Back to corpus

Сарыат

Баяғыда бір кемпір мен қыз бай болады екен. Кемпір қойын бағады екен, қызы қозысын бағады екен. Бір күні қызы қозымен бірге келмей қалады. Кемпір бүгін де, ертең де қызын күтеді, ақырында қызы келмейді. Сол кезде осы елде адам алып қашып кететін, бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс пайда болады. Бұл өзі-жеке адамды алып...

Kazakh
Сарыат
Баяғыда бір кемпір мен қыз бай болады екен. Кемпір қойын бағады екен, қызы қозысын бағады екен. Бір күні қызы қозымен бірге келмей қалады. Кемпір бүгін де, ертең де қызын күтеді, ақырында қызы келмейді. Сол кезде осы елде адам алып қашып кететін, бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс пайда болады. Бұл өзі-жеке адамды алып қашып дәндеген, бір жексұрын тажал. Жаңағы кемпір сары ат деген атымен қызын іздемекші болады. Қызын тажал алып кеткен болар деп ойлайды. Қызын іздеп, екі-үш күн іздеп шөлдейді. Су болмаған соң, аттың зәрін ішпекші болады. Қызын таба алмай еліне келеді. Сөйтіп жүріп жүкті болады. Тоғыз ай, тоғыз күн дегенде бір ер бала туады. Бұл баланың атын Сарыат деп қояды. Бала ер жетіп, жылдан-жылға батыр болып, ойнаған балаларын жылатып, намысшыл болады. Бала Сөйтіп жүріп тоғыз жасқа жетеді. Бой-пішіні жасына лайық емес, сондай алып болып өседі. Бір күні бала ойнаған балдардың бірін жылатып жібереді. Жылаған бала үйіне келіп Сарыаттың істеген озбырлығын айтады. Сарыатты баланың шешесі қарғап-сілеп: «Осылай ойнап, ауылдағы баланы жылатқанша, жоғалып кеткен апаңды іздесейші!»— дейді. Бұны естіген Сарыаттың төбесінен жай түскендей болады. Өз шешесіне келіп: «Жоғалып кеткен апам бар ма?». Осы күнге дейін маған неге айтпадың»—деп налиды. Жау жарағын алып асынып, жол жүріп апасын іздемекші болады. Сары атты мініп Сарыат жүріп кетеді. Алғашында біраз жер аралап көп қиыншылықтарды басынан кешіріп, адам баласын көруге зар болып жүргенде бір кіші дәуге кездеседі. «Ал, Дәу қайда барасың. Менің бір шешем болатын еді соны бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс тажал алып кетіп, соны іздеп барамын. Ал енді өзің қайда барасың?». —Менің апамды да бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс алып кеткен, соны іздеп келемін. Ал, ондашы, екеуміз жолдас болайық! Болсақ, болайық!—дейді. Енді екеу болып, іздеп жүріп кетеді. Алдарынан тағы да орташа дәу шығады. «Уа, дәу, қайда барасың?». «Қарындасымды бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс алып кетіп еді, соны іздеп келе жатырмын. Ондашы үшеуміз жолдас болайық». Енді бұлар үшеу болып жүріп келе жатса, тағы да алдарынан бір алып дәу шығады. «Қайда баратқан дәусің?». «Бір інімді бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс алып кетіп соны іздеп келемін. Өздерің қайда барасыңдар?». «Сол бойы бір қарыс, сақалы қырық қарысты іздеп келеміз». Сөйтіп төртеу болады. Бұлар даланы кезіп, жүріп-жүріп дем алуға бір жерге келіп, күрке жасап тынығады. Күндіз аң аулайды. Төртеуі де алып мерген батыр болады. Үшеуі аңға кетсе біреуі қүркеде қалып, аңның етін жолдастарының алдынан пісіріп қояды. Сөйтіп, бірінен соң бірі ас пісіруге күркеде қалып отырады. Аңға шығарда аналар жаяу жүреді. Сарыат сары атқа мінеді. Осылай жүрген кезде күтпеген жағдай тап болады. Бір күні ас пісіруге кіші дәу қалады. Асын пісіріп отырғанда бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс күркеге келеді. Келіп кіші дәуден ет сұрайды. Ет береді. Бәрін тауысып болғаннан кейін дәуді сүйреп жөнеледі. Дәумен екеуі жағаласып, алысады. Бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс дәуді бір тал сақалымен буып кетіп қалады. Жолдастары келгенде дәу күркеде буулы жатады. Жолдастары таң қалысады. «не болды?»—деп сұрайды. Болған істің бәрін қайталайды. Бұған бәрі де қарқылдап күліп, кіші дәуді мазақтап: «Соған әлің келмесе, сен жатып ішер болғаның»—деп кіші дәудің байланған сақалын шешеді. Екінші күні, ортаншы дәу қалады. Бұның да тамағын ішіп алып, ортаншы дәуді екі тал сақалымен буып кетеді. Келесіде үлкен дәу қалады. Бұны да сол сияқты етін жеп тойып алған соң, бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс үш тал сақалымен буып кетеді. Жолдастары келіп, бұны да шешіп, босатады. Енді дәудің бәрі қорқа бастайды. Кезек Сарыатқа келеді. Бұл да жолдастары сияқты ас пісіріп отырғанда тажал келіп, етін жеп болғасын Сарыатты: «Сен дәулерге қарағанда кіші екенсің»—деп Сарыатпен алыса кетеді. Екеуі ілме-тәл болып алысып, көп тұрады. Біресе тажал астына түсіп, біресе сары аттың үстіне шығып екеуі көп алысады. Дәулерден Сарыат кіші болғанмен оңай қолға түсе қоймайды. Амалын тауып жаңағы тажал күркеден қаша жөнеледі. Бұны Сарыат қуа жөнеледі. Тажал біраз жүргеннен кейін бір шыңырауға түсіп кетеді. Ал Сарыат құдықтың аузында қалады. Жолдастары келіп: «Не болды?»—деп сұрайды. Болған істі Сарыат баяндап шығады. «Мені осыған арқанмен түсіріңдер, қалай болса да түсемін не өлтіремін, не соның қолынан өлемін!»—дейді. Содан кейін дәулер Сарыатты жаңағы құдыққа түсіреді. Сарыат құдықтың ауызындағы жолдастарымен қоштасып, жер астына түседі. Құдықтың түбінде түн болады. Бұл түн шапағы тажалдың үйі болып шығады. Төрде манағы бойы бір қарыс сақалы қырық қарыс ұйықтап жатады. Бұл үйдің ішінде бірнеше түсі бөлек адамдар болады. Төрде бір келіншек іс істеп отырады. Сарыат жаңағы келіншектен жөн сұрайды. Ол: «Қайдан келесің»— деп өзіне қарсы сұрақ қояды. «Мен сондай адамды іздеп жүрмін»—дейді. Сұраса келе жаңағы келіншек апасы болып шығады. «Ана ұйықтап жатқан сол—бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс, қазір ұйқыда. Сондықтан оятып алмай, анау ілулі тұрған қылышты алып басын шап»—дейді. Егер оянып кетсе, екеумізде құрыдық»—дейді. Сарыат қылышты жаймен барып алады да қылышпен тажалдың басын шауып тастайды. Енді екеуі жер үстіне шығудың амалын қарастырады. Сарыат айтады: «Әуелі сен шық»—дейді. Апасы айтады: «Әуелі сен шық, мен бұрын шықсам, құдықтың аузындағы үш дәу мені алып кетеді де, сені құдықтың түбінде қалдырады»— дейді. Ақырында інісі көнбеген соң апасы шықпақшы болады. Кетерінде апасы былай дейді: «Қазір ақ қошқар мен көк қошқар сүзіседі, көгіне тиіп кетсең, жер астына түсесің, ағына тисең, жер үстіне шығасың»—дейді. Сонымен апасын дәулер тартып алады. Сарыатты құдықтың түбіне қалдырады. Сарыат жоғары қарап тұрғанда жаңағы қошқарлар сүзісіп кетеді. Сарыаттың жеңі көк қошқарға тиіп кетеді, Сарыат енді жер астына түседі. Сарыат жер үстіне түскеннен кейін кез келген бағытқа жүріп отырады. Алдынан мөңіреген сиыр, мұңайған адам, күлімсіреген кісі кездестіреді. «Уа, бұларың не, бәрің бір бағытқа келе жатып әртүрлі ойда боласыңдар, бұл қалай?»—деп сұрайды. «Тақсыр, біздің жер-суымызды, қалқымызды айдаһар жұтып қоймай тұр, күніге бір адам, не бір жануар жейді. Мынау мөңіреген сиырды бүгін жейді, сондықтан мөңіреп келеді. Мынау мұңайған адамды ертең жейді. Ал мені оның арғы күні жейді. Сондықтан үш күндік өмірімнің бұларға қарағанда ұзақ болуы мені қанаттандырып келеді»—дейді күлімсіреген адам. «Олай болса, осы ажалдан құтқарайын»—дейді Сарыат. «Ол үшін бір қылыш бір семсер әкеліңдер!»—дейді. Жаңағылар қуана-қуана қылыш пен семсерді әкеліп береді. Сарыат барып, айдаһардың аузынан салған қылышты артынан бір-ақ шығарады. Жаңағылар бұған қуанысып, Сарыатты ханға әкеледі. Сол жерде ұлы думан той болады. Отыз күн ойын, қырық күн тойын жасаған хан жұрттың бәрін шақырады. Сөйтіп, ойын да той да бітеді. Сарыат ханның сенімді адамдарының бірі болады. Хан оны тағы да бір жұмысқа жұмсайды. «Осы жақта тонау ұшпаның басында Самұрық құс болатын. Соның жылда балапандарын айдаһар жеп қояды. Енді ол мерзімде алыс емес, сондықтан, сол айдаһарды өлтіріп, жас балапандардың сауабын алсақ»—дейді. Бұны естіген Сарыат қасына кісі ертпей Самұрық құстың ұясына жүріп кетеді. Айтқандай, үш балапан бар екен. Үшеуін сол күні жемекші екен. Сарыат айдаһарды өлтіріп, үш балапанды аман алып қалады. Үш балапанның шешесі Самұрық жем іздеп ұшып кеткен екен. 15 күнде ұясына бір айналып соғады екен. Енді Сарыат болған күні ертең айналып келер күні екен. Сарыатқа балапандар айтады: «Қазір біздің шешеміз Самұрық құс келеді, сондықтан сен жасырын. Ол адамның иісін сезсе жеп қояды»—дейді. Бір уақытта тас бұршақ жауып, боран болады. Бұл Самұрық құстың ұясына ұшып келе жатқан белгісі еді. Самұрық балапандардың тірі екеніне қуанып қалады, адамның иісін сезеді де балапанның қанатының астына жасырынған Сарыатты жеп қояды. Балапандар шу ете түседі; «Бізді құтқарған сол»—дейді. Самұрық құс қайтадан Сарыатты тірілтеді. Манағы тас бұршақ осының жасы төгіліп келе жатқан себебі: бүгін балапандарын айдаһар жейтін күні екен. Самұрық Сарыатқа: «Не бұйымтайың бар?»— дейді. «Менің бұйымтайым—сол жер үстіне шығу. Бұл үшін сен ханға отыз қарын су, қырық қарын қуырдақ даярлат!»—дейді. «Сосын екеуміз жер үстіне шығамыз»—дейді. Сосын қырық қарын қуырдақты отыз қарын су алып, Самұрықпен жер үстіне шығатын жолмен ұшып кетеді. Бірнеше ай, жыл жүріп жер үстіне шығуға арқан бойы қалғанда Сарыаттың азығы таусылып, Самұрыққа ештеңе бере алмай қалады. Қысылғаннан санынан Самұрыққа ет кесіп береді. Сарыат жер үстіне шығады. Самұрық қоштасып еліне келеді. Баяғы апасын үш дәу ортаға алып, қайсысы аларын білмей таласып тұрады. Осылай тұрғанда Сарыат келіп: «Кәне, бәрің бері қараңдар, кім бұрын қараса соған берем!»—дейді. Бәрі де бір мезгілде қарайды. «Кім бұрын қарамаса, соған берем!»—дейді. Дәудің бәрі де кері қарап қалды. Сарыат бәрінің де басын кеседі. Сөйтіп апасымен елін іздеп тауып алып, үйіне келеді.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.