Back to corpus

Мұңлық-Зарлық

Баяғы бір заманда бір Шаншар деген хан болыпты. Қырық әйел алса да не ұлы, не де қызы болмапты. Хан бір күні өзі ойланады: «Жасым болса кәрі қойдың жасындай-ақ қалды, әлі қырық әйел алсам да не ұл, не қыз көрмедім. Енді былай деп елге хабарлайын, кімде кім қызым бір ұл, бір қыз табады деп мойына алып, кепіл болса соған...

ATU 707
Kazakh
Мұңлық-Зарлық
Баяғы бір заманда бір Шаншар деген хан болыпты. Қырық әйел алса да не ұлы, не де қызы болмапты. Хан бір күні өзі ойланады: «Жасым болса кәрі қойдың жасындай-ақ қалды, әлі қырық әйел алсам да не ұл, не қыз көрмедім. Енді былай деп елге хабарлайын, кімде кім қызым бір ұл, бір қыз табады деп мойына алып, кепіл болса соған қанша мал, алтын, күміс сұраса тоқтаусыз берем деп хабарлайын деді. Сонымен ертеңінде елді түгел жинап алып, айтты. Сонымен кедей, жар басында шөптен жасаған тіккен үйде, өзі жасынан ау салып, балық алып күн көрумен келген екен, өзінің жаңғыз қызы бар екен, сонда Жәудір қарт үйіне келе жатып ойлайды: «әттең дүние-ай осы жасым кәрі болып, күшім кетіп тұрғанда қызым көнсе біраз күн кішкене қызық көріп қалар едім-ау,—деп ойлап келе жатып, қой үйге барайында өтірік ыңқылдапауырып сандырақтап қызыма айтып көрейін»,—деп, үйіне келіп, терін сипап ыңқылдап, сандырақтап әрбір нәрсені өзі айта бастады. Сонда қызы: —Әй әке-ау, сіздің тегін өтірік айтпауыңыз керек жүгір ханға бар,—деп, қызы екі елі дорба беріп, барып ханға айт «қызым бір ұл, бір қыз табады» деп дорба толғанша алтын күміс бер деп ханнан сұра деді. Әкесі жәудір қарт тұра салып ханның үйіне баруға тұра жүгірді. Келе жатып Жәудір ойлайды: «ой пәлі-ай, менің қызым өзі тиетін байына әлден ақ барып, мына екі-үш ділдә ғана сиятын екі елі дорбаны беруін қарашы»,—деп ойлап келеді. Ең болмаса бір қап берсе неғылады,—деп, о қой, не де болсада осыны ақ алайында—деп жүріп ханға келеді. —Ә Жәудір шал, неге келдің,—деп хан сұрады. —Мен сізге келдім, менің қызым бір ұл, бір қыз тауып табады, өзім кепіл боламын,—деді. —Жарайды, не сұрайсың,—деді хан. —Мына добамды толтырып берсең болғаны,—дейді шал. Хан дорбаны көріп: —Оу, сенің үйіңде қап жоқ па еді, мынау не болады,—деп хан қарады. —Ой хан иеміз-ай, осыны толтырып берсең де болады,—деді ханға қарап. Сонда хан айтты: —Мына шалдың дорбасына бір екі үш ділдә салып бер,— деді.келіп қазынаның ауызын ашып, бір екі ділдә салып еді, көрінбеді. Күректеп салып еді сол кілеттегі түгелдей кетті. Қазынашы ханға келіп айтты, хан естіп қайран қалды. Сонымен жеті кілетті түгелдей салды, сонда да толмады дорба. Онан соң елді жинап төбел тазға төр ділдә, қырма тазға қырық ділдә, ойма тазға он ділдә, сыйсада бер бес ділдә, сыймаса да бер бес ділдә,—деп елге салық салады. Сонда да толмады, енді не істеу керек деп отырғанда бір мәстек кемпір келді «мен толтырып берсем не бересіз» деді. Өз бойыңмен бірдей дорба алтынды берейін деді. Сонда кемпір барып, тоғыз жолдың торабынан шым-шым топырақты әкеліп дорбаға салып еді, асып төгілді. Елден, таздан алған алтын, күміс бәрін қайырып берді. өзінің қазынасы қайта толды. Сонда дорбада қалған алтын, күміс жеті атан түйеге жүк болды. Сонымен қызын берді. Қызы барсыменақ екіқабат болды. Тоғыз ай тоғыз күн дегенде хан: —Мен баланың дауысын естіген жоқпын ғой, сол үшін мен тауда болайын, сен бас көз болып мұнда қал,—деп бірінші уәзірін тастап кетті. Әйелі толғатып жатқанда қырық әйел «не істейміз, бұл бір ұл, бір қыз тапса бұдан жақсы болмайды, бізге енді қарамайды» десті. Сонда біреуі: —Бұған амалды тапса әлгі мәстек кемпір табады,—десті. Олай болса сол кемпірді келтірейік деп кемпірді келтірді. —Әй ана қырық әйел сізге қырық табақ алтын ділдә берейік, мынаған ақылын тапшы,—деді. —Жарайды, қырқың қырық табақ алтын ділдә берсең мен ақылын табам,—деді. «Береміз» деп шу ете қалды. Сонан соң кемпір жүгіріп барып жаңа туған иттің бір еркек, бір ұрғашы екі күшігін әкелді де толғатып тұрған әйелге келіп бір дем салып еді, есін танып жығылып қалды. Сонда бір ұл, бір қыз тапты. Оны алып орнына иттің бір еркек, бір ұрғашы күшігін салды да, ұл мен қызды жасырып алып кетіп, суға лақтырайын дегенде балаға тіл бітіп: —Әй ана, мені осы суға тастамай бақсаң, өскен соң өлгенше сізді күтеміз,—деп жылады. Оған болмай келіп, кемпір суға қарай атты. Сонда періште қағып, жел көтеріп таудың басына шықты. Бір киік жаңа ғана балалапты, соның бауырына салыпты. Соны еміп күн көре берді. Уәзір енді ханға хат жазды: «Әйеліңіз иттің бір еркек, бір ұрғашы күшігін тапты»,—деп, оны Шаншар хан естіп былай деп хат жазды: «Екі күшігі мен қатынды да жеті аралға апар, сонда жатсын»,—деді. Сонымен қатынды жеті аралға апарып тастады. Местек қырық әйелден қырық табақ ділдә алды. Сонымен бірнеше күн өтті, қанша жылдар өтті. Бала мен қыз он алты он жеті жасқа жетті. Бала киікті, құланды садақпен қоймайды. Бір күні Шаншар хан биік тауға шығып келе жатса жар тастың түбінде бір бала ұйықтап жатыр екен. Баланы көріп Шаншар хан аттан түсіп, бас салды. Сонда бала атып тұрып ханды анадай жерге лақтырып жіберді. Хан жылап ауылына келді. —Құдай-ау, баланы тауға да, тасқа да бердің,—деп жылады. Сонда әлгі қырық әйелі мәстек кемпірге хабарлады. Оны естіп мәстек кемпір өзі тауға барды. Өздері тастан жасаған үйде қыз отыр екен. Мұңлық киік аулап кетіпті. Келе жатқан кемпірді көріп қыз есікті ішінен бекітіп қойыпты. Кеміпр келіп, «Зарлық қызым, аш есікті» дейді. Сонда қыз ашбай қойды. Онан кейін кемпір айтыпты: —Сендерді баққан қожаң мен едім, есік ашбадың. Енді Мұңлық келген соң айт, Күн батыс жақта Күлмес ханның Күлсара атты күлгін қызы бар соны барып алсын деп айт,—деп Мәстек кетті. Ол кеткен соң қараса қыз жақын жерде кемпір жоқ. «О бізді баққан қожа екен ғой»,—деп ойлады. Кешке Мұңлық та келді. Айтты: —Қожа да келіп кетті, Күлмес ханның Күлара атты қызы, құлагер аты деген аты бар, соны барып алсын деді,—депті. —Ой, ол әлгі бізді суға тастаған мәстек шығар,—деді. —Жоқ, жоқ ол емес,—деді. Сен соған бар енді, алып кел деді. Онан соң бір неше жылға жарайтын азық жинап берді де, өзі жол тартты. Арада неше күндей жол жүрді. Бір үлкен биік таудың етегіне жеткен кезде әбден шаршап аяғы ұйылып келіп, бір бастауға кез келіп жата кетті. Сонда жатып ұйықтап кеткен кезде бір түс көрді. Ақ шалмалы қожа келіп айтты: «Келдің балам, мына таудың астында» деді. Ояна келсе түсі екен. Аяғыда жазылып, өзі де тынығып қалыпты. Тұра салып таудан асып келе жатса алдынан қырық уәзірі мен хан шықты: —Әй балам, жолың болсын, қайда барасың?,—деді. Сонда бала айтты: —Күлмес ханның Күлсара қызын, Құлагер атын алайын деп келемін,—деді. Хан күліп жібереді де жүріп кетеді. Сонда уәзірлері сұрады: —Тақсыр, сіз өмірі күлген жоқ едіңіз. Мына түгі жоқ тақыр, өзі күйген, өзі жалаң пұт, жалаң аяқ бала аузынан келгенін оттып еді сонша қатты күлгеніңіз не,—деп сұрады. Сонда хан айтты: —Мен неге күлгенімді ертең түсте айтайын,—деді хан. Сонымен бала жүріп отырып шәәрге кірді, аралап келіп бір дүкенге кірді. Айнаға қарап тұрып неше түрлі киімді киді. «О, бұл маған жарасбайды екен, ана үйге барып сабын мен әбден жуынайын» деп айнаны да, қанша киімді жіпке буып алып арқалап дүкеннен шыға берді. Дүкенші айғай салып еді, ел жиылды. Дүкенші барып ұстап еді, ол бір ұрып еді өлді де қалды. Кім жақын барса соны бір-бірлеп өлтіре берген соң, ел болып жабылды. Арқалаған киімді жерге қоя салып айқас жасап еді, он-он бес адамнан өлтіріп үйе бастады. Онан соң ел қашып кетіп, өзі ақ қалды. Онан кейін киімін арқалап үйге келді. Суға түсті. Қашқан ел ханға келді. —Әй тақсыр хан, бір қырғын ажал келді, талай талай адамды қырып төбе төбе қып үйіп үйіп кетті,—деді. Сонда дәл түс кезі еді. —Әй уәзірлер, ол кешегі бала ғой. Қырқың да барып хан қызын да, атын да береді деп шақырып келіңдер,—депті. «Жарайды» деп қырық уәзір келсе, үйде шомылып жатыр екен дейді. —Әй жүр, хан шақырып жатыр, қызын да, атын да саған беретін болды,—деді. Сонда Мұңлық: —Әй бері келіңіздер, аттан түс,—деді. Келді, аттан түсті. Бәрін де шап етіп ұстай алып, қырқын да жерге үйді дейді. Сонда шулады, жылап «бізді қоя беріңіз» деп жалынды. Сонда бәрінің қолын артына байлап, өздерін жаяу айдап, бір атқа өзі мініп қалған атпен қосып ханның ордасына айдап келді. Хан оны көріп қарсы алды. Бір жақсы үйге кіргізді. Уәзірлерін босатып шақырды: —Ал, уәзірлер. Кеше осы уақытта маған неге күлесіз деп шу ете қалып едіңдер, кәні қандай екен? Сездіңдер ме,—деп сұрады хан. Сонда уәзірлері: —Ой тақсыр, мынау баланың сұрағанын түгелдей беріңіз,— десті. Сонда хан тұрып айтты: —Бұл бала оңай бала емес, қасиетті бала. Шаншар ханның баласы. Бір мәстек кемпірдің зияны тиіп осындай қалге ұшырағын бала еді. Мен соған күлдім,—деді. Сонымен қызын да, атын да бермек болды. Күн батқан соң жеңгелері қыздың отырған үйіне келсе қыз жоқ, іштаны терезенің көзіне сыпырылып қалыпты. Қыз өзі жоқ. Ханға хабарланды «қыз жоқ» деп. Сөйтсе ол қызға бір дәу ғашық екен. Арасында бір мәстек кемпір жүреді екен. Сол кемпір хабарлап, сол дәу өзі келіп терезеден суырып алып кетіпті, қолын тығып алып. Ол қызды дәудің алғанын білген уәзірлер айтты: —Ал не істейміз,—деп, ал енді әскерлерді алып барып алып келейік, дегенде уәзірлері шу ете қалды. —Тақсыр хан, өзі барсын, өзі барсын,—депті. Сонда хан айтыпты: —Қой күйеуді өлтіріп қойса обал ғой,—деді. Уәзірлер шу шу етіп: —Өлсе өлсін,—депті. —Ал ендеше әкел құлагерді,—деп, ерттеп, шақырап алып жағдайын айтып, бәлен жерде,—деп жаңғыз өзін-ақ жіберді. Сонда уәзірлер де «бір денесінде мың жаны болса да енді өлді деп есептей бер» деп қатты қуанды. Сонымен жүріп келе жатса алдында үлкен су бар екен, құлагерді қатты қатты орып жіберіп «шу» деген кезде шауып келіп, бір-ақ қарғып түсті. Сонан кейін ары қарай кетіп бара жатса бір төбе аспанға ұшып қайтадан орнына түсіп тұр екен дейді. «О сұмдық-ау, мына жақтың төбесі ұшып көкке қайтып орнына түсіп тұрады екен-ау» деп ойланып келеді. Сонымен әлгі төбеге келсе бір қыз шыға келді. Төбенің астынан келіп амандасты. Сөйтсе әлгі ханның қызы екен дейді. —Әй қыз-ау, мына аспанға ұышп тұрған төбең не,—деп сұрады. —Бұл ұйықтап жатқан дәудің мұрнынан шыққан лебі, сол үшін ұшып қонып тұр,—деді. —Ә, сен ханның қызы екенсің ғой,—деді. Мына дәулік пісің, мендік пісің шынын айтшы,—деді. Сонымен үйге түсті, қараса дәу ұйықтап жатыр. Бір ат басындай дәудің шоқпары тұр екен, соны алып жатқан дәуді басқа бір періп қалды. Ол: —Е, мынау не деген шыбын,—деп маңдайын бір сипап жата берді. Онан соң далаға шығып құлагерді мініп дәудің аяғынан байлап алып, сүйретіп ала жөнелді. Сүйреп тауға да, тасқа да, шеңгелге де, оташқа да соқты. әрбір жерде еті қалпақтай қалпақтай болып жұлынып қала берді. Құр сүйегі ғана қалды. Сонда дәу: —Әй,—деп айқай салды, ең болмаса басымды бір көрет, армансыз өлейін,—деді. —Әй болмас,—деп тоқтап, аяғын шешіп босатыпты. Құр сүйек біраз отырып, тұра келіп алыса кетіпті. Сонда үш күн, үш түн алысты. Баланың қабырғасы қайысып, омыртқасы майысып жығылыр кезі болғанда Құлагер аты келіп дәуді теуіп-теуіп жібереді. Дәудің екі аяғы сынып, қабатынан барып құлады. Сонда келіп дәудің басын кесіп алды да, шауып отырып қызға келді. Қызды артына міңгестіріп ап ауылға қарай соқты. Алдынан жаңағы су кездеседі. Шу деп келіп суға жақындағанда атты орып-орып жібереді. Ат шауып келіп қарғып, ар жағына түсті. Сонда артқы екі аяғын суға тығып алды. Сонымен үйге келді. Хан аман есен келгенін көріп, қызына қосу үшін отыз күн ойын жасады. Сөйтіп қызын қосып, қаншама мал, құл, күң беріп көшірді. Бір неше жыл, күн көшіп келеді. Сонда келе жатса бір жақсы бастауға кез келді. Жеріне адам баспаған екен. Әлгі жерде сонда қонып жатып ұйықтап кеткенде, түсінде ақ шалмалы қожа келді: —Әй шырағым, мынау жер, сенің әкең Шаншар ханның қорық жері еді. Сен келіп қонып жатырсың. Ертең әкең көріп ашуланып кісі шаптырады. Сонда келген кісіге айт «Нең бар, кет ары, бұл жер әкем Шаншардың жері» де,—депті. Сонымен таң атқан соң хан көріп «ана қорық жерге қонып жатқан кім, жылдам барып айдап кел, басын алам» деді ашуланып. Сонда шапқыншы шауып келді: —Жүр жүр, хан шақырып жатыр, қорық жерге қалай қонып отыр деп,—деді. Сонда Мұңлық: —Бұл жер өз жерім, әкем Шаншар ханның жері, кет ары,— деді. Шабарман не айтарын білмей, ізінше қайтып келді. Хан: —Әй неге кертіп келмедің,—деп ашуланды. Сонда: —Тақсыр хан, ол бала дәл сізден айнымайды екен. Бұл жер өзімнің жерім, Шаншар өз әкем, кет ары деді. Сонан соң келдік,—депті. —Өзім барайын, деп қасына қырық уәзірлері мен өзі де келді. Сол уақытта таудан барып қарындасы Зарлықты әкеп те қойған екен. Ал әкем Шаншар келеді дегенде Зарлық қыз «Әке сенікі, шеше менікі. Шешемді әкелмесе алдымен әке керек емес» деп тығылып қалды. Сөйтіп тұрғанда хан да келіп, әкесінің алдынан шығып қолынан ұстап амандасты. Сонда Шаншар сұрады: —Әй бала, әкең кім?—деді. —Әкем сіз Шаншар,—деді. —Сонда қалай, жасыңнан менің қасымда болмайсың,—деп сұрады. —Қайдан болам жаныңда, туған күні-ақ жерге тигізбей таскемпір суға атып жіберді. Қайдан жаныңда болам әке-ау,— деді. Сонда Шаншар хан аттан түсіп, бетінен сүйіп, иіскеп, кел кел қызым деп шақырды. Сонда қызы айтты: —Алдымен шешем керек,—деді. Онан соң хан ауылға уәзірлерін шаптырды. Қырық қатыннан барып, «Қырық қыпқырақ керек пе, әлде қырық қысрақ керек пе?» деп сұра деді. Сонымен шауып келіп қырық қатыннан сұрады: —Қырық қыпқырақ керек пе, қырық қысрақ керек пе,—деп сұрады. Олар: —Қырық қыпқырақ не керек, қырық қысрақ керек, сауып ішеміз,—деді. Сонда қырық қатынды қырық қысырақтың құйрығына байлап өлтірді. Мәстек кемпірді алдырып, мұрнын кесіп құнтыйтты, құлағын кесіп шонтұйтты. Онан соң хан да, Мұңлық-Зарлық та, қырық уәзір де түгелдей жеті аралға кепті. Сонда екі күшігі төбет ит болып, қоян, қырғауыл ұстап әкеп асырайды екен. Әлгі иттер келе жатқан адамдарды сезіп, қуанып сүйінші сұрағандай болып әйелдің жуып қойған орамалын келіп ала қашыпты. Сонда әйел ойлады: «Ә, бір сұмдық болған екен. Бұл жерде қоян да, қырғауыл да біткен екен, енді түк таппай маған кезек келген екен»,—деп ойлап жүгіріп келе жатса, итті қуып алдынан бір топ кісі келді. Ұлы да, қызы да келіп көрісті. Шаншар да келіп көрісті. Сонымен үйіне әкеп отыз күн ойын, қырық күн тойын жасады. Сөйтіп қайтадан алды.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.