Kazakh
Қисса Шаһизинда
Бисмиллаһи рахман ир-рахим
Бисмилла деп қаламды ұстайын да,
Жаман сөз күнә болар тастайын да.
Әуелiнде Құдайға хамду айтып,
Андан соң бiр қиссаны бастайын да.
Өтiптi Қатыран деген бiр падиша,
Айтайын бiр қиссаны жұрт ұнатса.
Бұ қиссаға құлағың құрышы қанар,
Естiген ғашық болар дәмiн татса.
Бұл өзi – өлең қылған кiтап сөзi,
Шаhарын Самарқанның биледi өзi.
Бек палуан, сұлулығы туған айдай,
Бар едi Дариға атты жалғыз қызы.
Қаратты палуандықпен тiрi жанды,
Сол қыздың қайратына жұрт таң қалды.
«Бар ма екен ерге тиер көңiлiң», – деп,
Қызына Қатыран патша кiсi салды.
– Бiр iске жазған шығар Ием, – дедi,
Ойланып Дариға қыз именбедi.
«Теңiн тапқан кiсi азбас» деген сөз бар,
Өзiмдей палуан болса тием, – дедi.
Осындай жауап бердi ол адамға,
Бұл хабар есiтiлдi Қатыранға.
Дариға жар шақыртты шартарапқа,
«Өзiмдi тиемiн, – деп, – жыққан жанға».
Бiр күнi қаза жетiп атасы өлдi,
Дариға тақта отырып патша болды.
Алысып дәу, перiнiң халi келмей,
Биледi қайратымен оңды-солды.
Тием деп жыққан жанға хабар бердi,
Әр жерден мұны естiп палуан келдi.
Күресiп Дариғаға халi жетпей,
Келгеннiң менменсiнiп бәрi де өлдi.
Таудай боп зәңгi келдi пiлге мiнiп,
Аяғы пiл үстiнен сүйретiлiп.
Дариға қаhарланып лақтырса,
Сүйегi күл болады күйретiлiп.
Мұнан соң күресуге жан келмедi,
Күресемiн деп келгеннiң бәрi де өлдi.
Iздеп келген жан болса күресем деп,
Дариға түзеттiрдi майдан жердi.
Алысып кiм пар келер мұндай ерге,
Айбатты жұрт билеген кемеңгерге.
Iздеп келген палуанның орыны деп,
Алтын дiңгек орнатты майдан жерге.
– Палуандарға бұл белгi болсын, – дедi,
Көрген адам тамаша қылсын, – дедi.
Кiмде-кiм күресем деп келген болса,
Алтын дiңгек түбiнде тұрсын, – дедi.
Сейiл қып мен һәр жерде жүрем, – дедi,
Мұнарадан көз салып көрем, – дедi.
Алтын дiңгек түбiне барып тұрса,
Күрескелi келгенiн бiлем, – дедi.
Түбiне алтын дiңгек палуан барды,
Дариға мұнарадан көзiн салды.
Жұртын жиып Дариға тамашаға,
Күресiп набуд қылды талайларды.
Жайылды осы хабар шартарапқа,
Дариға отырады алтын таққа.
Дариғаның осындай шаhараты
Естiлдi Мәдине, Мекке жаққа.
Дариға бәле болды палуандарға,
Күресем деп құмар боп барғандарға.
Бұл хабарды есiтiп хазiрет Әли,
Рұқсат тiлеп барады пайғамбарға.
– Рұқсат тiлеп сiзден келдiм, – дедi,
Естiп Дариғаны бiлдiм, – дедi.
Мен барып сол қызбенен күресемiн,
Иә, баба, маған бата бергiл, – дедi.
Пайғамбар айтады: – Барма, тiлiмдi алсаң,
Ар болар өзi келмей iздеп барсаң.
Ойлаған тәкаппарлық жарамайды,
Һәр жерде менменсiген болар сарсаң.
Көңiлiне Пайғамбардың қайғы түстi,
– Қой, балам, мақтаншылық мұндай iстi.
Арнайы iздеп барған соң, жықсаң жақсы,
Ойлаңыз, жыға алмасаң бұл намыс-ты.
«Барма» деп жауап бердi хақ Пайғамбар,
Арыслан «барайын» деп қылады зар.
– Иә, тақсыр, көңiлiм кеттi, бата бер, – деп,
Сұрады мұнтазар боп Әли Хайдар.
– Иә, тақсыр, жүрушi едiм қалқаңызда,
Жүһүдтi қойдай қырдым арқаңызда.
Күресiп көрмей қыздың күшiн,
Құры даңқын естiп қорқамыз ба?
Күресiп мен көрейiн қыздың күшiн,
Өртендi естiген соң есi-түсiм.
Иә, баба, сабыр-тағат қыла алмадым,
Барайын, бата бергiл Құдай үшiн.
Ер Әли «бата бергiл» деп жылады,
«Барма» деп балалары көп жылады.
Әлидiң тоқтамасын бiлгеннен соң,
Пайғамбар мойнын салып қайғы ойлады.
Отырды хақ Пайғамбар мойнын салып,
Әлидiң бұл сапарын көңiлiне алып.
«Қыз жықса, балаларым не болар» деп,
Тұрады сол себептi қайғыланып.
Сескендi естiген жан жалғыз қыздан,
Не iс болса махфузда Құдай жазған.
Әлидiң тоқтамасын бiлгеннен соң,
Пайғамбар бата бердi амалсыздан.
Оқыды нәфiл намаз Пайғамбары,
Дұғаға қол көтердi шаhариары.
Бiр Құдаға тапсырып, зары қылып,
«Иә, Алла, өзiң бол, – деп, – медеткерi».
– Иә, Алла, жәрдем бергiл, Рахманы сен,
Хауаһласаң пендеңдi жарылқарсың.
Үшбу сапар жәрдем бер ғарiбiңе,
Пендеңе ата-анадан мейiрбансың.
Мойнына фута салды хақ Пайғамбар,
Қол жайды қойдай шулап сахабалар.
Хасен менен Хұсайын «әумин» деп,
Фатима бiр Құдайға қылады зар.
Он жетi – ер Әлидiң балалары,
Бәрi де жылап тұрды, халал жары.
Баршасы «әумин» деп қолын жайып,
Мүбәрак дұға қылды Пайғамбары.
Қол жайды отыз үш мың сахабасы,
Әбубәкiр, Омар мен Ғұсман – басы.
«Әлидiң халi нешiк болады», – деп,
Мүбәрак көздерiнен ақты жасы.
Пайғамбар қол көтерiп қылды дұға:
– Тапсырдым бiр өзiңе, Қадiр Құда.
Рахима, Рахман атты бар Құдайым,
Үстем қыл ер Әлидi Дариғаға.
Дүлдүлге Әли сонда мiнiп алды,
Ел-жұрты амандасып бәрi қалды.
Көргенше Дариғаны құмар болып,
Самарқан шаhарына шыға салды.
Ер Әли Самарқанға кетiп қалды,
Жад етiп сиынады Пайғамбарды.
Алты айшылық жол екен екi арасы,
Дүлдүлмен алты күнде жетiп барды.
Ер Әли Самарқанға iзденедi,
Дүниеде есiткендi көз көредi.
Самарқан шаhарына барып тұрса,
Бiр кемпiр сиыр сауған кез келедi.
Кемпiрге сөйлесуге Әли келдi,
Осылайша келдi де жауап бердi:
– Атағы жердi жарған Дариға қыз
Үйде ме, осы күнде бiлдiң бе ендi?
Тидi ме Дариға қыз байға, – дейдi,
Көрдi ме палуандықтан пайда? – дейдi.
Мен дағы күрескелi келiп едiм,
Дариға осы күнде қайда? – дейдi.
– Сен сұрап Дариғаны не қыласың,
Жүзiн көрсең есiңнен жаңыласың.
Күресем деп келгендер жығамын деп,
Артына тастап кеттi мал мен басын.
– Сөзiңе таң қаламын, кемпiр,сенiң,
Күшiмдi көрiп пе едiң бұрын менiң?!
Күреспестен мақтадың Дариғаны,
Құдай бiлер кiм артық, кiмнiң кемiн.
– Сен түгiл, мұнарадай зәңгi келген,
Күресем деп келгеннiң бәрi де өлген.
Адамзаттың күресiп күшi жетпес,
Қайратын Дариғаның көзiм көрген.
– Адамға бермек-алмақ бiр Құдайдан,
Ер емес бiр айтқан соң сөзден тайған.
Өлгенше сен мақтайсың Дариғаны,
Менiң қандай екенiмдi бiлдiң қайдан?
– Қазiр әуре болмағын, тiлiмдi алсаң,
Күресем деп көп адам болған сарсаң.
Сен сондай боларсың, жарықтығым,
Қайтедi тек үйiңе қайтып барсаң.
– Ендi келер ашуым, кемпiр, саған,
Ашулансам боларсың иттен жаман.
Әуелi Дариғаның жайы қалай,
Ертерек өлмей тұрып, айтшы маған.
– Ендеше, берi таман мойныңды бұр,
Өз обалың өзiңе, айтайын сыр.
Шаhардың ортасында үлкен майдан,
Алтын дiңгек түбiне бар дағы тұр.
Дариға тамаша қып күнде келер,
Мұнараның басында ойнап-күлер.
Алтын дiңгек түбiне барып тұрсаң,
Күресуге келгенiн айтпай бiлер.
Кемпiрден Әли сұрап бiлдi сырды,
Дүниеде көрiп пе едiң мұндай ердi.
Дүлдүлiн бiр ағашқа байлай салып,
Алтын дiңгек түбiне барып тұрды.
Дариға мұнараға шығып барды,
Алтын дiңгек түбiне көзiн салды.
Күресуге жан келмей қойып едi,
«Бұл кiм?» деп ер Әлиге қайран қалды.
Дариға айтушы едi кәрi-жасқа,
Бiр жүрген өзiменен ақылдасқа:
– Менiменен күреспеген Әли қалды,
Палуанның бәрiн жықтым онан басқа.
Бар дейдi Мәдинеде Әли палуан,
Менiмен күреспеген сол-ақ қалған.
Күресiп сол Әлидiң жығып өзiн,
Шаhарын ойран қылсам, жоқ менде арман.
Солай деп отырғанда Әли келдi,
Түбiнде дiңгегiнiң көзi көрдi.
«Анау тұрған кiм екен, бiлiп кел», – деп,
Дариға жарлық қылды бiреуге ендi.
Әлиге сөйлескелi бiреу келдi,
Патшасы бұйырған соң дереу келдi.
Әлидiң айбат түсiн көргеннен соң,
Қалтырап тұла бойы дiрiлдедi.
Жөнелдi сөйлеспестен қайта қашып,
Бiлмедi не iстерiн қатты сасып.
Дариғаның алдына кiрiп барып,
Кете жазды патшаның өзiн басып.
– Сен қорқып бүйтiп келдiң, кiмнен қашып,
Көзiңе не көрiндi мұнша сасып?!
Қалтырап өне бойы жын ұрғандай,
Отыр ма бұл шiркiндi қара басып.
– Түбiнде отыр бiр кiсi дiңгегiңнiң,
Соған халi жете алмас кiмде-кiмнiң.
Түсi суық жан екен, бек айбатты,
Сұрауға мен қорықтым кiм екенiн.
– Сенi де еркек деп тапты-ау анаң, – дейдi,
Ұялмай не деп айттың маған, – дейдi.
Ол өзi адам ба екен, перi ме екен,
Көрiнген әлдеқандай саған, – дейдi.
Ендеше, ол кiсiге мен барайын,
Палуанның жоғалтып ем бiрталайын.
Перi болса, дәу болса – сөз сенiкi,
Адам болса, табылар сенiң жайың.
Дариға ашуланып өзi келдi,
Әлидiң айбат түсiн көзi көрдi.
«Айтқанындай кiсi екен түсi суық»
Деп ойлап, ер Әлиге «кiмсiң?» дедi.
– Кiм едiң, қайдан жүрсiң, айтшы маған,
Атың кiм, қай нәсiлдi ата-бабаң?
Бұл елден түрiң бөлек – Әлимiсiң,
Көрмедiм түсi суық сендей адам.
– Бабам менiң – Мұхаммед хақ Пайғамбар,
Жолдасым, дұғагөйiм – шаhариарлар.
Тұрған жерiм – Мәдине Мұнаууара,
Сұрасаң, менiм атым – Әли Хайдар.
– Сен рас Әлимiсiң ендi, – дейдi,
Әли болсаң, тiлегiмдi бердi, – дейдi.
Өзiм iздеп барғалы жүрушi едiм,
Құдай айдап өзiңдi келдi, – дейдi.
Құдай айдап өзiңдi маған бердi,
Пасықсың деп қырыпсың тамам елдi.
Нағып жүрсiң, жайыңды айтшы жылдам,
Өз қылғаның алдыңа келер ендi.
– Күрескелi мен iздеп келем саған,
Сен менi аямағыл, келсе шамаң.
Жықпай тұрып, лепiрiп мақтанасың,
Қайдан бiлдiң жетерiн күшiң маған?
– Жайымды менiң, сiрә, бiлемiсiң,
Ерегiспей жөнiңе жүремiсiң.
Менi жықсаң, тиемiн ендi саған,
Мен жықсам, сен дiнiме кiремiсiң?
Жаратқан Құдай артық Әли Шердi,
Бұл сөзiн Дариғаның қабыл көрдi.
Оларда қашатұғын мiнез бар ма,
«Құп, болады» дедi де жауап бердi.
Сонда қыз тамам жұртын жиып алды,
Сауыт-сайман құралын киiп алды.
«Бұ сапар Дариғаға қор қылма» деп,
Ер Әли бiр Аллаға сиынады.
Келедi жабдықтанып Дариға қыз,
Ер Әли тәуекел қып отыр жалғыз.
Күресiн тамаша қып көремiз деп,
Жиылды шаhар халқы неше мың жүз.
Әли айтты: – Бола көр, Тәңiрiм, панаһ,
Жаралған құдiретiңмен арду-самаh.
Қашыртып Дариғаның хал-шамасын,
Ақырды айбаттанып үш мәртебе.
Ақырды қайраттанып Әли батыр,
Болғандай жер қозғалды заманақыр.
Зiлзала жердiң жүзi, зұлмат болып,
Жүректерi жарылып өлiп жатыр.
Бiр түгi Дариғаның қимылдамай,
Қауiпсiз һеш нәрседен келе жатыр.
Жүһүдтiң тамы құлап, қирады елi,
Сонда да босанбайды қыздың белi.
Әли мiндi Дүлдүлге, қыз – керiкке,
Тартысты ат үстiнен екi шерi.
Тартысып бiрiн-бiрi ала алмады,
Ат жүрiп адым жерге бара алмады.
Екеуiнiң қуаты бiрдей болып,
Ер Әли жад етедi бiр Алланы.
Кетпейдi бұрынғы айтқан сөз есiнен,
Қысылып жаңылмайды қыз есiнен.
Екеуi шiренiсiп тартысқанда,
Аттары жерге кiрдi тiзесiнен.
Ақырып бiрiн-бiрi тартады ендi,
Көңiлi күштерiнен қайтады ендi.
«Кел, күрес аттан түсiп салайық», – деп,
Екi шерi бiр-бiрiне айтады ендi.
Осылай бiр-бiрiне ақыл салды,
Бұ сөздi екеуi де қабыл алды.
«Ал, күрес аттан түсiп саламыз», – деп,
Сол жерде екi палуан түсе қалды.
Болған жоқ бiреуiнен бiреуi артық,
Тұрар емес бiрiнен-бiрi қорқып.
Дүлдүл менен керiктен түстi дағы,
Ұстасты екi палуан қолма-қолтық.
Тастайды бiрiн-бiрi кезек-кезек,
Тұрған жоқ аянысып бойын тежеп.
Алысқан екеуiнiң зардабымен
Қыр сай болып, қыр болып терең өзек.
Жиылды тамаша қып тамам халық,
Қайсысы жығылад деп қайран қалып.
Тiрi жан қызығынан тамақ iшпей,
Шам жағып қарап тұрды бәрi барып.
Алысты тыным алмай күнi-түнi,
Тiлеулес Дариғаға ағайыны.
Сиынып бiр Құдайға хазiрет Әли,
Алысты бiр дамылсыз он бес күнi.
Бұрын Әли көрмеген бұндай iстi,
Адамзатта кiм шығар қыздан күштi.
Он бес күнгi намазы қаза болып,
Ойына ер Әлидiң сонда түстi.
Намаз қаза болғанын Әли бiлдi,
«Намазым қаза болған он бес күнгi
Оқып, өтеп келейiн, рұқсат бер», – деп,
Ер Әли Дариғадан жауап сұрды.
– Күрескен Дариға қыз, қолыңды жаз,
Оқиын тауға барып қаза намаз.
Намазым қаза болған себебiнен,
Жығуға ендi сенi болмас мазаж.
Қыз айтты: – Әли, саған құмар едiм,
Ас iшпей тағы бiраз шыдар едiм.
Арманда болады деп жiберемiн,
Болмаса қоя бермей жығар едiм.
Мен де барып келейiн тамақтанып,
Он бес күн ұйықтамадым мейiрiм қанып.
Оқы да намазыңды, жылдам келгiл,
Қорқып, қашып кетпеңiз сөзден танып.
Солай деп ер Әлидi қоя бердi,
Әли жалғыз бiр үлкен тауға келдi.
Намазын ада қылып болғаннан соң,
Аллаға мiнәжат қып зар еңiредi.
– Құдай-а, Ахад, Самад, Кәрiм едiң,
Пақырды өзiң сүйiп «шерiм» дедiң,
Үстем қыл Дариғаға мерейiмдi,
Һәр жерде-ақ мұратымды берiп едiң.
Медет бер ғарiбiңе, Зұлжалалым,
Өзiң жәрдем бермесең бар ма амалым?!
«Арысланым» деп едiң Әуел, Ақыр,
Бiр қызға не себептен келмедi халiм?!
Құдай-а, Қади хажат, тiлегiм бер,
Жар болып, құдiретiңмен қолтықтай көр.
Бермесең өзiң медет, иә, Иләһым,
Жолдассыз, өзi жалғыз қысылды Шер.
Әуелi, жад етемiн, Тәңiрiм, сенi,
Пендеңнiң сен ерүрсiң қадiрданы.
Иә, Рахман, рахматыңнан үмiтiм көп,
Хақы үшiн ұлық затың, қолда менi.
Жәрдем қыл, барша әнбия, мұрсал нәби,
Бұл сапар рәсуа қылма мен пенденi.
Жылаймын құдiретiңе мұқтажданып,
Медет бер, Нұрмұхаммед хақ Сәруары.
Сәруары, екi дүниеде бабам едiң,
Жар болған қысылғанда панам едiң.
Иә, тақсыр, Әбубәкiр, Омар, Оспан,
Жәрдем бер, жаннан ғазиз ағам едiң.
Фатима, шын сүйiктi халал жарым,
Хұсайын, Хасен менен балаларым,
Ендi маған жәрдемшi болмасаңдар,
Келмедi палуанға шамаларым.
Сахаба отыз үш мың жолдастарым,
Бiреуi мың кiсiлiк жолбарыстарым,
Менен болдың бейхабар не себептен,
Бiреуiң осындайда жолғаспадың.
Тiлеулес болды жылап көк пенен жер,
Қол жайып «әумин» дедi перiштелер.
Айтады мiнәжат қып баршалары:
«Құдай-а, ер Әлидiң тiлегiн бер».
Әлидiң қысылғанын Расул бiлдi,
Қол жайып тақсыр сонда дұға қылды.
«Дұғасын қабыл қылдым, достыма айт», – деп,
Жiбердi Пайғамбарға Жәбiрейiлдi.
– Хабибiм, қысылғанға жарсың, – дедi,
Әли қайтып майданға барсын, – дедi.
Ендi барса жығады Дариғаны,
Өлтiрмей, неке қиып алсын, – дедi.
Ер Әли бiр зар берсiн ол майданда,
Тамаша құдiретiмдi көрсiн анда.
Ол Дариға алғаннан соң ұғыл табар,
Баланың атын қойсын – Шаhизинда.
Жәбiрейiл Пайғамбарға хабар бердi,
Қуанып Расул Алла түрегелдi.
Құданың бұл пәрменiн естiген соң,
Шат болып Пайғамбарым қуанды ендi.
Ер Әли жатыр едi зарлық қылып,
Аз ғана нәпiс алды көзiн жұмып.
Жарлығын бiр Алланың бастан-аяқ
Пайғамбар мағлұм қылды түсiне енiп.
Қуанып хазiрет Әли түрегелдi,
Майдан жерге қарата жүре бердi.
Iшiп-жеп, күлiп-ойнап, қайраттанып,
Майданға қыз да келiп отыр едi.
– Күшiмдi әбден кiргiздiм мен тойғызып,
Сен iштiң қайдан тамақ, шай қойғызып?
Бойыңда арман кетпес, керегiңдi айт,
Берейiн қарның ашса, мал сойғызып.
– Айтасың мұны неден, ақылы кем,
Дүниеге қуаттанған ақымақсың сен.
Дiнiмнiң шын хақтығын мұнан бiлгiл,
Тамақты жемегенiм – жегенмен тең.
Дегенге «сен ақымақсың» ашуланды,
Қып-қызыл екi көзi оттай жанды.
«Ғапыл болмай, ендеше, берiк бол», – деп,
Дариға ер Әлиге жетiп барды.
Белiне бiр-бiрiнiң қолын салды,
Мықтасып екеуi де ұстап алды.
Екi аждаhа кәдiмгi жұлысқандай,
Жер қозғалып, ел қорқып қайран қалды.
Екi ер бiр зар берiп қаhарланды,
«Иә, Ханнан, иә, Маннан» деп айғай салды.
Қуанып перiштелер тәкбир айтып,
Доптай қып Дариғаны жұлып алды.
Көтерiп лақтырды үш мәртебе,
Көзiнен халайықтың болды жүдә.
Сүйегi жерге түссе күл болар деп,
Қолымен қағып алды Шерi Құда.
Дариға сонда айтады: – Иә, Арыслан,
Түсiмде сiздi маған Құдай қосқан.
Мен сiздiк болдым ендi, жай қоя бер,
Жығылды деп айтпасын көрген дұшпан.
Кәлима шаhадатты жары қылды,
Исламның шын хақтығын ендi бiлдi.
«Құдай бiр, Құран шын, Пайғамбар хақ»,
Дедi де, Дариға қыз дiнге кiрдi.
Үйреттi иман ислам хазiрет Әли,
Жиылды Самарқанның күллi шәрi.
Дариға жар шақыртты «иман айт» деп,
Сонан соң иман айтты жанның бәрi.
Тамам кәпiр мұсылман болып қалды.
Ер Әли Дариғаны некаһланды.
Құрметтеп Арысланды жанның бәрi
Үйiне патшасының алып барды.
Жүһүдтiң пұтханасын сындырады,
Медресе, мешiт бина қылдырады.
Шариғат жолын айтып тағылым берiп,
Көңiлiн батыр Әли тындырады.
Тiрi жан иман айтып таупиқтанды,
Үйренiп кәлима Алла, сабақ алды.
Дариға бiр уәзiрiн патша қылып,
Көндiрдi хүкiмiне тамам елдi.
Ер Әли алты ай тұрды Самарқанда,
Үйретiп иман ислам барша жанға.
Алты айда Дариға қыз жүктi болды,
Бiр күнi мағлұм болды Арысланға.
Жүктiсiн Дариғаның Әли бiлдi,
«Құдай-а, бергенiңе шүкiр», – дедi.
Бiр күнi Әли ұйықтап жатыр едi,
Түсiнде Расул Алла хабар бердi.
– Иә, балам, Мәдиненi ұмыттың ба,
Көңiлiңдi Фатимадан суыттың ба?
Келмесiн Дариға қыз, сонда тұрсын,
Иә, Әли, көп кешiкпе, қайтқын мұнда.
Құданың әмiрi осы, мұны тыңда,
Дариға келмей, тұрсын, – дейдi, – сонда.
Алты айлық құрсағында ұғыл бала бар,
Туған соң атын қойсын – Шаhизинда.
Әли ұйқыдан оянып түрегелдi,
Көргенiн Дариғаға айтады ендi.
Түсiнде Пайғамбарды көргеннен соң,
Сағынып балаларын зар еңiредi.
Айтады Дариғаға Әли Хайдар:
– Қайтқыл деп бабам маған бердi хабар.
«Кетемiн, сен қаласың» дегеннен соң,
Дариға күйiп-жанып қылады зар.
Көргенiн Әли айтады бастан-аяқ,
Бiр ауыз сөзiн бүгiп тастамай-ақ.
Бұйрықсыз амалы жоқ ап кетерге,
Тұрады Дариғаны қатты-ақ аяп.
Құданың әмiрi деп Әли батыр,
Тоқтау қып Дариғаға айтады ақыл.
– Жылағанмен пайда жоқ, қой, Дариға,
Алланың тағдыры сол әуел-ақыр.
– Бай едiм, бұрын патша, болдым жарлы,
Деп жылап, Дариға қыз қылды зарды.
– Тұрмасам да сiзбенен бiрге барып,
Зиярат қып келейiн Пайғамбарды.
Хасен мен Хұсайынның нұрлы жүзiн,
Халалыңыз Фатима Расул қызын,
Шапағат махшар күнi қыла көр деп,
Тауап қылып келейiн басқан iзiн.
Көрейiн Мәдиненi Мұнаууара,
Жүрегiм сiз кеткен соң болар жара.
Мүбәрак Пайғамбардың жүзiн көрiп,
Келейiн армансыз боп мен бейшара.
Әли айтты: – Әй, Дариға, болма сарсаң,
Сабыр қыл, шүкiрлiк ет, тiлiмдi алсаң.
Әмiрiн Пайғамбардың тәрiк қылып,
Күнәға ғарық боласың, онда барсаң.
Алладан Пайғамбарға хабар келген,
Сол үшiн бабам бiзге хабар берген.
Қасында ғазиздердiң тұрғандайсың,
Сиынсаң ықыласпенен алыс жерден.
Халал жүрсең, бiзбен бiр тұрғандайсың,
Онда барсаң, қарсылық қылғандайсың.
Құданың бұйырғанын махкам тұтсаң,
Пайғамбар шапағатынан құр қалмайсың.
Халалдықпен болып ең маған қатын,
Пайғамбар сенен үзбес шапағатын.
Алты айлық құрсағыңда аманат бар,
Туған соң Шаhизинда қойғын атын.
Дариға, рұқсат бер, разы бол,
Халал жүрсең, дүниеде болмайсың қор.
Шариғат бұйрығын тұт, дiнiңдi күт,
Насихат бiзден сiзге – айтқаным сол.
Дариға сабыр қылып тұрды сонда,
Разылық бiр-бiрiне бердi сонда.
«Махшар күнi болғанда қосылайық», –
Дедi де Әли Хайдар түстi жолға.
Разылық Дариғаға Әли бердi,
Насихат жиып айтты тамам елдi.
Қоштасып, баршасымен амандасып,
Ер Әли Мәдинеге жөнелдi ендi.
Көп халық амандасты зарлық айтып,
Жөнелдi амандасып Әли кетiп.
Шариғат жолын махкам тапсырды да,
Ер Әли Мәдинеге келдi жетiп.
Мүбәрак амандасты Пайғамбары,
Фатима қарсы шықты халал жары.
Сахаба отыз үш мың, төрт жарменен,
Көрiстi қойдай шулап балалары.
Жаратқан Құдай артық Әли Шердi,
Ел-жұртын сау-саламат, аман көрдi.
Самарқан қазынасынан хараж ап кеп,
Мәдине ғарiбiне үлестiрдi.
Халайық жиылысып үйге толды,
Әли айтты хикаят қып сапар жолды.
Есiтiп Дариғаның күш-қуатын
Тiрi жан таңырқанып, аң-таң болды.
Дариға Самарқанда жалғыз жатты,
Көз жасы Әлидi ойлап көл боп ақты.
Кейде жылап қалады, кейде шүкiр,
Күнi толып Дариға бiр ұғыл тапты.
Той қылып хабар бердi барша жанға,
Бiр жан қалмай жиылды Самарқанда.
Қуанып көп халайық жиылысып,
Баланың атын қойды Шаhизинда.
Тiрi жан жас баланы құрметтедi,
Әлиден бiзге қалған «белгi» дедi.
Жетi жасқа келгенде Шаhизинда,
Оқысын деп молдаға әкеп бердi.
Молдаға Шаhизинда оқыды ендi,
Көңiлiне ақыл, өнер тоқыды ендi.
Жетi жаста баланың бой-денесi
Он бес жасар жiгiттен артық едi.
Қай жерде ойын болса iздеп барды,
Асық ойнап балаға ұпай салды.
Ашуланып бiр қойса Шаhизинда,
Балалар көшедегi өлiп қалды.
Көздерi балалардың жәудiредi,
Кез келсе Шаhизинда зар еңiредi.
Қойып барып бiр шертсе маңдайына,
Сүйегi балалардың саудырады.
Баласын бағып алды тамам халық,
Көшеге шығармайды ойбай салып.
Арыслан ер Әлидiң құрметi үшiн
Ешбiреу сөйлемейдi ашуланып.
Тiрi жан кеп жылайды анасына,
Дариға ақыл айтады баласына.
Баласын жанның бәрi бағып алды,
Шығармай Самарқанның даласына.
Шаhизинда жалғыз жүрдi сабақ оқып,
Қасына жоламайды бала қорқып.
Көшеде Шаhизинда келе жатса,
Бiр кемпiр отырады өрмек тоқып.
Кемпiрдiң тағы болды тамашасы,
Қасында отыр едi бiр баласы.
Келгенiн Шаhизинданың көргеннен соң,
Баланың қорқып ақты көзден жасы.
– Сен неге жылайсың? – деп ашуланды,
Жүгiрiп Шаhизинда жетiп барды.
Маңдайына бiр шертiп қалып едi,
Баласы өлiп, сол кемпiр ойбай салды.
Кемпiр жылап шығарды қайғы-дертiн:
– Елге қарар болмады, – дедi, – бетiм.
Жас баланы шаhарда түк қоймадың,
Әкеңдi iздеп тапсаңшы, тiрi жетiм.
Солай деп кемпiр зарлап жылайды ендi,
Шаhизинда құлақ салып тыңдайды ендi.
– Тiрi жетiм дегенiң не дегенiң,
Менiң әкем қайда? – деп сұрайды ендi.
– Баланы қыра берiп сенiң нең бар,
Сен болдың жас басыңнан пейiлi тар.
Тұрған жерi – Мәдине Мұнаууара,
Сенiң әкең, сұрасаң – Әли Хайдар.
Шаhизинда мұны естiп қайран қалды,
Тез үйiне жүгiрiп жетiп барды.
– Иә, ана, әкем қайда, кiм едi? – деп,
Барды да Дариғаға азап салды.
Дариға қайғыланды сонда тұрып:
«Қандай кiсi айтты, – деп, – Құдай ұрып».
«Балама ата жөнiн бiлдiрме» деп,
Көп елге айтқан екен жар шақырып.
Айтпады балам iздеп кетедi деп,
Тағы қайғы көңiлiме бiтедi деп.
«Әкең жоқ» деп жасырды баласынан,
Iздеп кетiп түбiме жетедi деп.
Жылады екi көзi баласының,
Бiледi бұрылғанын санасының.
– Айтпасаң да, қаңғырып кетемiн, – деп,
Зарланып тынышын алды анасының.
Анасы амалсыздан жауап бердi:
– Арыслан сенiң әкең – Әли, – дедi.
Тiрi жүрсең көресiң ержеткен соң,
Сен кетсең, не болам?! – деп еңiредi.
– Құданың Арысланы атаң – Әли,
Мәдине Мұнаууара тұрған шәрi.
Қасында төрт жары бар – асхабина,
Мұхаммед бабаң едi хақ Сәруары.
Есiтiп анасынан бала бiлдi:
– Иә, ана, рұқсат бергiн маған, – дедi.
Сабыр-тағат қылмаймын iздемесем,
Атама зияратқа барам, – дедi.
– Қарағым, не боламын сен кеткен соң,
Тұра тұрып iздегiн, ержеткен соң.
Жалғызым, қабағыма кiм қарайды,
Өзiң менi аямай еңiреткен соң.
– Тоқтамай рұқсат бер, анатайым,
Атамды iздемесем кетер жайым.
Кешiкпей тiрi болсам мен келермiн,
Ажалға сабыр берсе бiр Құдайым.
– Атыңнан айналайын, Шаhизинда,
Қайғылы-қасiреттi менi қылма.
Нәсiп болса бiр барып көрiсерсiң,
Зарлатпай менi бiраз тұрғын мұнда.
– Iздемей мен атамды тұра алмаймын,
Мойнымды бөтен жаққа бұра алмаймын.
Есiркесең, рұқсат, бата бергiл,
Тоқтарға сабыр-қарар қыла алмаймын.
– Сен едiң ұғыл мен қыздан көрген бiзден,
Қайтейiн, hәрне болса Тәңiрiм жазған.
Баланың тоқтамасын бiлгеннен соң,
Анасы рұқсат бердi амалсыздан.
– Тапсырдым бiр Құдайға, барғыл, балам,
Не болар келгенiңше ғарiп анаң.
Мен үшiн басқан iзiн зиярат қып,
Атаңа сәлемiмдi айт, барсаң аман.
Ынтызар анам дегiн өзiңiзге,
Мүбәрак басып кеткен iзiңiзге.
Болғанда махшар күнi ұмытпасын,
Шапағат мақрұм қоймай қылсын бiзге.
Атаңа айт: бiз ғарiптi ұмытпасын,
Не боларсың келгенше мұңлы басым.
Ғарасат майданында медет қылсын, –
Деп айтып, зар-гөриан төктi жасын.
– Қош ендi, аман-есен бол, құлыным,
Жалғызымнан айырып қор қылуын.
Аман болсаң, кешiкпей қайтқын, балам,
Тұрайын тiлекте боп мен мұңлығың.
Не болар келгенiңше ғарiп басым,
Сенсiз маған қан болар iшкен асым.
Ақырет майданында жолығарсың,
Тiрiлiкте жүзiңдi көре алмасам.
Әуелi атаң кеттi жалғыз тастап,
Заман жоқ менi тiрi оған қоспақ.
Сен туған соң шүкiрлiк қылып едiм,
Айырылып тағы сенен, қалдым қаңырап.
Сен едiң айым, күнiм, көрер көзiм,
Сарғаясың кеткен соң нұрлы жүзiм.
Тiрiлiкте көремiн бе, көрмеймiн бе,
Парасы бауырымның, жалғыз қозым.
Қарағым, кешiкпей қайт, болсаң аман,
Басыма туды менiң ақырзаман.
Құдай нәсiп қылмаса көрiсуге,
Тағы да таудай қайғы түстi маған.
Қор-зар боп дүниеден өтемiн де,
Iсiне Құдiреттiң бар ма шарам.
– Қош, ана, мен келгенше болғын аман,
Бәддұға қыла көрме, десең балам.
Анажан, ақ сүтiңе разы болғыл,
Жүзiңдi көре алмасам келiп hәман.
Өлермiн ажал жетсе, мұнда келмей,
Менде арман көп болар, өлсем көрмей.
Иә, ана, мен келгенше сабырлық қыл,
Сарғайып зағыпырандай жылай бермей.
Амандасып жас бала түстi жолға,
Анасы амалы жоқ қалды зорға.
Қаңғырып жапан түзге шығып кеттi,
Жылады «Иә, бабам, – деп, – өзiң қолда».
Жас бала кейде шаршап қысылады,
Тәуекел, мойнын Хаққа ұсынады.
Жолменен бет алдына келе жатса,
Бiр адам ақ сақалды ұшырады.
Ол адам ақ сақалды Қызыр едi,
Келдi де Шаhизинда сәлем бердi.
– Барамын Мәдинеге мен мүсәпiр,
Иә, баба, жол көрсеткiл маған, – дедi.
Көрсеттi жол төтесiн Қызыр бабам:
«Бiр Алла қуат берсiн, ғарiп балам».
Тартты да қара жердiң танабына,
Жеткiздi Мәдинеге есен-аман.
Баланы Қызыр баба жолға салды,
Жас бала кiм екенiн бiлмей қалды.
Көзiнен сол арада ғайып болды,
Шаhизинда Мәдинеге жетiп барды.
Жеридi Шаhизинда ойнап-күлмей,
Адамның жауаптасқан тiлiн бiлмей.
Қаңғырды Мәдиненiң көшесiнде,
Сөйлемей бiр кiсiмен неше күндей.
Көшеде Пайғамбарым душар келдi,
Баланы қарап тұрған көзi көрдi.
Пайғамбар мойнын бұрып қарады да,
«Мынау кiм, бiздiң затқа ұқсар», – дедi.
Пайғамбар осылай деп кеттi жүрiп,
Қарады мойнын бұрып, аз кiдiрiп.
Артынан Пайғамбардың Шаhизинда
Жөнелдi көшеменен зыр жүгiрiп.
Көшеде Шаhизинда қылады зар,
«Атама жолықтыр, – деп, – менi, Жаппар».
Он жетi балаларын күрестiрiп,
Төрт шаhариар мен жиылған Әли Хайдар.
Күрестiрiп жатқанын бала көрдi,
Қасына көңiлi ауып тұрады ендi.
Әкесi мен танымай ағаларын,
«Күрессем қалай болар мен де», – дедi.
– Күресiп болар ма екен мен де көрсем,
Балалар қашар едi елде көрсем.
Бiреуiмен баланың күресейiн,
Иә, ата, маған дағы рұқсат берсең.
– Күресе ғой, ендеше, балам, – дедi,
Күреспе деп айтпайын саған, – дедi.
Өзiң келiп тiледiң, қой демейiн,
Сен ренжiп кетерсiң маған, – дедi.
– Күрессең, кел берi, – деп Хасен барды,
Мықтасып белбеуiнен ұстап алды.
Қолына тиiсiмен Шаhизинда
Көтерiп ер Хасендi жерге салды.
Хұсайын тағы ұстасты жетiп барып:
– Менiң ағам жығылды сенен нағып?
Көтерiп Шаhизинда тағы жықты,
Әли тұр ыза болып қайран қалып.
Ыза боп ер Ханифа қарап тұрды,
«Екi ағам жығылды», – деп намыс қылды.
Ұстасып ары-берi жүрдi дағы,
Көтерiп Ханифаны айналдырды.
Сол жерде Әли Хайдар жетiп барды,
Бек қатты ашуы кеп қаhарланды.
«Бәрiн де балалардың жықты ғой», – деп,
Қолынан Ханифаны жұлып алды.
– Жықтым деп балаларды сен есiрме,
Бұлардың кiм екенiн бiлесiң бе?
Күресiп бәрiн жықтың осы жерде,
Менiмен көңiлiң бар ма күресуге?
– Жығылды балаңыздың бәрi бiзден,
Қан кетер ашуланса қызыл жүзден.
Күрестен сiз қашпасаң, мен қашпаймын,
Жығылсам ұяты жоқ, ата, сiзден.
Ер Әли ызаланып кетедi ендi,
«Қайтсем де саған күшiм жетер», – дедi.
Ер Әли қаhарланып сiлтеп едi,
Табанын қара жерден көтермедi.
Ер Әли көрген емес мұндай iстi,
Ойлайды неткен жан деп мұндай күштi.
Кезекпен Шаhизинда тастап едi,
Арыслан қырық қадам жерге түстi.
Бұл iске Әли Хайдар қайран қалған,
Мұндайлық көрген емес тiрi жаннан.
Қаhары Арысланның қатты келiп,
Деп айтты ұстарында: – Уа, иә, Ханнан!
Бала айтты: – Медет бергiн, маған, – дедi,
Мұхаммед Расул Алла – бабам, – дедi.
Хасен мен Хұсайын ағаларым,
Сиындым, атам Әли, саған, – дедi.
Қолдай көр, Нұрмұхаммед, тақсыр бабам,
Жәрдем бер, атам Әли Шаhимардан.
Сүйiктi Пайғамбардың перзентi едiң,
Фатима, жәрдем бергiн, мұшапақ анам.
Мұхаммед, Құдай досты бабам едiң,
Жар болған қысылғанда панам едiң.
Күрескен Арысланмен он жетi күн
Қолдай көр, кел, Дариға анам едiң.
Ер Әли мұны естiп қайран қалды,
Баланың келбетiне көзiн салды.
Шаhизинда екенiн таныған соң,
«Әй, балам, атаң – мен», – деп сүйiп алды.
– Есен-сау, ер жеттiң бе, ғарiп балам,
Сау-саламат отыр ма Дариға анаң?
Аллаға мың шүкiршiлiк қылдым ендi,
Тiрiде көрдiм сенi есен-аман.
Өз атасы екенiн бала бiлдi,
Ұстаған қолын жазып қоя бердi.
«Танымай әдепсiздiк iс қылдым», – деп,
Сол жерде Шаhизинда зар иледi.
Зарланып Шаhизинда қатты күйдi,
Бетiнен «қой, балам» деп Әли сүйдi.
– Не бетiммен жүрем, – деп, – ұялмастан,
Атам менен ағама қолым тидi.
Көзiнен Шаhизинда төктi жасты,
Зарлығы сол арада жаннан асты.
«Не бетiммен сiздердi көремiн», – деп,
Жұлқынып ұстатпастан тұра қашты.
Тұрмады шақырса да Шаhизинда,
Ер Әли арт жағынан қуды сонда.
Қуса дағы Әлиге жеткiзбестен,
Бiр үлкен тауға қарай түстi жолға.
Жете алмай хазiрет Әли қайтып келдi,
Қуғалы Дүлдүлiне келiп мiндi.
Дүлдүлiмен қуса да жете алмады,
Бiр үлкен Шаhизинда тауға кiрдi.
Сол тауды хазiрет Әли аралады,
Дерегiн баласының таба алмады.
«Бiр көрiп перзентiмнен айырылдым», – деп,
Әли кеп Пайғамбарға зар жылады.
Пайғамбар жиып алды елдiң бәрiн,
Әлидiң баласы үшiн көңiлi жарым.
Тiрi жан қарағалы жатыр едi,
Расулға хабар бердi Жаппар, Кәрiм.
Ер Әли баласы үшiн зар жылады,
Әр iстi өзi қылған бiр Құдай-ды.
Жәбiрейiл Пайғамбарға хабар бердi:
– Баласын iздемесiн, таба алмайды.
Бiр ғарде мекен қылып тұрар, – дедi,
Ақырзаман болғанда шығар, – дедi.
Оған шейiн оқ жонар ғар iшiнде,
Ғазатты мәжусиге қылар, – дедi.
Iздеп барса, ол ғарды Әли көрер,
Көрген соң көзiменен өзi бiлер.
Ықылас-көңiлiмен барған жанға
Ол оқтың жонған дауысы есiтiлер.
Осылайша Жәбiрейiл хабар бердi,
Тоқтатты Пайғамбарым Әли Шердi.
Шаһизинда ғайып боп кiрген жерiн
Әли мен көп халайық барып көрдi.
Бұл жақтан қытай барар Самарқанға,
Көк тасқа харуж қылар тiрi пенде.
Көктен Иса түседi, жерден – Маhди,
Шығады сол мезгiлде Шаhизинда.
Бiздерге жәрдем берген патша Құдай,
Қиссаны мұнан басқа бiттiм талай.
Оқығандар бiр дұға қылар ма деп,
Аяғын тамам қылсам, дерсiз қалай.
Кiтаптан тасниф қылдым мұның өзiн,
Өлең қып бiр нұсқадан жаздым сөзiн.
Қазанға бастыруға үмiт етiп,
Қата болып кете ме деп талды көзiм.
Молдалар, назарың сал жазған хатқа,
Алмаңыз қата болса мәләматқа.
Қатасыз бiр Алланың жалғыз өзi,
Күнәсiз пенде болмас адамзатта.
Тұтыңыз тiрiлiкте дiннiң жолын,
Алдайды «дiн күтпе» деп мал мен пұлың.
Шайхысламұғлы Жүсiпбек деп,
Қағазға мағлұм үшiн қойдым қолым.
Атым мәшhүр әр жерде, кiтаптарда,
Қағазбен таныс болдым ғылым-халға.
Дүниеде ғасы болған мен құлыңды
Жеткергiл мұратына, Раббым Алла.
Иә, Раббым, жеткергейсiң мұратыма,
Мендей боп, сiрә, пендең жылады ма?
Рахман Алла, жарылқа мен ғасыны,
Жасымнан салдың талай сынағыңа.
Иә, Алла, иә, Рахман, ұлық есiмiң,
Бәрi оңай өзiңе барша iстiң.
Иә, Рахим, иә, Мәлiк, иә, Құдыс, иә, Сәлам,
Iзгi қып, қабыл әйла әр кәсiбiм.
Қылмаған құлдық, тағат мен бiр ғасы,
Көп ақты қайғыменен көзiм жасы.
Тоқсан тоғыз есiмiңнiң құрметi үшiн
Жеткiзiп мен құлыңды жарылқашы.
Жарылқа мен құлыңды мұнан былай,
Қарайып кеттi көңiлiм жылай-жылай.
Жамиғы Пайғамбарлар хақы үшiн
Жеткергiл мұратыма, Қадiр Құдай.
Мiнәжат Жүсiпбек
Бисмиллаhи Рахман ир-Рахим.
Хамду бейхад ғадат,
Жаратқан Хақтың санасы.
Би мекен, би мысал,
Хамдының үшбу сарасы.
Һешкiмнен Алла тумаған,
Жоқ-дүр ата-анасы,
Тудырмады, жоқ-дүр баласы.
Зин, перзент бар деп Құдайға,
Хауариждер қылар таласы.
Аузына тас хауариждiң,
Ол қылған бекер жаласы.
Әуелiнiң басы жоқ,
Ақырының шамасы.
Бiр өзiнiң мүлкi-дүр
Аспан, жер, мақұлық hәммасы.
Әуелi Алла жаратты
Нұрхайрулла наманы,
Ошал нұрдан халик еттi
Он сегiз мың ғаламды.