Kazakh
Асылбек пен Гүлжиһанның қиссасы
Бағдатта патша болған Ғабдумәлік,
Кеңейген кезегіне халифалық.
Бағынған батыс, шығыс мемлекеті,
Исламдық ту көтерген жұмлә халық.
Мекендеп Бағдат жерін араб, түрік,
Қалмайтын ежелгіден ғадат-ғұрып.
Түрліше шаруа жиған адамдар көп
Базарда сауда етіп, мал өсіріп.
Кәрімбай, Сәлімбайлар бай болыпты,
Мал-мүлкі, салтанаты сай өтіпті.
Достығы бір-біріне сондай адал
Аралас алыс-беріс жай болыпты.
Баласы Кәрімбайдың Қасымбек-ті,
Баласы Сәлімбайдың Асылбек-ті.
Оқыса, ойнаса да бірге өсіп,
Дос болып екі мырза өсіп жетті.
Асылбек оқу біліп ғалым болды,
Даңқы, мағлұматы мәлім болды.
Алданып салтанат пен мал-мүлікке
Қасымбек өзі надан, зәлім болды.
Патшаның оң көзінде бұлар болып,
Сыйласып зор сияпат, құрмет көріп.
Байларды құзырына қабыл етті,
Падиша Ғабдумәлік көңіл бөліп.
Екеуі балаларын сынға берді,
Ақылмен Мәлік патша сынап көрді.
Білімін сыр-сипатын тергеп, қарап,
Асылға грамоті мақтау берді.
Асылды білімпаздар қатарына
Куәлік берді сұлтан жатарына.
– Қасым, – деді, – оқымаған, надан жігіт,
Сайрандар мал бақтырған отарына.
Кәрімбай Қасымбекке қалың берді,
Белгілі мар атанған малын берді.
Асылбек қыз таңдайтын, жаратпайтын,
Қасымың таңдап алған жарын көрді.
Қасым айтты: – Балдызым бұдан көркем,
Аласың, қызығасың оны көрсең.
– Көрейін көркеміңді, мақұл, – деді
Асыл да балдызын шақырды ертең.
Сұлу қыз көркемсиді Асылбекке,
Икемдеп үгіттейді Қасымбек те.
Сөйлесіп, әзіл сөзбен тіл қағысып,
Сынады құлқы, әдебін Асылбек те.
Сұлу қыз керіледі қасын керіп,
Зорайтты мәжілісті Қасым кәріп.
«Оқымаған надан қыз керек пе» деп,
Балдызын ұнатпады Асыл көріп.
Бұл сөзге Қасым кетті ашуланып,
Досына шаң тигізбес қатуланып.
Асылбек ғалым иесі, білімді адам,
Сұлу қыз таңдамалы табуы анық.
Сонымен біраз ғана күндер өтті,
Сол үшін өкпелеумен Қасым кетті.
«Жарыңды таңдап алған көрермін» деп,
Қасымбек ауыр сөзбен серттер етті.
Сәлімбай баласына сөз айтады,
«Қартайдым қалыңдық ал» деп айтады.
«Бірақ та ажал жетіп өліп кетсем,
Арман» деп қайғы-қасірет жеп айтады.
Асылбек жұбатады ата-анасын:
– Қайғырма тыйып ал, – деп, – көздің жасын,
Әйелдің теңім емес керегі жоқ,
Тілей бер тірлігімді қара басым.
Асылбек мырза болды топтан озған,
Көп адам жете алмады қолын созған.
Асылбек өзі ғалым, өзі жомарт,
Тәрбие, салтанатты, бақыт қонған.
Сәлімбай баласына ақыл берді,
Көп көрген дүниені ақылды ер-ді.
«Аралап, – деді, – елді саяхат ет»
Дегенді Асылбек те мақұл көрді.
Көп малмен Асыл мырза Шамға жүрді,
Көп адам керуен тартып, жолға жүрді.
Сәндікке жібек шатыр, кілем жауып,
Тройке пәуескемен алға жүрді.
Бағдаттан Шам шәріне айлық жер-ді,
Керуенші нөкерлермен тәуір қолды.
Шамасы екі жұма жол жүргенде,
Дегенге керуен сарай жақын келді.
Бұл болды керуен сарай Ахмет байдың,
Жолаушы, керуеншілер көрген қайран.
Әдейі тәрбиеші адамдармен
Жыл бойы тоқтауы жоқ он екі айдың.
Ол үшін азық тамақ жететұғын,
Керуендер тойып ішіп кететұғын.
Ахмет бай бұл күндерде өлген екен,
Орнына қызы мирас ететұғын.
Жіберді сарай басы керуендерге:
«Мырзасы нөкерлермен, керуендер де
Түгелдей бізге жүріп қонақ болсын,
Еш адам келмей кетпес жүргендерде».
Дем алып қонақ болды сарайында,
Сұрады аты-жөнін һәм жайын да.
«Сәлімбай – әкем аты, мен – Асылбек»,
Шақыртты «танысалық» деп қожайынға.
Сарайбасы Асылға сөйлейді сөз:
– Келмейді ол қожайын, күдеріңді үз,
Әкесі Ахмет байдан қалған мирас,
Гүлжиһан шешесімен ол жалғыз қыз.
Гүлжиһан көп оқыған бұ да ғалым,
Әкесінің байлығымен жұртқа мәлім.
Болғанда өзі көркем, өзі дана,
Жетпейді жүздесуге сенің халің.
Асылбек бұл сөзіне ғажап қалды,
Әзілмен жолдастарға мазақтанды.
Жіберіп бір жолдасын қағаз жазып,
Асылбек қыз көруге талаптанды.
«Гүлжиһан, бізден сәлем анаңыз бен,
Алыңыз шын ілтипат және бізден.
Баласы Сәлімбайдың мен Асылбек,
Танысып, сөйлеселік көзімізбен».
Деп жазды Гүлжиһан да: «Асыл сізге,
Қыз таңдап жаратпайтын Асыл сіз бе?
Бұрында хабарыңды естуші едім,
Болмаспын лайықты мен де сізге.
Жүре бер, жолың болсын базарыңа,
Шамда қыз көп, аларсың назарыңа.
Баруға менің сізге уақытым жоқ,
Бата етем өлген әкем мазарына».
Асылбек көрді сөзі қатты мәнді,
Көре алмай қыздың жүзін қапаланды.
Әйткенмен, сапарына жүре берді,
«Көрем, – деп, – қайтарымда-ақ Гүлжиһанды».
Жол жүріп екі жұма Шамға жетті,
Арада талай ыстық шаңдар өтті.
Керуен, нөкерінен озып барып,
Демалып аз ғана күн базар етті.
Базарға сатты бұлдап барған малын,
Дабылы Асылбектің болды мәлім.
Базарда бірнеше күн сейіл құрып,
Дайындап қажетінің алды бәрін.
Базарда бір топ адам көрінеді,
Мұнда бар сауда сату делінеді.
Қараса бір ғажайып сақина екен,
Бар халық соны алуға желігеді.
Асылбек келді топқа, саудалады,
«Алсам деп Гүлжиһанға» ойланады.
Сақина өзі ғажап, өзі қымбат,
Көп халық әлі келмей қаумалады.
– Он алтын хақы, – деді сақинаның,
Бір үйдің хақы тұрады жиған малдың.
Асылбек он алтынды алды беріп,
Етеді үйді жарық жаққан шамнан.
Базардан қайтты елге керуенімен,
Келіскен салтанатты серуенімен.
Ауылына Ахмет байдың жақын келіп,
Нөкермен озат жүрді көрінгеннен.
Нөкермен Асыл мырза кеңеседі,
Бұл жерде бір жеті күн дем етеді,
«Шақырып Гүлжиһанды көремін» деп,
Нөкерлер мұның қалай демес еді.
Жіберді қағаз жазып бір жолдасын,
Басқарған серік еді нөкер басын.
Гүлжиһан шешесімен ақылдасып,
Баруға берді уәде мәслихатын.
Жазған хат өлең еді Гүлжиһанға,
Өлеңді оқып, хош алды Гүлжиһан да.
«Бұл жігіт данышпанның өзі екен, – деп,
Сөз жазған тәтті, дәмді бұл мысалда».
Асылбектің қызға өлеңі
«Сәлем жазды[қ], сұлу қыз,
Саламат бол, сұлу қыз.
Сіздер онда, біз мұнда,
Сау болалық сіз бен біз.
Жатырмысыз бейқамда,
Дабылың шыққан жиһанға.
Азаматың, нөкерің,
Кел қонаққа мейманға.
Біздің шатыр ақ шатыр,
Алтын, барқыт тақ шатыр.
Мәжілісіміз көркейіп,
Ішкен шарап бал татыр.
Танысалық, көрелік,
Алысалық, берелік.
Хош алысып достасып,
Мақұл сөзге «е» делік.
Біз келеміз базардан,
Өзіңе мәлім сапардан.
Шақырғанға келмейтін,
Кімді көрдің қасарған.
Мен Сәлімбай баласы,
Елім Бағдат қаласы.
Ғабдумәлік падиша
Сүйенішті панасы.
Хат жазушы Асылбек,
Анық түсін «досым» деп.
Қалдырмастан ала кел,
Болса да сонша досың көп».
Үш ауыз Гүлжиһан да өлең жазды,
Жоғарғы мектеп көрген білімпаз-ды.
Аз сөйлеп, көп мағына туғызатын,
Әйелде жеке туған ол сабаз-ды.
Гүлжиһанның Асылбекке хаты
«Баралық, Асыл мырза, шақырғанға,
Бармасақ айып бол[ар] шақырғанда.
Сыр алып, дәм татысу бізге әуес,
Өзіңдей асыл затпен қадірманда.
Біздің ел Бағдат жерін жайламаған,
Әзіл сөз бізге айтпайды қаймана адам.
Жомарттық, салтанаттың бәрі өзіңде,
Жігітте болып тұрсың айлалаған.
Жатырмыз мін таба алмай сөзіңізден,
Көрейік мәжілістесіп өзіңізбен.
«Жазмыштан озмыш болмас» деген де бар,
Тағдыр күш бұйырмаса өзге сізденң.
Қыз келді тройке мен күйме жегіп,
Таң етпес көрген адам оған нағып.
Анасы бірге отыр Сара деген,
Тұрмыста көрген емес бейнет шегіп.
Асылбек мырза еді шыққан дауға,
Арнады гауһар жүзікті Гүлжиһанға.
Хат жазып конверттеулі қызға берді,
Қуанды сый-құрметке Гүлжиһан да.
Гүлжиһан хатты оқыды өлеңменен,
Сөз мәнісі секілді тереңдеген.
Шешесі ел адамы кеңес құрып,
Бәрі де көп мәслихат етем деген.
Асылбектің қызға конвертті хаты
«Сұлу қыз, бүгін көрдім ай жүзіңді,
Күмістен он саусағың тартқан сым-ды.
Бағдатта елден озған мен Асылбек,
Қыз таңдап жүруші едім сендей сынды.
Жарық еткен қараңғыны сенің нұрың,
Аз сөзді, мағыналы ішкі сырың.
Көруге сипатыңнан мін таппадым,
Өлшеусіз саған біткен ақыл-білім.
Арнаулы алдым саған гауһар жүзік,
Алынған он ділдаға хақы үздік.
Құрбылық белгім берген алып тұршы,
Керексе шам болады жарық түсіп.
Білімнің пән оқыған дариясын,
Ақылың ақылыма жариясын.
Таппадым көркем сұлу сайрандап та,
Бағдат, Басраның жер қиясын.
Маған тең болдың, Жиһан, асыл айнам,
Тиіп тұр жомарттықпен елге пайдаң.
Бұл сырым маған мақұл, саған қалай,
Жүрелік ерлі-зайып етіп сайран.
Бұл сөздің жауабын бер, мақұл көрсең,
Қош айтып, сүйер жар деп жақын көрсең.
Келе атқан алыс жерден біз жолаушы,
Жөн шығар ақылдасып күні ертең».
Гүлжиһан сәлем хатты дереу жазды,
Жазылған сәлем хатта сөзі дәмді.
Жұмсады бір жігітке «беріп кел» деп,
Хат жазып өлеңменен көркем, сәнді.
Гүлжиһанның Асылбекке жазғаны
«Көркем жігіт, Асылжан,
Әлеуметің бар ұрған.
Бір сұңқарды өзіңдей
Мен де күттім жасымнан.
Көркем, сұлу ажарың,
Салтанат, сәнді базарың.
Лайықсыз деп кім айтар,
Жазылса сізбен әзалым.
Күткенім менің сендей-ді,
Өзіңдей сабаз келмейді.
Бақыт, дәулет кернесе,
Тең іздеп ерлер желдейді.
Бізге келің қонаққа,
Асықпай қонақ бол апта.
Сыр-сипатың танылды,
Кім екеніңді сұрап та.
Ару жігіт, ай жігіт,
Саған теңдес қай жігіт.
Абыройлық, адамдық,
Бәрі өзіңде сай жігіт.
Сенсің менің теңдесім,
Падишадай келбетің.
Күнім түссе жаманға,
Көре алам ба ел бетін.
Талай жігіт сөз салған,
Қарай-қарай көзі талған.
Ізіңе басқан тұрмайды,
Болмады сендей жол салған.
Көркем, сұлу біздер бар,
Біз күтеміз сіздей жар.
Хат жазушы Гүлжиһан,
Сүйер досың ынтызар».
Шақырды шабарманы Гүлжиһанның,
Гүлжиһан сұлуы еді бұл жаһанның.
Асылбекке хат келді өлеңменен,
Қуанды талабым деп мақұлданды.
Гүлжиһан қабыл алып қонақ етті,
Құрметші, сауықшылар мол-ақ етті.
Ұдайы үш күн жалғас қонақ етіп,
Түгелдей нөкерлерге сыйлық жетті.
Гүлжиһан Асылбекке тимек болды,
Екі жас бірі-бірін сүймек болды.
Шешесі ел-досына ақылдасып,
Құдалық мақұлдасты ғұрып жолды.
Жіберді ауылына жолдастарын,
Тапсырды әкесіне базар малын.
Әкесін, ел адамын шақыртады,
Құдалық жүргізуге сыйлық заңын.
Асылбек жата берді қайын елде,
Көргені күнде қызық серуен-ді
Керуендер Бағдатқа барып жетті,
Өткізіп неше күндер белде-белде.
Сәлімбай шақыртады ескі досын,
Бәріне мәлім етті көңіл хошын.
Арнаулы жолдастармен жолға шықты,
Құдалық өткізуге ғұрып кешін.
Қарсы алып құдаларды етті құрмет,
Ішінде Асыл да бар бірге жүрмек.
Қонақтың сарайында орналастырды,
Жететін неше күнге еткен құрмет.
Ұзатты Гүлжиһанды, бірге жүрді,
Қызықтар болып өтті әрбір түрлі.
Келіні Гүлжиһанды көргеннен соң,
Армансыз Сәлімбайдың көңілі тынды.
Гүлжиһан көш бойында пәуескемен,
Бозбала соңына ерген әуеспенен.
Ай жүзі жарқырайды Гүлжиһанның,
Көрініп анда-санда пәуескеден.
Тойында Сәлімбайдың Қасым да бар,
Не түрлі сорақыны Қасым табар.
Гүлжиһан өзі көркем, өзі дана,
Қасымның көріп көңілі оттай жанар.
Осылай біраз күн мен айлар өтті,
Салтанат саясатты жайлар өтті.
Елімен Гүлжиһанды таныстырып,
Асылбек достарын сайран етті.
Бір кезде әзіл етті Қасым келіп:
– Әйелің өзі көркем, өзі керік.
Әйелді қанша сүйіп мақтасаң да,
Болмайды ойдағыдай ақыл серік.
Асылбек:
– Жақсы әйел баға жетпес жан жолдасың,
Талапты жігіт табар қор болмасын.
Оқыған ақыл иесі адал әйел,
Мен нанам ер адамнан кем болмасын.
Қасымбек:
– Әй, Асыл, әйеліңе нандың неге,
Жақсыны елден таңдап алдым деме.
Жақсы әйел талай ерді сататұғын,
Сыр алып бой үйретіп келе-келе.
Асылбек:
– Мен ондай надан әйел алмадым да,
Елінен Бағдат, Ирақ таңдадым да.
Достығы ақыреттік әйелдер бар,
Таңдаған әйеліңе нанбадың ба?
Қасымбек:
– Әй, Асыл, бұл сөзіме нанбағаның,
Болмады әйел сынап барлағаның.
Айлық жолға сапар шық, сынап берем,
Кім екенін елді кезіп таңдағаның.
Шарт етті екеуі де мал-мүлкін,
Қол қойды шарт қағазға бұлар еркін.
Әйелі азса Асылбек жеңілгені,
Береді Қасымбекке жиған мүлкін.
Аздырса Гүлжиһанды Қасым жеңбек,
Бұл үшін Қасым мырза етпек еңбек.
Әгар да әйел азбай, сипат* таппай
Ол күнде мал-мүлкін Қасым бермек.
Бұл кезде Сәлімбай да өліп еді,
Асылбек түгел қожа болып еді.
Қасымбек өте жауыз, күншіл адам,
Әдісі қара ақылға толық еді.
Асылбек базар шыға даярланды,
Сол үшін керуен түзеп базар малды.
«Жүруің бұл базарға емес мақұл»,
Гүлжиһан «түс көрдім» деп азарланды.
– Түсімде ат-тоныңмен сайға түстің,
Күте алмас қасірет-қайғы жайға түстің.
Ат-тоның, киіміңмен садаға деп,
Құтқардым себебімен еңбек күштің.
Асыл айтты: – Базарға барам, – деді,
Меншікті өзгермесін талап, – деді,
«Түс – түлкінің боғы» деген бар ғой,
Кіргізбе көңіліме алаң, – деді.
Асылбек базар кетті керуен қолмен,
Баяғы керуен сарай келген жолмен.
Тыңдалсын ендігі сөз Қасымбектен,
Уәдені орындамақ шартқа берген.
Қасымбек Гүлжиһанға келді барлап,
Әзілдеп Гүлжиһанды білмек барлап.
Есігі Гүлжиһанның кілттеулі еді,
Шақырды жалшы әйелді хабар алмақ.
Жалшы әйел ас пісіруші Ажар еді,
– Жұмысым бар Гүлжиһанда, Ажар, – деді
Ажар барып Гүлжиһанға хабар етті,
«Қасымбек қызметі бар сұрар» деді.
Гүлжиһан Қасымбектен ығыспады:
– Менде жоқ Қасымбектің жұмыстары.
Ол үшін бұдан былай тағы келме,
Шешілер Асылбектен жұмыс халі.
Қасымбек мұның үшін қапаланды,
Шарт та бар орындайтын күшті заңды.
«Қайткенде Гүлжиһанды азғырам» деп,
Ұйықтамай уайым шекті атар таңды.
Жарлы еді жарымаған Ажар қатын,
Өтінді Қасым оған иіп басын.
«Жүзікті қолындағы ұрлап бер» деп,
Бұл үшін бір мың сомдай алды қатын.
Су берді Гүлжиһанға жуынарлық,
Қасымның орындамақ берген жарлық.
Гүлжиһан жүзікті алып жерге қойды,
Ажардың жұмысы еді су құярлық.
Су құйып су сауытын алып кетті,
Жүзікті жан қалтаға салып кетті.
Қуанып Ажар қатын «ұқсаттым» деп,
Қасымға гауһар жүзік алып жетті.
Гүлжиһан жүзік жоғын жарламады,
Айтуға ұрлаттым деп арланады.
Қасымбек жүзікті алып көңілі тынып,
Тағы да қайла қарап қамданады.
Баласы Құмарша еді Сапарбектің,
Жас жігіт тәуірі еді жеткіншектің.
Өлтіріп Құмаршаны тыға салды,
Жала үшін Гүлжиһанға еткен серттің.
Ол үшін Ажар қатын айғақ болмақ,
«Гүлжиһан Құмаршамен зина қылмақ,
Жиһанның төсегінен ұстадым мен,
Төзбеді, өліп кетті, соқтым қолдап.
Қасымбек бар планын даярлады,
Жоюға Гүлжиһанды аянбады.
Асылды шарт бойынша жеңіп болса,
Жоқ еді Қасымбектің аяр малы.
Ай жүріп Асылбек те келді еліне,
Бір жүрген нөкер болып ерлері де.
Гүлжиһан көңілі тасып қуанады,
Асылдың есен-аман келгеніне.
Қасымбек Асылбекті алдап жүрген,
Шарты көп орындайтын әрбір түрден.
Асылға келісімен баян етті,
Кеткелі тапқаным деп көрген-білген.
– Әйелің Құмарша мен зина қылған,
Арамға адалыңды иба қылған.
Бұл үшін Ажар қатын ашық айғақ,
Себебі ақымақсың ғой дүние қуған.
Қойнынан Құмаршаны ұстап алдым,
Өлтірдім қапияда, бір-ақ салдым.
Жанынан гауһар жүзік және шықты,
Қайғырып ызасынан естен тандым.
Асылбек нанып бұған есі кетті,
Қасымның айтқан сөзі сертке жетті.
Жай-мәнін болған істің сұрап еді,
«Рас» деп Ажар қатын шалт етті.
Қасым айтты: – Серттерім орындалды,
Бересің емения, жиған малды.
Ақылсыз бір әйелге сонша нанып,
Көрмедім аңқау, ақымақ сендей жанды.
Асылбек аһ ұрып қапаланды,
«Беретін күн туды, – деп, – мал мен жанды».
Тез түрде екі қайық әзірлетті,
Теңізге жібермекші Гүлжиһанды.
Қайықтың тартатұғын ескегі жоқ,
Бақ қайтса талан тайып еспегі жоқ.
«Суға кетіп, Гүлжиһанды өлсін» деді,
Білмейді, бұл кеңесте Гүлжиһан жоқ.
– Есен-сау базарыңнан келгенің бе,
Кідірмей бірден үйге келмедің де?
Гүлжиһан Асылбекке аң-таң қалды,
«Апырым-ай, не кінәм бар, – деп, – өз бойымда».
Асыл айтты: – Суменен сайрандалық,
Көрелік таң-тамаша Бағдат барып.
Азықтың керегі жоқ, – деді Асыл,
Жиһан шықты бір-бір костюм киім алып.
Мінгізді Гүлжиһанды шақ қайыққа,
Жиһан айтты: – Ескек жоқ шақ қайықта.
Асыл айтты: – Ол қайық тіркеулі тұр,
Қорқуға мен тұрғанда лайық па?
Теңізбен бұлар кетті сайран етіп,
Асылбек тауыспады ойлап жетіп.
Қайығын Гүлжиһанның қоя берді,
Қош айтып, кейін бұрып ағып өтіп.
Жөнелді «қош, сау бол!» деп Асыл кейін,
Гүлжиһан ойламады оған дейін.
«Әй, Асыл, ойнама!» деп, дауыстады,
Гүлжиһан деп ойлады бұны ойын.
Жиһанның Асылға айтқаны
– Әй, Асылжан, Асылжан,
Ойнадың ба, Асылжан.
Ажарыңа қарасам,
Шырай жүзің ашынған.
Мұндай ойын көрдің бе,
Неге қаштың қасымнан?
Ескексіз қайық үстінде,
Қорықтым, айнам, басымнан.
Жібермекші тереңге,
Ығындап қайық жосылған.
Асылбектің Гүлжиһанға жауабы
– Гүлжиһан, сумен ағып өлерсің де,
Тұрмысқа басқа түскен төзерсің де.
Өзіңнің зұлымдығың келді алдыңа,
Қалтаңда хат оқысаң көрерсің де.
Гүлжиһан хатты көріп қапаланды,
Түсінді Қасымбектен болған халды.
«Наб-нақақ бір пәлеге қалдым-ау!» деп,
Асылдың амалына естен танды.
Гүлжиһанның ескексіз қайық үстінде бара жатып, Асылға қарап толғағаны
– Жан-жолдасым, Асылбек,
Бас қосқамын асыл деп.
Байлық, бақыт арылмас,
Табы таза нәсіл деп.
Жамандыққа қиғаның,
Мен үшін өсек жиғаның,
Оған не амал етейін.
Дұшпанды досым деп,
Араға шайтан жүргізген,
Кеудеге нәлет кіргізген,
Қасірет, қайғы күн салып,
Нәлет соқсын, Қасымбек.
Қасымға неге нанғаның,
Дұшпаның еді ол сенің.
Болар саған күн екен,
Талан-таражы жан, малың.
Біле алмадың, Асылжан,
Сырым жоқ еді сенен жасырған.
Арамызға от салған
Қасымбектің арманы.
Ажал жетсе кім өлмес,
Обалым сені жібермес.
Жігіт болсаң, Асылбек,
Кінәласып түгендес.
Әй, Асылбек, Асылбек,
Базар шығып кешіктің,
Маған неге өшіктің?
Болмасын саған білдің бе,
Маған болған несіптің?
Ажалыма айдадың,
Жаман ақыл ойладың.
Ақыреттік досым-ай,
Өлімге мені байладың.
Халыққа қылдың келемеж,
Естіген адам не демес.
Ағыздың мені теңізге,
Басатұғын жер емес.
Адал едім, білмедің,
Жан досың[ды] күндедің.
Бейкүнә жанды өлтірген
Қасымбекті кім дедің?
Қылмысым болса істеген,
Сипатым болса түстеген.
Арманым жоқ өлтірсең,
Сондай бір ауыр іспенен.
Маған қаза еттім деп,
Құмаршаны өлтірген.
Жанына қаза келтірген,
Көре алмаған арамза,
Ойлағанын жеткізген.
Оныменен ант еткен,
Антың сенің бар екен.
Бір ауыз сөздің құны үшін,
Малы-мүлкін шарт еткен.
Опасыздық солар-ай,
Білген ерге ар екен.
Бұны неге білмедің,
Мен кәріпті күндедің.
Ақ-қарасын айырмай,
Ақылға тапшы сен бе едің?
Қара жүрек Қасымның
Ойлағаны бар еді,
Ғашықтықтың зары еді.
Айтуға уақыт бермедің,
Қапыл едім білмедің.
Мақсаты болмай қор еді,
Тағдырым мені айдаған,
Тар қайыққа байлаған.
Ауызға жейтін жемім жоқ,
Боламын қайтіп қайта адам?
Қалмады халім өлмеске,
Тағдырыма көнбеске.
Таланым тайып, бақ көшті,
Айналып қайта келмес-ті.
Асылбек пен Қасымбек,
Құмаршаның қаны үшін,
Мен кәріптің ары үшін,
Бір қайырылып теңдесе.
Қара жүрек Қасымбек,
Басыңа түссін жасын кеп.
Жаһаннамға барарсың,
Әділ үкім кездессе.
Гүлжиһанның Асылбектен күдер үзіп, теңізге қарап
жалбарынғаны
– Жұтамысың шынымен,
Басараның теңізі.
Естіп, көрген пенде жоқ,
Ауыздан шыққан лебізді,
Адамға зауал келтірген,
Сөйлеген сөздің семізі.
Жаудыраған көздерім,
Маңдайға біткен егізі.
Желдей қайық үстінде
Кездесіп мұндай мүшкілге.
Дәуренімді таныдым,
Дөп бүгін соңғы негізі.
Тағдырым бүгін шешілді,
Тапсырдым Хаққа ниетімді.
Мені бүгін көрмесе,
Маған да өмір есіл-ді.
Кең дүние маған тарылды,
Кімге айтамын зарымды.
Бар ғаламның қожасы,
Көрмесең өзің халімді.
Ескексіз қайық үстінде,
Өлемін деп еш білді.
Бұтасы жоқ ақ теңіз,
Өткіздім үш күн, үш түнді.
Соққан желге жөнелдім
Бұ теңіздің түбіне.
Маған деген тағдыр күн,
Ертеңгі ме, бүгінгі бе?
Сара ханым атанған,
Шешем, сені көрмедім,
Бір көріп сені өлмедім,
Үш күн, үш түн суға ағып,
Ұйқы беріп, су бағып,
Ажалым жетті, меңдедім.
Жүрегім, қорқып жарылма,
Мен үшін, дүние, тарылма.
Тосқан күнім болды ма,
Басым аман шағымда!
Ұйқы беріп, қайғы алдым,
Ұшан теңіз айналдым.
Жардай құлап соғылған,
Ақбас толқынға айдалдым.
Қанат қағып ұшқан құс,
Бірің де мұнда келмейсің.
Құс жүрмейтін теңізге
Айдаған мені кім дейсің.
Тамақ, азық менде жоқ,
Мені көрер пенде жоқ.
Қара жерге зар болдым,
Мен сиярлық жер де жоқ.
Осы кезде болғанда,
Сумен аққан бір бұрыс
Қайыққа келді дұп-дұрыс.
Қосақтады жаулықпен,
Қайыққа бекем бол[ып] күш.
Бекем қылды қайықты,
Қауіптен енді айықты.
Судан басқа тағам жоқ,
Аштықтан әбден тарықты.
Гүлжиһан ұйықтап кетті жылай-жылай,
Солыпты алмадай-ақ біткен шырай.
Оянбай күні бойы ұйықтап қалды,
Қайырлап бір аралға кеме тұрды-ай.
Оянса қара жерге тұрған қайық,
Қуанды қара жерге көңілі байып.
Тағы да қайғыланып өлең айтты,
Көңілін өлеңменен жуып-шайып.
Гүлжиһанның аралды көріп айтқаны
– Көрінген мынау арал ма,
Кімдер мұнда, адам ба.
Арыстан, аю, жолбарыс
Мекен тебер аралға.
Арал толған паңдар ма,
Адам қорқар таңдар ма?
Мен ғаріпке болмаса
Ататұғын таң бар ма?
Арал толған жеміс-ті,
Болатын еді келісті.
Таланыма тап болғай,
Аштығым менің жетісті.
Рахатты күн маған жоқ,
Қуанам болса тамақ тоқ.
Көкірегімді өртеген,
Дұшпанымнан тиген оқ.
Қозғалсын ендігі сөз Асылбектен,
Болмаса шарт қожасы Қасымбектен.
Суменен Гүлжиһанды қоя беріп,
Кез еді орындайтын шарттарды еткен.
Асылға Қасым келді сардарменен,
Асылдың таласы жоқ жанжалменен.
Асылбек мал-мүліктен түгел шықты,
Мың сом алып түрліше жолдарменен.
Асылбек жомарт еді, кең пейілді,
Азға сынып, көпке таспас, кең пейілді.
Мың сомды бір-екі айда тамам етті,
Жомарттық мәжіліспенен әрдайымды.
Қасымнан сұрап еді, жүз сом берді,
«Келме» деп мұнан былай Асыл ерді.
Жүз сомға Асыл, сірә, күнелтпеді,
Қасымнан сауға сұрап келе берді.
Айрылып ақылынан арыды енді,
Таусылды басып жарлық бәрі де енді.
Дос күйіп, дұшпан күліп, қорлық көріп,
Тұрмыстың түсті басқа түрі де енді.
Бір күні Қасым ойлап ақыл тапты,
Сотпенен үкім қоюға ақылдасты.
«Мал ұрлап, шарбағымнан ұстадым» деп
Асылды шын жоюға мақұл тапты.
Сотта айғақ болатын Ажар қатын,
Ол үшін толық алды Ажар бәсін.
Айғақпен бес жыл түрме сот қойылып,
Асыл төгіп жөнелді көздің жасын.
Ал енді сөз сөйлейін Гүлжиһаннан,
Көп көрген қасірет-қайғы бұл жиһаннан.
Алтынды сынай алмай мыс деп білсе,
Сәулесін өшіретін маздап жанған.
Қайықтан шықты судың жағасына,
Таласып бәйтеректің панасына.
Дауыс бар арқыраған, күркіреген,
Тап болды кит балықтың қазасына.
Кит балық су жағалап ойнақтаған,
Арыстан оны аңдып сұмдық салған.
Азулы аң шапқан жерден алып түсті,
Кит балық сағатында өліп қалған.
Бірақ та кит балық та өте мықты,
Бөксесімен кит балық та ұрып жықты.
Арыстан белі үзіліп о да өлді,
Соғысы екеуінің болды мықты.
Өлгенін екеуінің көріп білді,
«Жермін» деп кит балықты көңілі тынды.
Амалдап шақпақ тастан от тамызып,
Біраз күн кит балықпен ауқат қылды.
Күнәсіз өте нақақ адамдар бар,
Ғайыптан тарыққанда ризық табар.
Қайығы түнде барып ұйықтар жері,
Жапанда жалғыз өзі кімге нанар.
Киімін алып шыққан киді сонда,
«Тілекті ата-баба, – деді, – оңда!»
Жас жігіт өзі көркем болып шықты,
Күңіреніп өлең айтып анда-санда.
Гүлжиһанның жалғыз жалбарынып айтқан өлеңі
– Тағдырым, үкіміңе көндім-ау мен,
Әрқайда үмітім көп, рахматы кең.
Айрылған тұрмысы мен ел-жұртынан,
Дүниеде пендең бар ма менімен тең?
Мен қалайша аралда тұрмыс етем,
Қала ма мынау аңдардан жаным есен?
Безіндім бүйтіп тірлік еткенімнен,
Ажал бер, шын белімді будым бекем.
Болмаса бір себептер келтіре көр,
Дұшпанға мені аңдыған ете гөр тор.
Алшайып бала күннен өскен басым,
Осылай азып-тозып болам ба қор.
Мен жалғыз жапан түзде қайда барам,
Болмай тұр тіршілікте менің шарам.
Бұл күйде өлмей тірі жүре алам ба,
Бір жарық, тарықтым ғой, көрсет маған!
Аңдар бар аю, қасқыр адам жейтін,
Көруге шыдап болмайд адам кейпін.
Келмейді жатсам ұйқым, тұрсам күлкім,
Өзгерді қасіретпенен менің кейпім.
Мен қалай бұл күйіммен кімге сенем,
Төзбей[ді] дыбыс сезсе менім денем.
Бар болса маған деген ризық дәмің,
Бәрін де келтір маған, жинап терем.
Қоймады ерік өзіме айдаған дәм,
Кезінде болдым мен де маздаған шам.
Бір зауал кәмеліме көріп тұрмын,
Бола ма маған бір күн ататын таң.
Мұны айтып мұңаяды бегіректі,
Қарайды түрегеліп төңірекке.
Тыңдайтын, сөйлесетін бір адам жоқ,
Өлең сөз тіреліп тұр көкіректе.
Бір кезде шықты аралап жеміс барлап,
Төрт адам шыға келді бұған аңдап.
Қуанып адамзат деп шаттанса да,
Жабайы адам ба деп қаша барлап.
Төрт адам Гүлжиһанға дауыстады,
Ақылмен бұ да қорқып тауыспады.
«Мәлім ет, сіздер кімсіз, жақындама»
Деп Жиһан қорықса да ауыспады.
Олар айтты: – Біз мұнда арестандар,
Барлығы мыңнан артық арестан бар,
Айыпкерлер жинаған лагері, – деді,
Ойлады «мұнда қандай тұрмыстар бар?»
Сұраса бұлар келген Аңқарадан,
Бұны бір әкім санап анталаған.
– Он жылдан үкім алған адамдармыз,
Жақсылық жоқ па, – деді, – заң тараған?
Киім жоқ, сақал-шаштар өсіп кеткен,
Өзгерген аң сияқты адам кептен.
Бәрі де мүлдем нақақ болып шықты,
Істерін айта жатар өткен-кеткен.
Олармен келді бірге қалың қолға,
Адамның аш-жалаңаш бәрі сонда.
Әркім де өз бетімен тамақ таппақ,
Аштықтан, азғындықтан жүрген зорға.
Сұрады Гүлжиһаннан: – Сен кімсің? – деп,
Адамға бұл арадан кемейсің, – деп.
Бұл жерлер халифалық лагер еді,
Жай адам бұл араға келмейді көп.
Жиһан айтты: – Бағдаттан мен жолаушы,
Кемемен сайран еттік көп жолаушы.
Кеме сынып көп адам ғарық болды,
Мен кеттім бір тақтаймен қия қайшы.
Сұрасаң өзім атым Жиһанша-ды,
Бітірген орта мектеп білім саны.
Қиындық естен кетпес көрдім талай,
Етем деп сумен сайран жер қияны.
Бір адам бұл лагерді басқаратын,
Жәрдемші етті Жиһаншаны хат жазатын.
Оларға киім, тамақ бере бермейд,
Істейтін жұмыс та жоқ басқаратын.
Лагерде хатшы болып бір жыл тұрды,
Жеткізді жоқ тәртіпті әрбір түрлі.
Адам көп аш-жалаңаш, әм мүгедек,
Бұлардың бәрін жазып хатқа тізді.
Алдырып адам етті сақал, шашын,
Паек беріп түзеді ішер асын.
Бұл үшін падишадан жарлық алды,
Жасатып казармалар етпей лашық.
Жылына екі рет қатынас бар Бағдатпенен,
Орталық халифалық Бағдат деген.
Кірем деп дәрулфунун мектебіне,
Хат жазды халифаға бармақпенен.
Бір күні келді жарлық халифадан,
«Бағдатқа келсін» деген халифа әм.
Жиһанша лагерменен амандасты,
– Әдейі бұйрық бар, – деп, – падишадан.
Жол жүріп, су жолымен Бағдат келді,
Рұқсатпен кіріп халифаға сәлем берді.
Халифа хал-жайларын сұрап қарап,
«Оқуға кіресің» деп талон берді.
Жиһанша бір жас жігіт пән оқыған,
Мектепке дәрулфунун кірді сонан.
Мақтаумен пән бітірген қағаз алып,
Оқуда екі жылдай күні толған.
Жиһанша бақ арасын аралайтын,
Қыздарға, жігіттерге қарамайтын.
Нөкермен патша қызы тура келді,
Кезі еді бау-садтарын аралайтын.
Нұржамал патша қызы сөз сөйлейді:
– Әй, жігіт, сен кім едің? – деп сөйлейді.
Бері кел, қашпа бізден танысалық, –
Тағы да әзіл-мазақ кеп сөйлейді.
Жиһанша айтты: – Мекте[пте] оқушымын,
Ақылға пән негізін тоқушымын.
Бұл жерлер сіздер жүрер сад екенін
Білуші едім, мен жайыма кетушімін.
– Әй, есіміңді айтшы, қош келесің,
Бұл жерге ертемен де кеш келесің.
Жүреміз сад ішінде сайран етіп,
Лайық па, неге бізден сескенесің?
– Бағдаттың Жиһаншасы менің атым,
Әйгілі халифаға жазған хатым.
Жоғарғы дәрулфунун класында,
Керексе таба аларсың асыл затым.
Деді де жүре берді мектебіне,
Нұржамал таңырқады өктеміне.
«Ойпырым-ай, бір қайырылмай кеткені ме,
Жарайды-ау, осы жігіт, – деп, – теңіме».
Бір күні іздеп барды Жиһаншаға,
Ұзамай тауып алды айтқан шама.
– Жиһанша, іздеп келдім, дос болайық,
Азырақ сайрандалық, жүр бақшаға.
Қоймады, алып кетті сад басына,
Қаратпай Жиһаншаға жақпасына.
Сөйлесіп әзіл-мазақ, түрлі бахас,
Ұнатты Жиһаншаны басқасы да.
Нұржамал шешесіне өтінеді:
«Досым бар дәрулфунун оқушы еді,
Қонаққа шақырамын әзірлік ет»
Дегенде, шешесі де «мақұл» деді.
Шақырды Жиһаншаны қонақ болды,
Түрліше тәтті тағам, шәрбат толды.
Нұржамал Жиһаншаға сездіреді,
«Мен сізге ғашық жарың» деген жолды.
– Жігітпін әй, Нұржамал, өзім жалғыз,
Болмаса оқу, білім және малсыз.
Патшаның Ғабдумәлік сен қызысың,
Қоя тұр бұл сөзіңді, болар мәнсіз.
Нұржамал қайғырады мұнан кейін,
Көңілі Жиһаншаның болмай бейім.
Шешесі Нұржамалдан сұрай берді:
– Сырыңды айт, – деп, – сен үшін уайым жейім.
Нұржамал шешесіне айтты сырын,
«Досым» деп Жиһаншаға ғашықтығын.
– Жиһанша рай сөзін бере алмады,
Деп айтып жарлылық пен жалғыздығын.
Шешесі айтты: – Нұржамал, уайым жеме,
Құтылмас нағыз сүйсең ондай неме.
Сұлтанмен ол жайында кеңесейін,
Жамалжан, ол арманың болмайд деме.
Сол үшін ханым айтып кеңес болды,
Сұлтан да мұның «қата» демес болды.
– Жиһанша қаперімде жоқ емес еді, –
Ханымға айтты: – Бұл сөзің маған қонды.
Халифа бұйрық жазды Жиһаншаға,
Оқуда екі жылдар болған шама.
«Жұмысың бар халифа ағзам құзырында,
Жаза бар тыңдамасаң келмей жәнең.
Жиһанша бұйрықты оқып таң қалады,
Болғанын Нұржамалдан аңғарады.
«Сау басым зор пәлеге қалдым-ау» деп,
Түрліше ақыл ойлап, заң қарады.
«Апырым-ай бұған қайтем, шын айтам ба,
Шын айтсам өзі алам деп шұнайта ма.
Болмаса Нұржамалды алам дейін,
Етермін оған айла бұлайша да».
Жиһанша келді дереу кабинетке,
Халифа «кірсін» деді кабинетте.
Халифа: – Мына үстелге отыр, – деді,
Тап болды ойдан да тыс хазаретке.
Түрліше бахас етті пән жолымен,
Жиһанша жауаптасты заң жолымен,
Ғылымы Жиһаншаның жетіп еді,
Дүниауи исламилық бар жолымен.
Сұрады Жиһаншаның ата-тегін,
Тағы да тұрмысы мен байлық шегін.
– Баласы Сәлімбайдың мен Жиһанша,
Ағам деп айтып салды Асылбегін.
Халифа Нұржамалды ұсынады,
Жиһанша қапаланып қысылады.
«Әмірлік қатарына қосармын» деп,
Халифа уәде берді құпиялы.
Халифа енді білді асыл ғой деп,
Ұқсайды Асылбекке ақыл, ойы деп.
Жиһанша ризалығын мәлім етті,
«Сіз қабыл болғанда мақұл ғой» деп.
Жиһанша күйеу болды шарасыздан,
Осындай халге жетті панасыз жан.
Халифа той жасады, ел шақырды,
Бұл тойға жиналды шамасыз жан.
Жиһанша Нұржамалмен бір күн жатты,
Мәжіліс өлеңменен таң да атты.
Уәде етті Нұржамалға үш жұманы,
«Некесіз қолданбалық, – деп, – харам затты».
Болсын деп үш жұмада неке тойы,
Халифа «мақұл» деді айтқан бойы.
Хат жазды халифаға арыз етіп,
Бар еді Гүлжиһанның ақыл-ойы.
«Әмірлік бер өтінемін лауазымың,
Көрейін әкімшілік һәм фазылын.
Асылбек, Қасымбектер араз еді,
Тергейін осылардың кім жазығын».
Әмір етіп тағайын хатын берді,
Пәуеске тройкелі атын берді.
Тергеуге зор қылмысты адамдарды,
Жоғарғы судьялық хақын берді.
Айналып үш жұмадай жүрмек болды,
Әмір болып Жиһаншаның көңілі толды.
Бағдаттан аттандырды салтанатпен,
Қорғаушы ахырандары бір топ қолды.
Тергеді сот істерді лагердегі,
Жоғарғы Аңқаралық әмірдегі.
Он жылдан үкім алып нақақ кеткен,
Босатты жүргендерді зәбірдегі.
Жағалап келді сонан өз еліне,
Қасымбек жетіп отыр кемеліне.
Мал-мүлкін Асылбектің түгел билеп,
Көндірді жұмыскерлерді дегеніне.
Тергеді Асылбектің ісін қарап,
Қойыпты Асылбекті жоққа санап.
Лагерден Асылбекті алдыртады,
Жариялады сот ісін де қайта қарап.
Әкесін Құмаршаның шақыртады:
– Білемісің кім өлтірді Құмаршаны?
– Ажар қатын бір кезде айтып ед, – деп,
Араз болып қуғанда Қасым аны.
Қасымбек әл бермейтін күшті адам,
Қырады бірдеме айтсақ бізді тамам.
Деді де көзін сулап жылай берді:
«Нақақтан күнәсіз өлді, – деп, – жалғыз балам».
Тағы да айғақ болды бір бес кісі:
– Қасымның өтіп ед, – деп, – қылған ісі.
Адалын Асылбектің көріп тұрып,
Айтпасақ бізді соғар ақтық ісі.
Қасымды, Ажарды да қапасқа алды,
Қасымға баян етті қылмыс халді.
– Жаламен Гүлжиһанды суға ағызып,
Асылдан қалай алдың, – деді, – дүние-малды?
Кім үшін Құмаршаның жойдың басын,
Сол үшін жойылмасын сенің басың.
Теп-тегін кетеді деп неге ойладың,
Асыл мен Гүлжиһанның көзі жасын?
Жиһанша Асылбектен сөз сұрады:
– Не қылмысты болдыңыз? – деп сұрады.
Асыл айтты: – «Малымды ұрлап ұстадың», – деп,
Өтірік айғақ жаламен сот қарады.
Мал-мүлкімді ол алды хайламенен,
Ғарық етті әйелімді дарияменен.
Бар болса бізден қате кешірерсіз,
Әділ үкім етер деп сізге сенем.
Үш жыл болдым лагерде, арық болдым,
Аш-жалаңаш қорлықта кәріп болдым.
Теңдікке бүгін мені жеткізгейсіз,
Түсінем адамы деп әділ жолдың.
Үлгілі сот құрады Қасымбекке,
Дөп келді толар кезі қайғы-дертке.
Қасымды дарға асуға үкім етті,
Мал-мүлкін қайтаруға Асылбекке.
Қасымның конписке етті малы-мүлкін,
Асыл да құтқарылды болып еркін.
– Ажар қатын өмірлік катор, – деді,
Мал бөліп, Құмаршаға құн берілсін!
Осылай сот үкімін жария етті,
Жалладтар орындады, бәрін етті.
Бір адам Жиһаншаны танымайды,
Көрсетті барлық халық зор құрметті.
Асылбек өкінеді Гүлжиһанға,
«Ақылды, дана еді, – деп, – бар амалға».
Оңаша Жиһаншадан ақыл сұрайд,
«Іздесем табылар ма – деп, – бұл жаһанда?»
Жиһанша
– Әй, Асыл, Гүлжиһан ба іздегенің,
Күдерді әлі күнге үзбегенің.
Ақыл-білім өзіңде толып жатыр,
Әлі көп білгеніңнен білмегенің.
Жиһанша бір үш ауыз әнге салды,
Асылбек оны естіп аң-таң қалды.
Өлеңі, әніменен бәрі таныс,
Ойда жоқ тыңдай қойды, сөзі дәмді.
Жиһаншаның үш ауыз өлеңі
– Ой, Асылбек, Асылбек,
Бас қосқансың асыл деп.
Көркем, сұлу, аруды,
Түбі таза нәсіл деп.
Алтын десем, жез бе едің,
Бір нәрсені сезбедің.
Су ағызған Жиһаннан,
Неге күдер үзбедің?
Гүлжиһан сенің жолдасың,
Ол сүйеніш, мұңдасың.
Білмедің бе, Асылбек,
Оған деген қазаның
Өзіңе айналып қонбасын.
– Хабарын Гүлжиһанның естіп едім,
Бір айналып келерсің, естіртермін, –
Деді де, «бара тұр» деп есік жапты,
Қозғады Асылбектің іштен шерін.
Киінді ескілікті киімдерін,
Тағынып асыл моншақ, бұйымдарын.
Гүлжиһан әп-әдемі бір келіншек,
Жібекпен сүрте түсіп маңдай терін.
Асылбек асығады «бұ қалай?» деп,
Білуге асығады оны дәлдеп.
«Падишаның Ғабдумәлік күйеуі дейді,
Бұ жігіт асылзада туған-ау» деп.
Есік қақты Асылбек «көрейін, – деп,
Жиһаннан анық хабар білейін» деп.
Қылыш қолда Жиһанша ақырады:
«Бетіңді пара-пара тілейін» деп.
Асылбек тани қойды Гүлжиһанды,
Ажары хор қызындай көркем сәнді.
Еңбектеп аяғына құлай кетті,
Қорқып еңіреумен естен танды.
Асылбектің Жиһаннан кешірім сұрағаны
– Жалбарындым өзіңе,
Түсіндім айтқан сөзіңе.
Арманым жоқ өлтірсең,
Келді бүгін кезіңе.
Білімің мен қайратың,
Арыстандай айбатың.
Кешіргейсің, Жиһанжан,
Қалсын тірі дәл басым.
Өлтірсең Асыл саған жоқ,
Жарық дүние маған жоқ.
Кешіре гөр қатемді,
Қатесіз өткен адам жоқ.
Жиһаншаның Асылға кешірім беріп айтқаны
– Басыңды көтер, Асылбек,
Кім айтар сені асыл деп?
Біз секілді сұңқарға
Айтуға болдың масыл деп.
Өлімге мені қиғаның,
Қайда кетті иманың?
Қара жүрек Қасымның
Алдауына сыйғаның.
Жігіт едің ерсінген,
Тұрмысқа қожа желпінген.
Бақытың мен дәулетің
Қатар өсіп теңсінген.
Айырдың бірақ еркімнен,
Залымға еткен сертіңнен.
Үш күн, үш түн суға ақтым
Қасірет-қайғы, дертіммен.
Ажалым жетпей өлмедім,
Аштықтан сондай меңдедім.
Қылығың еске түскенде,
Ісіңді бекер тергедім.
Естен кетпес күн болды,
Жарық дүние түн болды.
Басыңды кесіп алсам да,
Күнәсі жоқ күн болды.
Басыңды көтер, тұр енді,
Кешірдім енді күнәңді.
Дұшпаныңды, досыңды,
Кімдер қандай, біл енді!
Асылбек өкінеді қатесіне:
– Не айтам, нағып көрем дос есіме,
Мұқатып дұшпанымды теңдік берген,
Не жетеді Гүлжиһанның есесіне.
Гүлжиһан Асылбекке кек етпеді,
Достыққа, татулыққа себеп деді.
Бұрынғы ерлі-зайып тұрмысында,
Асылды тәрбие етті, кем етпеді.
Бағдаттан хабар келді халифадан,
«Кідірмей қайтсын, – деген, – шұғыл заман».
Нұржамал шешесіне қайғы етеді,
– Ай болды хабар жоқ, – деп, – Жиһаншадан.
Гүлжиһан сөз айтады Асылбекке,
Болмаса мазақтайды әзілдеп те.
– Әперем Нұржамалды тоқалдыққа,
Шын күйеу сіз болуға келеді дөпке.
Асылбек жолатпайды «алмаймын, – деп,
Болмаса Бағдатқа да бармаймын» деп.
Гүлжиһан Асылбекті тастамады,
Ол үшін ақыл табар айласы көп.
Білмейді бұл халдерді нөкерлері,
Салтанат өкімшілік жүрген жері.
«Әмірі халифаның Жиһанша» деп,
Құрметтеп тәжім етті үлкендері.
Нұржамал қарсы алады күндік жерден,
Қасына бірнеше қыз нөкер ерген.
Сәндікке кілем жауып, ...* жегіп,
Халифа сарайына бірге кірген.
Оңаша бұлар қонды кең сарайға,
Жиһанша көп ойлайды ақыл-айла.
Сырларды жасырынды ашу керек,
Сөйлейді Жиһаншаның тілі майда.
Жиһанша Нұржамалға қарап
– Нұржамал, жақсы түсін мен жасымда,
Айрылмас дос болайық әрдайымда.
Өзіңдей мен де әйелмін, ерім мынау,
Асылбек тағы айтайын бұ жайында.
Асылбек – менің ерім ғалым жігіт,
Оқыған он екі пән бәрін біліп.
Тағы да болып өткен халдерді айтып,
Нұржамал қалды бірақ өте сынып.
Жиһанша айтты
– Нұржамал, сынба бекер,
Асылбек күйеу болса бізге жетер.
Атасы Сәлімбаймен көп дос болған,
Сен сүйсең, сұлтан оны уәзір етер.
Мен сүйген ерді сүйсең кем демейді,
Ақыл-білім сай адам кез келмейді.
Нұржамал, жоғалмайсың соңына ер,
Жан сүймейтін мылқаулар жол бермейді.
Нұржамал ойлай-ойлай таң атырды,
Бір күн мұрсат сұрады, күн батырды.
Ақыры шешесіне жария етті,
Шешесі шошынғаннан бір бақырды.
Нұржамал естігеннің бәрін айтты,
Жиһанның көрген-білген халін айтты.
Білімді көп оқыған лайық жігіт,
Қасында Асылбектей жарын айтты.
Шешесі айтты
– Қор болдың-ау, қызым, – деді,
Ұмытылмас ұятымыз біздің, – деді.
Екеуін дағуатқа шақыр мұнда,
Көрейін ол жігіттің жүзін, – деді.
Келтірді екеуін де Жамал барып,
Көрісіп, сәлемдесіп сәлем алып.
«Ал, шеше, күнім [үшін] еткен ісім»,
Деп Жиһан анықтады істің бәрін.
Таң қалып ақылынан ханым танды,
Өмірде есітпеген мұндай жайды.
«Тойы деп Нұржамал мен Жиһаншаның,
Бағдатта бүкіл халық хабарланды».
Деп ханым жылауменен қайғырады,
Ызамен тыныш таппай зар қылады.
– Ал, шеше, менің ісім қайғырма, – деп
Қайғысын шешесінің қойғызады.
– Беріңіз Асылбекке, мен барайын,
Мағлұм болып қалды елге жайым.
Біріміз апа, біріміз сіңлідей [боп],
Ақылын Гүлжиһанның мен сынайын.
Атама айт, салтанатты той өткізсін,
Жастар да түрлі сауық, ойын етсін.
Жасынан мақтаулы деп куә берген,
Мәлім ғой сыр-сипаты Асылбектің.
Жиһанша халифамен амандасты,
Ішінен «қаһар етер» деп жаман састы.
Доклад сөздерін беріп жатыр,
Лагерден неше түрлі қылмыс ашты.
Халифа риза болды Жиһаншаға,
«Мақтаулы жас әмір» деп берді баға.
«Ханымы халифаның білдірер» деп,
Айтуға қорқып та жүр халифаға.
Ханым айтты сұлтанға: – Сен не білдің,
Естіп көз көрместей бір іс білдім.
Күйеуі Нұржамалдың әйел болды,
Осыған ызаланып өте сындым.
Жиһанша әйел екен көп оқыған,
Күйеуі Асылбек те өте оқыған.
Нұржамал «Асылбекке барам» дейді,
Жүдедім ақыл таппай мен осыған.
Сұлтан айтты: – Асылға Жамал тисе тисін,
Біз оны зорламалы, өзі сүйсін.
Айтпаңыз бір адамға сақ болыңыз,
Күйеудің кім екенін кімдер білсін.
Жиһанша әйел болса білімді адам,
Еткен іс, жүрген жері тынымды адам.
Әмірлік лауазымын атқарып тұр,
Сезбеді оны қалай сырын да адам.
Асылбек, мен білемін, тәуір мырза,
Нұржамал сүйсе сүйсін, мен риза.
Білейін жай-мәндерін түгел сұрап,
Екеуін қонаққа ал мүлдем сыйла.
Екеуін шақырады қонаққа деп,
Ішетін таһлил шарап ғұрыпқа ғадат.
Сұрайды мән-жайларын Мәлік патша:
– Баян ет көргеніңді, Жиһанша, – деп.
Жиһанша айтты: – Иә, тақсыр, айып деме,
Адамға бәле-жала ғайып деме.
Жаламен Қасымбектің бәлесінен,
Сумен ағып жүрдім күндіз-кеше.
Үш күн, үш түн суға аққан зарын айтты,
Әйел жолы жіңішке, тарын айтты.
Шарасыз Нұржамалға уәде беріп,
Қателік өз мойнында барын айтты.
– Бізде болған қателік сізде де бар,
Сол үшін кешірер деп көңіл нанар.
Садыр ағзам халифа сіз болғанда,
Сәулесі елге тиген жанған панар.
Гүлжиһан тамам етті хал-жайларын,
Халифа таңырқады мұның бәрін.
Сол қонақ мәслихаты мәлім болды,
Асылбек пен Жамалға жағдай барын.
Жасады неке тойын Нұржамалдың,
Сырт елге мәлімі жоқ болған халдің.
Зауық сарайында той базарын,
Қызығын көрді халық дүние-малдың.
Жиһанша ұсынады халифаға,
Ізгілік даңқы қалсын халифада.
– Манифес осы тойға жариялаңыз,
Құлдықты адамдар көп тартқан жаза.
Манифес жария етті мақұл көріп,
Болсын деп игілі той ақыл көріп.
Көп адам тұтқындағы азат болды,
Лагердің қорлығында қысым көріп.
Гүлжиһан әмір болды алған шені,
Отырып қатарына халифаның.
Асылды уәзір етті ордасына,
Айбынды билер болды елге мәлім.
Романды жаздық арнап мысал үшін,
Ойыңа қалай келсе солай түсін.
«Ақтың отын ақымақ сөндіре алмас»
Дегені дұрыс мақал соның үшін.