Back to corpus

Ақ көгершін

Бұл сонау ерте заманда болған екен. Ол кезде соғыстың не екенін ешкім білмепті. Біреуді-біреу өлтірмейді екен. Кедей де, бай да, сараң да болмапты. Күндердің бір күні Жақсылық деген кісінің әйелі ұл тауыпты. Шілдеханаға көп адам жиналыпты. Диуана да келіпті. Диуана сәбидің бетіне қарап: – Мына бала түбінде жұртқа пәле...

Kazakh
Ақ көгершін
Бұл сонау ерте заманда болған екен. Ол кезде соғыстың не екенін ешкім білмепті. Біреуді-біреу өлтірмейді екен. Кедей де, бай да, сараң да болмапты. Күндердің бір күні Жақсылық деген кісінің әйелі ұл тауыпты. Шілдеханаға көп адам жиналыпты. Диуана да келіпті. Диуана сәбидің бетіне қарап: – Мына бала түбінде жұртқа пәле болып жүрмесе не қылсын, – депті. Жыл артынан жыл өтіпті. Бала өсіп ер жетеді. Өскен сайын сараңдығы да арта береді. Дүниеге қомағайланып, екі көзі қанталап қарайтын болады. Пышақ, шот, балта секілді өткір заттарға әуес болып алады. Мұндай заттарын жұрт одан жасыратын әдет тауыпты. Күндердің бір күнінде сараң бала өзіне садақ пен жебе жасап алады да, қартайған әке-шешесін қуып жібереді. Даладағы аңдар мен құстардың бәрі менікі болса деп армандайды. Бір күні ол қырға шығады. Көктем кезі екен. Күн жарқырап, құстар сайрап, жер жүзі құлпырып тұрады. Сараң қараса, бағындағы алма ағашында көгершін қонақтап отыр екен. Ол: – Менің алма ағашыма қонақтап отырған көгершін де менікі болуы керек, – дейді. Сөйтеді де, ақ көгершінді көздеп, садағымен атуға ыңғайланады. Дәл сол кезде кенеттен ақ көгершін ғайып болып кетеді де, оның орнында буырыл сақалды өзінің әкесінің отырғанын көреді. Сараңның қолы сылқ етіп төмен түсіп кетеді. Міне қызық, алма ағашында тағы да ақ көгершін отыр. Сараң садағын тағы көтереді де, әкесінің ағашта отырғанын тағы көреді. Ыза буған сараң енді ай-шайға қарамайды. Сараңдығы: «Ат, ат!», – деп, қыстайды да, атып жібереді. Сол кезде алма ағашының түбіне сылқ етіп, өзінің әкесі құлап түседі. Ал ақ көгершін шарықтап ұшып кетеді. Біреуді-біреу өлтіретін сұмдық уақиға жер бетінде тұңғыш рет осылай басталған екен дейді. Қарт әкенің қаны алма ағашының аппақ гүліне шашырайды, содан бері алма ағашы ақ түспен гүлдемей, қызғылттанып гүлдейді екен. Ал ақ көгершін содан бері еш уақытта ағашқа қонақтамайтын болыпты. Көгершіннің көзінің қызғылт болуының себебі де жерге тамған адам қанын көруінен екен дейді.
English
This language variant is not available.
This language variant is not available.