Жаскелең

Жаскелеңнің түсінде қалмақтың қаны Найман деген, соның Қоңырша деген қызына ғашық болып, екеуі түсінде сол ретпен сөйлесіп, ғашық болған соң Жаскелеңнің іздей шығуы. – Саламат, қош-аман бол, қарағым-ай, Келтірген Құдай оңдап талабың-ай. Өлмесем, айнам, сені алмай қойман, Осындай болып тұрса заманым-ай. Болмайды асыққан...

Kazakh
Жаскелең
Жаскелеңнің түсінде қалмақтың қаны Найман деген, соның Қоңырша деген қызына ғашық болып, екеуі түсінде сол ретпен сөйлесіп, ғашық болған соң Жаскелеңнің іздей шығуы. – Саламат, қош-аман бол, қарағым-ай, Келтірген Құдай оңдап талабың-ай. Өлмесем, айнам, сені алмай қойман, Осындай болып тұрса заманым-ай. Болмайды асыққанмен ер мұраты-ай, Бұл істің ақырына қаралық-ай. Қызыл тіл күрмеледі көрсем сені, Тұруға болмаған соң амалым-ай. Қадалсын маңдайыма деген ой бар, Тікенек кірген сенің табаныңа-ай. Түсімде көрдім, қалқам, сенің жүзің, Жетер ме сізге сәлем айтқан сөзім. Білдірші руыңды, аққұба қыз, Іздеймін таппасам да менім өзім. Сонда Қоңыршаның айтқан сөзі – Жаскелең, жатқан жерің Нарын еді-ай, Бұл дәурен әркімдерден қалып еді-ай. Бір Алла шыбын жанға бергей аман, Алдыңда кәпір жауың қалың еді-ай. Қоңырша менім атым, әкем – Найман, Тіледім мен де сені бір Құдайдан. Әуелде берген антың өз мойныңда, Бір келіп жолықпасаң Алтынсайдан. Сақинам саған берген аманатым, Жаныңның Алла бергей саламатын. Екеуі ұйқысында күліп-ойнап, Қайырды қыз Қоңырша сәлем қатын. Жаскелеңнің оянып айтқан сөзі Жаскелең бір заманда оянады, Оянып аш бүйірін таянады. Оянса еш нәрсе жоқ қастарында, Жастаулы мамық көпшік бастарында. Көлбейді олай-бұлай ер Жаскелең Қайғының кеудедегі асқанына. Ұйқы жоқ, тамағы жоқ, күле алмайды, Қайғымен еш бүгіліп жүре алмайды. Сөйлескен ұйқысында Қоңыршаның Екенін елі қайда біле алмайды. – Қай жақта, қыз Қоңырша, елі-жұртың, Түсімде сәулеленіп түсті-ау көркің. Іздеймін таппасам да еліңізді, Көбейер көп кідірсем қайғы-дертім. Шешесі сонда сөйлейді – Айналайын, қарағым, Бірден-бірге сарғайып Қатады сенің қабағың. Көптен ұйқың қалыңқы, Назарың төмен салыңқы, Қай бағытта талабың. Бір шыбындай жаныңның Алла бергей аманын. Бірден-бірге сарғайып Түстің көрдің жаманын. Алпыс беске келгенде Тілеп алған жалғызым, Мұнан кетсең табылмас Жөн-жосығың, сұрағың. Көкірегіңе жел кірсе Тұр десем де тұрғызбас, Қайда болар тұрағың. Айналайын, Жаскелең, Қоғалы көлім сен едің, Желді күні шайқалған. Бозжорға атым сен едің, Теңселе басып найқалған. Қияға кетсең тұра алмай, Мойныңды кетсең бұра алмай, Тілеп алған жалғызым, Қандай бір жетер сәлемің. Жаскелеңнің шешесіне айтқаны Жаскелең сонда сөйледі: – Айналайын, қарт анам, Мені он ай көтеріп, Омыртқаңыз бүгілген, Қабырғаң қаусай сөгілген, Кіндіктен жалғыз мен едім. Қоңыршаны іздемей Мен елімде жүре алман. Басымды қосып бір Алла Некемді қиып арнаған. Дүниеге келген жан Өлімнен аман қалмаған, Қайда жүрсем бір өлім. Тәуекел еттім Аллаға, Жәрдем болса бабадан. Шешесі сонда сөйлейді – Айналайын, жалғызым, Аспандағы көрінген Айдынды шолпан жұлдызым. Алмайсың ба тілімді, Тарылтпа менім күнімді. Қаңғырған жаяу жас бала Ғашықлықпен табар ма, Тәрбиелі қан қызын. Алдыңда жау қалмақ бар, Қырық күншілік шөлі бар, Кісі алатын бүркіті, Түрлі-түрлі аңы бар. Кісінің еті – тамағы, Қарқаралы қаны бар. Тіл алмай кетсең осыдан, Қауышармыз мақшарда. Сорлы болған анаңның Тек шықпаған жаны бар. Кеткенің бе, қарағым, Қияға тастап анаңды. Мұнан кетсең, Жаскелең, Көре алман сенің қараңды. Құдай өзі сақтасын Көріне келген пәледен, Алладан бұйрық қазаңнан. Тілеп алған жалғызым, Бір жасаған Құдай-а, Көрсетпедің панасын. Қош-аман бол көргенше, Қайғы бір кетпес өлгенше. Қия бір таудан асқан соң, Қия бір жер басқан соң, Туғалы жерге тимеген Қолбырайды табаның. Бір сүйгізші бетіңді, Басылсын менің құмарым. Тарылар солай заманың, Келер ме ойға, жалғызым, Кеудедегі талабың. Жаскелең, сенен қалмаймын, Қалғанменен не пайда? Қайда жүрсем зарлаймын, Саулы болған нардаймын. Сен өлген жерде өлермін, Өзіңмен бірге келермін. Үйде жалғыз қалғанда, Құрбыларың келгенде, Қайда балаң дегенде, Қуарып қалған қу басым, Қу толағай, сұм басым Не деп жауап берермін? Жаскелең тағы сөйлейді – Айналайын, қарт анам, Жолынан балаң қалмайды, Тіліңді айтқан алмайды. Алла мені айдады, Айтқаныңа болмайды. Түсімде көрген суретті Қолға келіп қонғанша, Алып көңіл тынғанша, Сорлы балаң тынбайды. Жөнелді ер Жаскелең амандасып, Бетке алып Қоңыршаға қадам басып. Шешесі қалды жылап сарайында, Қызыл қан көзінің жасы араласып. Неше күн шығып жолға, сапар шегіп, он алты күн тыным көрмей жүріпті. Жасаған, Жаскелеңді өзің оңда. Түсінде және келді Қоңырша қыз: – Иә, батыр, жүрмей неге жатырсыңыз? Жүрмеңіз «айтпады» деп ғапыл қалып, Алты жылда мені іздесең табасыңыз. «Алам» деп бір қан жатыр үйге келіп, Жүргізіп екі ортаға жаушы салып. Қан болған [қалмаққа] әкем Найман, Бермей тұр жалғыздықтан қайран қалып. Әкемнің менен басқа баласы жоқ, Көңілінің мен дегенде аласы жоқ. Ізденіп жылдамырақ жетпесеңіз Бермеске әкем мені шарасы жоқ. Оянса қыз Қоңырша тағы да жоқ, Көкорай жатқан жері қаулайды шөп. Ағын су, айналасы қалың тоғай, Көрінер бір алыстан алтын сарай. Жасаған Алламыздан пәрмен болып, Жеткізді Қоңыршаға Жаббар Құдай. Жаскелең Қоңыршаны ізденеді, Қайғымен ақша жүзі өзгереді. Жақындап сол сарайға келген шақта Алдынан бір топ адам кез келеді. Ұстады Жаскелеңді көрген жерден, Көрінді құлқы бөтен өзгелерден. Шынжырлап қол-аяғын байлап алып, Алдына зындан үйдің алып келген. Тастады зындан үйге қараңғы көр, Адамға қиын екен көрмеген жер. Зынданда әрі-бері жатқаннан соң, Жүрегін қайғыменен алыпты шер. Жаскелең сонда сөйлейді – Айырдың, Алла, елімнен, Ит жүгіртіп, құс салған, Кең шалқар айдын көлімнен. Қараңғы үйде жатқанда Кетті ме қайрат белімнен. Медет болған біздерге Әруақ Науан пірімен. Атаңа лағынет, Қоңырша, Әзәзіл ме едің Ібіліс Көзіме менім көрінген. Қараңғы үйге тап болдым, Айылып . . . тілменен*. Атамның тілін алмадым, Анамның тілін алмадым, Қарғысы болды солардың Бұл зынданда қалғаным. Айналайын, Жасаған, Бұл зынданнан бір шығар, Болмасын саған арманым. Айналайын, Жасаған, Қиындық бердің басыма. Ізденіп едім жаяулап Не қылып алмай қалам деп, Қоңырша, сендей аруды. Әзелде Құдай жазған деп, Дүние пәни жалған-ай, Зынданның көрдім тарын-ай. Қоңыршаның құлағы Естір ме екен зарымды-ай. Мен елімде жүргенде Қайырым асқан ер едім, Аңсағанға ас берген, Шаршағанға ат берген. Патша болған күнімде Он екі тарап елдерден, Елшілікке қат келген, Ізденіп келген жеріме. Маңдайдағы сорым-ай, Қандай пәле тап келген. Қоңырша, саған аманат, Жаным болсын саламат. Ондай маған табылмас Астыма мінер қазанат. Барғандарың сәлем айт Қоңырша қыздың өзіне, Құлағын салсын сөзіме! Анамның айтқан тас зындан, Бұл зынданның ішінде, Көрінді менім көзіме. Мен елімде жүргенде Ала мойын қаз едім, Туысқаннан аз едім. Тіл алмай кетіп анамның Бейнетін көрдім кезіген. Сені ойласам, Қоңырша, Қайғы жұтқан адамдай Өртенеді өзегім. Түсімде көріп мен сені Ғашықлық оғын кезедім. Ойлап тұрсам осы күн Енді маған табылмас, Бұрынғыдай шалықтап Жүретұғын өз елім. Зынданның біреу кірді есігінен, Сығалап көзін салды тесігінен. Жылайды көрген адам көзін салып, «Түсті, – деп, – не нәрсенің кесірінен». Жылайды көрген адам жүзін көріп, Айт[ады] Қоңыршаға хабар беріп. – Зынданда бір әдемі жігіт жатыр, Қапаста жылайды екен қорлық көріп. Жылайды «Қоңырша» деп қайғы жұтып, Ақырын бір Жасаған Хақтан күтіп. Көрсетпей еш адамға әкелейін, Жіберші зынданшыға әмір етіп. Бар екен адамзатта мұндай көркем, Барамын зынданшыға тұрып ертең. Болғанда жүзі жауһар, раушан көрік, Бір Алла нұрын берген адам екен. Қоңырша сонда сөйлейді – Рас па, жаным, көргенің, Көргенің жоқ па ол жанның Ат[ы]-жөнін сұрап білгенің. Қайта барып біліңіз, «Атың кім?» деп сұраңыз, Сөз сөйлесіп сынаңыз. Алып түрін, атын біл, Не тұқым екен нәсілі, Ата-баба затын біл. Мен түсімде көргенмін Жаскелең деген мырзаны. Әкесі жұртқа қан болған, Он екі сарай салдырған, Байлығына жұрт таң қалған. Жаскелең деген мырзаның Көркемдігін сұрасаң, Шыққан күндей балқыған. Айбатын оның сұрасаң, Аждаһадай жұлқынған. Білімін оның сұрасаң, Жетпіс екі елдерден Хабар білген адамдай. Кереметін сұрасаң, Періштемен ойнаған. Әулиелігін сұрасаң, Жер үстіндегі періні Бір ауыз сөзбен байлаған. Бейсенбінің түнінде Жаскелең деген мырзаға Алла мені айдаған. Жаскелеңдей мырзаның Қараңғы түннің ішінде Сәулесін күндей көргенмін, Жаскелеңмен уәде қылғанмын. Ізденіп маған келуге Алтынсайдан жолығып, Қалымды сұрап білуге, Ант еткен достым сол еді. «Дүниеде жаным бар болса Жолықпай қалман» деп еді. Тезінен барып тез тілдес Қай жағынан келді екен, Қай патшаның ұлы екен, Аты-жөнін біл енді. Қоңырша қыз жөнелді зындан жаққа, Қырық нөкер көтертті алтын таққа. Алдынан зындан үйдің келіп тұрып, Жиектен көзін салды әр тарапқа. Шақырды зынданшыны «мұнда кел» деп, – Бір кісі үшін садақа болдым бермек, Бар болса өлтіретін бір күнәкар. Барды да Жаскелеңді байлап алды, Қылышын өткір етіп қайрап алды. Артына екі қолын байлап алып, Алдына Қоңыршаның алып барды. Көрген соң Жаскелеңді таныды енді, Ішінен қыз Қоңырша налыды енді. Ішіне алтын сарай алып барып, Үстіне ер Жаскелең қамқа киді. Ішірді сусынынан арақ-шарап, Қоңырша қалды қайран жүзін көріп. Басына тәж кигізіп Қоңырша қыз, Түзеді достысының шашын тарап. Қоңырша сонда сөйлейді – Ғашық бір досым сен едің, Асыл жарың мен едім, Қолымнан жүзік безелген. Қашан бір шықсаң, қарағым, Ата-ана еліңнен. Аман-есен сақтармын Кеткенше қайрат белімнен. Медет болғай біздерге Палуан ата пірімен. Тәуекел етсең алуға Ерініп жатып қалмайын Сенің жүрер жолыңнан. Әкем Найман қан еді, Менен басқа бала жоқ, Бір перзентке зар еді. Білінбейді қандықпен Басқа күні тар еді. Кешікпей енді кетейік, Жан барында жетелік, Көп кешіксек келіспес. Айналайын, Жаскелең, Аңдыған дұшпан көп еді. Әкемнің жайын айтамын, Алтыннан сарай салдырған, Ол сарайдың сақнасын Сары алтынға малдырған. Тәрбиелі қан Найман Сусынын балға қандырған. Қарағай аула көк торғын Сыртынан орлар қаздырған, Ғаскері көп қан еді. Білінбей кетіп қалмасақ, Білінсек бізді өлтірер, Кемеліне келтірер, Рақымсыз туған жан еді. Айналайын, қарағым, Мұнан кетсең барып жат Қарт анамның үйіне-ай. Сол анамның [айласы] көп еді-ай Сұраса жөнің жасырма Қауіп етіп, құтың қашырма. Аты-жөнің білген соң, Қоңыршаның жары деп, Пәруана болар басыңа-ай. Мейрам болды дегенде Тура өзіме келерсің. Сол анамның үйінде Қаз мойын қара тұлпар бар, Астыңа соны мінерсің. Тұлпарды сұрап мінген соң, Дұшпандардан қауіп етпе, Желіктіріп желерсің. Аман барып, сау қайтсаң, Қоңыршадай аруды Өз жаныңда көрерсің. Айналайын, Құдайым, Бергей еді тілегім. Сені көрмей, Жаскелең, Басылмайды жерігім. Тар жерде, қарғам, тап болдың, Қасиетті күнінде. Алла маған тап қылды Бейсенбінің түнінде. Қарындассыз жол болды, Қасында жүрген күнінде. Бұл сөзді батыр хош алып, Көңілі тынып жұбанып, Амандасып жөнелді, Қоңыршаның айтқан жеріне. Сол кемпірдің еліне Жетіп келіп, сөйлейді. Алтын семсер іліпті Ер Жаскелең беліне. – Қоңырша сынды аруың – Немере жалғыз баласы, Теңі едім іздерге. Бір Алланың панасы, Мекен еткен жерлерім Нарынның сары даласы. Қоңырша қыздың сол күнде Көрінбейтін қарасы. Алдынан шығып анасы, Түсірісіп атынан, Аты-жөнін біледі. Жанына салған қатынан Ер екенін біледі. Мүше бітіс затынан Жаскелеңді көрген соң, Кетеріне қимайды. Ақша жүзін көрген соң, Көзінің жасын тыймайды. Сарайына апарып, Арақ-шарап ішкізіп, Батырды артық сыйлады. Жаскелеңдей ерлердің Ықтиярын кетіріп Сыйламасқа болмады. Он екі күн болғанда, Айтқан күні толғанда Мейрамы болды қандардың. Мереке болды көп қызық Қимылдаған жандардың. Сол кездері болғанда Анасына сөйлейді. Жаскелең сондай батыр-ай Сол кемпірден сұрапты Қаз мойын қара атын-ай. Алдында тұрған кемпірің Жаскелеңді көреді. Сұраған соң баласы Қимай атын береді. Сарайына алдырды, Ер тоқымын салдырды. Екі айылын берік тартып, Құйысқанын қысқартып, Ер қаруы бес қару Бесеуін де қоса артып, Желге қарай қасқартып, Ат құйрығын түйеді, Үстіне сауыт киеді. Тұлпарды мініп алған соң, Дұшпандардан қауіп етпей Желіктіріп желеді. Қаздарменен қағысып, Ұшқан құспен жарысып, Қаз мойын қара тұлпардың Әлі жетпей келеді. Басыменен алысып Құйысқаны сартылдап, Аш күзендей бүгіліп, Тері жерге төгіліп. Сол уақыт Жаскелең Аждаһадай көрініп, Екі беті албырап, Алтын туы жалбырап, Сауытының шашағы Тұс-тұсына саудырап. Сол уақыттар болғанда Қияға көзін салады. Бір шоқ қара көрінді, Жау екенін білмеді, Ел екенін білмеді. Жақындай келіп қараса Ақ қолтық атпен шабылып, Омырауын жеті жерден таңынып, Келе жатыр Қоңырша Жаскелеңді сағынып. О да бір жауға шығыпты Үстіне сауыт жамылып. Асыл жардың алдыңда Шыдап тұрсын не қылып? Жаскелеңді сұрасаң Қайратты туған ер еді, Достық көңлін тындырған, Дұшпанның көңлін сындырған. Ата тегін сұрасаң – Ер соғыстың ішінде Алпыс балта сындырған, Қанжарын қанға суарған, Қарсыласқан дұшпанын Қайтқан судай сұлаған. Әруағы батырдың Дүние жүзін қаптады Ашылмас қара бұлттай. Алты күн айғай салғанда, Жетінші күні болғанда, Еліне қарай жол тартып Сонда батыр жөнелді. Бұлар жүріп кеткен соң, Бір қатар жерге жеткен соң, Арт жағына қараса Будақ-будақ шаң шықты. Шаң ішіне қараса Шаң ішінен көп әскер Қимылдаған жан шықты. Жер жүзін байқап қараса Ебелек деген шөп екен, Жауды байқап қараса Сол шөптен де көп екен. Атса мылтық өтпеген, Шапса қылыш өтпеген, Отыз аршын Оразбай Аттанып келген қалмақтың Себан деген елі екен. Жаскелең сонда сөйлейді – Жасаған Алла Құдайым, Сала көрме уайым. Отыз мың қалмақ жиылып, Он екі жерден ту байлап, Өлтіруге келген-[ді]. Жау қарасын көрген соң, Жау екенін білген соң, Қоңырша сынды аруың Жаскелеңмен қосылып, Көп қалмаққа тиісті. Әруақ қысып алқынып, Жау қарасын көрген соң Баулы құстай талпынып, Аждаһа түсті жыландай Жау ішінде ойнайды Жылқыдағы қылаңдай. Айғайлап жауға тиеді, Әруақ қысып тұра алмай. «Алла» деп батыр ақырды, Әруағын судай сапырды. Бет алдырмай қырыпты Дінсіз қалмақ кәпірді. Жүрген жерін Жаскелең Қойға тиген бөрідей, Қуалап жүріп жапырды, Он екі күн ұрысты. Тап он үш күн болғанда Қаз мойын қара тұлпардың Аяғынан әл кетті, Мойынынан жал кетті. Қабырғадан қан келіп, Тебінгіден тер келіп, Қан ішінде тұра алмай, Мойнын артқа бұра алмай, Қаз мойын қара тұлпарың Бірден бірге меңдеді. Жаскелең батыр зарланды, Шаппасына арланды, Тұлпардың әлі кеткен соң, Шақырып әруақ қамданды. Сол уақтар болғанда, Сол шамаға толғанда, Жаскелеңнің шешесі, Үйінде жатып түс көрді. Түсінде жаман іс көрді, Көзіне батыр көрінді. Жаскелеңнің шешесі Ертеменен тұрады, Беті-қолын жуады, Қынай белін буады. Аягөз деген қызына Түсін айтып жорытты, Түсінде кемпір қорықты. – Айналайын, Аягөз, Жаскелең деген ағаң[ыз] Қисабы жоқ көп қолмен Мұндай соғыс салыпты. Он алты мыңын өлтіріп Қан ішінде қалыпты. Қаз мойын қара тұлпардың Шабайын десе әлі жоқ, Бұрынғыдай сауы жоқ. Алқынған сонда ағаңа, Жалғыз туған сұңқарға, Менен туған қыз болса[ң] Тиер деген пана жоқ. Шешесінің сөзіне Шыдай алмай Аягөз Үйден шығып жөнелді. Қарына құрық іледі, Қолына жүген алады, Жылқыға таман барады. Қой мойынды құланы Жылқыдан ұстап алады. Ер тоқымды салады, Екі айылын бек тартып, Құйысқанын қысқартып. Ер қаруы – бес қару, Бесеуін де қоса артып, Желге қарай қасқартып Қолына найза алады. «Алла, бағыт түзе» деп, Атына міне салады. Қияқты найза қолында, Қос мылтығы мойнында. Астындағы тұлпары Қара терге боялды. Төңірекке қарайды, Құлағын екі қайшылап, Алқына шапты құлаша ат. Алыстан қан көрген соң, Жау тозаңын көрген соң, Он екі күн жүрген соң, Айғайлап тиді Аягөз Ғаскердің келіп шетінен. Көк сүңгіні қолға алып, Сұр бұлыттай түрленіп, Әруағы батырдың Дүние жүзін қаптады, Ашылмас қара борандай. Қаланың аузын қандатты, Қақпаның аузын шаңдатты, Матушке мен маржаны Маңыраған қойдай шулатты. Алты күн айғай салғанда Қой мойынды құла аттың Жалы кетті суылдап, Құйрығы кетті шуылдап. «Шу, жануар, шу» деді, Соққан желдей гуледі. Балдағы алтын ақ берен Аягөздің белінде. Қоңыраулы ақ сүңгі Аягөздің қолында. Қалмақтар тіпті жан емес Шыбындай жан бар болса, Қалмаққа кірді Аягөз, Алты күндей аралап, Кез-келгенін қырады. Жағынан тартып жаралап, Жалғыздай болмас деп Он төрт қалмақ Аягөзді қамады. Аягөз сонда сөйлейді – Астымдағы құлаша ат, Шаршағандай күн болса, Жылқышы бабам қолдасын Үстіңдегі иеңді. Қожам, пір, бабам бар болса Жасаған Ием оңдасын. Қоңыраулы көк сүңгі, Көп ішінде толғармын, Шыдамай сабың сынбасын! Балдағы алтын ақберен, Қалмақты көріп сілтермін Қолда жасып қалма сен. Қозы жауырын [көк] жебе, Ұзындығы алпыс кез, Тартқанда қалсын жығылып. Көп ішінде мен көрсем Қалмағайсың мүдіріп. Он екі күндей ұрысып, Он екі мыңын жығыпты. Қалғандары қалмақтың Сайға қашты жүгіріп. Белінен алды Аягөз Атайын деп қол жанап Жез қаптаған садақты-ай. Қалмақты қырып келеді Бет алдына қаратпай. Он үш күнде айналып Қалмақты қырып болыпты Екпіні қыздың шыдатпай. Аягөздей аруың Жаскелеңді көрген соң, Ерігіп ару жүрген соң, Садағы бар қолында, Қола оғы бар аузында, Қой мойынды құланы Үстіне қамшы сабалап, Жетіп келді жағалап. Алыстан тұрып оқ атты, Сөз сөйлесіп тіл қатпай, Атқан оғын жоғалтты. Жаскелең де бөгелді, Келген қалмақ бітті деп, Ажалыңа қалмақ жетті деп, «Баба Ғұмар, [қолда]» деп, Жаскелеңдей ерлерің Садағын алып жөнелді. Қатарланған сауыттың Жыртыла жазды жағасы. Бабасы оқтан сақтады, Атқан оғы батпады. Қарсы келген қыз жатыр, Атының басын тартпады. Қолды қойды қылышқа, Жаскелеңмен ұрысқа Аянбай қылыш салады. Жаскелеңдей батырың Жеңе алмаған секілді Аягөздей баланы. Дем алып қарап тұрады, Аты-жөнін білуге Жөн-жосығын сұрады. Аягөз сонда сөйледі – Бет алдыңа қарасам Жараған бура келбетті, Шүрегей басты, кіл бетті Басың шойын, үстің тас, Атқан оғың ұсталмас. Қаз мойын қара тұлпарға Қуалап тұлпар жете алмас. Сен қайсы ердің тұқымы? – Он екі жаста ту алған, Таңды қанға суарған. Алыстан қара көрінсе, Аламын деп қуанған. Әруақты туған адаммын, Алладан медет сұраған. Жөнімді менім сұрасаң Кейінгі қалған Нарында Маңдайым күнге күймеген, Табаным жерге тимеген, Шалықтаған қыз едім Жаскелең ағам барында. Кетіп еді сол ағам [Қалмақтағы] Найманның Қоңырша қызын алуға. Ұйықтап жатып түс көріп, Шығып едім елімнен Сол ағама баруға. Өлген болса ол ағам Дұшпаннан кек алуға. Дүниеде тірі жолықсақ Қосылып ойран салуға. Мен елімнен шыққан соң, Он екі күн жол жүрдім. Жол үстінде қамалған Ауыр ғаскер қол көрдім. Жау қарасын көрген соң, Жау екенін білген соң, Артыма тастап кете алмай Ойран салып жүргенмін. Атқа мінген батырдың Бәрінен де хабар бар. Жаскелең[дей] ерлерді Бар ма сіздің көргенің? Жаскелең сонда сөйледі – Талабың жақсы, жарқыным, Кеткеніңде сұраған Іздегенің табылды. Мидай сары далада Жаскелең ағаң мен, – деді. Бірін-бірі көрген соң, Аягөз іздеп келген соң, Құшақтасып, жыласып Басылып мауқы болған соң, Қоңыршамен қосылып, Елге қарай жөнелді. Бірнеше күн жол жүріп Еліне аман келеді. Шешесімен көрісіп Құшақтаса береді. Шешесі сонда сөйлейді – Жасаған Жаппар Құдайым Тілегімді берді ме? Түсім емес өңім ғой, Қарағым, аман келдің ме? Қоңыршаны алам деп Қиындық талай көрдің бе? Жасаған Аллам жар болып, Тілегіңді берген соң, Қоңыршаны алған соң Бәрін қызық көрдің бе? Малын сойды той қылып, Тойына жұртын шақырып. Көп халықты жиғызды, Баршаға қызық көргізді.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.