Kazakh
Қарттың ұлына өсиеті
Бір бай өлер уақытында ұлын шақырып алып:
—Ұлым, мен өлген соң жұма сайын қыз алып, қала сайын үй сал, ас жесең, бал же,—деп, өсиет айтыпты.
Бай дүниеден өтіп, ұлы атасының өсиетін істей бастайды: жұма сайын қыз алып, қала сайын үй салады, ас ішсе, бал ішіп, ақшасын бітіреді. Сөйтіп, жігіт жарлы болады. Бір күні жігіт далаға шығып, біраз жүріп, бір үйілген тастың тасасына отырып, бөркін қолына алып, басын ұстап отырған уақытта, бір жақтан бір шал келіп, жігітке сәлем береді. Жігіт сәлемін алған соң ол адам жанына отырады да, жігітке:
—Не қып отырсың?—дейді. Жігіт:
—Жәй отырмын,—деп жауап береді. Шал:
—Шыныңды айт!—деп қыса бастайды. Жігіт ешнәрсе айтпайды. Шал:
—Сырыңды жасырма! Мен саған жақсылық көрсетемін,— дейді.
Жігіт:
—Менің атам бай болған адам еді, сол атамның өлер алдында йтқан өсиетін орындаймын деп, кедей болдым,—дейді.
Шал:
—Қандай өсиет айтып еді?—дейді. Жігіт:
—Әуелгі өсиет: «Мен өлген соң жұма сайын қыз ал» деп еді, мен атамның сол өсиетін тұтып, жұма сайын қыз алдым.
Екінші өсиеті: «Қала сайын үй сал»,—деп еді. Мен қала сайын үй салдым. Үшінші өсиеті: «Ас ішсең, бал же»—деп еді. Мен бұл өсиетін де орындап, әркүн бал жедім. Солай етіп, үш жылда барлық ақшам таусылды,—дейді.
Шал тұрып жігітке:
—Сен атаңның өсиетін ұқпаған екенсің, өйткені атаңның: «жұма сайын қыз ал»,—дегені: «Әйеліңмен жұмасында бір кездес, денсаулыққа жақсы»,—дегені. «Қала сайын үй сал»,— дегені: «Қала сайын достарың болсын, барғанда түсетін»,—дегені еді. «Ас ішсең бал же»,—дегені:—«Еңбек істеп ас ішсең, балдан тәтті болады»,—дегені еді,—деп, қарт өз жөніне кетіпті.
Жігіт әкесінің терең мағыналы өсиетіне сонда ғана түсініпті.