Kazakh
Алтын ат
Бір ханның баласы бар екен. Ол өзі жалқау, түк жұмыс қылмайды. Үйінде жатып алады. Бір күні түнде ұйықтап жатып түс көреді. Түсінде бір жағынан Ай туып, бір жағынан Шолпан жұлдыз туып тұр екен. Ертеңіне орнынан тұрады дағы сол түсті іздеп кетеді. Жүріп келеді, жүріп келеді. Бірнеше күн, бірнеше түн жүріп бір қаланың шетінде сиыр бағып жүрген бір таз балаға жолығады. Таз баланың сусынынан ішіп отырады. Сонда таз бала ханның баласынан: «Қайда барасың?»—деп сұрайды. Ханның баласы қанша сұраса да айтпайды. Ақырында қоймағасын «осындай түнде жатып бір түс көріп, соны іздеп келе жатырмын» дейді. Ханның баласы:
—Осы түсіңді маған сат, мен саған мына малымның бәрін берейін,—деді тазша. Оған ханның баласы көнбей, ақырында көніп, тазшаның малын алып, ханның баласы өз жөнінде кете барды.
Тазша манағы түсті іздеп бірнеше күн, бірнеше түн жүріп бір қаланың шетіне келіп қай жаққа баруын білмей тұрады. Қаланың іші тегіс жатып қалған. Қаланың ол жақ, бұл жағына қараса, бірнеше тамның арасында бір терезенің алдында жанып тұрған бір шамды көреді. «Бұл неғылған шам» деп келе жатса, жанып тұрған шамның бер жағында байулы тұрған екі атты көреді. Бір аттың үстінде қоржын бар. «Бұл неғылған ат» деп қараса, қасында еш адам жоқ. Оған бармастан жүгіріп шамның алдына жетіп барса, бір қыз киініп жатыр. Қыз әлгі тазшаға:
—Келдің бе?—деді. Тазша:
—Келдім!—деді. Қыз тазшаға:
—Ана арада байлаулы тұрған екі ат бар. Соның біреуіне барып міне бер, мен қазір барамын,—деді. Тазша барып біреуіне мініп тұрды. Қыз келді де атқа мініп, екеуі түнде қаладан шығып кетті. Түніменен жүріп келеді. Екеуі бір-біріне сөйлемейді. Бағанағы қыз ханның қызы. Ол қыз баяғы ханның баласы емес екенін біліп қойды. «Бұл жігіт төре болып өсті ме екен, жоқ әлде қойшы болып өсті ме? Мұны мен бір сынайын» деді де жолда жүріп келе жатып әртүрлі сөздер айтып сөйлетейін десе де, тазша сөйлемейді. Бір жерге келгенде қыз:
—Мына араға сиырды бағып, қатығын ішіп жатар ма еді,—деді. Тазша:
—Жатса жатар ма еді,—деді. Қыз содан кейін оның сиыр баққанын біліп, «Құдай менің басыма жазған шығар» деп, қыз бір құмның қасындағы көкке апарып құмды қазып жіберіп, тазшаны құмға тығып қойып, басын құммен ысқылап-ысқылап жіберіп айнадай қылып жаздыдағы қоржыннан әдемі-әдемі киімді алып киіндіріп, екеуі жүріп кетті. Бір қаланың шетіне келіп екеуі бір кішкентай күрке тігіп алып отырды. Бір күні сол қаланың ханы уәзірімен екеуі құс салып жүреді. Ханның құсы бір уақытта ұшып келіп күркенің төбесіне қонады. Уәзірі келіп:
—Мына күркеде адам бар ма? Адам болса мына құсты ұшырып жіберіңіздер,—деді. Қатын қолын көтеріп қалғанда, қолының ақтығына талып жығылып қалды. Уәзір ханға келіп:
—Анау күркеде сізге лайық бір әйел бар. Хан оның сөзіне нанбады. Бір уақытта ханның құсы ұшып барып күркенің басына қонды. Уәзір ханға: «Өзіңіз біліңіз»,—деді. Хан барып:
«Ұшырып жіберіңіз»,—деп айқайлады. Қатын шығып білегін көтергенде, қатынның асқан сұлулығына хан таң-тамаша болып талып жығылады. Қатынға ғашық болды. Қалай да күйеуінің көзін жойып, қатынды алмаққа ойлады. Үйіне қайтып барғасын бір уәзірін сол үйдің адамын шақырып кел деп жіберді. Уәзірі келіп еркегін хан шақырып жатыр деп ертіп кетті. Тазша ханға барды. Хан айтты:
—Мен сені бір жұмысқа жұмсайын. Егер де жұмсаған жұмысыма бармасаң, мен сені қазір өлтіремін,—деді.
—Пәлен жерде алтын ат деген ат бар, соны маған әкеліп бер,—деді. Тазша шығып келіп қатынына айтты. Қатыны қолына бір домалақ қара жіп берді. «Осы жіпті домалата бер, бір інге барып кіреді. Сол інге кірсең, менің кіндік шешем бар, сол тауып береді». Тазша жіпті қолына алып домалатып кетті. Жіп бір інге барып кірді. Сол інге тазша да кірді. Бір кемпір келіп жіпті ұстай алып:
—Менің кіндік қызымның жібі ғой,—дейді. Тазша: «Олай болса, мен де сіздің балаңыз болам»,—деді. Кемпір: «Не жұмыспен келдің?»—деп сұрады.
—Хан пәлен жерде бір алтын ат бар, соны әкеліп бер, әкеліп бермесең өлтіремін деді. Соған келдім. Кемпір:
—Олай болса қорықпай-ақ қой,—деді. Тазшаға көлді көрсетті. Қолына бір жаман ат берді. Көлдің басына барып төрт қазықты қағып, жаман атты байлап қойды. Өзі тығылып жатты. Бір уақытта алты ала ат ұшып келіп суды ішіп болып қайтадан ұшып кетті. Оның артынан алтын ат келіп суды ішіп болып, жаман атты көрді. Келіп жаман атпен таласты. Сол уақытта тазша келіп мойнына құрық салып ұстап алды. Жаман атты кемпірге беріп, алтын атты ханға алып барды. Хан мінейін десе, теуіп мінгізбеді. Ханның ойлағаны ат емес, тазшаның басын жою еді. Тазшаға «алтын атты өзің ал» деді. «Маған пәлен жерде алтын киік бар, соны әкеліп бер». Тазша қатынына келіп айтты. Қатыны тазшаға: «Алтын аттың басын қоя бер, көзіңді жұм. Бір жерге барып тұра қалады, сонда көзіңді ашсаң, алтын киікті тұяғымен басып тұрады»,—деді. Тазша алтын атқа мініп көзін жұмды. Аттың басын қоя берді. Алтын ат барып бір жерге тұра қалды. Көзін ашып жіберсе, алтын киікті тұяғымен басып тұр екен. Алтын киікті ханға алып келеді. Хан мұны да тауып келгенге тағы қапа болды. Киікті ұстайын десе, сүзіп жолатпайды. «Тазша, мына киікті өзің алып кет»,—деді. Тазша үйіне алып барды. Тазшаға ыза болды, қалай да басын жоймақ ниетпен хан тазшаны шақырып алады.
Бір жерге шеңгелді үйгізіп үстіне лампы май қойды.
«Осының астында менің әке-шешем бар. Солардың әлі-жайы қандай екен, соны біліп кел»,—деді. Тазша шеңгелдің астына кірді. Одан кейін лампы майға от қойды. Қатынның баяғы кіндік шешесі келіп түтіннің арасымен білдірмей тазшаны алып кетті. Шеңгел күл болып қалды. Азанмен тазша келіп күлдің арасына кіріп жатты. Үсті-басы күл-күл болып ханға барды. Хан аң-таң, өзі шошып кетіп сұрады: Тазша айтты:
—Әке-шешеңнің әлі-жайы жақсы. Сені шақырып жатыр. Хан шеңгелді үйгізіп, лампы майды құйып астына кірді. Тазша от қойды. От лаулап жанып хан күйіп кетті. Елі-жұрты жиналып тазшаны хан қылды. Тазша хан болып мұрат-мақсатына жетті.