Kazakh
Киік
О заманда бар екен жалғыз киiк,
Тамам кәуiр аттанды тұзақ жиып.
Тұзағына кәуiрдiң киiк түсiп,
Кете алмады бұл киiк тартып үзiп.
Құдайым, жеткiзбейсiң бiздi дүзге,
Естiмеген сөз кетер құла дүзге.
Киiк деген азғантай өлеңiм бар,
Тыңласаңыз, айтайын оны сiзге.
Киiктi алды ол кәуiр торын құрып,
Аққа жығылды ол киiк мойын қойып.
Киiк деген азғантай өлеңiм бар,
Тыңлағанға айтамын құлақ қойып.
Торын құрып ол кәуiр киiктi алды,
Киiктi алып тұзағын жерге салды.
Бауыздауға киiктi жатқызғанда,
Мұстапа Мұхамбетiм жетiп барды.
Кәуiрге Мұхамбетiм сәлем бердi:
– Мұның жанын маған бер, кәуiр, – дедi.
Әжетiңе жарамас арық киiк,
Екi лақты бейшара мұңлық едi.
Мұхамбет:
– Көңiлi бұл киiктiң лағында,
Қалды лағы бiр таудың бұлағында.
Анасына азынап жылағаны,
Аян болды Алланың құлағына.
Кәуiр:
– Тас алтын шыққан таудан теремiсiң,
Менiң айтқан сөзiме еремiсiң?
Сол киiк барғаннан келмей кетсе,
Жаныңнан киiгiңдi беремiсiң?
Мұхамбет:
– Тас алтын шыққан тауға тередi-ақпын,
Сенiң айтқан сөзiңе ередi-ақпын.
Сол киiк барғаннан келмей кетсе,
Жанымнан, жазған құл, төлер-ақпын.
Айтады айт дегенiн хан тағына,
Ақының шек келтiрмей тiл-жағына.
Кепiл боп Мұхамбет жiберген соң,
Зырылдап кеттi киiк лағына.
Киiк баласы айтты:
– Пайғамбар бiзден бұрын өттi дейдi,
Пендесiне жол салып кеттi дейдi.
Алақай, анам салды да жетiп келдi,
Не болды саған, ана, – дептi дейдi.
Киiк:
– Бар едi кiшкентайдан көп күнайым,
Көп даусым шығармай бiр жылайын.
Жабаның отына жүргенiмде
Түсiрдi тұзағына бiр Құдайым.
Киiк баласы:
– Бiз ақылы жоқпыз, кәрiп анам,
Бiр сен емес, бәрiмiз өлдiк тамам.
Кәуiрдiң тұяғына iлiнiпсiң,
Сол кәуiр жiберерде не айтты саған?
Киiк:
– Сол кәуiр жiберерде үндемедi,
Мұхамбет кепiл болған Мұстапа едi.
Жерiнде мезгiл айтқан бармай кетсек,
Сол кәуiр Мұстапаны ұстайды ендi.
Кәуiр Мұхамбетке айтады:
– Мiнгенi Пайғамбардың арғымақ сұр,
Шытырманды аралай ұшады құр.
Алдың ба азып iздеп, Мұхамбет,
Кәне, киiк келгенi, кешiгiп тұр.
Мұхамбет:
– Мiнгенi Пайғамбардың арғымақ сұр,
Шытырманды аралай ұшады құр.
Ақшам мен намаздiгер арасында
Киiк ендi келедi, аялдай тұр.
Киiк баласы шешесiне:
– Е, шеше, сен барғанға мен барармын,
Артынан бiр күн қалмай тез барармын.
Кәуiрдiң ол қайраулы қара пышақ,
Сенен бұрын мен барып iлiнермiн.
Шеше:
– Е, балам, барма деймiн, сен өлерсiң,
Шөп жесең тiсiң шыққан күн көрерсiң.
Анаң жоқ, сүйенерге атаң да жоқ,
Үшбу уақта зар қылып күңiренерсiң.
Кәуiр айтты:
– Жығылды Аққа киiк мойын қойып,
Сенi жесем кетер ем бiр-ақ тойып.
Кепiлдiгiңнен құтылдың-ау, Мұхамбет,
Бiр киiгiм келедi үшеу болып.
Мұхамбет:
– Тас алтын тауға шықсам теремiн бе,
Сенiң айтқан сөзiңе еремiн бе?!
Үш киiк келедi деп қуанасың,
Мен саған ол үшеуiн беремiн бе?!
Киiк:
– Айтамын айт дегенiң, Мұхамбетiм,
Екi лағым, мен өлсем, қалар жетiм.
Жетiмшiлiк басыңнан кешкен жоқ па,
Хабар бола жүре көр, Мұхамбетiм.
Мұхамбет:
– Бiз хабаршы болайық, сiз барыңыз,
Тоқтау салмай кәуiрге тез барыңыз.
Жылай-сықтай бара көр, байғұс киiк,
Жетер ме екен Аллаға тiлегiңiз.
Киiктi кәуiр қуанғаннан қамап алды,
Қамап алып мойнына белбеу салды.
Киiктi бауыздағалы жатқанда
Мұстапа Мұхамбетiм тағы барды.
– Мiнгенi Пайғамбардың арғымақ сұр,
Аралай шытырманды ұшады құр.
Жiбершi бұл киiктi, кәуiр, деймiн,
Сен өзiң намаз оқып, мұсылман бол.
– Құс ұшып, бұлбұл деген қонар құмға,
Құдай жеткiз деушi едiм осы жолға.
Киiгiмдi жiберсем, ау, Мұхамбет,
Мен де өзiңдей болармын мұсылман[ға].
Бұлбұл деген құс ұшып қонады,
Саясынан сарқырап от жанады.
Осындай мұсылман болған адам
Бiздерден әжептәуiр сол болады.
– Құс ұшып, бұлбұл деген қонар құмға,
Құдай жеткiз деушi едiм осы жолға.
Киiгiңдi жiбердiм, ау, Мұхамбет,
Мен мұсылман болдым, әлхамдулилла.
Пайғамбар бiзден бұрын өттi, – дейдi,
Пендесiне жол салып кеттi, – дейдi.
Киiгiңдi жiбердiм, ау, Мұхамбет,
Барша мұрат басына жеттi, – дейдi.