Kazakh
Үш батыр
Ертеде құла қасқа атты Құрмерген деген батыр болады. Әкесі өте жарлы болады. Жалғыз биесі болады. Тіптен елінің қарағаны осы биесі болады. Жылда туған құлынын бір дәу көтеріп әкетіпті де тұрыпты. Соны іздеуге Құрмергеннен басқа ешкім болмапты. Әкесінен бата алып іздеуге шығады. Іздеп күн жүреді, ай жүреді, бір жерге келсе, бір кісі жерге құлағын төсеп жатыр екен дейді.
—Е, жол болсын!
—Жолдау өзіңізден болсын!—деп, жөн сұрасып аты-жөнін айтады.
—Мен жеті қабат жер астындағы нәрсенің бәрін тыңдап білемін,—дейді тыңшы.
Кұрмерген айтады:
—Менің жаным қылышымда, былай өмірге өлмеймін,—дейді.
Екеуі жолдас болып құлындарды іздеуге шығады. Келіп—келіп екеуі бір судың арасы мен екінші судың арасында отырып ішінде не бар, не жоғын тексеріп отырған кісіге кездеседі. Жөн сұрасады, жөн айтысып жолдас болып, үшеуі де іздеуге шығады. Бір таудың етегіне келеді. Келсе, жайылып жатқан он екі құлынды көреді. Көрсе, бір үйде дәу, бір үйде үш қыз ұйықтап жатады.
—Кім бар-ау?—деп кіріп келсе, кіші қыз оянып:
—Неге келдіңдер, мына дәу бастарыңды алады,—дейді.
Дәуді оятып, алысып алпыс күнде өлтіреді. Үш қызды үш батыр алады. Дәудің тұтқынындағы қыздар үшеуі де сұлу, ақылды болады. Құрмерген еліне қайтпақ болады, екі жолдасы төртеу болып елдеріне қайтады. Құрмерген жеті күн ұйықтап, жеті күн ұйықтамай жүретін болады. Сол жеті күн ұйықтаған мезгілде жалмауыз кемпір—дәудің шешесі келіп, қызды, қыздың байын көріп тегін емес екенін біліп, қызды алдап «бұның жаны қай жерінде, соны сұра» дейді де кемпір үйге тығылып жатады. Батыр ұйқысынан оянып жатқанда, әйелі қиылып сұрайды:
—Сенің жаның қайда?—деп.
—Жаным кылышымда,—деп айтады.
Оны естіген кемпір қылышын алады да, дарияға атып жібереді. Сонымен батыр жансыз болып, құла қасқа ат екеуі қалады. Қызды кемпір көзді ашып-жұмғанша ханға әкеліп тарту қылады.
Баяғы Құрмерген кірпігі ғана қимылдап жатса, жеті қабат жерді білетін досы жерді тыңдайды. Бір хабар алайын десе, жолдасы өлейін деп жатқанын біліп, баяғы су бойындағы жолдасына келіп ертіп келсе, бұрынғы үшеуі айрылғандағы орында қарайып тұрған қараны көреді. Ат, қу сүйегі Құрмергенді желпіп тұр екен дейді. Жолдастары қастарына келгенде ат жан тапсырады. Дереу қараса, Құрмерген кірпігін қағып жатыр екен. Суды тексеретін досы жеті дарияны ұртымен тексере бастайды. Тексеріп отырып Құрмергеннің қылышын тауып алады. Алып қылышын қолына бергенде, Құрмерген ұшып тұрады. Жанданып болып баяғы құлынды, әйелін іздеуге кіріседі. Іздеп, іздеп неше қиындықтармен жүдеп, ақыры әйелін, ат болған құлындарын тауып алып қашады. Артынан хан елі қуады. Мыстан кемпір қызды тағы алдағысы келеді. Оған енді қыз көнбейді. Алдынан жеті кабат дарияны шығарады үш батыр. Мыстан кемпір: «Мұнан қайтіп өттің?»—дейді. Сонда қыз: «Екі етегіме тас байлап, үстіме қорғасын салып өттім»,—дегенде, соны істеймін дейді де суға кетеді. Қош айтысып, ойлағандары біткен батырлар елдеріне, орындарына кетісіп, Құрмерген шал мен кемпіріне қауышып, баяғы жылқыларын еліне тапсырып, келіншегі балалы болып, үш батыр бірігіп алмайтын жауы болмапты дейді.