Kazakh
Дариға қыз
Әуелi сөз сөйлейiн бисмилладан,
Өлмей қалмас анадан туған адам.
Өлмей тұрып сөйлейiн мен бiр қисса,
Туған жан бәрi де өлер ата-анадан.
Құлдық, тағат қылсаңыз бұ дүниеде,
Өлсең иман табарсың о дүниеде.
Тәңiрi досты Пайғамбар төрт жарменен
Бiр күнi кеңес қылды Мәдинеде.
Қатыран шаһарында бiр қыз болған,
Жақын жерде шаһардың бәрiн жиған.
Балуан қыз Қатыранда бар деген соң
Ер Әли Арысланға есiтiлген.
Бiр күнi қыз Дариға сөз сөйлейдi,
Отырып сарайында көп сөйлейдi.
«Көп қуат маған бердi Жаппар Құдай,
Жалғанда кiм жығады менi?» – дейдi.
Бұ сөзден Әли Арыслан хабар бiлдi,
Орнынан намыс етiп түрегелдi.
Бұ қызбенен күресуге тiлек қылып,
Пайғамбарға рұқсат ала келдi дейдi.
– Ассалаумағалейкүм, Пайғамбарым,
Қатыранда бiр қыз жықты жанның бәрiн.
Сол қызбенен күресуге барар едiм,
Бiздерге берер болсаң дағуаларың.
Жаратқан баршамызды бiр Құдайым,
Қиямет күнi көрермiз жердiң тарын.
Бұл сөздi Дариғадан есiткен соң,
Тағат қылып Мәдинеде тұра алмадым.
– Басайын аяғымды қадам-қадам,
Естiдiм анау қызды жүһүд надан.
Өлгенше сүйегiңде тамға болар,
Жығылсаң iздеп барып бiр әйелден.
– Алладан Дүлдүл деген ат алғанмын,
Өзiңнен жетi жаста бата алғанмын.
Құдайдың маған берген уағдасы бар,
Алланың Арысланы деп аталғанмын.
Алланың қыл тамаша әр iсiне,
Һәркiм жаза тартады қылмысына.
Бата бер, тақсыр баба, мен ғарiпке,
Мен түстiм тәуекелдiң дариясына.
Пайғамбар қолын жайып бата бердi,
Арыслан «иә, Алла» деп түрегелдi.
Ғабдулахаб Қанбарды қасына алып,
Аяңдап құбыла жаққа жөнеледi.
Қасында жолдасы бар Қанбар баба,
Жандарын тапсырады бiр Құдайға.
Дүлдүлге сауыт-сайман артып алып,
Жөнелдi бетiн түзеп құбылаға.
Тоқсан күн құбыла жаққа сапар қылды,
Қатыран шаһарына жақын келдi.
Ел шетiне жақындап келiп едi,
Қарап тұрған қарауылшы оны көрдi.
Көрген соң қарауылшы жетiп келдi,
Әлиге қол қусырып сәлем бердi.
Сәлем берiп қасына келгеннен соң,
Сәлемiн Әли батыр әлiк алды.
– Дүниеде жиһан кезген мен бiр адам,
Кез болдық бұл арада, жаным саған.
Бiз шыққалы үш айдың жүзi болды,
Қай шаһар бұ шаһарың, айтшы маған?
– Һәр түрлi жан жаратқан бiр Құдайым,
Жарлық қылып жаратты күн мен айын.
Дүниеде жұрттан асқан дәулетi бар
Бұ Қатыран шаһары-дүр, бiлсең жайын.
– Кез болдым Құдай айдап сендей ерге,
Шаһарым үш айшылық қалды жерде.
Мен iздеп шаһарымнан шығып едiм,
Қыз бар ма Дариға атты шаһарыңда?
– Әй, жiгiт, мен сұраймын жөнiңiздi,
Мен көрдiм Дариғаны қызыл жүздi.
Қыз болса да һеш адам пар келмеген,
Дариға атты патшаның жалғыз қызы.
Қыз қылып Дариғаны Құдай қылған,
Қыз болса да еркектен артық болған.
Бұл жерде шаһарлардың адамдары
Тұрады Дариғаның әмiрi бiрлән.
Сөз айтты сол жiгiтке Әли батыр,
Қасында бiрге едi Қанбар пақыр.
– Әдейi күресуге iздеп келдiм,
Бар болса Дариғаны мұнда шақыр.
– Сiз бiзге кез болдыңыз жапан түзде,
Жапанда һеш адам жоқ сiзден өзге.
Хабарын Дариғаға бiз берелiк,
Кiм деймiз атыңызды, айтшы бiзге.
– Айта бар, менiң атым – хазiрет Әли,
Бабам аты – Мұхаммед Хақ Расулы.
Сәлем айт Дариғаға, келсiн мұнда,
Менiмен күресуге болса жайы.
Елшiлер Әли екенiн бiлдi дейдi,
Хабарын Дариғаға бердi дейдi.
– Жасыл киiм, қара көк мiнген аты,
Әли атты бiр балуан келдi, – дейдi.
Дариға отыр екен шашын тарап,
Қойыпты бақыт берiп Құдай қалап.
Қаранып жан-жағына шыға келдi,
Шаншулы шекесiнде алтын тарақ.
Далада Әли тұрды хабар берiп,
Үш айлық Мәдинеден iздеп келiп.
«Тәуекел, – деп, – Алланың құдiретiне»,
Тұрыпты майдан жерде сабыр қылып.
Жаратқан барша жанды Жаппар Құдай,
Дүниеде сұлу болмас, сiрә, мұндай.
Көрген соң Дариғаны, қаһарланып
Қасына Әли келдi шыдай алмай.
– Мен келдiм, келбетiмдi көрсең, – дейдi,
Жүрегi Дариғаның дүрсiлдейдi.
– Рұқсатсыз көшенi аралапсың,
Әй, жiгiт, атыңды айтшы, кiмсiң? – дейдi.
– Сұрасаң, менiң атым Әли Арыслан,
Қорқады қаһар қылсам талай дұшпан.
Қыз Дариға сен болсаң, тiл тигiзбе,
Қор болып сен де өлерсiң, ашулансам.
Тiлiңдi көп тигiзбе мендей ерге,
Өлген соң кiремiз ғой қара жерге.
Әдейi күресуге талап қылсаң,
Белгiлi далаға шық, майдан жерге.
Үш айлық жерде қалды менiң жерiм,
Бұ шаһар, қыз Дариға, сенiң жерiң.
Армансыз түзелiп кел, бек тебiренiп,
Көрейiн қуатыңды ендi сенiң.
Сарайдан Дариғаның жүзiн көрдi,
Майысып сарайына Дариға ендi.
Алладан, Пайғамбардан медет сұрап,
Арыслан майдан жерге қайтып келдi.
Бұларға да естiлген Әли аты,
Әлидiң Құдай берген көп қуаты.
Әли деген хабарын бiлгеннен соң,
Жиылды Дариғаның тамам жұрты.
Сол жерде шаһар халқы бәрi келдi,
Әлидi майдандағы көзi көрдi.
Үстiне алтын кiлем отырғызып
Қырық жiгiт Дариғаны алып келдi.
Кигенi Дариғаның алтын кебiс,
Жиып келдi майдан жерге түрлi жемiс.
Үстiне кигенiнiң бәрi жiбек,
Қылады Әлименен үлкен күрес.
Әлидi тамам халық бәрi көрдi,
Шаһимардан Арыслан Әли ердi.
Дүлдүлдi Қанбар құлға бере тастап,
Қасқайып майдан жерге жетiп келдi.
Көргелi қыз атасы өзi келген,
Жаяды майдан жерге жiбек кiлем.
Берсiн деп осы жолды Дариғаға,
Шашады алтын-күмiс келген жерден.
Күреске майдан жерге Әли барды,
Бiр миллиондап жүһүдтер жиылады.
Алтын тақ үстiне қызды отыртып
Майданға қырық балуан алып келдi.
Далада бәйгеге қылды алтын дiңгек,
Күрескенде жұрт тұрды дөп-дөңгелек.
Бұлардың тамашасын көремiз деп,
Жүһүдтер жиылып тұр бөлек-бөлек.
Босатып Дариғаны қоя бердi,
Әлиге маң-маң басып қыз да келдi.
Көңiлi Дариғаның тоқтасын деп,
Ер Әли зәрiн шашып көз жiбердi.
Қыз қарсы келе жатыр қадам басып,
Белiнен құшақтайды қатты қысып.
«Иә, Алла» деп ұстады Әли Арыслан,
Келедi Дариғаға зәрiн шашып.
Көтерiп бұрынғыдай ала алмады,
Бiр-бiрiн кезек-кезек үйiредi.
Куатын Дариғаның көргеннен соң,
Арыслан бiр Аллаға сиынады.
Арыслан бiр Құдайға сиынады,
Шаңдары екеуiнiң бұрқырайды.
Осы қызды күресiп жығып кетсем,
Бұ жерге келгенiмменен немқұрайды.
Жаратқан жүмлә жанды Жаппар Құдай,
Дүниеде күрес болмас, сiрә, мұндай.
Дүние жүзiн топырақ пен шаңдақ басып,
Екеуi күресiптi он төрт күндей.
Жаратқан жүмлә жанды Құдiрет-тi,
Әли көрдi бұ қыздан көп бейнеттi.
Он төрт күн таң сарғайып ата бердi,
Сол уақытта Әлиден қуат кеттi.
Сол уақытта Әли Арыслан болды наза,
Қабiрде жамандар тартар жаза.
Алаңдай жан-жағына ойлап тұрса,
Намазы он төрт күнгi бәрi қаза.
Әлиден қиналғаннан ағады тер,
«Мұнан да менi жұтсын сол қара жер».
– Намазым он төрт күндей бәрi қаза,
Өтейiн намазымды, рұқсат бер.
Жаппар Құдай, жәрдем бер тiл-жағыма,
Кiм таласар, жiгiттер, ер бағына.
– Қазаңды он төрт күнгi оқығанша,
Келейiн мен де барып тамағыма.
Босатып Әли Арыслан қоя бердi,
Майысып аққу құстай қыз жөнелдi.
Босанып Дариғадан шыққаннан соң,
Хазiрет Әли бiр биiк тауға келдi.
Арыслан Дариғаны қоя бердi,
Аққу құстай шаһарына қыз жөнелдi.
Қызметкерлер даярлап қойған екен,
Бiр жегенде жүз қойды, нанды жедi.
Хазiрет Әли бiр биiк тауға келдi,
Келдi де бiр бұлақтан дәрет алды.
Он төрт күнгi намазын тамам оқып,
Құдайға мiнәжат қылып жылайды ендi.
– Сиындым, Пәруардигар, жалғыз сенге,
Отырмын өзiм жалғыз жапан түзде.
Дүниеде «Арыслан» деп атап едiң,
Қор қылма, Жаппар Ие, осы қызға.
Әкелдiң үшбу жерге, Зұлжалалым,
Қылыпсың менен артық қыздың халiн.
Қайтқанда Мәдинеге не деп барам,
«Барма» деп айтып едi Пайғамбарым.
«Барма» деп айтып едi ол Мұхаммед,
Күресу Дариғамен болды мiндет.
Жалғанда Арыслан деп ат берiпсiң,
Бере көр өзiң медет, иә, Құдiрет.
Арыслан сиынады бiр Аллаға:
– Омар, Оспан не деймiн шаһариарға,
Мен ендi Мәдинеге бара қалсам,
Не деймiн отыз мыңдай сахабаға.
Құдайға Әли Арыслан дұға қылды,
Дұғасы Хақ қасында қабыл болды.
«Ренжiмей күресе бер бұ қызбенен»,
Деп аспаннан құдiретпенен хабар бердi.
Аспаннан Жәбiрейiл жерге келдi,
Келдi де қырық қадам жерде тұрды.
Хабарын Жәбiрейiлден естiген соң,
Арыслан «иә, Алла» деп түрегелдi.
«Иә, Алла» деп орнынан түрегелдi,
Аяңдап майдан жерге және келдi.
Үстiне майдан тастың барғанында,
Өне бойы қуаттанып күреседi.
Жалғыз келiп майданда Әли тұрды,
Шаһарынан аққудай боп қыз да келдi.
Ұйқы ұйықтап, тынығып, ажарланып,
Әлимен алысқалы қыз да келдi.
Басады Әли аяғын кердең-кердең,
Жалғанда кiм құтылар бiздей ерден.
Арыслан «иә, Алла» деп алып кеттi,
Көтерiп Дариғаны көрген жерден.
Жарандар, тыңдасаңыз мiнекей кеп,
Қарап тұрған тамаша жиылған көп.
Әрi-берi басынан айналдырып,
Бiр уақытта алып ұрды «иә, Алла» деп.
Әлиге қуат берген бiр Құдай-ды,
Тамам жұрт мұны көрiп қайран қалды.
Арыслан кеудесiнде отырғанда,
Астында қыз Дариға сөз сөйлейдi.
– Әли, менен артық емес, тiптi, күшiң,
Аллаға жаққан екен қылған iсiң.
Бiздердi бұ майданда жығып салдың,
Жоқ екен бұ ғаламда сенiң [теңiң].
Хазiрет Әли Дариғаны жығып алды,
Тамам жұрт тамаша қылып көзiн салды.
Саны жоқ көп жүһүдтер дiнге кiрдi,
Мешiт пенен медресе және салды.
Қырық күн бұ шаһарда дiн үйреттi,
Иманын көп жүһүдтер таза күттi.
Неке қылып Дариғаға қосылған соң,
Әлидiң қайтар уақты жуық жеттi.
– Айтайын, қыз Дариға, саған бiр сөз,
Iшiңде жүктi болсаң бiр ұғлан, қыз.
Қыз болса өзiң бiлiп ат қоярсың,
Ер болса «имам Маһди» деп қойыңыз.
Ер Әли Мәдинеге қайтып кеттi,
Баланың ендi туар уақты жеттi.
Айы толып Дариға толғатқанда,
Ай менен күндей болып бiр ұл туды.
Маһди деп балаға қойды атты,
Бұ бала барша жаннан салтанатты.
– Ендi мен бұл баланы оқытайын,
Бұ бала оқу оқыр жасқа жеттi.
Қыл көпiр қиямет күн тар ма дедi,
«Қыдырмай бес намазды оқы», – дедi.
Қолынан баласының ұстап алып,
Жетелеп медресеге алып келдi.
Берiптi алып барып молдасына,
Сиынды оқимын деп Алласына.
Бiраз жыл оқу оқып, молда болды,
Үйiне келдi бала анасына.
Маһди сонда үйiне қайтып келдi,
Дүниенiң қызығына батып келдi.
Жақ атып, ойын қылып келе жатса,
Кемпiрге нан илеген жетiп келдi.
Маһди келедi ендi ойын қылып,
Кемпiр тұр бiр тандырда нан пiсiрiп.
Қасына ол кемпiрдiң жетiп келiп,
Маһди шықты кемпiрдi мазақ қылып.
Қалтаңдап сонда кемпiр түрегелдi,
Қасынан бала кетпей және тұрды.
– Әкесi тiрi кеткен, сұмырай жетiм,
Не жаздым мұнша мазақ қылдың? – дедi.
Бұ сөздi Маһди бала тыңдап тұрды,
– Кiм едi менiң атам, айтшы, – дедi,
Әй, кемпiр, бұ сөзiңдi жақсы көрдiм,
Тауып бер, менiң атам кiм-дi? – дедi.
– Бәрiмiздi жаратқан Жаппар Құдай,
Мен айтайын, әй, бала, жақсы тыңда-ай.
Iшiнде Дариғаның сен қалған соң,
Атаң кеткен сапар қылып Мәдинеге-ай.
Бұл сөздi естiген соң жүре бердi,
Жай тартып көшеменен келедi ендi.
Аяңдап өз үйiне келе жатса,
Ойнап жатқан көп балаға кез болады.
Келдi де көп баламен ойын салды,
Көп бала ойынына қайран қалды.
Балалардың бiрiне-бiрiн соғып,
Келдi де көп балаға ойран салды.
Бiр бала естiген соң сөз айтады,
Жаман сөз сол арада көп айтады.
– Атасы да осындай тентек едi,
Келген соң тек жүрмейдi, – деп айтады.
Ендi Маһди сиынады бiр Құдайға,
Пенденiң көңiлi тоймас бұл дүниеге.
– Анам бар, атам өлген, мен бiр жетiм,
Тауып бер, бiлсең менiң атам қайда?
Бала айтты: – Менi қыспа бұл арадан,
Үздiрме үмiтiмдi ғарiп жаннан.
Атаңды тiрi кеттi деп естiдiм,
Бар, бiлмесең барып сұра Дариғадан.
Маһди ендi естiп жүре бердi,
Үйiне бек қайғырып жылап келдi.
Анасы жылағанын көргеннен соң:
– Неге мұнша жыладың, балам? – дедi.
Бала айтады: – Рақым әйла, анам, бiзге,
Бiр сапар қылғым келдi жапан түзге.
Атамды тiрi кеттi деп естiдiм,
Жөнiн айт сол атамның, қайсы жерде?
Бiздердей бала бар ма ғарiп болған,
Дариға мұны естiп қайғыланған.
«Япырым-ай, қандай дұшпан айтты екен?» – деп,
Дариға үйде отырып зар еңiредi.
– Ендi ойнап балалармен күле алмаймын,
Мен ендi бұл шаһарда жүре алмаймын.
Қоя бер жөнiмдi айтып ендi менiң,
Не қылсам да бұл жерде тұра алмаймын.
Бастады бұ сапарға Жаппар Құдай,
Маһди сөз сөйлейдi көңiлi тынбай.
Тұрмасын бұл баланың бiлгеннен соң,
Дариға жолын айтты жылай-жылай.
Дариға бұ арада болды бейхал,
– Әй, балам, бұл сөзiме құлағың сал.
Бастасын оң жолына Жаппар Құдай,
Әуелгi ұлық атаң – Хақ Пайғамбар.
Әуелгi ұлық бабаң Мұхаммед-дi,
Арыслан ол Мұртаза – атаң, – дейдi.
Сәлем ет Мәдинеге бара қалсаң,
Бiз ғарiптен атаңа сәлем, – дейдi.
Бабаң сенiң Құдай досты Хақ Пайғамбар,
Құдай сүйген отыз мыңдап сахабалар.
Әбубәкiр Сыдық пенен Омар, Оспан –
Атаңның жан жолдасы шаһариар.
Ұлық анаң әуелгi ол Фатима,
Хасен, Хұсайын екеуi сiзге аға,
Пайғамбардың зағифы Бибi Хадиша,
Баршасы Мәдиненiң шаһарында.
– Белгiсiз не болармын бұ сапарда,
Қылмадым қызмет ендi қасыңызда.
Егерде бұл сапардан келе алмасам,
Кешiңiз хақыңызды бейшараға.
Естiдi баласының сөзiн-кебiн,
Дариға жидырады тамам жұртын.
«Құдайға, балам, сенi тапсырдым», – деп,
Ұлына емiзедi екi емшегiн.
Дариға зар-зар жылап қоя бердi,
Құданың бергенiне шүкiр қылды.
Қызыр берген таяғын қолына алып,
Аяңдап сахараға жүре бердi.
Бiраз күн сахарада жол жүредi,
Болған соң өзi жалғыз, көп жүредi.
Жапанда өзi жалғыз келе жатса,
Керуен он түйелi кез болады.
Керуен он түйелi жақын келдi,
Бала да ол керуенге қарсы жүрдi.
Қолында таяғы бар, өзi жаяу,
Келдi де керуенге сәлем бердi:
– Ассалаумағалейкүм, әй, ағалар!
Сәлемiн әлiк алды керуендер.
– Қасыңда жолдасың жоқ, өзiң жаяу,
Неғып жүрген баласың? – дейдi бұлар.
– Бермесiн Құдай қайғы басыңызға,
Жар болсын қожа Қызыр қасыңызға.
Атам жоқ, анам қалды, өзiм – жетiм,
Барамын Мәдиненiң шаһарына.
Керуен он түйелi кез болады,
Балаға сол арада шапағат қылды.
Адасқан бiр даланың баласы деп,
Мiнгiзiп бiр түйеге алып жүрдi.
Бала айтады: – Сiз барасыз қай сапарға?
Мiнгiздiңiз, әй, ағалар, түйеңiзге.
Керуен айтты: – Әй, балам, жолымыз бiр,
Бiз барамыз, әй, бала, Шам шәрiне.
Бұ керуендер алпыс күн сапар қылды,
Бiр үлкен тау секiлдi жылан келдi.
Қасына бұ керуеннiң жетiп келiп,
Баршасын құйрығыменен орап алды.
Имам Маһди қайран болып қарап тұрды,
Шуласып керуендер жылап тұрды.
Мал айтып көп керуен Құдай үшiн,
Бек қатты бiр Аллаға сиынады.
Маһди айтты: – Жылама, ағаларым,
Құдайдың құдiретiмен болған керiм.
Сабыр қылың, ол жыланға мен барайын,
Бiздерге қабыл болсын дұғаларың.
Имам Маһди сол жыланға жетiп барды,
Таяғын Қызыр берген қолына алды.
«Иә, Алла» деп таяғын салып едi,
Ол жылан жетпiс бөлек болып қалды.
Жыланнан аман болып керуен өттi,
Бiр уақта Шам шаһарына жақын жеттi.
Бектердiң шаһардағы балалары
Ойнатып Маһдидi ендi алып кеттi.
Имам Маһди сол шаһарда бiраз жүрдi,
Шаһарда балалармен ойнап-күлдi.
Қасында жолдасы жоқ, өзi жаяу
Тағы да Шам шаһарынан жөнеледi.
Тағы да жөнеледi жалғыз өзi,
Жалғызға көп көрiнбес дүние жүзi.
Алпыс күн жаяу жүрiп келе жатса,
Бiр шаһарды бұлдыраған көзi көрдi.
Имам Маһди сол шаһарға жақын келдi,
Әбден-ақ қарны ашып қалжырады.
«Жейтұғын аузыма тамағым жоқ,
Қуат бер мен ғарiпке, Алла», – дедi.
Бұлдырап ол көрiнген Мысыр шаһар,
Имам Маһди оған табан және жүрген.
Қалжырап екi көзi қарайған соң,
Имам Маһди бұ шаһарға жетiп келер.
Имам Маһди бұ шаһарға және келдi,
Көп бала ойнап тұрған оны көрдi.
Келе жатқан Маһдидi бұлар көрiп,
Шуласып тамам бала бәрi келдi.
Сақтады есен-аман Алла Тағала,
Келiптi Құдай сақтап бұ шаһарға.
Қасына тамам бала келгеннен соң,
Имам Маһди сәлем бердi балаларға.
Көп балалар Маһдиге жетiп келдi,
Бұ шаһарға бала әзер келiп жеттi.
Бектер менен төренiң балалары
Маһдидi үйге табан алып келдi.
Көп қылды мейiрбандық ол Маһдиге,
Ойнайды балалармен күнде-күнде.
Бiр күнi балалармен амандасып,
Мәдиненiң жүрмек болды шаһарына.
Мысырдан тағы шығып және жүрдi,
Көп бала амандасып қоя бердi.
Балалар амандасып жiбердi ендi,
«Бiр Құдайға тапсырдық сенi», – дедi.
Имам Маһди екi ай жүрдi ен далада,
Қызыр берген таяғы оң қолында.
Тапсырып бiр Аллаға аманатын,
Келiптi алпыс күнде Мәдинеге.
Бiлмейдi һеш адамды Маһди бала,
Бiлiнбей аз күн жүрдi Мәдинеде.
Түн болса бiр шеткi үйге мекен қылып,
Шығады таң атқан соң дарбазаға.
Көшеге шықты бiр күн Маһди батыр,
Жасында жиһан кезген бұл бiр пақыр.
«Атамды ендi iздеп табамын», – деп,
Аралап Мәдиненi келе жатыр.
Пайғамбар таһарат алып отыр екен,
Имам Маһди қол қусырып сәлем бердi.
Имам Маһди сәлем берiп өте бердi,
Пайғамбар көзiн салып оны көрдi.
«Бек нұрлы, асыл туған бала екен», – деп,
Артынан Пайғамбарым қарап қалды.
Көшенiң ортасынан келiп кiрдi,
Бiр жерде көп жиылған адам көрдi.
Не екенiн бiлмейдi ол жиынның,
Iшiне көп халықтың бұ да келдi.
Шығарды көкiректен сәналарын,
Құдайым кез келтiрдi ағаларын.
Сол жерде күрестiрiп отыр екен
Әли Арыслан он жетi балаларын.
Он сегiзiншi болды да бұ да тұрды,
Балалар күрескенiн қарап тұрды.
Бiр-бiрiн жыққанында қайраттанып,
Имам Маһди оңтайланып қымсынады.
Баланың қымсынғанын Әли бiлдi,
Бұл неге қымсынад деп байқап қалды.
– Әй, балам, қарап тұрып қымсынасың,
Ойыңыз күресуге бар ма? – дедi.
Имам Маһди күресуге түрегелдi,
– Күресейiн, тақсыр, бер рұқсат, – дедi.
Бiлмейдi Әли екенiн бала сонда,
Сыбанып екi қолын жүгiредi.
Сол жерде Хасен батыр түрегелдi,
Маһди бұған қарсы жүгiрдi ендi.
Сыбанып Маһди бала жетiп келiп,
Хасендi «иә, Алла» деп алып ұрды.
Балаға бұлар тұрды қайран қалып,
Хұсайын тұрды тағы да қайраттанып.
Жүгiрiп келiп белiнен ұстай алып,
Имам Маһди тағы жықты бұрап-бұрап.
Сол жерде бала Мұса назаланды,
Жықты деп екi ағамды ыза болды.
Қуатты бәрiнен де туған екен,
Көтерiп ол Мұсаны алып ұрды.
Жығыпты он алты балаларын,
Сап болды балалары Мұртазаның.
Сонда тұрды Мұхаммед-Ханафия,
«Қылайын ол баланың өзiм жайын».
Күрестi Ханафия менен Маһди бала,
Бәрiн де ыза қылды Хақ Тағала.
Жығарға Ханафияны таянғанда,
Арыслан ұстай алды келе сала.
Ханафияны айырып қоя бердi,
Көп бала қайран болып қарап тұрды.
Айырып Ханафияны қойғаннан соң,
Ер Әли Маһдименен күреседi.
Үш тартып Маһдидi ала алмайды,
Не қылса да жас бала қозғалмайды.
Арыслан үш тартқанда болмаған соң,
Сол жерде Маһдиге ендi кезек бердi.
Арыслан нәубет бердi сол арада,
Жас бала қозғалмады ер Әлиге.
Кезек нәубет берген соң ол балаға,
Тiлейдi жәрдем бер деп бiр Аллаға.
– Әуелi ұлық бабам Мұхаммед-дi,
Ол Фатима, медет бер, анам, – дейдi.
Тiлегенде медеттi берушi едiң,
Жәрдем бер, хазiрет Әли, атам, – дейдi.
Бұ сөздi Әли Арыслан естiдi ендi,
Бұ сөздi естiген соң қайран болды.
Белiнен қатты ұстап хазiрет Әли:
– Жад еткен Пайғамбарды кiмсiң? – дейдi.
– Туғанмын, атым – Маһди, Дариғадан,
Арыслан атам – Әли жиһан кезген.
Бұлардың бәрiн айтқан Дариға анам,
Шығып едiм атамды iздеп шаһарымнан.
Құдайдың құдiретiменен жаралғанмын,
Бұ сөздiң бәрiн айтқан Дариға анам.
– Бұ сөздi шын Дариға айтқан болса,
Iздеген Шер Әли атаң менмiн.
Баладан қысылғаннан ағады тер,
– Мұнан да менi жұтсын бұл қара жер,
Iздеген өз атама қолым тидi,
Тiлейiн жерге жұтсын, Пәруардигар.
Жүгiрiп қара тасқа бала жеттi,
Әли Арыслан артынан ере кептi.
Әлиден бала бұрын тасқа жетiп,
Көтерiп қара тасқа енiп кеттi.
Бәрi де осы жалған сұм жаралған,
Жалғанда не бар дейсiң мұнан жаман.
Хазiрет Әли көтерiп қара тасты,
Сол тасты жерге ұрып талқан қылған.
Көтерiп қара тасты Әли ұрған,
Орнында шақпақтай тас һеш қалмаған.
«Имам Маһди тiрi кеттi, әй, баба», – деп,
Арыслан Пайғамбарға жылап барған.
«Баламды қара тастан шығар», – дедi,
Әлидiң жылағанын Құдай бiлдi.
Хабар бердi Жәбiрейiлге: – Барып айт, – деп,
Махшар күнi баласын көрер, – дедi.
– Әлиге айт, наза болып жыламасын.
Жәбiрейiл Пайғамбарға хабар бердi.
– Иә, Әли, Құдайымнан хабар бiлдiм,
Үшбу сөздi есiтiп бек қуандым.
Имам Маһди Әлидiң баласы деп,
Қуаныш қылып сол жерде хабар бердiм.
Арыслан тақсыр Әли бұл бiр шерi,
Жүредi ерлiкпенен күнi-түнi.
Тажалға дұшпан болып шығар дейдi,
Сол екен Маһдидiң тұрған жерi.
Ол Әли – бұ дүниеде ердiң ерi,
Дариғаға күресуге барған жерi.
Дариғадан Маһдидiң туған жерi,
Әлидiң баласынан айырылып қалған жерi.
Бiр рауаятта: Маһди мен хазiрет Әлидiң күрескен жерi. Бiр кемпiрдiң бағында хазiрет Әлидiң балалары кеңес қылдылар: «Бiздер не хайла табармыз бұ Маһдидi атасы бiрлән күрестiрүрге?» Мәдинеде бiр кемпiр бар екен, аңар бармақшы болдылар. Хазiрет Әлидiң балалары шулап кемпiрге барды: «Атасы бiрлән баласын күрестiрүрге хайла табармысың?» – дейдiлер. Кемпiр айтты: «Бәлки, табылұр, сөйлеңiз», – дедi. Бұлар сөздiң әсiлiн уа һәм Маһдидi баласы екенiн, хазiрет Әлидi атасы екенiн тамам сөйлеп бiлдiрдiлер, бәд кемпiр бұларға айтты: «Ерте намаздан ол сабах әуелiнде бiздiң үйге келесiз, сонда тамашалар көресiз», – дедi. Хасен, Хұсайын, Мұхаммед-Ханафия ғайрылары: «Рази Алла Тағала анһу, құп болұр, хақын берермiз», – деп қайттылар. Бұ iстен сахабалардың бағзысына хабар бердiлер. Мин бағд кемпiр хайла қапшығын қолына алып, имам Маһдидiң пәтерiне келдi. Өтiрiк жерден жылаған болды: «Әй, ұғылым Маһди, сiздi бiр паһлуан жiгiт деп естiдiм. Менiм бағымда бiр алма ағашым бар едi. Һәр сабах әуелiнде бiр ұғыры алмасын ұғырлап кете-дүр. Сол ұғырыны тұтұп берсең, ұлық мархабатыңыздан олұр едi». Имам Маһди «құп болұр» дедi, «халден келсе көрелiк» дедi. Мин бағд кемпiр хазiрет Әлиге тағы да жығлап келдi, кейiдi: «Ей, Алланың Арысланы, менiм бағымда бiр алма ағашым бар едi. Һәр таң әуелiнде бiр ұғыры алмасын ұғырлап кете-дүр. Сол ұғырыны тұтұп берсең, ұлық мархабатыңыздан болұр едi», – дедi. Хазiрет Әли айтты: «Жылама, мама кiсi, иншалла, халден келсе тұтұп берейiн», – дедi. Мин бағд сабах әуелiнде хазiрет Әли кемпiрдiң бағына ұғыры тұтарға ақырын ғана келе жатыр. Екiншi тараптан имам Маһди ұғыры тұтам деп ақырын-ақырын келе жатса, һәр екiсi бiр-бiрiн көрiп, ұғыры санап бiр-бiрiне жабыстылар. Соңыра күресiп кеттiлер. Хазiрет Әлидiң балалары һәм сахабалар хабардар болып тұрғанлар. Һәммасы тамашаны көрдiлер. Таң атып сабах болды. Ерсе һәм халық бiр-бiрiн танып бiлгендей болды. Ерсе сол жерде имам Маһди: «Иә, Алла, иә, Расул Алла, иә, хазiрет Әли, медет», – деп көтерiп алып ұрмақшы болып едi. Хазiрет Әли: «Атаң Әлимiн мен», – дедi. «Разымын, ұялма» десе де болмады, ұялып қашты. Хазiрет Әли артындан қуды. Маһди бiр тасқа жеттi, жер жұтарға Алла Тағаладан тiледi. Тiлеуi қабыл болды, ол тасты көтерiп, тастың астына ғайып олды. Хазiрет Әли ол тасты парша-парша қылды – Маһдидi таппады. Хазiрет Әли хазiрет Расулға жығлап келдi: «Маһдиден айырылып қалдық», – дедi. Ерсе дәрхал Жәбiрейiл әләйһиссалам хабар келтiрдi Алла Тағала тарапындан: «Жыламасын, сабыр етсiн. Қиямет күн көрер бiр уақыт ақырзаман олұр. Сол уақытта йәжүж-мәжүж шығар, һәм Дәджал шығар, һәм сол уақытта көктен Иса әләйһиссалам жерге жетер мақұлықтарға хүкiм етерге. Сол уақытта имам Маһди шығып Айса әләйһиссаламға қызмет етiп, йәжүж-мәжүждi һәлак етер, һәм Дәджалды хараб етер». Бұ хабарды естiп хазiрет Әли сабыр етiп, шат олды, көп шүкiранлар қылды.
Сұрақ-жапа көрсетпей һешбiр жанға,
Ғұмыр тiлең император ағзамға.
Әдiл екен, жарандар, көресiң ғой,
Қол көтерiп қылыңыз қайыр дұға.
Бихамдулла, кiтабым болды тамам,
Бар ма екен бұ дүниеде менен жаман.
Оқығандар, бiр дұға қылып қойың,
Нәсiп етсiн бiзге де бақи иман.
Мың да сегiз жүз де тоқсан жетi,
Жылым – мешiн, ендi келдi алпыс екi.
Бұ кiтапты сәрсенбi күн тамам қылдым,
Бейсенбi, бiрiншi майға ендi.
Сұрасаң, городымыз – Жалутраски,
Туған жерiм, сұрасаң – Синғуласки.
Мәулекей Жұмашов мархум қолым қойдым,
Тұрған жерiм – Манжилде Туменаски.