Kazakh
Қисса Хазіреті Айшаның тұһматы
һәр түрлі халық жаратқан Хақ Тағала,
Бірі бүтін болғанда, бірі – жара.
Бірі – бай, бірі – пақыр адамзаттың,
Біреудің сырты – жарық, іші – қара.
Біреудің мәжнүндердей ақылы зағип,
Кей пенде зейіні көп, болар дана.
Пендені алаламай құрметтейді,
Пұлына кей пенденің жетпес баға.
Ақылын кей пенденің адам білмес,
Сөзі бірге болса да, көңілі ала.
Шариғат айтсаң дағы тыңдамайды,
Наданға пайымы кем не-дүр шара.
Халалдан да харамға құмар болып,
Нендейін білімпаздар жейді пара.
Сузан, тұhматтан сақтанайық,
Өлшеулі ғұмыр бітпей, келсе шама.
Алдыңғының көрген соң ғибратын,
Кейінгі нағып оңсын туған бала.
Өзінде қанша айып тұрса дағы,
Біреу аттан жығылса қылар таба.
Тұһматтың жаманын біраз айтсам,
Кіші іні, ұнатсаңдар, үлкен аға.
Ғалымның кеудесінде қазынасы көп,
Молданы надан адам көреді жек.
Аят, хадис сөзінен ғибрат жазса,
Қаламы мазлұмлардың кетпейді тек.
Муафиқ тақлидыға қылған ісі,
Бағзының иманынан қыламын шек.
Шариғаттың жолынан хабар берсең,
Надандар ғұмырынша қылады кек.
Ғалымның айтқан сөзін есіне алмай,
Өзінің надандығын көреді еп.
Пасықтарды еркіне қоя берді,
Тыятын бір жақсы жоқ “бұ қалай?” деп.
Харам менен халалда парық болмай,
Пасықтар үшбу күнде көбейді бек.
Екі орын – жеті ұжмақ, сегіз тамұқ,
Бұларды жүрген жан жоқ есіне алып.
Бұ күнде қарап тұрсаң, осал жан жоқ,
Бағзының қабырғасы мұңсыз жабық.
Молдалар да күндейді бірін-бірі,
Ашуланса, шығарар сөзін ірі.
Антпен айтып тұрса да иланбайды,
Мағлұм бір-біріне болып сыры.
Бірі көптік айтқан соң, бірі байлық,
Күннен-күнге көбейер көңіл кірі.
Біреу ғайбат айтады, біреу – тұһмат,
Адамзатты көрмейді жүрсе тірі.
Ғайбат ойыменен қылар кеңес,
Ғайып болжау пендеге дұрыс емес.
Әлденешік болумен жұмысы жоқ,
Ғапылдар иманды ойлап қайғы жемес.
Тұһматсыз бұ күнгі халық тұра алмайды,
Қауіп етіп бір Алладан ұялмайды.
Ықыласпен Хаққа құлдық қылу керек,
Махшарда ата-тектен сұралмайды.
Сузан қылар пенде көрмей көзі,
Надандар ойлап-ойлап біледі өзі.
һәркімнің өз көңіліне ұнаған соң,
Ғалымның қабыл болмайды айтқан сөзі.
Қисықты оқтай қылып түзейтұғын,
Жоғалды жақсылардың құрған тезі.
Бұ күнгі адам қорыққанынан қойдай ықтар,
Қолмен қылар қайрат жоқ, сөзбен мықтар.
Тұһмат себебінен жапа тартса,
Айтушы Тәңірі алдында жылап-сықтар.
Біз түгіл, Айша менен Расулды да
Қаншама тұһмат қылған мұнафиқтар.
Құдайдан қорықпағандар өсек қылды,
Ғайбат қылмай пәк тұрды діні құптар.
Ғалымның ақылдыға қаламы бал,
Ынсапты хас мүміндер, құлағың сал.
Молдалар шариғаттың сөзін айтса,
Пасықтар түсініспей болады дал.
Расул менен Айшаның тұһматының
Мазмұнын көрсетейін қадірі хал.
Егер де келістіріп біз айта алсақ,
Махшарда жанымызға болады жал.
Өз ақылың жетпесе, пақыр Йазид,
Арланбай білімдіден ғибрат ал.
Бір-бірін пенде құмар жамандауға,
Харам болса кірмейді халалдауға.
Мыңнан бірін айтсам да тыңдаңыздар,
Олардың сөзін хал жоқ тамамдауға.
Олардың кім айта алар уәсіфін тегіс,
Тыңдаушылар құп көрер болса келіс.
Сонымды халыққа шашып қампаямын,
Азырақ хабарым бар еміс-еміс.
Кетпейді таңдайымнан ләззаты,
Расулдың шежіресінен татсам жеміс.
Қорқамын сөзім шала жетпей қалса,
Кәміл болса ләззаты татыр болса.
Бұ сөзден қасірет шегіп қапаланбас,
Тұһмат қылушылар ғибрат алса.
Кәміл айтсам, ләззаты балдай татыр,
Қатасы қарағанға толып жатыр.
Қатасын айып етпей оқыңыздар,
Оқу аз, ақыл қысқа біз бір пақыр.
Ғалымның ғибрат қалар жазған хаты,
Ақылдыға мағлұм сөздің заты.
Бұл менің айтамын деп іздегенім –
Шаһуәли Рахматулла риуаяты.
Тақсырдың хашиесінен көрді көзім,
Олардың сауап болар айтсам сөзін.
Хал-қадар тыңдаушыға баяндайын,
Ғинаят берсе жәрдем Сұбхан Ізім.
Айтыпты Шаһуәли Рахматулла,
Риуаяты мағлұм оң мен солға.
Тамаша сайран үшін Айша ананы
Бірге алып шығады екен сапар жолға.
Талай соғыс сапарына алып жүрген,
Тамаша сайран үшін барып жүрген.
Соғысқа хас мұсылман құмар болып,
Жасырынып мұнафиқтар қалып жүрген.
Айша да шапағатшы ерген жанға,
Ықыласын Хақ жолына берген жанға.
Пақыр менен міскінге үлестірер,
Қуанбайды олжа болып келген малға.
Жаратқан батырларды майдан үшін,
Расулды шапағатшы қайран үшін.
Айшаны һәр сапарға алып жүрген
Көңілін шаттандырар сайран үшін.
Қылмаған кемелдік толысына,
Дұшпанды ойлап тыныш жатпас қонысына.
Айшаның үшбу шыққан сапар жолы
Бәни әл-Мұсталықтың соғысында.
Тынышталды іздеп барған жауын алып,
Мұсылманмын дегенге шаттық салып.
Қуанып палуандар келіп ойнап,
Бір жерге шатыр тігіп қонды барып.
Не қиын өңшең батыр кемеңгерге,
Шаттық берер мүмінмін дегендерге.
Қаза хажат үшін хазіреті Айша
Халыққа көрінбейтін барды жерге.
Батырлар көшіп жатыр шеру тартып,
Түйеге сыйғанынша олжаны артып.
Қаза хажат жұмысын бітірген соң,
Айша ана түйесіне келді қайтып.
Мұның ерте пәнттенген нәпсі жауы,
Харирменен байлаған омырауы.
Қолыменен омырауын сипап көрсе,
Алжапқыштың үзіліп қалған бауы.
Бір ұшын байлайды екен шүйдесіне,
Ілінбей бау үзілген түймесіне.
Қызметкер түйені айдап жүріп кетті,
Айшаны мінді ғой деп күймесіне.
Хазірет Айша орнына қайта барған,
Жоқ бауын іздеп жүріп тауып алған.
Тауып алып орнына қайтып келсе,
Қызметші түйені айдап кетіп қалған.
Қызметкерді Айшаны күт деп берген,
Жұрт асып кетіп қалған сары белден.
Бүркеніп жұртта жалғыз отырады,
Кісі жоқ қалды ғой деп іздеп келген.
Бұл сөзі риуаяттың бекер емес,
һешқайда жаяу жүріп кетер емес.
Қарасы қараса да көрінбейді,
Соңынан жаяу жүріп жетер емес.
Адам жоқ, жалғыз жұртта қалды жаяу,
Қалдым деп көңіліне түспес қаяу.
Қанша тау, неше белден аса көшіп,
Жеріне қонатұғын келді таяу.
Айшаны жоқтамайды соған шейін,
Білмеген қызметшіге мен не дейін.
Ілгері жалғыз қадам баспас еді,
Қалғанын Айша ананың білсе кейін.
– Қонған соң біреу іздеп келер, – деді,
Тастаған құл жазасын берер, – деді.
Жазылмыш әміріңменен қалдым мұнда,
Бір Алла, құдіретің шебер, – деді.
Қайтып келсе, түйесін кеткен айдап,
Отырды тәуекелге белді байлап.
“Екі көш бізден кейін келіңіз” деп,
Расул Сафуанды қойған сайлап.
Сафуан Пайғамбардан бұйрық алған,
Көрсе хабар беруге һәрбір халден.
“Әбден қарап, қалдырмай алып кел, – деп,
Жолда түскен нәрсені, жұртта қалған”.
Сафуан һәрбір іске жарайды екен,
Кейін қалса ішкені тарайды екен.
Расул Алла бұйрық бергеннен соң,
Тексеріп жолмен жұртты қарайды екен.
Хазіреті Расул бұйрық берген өзі,
Құрметтенген өзінен шыққан сөзі.
Жолды қарап Сафуан жұртқа келсе,
Хазіреті Айшаны көрді көзі.
Тірлікте кітапқа көз салайын да,
Тақсырларды ауызға алайын да.
Бұ сөзім халыққа ұнап ғибрат қылса,
Бір үлкен мол сауапқа қалайын да.
Жұрттың бәрі жөнеліп кетіп қалған,
Айшаның жалғыз жан жоқ маңайында.
Шошиды “біреу талап алды екен” деп,
“Бір машақат басына салды екен” деп.
Көңіліне һәрбір қиял ой келеді,
“Бұ нешік жалғыз жаяу қалды екен” деп.
Тапсырған олар өзін иесіне,
Дүниенің тозаңданбас күйесіне.
Сафуан сасқанынан сөз сұрамай,
Өзі түсіп мінгізді түйесіне.
Сафуан сөз сұрауға бата алмайды,
Айша да басқаға сөз қата алмайды.
Түйені өзі жаяу қатты айдайды,
Далада дамыл алып жата алмайды.
Түйесін қатты айдайды, өзі жаяу,
Ойы жоқ қызметінен жанын аяу.
Мұнафиқ, дін дұшпаны ғайбат қылды,
Бұлардың көңілінде жоқ һешбір қаяу.
Қалжырап жаяу жүріп әбден шаршап,
Қонған жерге жақындап келді таяу.
Қызметші бір мүсәпір пақыр екен,
Айшаның қалғанынан ғапыл екен.
Қонған жерге түскенде жоғын біліп,
Жаңа іздеуге қамданып жатыр екен.
Сафуан Мұғәкілұғлы – адал кісі,
Бұзық ойлар емес, надан кісі.
Адалдықпен Расулға қызмет қылып,
Бұрын өсек-ғайбаттан аман кісі.
Хазіреті Айша күймеде жоқ болған соң,
“Бұ қалайша” десіпті тамам кісі.
Айшаның жоқтығына таң қалысты,
Тексеріп бір-бірінен аңғарысты.
“Айшаны бұ тұһматтан халалда” деп,
Сахабалар Аллаға зарланысты.
“Бұл Айша күймесінен түскен қалай,
Мұнан бұрын көшуші ек талай-талай.
Жалғыз жұртта қалды екен не себептен,
Қалған мәнін білмейді мына малай”.
Сафуан түйені айдап келді бірге,
Айшаның із-топырағын қылып сүрме.
“Қалуда бір уақиға бар ғой” десіп,
Мұнафиқтар жорыды һәрбір түрге.
Түйені айдап Сафуан аттай желді,
Қуады бұрын көшіп кеткен елді.
Жұрт сасып жаңа іздейін деп жатқанда,
Сафуан Айшаны алып жетіп келді.
Расулға Сафуан әуел болған көмек,
Жолда түскен нәрсені жүрген төлеп.
Біреуі ақтап, бір жағы тұһмат қылып,
Сондағы жұрт партия болды бөлек.
Бір айдай басылмастан болды ғауға,
Сүттен ақ Сафуан байғұс қалды дауға.
“Жұртта жалғыз қалды, – деп, – не себептен?”
Мұнафиқтар алады омырауға.
Аят бар жаhаннамдық болғанына,
Ғайбат қылған үшін басы сауға.
Күнәлі болуға тұһмат қылды,
Әуелден олар берік нәпсі жауға.
Бұл тұһматқа байланбас еді хазірет,
Айналмаса үзіліп қалған бауға.
Сафуанның көңілі – хақ, діні – берік,
Жұртта қалған нәрсені жүрген төлеп.
“Таза” деп көп таласты мұсылмандар,
Өсегі мұнафиқтың кетті кеңіп.
Хазірет Айша есітіп бұл тұһматты,
Шатылған қасіретті жүрді жеңіп.
Сенімді кісі еді Сафуан батыр,
Қызмет қылып Расулға жүрген еріп.
Жамандық қылмақ түгіл Пайғамбарға,
Жанын пида қылады ықылас беріп.
Расулдың басқан ізін тәуап қылып,
Талай қиын жерлерде болған серік.
Мұнафиқтар байлады жамандыққа,
Мұсылмандар жүреді амандыққа.
Ойыменен білсейші халалдығын,
Мұнафиқтар жеңдірді надандыққа.
Алланың пәк жаратқан сәруар көлін,
Не қылып жүреді екен арамдыққа.
Сафуанның жол қарауын “жалған” деді,
Ол жұртқа Айшаны іздеп барған деді.
Бұрын айтқан уағда сөзі болып,
Сол үшін жұртта жаяу қалған деді.
Жалғыз неге қалады онан басқа,
Жасырынып қалыпты биік таста.
Мұнафиқтар көбейтті күннен-күнге,
Бұл сөзді жаймақ үшін дос пен қасқа.
Мұнафиқ дін дұшпаны деді былай,
Айша жүр ақтығына жылай-жылай.
Ақтығы өз көңіліне мағлұм болып,
Расул бұл тұһматқа жүрді шыдай.
Жәбірейіл арқылы аятпенен
Ақтығын білдіріпті Жаппар Құдай.
Айшаны дін дұшпаны не демейді,
Пайғамбар не десе де елемейді.
Хазіреті Айша секілді саф гауhарды
Ақырын, байқау айту керек еді.
Мұнафиқ қорықпай кірді жамандауға,
Мұсылман көп таласты адалдауға.
Әуел пәк қып жаратқан Хақ Тағала,
Ауызы нағып барды екен харамдауға.
Бұ жалғанда тоя ма жасқа кісі,
Ну тұрса, паналамас тасқа кісі.
Хақ жазған пайғамбарлар несібіне
Қол созып ұстай алмас басқа кісі.
Мұнафиқ қайдан білсін мұндай жайды,
Өзіне-өзі қас қылып жолдан тайды.
Ғайбат, өсек Айшаны қылмақ түгіл,
Кәпірлер бір Алланы танымайды.
Айтсақ та мұның бәрі Құдай ісі,
Минутта өзгертуге жетер күші.
Расулға еріп жолдас боп жүрсе дағы,
Бұл тұста талайының шықты мысы.
Тәңірі пәк қып жаратқан хазіретті,
Харамдыққа жүрер ме білген кісі.
Батырлар ол заманда жаhан кезді,
Жау іздеп сайран қылды жапан түзді.
Бұрын білмей жүріпті хазіреті Айша,
Бір айдан соң естіпті үшбу сөзді.
Бір айдан соң естілді үшбу хабар,
Сөз қылған мұнафиқты Тәңірі табар.
Дем алмай, ұйықтамай, тағам татпай,
Үш күндей хазіреті Айша жылады зар.
Бек қатты ақ болған соң қайғыланды,
Жалын болып іші-тысы күйіп-жанды.
“Көрсет, – деп, – бір ғаламат кәпірлерге”,
Ренжіп хазіреті Айша назар салды.
– Ақ болсам бір ғаламат көрсет, Алла,
Қара болсам, азап қыл шыбын жанға.
Жасырын құдіретіңе һеш нәрсе жоқ,
Әуре қылдыр мұнафиқты һәрбір халге.
Мағлұм құдіретіңе істің бәрі,
Қара болсам, сөз қылсын мұнанда әрі.
Ақтығым аян болып тазартпасаң,
Мұнафиқтың зораяр тұһматтары.
Мұнафиқ жала жапты сау басыма,
Антым бар нәпсі жаққа аумасыма.
Бишемен-қайғыменен күнім өтер,
Тазартып шығармасаң тау басына.
Расулда шүбhа жоқ зәрре-қадар,
Мағлұм өз көңілінде хақтығы бар.
Мұнафиққа жүруге жөн табылмас,
Бір Алла құдіретімен қылса қаhар.
һәркімге ерік берді ғой жалғанда,
Қысым қылса болмайды кім шерменде.
Кім жақсы, кім жаман сонда көрер,
Жиылып ғарасатқа жұрт барғанда.
Бұл күнде еркіменен күйе берді,
Айшаны пәк дегендер ұжмаққа енді.
Ғайбат қылған адамдар тамұқтық деп,
Айшаның ақтығына аят келді.
Он сегіз аят енген бұл хақында,
Көріне азап келмеді тым жақында.
Ықтияр дүниеде бос жіберді,
Мағлұм болашақ-дүр іс ақырда.
Көріне азап келсе залымдарға,
Көп пайда болар еді біз пақырға.
Сабырлы әділ патша асықпайды,
Мазлұмды жаламенен жасытпайды.
Тауфиқты иманы көп тәубелілер
Көңілін һеш нәрсеге тасытпайды.
Айшаның аят келді ақтығына,
Кірі жоқ зәрре-қадар сафтығына.
Оларға нәпсі, шайтан жақын бармас,
Бұрыннан көзі жеткен сақтығына.
Көңілін дауалады аят еніп,
Жәбірейіл оқыған соң алып келіп.
Қара жүзді болыпты мұнафиқтар,
Мүміндер әуелден-ақ жүрген сеніп.
Ақтағандар ұжмақтық болды дейді,
Мұнафиқтың жаhаннам орны дейді.
Айшаны ренжіткен кәпірлердің
Тамұқта хинзирге ұқсар порымы дейді.
Сүйікті бір Алланың олар досы,
Пәктік-дүр достарына артқан қосы.
Есітіп Жәбірейілден аят сөзін,
Айшаның сонда келді көңіл-қошы.
Өтірік жала жапқанмен кір жұқты ма,
“Аққа зауал болмайды” деген осы.
Айшаның қабыл қылды мінәжатын,
Мансұқ қып мұнафиқтың ғайбатын.
Қанша кісі айтса да үндемейді,
Пайғамбар білгенінше хақиқатын.
Хақтығын білдіріпті патша Құдай,
Пәктанғанша Айша да жүрген жылай.
Алладан анық хабар келгеннен соң,
Достарының болыпты көңілі жай.
Расулдың көңілінде қастық бар ма,
Ізгілік тегіс қылар асхабтарға.
Әгарда көңілінде қысас болса,
Бәддұға қылар еді діні қарға.
Ақтады аятпенен Жаппар Құда,
Иманнан мұнафиқтар болды жүдә.
Көңіліне кінә тұтып қастық қылмас,
Қылмайды дұшпанға да жауыз дұға.
Өкпесін күнә қылмай кешіп еді,
Қандай тар жер бұларға есік еді.
Дос пенен қас күмәнді тұрған шақта,
Байлауын аят келіп шешіп еді.
Пайғамбардың кешерін білмей халық,
Бір азап келер бұған десіп еді.
Мұнафиқтың болды ғой ісі жаман,
Бір қиын азап келіп бермес аман.
Дүниедегі жазасын ғафу қылды,
Ақыретте болар деп ісі тамам.
Бір қатты азап келсе керек еді,
Расул үшін сақтады Хақ Тағалам.
Пайғамбар қысас алам деп тіленсе,
Кәпірдің болар еді күні қараң.
Қас қылмас Расулдың үмбетіне,
Даяр ғой онан басқа міндетіне.
Мол қылар шапағатын махшар күні,
Құлшылық дәйім қылсақ сүннетіне.
Әуелі Айша қайғымен бұзған түсін,
Мұнафиқтың ауырлап қылған ісін.
Мұсылманнан мұнафиқ болып кетті,
Бір Алла, һәрне қылсаң жетер күшің.
Бір үлкен қатты азап келмек еді,
Сақтады Расул Алла құрметі үшін.
Бұл ғайбат ақталмаса салмақ еді,
Қайғы боп қияметке бармақ еді.
Расулдың болмаса мархабаты,
Айша қысас кәпірден алмақ болды.
Жазаға азап келсе уақытында,
Бізге де мирас болып қалмақ еді.
Кім көнбес Тәңірі салған қазасына,
Жаза жоқ жүрсек жолдың тазасына.
Дем алмай үш күн ұдай жылағанда,
Айшаның жан күйінді назасына.
Расул Алла үмбетім қорқады деп,
Күнбе-күн азап келсе жазасына.
Ғайбатын һеш пенденің айтпа бетке,
Ғайыптан пәктер түсер қасіретке.
Айыбы болса дағы айтпа деген,
Істің бәрі мағлұм Құдіретке.
Қорқып пенде тиылып жүрер еді,
Ұзап жаза тартпаса қияметке.
Осыдан да ғибрат алмаймыз ба,
Тұһмат қылған кәпір шықты шетке.
Біз білмейміз қолма-қол бермеген соң,
Көрініп күнә артыңнан ермеген соң.
Арық, семіз екенің мағлұмданар,
Махшарда әділ Патша тергеген соң.
Бұл күнде ауыздыға сөз бермейміз,
Күнә үшін азапқа кез келмейміз.
Қандай іс болатыны алдымызда,
Бұ күнде бір сипаттан өзгермейміз.
Өлген жаннан ғибрат алар едік,
Не болса да қабірде біз көрмейміз.
Бой бағып жай жүргенді мырза көрдім,
Жақсыны әшкере емес сырда көрдім.
Тұһматшылар азапта жүзгенінде,
Сөзін тыйған пендені қырда көрдім.
Айшаның бұ мәселе хикаясын
Құранда сүре “Нұрда” көрдім.
“Фауаид” тәпсірінен көзім көрген,
Танитын аз ғылымдық Тәңірім берген.
Мұсаннифтер жазыпты үшбу сөзді,
Тәпсірге ие болып інжу терген.
Хазіреті Айшаның ақтығына
Дәлел болып он сегіз аят енген.
Анық хабар келген соң бір Алладан,
Мұнафиқтың жолдастары сонда сенген.
Аятын өлең қылып жаза алмадым,
Жай сөзін хал келгенше ажарладым.
Мәскеу мен Макаржиге шамам келмей,
Жақын жер жәрмеңкесін базарладым.
Қар суын қанағат қып іше бердім,
Құдықты терең жерден қаза алмадым.
Ұнаса, басып жібер жұртқа жайып,
Тәртіпсіз болса жасыр, қылма айып.
Есіткен зейіні көптер пайымдаса,
Бір ғибрат тамашаға қалар басып.
Аятын қорыққанымнан жаза алмадым,
Кірем деп бір зұлматқа кетсем тайып.
Ғайбатшы сөз жорытушы адамдарға
Айтуға кеңес қылып бек лайық.
Аятын өлең қылып айта алмадым,
Қаламды батырлық қып тарта алмадым.
Оқу таяз, өнер аз болғаннан соң,
Жел соқса да дариядан шайқалмадым.
Бел байлап бір ниетке кіргеннен соң,
Тәуекел сапарынан қайта алмадым.
Аятты қорыққанымнан жазбасам да,
Шамамша жай сөзіне байпаңдадым.
Жалған жоқ бұл кеңесте, сөзге сенсең,
Нанбаған тұһматшының соңына ерсін.
Дәлел болған он сегіз аяты бар,
Нанбағандар Құраннан оқып көрсін.
Бұ қисса осыменен болды тамам,
Бір қисса тағы жазам келсе шамам.
Хұсайынов, мұны тағы бастырыңыз,
Бұ сөзім бара қалса есен-аман.
Хош көрсеңіз, жіберем тағы жазып,
Қайырлы ғұмыр берсе Хақ Тағалам.
Көңіліме аза салмаса, көзге мақтап,
Қиссамды ұнататын көрген адам.
Сұрасаңыз, атым – Йазид Қонайұлы,
Мұндайды жазып жүрген неше заман.
Уәзифа келіп тұрса сізден бізге,
Қиссаға кірісермін болмай алаң.
Бір қисса жіберіппін мұнан бұрын,
Уәзінге алып қараңыз сөздің түрін.
Не болған бір хабарын естігем жоқ,
Баспашылар, салдың ба көздің қырын.