Үшбу қисса Зеңгір жүһүд

Жаратқан Пәруардигар пана болған, Сол нұрдан жаратылған дiн мұсылман. Хазiретi Мұртаза, Шаһимардан Не қылса һәр iсiне тәубе қылған. Кәпiрде бiр патша бар Зеңгiр атты, Келбетi пендеде жоқ салтанатты. Ғали атты палуанды көрмедiм деп, Дүниенiң төрт бұрышымен соғыс қыпты. Рүстем Дастан олардан арман қалған, Зеңгiрге азап қ...

Kazakh
Үшбу қисса Зеңгір жүһүд
Жаратқан Пәруардигар пана болған, Сол нұрдан жаратылған дiн мұсылман. Хазiретi Мұртаза, Шаһимардан Не қылса һәр iсiне тәубе қылған. Кәпiрде бiр патша бар Зеңгiр атты, Келбетi пендеде жоқ салтанатты. Ғали атты палуанды көрмедiм деп, Дүниенiң төрт бұрышымен соғыс қыпты. Рүстем Дастан олардан арман қалған, Зеңгiрге азап қылып һеш болмаған. Хазiретi Жәбiрейiл жетiп келiп Құданың құдiретiмен бердi хабар: «Сонан кейiн хазiретi Ғали шығып, Бұ кәпiрдi сол алар ендi», – дейдi. Тоғыз жүз мың шақырым бар қалалары, Үш жүз кез бойлары бар денесiнде. Елу ұғлының қаласы өз алдында, Зеңгiр ханның алмаған жан қалды ма?! Күнбатыс, күншығыстың бәрiн кезiп, Һеш жолықпай жүр екен Пайғамбарға. Он екi жыл соғысып дию қырған, Неше мың шаһарларды ойран қылған. «Ендi менiң алмаған жаным жоқ», – деп, Сол кәпiр үлкендiктi ойына алған. Құдай сақтап Мәдине аман жүрген, Бұ кәпiр мықты екен барша жаннан. Қисабын бұл кәпiрдiң Тәңiрiм бiлер, Жын, шайтан сонан қорқып жерге кiрген. Терсе жүһүд қорыққанынан жерге кiрген, Шамасы келмеген соң олар да өлген. Барша жан бұл кәпiрдi жеңе алмаған, Бiр палуаны бар екен Маңғаз деген. Үш күрзiнi белiне байлап алып, Күнбатыс, күншығысты ол да көрген. Отыз лек перi жиып Рүстем батыр, Келген бұған, әй, жарандар. Елу үш күн шаһарын қамап алып, Шамасы келмеген соң олар да өлген. Зеңгiрдiң бiр қызы бар Зейнеп атты, Келбетi дүниеде жоқ салтанатты. Алтын сарай iшiнде жатқан түнi Пәруардигар Құдайым құдiретiмен Сол қызға ұйықтап жатқан аян бердi. Бұ қыздың атын сұрасаң, Зейнеп қыз Бiр баланы түсiнде ендi көрдi. Қыз Зейнеп бiр жiгiтке ғашық болып, Ұйықтап жатып жiгiттен сөз сұрайды. Хазiретi Жәбiрейiл жетiп келдi, Зейнеп қыздың қолына Құран бердi. Мен түсiмде көрдiм ғой хақиқатты, Құдай маған көрсеттi Мұхаммедтi. Сол жерде ұйықтап жатқан қызға келiп, Он екi жерден үйреттi шариғатты. – Сұраймын шын көңiлiңдi қисаң, жiгiт, Бұ жерде не жұмыспен жүрсiң, жiгiт? Мәдиненiң жолын сен бiлермiсiң, Құдайға құл, мұсылман болсаң, жiгiт. – Бабам аты – Мұхаммед, [әкем] – Ғали, Атым – Хасен, айтайын бiлсең менi. Түсiмде көрiп маған сен болсаң ғашық, Мен дағы қабыл алдым сiздi, – дейдi. – Сiзден бiр сөз келедi сұрағымыз, Маған сал, әй, Хасенжан, құлағыңыз. Неше күнде барады елiңiзге, Қандай жер-дүр, перизат, тұрағыңыз? – Мекке менен Мәдине – қалам, – дейдi, Нұр Мұхаммед – жәрдемшi бабам, – дейдi. Екi жүз елу күнде барар адам, Көрiскенше аман бол, Зейнеп, – дейдi. Зар жылап тұрысыменен таң да атты, Хасен кетiп қасынан, зар тұтады. Зейнеп қыз тақыттан түсiп жылап жатса, Барша кәпiр дауысын есiтедi. Тоқсан күн, тоқсан түндей жылап жатты, Ғалиұғлы Хасенге ғашық бопты. Дәм татпай, ас iшпей он бiр күндей, Арасында төрт жұма, екi ай өтiптi. Ғашық болып зарланды Зейнеп қыз да, Ислам дiнiн көрсеттi Хақ Тағала. Ғашықтықтың отына шыдай алмай, Күнi-түнi жылап налаш қыпты. Зейнеп қыздың жырлағаны Жаратқан Жаппар атың, Менi қойма бұ кәпiрде ынтызар, . . .* болған жарым, Менi қойма бұ кәпiрде ынтызар. Он сегiз мың ғаламды Жаратқан Патша Құдайым, Бiр өзiңе жылаймын, Менi қойма бұ кәпiрде ынтызар. Мекке ихсан адамы, сiзден де бiр медеткер, Тамам әулиелер және Менi қойма бұ кәпiрде ынтызар. Иә, Ыбраһим – Халел Алла, Иә, Ысмайыл – Забихул Алла, Иә, Дәуiт – Халифа Алла, Иә, Сүлеймен – Ғалат Алла, Менi қойма бұ кәпiрде ынтызар. Иә, Тауратты оқыған Мұса, Төртiншi қат көкте тұрған хазiретi Ғайса, Ғашықтардың мұраты, Менi қойма бұ кәпiрде ынтызар, Он сегiз мың ғаламға . . .* болған Төртiншi қат көк үстiнде Лаух Қалам, Ғаршы Күрсi, Менi қойма бұ кәпiрде ынтызар, Иә, хазiретi Жәбiрейiл, Мекайыл, Ысрапыл, Әзiрейiл, Құданың сүйiп жаратқан төрт мұқарраб перiште, Сiздерден жәрдем тiлеймiн, Менi қойма бұ кәпiрде ынтызар. Иә, Әбубәкiр, Ғұмар, Ғұсман, Ғали Хайдар, Құданың сүйген жары, Тоғыз жүз тоқсан мың машайықтар, Сиындым бүгiн өзiңе, Менi қойма бұ кәпiрде ынтызар. Көз жасын көл қылып бұлағанда, Зар жылап бiр Алладан сұрағанда, Күзетшi, жаушы кемпiр келдi дағы, Зейнепке құлақ салып тұра қалды. Ғашықтықтан Зейнеп қыз жылап жатты, Жаушы кемпiр Зейнепке көп тiл айтты. Жаушы кемпiр сол қыздан сөз сұраса, Көрген түсiн сол кемпiрге бәрiн айтты. – Ұйықтап жатып түс көрдiм алтын тақта, Бұ айтқан сен сөзiмдi атама айтпа. Бек жақсы, сұлу жiгiт түсте көрдiм, Жамағат көп жұртыма тағы да айтпа. Бар екен дүниеде бiр шаһар Мәдине атты, Нұр Мұхаммед iшiнде нұр сипатты. Бек жақсы, сұлу жiгiт түсiмде келiп, Сол маған түн iшiнде көңiл айтты. Мен өзiм «кiмсiң?» дедiм оған қарап, Сөзiне бек қызықтым жауап сұрап. Дүниеде ол сипатты жiгiт болмас, Күйгенiмнен айтамын бұлай зарлап. – Әуелi бiр Құдайға сиын, Хақ бiлсең, «Мұхаммед – пайғамбар» деп дiнге кiрсең. Атым – Хасен, Ғалидың перзентiмiн, Кәпiр қызы – шаһзада, маған нансаң. Хасен айтты бұл сырды маған, шеше, Бұ сырды тамам қылдым саған, шеше. Бұ сырды сiз естiңiз, сiз сақтаңыз, Бұ жiгiт түске кiрдi әлденеше. Ол Хасен қайтып келмес ендi маған, Түсiмде ғашық болдым оған жаман. Бiр хабар сол жiгiттен тауып берсең, Мал-мүлкiм берермiн бәрiн саған. Осыны айтып болды да жылап жатты, Кемпiрге бастан-аяқ сырын айтты. Бұ сөзге ит кемпiрдiң жыны келiп, Тез жүгiрiп айтуға ханға кеттi. Жүгiрiп сол ит кемпiр ханға барды, Қызметшiлер есiкте бәрi көрдi: – Не жұмысқа жүгiрдiң, кемпiр-ау, – деп, Не болса да жұмысыңды айтшы, – дедi. Үш мың жүздiк даналары бар алдында, Құп үлкен жауап берген төре, ханға. Зеңгiрдiң атакешi iшiнде отыр, Жаушы кемпiр жүгiрiп барған шақта. Алдында нөкерi бар сөз тыңдаған, Сөзiн тыңдап кемпiрдiң патша тұрған. Алтын тақыт үстiнде отырысып, Құлақ салып кемпiрден сөз сұраған. – Әй, тақсыр, алтын үйде қызың жатқан, Шақырып алып маған сырын айтқан. Отыз бес күн болыпты дәм татпайды, Бiр жанға ғашық болып зарлап жатқан. Мен сұрадым қызыңнан, маған нансаң, Ол баланы қызым деп нағыласың. Айтқан сөзiн қызыңның айта берсем, Ажалыңнан бұрын сен тiрi өлерсiң. Дүниеде бiр шаһар бар дейдi Мәдине атты, Мұхаммед iшiнде нұр сипатты. Ғали деген бар екен бiр палуаны, Осы сөздi маған сол қызың айтты. Сол Ғалидың баласы Хасен атты, Падиша, өз басыңнан дәулет кеттi. Отыз бес күн болыпты сол қызыңа, Мен барған соң қасымнан әзер кеттi. Мұны естiп падиша айғайлады, Қыздың жатқан сарайын бұзып алды. Жасауылдар патша қызын алып келдi, Аузы темiр қараңғы үйге салды. Бұ қызға мұнша азап iстер салды, Өз алдына шақыртып жауап алды. Бiр күнде һәр түрлi қып сабаса да, Хасенге ғашықтығын һеш қоймады. Бұ қызды алып келдi, дарға асты, Һәр түрлi жамандықты қылды қатты. Шынжырменен байлап қойып соқса дағы, Сонда да ғашықтығын һеш қоймады. Бұ қызға мұнша жаман азап қылды, Қанша азап қылса да һеш болмады. Атасының дауысын естiген соң, Үш ұғылы жиылып бәрi келдi. Үш ұғылы жиылып келiп тұрды, «Бұ немене iс болды?» – деп жауап сұрды. Бұ жауапты есiтiп ағалары, Отыз үш түрлi Зейнепке азап қылды. Отыз үш түрлi азапты оған қылған, Итi, құсы жиылып бәрi де оған. Алладан Жәбiрейiл пайда болып, Қанатын жауып бұ қызды қорғалаған. Палуандары кезекпенен жерге ұрған, Бәрiнiң зардабынан аман қалған. Бiр ұрса да мың пара болар едi, Бiр Алла құдiретiмен сақтап тұрған. Бұ қызды өлтiре алмай ыза болған, Адам көрмес бек қатты күйге салған. Бұ қызға бек қатты азап салып, Өлтiре алмай бұ қызды қайғыланған. От iшiнде сақтады Жаппар Халық, Мың түрлi азап iстер қызға салып. Бұ қызға һешбiр хайла қыла алмаған соң, Елiнде қызды ұрмаған жан қалмаған. Ендi ұрмаған бұ қызды жан қалмады, Елiнде бiр батыры бар едi Манап атты. Жарлықпенен елiнен Манап келдi, Тоқсан жүз батпан күрзiменен келдi де ұрды. Алла Тағала бұ қызға қорған болып, Бұ қызды өлтiре алмай ыза болды. Тағы да бiр қараңғы үйге салды, Зейнеп қызды кәпiрлер күйге салды. «Мәдиненi тiрi жан бiле ме?» – деп, Зеңгiр сонда жер жүзiне елшi салды. Елу мың кiсi жиылып дүние кезген, Елшiлер дүние кезiп бiр жыл жүрген. Жасауылдар дүние кезiп жүрген шақта, Бiр кәпiр көп жасаған душар болды. Бұ жүһүд Мәдиненi iздеп жүрген, Кәпiрлер қайда екенiн һеш бiлмеген. Мың аты, жүз түйемен отын артып, Көрiк басын қыздырып үйге салды. Жасауылдар осы шалды алып қайтты, Атыбар қойшы шал атын айтты. Зеңгiр патша алдына алып келген соң, Мәдине мен Ғалидан хабар айтты. Зеңгiр патша жауап сұрап тұра тұрсын, – Зейнеп қыздың мәнiсiн бiлемiсiң. Қызым Зейнеп Хасенге ғашық болды, Мәдине мен Ғалиды бiлемiсiң? – Мен жасымда Шын-машын шаһар бардым, Көңiлiме алған бұйымның бәрiн де алдым. Бағдат пенен Мысырды жасым кештi, Падиша, бұ тiлiме ендi нанғын. Бiзден бұрын өтiптi Рүстем Дастан, Бiздiң жұрт әуелi батырдан жаман сасқан. Сол шаһарға, әй, падиша, он бес бардым, Падиша, бұ тiлiме ендi нансаң. Көрмеген шаһарым жоқ мұсылманда, Қартайып ғарiп болдым бұл жаһанда. Мекке мен Мәдинеге сапар қылдым, Мәдине атты бiр шаһар бар дегенге. Саудамен барайын деп ойыма алдым, Екi жүз ат, түйеменен оған бардым. Һәрбiр түрлi адамның бәрiн көрдiм, Жыл он екi ай саудаменен сонда тұрдым. Ғалиды бiр күн көрiп қайран қалдым, Шаһарын аралап жүрiп көзiм салдым. Ғажайып үлкен екен кереметтi, Палуандығын көрдiм де есiм тандым. Ғалидың палуандығы сондай күштi, Падиша душар қылды һәрбiр iстi. Қызықпенен iшiнен шыққым келмей, Сол жерде анық үш жыл тұрдым, – дейдi. Мұны естiп Зеңгiр сонда қуанды, Жар шақыртып жұртына ойын қылды. «Мұхаммедтiң шаһарына барамын», – деп, Қырық күндей жар салдырып ләшкер жиды. Мың сан ләшкер ертiп патша жүрдi, Һеш тiрi жан шаһарын бiлмейдi ендi. Зеңгiр хан барабанын соқтырған соң, Үш ұғылы жиылып бәрi келдi. Зеңгiр хан шаһарына ойын қылды, Жұртын жиып шаһарына жиын қылды. Палуандары белiне қылыш байлап, Бәрi де текеумет пiлдi мiндi. Палуанын санап жатыр өз алдында, Кеңесiн құрып жатыр көз алдында. Хан соқтырды барабан, жар шақыртты, «Палуаным аттансын, – деп, – бәрi мұнда». Һәр қайда он сан адам бәрi жүрген, Атақты батырларға хабар берген. Өзiнiң қолы менен ұғылы қолы, Сол жерде тау-тас көшiп жер күңiренген. Сонда жүз сексен мың қолменен Зеңгiр жүрген, Елу үш мың алдында ерлер жүрген. Зеңбiрекшi, мылтықшы жүз мың адам, Қақпасының алдына келiп тұрған. Және Манап бас болды сегiз мыңға, Оның да палуаны қырық мың адам. Қисабы жоқ кәпiрлер құмнан да көп, Жиылып жатыр әскерi бөлек-бөлек. Сыбызғышы, сырнайшы жүз мың адам, Үлкен ұғылы келедi маңғаз тамам. Тау-тастай адамы бәрi келдi, Шүләнкөрi алдында қырық лек адам. Ләшкерiнiң қисабы құмменен тең, Палуандары алдында отыр ерiң. Алмаған жауы жоқ-дүр бұ Зәңгiнiң, Қарсыласқан жауын қылған жермен-жексен. Онан соң тағы жүрдi он сан адам, Зарығып батыр жүредi оң жағынан. Жер қайыстырып келедi бұ да қаптап, Бұған да пар келмейдi ешбiр адам. Онан соң мойнына жүз мылтық салған, Төрт қылышты белiне байлап алған. Он бес қадақ мойнында, жүз садақты белiне байлап, Оныменен Фердан батыр келiп қонған. Тоғыз мыңы тоғыз батырына келдi дейдi, Елу мың сексен мыңнан таяу жүрдi. Адам бiлiп болмайды бұл кәпiрдi, Қисабын бiр Алланың өзi бiлсiн. Бұ қу шал басшы болды мұнша ерге, Жалғанда не қымбат бар, бәрi сонда. Дүние жүзiн қап-қара шаңдақ қылып Сансыз адам келедi Мәдинеге. Құдiретi Құдайымның өзi қылды, Көшкен елдi сол жүһүд ойын қылды. Iшiнде нәубет қызық көремiз деп, Қатыны, қыздарымен бiрге жүрдi. Қылыштарын жаниды найзағайдай, Дүниеде хан жоқ-дүр Зеңгiр хандай. Төрт күн жүрдi далада сауықпенен, Таянып келе жатыр Мәдинеге-ай. Қошғөр деген бiр палуан бұрын жүрдi, Бұ кәпiрдiң бойлары көк тiрейдi. Бұ батырдың қайратын сынайын деп, Сол жерде Зәңгiр патша жарлық қылды. Сонша топтан Қошғөрiнiң қайраты асқан, «Тауды ұр» деп падиша жарлық қылған. Бiр тауды малғұн кәпiр ұрған жерде, Тау ұшып аспан-көкке араласқан. Кәпiрлер арақ iшiп, ойын қылған, Өздерi күш сынасып тойын қылған. Мәдинеде Ғалиды аламын деп, Палуанның күшiн көрiп үмiт қылған. Бес айдай жүрiп келедi Мәдинеге, Жарандар, бұ дүниеге көңiл берме. Баршасы желдей есiп келiп қалды, Елшi жiберiп хабар салды Мәдинеге. Елшi кәпiр Пайғамбарға келiп жеттi, Пайғамбарға кәпiрлер душар болды. Пайғамбарды бiлмейдi ол кәпiрлер, Елшi екенiн Пайғамбарға келiп айтты. Қарашы кәпiрлердiң жауабына, – Бес айда келiп жеттiк бiз шаһарыңа. Зеңгiрдiң жер қайысқан қолы келдi, Хабар бер деп жiбердi хандарыңа. Бес айда келiп жеттi жиылған қол, Зеңгiрдiң жер қайысқан ләшкерi мол. Әдейi iздеп келемiн Мұхаммедтi, Шаһарын бұзып, өлтiр – айтқаным сол. Хабарсыз жатқан Мұхаммед жетiм, Хабар келдi кәпiрден, әй, үмбетiм. Зеңгiр атты бiр кәпiр iздеп келген, Шаһар бұзып, өлтiрер – айтқаны сол. Дiн мұсылман есiтiп қайғы қылған, Сахабалар жиылып тамам болған. Ғұмар, Ғұсман, Әбубәкiр, Ғали Арыслан, Жиылып мұнан шықты төрт мың адам. Ғали жүрдi он сегiз ұғлы менен, Ғанбар Бiләл азаншы жарыменен. Ғалидiң балалары қуанып жүр, Көп ойын қылармыз деп мұныменен. Бағдат таудың басына бұлар барды, Шуылдап ар жағынан кәпiр келдi. Ләшкерменен Пайғамбар келiп тұрып, Жиылған көп кәпiрдi көзi көрдi. Пайғамбарды кәпiрлер көрейiн деп, Пайғамбардың қасына келiп тұрды. Тамаша қып кәпiрлер келiп тұрды, Зеңгiр патша сол жерде атқа мiндi. Өзiн-өзi көтерiп Зеңгiр кәпiр Пайғамбарға бұлай деп айтып салды. – Мұхаммед, келген кiсiң бәрi осы ма, Не қыларсың келгенменен мұнша қолға? Қарап тұрып бұл жерде тек өлгенше, Бәрiң кiрсең болмай ма бiздiң қолға. – Әй, кәпiр, бiзге Құдай дәрмен берер, Пайғамбар мұндай сөздi бек жек көрер. Кәпiрлiкпенен айтасың, ей, зәнталақ, Қаза жетсе Алладан пендесi өлер. Ғұмар шықты майданға, күрзi қолда, Өлтiрген көп кәпiрдi талай жолда. Төрт батпан күрзiнi қолына алып, Айғайлап барып тұрды майдан жерге. Шыққанын палуанның кәпiр көрдi, «Бiреуiң бар» деп Зеңгiр хан жарлық қылды. Қызыл киiм, қызыл ат мiнiп алып, Бiр кәпiр айғай салып келiп тұрды. Ғұмар батыр күрзiмен басқа ұрды, Ұршы деп осы кәпiр қарап тұрды. Кәпiрдi күрзiменен ұрысып жүрiп, Он бес пiл, он бiр аты ұрыста өлдi. Тоғыз күн, тоғыз түндей ұрыс қылды, Бiр-бiрiне екеуi кәр қылмады. Төрт жардың бiр қолының бiр жағында, Зар илеп жеттi Ғұмар Пайғамбарға. – Ғұмар батыр, тоқта ендi, барма, – дейдi, Тағы бiрiң шық күреске бұл майданға. Пайғамбар салауат оқып дұға қылды, Мәлiкаждар майданға жетiп барды. Мәлiкаждар майданда қарап тұрса, Әлгi кәпiр Мәлiкаждарды келiп ұрды. Мәлiкаждардың басынан оттар шықты, Астындағы аттарын ұрып жықты. Он екi ат өлтiрiп Мәлiкаждар, Сол майданға жарамай қайтып шықты. Жетiп келiп Пайғамбарға зар илеген, Күрзiменен ұрғанда тiтiреген. – Әй, ата, қысылдым мен майдан жерде, Дұға қыл, қысылдым ғой, тақсыр, – деген. Мұса Риза майданға жетiп барған, – Кәпiрге мен барайын, тақсыр, – деген. Ықыласыңменен бата бер, тақсыр, – дейдi, Пайғамбар қолын жайып бата бердi. Мұса Риза майданға жөнеледi, – Жылдамырақ жүре бер ендi, – дейдi. Әй, адамзат, өлiмiңе жоқ болсаң, Менi бiрлән майданға кiргiл, – дейдi. Үлкен майдан сол жерде ұрыс қылды, Етiнен қарыс болып түгi шықты. Айбаттанып сол жерде күрзi ұрды, Бiр-бiрiне қару қып қарсы тұрды. Бек қатты айбаттанып айғай салды, Қаһарланып сол жерде қарсы тұрды. Құлағынан тұтып алып ұрып, Мұса сонда кәпiрдiң басын алды. Көрген кәпiр Мұсадан зәресi ұшты, Бұ Мұсаның қайраты болды күштi. Отыз үш мың сахаба дұға қылып, Баршалары бұл iске шаттанысты. Зеңгiр хан бұларына намыс қылды, «Тағы бiреуiң шығың» деп жарлық қылды. Үш күрзiнi ұстап бiр қолына Өзiнiң үлкен ұлы Маңғаз шықты. Найза ұстап, қамшыланып пiлдi мiнiп, Майданның ортасына келiп тұрды. – Атым – Маңғаз бiлiнген жер жүзiне, Көремiсiң қызығымды менiң, – дейдi. – Әй, кәпiр, таныдым ғой сенi, – дейдi, Сен де анық бiлдiң ғой менi, – дейдi. Маңғаз болсаң, мен дағы Мұса Риза, Келе ғой дәмең болса бермен, – дейдi. Екеуi үш-төрт күндей ұрыс қылды, Қалқан, сауыт – баршасы пара болды. Түсе қалып күрестi сол арада, Сауыттары екеуiнiң пара болды. Армансыз боп күрестi көңiл басып, Сол кәпiрден Мұсаның қайраты асып. Екеуi үш-төрт күндей ұрысқанда, Кәпiр айтты: – Ұйқым келiп, қарным ашты. Ұйқыны көрмеген соң қаным қашты, Кәпiрден ер Мұсаның қайраты асты. – Асымды iшiп келейiн, ер Мұса, – деп, Сол кәпiр өз қолына қадам басты. – Ғапылдықпен өлдiм деп қылма арман, – дейдi, Таң атқанша тағам жеп қорек қыл да, – дейдi. Ертең тұрып тағы кел өзiң, кәпiр, Осы айтқан уағдаңды қылма жалған, – дейдi. Жүгiрiп атасына жетiп келiп, Көрген iсiн баршасын баян қылды. Батыр Мұса майданда қарап тұрса, Маңғаз барып атасына зар жылайды. – Жүз қара нан, жүз қойдың етiн жедiм, – дейдi, Оған тоймай қорек қылып келдiм, – дейдi. – Ей, батыр, рұқсат алып келдiм, – дейдi, Он бес өгiз жеп, тоғыз шелек суды iштiм, – дейдi. Екi күндей сол жерде майдан қылды, Батыр Мұса кәпiрдi алып ұрды. Сол арада кәпiрдi алып ұрып, Жаны тура жаһаннамға барып кiрдi. Батыр Мұса қылышыменен басын алды, Қанжарын сол арада қасына алды. Және бiрiн шығар деп бұйырады, Мұса шаршап қолына қайтып барды. Сол Мұсаның iнiсi Ахмет барды, Қышқырып сол арада айғай салды. Мәсих деген бiр палуан жетiп келдi, Ахметтi көтерiп алып ол лақтырды. Ахмет барып жиылған қолға түстi, Бұ кәпiрдiң өзi де сондай күштi. Ахмет барып бұлайша келгеннен соң, Майданға рұқсат алып Ғұмар шықты. Ғұмарды атыменен ол лақтырды, Бұл кәпiрге Пайғамбар қарап тұрды. Пайғамбардан бата алып хазiрет Ғұмар, Сол майданға тағы да барып тұрды. Екеуi ат үстiнен құшақтасты, Сол кәпiр ашуланып судай тасты. Көтерiп Ғұмар ердi тасқа ұрды, Сол жерде хазiрет Ғұмар жаман састы. «Тағы өлмедiң, Ғұмар» деп лақтырды, Ыза болып ол Ғұмар қарап тұрды. Шамасы бұл кәпiрге келмеген соң, Сиынып Пайғамбарға жылап тұрды. Солардың ызасына шыдай алмай Хасен келдi, Екеуi үлкен нәубет ұрыс қылды. Тоғыз күн, тоғыз түндей ұрыс қылды, Күн тұтылып, аспан-көк тозаң болды. Хасен тұрып кәпiрдiң басын алды, Жаны тура жаһаннамға барып кiрдi. «Жүз палуан, шығың» деп Зеңгiр бұйрық қылды, Жүз палуан аждаһадай жетiп келдi. Айдархан, Ханафия атқа мiндi шаттанысып, Келдi де Пайғамбарға қол қусырды. Екеуi кәпiрлерге барамыз деп, Бата ала Пайғамбарға барды дейдi. Пайғамбар қолын жайып бата бердi, Бата алып бабасынан жөнелдi ендi. Айдархан, Ханафия екi палуан Келдi де үлкен нәубет ұрыс қылды. Кәпiр менен мұсылман бiрдей көрдi, Екеуi кәпiрлермен соғыс қылды. Тауысып кәпiрлердiң бәрiн қырып, Екеуiне болмай бiрі қалды дейдi. Үш бойлары бар денесiнде, Бұларды тiптi алмайды естерiне. Дүниедегi адамды теңгермейдi, Үлкендiк бар сол кәпiрдiң денесiнде. Тұлғасына мұсылман қайран қалды, Ер Хасен сол арада тұра қалды. Айдархан, Ханафия жеңбеген соң, Бiр Құдайдан Хасенге пәрмен болды. Хазiретi Жәбiрейiл келдi жетiп, Құданың құдiретiмен хабар бердi. Пайғамбарға Жәбiрейiл келдi дағы, – Кәпiрге Хасен батыр барсын, – дейдi. Хасен батыр кәпiрге барсын, – дейдi, Сиынып бiр Аллаға тұрсын, – дейдi. Бiр Құдай Хақ Тағала қылды бұйрық, Баршасы қызығына қарап тұрсын, – дейдi. Батыр Хасен сол жерде атқа мiндi, Келдi де Пайғамбарға ол қол көтердi. – Жолыңды ашып, бақ берсiн бiр Тәңiрiм, – деп, Мүбәрак қолын жайып бата бердi. Айдархан, Ханафия жүздi қырды, Бұл iске қайран қалып кәпiр тұрды. Батыр Хасен сол жерде ұрыс қылып, Екеуi бес-алты күн жүрiс қылды. Құдай-а, сақтағайсың бұл бәледен, Көтерiп шоқпарменен кәпiр ұрды. Алладан Жәбiрейiлге пәрмен болып, Хасендi қанат жауып қорғап тұрды. Шоқпар тиiп жер жүзi күңiрендi, От пен жайын халайық қайран қалды. Кәпiрдiң ұрғанымен естен танып, Қолын сипап қарады екi жағын дейдi. Кәпiр жүһүд шоқпармен сонда салды, Жиылған жұрт бұл iске қайран қалды. Кәпiр жүһүд салғаны сонша болды, Хасен батыр сол жерде естен танды. Бiр уақытта есiн жиып атқа мiндi, Пайғамбар сол арада қол көтердi. Ғалидан зұлпықарын сұрап алып, Батыр Хасен майданға қайтып келдi. – Ей, кәпiр, кезек бергiл бiзге ендi, Көрсетем теперiштi сiзге ендi. Ер Хасен зұлпықармен салған шақта, Ортасынан кәпiрдi екi бөлдi. Ақырып «не қылдың?» деп кәпiр тұрды, Ыза болып кәпiр ит қару қылды. Қолына шоқпар алып ұмтылғанда, Екi жаққа сол кәпiр құлап қалды. Екi жаққа құлады таудай ендi, Дiн мұсылман қуанды бұған ендi. Хасен барып кәпiрдi өлтiргенге, Пайғамбар бiр Құдайға шүкiр қылды. Хасен бөлiп кәпiрдi таудай қылды, Мұны көрiп мұсылман қуанды ендi. Хасеннiң қайратына бек шаттанып, Отыз үш мың сахаба дұға қылды. Зеңгiр хан ашуланып бұйрық қылды, Бiр палуанын шығарды онан мықты. Кәпiрлерменен бұл ұрыс-ойын қылды, Кәпiрлер рәсiмi бірлән тойын қылды. Өзi кәпiр болса да күшi қатты, Жамағаттар, бұл сөзге құлақ салың ендi. Кәпiрлер «жекпе-жек» деп ақырып тұр, – Шаһзада, кезектесiп бiрiң бар, – деп, Бұ соғысқа кезекпен түселiк, – деп, Кәпiрлердi кетедi басып өктеп. Ұмтылды қамшы басып Ханафия, «Маған рұқсат берiңiз, бабам, сiрә». Әсiресе ұмтылды Хасен батыр, «Бiр тiлектi бере көр, бабам, бiзге». «Қызығын баласына бередi» деп, Бiреуi өкпеледi тағы және. Бiр-бiрiнен кейiн қалып жүре алмайды, Өлемiз деп ойына, сiрә, алмайды. Пәруардигар Құдайға сиынады, Қайсылары барарын бiле алмайды. Құдайға мiнәжат қып тiледi ендi, Қайсылары барарын бiле алмады. Пайғамбар мiнәжат қып тiлеген соң, Хазiретi Жәбiрейiл жетiп келдi. Пәруанның көп ғаламнан күшi қалың, Үстiне Арысланның қалқан жабың. Құдiретiмен Құдайым қылды жарлық: «Бұ кәпiрге Мұртазаның өзi барсын». Хазiретi Мұртаза атқа мiндi ендi, Пайғамбарға келдi де қол көтердi. Алладан анық хабар естiген соң, «Ықыласыңмен бата бер маған», – дейдi. Пайғамбардан бата алып қадам басқан, Ғалиды көрген кәпiр жаман сасқан. Алладан анық хабар естiген соң, Шер Ғалидың қуанып көңiлi тасқан. – Құлағыңнан ұстап алып жерге ұрайын, Сүйегiңдi күл қылып ұшырайын. Ақырды келе жатып Ғали Арыслан, Кәпiр көрiп қорықты мұның жайын. – Әй, кәпiр, танимысың, мен Ғалимын, Арысланы Алланың дұғайымын. Әй, кәпiр, бiрiң түгiл, бәрiң шықшы, Бәрiңдi бiр шапқанда жай қылайын. Ақырып Пәруан келдi, күрзi қолда, Лебiзiнен тау-тас тiтiрейдi ақырғанда. Зұлпықарын суырып қарсы тұрды, От пен жайын шығарды ұрысқанда. Шоқпарменен ұрысты сол арада, Һәр түрлi қару қылды бiр-бiрiне. Күрзiлерi бөлiнiп аспанға ұшты, Бұл ұрыста өтiптi сегiз жұма. Қарулары бөлiнiп ұшты аспанға, Һәр түрлi қару қылды бiр-бiрiне. Осы Ғали қайтедi деп қызық қылып, Түсе қалып күреседi сол арада. Қиямет қозғалғандай ұрыс болды, Жер ортасы майданға дұрыс болды. Ұшар құс, жын, диюлер бәрi шулап, «Ғалиға қуат бер» деп налаш қылды. Құстар сонда аспанға ұшып кеткен, Тiлек тiлеп аспаннан қайтып келген. Баршасының шулаған себебi сол, Баршасына Зеңгiрдiң тiзесi өткен. Барша жандар Алладан тiлек қылған, Неше түрлi ұрысып жүр кәпiр хайуан. Сонда дағы кәпiрдi жыға алмай жүр, Кәпiр жүһүд Ғалидың көңiлiн басқан. Хазiретi Ғали созылып көпке барған, Неше түрлi хайламен ұрыс салған. Сонда дағы кәпiрдi жыға алмайды, Сол уақытта Ханафия жетiп келген. Ханафия бұларға жетiп барған, Бабасының қасына келiп тұрған. Ғали Арыслан кәпiрдi жыға алмаса, Зеңгiрден келiп тұрған алтын сайман. – Жан баба, қылмадың ба хайла бұған, Зеңгiрден келiп бұған [алтын] сайман. Сiз шаршасаңыз, қоя бер бұ кәпiрдi, Тамаша ғып қараңыз ендi маған. Жетiп келдi Ханафия сонда терлеп, – Қызығымды, жан баба, өзiң көр, – деп. Һешбiр хайла қылмадың бұ кәпiрге, Қолыңдағы қаруың маған бер, – деп. Бұ сөзiне ашуланды хазiрет Ғали, Қалқан, сауыт һәммасы болды пара. Денесiнен қарыс болып түгi шығып, Барлық күшiн қолына жиып алды. Шер Арыслан сол жерде қаһарланып, Бек қатты ашуланып лақтырды. Пәруан батыр аспанға құстай ұшты, Бұ кәпiрдiң өзi де сондай күштi. Қаһарланып атқаны сонша болды, Iшiне мұсылманның барып түстi. Түскенде Пәруан батыр қалды талып, Қаһарланып ер Ғали айғай салып. Көргенiңнен көрмегенiң көп екен, – деп, Пәруанды бес жүз жiгiт алды байлап. Пәруанның iнiсiнiң аты – Ғарап, Дауыстады ер Ғали бұған қарап: – Дүниеде мың бiр жаның болса дағы, Маған сен пар келмессiң, батыр Ғарап. Бұ сөзге Хасен батыр ашуланды, Барды да күрзiменен салып қалды. Айтқан сөзi кәпiрдiң қарсы болып, Сүйегi топырақпенен бiрдей болды. Қалқан, сауыт – баршасы пара болды, Түгi қалмай баршасы күлдей болды. Зеңгiр хан бұған ендi намыс қылды, Пiлменен палуандарға жарлық қылды. Атқа мiнiп, қару-қапшық сайлап алып, Мың палуан сап тартып келiп тұрды. Соғысуға Ғалименен даярланып, Қасына Пайғамбардың келiп тұрды. Мың палуан сап тартып келiп тұрған, Пайғамбарым бұларға қайран қалған. «Ей, Мұхаммед, шығар, – деп, – бiр палуанды», Солай деп ақырып тұр кәпiр хайуан. Шер Арыслан сол жерде атқа мiндi, Пайғамбарға келдi де қол көтердi: «Жалғыз өзiм ұрысам бұ кәпiрмен, Ықыласыңмен бата бер бiзге», – дейдi. Пайғамбар қолын жайып бата бердi, Соғысқалы ер Ғали атқа мiндi. «Бабамыз жалғыз кетiп барады» деп, Тоғыз ұғлы қасына жүгiрiп келдi. Тоғыз ұғылын ертiп өзiменен, Шер Арыслан он болып атқа мiндi. Осыншаға он мұсылман келдi, – деп, Аламыз деп кәпiрлер үмiт қылды. Хасен батыр көрдi кәпiр соғыстарын, Үлкен майдан сол жерде соғыс қылды. Бiр мұсылманмен ұрысқан жүз палуан, Ер Ғали тоғыз ұғлыменен кәпiр қырған. Қаһарланып сол жерде Шер Арыслан, Соғысқан кәпiрлердi қойдай қырған. Хазiретi Ғали кәпiрге қаза салған, Жердiң жүзi қып-қызыл қанға толған. Сансыз кәпiрдi ер Ғали қырғаннан соң, Бiр он кәпiр Зеңгiрге қашып барған. Он кәпiр Зеңгiр ханға қашып барған, Қол-аяғы қызыл қанды басып барған. Тамаша етiп Ғалидың ұрысын сөйлеп, Падишаның алдында зар жылаған. – Ей, тақсыр, мұндай жанды көрмедiк бiз, Мыңымыз бiр адамдай болмадық бiз. Елу күндей ұрыстық Ғалименен, Қайратын бiлсеңiз – ұшан-теңiз. Бұ сөзге құлақ салсаң, хан сұлтаным, Баршаңыз құлақ салып маған наның. Әскер алып бармасаң, ей, тақсыр хан, Әйтпесе кетер, – дейдi, – сiздiң сәнiң. Зеңгiр хан бұларына намыс қылған, Ол барған он батырды қайта қуған. – Ей, тақсыр, өлтiрсең де Ғалиға бара алмаймыз, Ендi сенiң дiнiңде тұра алмаймыз, Қорықсақ та, сыйласақ та дiнiңе кiрдiк, Пайғамбардың дiнiнен ұялмаймыз. Он палуан жүгiрдi «барамыз» деп, Зеңгiр қуды артынан «өлтiрем» деп. Мұсылман болып қашқанын Ғали бiлiп, Ғали тағы ат қойды аламын деп. Қиямет қозғалғандай соғыс қылды, Жер ортасы майданға дұрыс болды. Ұшар құс, жын, диюлер бәрi шулап, «Ғалиға қуат бер» деп налаш қылды. Адасты бiр-бiрiнен сахабалар, Ақылынан адасты тiрi жандар. Жалғыз-жалғыз болып кеттi бет-бетiмен, Бiр-бiрлерiн бiле алмайды сахабалар. Кәпiрдi хазiрет Ғали аралайды, Iшiнде жүрiп баршасын саралайды. Ол күнi өлген жанның қисабы жоқ, Аққан [қан] судай болып сарқырайды. Хазiретi Жәбiрейiл жетiп келдi, Келдi де Пайғамбарға хабар бердi. «Ей, Мұхаммед, туыңды тiк, бөлек шық», – деп, Хазiретi Жәбiрейiл айтып кеттi дейдi. Пайғамбар туын тiгiп, жұртын жиды, Бағдат тауының басына барып тұрды. Барша жұртын жиып алып түгендесе, Сахабадан он төрт мың шаһид бопты. Он төртi шаһид болды сахабадан, Кәпiрден қырылыпты есепсiз жан. «Ғалиды өзiм барып өлтiрем», – деп, Сол жерде Зеңгiр патша ойына алған. Зеңгiр патша сол сөздi айтып атқа мiндi, Майданның ортасына келiп тұрды. – Дәмең болса, кел, Ғали, жылдам желдеп, Қорыққаныңнан дiнiме кiр, – деп айғайлады. Даусын естiп Арыслан ақырады, Пайғамбарға келдi де қол қусырды. – Қызығын бұл кәпiрдiң бiр көрейiн, Ей, баба, батаңды бергiл маған, – дейдi. Пайғамбардан бата алып қадам басқан, Ғалиды көрген кәпiр жаман сасқан. Ақырып келе жатыр хазiретi Ғали: – Дәмең болса, ей, кәпiр, келшi маған! Пайғамбардан бата алып қадам басқан, Көрген кәпiр Ғалидан жаман сасқан. Екеуi екi-үш күндей ұрыс қылды, Ғалидан Зәңгiр лағин қуаты асқан. Қиямет қозғалғандай ұрыс қылды, Жер ортасы майданға дұрыс болды. Ұшар құс, жын, диюлер бәрi шулап, «Ғалиға қуат бер» деп налаш қылды. Тау басына күресiп шықпақ болды, Қаһарланып шоқпарменен соқпақ болды. Екi-үш күндей екеуi ұрысқанда, Кәпiр жүһүд Ғалиды жықпақ болды. Күрестi сол арада қатты терлеп, Бiр тарлық Ғалиға түстi үлкен мiндет. Күрсiңдi сол арада Ғали Арыслан, «Хал кеттi, тақсыр бабам, қолдай көр», – деп. Жәбiрейiл сол арада жетiп келдi, Ғалидың қысылғанын көзi көрдi. Алланың Арысланы қысылған соң, Тiзелесiп Жәбiрейiл екеулейдi. Жәбiрейiл келгеннен соң көңiлi тынды, Кәпiрiң мұны көрiп мойын сұнды. Ер Ғали Жәбiрейiлмен қосылған соң, Екеулеп сол арада алып ұрды. Зұлпықарын суырып алып барды, Суырып мойнына салып барды. «Әй, кәпiр, кәлима айтып, дiнге кiр», – деп, Ғали Арыслан осылайша хабар бердi. – Бәрi дағы күшке асты, – дейдi, Жарымынан бәрiнен тасты, – дейдi. Көп жұртымменен мұсылман мен болайын, Рұқсат бер бүгiн кешке маған, – дейдi. Тұрғызып Зеңгiр ханды қоя бердi, Алланың бұйырғанын көредi ендi. Өз қолынан жүз мың ләшкер бөлiп алып, Түнде қашып Зеңгiр хан жөнеледi. Таң атқан соң Зеңгiрге Ғали барды, Кәпiрлердi аралап көзiн салды. Түнде қашып кетiптi Зеңгiр патша, Шаһзада сол арада қайғырады. Ғали Арыслан сол жерде ашуланды, Ашуланып Дүлдүлiне мiнiп алды. «Қалған кәпiр, жазаңды берейiн», – деп, Кәпiрге сол арада қырғын салды. Дүлдүлге мiнiп кәпiрдi аралайды, Кәпiрдiң араларын саралайды. Өлген жанның кәпiрден қисабы жоқ, Аққан қан судай боп сарқырайды. Дүлдүлге ашуланып мiнiп алды, Кәпiрге сол арада қырғын салды. Тiл алғанын мұсылман қылды сонда, Дiнге енбеген кәпiрдi қырды сонда. Дүлдүлдiң терi ағады сауырынан, Ғалидың кiм қалады дауысынан. Қисабы жоқ кәпiрдi қырған шақта, Қан келедi Дүлдүлдiң бауырынан. Ашуланды Зеңгiрдi қуамын деп, Мен оны не себептен жiберем деп. Пайғамбарға келдi де қол көтердi, «Кеткен Зеңгiр патшаны қуамын», – деп. – Ей, балам, бұ қылғаның жарайды емес, Кәпiрге бұ қылғаның жаман емес. Һәммасын да Құдай ендi бiзге бердi, Бұ да ендi бiздерге жаман емес. Ғали сонда Пайғамбардың тiлiн алды, Тiлiн алып сол арада тұра қалды. Қашқан-пысқан кәпiрдiң көп олжасын Үлесiп, сахабалар байып қалды. Жүһүдке Пайғамбарым барған жерi, Кәпiрге ақырзаман салған жерi. Елдей көшiп Мәдинеге жөнеледi Кәпiрдiң дiнге кiрген баршалары. Ендi бiр гәп сөйлейiн Зейнеп қыздан, Тiлегi қабыл болады зарлағанның. Ғашық болып зарланып жатқан екен, Қашан хабар келер деп Мәдинеден. Хасенге ғашық болып зарлап жатқан, Көктегi перiштелер құлақ салған. Құдайдан Жәбiрейiлге пәрмен болды, «Зейнептi Мәдинеге ерткiл» деген. Жәбiрейiл бұйрықпенен жетiп келдi, Зеңгiр ханның үйiне құлақ салды. Зейнеп қыздың жылаған үнiменен, Темiр үйдiң төбесiн тесiп жетiп келдi. Тесiгiнен тырнақтай келдi кiрiп, Түрегелдi Зейнеп қыз тағзым қылып. Жәбiрейiл екенiн таныған соң, Қол қусырып тұрады тәубе қылып. Темiр үйден тебiретпей алып ұшты, Қанатының үстiне салып ұшты. Көзiн ашып-жұмғанша Жәбiрейiл алып ұшып, Шаһарына Мәдиненiң алып келдi. Қыз көрген соң Арыслан қылды тойды, Отыз бес күн шаһарын жиын қылды. Тамам асхаб бұ тойға көп жиылып, Сахабалар баршасы қызық қылды. Зеңгiр хан түнде қашып кеткен жерi, Мұратқа екi ғашық жеткен жерi. Мәдинеге Зеңгiрдiң барған жерi, Көп жамағат ұрысты салған жерi. Үш жүз алпыс қатынды Хасен алып, Ең үлкенi Зейнеп қыз болған жерi. Құдай қосқан қосағы Зейнеп қызды Түсiнде душар қылды Хақ Тағала. Үш жүз алпыс қатынды Хасен алып, Кiтапта бiр күн көрдiм тағы өзiм. Көңiлiм бұ Зейнепке тола ма деп, Басыма дәулет құсы қона ма деп, Көп қатынды алыпты Хасен сонда, Кiтапта көрген қызым бола ма деп. Хасендi қосқан қосағы Зейнеп қызға, Түсiнде душар қылған Хақ Тағала. Бiр Құданың достарын көп сөйледiк, Қол көтерiп қылыңыз бұған дұға. Таммат тамам.
English
This language variant is not available
This language variant is not available