Kazakh
Шыбын қалай пайда болған?
Аңызға қарағанда, қазіргі шыбындар әсілінде бір жалмауыз екен. Ерте де бір күні әлгі жалмауыз бір қалаға апат төндірмекші болып келе жатқанда, қаланың патшасы оны сезіп дереу халқын жинап: «Қаламызға ауыр апат төндіретін бір жалмауыз келе жатыр, үлкен кіші демей соғысқа аттанып қаламызды қорғап қалайық, бірінші шептегілер садақ алсын, екінші шептегілер найза алсын, үшінші шептегілер қылыш алсын» – деп бұйрық түсіріпті.
Ұзын өтпей әлгі жалмауыз жетіп келеді. Қала халқы мен жалмауыз арасында сұрапыл соғыс болып, ақыры халық жалмауызды өлтіріп, шат-шадыман үйлеріне қайтады. Осы кезде патша нөкерлеріне: «Жалмауыз әлі толық өлмеді, сендер оның өлігін үшке бөліп, үш таудың ар жағына апарып тастаңдар», – дейді. Нөкерлер патшаның бұйрығын дереу атқарады.
Ертесі патша әлгі нөкерлеріне: «Оның өлігін күйдіріп, шөл-жазираға шашыңдар», – деп әмір жасайды. Нөкерлер патшаның айтуы бойынша жұмысты орындайды. Сөйтіп, қала халқы алаңсыз болады.
Алайда ұзын өтпей қалаға бір түрлі ұсақ жәндіктер ұшып келеді. Бұл жәндіктер қала халқына үлкен зиян келтіре алмаса да, өзінің латтығымен адамды жиіркендіреді. Ол үздіксіз «Мен шамамның жетісінше олардан өш аламын», – деп ызыңдайды. Сонымен адамдар бұл ұсақ жәндіктердің әлгі күйдіріп жіберген жалмауыздың күлінен жаралғанын біліп, оған «Шыбын» деп ат қойыпты. Содан бастап адамдар шыбынды көрді болды жиіркенетін, әрі өлтіретін болыпты.