Back to corpus

Таласпай мерген

Баяғыда бір бай болыпты. Оның елін Қобыланды батыр жаулап алмақшы болады. Байдың Қараман атты жалғыз баласы болыпты. Ол Қобыланды батырдың әскерін тоқтату үшін елші жібереді де, сол уақыт аралығында өзінің халқын жинайды. Екі жақтан да артық қан төгіс болмас үшін Қобыландыдан жекпежекке шығуды талап етеді. Қарақыпшақ Қ...

Kazakh
Таласпай мерген
Баяғыда бір бай болыпты. Оның елін Қобыланды батыр жаулап алмақшы болады. Байдың Қараман атты жалғыз баласы болыпты. Ол Қобыланды батырдың әскерін тоқтату үшін елші жібереді де, сол уақыт аралығында өзінің халқын жинайды. Екі жақтан да артық қан төгіс болмас үшін Қобыландыдан жекпежекке шығуды талап етеді. Қарақыпшақ Қобыланды садақтан оқ атады. Ол оқ тасқа тиіп, тасты екі қарыстай жарып өтіп кетеді. Қараманның атқан оғы бір қарыс, бір сүйемнен өтеді. Қараман Қобыландыға: «Сен үлкенсің, менің сенен жасым кіші, 15 жаста ғанамын. Маған 5 жылға мұрсат бер, сосын соғысайық»,— дейді. Бірақ Қобыланды келіспейді. «Сен жас болсаң да, даңқың белгілі»—дейді. Сосын олар қылыштасып соғысады, бірақ, бірбіріне жарақат салмайды. Сонан соң найзамен шаншысады. Онда да бірін-бірі жеңісе алмайды. Сосын ат үстінде алысып, бірін-бірі аударып түсіргенше алысады. Бірақ, ештеңе шығара алмайды. Олардың ауырлығынан аттары жерге еңбектеп, жата қалады. Содан соң, екеуі жеті күн жеті түн қолмен күреседі. Ақыр соңында, Қобыланды Қараманды жеңіп, басын кесіп алады. Оның барлық адамдарымен мал-мүлкін өзімен бірге алып кетеді. Тек қазан астына жасырынған шал мен сабан арасына жасырынған бала ғана аман қалады. Шапқыншылар кеткен соң қария қалған малдарды жинап, шөп астында жатқан баланы тауып алып, киіз үй тігеді. Екеуі бүкіл малды азық етеді, балық аулап тамақ асырайды. Қараманның далада аң аулап жүріп қалдырған садағын тауып алады. Бұл садақ: өте ауыр болады. Бірақ бала ешкімнің көмегінсіз, жалғыз өзі көтеріп алып келеді. Содан кейін әр түрлі аңдар мен құландарды ата бастайды. Бір күні бала екі жасар қара тайды ұстап алып, үйіне алып келеді де әкесіне айтады: «Бұл—құлыншақ менің атым болады. Маған және оған ат қойып бер»—дейді. Әкесі баласына «Таласпай» деп, ал құлыншаққа «Қозыгер ат» деп ат қояды. Таласпай осы атты мініп, аңға шығады. Бір күні ол үйге оралғанда әкесі үйде жоқ болып шығады. Біраз уақыт өткен соң, қанға боялған әкесі келеді. Әкесінен баласы: «Қайда болдың?—деп сұрайды. Ол: «Мен ағаштың астында қалып қойдым» деп жауап береді. Шал далада шөпшек жинап жүргенде үш аққу ұшып келіп былай дейді: Таласпай мерген үйде ме? Қозыгер ат жемде ме? Жемде тұрып балқи ма? Балақ, жүні шалқи ма? Оған шал былайша жауап береді. Таласпай мерген үйде жоқ, Қозыгер ат жемде жоқ. Жемде тұрып балқымас, Балақ жүні шалқымас. Сонда бір аққу басқаларына: «Шалдың бетін бетегеге сүрдіріп, етін жұлмалап, тобылғының қабығын аршығандай аршып, тонын жырту керек» дейді. Аққулар шалдың тонын жыртып бетін, бетеге сүреді Сондықтан да оның беті қанжоса болады. Үш күн бойы аққулар шалға осылай зәбір көрсетеді. Ақыр соңында баласы әкесіне: «Саған не болып жүр. Шындықты айт, әйтпесе мен үйден кетемін»—дейді. Сонда шал аққулардың өзіне жасағанын баяндайды. Таласпай шалдың киімін киіп алып, шөпшек жинауға өзі кетеді. Үш аққу ұшып келеді де: Таласпай мерген үйде ме? Қозыгер ат жемде ме? Жемде тұрып балқи ма? Балақ жүні шалқи ма?—деп әндетеді. Таласпай мерген де оларға өлеңмен жауап қайтарады. Таласпай мерген үйде жоқ, Қозыгер ат жемде жоқ. Жемде тұрып балқымас, Балақ жүні шалқымас. Тобылғыға сүрдіңіз, Тоным жаман жырттыңыз. Бетегеге сүрдіңіз, Бетім жаман жырттыңыз. Көдеменен сүрдіңіз, Көтенім менің жырттыңыз,—дейді. Аққулар Таласпайға бас салмақшы болғанда, ол үшеуін де шап беріп ұстап алып, табанының астына салады. Үш аққу оны көтеріп алып, ұша жөнеледі. Таласпай олардан жандәрмен өзін ажыратып алып садақтан оқ атқанда, олардан жерге алтын жүзік түсіп қалады. Жүзікті алып Таласпай үйіне оралады. Әкесі—үшін құлан мен басқа аңдарды аулайды да өзі атына отырып жолға шығады. Көп күн, көп түн жүріп, көп сиырды кезіктіреді. Олардың ішінен үлкен ерттеулі мүйізді сиырды көреді. Оның қасында басынан биті аққан тазша бала жүреді. Таласпай одан: «Бұл сиырлар кімдікі?»,—деп сұрайды. Бала: «Қадірқандікі»,—деп жауап береді. Таласпай қайта сұрайды: «Мына теңіз арқылы қалай өттіңдер?»—деп. Бала айтады: «Мен «өтіңдер сиырлар десем» болды, олар өздері өтеді. Бұзауларына «қалмаңдар» десем қалмайды. Сиырларға: «Сауылыңдар»—десем өздерінен өздері сауылады»,—дейді. «Ал сен, қайда ұйықтайсың?»—деп сұрайды Таласпай баладан. Бала: «Қыдырқанда үш қыз бар: кішісінің ұлтанының астында жатам. «Ол қыздардың қандай өнері бар?», «Олар аққуға айналады. Олар әлі күйеуге тимеген, өйткені кішісі күйеуге шықпайды, сондықтан қалған үлкендерін ұзатпайды». Таласпай бұл баланы өлтіреді де оның киімін киіп, өзінің киімін атына жабады да далаға жібереді. Үлкен мүйізді ерттелген өгізге мініп: «Өткелден өтіңдер»,—дейді. Сиырлар өткелден өтеді. Бұзауларға: «Еріңдер»—дейді Таласпай. Бұзаулар ере жөнеледі. «Сиырлар сауылыңдар»—дейді. Сиырлар өзінен-өзі сауылады. Бір сиырдың тілін кесіп, кіндігіне қыстырып алады да, Қадырханның ауылына келеді де өтірік ауырып жатады. Одан: «Неғып жатырсың?»—деп сұрағанда, ол: «Ауырып жатырмын»—дейді. Оны көтеріп алып, қыз жатқан жерге алып келеді. Қыз ұйықтар алдында оған аяғын созып, сүюді бұйырады. Ол білдіртпей қойнынан сиырдың тілін шығарып, қыздың табанына үйкейді. Қыз үйден атып шығады да: «Саған не болды, сенің тілің жарылды ма?—деп сұрайды. Ол: «Иә, жарылды»,—дейді. Қыз оған бал береді. Сонда ол табанын одан да жұмсағырақ үйкейді. Сосын қыз оны жазалап: «Ертең сен суға барасың. Бірақ, қыздар шомылған жерге шомылма»— дейді. Ол бірақ ертемен тұрып, тиым салған жерге барып шомылады. Сол уақытта ол жерге аққу кейпіндегі үш қыз келеді. Кіші қыз жігіттің алтын айдары бар екендігін, оның, Таласпай мерген екендігін таниды. Кешке қыздар киініп, шаштарын сәндеп, иіс су себініп серуенге шығады. Сол күні кешке кіші қызбен бірін-бірі жақсы білісіп, бірге қонады. Сосын ол өзінің досынан сұрайды: «Менің күйеуге шыққым келетіндігін әкеме және басқа қыздарға қалай білдіруге болады. Таласпай оған айтады: «Үш түрлі нан пісір, біреуі күйіп кетсін, екіншісі жартылай күйсін, үшіншісі әдеттегідей боп піссін. Шешімін хан өзі ойланып, табуы керек»,—дейді. Ханға осындай үш түрлі нанды алып келгенде, ол қыздарын күйеуге беру керектігін түсінеді. Келесі күні хан халқын жинап алып, қыздарын күйеуге бергісі келетінін айтып, «қалың мал керек емес, тек жақсы адам ғана болса болды»,—деп жар салады. Қыздарының өзіне күйеу таңдатады. Үлкен екі әпкесі өздеріне күйеу табады да, кішісі қалып қояды. Тек кешке ғана ол тазша баланы таңдайды. Хан қызына үй көтеріп береді. Олар үйін хан аулынан аулақта тігеді. Хан кіші қызының таңдауына тазша бала бұйырғанына қамығып, қайғырады. Бір күні бір емші келіп, тазшаға жазылу үшін киіктің етін жеу керектігін айтады. Хан өзінің үлкен күйеу балаларына аңға шығып осы киікті ұстап әкелуді бұйырады. Тазша бала ханға өзінің де аң аулауға барғысы келетінін айтады. Үшеуі де аң аулауға кетеді. Екі үлкен күйеу баласы ештемеге қол жеткізе алмайды. Ал тазша бала бірден киік атып ішек-қарнын ақтарып түсіреді. Екі үлкен күйеу тазшаға айтады. «Бұл киікті бізге бер. Өйткені хан сенің қолыңнан тамақ жемейді»—дейді. Тазша күйеу оларға олжасын береді. Екі үлкен күйеу үйге келіп, киіктің етін пісіреді. Тазша бала киіктің ішек-қарнын пісіреді. Үлкен күйеулер етті ханға пісіріп береді. Бірақ ол әлі де сырқатынан жазыла қоймайды. Тазша бала ханға ішек-қарнын жібереді, оны хан көре салып, «Құртыңдар!»—деп бұйырады. Ханша оған: «Ауыз тиіңіз!»—дейді. Хан саусағымен кішкене ауыз тигенде, оған тазша берген тамақ ұнап, тауысып қояды. Ауруынан жазылып кетеді. Ханның қанатты қара биесі болады. Ол әр жыл сайын құлындайды, бірақ оны алып қара құс көтеріп алып кетеді екен. Хан енді үлкен күйеу балаларына құлынды құстан қорғауды тапсырады. Тазша бала ханға өзінің де құлынды қорғағысы келетінін білдіреді. Түнде үш күйеу бала күзетіп отырады. Түн жарымында екеуі: «Біз кішкене мызғып алайық, сен отыра тұр»—дейді. Тазша бала: «Жақсы»—дейді. Бір кезде алып қарақұс пайда болып, құлыншақты бүріп алып ұша жөнеледі. Тазша бала атып жіберіп, құлыншақтың құйрығынан жармасып қалады. Осы уақытта құстың бір тал қауырсыны түсіп қалады. Бұл—күміс қауырсын екен. Ертесіне үлкен күйеулер: «Бізге құлыншақтыңқұйрығынжәнеқұстыңқауырсынынбер, өйткені сен айтқаныңмен, оны сенің қолға түсіргеніңе хан сенбейді»,— дейді. Сөйтіп олар құлынның құйрығын алып кетеді, бірақ қауырсынды көтеріп әкете алмайды. Хан ордасынан екі адам жібереді, бірақ олардың өзі де оны көтере алмайды. Сонда тазша бала қауырсынды көтеріп әкеліп, киіз үйдің қасына қояды. Хан күйеулерге бүркітті ұстауға бұйырады. Тазша бала ханға бүркітті өзінің де іздегісі келетінін айтады. Екеуі бір бағытқа кетеді, ал тазша бала басқа бағытқа кетеді. Осы сәтте Қозыгер аты жетіп келеді де Тазша оған мініп алып, аттанып кетеді. Бір жылдан соң ол бір киіз үйге келіп: «Киіз үйде кім бар?»—дейді. Үйден жеті басты кемпір шығады. Кемпір Тазшаға айтады: «Сен өзіңнің мақсатыңа жетесің, сондықтан сені жегім келмейді. Басқалардың барлығын жұтып қоятын едім. Қандай мақсатпен сапар шегіп барасың?»—дейді. Таласпай: «Мен ханның қара биесінің тұқымының құлыншағын әкеткен бүркітті іздеп бара жатырмын. Мен бұл құсты атқанымда бір тал қауырсыны мен құлынның құйрығын ғана алып қалдым»—дейді. Сонда кемпір оны дәм татуға үйіне шақырады. Ол үйіне кірген кезде кемпірдің тек адам етімен ғана қоректенетінін көреді. Бұған да етті жеуге ұсынады. Бірақ ол бас тартады. Кемпір оған арақ береді. Оны да ішуден бас тартады. Сонда Таласпай мерген оған қалтасынан тұз алып береді, кемпір де оған тұз береді. Сосын екеуі бір-біріне кедергі келтірмеуге уәде береді. Кемпір оған: «Мақсатыңа жетсең, қайтар жолда соғып кет!»—дейді. Тазша жолға шығады. Біраз жыл өткен соң, ол жылқының үлкен табынына жолығады. Барлық аттар шұбар болып келеді. Ол сол жерден биік бір бәйтерек көреді. Түбіне келіп ұйықтайды. Кешке алып Қарақұс ұшып келіп ағашқа қонады. Оның ауырлығынан ағаш жерге иіледі. Құс ұйқыға кеткенде Таласпай мерген садақтан оны атып өлтіреді. Оны алып жүргісі келгенімен бір де бір ат оны көтеріп жүре алмайды. Мұны тек оның Қозыгер аты ғана көтереді. Кемпірдің үйіне дейін бір күндік жол қалғанда оның соңынан бір қыз жүгіріп келе жатқанын байқайды. Қыз садақтан оқ атады да ол Таласпайдың жебесіне қадалады. Атайын десе ата алмайды. Оның оғы темір ұшсыз қалады. Қыз оған: «Кел, күресейік. Егер мені жеңсең, саған тиемін!»—дейді. Олар күресе кетеді, үш күн, үш түн күресіп, жігіт жеңеді. Қыз оған келісім бойынша күйеуге тиеді. Қыздың үйіне атты қалдыру үшін келгенде қара алып құс алып келген байланған адамдарды көреді. Қыз осы құстың қызы болатын. Барлық тұтқындарды олар бостандыққа шығарады. Сексен нарға жүгін артып әрі қарай көшеді. Жеті басты жалмауыз кемпірге келеді. Бір түн түнеп, таңертең әрі қарай кетеді. Бір өзеннің қасынан олар от көреді. Оттан жылан атып шығады. Таласпай оның алдын қолымен қалқалағанда жылан жеңінің ішіне кіріп кетеді. Сосын жеңінен шығып, өзеннің жағасында қалады. Таласпай әрі қарай кеткенде жылан оған: «Атың кім?» деп сұрайды. «Таласпай мерген»—деп жауап береді ол. «Аузыңды аш? Мен аузыңа түкіремін. Сосын сен бүкіл аңдар мен құстардың тілін білетін боласың»—дейді. Жылан түкіргенде бүкіл дүниенің тілін біліп шығады. Таласпай әйелімен әрі қарай көшіп келе жатып, бір шаңды көреді. Ол атының ер-тұрманын түзеп, жақындаған шаңды тосып, тоқтап тұрады. Шаңның арасынан бір торы ат көрінеді. Ат Қозыгер атқа тура шауып келіп, екеуі амандасқандай болады. Екеуінің де көзінен жас сорғалайды. Торы ат Қозыгер аттың үйірлесі болып шығады. Қобыланды табынды тонап айдап кеткенде, торы ат қашып кетіп, оны ешкім таба алмай қалған екен. Енді Таласпай Қозыгер атына мініп, өзінің киімін киініп, алтын айдарын тарқатып ханға келеді. Хан оны қарсы алады. Таласпай оған сәлем береді. Сонда хан: «Менің қызым да ақылды, сен де ақылдысың» дейді. Таласпайдың әйелі ұл тауып, төрт жасқа жетеді. Таласпай ханнан өз әкесінің еліне көшуге рұқсат беруін өтінеді. Хан оған малының жартысын беріп: «Батыр қалай қаласа солай жасасын, себебі, ол ақылмен ойлайды, бүкіл хандықты өзімен артып алып кете ме, жоқ осында қалдыра ма оны өзі білсін!»,—дейді. Таласпай сексен нарға жүк артып көшеді. Өзі алға озып кетеді де қалған керуенге ізінен жүруді тапсырады. Жолда өзі жүрген ізінде белгілер қалдырып отырады. Таласпай торы атпен жүріп кетеді. Әкесіне келгенде әкесінде азық-түліктен асықты жілік қана қалған екен. Әкесі қуанышы қойнына симай, қуаныштан жасарып жиырма бес жастағы жігіт қалпына келеді. Отыз күн ойын, қырық күн тойын жасайды. Содан, Таласпай мергеннің баласы өсіп жетіледі. Бір күні әкесі айтады: «Қыпшақ Қобыландыдан тонаушылығы үшін кек алуымыз керек». Таласпай өзінің баласымен бірге аттанады. Өзі Қозыгерге, ал баласы торы атқа мінеді. Бірнеше айлар мен жылдар өткен соң, олар қарақыпшақ еліне Қобыланды халқына жетеді. Осы уақытта Қыпшақ жұртында бір бай түс көреді. Түсінде бір аш қасқыр оның бүкіл малын тонағанын Қобыландыға айтады. Бір емші қария түсті: «Біз халқын тонағанда бала жасында қалған Таласпай мерген келе жатыр. Онымен кездесуге дайын болу керек» деп жориды. Таласпай мерген келген кезде Қобыланды одан қыпшақ жұрты жиналып болғанша, тоғыз күн тоқтай тұруға мұрсат сұрайды. Таласпай мұрсат береді. Таласпай баласымен екеуі белгіленген орында тынығып жата береді. Алдымен Таласпай мергенмен Қобыланды жекпе-жекке шығады. Шығар алдында жөн сұраса келе олардың аналары апалы-сіңілі екенін біледі де достасады. Қобыланды бойжеткен қызын Таласпайдың ұлына береді. Жоғарғы, төменгі бүкіл халықты жинап, құрбандық шалып, үш күндік той жасайды. Осы уақытта әскер келгендігі жайлы бақташы хабар жеткізеді. Олар бақташыны жіберіп келгендердің кім екендігін біледі. Бұл келгендер Қобыланды өлтірген Ер Көкше батырдың ұлы Ер Қосай болады. Таласпай мен Қобыланды қарсы алу үшін Тайтөбеге шығады. Ер Қосай Қобыландыны жекпе-жекке шақырады, қолына ақ найзасын алып қарсыласына қарсы ұмтылады. Қобыланды да жекпе-жекке шығады. Алдымен найзамен шаншысады, Қосай қылышпен ұрып, Қобыландының найзасын сындырады. Сонда Ер Қосай найзасын Қобыландының жүрегіне қадап, найзаға шаншылған күйі басынан жоғары көтеріп: «Мен әкемнің өлімінің кегін алдым ба?» деп сұрайды. Қобыланды: «Мен сенен әлі де биік тұрмын» дейді. Сонда ол, Қобыландының денесін жоғарыдан төмен лақтырады, Қобыландының жақтастары Ер Қосайдың сүйегін алу үшін лап қояды. Таласпай мерген сүйекті көптің арасынан алып шығады. Алдымен жекпежекке Таласпайдың ұлы шығады. Ер Қосай Таласпайдың ұлын өлтіреді. Сосын Таласпайдың өзі шығады 7 күн, 7 түн алысып, бірін-бірі жеңісе алмайды. Сонда екі жақтың әскері бейбіт жолмен шешуге келісім жасайды. Таласпай жағындағылар: «Қосай әкесі үшін кегін алды, енді татуласуға болады»,—деп шешеді. Содан өзара келісімге келеді. Таласпай Ер Қосайды қонақ етіп, бәріне сый-сияпат беріп қайтарады. Өзі Қобыланды жұртына көшіп келіп, хандық құрады.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.