Kazakh
Мұхаммед-Ханафия хазірет Әли ұғлының Табут падишамен соғысқаны
Сөз басы
Әй, Досы, неге отырсың қалам тартпай,
Бұ дүние өтер бастан шапқан аттай.
Сүрiктi мезгiлдi күн жеткеннен соң,
Аллаға тапсырарсың аманаттай.
Барында дәуренiңнiң ойнап-күлiп,
Хикаят сөз қалдыршы кәрi-жасқа-ай.
Баласы, атым Досы, Тiлегеннiң,
Бiрi едiм жастан талап iздегеннiң.
Басыңнан бақыт құсы тайып кетсе,
Болмайды ойға алып көздегенiң.
Жайынан Әли Арыслан сөз қылайын,
Халыққа ұнай қалса сөйлегенiм.
Мәдинеде Әли Арыслан тұрған екен,
Күнбатыс, күншығысқа барған екен,
Дiн үшiн кәпiрлермен соғыс салып,
Қисапсыз көп кәпiрдi қырған екен.
– Иә, Алла, мен құлыңа жәрдем бер, – деп,
Дiн үшiн шыбын жанды қиған екен.
Ойлаған көп дұшпандық Мұхаммедке
Дейтұғын қайсар Рұм хан бар екен.
Қайсарға хазiрет Әли бармақ болды,
Жолына дiн исламның салмақ болды.
Көнбесе Хақ жолына мойын бұрып,
Бiр Алла берсе жәрдем қырмақ болды.
Елiне қайсар Рұм жүрдi дейдi,
«Иә, Алла» деп Дүлдүлiне мiндi дейдi.
Арада неше бiр күн белдер асып,
Елiне қайсар Рұм келдi дейдi.
«Кiрсiн, – деп, – дiн исламға мойын қойып»,
Жiбердi патшасына бiрдi дейдi.
Әлидiң айтқан сөзiн ұнатпайды,
Құрысын деп ислам дiнiн жолатпайды.
«Сиқыршы Мұхаммедiң алдаушы», – деп,
«Өлем, – деп, – дiнiм үшiн» тызақтайды.
Солардан өткен, Тәңiрi-ай, дүние жалған,
Соғысқан ислам үшiн Әли Арыслан.
Соғысып дамыл алмай Әли Арыслан,
Кәпiрдiң сол арада бәрiн қырған.
Қырса да кәпiрлердiң бiрiн қоймай,
Етпедi сонда дағы бiреуi иман.
Тозақ деп әуелi Алла жазғаннан соң,
Жолында кәпiрлердiң жанын қиған.
Ағызды кәпiрлерден қызыл қанды,
Олжалап кәпiрлердiң малын да алды.
Бар екен қайсар Рұмның жалғыз қызы,
Қолына тұтқын қылып оны да алды.
Соғысып кәпiрменен аман-есен,
Алты айда Мәдинеге келiп қалды.
Көрiсiп, Пайғамбармен амандасып,
Алдына келген малдың бәрiн салды.
Нашары Мәдиненiң жиылып келiп,
Кәпiрден келген малды бөлiп алды.
Жалғанда қайсар Рұм болған екен,
Есiмi жалғыз қыздың Ханифа екен.
Сипаты хор қызының сипатындай,
Жоқ екен әйелдерде бұдан өткен.
Белгiсi сұлулықтың бұл емес пе,
Жайылып жан-жаһанға даңқы кеткен.
Мұхаммед хақ Пайғамбар: – Балам, – дейдi,
Ханифа, үйретейiн иман, – дейдi.
Пайғамбар қанша үгiт айтса дағы,
Тiлiне Расул Алла қыз көнбейдi.
– Жарайды, мен көнейiн, Нұр Мұхаммед,
Бар едi үш тiлегiм, берсең, – дейдi.
Мен едiм қолыңызда тұрған жетiм,
Көз жасын жетiм-жесiр көрсең, – дейдi.
Бұл сөзге қыздың айтқан таңға қалды,
Мұхаммед хақ Пайғамбар ойға қалды.
«Берсiн, – деп, – қыздың айтқан үш тiлегiн»,
Бiр Алла Жәбiрейiлден хабар салды.
Мұхаммед хақ Пайғамбар Алла досты:
– Ханифа, арызыңды айт, – деп құлақ салды.
Қыз айтты: – Расул Алла, арызым болсын,
Берсеңiз үш тiлегiм, көңiлiм тынсын.
Ерлiгiн Әли Арыслан көрiп едiм,
Өзiне жұфұтланып некаһ қисын.
Екiншi, бiр тiлегiм мен айтайын,
Сүйiктi бұл ғаламға бiр ұл берсiн.
Үшiншi, бiр тiлегiм және мынау,
Қызыңыз Бибi Фатима тату жүрсiн.
Бiз жүрсек тату болып бiр туғандай,
Халықтың Мәдинеде көзi көрсiн.
Арыз айтып Ханифа қыз тiлек қылды,
Үйренiп ислам дiнiн жадына алды.
«Құдай бiр, иман шын» деп иман айтып,
Мұсылман сол сипатта болып қалды.
Солардан өткен, мiне, дүние жалған,
Некаһлап Ханифаны Әли алған.
Құдайым берсе қазына аз емес қой,
Ханифа Әли ерден жүктi болған.
Ханифа алып тiлек көңлi тынды,
Балқыған нұры айдай бiр ұл туды.
Ол ұғыл туғаннан соң айтып азан,
Мұхаммед-Ханафия атын қойды.
Ханифа қылады тағат Алласына,
Құдайым бердi перзент көз жасына.
Құдайым артық сипат бәрiн берiп,
Жетiптi сау-саламат бес жасына.
Қолына кiтап алып Ханафия,
Оқырға барады екен молдасына.
Келiптi Мұхаммед-Ханафия жетi жасқа,
Болыпты имам молда кәрi-жасқа.
Тауфиқпен Кәрiм Алла ғұмыр берiп,
Жетiптi сөйтiп жүрiп жетi жасқа.
Айналып келесi жыл онға жеттi,
Әр iске қолын созып көңiл еттi.
Екпiнi жас баланың жанған оттай,
Атаның ана менен көңлi бiттi.
Сапарға Әли Арыслан жүрмек болды,
Бергенiн бiр Алланың көрмек болды.
Атасы жүремiн деп айтқаннан соң,
Мұхаммед-Ханафия ермек болды.
– Жаратқан баршамызды Алла, – дейдi,
Қарағым, Ханафия, барма, – дейдi.
Қатпаған қабырғасы жас баласың,
Ойнағыл аға-iнiңмен қал да, – дейдi.
Қоштасып: – Қал, – деп, – балам, бетiн сүйдi,
Бұл сөзге баласының iшi күйдi.
– Барма деп атам маған көп айтады,
Қасына ерiтпейдi текке, – дейдi.
Дүлдүлге сөйтiп айтып мiнiп алды,
Баласы атасының тiлiн алды.
«Ендi мен аң аулап келейiн», – деп,
Мұхаммед-Ханафия ойға алды.
Ат-жабдық сол арада даярлатып,
Қаруын керек-жарақ жиып алды.
«Иә, Алла, жәрдем бер» деп атқа мiнiп,
Тауына Мәдиненiң барып қалды.
Тауына Мәдиненiң барып қалған,
Алыпты жақ пен саржа, гүрзi, қалқан.
Алдынан ешбiр нәрсе шықпағансын,
Басына таудың шығып айқай салған.
Дауысы жаңғыртыпты тау мен тасты,
Айқайымен бiр киiк тұра қашты.
Киiктi тiрiдей ұстап аламын деп,
Атына астындағы қамшы басты.
Сол киiк соныменен қаша бердi,
Көрiнбей тау мен тастан аса бердi.
Мұхаммед-Ханафия ыза болып
Қол жақпен ұстаймын деп ата бердi.
Соңынан ыза болып қуа-қуа,
Қалдырды елден кетiп талай жердi.
Терлетiп атын қанша қуса дағы,
Жеткiзбей бiр бақшаға келiп кiрдi.
Ғажайып таң қалғандай бiр гүлiстан,
Мұхаммед-Ханафия көзi көрдi.
Көргенсiн ол бақшаға таң қалады,
Ол киiк кетiп көзден жоғалады.
Миуа бар түрлi-түрлi пiсiп тұрған,
Қызыл гүл бақшадағы қозғалады.
Бұлбұл бар ол бақшада сайрап тұрған,
Қаз қонып, үйрек ұшып, парлап тұрған.
Киiктi тiрiлей ұстап аламын деп,
Мұхаммед-Ханафия ойлап қуған.
Ол киiк көрiнсе де ұстатпайды,
Мұхаммед-Ханафия қайран болған.
Ол киiк шамаласақ, шайтан екен,
Мұхаммед-Ханафия[ны] алдап ұрған.
Бақшаға ол киiктi қуып келдi,
Жас бала шаршағансын ұйқы келдi,
Тынығып осы жерде алайын деп,
Бақшаға атын түсiп қоя бердi.
Бар екен Табут деген кәпiр патша,
Саяхат қылады екен осы жердi.
Табуттың екi жүз бас батыры,
Үстiне жатқан бала о да келдi.
Бақшада ұйықтап жатыр бiр жас ұғлан,
Кәпiрдiң өңкей палуан көзi көрдi.
Кәпiрлер тұрды қарап көзiн салып,
Жас бала ұйықтап жатыр нұрдай балқып.
– Апырым-ай, перi зат па, адамзат па бұ бала? – деп,
Кеңесiп сөз сөйлейдi жабырласып.
Түрi артық ұйықтап жатқан жас баланың,
Айбаты көрiнiптi көк таласып.
Баланы бұл кәпiрлер оятады,
– Кiмсiң? – деп, жөнiн сұрап сөз қатады.
Рұқсатсыз бұл бақшада сен жатырсың,
Өтiн, – деп, – төремiзге, – сөз айтады.
Жығылып аяғына басыңды ұр, – деп,
Батырлар осылайша көп айтады.
Ханафия ояныпты көзiн ашып,
Қайраты жас баланың судай тасып.
Балаға екi жүзi аз емес қой,
«Сөйле» деп тұрды кәпiр қамаласып.
Жас бала сұрағанның бәрiн айтты,
Жауапқа көрмейдi қорқып-сасып.
Кәпiрге бала тұрып жауап бердi:
«Кәпiр деп өтiнбеймiн, дiнiң – пасық».
Кәпiрлер бұл сөзiне ашуланды,
Баланы өлтiремiз деп қатуланды.
Батырлар қанша ерлiк айтса дағы,
Ханафия аяр емес шыбын жанды.
Пасықтың сондай айтқан ерлiгiне
Ханафия ашуланып оттай жанды.
– Жас бала, жөнiңдi айтшы, перiмiсiң,
Болмаса адамзаттың бiрiмiсiң?
Сұрайық, жерiң қайда, атаң кiм-дүр,
Жауабын бiздiң сөздiң берермiсiң?
Патшаның бақшасында сен жатырсың,
Бар едi бұл арада не жұмысың?
– Айтайын, сiз сұрасаң, жөнiм, – дейдi,
Белгiлi Мәдинеде елiм, – дейдi.
Сұрасаң, бабам аты Нұр Мұхаммед
Сындырған кәпiрлердiң белiн, – дейдi.
Алланың Арысланы хазiрет Әли
Өз атам сұрасаңыз менiң, – дейдi.
Кәпiрге салған ойран атам Әли,
Қалдырмаймын, қырармын бәрiң, – дейдi.
Кәпiрлер, нағыласың маған, – дейдi,
Фатима, Ханифамен анам, – дейдi.
Жаралған нұр сипаты ай мен күндей,
Хұсайын, Хасен ғазы ағам, – дейдi.
Уай, кәпiр, бәрiң бiрдей қамаладың,
Аянба, келсе шамаң маған, – дейдi.
Атына Ханафия мiнiп алды,
Кәпiрлер өлтiруге ойына алды.
Айтқансын Ханафия аты-жөнiн,
Кәпiрлер дұшпаным деп бiлiп алды.
Кәпiрдiң екi жүзi қамағансын,
Ханафия қару-жарақ қолына алды.
Кәпiрлер ата дұшпан болғаннан соң,
Қиыпты он жасында шыбын жанды.
– Мен өзiм жас баламын он жасымда,
Қылмассыз маған нәрсе қамасаң да.
Төреңе басымды ұрып жалынбаймын,
Кәпiрлер, қанша менi алдасаң да.
Мен жалғыз сендерменен соғысамын,
Әскерiн Табут патша жинасаң да.
Жаратқан барша ғалам Аллам, – дейдi,
Жәрдем бер, Нұр Мұхаммед бабам, – дейдi.
Алланың Арысланы атам Әли,
Тiлектес бола көргiл маған, – дейдi.
Алланың жаныменен сүйген құлы
Хұсайын, Хасен ғазы ағам, – дейдi.
Өсiрген тәрбиелеп жастан менi,
Ханифа мен Фатима апам, – дейдi.
Бас берген ислам үшiн жанын қиып,
Сахаба отыз үш мың тамам, – дейдi.
Кәпiрмен не де болса соғысайын,
Бұларға келсе жалғыз шамам, – дейдi.
Аллаға осылайша тiлек қылды,
Майданда кәпiрлермен соғыс қылды.
Ақырып «иә, Алла» деп дамыл алмай,
Жас бала таңқалғандай қайрат қылды.
Құдайым жас балаға тiлек берiп,
Кәпiрдiң екi жүзiн бәрiн қырды.
Қырғансын бiрiн қоймай демiн алды,
Қинады соғыс салып шыбын жанды.
Кәпiрлер жаһаннамға жанын берiп,
Иесiз ер-тоқым мен аты қалды.
«Кәпiрдiң дүние-малын алмаймын», – деп,
Кестi де бiр батырдың басын алды.
Соғысып кәпiрлердiң бәрiн қырып,
Үш күнде Мәдинеге жетiп барды.
Мұхаммед-Ханафия аңға барған,
Көрсеткен түрлi ғажайып Тәңiрiм оған.
Белгiлi Мәдинеде майдан жерге,
Әкелiп кәпiр басын соған қойған.
Кәпiрмен Ханафия соғыс салған,
Кәпiрдiң басын көрген таңға қалған.
Майданға кәпiр басын қоя салып,
Қайда деп ата-анасы үйiне барған.
Ер жiгiт қайраты асқан туса дағы,
Бәрiнен өткен екен дүние жалған.
Жiгiтке жаудан қашқан жараспайды,
Басы деп пәлен батыр сыр ашпайды.
Жас бала сырын айтпай тұрғаннан соң,
Сахаба бастың жайын сұраспайды.
Еш сырын Ханафия айтар емес,
Таңқалып сахабалар құрды кеңес.
Қараса көз жiберiп кескен басқа,
Дүниеде ондай басты көрген емес.
Айтылған сапарынан Әли келдi,
Майданда кескен басты көзi көрдi.
Көрмептi мұндай басты ғұмырында,
Аралап жүрсе дағы талай жердi.
– Апырым-ай, мына басты кiм кестi? – деп,
Арыслан сахабадан сұрай бердi.
– Кәпiрге талай қырғын салсам дағы,
Көрмедiм мұндай басты деп жауап бердi.
– Айтамыз көрген жайды саған, – дейдi,
Аң аулап Ханафия барған, – дейдi.
Тауына Мәдиненiң кетiп едi,
Келмедi үш күнгеше тамам, – дейдi.
Бiз дағы үшбу басқа таң қаламыз,
Келтiрген Ханафия балаң, – дейдi.
Балаңыз бiзге сырын еш айтпайды,
Балаңыз айтар сырын саған, – дейдi.
Арыслан үйге келiп аттан түстi,
«Құлыным» деп баласының бетiн өптi.
– Майданға таң қалғандай бас қойыпсың,
Жайынан осы бастың сөйле, – дептi.
Артымнан аңға шығып сен кетiпсiң,
Шырағым, барып қайттың қайда? – дептi.
Ханафия тұрып сөйлейдi,
Сөйлегенде не дейдi:
– Көрген жайым сөйлейiн,
Мейiрбанды жан ата,
Құлағыңды сал, – дейдi.
Сiз кеттiң, атам Әли, жолға шығып,
Ойладым келейiн деп аңға шығып.
Қолыма саржа, гүрзi, қалқан алып,
Жол тарттым тәуекел деп атқа мiнiп.
Көзiме ешбiр нәрсе көрiнбедi,
Айқайлап дауыстадым тауға шығып.
Ақырған қаһарланып даусымнан,
Бiр киiк қаша бердi ойдан шығып.
Ойладым сол киiктi қуайын деп,
Бұйырса тiрiлей ұстап алайын деп.
Тiрiлей сол киiктi ұстап алсам,
Тамаша құрбыларыма қылайын деп.
Атымды жетемiн деп ұра бердiм,
Соңынан сол киiктiң қуа бердiм.
Сол киiк қаша-қаша алып барды,
Сайраған бұлбұл құстар бақша көрдiм.
Бақшаға бұлбұл қонған көзiм салдым,
Апырым-ай, не ғажап деп қарай қалдым.
Бар екен миуа жемiс пiсiп тұрған,
Көргенсiн түрлi құстар таңға қалдым.
Киiктi ұстаймын деп шауып-шауып,
Ат соғып демiмдi алмай шаршап қалдым.
Айырылып қуып келген киiгiмнен,
Азырақ ұйықтайын деп жата қалдым.
Ұйқыға жатқаннан соң көзiм кеттi,
Сақта деп жадыма алдым Құдiреттi.
Тынығып ұйқы тартып жатқанымда,
Құлағыма дабырлаған дауыс жеттi.
Ұйқыдан сол уақытта тұрып едiм,
Кәпiрдiң екi жүзi келiп жеттi.
Кәпiрлер сол арада сөз сұрады,
«Атаң кiм, жерiң қайда?» деп сұрады.
«Сен неге келесiң, – деп, – бұл бақшаға,
Өтiн, – деп, – төремiзге» ақырады.
«Басыңды сенiң ендi кесемiз», – деп,
Бәрi де ерлiк айтып шақырады.
Сөзiне кәпiрлердiң ашуландым,
«Пасық, – деп, – дiн бiлмеген» қатуландым.
«Сұрасаң, бабам аты – Нұр Мұхаммед,
Атам, – деп, – Әли Арыслан» айтып салдым.
«Өлтiрелiк дұшпан ұғлын» дегеннен соң,
Сиынып бiр Аллаға соғыс салдым.
Бiр Алла сол соғыста жәрдем берiп,
Кәпiрдiң екi жүзiн қырып салдым.
Кәпiрдiң дүние-малын алмаймын деп,
Батырдың таңдап басын кесiп алдым.
Аң аулап балаңыздың барған жерi,
Соғысты кәпiрлермен салған жерi.
Кәпiрдiң екi жүзiн қырып салып,
Батырдың басын кесiп алған жерi.
Соғысып құр басым бақшасында,
Майданға бас әкелiп қойған жерi.
Есiтiп Әли Арыслан: – Балам, – дейдi,
Айтайын бiр насихат саған, – дейдi.
Мен салдым кәпiрлерге талай ойран,
Бiздерге кәпiр бәрi дұшпан, – дейдi.
Ойласаң өмiр сүрiп жүремiн деп,
Далаға үйден шығып барма, – дейдi.
Қуғаның киiк емес, шайтан малғұн,
Түсiрер сенi, балам, орға, – дейдi.
Батырдың қырылғанын Табут бiлсе,
Көп әскер қойған шығар сонда, – дейдi.
Табуттың әскерi бар жетi жүз мың,
Түсiрер сенi, балам, қолға, – дейдi.
Бұл сөзiм менiң айтқан бәрi де рас,
Жан балам, бұл сөзiмдi тыңда, – дейдi.
Бұл бабаң әлдеқашан қырар едi,
Қыруға бұйырмайды Алла, – дейдi.
Ал, ендi естiңiздер Табут жайын,
Азырақ кәпiрлерден сөз қылайын.
Баласы Шаһимардан аңға шығып,
Кәпiрге душар қылған бiр Құдайым.
Батырын Ханафия қырған екен,
Жәрдемшi бiр Алласы болған екен.
Қырды деп батырыңды қорынады,
Хабары патшасына барған екен.
Сол күнде Табут патша ашуланды,
Мың кiсi бақшасына қойған екен.
Өлтiр деп бөтен қара кiсi барса,
Жарлықты әскерiне қылған екен.
Айтайын, тағы келдi Әли сөзi,
Жүретiн бiр сапарға келдi кезi.
Ер Әли үшеу болып жүрмек болды,
Қасында Хұсайын, Хасен ғазы – екi көзi.
Кеткенде атасы мен ағаларын
Мұхаммед-Ханафия көрдi көзi.
Ер Әли үшеу болып кетiп қалды,
Дiн үшiн қинайын деп шыбын жанды.
Мұхаммед-Ханафия он жасында
Айырылып атасынан үйде қалды.
Тағы да таудан киiк қуамын деп,
Атына даярланып мiнiп алды.
Қолына саржа, гүрзi, қалқан алып,
Барам деп көрген тауға ойына алды.
Аң үшiн Ханафия үйден кеттi,
Тауына өзi көрген келiп жеттi.
Жастықпен ата сөзiн ұмытып едi,
Құдайым берер екен не бейнеттi.
Сол тауға тағы бiреу келер-ау деп,
Көп кәпiр қараушы едi ерте-кештi.
Пиғылы кәпiрлердiң сондай жаман,
Бiр адам келе қалса өлтiрмекшi.
Аң аулап Ханафия жүргенiнде,
Кәпiрдiң аңдып жүрген көзi түстi.
Көп кәпiр сол арада көрiп қалды,
Жиылып бiр баланы ортаға алды.
Түстi деп қолымызға қуанысып,
Сол жерде өлесiң деп айтып салды.
– Жалынып төремiзге басыңды ұр, – деп,
Көп кәпiр жас балаға хүкiм салды.
Сөйлейдi Ханафия сонда тұрып,
Iшiнде көп кәпiрдiң жалғыз тұрып.
– Тыңдаңыз менiң сөзiм, пасық кәпiр,
Жоламай бет алдыңа құлақ бұрып.
Кәпiрлер, соғысуға келгенiм жоқ,
Бiр Алла не берсе де көңiлiм тоқ.
Дiнсiздiң қандай патша, сұлтанына,
Адам деп айтқанына көнгенiм жоқ.
Бiлмейтiн бiр Құдайды пасық кәпiр,
Кессең де қара басым көнерiм жоқ.
Беремiн сұрасаң жауап сөзiңiзге,
Кiрмеген атам менiң дiнiңiзге.
Пұтыңды сенiң Құдай қыла алмаймын,
Және де жалынбаймын төреңiзге.
Ойламай бiр Құдайды жанымды ойлап,
Жалынып бас ұрмаймын өзiңiзге.
Кәпiрлер бала жайын сөз қылады,
Баланы ұстайын деп ой қылады.
– Апырым-ай, өзi бала, өзi жалғыз,
Бiздерге өлтiргенде нағылады.
Мың кәпiр осы сөздi айта салып,
Ат қойып бәрi бiрдей жабылады.
Мұхаммед-Ханафия ашуланды,
Мың кәпiр бiр баланы қамап алды.
«Мен өлсем бұл кәпiрден шаһидпын», – деп,
Мұхаммед-Ханафия ойына алды.
«Иә, Алла, маған жәрдем бере көр», – деп,
Қолына саржа садақ оғын алды.
Кәпiрлер қамап тұрып қырылғансын,
Қасына ешбiреуi бара алмады.
Кәпiрлер қамағаннан оғын атты,
Жетпiсiн қатар тұрған жалғыз атты.
Бiр Құдай қолтығынан демегенсiн,
Кәпiрге бiр баланың қолы батты.
Кәпiрлер алып кеттi жердiң жүзiн,
Бiлмейдi бiр-бiрiнiң айтқан сөзiн.
Соғысып демiн алмай кешке дейiн,
Ханафия қырып салды алты жүзiн.
Кәпiрмен жан аямай ұрыс қылып,
Толтырды қызыл қанға жердiң жүзiн.
Қырылып көп кәпiрдiң жаны кеттi,
Түбiне жаһаннамның барып жеттi.
Бермесе ендi жәрдем Кәрiм Алла,
Махдумның Ханафия оғы бiттi.
Оқ бiтiп қалғаннан соң гүрзi салды,
Кәпiрдiң айласына көзiн салды.
Баланы не де болса ұсталық деп,
Махдумға темiр зiнжiр бұғау салды.
Көрмесе көздiң жасын бiр Құдайым,
Етiне он жетi жерден жара салды.
Бөрiдей қойға тиген домалантып,
Үш жүзден тағы бала қырып салды.
Сол уақыттар болғанда,
Қайраты таудай басады.
Демiн алмай ұрысқан,
Қаны бiр судай босады.
Баланың күшiн көргенсiн,
Қамалап тұрған көп кәпiр
Тұс-тұсына қашады.
Күн-түн қатып соғысқан,
Құрып халi сусады.
Үстi толған көп жара,
Ауыр тартып денесi,
Бәрi бiрдей шаншады.
Қасында қорған жолдас жоқ,
Халi бiткен баланы
Қамалап кәпiр ұстады.
Жолдасы болса қасында,
Қырар едi бұларды.
«Жас қасқырды тұттық» деп,
Патшаға бердi хабарды.
Қозғаларға халi жоқ,
Тiлейдi тiлек Құдайдан.
«Сындырмашы, Алла, – деп,
Шыныменен назарды».
Дiнсiздiң Құдай бiлмес бәрi пасық,
Қуанды Табут патша судай тасып,
Ұстаған жас баланы көп кәпiрлер,
Қуанып, шулап жатыр жабырласып.
Айтады Табут тұрып: – Келсiн, – дейдi,
Зiнжiрмен қол-аяғын бусын, – дейдi.
Дарға асып сол баланы өлтiремiн,
Көп халық өлтiргенiм бiлсiн, – дейдi.
Қылғаны ол баланың асып кеттi,
Қорлықты естен қалмас көрсiн, – дейдi.
Баланы патшасына алып келдi,
Жас бала бiр Аллаға налып келдi.
Болмаса жалғыздықтан ұсталғаны,
Әскерiн Табут патша қырып келдi.
Құдайым берсе қаза шара бар ма,
Жастығын жас та болса алып келдi.
Кәпiрдiң ұстағансын көңлi өсiп,
Әр түрлi ойын-күйге салып келдi.
Соғысып Ханафияның халi кеткен,
– Дарға ас! – деп Табут патша әмiр еткен.
«Өлтiрсек осылайша бола ма» деп,
Мәслихат сөз сұрапты әлеуметтен.
Әлеумет: – Өлтiруге болмас, – дейдi,
Өлген жан қайта бiзге тұрмас, – дейдi.
Өлгенiн хазiрет Әли бiле қалса,
Өлтiрмей бiзден адам қоймас, – дейдi.
Мықтымыз үйде отырып ас iшкенде,
Келгенде Әлиге адам шықпас, – дейдi.
Қырады Әли келсе адам қоймай,
Қарамас жалынсақ та салып ойбай.
Бар, – дейдi, – зұлпықары екi жүздi,
Соғысты қоймас, – дейдi, – қанға тоймай.
Не болар елiң, халi құрығансын,
Бiр адам қалмай бәрi қырылғансын.
Ойлайсыз қайткенде адам қалады деп,
Қылышын қынабынан суырғансын.
Әй, патша, бiздiң айтқан сөзiмiзге ер,
Баланың не де болса тiлегiн бер.
Сөзiңе айтқан сiздiң көне қалса,
Малыңмен Әмина атты қызыңды бер.
Сөзiңе ерлiк айтқан бала көнбес,
Берсеңiз қызың мен мал, сонда көнер.
Баланы өлтiрем деп ойламаңыз,
Басыңыз Әли келсе жерге кiрер.
Әлидiң жаннан асқан қайраты бар,
Және де неше түрлi айласы бар.
Дiнiңе қызыңды алып бала кiрсе,
Әлиге өлетұғын айла табар.
Әлидi Құдай берiп өлтiрсеңiз,
Көп араб Мәдинеде құлың болар.
Бұл сөздi жүмлә кәпiр мақұл көрдi,
Түсiнiп Табут патша ақыл көрдi.
Бiр айла не де болса қылалық деп,
Баланы көп кәпiрлер шақырды ендi.
Баланың жарақаты сондай жаман,
Кәпiрлер тiрiлтем деп дәру бердi.
Алланың артық берген қайратынан,
Баласы Шаһимардан жәбiр көрдi.
Шақырып Табут патша: – Бала, – дейдi,
Сөзiмдi менiң айтқан тыңла, – дейдi.
Бермедi басыңа пайда көп қайратың,
Дiнiме кiр, менiң қызым ал да, – дейдi.
Қылғаның жас та болса өтiп кеттi,
Шырағым, ендi тентек болма, – дейдi.
Осылайша Табут патша жауап бердi,
«Iшкiл» деп құйып алып шарап бердi.
– Әй, бала, бұл шарапты iше қалсаң,
Еске алмай ұмытарсың өткендердi.
– Әй, Табут, қанша айтсаң да тiл алмаймын,
Дiнiңе қорқып сенен кiре алмаймын.
Табылар тiрi жүрсем маған қатын,
Қызыңды ал десең де, мен алмаймын.
Iшпеген ата-бабам арақ-шарап,
Сөзiңе ерiп сенiң iше алмаймын.
Бiлмеген Құдай бар деп пасық кәпiр,
Сөзiңдi қанша айтсаң да тiптi алмаймын.
Бұл сөздi, Табут патша, аузыңа алма,
Харамды арақ-шарап қолыңа алма.
Қызыңның жолда жатса, керегi жоқ,
«Кәпiрдiң дiнi пасық» деген Алла.
Бiр Құдай берген жанды өзi алады,
Жарама үстiмдегi дәрi қылма.
– Апырым-ай, менiң қызым алмаймысың,
Сөзiме менiң айтқан нанбаймысың?
Қызымның нұр сипаты жаннан асқан,
Бiтпеген бұл дүниеде ондай пiшiн.
Шырағым, қызымды алып дiнiме кiр,
Шынымен айтқан сөзiм тастаймысың.
Патшаңыз ашуланып ақырады,
«Келсiн» деп Әмина қыз шақырады.
Сүйегiнен бала сөзi өтiп кетiп,
Шыдамай ашу қысып қалтырады.
Есiтiп бала сөзiн көп кәпiрлер
Бiле алмай не айтарын отырады.
Бiр кәпiр хабар айтып қызға барды,
Патшаның айтқан сөзiн айтып барды.
Қайратын жас баланың есiткен қыз,
«Дiнiме кiрсе екен» деп тiлеп барды.
Киiнiп асыл киiм бiрiн қоймай,
Үстiне иiстi суын шашып барды.
Кәпiрлер қыз сипатын көргеннен соң,
Бәрi де есi кетiп қатып қалды.
Жиыпты Табут патша елi-халқын,
Қалдырмай сарайына кәрi-жасын.
Көрсеттi қызығар деп жалғыз қызын,
Сөзiне Ханафия болмағансын.
Әлеумет, құлақ салып тыңдасаңыз,
Айтайын бiразырақ қыз тұлғасын.
Бойы бар шынардың ағашындай,
Көрген жан естен кетер адасып-ай.
Секiлдi түйме басы, қиғаш қасы,
Шашы тұр талдап өрген жарасып-ай.
Ақ бетi жаңа жауған қар секiлдi,
Көзiнiң мөлдiреп тұр қарашығы-ай.
Қиғаш қас, оймақ ауыз, қызыл ерiн,
Күмiстей ақ бiлегi тартқан сымдай.
Тұлғасы хор қызының сипатындай,
Белi тұр нәзiк дiңге нағып сынбай.
Сипаты қыздың артық болса дағы,
Бала отыр алмаймын деп дiнiн қоймай.
Жалынып Табут патша айтса дағы,
Бала отыр бiр сөзiне құлақ қоймай.
Қор қылып қыз бен сөзiн алмағансын,
Патшаңыз аза болып салды ойбай.
Патша айтты: – Жиып халқым келтiр, – дейдi,
Баланы дарға апарып өлтiр, – дейдi.
Өзiме жәбiр берiп, қырды халқым,
Өлтiрiп бұл жиһаннан кетiр, – дейдi.
Қырар деп хазiрет Әли бiле қалса,
Жиылған көп әскерi өлтiрмейдi.
Жиылған елi-халқым өлтiрмесең,
Алып бар, зынданыма кiрсiн, – дейдi.
Зынданға салып мұны мықтап бекiт,
Қорлықты ендi бала көрсiн, – дейдi.
Баланы зынданына алып барды,
Жас бала бiр Аллаға налып барды.
Кiргiзiп зынданына жас баланы,
Он батыр қара таспен жауып салды.
Есiкке қарауылшы және қойып,
Шуласып көп кәпiрлер кетiп қалды.
Махдумды жауып салды кiлең пасық,
Балаға патша қызы болды ғашық.
Зынданға жас баланы салғаннан соң,
Өртендi қыз байғұстың жаны ашып.
Ойлайды қыз «зынданға барайын» деп,
«Қылам, – деп, – өзiме күйеу, болса нәсiп».
Әмина ғашық болып тызаңдайды,
Шыдамай күн батқанша төзе алмайды.
Кiрмесе өз дiнiме жас бала, – деп,
Мұсылман болайын деп ой ойлайды.
Қайткенде жолдас қылып аламын деп,
Қыз байғұс шыдай алмай көп ойлайды.
Жанына ғашық оты жаман батты,
Кеш болып, ақшам болып, күн де батты.
Дұшпанын көп кәпiрлер ұстап алып,
Тынығып кеш болған соң ұйықтап жатты.
Ұйықтап жұрттың бәрi қалғаннан соң,
Зынданға Әмина қыз қадам басты.
Зынданға Әмина қыз келiп жеттi,
Өлтiрiп қарауылшының басын кестi.
Нағылсам Құдай маған қосады деп,
Iшiне қыз байғұстың қайғы түстi.
Әмина тыста отырып жылап отыр,
«Иә, Алла, қоса көр», – деп тiлеп отыр.
Iшiнде сол зынданның Ханафия
Сүресiн Һұд атаның*
оқып отыр.
Оқыған жас баланы көргеннен соң,
Сабыры қыз байғұстың қалмай отыр.
Бекiткен есiгiнде көрдi тасты,
Он батыр қойып едi сол бiр тасты.
Әмина шыдай алмай ғашық отына,
Лақтырып қара тасты есiк ашты.
Iшiне зынданының кiрiп келiп,
Баламен Әмина қыз амандасты.
– Ал, ендi нағылсаң да, ықтиярсың,
Сен үшiн қидым, – дейдi, – ғарiп басты.
Қыз айтты: – Бақыт берсiн маңдайыңа,
Бiрге жүр, мен барайын сарайыңа.
Дiнiме, жан ғашығым, сен кiрмесең,
Құлшылық мен қылайын Құдайыңа.
Мұхаммед-Ханафия қабыл көрдi,
– Жүр ендi, баралық, – деп соңына ердi.
Дiнiме кiрсең сенi аламын, – деп,
Мұхаммед-Ханафия жауап бердi.
Қыз айтты: – Көзiм жасын көрсең, – дейдi,
Тiлегiн мен байғұстың берсең, – дейдi.
Кел, ендi құшақтасып сүйiселiк,
Көңлiңдi шыныменен берсең, – дейдi.
Қасыңа жолдас қылып алғаннан соң,
Арман жоқ ендi мен де өлсем, – дейдi.
– Аманат бiр Аллаға шыбын жаным,
Соғысып кәпiрлермен қиналғаным.
Әмина, дiнiң тастап, иман айтшы,
Көңлiмнен кетсiн менiң бар күмәнiм.
Қасыңа неке қимай мен жатпаймын,
Бұйрығы емес зина қылу бiр Алланың.
Бұл сөзiн Әмина қыз қабыл көрдi,
«Құдай бiр, Құран шын» деп дiнге кiрдi.
Қалдырып пасық дiндi Әмина қыз,
Көңiлдi айтып иман нұрландырды.
– Әй, Әмина, Мәдинеге бiз баралық,
Некенi бабамызға қидыралық.
Бiз болып халал жұфұт сол арада,
Көңiлдi екеумiз де тындыралық.
Екеуi Мәдинеге қашпақ болды,
Үш қызды қызмет үшiн алмақ болды.
Ат сайман, қару-жарақ бәрiн алып,
Сол түнде «иә, Алла» деп аспақ болды.
Бiлмеймiз ақырында не болады,
Көңiлi екi жастың тәттi-ақ болды.
Екеуi соныменен қашып кеттi,
Жолына Мәдиненiң асып кеттi.
Таң атса ханның қызы, бала да жоқ,
Патшаға «қашты» деген хабар жеттi.
Дұшпанымен қызы қашып кеткеннен соң,
Патшаңыз аза салып талып кеттi.
Патшаның ашуланып ақылы қашты,
Басына отыра қалып топырақ шашты.
«Өлтiрiп дұшпанымды, қызды әкел», – деп,
Мың кiсi жиып алды кәрi-жасты.
Қорлығына бiр баланың шыдай алмай,
Ағызды екi көзден қанды жасты.
Мың кiсi сол арада қуды дейдi,
Қуғанын Ханафия бiлдi дейдi.
Келедi артымыздан қуып кәпiр,
Бiр соғыс тағы бiзге болды дейдi.
– Кәпiрмен жалғыз өзiм соғысайын,
Сен барып бiр тасаға тұрғыл, – дейдi.
Кәпiр көп, Алла жалғыз, мен де жалғыз,
Тiлектес, Әмина қыз, болғыл, – дейдi.
Бере көр тiлектi, бiр Құдайым,
Кәпiрге, Әмина қыз, мен барайын.
Жабылар мың кәпiрдiң бәрi бiрдей,
Иә, Алла, бұл пасыққа нағылайын.
Құдайым жәрдем берсе мен қырармын,
Әмина, жан ғашығым, қылма уайым.
Сол жерде көп кәпiрлер келдi жетiп,
Шаңдатып жердiң жүзiн дүрiлдетiп.
– Кеудеңде мың да болса жаның қалмас,
Барасың қызды алып қайда кетiп?
Қолыңнан сенi өлтiрiп қызды аламыз,
Жiберген бiздi патша жарлық етiп.
Сөйлейдi Ханафия сонда тұрып,
Кәпiрге айбаттанып айқай ұрып.
– Жолында Әминаның жаным құрбан,
Қайтыңыз, уай, кәпiрлер, өлмей тұрып.
Кәпiрге атам Әли салған ойран,
Қайтыңыз жаһаннамға кiрмей тұрып.
Жар болса Нұр Мұхаммед бабам, – дейдi,
Кетермiн бәрiңiздi қоймай қырып.
Сол жерде таңғажайып болды ұрыс,
Қырады кәпiрлерге салып қылыш.
Соғысып жан аямай Ханафия,
Кәпiрдiң жетi жүзiн қылды тыныш.
Үш жүзi сол арада кейiн қашты,
Басына дем алуға болмай тыныс.
Үш жүзi өлмей қалған қашып кеттi,
Аруағы бiр баланың басып кеттi.
«Жас бала қырып салды бiздердi», – деп,
Патшаға осылайша хабар жеттi.
Патшасы ыза болып ашуланды,
Шаһардан төрт мың палуан жиып алды.
Артыңнан әскер алып барамын деп,
Төрт мыңды айдап келiп жолға салды.
«Кiмде-кiм сол баланың басын кессе,
Сол менiң күйеуiм», – деп айтып салды.
Бастығы төрт мың әскер сайыпқыран,
Солардан өткен екен дүние жалған.
Ойлары батырлардың – күйеу болмақ,
Төрт мың қол соныменен бәрi қуған.
Болмақшы батырлардың бiрi күйеу, бiрi төре,
Бәрi де соның үшiн жанын қиған.
Бәрi де қуанысып қуадылар,
Бiздерге нағылады деп бiр жас ұғлан.
Осылайша төрт мың әскер қуып кеттi,
Балаға саламыз деп қасiреттi.
Жас бала шаршап жүрген қайда барсын,
Балаға майдан жерде келiп жеттi.
Бiрi күйеу, бiрi төре болармыз деп патшасына,
Қуанды көрсетемiз деп қызметтi.
Кәпiрлер жиылысып не деседi,
Болмас деп бiрме-бiрге кеңеседi.
Бұл бала қайраты жоқ нашар болса,
Бұл жерге қайта-қайта келмес едi.
Кәпiрлер қамап алып тұрысады,
Балаға бiр Алласы болысады.
Баланы өлтiрем деп кiлең кәпiр,
Жабылып қылыш, найза салысады.
Кәпiрлер бiр баламен соғысады,
Өлтiрем деп түрлi айла қылысады.
Жас бала айдаһардай қырғаннан соң,
Кәпiрлер не ғажап деп тұрысады.
Әскермен жиырма мың Табут келiп,
«Жеңбедiң бiр баланы» деп ұрысады.
Кәпiрлер таңғажайып ұрыс қылды,
Он жасар бiр балаға зор iс қылды.
Әскерiн жалғыз бала қырғаннан соң,
Қайғырып Табут патша налыс қылды.
Кәпiрдi қырып бала қуалады,
Әмина көрiп оны қуанады.
Әскерiн қойдай қырып жүргеннен соң,
Қайғырып Табут патша жыланады.
Ақырды Ханафия «қырайын» деп,
Жылайды Табут «қайтiп шыдайын, – деп.
«Он жасар жалғыз бала қырып кеттi,
Палуанның өңшең батыр талайын», – деп.
Қуанып Әмина қыз қарап тұрды,
«Бере көр, бiзге тiлек, Құдайым», – деп.
Әмина шыдамайды «қарайын» деп,
Ойланды «атқа мiнiп барайын» деп.
«Iшiнде көп кәпiрдiң жалғыз жүр ғой,
Қосылып мен де соғыс салайын», – деп.
Тоқтатты қасындағы қатындары:
– Барма, – деп, – бос орынға уайым жеп.
Қырып жүр көп кәпiрдi қасқырдайын,
Балаға жәрдем бердi Құдайым, – деп.
Табуттың болды уайым айтқан сөзi,
Баладан айрылмайды екi көзi.
Балаға қастық қылған көп кәпiрден,
Қараса, көрiнбейдi жердiң жүзi.
«Бiз болдық, бағусыз қой жапандағы,
Бұл бала қырған бiздi, болды бөрi».
Табут патша ал сонда
Әскерiне өтiндi:
– Батырларым, не болды,
Жеңе алмадың жетiмдi.
Арабтың жалғыз баласы,
Аш бөрiдей жедi етiңдi.
Тартып алды қызымды,
Сындырды, халқым, белiңдi.
Қойдай қырып батырды,
Көрсеттi бiзге көрiмдi.
Естiген халық не дейдi,
Қоймай қырып халқымды,
Қара қылды бетiмдi.
Қайратын көрiп баланың,
Шыдай алмай долданып,
Өгiздей патша өкiрдi.
– Жабылыңдар, әскерiм,
Бүйте берсе бұл бала,
Қылар бiзге кесiрдi.
Мұхаммед-Ханафия ашуланып оттай жанды,
Аямай соғыс салып шыбын жанды.
Кәпiрге аш бөрiдей тиiп қатты,
Ағызды дұшпанынан қызыл қанды.
Соғысып күн-түн қатып дамыл алмай,
Сау жер жоқ денесiнде, жараланды.
Үстiнде арғымақтың жүре алмайды,
Қайратты кәпiрлерге қыла алмайды.
Халi жоқ қимылдауға, жарасы көп,
Қылышын бұрынғыдай ұра алмайды.
Кәпiрлер жас балаға қылыш шапты,
Қызыл қан жас баладан судай ақты.
Жабылып бiр балаға сонша кәпiр,
Кеш болып мекенiне қайтып жатты.
Ханафия о да қайтты қостарына,
Секiлдi Әмина қыз достарына.
Соғысқан халi кетiп жас баланы,
Көтерiп аттан алды бастарына.
Халi жоқ жас баланың қозғаларға,
Әкелiп қойды дейдi қастарына.
Көргенсiн Әмина қыз жылай бердi,
Көл болып қойны толып жастарына.
Көл болып көздiң жасы жылайдылар,
Сиынып жан жаратқан Хақтарына.
Қосына Ханафия қайтып жатты,
Аллаға тiлек бер деп налып жатты.
Баланың үстi-басы толған жара,
Қыз байғұс қанын жуып дәру жақты.
«Атама Әли Арыслан бiлдiргiл», – деп,
Аллаға жылап қылды мiнәжатты.
Баладан хал кеткенiн бiлгеннен соң,
Әмина жылай-жылай қайғы тартты.
Сөйлейдi Ханафия сонда тұрып:
– Бабама Нұр Мұхаммед хабар бер, – деп.
Бабам мен атам Әли достың едi,
Бiлдiрiп, бұл кәпiрдiң бәрiн қыр, – деп.
Балаңыз көп кәпiрмен соғыс қылып,
Үстiнен қызыл қаны ағып жүр, – деп.
Қаптаған жердiң жүзi бәрi кәпiр,
Бiр бала ортасында налып жүр, – деп.
Бiр Құдай, фазылың кең, өзiң патша,
Қылсаң да жақсы-жаман өзiң бiл, – деп.
Иә, Алла, қазам жетiп өле алмадым,
Жараға үстiмдегi төзе алмадым.
Бабам мен Нұр Мұхаммед, атам Әли,
Алдына барып сәлем бере алмадым.
Сүйiктi Ханифа мен Фатима анам,
Еркелеп алдарында күле алмадым.
Сүйiктi Хасен, Хұсайын ағаларым,
Дидарын ойнап-күлiп көре алмадым.
Табуттан тартып алған Әминамен
Қосылып, Мәдинеге бара алмадым.
Әлқисса, жоғарыда айтып едiк қой: хазiрет Әли, Хасен, Хұсайын үшеуi сапарға кеттi деп, бұлар сапардан Мәдинеге қайтып, жолда жете алмай қонған екен дейдi. Ханафия Табуттың әскерiмен соғысып, көп жарақатты болып, Алладан қалап жатқанда, түнде хазiрет Әлидiң түсiне кiрiп Нұр Мұхаммед: – Иә, Әли, тұрғыл, Ханафия балаң мен Табуттың әскерi соғысып жүр. Тез бар, өлтiрер, – деп өте шығыпты дейдi.
Ал, ендi сөз тыңдаңыз Әли жақтан,
Жол тартып Мәдинеге Әли қайтқан.
Қасында Хасен, Хұсайын екi бала,
Жете алмай Мәдинеге қонып жатқан.
Түсiнде Нұр Мұхаммедтi Әли көрдi,
Бәрi де жақсы-жаман Жаппар Хақтан.
Әлиге Нұр Мұхаммед: – Тұрғыл, – дейдi,
Елiне Табут патша барғыл, – дейдi.
Соғысып жүр кәпiрменен жалғыз бала,
Балаңды Ханафия алғыл, – дейдi.
Балаңа өлмей тұрып бармасаңыз,
Айрылып балаңыздан қалдың, – дейдi.
Арыслан жатқан жерден ұшып тұрды,
Түсiнен көрген түнде шошып тұрды.
– Табутқа жылдамырақ барайын, – деп,
Дүлдүлге мiнiп алып басын бұрды.
Қасында Хасен, Хұсайын екi бала,
Үшеуi «иә, Алла» деп жолға кiрдi.
Әлқисса, үшеу болып ер Әли жолға кiрiп, iздеп келе тұрсын. Сол уақытта Табуттың елiнде Рүстем деген бiр батыр бар екен. Табут қорқып тұрғанда, кешкi уақытта жетiп келiп: – Патша, сiз қызыңды берiп, күйеу қылсаңыз, ол баланы өлтiремiн, – дептi. Табут: – Жарар, қызымды беремiн. Тек баланы өлтiр, – дептi. Сонда Рүстем қуанып: – Бүгiн кеш болды. Таңда баланы өлтiрiп берейiн, – дептi. – Қайғырмаңыз, – деп көңiл айтыпты дейдi.
Ер Әли жол бойында тұра тұрсын,
Тiлектес баласына бола тұрсын.
Бар екен Рүстем деген үлкен батыр.
Жайынан Досы соның кеңес құрсын.
Табутқа Рүстем келiп айтып салды:
– Баланы өлтiрем, – деп, – қызың берсең.
Табут айтты: – Берем қызым, баланы өлтiр,
Бұл сөзiм Рүстем батыр қабыл көрсең.
– Кеш болды, таң атқансын өлтiремiн,
Қайғырма сен, азарсың жылай берсең.
Сол күнi көп кәпiрлер қайтып жатты,
Ханафия о да қосқа барып жатты.
«Белiмдi бұл кәпiрден сындырма», – деп,
Тiледi жадына алып жалғыз Хақты.
«Шынымен Әли атам келмей ме?!» – деп,
Әмина о да қатты жылап жатты.
Оқыды қыз бен бала намаздарын,
Кiдiрмей соныменен таң да атты.
Кәпiрлер шуылдайды кеңес құрып,
Баланың жас та болса қолы батты.
Әскерге Табут айтты: – Басың көтер,
Таң атып, уақыт жеттi соғыс етер.
Қайдасың, Рүстем батыр, данышпаным,
Жылдам бар майдан жерге ұрыс етер.
Баланы жылдамырақ өлтiрiңдер,
Осыдан Әли келсе, қырып кетер.
Он жасар жалғыз бала жаман қырды,
Бiр адам табылмады әлi жетер.
Апырым-ай, осы бала әскер қырып,
Халыққа қатардағы харам етер.
Бiр бала қызымды алып, жеңiп кетсе,
Арабтың Мәдинеде көңiлi өсер.
Ақырып таң атқансын Рүстем келдi,
Әмина баламенен көзi көрдi.
Келгенiн Рүстемнiң көргеннен соң,
Балаға Әмина қыз сөйлейдi ендi.
Жылайды Әмина қыз «Құдайым» деп,
Ойлайды «Рүстемге өзiм барайын» деп.
Көңiлi қыз байғұстың жаман солды,
Баланың жарасына уайым жеп.
Қыз айтты: – Халiң нашар, жараң көл-дүр,
Рұқсат бер, Рүстем басын алайын, – деп.
Атамның әскерi көп құмырсқадай,
Сен үшiн, Ханафия, ұрысайын, – деп.
Жар болса Нұр Мұхаммед бабам, – дейдi,
Кәпiрге ақырзаман салайын, – деп.
Ақырып Ханафия: – Алла! – дейдi,
Бермеймiн рұқсат, барма, – дейдi.
Әмина, Рүстем басын мен кесейiн,
Тiлектес бола көргiл, қал да, – дейдi.
Сен болдың ұшып жүрген ұжмақ құсы,
Сен өлсең қайғырармын сонда, – дейдi.
Майданда айғайлап тұр Рүстем кәпiр,
«Басыңа саламын, – деп, – заманақыр».
Жас бала көп кәпiрден қорқар емес,
Аяңдап майдан жерге келе жатыр.
Екеуi келген жерден алысады,
Соғысып ат үстiнде қалысады.
Аямай бiрiн-бiрi екi батыр
Қылыш ұрып, найзаларын салысады.
Екеуi таң қалғандай ұрыс салды,
Аямай шыбын жанды қылыш салды.
Майданға «қыз алам» деп келген батыр
Шыдамай жас баладан өлiп қалды.
Жолына дiн исламның жанын қиып,
Ханафия Рүстемдi бөлiп салды.
Қыз үшiн адырайып келген батыр
Жан берiп, жаһаннамға кетiп қалды.
Патшаңыз бiр баладан жаман састы,
Зар жылап, Рүстем үшiн қайғы басты.
«Қамалап бұл баланы ұсталық», – деп,
Жиылып көп кәпiрлер ақылдасты.
Ойбайлап Табут патша қайғырады,
«Салдыр, – деп, – бiр мұнара» бұйырады.
– Басынан мұнараның қарап тұрам,
Апырым-ай, мына бала нағылады?!
Әскерiм, атқа мiнiп жүрiң, – дейдi,
Жолымда мен сорлының өлiң, – дейдi.
Апырым-ай, мына бала басымды алар,
Бiр айла ендi бұған қылың, – дейдi.
Қамалап жан-жағынан ортаға алып,
Найзаны өлер жерге салың, – дейдi.
Қайратын бұл баланың көргеннен соң,
Қалмайды құрттай менiң халым, – дейдi.
Сөйлейдi Табут патша талай кептi:
– Қоймас деп менiң басым алмай, – дептi.
Басымды бүйте берсе бала кесер,
Қашайын мұнда тұрмай, ойбай, – дептi.
Жабылып бiр баланы жеңе алмадың,
Қайратың, батырларым, қайда? – дептi.
Бұл жерден Әли келмей, мен кетейiн,
Қырады Әли бiздi қоймай, – дептi.
Кәпiрге қорқу түстi бiрi келмей,
Табут тұр қайғыменен көзi көрмей.
Баланы тұрған жерде қамалақтап,
Ат қойды сансыз кәпiр бәрi бiрдей.
Жарандар, тыңдап отыр айтқан сөзiн,
Кәпiрлер алып кеттi жердiң жүзiн.
Жас бала кәпiрлермен соғысқанда,
Қап-қара шаңдақ басты күннiң көзiн.
Табуттың әскерлерiн қыра бердi,
Көп әскер шаһарынан шыға бердi.
Жас бала тоқтамастан соғыс қылып,
Жiбердi жаһаннамға талай ердi.
Жабылған бiр балаға көп кәпiрдi
Қыз байғұс Әминаның көзi көрдi.
«Көп кәпiр бiр баланы өлтiрер», – деп,
Әмина бiр Аллаға жылай бердi.
Халiнен баласының хабар бiлiп,
«Келер» деп қарап тұрды Әли ердi.
«Иә, Алла, шыныменен келмей ме?!» – деп,
Зар жылап жолына Мәдиненiң қарай бердi.
Еңiреп Әмина қыз тұрғаннан соң,
Тiлегiн қыз байғұстың Құдай бердi.
Көп кәпiр бiр балаға жабылып жүр,
Қылыштар, мылтық, найза соғылып жүр.
Iшiнде көп кәпiрдiң жалғыз бала,
Құдайым жәрдем берсiн, нағылып жүр.
Қайраты жас баланың сондай бұзық,
Кәпiрдi жүрген жерде жол қылып жүр.
Болғансын аты әйел, не шара бар,
Баланың болдырғанын қыз бiлiп жүр.
Әскерiн Табут патша қырдырады,
Жүрегiн ат басындай солдырады.
Соғысып көп кәпiрмен демiн алмай,
Мұхаммед-Ханафия болдырады.
Көп кәпiр бiр баланы аясын ба,
Етiне елу жара салдырады.
Жолына дiн исламның жанын қиып,
Шиедей тұла бойын қан қылады.
«Иә, Алла, қор қылма, – деп, – кәпiрлерге»
Зар жылап Ханафия қамығады.
Кәпiрдiң бiрталайы өлiп кеттi,
Түбiне жаһаннамның жаны кеттi.
Махдумның Ханафия сол уақытта
Ұрыса алмай кәпiрлермен халi бiттi.
Жылайды Ханафия жадына алып,
Атасы мен Әли Арыслан, Мұхаммедтi.
Әлқисса, Ханафия сол күнi дамыл алмай соғысып, бек жаралы болып, ұрысуға халi келмей, бұрынғыдай айқайлап, қаһарлануға дауысы шықпай, халi өлiм халiне жетiп, тек атынан түспей, бұрынғыдай кәпiрдiң бiр жағынан кiрiп, бiр жағынан шыға алмай, көп кәпiрдiң ортасында қалып, Аллаға мiнәжат қылып, екiншi, атасы илән ағаларын келмедi деп, үшiншi, Мәдинеге Әминаны алып барып, аналарының дидарын көрмей қапалықта қазаға тап болдым ба, – деп налып жүрдi дейдi. Кәпiрдiң баршасы да жиылып, бiр баланың төңiрегiнде қамап жүрдi дейдi. Сонда да бiрме-бiрге болмай алдына келгендi қырып жүрiптi, Әмина қыз алыстан көрiп, жаны ашып, Әли атам келмедi деп бiр Аллаға налып, жылап тұрғанда, Мәдине жолынан хазiрет Әли, Хасен, Хұсайын келе жатыр екен дейдi. Сондағы баланың һәм қыздың мiнәжат қылып тiлеп жүргендегi сөздерi тек «Алла Тағала, бұл кәпiрден құтқар, атамды көрсет», – деп жылапты дейдi.
Жылаған назымы
Жылайды дауысы шықпай: – Өлмедiм, – деп,
Өкпелеп, хақ Пайғамбар, бiлмедiң, – деп.
Хасен менен Хұсайын екi ағам,
Жан атам Әли Арыслан келмедiң, – деп.
Бiр барып Мәдинеге Әминамен,
Қосылып құрбылармен күлмедiм, – деп.
Фатима, Ханифамен аналарым,
Ақ жүзiн бұ дүниеде көрмедiм, – деп.
Бермесең өзiң жәрдем, бiр Құдайым,
Ойым жоқ бұл кәпiрден өлмедiм, – деп.
Еңiреп Әмина қыз жылап тұрды,
Көз жасын көлдей қылып бұлап тұрды.
«Есiне бiр Құдайды жад қылам», – деп,
Қорлыққа неше түрлi шыдап тұрды.
«Көрсет, – деп, – шын хақиқат кереметтi»,
Әмина Мұхаммедтi сынап тұрды.
Шара жоқ, қылар айла, жылай бердi,
Тiлегiн Әминаның Құдай бердi.
Үш атты Мәдинеден келе жатыр,
Қыз байғұс жылап тұрып оны көрдi.
«Апырым-ай, келе жатқан кiм екен?» – деп,
«Аты-жөнiн сұрайын», – деп көңiл бердi.
Атына қамшы басып қатты жүрiп,
Қасына әлгi адамдар жетiп келдi.
Әлқисса, сол күнде Ханафияның халi кетiп, кәпiрлердiң ортасында жүр едi. Көп кәпiр баршасы да бiр орында, бiр баланың соңында жүр едi дейдi. Әмина қыз кәпiрлердiң балаға жабылып жүргенiн көрiп, есi кетiп қарап тұрғанда үш атты кiсiге, яғни атасы хазiрет Әлиге жолығып, «кiмсiң?» деп аты-жөнiн сұрап, жауап бергенi:
– Алдыңа, жақсы адамдар, келдiм, – дейдi,
Iсiне бiр Алланың көндiм, – дейдi.
Келесiз ат сабылтып, қатты жүрiп,
Айтыңыз бiз ғарiпке жөнiн, – дейдi.
Түрiңiз бөтен жердiң адамысыз,
Мекенiң қай арада, елiң? – дейдi.
Жақсылар, сiзден бұрын жөн сұрадым,
Кешiңiз, қата болса сөзiм, – дейдi.
Әлқисса, хазiрет Әли, балалары илән «бұл нағып жүрген әйел адам?!» деп жөн сұрасып, Әминамен сөйлескенi:
– Сұрасаң, Мәдинеде елiм, – дейдi,
Айтайын, сұрасаңыз жөнiм, – дейдi.
Алланың шыныменен сүйген құлы,
Сұрасаң, Нұр Мұхаммед бабам, – дейдi.
Жолдасым қасымдағы екi жiгiт –
Хұсайын, Хасен ғазы балам, – дейдi.
Сұрасаң, өзiм атым – хазiрет Әли,
Айтайын аты-жөнiм саған, – дейдi.
Келемiн бiр Алланың бұйрығымен,
Соғысқан кәпiрменен балам, – дейдi.
Соғысқан кәпiрменен балам едi,
Хабарын айтшы бiлсең, маған, – дейдi.
Шырағым, қапаланып жөн сұрадың,
Айтайын аты-жөнiм тамам, – дейдi.
Сол жерде Әминаның көңiлi бiттi,
Тiлегiн берген қыздың Құдiрет-тi.
Алланың Арысланын көргеннен соң,
Көңiлiнен Әминаның қайғы кеттi.
«Жолыңды күтiп сiздiң жүр едiм», – деп,
Жығылып Дүлдүлдiң iзiн өптi.
Қыз айтты: – Жәрдем берсiн жалғыз Аллаң,
Салыңыз көп кәпiрге ақырзаман.
Балаңыз Ханафия – ғашық жарым,
Тiлегiм бөтен емес, мен де балаң.
Зарланып жолыңызға қарап едiм,
Көрдi ғой көзiм жасын Қадiр Аллам.
– Әй, балам, тiлек тiлеп жүремiсiң,
Ханафия тiрi ме екен бiлемiсiң?
Шырағым, жылдамырақ айта көршi,
Есiтiп балам жайын, көңiлiм тынсын.
– Кәпiрге қырып ойран салды, – дейдi,
Қылышын қызыл қанға малды, – дейдi.
Бiлмеймiн өлi екенiн, тiрi екенiн,
Көп кәпiр ортасына алды, – дейдi.
Қолымнан менiң келер еш нәрсе жоқ,
Мен балаң соры қайнап қалды, – дейдi.
Алланың Арысланы Әли едiң,
Кәпiрден жолдасымды алшы, – дейдi.
Әлқисса, хазiрет Әли Әминадан баласының хабарын есiтiп, қамап жүрген көп кәпiрдi көрiп қаһарланып, айқай салып, Хасен, Хұсайын үшеуi кәпiрдi қырып, баласы Ханафияны тауып алып, баласының үстiндегi жарасын көрiп қараған екен дейдi. Сонда көкiрегiнде елу жерде жарасы бар екен дейдi. Сондағы кәпiрге қаһарланып қырып, мұсылман қылған жері:
Сол жерде хазiрет Әли қамшы басты,
Кәпiрге толып жатқан араласты.
Айқайды қаһарланып салып едi,
Қырылып көп кәпiрдi қара басты.
Дауысын атасының естiген соң,
Баласы Ханафия судай тасты.
Хұсайын, Хасен ғазы, хазiрет Әли
Сол жерде Ханафиямен араласты.
– Уай, ата, мұнша неге келмедiң?! – деп,
Ханафия атасына төктi жасты.
Кiдiрсең бiр азғана өлер едiм,
Майданда шыбын жанды берер едiм.
Соғысып жүргенiмде қазам жетсе,
Жүзiңдi қияметте көрер едiм.
Кәпiрдiң қырып салдым кәрi-жасын,
Жанымды аямадым жабылғасын.
Әй, ата, қозғалуға еш жайым жоқ,
Сау жер жоқ, толған жара үстi-басым.
Хал кетiп, өлiспе деп жүргенiмде,
Көрдi ғой бiр Құдайым көзiм жасын.
Қорлықты мұндай қайғы көрер ме едiм,
Қасымда бiрге болса Хасен,
Хұсайын менен жан жолдасым.
Әлидiң неше түрлi айласы бар,
Кәпiрге шаншатұғын найзасы бар.
Баласын шешiндiрiп қарай қалса,
Кеудеде елу жерден жарасы бар.
Майданға балалармен Әли кiрдi,
Кәпiрдi қаптап жатқан қойдай қырды.
Жарасын баласының көргеннен соң,
Қаһары келiп қатты, қоймай қырды.
Кәпiрдi аш бөрiдей дал-дал қылып,
Бояды қызыл қанға қара жердi.
Әлқисса, хазiрет Әли балаларымен соғыс қылды дейдi. Хазiрет Әлидiң қолы Табуттың әскерiне Ханафияның қолынан қаттырақ тиген секiлдi көрiнедi. Әскерiн қойдай қырып өлтiрiп, қашырғанын қашырып, һәм қорыққанын мұсылман қылып, Табут патшаны ұстап алып сөйлескен жерi:
Аямай хазiрет Әли қылыш салды,
Табутты майдан жерде ұстап алды.
Қорлықтың неше түрлi бәрiн берiп,
Көзiне көрсетiптi шыбын жанды.
– Әй, Табут, ендi байғұс өлдiң, – дейдi,
Түбiне жаһаннамның ендiң, – дейдi.
Нағылды менiң балам мұндай қылып,
Сен неге мұндай әскер жидың, – дейдi.
Көнбесең айтқаныма өлтiремiн,
Дiнiне Мұхаммедтiң кiргiл, – дейдi.
– Әй, Әли, балаң қаңғып келген, – дейдi,
Қорлықты түрлi-түрлi берген, – дейдi.
Қорлығы балаңыздың жаман батты,
Дiнiңдi қабыл көрiп кiрмен, – дейдi.
Әй, Әли, қызым үшiн мен жүремiн,
Балаңның қорлығынан күнде өлемiн.
Қорлыққа шыдай алмай жүргенiмше,
Әй, Әли, қазам жетсе ендi өлемiн.
– Әй, Табут, дiнiме кiр, мұсылман бол,
Хан болып шаһарыңның патшасы бол.
Көңiлiңдi иман айтып нұрландырсаң,
Аллаға сен боларсың сүйiктi құл.
– Мен едiм Табут патша әскерiм мол,
Дiнiңдi қабыл көрiп алмаймын сол.
Дiнiңе кiр десең де, мен кiрмеймiн,
Ал, Әли, ерегiссең бiлгенiң қыл.
Сөзiне Әли Арыслан ерегiстi,
Табуттың сол арада басын кестi.
Көп кәпiр сол арада дiнге кiрдi,
Қарсылық қылғандардың бәрiн кестi.
Көп кәпiр Құдай ұрып өлiп қалды,
Шошыды көргендерi қызыл қанды.
Қалғаны соғыса алмай бәрi қорқып,
Мұсылман сол сипатта болып қалды.
Ер Әли қаһарланса не қояды,
Шаһарды етiп мұсылман, хан қояды.
Бұрынғы пасық дiннiң бәрiн тастап,
Той қылып, шаһар халқы мал сояды.
Мұсылман болып шаһар халқы қылды тойды,
Бұрынғы жамандықтың бәрiн жойды.
Жұфұтлап Ханафия мен Әминаны,
Арыслан екеуiне некаһ қиды.
Соғысып Ханафия жарын алды,
Өлтiрiп, Табут патша қызын алды.
Қасына қызмет үшiн және дағы,
Жариа бiр-екi қыз қосып алды.
Кәпiрдiң соғыс қылған бәрiн жеңiп,
Ер Әли қайтайын деп ойына алды.
Ер Әли балаларымен опыр-топыр
Шаһарына Мәдиненiң барып қалды.
Ер Әли Мәдинеге келiп жеттi,
Халықтың Ханафияға көңiлi бiттi.
Қосылып екi ғашық бiр-бiрiне,
Екеуi мұратына сөйтiп жеттi.
Келiсi бар ма, жоқ па осы сөздiң,
Қиссасын жазып Досы тамам еттi.