Kazakh
Аққуа жігіт
Бір адамның жалғыз ұлы болыпты. Баланы баулу—ата-ананың борышы. Атасы баласына он ділдә беріп базарға барып бір жейтін тамақ сатып әкел, сиырға шөп, тауыққа жем әкел депті. Баласы базарға шығып бұларды жеткізе алмай, қайтып келе жатса, бір адамның көрлікті қазып жатқанын көріп:
—Бұның не?—деп сұрапты. Ол адам:
—Бұл адам тірі кезінде менің қарызымды бермей кеткендігі үшін көрін қазып, ақыретін алайын деп жатырмын,—депті. Бала тұрып:
—Өлген адамның көрін қазбаңыз, ақыңыз болса, мына он ділдәні алыңыз да разы болыңыз,—деп ділданы беріп, ол адамды қайтарып жіберіпті. Бала үйге келіп әкесіне:
—Берген ақшаңыз тамақ алуға әрі жем-шөп алуға жетпейді екен,—депті. Әкесі ертеңінде жиырма ділда беріп және жейтін тамақ, тауыққа жем, сиырға шөп әкелуге және көңіліңе жаққан бір жақсы, білімді жігіт тауып кел,—депті. Бала қалаға барып аралап жүріп, бір жігітке кезігіпті. Ол жігітке әлгі бала әкесінің жиырма ділда беріп тамақ, жем, шөп әкелуді тапсырғандығын, ал, ақшасын оған жеткізе алмай тұрғандығын айтыпты. Әлгі жігіт:
—Бұл оңай, сен екі қауын ал! Еті—тамақ, шапағы сиырға шөп, ұрығы тауыққа жем болады,—депті. Жігіттің айтқан ақылына разы болған бала әлгі жігітті үйіне баруға ұсыныс етіп ертіп алыпты. Бұл жігіттің аты Аққуа екен. Әкесі баласының бұл істегеніне разы болыпты да баласына:
—Мен өзім бір жігіт тауып келдім. Енді сендер үшеу болдыңдар.
Үшеуіңе жүз түйе тоғанақ беремін. Соны алып сауда қылып келіңдер! Кетіп бара жатқан жолдарыңда бір ағаш бар. Төңірегінде шөп мол. Қоналқа уақытында осы жерге жетіп баруларың мүмкін. Бірақ, онда қонбаңдар. Одан өтіп бір қалаға барсаңдар, оның сыртына қонбай ішіне қоныңдар,—депті. Үшеуі жүз түйе тоғанақты алып жолға шығыпты. Кешке қоналқа уақытында әлгі ағашқа келіп жетіпті. Әлгі Аққуа:
—Шөбі мол екен, осында қонайық,—депті. Бала тұрып:
—Әкем мұнда қонбаңдар,—деген, қонуға болмайды,—десе Аққуа тұрып:
—Керек жоқ қонайық,—деп болмай қоныпты. Кешінде басқалар ұйқыға кетіпті. Ал Аққуа құбылып торғай болып ағаштың басына қонып отырса, ағаштың іші қуыс екен, түбінде бір үй көрініп тұрыпты. Үйдің ішінде тоғыз адам отыр. Бір кезде бір кемпір келіп, әлгі тоғызына:
—Мен ішіне у салып бір табақ ет пісіріп қойдым. Тоғызың мұны алып ана ағаш түбіндегі қонып жатқандарға ерулік апарыңдар, олар өлген соң мал-мүлкін жинап аламыз,—депті. Мұны естіп тұрған Аққуа торғайдан адамға өзгеріп, әлгі екі жолдасын оятып, болған ахуалды оларға айтып, олар келгенде оларды өлтіріп, құлақтарын кесейік,—депті. Біраздан кейін тоғызы бір табақ етті көтеріп ерулік әкепті. Аққуа қылышын қолына алып барлығын өлтіріп, құлақтарын кесіп жанына салыпты. Ертесі бұлар жүріп қалаға келіпті. Бала тұрып:
—Ішіне қонайық, әкем сыртына қонбаңдар,—деген десе, Аққуа жігіт:
—Сыртына қонайық,—деп тоғанақтарын түсіріп қаланың сыртына қоныпты. Қасындағылар ұйқыға кеткенде Аққуа жігіт торғайға құбылып, қаланы айналып ұшып жүрсе, бір жерде қырық қыз, қырық жігіт байланып, жанында бір қыз бос қарап тұрыпты. Аққуа жігіт дереу адамға өзгеріп, әлгі қыздан сұраса, ол хан қызы екен. Ол:
—Бұл жерде бір айдаһар бар, ол әр күні қырық қыз, қырық жігіт жұтады. Бұл елдің адамдары осылайша түгейтін болды,—депті.
—Айдаһар қашан келеді?—деп сұрапты Аққуа жігіт.
—Таң сәрі де келеді,—деген соң Аққуа жанына қанжарын алып, дайындалып қала шетінде тұрыпты. Осы кезде ысқырып айдаһар да жетіп келіпті. Аққуа қылышын көлденең ұстап айдаһардың алдынан шығыпты. Бір жолда сексен адам жұтатын тажал бір адамды жұтуды онша жұмыс көрмей, ышқынып ішіне тартып, қарнының ең терең түкпіріне жібермекші болыпты. Жігіт көлденең ұстаған қылышымен айдаһардың аузынан кіріп құйрығынан қақ жарып бірақ шығыпты. Аққуа біраздан кейін есін жиып, айдаһардың жонынан екі елі таспа тіліп алып, ханның қызына естелік үшін беріпті. Халықты апаттан құтқарған бұл жігітке ханның қызы разы болып естелік үшін бір бұрымын кесіп беріпті. Осымен қырық жігіт, қырық қыз өлімен құтылып, Аққуаға алғысы айтыпты да үйлеріне қайтыпты. Аққуа да қайтып келіп жолдастарымен бірге жүгін артып жолға түсіпті.
Бұлар жүре-жүре тағы бір қалаға келіп жетіпті.Бұл қаланың әсілі сыртына қонуы керек екен, ішіне қонбау керек. Бірақ Аққуа болмастан ішіне қондырыпты. Бұлар кешінде ұйқыға кеткенде Аққуа тағы да торғай болып, қаланы аралап жүрсе, бір сарайдың қасында қырық ат байлаулы тұрыпты. Бұл не қылған ат екен деп сарайдың ішіне кірсе, қырық қарақшы қырық дағар алып, патшаның қазынасын ұрдағалы отыр екен. Аққуа дерқал адам болып өзгеріп, олардың ішіне кіріп:
—Сендер не қылып жүрсіңдер, патша әлдеқашан біліп, сендерді ұстауға аңдып тұр. Ендігі шара, сендер, түгел мына дағарға түсіңдер, патша келсе, дағардағы сіздің қазынаңыз деймін. Ол кетіп қалғаннан кейін, барлығымыз бірлікте ұрлайық,—депті.
Қорқып кеткен қарақшылар түгелдей дағарға кіріпті. Ал, Аққуа аузын түгел буып тастап, қырық атты алып жолдастарына келіп жолға шығыпты.
Патша тәңертең тұрса қырық дағар жатыр. Ашып қараса, түгел қарақшы екен. Бұларды зынданға салыпты. Жаз өтіп, күз болып үшеуі сауданы бітіріп еліне қайтыпты. Әлгі қалаға келсе, қалың ел жиналыпты. Аққуа елдің ішіне кіріп қараса патша қырық қарақшыны дағарса салған адамға қызмет беремін. Бірақ нақты пакт керек,—дейді екен. Аққуа тұрып:
—Мен салғамын,—депті. Патша дәлел сұраса, Аққуа қарақшылардың өздерін алдырып, беттескеннен кейін, жағдай анық болып шығыпты. Патша тойын жасап, жасауы мен қызын беріпті. Бірақ Аққуа:
—Біз үшеуміз, әкеміз барған соң қайсынымызға бұйырады. Соның бұйрығы бойынша болады,—деп қызды алып кете береді. Жүрген бойы бұлар тағы бір қалаға келсе, тағы да қалың ел жиналып патшасы да:
—Ел жейтін айдаһарды өлтіріп, халықтың басына бақыт жеткізген адамға қызымды беремін,—деп жар салып отыр екен. Аққуа жігіт барып:
—Мен өлтіргемін,—депті. Патша дәлел сұраса, Аққуа жігіт патшаның қызын шақыртыпты. Қыз келгеннен кейін Аққуа қыздан:
—Айдаһарды өлтірген кездегі берген естелігімді шығарсаңыз,—деп сұраған екен. Қыз тұрып:
—Сіз де сол уақытта менің сізге берген естелігімді шығарыңыз,—депті де екеуі де алып шығып, көпке көрсетіпті. Патша разы болып, қызын қанша жасау, дүниесімен Аққуаға беріпті. Бірақ, Аққуа:
—Біз ағайынды үшеуміз. Қайтып барғаннан кейін әкеміз қайсынымызға бұйырса, сонымыз аламыз,—деп қызды алып аттаныпты. Бұлар сол жүргеннен мол жүріп, әлгі ағашқа келсе, ол жерде ұлы той болып ел жиналыпты. Аққуа ішіне кірсе, ол жердің патшасы да тоғыз ұрыны өлтірген адамға қызымды беремін,—деп жариялап тұр екен. Аққуа тоғызын өлтіріп, кесіп алған құлағын алып шығып патшаға көрсетіпті. Патша айтқаны бойынша қызын толық жасаумен беріпті. Аққуа және:
—Біз ағайынды үшеуміз. Әкеміз қайсынымызға бұйырса, сонымыз аламыз,—деп көшін бастап еліне қайтыпты.
Баланың әкесі той жасап қыздарды, ұлдарына бөліп бермекші болыпты.
Аққуа тұрып:
—Мен қыз алмаймын, балаңызбен аз да болса жолдас болдым.
Балаңыздың маған істеген жақсы ниеті үшін азын-аулақ септігімді тигіздім,—деп жолға түсіпті. Баланың әкесі жібергісі келмеген екен, Аққуа ұнамапты. Баланың әкесі:
—Ең болмағанда атың кім, қайда тұрасың? Соны айтып кет,—депті.
Сонда Аққуа:
—Менің атым жақсылыққа жақсылық, мен пәни дүниенің адамы емеспін, деп ғайып болыпты.