Back to corpus

Алтын айдар

Ертеде бір хан болған екен. Оның екі қатыны болыпты, олар бала таппапты. Сол уақытта бұл бай сапарға шығуға ойланып, қатындарына айтыпты: «Мен келгенше не істеп, не тауып қоясыңдар?»—депті. Сонда үлкен қатыны айтты: «Мен сен келгенше алтыннан әдемілеп үй салдырамын»,—депті. Кіші қатыны айтты: «Мен алтын айдарлы бір ұл,...

Kazakh
Алтын айдар
Ертеде бір хан болған екен. Оның екі қатыны болыпты, олар бала таппапты. Сол уақытта бұл бай сапарға шығуға ойланып, қатындарына айтыпты: «Мен келгенше не істеп, не тауып қоясыңдар?»—депті. Сонда үлкен қатыны айтты: «Мен сен келгенше алтыннан әдемілеп үй салдырамын»,—депті. Кіші қатыны айтты: «Мен алтын айдарлы бір ұл, бір қыз табамын, баланың аты Алтын Айдар болады»,—депті. Сонан соң хан сапарға кетіпті. Хан екі-үш жыл жүріп, қайтып келіпті. Сонда мұндағы үлкен қатыны үй салдырып қойыпты, кіші қатыны алтын айдарлы бір ұл, бір қыз туыпты. Бірақ оны үлкен қатыны күндеп, бір сиқыршы қатынға айтып, балаларын ұрлап алып, құдыққа тастапты. Кіші қатынға: «Сен күшік таптың»,—депті. Хан келіп, күшікті көріп, тоқал қатынды қуып жіберіпті. Екі баланы әлгі кемпір құдыққа салып жіберіпті. Сонда құдайдың құдіретімен Жебірейіл періште кұс болып келіп, аяғымен көтеріп алып кетіпті де, қаланың шетіндегі бір кемпірге әкеліп беріпті. Ол кемпірдің ұлы да, қызы да жоқ екен. Сонда екі бала үш-төрт жыл жүріпті, әлгі асыраған кемпір өліпті. Сонан соң бала қолына мылтық алып, құлан-бұлан аулап, етін тамақ қылып, терісін жуып, бір таудың шұңқырына әкеліп, соны ас қылып, сонда тұрыпты. Ол баланың тірі екенін біліп, бұрынғы қас қылған шешесі: «Алтын айдарлы баланы өлтіріп кел»,—деп, баяғы сиқыршы кемпірді жіберіпті. Сонан соң ол сиқыршы кемпір баланы іздеп келсе, бала аңға шығып кетіпті. Қарындасы үйде отыр екен, оған айтыпты: «Ағаңа айт, мына жақта Күлмес хан дегеннің бір биесі бар, күнде құлындайды, құлындары арғымақ, тұлпар болады»,—дейді де, кетіп қалады. Кемпір қастықпен баланы өлтірмек болады. Бұл жолға барған кісі адасып кетіп, өлетін әдеті екен. Кешке ағасы келеді. Сонда қарындасы бәрін айтып, тамам етіпті. Сонан соң ағасы құлынды іздеп, сапарға шығып кетіпті. Жолда келе жатқанда бір дарияға кезігіпті, ол дариядан өткен кісі қайықпен қайырлап, әрең өтеді екен. Алтын Айдар дарияны кешіп келе жатса, бір перінің қызы дарияны толқын қылып, кемені аударуға келе жатыр екен. Ол аудара бергенде Алтын Айдар қолынан ұстап алып, қолындағы сақинасын, білезігін тартып алып, жолына жүре беріпті. Жүріп келе жатып, Күлмес ханға айтыпты: «Әй, тақсыр, рұқсат болса, құлыныңызды алайын!»,—депті. Сонда хан: «Бұйырса, аларсыз»,—депті. Құлынды бір перінің қызы жыл сайын бермей алып кете беріпті. Сол уақытта бала мұны күзетіп тұра беріпті. Бір перінің қызы бұлт болып келіп, алып бара жатқанда, Алтын Айдар қылышпен салып қалыпты. Сонда перінің кебісін Алтын Айдар алып қалыпты. Сонан соң ханға келіп, құлынды көрсетіпті. Сонда хан бұған бата беріпті. Алтын Айдар қарындасына келіп, құлынды, сақинаны беріпті де және аңға кетіпті. Сиқыршы кемпір тағы келіп, құлын мен сақинаны көріп, қарындасына айтыпты: «Мінекей, мен сендерге жақсылық ойлаймын, ағаң саған сақина алып келді. Тағы бір жаққа жіберемін, онан барып алтын сандық алып келеді»,—депті де тайып отырыпты. Ағасы келген соң қарындасы: «Тағы бір жақсы сандық бар еді, маған алып бер!»—депті. Сонан соң ағасы тұлпар құлынды мініп алып, жүріп кетіпті. Жолда бір кемпірді көріпті, ол жердің жарығын жамап отыр екен. Бала келіп: «Шеше, не қылып отырсың?»—депті. Ол кемпір айтыпты: «Мен осы жердің жарығын тігіп отырмын, не үшін десең, осы жерге өзіңдей батырлар келіп кіріп, бір сандық үшін өледі»,—депті. Сонда бала: «Маған да сандық керек еді,—деп кіріп кетіпті. Жердің астынан бір пері шығып: «Топалтас үйде өлсең, хабарлас!»,—деп айқайлағанда, Алтын айдарлы бала тас болып қатып қалыпты. Тұлпар бір-екі күн күтіп, келмеген соң қайтып келіп, жылап тұрыпты. Қыз ағасының өлгенін біліп тұлпарға мініп, кемпірге келіп манағы жер жамап отырған кемпірді көріп, ағасын сұрапты. Кемпір айтыпты: «Ағаң өлген, сен барма, барсаң сен де өлесің»,—депті. Сонда қыз айтыпты: «Мен ағамды көріп өлемін»,—депті. Кемпір айтыпты: «Жер үстінде мен мұңлық, жер астында сен мұңлық!» деп жылай бер»,—депті. Қыз осылайша жылап, кіріп бара жатқанда, алдынан бір перінің қызы шығып мұны аяп, ағасын тірілтіп беріпті. Сонан соң бір үлкен қалың ағаш көріп, сонда келіпті де, қарындасын тұлпарымен ағаштың шетіне қойып кетіпті. Алтын Айдардың өзі ағаштың ішін аралап жүріп, бір ақ отау көріпті. Отауға кіріп біраз тұрған соң, перінің екі қызы ұшып келіп, үйдің тұсына келіп қоныпты да, екеуі біріне-бірі айтыпты: «Әй, мен бір қорықтым, неге десең, суда жүріп кемені аударып жүргенімде, бір бала менің қолымдағы сақинамды тартып алды. Мен ол баланы көрсем, соған тиген болар едім»,— депті. Сонда кішісі айтыпты: «Мен де бір қорықтым. Неге десең, мен де бір ханның құлынын күнде алып кетуші едім, бір күні алайын деп келгенімде, бір бала күзетіп тұр екен. Мен ала бергенімде қолымдағы құлынды тартып алып қалды, ол табылса, мен соған тиер едім»—дегенде, «Міне, тиетін болсаң, оларды тартып алған мен болатынмын»—деп, Алтын Айдар атып түрегеледі. Сонан соң екі қыз бұған некесін қиыпты. Бұл бала перінің қыздарын отауымен көшіріп, манағы қарындасы мен тұлпарын тастап кеткен жерге алып келді. Сонан соң бәрі жиылып, бұрынғы орнына көшті. Сол жерде төрт-бес жыл өмір сүріп тұрды. Неше күндер өтті. Бала әр күнде аңға шығып жүрді. Бір күні аңға шығып жүрсе, бір адам кезігеді. Екеуі танысып, ілгері жүріп келе жатса, алдарынан бір аң шықты да, көлбелеңдей басып, жүре берді. Сол уақытта бала да, манағы кісі де атайын деп тұра ұмтылысты. Сол-ақ екен әлгі аң кісі болды да, атайын деген адамға айтты: «Мынау—сенің балаң»,—деді. Балаға айтты: «Мынау—сенің әкең»,—деді. Сендерді Масаты кемпір деген сиқыршы кемпір айырған»,—деді де, өзі жоқ болды. Сонан соң әкесі мен баласы бірін-бірі біліп, жылап көрісті де, әкесі баласын үйіне ертіп келіпті. Масаты кемпірді шақыртып алдырып, шауып өлтіріпті. Кіші қатынын «күшік таптың»,—деп қайыршы қылып қаңғыртып жіберген екен. Соны алдырып, өзіне бұрынғыдай қатын етіпті. Алтын Айдар бала патша балыпты. Барша мұрат басына жетіпті.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.