен қалдым мұңлық боп,
Қара жерменен тең болып,
Жатыр ма екен қарағым,
Қимылдауға халi жоқ,
Құрт-құмырсқаға жем болып.
Дәнеменi бiлмеген құлыным-ай,
Шекеге қойған айдар тұлымың-ай.
Қарағым, тiрi болсаң даусың шығар,
Тар құрсағым кеңейткен құлыным-ай.
Даусың шығар, естiсiн құлағым-ай,
Сарқырап таудан аққан бұлағым-ай.
Һамра, даусың шығар, бершi жауап,
Тар құрсағым кеңейткен қарағым-ай.
Жаныңнан ақыл күткен даналығың,
Шын-Машын хан көтерген ағалығың.
Һамражан, тiрi болсаң даусың шығар,
Сорлы әжекең зарлап тұр, қарашығым.
Жалғыз қып сенi берген Жаппар Құдай,
Екi көзiм қан болды жылай-жылай.
Шырағым, тiрi болсаң даусың шығар.
Басыңа зар боп келдi анаң сұмырай.
Үш тамырым қозғалды iшiм күйiп,
Емшегiмнен сүт шықты бойым алып.
Сорғалатпай емсеңшi, қарашығым,
Әжекең мауқын бассын бетiң сүйiп.
Шыныңменен-ақ дүниеден өткенiң бе,
Һамрама Хақтан тағдыр жеткенiң бе?
Құдықта тiрi болсаң мен алайын,
Ажалыңды жауға тастап өткенiң бе?
Хақ жаратқан пендесiн оңдағанын,
Кәпiрлер иман айтпай оңбағанын.
Екi ағам келiп өлтiрейiн деп тұр ма деп,
Һамраның шақыруға болмағанын.
Ендi қайда барайын,
Халiмдi кiмге айтайын.
Не қылса Құдай қылады,
Бұған ендi шыдайын.
Гүлжәмила қарындасының зарлағаны
Мейiрбан-дүр атамыз,
Iште қайнар отымыз,
Һамра бiздiң ағамыз,
Iздеп қайдан табамыз.
Ендi қайда барармын,
Ағамды кiмден сұрармын.
Кешегi жүрген ағекем
Iздеп қайдан табармын.
Ағекем көңiлi толмады,
Оған да дәурен болмады.
Айналайын, бар Құдай
Жас[тай] оның басына
Қайғыдан басқа салмады.
Еркiн дәурен сүрмедi,
Ел iшiнде жүрмедi.
Айналайын ағекем,
Еркiн жүзiн көрмедiм,
Қызықты көрмей ағекем,
Қорлық көрдi дүнияда,
Қарындасың, ағекем,
Қалды ғой жалғыз далада.
Қызықты еркiн көрмедiм,
Мейiрiм қана күлмедiм,
Бiрге туған ағекем,
Бiрiгiп бiзбен жүрмедiң.
Ертеңдi-кештi жылайын,
Жыламай нағып шыдайын.
Ағекемден айырылып,
Кiмдi ағеке қылайын.
Киiмдi кисем шапан жоқ,
Һеш жақсылық маған жоқ.
Үйден кеткен үшеуi,
Екi ит келдi, ағам жоқ.
Анадан жалғыз жаратты,
Жалғыздықтың зары өттi.
Бермедi Құдай тең қылып,
Жаратты менi кем қылып.
Жұрт иесi патшаны
Екi итке қойды жем қылып.
Кем қылып менi жаратты,
Қайғыменен жүргiздi,
Артық туған патшаны
Екi итке талатты.
Қайғылы қылды анамды,
Қылмады қабыл тобамды,
Мен еркек боп бiр барсам,
Қалмас едi жапанда.
Жалғыздық маған өтедi,
Жалғыздың хақы кетедi,
Айналайын, бар Құдай,
Жалғыз қылып бергенше,
Жаратпасаң не етедi.
Жалғыздың көңiлi толар ма,
Жалғызға қайран болар ма?
Ағайын дұшпан болмаса,
Көзiн ойып алар ма,
Құдыққа жалғыз салар ма?
Бұ дүниеде теңдiк жоқ,
Ахиретке барғанда
Мұны қалай қылдың деп,
Табандап кегiн алар ма?
Жалғызды Құдай сүйер ме,
Көз жасыны аяр ма?
Бұ дүниеде теңдiк жоқ,
Дұшпан жүзiн қара қылып
Жанған отқа күйер ме?
Жалғыздың көңiлi тар екен,
Жалғыз адам зар екен.
Жапанда қалды зарығып,
Һамрадай мұңлық бар ма екен?!
Менiң де сөзiм бар ма екен,
Көрген күнiм тар екен,
Осыншаның iшiнде
Менiң де сөзiм бар екен.
Құр жаны жатыр екен, тебiренбедi,
Ата-анасы келгенiн һеш бiлмедi.
Екi ағам тағы келiп өлтiрер деп,
Жатты дағы дауысты һеш бермедi.
Кетiптi Һамраның жарым жасы,
Қор болды бейшараның ғарiп басы.
Ағекем бұ құдықта бар ма екен деп,
Шақырды Гүлжәмила қарындасы.
– Жатырмысың, Һамра, үнде маған,
Келiп тұр құрбыңыз егiз туған.
Кеудеңде жаның болса хабар бершi,
Мен келдiм Гүлжәмила қарындасың.
Жатырмысың сорлы боп, Һамражан,
Қорықпаңыз, келдi атаң менен бейшара анаң.
Жалғыз, жер астында бармысың деп,
Еңiреп зар болды ғой жалғыз данаң.
Ағасының құлағына үнi келдi,
Гүлжәмила келгенiн ендi бiлдi.
Есi жоқ бейшара боп жатқан байғұс:
– Мен мұнда тiрiмiн, аман, – деп хабар бердi.
Менiң ендi елге қарар жүзiм де жоқ,
Бұрынғыдай сөйлесер сөзiм де жоқ.
Қарағым, ендi менi не қыласың,
Бұрынғы жұртқа қарар көзiм де жоқ.
Тiрi болып ендi мен не боламын,
Жүрмiсiң елi-жұртым есен-аман.
Ғарiптiктi көп көрген бiз бейшара,
Ендi бiзге Құдайым берсiн иман.
– Қайтейiн, қас қылды ғой бауырласың,
Сен кеткен соң құмырсқа iшкен асым.
Ағекем, қаттырақ даусың шығар,
Еңiреп тұрған егiз туған қарындасың.
Құрт-құмырсқа, бақа-шаян iшкен асым,
Сен кеткен соң құрыды жарым жасым.
Өлi емеспiн, әрi тiрi емеспiн,
Сен бiздiң Гүлжәмила қарындасым.
Зарлағаның өттi ғой, бауырласым,
Өлi емеспiн, тiрiмiн, асыл тасым.
Құдыққа салып бақшы жетсе шашың,
Гүлжәмила, қимадым, қарындасым.
Дауысынан таныды қыз ағасын,
Ағасы да таныды қарындасын.
Һамраны шыңыраудан тартып алды,
Тастады берiп қырық құлаш алтын шашын.
Құдықтан суырып алды қыз ағасын,
Қимады бiрге туған бауырласын.
– Жүзiң көрер көзiм жоқ бұрынғыдай,
Тамағыңдан бiр сүйгiз, қарындасым.
Құдықтан тiрi шықтым менiм өзiм,
Тұп-тура баяғыдай менiм сөзiм.
Өздерiң кеп амандас, қайран жұртым,
Бұрынғыдай менiм жоқ көрер көзiм.
Ата-анасы һәм келiп амандасты,
Құшақтасып, көрiсiп, зар илестi.
Гүлжәмила көрiстi айғай салып,
Көзiнен ағызды қанды жасты.
Тамам жан бәрi келiп жылайды ендi,
Көзiнiң жасын көл қылып бұлайды ендi.
Адамның жерi ыстық болады екен,
Һамра көрген жерiн сұрайды ендi.
– Ағеке-ау, бiздiң тұрған көл аман ба,
Билер кеңес қылғандай бел аман ба?
Өзiм барда құс салып, ит жүгiрткен
Айдын-айдын, кең шалқар көл аман ба?
– Шырағым, сенiң көрген елiң де аман,
Билер кеңес қылғандай белiң де аман.
Өзiң барда құс салып, ит жүгiрткен
Айдын-айдын, кең шалқар көлiң де аман.
Бақтардың пiсiп тұрған алмасы[бар],
Таулардың алуан-алуан саясы бар.
Аң аулап, ит жүгiрткен, құс салған,
Ғарiп пенен кәрiге олжасы бар.
– Таулардың асқар[-асқар] белi де бар,
Һәркiмнiң өзiне лайық шерi де бар.
Һеш қызығын көрмедiм, қалдым қайран,
Менiң де маңдайымның соры да бар.
Жүрегiм қайғы-дертке толды менiм,
Жақсылығым жамандық болды менiм.
Көзiмдi ойып құдыққа тастап кеттi,
Дәуренiм бұ құдықта солды менiм.
Көп бейнет көрiп едiм құла түзде,
Тағы да iздеп таптым ағамызды.
Бұ құдықтың iшiнде жалғыз жаттым,
Қанатым жоқ ұшарға, аласұрдым.
Қырық күн жолда жүрiп арып едiм,
Iздеп шығып көп жерге барып едiм.
Құдайым тiлегiмдi қабыл көрдi.
Бұлбұлды қиын жерден алып едiм.
Мен жүрдiм ағамды iздеп барып,
Бейнеттен алып келдiм жаяу жүрiп.
Сөйткен ағам өзiме қастық қылды,
Жаттым құйы түбiнде бейнет көрiп.
Көзiм жоқ, не боламын бүйтiп жүрiп,
Бұрынғыдай бола алман дәурен сүрiп.
Ендi менiм бұйрығым тез болса екен,
Ел iшiнде жүре алман қызық көрiп.
– Ата-ана балаға кеме дейдi,
Имансыздар жетiмнiң хақын жейдi.
Екеумiз кезек барып зарлап едiк,
Бiзге жауап бермедiң неге? – дейдi.
– Ол рас, сiзге жауап бермегенiм,
Сiздердiң ақ жүзiңдi көрмегенiм.
Алдап келiп ол менi өлтiрер деп,
Екi ағам болар ма деп сенбегенiм.
Көп сөйлетпей жүзiмдi көршi, – дейдi,
Менiм айтқан сөзiме ершi, – дейдi.
Суық өтiп қалыпты сүйегiмден,
Қайран жұртым, от жағып бершi, – дейдi.
Жұрт оның айтқанына көндi дейдi,
Жетi түйе сексеуiл келдi дейдi.
От жағып бергенден соң, тамам жұртқа
«Бәрiңiз кейiн кетiң ендi» дейдi.
Қорлығаны Һамра шақырады,
Кеше-күндiз қайғыменен зар еңiредi.
Һамра Қорлығаның шашын отқа салып,
Бiр соған зарын айтып шақырады.
– Кел ендi, Қорлығажан, қасымызға,
Таудан үлкен iс түстi басымызға.
Сiзден басқа жақсылық қылар жан жоқ,
Қарағым, кел аққан көз жасымызға.
Мен түстiм көп ренжу, мехнатқа,
Басым түстi бiр қатты қияметке.
Менiм халiм көрiп кет, Қорлығажан,
Жүрегiмдi пiсiрдiм жанған отқа.
Айтысқан Қорлығамен сертiмiз бар,
Жете алмай Қорлығаға болдым iңкәр.
Хабар жетсе, қасыма бiр келiп кет,
Көзiм жоқ, бұ дүнияда болдым ғой зар.
Қылайын көп шүкiрлiк Құдiретке,
Құдайым менi салды қайғы-дертке.
Екi ағам көзiмдi ойып тастап кеттi,
Сенiмен жете алмадым айтқан сертке.
Қорлығажан, үмiтiм бар менiм сенен,
Ғарiп жаным кешiкпей шығар тәннен.
Бұ дертiмден дәрменiм жоқ ендi менiң,
Есен болсаң қалмай кел осы күнден.
Кел ендi тiрi болсаң, Қорлығажан,
Бiзге ендi кеше-күндiз атпады таң.
Ей, достым, менiң халiм бек жаман-дүр,
Кел де хабар алып кет өзiң менен.
Жапанда жалғыз қалдым қайғы басып,
Iсiмiз қатты дертке араласып.
Осындайда қасыма бiр келiп кет,
Қалайын тым болмаса арыздасып.
Һамра зарын айтып көп жылады,
Айтады көңiлдегi қайғы-ғамды.
Шашын салып отқа түтеткен соң,
Мұрнына Қорлығаның исi барды.
Қорлыға сандалады ары-берi,
Қорлығаның көңiлi болды кәрi.
Қорлыға жетiп келдi бiр сағатта,
Қасына ертiп алып қырық мың қызды.
Қорлыға қаһарланып шапты дейдi,
Ауыр қол Қорлығаменен келдi дейдi.
Қорлығаның ауыр қолын көргенден соң,
Мысырда көрген адам қашты дейдi.
Қорлыға тоқтатады көп ләшкердi,
Мысыр жұрты алдынан әзiр келдi.
Қорлыға қолын кейiн тоқтатты да,
Һамраның қасына жетiп келдi.
Қорлыға келiп халiн сұрайды ендi,
Көзiнiң жасын көл қылып бұлайды ендi.
Екi ғашық қосылып бiр-бiрiне,
Һамра зарын айтып жылайды ендi.
– Мен болдым, Қорлығажан, тiрi мұңды,
Жете алмай қайғы-дертке жандым, – дейдi.
Айтайын арызымды, Қорлығажан,
Басыма мұндай бiр iс түстi, – дейдi.
Қор болдым, бұл дүниеде көзiм кеттi,
Айтысқан сенiменен сертiм кеттi.
Қор болып бұ құдықта жалғыз жаттым,
Сарғайып зағыпырандай жүзiм кеттi.
Бәрi аян бiр Аллаға қылған iсiм,
Қор болды, Қорлығажан, әдiл басым.
Сен есiме түскенде қандай болдым,
Ей, қалқам-ау, Қорлыға, аман бол сен.
Қор болдым ендi маған ажал жетпей,
Адамға өлiм жоқ екен қаза жетпей.
Құдайдан бiр тiлегiм менiң – иман,
Менi Құдай алса екен әуре етпей.
…көзiм жоқ мен бiр байғұс,
Бұ дәурен ендi бiзге керек емес.
Сенiменен жүрген шақта қандай едiм,
Құрбы едiң ахиреттiк, құрбы-құрдас.
Сiзден соң екi ағамды iздеп таптым,
Iшiме қатты қайғы отты жақтым.
Екi ағам көзiмдi ойып тастап кеттi,
Бiр құдықтың iшiнде жалғыз жаттым.
Бұ құдықта таусылды қызыл гүлiм,
Бұрынғыдай бола алман, кеттi бұлым.
Екi ағамды азаптан құтқарып ем,
Жаман болды ақыры жақсылығым.
Көзiмдi ойып қас қылды екi ағам,
Жақсылық, сiрә, болмас ендi маған.
Қай күнi өлерiмдi Құдай бiлер,
Әуел баста қосып едi Алла Тағалам.
Амандасып қалайын ендi саған,
Қорлығажан, болғайсың есен-аман.
Ахиретке барғанда табысармыз,
Қорлығажан, болғайсың есен-аман.
Көрмей өлсем сенi мен арманда едiм,
Сен тағы да арманда кетер едiң.
Арманың жоқ сенiң ендi маған,
Өлместен бұрын жақсы келiп көрдiң.
Лұқпандай ел iшiнде саудагер бол,
Iсiне Құдайымның разы бол.
Қалқам-ау, сен маған жоқ, мен саған жоқ,
Қайтейiн, амандастың, разым сол.
– Айналайын, Һамражан, сенен құрбан,
Сенен басқа кiсiге мойным бұрман.
Сен өлсең, Һамра мен де өлермiн,
Соры болып сенен қалып не боламын.
Һамра, айналайын мен көзiңнен,
Бүгiн бөтен емеспiн бiр өзiңнен.
Үш айдан кешiгiп келмеген соң,
Өлдi деп қорқып едiм бiр өзiңнен.
Һамра, айналайын дертiңiзден,
Айырылыпсыз бұрынғы көркiңiзден.
Мен сенен қорқып едiм, Һамражан,
Асқан соң айтып кеткен сертiңiзден.
Һамра, айналайын қайғыңыздан,
Айрылыпсыз бұрынғы жайыңыздан.
Мен сенен қорқып едiм, Һамражан,
Асқан соң айтып кеткен антыңыздан.
Құрбандық көзiң үшiн болайын мен,
Екi көзiм тең ойып алайын мен.
Құдайым сiзге шипа берер ме екен,
Орныңа көзiңiздiң салайын мен.
Не болсам да болайын сiздiң үшiн,
Бiр сiздiң қаратарға көзiң үшiн.
Жаным құрбан қылайын, Һамражан,
Бiр сiздiң қаратарға көзiң үшiн.
Мен болдым сiз кеткен соң тiрi ғайып,
Таусылдым күйгенiмден отқа жанып.
Сүйер жар, сiз өлсең мен де өлермiн,
Мен соры не боламын сiзден қалып.
Болмады бұрынғыдай сөзiң сiздiң,
Болыпты зағыпырандай жүзiң сiздiң.
Һамра, айналайын сипатыңдан,
Қас падиша шырақтай көзiң сiздiң.
Екi ағасы рақымсыз болған несi,
Екi көзiң тең ойып алған несi.
Не өлтiрмей, бiреуге сатып кетпей,
Құдыққа тiрi апарып салған несi?!
Әрi хан, әрi сұлтан асылым-ау,
Сүйегiң, асыл патша, жасыды ма-ау.
Бұрынғы гүл-гүл жүзiң бiрi де жоқ,
Сүйегiң, асыл патша, жасыды ма-ау.
Бұлбұл айтты: – Қорлыға, жыламаңыз,
Көз жасыңыз көл қылып бұламаңыз.
Мен бiр ақыл айтайын, ей, Қорлыға,
Бұ сөзiм құлақ салып тыңдасаңыз.
Қорлыға, жыламаңыз ендi, – дейдi,
Және менiм айтқан сөзiм тыңда, – дейдi.
Қолыңдан келсе бұған құлағың сал,
Һамраның екi көзi менде, – дейдi.
Ол бұлбұл екi көзiн алып бердi,
Қорлығаның көңiлi бек шаттанды.
Қорлыға жазған байғұс қуанғаннан
Сол жерде он мың құлды азат қылды.
– Мұхаммед хақ дiнге кең бiлемiн,
Екi ғалам дүниеге тең, бiлемiн.
Қанталаған жоқ шығар мына көзi,
Оның дағы өтпес, мен бiлемiн.
Имансыздың пейiлi тар-ды дейдi,
Имандыға төрт шаһариар жар-ды дейдi.
Қап тауындан ары ассаң, Қорлыға қыз,
Көз жазатын гүл мен су бар-ды, – дейдi.
– Дию перiм, жанды өлiмге салып келшi,
Жұмсаған жұмысыма барып келшi.
Дүнияда азат қылайын, қарағым-ай,
Барып кел, гүл мен суды алып келшi.
Бұйырды Қорлыға қыз перiзатқа,
Жұмсады су әкел деп азаматқа.
Уағда бердi бiр сағатта барып кел деп.
Уағдадан кешiгiп, сiрә, жатпа.
Екi перi жұмсалды жарлық қылып,
Заматта Ирамбаққа барып кел деп.
Кешiкпей барып кел деп бiр сағатта,
Заматта гүл мен суды алып кел деп.
Бәрi де перiлердiң хазiр келдi,
Жарлығын Қорлығаның қабыл көрдi.
Қап тауындан әрi асып барып,
Перiлер бiр сағатта алып келдi.
Су бiрлән көзiнi алды дейдi,
Алып барып орнына салды дейдi.
Көзiнiң орынына салса дағы,
Бұрынғыдай ашылмайды тағы дейдi.
Тағы да Қорлыға қыз жылайды ендi,
Көзiнiң жасын көл қылып бұлайды ендi.
Құдайды, Пайғамбарды жаһыт қылып,
Жалбарып қатты тiлек тiлейдi ендi.
– Жаратқан жер мен көктi Құдай Жаппар,
Ендi қылма бұ жерде бiздердi зар.
Тiлегiм – Һамраның екi көзi,
Құдай-а, не қылсаң да құдiретiң бар.
Мың бiр атың бiреуi әр-Рахман,
Жылағанда қыла көр дертке дәрмен.
Тiлегенде Һамраның көзiн берсең,
Онан басқа тiлегiмiз бiр-ақ иман.
Мың бiр атың бiреуi Құдiрет-дүр,
Құдiретпенен жараттың жер мен көктi.
Құдай-а, жер мен көктiң хақы үшiн
Тiлеген тiлеуiмдi берсең, – дептi.
Ей, Құдай-а, қара қыл дұшпан жүзiн,
Қабыл қыл бұ ғарiбiңнiң айтқан сөзiн.
Ләтифiң бiрлә аша көр
Қарағым Һамраның екi көзiн.
Құдай-а, һеш хайла жоқ не қылайын,
Өзiңнiң рахматыңа мен жылайын.
Пайғамбарға келген Құран кiтап хақы үшiн,
Өзiңнiң құдiретiңе мен жылайын.
Ыбраһым, Ысмайыл, Жүсiп пайғамбар,
Дәуiт ұғылы Сүлеймен ғалым, сәруар,
Әбубәкiр, Омар, Оспан, хазiретi Әли
Хақы үшiн шипа бер, Пәруардигар.
Тауратты хатым еткен хазiрет Мұса,
Iнжiлдi хатым еткен хазiрет Иса,
Тәңiрiнiң Арысланы Әли әл-Мұртаза,
Хақы үшiн шипа бер бибi Фатима.
Ғазиздердiң ағарған басы үшiн,
Жетiмдердiң көзiнiң жасы үшiн,
Тiлегiмдi бере гөр, ей, Құдай-а,
Тамам бейшаралардың хақы үшiн.
Құдай-а, тиер ме екен рахматыңыз,
Қайғы мен дертке толды жүрегiмiз.
Шипа бер, бiр Құдай-а, құдiретiңмен,
Көзi едi Һамраның тiлегiмiз.
Дию перi ұшып кеттi қонақтай боп,
Алып келдi мұрыны орақтай боп.
Гүлдi салып суменен сипаған соң,
Һамраның көзi бiттi шырақтай боп.
Жылаған көзiнiң жасын қабыл көрдi,
«Һамражаным, көзiңдi аш ендi», – дедi.
Һамраның әуел көзi жазылған соң,
Жиылған көп жамағат жұртын көрдi.
Һамра көзiн ашты, бәрiн көрдi,
Бейшараның тiлегiн Құдай бердi.
Құдайға шүкiрлiк қып ендi Һамра,
Жиылған халайыққа сәлем бердi.
– Көзiм жоқ, хал болмады, әл-дәрменiм,
Бiр Құдай көзiмдi ашты, жоқ-ты арманым.
Сiздi бiз көретiн [күн] бар екен,
Келiңiз көрiселiк, жарандарым.
Көз бiрлә бұлғақтаушы ек дүлдүлдей,
Жамағат жиылып тұр бәрi бiрдей.
Дұшпанымдан өшiмдi аламын деп,
Һамра атасына сәлем бердi.
Мен жаттым бейшара боп қан iшiнде,
Алармын дұшпанымдан намысымды.
Сүйенiшiм, таянышым, атам, анам,
Бiз пақыр көрiселiк, бермен келшi.
Қор болды бұ құдықта ғарiп басым,
Қан бiрлән араласты iшкен асым.
Құдайым тiлегiмдi бүгiн бердi,
Гүлжәмила, кел ендi, қарындасым.
Оқыған бiр мектепте жолдастарым,
Бiрге жатып олтырған сырластарым,
Сiздердi де көретiн күн бар екен,
Келiңдер, құрбы бiрлә құрдастарым.
Шерменде, қорлықта өттi күнiм,
Кеткен соң екi көзiм, кеттi бұлым.
Жасымыздан бiрге жүрiп жолдас болған.
Келдiң бе көрiскелi, аға-iнiм.
Һамра жақсылыққа ендi жеттi,
Тiлегiн Хақ Тағала қабыл еттi.
Қуанғандан сүйедi ата-анасы,
Ел iшiнiң қайғысы бәрi кеттi.
Һамра айтты: – Қорлыға, iсiм ақ-ты,
Құдайым бүгiн ашты бiздiң бақты.
Дұшпандар жамандық қылып едi,
Жамандық ақырында өзiн тапты.
Ашылды бүгiн менiм бағым, – дедi,
Құдайым тiлегiмдi бүгiн бердi.
Түзде жүрiп жақсылық қылып едiм,
Жақсылығым жамандық менiң болды.
Падиша айтты: – Қарағым, Һамражан,
Айырылдың бұ күнгi азабыңдан.
Ағайын дұшпан болған көзiңдi ойып,
Кел манағы өшiңдi ал екi ағаңдан.
– Ей, ата, бұ да балаң, мен де балаң,
Қандай қылса жарасар ендi бұған.
Көзiн ойып құдыққа тастап кетсең,
Сонда мұның жазасы бiтер тамам.
– Жарандар, бұ екеуiн келтiрiңiз,
Бұл екеуiн жоғалтып жетiрiңiз.
Қарағым, не қылсаң да бұған сауап,
Қор қылып екеуiн де өлтiрiңiз.
– Ей, ата, қатты кiсi жаман болар,
Бұ жанды Құдай берген, Құдай алар.
Жамандық қылған жанға жақсылық қыл,
Жамандық ақырында өзiн табар.
Мен балаң әуел баста бейнет көрген,
Жақсылық ақырында Құдай берген.
Ей, ата, бұл шiркiндi өлтiрмелiк,
Қан етер, ата, бiз бе кiсi өлтiрген.
Ей, ата, бiз бiрлән сөз байласаңыз,
Бұ дүние әлi-ақ өтер, ойласаңыз.
Тамақ үшiн сатылған ол Күләш[қа],
Мен риза, сол жерге айдасаңыз.
Көзде жас, алыс жерге жүрсiн, – дейдi,
Ғарiптiктiң мәнiсiн көрсiн, – дейдi.
Бұ дүниенiң қызығын һеш көрмесiн,
Қор болып дүниеден өтсiн, – дейдi.
Падиша сол ақылды аңлады ендi,
Бұ сөздi көңiлiнде жөн дейдi ендi.
Һамраның жарлығын екi қылмай,
Екеуiн Күләш байға айдайды ендi.
Тiлегiн Һамраның Құдай бердi,
Жылаған көзiнiң жасын жол көрдi.
Адамзаттың қолы мен перi қолы
Екi айрылып жанына жүрдi дейдi.
Падиша айтты: – Тiлiмдi алармысың,
Менiң айтқан тiлiме нанармысың.
Қуанышы жүрегiмнiң, Һамражан,
Қорлығаны елге алып барармысың?!
Һамра айтты: – Ол сөздi құп көремiз,
Құданың салғанына бiз көнермiз.
Құдай бiзге [жазғаны] әуел баста,
Осы жолда, жан ата, апарамыз.
Екi қол екi айрылып қайтты дейдi,
Көңiлi патшаның шаттық тапты дейдi.
Һамра Қорлығаға барды дағы,
Арызын көңiлдегi айтты дейдi.
Һамра айтты: – Насихат айтайын мен,
Сөзiмдi қабыл қылып тыңдағыл сен.
Әуел-ақыр көңiлiң дұрыс болса,
Бұ сөзiм қабыл қылып тыңдағыл сен.
Бiздiң Мысыр шаһарына жүрелiк те,
Азғана күн дәурендi сүрелiк те.
Бұ дүния бес күндiк әлi-ақ өтер,
Өлгенше жақсы ойнап-күлелiк те.
Бiр күнi баршамызды алар, – дейдi,
Һәркiмдi тар лақатқа салар, – дейдi.
Аз ғана күн дәурендi сүрелiк те,
Бұ дәурен баршамыздан қалар, – дейдi.
Шүкiр Құдай, көрсеттi гүл жүзiңiздi,
Жарық қылып ашты ғой Құдай көздi.
Қабыл қылсаң бұ сөздi, Қорлығажан,
Қабыл қыл айтқан менiм бұ сөзiмдi.
Қабыл қылсаң жүрелiк, Қорлығажан,
Қосылдық ендi екеумiз есен-аман.
Дәурендi өткiзейiк қолымыздан,
Бiрiгiп дәурен сүрген бiзден жаман.
Тiлегiн Һамраның бердi дейдi,
Жақсылық Һамрадан көрдi дейдi.
Ендi сiзден айырылып қалмайын деп,
Онан соң айтқанына көндi дейдi.
Имандыны Құдайым оңдайды ендi,
Бұлардан қарғыс алған оңбайды ендi.
– Ренжiту бұларды жарамайды,
Алтынды үйдi ап келмесем болмайды ендi.
Келiннiң жалғыз өзi барсын, – дейдi,
Екеуi бiрге барып алсын, – дейдi.
Өзiң барып диюыңа көтертiп кел,
Һамрам өз қасымда қалсын, – дейдi.
Ағар сулар iшiнде балық келдi,
Қорлыға өз жұртына барып келдi.
Үш күндi болжал қылып кеткен екен,
Төрт сағатта көшiрiп алып келдi.
Андан соң қуанады Һамра ғарiп,
Қуанды шат болды да көңiлi тынып.
Қасына қызметшiлер ертiп алып
Барады Қорлығаны Мысырға алып.
Хұсраудың көңiлi толды дейдi,
Алтын үй Мысырға кеп қонды дейдi.
Қорлығаның алтынды сарайымен
Бәрi көркем Мысырдың болды дейдi.
Һамра ендi ойлайды жақсы ойды,
Iшiндегi қайғының бәрiн жойды.
Тiлегiн падишаның Құдай бердi,
Андан соң қырық күн жақсы қылды тойды.
Қырық күндей той қылды халқын жиып,
Қосылды екi ғашық Құдай сүйiп.
Құдай Тағала тiлегiн бергенден соң,
Перiнi адам алды неках қылып.
Қосылды екi жан хоштық болып,
Бiрi ай, бiрi күн – екi ғашық.
Екеуiнiң көркiне қараймын деп,
Талай жан қырылыпты төбелесiп.
Бұ сөзiм тыңдағанға жақсы ой-ды,
Һамраның көңiлi анан солды.
Хұсрау хан дүниеден өткен күнi
Манағы молда орнына патша болды.
Құдайым Мұхаммедке болған қорған,
Суретiн ол кiсiнiң нұрдан қылған.
Молдаға ажал жетiп өлгенден соң,
Һамра өз орнына патша болған.
Бұ дүнияда жарасқан екi ғашық,
Һамра қызық көрдi андан соң көп.
Бұ дүнияның қызығын көремiн деп,
Андан соң жұртын тұтты падиша боп.
Һамрадай кiм болған жанда, сiрә,
Мұратына тигiздi Алла Тағала.
Қорлығаның шаһары Ирамбақ,
Екiсiн биледi бiрдей Һамра.
Һамра болып өттi дәурен сүрiп,
Мына жалған дүниядан қызық көрiп.
Ирамбақ бiрлән Мысырға падиша боп,
Екеуiн де биледi бiрдей жүрiп.
Һамра бұ жалғанда болмайды зар,
Қолында қызмет қылған перiлер бар.
Перiлердi ат қылып мiнiп жүрiп,
Көңлiне алған жерiне қылды сапар.
Һамра мұратына ендi жеттi,
Ал сонда сопы болып дiнiн күттi.
Һамра жүз жиырма жыл өмiр сүрiп.
Дүниядан шаһид болып Һамра өттi.
Патша өлмей таймайды алтын тақтан,
Нелер кеңес шықпайды тiл мен жақтан.
Һамра дүниеден өткен күнi
Қорлыға ұшып кеттi шаңырақтан.
Құдайым ғарiптердi сондай қылсын,
Көңiлiне алған iсiн қабыл көрсiн.
Дүниеден ғапыл болып һеш жүрмесiн,
Есiтiп, айтқан адам дұға қылсын.
Ал дұға қылғанша қол жайыңыз,
Баршаңды жарылқасын Құдайымыз.
Кiтаптан бөлiп алып мәселе қып,
Ал айтып Һамраны болғанымыз.