Қисса уақиға Кербала үшбу-дүр

Әлхамду ли-Ллаhи саған, Шаhжиhан, Бәрі әшкере өзіңе қанша пінhан. Бір өзіңе лайық-дүр әли затың, Жылаймын зарлықпенен күнде саған. Жоқ еді, бар қылдың бұл әлемді, Асырадың ризық беріп барша жанды. Ерте-кеш һәрне қажет көңілге алсам, Медет қыл, Рахман Егем, Жаппар Ғани. Заhир, Батин, Ақыр сен уа hәм Әзел, Хаиу, Қадір, Қ...

Kazakh
Қисса уақиға Кербала үшбу-дүр
Әлхамду ли-Ллаhи саған, Шаhжиhан, Бәрі әшкере өзіңе қанша пінhан. Бір өзіңе лайық-дүр әли затың, Жылаймын зарлықпенен күнде саған. Жоқ еді, бар қылдың бұл әлемді, Асырадың ризық беріп барша жанды. Ерте-кеш һәрне қажет көңілге алсам, Медет қыл, Рахман Егем, Жаппар Ғани. Заhир, Батин, Ақыр сен уа hәм Әзел, Хаиу, Қадір, Қадим сен уа ләм Йәзал. Ғаршы Күрсі жараттың, Лаух Қалам, Иләhи, мен құлыңды түз жолға сал. Құдай-а, жын жараттың адамменен, Ғалым, әділ жараттың наданменен. Он сегіз мың ғаламға ризық берген, Медет, илhам тілеймін, Тәңірім, сенен. Арду-самаһ жараттың, Алла Тағала, Тау, тас, дария жараттың, жапан дала. Иләhи, өзің медет әйла маған, Ақылым кем, қылған ісім бәрі шала. Күллі мақұлық жалынады бәрі саған, Мен құлыңның жете ме зары саған. Хақы үшін ұлық атың, ариғ затың, Рахман Алла, рақым қыл енді маған. Біреуге лағынет жүзбен қылсаң назар, Ібілістей рәсуа болып жолдан азар. Өзің жәрдем қылмасаң, иә, Зұлжалал, Мен құлың халім бар ма қағаз жазар?! Алланың жалғыз досты анхазірет, Арман не, хақ Пайғамбар десе үмбет. Мұсылмандық, пенделік ойлаған жан, Парыз, сүннет қылыңыз, қылмай міндет. Ол Мұхаммед – Рахмату лил ғаламин, Бахыр фазылың мауж ұрып тасты һәмин. Шашы уәлләйлу, жамалы уаддуха, Исми – Ахмад, Махмұд, Таhа уа Иасин. Расул Алла дариясы – бахыр Оман, Ол дариядан татпаған болар жаман. Шариғаты бал-шекер, тәтті жеміс, Шапағаты, саясы білсең, hәман. Жапырақты бұтағы – шаhариары, һәм имамул мұттақин – жарандары. Расулдың бал-шекерін татқан жанның Ауызынан кетпейді һеш дәмдері. Шаhариар Пайғамбардың сүйеуі еді, Хазірет Осман, Әли мен күйеуі еді. Фатимадан екі ұл туған екен, Хақ Расул Пайғамбарым “нұрым” деді. Расулдан соң халифа болды Әбубәкір, Әміріне мұтиғ болған қанша батыр. Андан соң хазірет Омар падиша болды, Тәртібі осылайша келе жатыр. Андан соң халифа болды молда Осман, Сұрасаң ғалымдығы жаннан асқан. Қара қылды қақ жарған әділ еді, Олардай һеш болмады бір данышпан. Андан соң халифа болды Әли арыстан, Имандық нәсіліне құп жарасқан. Ақаидта сөйлейді үшбу сөзді, Рази Алла Тағала қылдым дастан. Расул айтты: – Әділдер солар, – деген, Уақытында дүние бустан болар, – деген. Орыныма отырып бұл төртеуі, Отыз жыл падишалық қылар, – деген. Хақ Расул айтып кеткен өсиетін: – Мен кеткен соң не болар көп үмбетім. Хан мен сұлтан бұзылып, андан кейін Олардай қыла алмайды әділетін. Пайғамбар осылай деп уағда қылған, Төрт жардан соң бұзылды мына жалған. Ынтымақ, бірлік кетіп асхабтардан, Күшпен жеңіп Мағауия патша болған. Құлақ сал, зейіні бар кемеңгерлер, Сөйлейін мәселесін өткен ерлер. Інжу-маржан, жауhарды мен тізейін, Медет қыл, Пайғамбар мен шаhариарлар. Тыңдаса ықыласпен һәркім мұны, Пайғамбар шапағат қылар махшар күні. Хасен, Хұсайын сөйлейін хикаясын, Хақ Расул Пайғамбардың екі нұры. Пәниден бәрі кетті бақи жайға, Нанбаған ғасы болар бір Құдайға. Асыл сөздер кез келсе жазуына, Жүсіпбек ерінбейді осындайға. Жарандар, тыңдап тұрсаң Кербалада, Хұсайын шаhид болған шаhизада. Төрт жардан соң у ішіп Хасен өлген, Жас кетті тоқтамастан бұ пәниде. Ол – сағадат раузасының гүлдері, Ол – гүлістан сафаның бұлбұлдары. Көрмеділер дүниеден һәр кез опа, Жаннатқа барды тәні hәм жандары. Пайғамбар, шаhариардың бәрі кетті, Хасен мен Хұсайынға нәубет жетті. Біріне-бірі серік болып жүрген, У ішіп, дүниеден Хасен де өтті. Уағдасы Құдайымның шаhид қылмақ, Біреуден өлерінде себеп болмақ. Пайғамбарым перзентін сүйген еді, Сол күні уағда қылған Жаратқан Хақ. Хасенді сүйген еді ауызынан, Хұсайынды сүйіпті бұғағынан. Жәбірейілді жіберді сонда Алла, Достына ұлын сүйген жазығынан. “Достыма айтқыл, – депті, – дұғай сәлем, У ішеді аузынан сүйген балаң. Бұғағынан сүйгені үшін Хұсайынды, Желкеден қылышпенен шаhид қылам!” Бұ сөзді Алла Тағала уағда қылған, Расул Алла зар жылап тәубе қылған. Балалары ол уақытта төрт жасында, Үшбу іс бұрын бопты неше жылдан. Мағауия хан болды сонда Шамға, Тағында үкім қылған талай жанға. Бар еді жалғыз ұлы Йазид атты, Туғаннан-ақ боялды қызыл қанға. Көп жыл Шамға хан болды дәурен сүріп, Әлименен таласты сонда тұрып. Сафиянның ұлы ол Мағауия Әлимен ұрыс қылды бірге жүріп. Бір күні Мағауияға ажал келді, Дүниеден тағдыр жетіп о да өтті. Йазидке артындағы жалғыз ұғылы Сұлтанат патшалығы мирас қалды. Йазид Димашық шаhарына үкім етті, Үкімі атасынан асып кетті. Меккедегі тұрғанын Хұсайынды, Қасында жолдасы жоқ деп есітті. Хұсайын Меккеде тұр жалғыз өзі, Ерте-кеш хамду сәна айтқан сөзі. Күндіз рузе, түнімен намаз оқып, Бабаларым осы деп жүрген ізі. Шамның Йазид хан болды қаласына, Қас болды Пайғамбардың баласына. Хауариждің бектерін жиып алды, Өзінің жеткен жерден шамасына. Қас қылды мұсылманмен Тәңірім оны, Тамұқты жақсы көріп шыбын жаны. Өзінен соң Куфаның шаhарына Нұғманды және имам, қылды ханы. Нұғман хан болды Куфа шаhарына, Тұhмат салып екінің баhарына. Әділетсіз болған соң осы Нұғман, Сүннилер шыдамады қаhарына. Ғұбайдолла хан болды Басыраға, Егес-қастық көп кірді осы араға. Ғұбайдолла Зияттың баласы еді, Қас болды сүннилермен бейшараға. Сүйікті сахабаның балалары, Куфаның шаhарында болды бәрі. Өңшең ғалым, мүсәпір, мұсылмандар, Данышпан, діні асыл тазалары. Куфада сол уақытта бір ер бар еді, Өзі ишан, дін үшін көп жар еді. Аты оның деуші еді Шархи қазы, Нұғманға Куфадағы сол пар еді. Куфада онан өтер жан жоқ еді, Өзі ғалым, малы да hәм көп еді. Өзі қазы данышпан, өзі әділ, Шариғаттың жолына hәм бек еді. Бір күн түнде жиылды өңшең батыр, Сол қазының үйіне келе жатыр. Бір күні “аз мәслихат, кеңес бар” деп, Баршасы бір сарайға кіріп жатыр. Қазыға сонда келіп айтты бәрі, Үлкен-кіші, жиылған жас пен кәрі. Нұғманнан қатты зорлық көрдік дейді, Мұны айтып жылайды баршалары. – Құтыламыз, – деседі, – не іс қылсақ, Шақыртып Хұсайынды мұнда айтсақ. Құтылар ек, – деседі мұны айтып, Әулетін Пайғамбарымыз патша қылсақ. Егер ол асылзада мұнда келсе, Тіпті тыныш болар ек, Нұғман өлсе. Қазы айтты: – Қойыңдар бұл кеңесті, Келіспес бұларыңызды Нұғман білсе. Тіл алсаңдар шақырма Хұсайынды, Залымдар естімесін бұл жайыңды. Мұны білсе көрсетер Нұғман қорлық, Жүре бер сүйеу қылып Құдайыңды. Ғаруш ұғлы Ғауаф деген тағы бір ер, Данышпан еді өзі, шын кемеңгер. Сол айтты: – Бұл ақылды қылыңдар, – деп, Жасырын бір кісіден қағаз жібер. Сол қағазға жазыңдар бар мұңыңды, Қол қойып, мөр басып айт шыныңды. Көп кісі боп жиылып бара алмайсың, Азырақ ойланыңдар осынымды. Елшімен жіберіңдер нама жазып, Пайғамбар – мұсылманға алтын қазық. Пайғамбардың перзенті шаhзадаға, “Қылма, – деп, – хауарижге бізді азық”. Мақұл көрсе келеді әскер жиып, Жегізбес хауарижге елін қиып. Онан соң құтылар ек бұ залымнан, Хұсайын келе қалса Құдай иіп. Бұ сөзге бәрі ұнады мақұл көріп, Жібермекке біреуді қағаз беріп. – Мұнда келсең, падиша қыламыз, – деп, Барша жұрт жүрер едік соңына еріп. Тұрамыз сіздің қарап жолыңызға, Бұ арыз тисе егер қолыңызға. Әміріңізден тартпаймыз басымызды, Күні-түні оң менен солыңызға. Сүннилер қарап тұр бәрі сізге, Бір мархабат қыла көр, тақсыр, бізге. Залым Нұғман қолынан алсаң бізді, Жүзімізді сүртер едік ізіңізге. Мұны айтып хат жазып, мөрін басты, Бұ кеңес жақсы сөз деп ақылдасты. – Хауариждің қорлығы өтті бізге, Дұшпанға жегізбе, – деп, – қарындасты. Сізді тілеп тұрады сүннилерің, Жасы кіші інің мен ағаларың. Хауариждің бектері болды залым, Мұңын көңілдегі айтты бәрін. Салих деген біреуден берді хатты, Көп жылап сәлемдерін айтты қатты. Бірнеше күн ол Салих сапар жүріп, Меккенің шаhарына келіп жетті. Әкеліп Хұсайынға хатын берді, Арызын жазған хатқа ашып көрді. Куфадан Салих қағаз әкелгенін, Бұ Мекке шаhарының бәрі білді. Хатты көріп Хұсайын жұртын жиды, Күллі жұртқа сияпат берді сыйды. – Куфалықтар шақырыпты “кел” деп мені, Бұған ақыл, жігіттер, айтшы, – деді. Кейбіреуі: – Бұл жерден кетпе, – дейді, Біздерді мұнда тастап кетпе, – дейді. Шақырғанға бар, – дейді кейбіреуі, Ибн Аббас: – Бұл сөзге бітпе, – дейді. Ибн Аббас айтты: – Бұған сіз нанбаңыз, Қойыңыз, осы сөзді дос санамаңыз. Мен қорқамын, ей, тақсыр, осы жолдан, Тілімді алсаң, Куфаға сіз бармаңыз. Олар қатты қорқады хауариждан, Йазид тағы алады хабар сізден. Естісе келеді деп хауариждер, Әскер алып шықпасын алдыңыздан. Сізді естісе ел жияр Нұғман, Йазид, Өзі ақымақ хауариж, бәрі де ит. “Жарақсыз жауға барма” деген сөз бар, Көп артық сізге, тақсыр, тап осы жұрт. Хұсайын айтты жауап сонда тұрып: – Жанды қайда сақтаймыз қорып жүріп. Ажалдан құтылмайды һешкім қашып, Құдайым салса егер тура құрық. Онан да бір кісіні жіберейін, Өтірік пе, рас па, мен білейін. Шақырып жазған хаты рас болса, Не болсам да кідірмей жөнелейін. Бұл қағаздың жауабы болса бекер, Біліп келсін, оған біздің неміз кетер. Санатты бұл жауабын жолдастарға, Жұрт айтты: “Ақыл жоқ, – деп, – мұнан өтер”. Хұсайын айтты: – Оған кім барады, Біздің сөзді кім тура апарады. Біреуің кідірместен біліп келсең, Бұ кеңес Құдай білер, құп жарады. Атасы Мүслім ердің Ақыл екен, Әлимен ағайынды жақын екен. – Бұған мен барайын, – деп Мүслім айтты, Бұл ісің мен баруға мақұл екен. Мүслімді жіберді рұқсат беріп, Ұнатты жұрттың бәрі мақұл көріп. Мүслім келді Куфаның шаhарына, Арада бірнеше күн сапар жүріп. Сағит деген бір ерді және қосты, Ер еді екеуі де дінге дос-ты. Сағит пенен Мүслім екеулері Шаhарға келгеннен соң дем алысты. Шаhарды аралады атқа мініп, Тұрмады һешбір жерде тағат қылып. Көшеде бара жатқан бір адамнан Сонда жауап сұрады тоқтап тұрып. – Ей, жігіт, бері таман келші, – дейді, Сабыр қып бізге жауап берші, – дейді. Ғарушұлы Ғауафтың үйі қайда, Білсеңіз, бізге баян қылшы, – дейді. Әлгі жігіт көрсетті Ғауаф үйін, Қалмайды көргеннен соң іште түйін. “Сөйлес” деп шақырады тыста тұрып, Басшысы сүннилердің Ғауаф биін. Ғауафтың өзі сонда үйден шықты, Білмекке жөн-жайларын сұрасыпты. Жөн-жайларын сұрасып білгеннен соң, Құшақтасып, жыласып көріс қыпты. Сұрады: – Келмеді ме, шаhым қайда? Біз зорлық көріп тұрмыз осы жайда. Сау-саламат жүр ме екен тақсыр шаhым, Фажурдан құтқармай ма осындайда. Мүслім айтты: – Жарандар, біліңіздер, Осы істі жасырын қылыңыздар. Алла Тағала жәрдемін берсе егер, Хауариждан кегіңді алыңыздар. Жасырын болсын айтқан кеңесіміз, Жиылып өз бойларың теңесіңіз. Алла Тағала жәрдемін берсе егер, Шаhзаданың ақ жүзін көресіңіз. Сүннилер осы жерге болсын жиын, Аллаға өздеріңіз махкам сыйын. Қанша жан екенсіңдер көрін маған, Болып жүрер қапыда арты қиын. Жетпіс екі балуан екен бұлар, Бәріне сүннилердің хабар қылар. Мүслім сонда жатты он бес күндей, Баршасы сүннилердің жиылдылар. Мүслім жатты жиырма жеті күндей, Әскерлер келіп жатыр күн-түн тынбай. Сүннилердің адамы Куфадағы, Баршасы әскер болды екі мыңдай. Ер Мүслім айтты сонда ол халыққа, – Біз енді мұнда бекер жатпалық та. Сәйідзада шаhымызға қағаз жазып, Бір кісі жіберуге лайықта. Сәлем хат шаhзадаға Мүслім жазды, Сағитқа берді бүктеп ол қағазды. Шаhзадаға жүз қайта құлдық айтып, Жұрт ықылас қылғанының бәрін жазды. Хатты алып Меккеге Сағит қайтты, Сәлемін Хұсайынға келіп айтты. Шаhзада алып көрді жазған хатын, – Қарады, – депті, – бәрі уәлаятты. Жұрт жиылып алдыма келді, – депті, Сүннилер бәрі ықылас қылды, – депті. Жетпіс екі балуан ішінде бар, Әскері екі мыңдай болды, – депті. Сүннилерің жалынып, келсін, – дейді, Жиып жұртын қолына алсын, – дейді. Мұндағы хауариждің ақымақтарын, Жолына шариғаттың салсын, – дейді. Жазған хаттың жауабын көрді оқып, Отырды көңіліне ақыл тоқып. Жұртқа хабар салады одан кейін, Куфаға жүрмек болып жарақ тұтып. Еліне айтты: – Куфаға жүрем, – дейді, Тәңірінің не салғанын көрем, – дейді. Көп жалынып шақырды сүннилерім, Шақырған мен соларға барам, – дейді. Алтау еді сол жерде туысқаны, Бір кісінің баласы жуысқаны. Солармен ақылдасып жүрмек болды, Ойламады болса да көп дұшпаны. Жүрмекке даярлады азық-түлік, Үйіне келді сонда жұрт жиылып. “Жүремін” деген сөзін естіген соң, Бәрі шулап жылады жұрт қиылып. Алты күндей тоқтатты тобыменен, Жер күңіренді жылаған үніменен. – Хақ Пайғамбар, тақсыр-ай, айналайын, Бір белгі қалмады ма шыныменен. Жұрты қимай сәйід көп жылады, Пайғамбар еске түсіп бек жылады. “Қиямет күндерінде жолығайық, Шаhзада, аман болғын” деп жылады. Мекке халқы жылады бәрі шулап, Айрылғанда жүрегі кетті тулап. “Кетесіз бе, шынымен, шаhизада” деп, Фариад қылды алдында бәрі жылап. Сөйлейді шаhизадаға жанның бәрі, Арыз қып үлкен-кіші, жас пен кәрі. “Бұ Меккеден неліктен кетесіз?” деп, Жылап тұрды қия алмай баршалары. Шаhизада жауап берді сонда тұрып, Жылаған халайыққа мойын бұрып. – Сүннилерім сәлемменен шақырады, Куфада хауариждан зорлық көріп. Шақырған соң бармасам жарамайды, Обалға залым адам қарамайды. Жылаған сүннилердің сөзін естіп, Бойыма ішкен асым тарамайды. Шаhизаданың бұл сөзін жұрт естіді, Сағиттың әкелгенін сәлем хатты. Хауариждан жүр екен екі кісі, Солар естіп еліне қайтып кетті. Ол екі адам еліне қайтып барды, Естіген-білгендер айтып барды. “Енді сен сақтанбасаң өлесің” деп, Қорқытты Нұғман атты пейілі тарды. – Он күннен соң Хұсайын келер, – дейді, Тағыңызды қолыңнан алар, – дейді. Сүннилер бәрі оған хат беріпті, Сізді енді табанына салар, – дейді. Есітіп бұ жауапты састы Нұғман, Адасып ақылынан қашты Нұғман. Йазидке сәлем қағаз жібермекке, Айласының ауызын ашты Нұғман. Патшасына хат жазды сәлем айтып, “Жау таянды маған” деп сәлем айтып. “Хұсайын мені алмаққа келе жатыр, Жалғыз мен ұрысам, – деп, – оған қайтіп? Бұл Куфаны алмаққа келе жатыр, Халім кетіп, мен бүгін болдым пақыр. Әуелі келіп Куфаны алғаннан соң, Өзіңді де, тақсырым, алады ақыр”. Мұны айтып хат жазып, мөрін басты, Нұғманды қорыққаннан қайғы басты. Хат беріп шапқыншысын жібереді, Мініп алып бедеуге қамшы басты. Куфа, Димашық арасы он күндік жол, “Жібергін, – деп тіледі, – көп әскер қол”. Он күншілік жолына үш күн жүріп, Бедеу атпен сәскеде жеткені сол. Кіріп келіп Йазидке хатын берді, Қағазды Йазид сонда ашып көрді. Жапырақтай тітіреді қорыққаннан, Ашу қылды қырмаққа сүннилерді. Йазид сонда бір хатты жазды өзі, Қорыққаннан жалтырап екі көзі. Басыраға жіберді қағаз беріп, Сәлем қылып Ғұбайдоллаға айтқан сөзі. “Ғұбайдолла сен нағып тұрсың, Жаудың келе жатқанын білмей жүрсің. Куфа халқы қарапты Хұсайынға, Аз тұрсаң, өлгеніңді көзің көрсін. Тез кідірмей аттанып шыққын дейді, Менің бұ әмірімді ұққын дейді. Көп әскермен бар дағы, Хұсайынды Өлтіріп, бір шұңқырға тыққын дейді. Қор боласың, тез енді бармай қалсаң, Әскерге бас болып бар, тілімді алсаң. Бұдан да артық дәреже, орын берем, Өлтіріп Хұсайынды, кегімді алсаң. Тез барып Нұғыманға сіз бергін көмек, Әскерді бір жағынан тұрғыл демеп. Дұшпанымды өлтіріп, кек әперсең, Сізден өзге жан болмас жанға себеп”. Бұ сөзін ол Йазидтің естіген жан, Лағынет десін жанына екі жиhан. Пайғамбардың әулетіне дұшпан болса, Кімде-кім рахмат көрмес ондай адам. Ғұбайдолла Йазидтің хатын көрді, Кідірмей жиып алды он мың ерді. “Жан қалмастан артымнан келіңдер” деп, Он мың ермен аттанып жүре берді. Куфаға тез аттанып кетті ләшкер, Күн-түн жүріп он күнде жетті ләшкер. Бұ жағынан Йазидтің жібергені, Қосылды сол арада екі ләшкер. Ғұбайдолла Нұғманға қонды барып, Сөйлейді шаhар халқын жиып алып: – Куфаның шаhарының адамдары Баршасы келсін, – дейді, хабар салып. Шаhар халқы жиылып келді сонда, Екі хан елді қаhарға алды сонда. “Хұсайынды неліктен шақырдың?” деп, Шаhарға салауат салды сонда. Куфа халқы жиылып келді бәрі, Шақырған біз емес деп танды бәрі. Қорқады бұқаралар жаман қатты, Сонда Шарих қазыдан басқалары. – Біз естідік уағда қылғандарың, Қарадық Хұсайынға депсің бәрің. Мүслім деген бір жансыз жүр дейді ғой, Қайда, – дейді, – сақтаған адамдарың? Мүслімнің жан білмеді қайда екенін, Көрген кісі білмеді hәм мекенін. Мүслім естіп, ол дағы жаман қорықты, Екі ханның бірігіп іздегенін. Мүслім қорқып қазыға қашып келді, Хандардан қорыққаннан сасып келді. Хауариждер жиылып Мүслімді іздеп, Қазының үйін бәрі басып келді. Жасырып қойды қазы Мүслім ерді, Хауариждер ақтарып қарай берді. Таба алмай хауариждер кетіп қалды, Мүслім тұрып қазының қасына келді. Ол Мүслімнің бар екен екі ұлы, “Аманат” деп қазыға тапсырды оны. – Екі ұлымды тапсырдым сізге қазы, Бұл жайға хауариждер қоймас мені. Ұлым – сізге, Аллаға – сіз аманат, Көбейді дұшпан залым бек қабағат. Білмеймін өз халімнің не боларын, Сіздерді қылсын Алла сау-саламат. Мен енді бұ шаhарға тұра алмаспын, Бүгіннен соң сіздерді көре алмаспын. Бір Аллаға тапсырдым екі ұлым, Қосылып сіздерменен жүре алмаспын. Екі ұлымен қоштасып Мүслім енді Жүрмекке “иә, Алла” деп атқа мінді. Шаhардан түнде шығып кетейін деп, Дарбазаның аузына жетіп келді. Аузына дарбазаның барды жетіп, Жүз кісі дарбазаны тұр күзетіп. “Өзі келді, жібермей ұстаңдар!” – деп, Жүз кісі жабылады шу-шу етіп. Сол жерде ұрыс қылды күзетшімен, Жалғыз өзі ұрысты жүз кісімен. Іштегі жүз кісіні қырып салып, Аянбай соғыс қылды бар күшімен. Дарбазадан қарғытты арғымағын, Шықса әскер қамап тұр арғы жағын. Бес жүз кісі тұр екен орта есікте, Шыққан жерде ұрысты қылды тағын. Бір қатын жылап отыр там үстінде, Жылап айтты: – Бұ күйге сен түстің бе? Жылап тұрған қатынды көрді Мүслім, Су сұрап жетіп барды сол уақытында. Бір аяқ су береді қатын алып, Шөлдеуі қанды, суды ішіп салып. Суды ішіп, ат мойнын бұрғанынша, Біреу келіп шоқпармен қалды салып. Қолындағы таяғы түсіп кетті, Қалқаны басындағы ұшып кетті. Қатар келіп он шоқпар қабат тиіп, Қалжырап ер Мүслімнің күші кетті. Біреуі атты шоқпармен қалды салып, Ат жығылды тоңқая жерге барып. Қылыш, күрзі, найзамен қатар тиіп, Атыменен жығылды бірге барып. Қылышпенен жабыла шапты келіп, Өлтірді ер Мүслімді шаhид қылып. Басын кесіп, аяғын, қолын кесіп, Тастады сол арада төрт-бес бөліп. Мүслім ер тағдыр жетіп шаhид болды, “Мүслім өлді” деп хандарға хабар келді. Мүслімнің өлгенін көргеннен соң, “Балаларын тапқын” деп әмір қылды. – Мүслімнің балаларын әпкел, – деді, Кетірмей бұ шаhардан тапқыл, – деді. “Не тілесе, берем, – деп, – тапқан жанға”, Ғұбайдолла бұлайша үкім қылды. Осы жауап қазыға есітілді, “Не қыламын бұған” деп ой ойланды. Өзінің сарайынан шығарып ап, Жетімдерді бір жерге алып келді. Жүз ділдә берді екеуінің қолдарына, Шығарып салды Меккенің жолдарына. Қоштасып қазы үйіне қайтып кетті, “Рақым қыл, – деп, – Құдай-а, халдарына”. Түнімен жүрді сонда екі пақыр, Таң атып бір жағынан келе жатыр. Бір суға кеп адасып тұйықтады, Жол мәнісін біле алмай жылады ақыр. Енді жолдан адасты бейшаралар, Таба алмады, өткел жоқ һеш аралар. Жолдың қайсы екенін біле алмады, Таса жері жоқ екен hәм паналар. Жылап-жылап екеуі сандалады, Көрген адам бұларға таң қалады. Суға келген бір қатын көріп мұны, “Кімсіңдер?” деп бұлардан сөз сұрады. Қатын айтты: – Балалар, қайдан жүрсің? Не себептен далада жылап тұрсың? Балалар айтты: – Біздер – жетім, ғаріп, Ей, ана, бұ шаhарда өзің кімсің? Меккеге барамыз деп шығып едік, Адасып жолымыздан мұнда келдік. Жол көрсетіп жібергіл біз ғаріпке, Адасқан соң жетімдер қайғы жедік. Қатын айтты: – Рас айт сөздеріңді, Жаспенен толтырыпсыз көздеріңді. Мүслімнің балалары екенсіз ғой, Көрмесем де мен білдім өздеріңді. Үш күн болды іздеп жүр ел сіздерді, Шаhар менен аралап hәм түздерді. Өлтіреді хауариждер тауып алса, Мұны естіп “Жасыр, – деді, – сіз, біздерді”. Бұ сөзді естіген соң жылайды енді, Көл қылып көздің жасын бұлайды енді. “Біздерді айтпағыл” деп көп жалынып, Қатыннан екі ғаріп сұрайды енді. – Бізді көрсе кеседі басымызды, Жылатып ағызар көз жасымызды. Ей, ана, бізге рақым қылсаң егер, Құдайым ұзын қылсын жасыңызды. Сонда қатын мұны естіп “жүргін” дейді, Ертіп кеп аулақ үйге “кіргін” дейді. Өзіне тамақ беріп қатты сыйлап, “Енді сіздер осында тұрғын” дейді. Хауариждің үйі екен осы үйі, Қатынның жақсы болды қылған сыйы. – Кешке байым келген соң айтам, – дейді, Мархабат қылар сізге, түссе күйі. Көңілі келсе сіздерді азат қылар, Ұстаса [жаман ойы], азап қылар. Азап қылса тағдырға разы болғын, Жақсылық қылса тағы көзің көрер. Ақшам уақытында қатынның келді ері, – Шаршадым, – деді, – әбден түннен бері. Мүслімнің балаларын іздеп жүрміз, Жабыла, – дейді, – hәмма жанның бәрі. Тапқан жанға екі хан көп мал берер, Өзгеден жақсы сыйлап артық көрер. Ғұбайдолла, Нұғманның жарлығы осы, Болмаса өз қасына уәзір қылар. Қатын айтты: – Бір арыз айтайын мен, Шын көңілмен сөзімді тыңлағын, сен. Шайтанның тіліне еріп, қор болмағын, Өлгеніңде имансыз кетесің сен. Құдайға құл болайын десең егер, Ол сөзді айтып жаныңа қылма зарар. Ібілістің уәсуасына рәсуа болып, Имансыз кетіп, болма тозақ барар. Байы айтты: – Қатын, мен жақсы кісі, Жамандықпен жақсының болмас ісі. Жаман болса ол істі қылмайын мен, Қандай жанның өзіне жетпес күші. Жаман болса ол істі қойдым, – дейді, Ханнан алып олжаға тойдым, – дейді. Тағам ішіп жаттылар төсегіне, Мүслімнің балалары ұйықтады енді. Ұйықтап жатып үлкені түс көреді, Оянып кішісіне “жоры” дейді. – Түсімде хауариждер бізді өлтіріп, Апарып су түбіне жібереді. Тыңдап түсін жориды ол інісі, – Көреді екен бізді бұл үй иесі. Төгеді екен бас кесіп қанымызды, Рақым етпес біздерге һешбір кісі. Сонда екеуі жылады құшақтасып, Құшақтасты екеуі hәм қоштасып. Үй иесі оянды дауысымен, Тұрғанында екеуі зар жыласып. Оянған соң “жылаған бұл кім?” деді, “Көрген жан әлдекімнен хүкім” деді. Қатыны айтты: – Қай жақтан шығады өзі? Байы айтты: – Тап біздің үйде, – деді. Шамын жағып төсектен тұрды бұлар, Дауыс шыққан потбалға жүрді бұлар. Кіріп келсе жылап тұр екі адам, Көрген соң “кімсіңдер?” деп сұрады бұлар. – Жылап тұрған екі адам, кімсің? – дейді, Не іздеп бұл потбалдан жүрсің, – дейді. Қайдан жүрген адамсың, жөніңді айт, Құшақтасып, зар жылап тұрсың, – дейді. – Мүслімнің баласы едік біздер, – дейді, Өлтірем деп іздеген сіздер, – дейді. Куфадан қашамыз деп жол адастық, Бұдан басқа һеш сөз жоқ сөйлер, – дейді. Залым айтты қуанып: – Жақсы келдің, Адасып жүргеніңді анық білдім. Басың кесіп апарып екі ханға, Кесірі жоқ бірталай инғам алдым. Екеуің, енді ойлама өлмеймін, – деп, Не қылса да үкіміне көнбеймін, – деп. Енді тірі жүрем деп ойламаңдар, Куфаны неге қаштың көрмеймін, – деп. Сонда екеуі жалынды қатты жылап, – Құл болайық өлгенше, бұ сөзге бақ. Жанымызды қисаңыз құл болайық, Бұ сөзге куә болсын Жаратқан Хақ. Жанымызда жүз ділдә бар, оны да ал, Бізді сатсаң, аласың тағы көп мал. һеш болмаса тірі апар екі ханға, Құдайдан үміт қылсаң, мейірің сал. Ғұбайдолла өлтірмес деп ойлаймыз, Біз сізге жалынуды һеш қоймаймыз. Тап осыдан өлтірмей, тірі қойсаң, Өле-өлгенше сізді де біз сыйлаймыз. Екі қолын байлады тыңдамай-ақ, Қатыны жалынады баланы аяп. Қатын келіп айтады көп насихат, Өлтірем деп тұрғанда қылыш таяп. Қатын айтты: – Бұ істі қойғын, – дейді, Көңіліңнен ақымақтықты жойғын, – дейді. Соңыра жүрерсіз көп қатты ұялып, Мұсылмансың, тіліме көнгін, – дейді. Мархабат қыл, мұсылман болсаң егер, Өлтіргін, дін исламнан қайтсаң, мәкар. Өзі ғалым, екеуі жетім бала, Кім бұған қас қылғанды Құдай табар. Қанша сөз айтты қатын, һеш болмады, Қатынның сөзі оған кәр қылмады. Есіл қатын байғұстың айтқан сөзі, Құлағына біреуін һеш ілмеді. Екеуін бір шұңқырға алып келді, Ібілістің уәсуасы ғалиб келді. Екеуінің сол жерде басын кесіп, Шаhид қылып жәннатқа салып келді. Бұ екеусін қылды ол малғұн шаһид, Лағынет Алла әләл Йазид. Сол жерде шаһид болды екі бекзат, һешкім жоқ ол арада қылатын дат. Қан төгілген қайнады жер топырағы, Құдайым ол залымға қылып лағынет. Хауариж жолға кірді басын алып, Көрсетпекке ханына алып барып. Алып барып көрсетті ханға басын, Сүннилер зар жылады қайғыланып. Ғұбайдоллаға алып келді екі басты, Сүннилердің көргені зар жыласты. Әкелген басты көріп Ғұбайдолла “Мұның кімнің басы?” деп жауаптасты. Ол хауариж сөйледі ханға сөзін, Ханға жақын қылмаққа өзі-өзін. – Йазид сізді қолдаушы болсын, тақсыр, Мүслім ұлын ізде деп айттың өзің. Жұрт жиылып қарадық һеш жер қоймай, Тапсам деп үйге бардым ойлай-ойлай. Қайтып барсам, екі адам үйімде отыр, Жылайды бостан-босқа салып ойбай. Мүслімнің балалары, сұрап білсем, Армансызбын, ей, тақсыр, бүгін өлсем. Дұшпанның әкелдім басын кесіп, Кіргізбес ең, алдыңа бекер келсем. Өлтіремін дегенде көп жалынды, “Тым болмаса ханға апар” деп жалынды. “Ғұбайдоллаға құлым деп сатқын” деді, Аяғымды құшақтап бек жалынды. Жалынса да қылмадым оған рақым, Жыласа да салмадым һеш құлағым. Екеуінің де әкелдім басын кесіп, Ей, тақсыр, енді менің бергіл ақым. Ғұбайдолла айтты: – Ой, залым, ақымақ, Саған да оңай болды ма пайда таппақ. Тапқан жан өлтірсін деп қашан айттым, Бұйрықсыз қалай саған қылыш шаппақ. Тірі әкелсін, – деп едім, – тапқан адам, Жаны-тәні пәк еді асылзадам. Сен де рақым қылмапсың оған әр кез, Саған да рақым қылмас, болды жазаң. Ғұбайдолла бек жаман ашуланды, Шыдамай әмір қылды “шап мұны” деп. Жендетке әмір қылды “шап мұны” деп, Сүйретіп бір жендет кеп ап жөнелді. – Көп қина, тез өлтірме, мұны, – дейді, Бекзаданың бітпейді құны, – дейді. Қол-аяғын кесті де суға салды, Қиналсын ақымақтың жаны, – дейді. Қол-аяғын кескен соң қаны шықты, Суда жатып тұншығып жаны шықты. Арамсынып лақтырды сол далаға, Итпен жатып далада тәні бітті. Екі ұғланның бастарын тәуап етті, Жуғызып, жаназалап, кебіндетті. Хатым Құран қылдырып рухтарына, Зияратты жеріне дәпіндетті. Ей, жарандар, тыңдағын хикаятым, Кербаланың сөйлейін уәлаятын. Сайрайын тоты құстай бір азырақ, Жаратқан салса маған ғинаятын. Тыңдаған жан күнәсі төгіледі, Жаны ашып, қабырғасы сөгіледі. Шын иманды пенделер мұны естісе, Көз жасы көлдей болып егіледі. Осы сөз риуаяты – “Қағбал ахбар”, Оқиғасын Кербаланың қылған хабар. Әлиұғлы сөйлейін Хұсайыннан, Құлақ салып, жамағат, тыңдаңыздар. Куфаға шықты аттанып шаh Хұсайын, Енді айтар келді кезім оның жайын. Ұрғашы-еркек барлығы сексен кісі, “Тәуекел, өзіңе, – деп, – бар Құдайым”. Жөнелді жұртыменен амандасып, Қимай тұр Мекке елі зар жыласып. Жалғыз шырақ айрылып Хұсайыннан, Қайғымен қалды қара тұман басып. Амандасып жылады Мекке елі, Сынғандай боп көрінді діннің белі. Суалғандай көрінді жұрт көңіліне Дария ағып жатқан шалқар көлі. Меккеден шықты тақсыр кідірместен, Күні-түні бірдей жүрді мүдірместен. Арада дариялардан өтті кешіп, Аң аулап, тамаша қып тау мен тастан. Бір өзен су бар сол арада, Бір күн, бір түн дем алды ол арада. Куфадан келе жатқан бір топ керуен Бәрі келіп сәлем берді шаhзадаға. Амандасып жүз сүртті аяғына, Дінге шырақ сүйенген таяғына. Ішінде керуен басы Заhир деген Әлидің мүриттері екен баяғыда. Хұсайын айтты: – Сөйле енді, Заhир, Куфадан,– деді, – бізге берші хабар. Нұғман қандай еліне іс қылып тұр, Залымдық қылып тұр ма әлі зарар? Заhир айтты: – Ей, тақсыр, айналайын, Сұрама, менен енді оның жайын. Бәлекет толып жатыр алдыңызда, Қорқытып жолдастарыңды не қылайын. Куфаға тұс-тұс жақтан жау жиылды, Қисабы жоқ әскерлер қау жиылды. Залымдықпен көрсетіп көп машақат, Адамы сүннилердің көп қырылды. Көрсетті мұсылманға жаман тарлық, Ұлық-кішік балалар тартты зарлық. Мүслім ерді өлтірді екі ұлымен, Ғұбайдолла Нұғманмен қылып жарлық. Тілімді алсаң Куфаға барма, тақсыр, Алдыңда толып жатыр аю, қасқыр. Тіпті хан бола алмайсыз осы жолы, Ғұбайдолла кеп жатыр қара басқыр. Осы жерден қайтыңыз, тілімді алсаң, Қор боласыз, бұл жолы бара қалсаң. Бұ жерге келгеніңді естісе егер, Қор болмаймын демеңіз, маған нансаң. Бұ жерге келгеніңді естісе егер, Алдыңнан әскер қаптап қарсы шабар. Шаhарға кіргізбестен ұрыс қылса, Көрерсіз Кербалада қатты зарар. Тілімді алсаң бұ жерден қайтқын деймін, Тыныш барып Меккеге жатқын деймін. Қатын менен баланы үйге тастап, Қайтып кеп хауарижді шапқын деймін. Хұсайын айтты сонда: – Қайтпан, – дейді, Бұ жолдан атым басын тартпан, – дейді. Не қылса Қадір Мәуле ықтияры, һешкімге обалымды артпан, – дейді. Бұрылып бір жағынан жүрелік біз, Куфаның ар жағынан кірелік біз. Әскері бергі жақта жатқан шақта Шаhардан бері қаптай жүрелік біз. Ей, Заhир, не қылса да Құдайымда, Тарыдай пайда болмас уайымда. Құдайымның тағдыры солай болса, Бұ жалғанды басыма орайын ба? Хауариждер бұл күнде болды ғой қас, Тоқтау сөзге көңілім, сірә, толмас. Сайыпқыран Шерінің ұлы болсам, Құдайымның тағдыры өзге болмас. Ей, Заhир, басшы болғын енді бізге, һәрқашан медет қылсын Тәңірім сізге. Жолдасыңмен жіберіп көшіңізді, Жүріңіз жолдастасып бізбен бірге. Заhир айтты: – Құп, тақсыр, барайын мен, Тәңірімнің не салғанын көрейін мен. Жаным-тәнім жолыңа құрбандықпын, Баламды үйге бар деп жіберейін. Заhир өзі екі түйе, екі ат алды, Баласы жолдасымен кетіп қалды. Заhирды басшы қылып шаhизада, Бір қисық жалғыз аяқ жолға салды. Керуендерде бар екен бір хауариж, Ол имансыз Куфаға жөнелді тез. Ғұбайдолла ханына жетіп барып, Айтады әлгі залым, есітіңіз. Барып айтты: – Ей, тақсыр, тыңда, – дейді, Мұнда жатып ғапылдық қылма, – дейді. Хұсайынның келгенін көріп келдім, Аттанғын енді, тақсыр, тұрма, – дейді. Ғұбайдолла естіді мұның сөзін, Сасқанынан тер батып өзі-өзін. Нұғманға айтты: –Не қылып жатырсың, Жау келіпті, оянып ашқыл көзін. Ей, Нұғман, амалын тап мұның, – дейді, Не айтқаның болсын енді сенің, – дейді. Өз көңіліңе келгенін қыла бергін, Билігіме қоймағын менің, – дейді. Нұғман айтты: – Алдынан біз баралық, Қайда бара жатқанын аңғаралық. Өзінен бұрын барып, алдын алып, Бастарына машақат іс салалық. Хора деген бар еді бір балуаны, Ғұбайдолла шақыртып алды оны. Он екі мың балуанды қосып беріп, “Хұсайынға барғыл” деп бұйырды оны. – Хұсайынға әуелі насихат қыл, Тіліңді алса, не қылсаң өзің білгіл. Тіліңді алмай егер де жаулық қылса, Қол-аяғын тас байлап алып келгіл. Он мың ермен Йазидтің ұғылы шықты, Өз құрбынан балуан артық мықты. Екеуі екі әскерге басшы болып, Алдынан шаhзаданың іздеп шықты. Кербалаға бет қойып келе жатыр, Жиырма мың ергені өңшең батыр. “Құдай-а, шаhзадаға медет қыл” деп, Сүннилердің баршасы жылап жатыр. Шаhзаданың бар еді бір балуаны, Жолында құрбан еді шыбын жаны. Хатиманың баласы Қасым деген Қызмет қып бек сыйлайды шаhзаданы. Хауариждер әскері келеді енді, Елсізде топ қараны көреді енді. Хауариждің әскерін көргеннен соң, Қасымға сәйід рұқсат береді енді. Қасымға сәйід айтты: – Тұрғыл, – дейді, Кідірмей тез атыңа мінгіл, – дейді. Мынау келген қай жұрттың ләшкері екен, Хабарын шапшаң барып білгіл, – дейді. Сонда Қасым жөнеледі атқа мініп, Жөн сұрады әскерге жетіп келіп. Қасымға қарсы келіп сәлемдесті, Ол әскерден бір атты шауып шығып. Қасым бұрын Хораға сәлем берді, Екеуі жауаптасып жақын келді. Бұрынғы-соңғылардан хикаят қып, һәр түрлі насихаттар сөйлейді енді. – Әй, Хора, қорқамысың Құдайдан сен, Болмасаң, сөзім тыңда, ақылы кем. Пайғамбардың шапағатын харам қылып, Өзіңе-өзің қылған осының нең? Сен бұлайша қылмағыл ғапылдықты, Егерде мүмін болсаң дінге мықты. Өлмеймін деп жүрмісің бұ дүниеде, Бұ дүние талайды алдап жерге тықты. Қас болма Пайғамбардың нәсіліне, Қарасаңшы сөзімнің әсіліне. Әуелі Хаққа ғасы боласың ғой, Өз жаныңа өзіңіз қастық қылма. Құдайдан қорықсаң, Хора, қойғыл мұны, Пайғамбар шапағат қылмас махшар күні. Жаhаннамға кетесің мұнафиқ боп, Жалған үшін ұмытпа о дүниені. Дін жолында жаныңды пида қылғыл, Ақымақтықты мойныңнан жүдә қылғыл. Сен менің тілімді алсаң, замандасым, Жүр мұнда, Хұсайынға қызмет қылғыл. Қасымның Хора мақұл көрді сөзін, Зар еңіреп жаспен жуды екі көзін. – Ер Қасым, айтқаныңның бәрі де рас, Көремін Пайғамбардың қайтіп жүзін. Сәлем де барып менен шаhзадаға, Неге келді демесін бұ араға. Өлгенімше сіркедей қастығым жоқ, Болмасын келмеді деп аслан нала. Бәрі кейін мал-мүлкім, ұл мен қызым, Сәйідтің тәуап қылам басқан ізін. Хауариждің ішінде қалды бәрі, Бір кетсем көрмеймін ғой балам жүзін. Хора ғазы бұлайша сөздер айтты, Мұны естіп ер Қасым кейін қайтты. Хораның айтқан сөзін бірін қоймай, Шаhзадаға келді де баян етті. Шаhзада бір жайға кеп қонып жатты, Кеш болып, ол арада hәм күн батты. “Бір Алланың пәрмені енді бізге, Бұ жерде ажал, – дейді, – жақындапты”. Шаhзада ақыреттің қамын жейді, “Бұ жерде бітеді екен дәмім” дейді. Жалғыз өзі біледі өлетінін, Қатын-бала, жолдасқа білдірмейді. Ғұбайдолла әскерін жиып алды, Әскерін жиып алып жарлық салды. – Хұсайынды кім байлап алып келсе, Қисапсыз берем, – дейді, – оған малды. Әскерін жиып алып жар шақырды, Алдына жиып алды он батырды. “Ақысына берем, – деп, – он мың ділдә”, Дауыстап жан-жағына үш ақырды. Сол уақытта Ғамири деген біреу Төбесі келді болып көкке тіреу. Сүннилердің ішінде белгілі еді, Сол келді боламын деп ханға сүйеу. Ғамири нахис келді ол арыз қылып, – Мен беремін, – деді ол, – байлап келіп, Осы жерде қылсаңыз әскербасы, Қасыма қырық мың ләшкер қосып беріп. Ғамири не тіледі әскербасы, Шаhзаданы өлтірмек оның қасы. Қасына қырық мың ләшкер қосып берді, “Кез келсе де сындыр, – деп, – таудың тасы”. Ғамири қырық мың ләшкер қасына алды, Дінін беріп дозақты сатып алды. Ғамиридің хауариж болғанына Сүннилердің барлығы қайран қалды. Ол күні қонды ләшкер күн кеш болып, Тағам ішіп жаттылар ойнап-күліп. “Ұрысамыз, әскерім, тұрғыл”, – деді, Ғамири таң атқан соң атқа мініп. Бір жатқан Хора шықты атқа мініп, Айтады Ғамириге жетіп келіп. “ Ап келейін, – дейді, – сол Хұсайынды”, Азырақ насихатпен ақыл қылып. – Бәлкім ол, ғажап емес, мұнда келүр, Сіздердің хүкіміңе разы болұр. Онан соң өкпең жоқ қой, қайтып кетсе, Біреуін екі сөздің қабыл қылұр. Хұсайынның қасына келді Хора, Жығылды аяғына жүзін ұра. – Еліңізге кідірмей қайтқыл, – дейді, Меккедегі өзіңнің елің сұра. Болмаса бұ хандарға бол, қара бол, Бұ жерге жүріп кепсіз сіз бірталай жол. Екі сөздің қылмасаң бірін, тақсыр, Өлесіз, жаным ашып айтқаным сол. Хауарижден жиылды жүз мың адам, Өлесіз бері, тақсыр, бассаң қадам. Құмырсқадай қыбырлап келе жатыр, Қарағым, пірім, ұлы шаhизадам. – Осы ма қорқытқаның, Хора, мені, Пайғамбардың үмбеті деп ем сені. Құдайға құл, бабама үмбет болсаң, Уайым қылма, асла, бұ дүниені. Ақыр кетер бұ дүние күтсең дағы, Құдайға мәрдуд болма, кетсең дағы. Қатын-бала, мал-мүлкің ақыр қалар, Жанды қинап тәрбие етсең дағы. Дүние үшін уайым қылма, Хора, Ақыретке өлсең де кеткін тура. Бір-екі күн дүниенің қызығы үшін Құдайға қара жүзді болма, сірә. Хауарижге Құдайдың лағынеті бар, Түбінде жаhаннамның мекені нар. Бір-екі күн дүниенің ғишраты үшін Күнінде ғарасаттың боласың зар. Мұны естіп Хора көзден төкті жасын, Жығылып аяғына қойды басын. – Ұл-қызым, мал-мүлкім сіздің жолға, Құрбандық, пида қылдым,– деді,– hәммасын. Келеді ақыр бүгін бізге қаза, Болғанда ғарасатта йаумул жаза. Пайғамбарға көрсеткіл үмбетің деп, Хауарижге сіз бенен қылсам ғаза. Ғамири нахис қасына барайын мен, Хауариж болды ақымақ, ақылы кем. Құдайдан қорқып егер қабыл қылса, Қасыма жолдас қылып алайын мен. Хора барып Ғамириге сөз айтады, Қорқытып шариғатпен көп айтады. – Дүние үшін дініңнен айрылмаңыз, Қор болма ақыретте, – деп айтады. – Басыңа ажал сенің бір күн келер, “Лимәнал мүлкул йаум ли-Ллаhи уахидил қаhари” күні болар. “Фи нари жаhаннам халидин фиhа, әбәдан” деген қане, Тәубе қылсаң Құдайым рахмат қылар. Өлген соң періштелер сауал сұрар, Ғарасат майданына айдап барар. “Йауму йус хабуна фин нари әлә ужуhиhим” деген аят, Күнәлі құлын көріп тозақ қайнар. Ғарасаттың күнінде келүр намаң, Дін жолынан айрылма, келсе шамаң. “Йауму йатазаккарул инсану ма саға”– Көңіліңе бәрі сонда түсер тамам. Әй, Ғамири, бір жаныңа қылғыл пайда, Жарылқар қайтсаң Тәңірім осындайда. Бұ дүние пәни жалған бір күн кетер, Барғанда өкінерсің бақи жайға. Ғамири айтты: – Ей, Хора, тек жүр өзің, Құлағыма кірмейді айтқан сөзің. Енді көп сөйлей берме, тыңдамаймын, Кісі сөзін көтермес осы кезім. Мұнан өзге һешбір сөз сөйлемеді, Ақыреттің қорқынышын ойламады. Ғамириден түңілген соң Хора ғазы Енді басын ол жерге байламады. Екі ұлы мен екі түйе, екі ат алды, Қатыны, бір ұл, бір қыз үйде қалды. Хұсайынның қасына барды енді, Үй-жайын, бәрін тастап, жиған малды. Хауариж көрді Хора кеткеніні, Сәйідке барып байғат еткеніні. Қайта шауып ұрысты хауарижбен, Қыра берді қолының жеткеніні. Хауарижге ер Хора қылыш шапты, Нешесі жаhаннамнан орын тапты. Ол күні кешке шейін ұрыс қылып, Хауарижден үш мыңды қырып сапты. Күн батқан соң қосына қайтып барды, Үш мың кісі өлгенін айтып барды. Хаиндер кеңес қылды ол хауариж, “Бір күнде мұнша кісі жатып қалды”. Сол арада бар екен екі бұлақ, Су ағар әрбірінен бір-бір құлақ. Су жібермей, тас байлап алды жолын, Сүннилер көргеннен соң тұрды жылап. Сүннилер жылағанын сәйід көрді, Жолдастарын жиып ап [жауап] сұрды. – Біздерге қайғы-қасірет жапа болүр, Хауариждер тас байлап алды суды. Жарандар бәрі шөлдеп өлер енді, Бастарыңа машақат келер енді. – Ренжімеңдер, сіздерге рұқсат бердім, Обалдарың мойныма болар енді. Бұл арада тұрайын жалғыз өзім, Шөлдесеңдер жалындар екі көзің. Сонда қатты жаныма батып кетер, Шөлдеумен қырылдық деп шықса сөзің. Хауариждің айтайын мен мүддесін, Кеспекке мақсұды бар менің басым. Сендерді де қырады бірің қоймай, Ақырында Құдайым жарылқасын. Сіздердің бәріңізге рұқсат бердім, Тәуекел, не де болса өзім көрдім. Қандарыңыз қалмасын мойынымда, Көңілің тілегенің жүре бергін. Жолдастар мұны естіп қылды фаған, Зар еңіреп көздерінен атқылар қан. – Сізден қалып, тақсыр-ау, не боламыз, Мал-мүлік түгіл, құрбандық бір шыбын жан. Ақыр бір күн өлерміз ажал келсе, Арманымыз не, бір Құдай иман берсе. Пайғамбарым махшарда шапағат қып, Разымыз, Құдайым “пендем” десе. Ғарасат таразысы құрылады, Күнәлілер күрзімен ұрылады. Періштелер намасын қолға беріп, Ісіміздің бәрі де сұралады. Сиратқа тағы айдар үш мың жылдық, Тақсыр-ау, қызметіңе жүз мың құлдық. Сол уақытта қолдан алсаң біз разы, Жолыңа басымызды құрбан қылдық. Бұ жерде жараспайды жалғыз қалсаң, Бізден қалып бұ жерде шаhид болсаң. Дүние үшін сізден біз айрылмаймыз, Біз разы, ғарасатта қасыңа алсаң. – Олай десең, жарандар, сөзім тыңда, Шапағатшы болғанда бабам таңда. Тірілікте біздерге жолдас болсаң, Тап осындай боласыз тағы анда. Тірілікте кім бізбен бірге жүрсе, Жақсы-жаман сұхбатқа бірге кірсе, Жолдас болып жаннатта бір жүресіз, Кімде-кім Пайғамбардың қасына ерсе. Науан деген бар еді Мұқтадұғлы, Өзі балуан, мол еді hәм ақылы. – Ғамириге барғыл, – деп соған айтты, Насихат қыл Құдайдың болса құлы. Бұ дүниеге алданып қор болмасын, Рахматтан нәумез қалып, зар болмасын. Байғат етсін бабамның хақ жолына, Дінінен рәсуа болып айрылмасын. Онан соң Ғамириге барды Науан, – Дүние үшін қылма, – деп, – дінді жаман. Біздерменен бұ күндері қастас болып, Тамұқты мекен қылып алма hәман. Сөзіме жауап бергіл, ей, бейопа, Ұлына дұшпан болдың хақ Мұстафа. Ғарасатта бір жүріп кәпірлермен Өкініп, сол уақытта болма қапа. “Йәләйтәни күнту турабан” дерсің сонда, Қас болсаң дініңменен бүгін мұнда. Пәни жалған, бес күндік баяны жоқ, Қара жүзді болмағын Расулыма. Ғамири кетті сонда жауап бермей, Насихат айтқан сөзге көңілі ермей. – Ғапылдарға бұ дүние қандай қызық, Жөнел, – деп шауып кетті, – сөйлей бермей. Ол күні ұрыспады, күн кеш батты, Екі әскер екі жақта қонып жатты. “Құдай-а, Пәруардигар, не қылам” деп, Хұсайын қайғыланып жылап жатты. Шаhзада жылап жатып ұйықтап кетті, Түсінде хақ Пайғамбар жетіп кепті. Шақырып Хұсайынды жанына алып, “Нұр дидарым, перзентім” деп қолын өпті. “Жігер-күшім, қайғырып қам жемегіл, Тағдырға разы болып сабыр қылғыл. Сізді мен бек сағынып тұрмын қатты, Кешікпей өз қасыма шапшаң келгіл. Келіп едім бір хабар алайын деп, Хош хабар шаhидтарға салайын деп. Перзентім, амандаса келіп едім, Тірлігінде бір көріп қалайын деп”. Шаhидтардың ішінде патшаһи – сен, Жүмлә ғирфан аһлының hәмраһи – сен. Тәж ғиззат басыңа енді Хақтан, Жаннаттағы хор,ғұлман hәм маhи – сен. Шаhид болмай жігітке рахат болмас, Дүниеде тұрғаныңа көңілім толмас. Сырты сыр зейнеттенген күшк құсұр, Мұнтазир бәрі сізге сабыр қылмақ. Оянып ұйқысынан тұрды шаhзада, Шүкір қылып көңілінен шықты қасірет. Бабасының бұ сөзін естіген соң, Көңілі сонда шаттанды бек қабағат. Кірділер сен боласың иужаһ мақам, Әйла шоқ лағынет Йазид сабах-шам. Рухына салауат қыл Пайғамбардың, Тілі күймес тозаққа айтқандардың. Шаhзаданың сөйлесем қайғыларын, Тыңдаған жан, шыдамас һеш жандарың. Жарандар, таза тыңда мына сөзді, Екі әскер қонып жатты ол күн-түні. Таң атқан соң жүмләсі атқа мінді, Жұманың күні екен тап сол күні. Ол күні ұрыс қылмақ болды енді, Екі әскер жүмләсі атқа мінді. Хұсайынның қасына жолдас болған, Бурма хәкім дейтұғын бай бар еді. Соған айтты: – Сіз мұнда тұрма, – деді, Алаңдап көңіліңді бұрма, – деді. Жас балалар көп еді үйіңізде, Сіз бұ жерде ұрысты қылма, – деді. Бес түйе берді оған жүгін артып, Қоштасып, көп жыласып кетті қайтып. Рұм, Бағдад, Мекке мен Мәдинеде Жіберді мұсылманға сәлем айтып. “Хұсайынның қасында жолдасынан Құтылған бір кісі жоқ өзгесінен. Хұсайынның қалғанын баян етті, Келдім деп, Кербалада өз қасынан”. Сәйідзада шақырды жолдастарын, Ағызып көздерінен қан жастарын. Жар-жолдасы қоштасып, бақылдасып, Өлімге байлап тұрды өз бастарын. – Су ішпедік, – деседі, – екі күндей, Шөлдемесек, қырар едік бірін қоймай. Күн ыстық, ішер су жоқ, не лаж деп, Зар жыласып айтады, – уа, дариға-ай. Сол уақытта шілде түсіп, тамыз болды, Бәріне шөлдеген соң қайғы толды. “Отырмалық далада құр шөлдеп” деп, Қарады шаhизада оңды-солды. Жетпіс екі кісі еді бар нөкері, Жүз он үш мың хауариж әскерлері. Шаhзада жолдасымен атқа мініп, Тік жүріп хауарижге келді бәрі. Хауариждар мінді атқа шуылдасып, Келеді көңілдері судай тасып. Майдан жерге жақындап келгеннен соң, “Жекпе-жекке” деседі дауыстасып. Шаhзаданың көңілінде – дін таласы, Хауариждер, мал-дүние – оның қасы. Шаhзаданың қасында бұрын жолдас, Бар екен Мүслім ердің бір баласы. Ғабдолла еді аты, діні камал, Балуан еді, өзі – сақыпжамал. Қылышын алып қолына, атқа мінді, Ұрыстан білуші еді түрлі амал. Ғабдолла шықты қылыш қолына алып, Атасының қысасын көңіліне алып. “Майданға шығайын, – деп, – жекпе-жекке, Рұқсат бер” деді аттан түсе қалып. – Шаhзада, рұқсат бергіл маған, – деді, Жар болса, медет қылып бабам, – деді. Ғинаят қылса маған Қадір Алла, Атамның қанын бұ күн алам, – деді. Шаhзада қол көтеріп дұға қылды: – Жалбарар бір өзіңе мүмін күллі, Жаратқан, Рахман Алла, иә, Иләhи, Тапсырдым, иә, Зұлжалал, сақта, – деді. Ғабдолла айтты сонда: – Иә, шаhзада, Мыңға келсе бір тұрмас бұ дүниеде. Әйтеуір не қылса да бір өлмек бар, Қылыппыз жолыңызға жанды пида. Мұны айтып майданға кетті шауып, – Өлемін деп сіркедей қылмай қауіп. “Жекпе-жек” деп майданда дауыстайды, Қылыш алып, басына қалқан жауып. Дауыстап айғай салды “жекпе-жек” деп, Бір мүфсид Санам деген келді беттеп. “Мәрдуд болып дініңнен айрылма”, – деп, Насихат Санамға айтты сонда ептеп. Тыңдамастан Ғабдолланы ұрды Санам, “Мен неге, – деп, – сөзіңе құлақ салам”. Ғабдолла ол ұрғаннан аман қалды, Сақтады құдіретімен Алла Тағалам. Ғабдолла Санамға айтты: – Тыңда, – деді, Сен мұнда ақымақтық іс қылма, – деді. Дүниенің қызығы үшін рәсуа болып, Қаражүзді болмағын, тыңда, – деді. Тыңдамастан шоқпармен тағы ұрды, Санамды діннен шығып Құдай ұрды. Ғабдолла ашуланып шыдай алмай, Қылышын қолына алып қарсы тұрды. “Ұрайын” деп ол Санам келді тағы, Ғабдолла да қылышын алды тағы. Қылышпенен Санамды шапты белден, Атта кетті салбырап екі аяғы. Кеудесі жерге түсті, көті – атта, Хауариждердің әскері бақты атқа. Сүннилердің көңілі шадыман болып, Шүкір қылып тұрысты жалғыз Хаққа. Ол Санамның бар еді жалғыз ұғлы, Оның атын деуші еді жауыз Кәмли. Атасының өлгенін көргеннен соң, Майданға шығайын деп атқа мінді. Қалқан ұстап сауытын киіп алды, Қаhарын бойларына жиып алды. Атына міне салып шауып келіп, Мүслімнің баласымен соғыс салды. Қылышпенен Ғабдолла шапты оны, Қақ жарылып басынан ақты қаны. Толқып барып құлады жерді құшып, Жаhаннамның түбіне кетті жаны. Сол күні жекпе-жекке жетеу келді, Мүслімнің баласынан бәрі де өлді. Жекпе-жекке шыға алмай жалғыз адам, Екі жүз қаптап кетіп соғыс қылды. Ғабдолла ұрыс қылды екі жүзге, Қашырды бірін қоймай айтар сөзге. Екі жүзден қырылып жетпіс кісі, Майданға жан шықпады мұнан өзге. Сол уақытта Ғабдолладан кетті қуат, Шөлдеген соң хал кетті бек қабағат. Қасына Хұсайынның қайтып келіп, – Шөлдедім, қайтем, – дейді, – әй, шаhизат. – Сусағаным бір қанса осы күнде, Лаж тап деп айтамын енді кімге. Хал-ахуалым қалмады сусаған соң, Үнім бітіп барады келмей демге. Шыдай алмай ұрады қаны қашып, Хұсайын тұр басында жаны ашып. Үсті-басы жаралы, өзі сусап, Құдайым қылды сонда ажал нәсіп. Хора ғазы мінеді атын жабдып, Келмекке майдан жерді қызыл қан қып. Майданға барып сонда айғай салды, “Хауарижден келіңіз балуан” деп. – Кел,– деді, – жекпе-жекке, хауариждер, Шапшаң шық кідірместен, мүбәриздер. Өлтірді алпыс кісі Хора ғазы, Қамалды қорыққаннан соң енді ләшкер. Жекеге барған кісі өле берді, Тамаша қылды күшін Хора ерді[ң]. Жекпе-жекке барғаннан алпысы өліп, Қызыл қанға бояды майдан жерді. Мынау іс хауарижге жаман батты, Қорқып қалды Хорадан жаман қатты. Жүз кісі бәрі қолға мылтық алып, Жабылып бәрі келіп мылтық атты. Жауған қардай мылтықтың оғы келді, Сонда дағы Хорадан тоғызы өлді. Қарсы алдынан атқан оқ беттен тиіп, Есі ауып шаhзадаға қайтып келді. – Жаралы болды, тақсыр, барша тәнім, Судай болып тәнімнен ақты қаным. Қатты сусап барамын, халім құрып, Қиналды,– деді, – тақсыр, шыбын жаным. Соны айтып, жығылып жатты сабаз, Сусағаны жанына батты сабаз. Тілі байланып азырақ талып жатып, Шаhид болып дүниеден өтті сабаз. Кірділер сен боласың Әли мақам, Лағынет әйла ол Йазидке сабах-шам. Салауат Пайғамбарға жіберейін, Қиссасын Хұсайынның келтірейін. Қайғы-қасірет, көп жапа көргендерін Сіздерге осы жерде білдірейін. Екі кісі майданға барған екен, Бірісі Мұқтадтың ұғланы екен. Ерлікпенен дұшпаннан қан ағызды, Бірісі Сағиттың құлдары екен. Екеуі қан ағызды майданынан, Талай кісі өлділер хауарижден. Екеуі тізе қосып ұрыс қылып, Шаhид болып сол жерде берділер жан. Қасым атты Жағыпар Садық баласы бар, Тең келмес Рүстемдей балуандар. “Жанымды пида қылдым сіз үшін” деп, Әдеппен шаhзададан рұқсат тілер. – Қарағым, рұқсат бердім, майданға бар, Сіздер үшін Құдайға қыламын зар. Залымдығын тигізбей хауариждің, Басыңа жәрдем болсын Пәруардигар. Рұқсат алып майданға барды сонда, Ақырып арыстандай тұрды сонда. Қасымның қаhарына жан пар келмей, Есебі жоқ балуанды қырды сонда. Қасымдай жан пар болмас асқан ерге, Өзі балуан, баhадүр кемеңгерге. Ұрысып жүргенінде батыр Қасым, Атының оң аяғы кірді жерге. Сонда аты жығылды жерге барып, Хауариждер оқ атты ұрыс салып. Тұс-тұс жақтан жабылып, көптігімен Тақсырды шаhид қылды ұстап алып. Жағыпар ұлы Тәліпке нәубет келді, Ішіне ол майданның барады енді. Аянбай шыбын жанын соғыс қылып, Тәліптен жетпіс екі кісі өлді. Бір заманда сусады халі құрып, Қайтып келді атының басын бұрып. “Иә, ата, бір ішім су тапшы”, – дейді, Алдында Хұсайынның жылап тұрып. – Сусаған соң кетті ғой хал-дәрменім, Көзім көрмей барады, құрып қаным. Атасы айтты: – Су жоқ қой жетер жерде, Бар болса аяймын ба суды сізден. Қарағым, айналайын көзіңізден, Бар болса аяймын ба суды сізден. Бір Алладан болмаса медет-жәрдем, Хал кетіп тұр, қарағым, бүгін бізден. Мұны естіп майданға қайта кірді, Кез келгенін қылышпен қойдай қырды. Хауариждер жабылып ұстап алып, Кескілеп ол Тәліпті тағы өлтірді. Хұсайын ұлы ер Қасым көрді оны, Шыдамай ашып кетті оған жаны. Хұсайынға келді де дәстүр тілеп, – Жібер, – деді, – майданға бүгін мені. Хұсайын рұқсат берді Қасым ерге, – Бар, – дейді, – тәуекел деп майдан жерге. Жігерімнің парасы, жаным Қасым, Келмей тұр аузым сізге баршы дерге. Тапсырдым бір Аллаға, барғыл енді, Хауарижбен соғысты салғыл енді. Иләһи Рахман, Рахим, иә, Зұлжалал, Қолынан ер Қасымның алғыл енді. Қасым сонда майданға жетіп барды, Мінәжат бір Тәңірге етіп барды. “Иә, Алла, қырғаның ба сусатып” деп, Зар жылап көзден жасы кетіп барды. Барды да: – Хауариждер, келгіл, – дейді, Ажалың бұрын келіп өлгіл, – дейді. Ұрысуға қорыққаның жеріңе қайт, Менің атым – ер Қасым, білгіл, – дейді. Хауариждан бар еді Арзақ атты, Төрт баласы бар екен діні қатты. Үлкен ұлы Арзақтың жетіп келіп, Қасымды күрзіменен салып қалды. Құдай аман сақтады ер Қасымды, Хауариждің көңілі бек басылды. Хұсайын да алыстан дұға қып тұр, “Иә, Алла, қабыл қыл, – деп, – көз жасымды”. Екеуі олай-бұлай қағысты енді, Ұруға айла қылып бағысты енді. Екеуі қылыштарын қолына алып, Ақырын бірін-бірі шабысты енді. Хауариждер Қасымнан көрді күшті, Басы сонда кәпірдің жерге түсті. Оған төте бірі кеп ұрыс қылып, Ағасының үстіне бірге түсті. Төртеуі кезек-кезек келе берді, Бір шапқаннан бәрі де өле берді. Төрт баласы бір жерде біткеннен соң, Майданға Арзақ өзі келеді енді. Арзақ келіп майданға нағыра ұрды, Көрсетем ерлігім деп қарап тұрды. “Балаларымды өлтірген батыр келсін, Өшімді аламын” деп жылап тұрды. Қасым қосқа сол уақытта келіп еді, Сусаған соң жүрегі жанып еді. “Аузыма балшық толып, үнім бітіп”, Сәйідке “өлдім ғой” деп зар еңіреді. – Уа, дариға, сусадым, не қылайын, Мәнім болмай барады кетіп жаным. Мұны естіп Хұсайын зар еңіреді, “Не лаж қылам, – дейді, – айналайын”. Менің берген қайратым сабыр қылмақ, Не қылса да тағдырына разы болмақ. Айуб нәби бәлеге сабыр қалған, Алланың қылған ісін мойынға алмақ. Тағдырына қылалық біз де сабыр, Сабырсыздық, ғасылық жанға зәбір. Алланың тағдырына разы болып, Қарағым, бұ майданға бар, қайта кір. Қасым сонда атына мінеді енді, Тәңірінің тағдырына көнеді енді. “Шапшаң шық” деп ақырып айғай салған, Қасына хауариждің келеді енді. Арзақ сонда басына қалқан жапты, Қасым қалқан сыртынан қылыш шапты. Қалқанымен тастады екі жарып, Тамұқтан Арзақ барып орын тапты. Жекеге шыға алмады бұған шақтап, Екі мың хауариждер кетті қаптап. Көп хауариж ортаға алғаннан соң, Қылышын сілтей берді екі жақтап. Жабылып хауариждер ұра берді, Ер Қасым кез келгенін қыра берді. Жан аямай соғысып кешке дейін, Алты жүз отыз екі кісі өлтірді. Денесіне отыз үш жара тиді, Намаздігер уақыт та жақындапты. Бар денесі жаралы, өзі сусап, Сол уақытта атынан құлап кетті. Есі ауып атынан түсті талып, Хауариждер жабылды түсе қалып. Қасымның басын кесіп алған шақта, Зілзала болып кетті жер шайқалып. Жер шайқалып, тұтылды ай менен күн, Тау мен тастар жарылып, шықты түтін. Күннің бәрі қараңғы түндей болып, Қайғырып назаланды жаhан бүтін. Ол Қасымның бар еді бір інісі, Қасымды көріп оның кетті есі. “Уа, дариға-ай, ағам” деп жылап еді, Бәрі бірге жылады тұрған кісі. Ғинаятолла еді оның аты, Қалмады зар еңіреп тап-тақаты. Сәйідтен рұқсат алды ағасы үшін, “Бар, – дейді, – бұл дүниенің не қажеті”. Майданға барды діннің ол сәруары, – Хауарижден балуан болса келсін бері. Дүниеде неше ғұмыр көрсең дағы, Бір күні ажал келсе қалмас тірі. Дініңді дүние үшін бердің, – дейді, Хақ Расулдың әулетін қырдың, – дейді. Сөзіне шариғаттың құлақ салмай, Шайтанның уәсуасіне ердің, – дейді. һәр іске разымыз Құдай салса, Дүниені не болмайды көңілге алса. Дозаққа өздеріңді байладыңдар, Көрермін ғарасаттың күні болса. Ғамири айтты: – Біреуің майданға бар, Бұ бала өзі сусап қылып тұр жар. Жекпе-жекке шығуға һешкім бармай, Атқа мініп екі мыңы жабылдылар. Екі мыңы жабылды Ғинаятқа, Хауариждер кез болсын ғаламатқа. Атына қамшы басып “иә, Алла” деп, Бір мыңды қырып салды үш сағатта. Өзгесі шыдай алмай қашып кетті, Бірін-бірі қиратып басып кетті. Ішек-қарыны салбырап кейбірінің, Жаралысы қандарын шашып кетті. Хауарижде бір балуан аты Ожаж, Ғамири: – Барғыл, – дейді, – соған біраз, Екі мың өңкей жаман түк қылмады, Сен барып көңілімнің қысасын жаз. Атқа мініп қылышын алды қолға, Қайратты көрсетем деп осы жолда. Ғинаятты қылышпен шапты келіп, Аман-есен сақтады Қадір Алла. Бір емес үш қайтара шапты қылыш, “Тәуекел” деп Ғинаят тұрды тыныш. – Енді маған тұр, – дейді, – нәубет беріп, Тамаша көрсетейін саған бір іс. Ол Ожаж нәубет беріп тұрады енді, Қылышпенен Ғинаят ұрады енді. Қылышпенен шапқанда жерге түсті, Жаhаннамнан жай алып құлады енді. Ожаждың баласы бар батыр Тарық, “Атамның кегін алам, – дейді, – барып”. Зар еңіреп шыдамай атасына, Ақырады дауысы жерді жарып. – Ғинаят, келді өлім бұ басыңа, Ағаңа жіберейін, кел қасыма. Мұны айтып ол Тарық келгенінде, Хауарижге күрзі ұрды арқасына. Күрзісі Ғинаяттың тиді күшті, Тарықтың басы құстай аспанға ұшты. Таяқпенен бір салған бөденедей Бөксесі басыменен бірге түсті. Шүкір қылды Ғинаят мұны көріп, Қайтып келді атының басын бұрып. “Үнім шықпай барады сусаған соң”, Сәйідке арыз қылды жылап тұрып. Хұсайын сонда тұрып бек жылайды, Ғинаятты құшақтап көп жылайды. “Айналайын, қарағым, бауырым-ай, Неге аяймын су болса” деп жылайды. Естіді ағасынан мына сөзді, Енді суды іздеуден күдер үзді. Мінәжат қылды Хаққа зар жылап, Көзінен қатра-қатра жас ағызды. – Иләhи, салдың маған қандайын іс, Сусаған соң бойымнан кетті ғой күш. Кербалада кез болып бұ жапаға, Бір қасық су біріміз етпедік нүш. Хауариждер біздерге қылды жапа, Бір қасық ұрттатпай қылды қапа. Мұндай қасірет көрмесін һеш мұсылман, Кез болды рақымсыз жұрт бұл бейопа. Жолына Хұсайынның басты бердік, Мал түгіл, жаннан кешіп соңына ердік. Иә, Алла, бұ не деген болды қасірет, Кербалаға келгенде мұны көрдік. Хауариж неге өшікті бізге мұнша, Бұларға тұhмат қылдық біздер қанша? Иә, Алла, сусынымды бір қандырсаң, Қырар ем бірін қоймай дем алғанша. Мұны айтып атына қамшы басты, Ағызып тұр көзінен қанды жасты. “Далада ақыр сусап өлермін” деп, Тұтып жатқан әскерге араласты. Қылышын оңды-солды ұра берді, Кез келгенін қойдай қыра берді. “Бір су ішсе тірі жан қоймас екен, һеш көрмедік, – деседі, – мұндай ерді”. Тамаша қылды Ғамири Ғинаятты, Қылыш шауып майданда жүрді қатты. Екі мың төрт жүз кісі өлтіріпті, Өліктер төбе-төбе болып жатты. Қашқанын құтқармады, қуып жетті, Хүкімі хауарижге тым-ақ өтті. Мылтықпенен біреуі атып еді, Атының мойнынан өтіп кетті. Аты барып жығылды омақасып, Хауариждер жабылып қалды басып. Қылышпенен шапқылап үш-төрт бөлді, Ол хаин хауариждер жабырласып. Сол жерде Ғинаятты шаhид қылды, “Өлтірдік” деп хауариж бәрі күлді. Мұны көріп майданға шыдай алмай, Әлидің бір баласы Ғауан келді. Нағыра ұрып майданға келді жетіп, Атына қамшы басып екпіндетіп. Бір бөлек топ әскерге араласып, Бір сағатта қырылды бәрі бітіп. Бетіне һешбір адам қарамады, Ғауанмен ұрысуға жарамады. Енді Ғауан ақырып тұрса дағы, Хауарижден һешбіреу бара алмады. Ғамири: – Ақыртып қойма, – дейді, Қорқысып көңіліңді жойма, – дейді. Жекпе-жекке баруға қорықсаңдар, Бәрің бір-ақ жабылуға ойла, – дейді. Жабылды хауариждің сонда бәрі, Беттерінде болсайшы биттей ары. Ғауан батыр ақырып араласты, Ләшкердің дал-дал болды аралары. Қырады Ғауан батыр арыстандай, Қашады хауариждер жарысқандай. Хауарижден қырыпты алты мыңдай, Ақымақтар, сірә, болмас данышпандай. Ғауан батыр хауарижді қаhарға алды, Ғауанға жетпіс жерден жара салды. Осындай қатты қырып жүрсе дағы, Жібермей көптігімен байлап алды. Ұстап алып Ғауанның кесті басын, Ағызды нидәматта көзден жасын. Жаннат ағла бейішті нәсіп қылып, Құдайым ақыретте жарылқасын. Шаhзаданың қалыпты бір інісі, Әли ұғлы өзінің бір жынысы. Бірге келген туысқан бәрі бітті, Жалғыз-ақ қалған еді осы інісі. Сәйідтің бұ інісі аты – Аббас, Өзі абзал кемеңгер, баhадүр хас. Шаhзада айтты соған: – Мін атыңа, Енді сіз бармасаңыз, сірә, болмас. Отырма, енді атыңа мін, шырағым, Құдай үшін бір шелек су сұрағын. Хауариждер бір шелек суды берсе, Жаннаттың бағыштадым хор пырағын. Сонда Аббас атына мінді дейді, Хауарижге бет алып жүрді дейді. – Пайғамбардың перзенті Хұсайынға Бір ішім су бергін деп сұра, – дейді. Шуылдап жылап отыр балалары, Бір ішім су сұрайды соның бәрі. Он күн болды біздер су таппағалы, Жас балалар бек өтті қылған зары. – Оларға су беріңдер сусап отыр, Сусаған соң нешеулері өліп жатыр. Пайғамбардың әулетіне су беріңдер, Діні жоқ болмасаңдар таза тақыр. Хауариждер шелекке суды құйды, Алып келіп анадай жерге қойды. – Өзің ішіп қанған соң шелекті бер, Өзгеңе беретұғын су жоқ, – дейді. “Сәйід су ішпегелі он күн болды, Мен ішуге рауа болмас енді”, – Мұны айтып шелекті ала қашты, Атына қамшы басып оңды-солды. Аббас батыр шелекті қолына алды, Атының басын бұрып қайта салды. Шелекті ала қашып жөнелгенде, Жауған қардай мылтықтың астына алды. Ғамириге бір адам айтты барып: – Қашып Аббас барады суды алып. Мұны естіп Ғамири жарлық қылды: – Неге беріп тұрсыңдар құры қалып?! Он жеті мың балуан атқа мінді, Отқа өртеп, харап қылып есіл ерді. Аббасты орта жолда қуып жетті, Қосына жеткізбестен ұрыс қылды. Хауарижден өлтірді жүз отызын, Бір хауариж мылтықпен атты өзін. Оғы барып мылтықтың дөп тиіп, Ашуға келмеді әлі екі көзін. Есі ауып жығылмай атта тұрды, Хауариждер күрзімен жабыла ұрды. Атынан ұрып жығып, басын кесіп, Шуылдап мақтанысып қайта жүрді. Хұсайын өзі қалды баласымен, Іні, жолдас таусылды ағасымен. Алланың тағдырына разы болып, Бетін жуды ағызған көз жасымен. Ғамири айтты: – Қалыпты жалғыз өзі, Табылмас біраздан соң басқан ізі. Хауариждер Хұсайынға қарсы жүрді, “Өлетін келді ғой, – деп, – мұның кезі”. Жалғыз өзі ләшкерге қарсы тұрды, Ұлына “ат ертте” деп бұйырды. Хұсайынның үлкен ұғлы егарлап, “Ләшкерге барайын” деп рұқсат сұрды. Әлиасқар екен ол баланың білсең аты, һеш адамның келместей салтанаты. Жүздерін көрген кісі бір талатын, Қаhарман, Рүстемдей сиясатты. Сол күнде жасы келген он сегізге, Сипаты періштедей көрер көзге. Көрген жан нұр жүзінен таяр көзі, Ақыл-қайрат өлшеусіз мұнан өзге. Нұр жүзінен қараса түседі күн, Сипат қылсам, пар келмес жиhан бүтін. Солардың да басынан көшіп кетті, Баянсыз пәни жалған, дүние шіркін! Өзі жомарт, өзі ер, әділетті, Ақылын Пайғамбарға жетті депті. Сипатын айтып тамам қыла алмаймын, Айтайын онан дағы өзге кепті. – Ей, ата, маған рұқсат бергін, – дейді, Азырақ соғысқаным көргін, – дейді. Жолыңызға басымды құрбан қылдым, Артымда дұға қылып тұрғын, – дейді. Айтады: – Саған рұқсат бермеймін, – деп, Қорқамын жүзіңізді көрмеймін, – деп. Көзім нұры, шырағым, Әлиасқар, Ойлаймын бірақ мен де тұрмаймын, – деп. Белде қуат, сүйенішім, ай-а, Әли, Не болады ата-анаң ғаріп халі. Бір сағат жүзің көрмей тұра алмаушы ем, Қайтіп тұрар ата-анаң шыбын жаны. Хауариждер естіді сәйід сөзін, Толтырды қанды жаспен екі көзін. Хауариждің нешеуі жиылып кеп, Ғамириге, тыңдашы, айтқан сөзін: – Жаман істер қылдыңыз адам қылмас, Мүміндер Пайғамбарға қасты болмас. Пайғамбардың перзентін қырып салып, Малғұн болып Ібіліске болдық жолдас. Аббас деген бұлайша жауап айтқан: – Хаққа дұшпан болдық қой діннен қайтқан. Ақыретті ойламай, діннен шығып, Жан болмады күнәға біздей батқан. Мұнда келген өлімен бар тіріміз, Мұсылман болмадық қой һешбіріміз. Жаhаннамның түбіне кеттік түсіп, Құдай сүйер қалмады һеш жеріміз. Аббас сөзін тыңдады ол Ғамири, Ішіне қорқу түсіп қашты түрі. Бұ сөзден қатты қорқып тұрғанында Қасына хауариждің келді бірі. – Ей, Ғамири, не ойлап тұрсың, – дейді, Бұл арада не іздеп жүрсің? – дейді. Егер де сіз қойсаңыз, барша елің Ғаскер боп Хұсайынға кірсін, – дейді. Басында бүйтерің бар, неге келдің, Хандармен қол алысып уағда қылдың. Азғырды шайтан болып Шәмир деген, Обалына қалдың деп тамам елдің. Шәмир келіп бұ сөзді айтып салды, Қорқып тұрған Ғамири қайтып қалды. “Бізге келіп Хұсайын нөкер болса, Сонда су берейін” деп көңіліне алды. Ғамири айтты: – Бізге кеп нөкер болсын, Байғат етіп алдыма қызмет қылсын. Егер қабыл қылмаса бұ сөзімді, Қолынан не келеді, өзі білсін. Шыдай алмай мұны естіп келді Әли, Естідің бе хауариж сөзін әні. Бізді енді хауариждер мазақ қылды, Құдай үшін құрбандық пенде жаны. Анасы білді Әлиасқар кететінін, Хауарижбен соғысты ететінін. Барған адам біреуі сау келген жоқ, Ойлады дүниеден өтетінін. Баласы анасына келді зарлап: – Қарағым, ілінді ме саған қармақ, Көзімнен жарты сағат таса болсаң, Шыдамай болушы еді тағатым тақ. Қарағым, бұл майданға барамысың, Хауарижден кегіңді аламысың? Егерде жазатайым болып кетіп, Анаңды жанған отқа саламысың. Уа, дариға, мен мұнда келмесемші, Қасіретін Кербаланың көрмесемші. Айрыларым білмедім мен сіздерден, Меккеден сізді алып жүрмесемші. Шаhзада айтты сонда қатынына: – Көп сөйлемей, түс, – дейді, – ақылына. Әлиасқардан неге сен күдер үздің, Ықтияр бол Алланың мақұлына. һәрне қылмақ әзелден тағдыр – Құда, Баhри хал, әміріне болғыл риза. Жіберіңіз, майданға барсын бүгін, Қылмасын оны бізден Тәңірім жүдә. – Ей, ұлым, келді бізге кезек, – дейді, Тұрмағын енді көңіл тежеп, – дейді. Не айтайын, қарағым, қош-аман бол, Қасірет оғын келді ғой безеп, – дейді. Құшақтады ұлының мойынынан, Жас толды көзден аққан қойынынан. Бір талып, бір жиып ап тұрды есін, Ақымақ пәни жалғанның қиынынан. Кидірді баласына жау жарағын, “Шаhидтардың тоны, – деп, – бұл, қарағым”. Қатты жылап көзінен қан жас ағып, “Әлуадағ” деп орады қасірет дағын. Атасы: – Тұр, атыңа мінгін, – дейді, Тәуекел деп майданға кіргін, – дейді. Бір Тәңірге тапсырдым, Әлиасқар, Алдымда ілгерірек жүргін,– дейді. Майданға барып жеке кіргін, – дейді, Мен – Хұсайын ұғлымын, білгін, – дейді. Тәңірі досты Мұхаммед, тақсыр, бабам, Медетті бүгін маған бергін, – дейді. Зар жылайды көзінен жасы ағып, Мінәжат қылды сонда Хаққа бағып. – Жаратқан, Пәруардигар, Зұлжалал, Біздерді ғажиз қылдың бүгін нағып. Хауариждер қырды бар жолдасымды, Қайғыменен төкті ғой көз жасымды. Жаратқан Ием, Кәрім Пәруардигар, Жолыңа пида қылдым бұ басымды. Он күн болды кішкене жас балалар Сусаған соң, су іздеп зары иғлар. Халдеріміз біздердің мүшкіл болды, Иә, Алла, күнің бар ма рақым қылар?! Йазидке ақымақ болып ерді олар, Біздерді үлкен дұшпан көрді олар. Дін иманнан айырылып дүние үшін, Пайғамбардың тұқымын қырды олар. Дүние үшін жанына кесір қылды, Қатын-бала, мал-мүлік жесір қалды. “Тәуекел бір өзіңе, иә, Алла” деп, Жылап тұрса кәпірден біреу келді. Ол келген хауариждің аты – Тариқ, Өнері көп білетін талай парық. Қолына қалқан ұстап Әлиасқар Кәпірге қарап тұрды қарсы барып. “Тәуекел” деп қозғалмай тұрды бала, Қылышпен Тариқ ұрды келе сала. Қылышпен қаhарланып шапты Тариқ, Сақтады тақсыр ерді Алла Тағала. һеш нәмерсе қыла алмады қылышпенен, Жеңбеді тақсыр ерді бұл іспенен. Қылыш, күрзі, қарулар – бәрі бітті, һәр түрлі хайла қылып ұрыспенен. Ол бала шыдап тұрды бойын безеп, Әншейін жан екен деп көңілін тежеп. Бұл Тариқтың нәубәті біткеннен соң, Әлиасқар қимылына келді кезек. Әлидей қаhар келді батыр шерге, Өзі балуан, баhадүр кемеңгерге. Ат үстінен берік ұстап жағасынан, Тариқты көтеріп ап ұрды жерге. Жұлып ап бөденедей ұрды Әли, Тамаша хауариждер қылды оны. Басы кетті жұлынып сілтегенде, Жаhаннамның түбіне кетті жаны. Бар екен Тариқ ұлы Талха деген, Атасын көргеннен соң қайғы жеген. “Атам өліп кетті-ау, – деп, – қапияда”, Майданға шыдай алмай ол да келген. Келе жатып жүрегі қызыл қан боп, Хауариждер Әлиге тұрды таң боп. Зар еңіреп келеді атасы үшін, Далада ойбай салып тас-талқан боп. Келе жатыр қылышпен салайын деп, Атасының қысасын алайын деп. Әлиасқар басына қалқан шапты, “Тәуекел, бір өзіңсің панаhым” деп. Хауариж шапты қылыш қатты айғайлап, Құтырған қасқырдай боп көзі жайнап. Қылыш, күрзі, найзаның бәрін ұрды, Ер Әли қарап тұрды “иә, Құдайлап”. “Иә, Алла” деп қылышын алды Әли, Талханы тас төбеден салды Әли. Қақ жарылып түседі екі жаққа, Жаhаннамның түбіне жіберді оны. Құтылмады һешбір барған адам, Баруға енді қорықты қалған адам. Хауариждер көзіне Әлиасқар Перідей боп көрінді уа Аллаhу ағлам. Жекеге енді адам келе алмады, Әлимен келіп соғыс сала алмады. – Жекпе-жекке келуге қорықсаңдар, Бәрің келіп жабыл, – деп айғайлады. Таң қалды ер Әлидің қайратына, Шыдамады ақырған айбатына. Қасына он мың кісі жолдас алып, Нәубал деген бір батыр мінді атына. Жүз-жүзден келе жатыр бәрі он топ, Жабылды бір кісіге осындай көп. Әулеті Пайғамбардың – сәйідзада Қырып жүр жалғыз өзі қасқырдай боп. Аямай жалғыз жанын ұрыс қылды, Екі жүз сексен алты кісі өлтірді. Хауариждер быт-шыт боп кеткеннен соң, Қасына атасының қайтып келді. – Сусадым,– деді, – аузыма тілім сыймай, Халім құрып барамын есім жимай. Уа, дариға, бір татсам суды егер, Қырар ем, хауариждің бірін қоймай. Құрып кетіп барады хал-дәрменім, От боп жанып барады барша тәнім. Таңдайыма жабысып қалды тілім, Қиналды-ау, – деді, – сусап шыбын жаным. Құшақтады Хұсайын ұлын көріп, Іші-бауыры елжіреп кетті еріп. Жүзіне-жүзін қойып құшақтап тұр, Жылап тұрып сөйлейді қайрат беріп. Күн шыжып тұр тағы да аспан қайнап, Бұларды алып келген ажал айдап. Аузындағы балшығын қолмен алды, Сонда ұлы есін жиды “иә, Құдайлап”. Аузына шаң-топырақ толған екен, Атасы оны қоймай алған екен. Есін жиып ала сап атқа мініп, Майданға тағы қайтып барған екен. Қайтып барды қолына қылыш алып, Әскерге араласты айғай салып. Аянбай ұрыс қылып жүргенінде, Қалыпты қырық бір жері жараланып. Қайтып келді қосына есі ауып, Тағы өлтірді жетпісін қылыш шауып. Аттан өзі түсе алмай құлай кетті, Атасы сүйей берді бетін жауып. Бір уақытта есін жиып көзін ашты, Атасына бір қарап төкті жасты. Атасының тізесінде жатыр екен, Өзінің қанын көріп халі қашты. Атасының тізесінде дүние салды, Енді өзі Хұсайынның жалғыз қалды. Құдайым ажал тағдыр берген жерде, Қасынан жерді қазып көме салды. Мұны істеген лағынет айт Йазидтерге, Жаны ашыған мұсылман, Пайғамбарға, Әуел Құдай, Пайғамбар хақы үшін Қосады шариғат та лағынеттерге. Кіші ұлы анасынан су сұрады, “Су бер” деп сусаған соң зар жылады. Жас баланы анасы жұбата алмай, Анасы қайғыланып аh ұрады. Сәйід айтты: – Жылаған ол кім? – дейді, Анасы айтты: – Ыбраhым ұлың, – дейді. Сәйід келіп баланы қолына алып, Хауариж әскеріне жөнелді енді. Дауыстады: – Тәңірінің хақы үшін, Нәрестеге су бергін бір-ақ ішім. Күні-түні көз ашпай жылай берді, Өзгемізге бермегін, бала ішсін. “Жылаған жас балаға су бер”, – дейді, Қайназар атты хауариж жетіп келді. “Қане, балаң көрсет!” – деп жақын келіп, Аузына садақпенен тартып қалды. Аузынан кірген оғы өтіп кетті, Анасына қайта алып жетіп кепті. Анасының алдына қойған жерде, Шариф жанын жас бала тәслім етті. Хұсайын белге тақты зұлпықарын, Жау-жарақ түгел алды саймандарын. Хамза ағасы қалқанын қолына алып, “Медет қыл, – деді, – Жалғыз Бір уа Барым”. Қасында келіні мен қатын, қызы, Жалынып зар еңірейді әрбірісі. “Тақсыр-ау, айналайын, сұлтаным” деп, Шулады ұрғашылар, жас-кәрісі. – Толған айдай көрінуші ең бәрімізге, Жас бала, үлкен-кіші, кәрімізге. Жазатайым боп кетсең бұ майданда, Хауариждер қарамас арымызға. Бұ майданға, сұлтаным, сіз бармаңыз, Біздерді жесір тастап, зар қылмаңыз. Хауариждер, залымдар ислам білмес, Біздерді дұшпаныңа қор қылмаңыз. Көзімізден қанды жастар шашылар, Әдеп қалмай абыройымыз ашылар. Дұшпан, залым хауариж біз мазлұмды Басымыздан қасиетімізді қашырар. Патшаhым, телміреміз біздер кімге, Қас болды хауариждер бәрі дінге. Тақсыр-ау, жақсы жайға өзің кетіп, Барасыз ба біздерді бастап жемге. Сәйід айтты: – Ол Кәрім уа ләм йазел, Осындай болмақ бізге тағдыр әзел. Тағдырда Қадір Алла қалай жазса, Лә журум, болар ақыр сол инфисал. Бұ істің ең абзалы сабыр қылмақ, Тәңірінің қазасына разы болмақ. Әрине, тағдыр Тәңірі бір өзінен, һәммасын осылай деп анық білмек. Тапсырдым бір Аллаға мен сіздерді, Айтпаңдар уайым қылып жоқ сөздерді. Өлемін бе, келемін бе, Құдай білер, Тоқтатпаңдар бұ жолдан сіздер бізді. Не қайтып, не мұнда тұрғын бәрің, Көрерсіз қайда болсаң Хақ тағдырын. Тірі пенде дүниеде не көрмейді, һешкімге айтқан емес Тәңірім сырын. Тәңірім жүдә қылсын бізден сізді, Ұғыңдар таза тыңдап осы сөзді. Енді тұрмай барайын бұ майданға, Тәңірге тапсырыңдар енді бізді. Мұны айтып атқа мінді шаh-имам, Емес қой олар һәркез дүние жиған. Ат үстіне мінген соң бек қуанып, Жылаған көздің жасын сонда тыйған. Мінәжат қылды Хаққа шаhизада, Жалғыз қалып шықпастан болды сада. – Жаратқан Пәруардигар, иә, Зұлжалал, Қимайтын һеш нәрсем жоқ бұ пәниде. Бұ қауым хауариждер қара жүзді, Мұнша күн-түн біздерге су бермеді. Құдай-а, құдіретіңнен айналайын, Мұндай қасірет, жапаны жан көрмеді. Құдай-а, салдың бізге бұ ғаламат, Су іздеп қатын-балам тартты қасірет. Бір сағат қастарында тұра алмадым, Шуылдап жылай берді бек қабағат. Шуылдап, сусап қатын-балаларым, Естіп тұра алмадым қылған зарын. Зейнелғабиден артымда жалғызымды, Сақтағын соны аман, Бір уа Барым. Әулеті Хақ Расулдың қор болды ғой, Менен өзге жолдасым бәрі өлді ғой. Зар-гөриан қайран боп, бәрі сусап, Мал-мүлкін бәрі тастап қырылды ғой. Ғамири нахисқа айтады: – Әй, бейопа, Сен қылдың бізге мұнша жәбір-жапа. Өзің мені хат жазып шақырып алып, Уағдаңнан танып бүгін, қылдың қапа. Шақырдың қағаз жазып мені өзің, Басында осылай ма еді айтқан сөзің. Дүниенің бес күншілік қызығы үшін Жаhаннамға айдадың өзіңді-өзің. Өзіңе лайық істі қылмадың ғой, Арты зиян екенін білмедің ғой. Сабырсыздық қылам деп отқа түстің, Хақ Расул бабамды еске алмадың ғой. Мұны айтып қолына алды зұлпықарын, Мінәжат қылды Хаққа қайғы-зарын. “Иә, Алла” деп ақырып араласып, Хауариждің қыра берді әскерлерін. Бұлайша жүрді жалғыз қырғын салып, Құдай берген қайратқа қайран қалып. Рас қатты қырғаны сол емес пе, Аттар жүр төрт аяғын қанға малып. Хауариждер қырғынға қалды батып, Қашып жүр қызыл қанды шалпылдатып. Жаман қатты қырылып қалды ләшкер, Жусаған қойдай болып жатып-жатып. Күн батқанша алты мыңды қырып салып, Аттан түсті қосына қайтып барып. Үстіндегі жараларын байлаттырып, Қосына түнеп шықты дамыл алып. Қосына түнеп шықты дамыл алып, Заман қалай болар деп қайғыланып. “Бір Тәңірге тапсырдым сені”, – дейді, Зейнелғабиден перзентін қасына алып. Тәніне жара түскен жеті жерден, Сонда да күш кеткен жоқ тақсыр ерден. Аллаға жалғыз ұлын тапсырады, “Бір тұқым қалғызғын, – деп, – Әли Шерден”. Сол күнде келген екен жеті жасқа, Қарамас сусадым деп сусын-асқа. Фатиманың нәсілінен жалғыз осы, Еркек тұқым қалған жоқ мұнан басқа. – Артымда қалсын жалғыз тұяғымыз, Шалғысы қанатымның қияғымыз. Зейнелғабиденді көрсетпе тірі жанға, Кетеді бұл өлген соң сияғымыз. Бақылдасты ұғылы, қыздарымен, Үмітін тағы үзіп өздерінен. һәрқайсыны бауырына бір-бір басып, Сүйеді ұл-қыздарының көздерінен. Ұл-қызы, жұфұтларымен амандасты, Төгісіп бәрі көзден қанды жасты. Енді майдан жеріне барайын деп, Атына мініп алды, қадам басты. Сәйід имам майданға келе жатыр, Хауарижден бөлінді қырық мың батыр. Төрт бөлініп төрт жаққа шығып алып, “Жабылып ұсталық” деп ойлады ақыл. Төрт бөлініп, төрт жақтан айғай салды, Ортада сәйід имам жалғыз қалды. Бұларды көріп атқа қамшы басып, Оңды-солды қылыштың астына алды. Күрзі ұрып, хауарижге қылыш шапты, Талайы жаhаннамнан орын тапты. Бұ күні түс қайтқанша ұрыс қылып, Төрт мыңды хауарижден қырып сапты. Дүниені тұман басып, шаң боп кетті, Ат басып жүрген жерлер қан боп кетті. Адасып көре алмады бірін-бірі, Адамы хауариждің таң боп кетті. Қараңғы болды дүние тозаң басып, Хауариждер қырды өзін-өзі басып. Қырылғанмен хауариж таусылмайды, Сәйідтен қуат кетті халі қашып. Халі қашып тәнінен кетті дәрмен, Сусыным бір қанса деп қылды арман. От жасылды боп кетті екі көзі, Жабысқан өне бойы қып-қызыл қан. Өне бойын қызыл қан кетті жауып, Жүре алмай тұрды атқа есі ауып. Бір орнынан қозғалмай тұрғаннан соң, Хауариждер тұс-тұстан келді шауып. Күрзі ұрып, жабылып найза салды, Аттан түсіп, сонда есінен танып қалды. Хайуан да болса жолдас жануары, Ат қасында қозғалмай тұрып қалды. һешкім батып қасына бара алмады, Аттың тағы үстінен ала алмады. Мылтықпенен жабылып атқылады, Түтінінен сәйідті көре алмады. Мылтықтың оғы кетті қардай жауып, Хұсайын сұлап жатыр есі ауып. Аты келіп аузынан иіскеп тұр, “Мінуге хал бар ма” деп ауық-ауық. Бір уақытта басын жерден жұлып алды, Үстіне бедеуінің мініп алды. Жанталасып атына мінсе дағы, Нысана адым жер бармай түсіп қалды. Ат шапқан соң жүре алмай түсіп қалды, Ат шығып сол бойымен қосқа барды. Ат босқа келгеннен соң қатындары Қара киіп, шаштарын жайып салды. Қатын-қыздар шулады зар жыласып, Бәрісін кетті қиқу, тұман басып. “Халіміз енді біздің не болады” деп, Мүсәпірлер ақылдан кетті адасып. Хауариждің сәйідке келді бәрі, Әскербасы Ғамиридің ләшкерлері. Шуылдайды “өңгеріп алып жүр” деп, “Өлтіреміз” деседі бағзылары. Шаймір залым қолына семсер алды, Басына Хұсайынның салып қалды. Хұсайын сонда айтты: “сөз тыңда!” деп, Шайміри “шапшаң айт!” деп құлақ салды. – Бір су бер, – дейді, – маған алып келіп, Саған қаным кетейін халал қылып. Махшар күні шапағат етейін мен, Ақыретке барайын шаhид болып. Шаймір айтты: – Енді сен сөйлемегін, Асла су береді деп ойламағын. Мен отырмын өзіңді өлтіргелі, Меніменен қалжыңдап ойнамағын. Сонда аяғын Хұсайын көтереді, Ол хауариж су берсе не етер еді?! Құдай несіп қылмай тұр жақсылықты, Су берсе оған шапағат етер еді. Қараса, су ағып тұр аяғынан, Келгенін біле алмады қай жағынан. Қардай суық, сүттей ақ, балдан тәтті, Көргізді хауариждің ақымағынан. Сәйід айтты: – Су бізге дәркер емес, Ей, малғұн, көргін, ислам білмес. Осындай қылмақ Тәңір уақыты еді, Шын пенде дүние үшін қайғы жемес. Сен өзің жан екенсің рақымың жоқ, Иншалла, шаhидпін, көңілім тоқ. Көкірегіңді көрсетші маған ашып, Көзіме көрінерсің қабандай боп. Көкірегіңді көрсетші маған ашып, Құдайдан қорықпай келдің қаhар шашып. Бабам айтқан нышаны рас па екен, Ажалдан құтылмаспын, сірә, қашып. Не бар деп көкірегін ашып тұрды, Ашқан соң сәйідзада бағып көрді. – Қатасыз шын айтыпсыз, тақсыр бабам, Айналайын, жан бабам, мұны, – дейді. Сонда Шаймір айтады: – Ей, Хұсайын, Ол сөзіңнің білдірші маған жайын. “Шын айтыпсыз” дегенің немене сөз, Мағынасын баян қылшы, есітейін. Сонда жауап сөйлейді сәйід оған: – Айтқан еді басында бабам маған, Ей, лағин, құлақ салып тыңдап тұрғыл, Айтайын жауабымды енді саған. Өлтіреді деп еді сені біреу, Қас болар жоқ нәрсені қылып іреу. Төсінде сегіз емшек, қара бауыр, Төрт көз ит сипатты боп келер дереу. Болар деп айтып еді себеп сонан, Басың тартпа деп еді келсе онан. Айнымай келіп тұрсың осы күнде, Айтқан сөзі Хақ Расул тақсыр бабам. Шаймір айтты: – Басыңды алам, – дейді, Басыңды алып хандарға барам, – дейді. Хаққа мойыныңды ұсынып, иманыңды айт, Басыңа енді қылыш салам, – дейді. Хұсайын жатты сонда оң жанымен, Шайміри бауыздады қанжарымен. Үшке шейін қанжары бір кеспеді, Қанжарын шапса дағы қаhарымен. Сәйід айтты: – Ей, Шаймір, дін дұшпаны, Етбетімнен әуелі жатқыз мені. Бұғағымнан сүйген еді Расул бабам, Діннен айдап шығарды шайтан сені. Бабам сүйген жерінен қылыш кеспес, Сендерге Алла Тағала рақым етпес. Желкемнен шап, қылышың өтсін десең, Басымды кесіп алсаң, кегің кетпес. Шаймір келді етбетінен салайын деп, Басын кесіп ол малғұн алайын деп. Қолынан сәйідтің кеп ұстағанда, Жатыр еді ақылынан танайын деп. Дүние тітіреп кетті, жер шайқалып, Періштелер жылады қайғыланып. Күн тұтылып, қараңғы болды дүние, “Бұ қалай” деп жұрт қорықты қайран қалып. Еңкейтіп, желкесінен шапты қылыш, Өлтіріп хауариждер тұрды тыныш. Су ақпай, жер шайқалып, күн тұтылды, Жер мен көк, тартты бәрі көп күйініш. Сәйідтің басын Шайміри кесіп алды, Шаhид болып сол жерде дүние салды. Басын кесіп Шайміри алып кетті, Өзге тәні сол жерде жатып қалды. Қалу инна ли-Ллаhи уа инна иләйhи ражиун. Аллаhу акбар! һәркімнің ауали Хұсайынға шапағатты, ғашық илә айтсын ол Йазидке лағынетті. Басын кескен жерінен төгілді қан, Жер айырылып, зар еңіреп, қылды фаған. “Құдай-а, бұ не қасірет, ғаламат” деп, Жер мен көк бәрі тітіреп, болды қайран. Ғаршы Күрсі жылады, Лаух Қалам, Жер мен көк арасында жүмлә ғалам. Жер күңіреніп, шайқалып, тұман басты, Жаhанда қайран болды барша адам. Қараңғы болды дүние тұман басып, Адамдар ақылынан кетті адасып. Жеті күндей дүниеден су ақпады, Жер-көк сонша күйінді қайғы басып. Сол арада бір тастан шықты бір қол, Шаймірді мойынынан ұстады сол. һешбір адам көрмеді қараңғымен, Сол жерде шынжырлаулы қалыпты ол. Бір мезгілде дүние жарық болды, Хауариждер сәйідтің қосына келді. Тірі қалған ұрғашы, өлген еркек, Бәрінің де киімін тонап алды. Сәйідтің өліп қалған бар жолдасын, Бәрінің де алады кесіп басын. Өліктің басын тегіс кескеннен соң, Әйелдері көзінен төкті жасын. Шәhарбан атты сәйідтің қатыны, Екі қызымен hәм тонап алды оны. Үммігүлсім, Зейнеп пен қарындасын, Тағы да тонап алды ол екеуін. Жүмлә әйел сол жерде жиырма бір, Риуаяттар баршасы осылай дер. Жиып алып баршасын қайтты әскер, Қуанғаннан қалмады көңілде кір. һәр басты бір найзаға шаншып алды, һәрқайсысын бір хауариж қолына алды. Әйелдерін түйеге мінгізіп ап, Куфаның шаhарына қайта салды. Хауарижде бар еді бір түйеші, Елуге келген еді оның жасы. Шаймір мен екеуі не болғанын Мен айтайын, жамағат, ал тыңдашы. Әскерден жалғыз өзі қалды лағин, Өліктерді тонамақ болды тағын. Жарар нәрсе бар ма деп қарап жүрді, Лағынет Алла әләйhим ажмағин. Жарар нәрсе бар болса, бәрін алды, Хұсайынның қасына жетіп барды. Өзге киім hәммасын алған екен, Жалғыз қалған ыштанға көзін салды. Өзге киім, бәрін де алған екен, Жалғыз ыштан бұтында қалған екен. Ыштанды әлгі малғұн алмақ болса, Оң қолымен ұстады бауын бекем. Хауариждің ұстады қолын тағы, Ыштанды ала алмады сыңар жағы. Сәйідтің оң қолын кесіп алды, Сол қолымен ұстады және тағы. Неткен ақымақ хауариж Құдай атқан, Басы жоқ, құр бөксе бұл өліп жатқан. Ыштанға сонша өшікпей кетсеші енді, Бұтында абыройын жалғыз жапқан. Әлгі малғұн сол қолын тағы кесті, Енді барып ыштанның бауын шешті. Шешейін деп ыштанға қол қойғанда, Ақырған есітеді бір дауысты. Жалт қараса, бір жігіт келе жатыр, – Оның не, – дейді, – ақымақ, малғұн, кәпір. Қорыққаннан бұғады бір кеудеге, Сасқанынан тұра алмай құлап жатыр. Бұғып жатып қарайды ол малғұн ит, Келді Хұсайын қасына әлгі жігіт. Ұзын бойлы, нұр жүзді, көк тоны бар, Басы жоқ кеудесінде жатыр сәйід. Ол жігіт келе жатыр қаhары қатты, Ол малғұн көрінбестен бұғып жатты. Құшақтап Хұсайынды алдына алып, Омырауын иіскеп көп жылапты. Жылады Хұсайынды алдына алып: – Мұндай күнге салды ма, Жаппар Халиқ. Қайран, бауырым, қор болып, қазаң жетті, Күйдірдің қайғыңменен отқа салып. Дүниеде мұратыңа жетпей кеттің, Осынша несін алдың малғұн иттің. Кербаланың шөлінде шаhид болып, Көрде жатқан бауырыңды зар еңіреттің. Құр кеудең мұнда жатыр, басың қайда, Алладан қазаң жетті мұндай жайда. Өлген соң рұқсат жоқ тірілуге, Жаныңа қылар едім біраз пайда. “Аһ, дариға” деп бауырына жылап тұрды, Көздерін қанды жасқа бұлап тұрды. “Алланың жазуына шара жоқ” деп, Зар еңіреп ғаріп жігіт қарап тұрды. – Жаннатта орның даяр, ол кәусары Ап келіп ішірүр саған хор қыздары. Махшарда шаhидтердің басшысы сіз, Саған ғашық хорлардың баршалары. Хауариждің орны тамұқ, білгін анық, Ішерсіз аб кәусар[дан] әбден қанып. “Қайран менің бауырым” деп зар жылады, Түйеші қарап тұрды қайран қалып. Бір патша тағы келді айғай салып, Зарлайды Хұсайынды алдына алып. Кесілген қолын басыменен көріп, Ол адам ақылынан кетті танып. – Перзентім, мұндай күйге нағып түстің, Қайғысы өтті маған мынау істің. Жалаңаш, қолың, басың кесілгесін, Өртенбей не қылайын, отқа түстім. Ғаріп болып өлдің бе, асыл қозым, Шөлдегенде төрт болды-ау екі көзің. Сол уақытта Құдайым жібермеді, Жанымды өртеп күйдірді айтқан сөзің. Қарағым, шөлдеген соң кетті шамаң, Зұлпықармен қырар ем бәрін тамам, Бар Құдай рұқсат беріп сол уақытта Бұ жерге келе қалса ғаріп бабаң. Қайтейін, Құдай салды, амалым жоқ, Бұрынғы тірліктей заманым жоқ. Дүниеде мұратыңа жетпей өлдің, Жалғыз-ақ ғарасатта көңіліме тоқ. Қолдарыңды кім кесті сенің, – дейді, Үстіңнен кім тонады тоның? – дейді. Мұндай қорлық кім қылды айтшы маған, Жазасын мен берейін оның, – дейді. – Мұны қылған хауариж насыр, – дейді, Жазасын сіз беріңіз ақыр, – дейді. Кесіп еді қолымды, киім тонап, Ол ақымақ анау жерде жатыр, – дейді. Шаһимардан хауарижді ұстап алды, Жанына неше түрлі қинау салды. Қаhарын тақсыр ердің көргеннен соң, Сөйлейтін ол хауариж тілден қалды. – Ұлымды неге мұндай қылдың, – дейді, Шыдамай күйгенімнен келдім, – дейді. Дініңді дүние үшін өзің саттың, Бір доңыз, мұрдар лағин болғын, – дейді. Суреті сол арада доңыз болды, Білмеді барар жолын оңды-солды. Құдайымның лағынеті тигеннен соң, Өзіне-өзі ол малғұн лағынет дейді. Жүр дейді осы күнде әлі өлмей, Шөлдеген соң жүруге халі келмей. Бетін жауып кекілі салбырап жүр, Қарайып жүр не екенін адам білмей. Уәйіс деген әулие “көрдім” дейді, – Кекілін ашып, бет-аузын көрдім, – дейді. Сипаты доңызға ұқсап келген екен, Бір түкіріп лағынетін бердім, – дейді. Доңызға ұқсап кетіпті оның жүзі, Осылай риуаяттар айтқан сөзі. Бір ит болып кетіпті Шаймір малғұн, Білмейді екеуі де өзін-өзі. Шаhидтер берді Хаққа ғазиз жанын, Кетірді хауариждер оның сәнін. Киімін тонап тастап, жалаңаштап, Айтайын сонан кейін не болғанын. Түн болса нұр түседі әлгі жерге, Хұсайынмен бірге өлген шаhидтерге. Сыртынан көрген ойлайды “өрт жанған” деп, Жарығы кетуші еді күндік жерге. Елу күн бұл арада өтті дейді, Түн болса нұр жарқырап кетті дейді. “Не қылған жарық екен, білелік” деп, Бірталай адам соған кепті дейді. Қараса, өліп жатыр бірталай жан, Хұсайын нұры бөлек өзгесінен. Өзгелері “мынаның қолы ғой” деп, Ойласты тақсыр ердің денесінен. Өзгесін көмді қазып бір-ақ жерге, Таң қалды “патша ғой” деп Хұсайын ерге. Тақсырдың өзін жалғыз, бөлек көмді, Білмейді кім екенін пәлен дерге. Хауариждер бастарын алып кетті, “Дұшпанды мұқаттық” деп қуаныш етті. һәр найзаға шаншып ап һәрбір басты, Куфаның шаhарына келіп жетті. Ғамири залым үйі екен жолға жақын, Хауариж ойламады Тәңір хақын. Сәйідтің басын ап келді өз үйіне, Жоғары жерге қойды байғұс қатын. Қатыны мүмін еді ықыласты, – Ей, Ғамири, неге кестің мұнша басты?! Сұрады: не қылды деп бұлар саған, Мұны айтып ағызады көзден жасты. Ғамири айтты: – Патшаға дұшпан болған, Өздерін көп ләшкермен жолға салған. Мынау бас – патшасының басы, – дейді, Өлтіріп біздің ләшкер кесіп алған. Мұны айтып төсегіне жатты барып, Біраз ояу отырды қатын ғаріп. Қараңғы нұрға толып үйдің іші, Бір уақытта күндізгідей болды жарық. Бірталай келді қатын жүзі айдай, Толықсып келіп жатыр сары майдай. Қолына басты алып кезек-кезек, Шуылдап “перзентім” деп салды ойбай. Баршасы “перзентім” деп зар жыласты, Төгісіп көздерінен қанды жасты. Бірі сүйіп бетінен, бірі көзін, Құшақтап жылап жатыр әлгі басты. Ішінде бір қатын бар шыққан күндей, Сол айтты: – Нағып болдың, балам, мұндай? Өлтіргендей бұ елге не қылып ең, Жиhанда жан бар ма екен болған сендей?! Басың мұнда әкеліпті, төгіп қаның, Қиналды шөлдегенде ғазиз жаның. Басыңды көрейін деп келіп едім, Қай жерде қалды, балам, өзге тәнің? Аh, дариға, дүниеде кім өлмейді, Ажал келсе һеш адам бөгелмейді. Өртеді жүрегімді қылған зарың, Махшарда саған һешкім тең келмейді. Перзентім, дақ тимей-ақ жүруші едің, Бұ сапар жан көрмеген қорлық көрдің. Бабаң көшіп кеткен соң бұ дүниеден, Ғаріп боп хауарижге басың бердің. Заманы жоқ бұ күнде Әли шердің, Қайғырды екі арасы аспан-жердің. Мың ләшкер бір кісідей көрінбейтін, Дене жоқ, басы жатыр қайран ердің. Бір қатын осылайша деп жылады, Аh ұрып қайғыменен көп жылады. “Қайтейін, Құдай ісі, амалым жоқ”, Қасындағы әйелдер бек жылады. Ол қатындар бұ басты ортаға алды, Қатыны Ғамиридің көзін салды. “Сипатына қараса ай мен күндей, Бұ не қылған адам” деп, қайран қалды. Ол қатын қайран қалып тұрды бағып, Көңілі елжіреп, көзінен жасы ағып. – Кімсіздер, бұ бас тағы кімдікі? деп, Сұрады, – Келдіңіздер,– деп, – мұнда нағып? – Бұ үйге бұ уақытта келдіңіздер, Көп зарлық бұ бас үшін қылдыңыздар. Хормысыз, адамбысыз, перімісіз, Бұ басты кімдікі деп білдіңіздер? Біреуі айтты: – Сұрасаң, айталық біз, Құлақ салып сөзімді есітсеңіз. Мынау тұрған – Хадиша, Айша, – дейді, Мынау тұрған – бұрынғы Мәриям қыз. Мынау тұрған – Фатима, Зейнеп, – дейді, Бейіште жүруші едік ойнап, – дейді. Шаhариарлар, сахабаның қатындары, Бұ бас келді біздерді айдап, – дейді. Мынау жатқан – Хұсайынның басы, – дейді, Көзден аққан қызыл қан жасы, – дейді. Хауариждер қас болып шаhид қылып, Біздердің келгеніміз осы, – дейді. Ол басқа миск ғанбари шашты дәрі, Мұны естіп ол қатын қылды зары. Түн ортасы болғанша жылап-жылап, Онан соң ғайып болды баршалары. Ол қатын Хұсайынның алды басын, Тарады сақал-мұртын, шаш пен қасын. Құшақтап алдына алып баласындай, Көзінің таң атқанша төкті жасын. Қатын айтты: – Ей, Ғамири, бұ бастарың Ағызып неге кестің көз жастарын. Мынау бас – Пайғамбардың перзенті екен, Бірін қоймай қырдың ба жолдастарын? Өлтіріпсің Пайғамбардың жұрағатын, Мұнафиқ, маған тиер кесапатың. Махшарда жүзің қара болар сенің, Болмаймын енді тіпті саған қатын. Хұсайынды өлтіріп, болдың залым, Бұ істен дінсіздігің болды мәлім. Бес күндік дүние үшін дінің саттың, Саған қатын болуға келмейді әлім. Мұны айтып үйден шығып жүре берді, Қатын үйден шыққанын Ғамири көрді. Қуа шығып қараса ол қатынын, Қайда кетіп қалғанын біле алмады. Онан көшіп Куфаға жақын келді, һәр найзаға шаншылған басты көрді. Біреуі Ғұбайдоллаға “сүйінші” деп, “Ей, тақсыр, мұқаттық, – дер, – дұшпан елді”. Хауариждер қуанышты болды сонда, Көңілі бұ дүниеге толды сонда. Бар қалған әскерімен Ғамири залым Ғұбайдолла ханына келді сонда. Шаншып ап, һәр найзаға һәрбір басты, Ағызып көздерінен қанды жасты. Сәйідтің жесір қылып әйелдерін, Әкелді қатын-қыз бен қарындасын. Ғамири хан алдына отырдылар, Мақсатын өздерінің бітірділер. Сәйід басын бір алтын табаққа сап, Алдына Ғұбайдолланың келтірділер. Сәйідтің басын Ғұбайдолла қолына алды, Гүл жүзі солған екен, қайран қалды. “Қалайша қып өлтіріп ап келдің” деп, Тізесінің үстіне басын салды. Ғамири залым ханына құлдық қылды, Алдына жиып алды тамам елді. Кербаланың шөлінде не қылғанын Ғамири залым ханына айтады енді. – Ей, тақсыр, мұнан шығып бардық, – дейді, Болған соң, тақсыр, сізден жарлық, – дейді. Әуелі Мүслім ұғлы майданға кеп, Біздерге қатты қылды тарлық, – дейді. Көрмедік, тақсыр, ондай ерді, – дейді, Қызыл қанға бояды жерді, – дейді. Шөлдеген соң қосына қайтып барып, Сол жерде жанын өзі берді, – дейді. Онан соң Хора кетті бізден қашып, Хұсайынға жолдас болды жаны ашып. Қисабы жоқ әскерді қатты қырды, О да өлді, жүрген екен қаны тасып. Жағыпарұғлы һәм Хасен ұғылдарын, Ерлігі мен сөйледі пиғылдарын. Қисабы жоқ балуандарды солар қырды, Айтады сусағанда қылған зарын. Келіп Аббас батырдың су алғанын, Жалғыз өзі ләшкерге ат салғанын. Қисапсыз адамдарды қатты қырып, Ақырында су ішпей құр қалғанын. Тағы Қасым батырдың қылған ісін, Бітпеген һеш пендеге ондай пішін. Бірін қоймай сөйледі Ғамири залым, “Кестік, – деп, – ақырында оның басын”. һәм Хұсайын ғазының балаларын, Нұр сипатты, ақылды даналарын. – Шөлдеп жүріп, әй, тақсыр, ерлік қылды, Су ішкенде көрмедік шамаларын. Айырылды сөйтіп жүріп жолдасынан, Су берсек ала алмас ек ол басынан. – Шөлдеп қатын-баласы шуылдады, Жылаған қан ақтылар көз жасынан. Хұсайын жолдасы өліп жалғыз қалды, Ләшкерге екі күндей қырғын салды. Мұндай балуан дүниеде көре алмадық, Шөлдеп жүріп талайдың басын алды. Жіберді көп ләшкерді отқа жағып, Қайраты сыйып жүрген ішке нағып. Хұсайынның сөзіне келгенінде, Тізесіне қан тамды бастан ағып. Оқ тигендей киімнен өтіп кетті, Тоқтамастан санына барып жетті. Еті шіри бастады тиген жердің, Болар ма деп һәр түрлі дәрі етті. һешбір дауа болмады қылған дәрі, Денесіне жайылды оның зәрі. Тұла бойы сасыды ісіп-кеуіп, Жаны шықты, тәнінің шіріп бәрі. Сонан соң көрге көмді алып барып, Тағы шықты далаға жерді жарып. Қайта көміп қояды тас бекітіп, Тағы кетті далаға көрден қарғып. Сонан соң таластырып итке берді, Өлтірткен жазасы деп асыл ерді. Арамсынып көмген жерге лақтырды, Өзінің қылған ісі нелер еді?! Куфаның кеңес қылды адамдары, Бұлардың естілмесін қылған зары. Мұнда тұрса шаhарды ойран қылар, Қорықты оны көріп баршалары. Ғамириге сүннилер айтады сөз: – Бұ басты сіздер кесіп ап келдіңіз. Жесірлердің көрсетпе жылағанын, Йазидке тезірек енді апарыңыз. “Мақұл” деп бұлар алып жүрді дейді, Қасына көп әскерлер ерді дейді. Орта жолда бір жүһүд бай бар еді, Қонаға сол жүһүдке келді дейді. Жүһүдке қонды бәрі қонақ болып, Сәйідтің басын үйге берді қойып. “Бастарды біреу алып шықпасын” деп, Кәрі жүһүд отырды күзет қылып. Ол жүһүд күзет қылып отырады, Бірталай әлгі жүһүд кеп көреді. Үйдің іші жарық боп күндізгідей, Көп адам кіріп келіп тік тұрады. Кезек-кезек сәйідтің басын алды, Басты алып баршасы көп зарланды. Басты алып бұлардың жылағанын, Жүһүд көріп бұларға қайран қалды. Жүһүд көріп бұларға аң-таң қалды, Олардың зарларына құлақ салды. Зарына бойы балқып есі кетіп, Олармен сөз сөйлесіп жауап алды. – Әй, адамдар, сөйлегін, бірің, – дейді, Жаннан бөлек көрінер түрің, – дейді. Мынау бас кімнің басы, сіздер кімсіз, Маған баян қылыңыз, сырың, – дейді. Әбубәкір қарияға берді жауап: – Ей, байғұсым, бірталай таптың сауап, Ол – Мұхаммед пайғамбар нұрлы жүзі, Көрдің бе, барша жандар қылды тәуап. Сұрасаң, Адам ата – анау тұрған, Әне – Ысмайыл, әне – Ыбраһым қылған құрбан. Бірі – Нұх, бірі – Мұса, бірі – Иса, Баршалары бұл іске мойын бұрған. Лұқпан – анау тұрған кәрі, – дейді, Шиш нәби, Дәуіт, Сүлеймен бәрі, – дейді. Ысқақ, Жақып, Жүсіп пен һәм Ілияс, Бұ келген пайғамбардың бәрі, – дейді. Айтайын қайсыбірін, бәрін тамам, Санап айтып айтуға келмес шамам. Сап-сап болып тұрғандар – періштелер, Бұ үйге айдап келді Алла Тағалам. Әнбие, әулиелер өткен бұрын, Бұлардың көрдіңіз бе артық нұрын. Бәрі де бір Құдайдың достылары, Бейіштен өлгеннен соң алған орын. Анау-дүр ләулік тәжін киген, – дейді, Сарғайып үмбет үшін күйген, – дейді. Ата-ана hәм перзент, мал мен мүлкін, Пида қып жалғыз үмбет сүйген, – дейді. Мұхаммед – ақырзаман Пайғамбары, Бұған тәуап қылады жанның бәрі. Қызының баласының басы мынау, Біз – оның қасындағы шаhариары. Қахаф ұлы Әбубәкір, – дейді, – мені, Бастады бір нәрсеге Тәңірім сені. Хауариждер өлтірген шаhид қылып, Ерүшті бір Құдайға ғазиз жаны. Есітіп бұ сөздерді енді білді, Әбубәкір айтқан соң көңілі тынды. – Ей, тақсыр, маған иман үйретіңіз, Қаладым мұсылмандық, ислам дінді. Сонда иман үйретті Әбубәкір, Көңіліне иман орнап әлгі пақыр. Кәлима шаhадатты жары қылып, “Күнәмді кеш” деп Құдайға жылап жатыр. Ағызды шын ықыласпен көздің жасын, Хұсайынның мүбәрак жуды басын. Бір алтын легенге сап, жақсы істеп, Отырды сақал-мұртын, тарап қасын. Отырды таң атқанша ізет қылып, Бір уақытта таң атты жарық болып. Көргенін бастан-аяқ бәрін айтып, Ғамириге басты берді алып келіп. Тағы көшіп Халаф шаhарына келді олар, Сұрасып шаhар халқы білді олар. Найзадағы Хұсайынның басын танып, Ішіндегі мұсылман қылады зар. Сонда ләшкер бір жерге қонып жатты, Шәhарбан жүкті екен, ұғыл тапты. “Мұхсин” қойды аттарын ол баланың, Бір күн тұрып ол бала дүние салды. Онан көшіп Димашыққа келді жетіп, Хауариждер жүр сонда қуаныш етіп. Көзінен қан ағызып мұсылмандар Жылайды, басты көріп шу-шу етіп. Димашықтың шаhарына келді олар, Йазидке “сүйінші” деп берді хабар. Мұны естіп қуанып Йазид дінсіз, Кернейлетіп алдынан шықты олар. Сәйідтің қатын-қызы, қарындасы, Жалаң аяқ, киім жоқ, жалаң басы. Өлмеген соң келділер шыбын жаны, Көздерінен қып-қызыл аққан жасы. Йазидтің жаман-жаман айтқан сөзі, Құтырғандай алақтап екі көзі. Дүниені жалғыз қолмен ұстағандай, Көрінді Йазид лағин өзіне-өзі. Хауариждер қарайды қайран қалып, Түйе мінген жесірге көзін салып. Мұсылмандар бұларды көрген шақта, Адасып ақылынан кетті талып. Йазидтің сарайына ап келділер, Әйелдерді бір үйге ендірділер. Қайназар Ғамиримен екі залым Йазидтің алдына кеп бас ұрдылар. Бір жігіт Рұм қайсардан келген екен, Елші боп Йазидке хат берген екен. Найзаға шаншып келген басты қарап Таныды, Хұсайынды көрген екен. Ол жігіт шаh Йазидке айтты сөзін, Жасартып қайғыменен екі көзін. – Жесірлер кім ап келген, бас кімдікі, Мұсылман дінін тұттым дейсің өзің? Әй, Йазид, өзіңізді кім жаратты, Дінің не, Пайғамбарың кім? – деп айтты. Пайғамбарыңа оқ атып, қылыш шауып, Мәз болып қуанасың жаман қатты. Мен жасымда саудамен жүрдім, – дейді, Керуен боп һәр шаhарға кірдім, – дейді. Сауда қылып Мәдине шаhарына кеп, Патшасы кім-дүр? деп сұрадым, – дейді. Сонда айтты: – Мұхаммед – мұның ханы, Пайғамбарлар хатымы ол, сұлтаны. Екі дүние патшасы Расул Алла, Құдайдан тілегені – үмбет жаны. Алдына есігінің барып тұрдым, Кіруге өз алдына рұқсат сұрадым. “Кір” деді, үйге кірдім қол қусырып, Отырып патшасының жүзін көрдім. Келдім, – дедім, – бір арыз айтайын деп, Зекет беріп патшаға қайтайын деп. Рұқсатнама хат алып қолыңыздан, Біраз күн сауда қылып байқайын деп. Жүзіне тұрдым сонда қарай алмай, Айтуға өзге көп сөз жарай алмай. Нұрына масты болып тіке тұрдым, Қайырып басқа сөзін сұрай алмай. Сөйледі сонда маған: – Ғарібім-ай, Қылармын, – деді, – балам, көңілің жай. Әуелі бір Аллаға нанғын, – деді, Айтқан сөзін тыңдасам шекер-балдай. Ғарібім, мына жерге отыр, – деді, Көңіліңе иман нұрын толтыр, – деді. Мен Құдайдың Расулы, Пайғамбармын, Тілімді алсаң иманды келтір, – деді. Ей, балам, иман келтір жалғыз Хаққа, Жаннат – харам мүшрік пен мұнафиққа. Мүмін болып дүниеден өткен жандар Жаннатта отырады алтын тақта. Сөздері құлағыма балдай тиді, Жүрегім қақ жарылып ішім күйді. Алдында иман айтып дінге кірдім, Маған айтты: – Сені, балам, Құдай сүйді. Аз насихат айтайын – деді, – саған, Намаз оқы, рузе тұт – деді маған. Сол уақытта жиырмаға келген едім, Қажы қыл – деді, – бір мәртебе, келсе шамаң. Сонда біреу есік қақты тыста тұрып, Хақ Расул “келгін” деді рұқсат беріп. Әдеппен сәлем беріп, қол қусырып, Бір-екі шаhизада келді кіріп. Есікте тіке тұрды кіргеннен соң, Құп сәлем әдеппен бергеннен соң. Сұлулығы Жүсіптей екі бала, Шақырды Хақ Расулым көргеннен соң. Екеуіне орын қылды екі тізесін, Кезек-кезек жүзіне қойды жүзін. Кезек-кезек екеуін құшақтайды, Сипады екеуінің басы-көзін. “Перзентім, – деді – менім жігер-күшім, Артымда қалатұғын қайрат-күшім. Жұрағатым, нәсілім, перзентім” деп, Пайғамбар айтқанында кетті есім. Мен танысам, осы бас – соның басы, Көзінен аққан қалай қанды жасы. Үмбетпіз деп айтасыз Пайғамбарға, Үмбеті емес екенсіз, діннің қасы. Өлтірдің асылзатын нағып қиып, Көрген соң жанып кеттім, ішім күйіп. Қылған ісің шайтаннан жаманырақ, Айтпасам болмай кетті, ішке сыйып. Йазид сонда бұ сөзге ашуланды, Шыдамай ашуынан оттай жанды. Жендеттерге өлтіртті қылыштатып, Мұны көрген мұсылман есі танды. Бір жүһүд ол сарайға келіп кірді, Зар жылаған қыздарды көзі көрді. – Не себептен жылайды бұ қыздар? – деп, Йазидтен әлгі жүһүд жауап сұрды. Йазид айтты: – Бар еді бір дұшпаным, Ол жеңсе ішер еді менің қаным. Мұнда келе жатқанда қарсы шықты Алдынан көп ләшкермен балуаным. Мына жатқан дұшпаның – соның басы, Қатын-қызы, жесірлер, қарындасы. Өздерінде қалмады бір еркегі, Сол себептен ағады көзінің жасы. Ол жүһүд сонда білді Хұсайынды, – Ей, патша, қалайсыңыз қайсы дінді, Қылғаның мұсылманға ұқсамайды, Пайғамбар деп айтасыз енді кімді? Пайғамбардың дінінде өзің, – дейді, Тіпті жаман қарасам сөзің, – дейді. Адамнан бері өтіпті қырық үш ата, Бір сөйлейтін келіп тұр кезім, – дейді. Мұқаттың, ислам діннің болдың жауы, Дін исламның шыдай ма бұған жаны? Жүһүд құрлы болмады қылған ісің, Бетіңнің жоқ екен ғой биттей ары. Ғаламның Расул Алла ханы, – дейді, Өткелі қырық жыл жоқ қой әлі, – дейді. Шапағат тілеймісің Пайғамбардан, Сіздерде мұсылмандық, қані, – дейді. Мен – жүһүд, басты көріп күйді ішім, Жанын пида қылғандай көрсе түсін. Дүниеде ұқсатпасын саған Құдай, Барабар шайтанменен қылған ісің. Мұны айтып көзінің төкті жасын, “Аh, дүние, опаң жоқ” деп, шайқап басын. Сол жерде мұсылман боп иман айтты, Қараңыз, бір Құдайың жарылқасын. Ол байғұс мұсылман боп иман айтты, Көңіліне иман орнап жылап жатты. “Осынша жаның неге ашиды?” деп, Ашуланып қылышпен шапқылатты. Оны Йазид өлтіртіп қаhарланды, – Тік сөйлесе қойман, – деп, – тірі жанды. Ұғылын Хұсайынның алып кел” деп, Шақырып Зейнелғабиденді қасына алды. Йазидке шақырған соң келді бала, Жас та болса ақылға еді дана. Мұсылмандар қорықты өлтірер деп, “Иә, Алла, болғайсың, – деп, – өзің пана”. Сол уақытта Зейнелғабиден жеті жаста, Еркек тұқым қалған жоқ онан басқа. Йазидке айтты: – Шақырдың мені неге, Ұқсаған жан екенсің қара тасқа. Йазид айтты: – Сөйлегіл, қане, балам, Ойлашы, қайда кетті ата-бабаң?! Патша болам деп еді елге атаң, Хан болуға келмейді сенің шамаң. Бұ күнде айтқан сөзің болды жалған, Болмады атаң ісі көңілге алған. Атаңның мынау жатқан басын көргіл, Мақтанып хан болам деп дүние салған. Зейнелғабиден сөйледі сонда жауап: – Қылдым деп отырмысың үлкен сауап. Бұ дүниеге мақтанып ақымақ болып, Сөйлеме мұндай сөзді, әй, найынсап. Мақтан қылып сөйлейсің малыңызды, Шаhид болып Хаққа бердік жанымызды. Күнәһсіз мұндай жапа қылдың бізге, Көрермін қиямет күні халіңізді. Бізден өлген – шаhид боп жаннат барды, Сізден өлген – көреді тамұқ-нарды. Пайғамбардың нәсіліне қастық қылып, Қылған ісің шайтанмен барабар-ды. Баланың мына сөзі тиді қатты, Ашуланып жендетке “кел” деп айтты. “Тілін менен тартпады, өлтір жылдам!” Жендеттер ап жөнелді асыл затты. Үммігүлсім жендетке барды жетіп, Көргендер тұра қалды тағзым етіп. – Күнәһын бұ баланың айтшы маған, Қай жаққа барасыңдар алып кетіп? – Сұрасаңыз, айталық, – дейді, – сізге, Жас бала түк қылған жоқ тіпті бізге. Патшамыз дарға ас деп әмір қылды, Сұрасаңыз береді өзіңізге. Үммігүлсім сөйледі сонда зарлап: – Ей, Йазид, іс қылсаңшы түбін ойлап. “Пайғамбардың тұқымын құртқыл” деп, Құдайым тудырған ба сені арнап? Бәдпиғыл неткен жансың залым, – дейді, Жас балаға жетті ме әлің, – дейді. Қылған ісің аз еді мұнан бұрын, Бір болар ақыретте мәлім, – дейді. Бұ күнде патша болдың мұсылманға, Әділетсіз боядың қызыл қанға. Осы ісің мақұл ма өз көңіліңе, Насихат айтатұғын өзің жанға. Татып едің Расулдың тұзын, – дейді, Естіп едік насихат сөзін, – дейді. Жеті жасар тұқымын өлтіруге Қияды нағып сенің көзің, – дейді. Хан болған мұсылманға, бегім Йазид, Рақымсыз мәжуси ма тегің, Йазид. Әулетін Пайғамбардың құртамын деп, Көңіліңнен кеткен жоқ па кегің, Йазид. Бұ дүние баяны жоқ, әлі-ақ өтер, Тәж-тақыт, мал-мүлкің бәрі кетер. Ақыретті бұ күнде ойламадың, Пұшайман өз басыңа сонда жетер. Хауариждер естіді мына сөзін, Мұсылмандар жас қылды екі көзін. Халайықтың бәрі де шуылдайды, “Ей, тақсыр, ойлашы, – деп, – мұны өзің”. Шекер-балдай шығады айтқан сөзі, Бір данышпан жан екен мұның өзі. “Әй, тақсыр” деп жалынды жанның бәрі, Беретін бұ ашуды келді кезі. Йазид айтты: – Ашуды бердім, – дейді, Бергенді бәрің жақсы көрдің, – дейді. Не тілегің бар болса, тағы сұра, Сөзіңді, балам, қабыл көрдім, – дейді. Бала айтты: – Көзімнің көрсең жасын, Атамның өз қолыма бергіл басын. Үстіне киім кигіз һәм азат қыл, Атамның қатын,қызы, қарындасын. – Ей, балам, шер қылмағыл жүрегіңді, Үшке дейін берейін тілегіңді. Бұ сөзіңнің бәрін де қабыл қылдым, Тағы сұра, бар болса, керегіңді. Бала айтты: – Тілегімді қабыл көрсең, Разымын бір жолы тіліме ерсең. Мінберіне бір шығып Хақ Расулдың, Жұмада хұтпа оқуға рұқсат берсең. Йазид айтты: – Арызыңды қылдым қабыл, Хатирыңды қош қылғыл, болма малул. Бейсенбі күн айтысты осы сөзді, Екеуі уағдаласып алысты қол. Түнде жатып, таң атып болды жарық, Муәзин азан айтып тұрды барып. Жұма намаз сүннетін оқыған соң, “Уағдаң қане” дейді бала ғаріп. Йазидтің уәзірі бар Маруан атты, Өзі залым кісі еді, кесапатты. Сонда Маруан Йазидке көзін қысты, Талайға қылған еді ғаламатты. Сонда Йазид ойлайды “бұ қалай?” деп, Үндемей менмендік көңіліне кеп. Маруанменен екеуі жас баланы Мінберге шығаруға көрмеді еп. Йазид, Маруан мешітке келді дейді, Баланың айтқан сөзін білді дейді. “Мінберге шықпай оқы хұтпаны” деп, Жауапты Йазид сонда берді дейді. Зейнелғабиден тұрады оттай жайнап, Ішінде қайғы-қасірет жатыр қайнап. Әуелі “Таухидті” айтып бір Құдайдан, Хұтпа оқып бұлбұлдайын тұрды сайрап. Андан соң Хақ Расулды қылды баян, Мақтап Расул сипатын айтты аян. Пайғамбарды жоқтады осы жерде, Онан соң шаhариарды етті пайам. Онан соң Хұсайынның айтты сөзін, Жасартып қайғыменен екі көзін. Кербаланы сөйледі жылап тұрып, Жиылған халайыққа білдірді өзін. Йазид айтты: – Уақыты қалды ғой аз, Бұ бала хұтпа оқымай, сөйлейді наз. Андан соң муазині қамат айтып, Жамағат сапқа кіріп қылды намаз. Сүннилер үлкен-кіші, кәрі-жасы Мешіттен шықты, көзден ағып жасы. Кеңестілер “бір сойқан қылайық” деп, Йазид лағин екен, – деп, – діннің қасы. Мынау іске шыдаймыз,– дейді, – нағып, Біздерге патша болып тұрған бағып. Хұсайынды өлтірген бұ ақымақты Ұстап алып жіберелік отқа жағып”. Ішінде бұ уәдені тұрды сақтап, Патшаның жүрмек болды ойын жақтап. Сол уақытта Құдайдың құдіретімен Бір бұлт қараңғы боп кетті қаптап. Қараңғыдан һеш адам жүре алмады, Тұрғандар бірін-бірі көре алмады. “Болды ма екен, – деп айтты, – қиямет күн”, Жел соққанда һеш нәрсе тұра алмады. Күндізгі күн қараңғы түндей болды, Тас-топырақ аспанға ұшып жүндей болды. Жаңбыр-бұршақ аспаннан қатты жауып, Бірін-бірі көрместей күндер болды. Соғып тұр жауындатып бір қатты жел, Таудан ағып шаhарды қаптады сел. Шаhардың қақ жарымы суға батып, Үй бұзылып, суға ақты бірталай ел. “Бір пәле келді, – десті, – бір Құдайдан, Сол себептен болдық, – деп, – зар-гөриан”. Шаhар халқы қорқысты жаман қатты, Бұл іске Йазид жылап, болды қайран. Маруан айтты Йазидке: – Ханым, – деді, Шумлығын білдіңіз бе оның, – деді. Ол баланы шығарғыл бұ шаhардан, Мұнда тұрса төгеді қаның, – деді. Құтылмай ол баладан, сірә, болмас, Бұ жерде бала тұрса көңілім тынбас. Бұ шаhарды бүлдірер осы бала, Өлтірмей екеуімізді тірі қоймас. Жетінші күн ол Йазид шақырды елін, Маруанның қабыл қылып айтқан тілін. – Қай шаhарда тұрасың, балам, – дейді, Қалаған шаhарыңа жіберемін. Тілегің болса айтқыл маған, – дейді, Бәрін тауып берейін саған, – дейді. Бала айтты: – Мал-дүние керек емес, Сөйлеме алдап сөзді, надан, – дейді. Құддыс деген шаhарға жібер бізді, Басалық сонда барып көңілімізді. Йазид айтты: – Сөзіңді қабыл қылдым, Әзірлеп жіберемін, – дейді, – сізді. Бала айтты: – Тілегім бар-дүр менің, Берем деген сөзің бар, Йазид, сенің. Мінберде Хақ Расулдың басқан орнын Бір шықсам бітер еді көңілім менің. Жұмада мінбер күтейін мен, Хақ Расулға бір дұға етейін мен. Бір мәртебе хұтпа оқып сол мінберде, Сонан соң өз жолыма кетейін мен. Йазид айтты: – Қабыл қылдым бұ қажетің, Естілік мінбердегі мінәжатың. “Мақұл” деп, уәде қылып қойды тағы, Қарап тұр бұ баланың кереметін. Бар еді бір саудагер қожа затты, Сол күні бұ шаhарға қонып жатты. Бай еді дәулеті асқан бұ жиhанда, Хұсайынды естіп көп жылапты. Бұл дағы шөбере еді Әли шерге, Саудамен барып кепті талай жерге. Жабағат деген ұғыл немересі, Бір Алла әбүйір берсін ошал ерге. Төрт жүз құлы бар еді, бәрі балуан, Ат-түйесі, мал-мүлкі дүниені алған. Хұсайынның өлгенін естіген соң, Бір уақта жылап жатып ұйықтап қалған. Сол қожа түс көреді ұйықтап жатып, Қиямет күні болыпты таңы атып. Неше түрлі ғаламат бәрін көріп, Байғұс қожа қызыққа жүрді батып. Құрылған таразы мен Сират көпір, Неше адамды қуып жүр опыр-топыр. Бірнеше адам қуанып көңілі тасып, Бірнеше адам қайғырып жылап отыр. Бірнешені барады бейішке алып, Бірнешені айдап жүр жолға салып. Бірнешенің қолына кітап беріп, Оқып жатыр намазын қайран қалып. Кейбірінің мойнына шынжыр тағып, Жіберді зар еңіретіп отқа жағып. Кейбіреу – хале киген жүзі айдай, Бұларға қайран қалып, тұрды бағып. Ішінде бір адам жүр жүзі көркем, һәркімге шапағат қып жүрген екен. Таниды Хақ Расулды көргеннен соң, Ойлайды “соған таман жетсем екен”. Кісі жоқ онан шапағат сұрамаған, Оңбай жүр Пайғамбарым қарамаған. Дауысын кей адамның естімейді, Ол адам үмбеттікке жарамаған. Түсінде Пайғамбарға келді жақын, “Иә, Расул, қыл, – дейді, – шапағатың. Мен ғаріп үмбетің” деп жыласады, Асылы, бір естімеді мінәжатын. Бұ байғұс онан жаман жылады көп, Шапағатты не пиғылымнан қылмадың деп. Хақ Расул қарамады зарланса да, Қожа жылап сөйлейді, уайым жеп. – Сөзімді менің айтқан білмедіңіз, Көзіңе мен ғаріпті ілмедіңіз. Күнәһыма тәубе қылсам болар ма екен, Шапағат не себептен қылмадыңыз? Білмеген ісім болса, еске салсаң, Күнәһым кешірер ме тәубе қылсам. Жарамайтын пиғылымды айтып маған, Болмаса шапағат қып қолымды алсаң. Қожаның сонда естіді айтқан сөзін, Жауап айтып, қожаға бұрды жүзін. – Сол себепті сөзіңді тыңдамадым, Өлгенін Хұсайынның көрді көзің. Хұсайын – көзім нұры, жігер-күшім, Перзентім, артымдағы сүйенішім. Үмбетпін деп сұрайсың шапағатты, Лайық па үмбеттікке қылған ісің? Қасыңда төрт жүз балуан құлдарың бар, Мешітте Зейнелғабиден жылап тұрар. Йазид алдап, пиада ғаріп боп жүр, Бар дағы ол залымнан оны құтқар. Үмбет болсаң, басыңды көтер, – дейді, Қызметіңді маған қылсаң, жетер, – дейді. Құтқармай перзентімді ол залымнан, Шапағат сұрағаның бекер, – дейді. Расулдан бұ сөзді естіп қылды нала, Ағызып көздің жасын мысал зала. “Сөзіңізге жанымды пида қылдым, Қайда,– деп,– жеті жасар жетім бала”. Оянды ұйқысынан мұны айтып, Қараңғы үйі тұрған екен нұрға батып. Біраз ойлап отырды көрген түсін, Бармай қарап тұрады енді қайтіп. Шақырды көп құлдарын өз қасына, Қайран болды қожаның көз жасына. Көргенін бастан-аяқ бәрін айтты, “Бір қайрат қылыңдар” деп жолдасына. Таң атқан соң намазға тұрды бәрі, Асынды қару-жарақ саймандары. Түс болғанда мешітке жетіп келсе, Жұмаға жиылыпты баршалары. Йазид, Маруан екеуі келді дейді, Жиылған тамаша етіп елді дейді. Зейнелғабиден мешітке кіріп келсе, Мұсылман көп екенін білді дейді. Сонда бала сөйлейді айғай салып, Мұсылмандар тыңдады қарай қалып. – Хақ Расулдан шапағат тілеймісіз, Үмбетпіз деп жүресіз көңілге алып. Жарандар, Хақ Расулға нанбаймысыз, Құр тілмен үмбетпіз деп алдаймысыз. Ғарасат таңда, махшар мизанында Алдына шапағат деп бармаймысыз?! Іс қылғыл Хаққа лайық осы бастан, Әкемнен жетім болып қалдым жастан. Бірер қызмет бұ күнде қылмағандар, Шапағат сұраймысыз ұялмастан. Әкемнің ғаріп болып шықты жаны, Далада жапан түзде қалды тәні. Мүмін болсаң, біреуің ойлар едің, Сіздерде мұсылмандық дейді қані? Ішімде толып жатыр от пен жалын, Әкемнің естідіңдер жайы-халін. Әкемді өлтіргеннің басын кесіп, Нағып тұрсыз, үлесіп алғыл малын. Бұ сөзді естіп мұсылман тұрды сонда, Мешітте үлкен майдан құрды сонда. “Ой, бауырым” деп зар жылап қожа пақыр, Талқан қып хауарижді қырды сонда. Сонда Йазид мешіттен шыға қашты, Адасып ақылынан жаман састы. Төрт жүз балуан жабылып қуып еді, Жығылып бір құдыққа қара басты. Ол құдықтың суы жоқ, іші жаман, Ішінде толып жатыр боқ пен сабан. Йазид пенен Маруанның басын кесті, Хауариж ақымақтарға бермей аман. Шаймірің төрт көз ит боп Кербалада, Жүр дейді әлі сусап, құр далада. Ғамири мен Қайназардың басын кесті, Мұсылман ұстап алып сол арада. Бақ берді мұсылманға Құдай қалап. Соғысты аз кісісін көпке балап. Йазид, Маруан екеуін өлтірген соң. Мал-мүлкін мұсылмандар кетті талап. Шәhарбан мен Үммігүлсім болды науқас, Сәйідті ойлап көзінен ағады жас. Екеуі де сол жерде дүние салды, Бұ сөзді қысқартпасақ, енді болмас. Зейнелғабиден Мәдинеге кетті қайтып, Өзіне керегінше қазына артып. Сәйідтің қыздары мен қарындасы Таусылмас қалғандарын бәрін айтып. Мәдиненің қарсы шықты адамдары, Сәйідті жоқтап жылады, қылып зары. Зейнелғабиденді құшақтап кезек-кезек, “Сабыр қыл” деп жылады баршалары. Жылады мұсылмандар көзін жастап, Бұ жерде бәрімізді кетті тастап. “Тағдырға табдил болмас” деген осы, Құдайым жүрген екен өзі бастап. Жылайды мұсылмандар үш күн тынбай, Көздерінен жас ағып күндіз-түндей. “Әлхүкму ли-Ллаhил жәлил” дейді, Махфузда Алла Тағала жазған солай. Ол адамдар – Құдайдың шын пендесі, Біз, ғасылар, дүниенің шермендесі. Келіспесе, жарандар, айып етпе, Жүсіпбектің қолынан келгені осы. Жаза берсем аяғы ада болмас, Қас қылған Пайғамбарға, сірә, оңбас. “Құдай ұрған оңалар фазылы кәрім, Аруақ ұрған адамға дауа болмас”. Түйеші – доңыз, Шаймір ит боп кетті, Оларға Қадір Егем лағынет етті. Риуаяттар “дүние құрығанша Екеуі сол Кербалада жүрер” депті. Бұ сөзді кітабынан өлең қылдым, Ыстамбұл тілінше екен, әрең білдім. Сөйлей берсем аяғы ұзап кетер, Аяғын үшбу жерде тамам қылдым. Нәсілі едім Хұсайынның менің өзім, Көргенде жылай бердім һәрбір сөзін. Бабаларым сол көрген мехнатына Жылай-жылай қызарды екі көзім. Бұ кітап өзі – пақыр, сөзі – нәзік, Бітірдім ыстық күнде зорға жазып. Маған да дұға қылғыл, оқыған жан, Күнәһті көп қуып ем жолдан азып.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.