Қисса Шаһизада

– Не болды мұнша, – дейді, – сізге, ханым, Құрбандық жолыңа жиған малым. Басымды өзім кесіп берер едім, Әгарда болса керек шыбын жаным. Падыша көп жылады жасын тыймай, Кеткен соң қайғы кіріп ішке сыймай. Атынан ұшып кетіп, жерге түсіп, Жатып[ты] біраз уақыт есін жимай. – Кеткен соң сізден басқа түсті көрдім, Көп ғажап...

Kazakh
Қисса Шаһизада
– Не болды мұнша, – дейді, – сізге, ханым, Құрбандық жолыңа жиған малым. Басымды өзім кесіп берер едім, Әгарда болса керек шыбын жаным. Падыша көп жылады жасын тыймай, Кеткен соң қайғы кіріп ішке сыймай. Атынан ұшып кетіп, жерге түсіп, Жатып[ты] біраз уақыт есін жимай. – Кеткен соң сізден басқа түсті көрдім, Көп ғажап адамзаттан істі көрдім. Ғайыптан хабар беріп мұндай қылған, Құданың құдіретін күшті көрдім. Түсімде мен шақырдым адам көріп, Қасыма жетіп келді сәлем беріп. Қарасам сол жігіттің сөзін байқап, Жүр екен падышаңды Құдай ұрып. Деп едім мен оларға «баламыз жоқ, Дүниеде баламыздан панамыз жоқ». Солардың айтқан сөзі рас екен, Деп еді «неткен жансыз, санаңыз жоқ». Падыша былайша деп көп жылайды: – Кеш болды бала, перзент, – деп жылайды. Артымнан дұға қылар, таққа мінер Жалғанда жалғыз бала, – деп жылайды. Қайғырды ләшкербасы, барша кісі, Бұ дағы Құдіреттің қылған ісі. Жұбатты падышаны Ханбіл ахун: «Болмас, – деп, – ізгіліктің ерте-кеші». Сонан соң бәрі келді шаһарына, Кім шыдар қылса Құдай қаһарына. «Қылың, – деп, – бір садақа Құдай жолы», Уәзірдің хабар берді баршасына. Уәзірлер ошақ қазып, қойлар сойды, Ойлаған Бақыт патша әрбір ойды. Шаһардың Шын-Машындық бәрін жинап, Алдына екеу ара табақ қойды. Жамағат, жас пен кәрі сол арада Әр түрлі арақ-шарап, етке тойды. Жамағат тағам жейді жабырласып, Падышаның кеткен екен түсі қашып. Жұмлә ел фатиханы еткен уақытта, Бұл сөзді айтты падыша қолын алып. – Жасаған Жаббар Құдайым, Жапанда түзде ұйықтатып, Кеуіліме салдың уайым. Бала бер деп жалбарып, Бір өзіңе жылайын. Әгар қабыл қылмасаң, Нешік хайла қылайын. Зарымды айтып, жалынып, Мұңымды айтып сыйынып, Көзден жасым бұлайын. Кеулім қасірет болған соң, Жыламай неғып шыдайын. Ішім толған жанған шоқ, Бұл сөнбей неғып тынайын. Әумин деңіз, жамағат, Тілекке кеңес құрайын. Мал-мүлкімді таратып, Жалғыз-ақ перзент сұрайын. Ақсақал, жақсы дұға етсең, Қолымды жайып тұрайын. Падыша мұны айтып биһұш болды Және біраздан соң жайына келді. Қайғырып бір баланың қасіретінен, Өлетінін сұлтанының елі білді. Хайлаға жұрт жиналды «қаралық, – деп, Болды ғой кеулімізде жаралық» деп. Бұлайша мәслихатта уағда қылды, «Он кісі Лұқманға баралық» деп. – Лұқманның жері жырақ біздің елден, Һешкім жоқ мекеніне барып келген. Арасы Мекке менен Мәдиненің Жол екен жыл жарымдық осы жерден. Он кісі бұлай қарай сапарланды, Елінен азық-түлік мықтап алды. Зарланған падышаның қайғысы үшін, Түзетіп ат маңдайын жолға салды. Баршасы түгелдеп жүріп кетті, Мехнат жол үстінде көріп кетті. Мүддаты жыл жарым болғаннан соң, Ішіне Мәдиненің барып жетті. Неше күн жолда [бұлар] жүрген екен, Мехнат жол үстінде көрген екен. Тілегін барушының Құдай беріп, Лұқман Мәдинеге келген екен. Барған соң Лұқманды бұлар көрді, Алдында тағзымменен тіке тұрды. Көрісіп қолын алып болғаннан соң, Аты-жөні, патшасынан хабар берді. Лұқман айтты: – Патшаңа сәлем, – деді, Болмасын әзеліне алаң, – деді. Ханбілдің қолындағы қызын алсын, Бір бала бе[рер] Алла, – деді. Бір бала, иншалла, болар, – деді, Кеуілі бала түсіп толар, – деді. Келген соң он жасына өсіп бала, Ол күні шырағы солар, – деді. Есітіп үшбу сөзді қайтып кетті, Арада неше мүддат күндер өтті. Үш жыл жүзі тамам болғаннан соң, Шын-Машын шаһарына барып жетті. Сөз қылдым қағаз жазып әрбір істен, Болмайды ізгілік іс ерте-кештен. Оралып бұлар барып келгенінше, Жүр екен патша кеуілін білдірместен. Уәзірі патшаға айтты барғандарын, Лұқманның құлағына салғандарын. Қуантты «сүйінші» деп өз сұлтанын, Жауапты есіттіріп алғандарын. Падыша мұны естіп бек шаттанды, Кетіріп қайғыларын көп шаттанды. «Жүгір, – деп, – Ханбіл ахун, үйлеріңе, Қызыңды алып кел» деп айбаттанды. Жылауды енді қойды жасын тыйып, Адасқан түгел тапты есін жиып. Би Ханбіл сұлу қызын алып келіп, Беріпті падышаға неках қылып. – Құдай-а, жан да аманат, тән де аманат, Падыша шариғатты қылды санат. Көзінің жасын Жаббар қабыл көріп, Болыпты келін, әсілі, екіқабат. Падыша нақ он екі қатын алды, Тең болып әрбіріне берді малды. Кішісін үлкенімен алып қалып, Бәрін де тоғызының талақ салды. Жамағат, жад етіңіз жалғыз Хақты, Мінгізген әркіміне алтын тақты. Ханбілдің жүкті болған әлгі қызы, Жеткізіп ай-күніне бір ұл тапты. Падыша қуанғаннан тойын қылды, Қызықпен мереке етіп, ойын қылды. «Кітаппен атың жақсы қойыңыз» деп, Тамам моллаларға әмір қылды. Жиналды моллалардың бәрі тамам, Ішінде жасы-кәрі, жақсы-жаман. «Баланың атын жақсы қоямыз» деп, Біле алмай лайық атын қапаланған. Бұл халде бір мүсәпір жетіп келді, Тұрғанын қапаланып кеуілі білді. Болған соң өзі жарлы білінбеген, Қашаннан сұмырай екен жүйрік тілді. Патшаға: – Етсең, – деді, – бізге жарлық, Зарланып неше жылдан көрген тарлық. Көтеріп екі қолын патшаға айтты: – Болсын, – деп, – мұның аты Шаһизарлық. Мұнымен жұмлә халық қайтып кетті, Сонан соң неше күндер, айлар өтті. Әуелі бір жасында тілі шығып, Жағалап үш жасына және жетті. Падыша зияпатын артып нарға, Шыдамай неше жылдан қайғы-зарға. «Үйрет, – деп, – ғылым, әдеп, хат пенен тіл», Баласын берді апарып моллаларға. Падыша бір Құдайға шүкір қылды, Өткізді мұныменен біраз жылды. Зарлық хан жеті жасқа келгеннен соң, Үйреніп ғылым хикмет кәміл білді. Бейғайып зерек болды ақылы көп, Сөйлесе патша сөзін көреді дөп. Халқына хабар салды бір күн жиып, «Баламды өз орныма мінгізем» деп. Сөз қылдым хатқа салып мұндай ерді, Ойлаған ақылменен қанша жерді. Баласын өз орнына патша қойып, Мінгізіп алтын таққа бата берді. Жеткен соң тоғыз жасқа таққа мінді, Жүргізді әділетін халыққа енді. Бір жыл, он екі айлық патша болып, Айналып келесі жыл онға келді. Бастайын әуел жерден сөзді бұлай, Келмеген жарым жасы жылай, жылай. Басы бұл бейнетінің – ұйықтап қалса Бір түсті көрсетіпті Патша Құдай. Көріпті бір шаһарды өзі қашық, Қақпаның қойған екен аузын ашып. Көшеде бір сұлу қыз отыр екен, Патша соны көріп болыпты ғашық. Ұйқыдан қызды көріп тұра келді, Білмеді . . .* қандай елді. Күлкіні ойынменен талақ қылып, Ішінен қайғы тартып жүре берді. Ол еді Машынның Зарлық ханы, Көп көрер мехнатты ғаріп жаны. Бір күні жатса қызды тағы көрген, Сол еді сонан бері ұйықтағаны. Баяғы сұлу қызды тағы көрді, Қыз «мұнда кел» деп жауап берді. Аяғын басқан шақта шошып кетіп, Жылады бас көтермей құшып жерді. Есітіп үшбу халді Бақыт келді: – Не болды мұнша саған, балам? – деді. Бір қызға, жазған балам, ғашықпысың, Себебін айтшы, мұның маған, – деді. Бала айтты: – Патша болдым он екі ай, Түс көрдім ұйықтаған соң осы жайда-ай. Ақ жүзін жерге салып жылай берді, Деді де «ғашық от пайда [болды-ай]». Қосылып баласына салады зар, Кең дүние бүгінгі күн көрінді тар. Жалғызын тілеп алған мұндай қылып, Ісіне Құдіреттің не шара бар. Зар жылап Бақыт үйге қайтқан шағы, Басынан қайтар болды қонған бағы. Ұйықтаса бір күн жатып әлгі жерде, Баяғы ғашық жарын көрді тағы. Сөйлейді сонда Зарлық: – Қалқам, Менің жаныма қатты өтті қайғың сенің. Іздер болсам әгар бұ дүниеде, Айтып кет, не болады аты-жөнің? Қыз айтты – Өзім – Жамал, атам – Маһар, Машги – анам, Сұрасаң Зира шаһары тұрған қалам. Өз атам патша болып мекен еткен, Келген жоқ бізден бұрын ешбір адам. Қорғанын жаңа салған қалам, – деді, Айтайын түсіндіріп саған, – деді. Білдірме атаң менен анаңызға, Сен іздеп келем десең маған, – деді. Оянып ұйқысынан тұра келді, Түсінде қыздың жайын көре келді. Елінен азық пенен көлік алмай, Шаһардан түнде шығып жүре берді. Орнында ерте тұрса падыша жоқ, Ішіне ата-ананың салыпты шоқ. Келіпті Лұқманның айтқан сөзі, Қылады кімге опа дүние боқ. Атасы зар еңіреді қайғыменен, – Қарағым, не көрем, – деп, – қалып сенен? Тамамын шаһарының жиып алып, Бәріне «ізде!» деді қаһарменен. Падыша қаһарменен: – Қараң, – деді, Һәр қайсын һәрбір жаққа тараң, – деді. Ау, халқым, таппасаң да кеуілім тынсын, Бола ма Хақ ісіне шарам, – деді. Көп адам жан-жағына қарап кетті, Табам деп үмітпенен тарап кетті. – Тақсыр, біз балаңызды таппадық, – деп, Келді де падышаға хабар етті. Таба алмай қараушының келген кезі, Сарғайып зағыпырандай қызыл жүзі. Жоқтығын іздеушіден есіткен соң, Зар жылап падышаның айтқан сөзі. – Қарағым, қалқам, Зарлығым, Көрсеттің дүние тарлығын. Сом атаңның сүйеуі, Сен еді қолда барлығың. Сұмырай болып мен қалдым, Көтермеске шарам жоқ, Алланың қылған жарлығын. Бұ күн болды дүние тар, Қасіретім қатты, қайғым бар. Құдайымнан тілейін, Үмітімді жылап зар. Қарағым, жүрген жолыңа, Мақсатың жетсін қолыңа. Қиын қыстау жер келсе, Алланың өзі болсын жар. Болдың бүгін дүние боқ, Ішім толған жанған шоқ. Күні бұрын білмедім, Мұқам болып жүрмедім. Кеткеніңді, қарағым, Өз көзімнен көрмедім. Өткен іске хайла жоқ, Айтқанменен пайда жоқ. Шүкір етіп қояйын, Көзімнің жасын тыяйын, Көп жылаудан пайда жоқ. Падыша былайша деп талып түсті, Отырған астындағы тақтан ұшты. Ханымның патшаменен зарлағанын, Есіткен халық бәрі қайғырысты. – Қарағым, сенен қалғаным, Дүниенің білдім жалғанын. Жасаған Жаббар Құданың, Көрсете түсіп алғанын. Жалғызымнан айырылып, Басыма қайғы салғанын. Ботасы өлген түйедей, Еңіреп, боздап қалғаным. Енді қайтып келмесең, Менің халім білмесең, Қурайдай болып солғаным. Биһұш болып біздер де, Ішіме қайғы салғаның. Баршасы бір шаһардың зарлық еткен, Жоғының келмесіне көзі жеткен. Жылаумен енді бұлар жата тұрсын, Баланы сөз қылалық қашып кеткен. Шаһардан шығып еді түнде тұрып, Қарамай мал-мүлкіне басын бұрып. Не көрер Шаһизарлық жол алдынан, Азырақ сөз қылайын кеңес құрып. Азықсыз жаяу бала жүріп кетті, Бір тауға неше күнде барып жетті. Қараса түрлі ағаш біткен екен, Аралап баршаларын тамаша етті. Басында ол ағаштың бір ұя бар, Жаратқан түрлі мақұлық Қадір Жаббар. Шырылдап үш балапан жатыр екен, Тәнінде һәрқайсының бес басы бар. Баршасы үлкен құстың баласы екен, Бұлардың Зерліғайып анасы екен. Иығына шыққан адам келтірмейтін, Басында осы ағаш панасы екен. Бар еді сол арада бір айдаһар, Сол құстар қорыққаннан жылайды зар. Күніне балапанды аңдиды екен, Мекендеп оңашада жатса олар. Жаратқан Құдай мұндай айдаһарды, Сұм бала қыдырыстап соған барды. Көргенін лебіменен тартып алып, Патшаны шайнамастан жұтып салды. Айдаһар қараң тапты адам жұтып, Жөнелді өз орнына қайта кетіп. Жүргізген Құдай айдап Зарлық сорлы, Жылайды іште жатып зар-зар етіп. – Жатырмын бет алмай, Шығуға ниет ете алмай. Үлкен тауға тап болдым, Жөніме жүріп кете алмай. Айдаһардың ішінде Қорлықпен жатып өлемін бе, Мұратыма жете алмай. Елімнен шығып, зарығып, Арыда жоқ, беріде жоқ, Өліде жоқ, тіріде жоқ. Айдаһардың ішінде, Тұншығып өліп қалам ба? Тым болмаса жерде жоқ, Қорлық көріп бейнетпен. Жапан түзге қаңғырдым, Қолымнан кетіп сұлтандық. Елімде қандай хан едім, Жерімде қандай жан едім. Бір сағат болмай басымнан Өткенің бе дүние боқ. Зарлықта болмады үміт жалғыз жанда, Жоқ шығар мұндай ғаріп мұсылманда. Һәр уақыт келіп кеткен құсты байқап, Жыланның екі көзі балапанда. Бір сапар Зерліғайып еткен екен, Жем іздеп айлық жерге кеткен екен. Кеткенін құстың біліп айдаһар, Жорғалап балапанға жеткен екен. Ұяға жақын жетті бұл айдаһар, Ағашты қозғалтады лебімен зар. «Бұл келсе бәрімізді жұтады» деп, Жылайды шуылдасып балапандар. Құданың құдіреті күшті, өзі Кәрім, Жаратқан бұл мақұлықтың баршаларын. Бір айлық жерден ұшып келген екен, Есітіп балапанның дауыстарын. Сағатта ұшып келер Зерліғайып, Қанаттың ұшқан екен бәрін жайып. Даусынан суылдаған қорыққаннан, Айдаһар шыға келді жолдан тайып. Айталық бұл хайуанның зорлығын біз, Ұзыны бір қанаттың дәл жетпіс кез. Қарамай ашуменен баласына, Көтеріп айдаһарды жұлынды тез. Көтеріп аспанға алып кетті, Қасына бір дарияның барып жетті. Қаһармен жоғарыдан төмен тастап, Сол жерде айдаһарды бөлек етті. Сол жерде үлкен жылан быт-быт болды, Күшіне бейниһаят өзі күлді. Сөгіліп қабырғасы қалып еді, Ішінде адамзаттың барын білді. Қарады құрсағына қолын салып, Баланы ішіндегі шығарды алып. Болған соң бір сағаттай есін жиды, Салмақпен қалған екен бала талып. Шашылған патша Зарлық есін жиды, Өзінше әлгі құсқа сәлем берді. Һәр тілді Зерліғайып біледі екен, – Уағалейкүмассалам, адам, – деді. Шаһзада есін жиып сөз сұрайды, Жөнін де жүретұғын көп сұрайды. Өзінің аты-жөнін айтқаннан соң, «Бұл дария не дария?» деп сұрайды. Құс айтты: – Сөзім тыңда, адам, – деді, Аты-дүр бұл дарияның Қылзам, – деді. Қалыпты балаларым алыс жерде, Жақсылап айтар едім саған, – деді. Болғанда жеті сағат мұнда келдік, Себеппен дидарласып көріп білдік. Жеті айлық бұл арада балапаным, Жеті сағат келіп қалдың жерге білдік. Зарлық айтты – Күшті екен бұл қаһарың, Қуаттың Алла берген саған бәрін. Жұмләсі көңіліңдегі болғаннан соң, Сұрайды: – Білдің бе, – деп, – Зира шаһарын? Құс айтты – Мұнша тура [сен] келдің нағып, Құдайға бенде екенсің жүрген жағып. Алдыңнан екі жылда табылады, Жүре бер дарияны жоғары ағып. Қайта ұшты Зерліғайып амандасып, Кеткенше қарап тұрды қырдан асып. Шаһардың жырақтығын есіткен соң, Жылайды шаһизада қайғы басып. – Шығып едім елімнен, Мекен еткен жерімнен. Жалғыз тұрып зарландым, Дүниедегі күйімнен. Ғашықтықтың әсері, Осындай болып жүргенде, Мұндай мехнат көргенде От шығады демімнен. Сергелдең болдым мен мұнша, Көрсеткен Алла түсімнен. Себеппенен шығып едім Айдаһардың ішінен. Өліп қала жаздадым, Қаһарменен тастаған, Үлкен құстың күшінен. Жан-жағыма қарасам, Аузыма жерге жемім жоқ. Көрінбейді көлденең Көгеріп жатқан көк теңіз. Жаһанға салған қалаң жоқ, Сөйлесерге адам жоқ. Жапан түзде тентіреп, Өтер ме күнім осымен. Жүреді бұл сөзді айтып төмен ағып, Болған соң іште дерті тұрсын нағып. Астына бір төбенің түсіп кетсе, Бір жәндік отыр екен жанды бағып. Бар екен маңдайында жалғыз көзі, Бір түрлі былайғыдан айтқан сөзі. Адамзат маңайына келер емес, Кәдімгі жалмауыздың деген өзі. Шаһизада мұны көріп қапаланды, Туғалы көрген жоқ-ты мұндай жанды. Бәлеге һәрбір түрлі душар болып, Қинады бір қыз үшін шыбын жанды. Әлгі дәу шаһизадаға жетіп келді, Сұрады: – Аты-жөнің кімсің? – деді. Қасыма өзің келіп сөйле, бенде, Тимеймін лебізіме сенсең, – деді. Жанына шаһизада енді келді, Бұл дәудің тимейтінін енді білді. Сол жерде бір күн, бір түн бірге болып, Азырақ мерекемен ойнап-күлді. Дәу айтты – Таң атты енді жүрелік, – деп, Не болар алдымызда көрелік, – деп. Отырдық бір күн, бір түн осы жерде, Енді біз бұл орыннан өрелік, – деп. Жүрген соң шаһизада айтты жөнін: – Дүниеде ғаріппін болған мұңым. Себеппен Шын-Машыннан келе жатырмын, Зира шаһары еді барар жолым. Бұ сөзді тыңдамастан жүріп кетті, Сәскеде бір сарайға барып жетті. – Бір күндік азығыңды әкелдім, – деп, Айқайлап тыста тұрып хабар етті. Қорқады мұны есітіп патша сорлы, Сарғайған зағыпырандай жүзі нұрлы. Бір жәндік сүй дегенде шыға келді, Жаратқан Құдай мақұлық һәрбір түрлі. Жамағат, тыңласаңыз айтып кеңес, Сипаты адам да емес, пері де емес. Бәданы сондай үлкен көрмеген зат, Ауызы падышаңа толар емес. Осы ма бенде затқа қайғы деген, Дауысы күн секілді күркіреген. – Сен неге кешегі күн келмедің? – деп, Ашумен әлгі дәудің өзін жеген. Патшаның қанаты жоқ кетерге ұшып, Қараса зәресі жоқ көзі түсіп. Мұңданып қай-қайдағы ойға келіп, Жылады жата қалып жерді құшып. – Айналайын, Жасаған, Не жазып едім мен саған? Бәлеге мұндай тап болдым, Болады хайла не бұған? Ұшып шығар қанат жоқ, Қарсы қару қыларға Өткір алмас, болат жоқ, Ішіне мықтап салуға. Жандырмай аман қояр ма, Жалыны күшті жанған шоқ. Бәлеге соқпай жүрмедім, Аманат жаным бір Құдай Жайшылықпенен бермедім, Һәр мақұлықтың ішінде. Азап тұтып бәданым, Лахытта көрге кірмедім. Бір ғашықтың зарынан Қиын қыстау далада Сапарды алыс сермедім. Айналайын, Құдайым, Қайғыменен жылайын. Қанша тілек қылсам да, Көзімнің жасын көрмедің. Падыша сонда қалды есін танып, Танбас па жылаған соң қайғыланып. Жатты да жарты сағат түрегелді, Басына есін қайта жиып алып. Күні жоқ құтылатын онан қашып, Кіргізді сарайына аузын ашып. Мақұлық ішіндегі неше түрлі, Падыша жүре алмады аяқ басып. Сол жерде тұрып еді қайғы басып, Ұмтылды жеуге хайуан жапырласып. Ғажайып хайуаннан қорыққан соң, Көрінген бір есікке кірді қашып. Есікке бұрыштағы кіріп кетті, Құдайым ғаріп құлын бұлайша етті. Жігітке жан қысылған жаман екен, Жүгіріп бір сарайға барып жетті. Сарайға барып еді адам көрді, Қасына жалғыз екен кіріп келді. «Бабам», – деп, жасы үлкен мұңды байғұс, Көзінен жасы ағып сәлем берді. Сонда ол – Уағаләйкүмассалам, балам, – деді, Бұл істің ақырына қараң, – деді. Келіпсің жаман жерге Тәңір айдап, Бола ма Хақ ісіне шараң, – деді. Қасына қашып келіп бала тұрды, Азырақ сол кісімен кеңес құрды. – Бәлеге жан келмейтін душар болып, Айтшы, – деп, – аты-жөнің? – жауап сұрды. Бала айтты – Шын-Машыннан шықтым жайлап, Зираға бара жатырмын сорым қайнап. Сіз дағы жөніңізді білдіріңіз, Отырсың не себептен көзің жайнап? – Жөнімді айтайын саған, балам, Бұрынғы өзің айтқан Зира қалам. Сол жерден құдыретпенен алып шығып, Бұларға патша қылды Хақ Тағалам. Жалынды сонда Зарлық: – Өзің біл, – деп, Ініңе біздей ғаріп рақым қыл, – деп. Зираны сұрап еді жауап берді, «Арасы бұл арадан екі жыл» деп. – Жақсылық енді саған етелік біз, Тап қылды жаман жерде Құдайым кез. Жалмауыз кәрі сынбай жемей кеткен, Жоқ екен, сірә, – деді, – ажалыңыз. Ол залым, өзі кәпір, діні жаман, Түсірген талайларға ақырзаман. Қалыпсың Құдай сақтап бір ажалдан, Адамды қойған емес, сірә да, аман. Ол кісі сүй деді де шығып кетті, Баланы зар жылаған қасына ертті. «Зираға бұл адамды алып бар» деп, Келді де бір диюға әмір етті. Ол дию «жарайды» деп даярланды, Үстіне шаһизада мініп алды. Патшаға амандасып жүрмек болды, Бұл күйге бейшараны Тәңірім салды. – Күні-түні, – балаға айтты, – жүрің, – деді, Ұшқан жоқ адам алып бұрын, – деді. Қош енді, жарықтығым, абайлай көр, Өзі бір ашуланса көрім, – деді. Ол пері аспанға шықты ұшып, Алмады һешбір тыным жерге түсіп. Ұшқаны тиген тастан қатты екен, Баланың шыдатпады жанын қысып. Бала айтты – Қатты ұшасың, пері, – деді, Алланың қозғалғандай жері, – деді. Һеш нәрсе алдымызда көрінбейді, Көтіңнен ұшқансың ба кері, – деді. Есітіп үшбу сөзді пері тұрды, Шаһының бұл айтқанын ауыр көрді. «Енді өзің жай жүріспен келерсің» деп, Үстінен жерге тастап жүре берді. Үстінен тастап кетті үлкен пері, Келе жатыр домаланып Зарлық, сірә. Зар жылап Алласына сыйынады, Белгісіз төмендегі түсер жері. Падыша келе жатыр арып-талып, Өзінде жартымды емес есі қалып. Тек асты дарияның ортасы екен, Қараса шаһизада көзін салып. Келе жатыр жоғарыдан суға құлап: – Құдай-а, өлем бе, – деп, – суда солып. Амалға құтылмайтын тап болдым, – деп, Зар қылды бұрынғыдан бетер жылап. – Зарланып, Алла, айттым сөз, Бір шыбындай жанымды, Қор қылдың ба алмай тез. Жастан қайғы көп тартып, Алтын тәнім болды жез. Ені менен шеті жоқ, Ұшан теңіз дарияның Ортасына болдым кез. Көңілім, иман айта көр, Көңілім, жаннан күдер үз. Сол уақыт шаһизаданың зәресі ұшты, Құданың құдіреті мұндай күшті. Оғындай зеңбіректің зымырап келіп, Шолп етіп дарияға патша түсті. Келгенін адам суға балық білді, Баршасы үлкен-кіші жиылды енді. Бар екен патшасының бір уәзірі, Құрметтеп бәрі соған берді жолды. Балықтан Мәнжім атты уәзір ұтты, Көп жылдар сонан бері өтіп кетті. Кез қылған Құдай айдап падышаны, Сол уәзір шайнамастан бүтін жұтты. Ол өзі падышасына уәзір екен, Қашаннан кісі жұтқан безер екен. Балықтың бастығының жарлығымен, Дарияның бас-аяғын кезер екен. Патшасы бұл бұйрығын тыймайды екен, Бір жанын балық үшін қинайды екен. Мереке ортасында қылмақ үшін, Қалдырмай жыл басында жинайды екен. Бақыттың бүйтіп жүрген шаһзадасы, Кеміді бейнетпенен жарым жасы. Қылзамда Мәнжім кетті жоғары өрлеп, Сол жақта болған екен жылдың басы. Бұл балық адам жұтып жүріп кетті, Баршасын бұл тағдырдың Құдай етті. Күні-түні неше сағат тынбай жүріп, Зираның шаһарына жақын жетті. Зираның патшасы Маһар екен, Халқына бек артық жағар екен. Қазыналық сол шаһардың құрған ауын, Үш жігіт күні-түні бағар екен. Тұрады күнде бұлар балық сүзіп, Бір нәрсе келеді екен суды сызып. Таң қалды көріп бұлар қырда тұрып, Кетер деп алдындағы ауды үзіп. Баяғы келе жатқан ол уәзір-ді, Аралап су ішінде біраз жерді. Байқамай ғапылдықпен жүзе беріп, Құрулы темір ауға келіп кірді. Кірген соң білді дағы бұлқып қалды, Шықсын ба айдап келіп Құдай салды. Қазаға ілінгенін білгеннен соң, Шығарып дариядан тартып алды. Үшеуі судан тартып алып кеткен, Құтылмас қашып жәндік қаза жеткен. Алған соң тамаша етіп қарап тұрса, Шығады адам даусы зар-зар еткен. – Сыйынып саған жылайын, Рахман атлы Рахман. Ата-анамнан туғызып, Мен байғұсқа бердің жан. Көзге түсер жарық жоқ, Қараңғы балық ішінде, Шірір ме енді асыл тән. Қорлықпенен өлем бе, Ішінде жатып балықтың. Түрлі бейнет көрем бе, Қырға шықпай сүйегім, Осында ғұмыр сүрем бе. Шыққанменен сүйегім, Қосылып халықпен қарайып, Дүниеде жүрем бе? Айтады: – Алла, саған еттім зар, – деп, Болды, – деп зар жылайды, – заман тар, – деп. Үшеуі мұны естіп кеңес қылды, «Ішінде бұ балықтың адам бар» деп. Адамның бар екенін енді білді, Бір халлеф сол арада алып келді. Баланың жатқан жерін қозғалмастан, Басы мен аяғынан екі бөлді. Бөлді де құрлық басып жерге шықты, Біреуі кеудесіне қолын тықты. Кешіксе бір сағаттай өлген екен, Баланы шалажансар алып шықты. Тірілтті падышаны бір күн бағып, Нәр берді тағамына малдар сойып. Шіруге еті босап қалған екен, Оңалтты бәданына дәрі жағып. Шаһизада есін жиып «Алла» деді, Сөйлесіп адамменен тілге келді. Тағам жеп, түгел есін жинаған соң, Жөнінің жүріп-тұрған бәрін білді. Үшеуі бұл балаға: – Інім, – деді, Жоқ екен хан ұлындай мұның, – деді. Қалдырмай бастан-аяқ есітейін, Қалайша жүрген сенің жөнің, – деді. Шыққанын бермен қарай қашып саяқ, Азықсыз, жаяулықпен алып таяқ. Көргенін екі арада неше мехнат, Бәрін де баян қылды бастан-аяқ. Айтады – Патша едім, – деп, – жинаған мал, Көрдім деп мехнатпенен неше қамал. Себеппен Құдай айдап мұнда келдім, Болған соң қызға ғашық Сақыпжамал. Үлкені үшеуінің Мажал екен, Құл еді қашаннан да балық жеген. Баланы сүй деген соң жаратпады, О дағы хан қызына ғашық екен. Есітіп бала сөзін кідірмеді, Баруға зынданшыға жүгірді енді. Арада һеш нәрсеге айналмастан, Барды да зынданшыға хабар берді. – Бір бала мұнда, тақсыр, келген екен, Бұл қыздың асылдығын білген екен. Шын-Машын патшасының жалғыз ұлы, Түсінде ғашық болып көрген екен. Мен дағы ғашық едім ошал қызға, Шара жоқ бұйырмаса дәм мен тұзға. Зынданға соны салып шығармасаң, Жүз алтын берер едім қолыңызға. Зынданшы – Болсын, жақсы, жарар, – деді, Мажалың ол баланы алып келді. Зынданның ауызынан тастай беріп, Қолына жүз алтынды санап берді. Зынданшы жүз алтынды қолына алды, Баланы жаза тартар үйге салды. «Зынданнан ол өлгенше шығармаң» деп, Жөніне соныменен кетіп қалды. Сөйлей көр кеңес қылып, тіл менен жақ, Болмайды сөзден пайда қонбаса бақ. Зарлыққа қандай себеп қылар екен, Ханшадан сөз қылалық бір азырақ. Сұрайын қыздың қойған басқа салып, Зар қылды Зарлықты қыз ойына алып. Жолыққан ғашық жары келмегеннен соң, Кеуілінде жүреді екен қайғыланып. Патша қыздан хабар алмайды екен, Дүниеге көзін қызы салмайды екен. Ғашығы түсте көрген келмеген соң, Ойынан һәрбір уақыт қалмайды екен. Жүр екен қыз ұмытпай көрген түсті, Һеш уақыт алмайды екен көңіл хошын. Ойлайды «зындандағыларды шығарайын деп, Жолына ғашығымның Құдай үшін». Бұлайша ата-анасына хабар салды, «Болсын» деп кеуілінше рұқсат алды. Қуанып Құдайына шүкір қылды, Қасына зынданшының жетіп барды. Зынданшы айтты – Жүгірдің не себептен мұнша, – деді, Не іс бар жүгіргендей сонша, – деді. Кідірме, жұмысыңды сұрап қара, Жарқыным, неге келдің, ханша? – деді. Қыз айтты – Менің мұным бола ма жол, Зынданда жатқан жоқ па бейшара құл. Баршасын шығаруға рұқсат алып, Жүгіріп келгенімнің мәнісі сол. Зынданшы есіткен соң: – Жарар, – деді, Басқасы өз жөніне тарар, – деді. Бір жігіт қазынадан балық ұрлаған, Рұқсат жоқ, ол осында қалар, – деді. Мұнан да Сақыпжамал рұқсат алды, Орнында сұм зынданшы тұрып қалды. «Іштегі бір жан қалмай шығыңыз» деп, Келді де тыста тұрып айқай салды. Дүркіреп шыға келді бейшаралар, Алланың себебіне болды қыз жар. – Теп-тегіс шықтың ба? – деп сұрағанда, Деп айтты: – Шықпай қалған бір-ақ жан бар. Қыз айтты – Болмасын, – деп, – сөзің жалған, Кім екен бұл зынданға оны салған? Бәлеге қайғы менен сабыр әйла, Патшаның баласы ма шықпай қалған? Олар айтты: – Баршамыз сұрап едік, «Шырағым, аты-жөнің айтшы» дедік. Қайғымен бізге жауап бере алмайды, Сонан соң бәріміз де уайым жедік. «Бұл ғажап-ай» деп қыз жүгірді, Осындай Құдай айдап ішке кірді. Іздеген екі ғашық бірін-бірі, Ішінде қараңғы үйдің енді көрді. Көрген соң бірін-бірі талып қалды, Басына бұл дәулетті Құдай салды. Биһұш боп, үш сағаттай жансыз жатып, Естерін сонан соңда жиып алды. Тамаша есіткенге мұның өзі, Жасыды жылауменен екі көзі. Зарлыққа қосылған соң амандасып, Сондағы Сақыпжамал айтқан сөзі. – Қарағым, қалқам, ғашығым, Ақ жүзіңе зар болып, Келмеген соң сасып ем. Енді дәурен сүрерміз, Құдай қосса нәсібің. Себеппенен жолықтық, Жасаған Жаббар Құданың, Қазынасы мұндай кең. Жаныңа мехнат еткізіп, Мендей сорлы ғашық үшін, Қанша жерден келдің сен. Іздеп, қалқам, келмесең, Ақ етім қардай, қан бетім, Қор болып кімге кетем мен. Патша қызы едім мен, Өзіңдей зада болмаса, Кім болады маған тең. Сонша жерден келгенде, Мұндағы мені білгенде, Баян қылып білдірші, Зынданға салған сені кім? Бейкүнә болсаң, қарағым, Зынданға сені салғанды, Жапан дүзге тастайын, Ит пен құсқа болсын жем. Махрұмды тарқатып, Қайғының отын сөндірген, Разымын алса да, Жанымды Құдай осы күн. Құдайым тілегенін берген оңын, Жылады екі ғашық қосып мұңын. Бейнетін бастан-аяқ баян етіп, Тыңдаңыз шаһизаданың айтқан жөнін. – Елімнен шықтым сен үшін, Ғашығым, неге шыдайын, Сенен басқа кім үшін. Диуана болып іздедім, Бір басыма тең үшін. Сені іздеп жүргенде, Һәр бәлеге жолықтым. Мақұлықтарға жем үшін Айдаһар жұтты әуелде. «Өлем бе» деп қайғырдым, Онан соң дәуге жолығып, Әлденеше тарығып, Қарыс қабнар* бәледен Зәрем кетті қорқып, Қосылдым саған мен енді. Жолықтым сонан бір жанға, Неше түрлі бәлеге, Патша болып тұрғанға. Перінің мініп үстіне, Онан соң түсіп дарияға, Балықтың кіріп ішіне, Балықтан шығып тап болдым, Қазынаның ауын құрғанға. Балықшы менен зынданшы Хайлаласып екеуі Салды мені зынданға. Шаһизада жөнін айтып, биһұш болды, Ақылы біраздан соң және келді. Баршасы үлкен-кіші жамағаттың, Екенін мұның ғашық халық білді. Бұлардың жай-жағдайын қалдырмастан, Барды да атасына хабар берді. Патша мұны есітіп ашуланды, Шақырып ұсталарын жиып алды. – Қор қылып сүйегімді құрғыр қызым, Қаңғырып бай қылыпты жүрген жанды. Бір жігіт келді деді Шын-Машыннан, Қызымды меншіктеген не қылған жан? Екеуін бір сандыққа салып тастап, Қызық жоқ дарияға ағызғаннан. Болмай ма, халқым, маған мынау арлық, Қылайын сол қызыма заман тарлық. «Жасаң, – деп, – темір сандық су кірмейтін», Бәріне ұсталардың қылды жарлық. Жасады бір сандықтың сүгіретін, Сарайдай іші жақсы, өзі һәм кең. Сырты аппақ, жарқылдаған өзі болат, Жеп-жеңіл, салмағы жоқ кемемен тең. Зарлықты қызыменен шақырып алып, Бұларды бекітеді ішке салып. Сандықты суға апарып салдырыпты, Патша жаман қатты қаһарланып. Жазушы қолға қағаз, қалам алсын, Һәр сөздің ұйқасына көзін салсын. Азырақ дариядан сөз қылалық, Патша бұлай жерде тұрып қалсын. Ағызған дарияның аты Қылзам, Бітпеген һеш жеріне шөп пен шалаң. Ағысы темір салса ағызады екен, Жаратқан күшті қылып Хақ Тағалам. Шаһизада сонда он бес жасында екен, Іздеген ғашық жары қасында екен. Зырқырап сандық төмен ағып кетті, Ол шаһар дарияның басында екен. Жаратқан Құдайымның құдіреті мол, Шын-Машын төменінде дарияның сол. Қылзамның ағысының күштілігі, Бір күнде жүреді екен бір айлық жол. Ол сандық төмен қарай ағып кетті, Арада неше мүддат күндер өтті. Бар екен дарияның айналмасы, Келуге бір күндікке жақын шеті. Айналымы Шын-Машынға қатар екен, Қайғымен Зарлық іште жатар екен. Атасы қыздың азық беріп салған, Күнінде қорек қылып татар екен. Ол сандық айналымға жақын жетті, Құдайым құдіретін бұлайша етті. Сарқырап екпінменен келгеннен соң, Далаға айналымнан шығып кетті. Ол бір жер дарияның иіні деген, Бендеге онан өту қиын деген. Сандықпен шаһизада қырға шықты, Ойы жоқ дариядан шығам деген. Келтірдік Бақыт патша қаласына, Жүргізіп дарияның саласына. Жамағат, құлақ салып тыңдай берің, Атасын біз қосалық баласына. Екі аңшы түзде жүріп, Сандықты қыр басында тұрған көріп. Бекіткен кілтін ағытпай аузындағы, Патшаға хабар берді жетіп келіп. Есітіп патша мұны қайран қалды, Қасына біраз әскер ертіп алды. «Кеуілімді қайғы басқан көтерем» деп, Патшаның ол сандыққа өзі барды. Жігіттер талқан қылды жинап тасты, Қоймады, бір сағатта аузын ашты. Биһұш болып, есі кетіп, талып жатты, Ішінен тауып алды екі жасты. Екеуі жатыр екен ғашық пен жар, Шықпаған шыбын жаны шалажансар. Қараса жігіт Зарлық екен, Патша мұны көріп жылайды зар. – Айналайын, шырағым, Аспаннан ұшып келдің бе, Алланың мініп пырағын. Он жасыңа келген соң, Сорлы атаңды зарлатып, Болмады қолда тұрағың. Сұмырай басым ақыл тап, Қарағым есен келген соң. Жолдастарым елге шап, Істеңіз тойдың шырағын. Патша шүкір қылып, йасин айтты, Баласы бұрынғыдай есін жиды. Жайының атасына бәрін айтып, Жыласып шаһарына жүгірісті. Бұл әскер қуанғаннан елге шапты, Қуантып анасына жалпылдапты. Жарылып қуанғаннан жүрек қабы, Анасы сол арада қаза тапты. Оқыды анасының жаназасын, Моллаға үлестіріп садақасын. Қарт адам қаза жетіп өтті былай, Зарлықтың ұзын қылсын ғұмыр жасын.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.