Әмірзада

Бисмилла, сиынайын Құдіретке, Жете алмас сансыз пенде анау бетке. Пенде[лер] осы жүрген қатасы көп, Әгарда қата шықса, айып етпе. Мұхаммед бір Құданың сүйер досты, Дүниеде мынау пәни о да күшті. Хазірет Әбубәкір, Омар, Оспан, Әли Арыслан, Сүйікті сол төртеуін кәміл қосты. Хабибім – ақырзаман пайғамбары, Сүйікті сол төр...

Kazakh
Әмірзада
Бисмилла, сиынайын Құдіретке, Жете алмас сансыз пенде анау бетке. Пенде[лер] осы жүрген қатасы көп, Әгарда қата шықса, айып етпе. Мұхаммед бір Құданың сүйер досты, Дүниеде мынау пәни о да күшті. Хазірет Әбубәкір, Омар, Оспан, Әли Арыслан, Сүйікті сол төртеуін кәміл қосты. Хабибім – ақырзаман пайғамбары, Сүйікті сол төртеуі шаһариары. Үмбет боп Пайғамбарға дінге кірген, Мұсылман осы жүрген баршалары. Кітапқа бәйіт бірлән жаздым қисса, Мақсұтқа пенде жетер Алла қосса. Шаһары Бағдаттың жұртын билеп, Өтіпті салтанатты бір бай патша. Аты екен падишаның Ғабдуғалым, Жаратқан Құдай артық оның сәнін. Жұртына елу шаһар хүкім шашып, Мұстажаб бала көрмей тартқан зарын. Падиша әділ болып, дәулеті артты, Билеген Ғалым шаһар Бағдатты. Қақ жар[ған] қара қылды әділ патша, Жоғынан бір баланың қайғы тартты. Жад етіп жалынады бір Құдайға, Әулие, көп түнеді әнбияға. Падиша неше жылдай қайғылы боп, Көріпті қырық жасында жалғыз бала. Падиша қырық жасында бала көрді, Алласы шын тілегін жаңа берді. Қайғылы неше жылдай болған жазған, Көңілінде еш арманы қалмады енді. Той қылды елу күндей жұрт жиылып, Мас болды қанша халық ойын қылып. «Мен дағы бұл қайғыдан құтылдым» деп, Жіберді қырық құлын азат қылып. Қазынаның жеті қақпа аузын ашты, Нашарға, ғаріп-міскін алтын шашты. Нашардың, ғаріп-міскін алғандары, Дүниеге азық болды, таусылмас-ты. Тарқады жиылысып жұрты қайтты, Жиылып қожа-молда ұйғарыпты «Болсын, – деп, – Әмірзада мұның аты». Бала өсті жылдан-жылға көркем болып, [Таң] қалды жан тамаша нұрын көріп. Балқыған нұры көркем туған айдай, Жетіпті жеті жасқа кәміл толып. Баласын көрген адам мас болады, Балаша нұрын көріп мас болады. Дәл кәміл жеті жасқа толғаннан соң Молдаға оқытуға ойына алады. Падиша елі-жұртын жиып алды, Бектері, уәзіріне ақыл салды. – Ей, жұртым, ұнатсаңдар бір сөзім бар, Қайғылы бір бала үшін болдым құмар. Қарызынан жалғызымның құтылайын, Молдаға оқыту ниетіміз бар. Көңіліме осылайша ұйғарамын, Зарлығы өтіп еді бір баланың. Ойнаса ойыныңа жарасқандай, Нөкер сап оқытсам екен қырық баламен?! Киімі қырық бірінің бірдей болсын, Көрген жан оның түсін айырмасын. Болса екен ата-тегі руымнан, Ежелгі арылмаған дос-жарымнан. Бәрінің сыр-сипаты бірдей болсын, Жетіде жасы болсын бір жыл туған. Падиша осылайша сөз сынатты, Халық та мына сөзін бек ұнатты. Бектері уәзірімен атқа мініп, Қырық көркем тауып кепті шаһизатты. Киімін қырық бірінің бірдей қылыпты, Тон жауып, саф алтыннан киіндірді. Тәж қойды бастарына лағыл, жауһар, Жақұттан кемер белбеу буындырды. Мешітте оқып жүрді қырық бір бала, Шаһизат бәрі бірдей өңшең дана. Үш ғылым, оқыған молда болды, Жад алды ғылым нүжұм Әмірзада. Артылып Әмірзада аға болды, Шариғат, хақиқат, мағрифат төрт жолға . . .* қарағандай дана болды. Әмірзада ғылымы артық қырық бірінен, Байқалар қайда жаман сөз түрінен. Алдына екі даугер кеп жүгінсе, Айырар шариғаттың жолыменен. Оқудан бала шықты он жасында, Тілейді ғалымдықты Алласынан. Оқуды таза тегіс бітірген соң, Тіленді «рұқсат бер» деп молдасынан. Ұстазы қол көтеріп бата берді, Шәкірті қол көтеріп «әумин» деді. Бата алып ұстазынан шыққаннан соң, Дүниенің қызығынан көңіл қылды. Салдырды оңаша бір алтын сарай, Бау-шарбақ, мүкәммалы қалды сыймай. Тәуірлеп әр сайманынан түзеттіріп, Қисабын өзі білер Патша Құдай. Бұ дағы патша болды өз алдына, Көп келді ойыншылар қызығына. Ақылы Әмірзада жаннан асып, Бір үлкен аға болды жоқ-жарлыға. Малдан алды қырық бір боз арғымақ өңшең барлас, Ондай боп хайуаннан жылқы тумас. Оюланған зүбәржаттан ер-тоқымы, Тұрманын, әр сайманын айтып болмас. Және алдырды қырық бір қара жорға, Үстінен су төгілмес салса жорға. Кіш-міш жеміс салдырды алдарына, Аузына жем ілгені алтын дорба. Қолында әрбірінің бір-[бір] лашын, Халайық, мұны көрсең қызығасың. Дүниеде мұндай болып жан өткен жоқ, Болмаса Мысырда мырза Қасым. Және де қызметкер қырық құл алған, Айтуға құл демесең, о да бағлан. Кигені – алтын жібек, өңшең ноқа, Оны да айырмайсың мырзалардан. Және қырық жігіт алдырды ел аралап, Сауықпен сырнайлатып жүрер жанап. Салтанат, сайранына жұрт қызығып, Қанша жұрт шулайды бәрі қамап. Салтанат, сайранына жұрт қызығар, Көшеге әсем түзеп күнде шығар. Қаз, қоян, қырғауыл, үйрек, аққу, Әзелде аулайтұғын бір көлі бар. Шығады лашын құсын қолына алып, Аулайды көлге барып құсты салып. Ішінде бір топ киік жайылып жүр, Жақындап көріседі бәрі барып. Данышпан қырық бағлан, өңшең зерек, Киікті тамаша етті жақын келіп. Байқаса жақын келіп, Құдауанда, Ішінде бір киіктің түрі бөлек. Киіктің басы сары, көті қара, Ұқсайды бейне жоны жаққан шамға. Қарасы қара, сарысы сары алтындай, Жөн-түрі сондай екен, Құдауанда. Киікке садақ атып жақындайды, Оқ тисе денесіне дарымайды. Көрінген түрі бөлек теке киік, Алтындай қос мүйізі жарқылдайды. Әмір айтты: – Жігіттер, тоқтала тұр, Киікте болады екен мұндай да түр. Оқ атып, енді мұны ыза қылмай, Жігіттер, шамаң келсе тірі ұстап бер. Қуалық бұл киікті бар атпенен, Қуалық кезек-кезек санатпенен. Састырған соң таласар бұл ауызға, Алалық сонда ұстап қамап деген. Киікті біреу барып қуып келсін, Өзгеміз даяр болып мұнда тұрсын. Таласар састырған соң бұл ауызға, Кім қалса ұстай алмай басын берсін. Осылай қырық бір бағлан уағда етті, Киікті кезек-кезек қуып кетті. Киікті састырған соң бұл ауыздан, Патшаның тақымынан шығып кетті. Ұялды сонда патша үлкен ар деп, Құтылып киік кетті «Алла жар» деп. «Сертімді өзім айтқан жұтам ба» деп, Ұсынды уәзіріне «басымды ал» деп. Әмірге уәзірі қылады зар: – Біз қапа, бір хайуан қылды құмар. Қуалық әлі де болса бұл киікті, Қата боп бір жазымнан кеткен шығар. Көңілге осылай деп аза салған, «Алла деп» қуып берді өңшең бағлан. Лап беріп қырық бірі қуған кезде, Бәрінен Әмірзада аты озған. Айрылып жолдас қалды айдалада, Киікке барған сайын жақындаған. Киікке барған сайын үміт етті, Қалжырап киіктің де халі бітті. Тұр екен айдалада бір жалғыз там, Сол тамға қашып барып кіріп кетті. Біреудің тілі беріп, қолы бермес, Алланың өтірікші жүзін көрмес. Қақпадан киік кірген біреу шығып, Мырзаға Әмірзада қылды сөйлес. – Ассаламуағалейкум, бабам, – деді, Мал-жаның көрмесем де аман, – деді. Қақпаңа қуған жауым кіріп кетті, Айда да шығарып бер маған, – деді. – Қақпама қуған жауың қорғалаған, Мен сені падишаға ұйғарамын. Босатып азат қылып жібере көр, Бір кісінің құнын алып қи, қарағым. – Ей, дада, еш нәрсеге мұқтаж емен, Бар мұқтажым бұл киік қуып келген. Бермесең менімен жау боласың, Жалғанда алдандырма еш нәрсемен. Шал сонда қақпасына кіріп кетті, Тұмардай алып шықты бір суретті. Балқыған нұры көркем, бір сұлу қыз, Падиша көргеннен соң есі кетті. Есінің кеткенін білгеннен соң, Суретті шал қайта алып кіріп кетті. Жалынып әлденеше сұраса да, Суретті екіншіде көрсетпеді. – Шырағым, сен бір сөзді айтпадың ба, Сөзіңнен, сірә, айтқан қайтқаның ба? Киікті азат қылсаң, көрсетемін, Сөзіңнен екі айналып қайтқаныңда. – Әкелші, суретіңді мен көрейін, Мәнісі қандай екен тексерейін. Адамнан тірі жүрген табылар болса, Киікті азат қылып жіберейін. Шал айтты: – Мына сөзің жарар, – деді, Көрген соң көңілің қайғы табар, – деді. Мәнісін бұл суреттің баян қылсам, От болып іш-бауырың жанар, – деді. Суретті шал қайтадан алып келді, Падиша пайым қылып әбден көрді. Балқыған нұры көркем, бір сұлу қыз, Падиша есі кетіп жылай берді. Қараса нұр түсіп тұр қақпасына, Іздесе мұндай қызық таппасын ба. Хорлардың ұжмақтағы біреуіндей, Қараса жан жетпейді нұсқасына. Бір көрген қайта айналып көрсем дейді, Жанымды жаннан кешіп берсем дейді. Әгарда осы сурет тірі болса, Жолында құрбан болып өлсем дейді. – Ей, дада, менің қайғым болды басым, Түсіп тұр іште зарым, ықыласым. Жалғанда осы сурет табыла ма, Айтып бер бұл суреттің уақиғасын. – Шырағым, жаман ойды ойламаймын, Көңілің табылады деп ойламаймын. Көңілің табылады деп сенің аулап, Ажалды обалыңа қала алмаймын. Шырағым, аттан түсіп мұнда қонсаң, Айтайын көргенімді, құлақ салсаң. Жайымды мен айтайын, етсең пайым, Қатыран шаһары еді менің жайым. Күніне неше бөлек ләпке салған, Бір жалғыз баласы едім үлкен байдың. Далада бұл бейнетің қалай десең, Түседі дәл тоғыз жол осы арадан. Мұнымен көп жүреді нашар адам, Жері батпақ, елі алыс, бір қиын жол, Алғысты айтып кетер талай адам. Қайыр қыл шамаң келсе әр мекешке*, Мекеш көп жүреді осы күнде. Көп нашар, кембасының жүрер жолы, Салдырдым Құдай үшін жол үстіне. Саудамен бармаған жер қалмаған, Кәсіп қып талай жерді аралаған. Жасымда жиырма алты пақыр шалың Саудамен алтын-күміс Мысыр барған. Мысырда саудаменен бір жыл тұрдым, Кәсіп қып, нәпіс іздеп, дүние қудым. Патшаның Ғабулсайран Ғабдулбіләл Жалғыз қызы сұлудың Мәлике атты жүзін көрдім. Бір күні Мысыр ханы жар шақырды, «Көшеге еркек адам шықпа» деді. Сейілге қыз Мәлике шықпақ болды, «Еркек жан дарға асар шықса» деді. Көшеге жан шықпады жарлық естіп, Қата көп жігіттікте әр білместік. Сұлу деген дабысына ғашық болып, Көрмекке ой ойладым жаннан кешіп. Мас болған дүниеге жігіт шағым, Болмаса не пайда бар, не қыламын. Сұлу деген дабысына ғашық болып, Аузымда сақал-мұртымды тазаладым. Әйелше мен де шықтым киім киіп, Қыз қайтты нөкерменен барған жайдан. Жолында бұғып тұрдым анадайдан, Көрген соң ақылымнан тез адастым, Келбеті кем көрінбей туған айдан. Құдай-ау, әуреленіп бардым неге, Жайымша саудаменен жатпай үйде. Қайтпағым бұл Мысырдан болды қымбат, Жолықтым іздеп жүріп бір бәлеге. Науқасым күннен-күнге қатты болды, Өзгеге сау, өзіме қатты болды. Байбатша дүние қуған бұл мырзаңыз Диуана, ақырында бақсы болды. Сонда мен іздеп таптым қарияны, Тауып берер ме екен деп бір хайланы. Сырымның жасырмадым, бәрін айттым Болған басымдағы уақиғаны. – Шырағым, кеп айтамын, таза тыңла, Тура қайт, шаһарыңа мойын бұрма. Ғашықтық сендей болған әр шаһарда, Бас жойып, қаза тапқан талай мырза. Бұл қызда еркек десе ес қалмайды, Келсе де қанша патша көз салмайды. Харамзада деп сөйлейді күллі еркекті, Ажалдан еркек жанды құтқармайды. – Сіз едің, әй, ақсақал, бар үмітім, Бұл істі душар қылған Құдіретім. Қайтсам да, қайтпасам да өлетұғын, Күн бар ма осы дерттен құтылатын. – Шырағым, бір өнерлі ұстаға бар, Аудармай қыз суретін бастырып ал. Басарсың сағынғанда бауырыңа, Сол саған қыз секілді нұсқа болар. Сонда мен іздеп таптым өнерпазды, Ақыға санап тұрып жүз ділдә алды. Ас болсын алғаны сол сабаздың, Көрген жан Мәликеден аудармады. Кеудемде кеңесім бар дайын-дайын, Жаратқан сондай сұлу бар Құдайым. Басамын сағынғанда бауырыма, Тарқайды әзіргідей шер-құмарым. Кетпейді Мәликенің хас қылығы, Алмадай осы кезде піскен шағы. Отыз төртте жасым бар осы кезде, Күйікпен сақал-мұртым ағарғаны. Салмасын ғашық дертті Құдай басқа, Шал қылып мұқтаж салған жігіт жасқа. Суретің көріп тұрған мәнісі сол, Уақиға баяны жоқ бұдан басқа. – Атаның жүруші едім дәулетінде, Аға-еке, мен көрейін бейнетіңді. Ғашықтық басыңыздан кешкен екен, Маған бер қапа қылмай суретіңді. Әмірзада бұл жігітке құлдық ұрды, Азат қып бұл киікті қоя берді. Алтын қылыш, таза жақұт, кемер белбеу, Толар деп сомасына шешіп берді. Жөнелді сол суретті қолына алып, Дертіне Мәликенің қайғыланып. Есінен өзге нәрсе шығып кетті, Сарайға жатып алды түнде барып. Адасты қырық жолдас Әмірзададан, Бастарына түсті сонда ақырзаман. Елге қайтып баруға қиын болды, Айтуға падишадан қорқып жаман. Далаға сол күн қонды, елге бармай, Айрылып жолдасынан жатты зарлай. «Балаңнан киік қуып айрылдық» деп, Айтуға падишаға сөз таба алмай. Далада сол күн қонды жолын тосып, Қорқады падишадан жаннан шошып. Қорыққанмен жапан түзде жата алмайды, Дел-сал боп елге келді халі нешік. Жігіттер, жақсылыққа мойныңды бұр, Көп сол заманда осындай түр. Қырық бала қақпаны ашып кіріп келсе, Әмірдің арғымағы байлаулы тұр. Бір бала қуанғаннан есік ашты, Тартса да есік махкам, ашылмас-ты. «Япырым-ау, есік махкам, бұ қалай?» деп, Бәрі де терезеден сығаласты. Патшасы жылап жатыр мең-зең болып, Қайғылы көкірегі, көңлі солып. Астында айдай сұлу бір қыз жатыр, Қырық бала ғажап болды мұны көріп. Бір бала падишаға хабар берді, Жиылып хан мен сұлтан бәрі келді. – Бір жаман қыз дегені жақсы сурет, Шырағым, не болды? – деп жөн сұрады. – Мен бір дертке ұшырадым құтылмастай, Қайғылы көкірегім, көзім жаста-ай. Дауасыз бір қайғыға салды Аллам, Іздесем қолға түсіп табылмастай. Халқына бетін ашып жауап берді, Баласы бетін басып жылай берді. – Жамағат, жатып өлмей жүріп өлсем, Анықтап, алмасам да, жүзін көрсем. Жазудан ғайри нәрсе болмас деген, Ел-жұртым, енді маған рұқсат берсең. Падиша ел-жұртын жиып алды, Бектері, уәзіріне ақыл салды. Қыз сырын бір қария біледі екен, Мәнісін бастан-аяқ баян қылды. – Баласы неше патша ғашық болған, Жерінен іздеп барған басын алған. Алмақ түгіл, түсінде көре алмаған, Еліне біреуі аман келе алмаған. – Япырым-ау, ел-жұртым, бұ қалай-ды, Жалғызым сөзге иланып бір болмайды. Құдай-а, не қасірет, не қайғы, – деп, Падиша Ғабдуғалым зар жылайды. Сонда бір қарияның айтқаны – Ей, патша, жібермесең балаң болмас, Өлетұғын сықылды, сірә да, оңбас. Бір барып көңілін басып, қайтып келсін, Қасына жіберіңіз қосып жолдас. Қасына қанша жігіт жолдас алсын, Шаһизаттың құрбылары бәрі барсын. Балаң шошып, қайғы көрсе ақыл табар, Жолдасы шаһзаданың бектер барсын. Бұл қария осылай деп сөз сынатты, Падиша мақұл көріп бек ұнатты. Бастырып сексен нарға қазына артып, Падиша өз баласын жолға ұзатты. Баласын шығарады түстік жолға, «Құдай-а, жалғызымды өзің оңда». Зар жылап жалғызымен амандасып, Айрылып жалғызынан қалды зорға. – Он сегіз мың ғаламды Құдіретіңмен жараттың. Адам, Хауа анадан Тәрбиелеп тараттың. Ғабдуғалым патша қып, Елу шаһар Бағдатты Бір өзіме қараттың. Дәулетке мұңым болмады, Қырық жасқа келгенше, Бала да бермей зарлаттың. Қағбаға бес бардым, Бір бала үшін зарладым. Дүниені ақтардым, Сонда аян беріп ең, Перзентсіз өліп ем. Айналайын, жалғызым, Қырық жасымда көріп ем. Шөлең жерді көл қылдым, Аш, арықты тойғыздым. Нашар, ғаріп-міскінге, Алтын-күміс көп бердім. Алтын шүмек ойғыздым, Күмістен түбек қойғыздым. Әмірің жұртқа жүрсін деп, Атыңды Әмірзада қойғыздым. Жеті жасқа жеткен соң, Сабаққа бердім молдаға, Шүкірлік қылдым Аллаға. Көзіме қысқа көрінді Оқуға жалғыз бармағың, Ел-жұртымды жидырдым, Жалғызға нөкер салдырдым. Данышпан бектер тұқымын, Нөкер салып оқыттым. Жолдас қылып қырық бала, Жақсы болып сапарың, Әмірзада атандың. Оқуың тамам біткен соң, Ұстазыңнан бата алдың. Ұстазыңнан шыққан соң, Алтыннан сарай салдырдым. Сайратып бұлбұл, сандуғаш, Елден-елді аралап, Жылқыдан жылқы саралап, Қырық бір боз арғымақ барладым. Қырық бір жорға алдырдым, Нөкерімен мінсін деп. Қара лашын алдырдым, Көлге салып жүрсін деп. Құс салушы едің аралға, Бастаған екен бір Құдай, Осындай іс болар деп. Ашылмас тұман, атпас таң, Атаңды салдың тараңға. Сапар жолын оңғарып, Екі айналып бір көрсет, Құдіретті күшті Құдайым. Иесіз қалды сарайым, Өзіңе кімді қоямын. Сырнайлатып ән салған, Енді кімге қарайын. Жалғыз ісің кем деген Осы екен ғой, Құдайым. Бермегенде қайтер ем, Шүкірлік тәуба қылайын. Падиша осылайша амандасты, Көзінен қан аралас төкті жасты. Аһ ұрған падишаның зардабымен, Жамағат бәрі бірдей зар жыласты. Бата берді балаға: – Әуелі Құдай оңдасын, Шаһариар жар болсын, Әулиелер қолдасын! Аты екен шешесінің Бибізейнеп, Мойнынан құшақтайды көлеңкелеп. – Кеңіткен тар құрсағым, қарағым-ай, Кетсеңші тым болмаса бір еркелеп. Көнбейді Құдай жазса пенде неге, Бір сағат тұра алмаушы ем көрмегенде. Қарағым, жолың болсын, жылама сен, Қайтер ем сені Құдай бермегенде. Қауым жұрт амандасып қайтты дейді, Мысырға керуен жолын тартты дейді. Неше күн мехнат шегіп, Мысырды жетінші айда тапты дейді. Мәлике қыздың сыры тым-ақ қиын, Қылады мырзалармен күнде жиын. Бір мырза саудагер боп сонда жатты, Ешкімге білдірмейді ішкі сырын. Жатады саудагер боп салтанатпен, Сауығына қанша жанның есі кеткен. Нашарға, ғаріп-міскін азық болып, Әр елге мырзалықпен даңқы кеткен. Мысырда бұл қаралмаған бек қалмады, Бір хайла Мәликеге таба алмады. Бір хайла сол табады дегенменен, Тағы бір іздеп тапты қарияны. Сырының жасырмады бәрін айтты, Бұл болған басындағы уақиғаны. – Шырағым, кеп айтамын, таза тыңда, Тура қайт шаһарыңа, мойын бұрма. Ғашықты сендей әр шаһарда, Басын жойып, қаза тапқан талай мырза. Бұл қызда еркек десе ес қалмайды, Келсе де қанша патша көз салмайды. Харамзада деп сөйлейді күллі еркекті, Ажалдан еркек жанды құтқармайды. – Сіз еді, әй, ақсақал, бар үмітім, Бұл істі душар қылған Құдіретім. Қайтсам да, қайтпасам да өлетін мен, Күн бар ма осы дерттен құтылатын. Шалдың Әмірзадаға айтқаны – Шырағым, дертіңе сенің айтқан дауа табар, Қасында Мәликенің бір кемпір бар. Бір хайла сол табар деп ой ойлаймын, Ей, балам, сенің болсын Құдайың жар. Іздегін кемпір атын Арбағын деп, Өзіңе хайла тапса алмағы көп. Қариядан әбден жөнін сұрап алып, Кемпірді іздеп тапты Арбағын деп. Кемпірге келді-дағы сырын айтты, Уақиға бастан-аяқ, мұңын айтты. – Бұл қиял, қиын сөзді сөйледің, – деп, Жәдігөй, ғаяр кемпір ішін тартты. – Ғашық боп келіп едім осы қызға, Көрмедім, бір жыл өтті, жүзін, сірә. Анық жүзін көрсетсең, жан шешеке, Берейін ақысына жүз мың ділдә. – Ей, балам, сенің ақшаң мен не етейін, Ғаярлық тастап кеткен тербетейін. Бір хайла қаперіме келе қалды, Анықтап Мәликеңді көрсетейін. Әмірзаданы сап-сары қып бояп алды, Сары бояу денесіне жаға салды. Сарғайған тұла бойын науқас қылып, Бір тақтай тауып алып дайындады. Әмірді сол тақтайға таңып алды, Шомылар Мәликенің бір көлі бар[-ды]. Жұма сайын шомылып қайтады екен, Жолына апарды да қоя салды. Нөкері Мәликенің қызыл жүзді, Бәрі де шаһизада өңшең нұрлы. Елуі алдында жүреді екен, елуі артында, Қасынан тастамайды қара қызды. Бұл қыздар шомылмаққа шықты көлге, Күндей боп самал нұры түсті жерге. Таңылып бір тақтайда Әмір жатыр, Алдыңғы елу қыздар келді жақын. Елу қыз мұны көріп тоқталады, – Неге жүрмей тұрсыңдар? – деп сөз сұрады. – Таңылған бір тақтайда адам жатыр, Біз тұрмыз, байқай алмай көріп асыр. Жолдасы Мәликенің бәрі келді, Пердесін бетіндегі ашып көрді. Қарады пайым қылып қыз Мәлике, Қыздарға «мұны өлтір» деп әмір қылды. Көздерін Әмір жатыр ашып-жұмып, Бойлары бірде қызып, бірде суып. Әмірін «өлтір» дегенді естіген соң, «Өлдім» деп ғаріп жаннан үміт үзіп. – Ей, тақсыр, бетін ашып көрдіңіз бе, Екенін халі нешік білдіңіз бе? Кеселді бір өлмегір адам шығар, Бекерге қанын жүктеп керегі не? – Болмасын харамзада, ғаяр, кәпір, Жатпасын ғаярлықпен қылып тақыл. Үйінен науқас адам қалай шығар, Мүсәпір жол үстінде не қып жатыр? – Ауырған жол үстінде бұл мүсәпір, Түрі мұндай бола ма қылса тақыл. Мына табыт тақтайға таңып алып, Жолдасы еліне алып келе жатыр. Сіздің дабыс жайылған талай жерге, Сізден қашып кетті ғой ол мүсәпір. Мәлике мына сөзге нанады енді, Бейшара, мүсәпір деп аяды енді. «Бейшара бізден босқа қалмасын» деп, Үстіне бір шапанын жабады енді. Құтылып сау-саламат Әмір қалды, Бір көрді ғашық болған құмар жарды. Көргеннен жақсы еді көрмегені, От болып, іш-бауыры жанады енді. Көрген соң Мәликенің нұр сипатын, Бір шайқы диуана боп есін алды. Құтылып кемпіріне аман келді, – Келдің бе аман-есен, балам? – деді. – Құтылып дәулетіңе аман келдім, Бір көрсет тағы түсін маған, – деді. Екі мың елу ділдә тағы да алды, Сол кемпір көрсетуге уағда қылды. Сипатынан бояуменен бояп алып, Сарайына Мәликенің жетіп барды. Сарайына қол қусырып барып тұрды: – Датым бар Мәликеге айтар, – деді. – Бір қажет жұмысы бар адам шығар, Ертіп кел, датын айтсын маған, – деді. Отырды бағанағы кемпір келіп, Өткен күн уақиғалап бәрін теріп. Баян қылып солай дейді Мәликеге: – Жасымда байым өліп қалып еді. Артында қуат қылар ұл қалмады, Емшекте екі жасар бір қыз қалды. Көңілім бай іздеуге ұйғармады, Ғарібің ермек қылып асырады. Түрленді нұр қызындай әлгі қызым, Көрген жан қызыққандай болды түрін. Әр түрлі отырамын ойды ойлап, Қайтемін мұны кетсе біреу алып. Ер жетсе қызым кетер нәпсіге еріп, Жаман мен жақсының түсін көріп. Қызымды біреу сүйіп алып кетсе, Онан соң ісім қалар, мысым құрып. Еш жан көрсетпедім сол қызыма, Сақтадым қорыққанымнан жер астында. Ер жеткен соң сол қызым зар жылады, «Шығар, – деп, – дүниенің қызығына». Таба алмай еш қайласын жаман састым, Жалғызым маған жоқ деп зар жыластым. Дүниеде еркек қарасын көрмейтұғын, Ей, балам, ойлап тұрып сені таптым. Қызымды ұнатсаңыз, сізге қоссам, Ойнатып аз ғана күн мауқын бассаң. Айтар сөзім осы еді, шаһизадам, Көңіліңе мақұл көріп мұны ұнатсаң. – Алып кел қызыңызды жылдам барып, Бір жүрсін қыздарменен ойнап-күліп. Қызыңыз өзі жақсы, сұлу болса, Өзіме жіберейін уәзір қылып. Қуанып кемпір келді үйге таман, Сөйлейді барған жайын әбден тамам. – Болады үш күннен соң жұма күні, Ойнап-күл оған дейін күні-түні. Жұмада көлге барып шомылады, Жетпей қайт енді ұмытып, қалма мұны. Шырағым, жұма күнге қалмағайсың, Көлге еріп қыздарменен бармағайсың. Бейсенбі күні қайтпасаң, халің мүшкіл, Бұл сөзді махкам тұтып, ойланғайсың. Әмірге қыз киімін киіндірді, Шаш қойып, айдар тағып түйіндірді. Нұры артық, нәзік белі өзге қыздан, Хорлардай ұжмақтағы бұраңдайды. Салдырды алтын сырға, тас жүзікті, Түріне айдай көркем жұрт қызықты. Қыз киімін киген соң Әмірзада, Қыздардан айырмайды, сірә, тіпті. Қыз қылып Әмірзаданы алып келді, Көрген соң «нұр сипатты бала» деді. – Маған жолдас болуға жарайды екен, Бұрыннан көрсетпедің мұны неге? Қыздардың кіріп кетті қызығына, Іздеген жаңа келді мағшұғына. Әмірдің келгеніне үш күн өтті, Мас болып дидарына есі кетті. Кемпірдің кеп тапсырған жұмысы, Есінен жұма күні шығып кетті. Сарайдан қыз Мәлике тысқа шықты, «Көшеге еркек адам шықпа» депті. Келеді жолға түсіп сайран салып, Күйінбес соған дейін, сірә, тіпті. Тамам қыз көл басына келгеннен соң, Есіне кемпір енді сонда түсті. – Не қылсын іс өткен соң түскенменен, Шырағым, шомылайық шешін, – деген. – Шомылмаймын, өздерің шомыла бер, Ішімде бір жарам бар су тигізбен. Бәрі де шешініпті жалаңаш боп: – Шырағым, шомылайық аралас боп. Қайта мұның ауруға дауасы бар, Кетесіз дертіңізден әм халас боп. Дертіңе осы көлдің дауасы бар, Кеселді адам түспекке болар құмар. Біреуің қолын ұстап шешіндірші, Ұялып әдеп сақтап тұрған шығар. Таба алмай еш хайласын жаман састы, Адасып ақылынан жаман қашты. Шешіндірер болған соң қолын ұстап, Ішінен тамам қыздың тұра қашты. Мәлике: – Енді жылдам ұста, – деді, Көп қыздар қоймай жүріп ұстап алды. Шешіндірмей өзі айтты «еркекпін» деп, – Бетпақтың басын кесіп таста, – деді. Сонда қара қыздың айтқан жауабы Мәликеге – Ей, тақсыр, осы сөзің ұнамайды, Біреу білсе, біреу білмес біздің жайды. Жай білсе де көруге келген шығар, Әрқашан ғашық жайы осындай-ды. Әрқашан сіз обалды ойламайсыз, Бар жанды өзіңізге теңгермейсіз. Әрнеше басы кетті мырзалардың, Азапқа ақыретте қалмағайсыз. Қарашы, бұ да өзіңдей бір асылзат, Ғашықтық, сіз білмейсіз үлкен қымбат. Тілеймін мен бір тілек, тақсыр, сізден, Өлтірмей бұл балаға берші рұқсат. – Атыңнан айналайын, Пәруардигар, Бермесем жолдасымның көңілі қалар. Тілейін мен бір тілек енді сізден, Өлмесе, өлімші қылып жібер. Екінші енді мұнда келме, – деді, Жарамсыз мұндай сұмдық қылма, – деді. Насихаттап қыздың сырын айтып-айтып, Жүз қамшы дүре салып қоя берді. Кім жетер дүниенің жалғанына, Жетеді де сөйтіп жүріп арманына. Қамшының зардабынан жүре алмайды, Жанының шүкір қылды қалғанына. Қалжаурап есі кетіп үйге келді, Ақылдас хайласы артық кемпіріне. Көрген соң кемпір байғұс жылап көрісті, Құтылып аман-есен келгеніне. Жылады жолдастары бәрі шулап, Кеткен соң қорыққан екен мезгіл асып. – Кел қайталық, шырағым, елімізге, Боласың енді жатсаң қаның асық. – Кірмейді құлағыма айтқан сөзің, Сорлымын жас басымнан бейнет тартқан. Жетемін Құдай берсе мұратыма, Жетпесем бұл Мысырдан өлмей қайтпан. Иесіз елім қалды, алтыннан тақ, Ғашықтық әсерінде болдым бетпақ. Берейін қалағаныңды, жан шешеке, Тағы да бір көрсетудің хайласын тап. Ойлайды ғаяр кемпір әрбір ойды, Ділдәға қызыл алтын әбден тойды. – Тағы түсін ғашығыңның бір көрсетейін, Бір хайла қаперіме келе қойды. Мәликенің қырық жыршы қызы бар-ды, Ділдә алып кемпір жазған соған барды. Бұл қырық қыз өз алдында жатады екен, Бәрі де сырнай, керней тартады екен. Жұма күні Мәликенің алдына кеп, Сауықпен өлең айтып қайтады екен. Еркектен үшбу қыздар жиренбейді, Бәрі де ақша тауып, нәпсі іздейді. Жасырын мырзалармен құп ашына, Бұл сырды Мәликеге білдірмейді. – Бар еді жалғыз қызым құп суретті, Ауру неше жылдай болған дертті. Аурудан жазылғалы бір ай болды, Көрсем деп ойын, қызық үміт етті. Қызымды бір күн ойнат қасыңа алып, Бір жүрсін қыздарменен ойнап-күліп. Науқас боп неше жылдай жатқан байғұс, Үйренсін жақсы өнер, ғибрат алып. Шырағым, одан басқа еш балам жоқ, Жалғыз-ақ ермегім сол, еш панам жоқ. Қызымның қызығасың көрсең түсін, Жалғыз-ақ ермегім сол, қуат-күшім. – Жарайды, жан шешеке, ойнаталық, Сірә да, қыз сіздікі деп біз айтпалық. Айталық, бұл бір келген жолаушы қыз, Біздердің іздеп келген жиеніміз. Қыздармен осылайша сөз байласты, Жаһаннан бұл кемпірдің хайласы асты. Қыз қылып баяғыдай түрлендіріп, Қыздарға Әмірзаданы әкеп қосты. Шақырды жұма күні қырық қызды, Қырқымен Әмірзада бірге келді. – Бек бір тамаша сұлу қыз ғой, Сіздерге бұл қалай пайда болды? – Ей, тақсыр, бұл бір бізге жиен еді, Келіпті қонақ болып бізге, – деді. Сіздердің жамал түсіңізді көремін деп, Көрмекке тамашаңызды бірге келді. Қайырып екі қайта сұрамайды, «Бек көркем қыз екен» деп есіне алды. Отырды қара қызды қасына алып, «Ойна» деп қырық қызға әмір қылды. Ойнады тамам қыздар өлеңдетіп, Ән қосып, неше күйді сырнайлатып. Түн ортасы болғанша өлең айтып, Мезгілі таңға жуық қайтады екен, Іскірепке неше түрлі сырнайлатып. Салдырды сырнайлатып әр бұрымға, Буын жоқ бейқисапсыз өңшең жорға. Түн ортасы болғанша өлең айтып, Онан соң кезек келді жиен қызға. – Жиен қыз, енді саған келді кезек, Ойын жоқ біздің қызда бұдан бөлек. Қайғы[да] шерменде боп жүрген жазған, Ер Әмір сөйлей берді тілін безеп. Көрсетті әр ойынның тамашасын, Ақылдан естіп тұрсаң адасасың. Таянып екі жағын тыңдап отыр, Бойын таза салып Мәлике ықыласын. Тағады домбыраға жеті перне, Сөйлейді ойындағы көп шерменде. Бұрынғы мирас қылып ерлерді айтып, Жетеді мақсұтына кейбір пенде. Жаратқан бәрімізді бір Құдайым, Ағызды бал-шекердей тілдің майын. Және бастап Жүсіп пен Зылиқадан, Сөйлейді тәрбиелеп ғашық жайын. Жетеді еркек бірмен, ұрғашы ермен, Қызығы құрбыменен ойнап-күлген. Көз нұры, көңіл қуанышы бай мен бала, Хайуанша ақымақтар жалғыз жүрген. Түсінді қыз Мәлике осы жерден, Мұның еркек екенін енді білген. – Еркек деп ойлаймын осы жерден, Қара қыз, түсіндің бе мұны, – деген. Түсіндім, бәрекелді мұнда кел деп, Қанына қадір түнде ортақ болма. Сол жерде бұл қыздарға бұйрық қылды, Түсінгенін еш адамға білдірмеді. – Бөтен қыз қастарыңа ертіп келсең, Басыңды бәріңнің де алам, – деді. Сарайдан Әмір шықты мауқын басып, Ойдағы шерін сөйлеп, мауқын басып. Көшеге күндей болып нұры түсіп, Шағылып туған айдай нұры тасып. Бұл қырық қыз қисабы жоқ ғаяр екен, Кешке ақша берген мырзаларға даяр екен. Түн ортасы болғанда қайтып келіп, Сауықты мырзалармен салады екен. Ойынға бүгін түнде алданыпты, Қайтқанша бұл таң атып, жер жарық-ты. «Бек көркем, бір тамаша сұлу қыз» деп, Көрген соң қанша мырза таң қалыпты. Түстерін қайран болып көріп жатыр, Ақшаны есі кетіп беріп жатыр. «Кешке қызға не қылсаң жолықтырам» деп, Ақшасын мырзалардың алып жатыр. – Кешке кел, бәріңе де даяр, – дейді, Мырзалар сөз байласып қала берді. Қыздарға Әмір айтты: – Рұқсат бер, Мен көрем тамаша, ойын, қызық. Шешем маған тапсырып қалып еді, «Шырағым, бүгінгіден қалмай кел» деп. – Сіз үшін мырзалардан ақша алдық, Бәріне бүгін кешке уағда қылдық. Шешеңе жауабын біз береміз, Қайтасың соларменен ойнап-күліп. Отырды амалы не, ылажсыз боп, Мырзалар жиылыпты күндіз-ақ кеп. Күндіз-ақ «оңаша үйге жүргіл» дейді, Мырзаны алдандырды тұра тұр деп. Күн батып, ақшам болды «бол-бол» дейді, Хайла қып құтылатын жер болмайды. Қыздарға Әмір айтты: – Бойымда бір ұятым бар, Үстіме еркек мінсе астым толар. Қозғалып менің ішім күйіп отыр, Босатқым түзге барып келіп отыр. Бір қыз үшін шерменде боп жүрген сабаз, Зорлыққа амалы жоқ көніп отыр. Жіберді екі қызды аңдушы қып, Көз байлады екеуін алдандырып. Амалсыз ылаж таппай тұрған жазған Жөнелді екі қызды екі-ақ ұрып. Кей жігіт түзде шорқақ, үйде шешен, Талапкер ердің бәрі болса көсем. Ықыласы, хайласы артық кемпіріне, Құтылып Әмір келді аман-есен. – Келдің бе аман-есен, Әмір балам, Ылажсыз отыр еді ғаріп анаң. Түбінде осы қызды сен аласың, Бұйырып жазған екен Хақ Тағалам. – Аузыңнан айналайын, ғаріп анам, Сен болдың жалғыз жәрдем, менің панам. Еркектен бұл қыз нешік жиренеді, Шамаң келсе сырын тартып берші маған. Еркектен бұл қыз нешік жиренеді, Кей жаман ақыл таппай бөгеледі. Сырын білсең, бір хайла табар едім, Ойласып, қолыңыздан келсе шамаң. – Мен сенен өнерімді аямаймын, Еш нәрсе енді сенен сұрамаймын. Жолыңда енді сіздің жаным құрбан, Алдына Мәликенің бір барайын. Базардан түрлі тағам алды сатып, Ауыздан айырмайсыз алсаң татып. Ішіне алтын шелек салып алып, Алдырды қос қара атты дайындатып. Сөзімнің күлме, ағалар, қатасына, Қол жайып, дұға қылар батасына. Жүз жасап Әбілмәжін қария өткен, Ақылшы уәзір болып атасына. Жаһанда, бұл кемпірдің хайласы көп, Пенденің бұдан асқан баласы жоқ. Келеді Мәликеге пәуескемен Сол өткен қарияның қатыны боп. Бұл кемпір осылайша хайла етті, Қылып жүр Мәликеден бұ да үмітті. «Жұмысым Мәликені» дәп өзінде, «Түссін» деп маған берсе рұқсаттың. Түссін деп қыз Мәлике берді жарлық, Түседі пәуескеден кемпір қарғып. Даярлап тағам салған алтын шелек Сол үйге кірді қолына алып. Мәлике өз қасынан орын берді, – Жүрмісің аман-есен, балам, – деді. Әбілмәжін қарияның қатыны боп Ілгері өткен күннен сөйлей берді. – Жүз жасап біздің бай да өтіп еді, Халыққа бек данышпан жетік еді. Әкеңнің бұрынғы өткен әкесімен Екеуі бек тату болып өтіп еді. Әкеңді Ғабулсайрам көріп едім, Әр жерде қызметіне көніп едім. Әкеңнің әлпештеген қыздарына Қолымнан талай тағам беріп едім. Ойлаушы ем нұрыңызды көрейін деп, Бір барып амандасып келейін деп. Бар еді атаңыздың дәм қарызы, Әкелдім сізге тағам берейін деп. – Төсекке күн шыққанша жатқан емен, Күнәға нәпсі ойлап батқан емен. Берейін қалағаныңды, жан шешеке, Жасымнан кісі дәмін татқан емен. – Шырағым, түрің бөлек, ойың зерек, Дүниеге алданбайсың көңіл беріп. Тағам келсе Пайғамбарыма Құран қойған, Тағамды нәубіз қоймай татсаң керек. Сөйлейді кемпір байғұс шариғатты, Аштырып алтын шелек дәмін татты. Тағамның татып көрсе дәмі бөлек, Мәлике «жарайды» деп бек ұнатты. – Шешеке, сөйлей отыр келгеніңді, Бар болса көңіліңе алған бұйымтайың. Дүние осы күнде маған арзан, Не болса қалағаның бәрі дайын. – Болады қажет істері тірі адамның, Қажетсіз өзі шығар бір Алланың. Айтар мұңым көңілімде толып жатыр, Айтқан соң бермесең сен ұялғаным. – Берейін оңай қылып қиыныңды, Беремін не де болса бұйымыңды. Дүние осы күнде маған арзан, Қайырдың білмеген соң сіз сырымды. – Ішінде қияметтің жеті тозақ, Барғанда білмейсіздер тартар азап. Тілейтін тілегімді берер болсаң, Айтамын бір өзіңе оңашалап. Аузынан «беремін» деп айтып салды, Сұрар деп қандай нәрсе ойына алды. Шығарып нөкерлерін жіберді де, Ішінде алтын сарай жеке қалды. Сөйлейді ғаяр кемпір сөзді бастап: – Шырағым, ашуланып қылма қыспақ. Дүниеде өзіңіздей жан көрдің бе, Еркектен безген бар ма талақ тастап. Жаратқан Құдай әуелі егіз қылып, Хауа ана, Адам ата бір қосылып. Дүниеге сол екеуі тұқым шашты, Құданың құдіретімен жаратылып. Пенденің одан соңғы бәрі де егіз, Бір Алла жаратушы өзі жалғыз. Жұпсыз жалғанда жан болмас деп, Молдадан кітап ашқан есітемін. Зылиқа бұл жалғанда болған нұрлы, Патшадай өзі әйел әмірі жүрді. Неше жыл ғашық үшін мехнат көріп, Сүйгенге қосылған соң көңілі тынды. Тұңғышы Пайғамбардың Бибі Бәтима, О да сүйіп тиген ер Әлиге. Қосылып неше ғашық зарлы болып, Солардан бала туып, қалды тұлға. Ойлашы, дүниеге қайдан келдің, Хорлардай ұжмақтағы көркем болып. Ата-анаң ерлі-зайып сұхбат құрып, Екеуінің ұрығынан пайда болдың. Көңіліңе жалғыздықты еп көресің, Кітаптан өзің молда, көп көресің. Сұрайтын осы сізден бұйымтайым, Еркекті не себептен жек көресің? – Осы еді дүниеде қиын ісім, Әр тентек мақұлдайды қылған ісін. Сұрайды деп сізді мұны ойлағам жоқ, Алданған қапияда бір жұмысым. Біреудің тілі беріп, қолы бермес, Алланың өтірікші жүзін көрмес. Ауыздан шығармасқа ант қылыңыз, Уағда қылып едім, айтпай болмас. «Айтпан» деп еш адамға ант береді, Кешір деп Құдай өзі дөп көреді. Кемпірдің өз аузынан антын алып, Уақиға бастан-аяқ сөйлей берді. – Күнімде тоғыз жасар бір түс көрдім, Түсімде өзім киік, ешкі болдым. Құданың құдіретіне тамаша қыл, Бір теке киікпенен жолдас болдым. Ол теке сонда менің байым болды, Түс те болса өңімдей дайын болды. Ол мені қатын қылды кәдімгідей, Дариға, осылайша жайым болды. Қосылып сол текемен ойнап жүрдік, Бағына жеміс еккен жайлап жүрдік. Еш тыныштық жемісіне бермеген соң, Иесі қойған екен тұзақ құрып. Ойнаймыз күнде барып сол бағына, Дағдылы жеміс еккен әр бағына. Жолдасым қасымдағы теке киік Бір күні түсіп қалды тұзағына. Ілініп қыл тұзаққа текем сасқан, Біздер оттаймыз деп қара басқан. – Босатып қыл тұзақтан мені ала кет, Хақтық жар емес пе ең Құдай қосқан. Қимадым енді артыма тұрдым қарап, Келді жетіп тұзақшы да жақындап. Тісіммен қыл тұзағын барып қидым, Жанымды белбеуімнің ұшына орап. Құтылып сау-саламат тез жөнелдік, Бағына жеміс еккен бара бердік. Бір күні мен де іліндім тұзағына, Айналып күнде барып оттаймыз деп. Тұзақшы түскенімді көзі көрді, «Құдай-а, бере гөр» деп жүгірді енді. Жолдасым қасымдағы теке киік, Артына бір қарамай жүре берді. – Жолдасым, мені тастап кеткенің бе, Мұратқа жалғыз барып жеткенің бе. Босатып қыл тұзақтан мені ала кет, Шерменде қолға тастап кеткенің бе? Оқшау шығып теке менен түңілді енді, Тұзақшы «иә, Құдайлап» жүгірді енді. Жолдасым қасымдағы Құдай қосқан, Артына бір қарамай жүре берді. Япырым-ай, мына, шіркін, жақсылықта жолдас екен, Жаманшылықта еш рақым қылмас екен. Көрмейін дүниеде еркек жүзін, Әрқашан харамзаданың күні осы екен. Ант іштім сөзімменен сол арада, Алмасқа еркек жүзін назарыма. Құданың құдіреті қандай күшті, Бір істің түстім сөйтіп базарына. Кемпірге көңілдегі сырын айтты, Уақиға бастан-аяқ мұңын айтты. Кемпірдің іздеп келген жұмысы еді, Хайламен сырын әбден біліп қайтты. Пенденің қылған ісі Тәңірге аян, Тамұқта күнәліні шағар шаян. Естіген сырын сөйлеп Мәлике[нің], Бар сөзін Әмірзадаға қылды баян. «Бәлі!» деп Әмірзада бек қуанды, Нөкерін өз қасына жиып алды. Мысырда өнерпазды алып келіп, Қарсылап Мәликеге үй салдырды. Мысырда өнерпазды алып келді, Сайманын керек деген тауып берді. «Сарайынан Мәликенің артық қыл» деп, Ақшаға артық беріп қызықтырды. Ұсталар білгенінше төкті өнерін, Шығарды артық қылып әр порымын. Мысырда мұндай салған жан жоқ, Моншасы сарайындай Мәликенің. Бұл үйді өнерпаздар болды салып, Бұл үйді көрген адам қоймас назар. Орнатты төрт бұрышына төрт кеукер тас, Шығады нұры көкке оттай жанып. Өзі түсті һәм суреті артық нұрлы, Он бес қыз, он бес жігіт сурет қылды. Біреуін біреуіне ғашық қылып, Бәрін де үйлесімді күндей қылды. Ғашық боп мехнат тартқан жеткен сөз қып, Хикаят өлең жаздырды, өлең қылды. Онан соң бастырады өз суретін, Ғашық боп мехнат тартқан көп бейнетін. «Түсімде ұрғашыдан шошыдым, – деп, Көрмен, – деп, – дүниеде әйел бетін». Түсіне Мәликенің дөп қылады, Көрмен деп ұрғашыны ант қылады. Дүниеде қатын алмас еркек болып, Мысырға осылайша даңқ қылады. Қиссаның баршаларын сырмен жазып, Суретті үй сыртына жапсырады. Ер Әмір осылайша салды жайды, Дәулетке лайықты бәрі ұнайды. Бір күні от шығады жоғарыдан, Мәлике «бұл қалай?» деп сөз сұрайды. – Мысырға бір керуен сарай салған, Ондай қып ешбір адам үй салмаған. Орнатқан төрт бұрышында төрт кеукер тас, Жарығы соның, – дейді, – отпен жанған. – Сөзбен несін айтасың қалайынан, Нанбаймын еш уақытта, жаным, бұған. Мысырда бұдан артық үй жоқ дейсің, Артық па осы менің сарайымнан? Көрген жан тамашасын көп сөйлейді, Сайманын артық қылып, бек сөйлейді. «Сіздің сарай ол үйдің моншасындай», Көрген жан осылайша деп сөйлейді. Сол жерде қыз Мәлике аң-таң қалды, Бұл сөздің еш мәнісін біле алмады. «Жан таң қылып сөйлеген қалай үй» деп, Мәлике көрейін деп ойына алып. Ойлады «көрейін деп үйді барып, Ұнатсам мен де алайын үй салдырып». «Көшеге еркек адам шықпасын» деп, Шаһарға қыз Мәлике берді жарлық. Қасына нөкерлерін ертіп алып, Сол үйге баруға кетті салып. Не күшті, ойласаңыз Құдай күшті, Қуалап кім тоқтатар өткен істі. Үй сыртын тамашалап көріп тұрса, Суретке қиссаменен көзі түсті. Оқиды қиссалардың бірден-бірін, Сынады ер Әмірдің жазған түрін. «Қатынды ғұмырымда алмай[мын]» деп, Келтірген осылайша сөз порымын. Мәлике хатты оқып жосады енді, Сүйегі мына сөзге босады енді. «Ғұмырда еркек көрмен» деген қызды Құдайым осылайша қосады енді. Шақырып ер Әмірді қасына алды, Көрісіп, амандасып жөн сұрады. – Патшаң кім, шаһарың кім, ей, шырағым, Бұл жерге келіп жүрсің қалай? – деді. Мәлике сұраған соң айтты жөнін: – Болады шын падиша арғы тегім. Өз атым Әмірзада, шаһарым Бағдатта, Патшаның Ғабдуғалым жалғызы едім. Мәлике иландырып сөйлей берді, Көңіліне айтқан сөзі ұнай берді. – Елден шығу сіздерге лазым ба, Бұл жерге келіп жүрсіз қалай? – деді. – Күнімде жеті жасар оқуда едім, Бойымнан ақыл кетіп бек шошыдым. Шошыған үшбу түстің зардабынан Дүниеде қатын алмай өттім, – деді. Ата-анам отырады уаныш қып, Сөйлейді бір күндерде қуаныш қып. Лайықты әр елден қыз іздейді, «Айттырып жалғызыма беремін» деп. Мұны естіп ата-анама кісі салдым, «Мен үшін іздемесін қатынды» деп. Қатынның ғұмырымда керегі жоқ, Қатынсыз өз жайыма жатам дедім. Мұны естіп ата-анам өзі келді, Екеуі қайта-қайта құзыр қылды. – Сенен тұқым болмаса, ей, қарағым, Біз қайдан көркейеміз, білші, – деді. Кім жетер қатын алмай мұратына, Ойлашы, миың болса, балам, сірә. Үш саяқ боп жүргенше елге күлкі, Кетіп қал көз көрмеске, мұнда тұрма. Дүние, ұрғашыдан назарым жоқ, Қайтейін, Құдай салды, амалым жоқ. Уәзір, жолдастарым менен қалмай, Мен келдім бұл Мысырға саудагер боп. – Сіз көрген үшбу түсті мен де көрдім, Бойымнан ақылым кетіп, бек шошыдым. Шошыған үшбу түстің зардабынан Мен дағы еркек қарасын көрмеуші едім. Япыр-ау, бұл түсімнің қатасы жоқ, Жерінің олай-бұлай шатасы жоқ. Ей, мырза, мұны қалай деп ойлайсың, Көрінген екеумізге қатасы жоқ. – Түс деген көрінеді, Құдай білер, Қараңғыда болымсызды көзге ілер. Қайғысыз мекеніңде сіз болмасаң, Елден шыққан бір саяқ нені білер. Ендеше, екеумізді Құдай қосқан, Бір малғұн арамызда болған дұшпан. «Түсті шайтан бұзады» деген сөз бар, Бір ғайып теке болып әуел бастан. – Ей, жігіт, пайым қылып мұны білсең, Шайтаның жолға салар тіліне ерсең. Екеуміз жұпты болып қосылайық, Алуға мені ұнатып қабыл көрсең. – Айрылып ел-жұртымнан қапа тарттым, Жазуы осылайша екен жалғыз Хақтың. Екеуміз де түсімізден шошығанмен, Тиюге сіз ұнатсаң, мен де ұнаттым. Екеуі әуелінде мехнат көрді, Тілегін ақырында Құдай берді. «Күйеуге мұны ұнатса тиемін» деп, Мәлике әкесіне кісі салды. Атасы мақұл көрді бек ұнатып, Той қылды қазынаның аузын ашып. Ғұлама жақсы молда неках қиып, Мағшұғын мақсұт тапты екі ғашық. Жақсылық қара қыздан көріп еді, Ақылдас Мәликенің серігі еді. Әрі дос, әрі уәзір бек баласы Қара қыз өзі таңдап соған тиді. Жүз жігіт қасындағы жүз қатын алып, Бәрінің осылайша көңілі тынды. – Мәлике, сөз айтамын енді саған, Көңіліме енді түсті ата-анам. Қуаты ата-анамның жалғызы едім, Ендігі болған шығар күні қараң. Қарызын, ата-ана көп ойлаймын, Көңіліме қайғы түсіп көп ойлаймын. Мәлике, қабыл көріп мұны ұнатсаң, Еліме қайтсам екен деп ойлаймын. – Әміржан, мен сізсіз тірі тұрман, Басқаға сенен басқа мойын бұрман. Жіберіп қайын атаңнан рұқсат ал, Жолыңда сіздің болсын жаным құрбан. Жіберіп қайын атасына хабар айтты, Жалғыздық көңілінде мұңын айтты. «Олай болса, атасын қуантсын» деп, Падиша мақұл көріп бек ұнатты. Падиша Мәликені жабдықтайды, Бастырып сексен нарға қазына артты. Бір шаһар ауданымен көшкендей қып, Падиша осылайша жолға ұзатты. Қара қыз бек данышпан, ақылды еді, Туысқан Мәликемен жақын еді. Атасы алпыс түйе қазына артып, Баласын о да ұзатып ап келеді. Қоштасып, амандасып елі қайтты, Шаттанып шаһзадалар жолға тартты. Неше жыл ойнап жүрген құрбылары, Шулаған қаздай болып о да қайтты. Ұзады бір уәзірі елге таман, Кеткелі үш жыл болды өткен заман. «Қыз алып, балаң аман келеді» деп, Сүйінші сұрады падишадан. Падиша тақта отырған түсті талып, Айрылып екі көзден болған ғаріп. «Өңім бе, түсім бе, мына хабар» деп, Сұрайды жұртын қайта жиып алып. Жамағат, мына қызыққа жұрт жиылды, Сүйіншіге дүниенің малын берді. Қасына уәзір, бектерін ертіп алып, Падиша баласына қарсы жүрді, Қасында қанша сұлтан баласы бар. Падиша баласымен көріскені – Ақ тарыдай шашылып, Байлаудан шын ба шыққаның. Жапанда жаяу қалып ем, Қолымнан кетіп тұлпарым. Сағынып көрген жалғызым, Сарғайтып тастап кеткенің. Үш жыл болды кеткелі, Көрмейін сені деп пе едім. Жалғызым сенің дертіңнен, 1220Тағымнан түсіп безіп ем. Жалғыз қара көрінсе, Көзімді соған сүзіп ем. Жан, шіркін, нақ мықты екен, Жалғызымды көргенде, Жарылмай тұр ғой жүрегім. Беткейдегі бұлағым, Төскейдегі құрағым, Маңырап келген лағым. Аман-есен келдің бе, Әмірзада қарағым. Падиша осылайша амандасты, Көзінен қан аралас төкті жасты. Қасында қанша ханның баласы бар, Жамағат інжу, маржан, кеукер шашты. Той қылды елу күндей жұрт жиылып, Мас болды қанша шаһар ойын қылып. Қызыққа неше күндей жұрт жиылып, Қуанды падишаның көңілі тынып. Көреді адам бетін айнаменен, Жаманның емі болмас пайдаменен. Сұлуды Мәликедей қатын қылды, Ер Әмір неше түрлі хайламенен. Көп адам дүниеден өтті дейді, Талапкер мұратына жетті дейді. Оқыған, Әбікеңе бір дұға қыл, Аяғы таммат тамам бітті дейді. Шығарған осы өлеңді Әбік атым, Кем емес еш адамнан салтанатым. Қата болса айыпқа ұйғармаңыз, Оқыған, тыңдаушы, жамағатым.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.