Kazakh
Бай мен баласы
Ертеде бір бай болыпты. Байдың жалғыз баласы болыпты. Әлгі баласы жылқы бағып отырса, бір сағым түсіп тұрады. Содан кейін түнде әлгі бала айтады: «Ақ түйеге мінген қыз, жерді басып жүрген қыз»,—дейді. Онда әлгі сағым айтады: «Ақ түйеге мінгенбіз, жерді басып жүргенбіз. Зердең болса іздеп тап».
Әлгі жылқы баққан бала үйіне келіп: «Маған осындай бір сағым сөйледі. Сол сағымды іздеп табам»,—деп әкесіне айтады. Әкесі «барма» дейді. Содан кейін: «Жоқ, барып іздеймін!»—дейді. Әкесіне: «Маған қандай ат бересің?»—дейді. Әкесі: «Тіл алмадың, енді өзің барып етегіңді қаудыратып, жүгеніңді сылдыратып жылқыға бар. Бетіңе қарағанды мін»,—дейді.
Әлгі бала етегін қаудыратып, жүгенін сылдыратып жылқыға барса, бір қотыр тай қарайды. Қарақұлақ дейтін әлгі тайды жүгендегенде дөнен болады. Ер салғанда бесті болады. Мініп алғанда сегіз жасар ат болады. Содан кейін іздеп шығады. Әлгі сағымды іздеп келе жатып бір көлге жолығады. Әлгі көлден өте алмайды. Атын бір ай жаратып қарғытқанда, көлдің арғы жағына шығады. Келе жатса, бір жерде бір торғай шырылдап тұрады. Әлгіні көріп бір шынтағын қанатып еді, бір қыз болып шықты. Содан кейін келе жатып бір кісіге жолығып сұрағанда, «жолда айдаһар бар» дейді. Әлгіге қызды садақаға береді. Сонымен келе жатса, тауды қопарып бір айдаһар тұрады. Әлгі айдаһар екеуі алысып, ақырында ойды қыр қылып, қырды ой қылып айдаһарды жеңеді. Содан кейін келе жатып бір жерге келгенде, әлгі аты айтады: «Сұр мерген дейтін мерген бар, түстік жерден атып, күншілік жерден болжайды. Мен еңкей дегенде еңкей»,—дейді иесіне. Иесі: «Жарайды»,—дейді. Бір жерге келгенде «енкей» дейді. Еңкейе қалады. Әлгі ауылға келеді. Сұрмерген: «Менің, атқан кісім өлмей қоймаушы еді»,—деп мылтығын алып ұмтылғанда, әйелі жібермейді. Үйіне түсіріп: «Неғып жүрсің»,—дейді. Сонда айтады: «Мен осындай сұлу қызды іздеп келемін»,—дейді. «Ондай болса, мына жерде жақын»,—дейді. Содан кейін ерте тұрыл әлденеше қабат темір үйге барады. Бара жатқанда аты айтады: «Мені байлап кет»,—дейді. Әлгі үйді көріп асығып атын байламай кетеді. Әлгі үйдің жеті бөлмесінен өтіп ең төргі бөлмесіне барса, бір алтын сандық тұр дейді. Әлгіні ашса, сұлу қыз жатыр дейді. Сөйлесіп бір-бірімен келіседі. Содан кейін сыртқа шықса, аты өліп қалыпты. Жылап қайта келеді, «атым өліп қалды» деп, сонда қыз айтады:
«Бір дәрі беремін, әлгі дәріні иіскеген ат тіріледі». Әлгі қызды алып бір-бірімен дәурен сүріп тұрады. Сонда бір жалмауыз кемпір әлгі қызды ханға әкеліп беретін болып келеді. «Шешесі жоққа шеше болам деп жүр екен»,—деп қыз байына айтады.
«Біз шеше қылып алайық» деп, шеше қылады. Кемпір бір күні әлгі қыздан сұрапты: «Сенің байыңның жаны қай жерде? Соны сұра»,—дейді. Кешке жігіт келген соң жанын сұрапты. Айтпайды. Келіншегі өкпелейді. Содан кейін айтады. «Менің жаным ұлтарағымның астындағы ақ бәкі»,—дейді. Кемпір бәкіні ұрлап алады. Әлгі жігіт өліп қалады. Келіншегі жылайды. Содан кейін: «Өлгеннің соңынан өлемісің, жүр суға түсейік»,—деп ертіп алып, алдап қапқа салып ханға әкеліп береді. Жігіттің аты суға тастаған бәкіні алып жігіттің ұлтарағына салса, жігіт тіріледі. Басын көтеріп алса, қатын жоқ. Іздеп шығып келе жатса, бір қойшыға жолығады. «Бұл кімнің ауылы?»—дейді. «Бір ханның ауылы»,—дейді қойшы. «Мұндағы жиылыс не?»—дегенде: «Хан бір қатын әкеліп, соның тойы»,—дейді.
«Ол қатын кімдікі?»—деп сүраса: «Бір сұлу қыздың байын өлтіріп, жалмауыз кемпір әкелді»,—дейді. Әлгі жігіт қойшы болып бармақ болып: «Мына судан қайтіп өтесің?»—дегенде:
«Құрғырдың суы құры десе, су құрып қалады»,—дейді. Содан кейін қойшының киімін киіп, қойды ауылға айдап келсе, судан өте алмайды. Манағыны ұмытып, қойды лақтырады. Хан көріп: «Антұрған, неге ұмытасың?»—дегенде, есіне түсіп:
«Құрғырдың суы құры»,—дейді, су құриды. Баяғы қойшы деп, хан оны жаңа әйеліне тамақ апарып беруге қосады. Тамақ апарып берген болып, келіншегімен көрісіп, кешке қашып еліне келіп, аймақтағы елді шақырып, ала биені сойып, төмендегі елді шақырып, жорға сойып, той қылып, бай болып барша мұратына жетеді.